Жүктілік кезінде ескеретін жайттар

Бұл кезеңде әйелді үміт пен қорқыныш қатар билеп, өзін бейтаныс сапарға шыққандай сезінеді. Жаратқаннын кұдіретімен кұрсағында лүпілдеген тірі жанның жетілуі әр ананы мейірім, шапағат секілді сезімдерге бөлейді.

Жүктілік 16 жастан кіші, 35 жастан асқан әйелдерде ерекше бақылауды қажет етеді. Көктем кезінде жүкті әйелдер денсаулығына, тамағының нәрлілігі мен ұйқысының қанық болуына көп көңіл бөлуі керек. Күз жүктіліктің ең қолайлы кезеңі десек те болады, адам ағзасында жазда дәрумен қоры жиналып, жүктілікке байланысты өзгерістерге үйренісу көбінесе суық айларда жеңілірек. Жалпы жүктілік соңғы етеккір келген күннен бастап орташа есеппен 280 күн, яғни 40 аптаға созылады.

Жүктілік мерзімінің бастапқы 13 аптасы алғашқы кезең, 14-26 апталар орта кезең, 27-аптадан босанғанға дейінгі соңғы кезең болып үш кезеңге болінеді. Алғашқы кезеңде денсаулыққа немесе түрлі жағдайларға байланысты түсік қаупі мол. 13 аптада 30 грамдай ғана тартатын шарананың басы, қолы, аяғы, саусақтары мен ішкі мүшелері, тіпті тіс томпешіктері де болады. Алғашқы апталарда-ақ оның жүрегі соға бастайды, осыншама өзгеріс пен өте тез даму қарқыны болашақ анаға күтімді кажет етеді.

Жалпы жүкті әйелдер тіркелмеген болса да, тұратын жеріне қарасты аумақтық емханаға есепке алынады. Жергілікті (учаскелік) дәрігеріңізге көрініп, акушер-гинекологқа есепке тұрасыз. Алдыңғы балалар шетінеген, түсік тасталған болса немесе қандай да бір гормондық, генетикалық үйлесімсіздіктің туындауынан секемденген жағдайда, жоғары технологиялық мүмкіндіктері бар, жақсы жабдықталған арнайы мекемелерге қосымша қаралған артық емес. Жүктіліктің белгілі уақыттарында қажетті анализ, тесттер арқылы баланың даму барысын, проблемаларды бақылауға болады. Ерте диагностика қай кезде де алдын алу шаралары үшін ең маңызды қадам.

Алғашқы кезеңде жүкті әйелде жеріктік байқалуы мүмкін. Аяқ астынан талғампаз немесе жиіркеншек болып кетеді. Бұл кезде отбасы мүшелері болашақ анаға түсіністікпен қарап, жағдай жасауға тырысуы керек. Адамға күнделікті 2000 калория керек болса, жүкті әйелдерде бұл көрсеткіш 2500-2800 калория шамасында болады. Алғашқы кезеңнен бастап өз ағзасы талап еткен, қалаған асты жеуі, құнарлы тамақтар, сүт, айран, сүзбе секілді ағарған, дәнді дақылдар, ет, балық, теңіз өнімдерін мол пайдалану керек. Көп тамақ жеу міндетті емес, аз-аздан болса да құнарлы, жиі тамақтансаңыз жеткілікті. Жеміс-жидек пен көкөніс түрлерін ас мәзіріне кеңінен қолдану, әсіресе, жергілікті өнімдерді сатып алуға көңіл бөлген жөн, жемістердің түріне емес, нәрлілігіне көңіл аудару керек. Көктемгі уақытта жаңа шыққан көкөністерді пайдалануға тырысу, әсіресе, өткен жылғы картоп, асқабақ секілді көкөністерден бас тарту қажет. Жалпы өте майлы немесе өте ащы асқа, консервантты дайын тамақтарға, кофе, кола, тәттіге көп әуестенбеген жөн. Темекі тартпақ түгілі, тартқан адамдардың қасында отыру дұрыс емес. Ішкілік, нашакорлық — баланың  денсаулығын тікелей закымдайтын у. Ондайды бала көтермей тұрып, ең болмағанда, бір жыл бұрын доғару кажет.

Жұмыс істейтін жүкті әйелдің күтімі, тамағы сапалы болуы керек. Зиянды орталарда — компьютермен, улы заттармен, сәуле-газдармен жұмыс немесе ауыр өндірістерде, құрылыста, күні бойы түрегеп тұрып істейтін жұмыстарда жүкті әйелдің жұмысын жалғастыруы жөнінде дер кезінде оңды шешім шығару керек. Ал үйде отырған әйелдердің керексіз кикілжің, кереғар ойлардан алыс болғаны жөн. Бөлмеңізді теледидар, компьютер секілді зиянды сәулелі заттардан арылтыңыз. Демалыс, жақсы ұйқы, жеңіл себіл (ыстық бұлауға түсуге болмайды!), таза ауада серуендеу, көңіл-күйіңізді көтеретін ойындар пайдалы.

Токсикоз психологиялық жағдаймен тығыз байланысты дейді мамандар. Кейбір (көбінесе жұмысбасты) әйелдер тоғыз айдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалуы, ал кейбіреулер үшін әрбір айдың жылдай созылып кеткендей көрінуі мүмкін. Қалай болғанда да себебі анықталмай отырған осы құбылыс жүкті әйелдер арасында көптеп кездеседі. Тамаққа қарай алмауы, құсуы, жиіркенуі, үнемі лоқсуы артқан жағдайда әйелдің ауруханада емделуіне тура келеді. Мамандар ертеңгілік крекер жеуді, таза ауада жүргеннен кейін тамақтануды, кейде жылы ванна қабылдауды ұсынады. Адамдардың дауысына, түріне, теледидар немесе музыкаға, жеке адамдарға, тіпті кейде күйеуіне қарай алмайтын, лезде лоқсып, құса бастайтынын айтып шағымданатын әйелдер де кездеседі екен.

Жүктіліктің соңғы кезеңінде қол-аяқтың ісінуі, салмақтың қатты артуы, денедегі сұйықтықтың жиналуына байланысты келеңсіздіктер туындауы мүмкін. Мұндай жағдай гестоз деп аталатын соңғы кезеңнің ауыртпалығы болғандықтан, дәрігердің қырағы бақылауы қажет. Мұндайда қан қысымының жоғарылауы өте қауіпті. Дәрігердің айтқандарын екі етпеу керек. Сұйықтықты азайтқан, арнайы ас тұзсыз емдәм қолданған дұрыс.

Жүктілік кезінде қатты шаршау дұрыс емес, сонымен бірге түк қимылдамай, жатып алу да теріс әрекет. Әр кезеңге байланысты арнайы жаттығулар жасау керек. Бұл тіпті босану кезінде пайдалы. Әрекетсіз әйелдердің толғағы ұзағырақ болады, босану барысында бұлшық еттерге күш түсіп, келеңсіздіктерге душар болуы ғажап емес. Жүктіліктің соңғы кезенінде босану барысын жеңілдету, жаттығулар белгілеу, жалпы мағлұмат беру мақсатында жұмыс атқарып жатқан арнайы курстардың бар екенін білесіз бе? Осындай курстарға жазылып, тым болмаса бір апта қатысуға тырысыңыз. Жергілікті емханаңызда аталмыш курстар болмаса, перзентханалар немесе арнайы жеке мекемелер іздестіріңіз.

Г. Жундабекова


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)