Өлең, жыр, ақындар

Әбділдә төре

Әбділдәның кеңсеге келуін андып түр екен, хатшы балажанына жетіп келді:

— Ағай! Сізге айтатын өтінішім бар еді: үй іші кедей, әке-шешем кәрі, жұмысқа жарайтын адамдары жоқ, маған телмірумен отырады... Бірер ай демалысқа шығып, үйдің кәсібін дұрыстап берсем деп едім...

Әбділдә қабағын кіржитіп шатынап сала берді. Хатшының сөзін шала тыңдап, үстелінде жатқан газетті, қағаздарды аударыстырды, қалтасынан күміс сауытты шығарып, шылымын тартты. Мұржадан шыққан түгіндей, екі танауынан түтінді будақтатып отырып, қысқа ғана жауап берді:

— Балалықты қою керек. Әлеумет жұмысын адам өз басының жұмысына араластырмас болар. Әке-шешең өлмес. Жұмысыңды істей бер...

Хатшы бала қипақтап, жүні жығылып, шығып кетті. Оңаша қалған соң Әбділдә қара папкені ашып жіберіп, делалардың ішінен бір жапырақ қағазды суырып алды. Қызмет қағазына біреуге деп жазған сәлем хат еді. Жазуының бас жағында «орынбасар» деген тасқа басылған сөз адырайып тұр. Сәлем хатындағы сөзі мынау:

«Ержан!

Менің биыл ағамның өлгенін білесің ғой. Кемпір-шал бір жағынан, жесір қалған жеңгем екінші жағынан жылап, шақыртып отыр. «Пыришина уважительный», так что бір айлық демалыс алам ғой деймін. Хатың болса даярла, ертең жүрем...»

Хатшысын айқайлап шақырып алды да:

— Мына қағазды Ержанға жөнелт! — деді.

***

Сарманның адырынан асатын қара жолмен бір пар атты желдіріп келеді. Сәндеп жеккен қос торы ат ауыздығымен алысады. Жылтырауықты әбзел шылдырлап даланы басына көтерген секілді. Май ішінің тамылжыған күні бойды ерітіп, самал лебі бетті сүйіп, денені жайландырып бара жатыр. Құлпырған көк, қызыл-жасылды қызғалдақтар кілемнің түріндей жайнайды...

Таза ауаға шыққан соң Әбділдәнің көңілі тасқындап, жүрегі алып-ұшып, сықсиған көзі өзінен-өзі күлкіге бейімделіп бара жатқан тәрізденді. Көтеріліп отырып өлең айтты. Дауысы барылдап әлдеқайда кеткен секілденді:

«Балықты қара қоға көлім деп ем,
Байдалы ұзын-ата елім деп ем.
Жанбыз деп құдай қосса біз қосылған
Қалқатай, мен кетерде күлімдеп ең...»

— Сонымен ақсақалдар не қылмақшы болды? — деп Әбділдә ат айдап келе жатқан көшіріне қарады.

Қара сақалды, еңкек келген қара кісі, қосардағы атты шаужайлап жіберіп, делбені жиыңқырап ұстап бір қырындап бұрылып, Әбділдәнің сұрағына жауап беруге кірісті.

— Ақсақалдар не қылсын, сенің баруыңды күтіп отыр.

— Маржан не айтады екен?

— Маржан да сені күтіп отырған көрінеді. «Төремнің жүзін көрмей еш нәрсе айта алмаймын», деп әкесіне де айтыпты ғой.

Әбділдә аз-кем ойға шомды. Маржан жесір отырған жеңгесі. Ағасы жуан қоныш шаруа еді. Маржан келіншек болып түскеннен байын менсінген емес. Абысын-ажындарымен сөйлескенде «бұл көрімге қатын болып бір күн де тұрмас едім, төремнің көңілі үшін ғана жүрмін» деп айтады-мыс деген сыбыс ертеден болушы еді. Маржан мұны айтарлық та әйел: ажарлы, кербез, ірі, ашық. Ағасының тірі кезінде де Әбділдә үйге барғанда Mapжан қайдағы жоқты айтып әзілдеп болатын. Әбділдәнің қатыны Көмеш дейтін қара сұрлау келген адам. Ажары қатыңқы нәзік. Сөзге шебер емес, мінезі өте ауыр. Өзі теңдес әйелдер; сампылдап сөйлеп жатқанда ол үнсіз-түнсіз жұмысын істей береді... Маржан Әбділдәмен әзілдесіп отырып, бір ретте: «Инеліктей қатырып осы шіркінді қайдан алдыі?!» дегенді де айтып салған...

Әбділдәнің ойы ауылдан шығып қалаға барды. Ойымен заң жинағын ақтарды: бір жағынан партия мүшесі, «ескі әдеттермен күресу керек; әйел тендігін жарыққа шығару керек!» — деп өңешін керіп, күре тамырын білеулендіріп, талай жиылыстарда сөз сөйлегені бар. Оның үстіне өзі жауапты орында қызметкер. Қайту керек? Заңды бұзуға бола ма? Әбділдә ауыр күрсінді.:

Белеске шыға келіп еді, ауыл ылдида екен. Күн күлімдеп ұясына батып барады. Өрістен қайтқан мал қара құрым болып ауылдың үстін алып кеткен. Мал сауған қатындар, бие ағытқан қыз-келіншек, асыр салған балалармен ауыл іші базардай қайнап жатыр.

Әбділдәлар сыдыртып отырып келіп, ортадағы үлкен боз үйдің сыртына тұра қалды.

— Қарашығым! Құлыным!.. Есен-сау келдің бе?! — деп еңгезердей жуан кемпір, теңселіп басып келіп, Әбділдәнің бетінен сүйді.

Қара орамалды басына бос салған, қызыл шырайлы жас әйел сызылған болып, әдеппен қарағансып, Әбділдәмен о да амандасты.

Белдемшесі белінде, екі шелек сүтті көтеріп, бие ағытып келе жатқан келіншегі жанынан ете берді. Амандасуға енесінен ұялды. Көзі жаутаңдап, сағынған адамша қайта-қайта қарап қана өтті.

Күн жұма еді. Әбділдә үйге кіріп отырысымен шешесі дастарқан жайдырды.

— Бүгін шелпек нан пісіртіп, ағаңа тие берсін қылдыртып едім. Жаңа жұртқа қонғанда аруақтар дәме етіп тұрады ғой... келе ме деп саған да алдырып қойғам, құран оқып жей ғой, сосын қымыз ішерсің, — деді.

Тамақты бірер кенеп алып Әбділдә «ағұзді...» жіберді. Барылдаған даусымен ауылдың бала-шағалары жиналып қалды...

***

Бесіннен темен түскен кез. Күн райы салқындап, азғана саман жел еседі. Ауыл адамдары екеу-үшеу бас қосып көлеңкеде отыр. Әбділдәнің үйінің сыртында он шақты адам алқа-қотан отырып, кеңеске кірді. Сақалдары сапсиған, беттері қатпарланған ылғи шалдар, іштерінде сақал-мұртын етектеп қырқып, қарындары шермиіп болпиып отырған жуандар да бар. Бала-шағалар жылысып, маңдарына келе алмай, сөзін анадай жерден ғана ұрланып тыңдайды...

—Зал жағын бізден үйренбейсің ғой, бірақ қазақшылықты да бір жағынан қалдырып болмайды. «Шариғат ағып жатқан бұлақ, кәриялардың сөздері жағалап біткен құрақ», деп үлкендер айтқан екен. Кәриялардың сондағы айтатындары не болсаң да, қайда жүрсең де қазақшылығыңды ұмытпа деу... Сені үлкен төре болды, кәменеске жазылды, құдайды жоқ деп айтады-мыс деген де өсек таралып жүрді. Бірақ төрелігіңе сенсек те, діннен шықты дегенге сенгеміз жоқ. Сенің бұл күнге шейінгі ісінде қазақшылықтан аттап еткеніңді әзір көре алғамыз жоқ. Мұның адам болғандығың, жүрегіңнің тазалығы, ата жолын қуа білгендігің... Шалдар бүгін жиналып саған ойларындағы мүдделі сөздерін айтпақшы. Айтқанда, әрине, сені тыңдайды деп айтады. Болмаса осы отырған шалдар қай кәменестің үйіне барып билік айтады дейсің... Құдай бұйрығы шығар, ағаң өліп, жеңгең жесір қалып отыр. Мұндай оқиға қашанда болса болатын, «аға өлсе іні мұра»деген нақыл да бар. Шалдардың айтқалы отырғаны — осы жесір туралы. «Жылын күтетін баяғы заман жоқ», — деп Төлеу бір жағынан мазаны алып барады. Оның үстіне жас адамның байсыз отыруын шариғаттың өзі де қостамайды... Елдің үміт етіп көз тіккен баласысың. Бір жолға елді сыйлар, ата-анасын жылатпас деген дәмеміз бар!.. — деп ортада отырған жуантық қара кісі сөзін айтып өтті.

Былайғылар қостауға кірісті.

— Қане, ағаларыңа не айтасың, жау абынды ашып бер, — деп шешесі жақындай түсті.

Әбділдәнің ойында жалғыз ғана Маржан бар. Маржанның жүрісі, күлкісі, сызылып сөйлеген сөзі өмірде ойдан кетер емес, Маржан үшін не істе десе де Әбділдә көнетін тәрізді...

Шешесіне қарап Әбділдә күлімсірейін деді.

— Көп білсін! — деп ерні жыбыр етті.

— Бәрекелде!.. Ата баласы ғой. Өркенің өссін! Көрпелерің ұлғайып, үбірлі-шүбірлі болыңдар! — Шалдар беттерін сипасты.

Жер ошақ түтіні бұрқырады. Қазан ошақ салдырлады. Жас қатындар шелек алып суға жөнелді. Жылқышы бір бойдақты өңгеріп әкеліп, жер ошақ басына алып ұрып бауыздады. Бас сирағын ағашқа шаншып балалар үйітуге кірісті. Бойдақтың терісін жылқышы жұдырықтап жатыр. Қан-жынына таласып, екі төбет ырсылдап, тістерін ақситып тұр. Шек-қарын аршуға келген қатындар, сойып жатқан қойға төніп, жүрелерінен отыр. Біреуі ауызын сылп еткізіп:

− Бетім-ай, ұятсыз адам бола береді екен ғой. Байының өлгені есінен шығып кеткен. Күйеуге жаңа шыққалы отырған қыздан жаман қылмың-қылмың етеді, — деді.

—Ана қатын да бір сорлы-ақ екен. Бүк түсіп жатып жылағаннан не өнуші еді. Одан да «үстіме қатын алдырмаймын» деп ашып-ашып айтса қайтеді екен! — деп екінші біреуі кіжініп қойды.

— Қой, сендерге қалған билік жоқ, мына шектеріңді дұрыстап аршыңдар, — деп жылқышы оларды тәлкек қылды.

Есік алдында жанында бір-екі әйел бар, Маржан отыр еді. Келе жатқан Әбділдәні көріп, көзі көзіне түсіп, күлімсіреді, күлкісі Әбділдәнің ішін өртеп жібергендей болды.

Төсегінің үстінде келіншегі солқылдап жылап жатыр еді, Әбділдә жанына төніп келіп:

— Әй, мынасы несі?.. Ақылсыз екен ғой! — деді.

— Бетін тіліңгір, неге жылайсың,жалғыз байыңды жұтайын деп жүрсің бе? — деп кемпір шаптықты.

Келіншек басын көтерді. Әбділдәға қарады. Көз жанары толған жас, сөз айта алмады.

***

Маржанның құшағы сиқырлап Әбділдә елден шыға алмай қалды. Ел құлағы елу ғой. Әбділдә туралы жұрт өсекті көбейтуді шығарды.

— Төреліктен шығарып тастапты.

— Тұрған кеңсесінің ақшасын жеп қойыпты.

— Екі қатын алғаны үшін сотқа беріліпті...

Тағысын-тағы толып жатқан өсектен адам аяқ алып жүргісіз.

«Менің ыслабый екенімді білесің ғой... Көптің талқысынан шыға алмадым!..» — деп Әбділдә бір күні Ержанға хат жазды. Иығына асылып тұрған Маржан бетінен сүйіп-сүйіп алды.

Ертеңіне милиция келіп Әбділдәні айдап апарып түрмеге тықты. Себебін анық білген адам жоқ.

— Төре болып тұрғанда пара жеген екен, сонысы білініп қалыпты, — деп ел іші алып қашып жүрді.

Ауылы Жосалы келде. Жосалы көлдің шалғынының арасы қара құрым боп қаптап, құстай жүзіп жүрген Әбділдәнің жылқылары. Ен малға, иесіз малға қарап тұрып, екі қатыны, кәрі шешесі ертенді-кеш дауыс қылады:

«Көйлек кидім қос етек,
Қалқатай, бір келіп кет.
Досқа күлкі, дұшпанға
Таба қылды-ау, құдірет!..»


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз