Өлең, жыр, ақындар

Жасырын жиылыс

(пьеса)

Бір перделі пьеса

Құлтай - белсенді.
Нұрыш – колхозшы.
Таңқы бай – колхозшы.
Ержан.
Несібелді.
Жүсіп.
Paxила.Тасболат.
Мұғалім.
Райком хатшысы.
Әлжан.
Балалар.
Хасенов - ячейка хатшысы

Бірінші перде

Ауылдың котаны. Шымылдық ашылғанда: Құлтай, Нұрыш, Таңқыбай, Ержан, Несібелді, Рахила отырады. Сахна сыртында біреудің салған әні естіледі. Отырғандар құлақ тігеді.

Нұрыш. Тыңдаңдар, тыңдаңдар. Шошқа мен молданың айтысы...

Шошқа.

Жатыр деп есіткен соң көр аузында,
Қоштасып алайын деп жол аузында,
Keп тұрмын көңіліңді сұрағалы,
Достым ең салдырмаған ел аузына.

Молда.

Құранда сені қарам дейтіні рас,
Басқаның мұсылманнан жейтіні рас.

Шошқа.

Неліктен құран мені арам деген?
Деп тұрмын осы араның себебін аш!

Молда.

Бұ жерін айтқан білем пайғамбарым.
Жарқыным, аулақ кетші, нашар халым.

Шошқа.

Беріп кет теңдігімді о дүниеге,
Нан соғар, мені осынша жамандадың...
Сахнаға Жүсіп келіп, бұларға қосылады.

Несібелді. Өлең айтып жүрген сенбісің? Қағынғыр,молданың мазасын алып-ақ болдың-ау.

Нұрыш. Жоқ, шошқаныкі дұрыс: айтысатын адамын тапқан. Сөзінің дәлелдісін көрдіңдер ме: молданы жеңіп кеткені-ау ол әлі.

Таңқыбай. Нұрыш, уа Нұрыш, қайтесің соны.

Нұрыш. Құлағыңыз үйрене берсін, Тәке.

Несібелді. Иә десейші. Одан да сорақысын естіп отырмыз ғой.

Құлтай (бөрікті шекесіне таман ысырып). Несі болмас дейсің, көне береміз де. Басымыз ноқтаға іліккен.

Нұрыш. Ойлаймын, ойлаймын, бір білместік етті ме деймін өзімізден: сонау бір адырақ көз өкіл келді ғой. Сөзі дұрыс еді соның: «қабырғаларыңа кеңесіңдер, салыстырып қараңдар» дегенді айтты ғой сол.

Құлтай. Мәссаған: өзі өкіл болсын да, сол сөзді айтсын. Рахила. Несібелді. Айтқан, айтқан. Таңқыбай. Айтқанмен ақылдасуға ерік берді ме? «Байшылсың, құйыршықсың» деп тақымдап, осы Құлтайдан өлдім сонда.

Ержан (күлімдеп). Бұл Қарабаланың белсендісі ғой. «Қарабаланың жолдасы маған былай деп айтқан», – деп жұрттың аузын ашырды ма?

Құлтай (қызараңдап). Сендердің осыларың құрысын қит етсе біреуге жабысасыңдар.

Ержан. Е, айтқаныңды жасырасың ба?

Нұрыш. Айтқансың. Ойбай-ау, «байшылсың» деп мені айналдырған ғой бұл. Осыдан сескенгеннен екі атымның бірін сатып құтылған жоқпын ба?

Таңқыбай. Мені айтсайшы: бір үйлі жанды асырап отырған жалғыз сиырдан айрылдым-ау!

Рахила. Жарықтық-ай, сүтті-ақ еді-ау!

Таңқыбай. Несін айтасың, Рахила? Соны саттырған да тап осы Құлтай: «Сиырыңды сатып құтыл, әйтпесе, тегін аламыз, ортаға түсіп кетеді», –деді.

Құлтай (ашуланып). Ал, бәріне де мен айыпты! Сотқа беріңдер, аттырыңдар мені!

Нұрыш. Бермек түгіл береміз сотқа! Мен кеше ячейканың хатшысын көрдім.

Таңқыбай. Е, Хасеновті ме?

Нұрыш. Хасеновті... Былай деді ол маған: «Егерки жолсыздық істеуші болды бар ғой, – деді, табанда сотқа беріңдер», – деді. Сотқа берсек, көзіңді желкеңнен шығарар!

Құлтай (шіміркеніп). Бермесең, қатын бол! Ұмытпа осы сөзіңді.

Ержан. Құлтай, сен кәріңді теге берме өйтіп! Біз де адам баласымыз. Қазақшылықтан арыла алмай, жауырды жаба тоқып, көрсек те көрмегенге салынып жүрген шығармыз.

Құлтай. Не істеймін сонда, ал, айта ғой?

Ержан (қатуланып). Айтсам ба, біріншіден – кеңесуге ерік бермедің, жұртты қуып тықтың. Басқадан көрмеймін, мен сенен көремін! Ал қош, оныңды да дұрыс дейін, енді келіп: «үйтеді екен, бүйтеді екен...» – деп жұрттың зәресін алуыңа жол болсын?

Нұрыш. Дұп-дұрыс, дүние пәле осыдан!

Таңқыбай. «Кірмесең, құқ қылам», – деп зәремді ұшырған ғой бұл.

Несібелді. Біздің үйдегіні «ит жеккенге айдаймын» деп қандай қылған!..

Құлтай (Несібелдіге ашулы қарап). Басқалар айтсын да.

Несібелді (жұлқынып) Біз адам емеспіз бе? Біздің де тіліміз бар. Жаның қысылса айтарсың: ауыз-мұрының қисаймай маған не айттың кеше, есіңде ме?

Таңқыбай. Тақымда, келін,тақымда! Қатындарды сөйлетпегеннен зиян көріп жүрміз осы. Таңатар аулына бір өкіл келген екен дейді, сол аяқ-табаққа шейін ортаға салдырамын деп... Содан қатындар жиналып, әлгінің өзін жаудай талаған білем... Енді өкіл келсе, «әйелдер біледі» деп қарап отыру шығар қызығы.

Жүсіп. Несібелді сөйлесін бір суырылып.

Несібелді. Адыра қал, кекетуін. Сендерге билік бергенде де көріп отырғанымыз мынау ғой.

Жүсіп. Тәкеңе айт, біз Тәкеңнің соңына ергеміз.

Таңқыбай. Қой, келінге мені шағыстырма. Ана Құлтайдың соңына түс, келін, дүние пәле содан!

Құлтай (шіміркеніп). Иә,дүние пәле менен, шауып алыңдар мені! Мен де табармын!

Кетеді. Аз тыныс.

Таңқыбай (қысылған түрмен). Қап, әлгі шіркінді ашуландырып алдым ба? Сөйлемейін-ақ деп ем осы. Ауыз баққаннан қызығы жоқ.

Ержан. Оныңыз қате, Тәке, сөйлемегеннің кесірі осы. Үндемеген соң кім басынбасын бізді?

Несібелді. Рас, бетін тырнап қалу керек! Өздерің қорықсаңдар маған беріңдерші, батыра-батыра айтайын.

Таңқыбай. Сүйтші, келін қарағым. Мен билігімді тап осы келінге бердім.

Рахила. Әй, әбілеттің сөзі! Одан да менің жаулығымды салсайшы басыңа.

Тасболат келеді.

Тасболат. Ay, ay... Шын солай ма?

Ержан. Нені айтасың?

Тасболат (отырып). Әлгі Құлтай жын ентігіп жүр ғой: «Байлар жасырын жиылыс істеп, колхоздан шығамыз деп жатыр», – деп. (Жұрт елеңдесіп, жағаларын ұстасады.)

Нұрыш. Дін жоқ шығар итте!

Таңқыбай. Құрысын, мен кетем... (Тұра бастайды.)

Несібелді. Ойбай-ау, бұзауым жамырап кетер ме екен?.. (Бұл да тұра бастайды.)

Ержан (кейіп). Апырм-ай, жандарың не деген тәтті? Құлтайдан келетін пәлені мен-ақ үстіме алайын. Сандалғанның сөзін! Қане, осы отырғанның қайсысы бай? Таңқыбай бай ма – тоғыз жыл қой бағып, кеңес үкіметі орнаған соң ғана көзін ашты.

Таңқыбай (отыра бастайды). Е, бәсе, солай, үй болып, түтін түтеткеннің өзі осы кеңес тұсында, ауылнайдың тізбесінен қараса да мәлім.

Несібелді (отырып). Біздікі ше? Біздің үйдегінің малайлықтан құтылатыны – шырайлым ұзатылатын жылы еді-ау, шешей?

Рахила. Солай екен-ау, келін.

Жүсіп (күлімдеп). Өзіміз әлі малайлықтан құтылып болғанымыз жоқ.

Тасболат (күліп). Сасайын дедіңдер-ау, малай болғандарыңды санай бастадыңдар.

Таңқыбай. Саспассың, біреу өтірік пәле салып жатса?

Тасболат. «Протокол істеп жатса» де. (Отырғандар тағы елеңдеседі.)

Таңқыбай (күліп). Ay, ay... істеп те қойды ма?

Тасболат. Мұғалімді іздеп жүрген.

Нұрыш. Е, е... мұғалімнің құлағына тисе, істелді дей бер!

Ержан. Істете берсін, қорқа алмадық! Баратын жері аудан ғой, сол жерде сөйлесерміз.

Таңқыбай. Сөзге келтірсе де, тарс қойып айдатып жібермесе.

Жүсіп. Байтұрсын молда құсатып па?

Нұрыш. Молда айдауға тиісті адам ғой, оны қойшы. Бірақ мұғалім протокол істесе, мені түйрер-ақ.

Таңқыбай. Е, әлгі қабыр туралы ұрысқаның бар екен-ау сенің?

Рахила (жағасын ұстап). Астапыралдай, өлгенге қабыр қаздырмаймыз дегені сұмдық-ау!

Таңқыбай. «Қабырды неге қазасыңдар?»–деп сол мұғалім жекіргенде, өзіміз ығысып жүріп кеттік қорыққаннан.

Нұрыш. Жұрттың бәрі ығыса жөнелді. Өлік буулы, қабырдың басында жатыр. Қайралап сасып жыламсырап жүр. Сосын мен мұғалімнің қасына барып, «Қазақ баласысың ғой, жөнге кел, өлікті көмбей итке тастаймыз ба?» – деп ем, мұғалім сұрланып: «Итке таста! Оған қимасаң, от жағып өрте. Бұрынғыдай көрге көму деген енді болмайды...» – деп қалшиып тұрып алғаны ғой...

Ержан. Сонысы бар ғой – бел күллі қиямпұрыстық. Жоғарғы орын олай деп тәртіп бермейді.

Таңқыбай. Кім білген...

Ержан. Жоқ, жоқ, отағасы, атамаңыз. Со жолы мен ячейкеге әдейі іздеп барып, Хасеновпен сөйлескем ғой: «Ау, Хасенов жолдас, елікті итке тастауымыздың жөні қалай?» – дегенімде, ол жаман шошыды.

Таңқыбай. Ие, ие... айтқан екенсің-ау маған бір.

Нұрыш. Ау, соны сен: қағазына жазып алды, тиісті шара қолданбақ болды деп келіп ең-ау, сонысы не болды?

Жүсіп. Мен есіттім: ит пен мысық терісін зорлап жинатып жүрген де осы мұғалімнің өзі екен дейді.

Нұрыш. Бай-бай, басқасын қайтесің. Жолды аяғым адамнан бетер ит еді, бейсауат адамды үй маңына бір жолатқан емес еді-ау! Асып өлтірейін деп мойнына арқан тастағанымда, апырмай, жалынған сияқтанып, құйрығын былғаңдатып, аяғыма жабысып еді келіп.

Жүсіп (күлімдеп). Рахила жеңешем ала мысығын буындырып-ақ өлтірген.

Рахила. Айтпашы, қалқам, сол есіме түссе, құйқа тамырым шымырлайды.

Тасболат. Мұғалім келе жатыр білем. Таңқыбай. Ә?..

Жұрт тынады. Мұғалім келеді.

Мұғалім (отырып, кекете күліп). Жиылыстарыңыз берекелі болсын!

Ержан. Немене, екі кісінің басын қоспасқа тәртіп шығарып па ең?

Мұғалім. Жасырын жиылыс істетпеске тәртібім бар.

Ержан. Жасырын жиылысты кісі көзіне көрсетпей істер болар. Біз – аспанның астында, ауылдың қотанында отырмыз.

Мұғалім. Қайда отырғаның есеп емес. (Қалтасынан қағаз шығарып). Мынаған қол қойындар! (Жұрт үрейленеді.)

Ержан. Не үшін?

Мұғалім. Осы жиылыста болғандықтарыңа.

Ержан. Жала жапқан қағазға қол қоя алмаймын!

Мұғалім. Қоймайсың ба?

Ержан. Қоймаймын!

Мұғалім. Білдім: сен атқамінерсің, контрсің! Сенімен кейін сөйлесермін. (Қағазды Таңқыбайға ұсынып.) Мына жерге қолыңызды қойыңыз.

Таңқыбaй (сасқалақтап). Ә... Бармағымды баспасам.

Ержан. Баспа бармағыңды! Айдаған жеріне бірге барамыз.

Мұғалім. Ә... агитатор... Ауызды қалай біріктірген?! Көрермін! (Мұғалім сұрланып, жағалай қарап алып, шығады.)

Таңқыбай. Е, е... Таңқыбайдың басы байланды деңдер!

Ержан. Апырм-ау, осы Мұғалім... неткен болады осы?

Нұрыш (жүгініп отыр). Мен ойлап отырмын: біз енді құтылудан қалдық. Боса да былғансақ, колхоздан тараймыз деп сіресіп отырып алайық.

Жүсіп. Тәкең көнсе?

Нұрыш. Көнесің ғой, Тәке?

Таңқыбай. Көнем!

Тасболат. Қойыңдар-ау!

Таңқыбай. Неге?

Тасболат. Бұрынғыларың жай кеңеседі,тап мыналарың үкіметке қарсы ауыз біріктіргендік. Бұл жаман.

Таңқыбай. Ойбай, онда қойдым.

Ержан. Қойындар, ешқайсымызда шықпаймыз колхоздан.

Несібелді. Неге шықпайық. Құлтайдың мазағында отыра алмаспыз. Өкілі келсе, өзім-ақ айтып беремін.

Таңқыбай. Е, е, сүйт, келін.

Тасболат (күліп, Таңқыбайға.) Қойғаныңыз қайсы,Тәке?

Таңқыбай. Келін айтсын дегенім ғой. Әйелдің айтқаны қарсылық бола ма? (Отырған дарха-ха-халап күліседі.)

Нұрыш. Күлеміз-ау.

Тасболат. Күлмей не бопты?

Нұрыш. Ырас-ау, қайғыратын не бар? Колхозға бастап кіргенде, жатырқағанның бірі мен ем. Жүре келе ол мінез етене боп мүлдем үйреніп кеттім. Әй шынында да қызық-ау өзі: көзге көрініп-ақ тұрады екен.

Таңқыбай. Не айтқаның... Өзім өз болып жұмысқа шын жегілгенім биыл еді. Менің қолыма 50 атты берді ғой басқарма: «Осыны соқаға шейін семіртіп шық» деп. Қазір барып көріндерші, сауырлары төңкерген астаудай болып тұр.

Рахила. Жалғыз сен бе? Ылғи арық бұзауды қолымызға жиып беріп еді, мына Несібелді екеуміз ішетін суына дейін жылытып беріп, осы күні шетінен жүнін тастап түлеп жүр.

Ержан. Оның несін айтасыңдар? Колхоз малы да өз малдарың, бұдан да жақсы бағыңдар.

Нұрыш. Болдырып отыр ма соған?

Несібелді. «Жаңа тәртіпке көнесің» деп Құлтайдың қысып отырғаны мынау?

Таңқыбай. Мойнымызға кіріс тағамын, – деп.

Жүсіп. Әй, сол тәртібі рас болғанда да мұғалімнің өзі көне алмайды соған. Қайдан көнеді ол: үйіне барсақ, қатынын қызғанып өліп кете жаздайды.

Нұрыш. Сонысы қызық-ау: «ескіліктен арылмайсыңдар», – деп бізді мінеуге ғана шебер ол.

Тасболат (күлімдеп). Түнеугі ойын қызық болды ғой.

Нұрыш. Е, соны айтшы!

Тасболат. Біздің қатынды қайта-қайта шақыртса да, жібермей отыр ем, қоқаңдап мұғалім келді: «Неге жібермейсің», – деп. Біреумен ойнап кетіп жүрсе қайтем дедім әзілдеп, бұрқылдап ала жөнелді деймін: «мұның әйел бостандығына кедергілік», – деп.

Нұрыш. Е, бәсе, оның сөзі «кедергімен» келеді.

Тасболат. Сосын жібердім қатынды. Артынан ойға қалдым-ау, сол ғой мені тақымдады, соның өзін бір неге сынап көрмеймін? – деп.

Жүсіп. Бара Зейнепті иықтан тарттым де.

Нұрыш. Бөлме сөзін.

Тасболат. Ойынға барып, шымылдық жағына араластым. Зейнеп келінмен әзілдеспін ғой, мұғалімнің көзін ала беріп ымдап шақырып ем, жетіп келді қасыма.

Рахила. Әдепсіз шіркін десейші!

Тасболат. Жорта сыбырлаған болып Зейнепке бірдеме айтып ем, мұғалімнің жаны шығып кетті ме екен деп ем, келе қатынымен байланысқаны.

Нұрыш. «Е, жаңа тәртібің қайда?» – десең болмай ма?

Жүгіре басып Әлжан келеді.

Әлжан. Ay, бұларың қалай? Сендерді «бүлік шығарғалы жатыр» деп мұғалім көпіріп жүр. Ауданнан біреулер келген бе - ау... (Жұрт шошып, Ержаннан басқасы өре тұрады.)

Ержан. Е, неге үрпидіңдер? Қалсаңдар бәрінді де ұстап берем!

Несібелді. Бетім-ай, енді қайттік?

Рахила (Таңқыбайға). Сенің кесірің осы,таяғыңды сүйретіп, қотанға келесің де отырасың. Бос болған соң біз келеміз қасыңа.

Таңқыбай. Әй, әй, Рахила, былғама кісіні. Жаныма кел деп біреуіңе айттым ба сірә?

Рахила. Неге отырмайсың үйінде омалып? Ержан. Қойындар ұрысты!

Нұрыш. Мен ойлап тұрмын: Жүсіп өлең айтсын, біз тыңдаған болайық.

Таңқыбай. Рахила.Сүйтсін! Сүйтсін... (Отырысады.)

Жүсіп сахнадан дереу кетіп, домбыра әкеледі. Термемен өлең айтады.

Қозғауы қозған қоғамым,
Қолқалап «өлең айт» десең,
Қобалжимын қозғалам,
Қозғаймын десем даланды,
Домбыра емес қаламды,
Қобалжимын қолға алам,
Көңілдің күйі келмесе,
Көп мылжыңға мен сараң.
Көңілдің күйі келгенде,
Көтерілем, ән салам.
Әңгімем менің бүгінгі,
Бүгінгі жиын аңсаған,
Ағытылды өлеңім!
Ал әлеумет, ал жаран!
Осы бір заман қай заман?

Нұрыш. Таңқыбай. Әй,ей, мынауың келмей кетті. «Қай заманың» не? Ойбай, мұғалім есітпесін.

Кенет елеңдеседі. Сахна сыртында «айт, два, три» деген дауыс. Тәртіпті аяқ дыбысы.

Нұрыш. Құдай ұрды: бізді ұстауға солдат әкелген болды! Несібелді. Рахила. Сұмдық-ай!.. Таңқыбай. Е, Таңқыбай, бітіп шықтың!

Ержан. Қой, Нұрыш!

Нұрыш. Е, бізді ұстауға келмей, көркімізді көруге келді дейсің бе? Әне, тыңдашы: әскердің аяқ басысы... (Команда дыбысы жақындай түседі.)

Жүсіп. Не де болса жақындады!

Үрейленіп дыбысқа телміреді. Бірсыпыра жас баланы қатар тізіп, команда беріп бір комсомол шығады.

Несібелді. Бетім-ау, өзіміздің балалар ғой!

Рахила. Әй айналайын-ау! Сәлімжанымды қара!

Бәрі. Қа-қа-қа!.. (Күліседі.)

Нұрыш. Үндеме, жақсы ырым болды. Жүсіп, төгілтіп жібер! Қуанышқа жазсын!

Жүсіп (тағы терме айтады):

Ел ішінде кім көрем?
Қабандағы қорқауға,
Қан қозып, кек кернеген,
Құралысып байды айдап,
Кедей көрем кенелген!
Ел иесі өзімсіп,
Масайраған күл көрем,
Үй иесі өзімсіп,
Гүл жайнаған күн көрем.
Еңбегін қорғап жегенше
«Бірлесейік» дегенмен,
Еңбекші көрем өрлеген,
Бұл көргендер көңілді,
Бүгінгі күн тербеген,
Тербетер бұл талайды.
Көрмеген мұны кемде-кем!..

Нұрыш (көтеріп). Уа, һөй дегенің-ай!..

Сахна сыртыңда дабыр. Жұрт елеңдесіп, үрей.

Таңқыбай. Болмады ма?

Нұрыш. Келді!

Рахила. Сухан-ай, енді қайттік?!

Ержан (қолын көтеріп). Тыс-с...

Бәрі де тына қалады. Сахнаға райком хатшысы, Хасенов, Құлтай шығады.

Райком. Ау, Тәкеңбісің? Салаумалейкүм! (Таңқыбайдың қолын ұстап амандасады.)

Tаңқыбай (оның қолын жібермей, бажырайып қарап). Шырағым, биылғы үйіме қонатын баламысың? Райкомсің ғой, ә?

Райком. Иә, иә...

Таңқыбай (жыламсырап). Ендеше мен сенен айрылмаймын! (Қолын жібермейді.) Тіпті айрылмаймын! Таңқыбайыңның басы қатты: түсіндіріп кет! Несібелді келін, барыңды осы кісіге айт. Айрылма етегінен!

Ержан Хасеновпен сөйлесіп жатады.

Райком (аң-таң). Не туралы, ә? (Отырады.)

Таңқыбай (жүгініп). Райком қарағым, биыл келгенде көріп ен ғой: тап осы жер үйреншікті мекенім құсап кетіпті. Жұмыстан қолым босаса, таяғымды сүйретіп осы жерге келем. Мені көріп темір соғып жатқан мына Ержан келеді, ағаш шауып жатқан мына Нұрыш келеді, мынау Рахила дейтін замандас жеңгең, күніне мені бір көріп әзілдеспесе, дәті шыдамайды... Бас қосылған соң оны-мұны сөйлескен боламыз...

Құлтай. «Колхоздан шығуға ауыз біріктіреміз» деңіз.

Таңқыбай (шошып). Астапыралдау...

Несібелді (Құлтайға). Қарабет-ау, бәрін бүлдіріп жүрген өзің емес пе: «Қатын ортақ, мал ортақ, мен қойныңа барып жатам», – дедің сен маған, сосын...

Райком (тіксініп Құлтайға). Не дейді? Сен оны қайдан шығарып жүрсің?

Жұрттың бәрі Құлтайға бажыраяды. Аз тыныс.

Құлтай (апалақтап). Мен білмеймін. Мен сәпсім қараңғы адаммын. Мұғалім айтты, сосын...

Нұрыш. Жоқ, сен ақталма! Бүлдіріп жүрген сен!

Құлтай. Бірін де білмеймін. Мұғалім не айтты, мен соны істедім.

Райком. Қайда өзі сол мұғалімдерің?

Ержан. Міне келді.

Мұғалім келеді. Райком хатшысы оған қадала қарайды.

Мұғалім кенет шошынып, шегіншектей түседі.

Райком. Сен бе мұғалім?

Мұғалім (қалтыранып). Өзің білесің... Батыреке!

Райком. Ә, солай ма?.. (Көпке.) Мынаның кім екенін білесіңдер ме?

Көп (ынтығып). Бұл кім еді?

Аз тыныс.

Райком. Бұл Наурызбай дейтін байдың баласы еді. Әкесі былтыр конфискеленді. Мен осының есігінде сегіз жыл малайлықта жүрдім.

Жұрт шіміркене қарайды.

Құлтай (аузын ашып аңырып, мұғалімге). Әй, иттің баласы, сен неге аздырасың кісіні? «Алматыға бардым» дегенің қайда? «Елтайдың үйінде қонақ болдым» дегенің қайда? «Елтай маған осыны тапсырды» дегенің қайда?

Несібелді. Уа, жарым ес-ау, қайтейін... «Белсендімін» деп иығыңды көтеріп жүргенде бірдеме біледі екен десек, өзімізден де төмен екенсің ғой? (Жұрт күліседі.)

Райком. Хасенов жолдас, жиылыс өткізейік, ендігі әңгіме сонда ашылсын.

Таңқыбай. Шақыр Жүсіп, бірі қалмай келсін! «Үкімет адамы келіп отыр» де. Айналайын үкіметтен! Арамызға жиі келіп, жетектеп отырса, біз азармыз ба?

Нұрыш (жайраңдап). «Жаса үкіметім!» де, Тәке.

Таңқыбай. Жаса кеңесім! Партиям жасасын! Ұйымдасқан кедейім жасасын!

Шымылдық.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз