Өлең, жыр, ақындар

Қосылды

"Медет Дайрабаевқа" деген жазуы бар конвертті Медет қолына ұстап, сыртындағы жазуына сәл көз салып отырды да, ішіндегі бүктеулі хатты алып, жайып салып оқуға кірісті, бұл хатты бұдан екі күн бұрын алып еді. Екі рет оқып шығып еді. Бұл үшінші рет оқып шығуы.

Қыдырәлі деген бұрынғы жолдасының жазған хаты еді. Екеуі бір мектепте оқыған, бірге бітіріп шыққан. Пікір, мақсат жағынан екеуінде айырма жоқ, бірінің айтқанын екіншісі қостайтын. Бірақ тұрмыс, күнкөріс ретінде айырма көп: Қыдырәлі мыңды айдаған байдың баласы да, Медет қара табан кедейдің баласы; Қыдырәлі жібек киіп, жорға мініп, жалғанды жалпағынан басып өсті де, Медет көрінгеннің есігінде жүріп, от жағып, күл шығарумен өсті.

Қыдырәлі жасынан оқыды. Медет кеңес өкіметі келген соң оқуға кірді, біраз жылдан кейін екеуі жоғарғы дәрежелі мектеп есігін бірге аттады, екеуі таныс болады. Қыдырәлі көпірме сөзшең жігіт, кез келген жерде өткен-кеткенді әңгіме қылып, Медетті үйіріп жібермейді. Қыдырәлі ескі заманды, ескі күйді жыр қылады. "Сорлы қазақ өтті дәуренің" деп қояды. Медет бұған кәдімгідей елігеді. "Сорлы қазақ" дегенде жаны күйзелгендей болады. Әкесі Дайрабайдың астындағы жалғыз атын біреу аударып алып жатқан сияқты болады. Ауылындағы Жиренбай ақсақалды тікше мұртты орыс жығып салып, ішке тепкілеп жатқан сияқты болады. Төңкерістің алғашқы кезіндегі бейбастақтық шұбырған атты казак әскері, таланған мал, шабылған ел көзіне елестейді. Елестейді де сол күй қазақ күні қазір болып отырғандай болады. "Ай-хай, дәурен өтеді-ау!" деп Медет те күрсінді. Мектепте оқып жүргенде Медет Қыдырәліден бір елі айрылған жоқ. Пікір бірлігінің үстіне, екеуінің достығы да күшті болады. Қыдырәлі Медетке айтпай іс істемейтін болды. Ең арғысы мектепте оқып жүрген бір қызбен таныс болғанда да, Қыдырәлі қызбен арасында болған сырларын бірін қалдырмастан айтып, Медетпен ақылдасып отыратын болды. Мектеп өмірінде екеуі оңаша жасады. Мектеп ішіндегі қайнап жатқан өмір, күнбе-күн құлпырып жатқан жаңалық Медет пен Қыдырәліні тартпады. Бұлар ондай өмірден өздерін аулақ ұстады. Сабақтан босаса, оңашаланып өткен өмірді айтып, шерлерін басатын болды. Мектеп ішіндегі белсенді оқушыларды "сатылған", "азғын" деп кінәлап, өздерін қазақ ұлтының "шын ұлы", "табанды азаматы" қылып есептеді.

Қыдырәлінің Медетке көрсеткен достығының бірі Медеттің мәртебесін көтерді, Медеттің қолын жоғарыға жеткізді, Медет араласпайтын адамдармен араласты. Қазақ еліне даңқы жайылған белгілі тұқымның қызы Сопиямен Медет жақын болды.

Сопия дәрігерлік мектепте оқиды. Сопия белгілі ханның, ақсүйектің тұқымы. Сопия шын асылзада. Оның үстіне Сопия сұлу. Тал бойында бір мін жоқ. Басқаға қалай екенін кім білсін, Медет осылай деп ұғады. Медеттің сенуінше, қазақта бұдан асқан сұлу, бұдан асқан ақылды әйел жоқ. Танысулары да қызық болды. Қыдырәлінің таныс қызымен Сопия дос екен. Екеуі бірге жүреді екен. Қыдырәлі Медетті ертіп апарды да таныстыра салды:

— Сопия қарындас, менің мынау жолдасым Медет Дайрабаев, таныс болыңыз,— деді.

Сопия қылғын етіп қасты ырғытып тастап, оқты көзін қадап, күлімсіреп қолын берді. Екеуі таныс бола кетті. Сөйлесті, күлісті. Медет өзін өзі ұмытып, есіл-дерті Сопия болды да кетті. Көшеге шығып еді, "рұқсат етіңіз" деп Медет күлімсіреп келіп Сопияның қолтығына жабысты. Сопия салмағын Медетке салыңқырап түсіп, аяқты еркелей басты. Тасты көшеде өкшелері тықылдап, екеуі түн ортасына дейін қыдырумен болды.

Қыдырәлімен үйлескені секілді, Медет Сопиямен де пікір жөнінен үйлесе кетті. Сопия бұл өмірді сүймейді екен. Сопияның оқып жүрген мектебінде де "зверлер" бар екен. Сопия жаны сүймейтін адамдарды "зверь" деп атайды екен. "Зверь" деп айту сөзінің салты болып кеткен екен. Бір ретте, Медеттің бір қылығы ақсүйек тұқымының көзімен қарағанда, сөлекеттеу болды білем, Сопия Медетке "зверсің" деді. Медет ауыр алып қалған сияқтанды. Сопия оны сезді де, Медеттің мойнына қолын салып, ыстық лебін Медеттің бетіне тақап отырып:

— Сен өзімнің "зверімсің" ғой,— деді. Медет тасып көтеріліп кетті...

Өмір өте берді. Медет оқуын бітірді. Шаруа маманы болып шықты. Сопия мектепте қалды. Сопиямен айырылысарда серт қылысты: екеуі өмірлік жолдас болып қосылмақшы болды.

Медет шаруа маманы, Медетті шаруашылық мекемесі басына көтерді: әдемі орын берді, еңбек ақысын ескі мамандармен қатар қылды, пәтері, тұрмысы кемесерлерден әлдеқайда асып кетті. Медет осы күймен жұмыс істеді. Бірақ жұмыс істеді деген аты болды. Медет істеген ісінен жеміс шығады деп сенбеді. Қазақ ұлтына бұл еңбектен бір тиындық пайда келеді деп ойламады. Қазақ шаруасы тозып, семіп, бітіп бара жатқан шаруа деп ойлады. Енді біраз жылдарда қазақ елі жер жүзінен таза жойылады деген пікірде болды. Медеттің бұл пікірін қостаушылар табылды. Қостаушылардың кейбіреулері көменестердің арасынан да шықты. Медет ондай көменесті "ұлтын сүйген шын азамат" деп таныды. Осы ойын айтып Медет Қыдырәлі мен Сопияға хат та жазды.

Кеңес елінің маманы болып қызмет істегеніне жыл толғанда Медет демалысқа ауылына қайтты. Ауылына 22-жылдан кейін барған жоқ еді. Алпысқа келген әкесі, кәрі шешесі бір келіп кет деп өтініп, үсті-үстіне хат жазып мазасын алды. Оның үстіне өзіне тете інісі бар еді, сол хат жазып: "комсомол ұйымына кірдім, комсомол жұмысын белсенді түрде атқарып жүрмін" деп мақтаныпты. Медет терісіне сыймай ашуланып, інісінің хатын жыртып тастады:

— Оңбағанның істеп жүргенін қара, барып ақыл үйретпесем, жолға салмасам болмас,— деп ойлады.

Ауыл Сарымсақтың бойында болатын. Бір жерде он шақты үй. Көрпебай дейтін бай ауылының ұйытқысы болып отыратын ақсақалы бар еді. Өз әкесі Дайрабай шыр бітпеген кедей еді. Көрпебайдың үйінің тігісін тігіп, жұмысын істеп тамағын асыраушы еді. Інісі Сартай Көрпебайдың бұзауын бағушы еді. Медетке осы күйдің өзі қызық сияқты көрінуші еді.

Қаладан жалдап мінген пар ат Медетті күн бата ауылына жеткізді. 5-6 үй үйсіннің шалғынына белшеден батып отыр екен. Көрпебайдікі жоқ. Көрпебайдың жер қабысып қыбырлап жататын малы да жоқ. 5-6 үй өз алдына бөлектеніп, монтиып қана отыр. Бұл сорлылардың ішетін ағы да жоқ шығар деп ойлады Медет ауылын көргенде.

Медет келіп түскенде шешесі Баршагүл жүрегі жарылардай болып қуанды. Медеттің мойнынан құшақтап, бетінен сүйді. Ауылдың қатын-қалашы, бала-шағалары жиналып қалды, бәрі де таныс. Медет кеткенде еңбектеп жүрген балалар өсіп, оқуға кіріп, пиәнерге жазылып, қызыл шүберекті мойнына орап алыпты. Үсті-басы тап-таза, қалада тәрбиеленген балалар сияқты. Медет оларға оқты көзімен қарады. Көрпебайдың күңдігінде жүретін, бұрын үсті-басы дал-дұл болып адам қарауға шошынатын Қалампыр мұнтаздай болып киініп, салмақты сары қарын бәйбіше болыпты:

— Шырақ-ау, денің сау ма? Үлкен жігіт болыпсың ғой! Келін жоқ па еді, ала келсең, болмайтын ба еді?!— деп күліп әзілдейді.

Медет үйіне кіріп отырып таң болды: үй өзгеріп қалыпты, жаңарып қалыпты. Жаңарғанда Медет танымастық болып жаңарыпты. Үй-іші мұнтаздай таза, төрде үстел, оның үстінде кітап, газет-журнал, жазу аспаптары... Босаға жақта құрулы сүт мәшинесі. Үйде тұрған ыдыс-аяқтарға шейін Медетке жат, жаңа болып көрініп тұр.

Әкесі Дайрабай шөп басында екен. Ауылдың қыбырлаған адамы шөп кәсібінде екен.

— Біздің әртел қазынаға шөп бермекші болып шарт жасасып еді, беретін шөбін жақындатты білем,— дейді Қалампыр.

— Қайдағы әртел?— деп Медет шошынған адамша сұрайды.

— Осы отырған алты үйіміз бір әртелміз. Кеңес өкіметінен айналайын, жарылқаудай жарылқады ғой. Әртел ашып берді, басымызды ұйыстырды, мал берді, сайман берді. Баяғы өзің барда Көрпебайдың есігінде алым-жұлым болып жүретін жеңгең едім ғой, өкіметтік арқасында теңеліп отырмыз, қалқам,— деді. Медет нанарын да, нанбасын да білмеді. Шыныңда бірдеме бар секілді. Ауылына бір өзгеріс кірген секілді. Өзгерістің зоры өз үйінде. Бұрын мынау үйдің төрінде шаңға былғанған ескі бөстектер жатушы еді. Дайрабайдың қыйқымдаған былғарысы, қалыбы, бізі, су құятын табасы тұрушы еді. Оның қазір бірі жоқ Оның орнына жаңа, түрленген тұрмыс орнапты...

Медет мықты жұмбақтың үстінен шықты. Бұл жұмбақтың шешілуінің қайда екенін білмеді. Қалампырдың әңгімесін тыңдап, мүжіді де отырды. Шешесі Баршагүл сары самаурынды ентіктіріп алып келіп әзірлеген еді, Медет терлеп-тепшіп шайды өлердей болып ішті. Қалампыр шайға терлеген сайын әңгімені қыздырып:

— Үй, күйге байлар не қылмап еді? Сазайын тартты, ортамыздан аластадық, жел жағымыздан жүргісіз қылдық!— дейді Қалампыр.

— Шырақ-ау, сен әлі білмейсің ғой, жаман жеңгең ауылнай болған, шүйінші берерсің,— деп Қалампыр жымың-жымың етеді.

Медет шошып кеткендей басын көтеріп алды. Қалампырдың бетіне ажырайып қарады. Аң-таң болып отырды. Қалампырдан бетер күлімсірей түсті... Күн бата шөптегілер қайтты. Ауыл мәшине, сайманға толды. Бәрі де көңілді, бәріде жайдары.

Дайрабай баяғысынан қартаймапты, мойымапты. Медетке көрісіп, маңдайынан иіскеп, "қарағым" деді. Көз жанарында мөлдіреп жас көрінді, Медет те еріп, бойы түшіркеніп, "әке дегеннің жөні басқа екен ғой" деп, 7-8 жылдан бері әке-шешесін ескермегеніне, ауыл бетін көрмегеніне опық жегендей болды.

Ауылының адамдары бірінен соң бірі келіп амандасып жатыр. Бәрі де өзгеріп қалыпты. Жас жігіттерге сақал шығып, үп-үлкен адам болыпты. Кешегі асық-топай ойнап жүретін қара борбай балалар қылқандай жас боз бала болыпты. Соның бірі өз інісі — Келбет. Медет оқуға кеткенде Келбет жұмысқа жаңа жарап жүрген бала еді. Жаз қолы босағанда ауыл молдасынан бір-екі ай сабақ оқыған еді. Зерек еді. Сол күннің өзінде-ақ хат танып, өлең кітаптарды оқып отырушы еді. Қазірде Келбет сап-салмақты, жігіт болыпты. Сөзді салмақпен сөйлейді. Медетпен көрісіп, амандасып:

— Сіз де елді көреді екенсіз-ау,—деді.

Ауыл түнгі өмірге кірді. Жылғылдап от жағылды. Жерошаққа қазан асылды. Жұмыс істеп шаршаған ауыл адамдары көліктерін жайлап болып, төсекке жатты. Ауыл тегіс жатқанда Дайрабайдың үйі жатпады. Жерошақ оты алаулап жанумен болды. От басында Баршагүл бүкшеңдеп бірдеме істеп жатыр.

— Қатын-ау, балаңа сақтаған бірдеңең бар ма еді?— дейді Дайрабай.

Әңгіме Келбет пен Медеттің арасында. Келбет қала хабарын сұрап отыр. Сұрағанда, қазбалап, қайдағы жоқтарды сұрап отыр. Қазақстан өкірігінің бірсыпырасымен Келбет таныс сияқты. Қазақстанда шығатын баспасөзді Келбет тегіс оқиды екен.

Баспасөз бетіндегі талас мәселелерді қазбалап сұрай бастады. Осы жері Медетке ауыр тиді. Қазақстан баспасөзімен таныстығы аз еді. Қазақ тіліндегі газет-журналдарды, кітапты тіпті оқымайтын. Оқуға жарарлығы бар-ау, осы керек болар-ау деп тіпті ойламайтын. Әсіресе, Келбет сөзді қазақ жазушыларына көшіргенде Медет сүрініп қалды. Малтығып, боталап алды:

— Қазақта жазушы бар ма, ылғи шарлағандар ғой..деді.

Келбет тоқталып, ағасына таңырқап қарады. Ағасының сөзінде қандай астар барын бірден біле алмады. Ағасын кеңес азаматы деп ойлаушы еді, кеңес мектебінің жемісі деп білуші еді, кеңес жұмысына белсене қатысып жүрген қазақ азаматының бірі деп түсінуші еді. Олай болса, мына сөзін не деп ұғыну керек? Қазақ жазушылары Ахмет, Міржақып, Мағжандар ғана ма екен! Пролетариат-кедей жазушылары қайда? Пролетариат жазушыларының ұйымы қайда? Елге тарап отырған, елдің оқып отырғаны сол пролетариат жазушыларының жазған кітаптары емес пе? Келбет сөзден тоқталып бірсыпыра отырды. Ойланды. Ағасының жұмбақ ойын түрліге жорыды. Пролетариат жазушылары туралы баспасөз бетінде түрлі айтыстар бар. Пролетариат жазушылары әлі шыққан жоқ деп жүргендер де бар. Бұл пікірді қостап, соның сарынымен айтып отыр ма екен?— деп те ойлады. Бір кезде Келбет жұлып алғандай қылып:

— Партияда бармысың?— деді ағасына:

— Жоқ,— деп Медет жауапты кесіп берді. Дайрабай Медеттің бетіне бажырайып қарады. Үндемеді. Кемпірін дауыстап асын әзірлеуге қосты.

Күн өте берді. Медет ауыл өмірімен таныса берді. Қалампырдың үйіне барды. Қалампырдың жұмысымен танысты. Кеңес жұмысын, кеңес мекемесін Қалампырдың басқарып отырғанына таң қалды. Таңғалмастықта емес қой. Қалампырдың мінезі қандай қызық, күл шығарып, су тасып, сиыр сауып болып, қолы-басын жуып тазаланады да сандықтағы қағазын ақтарады. Өміріне әліпті таяқ деп білмейтін Қалампыр ежелеп оқитын болыпты. Ауданнан келген қағаздарды өзі оқып, түсініп отыр. Бірақ, жазуға олақ екен. Хатшылық жұмысын Келбет атқарады екен.

— Төрежан оқытты, ауылдағы мектептен де қалмадым. Ептеп жазамын. Латыншаны да үйреніп алдым,— деп Қалампыр жымың-жымың етеді. Көрші ауылда Берғали дейтін бар еді. Пысық жігіт еді. Бір кезде атқа мініп, ел басқарып жүрді. Ауылнай, би болып сайланған кезі де болды. "Епті, пысық" деген атты да, атақты да алып жүрді.

Сол Берғали Қалампырдың үйіне келе қалды. Медетті көрісіп, шұрқырай түсті. Медет губернелік қалаға барып оқуға кіргенде Берғали бірнеше рет жолыққан. Медетті қонаққа шақырып, арақ пен пивоны сіміріп отырып, сырласып та алған. Медеттен Берғали дәмелі еді. "Оқып шықса, елге зиянды бала болмас, түбінде адам болар" деп ойлаушы еді. Медетті көргеннен соң, Берғали көңіліндегі шерін ақтарды: — ел азып бара жатыр,— деді,— ел бірлігі жойылды, бас аяқ, аяқ бас болды,— дегенді айтты.— Мынау кешегі Қалампыр жеңгең,— деді. Бүгін ауылнай болып отыр. Бола берсін, таласқалы отырғанымыз жоқ, бірақ жоғарғы орындағылардың айдап салғанына көніп, еріп, төбемізді оятын болды, сонысы-ақ өтіп барады. Ел тыныштығын ойлайтын, елмен ақылдасып отырып іс істейтін адам сайлау керек деп, ақылыңды айтайын десең, сен контрсың деп өзіңді жиылыстан қуып шығады... Қайтерсің, заманның осындай жағына кездестік қой,— деп Берғали күрсінді.

Медеттің Берғалиды соңғы көргеніне 5-6 жыл болды. Содан бері Берғали көп өзгеріпті. Бұрын сына жігіт еді. Киімді таза киюші еді. Мұртын тікірейтіп сылап, сақалын дөңгелентіп қырып, әсемденіп жүруші еді. Ауыл арасын қыдырғанда пар ат жекпей, кешір алмай жүрмейтін еді. Қазір оның бірі жоқ. Бұрын сондай болғандығына адам нанарлық емес. Киімі жамау-жамау, сақал-мұрты қаптап, ұйысып бетімен кетіпті. Ажары сынық, жүдеп, мойып қалыпты. Медет ішінен ойлап, бұрынғы күйімен салыстырып, Берғалиды аяған сияқты болды. Бірақ елдің "азып-тозып" бара жатқаны туралы Берғалидың айтқанына сене қоймады. Бұдан бірер жеті бұрын кездессе, Медет нанатын еді, бірге сырласып, мұңдасатын еді. Ауылға кірген өзгеріс бір желден бері Медетке де өзгеріс кіргізіп үлгірді. Медеттің өзіне салса, оны мойындамайды, әлі бұрынғы қалпым деп. Бірақ Медетте бұрынғы қалып жоқ. Медет ауылдың өзгерісіне үйреніп келеді. Ауылдағы жаңалық күйге мысқыл көзімен қарауды қойып, солай болу керектігін мойындаған сияқты болды. Інісімен сөз жарыстыруды қойды. Інісінің жолын теріс деп қарауды қойды. Інісімен шүйіркелесіп сөйлесетінді шығарды. Інісінің газет-журналдарын, кітаптарын ақтарып оқитын болды. Партия, комсомол туралы соңғы шыққан кітаптарды, съез, кәнперенсенің қаулыларын оқып танысты.

Берғалиды шақыртқан Қалампыр екен. Берғалиды атқамінер деп, ру жігін қоздырады деп, пара алады деп, ұры жақтайды деп біреу газетке жазады екен. Газет хабары бойынша Берғалиды сот шақырады екен. Қалампыр сол соттың повескесін тапсырғалы шақырып отыр екен. Берғали осы әңгімесін Медетке бірсыпыра жалтақтап айтып беріп, Медеттің жәрдемдесуін өтініп еді, Медет бірден кесіп жауап берді:

— Мен шеттен келген адаммын, мен қатынаса алмаймын ғой,— деді.

Қалампыр Берғалиға повескені ұсынып:

— Мынаған қол қойып жіберіңіз,— деді.

— Келін, шырағым, жұмыс уақыты ғой, — деп Берғали жайын айта бастап еді:

— Көп тұруға уақытым жоқ, қайнаға, сиыр келіп қалды, бұзауымды байлаймын,— деп Қалампыр өз жұмысын айтты. Повескеге қол қойдыра сала, Қалампыр бұзауына жөнелді.

Берғали жігіт ағасы еді, ел басқарған атқамінер еді. Бұдан 7-8 жыл бұрын өзінің біреуге істейтін ісі бұлжымастан алдына келіп отыр. Берғали мойындап, көніп отыр. Көнгенде, Қалампырдың әңгімесінен, әкімдігінен емес, көпшіліктің күшінен, тізесінен қаймығып көніп отыр.

Аудандық комсомол кәмитетінің шақыртуымен Келбет ауданға жүрмек болды. Келбетпен бірге Медет те жөнелді. Аудан ауылда. Аудан тұрған ауылды әріректе көрген. Көркебайдың ауылы еді. Көркемтай тұқымының көк төбелі үйлері көп үйлерден өзгеше көзге түсіп, мен мұндалап шақырып тұрушы еді. Қазір де сол көк үйлер көз тартып тұр, бірақ бұрынғыдан адам танымас болып өзгерген, көк үйлердің бәрі кеңсе болған. Көк үйлердің маңдайында мекеме аты жазылған тақтайлар тұр: аудандық мекемелер, мектеп, кәперетіп, бәлнес, қызыл отау, тағы-тағы сондай жазулар көзге шалынады. Ауыл емес, қала екен дейсің. Аудан толған адам. Аудан толған кеңсе. Кеңсе толған қызметкер. Көбі таныс, Медетпен амандасып шұрқырасып жатыр.

— Дайрабайдың студент баласы осы,— деп біріне-бірі айтып, таныстырып жатыр. Аудан атком үйінде президум жиылысы. Президум мүшелерінің ішінде бір әйел отыр. Жас әйел. Сөйлеп отыр. Сөзі — ашық, түсінікті, ұсынысы дәл.

— Зәйрә жолдастың ұсынысына қосыламыз,— дейді отырған көпшілік.

Зәйрәнің атын Медет ауылда есіткен. Зәйрә әйелдер ұйыстырушысы. Зәйрә көменес. Зәйрені аузынан тастамай Қалампыр айтып отыратын. Жиылыс тараған кезде:

— Сіз Медет боласыз ғой,— деп Зәйрә келіп танысты. Танысуы кенет, ойламаған жерден болды. Медет бастапқы кезде сөз таба алмай мүдіріп қалды. Екеуі жағалап жар басына барды. Жардың асты сылдырап ағып жатқан өзен, жайқалған қамыс, қарауына біткен қалың тал. Қарасаң көзді тартады, жастық дәурен елестейді. Талдың көлеңкесінде отырып қармақ салар ма еді!— деп ойлайсың.

— Айқай, жарықтық өзен-ай,— деп Медет күрсінді.

— Сіз елге көптен келмеген боларсыз?

— Көп болды, мен кеткенде ел екінші түрлі еді. Бәрі де өзгеріпті, танымастық болып өзгеріпті.

Зәйрә мен Медет шүйіркелесіп сөзге кірісті. Елді әңгіме қылды, елдегі жаңалықты әңгіме қылды. Зәйренің сөзіне Медет қарсы болмады, қарсы пікірін білдірмеді. Ешкімнен қаймығып көрген жоқ еді, ойлаған ойын бұрын айтып салушы еді. Енді неге екенін білмеді, Медет қысылып, қымтырылып, пікірінің үйлеспейтіндігін білгізгісі келмей отыр. Білсе Зәйрә мұнымен сөйлеспейтін секілді, Зәйрә мұны жат көретін секілді. Жалғыз ғана Зәйрә емес-ау, бүкіл аудан, аудан толы қызметкер бұған мысқылдап қарап, адам санынан шығаратын секілді.

— Көп отырдық қой, қайтсақ қайтеді?— деді Зәйрә.

— Неге асығасыз? Жер әдемі, көкорай шалғын, қарауытқан қалың тал сұлудай. Бұрандаған үкілі құрақ, табиғаттың осы көрінісі, көркемдігі адамды мас қылып отырған жоқ па? Мен мас болып, жаным жайланып отыр. Сізді осы көркемдіктің ортасында періште тәрізді деп отырмын. Тағы сөйлеңіз, мен сөзіңізге ынтықпын.

Зәйрә қызара түсіп:

— Жұрт өсектеп жүрер,— деп күрсінді.

Қайтарда Медет Зәйрәні қолтықтап қайтты. Қолтықтаған кезде Медеттің ойына Сопия түсе кетті. Медет қолтықтаған кезде Сопия жылмаңдап қалатын. Кіржіңдеп, бүлініп болатын.

— Елде көп боласыз ба?—деді Зәйрә.

— Көп болам. Елмен толық танысам. Ел өмірі маған жат болып қалыпты. Елді ұмыта жаздаппын. Елден өзгеше жол іздеп, азып кете жаздаппын. Мен елдің ұлы, еңбекші елдің ұлы! Ел ортасында жүріп іс істемесем, мен адасатынмын,— деді Медет.

Зәйрәмен айырылысарда Медет өтірікке барып, орын табылса, сонда тұрып қалатын ойының барлығын айтты. Бұл ой сол сағатта тап болып еді.

Медет ауданға барып қайтқаннан былай ауданда болсын, аудан маңындағы ел арасында болсын "Медет пен Зәйра қосылады екен" деген хабар тарады. Зәйрә осыны айтып Медетке бір рет хат жазды. Хатында: "Өсектің қайдан тарап жүргенін білмеймін, маған ұят болды",— деп қынжылыпты. Бірер жетіден кейін Медет ауданға тағы барды. Зәйрәмен тағы сөйлесті. Бірақ бұл жолғы сөздері екінші түрлі еді: өмірлік жолдас болу мәселесін ортаға салып, екеуі соны талқылап отыр еді.

* * *

Медет Қыдырәлінің соңғы хатын алғанда, қала өктәбір тойына әзірленіп жатыр еді.

Қыдырәлі хатында толып жатқан өкпе айтыпты, "жолдан тайдың, сатылдың!" депті. Бұрынғы күй болса, Медет қысылар еді, қазір оның бірі де жоқ. Қыдырәлінің хатын салқын қанмен оқып шықты. Ақтық рет оқып шықты да, ақтық сөзін айтып Медет хат жазды.

— Осы күнәм да жетер. Енді қалған жасымда еңбекшілер тілегіне қарсы аяқ баспаймын. Мен еңбекші таптың ұлы. Менің тілегім — тап тілегі. Таптың сойылын соғып, тап қызметкері болып өтсем, арманым жоқ!— деді.

Мұны айтқанда Медет көтеріліп, көкірегін күш кернеп кеткендей болады. Жазу үстеліне отыра қалып қағаз жазды. Мұнысы арыз еді.

— Әй, үйдемісің?— деп Зәйрә кіріп келді. Медет тасқан көңілмен Зәйрәні құшақтап сүйді.

— Бері кел, мынаны оқы!— деп арызын ұстата берді. Тап қызметкері болатындығына шын сертін беріп, партия қатарына алуын тілеп, өтініп, партия ұясына жазып отырған арызы еді бұл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер