Өлең, жыр, ақындар

Қызыл жалау. 1935 жыл

(Романнан үзінді, 1935 жыл)

Мырзалық үйіне кейіп қайтты. Кейіп келе жатқан Мырзалықты есік алдына иірілген қар суы одан жаман кейітті: қанасынан асқан су табалдырықты аттап өтіп, лапастың ішін көлкітіпті. Суды кешіп өтіп, үйіне кіре берем дегенде, есік алдының батпағына тайып, Мырзалық құлай жаздады. Мырзалық одан жаман бұрқырады. Үйге кіріп келгенінде, нақ табалдырықтың алдында леген толы күлге кездесті. Нұрсұлу келін әлдеқандай бір шаруашылығы ұстап кетіп, осы күлді есік алдының батпағына салмақшы боп, есікке таман сырғыта түсіп, басқа бір жұмысы болды ма қалай ұмытып кетіп, леген сол жерінде тура беріп еді... Ашуланып келген Мырзалық оны-мұны ескерместен, аяғына оралғы болған легенді теуіп жіберді. Күл бұрқырап төбеге шапшыды. Кірлі орамалдан шашы бұрқырап, тізесін құшақтап пеш алдында отырған Нұрсұлу келін қайнағадан тілін тартпайтындығын істеп:

— Құтырар білем шіркін... — деді бұртаңдап.

Жартысы жерден қазылған аласа ғана үйдің ортасы кірпішпен бөлулі. Келіннің сөзін есітсе де, есітпегенге салынып, Мырзалық төргі бөлмесіне беттегенде, екі бүк түсіп имиіп отырған өз інісі — Нұрғалиді көрді. Бір түрлі жаралған адам-ау Нұрғали: дүние асты-үстіне келіп жатса да, селт етуінді біле ме екен Нұрғали. Ең арғысы жұрттың барып жатқан жиылысына да бармайды.

Талдырмаш денелі аққұбаша әйел — аты Нұрбике — алдыңғы бөлмедегі дауысқа елеңдеп басын көтергенде, тұнжырап келген Мырзалықты көрді:

— Түу... Даладағы ашуыңды үйден алатының не?—деді.

Нұрбикенің сөзі Нұрсұлу келіндікіндей бұрқылдаумен келмей, өте майда естілді.

Мырзалық үйге кірген ыңғайда Нұрғалиға түйлікті:

— Ит... Не үйге пайдаң жоқ, не түзге пайдаң жоқ... Несіне жаралдың екен?..

Мырзалық бірсыпыра ауыр сөздер айтып зіркілдесе де, Нұрғали жауап беру былай тұрсын, ең арғысы басын көтеріп қарамады да... Бірақ Нұрғали үндемегенмен, ілінісе түсуге тайсалмайтындығын білдірейін дегендей — алдыңғы бөлмеден бедірейіп Нұрсұлу келін келді. Көзінің алды ісікше күлтілдеп, бет-аузы шаң топырақтан арылмай, Нұрсұлудың әлпеті адам қарағысыз. Ашуға мініп көпірінсе, бұл түрі одан бетер өзгереді. Нұрсұлудың ашуын қозғау үшін Мырзалықтың тағы бірер сөз айтуы ғана керек.

Нұрбике келін мен қайнағаны ұрыстан аман сақтау үшін араға килікті: Мырзалықтың жамаулы күпісін жеңінен тартып шешіндірді. Мырзалыққа күлімсірей, еркелей қарады:

— Шырайлым, ағаң шаршап келді ғой, шайыңды үлгірте қойшы, — деді.

Шам жанында іс тігіп отырған ересек қыз — аты Жәмила — Нұрсұлу келінге ұнатпаған пішінмен қарай түсіп, шай жабдығына кірісті.

Үй іші бірсыпыраға шейін құлаққа ұрған танаша тынды. Бүк түскен күйі, екі көзін жерден айырмай, Нұрғали отырды. «Күйеуіме сөйлеп көр осыдан, жағаңнан ала түсейін!..» деген пішінмен, пешке арқасын сүйей, Нұрсұлу келін отырды. Нұрбике мен Жәмила Мырзалықтың бабын тезірек тауып, ашуын тарқатайық дегендей, бәйек болумен олар жүр...

Дыбыссыз тынған үйді ызыңдап әндеткен самауырын мен сақылдап қайнаған ақ құманша өзінше базарлап, көрік беріп тұрған секілді...

Бұлар шайды орталап ішкен кезде Қайқытөс келді. Жүрісі-ақ қызық: төсі жалтырап ашылып, көйлегінің, шапанының жоғарғы түймелері бір салынған емес; қаудыраған шолақ қара тонын иығына жамылады; тозығы жеткен елтірі бөркі май-май боп жұлмаланып, бір жақ шекесінде ғана қоқырайып тұрады... Қайқытөс бір үйге кірген ыңғайында — үйдегілерге жағалай қараумен тұрып, бірсыпыра қасынады. Сосын ешкім ешнәрсе айтпаса да, әлденеге күлімсірей түсіп, бос орын іздеп тауып бір жамбастап жатады. «Неге келдің?» деп бұдан жұмысын сұраушы да сирек болады. Өздігінен бұл да сөзге араласпайды. Жұрттың сөзін тыңдады ма, тыңдамады ма, ол жағы белгісіз, бірсыпырадан кейін үйіне қайтады. «Пәленшенің үйінде болдың ба?.. Не айтты?..» деп біреу сұраса: «Кім тыңдаған соны, бірдеме деп жатыр еді...» деп, Қайқытөс жауапты қысқа ғана береді. Бірақ Қайқытөстің бұл мінезіне қарап, «сөзге түсінбейтін милау екен» деуге де болмайды, сөзге түсіне біледі, керектісін пайдаланады да...

Қайқытөс келіп кіргенде Мырзалықтың үйі тым-тырыс боп, шай ішумен ғана шұғыл еді... Қайқытөс қасынған күйі бірсыпыра тұрды.

— Байқұмар қатынсың-ау... тізесін тигізе отыруын қарашы, — деп, Қайқытөс Нұрбикеге жақындай жамбастады.

— Шайға кел.

— Байыңды қандырып ал... Өзі бүгін мықты ашуланды, ашуы тарқасын.

Нұрбике күлімсіреді.

— «Колхоз болғанда сүттей ұйи қаламыз» — дейтінің қайда?

— Басқармасын жаңадан сайладық, енді бірдеңе болмаса...

Мырзалық бірдеңеден секем алғаннан жаман, ұрттап отырған шайын жерге қойды. Екі көзін Қайқытөске қадады.

Қайқытөс Мырзалықтың бұл күйін сезбей, төмен қараумен жатыр еді, Нұрбике сездірейін дегендей, оны шынтағымен түртті.. Қайқытөс бажырайып Нұрбикеге қарады:

— Ә?.. Бірдеме дейсің бе?..

Нұрбике мен Жәмила шыдай алмай күліп жіберді.

— Ит... Адам болғаның құрысын!.. Бай-құлақтан басқарма сайлап оңарсың...

— Ә?.. Маған айтып отыр ма ең?.. Мейлі, колхоз аяғынан басса болғаны.

— Басар!.. Колхозды аяғынан бастырғалы сайлап отыр ғой солар...

Мырзалық осы ашудың үстінде Қайқытөстің тым бостығын, көрінгенге сенгіштігін айтып бірсыпыра ұрсып алмақшы еді, осы ашудан алыс болайын дегендей Қайқытөс сөзді басқаға бұрды: ол Нұрғалиға бұрыла түсіп, сонымен сөйлесті. Қайқытөспен сөйлескенде Нұрғалидың да шырайы енеді. Екеуінің әңгімесі көбіне колхоздың көлігі, соқа-сайманы туралы: қай атты қайсымен парлау керек, өгіздің пары қандай; іріктеп, сәйкестіріп парлағандай болса, бұрынғы иелері сөз шығарып жүрмес пе екен?.. Міне, осы сияқтылар.

Еріне қозғалып Құлшарып келді. Оның ізінше Қарғабай келді. Құлшарып Қайқытөстермен ғана сөйлесіп, басқаға көңіл қоймайтын сияқтанғанмен, Қарғабайдың шыдамы жетпеді. Ол бір жатты, бір тұрды, өлі тиген малша бірсыпыра дөңбекшіп алып:

— Оны қойыңдаршы, мынаны сөйлесейік: Ақмедияның сайланғанына шынымен көніп отырамыз ба? — деді жұлып алғандай.

Мырзалық бұл әңгімеге қол сіліккендей тәрізденіп, кесесін төңкеріп, кейінірек барып жатты. Құлшарып кенет айтылған сөзге азғана бөгеліп, қайтадан өз сөздеріне кірісті.

— Ay, айтсаңдаршы: көнеміз бе, жоқ па?

Қарғабай осы сөзімен жұртты еріксіз өзіне бұрғандай болды: күлімсіреп Құлшарып қарады, қатуланып Мырзалық қарады.

— Адам емессіңдер! — деді Мырзалық шатынап: — керекті жерінде ауыздарыңа құм құйылады. Артынан барып байбалам саласыңдар... Отырған жоқ па едің жаңа ішінде?.. Неге айтпадың сонда?

— Ол иттерді сайланады деп кім ойлаған... Мен өзім сасып қалдым... Әрі сендермен ақылдасып алмаған соң...

— Сен бекерге қорқасың, Қарғабай...Тұстас, тілектес адамсыңдар ғой, саған олар неге тисін, — деп Құлшарып күлімсіреп еді, Қарғабай шабына от түскендей бұрқылдады:

— Сен, Құлшарып, бізге жаттығыңды істейсің, білдің бе... Әйтпесе, Жәнібек тұқымы маған жақсылық істейді дегенге кім нанар?.. Мен өлсем осы Әлінің тұқымымен бірге отырып өлем, білдің бе!.. Құдай айырмаған бір атаның баласымыз, бізді ешкім айыра алмайды...

— Ау, қойшы әрі дауыңды, айырылмасаң, інілерің мынау, құшақтас та отыр.

— Қорықпа, Қарғабай, мен тұрғанда саған кім тиеді дейсің... Бірақ ант ұрған, малыңды биыл көп қырып тастадың, пәлеңе іліктіріп жүрмесең... — деді Қайқытөс күліп.

— Әй, Қайқытөс, айтпа жаман сөзді!

Қайқытөс бірсыпыраға шейін күлімсіреп отырды:

— Сен, ант ұрған, бірде менен қысылып жүрмесең жарар едің, тым бауырмал болып барасың...

— Ит-ау, енді... бір атаның баласы екенімізді жасырайын ба?

— Бұрын неге айтпаушы ең?

— Әй, қойшы, сен тіпті...

Қарғабай тызалақтағанмен, бұл отырғандар мұның әңгімесіне салқын қараған пішін көрсетіп, күнделікті ұсақ әңгімелердің маңынан шықпады. Бұлардың бұл қалпы Қарғабайды терісіне сиғызбай ісіндіріп, осы отырғандарды сол минутта түтіп жегісі келген адам секілденді. Сонау бір уақыттарда Қарғабайдың қолында қырық-елулеп жылқы болып, әйелі Батсайы қымызды баптап сапырған кезде, Қарғабайдың сөзі құнды-ақ сияқтанушы еді-ау... Кейбіреулер Қарғабайдың сөзін жерге түсірмей қағып алып: «Әй сөз-ақ-ау!.. Сөйлесе, Қарғабай сөйлесін...» деп отырар еді... Енді мынау — Қайқытөс екеш Қайқытөске шейін мазақ қылып отырғаны! Бұған күйінбей Қарғабай неғып тұрсың-ау...

Қарғабайдың әйелі Батсайы — ажарға болсын, ақылға болсын — ауыл әйелінің көбінен тәуір. Қарғабай оңаша отырып өз-өзіне жүгінгенде: «малдың күшімен алмағанда, осы қатын маған шыны тимейтін еді-ау, ә?..» деген қорытындыға келетін. Қарғабайдың бұл ойының дұрыстығын Батсайы да тірілтетін: Қарғабай әлдеқалай ашу шығарып ұрса, Батсайы, басқа әйелдердей бажылдап жылауынды білмей, қанын ішіне тартып булығып: «Малыңның арқасында теңелмеске теңеліп қолыңнан келместі істеп жүрсің ғой... көрермін!» дейтін. Батсайының осы сөзі Қарғабайға мылтықша тиіп, малдан айырылса Батсайы бір күн тұрмай кетіп қалатын сияқтанатын... Осы себеп болды ма, әлде туысынан солай ма, Қарғабай мал көбейтуге аш қасқырдай боп тиісті. Адамшылық, ар, ұят дегенің бұл кісілерге туасынан-ақ жат секілді еді. Туған-туысқандық, бауырмалдық деген Қарғабайда болған емес. Әлі тұқымының қара тобыр кедейі тамағыма маза бермейді деп Қарғабай өткен өмірінде Мырзалықтардан іргесін аулақ салумен келетін... Сүйтіп жүргенде жер бөлісі кездесті, одан кәнпеске, салық, «кулак» қылу сияқты жұмыстар қабаттасты. Жұмыстың кеуде ортасында Мырзалық пен Құлшарып жүретін болды. Түрлі жақтан қыспалақтар келгенде, Қарғабайдың ойына өзінің Әлі тұқымы екендігі түсті. Батсайы да осы ойынан шықты: «Қарына тартпағанның қары сынсын» — деп... жат көріп жүрген олар жоқ, жоламай жүрген өзің» — деді Батсайы Қарғабайға. Содан былай Қарғабай аталастықты бетке ұстап Мырзалықтармен араласа бастады. Аздан кейін Мырзалықпен қысқы қонысын да біріктірді.

Қарғабайдың мықты түсіне алмағаны — колхоздасу жұмысы еді: «апырым-ау, мен осылардан жақсы тұрмыс сұраппын ба?.. Неге қоймайды еркіме?» — деді ол күйініп. «Зорлаған ешкім жоқ, отыра бер» — деді Мырзалық. Бірақ Батсайы араға кіріп: «бастың амандығы жақсы... Жүсіптің үйі құсап тесік тау өтіп, шұбырып кетерміз» — деп Қарғабайдың үрейін ала берді. Тап осы қарсаңда Төбет ақсақалдың үйі де колхозға жазылды. Колхозға жазылардан бұрын малын қирата сатып, сойғанын сойып, Төбет ақсақал дым көрмеген адам бола қалды. «Сен атаңның басын күтіп жүрмісің?» — деп Қарғабайды сықақ қылушылар да болды. «Он қарасы бар кісі кәнпескеге ілігеді екен» деген хабар да дүңкілдеп жатты. Осының бәрі себеп боп, әкесі өлсе атамайтын асыл тұқымды малдарына Қарғабай қол салды. Салғанда, жұрттай ебінді, астыртын жөнелтуінді білмеді, әшкере қылып жіберді... «Бүйтіп, тап жауының жұмысын істейтін болсаң менен аулақ жүр!» — деді Мырзалық бір күні Қарғабайға. «Апырым-ау, өз малымды сатқанға мен қалай айыпты болам?!» деп Қарғабай жатса да ойлады, тұрса да ойлады... Ой ұшығына жету қиын. Шеткі біреулермен сөйлессе, «Мырзалықтың сөзін тыңдап жүргенің... Мен болсам, ол малды түгел сатып, ақша қылып алар едім» дейді олар. Қарғабай шеңгелін тағы салады малға. Бірақ тап осы жерде, ойламаған жерден Батсайы кесе түседі: «малыңды құртсаң сотқа ілігесің, жер аударыласың... Мал үшін шұбырар жайым жоқ, мен дейтін болсаң, ендігі малға тиме!» — дейді. Қарғабайдың сондағы күйгенін көрсең! Қарғабайға дұшпан адамның айтатын сөзі-ау... Мырзалық айтса бір сәрі еді... Мырзалық демекші?.. Қарғабай осы жерде бір терең ойланады. Тым қатты ойланғанда маңдайы қырыстанып кететін, тап осы жолы да сол пішінге мінді: «Мырзалықты осы қатын аузынан тастамайтын болды-ау... Соңғы әзірде осы қатын ақыл айтатынды шығарып жүр-ау ?..» — деген ой қылтыңдап Қарғабайдың ашуын бұрынғыдан да күшейтеді. Шынында бұл сезік Қарғабайда көптен болатын. Қарғабайдың сонау бір кездерде Мырзалықтан қашықтап жүргенінің себебі де осы еді-ау... Енді араласса, шарасыздан араласқан сықылданып жүр. Бірақ шарасыздыққа түскен екем деп Қарғабай қатынын бетімен жібермекші ме? Болмас, шырақ!.. Қарғабай да адам. Қарғабайда да намыс бар. Шынын айтсаң — осы күнгі жұрттың көбінен Қарғабай өжет... Олай болса, мынадай сезіктің үстінде тұрғанда, Қарғабай күмәнді ашып алуы керек... Осы ой Қарғабайды таза билегендей болды да, ол көптен сарқылып қоюланып жүрген ашудың кегін Батсайыдан алуға қамданды. Бір күні ойламаған жерден ашу шығарды да, есікті мықтап іліп, қырлап өрген қамшыны қолға алып, Батсайыға төне түсті: — «Сен, қатын, осы, Мырзалықты аузыңнан неге тастамайсың?.. Маған қайдан ақыл үйрететін болып жүрсің?..» деп... Бұрын Қарғабай мұндай ашу шығарғанда, Батсайы үндемей ығып кететін секілді еді, осы жолы бедірейіп тұрып алды: «Тиіп көр осыдан...» деп. Қарғабай Батсайыны қамшының астына алды... Батсайы мен Қарғабайдың бірлесіп өткізген өмірінде бұл сияқты картинаның ұшы-қиыры жоқ, бірақ соның бәрі кезінде ұмытылып, ізсіз жоғалып үлгеретін сияқты еді, осы жолы қатаңырақ тигені: ауылға мылтығы шошайған бір милиция келе қалып, қатын-қалаш арқылы бұл әңгіме соның құлағына тиіп; оның үстіне, кек алуға тырысқан кісідей Батсайы төсек тартып жатып алып, Қарғабайды жан алқымға келтіргені... «Қатыныңды ұрып не көрінді ит, қарап жүріп сотқа тартылмақпысың?» деді Қайқытөс кездесіп, Мырзалықтың сыңайын байқайын деп іздеп барып еді, ол мұның ойын сезе қалған кісідей, теріс қарады. «Жығылғанға жұдырық» деген-ау, тап осының қарсаңына кедейлер тобының жиналысы болып, ауылнай қол астынан 10 шақты үйді кәнпескелеуге қаулы шығарды-мыс деген хабар тарады.

Оның ішінде Қарғабайдың да аты барлығы білінді. Мал құмарлықтан басқа Қарғабайдың білері бар ма, ақыл керек болды; сүйенетін шын тірек керек болды. Мырзалыққа тағы барды Қарғабай: туысқандығын айтты, замандастығын айтты; «өзім үшін емес-ау, Батсайы қорлыққа түсе ме деп зәрем жоқ» — дегенге шейін айтты... Осы соңғы сөзіне жібіді ме, әлде, өзінің түпкі ойы солай болды ма, «қорықпа, саған ешкім қағылмайды» деді Мырзалық. Осы қызумен келіп, Қарғабай Батсайымен табысты: «қатын-еке, бір ашуыңды кеш, менікі қате екен... Малды да, жанды да колхоздың ортасына салып келдім», — деді күліп. Неге күлгеніне өзі де түсінбеді... Колхозшылар тізімінің жуан ортасына мынадай сөз үстелді: «Қарғабай — жасы 38-де, хат білмейді, Батсайы — әйелі, жасы 27-де, хат білмейді, ортақтастырылған малы: 8 ат, 12 бие, 1 айғыр, 10 өгіз, 7 бұзаулы сиыр, 75 қой...» Сол күннен бастап Әбдіқан ауылнай, колхоздың рұқсатымен Қарғабайдың қара жорғасын тақымына басты. Қарғабайдың жаңа көшевой шанасы колхоздың салдыр-салақ жегуіне төзбей түбі ойылып түсті, жағалай кенері сөтілді. Оны көрген сайын Қарғабайдың жаны шығып кете жаздады.

Мұның бәрі де ойыншық еді. Бәріне де бір тиым болар деуші еді Қарғабай. Соңғы әзірде жұрт «слобода болыпты» деп даурығып, бірсыпырасы колхоздан шығамыз деп қанатын қомдап-ақ алды. Бұған Қарғабай адам айтқысыз қуанды. Бірақ бұл ойын әзір жасырын ұстаған болып, өзінше қулық істеген болып: «әттеген-ай, бекер қопақтайсыңдар-ау, колхозымыз жақсы еді...» дейтін болды. Айтуын айтса да, осы ит осыныма сеніп қала ма деп қауып еткендей боп: «ерік әркімнің өзінде депті ғой, өзің білесің... Шығамын десең, жеке шығасың да отырасың, кімнің таласы бар» — деген сөзді үстеп қоятын болды...

Бүгінгі жиылыстан Қарғабай мықты үмітті еді. Жалғыз Қарғабай емес, колхозға кіріп отырғандардың бірсыпырасы-ақ бүгін жігін бөлектеп, колхоздан әйгіленіп шықпақшы еді. Жұрт сыпырына шыққан соң, Қарғабайға кімнің өкпесі бар, аяғын ала о да кетпекші еді...

Үміт кесілді. Бұл жиылысқа түсінбеді Қарғабай. Қанатын қомдап қопақтап отырғандардың аузына құм құйылды. Бәрі де ойыншық-ау, Қарғабайдың зәресін ұшырып отырған — Ақмедия мен Зұлқанның басқармаға сайланғандығы болды-ау!.. Мырзалыққа арқа сүйенгеннен бері Қарғабай оларыңды танымай кеткен кісі ғой. Оның үстіне, «Қарғабайды кәнпескелеу керек» деп бір кезде кедейлердің бірсыпырасын жұмылдырушы да осы Ақмедия мен Зұлқан еді-ау... Енді екеуі бірдей басқарманың басына мінген соң, алдымен Қарғабайдан өш алуға кіріспей ме? Өш алғанда алдымен Қарғабайдың малының көзін жоғалтады-ау: анаған керек, мынаған керек — деп орындай берер, қарсы тұра ала ма оған Қарғабай?..

Қарғабай Мырзалыққа осы келгенінде жан күйді боп, қатты-қатты сөйлескелі келген еді. Үйінен шығарда өш алайын деген кісінің түрімен Батсайыға айтып кеткен. «Адам болмайтын итті сағалаймын деп көресімді көргелі отырмын» — деп... Дегенмен, қатаң сөйлеуге аузы бармады Қарғабайдың. Мырзалықтың түрінде мұқалғандық, бас игендік жоқ, қайратына мінсе, ашу шақырса, бәрін бұрқ-сарқ келтіретін адам секілді әлі... Осылай деп ұғынды Қарғабай. Осылай ұғынғандықтан, ашулы сөзін емін-еркін ағыта алмай, тебеген аттың маңына жүре алмай қашырыс салған адамша, қашырыс салып қана сөйлейді...

... Үй іші әлі баяғы күйінде. Жазғы егіске өздерінше жоспар құрған боп пеш түбінде Қайқытөс пен Нұрғали жатыр. Төр алдында күңкілдесіп Құлшарып пен Мырзалық отыр. Жәмиланың кітабына үңіліп, кітап жайын әңгіме қып, шам түбінде Нұрбике отыр. Сөйлеушілерге де, кітап оқушыларға да қосылмай, өзімен-өзі болып, тізесін құшақтап, тұлданған пішінмен Нұрсұлу келін отыр...

Қарғабай ауыр ойды бастан қуып, керекті жұмысқа кірісейін деген адамдай басын көтеріп, Мырзалыққа телміріп қарады. Тап осы кезде Мырзалық:

— Сен ойыңды айтшы, — деді Құлшарыпқа.

— Сен айтшы, мен тыңдайын.

Мырзалық не айтарын білмей бөгелген адамға ұсап, есікке телміре қараған күйі, бірсыпыра шынашақтап жатты.

— Мен айтсам ба?.. — деді бір кезде. — Мен айтсам — Жұмақан мен біздің арамызға арапшы кірді. Кедейлер тобына салмай партия ұясы мына басқарманы бекітпеуі керек еді... Іс етіп кетті. Қайта салғанмен жеңіп шығуымыз тағы күмәнді. Одан да біз бөлінейік: өзімізге еретін кедей мен орташаны жинап алып, жеке колхоз болайық...

— Ойпырым-ау, табылған әңгіме болды-ау мынау... туу... — деп, Қарғабай жайраңдап, жымың қақты.

Құлшарып көпке шейін сазарып, өңін жылытпады, ұнатпаған түрмен Қарғабайға ала көзімен бір қарап қойды.

— Мұныңа қосыла алмаймын! — деді Құлшарып күрсініп. — Уақыт тығыз қалды. Бірер жетіде егіске шығу керек. Бөлінеміз деп жүргенде кәсіптен қаламыз. Бұларға өкпелеп егін салмай қалуымыз масқара... Жұмақанға сөйлесейік, айтайық, не ойы бар екен — білейік. Бай-құлақпен күресетініміз анық болса, неде болса ортасында отырып күресейік!

Мырзалық үндемеді. Сөйлеуі-ақ қиын-ау мұның. «Ендігі сөзді сенен күтем» деген секілденіп Құлшарып та үндемеді. Осы екеуінің мінезі қызық: бірін-бірі сөзсіз ұғынатын адамдар секілді. Көптен осылай: бала жастан бірге есіп, біріне-бірі жан қиғандай жақын болып, сол күйлерін өзгертпестен әлі келеді...

Түннің бірсыпырасы өтті. Ысқырынған жел дауысы басылып, тынған секілденді. Шам сәулесі қалтыранып, көмескілене түсті.

— Мына құрғырының майы біткен бе? Келін, май құйшы әкеп! — деп Нұрбике Нұрсұлуға бұрылып еді, ол самай шашын бұрқыратып бірсыпыра қасынды да:

— Керек болса құй өзің, малай керек пе? — деп бет-алды көпірініп, тарпыл-тұрпыл басып алдыңғы бөлмеге шықты.

Құлшарып пен Мырзалық Жұмақанмен сөйлесуге кетті. «Сен де жүр» деп Қарғабайға айтпады олар. Айтқанмен де бармайтын еді Қарғабай. «Осыларың әлсірей бастапты-ау» деген ой бұған аяқ астынан сап ете түсіп, сол минуттан бастап Қарғабай бұлардан бойын аулақ сала бастаған сияқтанып еді.

— Нұрғали, ә Нұрғали?.. Қарғабайдың қызыл өгізі мен мұқыл қара өгізді парлайық дейсің бе, ә..? — деп Қайқытөс өзара әңгімесін айтумен жатыр еді. Қарғабай сабырдан айырылған адамдай аптығып:

— Жекпейсің бе?.. Жегерсің! Жеккізіп қояды ғой саған.. Тапқан екесің дорақты! — деді.

Айтуын айтса да, осыным асығыс болды ма дегендей қысылып, мұнысын жуып жіберердей қолайлы сөз таба алмай, сол бетімен Қарғабай үйден шықты.

— Уа, тоба, осы Қарғабай, ә?.. — деді Қайқытөс таңданған кісідей.

— Жүсіптің үйі құсатып шұбыртып жіберетін кісі ғой, біздің «әлігінің» ара түсіп, көрмеймісің... — деді Нұрбике қызараңдап.

Қайқытөс қарқылдап күлді:

— Құдай атсын, Нұрбике, Батсайыны жер аудартып өш алмақсың-ау бір...

— Өш алған несі?.. Қой, шырағым, бізден тату адам жоқ.

— Әне, әне, қызарды... Өй, ант ұрсын Нұрбике... Әй, құдай сені алмайды ғой, — деп Қайқытөс одан бетер күлді...

...Қарғабай үйден шыққанда, жел тынып, бұлт төбесінен жарылып ыдырап, түн шытқыл аяз бола бастаған еді. Көлкіген судың беті қабыршықталып мұзға айналып еді. Ауылдың көбі шамын сөндіріп, ұйқыға шомыпты. Сонау қомақты көрінген қыстау — Төбет ақсақалдікі. Адам алғандай қабаған ала төбеті болушы еді, тынық түнді басына көтергендей боп заңқылдап үріп тұр. Сол маңайда адам бар-ау... Шамының жарығын қарашы!.. Құдай берген адамды қойсайшы, бақ-дәулеттің шілігін өмірі көрумен келеді. Көрінгеннің тіліне еріп, өз жиғаны өзіне бұйырмай отырған Қарғабай сияқты болып па ол?.. Паналаған соң сондай адамға паналамай, осы Қарғабайдың адасып жүргені не әлі?.. Қарғабай барса, паналаса кет деп отыр ма ол?.. Ақмедия мен Зұлқан да сөзге түсінбейтін жігіттер емес қой, Мырзалыққа бұлданып соларға сырт беретін Қарғабайдың не жөні бар еді? Мырзалық кімге паналық боп жарытқандай! Мырзалықтың әкесі Қошақан дейтін кісі — баяғы ашаршылық болатын Ұлу жылы аштан өліп еді. Жетім қалған інісі мен қарындасын жетелеп, осы Мырзалық көрінген үйдің жуындысын ішіп күн көрген жоқ па еді?» Масқара-ау, осыдан береке шығады деп жүрген... Одан да Төбет ақсақалдың алдына барса, «адасқан екем, алдыңа келдім, кәрі аруақ өзің жебе, қанатыңның астына ал!» десе, Төбет ақсақал риза болып қалмай ма? Төбеттің баласы Шауыпкел — әрі комсомол, ауылдық кеңес хатшысы, інілерінің бәрі ат үстінде... Апырым-ау, не деген құдай берген адам бұл? Мұны Қарғабай неғып ескермей жүрген?.. «Балалар, мынау Қарғабай дейтін ағаларың, орталарына алып, адам қылыңдар» демей ме ол? Сосын Қарғабайға кімнің тісі батады... Түу... Осыны ойламай жүрген...Оның үстіне Қарғабайды оларға жағымды қылатын бір жұмыс бар-ау: Мырзалықтың сырын түгел біледі бұл. Төбет ақсақалдың басын жұтқалы Мырзалық не істемеймін деп жүр, соның бәрін айтып берсе, Төбетке Қарғабайдан сыйлы адам болар ма?..

Мырзалықтың үйінен шыққалы, Қарғабай жоғарғы сияқты ойға шомумен жүріп отырып, бір жерге келіп тоқтады: Бұл — үй арасы жолының екіге айырылатын жері еді, бірі — өз үйіне барады да, екіншісі — Төбеттің үйіне барады. Қайсысына түсу керек, әңгіме сонда. Жаңағы ойы шын ба еді? Соны істеуге бел буды ма өзі?..

Мұндай боп қыспаққа қысылғанда, бір жағына шындап бел буу деген Қарғабайдың әдетінде жоқ-ау. Ойланып-ойланып келіп, екі жағына да бел буа алмай дағдарып тұратын ғой бұл. Ақырында сол жұмыс өзінен-өзі істелген сияқты боп орындала салатын. Шаруашылығына да солай еді-ау бұл: «Күрең бестіні үйірге салу керек пе, жоқ па?» деп он күндей ойлап басын қатырып жүргенде, күрең бесті мұның ұйғарындысын күтпей үйірге өзі түсіп кеткен ғой. Ондай жұмыс көп болатын еді ертеде. Бірақ мынаны сонымен теңестіруге бола ма? Мұны әбден салмақтап барып шешу керек-ау...

Қарғабай екі оқтыланып жол айырымында бірсыпыра тұрды. Көк жүзін бұлт қайтадан қаптап, қараңғылық қоюлана түсті. Мауыққан мысық па, жылаған бала ма — оң жағындағы қарауытқан қораның іші ың-жың болды. Бұл Сәтмағамбеттің үйі-ау?.. Сәтмағамбет жақында қайтып еді. Бүгін күн бейсенбі екен-ау...

Қарғабайдың ойын жоқ жерде басқа нәрсе бұрып әкеткені. Әлденеге еті түршіккен секілді. Қора маңында бірдеме қараңдап па, ағараңдап па жүрген секілденді. Бұ не сұмдық-ау... Қарғабай өз үйіне бұрылса, қораны жанай жүру керек... Қарғабайдың батырлығы оған жетпеген секілденіп Төбеттің үйіне беттеді. Ойынан Сәтмағамбетпен былтырғы бір ұрысқаны, тісін ақсита тістеніп, жеп жібере жаздағандай боп Сәтмағамбеттің бұған ұмтылғаны... көз алдынан кетпеуін қарашы... Қарғабай алақтап артына қараймын деп, кенет сүрінді, мұрттай ұшып, көлкіген судан ортасына түсті. Сәтмағамбет келіп желкесінен түйіп жіберген секілденді... «Пісмілдә, — пісмілдә» деді Қарғабай суға малшынып тұрып жатып. Суды кеше-меше, басқаны ойлауға мұршасы келмей, жүгіре басып Төбеттің үйіне жетті. Ала аяқ ит арсылдап үруін үдете түсті. Қарғабай есін жаңа жинағандай боп, терезе жарығына жақындап, үстін қағынып, демін алды. Манағы ой қайта

қаптады басына, ay, бұған бел буып па еді бұл?.. Адасып жүрген жоқ па? Қатуланып жүрген болса қайтеді?. Жанға ақылдасқан жоқ, өз бетімен жұмыс істейтін кім еді бұл? Тым болмаса Батсайыға айтуы керек емес пе?.. Осыны бүгін қоя тұрса қайтер еді, ә?..

Ойға шомып тұрып Қарғабай еріксіз үй ішіне көз салды: Төсек үстінде күбідей боп, бурыл жібек сақалын сипай түсіп, күлімдеп Төбет ақсақал шынтақтап жатыр. Оның бас жағында — бір аяғын көсіліп, жалаңбастанып білекті түрініп Зұлқан соғып отыр көпірініп. Ақмедия, Шайқы, Құтпан, Абылай, Қортық тағы басқалары бар — үй толы адам. Не сөйлесіп отырғандарын білер ме еді, ә?.. Қарғабай күртік қарға белден батқанына қарамай терезенің ернеуіне келді. Зұлқанның бір сөзі естілсе, екіншісі естілмейді. «Қарғабай Қайралапов» деген сөздің құлағына сап ете қалғаны... Қарғабай етіне біз сұққандай түршікті. Емпеңдеп, жүрегі алып ұшып, терезеге жақындай түсті. Зұлқан қасақана істегендей күбірлеп сөйлеп, бірін дұрыс есіте алмады Қарғабай. Оң қолын шолтаңдатып, жұдырығын түйе түсті Зұлқан. «Апырым-ай, бір сөзін де есіте алмаймын ба осының?» — деп, Қарғабай терезеге төне түсемін дегенде, желкесінен бір нәрсе күрс ете түсті. Соның салмағымен Қарғабай басымен терезені сүзді. Терезе де салдыр-күлдір қирап, терезенің ағашын мойнына іліп Қарғабай үйге кіріп кеткендей де еді, біреу аяғынан ұстап кейін қарай сүйрей жөнелді...

Үй ішіндегілердің қандай күйге түскенін Қарғабай біле алған жоқ. Ол есі кіресілі-шығасылы күйде біреудің текпісінде домалап жатқанын ғана сезеді.

— Өлтір итті!.. Тірі жіберме! — деді біреу барылдап...

...Қарағабай есін жинағанда өз үйінде, өз төсегінде жатқанын көрді. Күннің көзі сонау баған түбіне түсіпті, түс болып қалған-ау... Көзін жүгіртіп үй ішіне жағалай қарағанда, төр алдында отырған милицияны көріп, әлденеге сескенді: «Бұл неге келеді? Не істеп отыр? Мен неге жатырмын осы?» деп ойлады.

Бағанға арқасын сүйеп, жыртық кепкені милықтандыра киіп, милициямен сөйлесіп Сәрсекей отыр еді. Қарғабай бар күшін салып соның сөзін тыңдады:

— Мен басқасын білмеймін: үйге келе жатыр ем, шаң-шұң дауыс шыққан соң әдейі бұрылып бардым, барсам, Қарғабай есін білмей жатыр екен...

Қарғабайдың ойына түнгі оқиға енді келіп түсті. Түсуі-ақ мұң екен, өзін-өзі ұстай алмайтын күйге жетіп, орнынан көтеріле түсті.

— Жолдас милице! Мен байлардан көрдім көресіні. Мен дейтін болсаң, Төбеттің басын түрмеде шіріт! — деді.

Осыны айтуы-ақ мұң екен, көзінің жасы ыршып атыла берді. Батсайы ауыр күрсініп, орамалмен Қарғабайдың көз жасын сүртті.

— Төбет, терезесін өзі сындырып, жаласын аударып отырған жоқ па? Осы жерін сезе алдың ба? — деді милиция Сәрсекейге.

— Айта алмаймын, — деп Сәрсекей басын шайқады.

IV

Ауыл адамдарының бірсыпырасының бас қосатын жері Төбет ақсақалдың үйі. Бір кезде бес-алты бөлмелі ағаш үйге ие болған кісің еді бұл Төбет. Соңғы бір-екі жылдың ішінде Төбет ақсақалдың малы судай ақты да, аяғында кеп ағаш үй де сатылды.

— Қайтқан дәулет солай болмақ қой, бір қыры кеткен соң бола ма? — деп кемпір-шалдар аңыз қылысты.

— Мал деген қолдың кірі емес пе, бағынан айырылмаса болды да, — деп көңіл жұбатушылар да табылды.

Кемпір-шалдың ұйғаруынша Төбет — «бағы» тайған кісі емес еді. Төбеттің ширегіне келмейтін, бір кезде Төбеттің кебісін салып жүрген кісілер «құқ» болып, мүлкі қатталып «барса келмеске» жол тартты. Төбет әлі елде. Елде болғанда — жұрттай қопаңдап, көрінгенге айтақтап отырған кісің емес, «істерімді істедім, енді менде жұмыстарың жоқ» деген кісідей, — уайым-қайғысыз шалжиюмен жатыр.

— Сабаз, Төкендей кісі бар деймісің, айылын жиюды білмейді, жанның тісі батпайды... Жалғыз-ақ сақтығы — баяғы би боп жүрген кездегі қағаздарын өртеген білем... Баяғы Жұмағалиды орысқа ұстап беретінде алған медалі болушы еді ғой, соның қарасын батырған білем...

— Ай-һай-һай, алыстан шолуын қарашы, соның өзіне де ми керек-ау...

— Ерден иман құтылмайды деген, дүниені сүйтіп келді де, ақырында құдайды тапты: Әзірет Сұлтанға бір барғанда екі барып күні-түні таспиқ тартатын болды...

Төбет ақсақал туралы тараған осы сияқты сөздер елдің бірсыпырасының-ақ аузында жүр. Бұл әңгімеге жастар да қанық. Ауыл аралаған өкілдердің құлағына да шалынады, бірақ ескерусіз қала береді.

Төбет ақсақалдың тоқалынан туған бір ұл, бір қыз бар еді. Қызы ажарға тәуірлеу болды да, ел қыдырған оқығандар Төбеттің үйін жағалайтын болды. Жұмысы болсын-болмасын, елдің атын сабылтып тепектеп бара жатқан «қара таяқты» көресің.

— Уа, жол болсын!

— Бір жұмыспен осылай қарай бара жатқаным...

— Айқу-ай, Шекер сұлуды көруге барасың-ау, ә? — дейді ондайлар біріне-бірі кездескенде.

Алғашқы кезде бұл қызды ауыл белсенділері иемденіп, одан аудан көлеміндегі оқығандар араласты. Сүйтіп жүргенде «бәріңдікі де әурешілдік» дегендей боп, өлкеден келген Орынбай дейтін қутыңдаған бір өкіл Шекер сұлуға жабыса түсті.

— Менен несін сұрайсың, шырағым, заман өздеріңдікі, біріңді-бірің ұнатсаң, қосыла беріңдер, — деді Төбет ақсақал мырс-мырс күліп.

Ақылды-ақ емес пе, ә?

Ауылдың кейбір белсенділері, ауданның кейбір қызметкерлері Төбет ақсақалдың кім екенін жаңа таныған секілденіп, «құдайын танытамыз» деген болысып еді, күйеу шіркін қайын атасын қайдан тәлкек қылдыра қойсын-ау, әлгі қиқайып жүрген белсенділердің кейбіреуі «бас бұзар» атанып сотқа ілікпей аз-ақ қалды.

Сонан былай Төбет ақсақалдың үйіне өткен-кеткен өкілдерің де ат басын тірейтін болды. Ондайлар Төбетті іздеп келмейді, Шекердің төркінін іздеп келеді, қайтерсің...

Төбет ақсақал таспиқпен шұғылдануда. Дүние сөзіне кірісу деген оған жат. Баласы жастау еді. Дегенмен әкесіне тартқан пысық. Төбет ақсақал осыны сезгендей шаруа билігін баласына түгелімен берді. «Шауыпкел Төбетов» дейтін пысық, көзі қара бала осы кісінің баласы. Өзі комсомол. Ауылдық кеңес Әбдіқанға хатшы боп жүрген де осы бала. Жазғанда қолы-қолына жұқпайды. Әбдіқан Момынов дейтін жігіт шын момын ғой: дұрыс істеп жатсың, бұрыс істеп жатсың — «мынауың былай ғой» деп Шауыпкелге бір айта ма екен сірә... Айтуын былай тұрсын», Шауыпкел бала қағаздың көбіне Әбдіқанның қолын сыртынан қойып жібере береді. Сенісіп істеген соң солай болмақ қой...

Осы елдегі Әбділда дейтін молда молдалығын тастаймын деді де, жұртты нандырамын деп бас салып ішіп, карта ойнады. Соның сәлдесін Төбет ақсақал сұратып алған ғой. Алғаннан бері бұл сәлдені басынан түсірген емес: басында сәлде, қолында таспиқ. Бірақ, бір ғажап жері — бұрынғы сопылар құсап көзін жұмып мүлгімейді, көзі маңайының бәрін шолып отырады. Құлағы да түрік: сыбырлаған сөзді де естіп отырады.

Ақмедия, Зұлқан сияқты кәзіргі «пысықтар» тізгін өзімізде деп ойлағанмен, неге екені белгісіз, бірер керекті жұмысқа кірісерде осы Төбет ақсақалдың үйінде отырып кеңеседі. Төбет ақсақал бұлардың сөзіне кірісе ме:

— Менен аулақ, шырақтарым... Асырадым, баулыдым, жұрт қатарына қостым, енді, маған тыныштық беріңдер, — деп бұдан бір жыл бұрын ашып айтқан болатын.

Дегенмен керекті кеңес әлі осы есіктен тарайды. Әңгімені ортаға салушы Зұлқан болады. Төбет ақсақал таспиқ тартқан күйі, бұлардың сөзін елемеген болып отырып, кейде, «хе-хе-хе» леп тықылдатып күледі, кейде «е» деп тіксініп қалады; кейде, «ау тоба!.. Шүкір, шүкір» — деп қояды. Осы дыбыстарының өзінше ерекше мағынасы бар, Төкең үйіне жиналатындар мұны ұғына біледі, соның ыңғайына қарап жұмыс жоспарланады.

Түннің бірсыпырасы өткен болса да, жиылыстан тараған Зұлқан мен Ақмедиялар тобын жазбастан Төбет ақсақалдың үйіне келіп, есіткен-білгендерін ортаға салды. Содан кейін колхоздың келешектегі жұмысын кеңесті. Кімді қай орынға сайлау керек, қай жұмысты қалай атқару керек, — әрқайсысына арнаулы ұйғарынды шығарылып жатыр. Тіпті бір есептен осының өзі колхоз басқармасының мәжілісі сияқты-ау, әлгі ұйғарындыларын Зұлқан қойын книжкасына жазып отыр... Бір жұмысқа лайықты адам қарастырғанда Зұлқан Қарғабай Қайралапұлын атап еді, Төкең тіксініп, ұнатпаған пішін көрсетті. Зұлқарнай бұл қатасын тез түзейін деген кісідей боп, Қарғабайды балағаттап, жамандап даурыға жөнелді. Қарғабайдың бұл үйдің терезесіне келгені де тап осы кез еді-ау... Қарғабайды колхоз жұмысына араластыру былай тұрсын, өзін конфискелеп жер аудару керек деп қорытынды шығаруға қалғанда, салдыр-гүлдір терезе қирап, терезе ағашын мойнына іліп алған Қарғабайдың басы, шоқша сақалы, имиген тұмсығы, адырайған көзі көрінді. Үйде отырғандар үрпиісіп, бірер минут естерін жия алмаған секілденді...

Төкең ақсақалдың сақтығы-ау, жастар жиналып үйіне келсе, інісіне ым қағады. Төкеңнің қасы мен қабағына қарап, өзін сол Төкең үшін тудым деп білетін бір інісі бар. Мынадай кісі басы құралып кеңеске кірген кезде, ол ала аяқ итті жанына алып, даланы торумен болады. Ауыл үй отырып осы сырды сезбей жүрген Қарғабай аңқау-ау... Қарғабайдың аяғынан сүйреп, тепкінің астына алып жүрген сол кісі еді...

Бұл оқиға кенет кездескендей болып, жастар жағы не істерін білмей дағдарған секілденіп еді, Төкең кемпіріне қарап:

— Милицені шақыр! Мені басынатын Қарғабай кім еді? — деді ашуланып.

... Жоғарғы Қарғабай үйіндегі Сәрсекеймен сөйлесіп отырған Жаманғали милиция түн бойына осы үйде протокол жазумен әуреленіп, оқиғаның тууына не себеп болғанын, неден басталғанын біле алмай-ақ қойды.

Осы қарсаңға Қарғабайдың үйіне Мырзалық келді. Бұл — таң атқалы Мырзалықтың бұл үйге үшінші келуі еді.

— Қалай, есін жиған жоқ па? — деді Мырзалық Батсайыға.

Қарғабай көзін ашып Мырзалыққа бақшиды:

— Мырзалық! Осы кегімді де жібересің бе? Өлтірді ғой мына байларың... — деп Қарғабай тағы қамықты.

Мырзалық үндемеді.

... Жаманғали милиция газетке оралған темекісін алдына жайып салып, шылым орауға кірісті. Ойы өткен-кеткенді шолумен болды. Әсіресе түнгі колхоз жиылысы. Жергілікті кеңес орындарының сол жиылысқа иелік қыла алмағандығы... Жиылыстан тарағанда Жаманғали Кәтимәні тағы қолтықтап қайтты. Шынын айтсақ жұрттан қалып Кәтимә мұны есік алдында күтіп алды. Екеуі қолтықтасып келе жатып колхоз жиылысында болған кемшіліктерді сөз қылды. Одан басқа сөзге екеуінің де аузы бармады. Басқамен шынында жұмыстары да жоқ секілді еді...

Бұлар жиылыстан қайтқанда — Тоғызбай отағасы мен кемпір асын әзірлеп, бұларды күтіп отырған болды. Ас жеп отырып Жаманғали милиция баяғы әңгімесіне тағы кірісті:

— Апырым-ай отағасы... Балаңыз кеңес мектебінде оқып жүр. Қызыңыз комсомол... Осы ауылдағы саналы адам дегеннің бірі, сіздің өтірік айтуыңыз... — деді.

Тоғызбай отағасы мықты ұялыс тапқан секілденді. Оны-мұны айтқан боп баспақтатып отырып күндізгі оқиғаға көшті. Оның ішінде қызыл қашардың тұқым жегеніне де тоқтап өтті. Мырзалық пен Қайқытөстің колхоз мүлкіне шын жаны ашитын адамдар екенін де сездірді. Сүйтіп отырып Құтпанның аты аузына түскенде Тоғызбай отағасының қабағы кіржиді.

Кәтимә әкесінің сырын білетіндігін істеп:

— Бүліктің басында жүру ол кісінің қашанғы әдеті емес пе? — деді.

— Қашанғы әдеті иттің... Әкесі сотқарлықпен екі үйдің басын бір жерге қоспай өтіп еді, —деді Тоғызбай.

Осыдан былай күндізгі жанжалдың неден басталғандығы біртіндеп ашыла келіп, Жаманғали милиция мүддесін орындаған адамдай жымың қақты.

Кемпір-шал ұйқыда. Жаманғали шамға төне түсіп жазумен болып отыр. Қолы тым дөрекі. Жазуында түр жоқ. Сөз құрауы онша кестелі емес. Бірақ өзі түсінеді. Осыдан артыққа Жаманғалидың әлі де келмейді... Шынында — Жаманғалидың өміріне таныс адамдар — Жаманғалидың осы жазу жазып отырғанын көрсе, мықты таңырқар еді-ау: күні кеше кісі есігінде жүрген батырақ еді, енді хат танып, саяси сауатын ашып, кеңес милициясы болып, осындай тап күресінің шиеленіскен дәуірінде мынадай шатақ жұмыстарды, таптық көзімен қарап, дұрыс шеше алып отырғаны...

Жаманғали күлімсіреп бас көтерді. Кәтимә төсекте жатыр. Шымылдықтан беті ғана көрінеді. Кітап оқып жатыр. Кітап кейде Кәтимәның бетін бүркеп кете береді...

Жаманғали күрсінді.

Бұл өткен түнгі оқиға. Жұмыс арасында кейде ойға шомып кете беретіндігі бар-ау... Қой, мына жұмысты бітіруі керек. Жаманғали шылымын тұтатып, Қарғабайға бұрылды.

Төсекте жатқан Қарғабай ыңқылға басты. Мырзалыққа қарай түсіп Батсайы отыр.

— Мырзалық жолдас, мен мынаның ұшығына шығудан қалдым,— деді Жаманғали жалыққан түрмен.

— Шыққыңыз келетіні рас болса, ұшығына шығу қиын болмас, — деді Мырзалық күлімсіреп.

— Олай деме, Мырзалық... Екеуміз де партия мүшесіміз, кел, шын сөйлесейік.

— Жақсы... Сөйлесейік, — деп Мырзалық оған жақындай түсті.

V

Жұмақан Дүйсенбаев осы «Қызыл жалау» колхозындағы партия ұясына хатшы болып келді. Келу тарихы былай: бұрын да ячейка хатшысы еді, райком шақыртып алып мұны партия мектебіне оқуға жібермек болды. Мандатын қолына берді. Банкадан жолдық ақшаңды ал деп қағаз да жазып берді.

«Жұмақан Дүйсенбаев оқуға баратын болыпты-ау... Байғұс, енді, адам болады екен», — деп мұны білетін жолдастар сыртынан әңгіме де қылды.

Бірақ Жұмақан бармады. Бармауын былай тұрсын, райком хатшысының кабинетіне кіріп, Жұмақан керісіп отырып алды:

«Зорлап жібермексің бе?»—деп.

Райком хатшысы түсіндірмек боп: — байғұс-ау, оқуың керек емес пе? Шала сауатты болып отырып партия басшылығын қалай жүргізбексің? — деп еді, Жұмақан мұны мықты ауырлады. Содан кейін райком хатшысына тіл қатпастан салбырап тысқа шықты. «Неге түйлікті бұл? Не жазығым бар? Науқанын орындап бердім. Жұмысымнан әшепке шыққан жоқ. Не қыл дейді маған» — деді Жұмақан аузын бұртитып.

Ашумен онша үйірлігі жоқ, жайдарылықты сүйетін жігіт қой Жұмақан. Әлдеқалай ашуланса, істің артын ойламай кететін де мінезі болатын. Сонысына басып бақылау комиссиясының ағасы Қасен Байдәулетов дейтін жігітке келді. Мұнымен жақсы таныс еді. Былтырғы астық науқаны кезінде Қасен осының еліне өкіл боп шығып, осы Жұмақанның үйінде жатқан. Замандаспен ашық мінезді, арпыл-тұрпылдау жігіт болатын Қасен. Бірақ мінезінде «қазақшылық» белгісі білінгенмен, ісіне берік кісі, Жұмақанның айыбын ылғи бетіне басып отыратын:

— Сен оңбағыр мына қатынды бекер алғансың, саған лайық қатын емес бұл, сені уысынан шығармайды, менің қолыма түсер ме еді бұл... — дейтін әзілдеп.

Жұмақан осы Қасенге оңаша жолығып, неге ренжіген себебін айтты. Қасен оған телміре қарап, бірсыпыраға шейін үндемей отырды:

— Оңбайтын адам екенсің ғой... Есің болса оқудан қашар ма ең!...

— Қашпаймын оқудан, бірақ осы жолы бармаймын! Не үшін жіберейін деп отырғандарыңды білемін, — деді Жұмақан сұрланып.

— Не үшін жіберейін деп отыр, айтшы, қане, білсең?...

— Бармаймын деген соң бармаймын! Көпсінсеңдер билеттеріңді қайтып алыңдар, — деді Жұмақан көпірініп.

Бұдан әрі сөзге келмей есікті тарс ұрып шығып кетті. Қасен көп ойланды. «Саналы коммунистке лайық жұмыс емес-ау бұл. Мұндайды тәртіпке шақырмаса бола ма?..» Бірақ осы жерде Қасеннің өмірінде бұл сирек кездесетін жұмыс, — Қасен осыған ымырашылдық қылған сияқтанды. Жұмақанның бір сөзін Қасен өзінше ұғынды. «Не үшін жібергелі отырғандарыңды білем» деді-ау ол. Сонда бұлар Жұмақанды қуып жіберіп, қатынын алып қалған болып шыға ма?... «Оңбағыр екен ғой өзі, не деп соған аузы барады?» — деді Қасен ішінен. Осыны ойлағанда өзі қызарынды. Райком хатшысына жолығып Жұмақанды оқудан босаттырды. Сол қарсаңда «Қызыл жалау» ячейкасының хатшысы орнынан алынды да, Жұмақан Дүйсенбаев соған хатшы болып сайланды.

Жұмақан «Қызыл жалау» ячейкасына хатшы болып келгенде, бұл елдің адамдары дуанға үсті-үстіне ат шаптырып, «Табысқа мастану» деген мақала басылған газетті үй басы бір данадан алып үлгірген кезі еді. Көпшілік бұл мақаланы өздерінше түсініп, колхоздың шаңырағын ортасына түсіріп, «басбұзарлардың» бірсыпырасына қол, күш жұмсауда ойларында жоқ емес еді. Аудан өкілі Кетебай қыс бойы осы елде жатқандықтан, «басбұзардың» бастығы сол деп танытып, оның үгітін тыңдаудан бұл ел таза қалып еді. Тап осы қарсаңға Жұмақан келді де, Әбдіқан ауылнайдың үйіне түсті.

— Ячейке келіпті... Хатшы келіпті...

— Қатыны бір сылқым екен.

— Бұйым дегеннен көше алмай жатыр екен...

— Жайдары жігіт болар өзі: келе сала Әбдіқанның домбырасын тартып, қатынымен әзілдесіп жатты.

— Зұлқан барып танысып та үлгіріпті, — деп «Қызыл жалау» елі Жұмақан атқа қонбай жатып, кім екенін, не істейтінін күн бұрын болжап қойған сияқты болды.

Жұмақанның бастап танысқан «белсендісі» Зұлқан болды. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген-ау Жұмақан Зұлқанды өзіне үйірілтіп, сол арқылы колхозбен танысты, колхоздың адамдарымен танысты, әсіресе Зұлқанның айтуымен Жұмақан Ақмедияға көрмей ынтық болды. «Жақсы жігіттер бар екен, абырой алады екем» деді Жұмақан күлімдеп.

Елді тегіс аралап шықты. Шаруалармен жекелеп те сөйлесті. Ақмедия, Зұлқандардың үстіне берілген арыздарды да алды.

Құлшарыппен, Мырзалықпен де сөйлесті. Оншақты күннің ішінде «Қызыл жалау» колхозының адамдарымен мидай араласып кетті. «Мұнысы теріс емес, біліп алайын деп жүрген шығар» — деп Мырзалықтар ішінен сүйінді де.

Бірақ Мырзалықтар бұлай ойлағанмен де, Жұмақан бұл саясаттан аулақ еді. Мұның саясаты көпшіліктің көңілін тауып, өзіне тапсырылған жұмыс болса сол көптің ала-құласының бәрін біріктіріп отырып, тез ғана орындап шығу еді. Солай істеп дәндеп те еді. Сосын бір ғажап жері — өмірге өзінің пікірін айтпай, өзінен жоғары адамға жетектеген түйеше желкілдеп еру еді. Жұмақанның бұл сырын оңайлықпен сезу қиын. Бұл Жұмақанша айтсақ, астарлы сыр да емес. Жұмақанның бар мақсаты міндетті жұмысын орындап шығып, жаман атқа ілікпеу ғана. «Бұдан қанша айыпты болам?» дейтін Жұмақан өзіне-өзі жүгініп.

Бүгін жалпы жиылыстың алдында партия мен комсомолдар жиылысы өткізілгенде, Мырзалықтар, Кетебай өкіл оның ішінде болмады. Колхоз басқармасына ұйғарылған адамдарды есіткенде Кетебай өкіл азырақ наразылық білдірді:

— Жаман адам демеймін. Бірақ осы елде ру жігі де жоқ емес. Мырзалықтар жағынан да адам кіргізу керек еді, — деді ол босаңдау.

Осы «әшепкені» колхоз жиылысында түзерміз деп ұйғарысқан секілді еді, оған қаратпай, тізбені Зұлқан жариялап салды да көпшілік қол көтеріп, жұмыс сонымен бітіп қалды.

Әйткенмен жиылыс тарардағы Мырзалықтың қатаң сөзі Жұмақанға ауыр тиейін деді.

...Әбдіқан тұрған ағаш үйдің бір жағы Жұмақанның пәтері. Жұмақанның әйелі Ырысбике дейтін — Қалжанның Оразының қызы ғой. Ораздың дүрсіп тұрған кезінде бұғағы салбыраған, көзі тостағандай үлкен қара торы бәйбішесі болушы еді, содан туған қызы ғой бұл. Үй жабдығына құнтты-ақ. Қай елге келсе де бірер күннің ішінде: шайың, қантың, ұның, етің Ырысбикенің маңында үйіліп жатады.

— Мен болмасам аштан өлер едің-ау, — дейді Ырысбике Жұмақанға күлімсіреп.

Күлгендегі көзқарасының өзі-ақ өлтіреді-ау кісіні: Мағыштың Нағимасы қалай күлуші еді, тап соны көргендей боласың.

Жұмақан жұмыстан қайтқанда, я жиылыс өткізіп қайтқанда, үйіне жеткенше жұмысын ойлаумен болады, үйіне аттап кірсе, Ырысбике қырын тұрып, күлімсірей қараса, әлгі ойының бәрі жоғалып, Жұмақан екінші дүниеге кіргендей болады. Арсалаңдап сыртқы киімін шала шешініп, бара Ырысбикені құшақтайды.

— Қой деймін, біреу кіріп келсе...—дейді Ырысбике қылымсып.

Ас үйде тамақпен алысып, терлеп-тепшіп, сасқалақтап қызметші әйел жүреді.

— «Қожайын» келді білем, келін қуырып жанымды шығарады-ау енді, — дейді ол сасып.

Қай колхозға барса да Ырысбикеге деген жалшы әйел «құдай арнап жаратқандай» дайын тұрады.

— Мынауыңның тұзы кем. Пісірген асың құрысын, өзім араласпаған соң ғой, — деп кінә тақпай тамақ ішкен емес Ырысбике.

Өзі араласса қой деп отырған кім бар екен-ay?... Кейде Жұмақанның тізесін баса отырып.

— Жеші бүгін, өзім істедім тамақты, — дейді Ырысбике.

«Өзім істедім» дейтіні — тамақ істеп жатқан кезде ас үйге бірер кіріп шыққан болады. Еңбегі зая болған жалшы әйел босағада отырып, ауыр күрсінеді.

Төсек үстінде шайы шымылдыққа оралған бесік. Бесіктің ішіндегі жас бала аяқ-қолын тырбаңдатып оянады.

— Оянды қалқам, алшы әкесі, мен ет турайын, — дейді Ырысбике.

Жұмақанның да балаға әке болғаны-ау, не деген қуаныш! «Айналайын Советтен! Совет орнамаса, бұл қызықты мен көрер ме ем?!» — дейді Жұмақан ондайда жымыңдап. Арсалаңдап баласына жабысады. Шөпілдетіп сүйеді баласын. Capы қазының майын тамшылатып турап байы мен баласына кезек қарай түсіп, күлімсіреп Ырысбике отырады. Не деген қызық тұрмыс, ә? Осы тұрмысты бұзып оқуға бар деді-ау бұған? Оқу қайда қашар дейсің, өзіне-өзі келіп алсыншы...

Сары қазыға тойып, Ырысбикеге аяғын сипатып, баласын үстіне секіртіп, бастан өткен өмірді қиялымен шолып Жұмақан көлбіп жатыр еді, есіктен Мырзалық пен Құлшарып кірді. Бұл екеуі өткен өмірінде ауылда өскен адамдар болса да, мына көрініске таңырқады білем, біріне бірі қарады.

— Ә, жоғары шығыңдар жігіттер, отырыңдар, — деді Жұмақан көтеріле түсіп...

«Әдебиет майданы» 1935жыл, №8—9. (Аяқталмаған.)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз