Бактериялық вагиноз

Бактериялық вагиноз — соңғы онжылдықта жиілеп кеткен гинекологиялық аурулардың бір түрі.

Кез келген қынап қабыну үдерісі белгілі бір уақытқа дейін кандидоз, соз секілді жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулармен байланысты емес, телімсіз вагинизмге жатады.

Бактериялық вагиноз — патогендік қоздырғыштар табылмаған жағдайда, туыт жасындағы әйелдерде қынап бөлінділерінің көп болуына жиі себеп болатын телімсіз үдеріс. Бұл қынап жүйесінің дисбиозы, ол лактобацилалардан емес, Mobilincus, микоплазма, гарнелл ассоциацияларынан тұратын аурудың түрі. Қоздырғыш — Gardnerella Vaginalis — қынапта көп шоғырланатын, қозғалмайтын ұсақ көп түрлі бактериялар.

Дені сау туыт жасындағы әйелдердің қынабындағы микроценозда лактобактериялар басты орын алады, олар әйелдің иммундық жүйесін ширықтырады, қынап эпителий жасушаларына жабысу үшін басқа микроорганизмдермен бәсекелес бола алады, қынап ішінде сүт қышқылының жоғары шоғырланған түрінің қышқыл ортасын кұрады, сутегі асқынтотығын түзу қасиеттеріне ие.

Ішектегі биоценоздың бұзылуы, иммунологиялық реактивтіліктің төмендеуі, гормондық жағдайдың өзгеруі бактериялық вагиноздың дамуына әсер етуі мүмкін. Экзогендік факторлардың ішінде иммунодепресанттар немесе гормондық дәрмектер, несеп-жыныс жолы ауруларын емдеуде қолданылған бактерияға қарсы ем ерекше орын алады. Бактериялық вагиноз дамуының қауіп факторларына жыныстық серікті жиі ауыстыру, жатырішілік контрацептивтерді пайдалану, несеп-жыныс қабыну аурулары, ішек дисбиоценозы жатады.

Бактериялық вагиноз кезінде айқын факторлардың әсерінен лактобактериялар деңгейі күрт төмендеуі немесе толығымен жоғалып кетуі де мүмкін. Сонымен қатар қынап ішінде жоғары шоғырланған Gardnerella Vaginalis пен лактобактериялардың орындары алмасады. Гарднералар анаэробтардың жаппай көбеюіне ықпал етіп, олар өз кезегінде амин қышкылдарын бөліп, қынап секторында аминдердің шоғырлануын күшейтеді. Осы аминдер қынап бөлінділеріне жағымсыз иіс («балықтың» иісі) береді.

Бактериялық вагинозы бар науқастар етеккір кезінде, жыныстық қатынастан кейін жағымсыз «балық» иісінің шығуына, жыныс жолдарынан ақ немесе сұр түсті көп бөлінділердің бөлінуіне жиі шағымданады. Бұл бірнеше жылға созылуы мүмкін. Ауру үдегенде бөлінділер сарғылт-жасыл түске еніп, қоюланады, көбіктенеді, созылмалы және жабысқақ болып, қынаптың қабырғалары бойына бірқалыпты тарайды. Ағындылардың мөлшері қалыпты жағдайдан асуы мүмкін. Қышыма, дезуриялық бұзылулар, жыныстық қатынас кезіндегі ауырсынулар жиі кездеседі, алайда бұл белгілер мүлде болмауы немесе мезгіл-мезгіл пайда болуы мүмкін.

Бактериялық вагиноз кезінде түсік тастағаннан кейінгі және босанғаннан кейінгі эндометрит даму каупі 3,4-7 ретке артатындығы, сонымен қатар жатыр қосалқыларының қабыну үдерісі және гистерэктомиядан кейін жатыр тұқылы қабынуының үш есеге өсетіндігі туралы нақты дәлелдер бар. Бактериялық вагиноз өздігінен түсік тастау, хориоамнионит, ұрық маңы суының мерзімінен бұрын ағып кетуі, уақытынан бұрын босану секілді акушерлік патологияның дамуының қауіп факторы болып табылады.

Бактериялық вагиноз кіші жамбас мүшелері қабыну ауруларының дамуына және жатыр түтігі, жатырдың шырышты қабаты жұқпалы ауруларының күшеюіне әсер етеді.

Қазіргі уақытта бактериялық вагинозды емдеу үшін метронидазол және клиндамицин пайдаланылады. Бұл дәрілер анаэробқа қарсы спектрлі әсерге ие. Бактериялық вагинозды емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің көптігіне қарамастан, бұл аурудан 55-83,3% жағдайларда ғана толық жазылып кету мүмкіндігі бар. Нитроимидазол препаратының (қазіргі уақыттағы бактериялық вагинозды емдеуге арналған негізгі құрал) әсерін күшейту мақсатында терапияда жергілікті қолданылатын препараттардың қосымша түрлері қолданылады.

Бактериялық вагинозда ем әсерін күшейту мақсатында қынапқа енгізуге арналған гексикон суппозиторийлері беріледі. Гексикон препараты қолдануға ыңғайлы, венерологиялық аурулардың  алдын алуға тиімді құрал болып табылады әрі ол қынаптың қалыпты флорасына кері әсер етпейді. Қынапқа жан-жақты әрекет етуші құралдардың бір түрі — йодоксид, ол түнде 1 суппозиторийден 10  күнге тағайындалады.

Емделудің екінші кезеңінде қынаптың микроценозын қалыпқа келтіру мақсатында, соңғы жылдары эубиотиктер, соның ішінде аурудың қайталану қаупін төмендететін, қынаптың өз лактофлорасының өсуіне әсер ететін ациалакт қолданылады. Ациалакт түнде 1 суппозиторийден 10 күнге тағайындалады.

Ж. Н. Сырғабаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)