Жақсылықтың ауылы

— Жақсылық-ау, шөпті екеуміз бірігіп шапсақ қайтеді? Сеңде бір пар өгіз бар, менде ана тай өгіз бар, салқам арбаларды құрастырып тасып алармыз, — деп Мергенбай Жақсылықтың жанына таман келіп отырды.

Қос Жалтырдың басында отырған 20 шақты үй бар. Сәулетті ақ үйлер бір өңкейленіп көлдің күн батыс жағына қонғанда, кілең қара үйлер сұрыпталып Ақсуаттың нақ басында отыр. Екі ауылдың арасы шақырымға толар-толмас, ауылдың арасында жүрген қыдырмалар, келген-кеткен кісілер екі ауылға да көрініп тұрады.

Кілең қара үйдің орта шеніндегі Жақсылықтың үйі. Жақсылық кедейлердің ішіндегі еті тірісі. Аздап хат таныды. "Ауыл тілін" алып оқып тұрады. "Ауыл тілінде" "Сұрау-жауап" бөлімі ашылған соң, мен де сұрап көрейінші деп Жақсылық басқармаға бір-екі сұрау жіберген. Артынша болмай газетте сұрауына толық жауап басылып шықты. Ол сұрауы байлар мен жер таласы жөнінде еді. Газеттегі басылған жауапты қолданып, жер мекемесі арқылы ізденіп, талас мәселені Жақсылық өздерінің пайдасына шештірген. Содан бері Жақсылықтың газетке қандай құмарлығы артса, ауылындағы кедейлердің де Жақсылыққа сондай сенімі артты. Жұмыстан қолдары босады дегенше, Жақсылықтың үйінің жанына жиналысады:

— Жақсылық, газетің не айтады?

Жақсылық газет оқыса, бәрі де тына қалып, тыңдап болып:

— Ып-ырас-ау, осының бәрі де елде бар, Малайдың ақысын жемейтін бай жоқ. Алаңғасар деген баланы 5 жылдай құлданып, Кәрім биыл бір тиын берместен қуып жіберіп отыр ғой.

— Осыны газетке жазса қайтер еді?

— Жазса қайтсін, Алаңғасардың ақысын алып береді.

Бәрі бірден шулайды:

— Жақсылық, жаз газетке, ана балаға обал болды де Кәрім деген Никалай кезінде 6 жыл би болған кісі еді де, Кәрімнің Жаманбайға 3 жасар қызын беріп, қырық жетінің малын санап алып отырғанын айт. Бәлем, өзі де тасып еді, аяғына бір қан түссін!

Бірсыпырасы газетті айтып шуласа, шетте отырған Ыбырай өзінше соқалайды:

— Әне, көрдіңдер ме, ана ортадағы Кәрімнің үйінен шығып бара жатқан екі жаяу — біздің Сылқым мен Көбек.

— Е, неге шықсын, бар қымызын Кәрім соларға береді. Семірікен иттей қымызды беріп-беріп, қит етсе бізге қарсы салады. Биыл Қараөзекке дауласып сотқа түскенімізде осы екеуі байларға куә болып шыға келген жоқ па?

— Оны айтасың-ау, кешегі бөлістегісі қызық болды ғой. Жаңабай обасының бауырын Кәрімдерге беру керек деп:

— Өй, сонда да Шоңмұрыннан оздыратынымыз жоқ, Сылқым ерегесіп болмай жүр еді, бір кезде Шөкең аттан түсе қалып, білекті сыбанып келе жатыр: "Құдай болсаң кел, байыңмен бірге тығамын көрге деп. Сылқымның көзі барып ауылнайға шаққан болып еді, ауылнай күліп. "Шөкеңе айтар сөз жоқ, заманы туды, ұрса ұрып та алар..."' — деді.

— Ауылнай да жарайтын жігіт болды. Биыл өзін білгендей сайлаған екеміз...

Манадан бері даң-дұң әңгімеге қосылмай Ысқақ жеке отыр еді. Ысқақ өткен-кеткенді ойымен шолып отыр еді. Біраз тыңдап отырғаннан кейін күрсінді:

— Шүкірлік қылыңдар, балалар... Кәрім екі сөзінің бірінде "атамның обасы" деп кеудесін ұрып болып еді, әкесі Жаңабайдан бері "Қос обаны" "Жаңабай обасы" атандырып, бір кедейді аттатып бастырмайтын еді... Енді, сәбеттің арқасында Жаңабайдың кеудесіне біз міндік. Кек бітті. Ендігі қалған өмірді осы жерге еңбек сіңіруге салу керек — деді.

— Тоқтай қал, Ысекең трактор алуға аяқ салды білем, — деп жастар жағы күлді.

— Алса қайтеді, тракторды жүргізе алмас дейсің бе? Осы жерде он үй кедей бармыз. Он үй ортамыздан алсақ, барлық жұмысымызды бітіріп, жағамыз жайлауда болып отырар еді. Мына қаладағы Күргерей, Петраларды көрмейсің бе, былтыр трактор алып еді, содан бері дамыл таппай жүргізіп, ұшан-теңіз пайда қылып отыр.

Жастар жағы пәлен деп қарсы болмаған соң, Ысекең тасып кетті-ау деймін:

— Жақсылық, газетіңе жазшы, бізге трактор алуға бола ма екен? Аламыз десек, бере ме екен?

— Аламыз десек, неге бермесін, бірақ оған ақша керек қой.

— Ақша керек болса, сол ақшаны бізге бере тұратын орын болмас па екен, соны сұра.

— Әй, сөйту керек, сұра, Жақсылық ақша берсе, біреуін алайық та қояйық!

— Сұра, сұра!

— Жаз газетіңе!

Насыбай орап жүрген қағазының жартысын жыртып алып, ұшы мүжілген кішкене қарындашпен Жақсылық басқармаға былай деп хат жазды:

"Ардақты "Ауыл тілі" басқарма!

Он үй кедейміз. Кәрімдерден жерімізді бөліп алып, бір өңкейлендік. Жердің нағыз шұрайын алдық. Енді осы жерімізге еңбек сіңіру керек. Сондықтан он үй кедей сұрайды:

1) Тракторды қайдан аламыз?

2) Трактор алуға керекті ақшаны бізге уақытша бере тұратын мекеме бар ма?

Осыған жауап берсеңіздер екен деп он үй кедей атынан.

Жақсылық Бердібаев".

* * *

Жақсылықтың ауылы жаңалыққа бет қойған. Жақсылықтың ауылы еңбекті сүйеді. Еңбек арқылы не керектің бәрін табамыз деп отыр. Бірігіп шөбін, егінін шауып алды. Бірігіп мектеп салып жатыр. Жас балалары мектеп есігінен жылтыңдап қарап, қашан оқығанша құмартып өліп барады.

Ауыл — жан кірген ауыл. Алдағы өмірге үмітті көзбен қарап, күлімсіреп отыр. Әлдеқайда көз ұшында бақытты өмір бар секілді. Соған жетемін деп жанталасып жатқанын көресің!





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)