Құлнияз Күркебаев

Қаракөлдің тақырында қотанданған қой жатыр. Қой шегінде, жалба-жұлба шекпенін бүркеніп көлеңкелеп, ерні кезеріп Құлнияз отыр. Күн тал түс. Жанды қуырған ыстық. Жел екпіні денеге оттай тиеді. Аңсары кеуіп, шөлдеп барады. Мейір қандырып ішетін сусын қайда?..

Құлнияздың жаны күйзелген жан. Қара қайыстай қатқан дене талай ыстықты да, суықты да көріп, шыныққан. Бала жасынан баққаны қой, Қаракөлдің тақыры — талай қойын жусатып, аптабына қызған тақыр. Әуе айналған ыстық жанды талай қуырған, бірақ Құлниязға осының бәрі осылай болуы тиіс секілді көрінеді... Бұдан басқа өмір бар ма?

Кедейге, малшы, жалшыға бұдан басқа өмір болады дегенді Құлнияз естіген емес. Жақсы өмір, қызғылықты өмір байларда ғана бар. Өйткені, олар — бай. Малы көп. Қадірі артық. Ел алақанына салып сыйлайды. Құлнияз құсап олар ыстыққа шыжымайды. Тақырдың шаңына аунамайды, үйін самаңдатып, қымызын сапырта түсіп, мұртынан күліп, жанын баптайды.

Құлнияз оларды күндемей-ақ қойсын. Малшы болған соң, осылай жүрмей амалы да жоқ шығар. Бірақ осыншама азап тартып жүргенде көрген игілігі не? Алған ақысы қайда? Ақы былай тұрсын, киюге киім бермейді, ішуге тамақ бермейді, үн шығарса, нәлеттеп, ақтаяқты басына ойнатады. Жазығы не?.. Ақысыз біреудің малын бағып керегі не?.. Қаракөлдің тақырында шекпенін бүркеніп отырып Құлнияз осыны ылғи ойлайды. Шаршағанда, ой — серік. Серік қылған ойы өзіне жылы, жүрегіне жұмсақ, мүденің кілтін қолына ұстап тұрған сияқты...

* * *

Сабалақ жылқы бағады. Сабалақтың қатыны Жәміш байдың үйінің малын сауады. Асын пісіреді. Тарс-тұрс етіп жүретін салдыр-салақтау әйел. Мінезі де онша емес. Кейде, бұлттан шыққан күндей жымиып қана күлетіні бар. Күлсе, дөрекі ажары жұмсарып, мүләйім түс алады. Құлнияз Жәміштің осындай кезін аңдиды. Жәміш жерошаққа от жағып отырғанда, Құлнияз жақындап келіп:

— Тезек әкеп берейін бе, жеңеше? — дейді.

— Қағынғыр, жоғал, керегің жоқ, — деп Жәміш бұрқ ете қалса, Құлнияз үн шығармай жылысып жөнеледі. Кейде Жәміш көңілденіп:

— Әкеле ғой. Шаршап отырғанымды білген екенсің ғой, — деп жауапты жұмсақ береді. Құлнияз бір етек қылып тезек әкеліп Жәмішке қатарласа отырады. Бет-аузы күйе-күйе Жәміш бұрылып қарайды:

— Қағынғыр, соншама жақын отырмасаң бірдемең кетіп бара жатыр ма? - деп Құлниязды иығынан итеріп жібереді. Бірақ ашумен айтпаған соң, Жәміштің мұнысы Құлниязға майдай тиеді...

— Жеңеше, білдің бе, байдың үйіне келген төре кім екен? — деді Құлнияз.

Жерошақ оты алаулап жанып жатыр. Қазан толы сүт көпіршіп тасып, беті кілегейленіп келеді. Отқа төне Құлнияз бен Жәміш қатарласып сөйлесіп отыр.

— Өзі жақсы жігіт шығар деймін. Байдың үйіне келген адам маған көзін де салмайтын еді... Мана биенің сүтін ағарып сабаның жанына қойып жатыр едім, "Амансыз ба жеңгей!" — деп әлгі төре менімен амандасып жатыр. Өзім сасып қалдым.

— Мен ендеше барып, көріп келейін... не айтып жатыр екен, сөзін тыңдайын, — деп Құлнияз үлкен үйге қарай жөнелді.

Қатқан қара жігіт, бұйра шашын сипай түсіп, жайлап сөйлеп отыр, бай ежірейе қарап, оқта-санда тіксініп қояды.

— Әй, құрып қал, әңгіме сенің неңді алған, жатып ұйқыңды қандырсайшы, — деп бай Құлниязға тап берді.

"Төре бала" байға қарай қалды.

— Оныңыз жарамайды. Әңгіме шынында осыларға керек. Менің ел кезіп жүргенім де осылардың жайы. Мен мұнымен сөйлесіп, хал жайын білуім керек!.. — деді.

Құлнияз қысылып, я шығып кетерін, я отырарын білмеді. "Төре" шақырған соң жанына таман барды, отырып, сұраған сөзіне біртіндеп жауап беріп жатыр:

— Қой баққаныңа неше жыл?

— Биыл алтыншы жыл.

— Қанша ақы алып жүрсің?

— Ол жағын байекең біледі, мұнан алған еш нәрсем жоқ... "Төре" қабағын түйіп, байға тікеленіп қоя берді.

Құлнияз арсалаңдап келіп, сүт түсіріп жатқан Жәмішті құшақтай алды.

— Қағынғыр, не көрінді, құтырдың ба?!

— Ойбай, жеңеше, сүйінші!

— Ал, айтшы!

— Мына келген "Төре" малайдың төресі екен. "Еңбек ақыларыңды алып берем"— дейді, "үстеріңе киім әперем"— дейді.Тағы бірдемелерді айтып еді, ұмытып қалдым. Бай ашуланып, бұртиып отыр.

Жәміш аузын сылп еткізді, ыржиып күлді.

Байдың қара үйінің жанында Сабалақ, Жәміш, Қылышбай, Құлнияз сөйлесіп отыр. Құлнияз батырақтар жиылысына барып келген.

— Тағы не айтты, тағы не айтты? — деп Сабалақ қайта-қайта сұрайды.

— Жалшылар ұйымға мүше болу керек, — деді. Ұйым олардың ақысын қорғайды, — деді. Байларға жегізбейді — деді. Байға жалданғанда қағаз жазып, жалдану керек — деді.

— Қалай мүше болады екен, онысын сұрадың ба?

Құлнияз миығынан күлді.

— Сұрамақ түгіл, өзім мүше болдым.

— Қойшы.

— Нанбасаңдар, міне, — деп кішкене қызыл кенешкены Құлнияз қонышынан суырып алды. Кенешкенің беті жыбырқай жазу, оны танитын ішінде адам жоқ. Сабалақ біресе кенешкеге, біресе Құлниязға қарайды. Құлнияз масаттанып, миығынан күле түсіп:

— Мен ұйымның мүшесі. Мына кенешкеде "Табарищ Құлнияз Күркебаеб" деп жазылған, "табарищ Күркебаебтың еңбегін ешкім жей алмайды",— деп жазылған, "табарищ Күркебаеб сәбетски граждан, оған байлар бұрынғыдай қол қатса, түрмеге жабылады",— деп жазылған...

Жиылыста сөйлеген сөздің бәрін Құлнияз алақандай кенешкеге де жазулы деп түсіндірді. Сабалақ, Қылышбайлар ұйып тыңдап, еріп отырды...

Бұл — Құлнияз, Сабалақтардың байдың уысынан шығуға бірінші ұмтылған қадамы еді. Келер жылы қызыл кенешкені бір-бірден бүктеп бәрі де қонышына тықты. Ұйымды арқасына тіреу қылып, байдан еңбегін өндіруге кірісті...





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)