Су астындағы 80000 километр сапар

БІРІНШІ БӨЛІМ

Бірінші тарау

КӨШПЕЛІ РИФ

1866 жыл, таңғажайып оқиғалар болып өткен жыл болды, бұл оқиғалар, сірә, күні бүгінге дейін де көп адамдардың есінде шығар. Бұл жайындағы хабар құрлықтағы халықтардың да көңілін аударды, портты қалалардың адамдарын да дүрліктірді, бірақ бұл бәрінен де теңізшілерді қатты қобалжытты. Купецтер, кеме иелері, капитандар, сауда кемелерінің капитандары, әскери теңізшілер, тіпті керек десең Ескі — Дүние мен Жаңа Дүниенің бірсыпыра мемлекеттерінің үкіметтері де осы бір феноменге1 мейлінше назар аударды.

Сол жылы, бірнеше кеме теңізде ұршық тәрізді ұп-ұзын әлденендей бір нәрсеге кезікті, бұл жүрісінің жылдамдығы, үлкендігі жағынан киттен анағұрлым асып түсетін еді, кейде жарқырап сәуле шашатын.

Әртүрлі кемелердің журналдарындағы әлгі нәрсені сипаттап жазған жазулардың айырмасы жоққа тән еді. Жұрт оны кит деп жорамалдады. Бірақ ғылымға белгілі киттердің қай түрін алып қараса да, үлкендігі жағынан әлгі нәрсеге маңайлай алмас еді. Кювье де, Ласепед те, Дюмериль де, Катрфаж да 2өз көздерімен көрмейінше, суда мұндай керемет жүр дегенге сенбес еді. Бұл мақлұқты көрген кейбір адамдар оның ұзындығы 200 фут3 деп шамалады, бірақ бұл көріне-көзге кемітіп айтқандық еді; ал, екінші біреулер, оның ұзындығы үш миль4көлденеңі бір миль десті, бірақ бұл дау жоқ асырып айтқандық болатын. Бұл қайшы пікірлерге қарамай-ақ, егер осындай мақлұқ бар болатын болса, көптеген хабарларды қорыта келіп, бұны зоологтарға белгілі жануарлардың бәрінен де анағұрлым үлкен деуге әбден болатын. Бірақ, қалай дегенмен де, мұның бар екеніне күдіктенуге болмайтын,— бұл талассыз еді.

Жұмбақ нәрсені білгенше ынтығу адамзаттың үлесіне тиген ерекше бір қасиет қой, бұл хабар бүкіл дүние жүзін қатты қобалжытты.

1866 жылы 20 июльде Калькутта кеме коғамының «Губернатор Хигинсон» деген кемесі бұл көшпелі массаны Австралияның шығыс жағалауына таяу бір жерде кездестірді.

Капитан Беккер әлгі нәрсені көрген бойда, бұрын картаға түсірілмеген бір рифтің үстінен шыққан екенмін деп қалды, сөйтіп ол, оның тұрған жерінің географиялық координатын5 әбден анықтап, белгілеп алайын деп еді, бір уақытта әлгі ғажайып нәрседен биіктігі 150 фут, қатар тұрған қос бағанадай, болып ысқыра-мысқыра су атқылай бастады. Егер де бұл теңіз астының гейзері6 болмаса, онда, «Губернатор Хигинсон» тегі, екі танауынан бу аралас су атқылайтын, сүтқоректі, су жануарына кездескен болды.

1866 жылы 23 июльде Тынық мұхитта осы бір ғажап мақлұқты Вест-Индия және Тынық мұхит кемелері қоғамының «Христофор Колумб» деген кемесінің палубасындағылар да көрді. Осы ғажап киттің кереметтей шапшаңдықпен жылдам жүретіні жұрттың бәріне де белгілі болып қалып еді, өйткені, «Губернатор Хигинсон» мен «Христофор Колумб» оны үш күннің ішінде жер шарының екі тарапында көрді, ал бұл екі араның қашықтығы 700 миль еді.

Осыдан 15 күн өткеннен кейін Ұлттық компанияның «Гельвеция» кемесі мен «Роял Мейл» компаниясының «Ханаан» кемесі Атлантика мұхитында, Америка мен Европаның аралығындағы, Гринвичтен бастап санағанда солтүстік 42°15' ендікте, 60°15' батыс бойлықта әлгі «кереметті» тағы кездестірді. Бұл екі кеменің екеуініңде капитандары әлгі сүтқоректінің ұзындығы ең кем дегенде 350 фут болар деп шамалады. Өйткені форштевінен бастап ахтерштевіне дейін өлшегенде әрқайсысының ұзындығы 325 фут «Ханаан» мен «Гельвеция» кемелері бұл кереметтен кіші еді. Ал, Алеут аралдарының маңында кездесетін ең үлкен деген киттің ұзындығы 150 футтан асқан емес.

Осы айтылған хабарлар, трансатлантика кемесі «Перейда» да сол кереметті көріпті, «Этна» деген кеме онымен тіпті қақтығысып қалыпты деген сияқты бірінің үстіне бірі түсіп жатқан басқа да тың хабарлар, ақыр аяғында, Француздың «Нормандия» фрегаты офицерлері жасаған протокол, «Лорд Клайд» кемесінің командирі Фитц-Джемстің ағылшын адмиралитеттігіне жазған есепті баяндамасы, — осы сияқты мәліметтердің бәрі келіп қоғам пікірін ду көтеріп кетті. Кейбір елдер бұл оқиға жайындағы хабарларға қалай болса солай, күле қарады, бірақ теңіз арқылы қызу сауда қарым-қатынасын жасап отырған мемлекеттер бұған үлкен мән беріп, қатты көңіл аударып отырды.

Астаналардың бәрінде де әңгіме тақырыбы осы керемет болып алды. Ол туралы эстрадаларда өлең айтылып, журналдарда карикатура басылып жүрді, керек десең театрларда да көрсетілді. Барлық газеттердің беттерінде полюс маңының суларында жүретін қорқынышты ақ киттерден бастап, сезгіш тармақтарымен 500 тонна кемені іліп алып су түбіне әкете беретін сегізаяқ туралы өмірде бар, және қиялдан туған түрлі су алыптарының суреттері басыла бастады. Теңіз кереметтері болуы ықтимал деп ерте замандағы — Аристотель7 мен Плинийдің жазып қалдырғандары, Норвегия теңізшілерінің әңгімелері, Пауль Геггеданың хабарлары, ең ақыр аяғында, Харингтонның айтқаны (бұл адамның 1857 жылы адам айтқысыз орасан зор теңіз жыланын көргені күмәнсіз болатын), осы сияқты ежелгі документтер архивтерден жедел іріктеліп алынды.

Осы кезде ғылыми қоғамдарда, ғылыми журналдарда сенушілер мен сенбеушілердің арасында бітіспес айтыс-тартыс жүріп жатты, Керемет жайындағы мәселе жұрттың бәрін де ойландырды. Қырқысқан айтыс кезінде сия дегеніңіз судай ағып бақты.

Алты ай бойына созылған осы айтыс-тартыста екі жақ бірін-бірі алма-кезек жеңіп отырды. «Бразилия географиялық институты хабарлары», «Берлин ғылым академиясының шежіресі», Вашингтондағы Смит институтының журналы сияқты бульварлық баспасөз орындары «Индиялық архипелаг» пен Петерманның «Хабарлары» сияқты беделді журналдарда басылған айтыс мақалаларды, Европаның ең таңдаулы журналдарында басылып жатқан ғылыми хроникалық хабарларды мазақтап, тәлкек етті. Әңгіме болып отырған кереметті бар деушілерге қарсы кейбіреулер, Линнейдің8 «Жаратылыс ешкімді ақмақ қып жаратпайды» деген белгілі сөзін келтірсе, мұны журналистер дереу қағып алып, өздерінше өңдеңкіреп: «Мас теңізшілердің ғана қиял өрісінде өмір сүре алатын пайдасыз алыптарды жаратылыс жемісі деп табиғатты қорламасаңдар екен» деп оқымыстыларды көндірмек болды. Ақыр аяғында, халық арасына көп тараған, жеті сайын шығатын сатиралық журналда әйгілі бір жазушының керемет туралы өте өткір сықағы жарияланды. Керемет енді ел аузындағы күлкіге айналады. Мұның өзі сол кереметті бар деушілерді, сөздерін қайтып алуға мәжбүр етті. Сонымен өткір сықақ ғылымды жеңіп кетті.

1867 жылдың алғашқы айларында, енді қайтып ауызға алынбастай болып, кереметтің аты да, заты да біржолата өшкен тәрізді болып еді. Бірақ осы екі арада оқушылар жұртшылығына тағы да бір жаңа факт мәлім болды. Бұл жолы әңгіме қайдағы бір дерексіз ғылыми мәселені шешу жайында емес, елеулі әрі нақты қауіпке қарсы күрес туралы болды. Мәселе әуелгіден басқаша баяндалды. Керемет енді арал, су астындағы құз, риф, риф болғанда, ұстатпайтын, көшпелі жұмбақ риф болып алды.

1867 жылы 25 мартқа қараған түнде Монреаль мұхит компаниясының «Моравия» кемесі 27°30' ендікте, 72° 15' бойлықта бұрын ешбір картада көрсетілмеген бір құзға соқтығысып қалады. Машинасының төрт жүздік күші бар «Моравия» кемесі жел артынан тұрып теңіздік есеп бойынша сағатына 13 миль шапшаңдықпен жүріп келе жатыр еді. Кеме корпусының ойдағыдай беріктігі болмағанда осынша жылдамдықпен жүріп келе жатқан кездегі бұл соқтығысу кемені де, 237 жолаушыны да, команданы да бір сұмдық апатқа ұшыратар еді.

Кеме таңертеңгі сағат бесте қақтығысып қалды. Бұл таң жаңа ғана атып келе жатқан кез еді. Күзеттегі офицерлер кеменің кенересіне тұра жүгірісті. Олар көлбеп жатқан көкпеңбек мұхит айдынына қадалып қанша қараса да, бейне бір өте қуатты қалақтан көтерілгендей бір километрге жуық жердей тулап жатқан толқындардан басқа күдіктенерлік ештеме көре алмады. Бұл жердің координатын дәл белгілеп алып, «Моравия» өз жөніне тарта берді. Кеменің ешқандай бұзылған-жарылған, бүлінген жері көрінбеді, кеме неменеге соқтықты екен, су астындағы жартасқа соқтықты ма, немесе батып кеткен әлденендей бір кемеге соқтығысып қалды ма екен деген ойға шомып «Моравия» кемесінің командалық құрамының басы қатты.

Портқа келгеннен кейін құрғақ докта «Моравия» килінің бір бөлегі қирағандығы анықталды.

Егер осыдан үш жеті десін дәл әлгі жағдай тағы қайталанбаса басқа көп оқиғаның бірі сияқты, бұл ғажап оқиға да көп кешікпей-ақ ұмытылып кеткен болар еді. Бұл мінген кеме бүкіл әлемге белгілі кемелер коғамының кемесі болғандықтан, тек осы жолы ғана бұл оқиға кең өріс алып, бүкіл жер жүзінде әралуан пікірлер туғызды.

Бәлкім, ағылшын кеме қожасы Кьюнардтың есімі жұрттың бәріне де белгілі шығар, өйткені Европа мен Америка арасында тұңғыш рет үздіксіз қатынас жасап тұрған осы адамның кемелері ғой. Кьюнардтың кемелері, өздері өмір сүрген 27 жылдың ішінде Атлантика мұхитын әрлі-берлі 2000 нан аса рет жүзіп өткенде, бірде-бір кемесі не уақытынан кеш шығып, не баратын жеріне уақытынан кеш келіп көрген емес, белгіленген мерзімінде сапарға шықпай да қалған емес, оларға сеніп тапсырылған почталардың бірде бір хаты жоғалған да емес еді. Кьюнард кемелері туралы жұрттың пікірі өте жақсы болғандықтан, ол бәсекелесушілерден де қорыққан жоқ. Міне, сондықтан осы компанияның ең таңдаулы кемелерінің біріне тап болған бұл оқиға жұртқа көбірек тарады.

1867 жылы, 13 апрельде жел тынық, теңіз беті айнадай жалтырап жатыр еді, 15° 12' батыс бойлықта; 45° 37' солтүстік ендікте «Шотландия» кемесі кетіп бара жатқанды. Кеменің сағатына 13 миль жарымдай шапшаңдықпен жүріп келе жатқаны бір мыңдық күші бар машинадан белгілі. «Шотландияның» дөңгелегі сағат маятнигіндей біркелкі айналып, теңізді қақ айырып, кескілеп келе жатты. Түс ауған шақ еді, сағат төрттен 17 минут кеткен болатын; жолаушылар үлкен залда шай ішіп отырғанды. Дәл осы мезетте, дөңгелектен кейініректеу оң жақ бортқа тиген болмашы ғана бір соққыдан «Шотландия» сәл ғана дір ете түсті.

Алайда, кемеге тиген соққы тым әлсіз еді, егер де:

— «Трюмді су алып кетті, батып барамыз»,— деген айқай шықпаса, жолаушылар бұл соққыны ескермеген де болар еді.

Жолаушылар, әрине, асып-сасып, абыржып қалды. Бірақ капитан Андерсон оларды тез-ақ тыныштандырды. Шынында, кеменің тек бір жерінің тесілуінен келер қауіп жоқ еді. Өйткені «Шотландия» кемесінің ішкі жағында су өткізбейтін жеті топсасы болатын.

Капитан Андерсон дереу трюмге түсті. Ол бесінші тоспаға су өткенін көрді, ал судың өте тез өтіп жатқанына қарағанда, борттың тесілген жерінің көлемі едәуір болуға тиіс еді. Әйтеуір бұл тоспада бу қазандарына от жағылмайтыны абұйыр болды.

Капитан Андерсон машинаны тоқтатты да, бір матросқа суға сүнгіп, кеменің тесілген жерін көріп келуге бұйрық берді. Матрос қайтып келіп кеменің корпусындағы тесілген жердің ені екі метрдей екенін айтты. Теңіз үстінде мұны жөндеу, әрине, мүмкін емес еді, сондықтан «Шотландия» дөңгелектерінің жарым-жартысы суға бата, ептеп-септеп жылжи берді.

Кеме бұл кезде Клир мүйісінен үш жүз миль жерде еді, сондықтан Ливерпуль портына келетін уақытынан үш күн кешігіп келіп, бүкіл Англияны қатты абыржытты.

«Шотландия» құрғақ докқа кіргізілді де, компания инженерлері оны қарап шықты. Олар өз көздеріне өздері сенгісі келмеді, өйткені кеменің корпусы ватерлиниядан екі метр жарымдай төменіректе дұрыс тең бүйірлі үш бұрыш түрінде тесілген екен. Тесілген жердің шеті әдейі ойып алғандай теп-тегіс кесіліпті. Тегі, корпусты тесіп өткен құрал ерекше өткір болса керек.

Көрушілерді бұдан да көрі таң қалдырған бір мәселе кеменің, қалыңдығы төрт сантиметр металл тысын тесіп өткен құралдың, кеме ішінде қалып қоймай, қалай қайта шығып кеткендігі еді. Мұның себебін ашу мүлдем мүмкін болмады...

«Шотландия» ұшыраған осы оқиға көптен бері қызығы басылып, суып қалған мәселені қайта көтеріп тағы да бүкіл жұрттың көңілін өзіне аударып алды. Жұрт енді осы минуттен бастап теңіздің үстіндегі апаттың бәрін атышулы кереметтен көретін болды. Ал, теңіздік санақ бойынша, жыл сайын үш мың кеме апатқа ұшырап, оның ішінен ен кем дегенде екі жүзі үшті-күйлі, із-түзсіз жоғалып кетіп отырса, мұның өзі фантастикалық кереметтің күнәсын күннен-күнге ауырлата беретіндігі табиғи нәрсе ғой.

Барлық елдердің де қоғамдық пікірлері, дұрыс болсын мейлі, теріс болсын, әйтеуір, теңізде осы кемелердің апатқа ұшырауын кереметтен көрді; сөйтіп олар мұңдай жағдайда материк арасындағы қарым-қатынасты қатерлі деп тауып, теңізді осы бір қатерлі пәледен қалай да арылтуды талап етті.

Екінші тарау

ЖАҚТАУШЫЛАР МЕН ҚАРСЫЛАР

Әлгі айтылған оқиғалар болып жатқан кезде, мен Солтүстік Америкада Небраска штатының жан баспаған, меңіреу түкпірлерін аралап жүр едім. Париждегі табиғат тарихы музейінің адъютант профессоры, әрі натуралисі болғандықтан Француз үкіметі мені Америкаға осы ғылыми экспедицияға жіберген болатын.

Небраскада болған алты айдың ішінде жиып-терген барлық асыл коллекциямды жинастырып, буып-түйіп алып, 1867 жылы март айының аяқ кезінде Нью-Йоркке келгенмін. Францияға майдың бас кезіне таман қайтуым керек еді, сондықтан оған дейінгі уақытты өзімнің алып келген минералогиялық ботаникалық және зоологиялық коллекцияларымды жүйелеп, ретке келтіріп алу үшін пайдаланбақ едім.

Әрине, бүкіл коғам пікірін толғандырып отырған оқиға туралы мен де хабардар болатынмын. Барлық газет, журнал беттері теңіздегі керемет туралы хабарға толы болса, одан қалай хабарсыз қаларсың? Бұл жұмбақ мені де қатты толғандырды.

Осы жұмбақтың шешуін таба алмай, бірде олай, бірде бұлай ауытқумен болдым. Мұнда, қандай да болса, бір құпия барлығы күмәнсыз еді, ал бұның бар екеніне сенбеушілердің көздерін жеткізіп, көңілдерін сендіру үшін «Шотландия» кемесінің тесілген жерін көрсете қойса, жетіп жатыр.

Бүкіл Нью-Йорк сергелдеңге түсті. Мағлұматы аз адамдар таратқан жылжымалы арал, ұстатпайтын риф туралы жорамалдар да жалған лақап болып шықты. Шынында да, eгep қуатты машинасы болмаса, жылжымалы рифке осынша шапшаңдық қайдан келмекші. Сол сияқты бұл бір кезде суға батып кеткен зор кеменің қалқып жүрген корпусы болу керек деген жорамалды да кереметтің жүресінің шапшаңдығының өзі-ақ жоққа шығарған еді.

Сонымен, бұл мәселенің шындыққа жуық келетін екі-ақ шешімі қалғанды: бұл екі шешім бойынша бұл керемет не орасан зор жануар болуы керек те, не өте қуатты двигателі бар сүңгуір кеме болуы керек.

Сайып келгенде, бұлардың шындыққа ең жанасымдысы сүңгуір кеме болу керек деген пікір де, жер бөлігінің екі бірдей жарты шарында жүргізілген тексерістен кейін, түкке аспай қалды.

Сүңгуір кемені жеке бір адамның кемесі деп топшылау мүмкін емес еді, өйткені, ол кемені бір жерде жасау керек қой, ал мұндай орасан зор кеменің жасалып жатқанын жұрттың аңғармауы мүмкін емес еді.

Мұндай бүлдіргіш күші бар қатерлі механизмді қандай да болса тек бір мемлекет қана жасап шығара алар еді. Адамзатқа өлім себуші қару-құралдың не бір жаңа түрлерін тауып, сонымен шұғылданып отырған біздің сорлы заманымызда, әлде бір мемлекет басқа мемлекеттерге білдірмей осындай соғыс кемесін жасап, оны тәжрибе жүзінде сыннан өткізіп отыр деп топшылауға әбден болатын.

Бірақ, соғыс кемесі болар деген бұл жорамалдың да күлі көкке ұшты, өйткені, үкімет атаулының бәрі де бұл іске ешқандай қатысымыз жоқ деп мәлімдеді. Керемет халықаралық мұхит жол қатынасына қауіп туғызып отырғандықтан, бұл мәлімдемелердің дұрыстығына күмәндануға болмады. Ал, мұның үстіне, жеке адам құпия түрде жасай шығуы тіпті мүмкін емес-ті, өйткені бәсекелес мемлекеттердің үкіметтері бұл мемлекетті әрбір басқан қадамына шейін аңдып отырғаны даусыз еді.

Англияда, Францияда, Россияда, Германияда, Италияда, Америкада, тіпті Түркияда да мұндай кеменің жасалмағаны анықталғаннан кейін, сүңгуір қайық жайындағы жорамал да үзілді-кесілді бекерге шықты.

Бульварлық баспасөз қаншама әжуа қылғанымен сол зор мақлұқ су бетінде тағы да көрінді. Сөйтіп жұрттың алып-қашты дабыры қиялдан туған не бір жорамалдардың бірінен соң бірін туғызып жатты.

Нью-Йоркте көп адамдар жұрттың бәрін толғандырып отырған осы мәселе жөнінде менен өз пікірімді айтуды сұрады. Франциядан осы сапарға аттанғанымда, мен «Теңіз түбінің сыры» деп аталған екі томдық еңбегімді жарыққа шығарып кеткен едім. Ғылыми дүниеде жақсы бағамен қабылданған бұл кітабым, мені жаратылыс тарихының әлі де аз зерттелген осы тарауының маманы деген атаққа іліктірген болатын.

Пікіріңізді айтыңыз деп менің соңыма түсіп алысты. Мен әртүрлі себеп-сылтау айтып, қаншама жалтарсам да, «Нью-Йорк вестниктің» тілшілері қоярда-қоймай жүріп, газет оқушыларына мұхиттағы ғажап оқиға жөнінде өз пікірімді айтып беруге мәжбүр етті.

Сонымен, 30 апрельде газетте профессор Пьер Аронакстың көлемді мақаласы басылып шықты. Бұл мақалада мақлұқ туралы мәселе барлық жағынан толық қамтылып, барлық белгілі фактыларға ғылыми баға да берілді.

Осы мақалдан үзінді келтіремін.

«Сонымен, — деп жаздым мен — барлық жорамалды бір-бірлеп, талдай келе,— сын көтерерлік дәйекті, басқа жорамал болмағандықтан, бұл кереметті ерекше қуатты теңіз жануары деп білуіміз керек.

Мұхиттың терең түбіндегі өмір бізге әлі белгісіз. Оны ешбір зонд әлі барлай алған жоқ. Сол түпсіз тереңде не болып жатыр? Қандай мақлұқтар бар онда, теңіздің бетінен он екі-он бес мың метр тереңдікте қандай мақлұқ тіршілік етеді? Олардың дене құрылысы қандай? Бұл жөнінде тіпті топшылап та болса белгілі-бір пікір айта қою қиын.

Біздің алдымызға қойылып отырған мәселенің: — не біз жер жүзінде тіршілік ететін мақлұқтардың бәрін де білеміз, немесе біз олардың бәрін емес, кейбір бөлшегін ғана білеміз, деген екі түрлі шешімі бар.

Егер де планетамыздағы тіршілік ететін жануарларды біз түгел білмейтін болсақ, табиғаттың біз білмейтін құпия сыры әлі бар болатын болса, бізге белгісіз балықтың немесе дене құрылысы «тереңдікке сай» мүлде өзгеше сүтқоректі жануарлардың бір түрі; немесе бір тұқымының болуына шек келтіруге ешқандай негіз жоқ, мұхиттың зерттеуге болмайтын терең түбінде мұндай жануарлар тіршілік ете алады, ал, сонымен бірге, белгісіз бір өзгерістер арқылы немесе ешбір себепсіз-ақ олардың оқта-текте су бетіне шығып тұруы да ықтимал.

Егер де, мұның керісінше, жанды мақлұқтардың бәрін де білетін болсақ онда бұл кереметті аты-жөні, түрі-түсі өзімізге белгілі су жануарларының арасынан қарастырып көруіміз керек. Бұлай болғанда, мен орасан зор нарвал бар деп білер едім.

Кәдуелгі қарапайым нарвалдың ұзындығы көбінесе 30 футтай болады. Оның ұзындығын бес есе, он есе ұзартып көріңіз, үлкендігіне қарай күші де сай болсын, тісінің күшін де денесіне сай келтіріңіз,— сонда, сіз өзіңізді таңдандырып отырған құпия сырды біле аласыз. Бұл жануардың үлкендігі «Ханаан» офицерлері айтқан мөлшердей болып шығады, оның тісі де дәл «Шотландия» кемесінің тесілген жеріндей етіп тесіп түсе алатындай болады, күші де мұхит кемесін суға батырып жіберуге жетерліктей болады.

Шынында да, нарвалдың ерекше біткен ұзын сүйек тісі, немесе кейбір натуралистер айтқандай айбалтасы бар. Бұл айбалтаның өзі құрыштай қатты болады. Мұндай айбалталар кит денелерінен де сан рет табылған, нарвалдар киттермен шайқасқанда оларды ұдайы жеңіп отырады; ағаш кемелердің бір жағынан кіріп, екінші жағынан бір-ақ шыққан осындай айбалталарды жұрт көп күш салып, зорға суырып алады.

Париждегі медицина факультетінің музейінде ұзындығы 2/4 метр айбалта бар, ал оның түп жағының жуандығы — қырық сегіз сантиметрге дейін барады.

Сонымен, бұны сағатына 20 миль жүре алатын әдеттегі нарвалдан он есе үлкен, орасан зор айбалтасы немесе тісі бар нарвал екен дейік, сонда оның зор денесіне жүрісінің шапшаңдығын қоссақ— бұған қақтығысып қалған кеменің қандай да болса бір апатқа ұшырауы таңырқарлық нәрсе емес қой.

Қорытындымда мынаны айтуым керек: әбден анықталған толық мәліметтер қолға түскенше, мен бұл мақлұқты әдеттегі қарапайым ғана ұзын тісті емес, кәдуілгі темір құрсаулы соғыс кемесінің тараны сияқты, қуаты да соның қуатынан кем түспейтін зор айбалтасы бар алып нарвал деп білемін.

Бұл феноменды осылай, тек қана осылай ұғынуымыз керек... әрине, егер де, осындай нәрсе бар болса, бірақ мұны әлі анықтау керек болады».

Соңғы сөздер сақтанғандықтың салдарынан жазылған болатын, мұным: өзімнің ғалым атағыма дақ түсіріп алмауды, американдықтарға күлкі болып қалмауды көздегендік еді. Сонымен, мен, өзіме шығыс та тауып, даярлап қойдым, бірақ кереметтің бар екенінде ешқандай күмәнім жоқты.

Менің мақалам көпшіліктің игілігіне айналып, қызу талқыланып жатты. Мақаланың біраз жақтаушылары да болды. Жұмбақ мәселенің шешуі туралы менің айтқан пікірлерім ой-қиялым шарықтауына үлкен нәр болды. Табиғаттан тыс нәрсені жұрттың қиялдағышын-ай десеңші... Дегенмен, теңіз ондай орасан зор алып жануарлардың өсіп-өнуіне өте қолайлы орта ғой, бұл жануарлардың қасында, құрылықтың пілдері мен мұрын-мүйіздері жұдырықтай-ақ болып көрінер еді. Теңізде сүтқоректілердің өте үлкен екілі кит сияқты жануарлар тіршілік етеді. Олай болса, теңізде орасан зор алып моллюскалар да, шаян тәріздес, ұзындығы жүз метрге дейін баратын, үрей ұшырарлық — омарлар да немесе салмағы екі жүз тоннаға дейін баратын крабтарда болады деп топшылауымызға неге болмайды? Бұрынғы геологиялық заманның төрт аяқтылары, төрт қолдылары, құстары мен бауырымен жорғалайтын жәндіктері де орасан үлкен болған ғой. Тек ондаған, жүздеген мың жылдар өткеннен кейін ғана олар осы күнгі дәрежесіне дейін кішірейген. Олай болса, жер беті ұдайы өзгеріп отырғанымен, қай заманда да зат құрамы ешбір өзгеріссіз келе жатқан теңізде, ежелгі геологиялық замандағы жануарлар дүниесінің өкілдері сол үлкен күйінде қалып қоюы ықтимал деуімізге неге болмайды? Жылдар ғана емес, ғасырлар бойы, немесе мыңдаған жылдар бойы өмір сүретін ерте заманда пайда болған алып жануарлардың бүгінге дейін тіршілік етіп келген ең соңғы түрлерін теңіз өзінің бір құпия қоймасында неге сақтай алмасын?

Мен ұшқыр, тәтті қиялдың қызығына түсіп кетіппін, мұның өзі сірә, тап мендей ешкімді де еліктіре алмаған шығар.

Қайталап айтамын, әңгіме болып отырған бұл таңғажайып көрініс осыдан былай талас-тартыс туғызған жоқ, қоғам енді ертегідегі теңіз жыландарына ешбір жуыспайтын, ұқсамайтын не де болса бір алып жануардың барлығын мойындаған еді.

Ал, мұның өзі кейбіреулерге ғылыми тұрғыдан қарағанда ғана мәні бар, әншейін мәселе болып көрінсе, мұхит су жолы қатынасының қауіпсіздігін көздеп отырған ағылшындар мен американдар үшін теңізді осы қатерлі кереметтен жедел түрде арылту шараларын қолдану ең қажетті міндеттердің бірі еді.

Финанс және сауда-саттық орындардың баспасөздері керемет туралы тек осы тұрғыдан ғана пікір қозғап отырды. «Теңіздік шолу», «Ллойд газеті», «Пакетбот», «Теңіздік сауда қатынасы газеті» ірі зиянға ұшырау қаупінен қорқып отырған қауіпсіздендіру қоғамдарының барлық баспасөз орындары теңіздегі кереметті аяусыз түрде құртуды бір ауыздан талап етіп отырды.

Жұртшылық пікірі, ең алдымен, солтүстік-америка жұртшылығының пікірі, қауіпсіздендіру қоғамдарының пікірін жақтады. Нью-Йоркте нарвалды аулау үшін экспедиция даярланып жатты. Бұл үшін тез жүретін «Авраам Линкольн» фрегатын даярлап, жабдықтау ұйғарылды.

Сапарға қайткенде де тезірек шықпақшы болған кеме командирі капитан Фарагут үшін барлық керек-жарақ, құрал-жабдықтар қоймасының есігі кеңінен ашылды. Бірақ осындай кезде сөйтетін әдеті емес пе, кереметті құрту туралы бір тоқтамға келгеннен кейін-ақ, сол керемет ұшты-күйлі жоғалып кетті. Екі ай бойына ол жөнінде сыбыс болмады. Оны бірде бір кеме де ұшырата алмады. Мұның өзі нарвал өзін әлдекімдердің құртпақ болып аттанғалы жатқанын тап бір біліп қойғандай болып көрінді. Бұл жөнінде трансатлантикалық су асты кабелінде неше түрлі әңгімелер айтылып жатты!.. Әзілқойлар, қу нарвал кептеген телеграммалардың біреуін қолына түсіріп алған шығар да, жөніне тайып берген болар десіп жүрді.

Сонымен, фрегат таңғажайып аңды аулауға әбден жабдықталып, сапарға шығуға дайын болғанда, капитан қалай қарай бет түзерін білмеді.

Сан-Франциско мен Шанхайдың арасында қатынас жасайтын бір кеме мақлұқты бұдан үш жұма шамасы бұрын Тынық мұхиттың солтүстік бөлігінде кездестіріпті деген хабар жеткен кезде жұрттың бәрі де шыдап тұра алмады. Әлгі хабар зор әсер етті. Капитан Фарагутқа бір тәулік кідіруге де ерік берілмеді. Азық-түлік те дереу тиеліп қалды, кеменің трюмі де көмірге сықай толтырылды, команда құрамы да толық болатын. Тек енді, отты жағып, буды жіберіп, якорьды судан алу ғана қалған еді.

Егер де сапарға шығу тіпті жарым күн кешіксе де, капитан Фарагуттың мұнысын жұрт кешпес еді. Бірақ оның өзі де қашан шыққанша асық болатын.

«Авраам Линкольн» сапарға шығардан үш сағат бұрын маған бір хат әкеліп берді, оның мазмұны мынадай болатын.

«Профессор Аронакс мырзаға.

«Бесінші авеню» қонақүйі, Нью-Йорк.

Мейрімді мырза!

Егер де сіз «Авраам Линкольн» кемесімен шығатын экспедицияға қосылуды қаласаңыз, онда Құрама Штаттар үкіметі сіз арқылы бұл іске Франция да қатысып отыр деп білер еді. Капитан Фрагут сізге жеке каюта береді.

Сізге шын жүрекпен берілген теңіз министрі Д.Б. Гобсон».

Үшінші тарау

«ҚОЖАЙЫННЫҢ ЕРКІ БІЛСІН»

Теңіз министрінен хат алардан үш секунд бұрын Солтүстік-батыс өткел арқылы мұзды бұзып-жарып өту жайында қаншалықты ойласам, нарвалды аулау жайында да нақ соншалықты ойлаған едім. Менің міндетім де, менің ендігі жердегі бар мақсатым да осы қатерлі кереметтің соңына түсу, оны қалайда құрту, сөйтіп адамзатты осы пәледен құтқару екенін мен әлгі хатты алғаннан соң үш секундтен кейін барып ұқтым.

Мұның үстіне ауыр сапардан аса қажып-шаршап жаңада ғана қайтқандықтан біраз тынығуымда керек еді. Менің бар арманым: туған елге, дос-жарандарға, ботаникалық баудың қасындағы кішкене пәтер үйіме, баға жетпес асыл коллекцияларыма қайту ғана болатын. Бірақ бұл жолда маған ешнәрсе бөгет бола алған жоқ. Мен енді шаршағандықты да, достарды да, коллекцияларды да бәрін де ұмыттым — сөйтіп, ойланып-толғанып жатпастан-ақ, америка үкіметінің шақыруын қабыл алдым.

«Айтпақшы, Европаға апармайтын жол да жоқ қой, деп ойладым мен,— тіпті нарвалдың өзі-ақ Франция жағалауына алып бармасына кім кепіл. Атына заты сай жануар емес пе, мүмкін ол өзін Европа теңіздерінің бірінде құрттырар, сөйтіп мен оның ұзын тісінің ең кем дегенде жарым метрін Париждегі табиғат тарихы музейіне алып та қайтармын!»

Бірақ, әзірше нарвалды Тынық мұхиттың солтүстік бөлегінен іздестіруге тура келіп отыр; мұның өзі, Францияға қайту үшін маған бүкіл жер дүниені шыр айналып шығу керек деген сөз.

— Консель! — деп айғайладым мен дегбірсізденіп.

Консель барлық сапарларымда да, қасымда бірге жүрген қызметшім еді. Осы тамаша фламандықты, мен шын көңіліммен жақсы көруші едім, ол да мені сондай жақсы көретін. Ол өзі нені де болса ықыласпен беріле істейтін, айтқанды орындағыш, тұрмыста тосыннан кездесе кеткен көңілсіздікті елең де қылмайтын, қолынан келмейтіні жоқ, жұмысқұмар, өз есіміне қарамастан мынаны қайттік деп сұрап тұрса да ешкімге, ешуақытта кеңес те бермейтін, жаратылысынан салмақты, сабыр иесі адам болатын.

Менің кішкене пәтер үйіме келіп-кетіп жүретін ғалымдардың үйірмесіне ұдайы араласып жүргендіктен Консельдің өзі көп нәрсені үйреніп тіпті табиғи-ғылыми классификация жасау жөнінен маман болып алды, маман болғанда, бөлімдердің, топтардың, кластардың подкластардың, ортядтардың, семьялардың, родтардың, түрлердің және тұр ішіндегі түрлердің сатысына акробатша — шапшаң жүгіріп шығатын, қабілеті бар маман болды. Бірақ оның бар білімі осы ғана еді. Классификация теориясына өте жетік, ал тәжрибе жүзіндегі білімнен құр алақан Консель, менің ойымша, түріне қарап, китті кашалоттан айыра алмас еді.

Дегенмен, өзі бір керемет жігіт!

Он жыл бойына, барлық ғылыми экспедицияларда да Консель менімен бірге болды. Осы уақыттың ішінде сапар — ұзақ болды деп немесе шаршадым деп қынжылып көрген емес. Консель қай елге болса, ол елге болсын: мейлі Қытайға, мейлі Конгаға болсын, ешкімнен ешнәрсе сұрамай-ақ, көңіліне ешбір күдік алмай-ақ, сапар шегуге қашан да дайын тұратын. Өзінің денсаулығы өте жақсы еді, бұл жөнінде оған қандай ауру болса да қатерлі емес-ті, бұлшық еттері тастай қатты, нерві темірдей төзімді болатын.

Ол отыз жаста еді, ал оның бұл жасының қожасының жасына қатысы он бестің жиырмаға қатысындай болатын. Өзімнің қырыққа келгенімді осындай едәуір қиын тәсілмен мойындағандығыма кешірім сұраймын.

Бірақ Консельдің бір кемшілігі бар еді. Ол ем қонудан кеткен формалист болатын, ол менімен сөйлескенде үшінші адамша сөйлесетін, ал оның мұнысына мен талай рет бұлқан-талқан болып ашуланып та қалып жүрдім.

— Консель?—деп қалдым мен, тағы да жол жүруге қамданып, асығып үсігіп жүріп.

Консельдің маған шексіз берілген адам екендігінде шәгім жоқ. Әдетте мен одан менімен бірге саяхат сапарына шығуға қалай қарайсың мақұл көресің бе, жоқ па деп сұрамаушы едім; бірақ бұл жолғы экспедиция белгісіз уақытқа дейін созылуы да мүмкін еді, мұның үстіне, қатерсіз де емес-ті. Кемені шаттауықтың қабығындай лезде суға батырып жібере алатын жануарды аулау ойыншық емес қой! Мұның өзі жүрегінің түгі бар деген адамның өзін де ойландырарлық нәрсе еді. Консель не айтар екен?

— Консель! — деп үшінші рет шақырдым.

— Консель келді.

— Қожайын мені шақырды ма? — деп сұрады ол кірісімен.

— Я, көгершінім. Жол жабдығыңның бәрін даярлай бер. Екі сағаттан кейін жүреміз.

— Қожайынның еркі білсін, — деп жауап қайырды Консель сабырлы шыраймен.

— Бір минут уақытты босқа өткізуге болмайды. Көйлек-көншекті, ұйықтарды, керек нәрсенің бәрін жинап, чемоданға салыңыз. Бәрін де сиғанынша нығарлай салыңыз, тек тезірек қимылдаңыз!

— Қожайынның, коллекцияларын ше? — деп қалды Консель.

— Коллекциялармен кейін шұғылданамыз. Олар қонақ үйде сақтала тұрады.

— Ал, бұғы қабан ше?

— Оны бізсі -ақ асырай тұрады. Айтпақшы, біздің барлық айуанаттармызды Францияға жөнелтуге бұйрық бермеппін ғой!

— Демек, біздің баратын жеріміз Париж болмады ғой? — деп сұрады Консель.

— Қалай десем екен, — деп жалтарыңқырап жауап қайырдым мен,— тегі, бізге біраз жерді айналып қайтуға тура келетін шығар...

— Егер қожайын қаласа, несі бар, қанша жер болса да айналып қайтамыз.

— Түк емес! Рас, жолымыз — біраз ұзақтау... «Авраам Линкольн» кемесімен жүреміз.

— Қожайынның еркі білсін,— деді Консель міз бақпастан.

— Достым, сен оны білесін бе, жоқ па, әңгіме керемет туралы болып отыр... Кәдуілгі атақты нарвал туралы... Мұхитты сол кереметтен құтқару керек!.. «Теңіз түбінің құпиялары» атты екі томдықтың авторы, капитан Фарагутпен бірге сапарға шығудан бас тарта алмайды... Өте құрметті де міндет, сонымен бірге қатерлі де! Нарвалдың бізді қайда апаратыны мүлде белгісіз... Бұл жануардың өзі өте мінезсіз болып шығуы да ғажап емес. Әйткенмен біз бәрібір барамыз! Біздің капитанымыз да — іздегенге сұрағанның өзі — жігіт-ақ!

— Қожайын қайда барса, мен де сонда барамын,— деді Консель.

— Жақсылап ойлан! Менің сенен жасырар түгім де жоқ. Мұның өзі аман-есен қайта бермейтін сапарлардың бірі.

— Қожайынның еркі білсін!

Ширек сағаттан кейін керекті заттар чемоданға салынып та болды. Консель ештеңені де ұмыт қалдырмапты. Құстар мен сүтқоректілерді түр-түрге бөлгендей көйлек-көншек, сүлгілерді де түр-түрге бөліп реттеп салыпты. Коридор қызметкері біздің багаждарымызды бестибюлге шығарып қойды. Мен жұртқа ылғи лық толы болатын төменгі этаждағы үлкен конторға келдім де, жануарлармен кептірілген өсімдіктер қойылған бумаларды Парижге жөнелту жөнінде бұйрық бердім. Сөйттім де бұғы қабанның тамағы үшін жеткілікті қаржы қалдырып, қонақүйге бересімді түгел беріп, Консель отырған күймелі арбаға секіріп мініп алдым.

Біздің экипажымыз Бродвей арқылы Юнионскверіне дейін барды да, төртінші авеняға қарай бұрылды, сосын авеняның бойымен Катринстритке дейін келді, ең ақыр аяғында, жағалаудағы отыз төртіншіге келіп тоқтады. Бұл жерден бәрімізді де адамдарымызды да аттарымызды да, экипажымызды да Нью-Йорктік іргесіндегі, Гудзон өзенінің сол жақ жағалауындағы Бруклинге паром арқылы әкеліп түсірді. Бірнеше минуттен кейін күймеміз бізді қос мұржасынан қою, қарақошқыл түтін будақтаған «Авраам Линкольн» кемесіне жеткізіп салды.

Біздің багажымыз дереу кеменің үстіне шығарылды. Мен жүгіре басып кеменің үстіне шықтым да капитан Фарагутты қайдан табуға болар екен деп сұрадым. Матростардың біреуі мені мостикке дейін ертіп барды да, ашық жүзді бір теңізшіні көрсетті. Ол маған қол беріп:

— Пьер Аронакс мырза сіз бе? — деп сұрады.

— Дәл солай, — деп жауап қайырдым мен, — капитан Фарагут сізсіз ғой?

— Тап өзімін. Хош келдіңіз, профессор мырза! Каюта сізді күтіп тұр.

Мен иіліп тағзым еттім де, енді оның жүрер алдындағы тығыз жұмысына кедергі болмайын деп ойлап, бір матростан маған арналған каюта қайсы деп сұрадым.

«Авраам Линкольн» бұл экспедиция үшін ең қолайлы кеме еді.

Мұның өзі ең жақсы машиналармен жабдықталған, сағатына 18 бүтін, үш ондық миль жер жүре алатын шапшаң кеме болатын. Әйткенмен, алып нарвалды қуу үшін бұл шапшаңдық та жеткіліксіз еді.

Кеменің ішкі жағы да теңізде жүзу сапарына сайма-сай жасалған екен. Маған каюта офицерлер тұратын бөлімнен берілген екен, бұл мені толық қанағаттандырды.

— Мұнда біз ойдағыдай-ақ тұра алсақ керек,— дедім Консельге.

— Несін айтасыз, қожайын қаласа айтайын: ұлудың мүйіз қабыршағының іші шаян-сопыға қандай жайлы болса, бұл каюта да бізге нақ сондай жайлы болады ғой деймін,— деп жауап қайырды ғалым қызметшім.

Чемодандардың бауларын шешіп, реттеп қой деп Консельді каютада қалдырдым да, өзім жүзуге жүргізіліп жатқан дайындықты көру үшін палубаға шықтым.

Дәл осы минутта капитан Фарагут «Авраам Линкольн» Бруклин жағасындағы тетіктен ағытылсын деп бұйрық берген еді. Енді ширек сағат кешіккенімде — «Авраам Линкольн» менсіз-ақ тарта береді екен де, мен осы бір тамаша экспедициядан қалып қояды екем, сірә, бұл экспедицияның ең шын деген хабарларына да нана қоймайтын талай скептиктер табылар-ау, әлі.

Капитан Фарагут, нарвалға қарсы бұл алғашқы жорықты бір күн түгіл бір сағат, тіпті, керек десең бір минут те кідірткісі келмеді.

Ол кеменің инженерін шақырып алды да:

— Будың қысымы жеткілікті ме? — деп сұрады.

— Я, капитан.

— Жылжы баяу,— деп команда берді капитан.

Ауа қысымы арқылы істейтін машина телеграфы арқылы бұйрық алған механик бу жіберетін тесікті бұрап қойды.

Бу ысқыра цилиндрлерге қарай зулады, осы кезде поршиндар қалақты валды шырайландырып жіберді, пиит қалақтары да барған сайын зырлай жөнелді, сөйтіп

«Авраам Линкольн» маңғаздана, ырғала түсіп жүзіп бара жатты, оны қоштасушы жұрт толы жүздеген қатерлер мен кішкене кемелер шығарып салды.

Бруклиннің жағалауында тамашалаушы жұрт лық толы еді. Мыңдаған адамдардың үш рет «уралаған» дауыстары бейне күннің күркірегеніндей боп кетті. «Авраам Линкольн», Нью-Йорк қаласы тұрған жарты аралды қапталдай ағып жатқан Гудзон өзеніне барып түскенше, жағалаудағы жұрттың қош айтып желпіп тұрған мыңдаған қол орамалдары көрініп тұрды.

Гудзонның төменгі ағысына түсіп алып, Нью-Джерсейдің ұзына бойына қатарластыра салынған әдемі виллаларды жанап жүріп отырып, «Авраам Линкольн» форттардың қасынан өтті, форттардың зеңбірек атқан салюттарына, ол отыз тоғыз жұлдызды туын үш рет көтеріп, үш рет төмен түсіріп жауап берді. Осыдан кейін, кеме жүрісін сәл баяулатып, жол белгілері қойылған теңіз каналына келіп түсіп, Сэнди-Гуктың құмды мүйісін орағытып өтті, бұл жерде де мыңдаған жұрт қошемет білдірді. Сөйтіп, «Авраам Линкольн» ашық мұхитқа шықты.

Көптеген катерлер мен буксирлер кемені жүзуші маяктарға дейін шығарып салды, бұл маяктардың оттары кемелерді Нью-Йорк портына апаратын кеме жолын көрсетіп тұратын.

Күндізгі сағат үш мезгілі еді. Лоцман мостиктен түсті де қайық оны катерге тез жеткізіп салды, сонымен, «Авраам Линкольн» жүрісін шапшаңдатып, Лонг-Айленд жағалауын бойлап тарта берді.

Кешкі сағат сегізде, Файр-Айлендтың да оттары көзден таса болды, сөйтіп кеме Атлантика мұхитының қарауытып жатқан тұңғиық суының үстінде бар пәрменімен келе жатты.

Төртінші тарау

НЕД ЛЕНД

Капитан Фарагут, өзінің басқаруындағы тамаша кемеге лайықты, жақсы теңізші болатын. Кеме мен ол бірдеңе сияқты еді, капитан осы дененің миының қызметін атқаратын. Нарвалдың бар екенінде оның ешқандай күдігі жоқ еді, ол өзі бар жерде, бұл жөнінде ешқандай айтыс- тартысқа жол бермейтін. Керемет бар, сол кереметтен теңізді ол құтқаруы керек — оның серті осы ғана болатын.

Нарвалды не капитан Фарагут өлтіреді де, не нарвал Фарагутты өлтіреді. Екінің бірі, үшінші жол жоқ-ты.

Кеме офицерлері өздерінің капитанының бұл сенімін дұрыс деп білетін. Көп кешікпей-ақ кереметке кездесетіндіктері туралы, оның жүрісінің шапшаңдығын есептеп шығарған жорамалдары туралы офицерлердің қызу айтыстарын тыңдаудың өзі өте көңілді еді. Әдеттегі жағдайда вахтада тұруды өте көңілсіз көретін офицерлер бұл сапарда вахтада өздерінің мерзімді уақытынан ұзағырақ тұруға да дайын еді.

Күн көк жүзін қалқып отырып, өзінің күндізгі жолын өтіп болғанша, мачталарда топ-топ болып тұрған матростар кереметті қараумен болды. Бірақ «Авраам Линкольн» Тынық мұхиттан әлі алыста келе жатыр еді!

Кемедегілердің бәрінің де есіл-дерті нарвалмен кездесу, ырғақты сүңгі атып, оны кеменің үстіне шығарып алып пәршелеу еді. Команданың жұмыстан қолы бос адамдары көлбеп жатқан көк теңізді көзімен шолып тұратын болды. Жұртты осынша ынталандырған капитан Фарагуттың өзі еді, өйткені ол кереметті бірінші көрген адамға 2000 доллар сыйлық беріледі деп жариялаған. Осы сыйлықтың өзі, сәті түсіп нарвалды басқалардан бұрын көріп қалармын деген кеме жұмысын жаңа үйреніп жүрген жасты да, матросты да, бодманды да , яғни офицерді де үміттендірген еді. Сондықтан да кемедегілердің теңізді қаншалықты ықласпен тесіле қарағанын аңғару қиын емес-ті.

Мен де басқаларға есемді жібергем жоқ, кеменің үстінде тұрып алып, кірпік қақпастан қараушылардың бірі болдым. Жұрттың бәрін тегіс қызықтырған бұл мәселеге тек Консель ғана селсоқ қарады, ол жұрттың ынталануына еліккен жоқ.

Капитан Фарагуттың өз кемесін ең зор киттерді ұстауға сай құрал-жабдықтардың бәрімен қамтамасыз еткенін мен жоғарыда айтқанмын. Сірә, кит аулауға шығып жүрген кемелердің бірде-бірі тап осы кеме сияқты жабдықталмаған шығар.

Бізде заманымыздың ырғақты сүңгілерінен бастап арнаулы зеңбіректерден атылатын үшкір оқтар да барды. Кеменің тұмсық жағында тез ататын зеңбірек тұр, мұның оғы 16 километрге дейін баратын, снарядының салмағы төрт килограмм.

Сонымен, «Авраам Линкольн» командасы ажал қаруы аз деп шағына алмайтын еді. Бұл бұл ма, бұл кемеде ырғақты сүңгішілердің королі Нед Ленд те бар-ды.

Лед Ленд канадалық еді, ол бүкіл дүние жүзіндегі кит аулаушылардың ең шебері болатын, кит аулау сияқты қатерлі кәсіпте оған тең келетін адам жоқ-ты. Ол аса салқын қанды, өте икемді, жүрек жұтқан батыл және тапқыр адам болатын. Оның қатерлі сүңгісінен құтылып кету үшін кит өте қу кит, кашалот өте айлакер кашалот болуы керек.

Нед Ленд қырықты қусырып қалған адам еді. Мұның өзі бойы алты футтай, өте күшті, қатал адам болатын. Өзі онша үйіршек емес-ті, сәл де болса дегеніне қайшы келсе, бұлқан-талқан болып ашуланып қалатын.

Оның сырт кескінінің өзі, әсіресе, бет ажарына ерекше өң беріп тұрған оның аса қырағы өткір кезі, бірден-ақ жұрттың назарын өзіне аударып әкететін.

Капитан Фарагуттың осы атақты кит аулаушыны экспедицияға алып шығуының өзі өте дұрыс болған деп білемін. Өйткені қуатты қол, қырағы көз керек болған кезде, оның бір өзінің қызметі кемедегілердің бәрінің қызметінен асып түсетіні сөзсіз. Нед Лендті, берік орнатылған аса қуатты телескобы бар атуға әрдайым дайын тұрған оқтаулы зеңбірекпен теңеуге болар еді.

Канадалық дегеніміздің өзі — француз болады, қанша тұйық адам болса да, Недтің көп кешікпей-ақ менімен үйір болып алғанын айта кетуім керек, француз тілінде сөйлесе алатын адамды тапқанына өзі де аса қуанса керек. Канаданың кейбір өлкелерінде сақталып келген, Рабле заманындағы ескі француз диалектілерін есту маған да өте көңілді болды.

Нед Ленд ерте заманнан келе жатып Кебевек семьясында туған адам екен, сонау бір заманда Францияның

қаласы болып тұрған кезде Кебевектен талай ержүрек теңізшілер шыққан болатын.

Нед Лендпен екеуміздің әңгімеміз бірте-бірте жарасып, қызықты бола бастады. Оның поляр теңіздерінде басынан кешкен оқиғаларын мен ықлас қойып тыңдайтын болдым. Ол өзінің аң аулау жайындағы, әрқилы шайқастары туралы шынайы оқиғаның сырын шерткен жырдай қып әңгіме айтатын еді, кейде мен Поляр жақтарының «Илиадасын» жырлап отырған әлдеқандай бір канадалық Гомерді тыңдап отырған адамдай болатынмын.

Мен бұл ержүрек адамды қазіргі тап білген қалпымда суреттеп отырмын біз ежелгі достармыз, біздің бұл достығымыз екіталай, қатерлі сын күндерінде туған, кәдімгі мызғымайтын берік достық.

Нед Лендтің теңіздегі керемет туралы пікірі қандай еді? Мойындауым керек, бұл сондай нарвал бар дегенге сенбеуші еді,— керек десең кемедегілердің ішінде бұл жорамалға қосылмаған бірден-бір адам осы Нед Ленд болатын. Бір күні бұл жайында пікірін білгім келіп сөйлеспекші болғанда, ол бұл әңгімеден көріне-көзге жалтарып кетті.

Біз осы сапарға шыққаннан кейін үш аптадан соң кеме Бай-Блакке жақындап, Порогениге 30 мильдей қалып еді. Ешкімүйіз тропигінен де өтіп кеткенбіз, оңтүстік жағымыздағы Магеллан бұғазы қазір бізге 700 мильден де жақын қалды. Енді бір сегіз күн өтісімен-ақ «Авраам Линкольн» Тынық мұхитты шарлайтын болады.

Түбінде не бар екеніне адамның көзі жетпейтін құпия сырлы теңізге қарап, оны-мұныны айтып, әңгімелесіп Нед Ленд екеуміз ютта отыр едік. Табиғи әдет бойынша, мен алып нарвал туралы әңгіме айта бастадым, бұдан кейін біздің экспедициямыздың сәтті я сәтсіз болуы осыған байланысты деген жағдайларды талдадым. Бірақ, Нед Лендтің үнсіз отырғанын байқадым да, тұп-тура сұрау қойдым:

— Біз іздеп келе жатқан алып нарвалдың барлығына сіз қалай шек келтіре аласыз? Әлде, бұған сенбеуге қандай да болса, бір дәлеліңіз бар ма?

Сүңгіші бірнеше секундтей маған қарап үнсіз отырып қалды. Сөйтті де жауап қайырмас бұрын өзінің дағдылы әдеті бойынша, маңдайын алақанымен соғып қойып, ойлағандай көзін жұмды, тек содан кейін ғана:

— Бар болуы да мүмкін, Аронакс мырза,— деді.

— Тыңдаңыз, Нед, сіз сүңгішілікті кәсіп еткен адамсыз, сіз өз өміріңізде жүздеген зор теңіз сүтқоректілерін көрдіңіз, олай болса, кит тәрізді алыптың барлығына сену, басқалардан гөрі сізге оңайырақ қой!

— Міне, бұл жерде сіз қателесіп отырсыз, профессор мырза, деп жауап қайырды Нед. Надан адам жер шарының бос түкпірін, қуысын мекендейтін керемет жануарлардың барлығына сөзге келмей-ақ сенеді. Бұл мүлдем табиғи нәрсе. Бірақ геолог бұл сияқты ертегілерге ешуақытта сенбейді. Кит аулаушы да сол сияқты. Менің соңына түскен, өлтірген киттерім мен нарвалдарым аз емес. Бірақ қаншама үлкен болғанымен, қаншама күшті болғанымен, олар ұзын тістерімен де, құйрықтарымен де кеменің металл тысын тесе алған емес!

— Алайда, Нед, нарвалдың тістері кемелердің қабырғаларын тесіп өткен оқиғалар болған ғой.

— Ағаш қабырғаларды, профессор, ағаш қабырғаларды! — деді Нед.— Бірақ, мойындауым керек, мен бұған сеніңкіремеймін, өйткені ондай оқиғаны мен тіпті көрген емеспін. Сондықтан кашалоттар, киттер немесе нарвалдар «Шотландия» корпусын ойсырата тескендей етіп кемелерді бүлдіре алады дегенге сене алмаймын.

— Тыңдаңыз, Нед...

— Жоқ, профессор, жоқ. Басқа не десеңіз де әлгі емес. Мүмкін бұл әйдік бір спрут шығар...

— Айта көрмеңіз, Нед! Спрут дегеніміз — былқылдаған, жұмсақ денелі алып моллюска. Ұзындығы тіпті бес жүз фут болса да омыртқасыз спруттың аты — омыртқасыз спрут,олай болса, «Шотландия» немесе «Авраам Линкольн» сияқты кемелер үшін одан келер түк қауіп жоқ. Спруттар кемеге қауіпті деген ертегіні айтуды қоятын уақыт жеткелі қашан.

— Сонымен, табиғат зерттеуші мырза, — деді Нед кекете сөйлеп,— алып нарвалдың барлығына сіз кәміл сенесіз ғой.

— Я, Нед, мен кәміл сенемін, менің бұл сенімім толып жатқан даусыз фактыларға негізделген. Тісі, мүйізі немесе аса мықты айбалтасы бар кашалот, дельфин, кит тұқымдас омыртқалы алып жануардың барлығында менің ешқандай күмәнім жоқ.

— Е! — деп қалды сүңгіші, басын күдіктене шайқап.

— Біліп қойыңыз, қымбаттым,— дедім мен, — Мұхиттың терең тұңғиығында, пәлен миль су астында жүретін мұндай алып жануардың денесі де ерекше қуатты болуға тиіс.

— Неге? — деп сұрады Нед.

— Неге десеңіз, осынша тереңдіктегі судың қысым салмағына шыдап жүру үшін ондай жануар адам айтқысыз күшті болуы керек.

— Шынында да солай ма? — деді Нед, сеніңкіремеген шыраймен көзін сығырайтып.

— Я, бұл солай! Мұны мен бірнеше цифрмен дәлелдей аламын.

— О, цифрлар дейсіз бе! — деді Нед даусын созып.— Цифрмен бәрін де дәлелдеп беруге болады...

— Жоқ, Нед, цифрмен бәрін бірдей дәлелдей беруге болмайды. Сөзіме құлақ асыңыз. Бір атмосфераның қысымы биіктігі отыз екі фут су бағанасының қысымындай екен дейік. Ал шынына келгенде, су бағанасының биіктігі бұдан кішірек болуы керек, өйткені теңіз суы, тұщы судан әлдеқайда тығыз болады. Сонымен, Нед, сіз суға сүңгігеніңізде денеңіз неше шаршы сантиметр болса, сонша атмосфералық қысымға тап боласыз, яғни судың бетінен төмен қарай есептегенде неше отыз екі фут су баған төмен түссеңіз денеңіздің әрбір шаршы сантиметріне сонша килограмм салмақ түсіп отырады. Сонда, 320 фут тереңдіктегі қысым 10 атмосфера, 3200 фут тереңдіктегі қысым 100 атмосфера, 32000 фут тереңдіктегі қысым яғни шамамен айтқанда, екі жарым миль тереңдіктегі қысым бір мың атмосфера болады. Басқа сөзбен айтқанда, егер де сіз екі жарым миль тереңдікке сүнгіген болсаңыз, денеңіздің әрбір шаршы сантиметріне мың килограмм немесе бір тонна қысым-салмақ түскен болар еді. Айтпақшы, қымбаттым сіз, өзіңіздің денеңіздің беті неше шаршы сантиметр екенін білесіз бе?

— Бұл жөнінде түк білсем бұйырмасын.

— 17 мың шаршы сантиметр шамасындай болады.

— Соншалықты көп болғаны ма?!

— Шынында, атмосфералық салмақ, бір шаршы сантиметрге бір килограмм келеді деген менің мөлшерімнен артық келеді, олай болса, сіздің 17 мың шаршы сантиметр денеңізге сол сәтте 17 мың бес жүз алпыс сегіз килограмм қысым түседі.

— Бірақ мен мұны байқамаймын ғой?

— Я, сіз оны байқамайсыз. Бұл орасан қысым-салмақ сізді жаншып тастай алмайды, өйткені сіздің денеңіздегі ауа ол қысымды тең күшпен тежеп тұрады. Сондықтан сіз оны байқамайсыз. Бірақ сіз суға батып кетсеңіз, бұл теңбе-теңдік бұзылады...

— Ұғып отырмын,— деді Нед менің сөзімді бөліп, тегі, мына түсіндіруіме қызығып кетсе керек.— Су мені жан-жағымнан қоршап алғаны болмаса, денеме өте алмайды екен ғой.

— Дәл айттыңыз, Нед! Сонымен, су бетінен 32 фут тереңдікте денеңізге он жеті мың бес жүз алпыс сегіз килограмм қысым түседі; үш жүз жиырма фут тереңдікте бұл қысым он есе артып жүз жетпіс бес мың алты жүз сексен килограмға жетеді, үш мың екі жүз фут тереңдікте қысым 100 есе артып, бір миллион жеті жүз елу алты мың сегіз жүз килограмға жетеді; ақыр аяғында, отыз екі мың фут тереңдікте қысым мың есе артады, яғни денеңізге он жеті миллион бес жүз алпыс сегіз мың килограмм қысым-салмақ түседі. Басқаша айтқанда, сіз әп-сәтте-ақ жұп-жұқа нанға, өте жұқа жапыраққа айналып кетесіз, бейне бір орасан зор су балғасының астынан шыққандай қаймы жақтай боласыз да қаласыз.

— Өй сайтан – ай! — деп қалды Нед.

— Сонымен, қымбаттым, егер де ұзындығы бірнеше жүз метр омыртқалы жануар әлгіндей тереңдікте өмір сүретін болса, онда оның миллиондаған шаршы сантиметр денесіне көптеген миллиард килограмм қысым-салмақ түседі ғой. Ал енді ойлап көріңізші, осындай қысымды елен қылмай жүре беру үшін бұл жануарлардың күш-қуаты қандай болуы керек, денесінің бұл қысымға қарсы төтеп беру қабілеті қандай болу керек!

— Мұның өзі болат сауытты соғыс кемесі сияқты қалыңдығы сегіз дюймдік шойын темір құрсанған бір керемет болды ғой,— деді канадалық.

— Дұрыс айтасыз, Нед! Егер де жүрісінің шапшаңдығы ең ұшқыр поездың шапшаңдығымен бірдей мұндай жануар, кемемен қақтығысып қалса, оны қандай бүліншілікке ұшыратқан болар еді, ойлап көрініңізші, кәне.

— Я... шынында да...— деп күмілжіді канадалық, әлгі айтылған есептерден қысылыңқырап, бірақ сонда да райынан қайтқысы келмей.

Қалай, көзіңізді жеткіздім бе, жоқ па?

— Менің көзімді бір-ақ нәрсеге жеткіздіңіз, профессор мырза: егер де шынында да мұхиттардың тұңғиық тереңінде сондай жануарлар болатын болса, олар өте күшті болуы керек.

— Өзіңіз де бір қыңыр адам екенсіз! Мұхиттардың тұңғиық тереңінде ондай жануарлар болмаса, онда «Шотландияға» қандай пәле келді деп білесіз?

— Мүмкін...— деп бастады Нед күмілжіп.

— Я, айтыңыз, айтыңыз!

— Мүмкін... ондай оқиға тіпті болмаған шығар! — деп қойып қалды канадалық.

Бірақ сүңгішінің бұл жауабы өзінің қыңырлығынан басқа түк те дәлелдей алмаған жауап болды. «Шотландия» кемесі ұшыраған оқиға талассыз шын болатын. Кеменің ойсырап тесілгені де расты, тіпті ол жерді қайта бүтіндеуге тура келген; жануардың барлығына бұдан артық дәлел іздеп табудың өзі де қиын ғой деп ойлаймын. Кеменің өз-өзінен ойылмағандығында ешқандай күмән жоқты, ал, оның үстіне су астындағы тасқа, рифке соғылып ойылды деу мүлде қисынсыз болғандықтан, теңіз жануарының қатерлі тісі бар деп мойындау қажет болған-ды.

Мен өз басым, жоғарыда айтылған барлық пікірлерім бойынша бұл жануарды омыртқалылар типіне, сүтқоректілер класына, кит тәрізділер отрядіне жатқызам. Ал тұқымдастығы жағынан мұны кит, кашалот немесе дельфин тұқымдастарға жатқызуға тура келеді, ал енді оның қай түрге жататынына болашақ қана төреші.

Бұл мәселені шешу үшін белгісіз кереметті сою, көру керек болады; ал сою үшін, оны ең алдымен ұстау керек, ал ұстау үшін оған ырғақты сүңгі ату керек-ті,— бұл Нед Лендтің ісі болатын; ал сүнгі ату үшін, әуелі оны көру керек — бұл жалпы кемедегілердің міндеті еді; ал көру үшін онымен кездесу керек,— бұл істің сәті түсуіне байланысты еді.

Бесінші тарау

БЕТАЛДЫ ҚУУ

«Авраам Линкольн» сапарға шыққан алғашқы күндерде ешқандай шытырман оқиға болған жоқ. Тек бір күні Нед Ленд өзінің тамаша өнерімен жұртты қайран қалдырған бір оқиға болды; сүңгіші бұл өнерімен өзіне сөзсіз сенуге болатынын да дәлелдеп шықты.

Фалькленд аралдарының маңында «Авраам Линкольн» Американың «Монроэ» дейтін кит аулаушы кемесімен кездесті. Оның командасы нарвал туралы түк естімеген екен. Бірақ «Монроэ»-ның капитаны «Авраам Линкольнда» атақты Нед Лендтің келе жатқанын біліп одан, өздері ізіне түскен китті ауласып жіберуді өтінді. Нед Лендтің өнерін көргісі келген капитан Фарагут сүнгішіге «Монроэ» кемесіне баруға рұқсат етті.

Канадалықтың жолы болды, ол ырғақты сүнгі атып бір түгіл екі кит ұстады: бірінші китті, жүрегіне сүңгіні дәл тигізіп бірден өлтірді де, екіншісін, бірнеше минут қуғаннан кейін өлтірді.

О, Нед Лендтің сүңгісімен істес болған су кереметі ешуақытта тірі кеткен емес.

Кеме Американың оңтүстік-шығыс жағалауын бойлап өте шапшаң жүріп келе жатты.

3 июльде Магеллан бұғазының кіреберісіндегі Дев мүйісіне келіп жеттік.

Бірақ капитан Фарагут бұл жырымдалған бұғазға соқпастан тура Горн мүйісіне тартты.

Капитанның мұнысын кемедегілердің бәрі де бірауыздан мақұлдады.

Шынында да, нарвалды таптар бұғаздан кездестіру екіталай еді. Матростардың көбі: «мұндай үлкен керемет Магеллан бұғазына сыймайды»,— деген сенімде еді.

6 июльде түстен кейінгі сағат үште, «Авраам Линкольн» Америка материгінің қиыр шетіндегі оқшау бір аралсымақ пен тауды орағытып өтті, бұл жерді голландық теңізшілер өздерінің туған қаласының құрметіне Горн мүйісі деп атаған екен. Кеме винті енді Тынық мұхиттың суын көбік атқызып, солтүстік-батысқа қарай бет алды.

— «Авраам Линкольн» матростары:

— Мұқият қара! Мұқият қара!—десті де жүрді.

Олар шынында да мұқият қарауда еді! Екі мың доллар сыйлық дәмелендірген жұрт мұхиттан көз жазбай қарап тұр. Көздер мен бинокльдер күндіз-түні бір секунд тыным алмады.

Түнде күндізгідей қанық көретін никталоп-адамдардың әдеттегі адамдарға қарағанда, сыйлық алуға екі есе артық мүмкіндігі бар еді.

Сыйлыққа түк қызықпасам да, мен де табан аудармастан күні бойы теңізді шолумен болдым. Тәулігіне үш-төрт қана сағат ұйқы ұйықтап, тамақтанғанда да минут санап тамақтанып, қалған бар уақытымды палубада өткізіп жүрдім.

Біресе кеменің тұмсығына сүйеніп, біресе көнересіне сүйеніп айнала шалқып ақ көбік атып жатқан күміс жонды көк бұйра толқындарға қадала қараймын да тұрамын.

Көкжиегінде киттің қыр арқасы қарауытып көрінген шақтарда жалпы жұртпен бірге мен де қатты қобалжып абыржып қалатынмын! Кемедегілердің бәрі де палубаға дереу жүгіріп шығатын. Сол ентіккен күйлері бәрі де киттің әрбір қозғалысын бағып көздері талғанша қадалып қарайтын еді. Мен де әбден көзім бұлдырағанша қас қақпастан қараушы едім.

Мұндай кездерде Консель, сабырмен ғана:

— Егер қожайын тым шұқшиып қарамаса, жақсы керген болар еді,— дейтін.

Бірақ, біздің әбігерленуіміз ұдайы бекер болып шығатын. «Авраам Линкольн» әлгі жануарға жақындап-ақ келетін де, жау дегенінің кәдуілгі кашалот немесе кит екенін білгеннен кейін қайтадан бұрынғы бағытымен тарта беретін, ал команда болса түк кінәсіз жануарға мың сан қарғыс жаудыратын.

Оңтүстік жарты шардың июль айы солтүстік жарты шардың январь айымен сәйкес келетін де, әдетте бұл кез өте бір жауын-шашынды маусым болатын, соған қарамастан ауа райы үнемі жақсы болып тұрды. Теңіз де тыныш, айналамыз да алыстан анық көрінеді, сөйтіп біздің жүзу сапарымыз өте қолайлы жағдайда өтіп жатты.

Нед Ленд бұрынғысынша сенбей бақты. Вахтадан бос уақытында, немесе кит көрінбеген кездерде ол теңізге қасақана қарамады.

Мұның өзі өте өкінішті де, өйткені оның қырағы көзінің экспедицияға көп пайдасы тиер еді.

Бірақ қайсар канадалық 24 сағат уақыттың 16 сағатын каютада өткізуді артық көрді.

Мен оның бұл немқұрайлылығын мін етіп жүз рет айттым.

— Босқа көзді талдырып қажеті қанша, профессор? — деп жауап қайыратын ол.— Біріншіден, нарвал дегеніңіз атымен жоқ, тіпті сондай бір жануар болған күнде де,

оған ұшыраса аламыз дейтін бізде қандай мүмкіншілік бар? Біз болсақ тәуекелмен беталды қуып келе жатырмыз. Ал, тіпті әлдеқандай бір кеме Тынық мұхитта сол ұстатпайтын жануарды кездестірген-ақ болсын. Бірақ одан бері екі айдың жүзі болды ғой, ал бұл нарвал, мінезіне қарағанда, бір орында көп кідіруді онша жақтырмайтын жануар.

Оның орасан жүйрік екенін өзіңіз мойындап отырсыз, егер табиғат мақсатсыз ештеңе істемейтін болса, онда бұл заты шабан жануардың желдей жүйрік боп жаралуы тегін емес, бұл пікіріме өзіңіз де келісерсіз деп ойлаймын. Демек, егер мұндай жануар бар болса, ол бұл арадан қазір тым алыста.

Бұл пікірге қарсы айтар түк дәлел жоқ еді. Біз, шынында да, тәуекелге бел байлап, беталды келе жатқанбыз. Бірақ басқа не амал бар? Нед Лендтің пікірі дұрыс-ты: кереметпен қалайда кездесеміз дерлік үміт бізде жоқтың қасы болатын. Бірақ әйткенмен, түбінде экспедицияның ісінің сәтті болып аяқталатынына ешкімнің күмәні жоқ-ты.

20 июльде 150° бойлықта біз Ешкімүйіз тропигін екінші рет кесіп өттік, ал 27 июльде 110° бойлықта экватордан өттік. Сол күні кеме батысқа, Тынық мұхиттың орта шеніне қарай беттеді. Капитан Фарагут нарвалды құрлық пен аралдардан қашықта, мұхиттың терең алабында кездестіру мүмкін деп санады, мұнысы орынды пікір еді. «Құрылық пен аралдардан бойын аулақ салуы тегі ол алаптардың суы нарвал үшін тайыз болуы керек» деп түсіндірді біздің боцман.

Сонымен, кеме Боцмоту, Маркиз, Сандивичев аралдарына соқпастан, 132° бойлықтағы Рак тропигін кесіп өтіп, Қытай теңізіне қарай жүрді.

Ақыр аяғында біз кереметтің ең соңғы рет кездескен жеріне де келіп жеттік! Жүрек дегеніңіз алып ұшумен болды, кемеде жүрек ауруы асқына тарап кетуі де ғажап емес еді. Кемедегі адамдардың бәрін де жабысып айрылмайтын бір ғана идея билеп алған сияқты. Жұрт ұйқыны да, тамақты да қойды. Көз жұртты күніне жиырма рет алдап, қуанышты көңілдерін жиырма рет су сепкендей басып отырды, ал кемедегілер алданған сайын жүйкелері құрып қатты ашуланатын, мұның өзі жақсылықтың хабаршысы емес-ті.

Шынында да, реакция көп кешікпей-ақ білінді. Үш ай бойына — әрбір күні жүз жылдай болған үш ай бойына, «Авраам Линкольн» Тынық мұхиттың бүкіл солтүстік бөлегін ұзына бойына да, көлденең де шарлап өтті! Кеме көзге түскен киттерді де қуа жөнелді, галстан галсқа да талай бұрылыс жасады, кілт тоқтап та қалды, машинаны бұзып алу қаупіне қарамастан буды біресе көбейтіп, біресе азайтып отырған уақыттар да болды. Жапон жағалауынан Америка құрылығына дейін ол зерттемеген бірде-бір орын қалған жоқ. Бірақ осыншама орасан зор алқапта түк, түк табылмады. Алып, нарвал, немесе су астындағы кішкене арал, немесе бір апатқа ұшыраған кеме бөлшектері, немесе көшпелі риф түгіл соған ұқсас басқа бірдеменің тым болмаса көлеңкесі де сезілмеді.

Түк, түк!

Реакция басталды. Күдер үзушілік сенбеушілікке жол ашты. Кемедегі адамдарды өте бір ауыр сезім биледі, бұл ауыр сезімнің оннан үші ұяттан, оннан жетісі жәбірден құралған еді.

Қисыны жоқ ертегіге нанып, ақмақ болып қалу әркімді де ұялтты; ұяттан көрі жұрттың жанын жеген оның жәбірленуі еді. Бүкіл жыл бойына бірінің үстіне бірі қабаттасып кеп, таудай боп үйілген дәлелдердің бәрінің күлі бір-ақ күннің ішінде көкке ұшты, сөйтіп енді әркім босқа ақмақ болып өткізген уақытының орнын қалай толтыруды ойлаумен болды.

Адамның ақыл-ойына тән тұрақсыздық пен жұрт біресе олай, біресе бұлай ауытқып дәйек таппады. Осы экспедицияға шығуды қызу жақтаған адамдар, енді осы экспедицияға қаны қас адамдар болып алды. Трюмнен кают-компанияға дейін кемені сенбеушілік толқыны кеулеп кетті, егер де капитан Фарагуттың түсініксіз қарысуы болмаса «Авраам Линкольн» дереу оңтүстікке бет бұрған болар еді.

Бірақ бұл нәтижесіз іздеудің де бір шегі болмасқа мүмкін емес еді. «Авраам Линкольнның» өзіне-өзі кінә тағар орны жоқ — өйткені ол тапсырманы ойдағыдай орындау үшін қолынан келгенінің бәрін де істеді. Бұрын ешуақытта да америка кемесінің командасы мұндайын «ынта-жігер мұндай төзімділік көрсеткен емес-ті. Экспедицияның жолы болмауына ол айыпты емес. Сөйтіп енді тек қайту ғана қалған-ды...

Кемедегі жұрт бұл пікірді капитан Фарагутқа да білдірді, бірақ ол көнбеді.

Матростар наразылықтарын ашықтан-ашық білдіре бастады. Кемеде тәртіп нашарлап кетті. Мен кемеде бунт басталды дегелі отырғаным жоқ, әйткенмен, біраз қарсыласып көргеннен кейін капитан Фарагут, бір кездегі Колумб сияқты, кеме командасына тағы да бір үш күн төзе тұрыңдар деп өтінуге мәжбүр болды: егер де үш күннің ішінде керемет таптырмаса, онда «Авраам Линкольн» бағытын өзгертіп, қайту сапарына шығады.

Бұл уәде 2 ноябрь күні берілді. Мұның өзі бірден-ақ команданың рухын көтеріп жіберді. Жұрт жаңа ынтамен тағы да теңіз толқынын шола бастады. Бинокльдер, алыстан көретін дүрбілер қайтадан іске кірісті. Мұның өзі алып нарвалды ақырғы рет сайысқа шақырғандық еді.

Осылайша екі күн өтті. «Авраам Линкольн» баяу жүріп келе жатты. Команда егер жақын маңда болса, нарвалдың көңілін аудару үшін мың да бір тәсілдер ойлап тапты.

Кемеден қалмай шұбап еріп келе жатқан акулаларды көнелете теңізге кесек-кесек майлар да тасталып отырды. Кеменің қайықтары теңіздің әрбір шаршы метріне дейін зерттеп, жан-жақты шарлады.

4 ноябрьдің кеші де жетті, бірақ құпия сыр әлі әшкереленген жоқ еді.

Келесі күні, 5 ноябрьде, түс кезінде белгіленген мерзім бітеді. Сағаттың соғуы естілісімен-ақ, сөзіне берік капитан Фарагут кемені оңтүстік-шығысқа қарай бұрып, Тынық мұхиттың солтүстік бөлегінен кетуге тиіс.

Бұл кезде кеме 13° 15' солтүстік ендікте, 136° 427, шығыс бойлықта еді. Япония бізден екі мильдей жерде болатын. Түн де болды. Сағат сегізді соқты. Төртінші ширегіне жаңа ғана жеткен, қол орақтай жіңішке айды қалың бұлт жауып кетті. Теңіз кемені баппен ғана шайқап тербетіп қояды.

Бұл кезде мен штрибортта палубаны кенересіне сүйеніп тұр едім. Коксель ілгері жаққа жайымен көз жіберіп менің жанымда тұрған. Матростар рейларға шығып алып, түн басқан сайын күңгірттеніп келе жатқан теңіз бетіне қарасып отыр. Офицерлер теңізді түнде көретін бинокльдермен қарай бастады. Анда-санда қалың бұлттың арасынан ай да өзінің күміс сәулесін толқындарға түсіріп өтеді, бірақ сол сәтте-ақ бұлт айды қайта қабаттайды да, тағы да қараңғылық басады.

Консельге қарап, көпшіліктің басындағы қобалжу аса сабырлы оны да бір абыржытқан екен деген ойға келдім.

— Немене, Консель,— дедім мен оған,— екі мың доллар табатын сәт соңғы рет туып тұр ма?

— Қожайынның рұқсаты бойынша айтайын, ол сыйлықты қалтама салады екем деп мен ешуақытта үміттенген емеспін,— деп жауап қайырды Консель.— Тап осы сияқты Құрама Штаттар үкіметі де жүз мың доллар сыйлық жариялар еді, одан ол кедей боп та қалмас еді.

— Дұрыс айтасыз, Консель. Сайып келгенде мұның өзі ақымақтық болып шықты ғой, ал осы экспедицияға қатысам деп мен де ұшқалақтық жасағанмын. Қаншама нервімізді құрттық! Біз бұдан алты ай бұрын Францияға қайтқан болар едік...

— Қожайынның кішкене үйіне,— деп іліп әкетті Консель,— оның музейіне деңіз... Мен коллекциямыздағы қазып тауып алған нәрселерді класс-класқа бөліп қойған болар едім, қожайын алып қайтқан бұғы қабан зоологиялық баудағы торда тұрар еді, оны көрмек болып Париждің тұс-тұсынан жұрт ағылып келер еді!

— Бәрі де тап солай болар еді ғой. Консель. Ал оның үстіне осы сәтсіз сапарға шығамыз деп жұртқа күлкі болатын болдық-ау, әлі.

— Ол сөзсіз,— деді Консель жайымен ғана, — Қожайын күлкі болады, бұған ешқандай күмәнім жоқ. Айтсам ба екем, әлде...

— Айт, айт, Консель,— дедім мен.

— Қожайынның күлкі болуының өзі дұрыс, өйткені мұны өзі тілеп алды ғой.

— Шыны солай ма өзі?

— Ірі ғалым адам болғалы жүріп, қожайын мұндай іске көзді жұмып қойып кетуге тиіс емес еді.

Консель мадақтау сөзін аяқтағанша болған жоқ. Осынау жым-жырт төңіректен бір қатты дауыс шықты: Бұл Нед Лендтің даусы еді. Каналдық:

— Әй! Ол пәлен мұнда жүр ғой, ық жақта, қарсы алдымызда! — деп айғайлады.

Алтыншы таpay

БАР ПӘРМЕНІНШЕ

Осы дауысты естіп капитан да, офицерлер де, матростар да, жасөспірімдер де, машиналарын, жағып тұрған оттарын тастап инженер-механик, кочегарлар да — бәрі де сүңгішіге қарай лап қойды.

Капитан кемені тоқтатуға бұйрық берді.

Түн көзге түртсе көргісіз, тастай қараңғы болатын, канадалықтың көзінің қырағылығын біле тұрсам да, осындай қараңғыда қалай көргеніне қайран қалдым.

Жүрегім атша тулап аузыма тығылғандай болды, тіпті жарылып кетер ме екен деп едім.

Бірақ, Нед Ленд қателеспепті. Кешікпей-ақ оның қолымен нұсқап көрсеткен нәрсесін біз де көрдік.

«Авраам Линкольн» кемесінің штрибортынан қарағанда екі кабельттей жерде теңіз ішін бірдеме жарық қып тұрғандай болып көрінді. Бұл әдеттегі фосфор жарығы болуы мүмкін емес-ті. Су бетінен бірнеше фут тереңде жүрген кереметтің жарқыраған ғажап сәуле шашып жүретінін, талай капитан баяндамасында атап көрсетіп отырған. Бұл сәуле қандай да болса аса қуатты бір жарық көзінен шығып тұрған болуы керек. Мұхит бетіндегі жарық сәуле түскен жер ұзын, сопақ формалы еді. Сол сопақ сәуленің орта шенінің жарығы жарқырап, шет жақтарының жарығы солғындау болып көрінді.

— Бұл фосфорланып келе жатқан денелердің жай ғана жыйынтығы! — деді офицерлердің біреуі.

— Сіз қателесесіз! — дедім мен бұл пікірге қарсы болып,— түнде сәуле шашатын заттар немесе салыптар, тап мұндай жарық сәуле шығара алмас еді. Мына жарық шашып тұрған нәрседе қандай да болса бір электр көзі бар... Айттым ба қараңызшы... Қараңыз! Өзі жылжып келеді!.. Бізге қарай жылжып келеді.

Палубада тұрғандардың бәрі де шу ете қалысты.

— Дыбыс шығармаңдар! — деп команда берді капитан Фарагут.— Рульді солға бұр! Кейін шегін!

Жұрттың бәрі де өз орындарына қарай ұмтылысты.

Бұйрық қасқақ қанша-ақ орындалды, сөйтіп «Авраам Линкольн» жарым-жартылап бұрылып та үлгірді.

— Рульді оңға бұр! Ілгері тарт! — деп бұйырды капитан Фарагут.

Винт жұмысқа кірісіп кеп кетті де, кеме жарқыраған сәуледен жалма-жан қашықтай бастады.

Мен қателескен екенмін: кеме қашықтағысы келгенмен дағдыдан тыс ғажап жануар, кемеден екі есе шапшаңдықпен жақындап қалды.

Біз қорықпасақ та, таң қалғандықтан, демімізді ішімізге тартып, үн-түнсіз қаттық та қалдық. Қорқудан да таң қалуымыз басым еді. Жануар бізбен ойнап жүргендей лезде-ақ қуып жетті. Он төрт узель шапшаңдықпен жүзіп келе жатқан кемеге электр сәулесін төге орағытып өтті. Осыдан кейін ол экспрес локомотивінен будақтап шыққан түтіндей жарқыраған із қалдыра екі-үш мильдей озып кетті. Сөйтіп, қараңғыға сүнгіп кетті де, әлгі жерден екпіндеп қайта шығып адам айтқысыз шапшаңдықпен тура «Авраам Линкольнға» қарай ұмтылды, кемеге жиырма фут қалғанда, кенет тоқтай қалды... жарығы да өшіп кетті. Ол сүңгіп кеткен жоқ еді, егер сүңгіп кетсе оның сәулесі біртіндеп барып өшер еді; осындай сәуле шашып тұрған нәрсенің күші кенет сарқыла қалғандай жарық бірден сөніп кетті.

Содан көзді ашып жұмғанша болған жоқ. «Авраам Линкольнді» не орағытып өткені, не астымен өткені белгісіз, әйтеуір керемет енді кеменің екінші жағынан көрінді.

Кереметтің кемемен қақтығысып қалу қаупі секунд сайын туып тұрды, ал мұның өзі біз үшін, сөз жоқ қатерлі қақтығысу болар еді.

Мені таңдандырған кеменің маневрі болды. Кеме кереметпен шайқасудың орнына, бассауғалап қашумен болды. Кереметті қуу үшін шығып, өзі қуғын көріп жүр.

Мен бұл пікірімді капитан Фарагутқа айттым. Абыржу дегенді білмейтін ол қазір дал боп тұрғандай.

— Байқайсыз ба, профессор,— деп жауап қайырды ол,— мен мұның қандай зор жыртқыш екенін әлі білмеймін, сондықтан да көзге түртсе көрінгісіз мына қараңғыда өз кемемді босқа арандатқым келмейді. Белгісіз мақлұққа қарсы қазір қалай шабуылға шығарсын, одан қалай қорғанарсың! Таң атқанша сабыр етелік, таң атқан соң міндет айқындалар!

— Капитан, осы мақлұқтың жаратылысына енді күмәніңіз бар ма?

— Жоқ, профессор, тегі, бұл алып нарвал болу керек, нарвал болғанда да электрлі нарвал болуға тиіс.

— Мүмкін,— дедім мен,— гимнотка немесе жүзгіш минға жақындау қандай қауіпті болса, бұған жақындау да сондай қауіпті болуы да мүмкін.

— Әбден мүмкін,— деді капитан менің пікіріме қосылып, — ал, егер де, осы айтылғандардың үстіне оның электр қуаты болса, онда ол шынында да дүние жүзіндегі ең қауіпті жануар болғаны. Сондықтан мен сақтану керек деп ұйғардым!

Кемедегі жұрт түні бойы кірпік қаққан жоқ. Ешкім палубадан кетпеді. «Авраам Линкольн» жүрісінің шапшаңдығы жағынан нарвалмен бәсекеге түсе алмайтынына көзі жеткен соң, жүрісін біраз баяулатайын деді.

Кемеге еліктеп, нарвал да теңіз толқынында баяу теңселіп тұрып алды, майдан жерден кететін түрі жоқ сияқты еді.

Алайда, түн ортасы кезінде нарвал көрінбей кетті, немесе — дәлірек айтқанда, — үлкен жарық көзіндей кенет өшіп кетті. Мүмкін, ол қашқан шығар? Біз үшін оның қашпағанынан да, осы қашқаны қауіпті еді. Бірақ бірер сағаттан кейін құлақ тұндырарлық дыбыс естілді, мұның өзі қысымның күшімен бір таптар тесіктен ысқырып шыққан судың шуылы сияқты еді.

Бұл кезде, капитан Фарагут, мен және Нед Ленд үшеуміз палубада тұр едік. Біз осы көзге түртсе көрінгісіз қап-қараңғы төңірекке қадала қарап тұрғанбыз.

— Нед Ленд,— деді капитан,— кит атқылаған судың осындай шуылын жиі естуші ме едіңіз?

— Жиі еститінмін, капитан, бірақ мен осы уақытқа дейін көрінуімен ғана маған екі мың доллар түсірген китті көрген емеспін.

— Шынында да, сыйлық алуға сіздің еңбегіңіз тұрады. Бірақ сіз мынаны айтыңызшы, киттің танауынан атқылаған судың шуылына мына шуыл ұқсай ма?

— Ұқсауын ұқсайды, бірақ мынау әлдеқайда күшті екен. Алайда, қандай да болса бір кит тәрізді жануар екендігінде күмән болмасқа тиіс, ал, егер сіз рұқсат етсеңіз, ертең таң ата оған айтатын бір-екі ауыз сөзім бар.

— Егер ол бізді тыңдағысы келсе, Нед, — дедім мен, — бұған сенімім аздау.

— Егер де мен оған қашықтығы төрт сүңгінің ұзындығындай жақындай алсам,— деді канадалық,— ол менімен таныса алады.

— Бірақ өйту үшін сізге қайық беру керек шығар? — деді капитан...

— Әрине.

— Ескекшілердің өмірін тәуекел етіп пе?

— Мен не көрсем олар да соны көреді,— деп салды сүңгіші.

Түнгі сағат екі шамасында «Авраам Линкольннен» бес мильдей жерде жел жақтан тағы да электр жарығының сәулесі көрінді.

Кемеден едәуір қашықта болса да, желмен теңіздің шуылына қарамастан, жануардың құйрығымен суды сабалап, ауық-ауық демалып тұрған дыбысы ап-анық естіліп тұрды. Нарвал судың бетіне демалу үшін шыққан кезде, екі мыңдық күші бар цилиндрге бу қандай күшпен енетін болса, бұл жануардың кеудесіне ауа да сондай күшпен кіретін шығар деп ойлауға болар еді.

«Сайтан-ай! — деп ойладым мен, — бүкіл бір атты әскер полкының күшіндей күші бар кит, осал кит емес».

Бұл түн аңдысумен, алдағы шайқасқа дайындалумен өтті. Кит ұстайтын қару-жарақтар палуба ернеулеріне апарылып қойылды. Капитанның екінші көмекшісі сүңгілерін бір мильге жеткізе алатын зеңбіректерді де жарылғыш оқпен ең үлкен деген жануарларды да өлтіре жаралайтын карабиндарды да оқтап, даярлап қоюға бұйрық берді. Нед Ленд өзінің сүңгісін қайрап, үшкірлеумен ғана тынды.

Сағат алтыда таң да ата бастады. Жарық түсісімен-ақ нарвал да сәуле шашуын қойды.

Сағат жетіде таң әбден атқан еді, бірақ айнала-төңіректі ең жақсы бинокльмен қарағанда да түк көрінгісіз қалың тұман басып тұр еді. Сондағы жұртты кернеген ашу–ызаны-ай десеңізші.

Мен биязының бірінші белдігіне өрмелеп шығып алдым. Бірнеше офицерлер менен жоғарырақ шығып отырды.

Сағат сегізде толқын үстінің тұманы ыдырап ақырын жоғары көтеріле бастады.

Кенеттен, алдыңғы күнгідей Нед Лендтің даусы естілді.

— Ол пәле жел жақта, «еменнің кейінгі жақ бетінде жүр!—деп айғайлады сүңгіші.

Жұрттың бәрі де кеменің кейінгі жағына қарай лап қойды. Шынында да кемеден миль жарымдай жерде ұзындығы бір метрдей бірдеме су бетінде қараңдап жүр екен. Сірә құйрығы дамылсыз бұлаңдап жатса керек, кереметтің артқы жағында теңіз суының астан-кестеңі шығып бұрқылдап жатты. Мен білетін жануарлардың бірде-бірі суды тап мұндай қатты сабалап, өзінің соңынан тап мұндай ақ көбіктенген жолақ із қалдыра алмайтынды.

Кеме енді осы кереметке қарай беттеді. Мен кереметтен көз алмастан қарап тұрдым. «Ханаан» мен «Гельвеция» өздерінің рапорттарында кереметтің үлкендігін тым асырып жазған екен. Менің шамалауымша, оның ұзындығы екі жүз елу футтайды. Жуандығы қанша екенін білу қиын еді. Бірақ менің алған әсерім бойынша, ұзындығы да, көлденеңі де, биіктігі де бір біріне шамалас көрінді.

Мен осы жануарға қарап тұрған шақта, оның қос танауынан биіктігі қырық метр қос бағандай боп су атқылай бастады. Оның қалай дем алатынын мен сонда барып білдім.

Өстіп тұрып бұл жұмбақ мақлұқ омыртқалылар типіне сүтқоректілер класына, бір құрсақты подкласқа, кит тәрізділер отрядына жатады деген қорытындыға келдім. Бірақ қай тұқымға жататынын әзір біле алмадым.

Кит тәрізділер отрядына: кит, кашалот және дельфин тұқымдары кіреді. Нарвал да дельфиндерге қосылады. Ал осы тұқымдардың әрқайсысы көптеген тұқымдастарға,тұқымдастары — аталыққа, аталықтары—түрге бөлінеді. Тұр, аталық, тұқымдастық, тұқым туралы мен әлі белгілі бір пікір айта алатын жерде емес едім, бірақ Нед Лендтің өнері арқасында, капитан Фарагуттың бай тәжрибесінің арқасында, бұл мәліметтер ала алатындығыма ешбір күмәнім жоқ-ты.

Кеме командасы өз бастығының бұйрығын өте асыға, шыдамсыздана күтуде еді. Капитан, жануарға мұқият бір қарап алды да, кеме инженерін шақыртты. Кешікпей инженер де келді.

— Бу көбейтілді ме? — деп сұрады капитан.

— Көбейтілді,— деп жауап қайырды инженер.

— Жақсы. Көмірді салыңқырай түсіңіз.

Бұл бұйрықты үш дүркін «уралаған» дауыстар қарсы алды.

Күрес сағаты да соқты.

Бірнеше минуттан кейін кеменің мұржасынан қара-қошқыл түтін бағандары будақтап, кеме палубасы да діріл қаға бастады.

Аса қуатты винттің күшімен «Авраам Линкольн» тура жануарға қарай ұмтылды. Жануар өзіне жарты кабельт қалғанша, қаннен-қаперсіз тұра берді. Содан кейін ол сүңгімей-ақ кемемен екі ортадағы бұрынғы қашықтықты сақтап жайлап жүзіп кетті. Кеме оны қырық бес минуттай қуды, бірақ осы уақыттың ішінде «Авраам Линкольн» тым болмаса бір фут та жақындай алмады. Мұншалықты шапшаң жануарға қуып жету мүмкін емес-ті.

Капитан Фарагут ыза боп сақалын жұлды.

— Нед Ленд! — деп айғайлады ол. Канадалық жетіп келді.

— Ал, кит аулаушы мырза, сізге қайық керек пе?

— Жоқ,— деп жауап қайырды сүңгіші,— бұл сұм өзі келіп қолға түспесе, жеңдірер емес.

— Енді не істеу керек?

— Мүмкін болса, бу қысымын күшейтіңкіреу керек.

Ал, мен, сіздің рұқсатыңыз бойынша, кеменің тұмсық жағына орналасайын да, жеткілікті дәрежеде жақындай бергенде, сүңгіні атып жіберейін.

Капитан:

Жақсы, Ленд, — деді де сөйлесетін труба арқылы «Буды көтеріңіз!» деп бұйрық берді.

Нед Ленд өзінің орнына кетті. Отқа тағы да еселей көмір салынды, винт енді минутына қырық үш айналатын дәрежеге жетті. Суға тастаған лаг «Авраам Линкольнның» сағатына он сегіз миль жарым алып келе жатқанын көрсетті.

Бірақ әлгі қарғыс атқыр жануар да сағатына он сегіз жарым миль жүріп отырды.

Кеме бір сағат бойына осындай шапшаңдықпен қуа тұрса да, бір сантиметр де жақындай алмады. Мұның өзі Америка флотының шапшаң жүретін кемесі үшін үлкен қорлық еді.

Бүкіл команда жынданып кете жаздады. Матростар кереметті мейлінше-ақ сыбап бақты, бірақ ол қарысып үндемей қойды. Капитан Фарагут сақалды жұлудың орнына енді тістелей бастады.

Инженер тағы да мостикке шақырылды.

— Қысымды шегіне жеткіздіңіз бе? — деп сұрады капитан.

— Я, — деп жауап қайырды инженер.

— Неше атмосфераға дейін жеткіздіңіз?

— Алты жарым атмосфераға жеткіздім.

— Онға жеткізіңіз.

Бұл бұйрық көз жұмбай дария көшпестің кебі еді. Тіпті қандай да болса бір компанияға қарайтын, қайтсе де өзінің бәсекелесінен озуды көздеген кеменің капитаны да осыдан артыққа бара алмас еді.

— Консель,— дедім мен қасымда тұрған тамаша қызметшіме,— сен біліп тұрмысың, түптеп келгенде, тегі, біздің аяғымыз аспаннан келетін шығар?

— Қожайынның еркі білсін, — деп жауап қайырды Консель.

Капитанның осы көзсіз ерлігі маған өте ұнады, мен мұны мойындауым керек.

Кочегарлар отқа көмірді тағы да салды. Вентиляторлар ауаны отқа қарай айдауда болды. Бу қысымы күшейе түсті. Мачталары солқылдап «Авраам Линкольн» ілгері қарай жұлқынып кеп кетті. Будақ-будақ боп атқылаған түтін тар мұржалардан булыға шығып жатты.

Лаг екінші рет тасталды.

— Қанша? — деп сұрады капитан.

— Он тоғыз бүтін және үш ондық миль.

— Қысымды әлі де күшейте түсіңіз!

Инженер көнді. Манометрдің көрсеткіші он атмосфераны көрсетті. Бірақ, керемет те, сірә, «буды көбейткен» болу керек,— көп қиналмай-ақ, ол да сағатына он тоғыз бүтін үш ондық миль алып тарта берді.

Қууды-ай десеңізші! Жоқ, мен бұл сәттегі өзімнің көңіл-күйімді суреттеп бере алмаймын.

Менің есім шығып, бүкіл денем қалтырап кетті.

Нед Ленд кеменің тұмсығында сүнгісін қолына ұстап дайын тұр.

Жануар кемені өзіне бірнеше рет жақын да келтірді.

— Қуып жеттік! Қуып жеттік! — деп айғайлайды канадалық.

Бірақ ол сүңгісін атуға енді ыңғайлай бергенде, жануар ең кем дегенде сағатына 30 мильдей шапшаңдықпен зытып беретін. Бұл бұл ма, біз бар пәрменімізбен келе жатсақ, ол бейне бір мазақ еткендей, зулап бізді бір айналып өтетін. Оның мұнысына кемедегілердің адуын айқай көтергеннен басқа істер шарасы болмады.

Нарвал мен кеменің арасы қазір түс кезінде де таңертеңгі сағат сегіздегідей еді.

Енді капитан Фарагут басқа амал қолданбақ болды.

— Ә, солай ма! — деді ол.— Бұл жануардың өзі «Авраам Линкольннен» шапшаң жүзеді екен ғой? Олай болса, қайтеміз енді, бәлкім, бомбадан да жүйрік шығар көрелік. Боцман! Тұмсықтағы зеңбірекке канонир жіберіңіз!

Зеңбірек дереу оқталып, жануарға қарай бағытталды. Сол-ақ екен зеңбірек те зірк етті, бірақ снаряд жарты мильдей алда келе жатқан нарвалдан бірнеше футтай жоғары ұшты.

— Басқа бір көздеушіні, мергенірек біреуін жібер! — деп айғайлады капитан.— Осы лағнет мақлұққа бомба тигізген адамға 500 доллар сыйлық беріледі.

Бір ақ сақалды қарт канонир келді, оның байыпты көзқарасы, сұсты жүзі менің әлі көз алдымда елестеп тұрған тәрізді. Ол зеңбіректі дәл көздеді. Зеңбірек даусы естілер-естілместен-ақ «ура»-лаған дауыстар саңқ ете қалды.

Снаряд нысанаға дәл тиді. Бірақ күткен үміт орындалмады, снаряд нарвалдың жонын сүйкеп өтіп, бір тетікке қарай алысқа ыршып түсті.

— Әй, сайтан-ай! — деді қайран болған қарт канонир.— Бұл аждаһаның сауытының қалыңдығы алты дюйм болғаны ма?

— Лағиат! — деп айғайлады капитан.

Кеме қуа берді.

Капитан менің қасыма келді де:

— Мен нарвалды осы кеменің талқаны шығып, күлі көкке ұшқанша қуа беремін,— деді.

— Дұрыс,— дедім мен.— Сөйту керек!

Қажуды білмейтін бу машинасымен сайыста, ерте болсын, кеш болсын ,бұл жануар бір қалжырар, шаршар деп үміттенуге болар еді. Бірақ қанша сағаттан бері қусақ та тіпті шаршағандықтың белгісін де берер емес.

Айта кету керек. «Авраам Линкольн» өз абройына дақ түсірген жоқ, ол жануарды табандылықпен қуа берді. Менің есебім бойынша, бесінші ноябрьдің осы жайсыз күнінде кеме бес жүз миль жол жүрді. Бірақ тағы да түн болып, тулаған теңізді тағы да қою қараңғылық басты.

Дәл осы минутта мен біздің экспедициямыз енді біткен екен, фантастикалық жануарды енді қайтып көре алмаспыз деп қалған едім.

Бірақ қателескен екем.

Сағат оннан елу минут өткенде кемеден үш мильдей жерде электр сәулесі тағы көрінді.

Нарвал бір орында қозғалмай тұрған сияқты. Күні бойына әбден шаршап, қалжыраған жануар, енді толқынмен тербетіліп ұйықтап кетіпті. Бұл жағдайды пайдаланып қалу керек еді, капитан бағын сынап көрмек болды.

Тиісті бұйрықтарын да берді. «Авраам Линкольн» жануарды оятып алмау үшін өте жай жылжып келе жатты. Мұхиттарда қатты ұйқыда жатқан киттер жиі ұшырайды, ал, Нед Ленд болса, ол ұйықтап кеткен талай китті сүңгілеп өлтірген.

Канадалық кеменің тұмсық жағындағы орнына барып тұрды.

Сол дыбыс білдірмей жылжыған күйі, кеме жануарға екі-ақ кабельттей жер қалды. Енді машина тоқтатылып кеме екпінімен ғана жүзіп отырды. Кемедегі адамдар да, палуба да жым-жырт. Сопақша сәулеге жүз-ақ адымдай жер қалдық.

Осы минутта мен Нед Лендке қарап едім, ол өзінің қатерлі қаруын оңтайлап тұр екен.

Кеме бір орында тұрған жануарға тағы да жақындай түсті,— кеме мен жануардың арасында жиырма адымға жетер – жетпес-ақ жер қалды.

Кенеттен Нед Ленд құлашын кере бір толғап қалды, сүнгі жұлдыздай ақты. Мен металға бір нәрсе тигендей шың ете түскен бір дыбыс естідім.

Электр сәулесі лезде-ақ өшіп кетті, кенеттен орасан зор екі су бағаны кеменің палубасына лап берді, тасқын өзінің жолындағы кездескеннің бәрін бұзып-жара, адамдарды қалпақтай ұшыра кеменің үстін қаптап бара жатты.

Әлдене тарс ете қалды, кеменің ернеуінен ұстай алғанымша болған жоқ, кемеден ұшып түстім.

Жетінші тарау

КИТТІҢ БЕЛГІСІЗ ТҮРІ

Ойламаған жерден құлап кетсем де, бастан кешкендерімнің бәрі есімде анық сақталыпты.

Алғашында суға батып кеттім.

Бірақ жақсы жүзе білетіндіктен бұған абыржи қойғаным жоқ.

Теңіз бетіне малтып шықтым да, ең алдымен кемені қарай бастадым. Ондағылар менің жоғалып кеткенімді байқады ма екен? Капитан мені іздеу үшін қайық түсірді ме? Аман қаламын деп үміттенуге бола ма маған?

Осы қараңғы түнге қарамастан шығыс жақта қарауытқан бірдеме көзіме түсті, белгі беріп тұратын оттардың өрісіне қарағанда, өзі әрі қарай кетіп бара жатқанға ұқсайды. Бұл кеме еді. Өзімнің құритынымды енді ғана ұқтым.

— Маған қарай, маған қарай жүріңіз! —деп айғайлап, кемені қуып жетуге тырысып келемін. Әбден су сіңген киімдерім денеме жабысып, екі иығымнан басып қозғалтпай қойды. Дымым құрып, суға бата бастадым...

— Көмектесіңдер!

Бұл менің ең соңғы айғайым еді. Батып бара жатқанымды сезіп, жанталастым.

Кенеттен бір тегеуірінді қол жағамнан ұстай алып, судың бетіне алып шықты.

Дәл құлағымның түбінен біреу:

— Егер, қожайын мақұл көрсе, менің иығыма сүйеніңкіресін, сөйтсе жеңіл жүзетін болады, — дейді.

Шын берілген Коксельді қолынан ұстай алдым.

— Бұл сенбісін?! — дедім мен.— Бұл кім, сен бе?

— Я, бұл мен,—деп жауап қайырды Консель.— Қожайынға қызмет етуге әрқашанда дайынмын.

— Демек, манағы соққы мен сияқты, сені де ұшырып жіберген екен ғой?

— Жоқ. Бірақ профессор мырзаның қызметшісі болғандықтан, оның соңынан қалмауды өзімнің борышым деп білдім.

Бұл тамаша жігітке өзінің осы қылығы үйреншікті бір әдеттей көрінді.

— Ал, кеме ше?

— Кеме ме? — деп қайта сұрады Консель, шалқасынан аударылып түсіп, менімше қожайынның енді ол кемеден қайырым күтпегенінің өзі жақсы.

— Неге?

— Өйткені, мен қарғып түсер шақта вахтадағы матрос:

— «Винт те, руль де сыныпты» деп айғайлап қалған болатын.

— Сыныпты деймісіз?

— Я, кереметтің тісі сындырған. «Авраам Линкольн» осындай авариямен ғана құтылыпты. Бірақ біздің сорымызға қарай, кеме басқаруға болмайтын болып қалған.

— Демек құрығанымыз ғой, онда?

— Мүмкін,— деп жауап қайырды ол сабырмен.— Алайда, біздің әлі де бірнеше сағат уақытымыз бар, ал, бірнеше сағаттың ішінде талай нәрсе істеуге болады.

Консельдің салқын, сабырлы мінезі маған едәуір жігер берді. Мен ширақтау жүзе бастадым. Бірақ киімдерім тағы да денемді қозғалтпай, жүзуіме үлкен кедергі болды.

Консель мұны біле қойды.

— Қожайыннан үстіндегі киімдерді тілуге рұқсат сұраймын,— деді ол.

Сонымен, ол менің киімімді жағасынан етегіне дейін пара-пара қып тіле бастады, бұл кезде мен оны сүйемелдеп жоғары демеп келе жаттым. Бұдан кейін, Консельге мен де сондай қызмет еттім. Сөйтіп, екеуміз тағы да қатар жүзіп келе жаттық.

Алайда, жағдаймыз бұдан онша жеңілдей қойған жоқ. Біздің жоғалып кеткенімізді ешкім байқамай қалуы мүмкінді; ал, тіпті байқағанның өзінде де рулі мен винтінен айрылған кеме жел жақтағы бізге қалай келсін. Олай болса, капитан Фарагут, бізге қайық жібереді деп қана үміттенуімізге болар еді.

Осындай қорытындыға келдік те, біз енді, мүмкін қадарынша, су бетінде болуға тырыстық. Екеуміз бірдей әлсіреп қалмау үшін мынадай бір амал таптық; біріміз қолымызды қусырып шалқамыздан жатып дем аламыз да, екінші біреуміз оны ілгері қарай демеп малти береміз. Осылай әрбір он минут сайын кезек алмасып отыруымыз керек. Сөйткенде біз теңіз бетінде бірнеше сағат бойына, тіпті күн шыққанға дейін өмір сүре тұруымыз мүмкін.

Бұл аман қаламыз ба деген бір үміт еді, бірақ не деген болмашы үміт десеңізші! Үмітсіз шайтан деген ғой.

Кеменің нарвалмен қақтығысқан кезі, кешкі сағат он бірдің шамасы еді. Демек, таң атып, жарық түскенше, сегіз сағаттай су үстінде болуымыз керек. Ал мұның өзі әбден мүмкін-ді.

Теңіз тыныш, толқын жоқ еді. Мен осы тастай қараңғы түнде, бірдеме көрінер ме екен деп айналаға әлсін-әлі көз жіберіп қарап қоям, бірақ айнала төңіректің бәрі құлазып қалған, тек біз қозғап келе жатқан судың сәулесі ғана фосфордай жылт-жылт етеді.

Алайда, түнгі сағат бір шамасында, мен сілем құрып, әбден қалжырадым. Сіңірлерім тартылып, қол-аяғымды бүрістіріп әкетті.

Енді аман қалу жолындағы бар ауыртпалық бір ғана Консельдің, мойнына түсті. Кешікпей-ақ есіл жігіт екі иығынан дем алып ентіге бастады. Оның да онша ұзаққа бармайтынын ұғып келем.

— Мені таста! Мені таста! — дедім мен оған.

— Қожайынды таста дейсіз бе? Ешуақытта тастамаймын! — деп жауап қайырды өзіме шын берілген қызметшім.— Одан бұрын өзім батуым керек, мен бұған әбден бекіндім.

Осы минутта жел айдап шығысқа қарай көшіп бара жатқан қарақошқыл бұлттардың арасынан ай сығалады. Ай сәулесі түскен мұхит суы жылт-жылт етіп күлім қақты. Осы бір сүйкімді сәуледен тағы да әлденіп кеттім де, басымды көтеріп, төңірекке көз жібердім.

Мен, бізден бес мильдей жерде тұрған кемені көрдім. Ол мұндай қашықтықтан көзге ілінер-ілінбес нүктедей ғана болып көрінді.

Бірде-бір қайық та көрінбеді.

Мен дауыстап көмек сұрағым келіп еді, бірақ ісіп кеткен еріндерімнен дыбыс шықпады.

Консель айғайлап жіберді:

— Көмек беріңіз! Көмек беріңіз!

Бір сәтке тоқтап, тыңдай қалдық. Бұл немене өзі, басқа қан құйылғандағы құлақтың шуылы ма, әлде шынында біреу дыбыс беріп тұр ма?

— Сен естідің бе? — дедім мен сыбырлап.

— Я, я!

Сонымен, Консель тағы да көмек сұрап, ышқына айғай салды.

Бұл жолы ешқандай күдік қалмады! Консельдің айғайына жауап қайырған адам даусы естілді!

Бірақ бұл кеме қақтығысы кезіндегі құрбандардың бірі ме, әлде ұшы-қиыры жоқ дүлей теңіздің шеңгеліндегі біз сияқты бір сорлының даусы ма? Немесе, қараңғыда бізді іздеп жүрген қайықшылардың даусы ма? О жағын біле алмадық.

Консель бар күшін салып, менің иығыма сүйене судан кеудесіне дейін көтерілді; бірақ сол арада-ақ әлі құрып, суға қайта құлап кетті.

— Не көрдің сен?

— Менің көргенім...— деп сыбырлады ол,— менің көргенім... Бірақ оны айтпай-ақ қоялық, күшімізді сақтайық...

Ол не көрді екен? Неге екенін білмеймін, дәл осы минутта менің есіме керемет түсті...

Бұл уақытта Консель мені ілгері қарай демеп келе жатқан. Ол оқтын-оқтын басын көтеріп, біреуге тіл қатып қояды. Іле біреу дауыстап жауап қайырады.

Бірақ мен бұл кезде өте нашар еститін халде едім. Әлім мүлдем бітіп, саусақтарымның арасы еріксіз ашылып кетті; қолым сүйенуге де жарамай қалды; сіңірім тартылып, ашылып кеткен аузыма теңіздің тұзды суы тола берді; суық өтімнен өтіп сүйегіме жетті. Өмірмен қош айтыспақшы болып, ең соңғы рет басымды көтердім.

Осы секундта мен әлдеқандай бір қатты денеге соғылдым да жармаса кеттім. Сосын өзімді судан шығарып жатқанын, еркін дем ала бастағанымды сезісімен-ақ... есімнен адасып қалдым.

Сірә, қатты-қатты ысқылағандықтан болса керек, есімді тез жидым.

Мен көзімді сәл аштым да:

— Консель, — дедім сыбырлап.

— Қожайын мені шақырды ма?—деді өзіме шын берілген қызметшім.

Осы арада батып бара жатқан ай сәулесінің соңғы жарығымен екінші бір таныс адамды көрдім.

— Нед Ленд! — деп қалдым мен.

— Дұп-дұрыс, профессор мырза. Көріп отырсыз, сыйлық алудың соңына түсіп жүрмін,— деп жауап қайырды канадалық.

— Қақтығыс кезінде құлап кеттіңіз бе, теңізге?

— Я, профессор мырза, тек сіздерден көрі, менің жолым болды, мен бірден-ақ жүзгіш аралсымаққа шығып алдым.

— Я. Немесе дәлірек айтқанда, сіздің алып нарвалыңызға мініп алдым.

— Анығырақ етіп айтыңызшы, Нед?

— Менің сүңгімнің мұның терісіне кірмей, неге тайып кеткенін үстіне шыққасын бір-ақ білдім,— деді канадалық.

— Неге тайып кетеді екен, Нед, неге?

— Өйткені, профессор мырза, бұл болатпен қапталған жануар екен.

Канадалықтың бұл сөзі менің пікірімді өзгертіп жіберді.

Мен ұшып тұрдым да, өзіміз паналап отырған, жартылай суға батқан мақлұқтың немесе жануардың қыр арқасында тұрып бойымды жаздым.

Теуіп қалдым да, оның арқасының басқа сүтқоректілердікіндей серпінді емес екенін, ешнәрсе өте алмайтын, өте қатты бірдеме екеніне менің көзім әбден жетті.

Мен алғашында біз өте ерте замандағы жануарлардың бас сүйектеріне ұқсас, бір бас сүйектің үстінде тұрған шығармыз деп қалдым. Онда мен бұл кереметті бақа немесе аллигатор сияқты жер бауырлап жүретін жануарлардың қатарына жатқызуым керек болар еді.

Бірақ оның мен басып тұрған қап-қара қыр арқасы теп-тегіс, жып-жылтыр еді, қабыршақты емес-ті. Соғып қалғанда, болатпен қапталғандай әсер беріп, шық ете түседі.

Құпия сыры бүкіл ғылыми дүниені толғандырған, екі жарты шардың екеуінің де теңізшілерінің ой дүниесін тебіренткен осы жануарды, осы кереметті, осы жанды феноменді көзбен көріп, қолмен ұстағаннан кейін мұның бұрынғы айтылып жүрген феноменнен де ғажап феномен екеніне, адам қолымен жасалған феномен екеніне енді сенуге тура келді!

Егер де мен ертегіде ғана айтылатын бір жануарды ашқан болсам, оған мұндай қайран қалмас едім. Табиғат мұндай кереметті жасап шығарған болса, оған таңданарлық не бар? Ал адам қолымен жасалған мына кереметті, табиғаттан тыс нәрсені өз көзіңмен көргенде есіңнен айрылып қалуың мүмкін ғой.

Солай бола тұрса да, бұған күдіктенуге болмайтын еді. Менің шамалауымша, біз орасан зор болат балық тәріздес ерекше бір сүңгуір кеменің үстінде тұрмыз. Нед Лендтің пікірі бұл жөнінде әбден бекіген пікір еді. Консель мен маған оның пікіріне енді тек қосылу ғана қалған-ды.

— Бірақ, бұл кеме болса,— дедім мен,— оның двигателе толып жатқан түрлі механизмдері де болуы керек қой демек, оларды басқаратын адамдары да болуы керек.

— Әрине,— деді сүңгіші,— алайда, осы жүзгіш аралсымақта болған үш сағат уақыттың ішінде, мен ешбір тіршілік белгісін байқай алғаным жоқ.

— Кеме орнынан тіпті қозғалған жоқ па?

— Жоқ, профессор. Тек толқынның шайқағаны болмаса, орнынан екі елі қозғалған жоқ.

— Бірақ мұның аса шапшаң жүретінін біз жақсы білеміз ғой. Ал соншалықты шапшаң жүру үшін оған машина керек, машинаның жұмысын басқаратын адам керек, олай болса... өзімізді апаттан аман құтылдық деп санаймын.

— Е! — деді Нед Ленд, сеніңкіремей.

Осы минутта, тап бір менің пікірімді қостағандай арт жақта су бұрқылдап, ғажап кеме орнынан жылжып кетті. Тегі, ол ескек винттің қалақтарының айналуы арқылы қозғалысқа келсе керек. Біз тұмсық жағындағы кішілеу дөңеске жармаса қалдық. Бақытқа қарай, кеме баяу жүзіп келе жатты.

— Әзір су бетінде жүзіп келе жатқанда, — деді Нед Ленд күбірлеп,— менің сізге қарсы шығар түгім жоқ. Ал, егер суға сүңгіп кетсе, онда менің құным екі долларға да алғысыз.

Рас, олай болғанда, канадалықтың құны екі долларға да тұрмас еді. Тегі, кім де болса осы жүзгіш аппараттың ішіндегілермен дереу тілдесу керек шығар.

Мен енді кеменің үстіңгі жағынан ішке түсетін люк (ауыз) іздей бастадым. Бірақ болат жиектерге берік қабыстырылып қағылған шеге қатарлары бір тегіс еді.

Ай да батты, сөйтіп біз енді қараңғы түннің құшағында қалып қойдық. Сүңгуір кеменің ішіне түсуге әрекеттеніп көру үшін бізге таңның атуын күту керек болды.

Сонымен, біздің өміріміз кемені бағыттап отырған құпия рульшіге байланысты болып қалды. Егер ол сүңгитін болса біз құрыдық. Егер өйтпесе, онда сүңгуір кеменің адамдарымен қатынас жасай алатынымызға менің күмәнім жоқ-ты. Шынында да, егер өздері кислород жасап алып отырмаса, жаңадан ауа қорын толтырып алу үшін, олар оқта-текте сыртқа шығып тұруға тиіс қой. Ал, олай болса, кеменің ішіне ауа жіберетін қандай да болса, бір тесік болуға тиіс.

Кеме сағатына он екі миль алып, біркелкі шапшаңдықпен батысқа қарай келе жатты. Винт қалақтары тынбай есіп, оқта-текте фосфорланған судан фонтан атып шашыратып қояды.

Таңертеңгі сағат төрт кезінде кеме жүрісін шапшаңдата бастады. Үстінде отыру өте қиынға соқты. Әйтеуір бағымызға қарай Нед жиекке бекітілген бір үлкен шығыршықты сипалап тауып алды да бәріміз соған жармастық.

Ақыры, бітпестей көрінген осы бір ұзақ түнді де өткіздік-ау. Басымнан кешкендердің көбін ұмытып қалыппын. Бірақ бір нәрсе есімнен кетер емес: жел ызыңы мен толқын шуылы әлсін-әлі саябырлаған кезде маған әлдеқандай бір музыка үні, ойнақы аккордтар, ән үзінділері естіліп қалатындай болып көрінді...

Осы сүңгуір кеме қандай құпия сыр сақтап келеді?

Мұның ішінде қандай мақлұқтар тіршілік етеді? Бұған соншалықты шапшаң жүруге мүмкіндік беріп отырған қандай двигатель?..

Таң да атып қалды. Таңертеңі тұман кемені қоршап алды. Бірақ көп кешікпей-ақ тұман да серпілді.

Сүңгуір кеменің судан шығып тұрған бөлегін мұқият қарап шығуға енді кірісе беріп едім, бір уақытта кеме жайлап суға бата бастады.

— Әй, албастылар! — деп айқайлады Нед Ленд, теп-тегіс металды бар күшімен тепкілеп. — Бізді кіргізсеңдерші!

Бірақ, винттің құлақ тұндырарлық қатты шуылы оның даусын есіттірмеді. Бақытымызға қарай, кеме сүңгуін қоя қойды.

Кенеттен кеменің ішінен сырмалы есікті ашқандай бір дыбыс естілді. Кеменің ауыз қақпағы ашылысымен бір адам басын қылтыйтып бізге қарады. Сөйтті де бірдеңе деп айқайлап көрінбей кетті. Бірнеше минуттан кейін әлгі ауыздан еңгезердей-еңгезердей сегіз жігіт шыға келді де, тілге келместен, бізді жұмбақ кеменің ішіне алып кірді.

Сегізінші тарау

«ШАПШАҢДАРДЫҢ ШАПШАҢЫ»

Біз кемеге тез кірдік, тез кіргенде де тіпті, мен де, менің жолдастарым да бір-бірімізбен тілдесіп те қала алмадық. Жүзгіш түрмеге ала жөнелгенде жолдастарымның қандай сезімде болғанын білмеймін, менің тұла бойым мұздап қоя берді.

Біздің істес болған адамдарымыз кім? Сөз жоқ, бұлар жаңа заманның теңіз тонаушылары — пираттар!

Кеменің есік-аузының жіңішкелеу қақпағы жабылысымен-ақ, іші қап-қараңғы болды да кетті. Күндізгі жарыққа көзім үйренген мен айналада не бар, не жоғын да айыра алмадым.

Тұтқыншылардың арасында Нед Ленд пен Консель де менің соңымнан еріп келе жатты.

Біз түсіп келе жатқан баспалдақтың түбінде есік бар екен. Бұл есік біз ішке кірісімен-ақ қайтадан тарс жабылып қалды.

Біз өзді-өзіміз ғана қалдық. Қайда тұрмыз? Мұны айта алмадым, тіпті көз алдыма да елестете алғам жоқ.

Айналамыз тастай қараңғы, қараңғы болғанда да тіпті осы қараңғы түнектің ішінде тұрғаныма бірталай уақыт болса да, көзіме жылт еткен жарық нышаны да көрінбеді.

Бізге істеген мұндай тұрпайы қылықтарына Нед Лендтің қаны қайнап, ашуланып, тас-талқан болды.

— Мың да бір шайтан! — деп айғайлап жіберді ол. — Бұлардың өзі каледондық тағылардың ішіндегі сорақысы екен ғой! Адамжегіштер болуы ғана қалған, жетіспегені осы-ақ! Мені бұл түк таңдандыра алмайды... Бірақ күні бұрын айтып қояйын: мен өзімді бұларға оңайлықпен жегізбеймін.

Сабыр етіңіз, Нед, сабыр етіңіз, — деді Консель сабырмен. — Уақытынан бұрын ашулану не керек. Әзірге бізді әлі табаға сала қойған жоқ қой.

— Оныңа мен де қосыламын: біз әлі табаға түскеміз жоқ, — деп жауап қайырды канадалық, — бірақ пештеміз ғой, — бұл сөзсіз! Бұл жер тәуір-ақ қараңғы екен. Бағыма қарай, пышағым жанымда, оны жұмсау үшін маған онша көп жарықтың қажеті де жоқ. Бұл бандиттардың ең бірінші тиіскені...

— Нед, айғайламаңыз,— дедім мен сүңгішіге,— жағдайымызды ауырлатып, шиеленістіре бермеңіз... Кім біледі, бәлкім, біздің сөзіміздің бәрін тыңдап тұрған шығар. Одан да ең әуелі қайда тұрғанымызды біліп алалық.

Мен ептеп басып бірнеше адым ілгері жүріп едім, темір қабырғаға барып тірелдім. Қабырғаны жағалап көріп едім, жанында бірнеше орындық қойылған ағаш столға соқтығысып қалдым, біздің түрмеміздің еденіне, басқан аяқтың дыбысын білдірмеу үшін қалың ши төселген екен. Жалаңаш қабырғаларынан не есік, не терезе таба алмадым. Қабырғаларды жағалап қарама-қарсы келе жатқан Консель менімен қақтығысып қалды, сөйтіп біз екеуміз ұзындығы жиырма фут, ені он фут каютаның орта шеніне қайта келдік. Биіктігінің қандай екенін біле алмадық, өйткені ұзын бойлы Мед Ленд те қолын төбеге жеткізе алмады.

Жарым сағаттай уақыт өтсе де жағдайымыз сол бұрынғы күйінен өзгермеді. Бірақ, кенеттен түрмемізде жарық жанды. Аса жарқырауына, жарығының ақтығына қарағанда, мұның электр жарығы екенін мен біле қойдым — өзіміз көрген сүңгуір кемені бейне фосфорлы, нұр-сәулеге бөлеп тұратын жарық осы еді.

Алғашқы секундта көзім еріксіз жұмылып кетті. Әлден соң қарасам, жарық каютаның төбесіне бекітілген қоңыр түсті жарты шардан түсіп тұр екен.

— Ақыры, бәрін де көрдік-ау, әйтеуір! — деді Нед.

Өзі қорғану ұрысына шыққан адамдай қолына пышағын қысып ұстап алған.

— Я, — дедім мен, әзілмен,— тек не боларымыз ғана көрінбей тұр.

— Қожайынға сабыр сақтауға кеңес беремін,— деді Консель.

Жарықта біз өзіміздің түрмемізді жақсылап қарап алдық. Үй жабдығы атаулыдан бір стол мен бес орындық қана бар екен. Ауа өтпейтін құпия есік жабық тұр,— бірақ қай жерде екенін біле алмадым. Ешбір дыбыс та естілмейді. Кемедегілер тегіс өліп қалған сияқты. Өзіміздің бір орында тұрғанымызды да, немесе суға сүңгіп кеткенімізді де, немесе бұрынғыша су бетінде жүзіп келе жатқанымызды да, — бірін де біле алмай қойдым...

Бірақ электр лампасы қандай да болса бір мақсатпен жағылғаны айқын еді. Команда құрамынан кімде болса біреудің кешікпей-ақ келетіндігі сөзсіз,— әйтпесе қараңғы бөлмеге бостан-бос жарық жақпас еді ғой.

Мен қателескен жоқ екем. Кешікпей-ақ сырмалы есік ашылып, каютаға екі адам кіріп келді.

Бұлардың бірі — аласа бойлы, қақпақ жауырынды, шымыр денелі қазанбас, дударланған қою қара шашты, көзі өткір, мұртты адам еді. Сырт пішіні оңтүстіктің адамдарындай жылдамдық, ширақтылыққа бейім, Франциядағы провинсальдықтардың бір ерекшелігі де осы болатын.

Екіншісі—ұзын бойлы адам еді, мұны толығырақ суреттеуге тура келеді. Гераскол немесе Энгель сияқты ұлы физиономистердің шәкірті мұның бет ажарына бір қарап-ақ, дәл кітапта жазылғандай етіп, барлық мінез-құлқын айтып берер еді. Мен, оның ең басты қасиеттерін ешбір күдіксіз бірден-ақ біліп алдым: мұның тәкаппар адамға тән, кекжие біткен басынан, ызғарлы қара көзінен өзіне өзінің сенімі зор адам екендігі білініп тұрды; сабырлылығы, аппақ қудай өңі оның салқын қандылығын білдіріп тұрды, қасының үстіңгі жағының тез жиырылып тұруы оның жігерлілігін білдіріп тұрды; ақыры оның батыл адам екендігін күшті демалысы аңғартып тұрды, мұның өзі оның қажырлы мығым екендігінің де айғағы еді. Бұған қоса айтарым: бұл тәкаппар адам еді, ал сабырлылығы мен мығым көз қарасында оның ой-жүйесінің ізгілік қасиеті көрініп тұрды, сонымен, жалпы алғанда, бұл адам өзінің кескінімен үлкен турашыл, шыншыл адамдай боп әсер етті.

Ол кірісімен-ақ мен өз тағдырымыз туралы енді қапаланбасақ та болатындығын, бұл адаммен кездесуіміз біз үшін жайлы боп аяқталатынын мен бірден-ақ сездім.

Бұл адамды отыз бес пен елудің арасындағы адам ғой деп шамалауға болар еді, оның жас шамасын бұдан гөрі дәлірек айта алмадым. Бұл — жазық кең маңдайлы, қыр мұрынды, аузы да өте келісімді, тістері де тамаша, қолдары жіңішкелеу келген сұлу мүсінді адам еді. Жалпы алғанда, бұл өз өмірім ішінде көрген еркектердің ең сұлуы еді.

Бұл адамның бет пішініндегі тағы да бір өзгеше ерекшелікті көрсетіп өтуім керек: оның бір-бірінен алшақ біткен екі көзі бір қарағанда-ақ көкжиегінің төрттен бірін көре аларлықтай еді. Мен кейінірек білдім, оның көзінің бұл қасиеті, Нед Лендтің көзінен де өткір қырағы екендігінің айғағы екен.

Осы бейтаныс адам біреуге қарағанда қастары қосылып, көздері кішірейе қалатын, бірақ, сонда да оның көзі қарап тұрған адамның өңменінен өтіп кететін. Не деген көз десеңізші! Бұл алыстағыны жақындатып, мидың не бір құпия сырына дейін ашып, әйнекпен қарағанда, судың қалың қабатына қарап, теңіздің тұңғиық төңірегіндегі тіршілікті кітаптан оқығандай оқып бере алатын көз еді.

Осы екі бейтаныс адамның екеуінің де қама бөркі, түлен терісінен тігілген, теңізшілер киетін, ұзын қонышты етіктері, белгісіз бір матадан тігілген, әдемі әрі өте ықшам костюмдері бар еді.

Бұлардың ұзын бойлысы, тегі, бастығы болуы керек, бізге аса зер сала қарап тұрды. Бір мезгілде ол жолдасына бұрылып қарап, мен түсінбейтін тілде бірдеңе деп сөйлей жөнелді. Мұның өзі аса оралымды, дауысты дыбыстарға толы, дауыс екпіні секірмелі, сыңғырлаған сазды тіл еді.

Екіншісі де, сондай түсініксіз тілде екі-үш ауыз сөзбен жауап қайырып, басын изеді.

Осыдан кейін бастық маған қарап, менен әлденені сұрап тұрғандай болды.

Мен оның сұрағын түсіне алмай тұрғанымды айтып, французша жауап қайырдым. Бірақ ол да, менің не дегенімді түсінбеді білем. Жағдай қиынға айналды.

— Қожайынға мен өзіміздің оқиғамызды айтуға кеңес беремін; олар аздап болса да, сонда ғана бірдеме ұғуы мүмкін,— деді Консель.

Мен бұл кеңесті қабыл алдым да, бір сөз сөйлесем де анық сөйлеп, өзіміз басымыздан кешкен оқиғаны егжей-тегжейіне дейін айтып бердім. Мен аты-жөнімізге дейін айта келіп, ақыр аяғында, асқан сыпайылықпен бейтаныс адамдарға профессор Аронаксты, оның қызметшісі Консельді және аты әлемге әйгілі сүңгіші Нед Лендті таныстырдым.

Көзі ойлы, жылы шырайлы адам, ықылас қойып, ұйып тыңдап тұрды. Бірақ бет-ажарынан бір сөзіңді ұқтым дегендей ешбір нышан білінген жоқ.

Енді тек ағылшын тілінде сөйлесіп көру ғана қалды. Мен неміс тілі сияқты, ағылшын тілін сөздіксіз-ақ оқи беретінмін, бірақ ауызша жақсы түсінісіп сөйлесе алмаушы едім. Ал, бұл жерде мүдірместен жақсы сөйлесе білу керек еді.

— Енді кезек сізге келді,— дедім мен сүңгішіге.— Бастаңыз, Нед! Ағылшын тілінің өзіңіз білетін бар асылын ақтарыңыз, менен де көрі нәтижелі сөйлеуге тырысыңыз.

Нед екі айтқызған жоқ, жаңағы менің айтқандарымды ағылшын тілінде айтып шықты. Дәлірек айтқанда, ол менің сөзімнің жалпы мазмұнын айтқанымен, түрін мүлдем өзгертіп жіберді.

Канадалық мейлінше қыза сөйледі. Адам баласының хұқық-праволарына мүлде қайшы келетін, бізге істеліп отырған зорлық-зомбылықтарға қатты наразылық білдірді; бізді камераға қамасын деген қай заң деп сұрады ол; бізді бас бостандығымыздан айырған адамдар сотқа тартылады деп те қорқытты; сөйдеп қолдарын сілтеп кеп, ақыр аяғында, аштан өлгелі тұрмыз дегендей белгі беріп, ишарат білдірді.

Мұнысы өте дұрыс еді, біз мұны ұмытып та кетіппіз.

Амалы нешік, менің сөзім сияқты, өз сөзінің де түсініксіз боп шыққанына сүңгіші қатты қайран қалды. Тегі олар Фарадейді, тілін Арагоныд тілінен артық білмесе керек.

Бұл сәтсіздіктен қатты қысылып, филологиялық барлық қорды сарқып, енді не істерімді білмей дал боп тұрғанымда, Консель маған:

— Егер де қожайын рұқсат етсе, мен әлгі айтылғандарды неміс тілінде айтып шығайын, — деп қалды.

— Қалайша, сен немісше білетін бе едің? — дедім мен дауыстап.

— Барлық фламандықтар сияқты мен де немісше білуші едім. Егер тек қожайынның ешқандай қарсылығы болмаса...

— Рақым етіңіз, Консель! Тезірек!

Сонымен, Консель аса байыпты шыраймен біздің оқиғамызды үшінші рет қайталап, айтып шықты. Бірақ, айтушы бар енерін салып, тілдің майын тамыза, қанша шешен сөйлегенімен, неміс тілі де ойлаған жерден шықпады, пайдаға аспай қалды.

Ақыр аяғында, басқа істер амал қалмаған соң, мен мектепте оқып жүрген кезде есте қалғандарымды жиып, теріп, сол арада-ақ латынша айта бастадым. Цицерон мұны естісе, екі құлағын тас қып бітеп алып, мені ас пісіретін үйге қуып жіберер еді, сөзімді сонда да аяқтап шықтым.

Бұл да қанағаттанарлық нәтиже бермеді.

Ең соңғы әрекет те жоққа шыққаннан кейін, бейтаныс адамдар өздерінің түсініксіз тілдерінде бірнеше сөзбен пікір алысты да, барлық елдерде де, барлық халықтарда да дағдылы әдетке айналған жылы шырай беру ишарасын да істеместен кетіп қалды.

Олар шығысымен-ақ есік жабылып қалды.

— Бұл жауыздық!—деді Нед Ленд ақырып қап, ол осылай жиырма рет күйіп-піскен болар,— бұл қалай! Ол надандарға французша да, ағылшынша да, немісше де, латынша да айтылып жатыр, сонда да еш жауап қатпай қойды!

— Сабыр етіңіз,— дедім мен бұлқан-талқан болған сүңгішіге,— ашудан келер пайда аз.

— Бірақ, профессор, сіз ұғып тұрсыз ба,— деп жауап қайырды канадалық,— бүйте берсек біз мынау темір тордың ішінде аштан қатамыз.

— О, — деді Консель сабырлы философша,—аштан өлуге әлі көп уақыт керек.

— Достарым,— дедім мен,— қапаланудың қажеті жоқ. Біз бұдан да қатерлі сыннан өткен адамдармыз. Бұл кеменің капитанын да, басқа адамдарын да сөкпей тұра тұрыңыздар. Олар туралы белгілі бір пікірге келіп үлгірерміз әлі.

— Бұлар туралы менің пікірім дайын,— деп мәлімдеді Нед Ленд, — бұлар нағыз оңбағандар!

— Өте жақсы. Бірақ бұлар қай жерлік, қай елде туып-өскен адамдар? — деп сұрады Консель.

— Олар оңбағандар елінен!

— Нед, қалқам, ол ел географиялық картада да айқын көрсетілмеген, сондықтан мойындауым керек, ол адамдардың қай ұлттан екенін білу маған қиын соғып тұр. Әйтеуір олардың ағылшын да, француз да, неміс те емес екенін ғана дәл айтуға болады. Менің алған әсерім бойынша, бастық та, оның жолдасы да ендіктің төменгі градустарындағы бір елде туған адамдар сияқты, ал сыртқы пішіндеріне қарағанда, оңтүстіктің адамдарына ұқсайды. Бұлар испандықтар ма, түріктер ме, араптар ма немесе индустар ма — қай нәсілден екенін кесіп-пішіп айту үшін, түр- түстерінің ерекшеліктері де айқын көрініп тұрған жоқ. Ал, бұлардың тілі мүлдем белгісіз тіл.

— Барлық тілді білмегендіктің бір жаман жері осындайда білінеді екен ғой, — деп қалды Консель.— Халықаралық бір ғана тіл болса, қандай оңды болар еді.

— Одан да түк шықпас еді,— деді Нед Ленд.— Көріп отырған жоқсыз ба? Біздің түрмешілеріміздің өзіндік ерекше тілі бар, бұл тілді олар, біз секілді қарны ашып отырған адал адамдарды әбден ыза қылу үшін әдейі ойлап тапқан. Ауыздың неге ашылатынын, тістің неге сақылдайтынын, жақ сүйектердің неге қозғалатынын әлемдегі бүкіл жұрт түсінеді. Квебекте де, Парижда да, Паумотуда да барлық жерде де антиподтардың мұнысы бір-ақ нәрсені аңғартады, ол: мен ашпын, маған жейтін бірдеме бер деген сөз!

— О, — деп жауап қатты сабырлы Консель, — бұлар сияқты миғұла адамдар бола береді...

Осы кезде есік ашылып, бөлмеге стюард кірді. Ол бізге белгісіз матадан тігілген жылы көкірекше, шалбар әкеп берді.

Мен жалмажан кие бастадым. Менің жолдастарым да менің істегенімді істеп, кие бастады.

Осы екі арада мылқау — стюард, тіпті керең де болуы кәдік столдың үстіне үш ыдыс әкеліп қойды.

— Міне бұл іс! — деді Консель.- Бұл жақсы бастама.

— Көрелік,— деді кекшіл сүңгіші.— Балықтың бауырынан, алабұғаның жон етінен немесе теңіз итінің етінен пісірген бифштекспен сыйлар ма екен? Қандай тағаммен сыйлар екен, көрелік.

— Біз мұны кешікпей-ақ білеміз,— деді Консель.

Күміс қақпақтармен жабылған тарелкелер дастарқан үстіне келістіре қойылды.

Біз де отырдық. Сөз жоқ, біз мәдениетті адамдардың арасында отыр едік, егер де электр жарығы болмаса, онда біз Ливерпульдегі Адельфи өткелінде немесе Париждегі Гранд-отельде отырмыз деп ойлауымызға болар еді.

Әйткенмен, бір айтып қоятын нәрсе: — нан да, шарап та атымен жоқ еді.

Сулары мөп-мөлдір, тап-таза екен, бірақ бұл тек су ғана еді, мұның өзі Недті қапаландырып жіберді.

Әкелінген тағамдардың ішінен балық етінен өте дәмді етіп пісірген бірнеше тағамды көрдім. Бірақ, мұның есесіне қалған тағамдар өсімдік атаулыдан дайындалды ма, немесе жануарлардың еттерінен дайындалды ма, оны біле алмадым.

Ac ішетін ыдыстары өте әшекейлі, әдемі еді. Әрбір қасықта да, шанышқыда да, тарелкеде де, сүлгіде де және басқаларда да ойылып жазылған мынадай девиз бар:

Шапшаңдардың

Шапшаңы

Н

«Шапшаңдардың шапшаңы!» Бұл сүңгуір кемеге сай келетін девиз еді. «Н» әрпі, тегі, су астының жұмбақ капитанының есімінің бас әрпі болуы керек.

Нед Ленд пен Консель ой ойлап әуре болған жоқ. Тамақтан бас көтерместен қомағайлана жей бастады, кешікпей мен де ас ішуге кірісіп кеттім.

Өз тағдырымыз жайында енді көңілім тыныш тапты. Қожайындардың бізді аш қалдырмайтынында енді ешбір шәгім жоқ.

Бұл дүниеде адам не көрсе де, тіпті, он бес сағат бойына нәр татпаған адамдардың да көрген қиыншылығы тез-ақ ұмытылып кетеді екен. Тамаққа тойып алғаннан кейін ұйқымыз келді. Бұл өткен түндегі ажал мен айқастан кейінгі заңды реакция еді.

— Шынын айтайын, ұйықтап-ақ қалар едім — деді Консель.

— Мен ұйықтап та барам, — деді Нед Ленд.

Менің екі жолдасымның екеуі де каютаның ши төселген еденіне көсіліп жатты да бастары жерге тиісімен ұйықтап кетті.

Мен олардай оп-оңай ұйықтай алмадым. Миыма аса көп ойлар келіп, шешіле қоймаған өте көп мәселелер мені көп толғандырды, менің көз алдымнан толып жатқан образдардың елесі өтіп жатты. Сондықтан көпке дейін көзім ілінбей бақырайды да жатты.

Біз қайда келе жатырмыз? Бізді алып келе жатқан ғажап күш не нәрсе?

Маған бір сезім пайда болды, дәлірек айтқанда, кеме судың түбіне сүңгіп бара жатқан сияқты болып көрінді.

Ойым шым-шытырық болды да кетті. Менің көз алдыма осы сүңгуір кемеге әлдеқандай бір ұқсастығы бар, осы сияқты орасан зор, әрі шапшаң, әрі күшті, теңіздің тұңғиық тереңінде жүрген белгісіз бір жануарлардың бейнелері елестеді.

Бірақ кешікпей-ақ бұл елестеген бейнелер көмескіленіп ми қалғу тұманына батып, ұйықтап кеттім.

Тоғызыншы тарау

НЕД ЛЕНДТІҢ АШУЫ

Қанша ұйықтағанымды білмеймін, бірақ оянсам, бойым сергіп, әбден тынығып қалыппын, соған қарағанда тегі ұзақ ұйықтасам керек.

Мен алдымен ояндым. Жолдастарым әлі де қатты ұйықтап жатыр екен.

Тастай қатты төсегімнен тұрғаннан кейін, дәл және мүлтіксіз жұмыс істей алатын қалпына келіп, миымның әбден тынығып қалғанын сездім де, ең алдымен каютаның ішін мұқият зерттеуге кірістім.

Біз ұйықтап шыққан уақыттың ішінде ешнәрсе өзгермепті. Түрме сол түрме күйінде, тұтқындар сол тұтқын күйінде қалыпты. Бар өзгеріс стюард стол үстінде қалған тамақтарды жинап әкетіпті. Сонымен, біздің тағдырымыз жуық арада шешіле қоятындай ештеңе көрінбеді, сондықтан мен: біз осы торда мәңгі тұтқын болып қалғаннан саумыз ба деп мазасыздана бастадым.

Болашақтың ауыр азап болып көрінуінің тағы бір себебі, менің миым кешегі шым-шытырық ойлардан арылса да, оның есесіне әлдебір нәрсе еңсемді басып, көтертпей тұр еді. Демалу қиындап кеткен. Қапас ауа өкпенің бірқалыпты жұмыс істеуіне бөгет болды.

Каюта кең болғанмен біз, тегі, ауадағы оттегінің көбін жұтып қойсақ керек.

Шынында да, адам демалғанда сағатына жүз литр оттегін жұтады ғой. Сондықтан да іштен шыққан көмір қышқылымен бұзыла келе бұл ауа демалу үшін мүлдем жарамсыз болып қалған.

Сонымен, біздің түрмеміздің ауасын тазарту керек болды, мүмкін, бүкіл сүңгуір кеменің ауасын түгел тазарту керек шығар.

Осы арада мынадай бір сұрау туды: мұндай жағдайда сүңгуір кеменің капитаны не істейді екен? Оттегін ол химиялық жолмен ала ма, яғни оны бертолет тұзын қыздыру арқылы ала ма екен? Олай болғанда, ол, бұл тұздың қорын толтырып отыру үшін тегі қурылықпен байланыс жасайтын шығар әлде ауа қорын сақтайтын арнаулы резервуарларға ауа толтырып алып, қажет кезінде пайдаланып қана отыра ма екен? Солай болуы да мүмкін. Немесе, үнемдеу мақсатымен жаңадан ауа қорын толтырып алу үшін әрбір жиырма төрт сағат сайын судың бетіне шығып тұра ма екен?

Бірақ, менің ойымша, енді ешбір кідірместен әлгі тәсілдердің қайсысын болса да бірін қолданатын мезгіл жеткен еді!

Өкпеге қажетті оттегін жіберу үшін, мен енді демімді әдеттегіден екі есе жиі алып ентіге бастадым, сөйткенше болған жоқ, тұз исі шығып каютаға таза ауа кіре бастады. Бұл йодпен суарылған бой сергітуші теңіз ауасы еді.

Мен аузымды ашып, қуат беруші таза ауаны деміге жұта бастадым. Осы кезде кеменің жайлап шайқала бастағаны сезілді

Сүңгуір кеме, темір керемет, тегі, жұтқысы келген киттей теңіз бетіне көтеріліп бара жатса керек.

Сонымен кемеде желдеткіш қолданылатыны айқын-анық болды.

Ауаны керегімше жұтып алып, мен енді желдеткіш тесікті «ауа өткізгішті», керек десеңіз, қуат беруші газ өтетін жерді іздеп, көп қиналмай-ақ тауып алдым. Есіктің жоғарғы жағында ауа өтетін решетка тұр екен.

Осыны байқауым-ақ мұң екен, Нед Ленд пен Консель де оянды. Көздерін уқалап, керіліп-созылып алды да, екеуі орындарынан тұрды.

— Қожайын тыныш жатып тұрды ма? — деді Консель өзінің әдеттегі әдептілігімен.

— Өте жақсы, ұйықтадым қалқам, — деп жауап қайырдым мен.— Ал, сіз ше Нед?

— Өлген адамша ұйықтаппын, профессор мырза. Бірақ бұл немене өзі? Теңіз исі шығып тұрған сияқты ғой маған.

Мен канадалыққа өзі ұйықтап жатқанда болған бар жайды айтып бердім.

— Солай,— деді ол,— «Авраам Линкольннен» қарап тұрған кезіміздегі «нарвалдың» пышылдау себебі осы екен ғой.

— Дұрыс айтасыз, Нед. Ол «демалып» тұрған сонда.

— Біліп тұрсыз ба, профессор мырза, мен қазір қай уақыт, қай сағат екенін тіпті біле алмай тұрмын. Түскі астың уақыты болған жоқ па екен өзі?

— Түскі астың уақыты дейсіз бе? Сіздің, сірә, таңертеңгі астың уақыты болды ма деп сұрағыңыз келген шығар, Нед, өйткені біз мұнда анық бір күн, бір түн ұйықтадық қой.

— Олай емес деп сізбен таласпаймын, — деді Нед Ленд,— бірақ стюард мейлі ертеңгі болсын, мейлі түскі болсын, әйтеуір, тамақ әкелсе құшағымды кең жайып қарсы алар едім.

Соның екеуін де әкелсе, тіпті жақсы болар еді,— деп қосып қойды Консель.

— Дұрыс,— деді канадалық,— таңертеңгі тамақты да, түскі тамақты да жеуге біздің хақымыз бар, ал, мен болсам соның екеуіне де құрмет көрсеткен болар едім.

— Қайтер дейсіз, шыдалық, Нед,—дедім мен.—Әйтеуір бізді аштан қатырмайтыны айқын ғой, әйтпесе, кеше бізге түскі тамақ беріп қайтсін.

— Мүмкін, керісінше, олар бізді сойып жеу үшін семірткісі келетін шығар? — деді Нед.

— Нед, әділ болыңыз! Біз адам жегіштердің шеңгеліне түсіп қалдық деген ойдан саусыз ба, өзіңіз?

— Бір ретке оқасы жоқ,— деді, шынымен-ақ канадалық.— Кім біліпті, мүмкін, бұл адамдар көптен бері жаңа сойылған ет жемеген шығар... Ал, олай болғанда, профессор мырза, Консель және қызметіңізге дайын, ғұзырыңызға құлдық ұрушы мен, үшеуміз де дені сау, тұлғалы, еттері семіз адамдармыз...

— Қойыңыз, Нед! — деп мен сүңгішінің сөзін бөліп жібердім.— Сіз мұндай ойларды ұмытыңыз. Ал ең баса айтатын кеңесім — қожайындарымызбен бұлай сөйлесуші болмаңыз, өйткені мұндай сөздердің тек біздің жағдайымызды ауырлата түскеннен өзге түк пайдасы жоқ.

— Онысы өз алдына тұрыпты ғой, — деді Нед Ленд,— бірақ, иттен бетер қарным ашып барады, таңертеңгі тамағы ма немесе түскі тамағы ма, онысын да әкелмей қойды ғой.

— Қымбатты Нед, біз осы кемедегі жалпы ережеге бағынуымыз керек. Менің ойымша, ас пісірушінің сағатымен салыстырғанда, біздің қарынымыз тым шапшаң жүріп тұр ғой деймін.

— Онда, қарнымыздың тілін шегіндіріп қоялық, сонда бәрі де реттелер,— деді Консель байыпты түрде.

— Сізді біліп тұрмын, Консель? — деп қалды шыдамсыз канадалық.— Сіз әдеттегіңізше сабыр сақтап тұрсыз. Қызығарлық-ақ сабырлылық! Сіз аштан өлсеңіз де ашпын деп шағынбай-ақ өлуге барсыз.

— Шағынудың қажеті не? Бәрібір одан келер түк жоқ қой.

— Қалай түк жоқ? Шағынудың өзі жеңілдік қой! Ал егер бұл қарақшылар — профессор мырзаны сыйлағандықтан ғана оларды адамжегіштер демей қарақшылар деп тұрмын, егер бар ғой, бұл қарақшылар, осы қапас шоланда мені өздеріне ештеңе демей отыра береді, тіпті балағаттай да алмайды деп ойласа, онда олар қатты қателеседі! Профессор мырза, тыңдаңыз, шыныңызды айтыңызшы, сіздің ойыңызша қалай, бұлар бізді осы торда қашанға дейін ұстап отыра берер екен?

— Шынымды айтсам, Нед, мұны сіз қанша білсеңіз, мен де сонша білемін.

— Бірақ, сонда да, сіздің ойыңызша қалай?

— Менің ойымша, біз өте маңызды құпияны кездейсоқ біліп қойдық. Егер де бұл сүңгуір кеменің адамдары бұл құпияны әлі де сақтағылары келсе, үш адамның өмірінен бұл маңыздырақ, онда біз елеулі қауіптің қарамағындамыз. Олай болмаған күнде, керемет бірінші мүмкіншілік туысымен-ақ бізді өзіміз сияқты адамдар тұратын дүниеге қайтаруы керек.

— Немесе бізді осы кеменің командасына қосады,— деп қосып қойды Консель,— сөйтіп осында қалдырады да қояды...

— ... «Авраам Линкольн» кемесінен гөрі шапшаң жүретін, жолы болғыш бір кеме бұл қарақшылар ұясын ұстап алып, бізді мұның барлық адамдарымен қоса өзінің грот-мачтасының басына салбыратып асып қойғанға дейін деңіз,— деді Нед Ленд Консельдің соңғы сөзін жалғастырып.

— Тауып айтылған сөз, Нед,— дедім мен.— Бірақ менің білуімше, әзір бізге ешкім сүңгуір кеме командасының құрамына кіріңіз деп ұсыныс жасаған жоқ сияқты. Сондықтан, сөйтсе қайтеміз деп күні бұрын талқылаудың керегі жоқ. Қайталап айтайын, шыдап көрелік, күтелік, ал кезі келгенде, жалпы жағдайға қарай әрекеттеніп көрерміз. Әзірге түк те істемейік, өйткені істейтін де түк жоқ.

— Керісінше,— деп қарсы шыға келді қайсар сүңгіші, көнгісі келмей,— бірдеме істеу керек.

— Ал, не істейміз сонда?

— Құтылу керек!

— Жердегі түрмеден қашу да аса қиын, ал су астындағы түрмеден қашу тіпті мүмкін емес,— дедім мен.

— Ал, достым, Нед,— деді Консель,— қожайынның бұл пікіріне не дейсің?

Сүңгіші абыржып үндемей сасып қалды. Біздің жағдайымызда қашу деген шынында да мүмкін емес-ті. Бірақ канадалық жарым-жартылай француз ғой. Өзінің жауабында Нед Ленд те мұны тамаша дәлелдеп берді.

— Профессор мырза,— деді ол бірнеше минут ойланғаннан кейін,— түрмеден қаша алмағандар не істеуге тиіс екенін сіз білмеуші ме едіңіз?

— Жоқ, достым.

— Білмесеңіз бұл оп-оңай! Олар онда түрменің өзінде рақат жағдайда тұратын болып жайғасып алады!..

Рас-ау,— деді Консель.— Су астындағы түрменің астында, не үстінде болғанша, ішінде болған жақсы ғой.

— Ол үшін, әуелі түрмешілерді, есік күзетушілерді, қарауылшыларды теңізге лақтырып тастар болар,— деп қосып қойды Нед Ленд.

— Сізге не болған, Нед! Сіз шынымен-ақ, осы кемені иеленіп алғыңыз келе ме?

— Шынымен-ақ! — деді канадалық.

— Ол мүмкін емес.

— Неге, профессор? Егер сәті түссе бұл әбден мүмкін.

Бұл мүмкіншілікті пайдаланбауға мен ешбір себеп жоқ деп білемін. Бұл кемеде, менің ойымша, жиырма-ақ адам бар. Осындай аз ғана адамдардан қорқатын не бар бізге!

Сүңгішінің бұл ұсынысына қарсы пікір айтып, сөз таластырып жатқаннан да, үндемегеннің өзі артық еді, сондықтан да мен мына сөздерді айтумен тындым:

— Сіз айтқандай сәтті жағдайды күейік, Нед, не істейтінімізді кезінде көрерміз. Бірақ сізден сұрайтыным оған дейін ашуға ырық бермеңіз. Сіз айтқандай жоспарды айламен ғана орындауға болады, ал сіздің ашуланшақтығьңыз ондай сәтті жағдайды жақындата алатын қылық емес. Сол жағдайды ешбір күйіп-піспестен төзімділікпен күтуге уәде беріңіз, маған.

— Бұл уәдені сізге беремін, профессор мырза,— деп жауап қайырды Нед Ленд күмілжіңкіреген дауыспен.— Тіпті тамағымызды уақытымен әкеліп бермесе де; бұдан былай сіз менің аузымнан шыққан ешбір тұрпайы сөзді естімейтін боласыз, менің тарапымнан болған ешбір өрескел қимылды да көрмейтін боласыз.

— Тек осы сөзіңізді есіңізде ұстағайсыз, Нед,— дедім мен канадалыққа.

Бұл әңгіме осымен бітті де, енді әрқайсымыз өз ойымызбен өзіміз болдық. Мойындауға тиіспін, сүңгіші қанша сендірсе де ол өз сөзінде тұрады деп үміттенгем жоқ. Мен Нед Ленд айтқан кездейсоқ бақытқа сенгенім жоқ. Сүңгуір кеменің адамдары көп екенінде ешбір күмән жоқ-ты, ал, олай болса, олармен қақтығыса қалған күнде, біз осал жаумен кездеспес едік.

Мұның үстіне, Нед Лендтің жоспары орындалуы үшін, ең алдымен бас бостандығымыз болуы керек еді. Ал біз тұтқын болатынбыз. Осынау дем шықпайтын бітеу темір тордан қайтып босап шыға алатындығымызға көзім жетпей-ақ қойды. Егер сүңгуір кеменің ғажап капитаны қандай да болса бір құпияны сақтайтын болса,— ал бұл мүмкін нәрсе,— онда оның бізге бүкіл кемені емін-еркін аралатып қоя алмайтыны айқын еді.

Не боларымызды күні бұрын болжау қиын еді: ол бізден неғұрлым тезірек құтылуды қалай ма, немесе ұзақ жылдар бойына қамауда ұстап, тек содан кейін елсіз-жұртсыз алақандай бір аралға әкеліп тастай ма,— бұл арасы белгісіз еді. Біздің бар тағдырымыз оның қолында, соңдықтан да маған бұл жорамалдардың бәрі де шындыққа үйлесетін сияқты болып көрінді. Мұндай жағдайда еркіндік аламыз деп үміттену үшін Нед Лендке біткен мінез-құлық керек. Әйтсе де Нед Лендтің неғұрлым көп ойласа, солғұрлым мазасыздана түсетіні өзіме аян. Оның айтар қарғысы тамағына тығылып, терісіне сыймай жүргенін сезіп жүрмін, тегеуірінді қолдарының қимылы бірден бірге қатерлірек болып бара жатқанын да көріп отырмын. Ол торда тұрған жыртқыш аңда алас ұрып, ілгері-кейін жүгіріп, қабырғаны аяғымен де тепкілеп, жұдырығымен де ұрып қояды.

Ал уақыт болса өтіп жатты, қарынымыз қатты ашып барады, стюард көрінбей қойды. Апатқа ұшырағандарға бұлай елеусіз қарау ешбір жақсылықтың нышаны емес-ті.

Нед Лендті аштық буып, барған сайын шыдамсыздана түсті. Осы ашуыма ырық бермеймін деген уәдесін ұмытып, командадан біреу келе қалса, бір пәле шығармаса игі еді деп қорқумен болдым мен.

Бұдан былайғы екі сағат бойында Нед Лендтің ашуы үсті-үстіне күшейе берді. Канадалық бақырды да, айғайлады да, бірақ мұнысынан ештеңе шықпады: темір қабырға түк естіртпей қойды. Кеменің астыңғы жағынан да түк дыбыс естілмей, тірі жан жоқтай жым-жырт болды да тұрды. Кеме бір орыннан қозғалмай тұр, әйтпесе винттің айналуынан кеме корпусының дірілін сезер едік қой. Судың тұңғиық түбіне сүңгіп алған осы кеме жердей біржолата қол үзген еді. Осы бір меңіреу тыныштықтың өзі де жантүршігірлік-ақ.

Осы темір торда біз қанша уақыт тұтқында болар екенбіз деп, тіпті ойлаудан да қорықтым.

Кеме капитанын көргеннен кейін пайда болған үміттің бәрі де азая-азая барып ақыры мүлдем жоғалып кетті. Жылы шырай мейірімді көзқарас та, қалтықсыз ашық жүз де — бәрі де есімнен шығып болды. Мен енді осы жұмбақ адамды, тегі, болған күйінде: аяу-есіркеу дегенді білмейтін қатал адам деп білсем керек. Мен оны адамшылық дегеннен безген, аяушылық сезімінен жұрдай, адам атаулыға мәңгі өш болуға ант еткен, адамның қас жауы деп білдім.

Бірақ осы адам шынымен-ақ бізді тар түрмеде, аштан қатырып дәмелендіріп өлтірмекші ме? Осы бір өте қорқынышты ой менің барлық ақыл-ойымды билеп алды. Тіпті үрейім ұшты. Консель жайбарақат күйінде еді, Нед барған сайын күйіп-пісіп, ызадан жарыла жаздап отыр.

Дәл осы минутта сырт жақтан бір дыбыс естілді. Бұл металл плиталарға тиген адам аяғының дыбысы еді. Сырмалы есік сықыр етіп ашылды да, стюард кірді.

Мен ұстап үлгіргенше болған жоқ, канадалық әлгі сорлыны бассалып, еденге ұрып жықты да, тамағынан алып, буындыра бастады. Оның тегеуірінді қолына түскен стюард демін ала алмай қылғынып жатты.

Сүңгішінің қолындағы құрбандығын босатып алмақ болып Консель де мен де болыса бергенімізде кенеттен француз тілінде сөйлеген сөзді естіп, сілейіп тұрып қалдым.

— Тынышталыңыз, Ленд, профессор мырза сіз де тынышталыңыз. Менің сөзімді тыңдаңыздар!—деген еді ол дауыс.

Оныншы тарау

ТҮПСІЗ ТҰҢҒИЫҚТЫҢ АДАМЫ

Мұны айтқан капитан еді.

Нед Ленд дереу ұшып түрегелді. Қожайынның берген белгісі бойынша шықпаған жаны ғана бар стюард каютадан тәлтіректеп шығып кетті. Капитанның әмірімен бұл адам өзінің канадалыққа деген өштігінің нышанын да білдірген жоқ. Консель екеуміз енді бұл оқиғаның нементынарын есіміз шыға күтіп тұрдық.

Капитан екі қолын айқастыра салып, бізге аса көңіл қойып қарап тұрды. Мүмкін, ол сөйлесер-сөйлеспесін білмей тұрған шығар? Немесе тіпті французша сөйлегеніне өкініп тұрған болар? Бұл өте ықтимал еді.

Тыныштықты бұзуға ешкім бата алмай, бірнеше секунд уақытымыз үнсіз өтті.

— Мырзалар,— деді ақырында капитан,— мен французша да, ағылшынша да, немісше де, латынша да еркін сөйлей білем. Демек, сіздерге алғашқы кездескенде-ақ жауап қайтара алатын едім. Бірақ мен ең алдымен сіздерді байқағым, ойланып алғым келді. Сіздер өздеріңіз туралы жеке-жеке сөйлегендеріңізде бәріңіздің де сөздеріңіз бір жерден шықты; мұның өзі біз мынадай адамбыз деп дұрыс айтқандарыңызға менің көзімді әбден жеткізді. Шетелге ғылыми-зерттеу жұмысымен жіберілген, Париждағы табиғат тарихы музейінің профессоры Пьер Аронакс мырзамен, оның қызметшісі Консель мен және Америка құрама Штаттарының соғыс флотының құрамындағы «Авраам Линкольн» кемесінің сүңгішісі канадалық Нед Лендпен кездейсоқ жағдайда кездескенімді мен енді жақсы біліп тұрмын.

Мақұлдағанымның белгісі ретінде мен иіліп тағзым еттім. Капитан маған сұрау берген жоқ, сондықтан жауап қайтару да қажет болмады.

Бұл адам французша ешбір акцентсіз, өте дұрыс сөйледі. Оның сөйлеуі мінсіз, сөзі дәл, айта қаларлықтай жатық еді. Солай бола тұрса да, бұл адамды мен отандасым деп сезбедім.

Ол өз сөзін жалғастыра берді:

— Сөз жоқ, мырзалар, мен сіздермен екінші рет кешігіңкіреп келіп отырмын, бұған өздеріңіздің көздеріңіз жетіп отыр. Бірақ кім екендеріңізді білгеннен кейін, сіздерді қайтсем екен деп біраз ойлануға тиіс болдым. Мен ұзақ толғандым, ұзақ толқыдым. Сіздерді адамзаттан қол үзген адам — менімен өкінішті жағдай кез қылды. Менің оңашалығымды бұзып жіберген сіздер болдыңыздар...

— Амалсыздан,— дедім мен.

— Амалсыздан дейсіз бе? — деді ол даусын көтере.— «Авраам Линкольн» бүкіл теңізді шарлап, менің соңыма амалсыздан түсті ме? Сіздер сол кемеге амалсыздан отырдыңыз ба? Сіздердің атқан оқтарыңыз менің кемеме амалсыздан тиді ме? Мистер Ленд те өзінің сүңгісін маған амалсыздан атты ма?

Оның сөздерінде ұстамдылыққа жеңдірген ызалы ашу барлығын сездім мен.

Бірақ оның әлгі айып сөздерінің бәріне де қайтарарлық негізінен орынды жауаптарым менің де дайын еді.

— Мәртебелім,— дедім мен,— Америка мен Европада қандай пікір тартысын туғызғанызды сөз жоқ, сіз білмейсіз. Сіздің сүңгуір кемеңіздің қақтығысып қалуына байланысты сан оқиғалар, екі бірдей материкте қоғам пікірін қалай толқытқанын да сіз, әрине білмейсіз. Кілті тек өз қолыңызда тұрған осы жұмбақты шешпек болып ойлап тапқан сансыз көп жорамалдарды айтып сіздің басыңызды қатырғым келмейді. Бірақ біліп қойыңыз, Тынық мұхиттың ең шалғай жеріне дейін қуып келгенде «Авраам Линкольн» әлдеқандай бір құдіретті теңіз жануарын аулап жүрміз деген сенімде болды, сондықтан ол қайткен күнде де, теңізді осы жануардан құтқаруға тиіс болды.

Капитанның бет-ажарында күлкі ізіндей бір құбылыс сезіліп қалды.

Ол бұрынғысынан да байыпты үнмен сөзін жалғастырып сөйлей берді.

— Аронакс мырза, «Авраам Линкольн» теңіз кереметінің соңына түскендей, сүңгуір кеменің де соңына түсіп, оны атқыламас еді деп сендіруге батылыңыз барар ма еді?

Бұл сұраудан мен қысылыңқырап қалдым, өйткені капитан Фарагут бұл адамның айтып тұрғанын істеуден тайынбас еді. Алып нарвалды қалай құрту керек болса, сүңгуір кемені де солай құртуды ол өзінің, борышы деп санар еді. Мен ештеңе дегем жоқ.

Капитан сөзін жалғастыра берді:

— Сонымен, менің сіздерге жау көзімен қарауға правом бар екенін ұғып тұрсыз ба?

Мен бұл жолы да үндемедім әрине әдейі үндегем жоқ. Қандай жақсы дәлелдеріміздің де тас-талқанын шығара алатын күш тұрғанда, ондай мәселені талқыға салып қажеті қанша?

— Мен көп толқыдым,— деді капитан бұдан кейін мені меймандостыққа міндеттейтін дәнеңе де жоқ болатын. Егер сіздерден құтылғым келсе, менің сіздермен екінші рет жолығуымның түк қисыны жоқ еді. Онда мен сіздерді кеменің үстіне шығарып тастап суға сүңгіп кетер едім... Сөйтіп... сіздердің бұл дүниеде кезде болған-болмағандарыңызды да ұмытар едім. Бұлай істеуге правом жоқ па еді, әлде?

— Бұл мәдениетті адамның правосы емес, жабайы адамның правосы болар еді,— деп жауап қайырдым мен.

— Профессор мырза,— деді капитан жұлып алғандай,— «мәдениетті адамның правосы» деп сіздің нені атайтыныңызды мен білмеймін. Мен белгілі себептермен қоғамнан қол үзген адаммын, ол себептердің қаншалықты маңызды екенін сарапқа салуға бір өзімнің ғана правом бар. Ол қоғамның заңдарына мен бағынбаймын, сондықтан менің көзімше ол туралы ештеңе ауызға аламуыңызды ұсынамын.

Бұл қатты айтылған сөз еді. Бейтаныс адамның көзінде ыза мен өшпенділік оты ойнақы. Бұл адамның өткен өмірінде жан түршігерлік бір оқиғаның сыры бар ғой деген ой келді маған. Адамзаттың заңдарынан өзін жоғары қоюы, адамзаттың қолы жетпейтін қиырсыз қиянға асуы да тегін емес қой.

Судың бетінде жүргеннің өзінде өзіне қарсы күреспекші болған әрбір болмашы әрекеттің өзін оп-оңай басып тастайтын осы кемені, теңіздің тереңінде кім қудалай алмақ? Су астындағы Мониторға қандай кеме төтеп бере алар? Осы кеменің айбынды айбалтасына қарсы тұратын қандай берік темір сауыт бар? Су астының әміршісі не істеп, не қойып жүр, одан есеп талап етуге әлемде ешкімнің күші келмес еді.

Осы ерекше адам каютада ерсілі-қарсылы адымдап, ойланып жүрген кезде, әлгі ойлар менің миымды аралап өтті.

Мен оған әрі ынталана, әрі түршіге қарап тұрдым.

Біраз үнсіз жүргеннен кейін, ол тағы да сөйледі.

— Сонымен, көп толқыдым,— деді ол,— мен өз мүдделерімді, әрбір адам баласының басында бар табиғи есіркеуіпілікпен қабыстыруға болады екен деген тоқтамға келдім. Тағдыр сіздерді осында әкелген соң қайтпек керек, сіздер менің кемемде қаласыздар. Бас бостандықтарыңыз өздеріңізде болады, ал осы еркіндікке орай әрине, жағдайға шақ еркіндікке орай,— қоятын бір шартым бар. Сол шартқа көнетін болып уәде берсеңіздер, мен толық қанағаттанамын.

— Айтыңыз, капитан,— дедім мен.— Сіздің шартыңыз әрбір адал адам қабылдай алатын шарт деп үміттенуіме болады ғой?

— Әбден болады! Ол міне мынау: мүмкін, кейбір күтпеген жағдайларға байланысты, мен сіздерді бірнеше сағат бойы немесе тіпті бірнеше күн бойы қамауда ұстайтын кездерім болып қалуы ықтимал, оны қазір кесіп, пішіп айта қою қиын. Қандай жағдайда да, күш жұмсағым келмейді, сондықтан да әлгіндей кездерде менің айтқанымды сөзсіз орындайтындарыңыз туралы уәде алғым келеді. Осыны ұсына отырып, әлгіндей жағдайда, оқиға немен тынса да, не болып, не қойса да — ол жөніндегі жауапкершіліктің ешқайсысын да өз мойындарына ала алмайтындарыңызды да білдіремін, бұлай дейтін себебім: сіздер не болып, не қойып жатқанын көре де, біле де алмайсыздар және көруге де, білуге де тиісті емессіздер. Менің шартымды қабылдайсыздар ғой?

Олай болғанда, сүңгуір кеменің үстінде кейде, адам баласының заңдарынан қол үзбеген адамдар көруге болмайтын оқиғалар болып тұратын болғаны ғой? Алда болатын күтпеген оқиғалардың ішіндегі, ең көңілсізі сірә, осы болуы керек деп түйдім.

— Қабылдаймыз,— деп жауап қайырдым мен— Тек... бір сұрау беруге рұқсат етіңіз, капитан?

— Рақым етіңіз.

— Сіз кемемде еркін боласыздар дедіңіз ғой?

— Я, мүлдем еркін боласыздар.

— Мұны қалай ұғу керек? Осыны түсіндірсеңіз екен?

— Сіздер бүкіл кемені емін-еркін аралап жүре аласыздар, кейбір сирек жағдайда болмаса, кемеде не болып жатқанның бәрін де емін-еркін көресіздер, байқайсыздар, қысқасы, мен, менің жолдастарым қандай еркіндікте болсақ, сіздер де сондай еркіндікте боласыздар.

Біздің бір-бірімізді түсіне алмағанымыз айқын еді.

Кешіріңіз, капитан,— дедім мен,— бұл еркіндік, тұтқынның еркіндігі ғой? Тұтқындарға да түрмеде жүруге рұқсат етіледі. Мұндай еркіндік бізді қанағаттандыра алмайды.

— Дегенмен, сізге осы еркіндікпен қанағаттануға тура келеді.

— Қалайша, біз туған елімізге, семьямызға, дос-жарандарымызға қайтпастан өмір бойы осында қалмақпыз ба?

— Я. Бірақ ондағы жиіркенішті езушілік ауыртпалығынан бас тарту,— тап сіз ойлағандай жанды жейтін ауыр азап емес, мұны сіздің қоғамымызда жұрт өзінің соқырлығынан заң деп атап, бостандық деп түсініп жүр.

— Ал, мен болсам,— деді Нед Ленд екіленіп,— мен қашуға әрекет істемеймін деп ешуақытта айта алмаймын.

— Ондай уәдені мен сұрап та тұрғаным жоқ,— деді капитан салқын ғана.

— Капитан,— деп айғайлап жібердім мен, өзімді өзім ұстай алмай,— қолыңыздағы билікті пайдаланып, сіз бізге қиянат істеп тұрсыз. Мұныңыз — қаталдық!

— Жоқ, мырзалар, менің мұным — мейірімділік. Сіздер ұрыстан кейін қолыма түскен тұтқынсыздар. Сіздерді мұхитқа лақтырып жіберуіме болатын еді, бірақ, өмірлеріңізді өздеріне сыйлап тұрмын. Сіздер маған шабуыл жасадыңыздар! Менің тұрмысымдағы ешбір жан білуге тиіс емес құпияны да сіздер біліп қойдыңыздар! Менің дүниеде барлығым туралы құрлықта ешкім көңіліне ешқандай сезік те алуға тиіс емес, сіздердің ойыңызша сол құрлыққа сіздерді ешбір қарсылықсыз қайтарып қоя беруім керек пе? Ешуақытта ол болмайды! Мен сіздерді сүңгуір кемеде ұстағанда, сіздердің мүдделерің үшін емес, өз мүдделерім үшін ұстап қаламын.

Капитанның дауысында, мені көндірем деп әуре болудың ешбір қисыны жоқ дегендей бір зіл барлығын мен ұға қойдым.

— Сонымен, капитан, сіз не тұтқын болып қалу, не өлу — осы екеуінің бірі, қалағаныңызды алыңыз деп тұрсыз ғой?

— Дұп-дұрыс.

— Достарым,— дедім мен Консель мен Нед Лендке қарап,— мәселе бұлай қойылып отырғанда, бізге енді таласып-тартысарлық түк те қалған жоқ. Бірақ естеріңде болсын, осы кеменің қожайынына біз ешқандай уәдемізбен тәуелді емеспіз.

— Ешқандай,— деп қостады капитан.

Сөйтеді де, жұмсақ үнмен тағы да сөйлеп кетті:

— Енді, тағы да бірнеше сөз тыңдаңыз. Аронакс мырза, мен сізді білемін. Сіздің жолдастарыңызға қалай болатынын білмеймін, ал сіз тағдырдың өзіңізді менімен кездестіргеніне өкінбейтін боласыз. Менің үнемі пайдаланатын кітаптарымның ішінен теңіз түбінің құпиялары туралы жазған өз еңбегіңізді де табасыз. Мен оны өте жиі оқимын. Сіз өз кітабыңызда жер бетіндегі ғылымның қолы жетерлік білім шыңына жетіпсіз. Бірақ сіздің әлде де білгеніңізден білмегеніңіз көп, өйткені көргеніңіз аз. Осы кемеде уақытым босқа өтті деп өкінбейсіз, бұған сізді сендіріп қоюға рұқсат етіңіз. Сіз әлі нелер ғажайыптар еліне саяхат шегесіз. Ғажаптану, таң-тамаша болу, қайран қалу сіздің ақыл-ойыңыздың күнбе-күндік игілігі болып алады. Көз алдыңыздан үздіксіз өтіп жатқан тамаша көріністерге қараудан жуыр маңда көзіңіз тоймайтын болады әлі. Су астылық жер жүзін айналып өту саяхатына мен тағыда шыққалы отырмын, кім білсін, бұл ең соңғы саяхатым шығар? — Бұл саяхатымның мақсаты — бұдан бұрынғы сапарларда барлық байқалған, зерттегендерімді қорыту. Бұл жұмыста сіз маған көмек көрсетесіз. Бүгіннен бастап сізге екінші дүниенің есігі ашылады. Менімен, менің жолдастарымнан басқа, ешбір жан көрмеген тамашаларды көретін боласыз,— біздің планетамыз енді сіздің алдыңызға өзінің ең ақырғы құпияларын жайып салады.

Капитанның сөздері маған орасан зор әсер еткенін мойындамай болмайды. Бұл сөз менің сөзімнің ең жанды жерін шертті, сөйтіп осы мезетте, әлгі ғажайыптарды көру, айрылып қалған бостандығымның орнын толтыра алмайтынын да ұмытып кеттім.

Әйткенмен, бұл мәселеге келешекте ретін тауып қайта бір оралармын деп сенген едім. Сондықтан мен мынадай ғана жауап қайырдым:

— Капитан, адамзаттан қол үзгеніңізбен, адамшылық сезімнен қол үзе қоймаған шығарсыз деп үміттенем. Біз — апатқа ұшыраған адамдармыз да, сіз бізге мейірімділік етіп кемеңізде паналатушысыз. Мен де, менің жолдастарым да мұны ешуақытта ұмытпақ емеспіз. Ғылым мүддесі үшін қызмет етуге мүмкіндік туғаны менің өз басым үшін айрылып отырған бостандығымның орнын белгілі дәрежеде толтыратынын мойындауым керек.

Шартты беркіту үшін капитан қол берер деп едім, бірақ ол қолын бермеді. Мен бұған іштей қатты өкіндім.

— Тағы бір сұрағым бар,— дедім мен, осы Ғажап адам кетуге ыңғайлана берген кезде.

— Тыңдап тұрмын, профессор мырза. — Сізді қалай деп атауымыз керек?

— Сіздер үшін мен тек капитан Немоның ал сіз бен сіздің жолдастарыңыз мен үшін тек «Наутилустағы» жолаушылар ғана.

Капитан Немо бірдеме деп айғайлап еді, каютаға стюард кірді. Капитан оған анадағы маған белгісіз тілде бұйрық берді.

Бұдан кейін ол канадалық пен Консельге қарады да:

— Сіздер өз каюталарыңызда тамақтанасыздар. Мына кісінің соңына ерулеріңізді сұраймын,— деді.

— Қарсылығым жоқ,— деді сүңгіші.

Консель мен Нед, біз отыз сағаттай болған тордан шығып кетті.

— Ал енді, профессор кезек бізге келді. Таңертеңгі тамақ бізді күтіп тұр. Сізге жол көрсетуге рұқсат етіңіз.

— Қызметіңізге дайынмын, капитан.

Мен капитан Немоның соңына ердім. Жалпы кемелердің коридоры сияқты электр жарығы жағылған коридорғa шықтық, сөйтіп он метрдей жүргеннен кейін жабық, бір есіктің алдына келіп тоқтадық.

Капитан Немо есікті ашты да, мені ішке кіргізді. Жақсы жабдықталған, өте сәнді бір асханаға кіріппін. Қара ағашпен оймышталған ыдыс қоятын биік емен шкафтар залдың қарама-қарсы жағында тұр. Бұлардың сөрелерінде баға жетпес нелер әдемі, оттай жайнаған хрусталь, фарфор, күміс ыдыстар қойылған. Қабырғалардың бояуының өте ашықтығы төбеден құйылып тұрған, көз қаратпайтын тым өткір жарықты әлсіретіп, жұмсартып тұр.

Залдың ортасында тағам толы стол тұр еді.

Капитан маған отыратын орынды көрсетіп, ишарат білдірді.

— Отырыңыз,— деді ол,— жей беріңіз, сіз, сірә, өлердей аш шығарсыз.

Мен екі айтқызғам жоқ.

Таңертеңгі тамаққа балықтан жасалған бірнеше тағам, және бір ыдыспен маған белгісіз азықтан жасалынған әлденендей бір тағамдар әкелініп қойылды.

Мұның бәрі де дәмді тағамдар еді, бірақ әлдеқандай бір өзгеше дәміде бар екен, алайда, бұл тез-ақ үйреніп кететін дәм еді. Бұл азықтардың фосфоры өте мол көрінді, сондықтан мен бұлардың шыққан жері теңіз болуға тиіс деп ойладым.

Капитан Немо менен көз айырмай қарады да отырды. Мен онан ешнәрсе сұрай да қойғам жоқ, бірақ менің тілімді қышытып отырған сұрақтарға өзі жауап беріп отырды.

— Осы тағамдардың көбін сіз білмейсіз,— деді ол,— солай бола тұрса да ешбір алаңсыз жей берулеріңізге болады. Бұлардың бәрі де денсаулыққа пайдалы, әрі сүйсініп жейтін астар. Мен жер бетінің тамағынан шыққалы көп болды, әйткенмен, халім жаман емес. Мен ғана емес, осы кемеде менің адамдарымның бәрінің де тамағы осы, бірақ олардың денсаулықтары — кісі қызығарлық деуге болады.

— Демек, бұл тағамдардың бәрі де — теңіз азық-түлігінен жасалынған ғой?

— Я, профессор, тұтынуға керекті нәрселердің бәрін де мен теңізден аламын. Оқта-текте ау аулаймын, ал, аудың бос шыққан кездері болған емес. Кейде мен басқа адамдардың қолы да жетпейтін, аяғы да бармайтын дүлей табиғатты аралап, су асты ормандарының «андарын» аулаймын. Менің малдарым Нептунның қарт малшысының малы сияқты мұхит өрісінде жайымен ғана жайылып жүреді. Менің билігімдегі жерім шексіз ұлан-байтақ, соның бәрін бір өзім пайдаланамын.

Мен капитан Немоға таңдана қарап, былай дедім:

— Сіздің ауыңызға тамаша балықтардың түсетінін мен жақсы түсінемін, капитан. Қалай екенін білмеймін, бірақ әйтеуір сіз өзіңіздің су астындағы ормандарыңызда «аң» аулауыңызда ықтимал деп жоримын; бірақ маған түсініксіз нәрсе, сіз қаншама аз жегеніңізбен, столыңыздағы ет қайдан әкелініп отырады?

— Бірақ,— деді капитан Немо,— мен жер бетіндегі жануардың етін ешуақытта жемеймін.

— Ал, мынау ше? — деп сұрадым мен тарелкедегі кесек-кесек етті көрсетіп.

— Сіз жер бетінде өмір сүретін жануардың еті деп түсініп отырған бұл тағам, шынына келгенде теңіз тасбақасының еті. Мынау дельфиннің бауырынан жасалған соус, ал мұның дәмі сізге шошқа етінен жасаған рагудын дәміндей болып көрінеді. Менің ас пісірушім — өз ісінін шебері, теңіз балықтары мен жануарларынан тамақ пісіруге келгенде онымен бәсекеге түсетін ешкім жоқ. Міне мынау теңіз бақасынан жасалған консервтер, мұны кез келген малаялық дүниедегі ең жақсы консерв деп білер еді; мынау крем15 , бұған қажетті қаймақ кит желінінен алынады, ал қант солтүстік теңіз өсімдіктерінен алынады; мынау анемондардан жасаған варенье.

Мен капитан Немоның әңгімесін қызыға тыңдай отырып, осы тағамдардың бәрінің де дәмін татып көрдім, әрине, жегім келгендіктен емес, тек дәмін көру үшін таттым.

— Теңіз,— деді ол сөзін әрі қарай жалғастырып,— мені тек қоректендіріп қана қоймайды, сонымен бірге киіндіреді де. Сіздің үстіңіздегі киімнің матасы кейбір теңіз ұлуының биссустарынан тоқылған. Ол ерте заманның қызылкүрең бояуымен боялған, ондағы күлгін бояу Жерорталық теңіз моллюскалары — аплизийден экстрак арқылы алынады. Сізге арналған каютаның ішіндегі столда тұрған иіссулар — кейбір теңіз өсімдіктерінен алынған. Төсек-орын ең жақсы мұхит шөптерінен жасалған. Сіздің бұдан былай жазатын қаламұшыңыз киттің мұртынан істелген, ал сияңыз каракицаның бездерінен шығады. Қазіргі менің пайдаланып отырған нәрселерімнің бәрі де теңізден алынатын заттар, бірақ бұлардың бәрі де бір кезде теңіздің өзіне қайтады әлі.

Сіз теңізді жақсы көресіз бе, капитан?

— Я, мен оны жақсы көремін. Жер шарының оннан жетісі теңіз ғой? Оның буы таза, денсаулыққа жақсы. Оның ұлан-байтақ шалқарына адам жалғызсырамайды, өйткені, төңірегін қайнаған өмір. Шынында да, теңізде табиғаттық үш түрлі байлығының үшеуі де: минерал да, өсімдік те, жануар да бар ғой. Бұлардың соңғысына зоофиттердің өте көптеген өкілдері, буынаяқтылардың екі класы, моллюскалардың бес класы, омыртқалылардың, сүтқоректілердің, бауырымен жорғалайтындардың үш класы және басқа толып жатқан балықтар кіреді. Теңіз — өте кең табиғат қоймасы. Жер шарындағы өмір теңізде басталған, сол өмір осы теңізде аяқтала ма, әлі кім білсін. Ең жайлы тыныштық теңізде, Теңіз жауыздардікі емес. Теңіз үстінде олар әлі де қиян-кескі шайқасқа түсе алады, бірін-бірі қыра алады. Құрлықтағы бүкіл жан түршігерлік сұмдықтарын мұнда да істей алады. Бірақ, су бетінен отыз футтай төмен түскен соң-ақ олардың қолдарынан билік кетеді. Ей, профессор, өмір сүрсеңіз теңіз түбінде өмір сүріңіз. Нағыз тәуелсіздік дегеніңіз де, шын мәнісіндегі бас бостандық дегеніңіз де, қанаусыздық деген де — бәрі де тек қана теңіз түбінде!

Капитан Немо өзінің қызу сөзін кенет үзіп жіберді. Өзімнің дағдылы ұстамдылығымнан шығып кеттім деп қалды ма? Әлде бірдемені артық айтып қойдым деп қорқып кетті ме? Оншасын білмедім.

Ол қатты толғанын асхананың ішінде бірнеше минуттей үнсіз-түнсіз жүрді де қойды. Сосын, өзіне өзі келіп, дағдылы салқын қандылық пішінмен былай деді.

— Ал енді, профессор, егер «Наутилусты» қарап шыққыңыз келсе мен сізге қызмет етуге дайынмын.

Он бірінші таpay

«НАУТИЛУС»

Капитан Немо есікке қарай жүрді де, мен оның соңынан ілестім: Асхананың бір түкпіріндегі қаусырмалы есік ашылды да, біз осы асханаға жапсарлас бөлмеге келіп кірдік. Кеңдігі асхананың кеңдігінен кем түспейтін бұл үй кітапхана екен. Бронза сөрелі, Палисандр ағашынан жасалған, төбемен тірескен биік-биік шкафтар бүкіл бөлменің барлық қабырғаларына қатарластырылып қойылыпты. Бұл шкафтар біркелкі тысты кітаптарға толы. Қоңыр сүрікпен тысталған жайлы, жалпақ дивандарға көз түскенде, отыра қалып тыныққың келеді. Дивандардың жандарында жылжымалы, жеңілтек кітап қойғыштар тұр. Бөлменің ортасындағы үлкен столдың үсті де толы кітап. Осы столдың үстінде ертеректегі бірнеше газет те жатыр. Кітапхана бөлмесінің төбесіндегі күмбезді, төрт электр шам қатар жарқырап, осы ғажайып, сәулетті, әсем залға жарық беріп тұр.

Сән-салтанаты осынша мол, жабдықтары да жарасымды, ғажайып әдемі залды, мен таңдана, сүйсіне қарап отырдым.

— Капитан Немо,— дедім мен,— мұндай кітап қойманы құрылықтағы елдердің қандай ғана сәнді сарайы болса да, зор мақтаныш еткен болар еді. Ал осы тамаша кітапхана сізге ілесіп, теңіздің терең түбіне бара жатыр-ау, деген ой келгенде, мен аса қайран қаламын.

— Жұмыс істеуіңіз үшін осыдан артық қолайлы жағдайды сіз қайдан табар едіңіз, профессор? — деді капитан.— Париж музейіндегі кабинетіңіз сізге тап осындай ын-шыңсыз тыныш, жайлы бола алар ма еді?

— Әрине, жоқ... Мойындауым керек: ол бұл залмен салыстырғанда жұпынылау. Мұнда, сірә, кемінде 6-7 мың кітап бар шығар?

— Он екі мың, Аронакс мырза. Мені жермен байланыстырып отырған бір ғана нәрсе — осы. «Наутилус» алғаш рет суға сүңгіп кеткен күні-ақ мен жер-дүниеден қол үзгемін. Мен үшін ол өшкен-ді. Сол күні мен ең соңғы кітаптар мен кітапшаларды, ең соңғы шыққан газеттерді сатып алғам. Сол кезден бастап адамзат мен үшін, ойламайтын да, жазбайтын да болды. Профессор, бұл кітаптар, енді өз қарамағыңызға көшеді, қай уақытта, қалай пайдаланғыңыз келсе де, пайдалана беріңіз.

Капитан Немоға рахмет айтып, мен кітап қойылған шкафтардың сөрелеріне бардым. Мұнда мен дәл ғылымдардың әралуан саласы жөнінде, философия жөнінде әдебиет жөнінде барлық халықтардың тілінде шыққан кітаптарды көрдім.

Менің көзіме ете бір қызық нәрсе түсе кетті: қай тілде шыққан кітап болмасын — бәрі де алфавит тәртібі бойынша қойылыпты. Мұның өзі капитан Немоның барлық халықтың тілін еркін білетіндігінің бір дәлелі еді.

Кітапханадан мен өткен заманның да, үстіміздегі заманның да авторларының шығармаларын кездестірдім, кездестіргенде, Гомерден бастап Виктор Гюгоға дейін, Ксенефонттан бастап Мишлеге дейін, Рабледен бастап Жорж Зандқа дейінгі ғылымды да, көркем прозаны да, поэзияны да, адамзаттың даналығы туғызған ең таңдаулы шығармалардың бәрін көрдім. Бірақ бұл кітапханада ғылыми кітаптар көбірек еді; ол механика, баллистика17 , гидрология, метеорология, география, геология, т. б. жөніндегі кітаптар, табиғат тарихы жайындағы кітаптардан аз емес еді. Ал, табиғат тарихы, менің байқауымша, капитан Немоның ең басты ғылыми зерттеу жұмысы болуы керек еді. Шкаф сөрелінде Гумбольдтің, Арагоның еңбектерінің толық жинақтары, Фуконың, Анри Сен-Клер Девильдің, Шаслидің, Мильн-Эдвардстың, Катрфаждың, Тиндальдың, Фарадейдің Бертеллоның, Аббат Секкидің, Петерманның, Моридің, Агассицтің еңбектері, академиялардың «Біржылдықтары», географиялық қоғамдардың бюллетеньдері тағы басқалар бар еді. Осылармен қатар,осы құрметті қоғамның ішінде менің де екі томым (бәлкім, капитанның маған деген меймандостығы осыларға байланысты шығар) тұр екен. Жозеф Бертранның «Астрономия негіздері» деген кітабы маған бір мерзімді белгілеп алуға мүмкіндік берді, өйткені бұл кітап 1865 жылдың орта шенінде жарыққа шығып еді; олай болса, «Наутилус» суға сол кезден бұрын түсірілген жоқ.

Сонымен, капитан Немоның су астында саяхатшы болғанына үш жылдан асқан жоқ еді.

Егер де беріректе шыққан кітаптарды таба алсам, сүңгуір кеменің су астына қашан түсірілгендігін әлгіден де көрі анықтаңқырап алуға болар еді деп ойладым. Бірақ бұл үшін алда уақыт жеткілікті еді, сондықтан әзірінше «Наутилустың» ғажап қызықтарын бөгелмей көре бергім келді.

— Кітапханаңызбен пайдалануға рұқсат еткеніңіз үшін үлкен рақмет сізге, капитан. Мұның өзі шынайы ғылым қазынасы, мен мұны пайдаланамын.

— Бұл тек кітапхана ғана емес, шылым шегетін де бөлме.

— Шылым шегетін дейсіз бе? — дедім мен дауыстаңқырап. — «Наутилуста» шылым шегуге болатын ба еді?

— Әрине.

— Олай болғанда, капитан, мен сізді Гаваньмен байланысы бар деп жорамалдауға тиіс боламын ба?

— Ешқандай байланысымыз жоқ, — деп жауап қайырды капитан. — Міне, мына бір сигарды тартып көріңіз, Профессор, шылым жайын білгіш адам болсаңыз, бұл сигар гаваньдық болмаса да сізге ұнауға тиіс.

Мен сигарды алдым, түрі гаваньда сатылатын ен таңдаулы сигар сияқты, бірақ олардан гөрі ашығырақ, алтын түсті жапырақтардан оралған сигар еді. Өте әдемі қола тұрғыға қойылған шыраққа тұтатып алып тарта бастадым. Екі тәулік бойы темекі көрмеген темекіқұмарша, құштарлана, түтінді будақтаттым-ай келіп.

— Өте жақсы сигар, бірақ... сонысына қарай темекі емес білем!

— Жоқ, — деп жауап қайырды капитан,— бұл — никотин! мол су өсімдігінің бір түрі. Ал қалай, Гавань сигарын әлі де аңсайтынсыз ба?

— Енді мен осы минуттан бастап оларға жиреніп қарайтын боламын.

— Ендеше тарта беріңіз, бұл сигарлардың қайдан,қалай шыққанын сұрамай-ақ, қанша тартқыңыз келсе де тарта беріңіз. Ешқандай темекі монополиясы бұл үшін көк тыйын салық алған жоқ. Бірақ одан бұлардың кеміп кеткен түгі жоқ,солай емес пе?

— Солай, түгі де кемімеген

Осы минутта капитан Немо, біз кірген осы кітапхана есігінің қарсысындағы бір есікті ашты, сол сәтте-ақ мен жарқыраған жап-жарық орасан үлкен бір салонға18 келіп кірдім. Бұл бұрыштары қималы, ұзыны он, ені алты, биіктігі бес метр, үлкен кең зал екен. Әдемі арап өрнектерімен безелген төбеге жасырулы электр шамдары осы залда жиналған ғажайып нәрселерге жарқыраған нұр сәулесін төгіп тұр. Я, бұл кәдуілгі шын мәніндегі музей еді! Икемді, жомарт қолдар табиғаттың да, искусствоның барлық қазынасын осы бөлмеге жинапты, жинағанда да бәрі суретшінің үйіндегі живопистердей ретсіз жиналған. Залдың қабырғаларын сурет өнерінің ұлы шеберлерінің отыз суреті безеп тұр, бұлардың бәрі де өте әдемі әшекейлі маталармен көмкерілген, бірінен бірін айырғысыз рамкаларға қойылған. Осы суреттердің арасында қалқандар, мылтықтар ілулі тұр, бұлармен қатар әр жерде серілердің қару-жарағымен жабдықталған статуялар қойылыпты.

Мен бұл музейде аса құнды көркем полотна көрдім, мұндай полотнаға көрмелерде де, Европаның жеке адамдардың сурет галлереяларында да мен қызыға қарайтынмын. Мұнда ертеде өткен шеберлердің суреттерінен бір бірден ғана бар екен Рафаэльдің «Мадоннасы», Леонардо да Винчидің «Девасы», Корреджоның «Мылқауы», Тицианның «Әйелі», Веронезенің «Волхвтардың тағзым етуі» деген суреті, Мурильоның «Көкке ұшуы» Гольбейннің «Портреті», Веласкездің «Монахы», Рибердің «Азап шегушісі», Теньерстің «Жәрмеңкесі», Рубенстің фаламандтық екі пейзажы, Поль Поттердың Жерар-Доу, Метсу үлгілері бойынша жасаған үш кішкене полотналары, Жерико мен Прюдоннын екі суреті, Бакюйзен мен Верннің теңіз көріністерін салған бірнеше суреті бар еді. Осы күнгі живопись шығармаларының ішінен: Делакруа, Энгр, Декан, Труайн, Мейсонье, Добиньи және басқалардың қолы тұрған суреттерді де көрдім.

Өте ерте замандағы скульптуралардың мрамор мен қоладан жасалған тамаша көшірмелері осы әдемі музейдің бұрыштарындағы биік предестальдарға қойылыпты.

Капитан Немоның айтқаны келе бастады: «Наутилусты» бір деп аралап, көре бастағаннан-ақ, қайран қалумен болдым.

— Осындай ыбырсып жатқан бөлмеге ешбір шімірікпестен сізді ертіп келгенім үшін, ғапу етерсіз деп үміттенемін,— деді осы бір ғажап адам.

— Капитан,— дедім мен оған,— сіз нағыз артист адамсыз.

— Олай емес, мен тек әуес адаммын,— деді ол.— Адамзаттың даналығы туғызған осынау тамаша шығармаларды жинаудың өзі мені зор қуанышқа бөледі. Мен бұл нәрселерді іздеудің жолында жалығу дегеннің не екенін білген емеспін, бұларды жинай беруде қанағат қылу менде болған жоқ, мұнын өзі бірқатар өте құнды нәрселерді қолға түсіріп алуыма мүмкіндік берді. Бұл шығармалар мен үшін біржолата қарасы өшкен жердің ең соңғы ескерткіштері. Маған сіздердің қазіргі суретшілеріңіз де — ерте заманның шеберлері сияқты болып көрінеді. Даналардың жас-кәрісі болмайды.

— Ал, мына музыканттар ше? — деп сұрадым мен үлкен пианино-органның қақпағының үстінде бөлменің бір қабырғасын тұтас алып тұрған Вебердің, Россинидің, Моцарттың, Бетховенның, Гайднның, Мейербердің, Вангердің, Обердің, Гуноның және басқалардың партитурларын көрсетіп.

— Бұл музыканттар мен үшін Орфейдің замандастары... Уақыт айырмасы аруақтардың есінде қалмайды, ал, мен аруақпын, профессор, демек, қазір жер астында жатқан сіздің достарыңыз сияқты мен де аруақпын...

Капитан Немо бір терең ойға шомып үндемей қалды. Мен оның бет-пішініндегі ерекшеліктерді зерттеп, аса көңіл қойып қарап тұрдым. Ол бір қымбат бағалы столды шынтақтап, мені көрмеген күйі ойланып тұр, тіпті менің бұл жерде бар-жоғымды да ұмытып кеткен сияқты.

Мен оның ойын бөлмейін дедім де, осы залдағы тамаша нәрселерді қарай бердім.

Искусство шығармаларымен қатар, өте сирек кездесетін табиғат заттары да елеулі орын алыпты. Бұлардың көбі өсімдіктер, раковина мұхит өсімдіктерінің, жануарларының тағы басқа өнімдері еді, бұлардың бәрін сірә, капитан Немоның өзі жинаса керек.

Залдың ортасында, астынан электр жарығы жағылған фонтан су атқылап тұр; бұдан аққан су, орасан зор тридако-раковинадан жасалған бассейнге құйылып жатыр. Раковинаның айналасы алты метр еді. Олай болса, мұның өзі Венциан республикасының королі Бірінші Францискоға сыйға тартқан әйгілі раковинадан да үлкен болғаны ғой?

Бассейнді айнала қойған жезбен өңделген әйнек витриналарда натуралистердің өте сирек көретін, теңізде де сирек ұшырайтын нелер асыл экспонаттары қойылыпты. Бұларды көргенде, менің қуанғанымды-ай десеңізші!

Зоофиттер бөлімінде полиптер мен инеденелілер қойылыпты. Бұлардың іштерінде желдеткіш тәрізді горгонийлер, теңіз органчиктері, сирий губкалары, молукка маржандары, ғажап альционилер, Реюньен аралының — глазчаткалары, тұтас бір мадепорлық коллекция да бар екен, бұл коллекцияның ішінде Антиль аралынан әкелінген «Нептун арбасы» ерекше көз тартып тұрды. Мұнда сан алуан маржан түрлері бар еді, бұл жануарлар теңізде тұтасқан арал жасайды, бара-бара ғасырлар өткеннен кейін тұтас құрылықтар да құруы ықтимал. Ине денелілердің бірнеше түрлері атап айтқанда, теңіз жұлдыздары, теңіз өсімдік-жануарлары, теңіз кірпілері, жылан құйрықтар, т. б. бар еді.

Менің орнымда нерві нашар бір конхиолог болса, қатарлас тұрған мына витриналардағы моллюскалар экспонатын көргенде, есі шығып кетер еді. Бұлар баға жетпес экспонаттар еді, ал оны толық суреттеп шығу үшін бір том кітап жазу керек болар еді. Сондықтан да мен бұлардың ішінде ең көңіл аударарлық, ең елеулілерін ғана атап өтемін. Капитан Немоның колекциясында нелер ғажап экспонаттар бар екен, мұнда, Индия мұхитының ақ безекті қызылкүрең балғасы; Европаның кез келген музейі іркілмей-ақ жиырма мың франкке ала салатын, көп моншақ-тастары бар, жарықпен безенген «император спондилий» деп аталатын бір асыл бұйым; таптырмайтын австралия балғасы; сәл ғана леп тисе үгіліп жарылып кеткелі тұрған, өте нәзік ақ түсті, қаусырмалы сенегаль жүрекшелері, Явань теңізінің әдемі құйғыш түтікшелері, Америка суларында кездесетін толып жатқан жасыл-сары қарынаяқтар, олардың Жаңа Зеландия жағалауларында болатын қара қоңыр түстілері, Мексика шығанағында болатын черепицаға ұқсас раковина тәрізділері, бұлардан басқа теллиндер, цитер мен венустардың асыл тұқымдары, перламутор түсті дағы бар, мрамордан жасалған кубарна, Индияда металл ақша орнына қолданылатын ужавоктар, шығыс Индияның ең асыл раковинасы — «теңіз данқы», ақыр аяғында, башенки, янтин, митр, каска багрец, арфа деп әсем ат қойған — өте нәзік үгілмелі раковиналар бар еді.

Жеке витриналарда бұрын-соңды көз көрмеген өте әдемі асыл інжулер жатыр, оларды электр жарығының сәулесі мүлдем жарқыратып, гүл-гүл жайнатып жіберіпті, бұлардың ішінде Қызыл теңіздің түбінен алынатын алқызыл інжу, теңіздердің, мұхиттардың бәрінде дерлік кездесетін жасыл, сары, көк және қара інжулер бар екен, ал бұлардың бәрі түрлі моллюскалардың денелеріндегі ауру бүрлері еді!

Осы інжулердің кейбіреулері көгершін жұмыртқасынан үлкенірек еді. Бұлар саяхатшы Таверньенің парсы шағына үш миллионға сататын інжуінен де қымбат тұратын, әрі әдемілігі жағынан бүкіл дүние жүзінде теңдесі жоқ деп жүрген имам Маскаттың інжулерінен де әдемі еді.

Сонымен, бұл музейдегі коллекцияның бағасын біліп алу — мүмкін болмады. Капитан Немо бұл коллекцияны құрап алу үшін сан миллион жұмсаған болуы керек.

Осынша байлықтың шығып жатқан көзі қайда деп мен өзіме өзім сұрау беріп тұрғанымда, кенеттен капитан маған қарап:

— Менің коллекциямды қарап тұрсыз ғой, профессор? Бұлар шынында да, натуралистердің көңілін аударарлық дүние. Мен үшін бұлардың бір құндылығы — осылардың бәрін де мен өз қолыммен жинадым, сірә, жер шарында осы витриналарға қою үшін маған қандай да болса бір нәрсе бермей қалған теңіз жоқ шығар.

— Мұндай байлықты көргендегі сіздің қуанышыңызды мен жақсы түсінемін, капитан. Европа музейлерінің бірде-бірінің де тап осындай коллекциясы жоқ! Бірақ мен осы музейге ғана таң-тамаша қайран қала берсем, кеменің қалған бөлектерін аралағанда қайтер едім? Meн шамам келгенше қанағатшыл болғым келетін адаммын, мен сіздің құпияларыңызды білуге де құштар емеспін, бірақ мені мейлінше қызықтыратын бір мәселе болып отыр, ол — «Наутилустың» өзі, оны қозғап отырған күш және оны осынша шапшаңдыққа келтіруші механизмдер. Осы залдың қабырғасынан қандай қызмет атқаратыны белгісіз бір аспап құралдарды көріп тұрмын. Сізден осыларды сұрауға болар ма?

— Аронакс мырза,— деп капитан Немо, менің сөзімді бөліп жіберді,— мен бұл кемеде сіз еркінсіз деп айтып едім ғой, олай болса, «Наутилуста» сіз баруға болмайтын қуыс-мүйіс жоқ, кемені қалай аралап, қанша көрем десеңіз де ерік өзіңізде, ал мен болсам, сізге жол көрсетуге дайынмын.

— Мен сізге не деп алғыс айтарымды білмей тұрмын капитан. Сіздің маған істеген жақсылығыңызды зая кетірмеуге тырысып бағармын. Сіз тек маған мына физикалық құралдар қандай қызмет атқарады, соны түсіндіріп жіберсеңіз екен?

— Профессор, дәл осы сияқты құралдар менің каютамда да бар, олардың қандай қызмет атқаратынын сонда барған соң айтармын. Бірақ, одан бұрын, сізге арналған каютаға баралық. «Наутилуста» қандай жағдайда өмір сүретініңізді білуіңіз керек қой.

Мен капитанға еріп тарлау бір коридорға шықтым. Кеменің тұмсық жағынан өте беріп капитан Немо мені бір каютаға әкеліп кіргізді, дәлірек айтқанда, бұл өте жақсы жабдықталған, әп-әдемі керует, стол, креслолар, осылар сияқты т. б. үй жабдықтары бар, әсем, кең бөлме еді.

Meн үсті-үстіне алғыс жаудырдым.

— Сіздің каютаңыз,— деді капитан өз каютасының, есігін ашып тұрып,— менің каютаммен іргелес, ал менің каютам жаңа ғана өзіміз шыққан залмен іргелес.

Біз енді капитанның каютасына кірдік. Бұл каютада темір койка, жұмыс столы, бірнеше орындық, қолжуғыш қана тұр. Мұндағы жай жабдық осындай екен, демек, тек керекті ғана заттар бар да, басқа ешқандай сән-салтанат жабдықтары жоқ екен. Каютадағы жарық та күңгірттеу. Капитан маған:

— Отырыңыз,— деді.

Мен отырдым. Ол сәл кідірістен соң, сөйлеп кетті.

Он екінші тapay

БӘРІ ДЕ ЭЛЕКТР АРҚЫЛЫ ІСТЕЛЕДІ

— Көріңіз, профессор,— деп бастады капитан Немо, бөлменің қабырғаларында тұрған құралдарды көрсетіп.— «Наутилусты» басқарып отыру үшін қолданылатын аппараттар осылар. Анау залдағыдай, мұнда да бұлар менің көз алдымда тұрады, сөйтіп маған «Наутилустың» мұхитта қай шенге келгенін де, кеменің жүріп келе жатқан бағытын да дәл көрсетіп беріп отырады. Бұлардың кейбіреулері сізге белгілі болуы керек. Мынау «Наутилустағы» ауаның температурасын көрсетіп тұратын термометр; анау ауа қысымын анықтап алып, соның нәтижесінде әуе райының өзгерісін күні бұрын айтып отыратын барометр; мыналар: атмосферадағы ылғалды көрсетіп отыратын гигрометр; кемеге бағыт көрсетіп отыратын компас ; күн көзінің биіктігі бойынша, белгілі бір орындағы ендікті белгілеп алуға мүмкіндік беретін секстант; ал мыналар күндіз де, түнде де алыстан көретін трубалар, «Наутилус» судың бетіне шыққан уақыттарда, мен бұлармен айнала-төңіректі көкжиекке дейін көре аламын.

— Бұл құралдардың бәрі де,— дедім мен,—теңізде жүзушілерге белгілі құралдар ғой, бұларды мен білемін. Бірақ мұнда мен білмейтін құралдар бар көрінеді. Тегі, олар «Наутилусты» басқару ерекшеліктерін көрсететін құралдар шығар. Мына тілі селтеңдеп тұрған үлкен циферблат — манометр емес пе?

— Я. бұл манометр. Теңізбен байланыса отырып, ол су салмағының қысымын көрсетеді, сөйтіп «Наутилустың» қанша тереңдікте келе жатқанын да көрсетіп отырады.

— Ал, мыналар зонд па?

— Я, зонд, тек жаңа түрі. Судың әртүрлі қабаттарының температурасын көрсетіп тұратын термометрлік зондтар.

— Ал, мына бір құралдар ше? Бұлар неменеге керек, не істей алады, тіпті миым жетпей отыр.

— Профессор, бұл жөнінде сізге біраз түсінік беруге тура келеді,— деп жауап қайырды капитан.

Ол аз уақыт үндемей отырды да, тағы сөйледі.

— Табиғатта әрі тіл алғыш, әрі шапшаң, әрі оңай пайдаланылатын бір күш бар. Менің кемемдегі жұмыстың бәрін сол істейді: ол күш жарық та береді, от та жағады, машиналарды да қозғалысқа келтіреді. Бұл күш — электр күші.

— Электр дейсіз бе? — дедім мен таңдана.

— Я.

— Алайда, капитан, сіздің кемеңіз аса шапшаң жүреді. Бұл шапшаңдық пен біз білетін электр қабілетінің арасында біраз алшақтық бар ма деймін. Осы уақытқа дейін электрдің механикалық күші өте мардымсыз боп келгені қайда.

— Байқайсыз ба, профессор,— деп жауап қайырды капитан Немо,— электр қуатын пайдалану жөніндегі менің әдістерім, басқалар пайдаланып жүрген жалпыға белгілі әдістерге ұқсамайды. Бұл мәселе жөнінде менің айтарым осы-ақ, мұны енді осымен бітіруге рұқсат етіңіз.

— Сіздің бұл сөзіңіз мені қатты таңдандыра тұрса да, ұсынысыңызға қарсылығым жоқ, әрине, егер де, тек, мүмкін болса, тым ерсі боп көрінбесе, мен сізден бір сұраққа жауап беруіңізді өтінер едім. Осы тамаша күштердің қайнар көзі болып жатқан заттар, әсіресе, мырыш тез сарқылып қала беруі керек қой. Жермен байланысыңыз болмаса, сіз әлгіндей заттардың қорын қайтіп толықтырып отырсыз?

— Бұл сұрағыңызға іркілмей-ақ жауап бере аламын,— деді капитан Немо.— Есіңізде болсын, теңіз түбінде мырыш та, темір де, күміс те, алтын да сол сияқты басқа да металдар көп болады, мұны сіз білесіз, ал бұларды ендіріп алу оншалықты қиын емес. Бірақ мен бұл сияқты жер металдарын пайдаланып отырғаным жоқ. Өзіме қажет қуатты мен теңізден аламын.

— Теңізден?

— Я, профессор, теңізден. Теңізден электр қуатын алудың тәсілдері толып жатыр. Мәселен, мен теңіздің әр алуан тереңіне өткізгіштер тізбегін түсіру арқылы, сол арқылы, сол өткізгіш түсірген жердегі су қабатының температурасының әртүрлі болу өзгешелігінен де ток ала алар едім. Бірақ мен басқа бір қолайлырақ әдісті қолдануды жөн көрдім.

— Қандай?

— Теңіз суының құрамын сіз білесіз бе? Судың жүз бөлігінің тоқсан алты жарымы нағыз таза су да, ал, шамамен айтқанда, екі бүтін үштен екі бөлегі хлорлы натрий болады. Мұнда аздаған хлорлы магний, хлорлы кальций,бромды магний, күкірт қышқылды магний, күкірт қышқылы, көмірлі кальций тұзы да болады. Байқап отырған шығарсыз, теңіз суында хлорлы натрийдің мөлшері едәуір болады. Мен өз элементтерімді осы хлорлы натриймен қоректендіріп отырамын.

— Хлорлы натриймен бе?

— Я. Оны сынаппен қосқанда, мырыш орнына пайдалануға болатын, Бунзенің элементтеріндегі амальгам болып шығады. Элементтердегі сынап бұзылмайды, тек натрий ғана шығын болады, ал натрийді мен теңізден аламын. Натрий элементтерінің мырыштан ең кем дегенде екі есе күшті екенін мен сізге атап айтуға тиіспін.

— Капитан, бұл жағдайда сіз үшін натрийдің артықшылығын мен жақсы түсінемін. Теңізде ол көп-ақ. Бұл өте жақсы. Бірақ натрийді хлорлы қоспадан таза күйінде айырып алу керек қой. Мұны қалай істейсіз? Әрине, сіздің батареяларыңыз хлорлы натрийге электролиз болу қызметін атқара алар еді. Бірақ, мен қателеспесем, электролизге заттардың, өз тектеріне айрылып кетуі.

жұмсалатын натрий, соның нәтижесінде алынатын натрийден асып түседі ғой. Сонда сіздің алатын натрийіңізден шығындайтын натрийіңіз көп қой!

— Сондықтан да, профессор, мен натрийді электр арқылы өндірмеймін, бұл үшін тас көмірдің қуатын пайдаланамын.

— Тас көмірдің? Демек, сіз не дегенмен жермен байланысты болдыңыз ғой?

— Жоқ. Керек десеңіз, оны теңіз көмірі деп те атауымызға болады.

— Демек, сіз су астынан тас көмір шығарудың да тәсілін тапқансыз ғой?

— Мұны сіз әлі өз көзіңізбен көресіз, профессор. Сізден өтінетінім: тек біраз шыдап тұрыңыз, ал шыдай тұруға уақытыңыз да жеткілікті ғой. Тек бір-ақ нәрсе есіңізде болсын: мен керек нәрсенің бәрін де мұхиттан аламын. Ол маған электр береді, ал электр «Наутилусқа» жылылық жарық береді, оны жүргізеді — қысқасы ол осындағы өмір.

— Бірақ бар айыбы демалатын ауа емес деңіз?

— О, қажетті мөлшерде оп-оңай-ақ ауа өндіріп алар едім, бірақ пайдасы не, өйткені қашан болса да теңіз бетіне шыға аламын ғой. Айтпақшы, электрдің күшімен істейтін, арнаулы резервуарға ауа жіберетін өте қуатты насостар бар, егер қажет бола қалса, сол ауаны пайдаланып, судың астында ұзақ уақыт қалуыма да болады.

— Капитан,— дедім мен,— мен сіздің алдыңызда тек бас иіп, тәжім етуге тиіспін. Жұрттың көп уақыттан кейін ғана аша алатын электрдің орасан зор механикалық күшін ашу, тегі сіздің қолыңыздан келген!

— Олар мұны бір кезде аша ала ма, жоқ па, оны білмеймін,— деді капитан Немо, салқын шыраймен. — Бірақ қалай болған күнде де, осы бір ғажап күшке менің қандай істерді істетіп қойғанымды сіз енді білдіңіз ғой. Бұл күш, кемеге үздіксіз, ұдайы жарық беріп тұрады. Тіпті бұл күннің көзінде де жоқ қасиет. Енді мына тұрған сағаттарға қараңызшы, бұлар — электр сағаттар, дәлдігі жағынан ең таңдаулы хронометрден кем түспейді. Мен циферблатты итальян сағаттарындағыдай етіп 24 ке бөлдім, өйткені мен үшін күн де жоқ, түн де жоқ, күннің көзі де жоқ, ай да жоқ, мен үшін, теңіз түбіне қарай өзіммен бірге ертіп келе жатқан жасанды жарық қана бар. Қараңыз, қазір таңертеңгі сағат он.

— Дұп-дұрыс.

— Электрге істетіп отырған тағы бір іс міне, мынау. Сіздің көз алдыңызда тұрған мына циферблат «Наутилустың» жүрісінің шапшаңдық дәрежесін көрсетіп отырады. Лага винті сым арқылы циферблатпен қосылады, ал циферблаттың тілі маған кеменің қандай шапшаңдықпен жүріп келе жатқанын көрсетеді. Көріп отырсыз ба, дәл осы минутте біз сағатына 15 миль алып, біркелкі шапшаңдықпен жүріп келеміз.

— Ғажап екен! — дедім мен таңданып.— Табиғаттың осы бір күшін пайдаланып, сіз өте дұрыс жасағансыз, бұған менің көзім әбден жетті, капитан. Сіздің кемеңіз бу күшінің орнына электр күшін пайдаланып ұттырмаған, қайта ұтқан.

— Біз кемені түгел көріп болғамыз жоқ, әлі, профессор,— деді капитан Немо, отырған орындығынан тұра беріп.— Егер шаршамаған болсаңыз «Наутилустың» артқы жағына баралық.

Шынында да, мен қазір сүңгуір кеменің тұмсық жағындағы барлық бөлімдерін көріп болып едім. Кеменің тұмсық жағындағы бөлмелерді рет-ретімен айтқанда, бұлар: ұзындығы 5 метрдей асхана, ұзындығы 5 метрдей кітапхана, ал асхана мен кітапхананың арасы су өтпейтін тоспамен бөлінген; бұлардан кейін ұзындығы он метр үлкен зал, ұзындығы 5 метр капитанның бөлмесі, ал зал мен капитанның бөлмесінің арасы су өтпейтін екінші тоспамен бөлінген; одан кейін екі жарым метрдей менің бөлмем, менің бөлмем мен кеменің тұмсығына дейінгі аралық ұзындығы жеті метр, ауа жинайтын резервуар болатын.

Кеменің бұл тұмсық жақ бөлімінің жалпы ұзындығы отыз бес метр еді. Тығыз жабылатын есіктермен жабдықталған су өткізбейтін тоспалар кеменің қандай да болса бір бөлімі тесіліп, су келе бастаса, «Наутилусты» су алып кету қаупінен сақтап қалуға тиісті.

Кеменің орта шеніндегі коридордың бойымен капитан Немоға еріп келе жатырмын. Осы арада су өткізбейтін екі тоспаның аралығына жасалған тарлау бір шахта бар екен. Қабырғаға жапсыра төбеге шығатын темір саты орнатылыпты. Мен капитаннан бұл шахтаның атқаратын қызметі қандай деп сұрадым.

— Бұл қайыққа апарады,— деді капитан.

— Қалай? Сізде қайық та бар ма?—деп мен тағы сұрадым.

— Әрине, бар. Өте жақсы қайық, жеңіл, әрі суға да батпайды. Онымен біз серуенге де шығамыз, балық та аулаймыз.

— Ал, сонда қайықты суға түсіру үшін сізге судың бетіне шығуға тура келеді ғой?

— Айта көрмеңіз. Қайық «Наутилустың» палубасынағы арнаулы ойықта, берік бұрандалармен бекітулі тұрады. Қайықтың бітеу жабылатын су өткізбейтін қақпағы бар. Мына саты «Наутилустық» палубасындағы тарлау бір ауызға алып барады, бұл қайықтың түбіндегі дәл осындай тағы бір ауызға барып қосылады. Осы екі тесік арқылы мен қайыққа мінемін. Менің соңымнан «Наутилустың» палубадағы аузы қайта жабылады. Қайықтың түбіндегі ауызды ерекше қақпақпен мен өзім жабамын да, бұрандаларды босатып, қайықты ағытып жіберемін, сонымен, қайық оқтай зулап, теңіз бетіне бір-ақ шығады. Содан кейін қайықтың қақпағын ашып тастап, желкенді көтерем немесе ескекті қолға аламын.

— Кемеге қалай қайтасыз?

— Мен қайтпаймын. Мен жүрген жерге «Наутилустың» өзі келеді.

— Сіздің бұйрығыңыз бойынша ма?

— Я, менің бұйрығым бойынша. Қайық пен кемені жалғастырып тұрған электр проводы бар. Егер қайтқым келсе, мен телеграмма бере саламын.

Осынау ғажап нәрселерге таң қалып келе жатып:

— Шынында да бұл өте тамаша екен,— дедім мен.

Палубаға шығатын сатыға соқпай-ақ ұзындығы екі метрдей каютаның қасынан өттік. Бұл каютада дәл осы кезде Нед Ленд пен Консель таңертеңгі тамақты сылқытып соғып отыр еді. Бұл каютаның қатарында ұзындығы үш метр кухня бар екен. Кең қоймалар да осы тұста екен.

Кухня электрмен жағылады екен. Проводтармен жалғасқан платина пластинкалар ас қайнататын, нан пісіретін, қуырдақ қуыратын дәрежеге жеткізіліп, мүлдем аппақ боп қызып тұр. Теңіз суын, тұзды судан айырып кемені өте жақсы тұщы сумен қамтамасыз етіп отыратын дистиляциялы аппаратты да қыздырып, қозғап тұрған осы электр еді.

Кухняның жанында ванна бөлмесі де бар екен.

Одан әрі кеме командасы тұратын ұзындығы 5 метр кубрик бар еді; бірақ мұның есігі жабық болды да бөлменің ішкі жабдық-жағдайына қарап, «Наутилустың» экипажындағы адамдардың қанша екенін біліп алуға мүмкіндік болмай қалды, ал, бұл менің іштей түйіп жүрген нәрсем еді.

Дәл осы жерде су өткізбейтін төртінші тоспа да бар екен, бұл кубрикпен машина бөлмесінің арасын бөліп тұрған тоспа еді. Тоспаның есігі арқылы біз тағы да бір залға келіп кірдік; бұл залда өнері асқан инженер капитан Немоның «Наутилусты» жүргізетін машиналары қойылыпты.

Осы жап-жарық залдың ұзындығы кемінде 20 метрдей бар еді. Зал екі бөлімге бөлінген. Бірінші бөлімінде электр қуатын өндіретін тетіктер, екіншісінде, кеменің, винттерін айналдырып тұратын машиналар тұр.

Мен осы залдағы әлденендей бір өзгеше иісті сезіп, тая, қалдым.

Капитан Немо менің таңданып тұрғанымды бірден байқады.

— Бұл газдың иісі,— деді ол,— натрийді өндіріп алған кезде шығатын иіс. Бірақ бұл сайып келгенде, онша көп қолайсыздық емес қой. Дегенмен, біз күнде таңертең вентиляция арқылы бүкіл кеменің ауасын тазартып тұрамыз.

Мен «Наутилустың» машиналарын аса зер салып қарап шықтым.

— Көріп тұрсыз ғой,— деді капитан Немо,— мен Румкорфтің элементтерін емес, Бунзенің элементтерін пайдаланамын. Румкорфтің элементтері маған қажетті қуатты бере алмаған болар еді. Бунзенің батареялары менде көп емес, бірақ оның есесіне әрбір элементінің өзі өте күшті келеді. Батареялардан өнетін электр қуаты залдың қарама-қарсы екінші жақ шетіне беріледі де, ол орасан зор электромоторларға әсер етеді, электромоторлар трансмиссияның күрделі жүйелері арқылы қалақты валды айналдырады. Бұл валдың диаметрі алпыс сантиметр, ұзындығы жеті жарым метр. Осындай үлкен валдық айналу шапшаңдығы бір секундта 120 ға жетеді.

— Сөйтіп сіздің кемеңіздің жүрісінің шапшаңдығы...

— Сағатына 50 миль.

Мұнда бір жасырын сыр бар еді, бірақ бұл жөнінде түсінік алуға менің батылым бармады. Осындай орасан мол қуатты электр қалай беріп тұр? Бұрын-соңды естілмеген сарқылмас күш-қуаттың қайнар-көзі қайда жатыр? Бұл сыр аса қуатты күш беретін катушканың жаңа түрінде ме немесе трансмиссия жүйесінде ме? Мен бұған түсіне алмай қойдым.

— Капитан Немо,— дедім мен,— бұл табысыңыздың алдында мен бас иемін, бұған қолыңыздың қалай жеткенін де білмек болып жатпаймын. Мен «Наутилустың» «Авраам Линкольнді» шыр айналып маневр жасап жүргенін көргенмін, «Наутилустың» керемет шапшаң жүре алатынын да білемін. Бірақ бір ғана шапшаңдық жеткіліксіз емес пе, бұған қоса қайда келе жатқаныңызды да көріп отыру керек болмай ма? Кеме теңіздің терең тұңғиығында жүргенде жүздеген атмосфералық қысым түскен кездерде, мұның бәрін сіз қалай істей аласыз? Мұхит бетіне қалай шыға аласыз? Ақыр аяғында, өзіңіздің басқаруыңыз бойынша, кеме судың терең бір қабатында келе жатқан шақтарда, түзу сызықтың бойымен тура жүріп отыру үшін қолданатын әдісіңіз қандай? Менің осынша көп сұрақ беруім ерсірек болған жоқ па?

— Түк ерсілігі жоқ, профессор,— деп жауап қайырды капитан сәл қобалжыңқырап.— Сіз бәрібір бұл кемеден ешқайда кете алмайсыз. Жүріңіз, салонға баралық. Онда менің жұмыс істейтін кабинетім бар, сол кабинетте сіз «Наутилус» туралы білмекші болған нәрсеңіздің бәрін білесіз.

Он үшінші тарау

БІРНЕШЕ ЦИФР

Бірнеше минуттан кейін-ақ біз сигарды тартып, диванда отырдық.

Капитан маған бір чертеж берді, бұл чертежде «Наутилусты» ұзынынан да, көлденеңінен де жарып көрсетіпті. Чертежді маған бергеннен кейін ол түсіндіре бастады.

— Өзіңіз келе жатқан кеменің, чертеждері міне, осы, Аронакс мырза. Мұның өзі екі ұшы конус тәріздес көсіліп жатқан бір цилиндр. Түрі сигарға ұқсайды, ал түрінің сигарға ұқсауы, мұндай конструкция үшін өте жақсы болады деседі. Ұзындығы тура жетпіс метр, ал ең жалпақ деген орта шенінің ені — сегіз метр. Кәдімгі тез жүретін кемелерді жасағандағыдай мен мұның ұзындығына көлденеңінің қатынасын он метрге бір метр етіп жасағаным жоқ, сонда да, мұның осы құрылысының өзі қолайлы болып шықты: ығыстырылып отырылатын су мұның жүрісіне кедергі бола алмайды. Бұл өлшем сізге «Наутилустың» аумағы мен жалпы көлемін есептеп шығаруға мүмкіндік береді. Оның аумағы бір мың он бір метр, ал көлемі — бір мың бес жүз текше метр. Сонымен, бұл судың астына сүңгігенде бір мың бес жүз текше метр немесе бір мың бес жүз тонна суды ығыстырып отырады.

Су астымен жүретін осы кеменің жобасын жасағанда, алдыма қойған бір мақсатым — кемені суға түсіргенде, оның оннан тоғызы суға батып, оннан бірі судан шығып жүруін қамтамасыз ету болған-ды. Осылай болған жағдайда, менің бұл кемем өз көлемінің оннан тоғызын яғни 1350 текше метр суды ығыстыра алады, салмағы да осынша тонна болуы керек. Солай болғандықтан, тиелетін жүкті де кеменің осы салмағынан асырмау керек болады. «Наутилустың» екі корпусы бар, бұлардың бірі — сыртқы корпус та, екіншісі — ішкі корпус; екі корпустың арасы қос табанды темір балкалар арқылы қосылған; бұл балкалар кемені ерекше берік қып тұр. Шынында да, құрылысының осындай болуының арқасында ғана қуыс денелі «Наутилустың» беріктігі тұтас темірден құйылған нәрседей. «Наутилустың» сыртқы қаптамасы майрылмайды, оның әрбір бөлшегінің аса мұқият бекітілуі, материалдарының бір тектілігі, «Наутилусқа» қандай аласұрған дүлей теңіздерден де тайсалмауға мүмкіндік береді. Екі корпустың екеуі де болат тақталардан жасалған. Ішкі корпустың қалыңдығы 5 сантиметрдей де, жалпы салмағы — 390 тонна. Ал сыртқы корпус, кильдің биіктігі 50 сантиметр, ені 25 сантиметр, мұның салмағы 60 тонна, машиналарды, түрлі жүк, барлық сайман-жабдықтарды, ішкі тоспалар мен тіреулердің бәрін қосып есептегенде салмағы — 900 тонна, бұған 390 тонна ішкі корпустың салмағын қоссақ, біз білгіміз келіп отырған — бір мың үш жүз елу тонна кеменің жалпы салмағы шығады.

— Түсіне алдыңыз ба?

— Түсініп отырмын.

— Сонымен,— деді капитан,— осындай салмақпен судың бетінде жүргенде, «Наутилустың» оннан бір бөлегі ғана судан шығып жүреді. Олай болса, егер кемеде көлемi, кеменің осы оннан бір бөлегімен бірдей, яғни, жүз елу тонна сиятын резервуар болып, сол резервуарды суға толтырса, «Наутилус» бір мың бес жүз шаршы метр суды ығыстырар еді, яғни салмағы бір мың бес жүз тонна болар еді де, суға тұтас батар еді. Бұл іс жүзінде дәл солай болып отыр. «Наутилустың» төменгі жағында резервуарлар бар. Олардың крандарын ашсаңыз-ақ болғаны резервуарларға су шын толады да кеме табанда-ақ суға батып, төбесі теңіз бетімен бірдей бола қалады.

— Капитан, мұның бәрі де жақсы-ақ. Бірақ менің ойымша, қиыншылықтың ең үлкені осы жерде басталады ғой деймін. «Наутилусты» судан бір де сантиметр шықпайтын етіп, батыра алатыныңызды мен біліп отырмын. Бірақ тереңірек түскен кезіңізде, кемеңіз судың күшті қысымына кезікпей ме? Бұл қысымның өзі, әрбір отыз екі фут су қабатына бір атмосфердан келетін қысыммен, яғни басқаша айтқанда, әрбір шаршы сантиметрге бір килограмнан келетін қысымның күшімен кемені жоғары қарай лақтырып жібермей ме?

— Өте дұрыс айтасыз, профессор.

— Олай болса, егер, «Наутилусты» суға түгел толтырып алмасаңыз, су астына қалай терең түсе аласыз?

— Профессор мырза,— деді капитан Немо,— статика мен динамиканы шатастырмау керек, өйткені ол елеулі қатеге ұрындыруы ықтимал. Мұхиттың терең түбіне түсу үшін оншалықты көп күш жұмсаудың қажеті жоқ.

— Менің пікірлерімді тыңдап отырсыз ба?

— Мен өте көңіл қойып тыңдап отырмын.

— Теңізге тереңдегенде «Наутилустың» салмағын қанша арттыру керек екенін білу үшін судың жоғарғы қабатының салмағының әсерінен, әртүрлі тереңдікте теңіз суы алып отыратын көлемнің қанша кемитіндігін есептеп шығару жұмысымен шұғылдануыма тура келді.

— Бұл айқын, капитан.

— Алайда, судың сығылу қасиетінің барлығын теріске шығаруға болмаса да оның сығылуы тым мардымсыз болады. ІІІынында да, ең соңғы ең жаңа деген мәліметтер бойынша, отыз фут тереңге барғанда, яғни қысым салмағы бір атмосфера артқанда, су төрт жүз отыз алты он миллиондық бөлегінің бір бөлегіндей ғана сығылады. Мың метр төмен түскенде, биіктігі жүз бағана су қысымы салмағынан яғни жүз атмосфера су қысымы салмағынан көлемнің қанша кемитіндігін есепке алу керек болады. Сонда су көлемі төрт жүз отыз алты жүз мың бөлегінің бір бөлегіне кемиді. Демек, кеменің салмағы өзінің дағдылы салмағынан бір мың бес жүз тоннадан бір мың бес жүз алты бүтін елу төрт жүздік тоннаға дейін артуы керек. Сонымен, кеменің салмағы небәрі алты бүтін, елу төрт жүздік тонна ғана артуы керек екен.

— Болғаны ма?

— Бар болғаны осы, Аронакс мырза, ал, бұл есепті анықтап тексеріп шығу қиын емес. Оның үстіне менде жүз тонна сиятын қосалқы резервуар да бар. Мұның арқасында, мен едәуір дәрежеде терең түсе аламын. Ал, теңіздің үстіне шығу үшін осы айтылған қосалқы резервуарларды ішіндегі судан босата қоюым керек. Егерде «Наутилустың» оннан бір бөлегін судан шығарғым келсе, мен резервуарлардың бәрін де босатуға тиіс боламын.

Дәл цифрларға негізделген бұл пікірлерге менің қарсы айтар түк дәлелім жоқ еді.

— Сіздің бұл есебіңізге мен де қол қоямын, капитан,— дедім мен.— Шынында да, бұның дұрыстығы күн сайынғы тәжрибеден де көрініп отырғанда, оны теріске шығармақшы болып таласудың өзі күлкі болар еді. Алайда менің әлі де бір күдігім бар.

— Қандай?

— Сіз мың метр тереңге түскен кезде «Наутилустың» корпустарының қабырғалары жүз атмосфералық су қысымында қалады ғой. Олай болса, осындай тереңдіктен жоғары шығу үшін кемені жеңілдетіп, резервуарларыңызды судан босатпақшы болғаныңызда суды резервуардан айдап шығатын насостарыңыз әрбір шаршы сантиметрге түскен жүз килограмм қысымға қарсы төтеп беруге тиіс қой. Ал мұндай насостың күші орасан зор болуға...

— Мұндай күшті электр бере алады,— деп капитан Немо менің сөзімді бөліп жіберді.— Қайталап айтамын, профессор, менің машиналарымның қуаты сарқылмайтын қуат. «Наутилустың» насостары орасан күшті насос. Осы насостар атқан су «Авраам Линкольн» кемесінің үстінде тау тасқынындай тулаған кезде, бұған көзіңіз әбден жеткен болуға тиіс. Әйткенмен, батареяларға аса көп күш түсірмеу үшін мен тек су астына мың не мың жарым метрдей төмен түскім келгенде ғана қосалқы резервуарларға су аламын. Ал теңіздің ең терең жеріне сегіз-тоғыз мың метрге дейін төмен түсу жөнінде, басымды қиял шарлай қалғанда, мен басқа бір тәсіл қолданамын, бұлар едәуір қиындау, бірақ сонысына қарай сенімді тәсілдер.

— Қандай тәсілдер, капитан?

— Бұларды жақсы түсінуіңіз үшін, мен сізге ең алдымен, «Наутилустың» қалай басқарылып, қалай жүргізіліп отыратындығын айтуға тиіспін.

— Соны білгенше, шыдамым жетпей отыр.

— Кемені оңға не солға қарай бағыттап отыру үшін немесе басқа сөзбен айтқанда, жазық бағытта бұрып отыру үшін, мен кеменің арт жағына орнатылған кәдуілгі рульді пайдаланамын. Бұл руль штурвал мен штуртростар арқылы қозғалып отырады. Осы секілді, «Наутилусты» жоғарыдан төмен немесе төменнен жоғары қарай тік жүргізуге де болады, мұны ватерлинияның жанындағы бортқа еркін орнатылған екі жалпақ қалақ арқылы істеуге болады. Кеменің ішіндегі рычагтар арқылы олар тік бағытта өте шапшаң қимылдайды. Егер де осы жалпақ қалақтар кильмен бір бағытта қойылса, онда «Наутилус» жазық бағыттың бойымен жүреді, егер де олар еңкейтіліп қойылса, онда, еңкею дәрежесіне қарай, төмен қарай қиялай кетеді де, не қиялай жоғары көтеріледі, ал қиялаудың дәрежесі менің өз қолымда. Бұл бұл ма, егер мен жоғары көтерілуді тездеткім келсе, винтті дереу тоқтата қоямын, сонда кеме сутегіне толтырылған аэростаттай, қысымның күшімен су бетіне лып шыға келеді.

— Ой пәле, капитан! — деп қалдым мен.— «Наутилусты» судың астында көзді жұмып отырып-ақ басқара береді екенсіз ғой.

— Тіпті олай емес. «Наутилустың» тұмсық жағындағы төбесі шығып тұрған кабинада руль ұстаушы отырады. Ал оның илюминаторларының дөңес қалың әйнегі бар.

— Ол өзі әлгіндей ауыр қысымдарға да төзе беретін әйнек пе?

— Я. Құлап түскенде, немесе бірдемеге соғылғанда, сынғыш бола тұрса да негізі өте берік хрусталь. 1864 жылы Солтүстік теңізде, электр жарығымен балық аулап жүргенде, осы хрусталь шыны он алты атмосфера қысымға да төтеп берген. Ал менің пайдаланып отырған шыныларымның қалыңдығы 21 сантиметр, демек әлгі айтылған шыныдан отыз есе қалың.

— Ұқтым. Бірақ көру үшін қараңғылықты серпіп тастап отыратын жарық керек қой, сондықтан мен өзімнен өзім: қараңғылық басқан теңіз тұңғиығында...

— Руль тұрған кабинадан әрі өте қуатты электр рефлекторы бар,— деп менің сөзімді бөліп жіберді, капитан Немо,— мұның сәулесі алдағы жарты миль жерге дейінгі суды жарық қып тұрады.

— Ой пәле, капитан ой пәле! Ғалымдарды қатты қайран қалдырған атышулы «Нарвалдың» электр көзі осы екен ғой, мен енді түсіндім. Айтқандайын, «Наутилус» пен «Шотландияның» соқтығысуы бүкіл дүние жүзін шулатқан болатын, мұның өзі кездейсоқ соқтығысу ма еді, осыны білуге болар ма екен?

— Мүлдем кездейсоқ соқтығысу, профессор. Соқтығысып қалған кезде, мен су бетінен екі метрдей төмен жүзіп келе жатыр едім. Бірақ мен ол кеменің ешқандай апатқа ұшырамағандығын сол арада-ақ байқадым.

— Дұп-дұрыс. «Шотландия» портқа аман жетті. Ал, «Авраам Линкольнға» кездесуіңіз ше?

— Профессор мырза, американ флоты кемелерінің ішіндегі ең жақсы кеме болғандықтан оған менің де жаным ашиды, бірақ ол маған бас салып тиісті ғой, сондықтан мен қорғануға тиіс болдым. Алайда, мен оны өзіме шабуыл жасай алмайтын еттім де, сонымен тындым ғой. Таяу порттардың біріне барып өзінің бұзылған жерлерін жөндетіп алу оған онша қиын емес.

— Несін айтасыз, капитан,— дедім мен,— «Наутилус» шынында да тамаша кеме!

— Я, профессор,— деп жауап қайырды капитан Немо сәл қобалжып,— мен бұл кемені перзентімдей жақсы көремін. Мұхит бетіндегі кемелер мыңдаған қауіп-қатерге ұшырап отырады. Оларды әрбір кездейсоқ оқиға апатқа ұшыратуы ықтимал. Ал, мұнда, теңіздің тереңінде жүргенде сескенер түк жоқ. Судың қысымынан жаншылып қаламыз-ау деп қорқатын да дәнеңе жоқ, өйткені мұның корпусы темірден де қатты. Үздіксіз шайқалудың салдарынан «шаршап» қалатын такелажы да жоқ. Жел жұлып әкеткендей желкені де жоқ. Жарылып кететін қазандары да жоқ. Өрт те бұған қауіпті емес, өйткені, мұнда ағаш тетіктер атымен жоқ. Қақтығысып қалудан да қорқуға болмайды, өйткені, теңіздің тереңін кескілеп жүрген бұның бір өзі ғой. Теңіздің дүлей дауылы да қауіпті емес, өйткені мұхит бетінен бірнеше метр төменде су тып-тыныш боп тұнып тұрады. Міне, профессор, мінсіз кеме деп осындай кемені айтар болар. Егер рас болса, өз кемесіне деген сенім инженер-конструктордан гөрі өнерпазда күштірек болады деседі, ал, инженер конструктор капитаннан үлкен ғой, олай болса, менің «Наутилусқа» қалай шексіз сенетінімді түсінерсіз, мен осы кеменің өнерпазы, конструкторы әрі капитанымын!

Капитан Немо бұл сөздерді аса тебіреніп тұрып айтты.

Көзіндегі от ұшқыны, жігерлі қимылдары оны мүлдем өзгертіп жіберген. Мен шыдай алмай, ерсі көрінсе де, капитан Немоға бір сұрақ бердім:

— Демек сіздің инженерлік біліміңіз бар екен ғой!

— Я,— деп жауап қайтарды ол,— мен жер бетінің адамы болып өмір сүрген шағымда, Лондонда, Парижде, Нью-Йоркте оқығанмын.

— Жә, сіз осы тамаша сүңгуір кемені жұртқа қалай білдірмей жасадыңыз, осы құпияны қалай сақтай алдыңыз?

— Мұның әрбір бөлшегі, профессор мырза, жер шарының түрлі-түрлі түкпірлерінде жасалды, оның бер жағында, бұлардың неге керек екені теріс көрсетіліп отырды. «Наутилустағы» киль Францияда Крезо заводтарында жасалды; ескіш вал Лондонның Пен және К-да; винт — Глазгодағы Скотта; резервуарлар Париждің Кайль және К-да; двигатель Германияның Крупп заводтарында жасалды; таранды — Швед фабриканты — Монтан; приборларды Нью-Йорктегі ағайынды Гарттер т. б. жасаған. Осыларды, жасаушылардың әрқайсысы әртүрлі атпен қол қойылған менің чертеждарымды алып.

— Бірақ,— дедім мен,— бөлшектерді істетіп алу жеткіліксіз емес пе,— бұларды қиыстыру, құрастыру да керек қой?

— Мен ол үшін мұхиттың елсіз, күнсіз бір аралынан орын сайлап алдым. Осы жерде менің өзім үйреткен жұмысшылар, турасын айтқанда, жолдастарым өз бақылауыммен «Наутилусты» құрастырып шықты. Бұл жұмыс біткеннен кейін біз осы аралдағы біздің болғанымызды білдіретін нәрселердің бәрін де іс-түзсіз құртып жібердік. Егер қолымнан келсе, мен әлгі аралдық өзінің де күлін кекке ұшырып жіберген болар едім.

— Бұл кемеге сіз орасан көп қаржы шығарған боларсыз?

— Кәдуілгі темір кемелердің әрбір тоннасы жүз жиырма бес мың франк тұрады. Ал менің «Наутилусымның» салмағы — бір мың бес жүз тонна. Олай болса, оның жабдықтарының бір өзі екі миллион франктай тұрады, ал ішіндегі коллекциялары мен искусство шығармалары ең кемі төрт-бес миллион франк тұруы керек.

— Ең соңғы сұрағымды беруге рұқсат етіңіз, капитан?

— Айтыңыз, профессор.

— Сіз өте байсыз ба?

— Мыңғырған баймын, ешбір қиналмай-ақ, дәулетім кемімей-ақ Францияның он миллиардтық мемлекеттік борышын өтей алар едім.

Мен осы ғажап адамға қадала қарап қаттым да қалдым.

Менің нанғыштығымды пайдаланып кеткен жоқ па өзі?

Келешек мұны көрсетуі керек.

Он төртінші тарау

«ҚАРА ӨЗЕН»

Жер үстіндегі су алып жатқан алқаптың көлемі — үш жүз алпыс бір миллион шаршы километр. Ал осы судың көлемі — бір мың үш жүз жеті миллион текше метр. Олай болса, жер шарындағы барлық судың салмағы бір мың үш жүз жетпіс квинтиллион тонна.

Бұл санды түсіну үшін, бір миллиард пен бірліктің (бірдің) айырмасы қандай болса, квинтиллион мен миллиардтың айырмасы сондай болатынын да аңғару керек, бұлайша айтқанда, бір миллиардта қанша бірлік болатын болса, квинтйллионда да сонша миллиард болады.

Жердің жас шағында, отты дәуірден кейін сулы дәуір келген. Алғашқы кезде бүкіл жер жүзін мұхит басып тұрады. Бұдан кейін силурии дәуірінде біртіндеп таулар құрылып, мұхит бетінен таулардың төбелері көріне бастайды. Бұдан кейін аралдар пайда болады; су басып аралдар тағы да жойылып кетеді, бірақ кейін тағы да пайда болып, бара-бара бекіп, материк құрады; ақыр аяғында осы күнгі кескініндей болып әбден қалыптасады. Сөйтіп, судың жүз қырық миллион алты жүз мың жеті шаршы километр орнын құрылық тартып алады.

Құрылықтың жалпы бітісі жер шарының суларын басты-басты бес бөлімге бөлуге мүмкіндік береді, бұлар:

Солтүстік мұз мұхиты.

Оңтүстік мұз мұхиты.

Индия мұхиты.

Атлант мұхиты.

Тынық мұхит.

Тынық мұхит екі полюстің арасында солтүстіктен оңтүстікке қарай, Азия мен Американың арасында батыстан шығысқа қарай, жүз қырық бес градустағы бойлықтың ұзына бойына созылып жатады. Бұл мұхиттардың ішіндегі ең тыныш мұхит; оның ағысы арналы және баяулау болады,— тасуы да, қайтуы да оншалықты қатты болмайды, өте жаңбырлы келеді.

Менің ғажап сапарым осы мұхиттан басталды.

— Егер қаласаңыз, профессор,— деді капитан Немо,— біздің қай жерде келе жатқанымызды, жаңа саяхатқа қай жерден аттанғанымызды анықтап, біліп алуымызға болады. Қазір сағат он екіге 25 минут қалды, мен «Наутилусты» дереу теңіз бетіне шығаруға бұйрық берейін.

Осыны айтты да капитан электр қоңырауының кнопкасын үш рет басты. Насостар резервуарлардың суын төге бастады. Манометрдің тілі су қысымының барған сайын кеміп келе жатқанын көрсете, циферблатты өрлеп, жоғары қарай жылжи-жылжи ақырында, нөлге кеп тоқтады.

— Біз теңіздің үстіне шықтық,— деді капитан.

Мен кеменің орталық тарапына келдім де темір басқышпен көтеріліп ашық тұрған ауыздан «Наутилустың» үстіне шықтым. Кеменің үстіңгі жағы судан сексен сантиметр жоғары көтерілген екен. «Наутилустың» ұршық тәрізді тұлғасы шынында да ұп-ұзын сигар сияқты еді. Кеменің сыртқы тақта-тақта қаптамасы құрлықтағы бауырымен жорғалайтын алып жануарлардың қабығына ұқсайды. Кемелердің бәрінің де «Наутилусты» теңіз жануарына ұқсатуы маған енді түсінікті болды.

«Наутилустың» корпусындағы қайықтың бір шеті томпайып сыртқа шығып тұр.

Кеменің тұмсық жағы мен арт жағында төбесі шығыңқырап тұрған дөңес әйнекті қабырғалары көлбетіле орнатылған екі кабина бар еді. Бұлардың бірінде кемені бағыттаушы, руль ұстаушы отыратын да, екіншісінде — кеменің жолына жарық түсіріп тұратын прожектор қойылған еді.

Теңіз беті тамаша еді, күн ашық болатын. Мұхиттың шұбатылған толқындары ұзын кемені сәл ғана шайқап келеді. Шығыстан ескен майда жел судың бетін шұбартылып қана тұр. Теңіз үсті буалдыр болмағандықтан, айнала-төңірек көкжиектерге дейін айқын көрініп нені болса да ап-анық байқауға мүмкін болып тұрды.

Теңіз-шалқып жатқан тек бір дария еді. Маңайда арал да, тау да, «Авраам Линкольн» де көрінбейді.

Біз ұшы-қиыры жоқ, көк теңіздің құшағында едік.

Капитан Немо күткен мезгілге жеткен еді — күн түс болды. Секстантпен қарап күн көзінің биіктігін белгілеп алды, бұдан тұрған жерді ендігін білетін еді. Секстантпен байқап тұрған кезінде оны бірде-бір мүшесі селт еткен жоқ, ал оның қолындағы секстант мрамор скульптураның қолындағы нәрседей бір орында қатты да қалды.

— Түс болды,— деді ол.— Профессор, төмен түссек қайтеді?

Мен суға тағы да бір қарап еттім, бұл маңның суы сарғыштау екен, ал мұның өзі Жапон жағалауының жақын екендігінің бір айғағы еді. Сонымен, капитанға ілесіп кеменің ішіне түсіп, салонға келдім.

Мұнда келгесін капитан Немо хронометр арқылы бұл маңының бойлығын белгіледі, сосын өзінің есептерін бұрыш өлшеуішпен алдын ала байқап, тексеріп алды да «Наутилустың» келе жатқан жерін картаға түсіріп, бір ноқат қойды.

— Аронакс мырза,— деді ол,— біз 137°15' батыс бойлықта келеміз.

— Қай меридианнан есептегенде,— деп сұрадым мен, капитан өзінің қай ұлттың адамы екенін осы жерде анғартып алмас па екен деген үмітпен.

— Менде Париж, Гринвич және Вашингтон уақыттары бойынша қойылған әртүрлі хронометрлер бар,— деп жауап қайырды ол,— бірақ сіздің осында болуыңыздың құрметіне бүгін мен Париж меридианын пайдаландым.

Бұл жауап ойлаған жерімнен шықпады. Мен бас иіп, тағзым етіп, ризалық білдірдім.

Капитан сөзін үзген жоқ еді.

— Париж меридианнан 137°15' батыс бойлықпен 30°7' солтүстік ендікте келеміз. Яғни шамамен айтқанда, біз Жапон жағалауынан үш жүз мильдей жердеміз. Сонымен, бүгін 8 ноябрь күні түс кезінде судың астымен дүние жүзін айналып өтетін зерттеу сапарымызды бастаймыз. Профессор мырза, енді, сіздің жұмыс істеуіңізге кедергі болмайын. Мен елу метр сүңгіп, шығыс-солтүстік-шығысқа қарап жүруге бұйрық бердім. Қанша жер жүргеніміз мына үлкен картада күн сайын белгіленіп отырылады. Салон түгелімен өз еркіңізде.

Капитан Немо басын иді де, шығып кетті. Мен терең ойға шомып, салонда отырып қалдым.

Менің отаным жоқ деп мақтанышпен айтатын осы адамның ұлтын мен түбінде бір біле аламын ба? Мұны адамзатқа өш етіп қойған не екен я кім екен? Консель айтқандай бұл адам әлде «Жоғарғы қауымнан» жәбір көрген, ғылымда танылмаған оқымыстылардың бірі, қазіргі заманның Галилейі ме екен? Немесе өз елінен қуылған ғалым революционер ме? Мұны мен әлі біле алған жоқ едім.

Кемесіне кездейсоқ келіп түскен мені ол, меймандостық көрсетіп қарсы алды, сонда да өміріңнің менің қолымда екенін есіңнен шығарма дегендей онда салқындық шырай да бар еді. Қол бергенімде, ол менің қолымды қысқан емес, өзі де қолын бермейтін еді. Осы адамды тебіренткен құпия сырды білмек болып бір сағат бойына ойға шомып отырып қалдым.

Бұдан кейін столдағы картаға көзім түсті де, капитан Немо белгілеген бойлық пен ендіктің түйіскен жеріне сұқ қолымды апардым.

Құрылықтағы сияқты теңіздің де өзендері болады. Мұның өзі ерекше бір ағын, мұның басқа судан мүлде өзгеше түсін де, температурасын да оп-оңай байқауға болады. Ең белгілі теңіз ағыны Гольфстрим.

Басты-басты бес ағынның бағытын ғылым картаға түсіріп берді: бұлардың бірі — Атлант мұхитының солтүстік бөлімінде, екіншісі — оңтүстік бөлімінде, үшіншісі — Тынық мұхиттың ОҢТҮСТІК бөлімінде, төртіншісі — солтүстік бөлімінде, бесіншісі — Индия мұхитының оңтүстік бөлімінде. Каспий, Арал теңіздері мен Орта Азия дариялары бөлінбей тұтасып жатқан өте ерте замандарда, Индия мұхитының солтүстік жағында алтыншы ағынның да болуы ықтимал.

«Наутилустың» келе жатқан жері белгіленген картадағы нүктенің тұсынан әлгі ағындардың бірі — Куро-Сиво (Жапоншадан аударғанда «Қара өзен») ағыны өтеді екен; бұл Бенгаль қолтығынан шыға, тропиктік күннің шыжыған ыстығына жылынып ап, Малаққа бұғазы арқылы өтіп Азия жағалауларын жағалап шығады да, Алуст аралдарына жеткен кезде Тынық мұхиттың солтүстік бөлегін шыр айналады.

Ағын өзімен бірге камфор ағаштарын және басқа тропиктік өсімдіктерді бірге ала кетеді. Осымен бірге мұхиттың көгілдір суық суынан ол өзінің жоғары температурасымен, ашық көк бояуымен ерекше көзге түседі.

«Наутилустық» жолы осы ағыстың бойы еді. Мен карта бойынша ағыстың барысын байқап, Тынық мұхиттың осынау ұшы-қиыры жоқ зор кеңістігіне оның қалай сіңіп жоқ болып кететінін оймен болжап отырдым, тегі, мен тым алысқа сермеп кетсем керек, тіпті Нед Ленд пен Консельдің салонға келіп кіргенін де байқамай қалыппын.

Менің сүйікті жолдастарым кез алдарындағы асыл қазыналарды көргенде, естері кетіп сілейді де қалды.

— Біз қайда тұрмыз? — деді таңданып канадалық.— Шынымен-ақ Квебек музейінде тұрмыз ба?

— Қожайын рұқсат етсе,— деді Консель,— мен біз Сомерар отелінің залында тұрмыз дер едім.

— Достарым,— дедім мен, — біз Канадада да емес, Францияда да емес, теңізден елу метр тереңде «Наутилуста» келеміз.

— Қожайын айтқан соң, бұған сенуге тура келеді,— деді Консель,— бірақ шынына келгенде бұл салон, тіпті мен секілді фламандықты да қайран қалдыруға тиіс.

— Қанша таңдансаң да таңдануыңа болады, достым. Бірақ сонымен қатар, витриналарға да көзіңді сал — ол витриналарда сен секілді классификаторлар істейтін бірталай істер бар.

Консельге классификациямен шұғылдан деп қайталап айтудың қажеті жоқ еді. Ол витриналарға үңіліп класс, отряд, подотряд, семья, тұқым, тұр...— деп натуралистердің тілінде өз-өзінен күбірлей бастады.

Бұл уақытта конхиологиямен ісі жоқ Нед Ленд: Немоның кім екенін білдің бе, жоқ па, өзі қай жерлік екен, қайда бармақшы, бізді қай тұңғиыққа апара жатыр,— деп менен капитанмен кездескендегі білген жайларымды сұрай бастады.

Канадалық бірде-біріне жауап қайыруға мұршамды келтірместен сұрақты үсті-үстіне жаудырып, бастырмалатып үйіп салды.

Сұрақ беріп болғаннан кейін, мен оған көрген-білгенімнің бәрін айтып шықтым да, ал өзің не естідің, не білдің, не көрдің деп сұрадым.

— Түк те естігем жоқ, түк те көргем жоқ,— деп жауап қайырды канадалық.— Мен тіпті кеменің командасынан да ешбір жанды көргенім жоқ. Мүмкін команда да электрлі команда шығар.

— Электрлі?

— Адалым, бұған сенуге болады... Алайда, профессор мырза, айтыңызшы,— деп өтінді өзінің әлгі идеясын қатты ұстаған Нед Ленд,— кемеде қанша адам бар деп ойлайсыз? Он ба, жиырма ма, елу ме, жүз бе?

— Дәнеңе де айта алмаймын, Нед. Маған сеніңіз, «Наутилусты» иемденіп алу, не одан қашу жайында мүлде ойлаушы болмаңыз. Бұл кеме — қазіргі заман техникасының кереметі, егер, мен бұл кемемен ойдағыдай таныса алмасам, бүкіл өмірім өкінішпен өтер еді. Осы таңғажайып дүниенің ішінде саяхат жасауға мүмкіндік алу үшін де біздің қазіргі жағдайымызға көп адам қызыққан болар еді. Сонымен, момындау болыңыз. Әзірге төңірегімізде не болып жатыр, соны байқай тұрайық.

— Байқайық дейсіз бе?! — деп дауыстап жіберді сүңгіші.— Ойбай-ау, мынау темір абақтыдан түк те көре алмайсың ғой! Біз көзді жұмып беталды жүзіп келеміз!

Нед Ленд сөзін бітіргенше болған жоқ, кеменің іші қап-қараңғы болды да кетті. Жарық төгіп тұрған төбе лып сөне қалған кезде тіпті көзім ауырды, былайша айтқанда, қап-қараңғыда кенеттен жарық шақырая қалғанда көз қандай ауырса, менің көзім, мұнда да дәл сондай ауырды.

Бізді тағы не күтіп тұр — көңілді ме, әлде көңілсіз оқиға ма. Соны да білмей тіпті тыпыр етпестен тұрған орнымызда қаттық та қалдық. Бір мезгілде «Наутилустың» темір қаптамасы бейнебір сөгіліп бара жатқандай бір сықырлаған дыбыс естілді. — Құрыдық, — деді канадалық.

Сол-ақ екен салонға жарық түсті. Жарық екі жақ қабырғаның сопақшалау келген саңлауларынан, сырттан келді. Бұл тереңдегі суға жарық түсіріп тұрған прожектордың сәулесі еді .Теңізбен екі арамызда екі хрусталь әйнек қана бар. Алғашқы минутта, мына морт шыны сынып кетеді-ау деп жүрегім су ете қалды. Әйтеуір терезелердің қалың мыс қақпақтарын көріп жүрегім орнына түсті: бұл қақпақтар әйнекті анағұрлым берік қып тұруға тиіс қой.

Айнала-төңірек бір миль жерге дейін жақсы көрініп тұр. Қандай ғажайып көрініс! Мөлдір суды тесіп өткен электр сәулесінің тамаша көрінісін, жарықтан көлеңкеге қарай өткендегі нәзік құбылыстарды, жарық пен қараңғының түйіскен жеріндегі әдемі күңгірттікті кім толық суреттеп, айтып бере алар екен!

Теңіз суының күмістей мөлдірлігі жұрттың бәріне де белгілі — оның суы ең таза деген бұлақ суынан да таза болады. Ішінде еріп жүрген ауыр минераль тұзы оны одан сайын мөлдірете түседі. Мұхиттың кейбір жерлерінде, мәселен, Антиль аралдарының маңында бірнеше ондаған метр су қабатының астында жатқан құм әрбір түйіріне дейін айқын көрінеді.

Теңіздің терең шенінде жарқыраған электр жарығы, «Наутилустың» төңірегіндегі сұп-суық ортаны жарық түскен су емес, сұйық жалынның тасқынына айналдырып жіберді.

Егер, судың тереңіректегі қабаттары фосфор жарығын береді деген Эрембергтің жорамалын дұрыс деп білсек, онда табиғат теңіз астында тіршілік етушілерге бұрын-соңды ешбір жан көрмеген тамаша әдемі көріністі тарту еткен екен деп білуіміз керек. «Наутилустың» терезесінен судағы жарықтың құбылысына қарап отырған кезде, бұған көзім әбден жетті.

Бұрын белгісіз, әрі зерттелмеген дүниеге салонның екі жағында да бір-бір терезе ашық еді. Салондағы қараңғылық, сыртқы жарықтың әсерін күшейте түсіп тұр, сөйтіп біз осы ғажайып дүниеге алып аквариум шынысы арқылы қарап отырған адамдар сияқты едік.

«Наутилус» бір орнында қозғалмай тұрған сияқты. Мұның өзі маңымызда қозғалмай тұрған ешнәрсенің жоқтығынан солай боп көрініп тұр еді, өйткені жылжып келе жатқанымызды сол бір орында тұрған нәрселердің артта қалып бара жатқанынан білер едік қой. Алайда, кеменің тұмсығы жарып өткенде қақ айрылған су біздің көз алдымыздан аса шапшаң ағып өтіп жатты. Біздер тіпті таңдануымызды айтуға бір ауыз сөз таба алмай, терезеге жабысып, таң-тамаша қайран қалып қарадық та отырдық.

Кенеттен, Консель сөз бастады.

— Ал, достым, Нед, сіздің көргіңіз келіп еді ғой, көріңіз енді!

— Өте қызық, өте қызық,— деді канадалық, осы тамаша көріністі көргеннен кейін өзінің қашу жөніндегі арманын да, ашуын да ұмытып. Мұндай ғажап көріністі тамашалап көру үшін тіпті алыстан келуге де тұрар еді!

— Капитан Немоның өмірі маған енді ғана түсінікті болды,— деп мен дауыстап жібердім.— Ол өзіне арнап өзгеше бір дүние ашқан, сол өзі ашқан дүниенің ғажайыптарын көру арқылы ләззәт алады, ол.

— Ал, мұның балықтары қайда? — деді канадалық.— Мен балық көре алмай отырмын.

— Сізге оның бәрібір емес пе? — деді Консель. — Сіз балықтарды білмейсіз ғой.

— Қалай білмеймін? Мен балықшымын ғой,— деп баж ете қалды Нед Ленд.

Екі достың арасында талас басталды. Бұлардың екеуі де балық білетін адамдар еді, бірақ әрқайсысы өзінше білетін. Балықтардың омыртқалылар типінен бірінші класс құратыны жұрттың бәріне де белгілі. Балықтар үшін ғылымның анықтамасы дәл — бұл анықтама бойынша, балықтар: «суда тіршілік етуге бейімделген, «суық қанды, омыртқалы жәндіктер, демін желбезегінен алады». Балықтар екі подкласка бөлінеді: бұлардың бірі — сүйектілер демек олардың қыр арқасы сүйек омыртқалардан құралады, ал екіншісі — шеміршектілер, олардың қыр арқасы шеміршек омыртқалардан құралады.

Бәлкім, балықтардың осылай бөлінетінін канадалық естіген де шығар, бірақ Консельдің одан көрі анағұрлым артық білетіні даусыз еді. Недпен әбден дос болып алған Консель, оған балықтар жайында өз білетінін шын ниетімен үйреткісі келді білем, сондықтан да ол:

- Нед достым, сіз балықтардың нажағайысыз, сіз әрі епті, әрі батыл балықшысыз. Өз өміріңізде сіз теңіздің талай жайындарын ұстадыңыз да. Бірақ сіз балықтарды, түр-түрге бөле білмейсіз, бұған мен бәс тігісуге бармын,— деді.

— Тіпті олай емес,— деді канадалық шынымен-ақ. Балықтар желінетін, желінбейтін балық болып екі түрге бөлінеді.

— Бұл мешкейлердің бөлуі,— деді Консель күліп,— сіз сүйекті балықтармен шеміршекті балықтардың айырмашылығын білесіз бе, осыны айтыңызшы.

— Мүмкін, білермін.

— Бұл кластардың қанша түрге бөлінетінін ше?

— Жоқ, бұл жөнінде түк білмеймін.

— Олай болса, тыңдаңыз, Нед есіңізде болсын, сүйекті балықтар алты отрядқа бөлінеді. Бірінші отряд — жоғарғы жақ сүйегі тұтас, қозғалып тұратын, ескіш тәрізді желбезегі бар, тікен қауырсынды балықтар. Бұл отряд он бес семьяға бөлінеді, яғни барлық балықтың төрттен үші дерлік болады. Бұл отрядтың өкілі — кәдуілгі алабұға.

— Мейлінше дәмді балық,— деп қостап қойды Нед Ленд.

— Екінші отряд,— деді одан әрі Консель,— тесік торсылдақтылар, бұлардың жүзуші тармақтары кеудесінен төмен қарай қарынының астында, иық сүйектеріне бекітілмеген болады. Бұл отряд — бес семьядан тұрады. Бұған көбінесе тұщы су балықтары кіреді. Мұның өкілдері — сазан мен шортан.

— Фу,— деді канадалық,— тұщы су балықтарын мен жаратпаймын!

— Үшінші отряд,— деді Консель,— жұмсақ қауырсындылар, бұлардың жүзуші бауыр тармақтары кеудесінің астында, иық сүйектеріне бекітілген болады. Бұл отрядта төрт семья бар, өкілі — камбала.

— Міне бұл тамаша балық! — деді канадалық мәз болып, бірақ мұнда да ол оны бұрынғысынша дәмді тамақ деген тұрғыдан қарап айтты.

— Төртінші отряд,— деді Консель досының сөзін тыңдамай,— тек бір-ақ семья болады, бұл угрей. Мұның денесі ұзын, жүзетін бауыр тармақтары жоқ, терісі жабысқақ, кілегей болады.

— Дәмсіз балық,— деп қойды сүңгіші.

— Бесінші отряд, — деді консель,— шоқ желбезектілер, бұлардың жақтары қозғалғыш тұтас болады, бірақ желбезек доғашықтарының ұзына бойында қос-қосынан біткен ұсақ-ұсақ желбезек шоқтары болады. Бұл отрядта да иглицтің бір-ақ семьясы болады. Мұның өкілі — теңіз аты.

Фу, оңбаған балық! — деп қалды қандалық.

Ең соңғы, алтыншы отряд,— деді Консель,— бұл тұтас жақтылар деп аталады. Бұлардың жақ сүйегі қозғалмайды, жақ сүйегі таңдай сүйегімен тұтас келіп бас сүйегімен астасып жатады. Бұл отрядта екі семья бар, бірі — сірі терілілер, екіншісі сойдақ тістілер. Өкілі — айбалық.

— Бұл тек ас пісіретін кастрюльді қор қылады да,— деді канадалық.

— Достым, менің айтқандарымды ұқтың ба? — деп сұрады ғалым, Консель.

— Түк ұққаным жоқ, Консель,— деп жауап қайырды сүңгіші.— Әйткенмен, айта беріңіз, сіздің айтып отырғаныңыз өте қызық мәселе.

— Ал, шеміршекті балықтарға келсек,— деді Консель іркілместен,— оның құрамына бар болғаны үш-ақ семья кіреді.

— Аз болғаны, тіпті жақсы,— деп қойды Нед.

— Біріншісі — дөңгелекауыздылар, бұлардың жақтары дөңгелек болып қосылған, ал желбезектерінің көптеген саңлауы болады. Бұл отрядта бір-ақ семья бар. Өкілі — минога.

Жаман балық емес,— деп қойды Нед Ленд.

Екінші отряд — акула мен скат, бұлардың дөңгелек ауыздылардікі сияқты желбезектері бар, бірақ төменгі жақ сүйегі қозғалғыш келеді.

— Қалайша! — деп айқайлап жіберді Нед.— Акула мен скат бір отряд па? Достым Консель— егер сіз скаттар аман болсын десеңіз, Акуламен екеуін бір отрядқа қоспаңыз.

— Үшінші отряд,— деді Консель іркілместен,— мекре балық, бұлардың желбезектерінің қақпашақпен жабулы тұрған бір-ақ саңлауы бар. Бұларда төрт семья бар. Өкілі — мекре.

Eһе, Консель, ең жақсысын соңына сақтап қалған екенсіз ғой. Болдыңыз ба?

— Болдым, Нед. Бірақ есіңізде болсын, бұл білгеніңіз әлі мардымсыз білім, өйткені балықтар отрядтан ұсақ отрядқа, семьяға, семьядан ұсақ семьяға, тұқымға, түрден, түрлі түрге бөлінеді.

— Консель, міне, бірнеше түрлер жаңағы айтқаныңның тура үстінен шықты,— деді канадалық бұрылып терезеге қарап.

— Я, бұлар — балықтар! — деді Консель.— Бейне аквариумның ішінде жүр дерсін.

— Жоқ,— дедім мен,— аквариум дегеніңіз сауыт ғой ал мына балықтар әуедегі құстай еркін балықтар.

— Ал, кәне, Консель, осы балықтардың аттарын айтшы,— деді Нед Ленд.

— Бұл менің ісім емес,— деп жауап қайырды Консель.— Оны менің қожайынымнан сұраңыз.

Шынында да, бұл кәнігі классификатор натуралист емес еді, түнекті пузаноктан түріне қарап айыра алар ма еді, жоқ па еді, бұл арасына менің көзім жетпейтін. Бұл жөнінде ол тәжрибе иесі қанадалыққа мүлдем ұқсамаушы еді, канадалық қандай балықты көрсе де бұл пәлендей балық деп айтып беретін-ді.

— Бұл — спинорог , — дедім мен.

— Қытай спинорогі,— деп қосып қойды Нед Ленд.

— Спинорогтар тұқымы, сірі терілілер семьясы, тұтас-жақтылар отряды,— деді сыбырлап Консель.

— Дұрыс, Консель мен Нед Ленд екеуіңнен жақсы бір натуралист шығар еді!

Канадалық қателескен жоқ еді. Денесі жалпиған, терісі кедір-бұдыр, арқасындағы жүзуші тармақтары тікенді көптеген спинорогтар құйрықтарындағы төрт қатар шанышқыларын жыбырлатып «Наутилустың» маңына толып кетіп еді.

Қыр арқасы көкшіл, қарын жағы ақ — бұлардың денесінен сұлу дене бар ма екен, сірә. Спинорогтар мен қатар, жел кеулеген ақ кенептей боп скаттар да жүзіп жүр. Бұлардың арасында қыр арқасы сарғыштау, бауыр жағы сәл алқызыл, көзінің үстінде үш тікенегі бар қытай скаттарын да байқадым; скаттардың бұл түрі өте сирек кездеседі. Ласепед қытай скаттары бар деген сөзге мүлде сенбеген де, мән де бермеген, өйткені ол қытай скаттарын жапон суреттерінің жинағынан ғана көрген.

Су астының тұтас бір армиясы екі сағат бойына «Наутилусқа» ерді де отырды. Түстерінің әдемілігі мен жүрістерінің шапшаңдығы жағынан бір-бірімен бәсекелесіп келе жатқан балықтардың ішінен жасыл губанды, қыр арқасында қос қара сызығы бар сұлтан қаны көк түсті күміс басты жапон макрелін тек атын атаудың өзі біраз суреттеуді керек қылатын, жалтырауық көгілдір балықтарды, жүзетін қанаттары бірде көк, бірде жасыл болып құбылып тұратын жолақ спарларды, құйрығының айналасы қара жолақты спарларды, алты «белбеу» буынған спарларды, үлкендігі бір метрге жуық тау құдірет балықтарын, кішкене көздері оттай жанған, ұзындығы алты фут жайын ауыз, мурендерді көріп отырдым.

Біз тамашалап сүйсіндік те отырдық. Нед балықтарды атап отырды, ал мен болсам, бұл жануарлардың дене құрылысының сұлулығына, жүрістерінің шапшаңдығына сүйсініп мәз болдым. Тірі балықтарды тіршілік ететін табиғи мекендерінен мен әлі көрген емес едім.

Біздің көзіміз шалған балықтардың әралуан түрлерін, Жапон және Қытай теңізіндегі балықтардың бүкіл коллекциясын бас-басына айтып жатпаймын. Тегі бұлар жарқыраған электр жарығын көріп «Наутилустың» төңірегіне үйір-үйірімен шұбырған болу керек.

Кенет салонға жарық берілді. Терезелердің темір қақпақтары да жабылды. Сыйқырлы ғажап көрініс те ғайып болып кетті, бірақ мен әлі қиял дариясына сүнгуде едім. Қабырғалардағы аспап-құралдарға қарағанымда компас тілі бұрынғыша шығыс-солтүстік-шығыс бағытты, манометр-елу метр тереңдікке сәйкес, су қысымының бес атмосфера екендігін, электр лагі — кеме сағатына он бес миль шапшаңдықпен жүріп келе жатқанын көрсетіп тұр екен.

Мен капитан Немоны күттім. Бірақ ол келмей қойды. Хронометр түстен кейінгі сағат бесті көрсетіп тұр.

Нед Ленд пен Консель өздерінің каютасына кетті. Мен де өз каютама келдім. Столда түскі тамақ дайын тұр екен. Столда тасбақа сорпасы, сұлтанканың етінен қуырылған қуырдақ, бауырынан бір бөлек қуырылған өте дәмді тағам тұр, мұнда лосостан да гөрі жұмсақтау жұмырбас, тікенкөздің етінен дайындалған филе де бар еді.

Бұл кешті мен кітап оқумен өткіздім. Бір уақытта ұйқым келді де, керуетке барып сұлай кеттім. Бұл кез — «Наутилустың» «Қара өзен» ағысымен сүңгіп келе жатқан кезі еді.

Он бесінші тарау

ЖАЗЫП ШАҚЫРУ

Сол күннің ертеңіне, 9 ноябрьде мен он екі сағат ұйықтап тұрған едім. Дағдылы әдеті бойынша Консель де келді. Оның ең алдымен сұрайтыны: «Қожайын түнді қалай өткізді, қожайын не істе дейді», болатын, ол өмірде ұйқыдан басқа түк көрмеген адамдай қалың ұйқыға батып жатқан өзінің канадалық досын қалдырып келіпті.

Қадірлі Консельді қанша сөйлесе де қылжыңдатып сөйлетіп қойып, тек анда-санда бір тіл қатып отыра бердім. Мені кешегі ғажап көріністі көру кезінде капитан Немоның болмағандығы қынжылтып келеді, сондықтан оны бүгін қайтсем де көрермін деп үміттенуде едім.

Биссус матасынан тігілген костюмдерімді киіп алдым. Консель бұл киімдердің түріне біраз мін тақты. Мен оған мұның жібек талшықтарынан жасалынғанын, кейбір ракушкалардың жартастарға осы талшықтары арқылы жабысып, қатып қалатынын айттым. Биссус жұмсақ әрі жылы мата береді. Сөйтіп теңіздің өзі-ақ «Наутилустың» адамдарын киіммен толық қамтамасыз етіп отыр, сондықтан да оларға мақта да, қой жүні де, жібек құрты да қажет емес.

Киініп алып салонға бардым. Онда ешкім жоқ екен. Мен енді әйнек витриналардағы асыл бұйымдармен шұғылданып, қарай бастадым. Мен гербарийлердегі кеуіп қалған, әйткенмен, өзінің ажарын да, әрін де ойдағыдай сақтаған сирек кездесетін теңіз өсімдіктерін ақтарып қараумен болдым.

Бүгінгі күнім түгелімен осылайша өтті. Капитан Немо көрінбеді. Терезенің темір қақпақтары да ашылмады. Бәлкім, сол ғажайып көріністерді көп көрсетіп өздерін тым жалықтырып алмайық деп те ойлаған шығар.

«Наутилус» бұрынғысынша шығыс-солтүстік шығыс-бағытта, елу метр тереңдікте, сағатына он екі миль алып жүріп келе жатыр.

Келесі күні, 10 ноябрьде де кешегідей жалғызсыраумен болдым. «Наутилустың» командасынан мен еш жанды көре алмадым. Нед пен Консель күні ұзаққа менімен бірге болды. Капитанның жоқтығы оларды менен кем тандандырған жоқ. Бәлкім, осы ғажап адам аурып қалған шығар? Мүмкін, ол біз туралы өзінің шешімін де өзгерткен шығар?

Сайып келгенде, Консель айтқандай — қапа болатын түгіміз де жоқ еді. Біз кемеде еркінбіз, тамағымыз тоқ, әрі дәмді. Қожамыз өзі айтқан шартын мүлтіксіз орындап келді. Мұның үстіне осы өзгеше жағдайымызға өзіміз де қанағаттанып, көңіліміз толып келе жатқан болатынбыз, демек тағдырға өкпелейтін ешбір орнымыз жоқ-ты.

Осы күннен бастап мен барлық көрген-білген оқиғаларым туралы күнделік жазуға кірістім, мұның өзі сол оқиғаларды үлкен дәлділікпен айтып беруге мүмкіндік береді. Бір қызық нәрсе: мен өзімнің күнделігімді теңіз өсімдіктерінен жасаған қағазға жазып отырдым...

11 ноябрь күні таңертең таза ауаның молаюы, оттегі қорын жаңадан толтырып алу үшін біздің мұхит бетіне шыққанымызды аңғартты.

Мен баспалдақпен «Наутилустың»" палубасына шықтым.

Таңертеңгі сағат алты еді. Күн бұлыңғыр екен. Теңіз сұп-сұр, бірақ тыныш еді, майда толқын теңіз бетін сәл ғана тербетіп тұр.

Мен капитан Немо жоғары шығар ма екен деген ойда едім. Өзінің әйнек будкасында отырған руль басқарушыдан басқа палубада әзір ешкім көрінбеді. Қайықтың түбі тұрған дөңес жерге отырып алып, теңіз ауасын үсті-үстіне құныға жұттым.

Күн сәулесінің әсерімен аз-аздап тұман да серпіле бастады. Көкжиегінен жарқырап нұрлы күн де көтерілді. Күн шұғыласына бөленген көк теңіз оқ дәрісіндей бұрқ етіп, жайнап шыға келді. Бүгінгі күннің желді болатынының хабаршысы болып тұрған сансыз көп ақша бұлттарда ғажайып бір нәзік өң бар еді.

Бірақ не бір дүлей дауылдан да қорықпайтын «Наутилуске» желді күн деген немене?

Мен жарқырап шығып, күлім қағып көтеріліп келе жатқан күн көзіне сүйсіне қарап тұр едім, бір мезгілде біреудің палубаға шығып келе жатқан дыбысын естідім.

Мен капитан Немоға сәлемдеспекші болып ыңғайлана бердім, бірақ ол адам, Немоның көмекшісі екен, мен оны бұдан бұрын, капитанмен алғашқы кездескенде көрген болатынмын. Ол палубаға шықты да, мені мүлде көрмеген адам секілді болып, өте қырағы бинокльмен айнала төңіректі мұқият қарап шықты. Қарап болғаннан кейін палубаға шығатын ауызға келіп былай деп бірдеме деді: (бұл сөздің есімде қалу себебі — дәл осындай жағдайда мен бұл сөзді жиі еститін едім.— Hautron resрос orni virch!

Бірақ бұның не деген сөз екенін білмедім.

Осы сөзді айтты да, көмекші төмен түсіп кетті. «Наутилус» қазір тағы да сүңгиді екен деп, мен де төмен түсуге оқталдым.

Осылай боп тағы да бес күн өтті. Мен күнде таңертең палубаға шығатын болдым. Күнде таңертең сол адам, баяғы бір сөздерін айтып кетіп қалады. Бірақ капитан Немо көрінбей қойды.

Мен енді оны көре алмайды екем деген тоқтамға келдім; бұл 16 ноябрь күні еді, Консель мен Нед Лендті ертіп өзімнің бөлмеме келсем, стол үстінде менің атыма жазылған хат жатыр екен. Мен жалма-жан конвертті аштым. Хат тасқа басқандай ап-айқын жазумен французша жазылыпты, бірақ әріптері неміс алфавитінің готикалық әріпінің таңбасына ұқсаңқырайды.

Хаттың мазмұны мынадай еді:

«Наутилустегі профессор мырза Аронаксқа.

16 ноябрь, 1867 жыл.

Капитан Немо, профессор Аронакстың ертең таңертемен Кресло аралындағы орманға аң аулауға қатысуын сұрайды.

Егер де профессор мырзаның қосшылары бұл серуенге қосылғысы келсе, капитан Немо қуанып қарсы алады.

«Наутилустың» командирі капитан Немо»

— Аңға! — деп таңданды Нед.

— Оның үстіне Креспо аралының орманына дейді ғой, әлі,— деп қосып қойды Консель.

— Демек, бұл адам кейде жерді де көріп қайтып тұратын болғаны ма? — деп сұрады Нед.

— Менің ойымша, өте ашық айтылған ғой,— дедім мен.

— Қайтер дейсіз, олай болса шақыруын қабылдау керек болады,— деді канадалық.— Құрылыққа шыққан соң, жағдайға қарай, не істейтінімізді жоспарлап алармыз. Бұлардың бәрінен бұрын, мен жаңа сойылған бір жануардың етін жегім келіп тұр.

Капитан Немоның құрылық пен аралдарды мейлінше жек көремін деген сөзі мен орманға аңға шығайық деген сөзінің арасында үлкен қайшылық барын біле тұрсам да, мен серіктеріме:

— Келіңіз, ең алдымен, Креспо аралы дегеннің өзі немене екен, қаралық,— дедім де қойдым.

Картадан қарап, мен бұл аралдың 30° 40' солтүстік ендікте, 167° 5СК батыс бойлықта екенін таптым. 1801 жылы бұл аралды капитан Креспо ашқан. Испанның ертеректегі карталарында бұл арал Рокка де ла Плата деп аталатын, бұл «Күміс шаң» деген сөз. Осы арал біздің аңға шыққалы тұрған жерімізден шамамен айтқанда, бір мың сегіз жүз миль қашық болатын; олай болса, «Наутилус» алғашқы алған бағытын біраз өзгерткен, ол қазір оңтүстік-шығысқа қарай жүріп келеді.

Мен жолдастарыма картадан Тынық мұхиттың солтүстік кеңістігіндегі арал тұрған жердің көзге көрінер көрінбес белгісін көрсеттім.

— Капитан Немо құрылыққа шыға қалса, мүлдем елсіз аралға шығады, ол айқын.

Нед Ленд басын шайқағаннан басқа ештеңе деген жоқ. Осыдан кейін ол да, Консель де шығып кетті.

Мылқау адамдай мелшиген стюардтың дайындап әкеліп берген кешкі тамағын іштім де ойға шомып жатып қалдым.

Келесі күні 17 ноябрьде, таңертең оянғанымда, «Наутилус» бір орында қозғалмай тұрған сияқты көрінді.

Мен дереу киіндім де, салонға бардым, капитан Немо осында отыр екен.

Ол орнынан тұрып, маған қарап басын иді де, менімен бірге аң аулауға шығатын болдыңыз ба деп сұрады.

Сегіз күн бойына кемеде көрінбегендігі туралы өзі үндемеген соң, ол туралы мен де тіс жарып ештеңе дегем жоқ, жалғыз-ақ мен де, менің серіктерім де сізбен бірге аңға шығуға дайынбыз деп қысқа ғана жауап қайырдым.

— Бір сұрақ беруге рұқсат етіңіз, капитан, — дедім тағы да.

— Рақым етіңіз, профессор, — деді ол. — Мүмкіндігімше жауап берейін.

— Бұл қалай капитан,— деп сұрадым мен,— жерден үзілді-кесілді қол үзе тұрып, Креспо аралығындағы орманға иелік етесіз бе?

— Аңғарасыз ба, профессор,— деп жауап қайырды капитан,— менің иелігімдегі орман күннен жылу да, жарық та тілемейді. Бұл орманда арыстан да, жолбарыс та, пантерлер де, жалпы алғанда төрт аяқтылар атаулының ешқайсысы болмайды. Бұл орманның дүниеде бар екенін тек мен ғана білемін. Бұл орман тек мен үшін ғана өсіп тұр... Бұл жер үстінің емес, су астының орманы.

— Су астының орманы дейсіз бе?! — деп дауыстап жібердім.

— Я, профессор.

— Сөйтіп, сіз маған сол су астының орманына барайық деп тұрсыз ба?

— Дұп-дұрыс.

— Жаяу ма?

— Тіпті аяғыңыз да су болмайды.

— Сөйтіп, аң аулаймыз ба?

— Я, аң аулаймыз.

— Мылтықпен бе?

— Мылтықпен.

Мен капитан Немоға сұқтанып қарай қалдым.

Мынау психия ауруына шалдыққан адам екен, бұл күмәнсыз деп ойладым мен; бұл сегіз күн бойына ұстамалы ауруы ұстап жатқан ғой, мүмкін, қазірде де сол ауруы ұстап тұрған шығар. Аянышты-ақ! Есуас адам болғаннан көрі, мен оның ғажап мінезді адам болғанын артық көрген болар едім.

Бұл ойлар тегі, менің бет ажарымның құбылысынан-ақ оп-оңай аңғарылып тұрса керек. Капитан Немо маған еріп жүріңіз дегендей белгі берді, мен қандай кездейсоқ жаманшылыққа тап болсам да, дайынмын деген адамдай еріп жүре бердім.

Біз асханаға келіп кірдік, асханада таңертеңгі тамақ дайын тұр екен.

— Аронакс мырза,— деді капитан,— рақым етіп отырыңыз да іркілмей жеңіз. Мен сізді су астындағы ресторанға емес, су астындағы серуенге шақырып отырмын. Сондықтан әбден тойып алыңыз, бұдан кейін кешке бірақ тамақтанамыз.

Мен бұл кеңесті мақұл көріп, таңертеңгі тамаққа әбден тойып алдым.

Танертеңгі тамақ теңіз өсімдіктерімен дәмделіп түрлі балық еттерінен жасалған екен. Тамақтанып болған соң біз таза су іштік, капитанға еліктеп, суға мен «перепончатый родомени» атымен көпке белгілі теңіз өсімдігі ашымалынан бірнеше тамшы қосып іштім.

Тамақтанып отырғанда, капитан Немо ештеңе демеді. Бірақ кейін былай деді:

— Менің ойымша, профессор, Креспо аралындағы орманға барып, аң аулап қайтайық дегенде сіз мені екі сөзді адам екен деп қалдыңыз-ау деймін. Ал, менің сізге барайық деген орманым, су астының орманы екенін білгенде, сіз мені есінен ауысқан екен деп ойладыңыз. Профессор мырза, адам туралы ешуақытта үстіртін қортынды жасауға болмайды.

— Бірақ, капитан, сеніңіз...

— Ең алдымен, сөзімді тыңдап алыңыз, мен тұрақсызбын ба, немесе есі ауысқан адаммын ба, жоқ па, өз пікіріңізді содан соң айтарсыз.

— Мен тыңдап отырмын.

— Менің білгенімді сіз де білесіз, профессор, су астында өмір сүру үшін адам жеткілікті мөлшерде ауа қорын өзімен бірге ала жүруі шарт, су астында жұмыс істеп жүрген кездерінде, үстеріне су өтпейтін киім, бастарына металл шлем киген жұмысшы-сүңгушілер, жоғарыдағы насоспен қосылған арнаулы резеңке түтік арқылы дем алады.

Я, бұл киімді скафандр деп атайды.

Дұрыс. Бұл — скафандр киген сүңгуші мүлдем бос деген сөз емес. Ол насостан жіберілген ауаны өзіне жеткізіп тұратын резеңке түтікке байлаулы болады. Мұның өзін сүңгушіні жерге байлап қойған кәдуілгі темір шынжыр деуге болады. Егер біз резеңке түтікпен «Наутилуска» байлаулы болсақ, алысқа ұзап кете алмас едік.

— Өйтпеу үшін не амал істеу керек?

— Руквейроль Денейруздың аспабымен пайдалану керек. Бұл аспапты сіздің отандастарыңыз жасаған, профессор мырза, ал, оны әбден жетілдірген менмін, нәтижеде онымен қазір су астын мүлде басқаша физиологиялық жағдайдағы ортаны аралап кете берсеңіз де денсаулығыңызға ешқандай зақым келмейді. Бұл аппарат қалың темір тақтадан жасалған резервуар, бұған елу атмосфералық қысыммен ауа толтырылады. Кәдуілгі солдат қапшығы сияқты бұл резервуар қайыс тартпамен сүңгушінің арқасына таңылады. Мұның жоғарғы жақ бөлегінде, ұста көрігі сияқты бір тетігі бар, осы арқылы ауа белгілі бір қысым мөлшерімен клапан арқылы жайлап жеткізіліп тұрады. Руквейроль-Денейруздың әдеттегі аспаптарында резервуарға қосылған екі резеңке түтікше ерекше маскаға жалғастырылады, ал маскадағы екі түтікше сүңгушінің мұрны мен аузына дәл келетін. Мұның бірі резервуардан таза ауа жұту үшін, екіншісі іштен шыққан көмір қышқыл газын сыртқа шығару қызметін атқарады. Сүңгуші сондықтан таза ауа жұтқысы келген сайын, немесе, іштегі ауаны сыртқа шығарғысы келген сайын екі түтікшені тілімен кезек-кезек ашатын. Бірақ теңіздің түбінде судың жоғарғы қабаттарының едәуір қысым-салмағына төтеп бере аларлық болу үшін маған бұл масканы мыс шлеммен ауыстыруға, сөйтіп, дем алу, дем шығару үшін керекті түтікшелерді осы шлемге жалғастыруға тура келді.

— Өте жақсы істегенсіз, капитан. Бірақ бірге алып шыққан ауаны тез сарқылуға тиіс қой, ал оттегінің құрамы он бес проценттен кемісе-ақ болғаны, ауаңыз дем алу үшін жарамсыз боп қалады ғой.

— Мұныңыз дұрыс емес, профессор. Бірақ, «Наутилустың» насостары резервуар ауаны едәуір қысыммен нығыздап толтырып алуға мүмкіндік береді деп мен сізге айтып едім ғой. Мұндай жағдайда резервуарларда ауа қоры — он сағат бойына дем алуға жететіндей тығыз болады.

— Менің бұған айтар ештеңем қалған жоқ,— дедім мен.— Тек мынаны ғана сұрауға рұқсат етіңіз, капитан, мұхиттың терең түбінде жүріп келе жатқан жолыңызға қалай жарық түсіре аласыз? Өйткені мұхит түбі қап-қараңғы түнек болуға тиіс қой!

— Румкорф аппаратымен, жарық түсірем, профессор. Нығыздап ауа толтырылған резервуар сүнгушінің арқасында таңулы болса, бұл беліне таңулы болады. Құрамы, Бунзен элементі. Мен оны дағдылы екі хромқышқылды калиймен емес, натриймен зарядтаймын. Индукциялы катушка келіп тұрған токты жинап алып, ерекше конструкциялы фонарьға жіберіп тұрады: фонарымыз көмір қышқылының газы толтырылған жылан түсті әйнек түтікше. Аппарат электр тогын өндіргенде, газ жарқырап кетеді. Міне судың астында мен осы әдіспен дем де ала аламын, көре де аламын.

— Капитан Немо, сіз менің сұрауымның бәріне де толық жауап қайтарып отырсыз, тіпті енді күмәнданарлық та түгім жоқ. Алайда, Руквейроль мен Румкорф аппаратының алдында жеңілгенімді мойындай тұрсам да, су астындағы аңдарды аулау үшін сіздің бізге бермекші болып отырған мылтықтарыңызға келгенде, есе қайырамын ба деген үмітім бар.

— Бірақ бұл дәрімен, от күшімен атылатын мылтықтар емес.

— Демек, сіздің мылтықтарыңыз қысылған ауамен атылады екен ғой?

— Әрине, тіпті, өзіңіз ойлап қараңызшы, «Наутилуста» не селитра, не күкірт, не көмір болмаса, оқ-дәріні мен қалай жасамақшымын?

— Бірақ, су астында — ауадан бір мың сегіз жүз елу есе тығыз ортада, атылған мылтық оғы орасан зор қарсылықты жеңіп өтуі керек қой.

— Бұл қарсылық менің мылтықтарымның оғына бөгет бола алмайды. Айтпақшы фултоннан кейін ағылшын Филипп Колье пен Берлей, француз Фурси және итальяндық Ланди әбден жетілдірген зеңбіректер бар, олар да су астында атылады. Алайда, қайталап айтайын, оқ-дәрі болмағандықтан, мен мылтықтарым үшін қысылған ауаны пайдаланамын, ал қысылған ауа қоры «Наутилустың» электр насостары арқасында, керегінше жеткілікті.

— Бірақ атқан сайын сол ауа қорын қайтадан жинап отыру керек қой.

— Онда қайтушы еді, мылтықты тағы да оқтап алу үшін арқамда, Руквейрольдың резервуары жоқ па екен? Бұл үшін кранды бұра салсаң, болды. Көрерсіз әлі, профессор, су астында аң аулаған кезде қысылған ауа да оқ та көп шығын болмайды.

— Әйткенмен, менің ойымша, қара көлеңке теңіз түбінде, тып-тығыз сұйық ортада сіздің оқтарыңыз онша алысқа да ұша алмайтын, өлтіре де алмайтын болуы керек.

— Керісінше, профессор, менің мылтықтарымнан шыққан оқтардың қай-қайсысы да қатерлі, егер де тек бір «құсты» сәл ғана сүйкеп өтсе-ақ болды, нажағайдай сеспей қатырады.

— Неге?

— Неге десеңіз, менің мылтықтарым қарапайым оқпен емес австриялық химик Ленибрек тапқан ерекше снарядпен атылады. Бұл қорғасын өзегі, болат қабығы бар кішкене домалақ шынылар. Асылын айтқанда, Лёнибрек оқтары өте қуатты электр заряді бар, кішкене лейден банкасының дәл өзі. Бірдеме тиіп кетсе болғаны, атылады, ал тисе-ақ қандай үлкен жануар болса да сұлатып салады. Бұған қосарым: шыны домалактар № 4 қорғасын оқтан ірі емес, оның үстіне мылтықтың обоймасына кемінде жиырма оқ кетеді ғой.

— Енді берілдім,— дедім мен орнымнан тұра беpiп.— Менің қарсы айтқан пікірлерімнің бәрін сіз іске алғысыз қып тастадыңыз. Маған енді мылтықты қолға алып, қайда барсаңыз да сізге ере беру ғана қалды.

Капитан Немо мені «Наутилустық» арт жағына алып барды. Каюталарының қасынан өтіп бара жатып, Нед Ленд пен Консельді де шақыра кеттік. Олар сол арада-ақ бізге келіп қосылды.

Бәріміз де машиналы залға жалғас камераға келіп кірдік. Бұл жерде біз су астында серуен құру үшін скафандр киюге тиіс едік.

Он алтыншы таpay

СУ АСТЫНЫҢ ЖАЗЫҒЫНДАҒЫ СЕРУЕН

Бұл камера «Наутилустың» қару-құрал қоймасы, әрі гардеробы екен. Аңшыларды күтіп, бір дожна скафандр ілулі тұр.

Нед Ленд, скафандрларға қарап тыржиыңқырап қалды. Мұндай ауыр костюмді кие алмайтыны көрініп-ақ тұр.

— Сіз біліп қойыңыз,— дедім мен ержүрек канадалыққа",— Кресло аралындағы ормандар дегеніміз су астындағы ормандар.

— Мәссаған керек болса! — деді сүңгіші, жаңа сойылған ет жейім деген дәмесінің күлі көкке ұшқанына көзі жетіп, — ал, сіз ше, профессор мырза,— деді ол,— мына әбзел-сайыманды кимекші болып тұрсыз ба?

— Сөзсіз, қымбатты Нед.

— Еріктінің еркі өзінде,— деп жауап қайырды Нед Ленд иығын қозғап қойып,— егер тек, күштеп кигізбесе мен бұларды кимеймін.

— Сізді ешкім де зорламайды, мистер Ленд,— деді капитан Немо салқындау шыраймен.

— Консель бара ма? — деп сұрады Нед.

— Қожайын су түгіл, отқа түссе, Консель одан қалмайды,— деп жауап қайырды Консель.

Капитанның шақыруы бойынша, екі матрос келіп бізге бүтіндей резеңкеден жасалған, су өтпейтін ауыр киімдерді кигізісті. Судың орасан зор ауыр қысымына төтеп беру үшін әдейі жасалған скафандрлар, орта ғасыр серілерінің сауыттарына ұқсайды, бар айырмасы олардан ыңғайлырақ.

Киім дегендеріміз жылы көкірекше мен шалбар болатын, ал шалбардың балақтары, ұлтаны қорғасын қап-қалың аяқ киімдер мен тұтас еді. Көкірекше жез қырсаумен керілген болатын, бұл адамның көкірегін су қысымнан қорғау үшін, әрі дем алуына ыңғайлы болу үшін істелген. Көкірекшенің жеңдерінің үш жақтары жұп-жұмсақ, бес саусақты қолқап, ал бұлар саусақтың еркін қозғалуына өте ыңғайлы еді.

Капитан Немонын матростарының бірі, сырт пішініне қарағанда Гаркулестен айнымаған, зор денелі адам еді, тегі, кереметтей күшті де болу керек; Консель екеуміз скафандраларымызды дереу киіп алдық, енді тек басымызды шлемге сұғу ғана қалып еді.

Бірақ шлемді кимей тұрып, мен өзіме берілген мылтықты жақсылап көріп, қарап алуға рұқсат сұрадым.

Матростардың бірі мылтық берді, түріне қарағанда кәдуілгі мылтық сияқты, бірақ жай мылтықтан мұның болат дүмі үлкенірек әрі іш жағы қуыс еді. Бұл дүмі сығылған ауа толтырып алатын резервуар қызметін атқарады екен, мылтықтың шаппасы резервуардың клапанын ашып жібергенде, әлгі сығылған ауа мылтықтың аузына қарай серпіледі екен. Мылтық обоймасында жиырма электр оғы бар, олардың бірі атылса екіншісі автомат серіппе арқылы мылтықтың аузына келіп тұра қалады екен.

— Капитан Немо,— дедім мен,— мынау тамаша мылтык қой және өзінің құрылысы да қарапайым, оп-оңай. Өзін атып көргенше шыдамым жетпей тұр тіпті. Ал судың түбіне қалай түсеміз?

— «Наутилус» қазір судың түбінде, он метр тереңдікте тұр. Енді тарта беруімізге болады, профессор.

— Бірақ кемеден қалай шығамыз?

— Қазір көресіз.

Сөйдеді де, капитан Немо басына мыс шлемін киіп алды. Консель екеуміз де киіп алдық, қоштасарда Нед Ленд мысқылдап аңшылардың жолы болсын деді. Көкірекшенің жағасы бұрандалы тесіктері бар, мыс шеңбер еді, бұған шар тәрізді шлем бекітіледі. Шлемнің қалың-қалың үш әйнегі бар, бұлар арқылы алға, басты бұрып, жан-жаққа да қарауға болатын-ды. Руквейроль аппаратының кранын ашып, белбеуіме Румкорф лампасын тақтым да, мылтықты қолға алдым. Ауыр скафандр, әсіресе, қорғасын ұлтанды аяқкиім мені тұрған орнымда тіпті шегеледі де қойды. Мен бір адым баса алмаспын деп едім.

Бірақ, бұл, солай боп көрінген екен. Мені гардеробтың қасындағы кішкене кабинаға кіргізіп жіберді. Осы кабинаға менің жолдасымды да итеріп кіргізіп жіберді. Біз кірісімен есік тарс жабылып, кабина қап-қараңғы болды да кетті.

Бірнеше минуттан кейін ысқырған өте күшті бір дыбыс естілді. Тұла-бойымды әлдеқандай бір суық кеулеп бара жатқандай болды. Тегі, машиналы залдағы кран ашылып, су біз тұрған кабинаға кірген болуы керек. Су кабинаның төбесіне дейін толып болғаннан кейін, «Наутилустың» екінші есігі ашылды, сөйтіп біз солғындау бір жарықты көрдік. Бір секундтан кейін теңіз түбінде аяңдай бастадық.

Осы теңіздің түбіндегі серуеннен алған әсерімді қалай суреттермін? Тіпті суретші кистісімен де сала алмайтын, өз көзіммен көрген дүлей судың тамаша, ғажайып көріністерін сөзбен қалай жеткізермін?

Капитан Немо алда келе жатты. Матрос арт жақта келеді. Металл шлем арқылы тап бір сөйлесуге болатындай, Консель екеуміз қатар жүріп келеміз. Скафандрдың да, қорғасын аяқ киімнің де, ауа толтырылған резервуардың да, қауызының ішінде домаланған шаттауықтай басымыз қалт-құлт етіп келе жатқан шлемнің де салмағын сезбедім. Өйткені осы нәрселердің бәрі де өздері ығыстырған судың салмағы қанша болса, дәл сонша салмағынан айрылған. Баяғы ерте заманда-ақ Архимед ашқан осы физика заңына мен қазір құлшылық етуге дайын едім, өйткені ол мені кәдуілгідей жүргізіп жіберді ғой.

Отыз футтай су астының, жап-жарық болуы мені таң қалдырды. Күн сәулесі осыншалықты қалың суды оп-оңай көктей өтіп, ішін жап-жарық қып тұр. Мен тіпті көзге ілінер-ілінбес өте кішкене нәрселерді де жүз метрдей жерден анық көріп келемін. Одан әріректегі нәрселер көмескіленіп, бояуы қоюланып, күңгірт тартып ақыр аяғында бәрі де көкшіл тұңғиыққа батып жоқ болады. Мені қоршаған төңірек, жер бетіндегі атмосферадан көрі тығыздау, бірақ бұл да кәдуілгі ауа сияқты мөп-мөлдір еді. Үстіңгі жағымда тып-тыныш теңіз беті ғана көрінеді.

Біз жағалаудағыдай толқын ұрып тастаған жал-жал құммен емес, тақтайдай теп-тегіс, тып-тығыз, ұп-ұсақ құмның үстімен келе жаттық. Көз ұялтқан осы кілем күн сәулесімен айнадай шағылысып жатты.— Сондықтан да қалың су қабаты әрбір бөлшегіне дейін тегіс жарқырап, жап-жарық болып тұр еді. Отыз футтай су асты судың үстіндегідей жап-жарық еді десем, маған жұрт сенер ме екен?

Біз ширек сағат бойына, миллиардтаған ұп-ұсақ ракушкалардың тозаңы шығып жатқан, құм кілемінің үстімен жүріп келе жаттық. «Наутилустың» корпусы бірден бірге алыстап, көрінбей бара жатты оның түнде алыстан көрінетін прожекторы біз кемеге қайтарда жарқырап сәуле шашып, жол көрсетіп тұруы керек.

Біз жүріп келеміз, жүріп келеміз, бірақ ұшы-қиыры жоқ құм жазық таусылар емес. Сұйық пердені екі қолыммен ашып қоямын, бірақ ол артынша-ақ қайта қосылып кетеді, ал менің құмға түскен ізімді судың салмағы көзді ашып жұмғанша-ақ жойып жіберіп келеді.

Ақыр аяғында, алыста бір нәрсенің бейнесі бұлдырап көріне бастады. Жақындап келсем, бұл қалың зоофит өскен су астының құзы екен. Бұл арада, сұйық ортаға ғана тән шағырмақ сәуле көзімді аштырмай қойды.

Таңертеңгі сағат он шамасы еді. Қыя түскен күн сәулесі су астында призмадағыдай сынып, құздардың шет жақтарын, полиптарды, өсімдіктерді күн сәулесінің жеті алуан нұрына бөлеп, безендіріп жіберді. Шабытты суретшінің қол жәшігінде шашылып қалған бояудай, суда шашылған көкшіл, көк, көгілдір, жасыл, сары, қызғылт-сары және қызыл түсті жалтыраған бояулар — бейне көздің құты, нағыз мейрамы сияқты.

Өзімді осынша тебіренткен, сүйсіндірген қуанышымды Консельге айта алмағаныма мен қатты өкініп келе жаттым! Матрос пен капитандай белгімен сөйлесе білмегендігім, қандай өкінішті нәрсе! Үндемеуге тақатым жетпегендіктен, баға жетпес ауа қорын босқа ысырап етіп, өзіммен өзім әлде не деп сөйлесіп, айғайлап келемін.

Осы тамаша көріністерге қарап Консель де тұра қалды.

Осы айтулы жігіт, зоофиттер мен моллюскаларды көріп, шынында да дереу түр-түрге бөле бастаған сияқты болды.

Теңіз түбінде полиптер мен инетерілілер қаптап жатыр еді. Маржандардың әралуаны: изидтер, дара тіршілік ететін қалың терілі маржандар — корнулярлар, бұрын «ақ маржандар» деп аталатын бадырақ көз маржандар, саңырауқұлақ тәріздес фунт маржандары, сезгіш тармақтары аузының айналасында өскен шоқ гүлдей болып біткен актиндер бар еді. Бірақ осылардың бәрінен де көрі теңіз бауының сәнін келтіріп тұрған ақшыл көк, сезгіш тармақты, шілтерлі жағалы пропиттер, құмда тұтасып, жымыңдап жатқан теңіз жұлдыздары, тармақ-тармақ бұйра сәулелі офиурлар — астрофитондар еді.

Теңіз түбін алып жатқан мыңдаған моллюскаларды таптап өтуге тура келгенде шынымен-ақ қатты қынжылдым, бұлардың ішінде: балғалар, секіріп жүретін донацийлар, трохустар, стромбустар, теңіз қояндары аплузийлер — осылар сияқты сарқылмас мұхит байлығымен тіршілік етуші басқа да жәндіктер бар еді.

Бірақ ілгері қарай жүру керек болғасын, біз жүре бердік..

Көк торғын тармақтарын кең жайып физалий отрядтары, алқызыл немесе анық қалпақтарының жиектері ақшыл көкпен көмкерілген медузалар біздің басымыздың тұсынан баяу қалқып өтіп жатты. Біз медузанық тағы да бір түрін кездестірдік, егер де түнде жүрсек ол өзінің фосфорлы сәулесімен біздің жолымызды жарық қып тұрар еді.

Осы ғажайыптардың бәрін мен ширек мильдей жер жүргенде жол- жөнекей көрдім. Алға қарай, тоқтамастан, тез жүріп келе жатқан капитан Немодан қалмай ілесіп отыру керек еді.

Кешікпей-ақ, жүріп келе жатқан жеріміз өзгеріп кетті.

Құм кілем енді баттасқан лайға айналды, бұл лай кілең шақпақ тасты немесе известь ракушкаларынан құралған еді. Бұдан кейін су балдыры өскен бір алқаптан өттік. Суқастының қалын көгалы он саусағынан өнер төгілген шебер тоқыған масаты кілем сияқты құлпырып тұр еді, біз осы көгалды таптап келе жаттық. Өсімдіктер балдырлар біздің аяғымыздың астын ғана алып жатқан жоқ, үстімізді де тегіс жауып тұр. Біз төбесі балдырмен жабылған, жабық аллеяның бойымен келе жатқан сияқты едік. Мұнда ұзын қызыл гүл ленталары, түтікше немесе шар тәрізді лауренциялар, жапырақтары үлбіреген жұп-жұқа кладостефтер, кактус желдеткішіне ұқсаған жалпақ жапырақты родменилар да бар еді.

Мен жасыл балдырлардың судың үстіне таман, ал қызылдарының одан төменіректе, судың орта шенінде тұратынын байқадым, ал қоңыры мен қара түстілері мұхиттың тереңірек астында гүл мен бау құрып тұрады екен.

Балдырлар табиғаттың нағыз ғажайыбы. Екі мыңға жуық мүшесі бар бұл семьядан, бүкіл дүние жүзі өсімдігінің ең кішкенесі де, ең үлкені де табылады. Мәселен, бес шаршы миллиметр орынға қырық мың данасы сиып кететін, көзге ілінбейтін кішкене балдырлар да, ұзындығы бес жүз метрден асатын үлкен балдыр да бар.

Біз «Наутилустан» шыққалы бір жарым сағат уақыт өтті. Күн түске айналып келеді. Мен мұны күн сәулесінің бір қиядан емес, тіке түсіп тұрғанынан байқадым. Қиял жетпейтін құлпырып тұрған әдемі көрінісі күңгірттене бастады, жасыл көк, қоңыр-жасыл меруерт, жақұт бояулары да біздің «көк күмбезімізден» ғайып болып кетті. Біз тып-тыныш жүріп келе жаттық, аяқтарымыздың дыбысы өте айқын естіліп келеді. Болмашы дыбыстың өзі жерге қарағанда мұнда құлақ үйренбеген тездікпен тарайды. Шынында да, су ауадан кері дыбысты тез жеткізеді, демек дыбыс суда төрт есе шапшаң тарайды.

Осы арада теңіз түбі де ылдилай бастады. Біз енді жүз метр тереңде келе жатыр едік, он атмосфера салмақ басып келе жатқаны байқалады. Бірақ, тегі, менің скафандрым осындай жағдайларға лайықталып жасалынған болуы керек, өйткені, қысым артқанмен өзіме түскен ешқандай ауыртпалықты сезгем жоқ.

Мен тек саусақтарымның білінер-білінбес болып тартыла бастағанын сездім, бірақ көңілге кірбің келтірген бұл сезім де ұзаққа бармады, жойылды. Бұрын киіп кермеген киімдермен, дағдыланбаған ерекше жабдықтармен келе жатсам да, екі сағат бойына жүргенде, түк шаршағаным жоқ. Судың демеуімен оп-оңай, жеп-жеңіл жүріп отырдым.

Осы үш жүз футтай тереңдіктен де мен күн сәулесінің жарығын байқап келе жаттым, бірақ бұл болмашы ғана жарық еді. Жап-жарық су асты мына тереңдікте қызыл іңірге айналып кетті. Сонда да бір Румкорфлампасын пайдаланбай-ақ жолды жақсы көріп келе жаттық.

Кенет капитан Немо мені күтіп тұра қалды. Мен қасына жеткен кезде қолымен нұсқап, шоғырланып, қарауытқан бір нәрсені көрсетті, ол бізден онша алыста емес еді, алакөлеңкеде де айқын көрініп тұрды.

«Креспо аралының орманы осы екен ғой» деп ойладым мен, қателескен де жоқ екем.

Он жетінші тарау

СУ АСТЫНЫҢ ОРМАНЫ

Сонымен, ақыры орманның шетіне де жеттік, тегі, бұл капитан Немоның иелігіндегі ұлан-байтақ зор алқаптың бір тамаша әдемі жері болуы керек. Дүниемен қабат жаралған ең тұңғыш адамдардың алғаш күндеріндегі правосындай правосы бар капитан Немо бұл орманды өз меншігім деп санайтын. Бірақ су астындағы осы мекенге оның иелік құруға правосы жоқ деп кім таласа алады. Қолына балтасын алып осы орманның ағашын ең бірінші боп шабуға капитан Немодан басқа қай адамның батылы барады?

Креспо орманы сыңсыған ағаш тәрізді үлкен өсімдіктер екен; біз бір шетіне аттап кіргеннен-ақ бұл өсімдіктердің бұтақтарының ерекше бітісіне қайран қалдым. Мен бұл уақытқа дейін мұндай нәрсені көрген емес едім.

Теңіз түбіндегі түкті кілем сияқты қалың шөптер, ағаштардың тарам-тарам бұтақтары иіліп, не бүгіліп, жантайып та жатқан жоқ, бұлардың бәрі де тіп-тік жоғары өскен еді. Ең жіңішке деген өсімдік сабағының өзі де сым шыбықтай боп түп-түзу өскен. Фукустар, сол сияқты басқа да су балдырлары, қоршаған ортасы тығыз болғандықтан тіп-тік болып жоғары өрлеген. Бұл өсімдіктерді бір жағына қарай қайырып, жығып қойсам да, қолымды алысымен дереу бұрынғы қалпына қайта келеді.

Көп кешікпей-ақ, мен, осы өзгеше тіп-тік дүниеге, қалың ортасындағы едәуір қараңғылыққа үйреніп алдым. Орманның «түбі» қырлы тастарға толы екен. Су астындағы өсімдіктер дүниесі маған өте көп болып көрінді.

Мен өсімдіктер дүниесін жануарлардан бірден айыра алмадым: өсімдік- жануарлар — зоофиттерді, су өсімдіктері — гидрофиттер деп қалдым да, соңғыларын, зоофиттер деп қалдым. Бірақ, бәрібір, менің орнымда кім де болса қателесер еді. Өйткені Фауна мен флора су астында біте қайнасып, араласып жатқан бір дүние ғой.

Өсімдіктердің бәрі де теңіз түбіне шыққан емес, тек соған жабысып қана тұрған өсімдіктер екен. Бұған таңданарлық та түк жоқ еді, өйткені, бұлар жер астына тамыр жаймайтын болғандықтан, жерден ылғал тілемейді, тек оның тірек болуын ғана керек етеді. Сондықтан олар тасқада, қиыршық тастарға да, құмға да, ракушкаларға да ілігіп тұра береді. Сондықтан да бұл өсімдіктер өзін қоршаған сумен дем алып, сумен қоректеніп, сумен ғана тіршілік етеді. Бұлардың көпшілігінің жапырақ орнына біткен өте қызық кіп-кішкене табақшалары бар. Бұлары алқызыл, қызылкүрең, жасыл, зайтун ағашындай қара-қоңыр түсті болады. «Наутилустың» коллекциясында көрген, бірақ кеппеген, тіршілік етіп өсіп тұрған, жазылған желдеткіш тәрізді падинпавлиндарды, шымқай қызыл дерамийларды, жас бұталары созылып жатқан ламинариларды, он бес метр жоғарыда гүл атқан нереоцистерді, сабақтары жоғарылаған сайын қалыңдай беретін ацетабулярий гүлдерін белгілі бір түсі жоқ басқа да көптеген теңіз өсімдіктерін көрдім. «Қандай ғажап дүние,— депті бір натуралист су астының дүниесі туралы,— мұнда жануарлар гүл атып тұрады да, өсімдіктер гүл шығармайды екен ғой!»

Климаты бір қалыпты пояста өсетін ағаштардың үлкендігінен үлкендігі кем түспейтін әралуан өсімдіктердің аясында қаулап өскен гүлдердей боп, тұтасқан зоофиттер көрінді. Осылардың үстіңгі жағында, ирелендеп, гүл-гүл жайнап меондриндар тұр, жұлдыз бітімді, мөлдір тармақты, сарғыш маржандар — кариофиллер де бар еді, ең қызығы жер бетінде өсетін бау-бақшадағы сияқты, мұнда да шыбын-балықтар бір гүлден екінші гүлге ұшып-қонып жүрді, аяқтың астынан үйір-үйірімен ұшқан тауқұдіреттер сияқты сап-сары леписканттар, ұшатын әтештер мен моноцентрлер көтерілуде еді.

Күндізгі сағат бір шамасында капитан Немо, тынығып алуға белгі берді. Теңіз түбінде готикалық сабордың шпиліндей болып тіп-тік жоғары қарай көтерілген аларийдін көлеңкесіне көсіліп-көсіліп жата кеттік.

Демалысымыз өте жақсы болды. Бір кемшілігі — сөйлесе алмадық. Тыңдауға да, сөйлеуге де мүмкіндік жоқ. Мен өзімнің үлкен металл басымды, Консельдің осы сияқты металл басына жақындатумен тындым. Менің тамаша жолдасымның көзі әлденеге мәз болғандай жайнап тұр екен. Осы саяхатқа өзінің өте риза екендігін білдіріп, ол үлкен металл шлемнің ішіндегі басын шайқап-шайқап қояды.

Мені таң қалдырған бір нәрсе — су астындағы сол төрт сағатқа созылған серуеннен кейін де менің қарным ашпады. Сүңгушілер сияқты, тек ұйқым келе береді. Көздерім жұмылып қалғи бастадым, жүріп келе жатқандықтан ғана ұйықтай алмаған екем, дереу ұйықтап та кеттім. Құм төсектің үстінде ең алдымен ұйықтап үлгі көрсеткен капитан Немо мен дәу матрос болды.

Қанша ұйықтағанымды білмеймін. Әйтеуір мен оянғанда, капитан Немо орнынан тұрған екен. Орнымнан тұра беріп едім, бір уақытта менен бірнеше адым жерде тұрған, биіктігі бір метрдей орасан үлкен теңіз крабы көзіме түсе кетті. Көздері оттай жанып, маған тап бергісі келіп тұрған сияқты. Менің скафандрама оның тісі бата қоймайтын болса да, денем мұздап қорқып кеттім. Осы минутта Консель мен матрос та оянды.

Капитан Немо матросқа жиіркенішті жануарды көрсетті, матрос крабты сол арада-ақ мылтықтың дүмімен ұрып өлтірді.

Осы буынаяқты зор жануармен кездесу, судың терең, қараңғы түбінде бұдан көрі қатерлі жануарлар болуы ықтимал, ал оларға менің скафандрам төтеп бере алмайтын болар деген ой туғызды.

Мен сақтанайын дедім.

Мен осы демалыс пен серуен бітер деп едім, бірақ бұл болмады. Капитан Немо «Наутилусқа» қайтудың орнына, тағы да ілгері қарай тартты.

Теңіз түбі бірден бірге ылдилап біз барған сайын теңіздің терең түбіне қарай түсіп келе жаттық. Жүз елу метр тереңдікте, тіп-тік екі құздың аралығындағы енсіздеу бір сайды қулап келе жатқанымызда тегі, күндізгі сағат үштің кезі болса керек. Су астында серуен құру үшін лайықталып жасалған ыңғайлы киімдеріміздің арқасында, адам баласына табиғат белгілеп берген дағдылы тереңдік мөлшерден тоқсан метр төменде келе жаттық.

Тереңдік мөлшерін өлшейтін ешбір аспап-сайманым болмаса да, мен біз жеткен жердің тереңдігі жүз елу метр деп шамал адым. Нағыз таза, мөлдір суда да, күн сәулесі бұдан терең өтіп бара алмайтынын мен білетінмін. Тіпті біз келе жатқан жердің өзі де қап-қараңғы еді. Бірақ кенеттен бір сәуле жарқ ете түсті. Бұл капитан Немо жаққан фонарьдың сәулесі екен. Оның жолдасы да фонарын жақты. Бұлардан кейін, Консель екеуміз де фонарымызды жағып алдық. Жандырғышты бұрап қалып едік, газ толы жылан түсті түтік электр токтың күшімен жарқырап кетті.

Төртеуміздің төрт фонарымыз жиырма бес метр айнала-төңірекке жарық түсіріп тұрды.

Капитан Немо қап-қараңғы орман түкпіріне қарай жүре берді. Ағаштар сирей бастады. Жануарлар дүниесінен гөрі өсімдік дүниесі лезде жоғалып кетті. Зоофиттер, буынаяқтар, моллюскалар және балы ұтар айналамызда әлі толып жүргенде, теңіз өсімдіктерінен түк көрінбей кеткен-ді.

Біздің электр фонарымыздың жарығы теңіз жануарларының назарын өзімізге аударатын шығар деген ой келді маған. Бірақ, олар бізге қанша жақындап келгеннің өзінде ойдағыдай аулауға болмайтын қашықтау жерде қалып қойып отырды.

Капитан Немоның әлденені атпақшы боп, мылтығын кезеп тұра қалғанын бірнеше рет көрдім. Бірақ, көздейді де атпайды, мылтығын қайта асып алады.

Ақыр аяғында, түстен кейінгі сағат төрттің шамасында біз тамаша серуеніміздің көздеген нысанасына да жеттік. Біз қап-қараңғы үңгірлері бар, асқар таудай алып құз жартастың гранит қабырғасына келіп тірелдік, қабырға болғанда да тіп-тік екен. Бұл Креспо аралының етегі еді. Ал мұның өзі кәдімгі жер болатын Капитан Немо тоқтады да, маған да тоқта деген ишарат білдірді. Мен осы шың қабырғаны қиялай өткім келіп еді, бірақ тоқтауға тура келді. Капитан Немоның иелігіндегі алқаптың шегіне жеткен екенбіз. Осы шекарадан ол әрі қарай бір адым аттағысы келмеді.

Бұл шекарадан әрі екінші дүниенің есігі ашылатын еді, капитан Немоның оған өткісі келмеді!

Біз кейін қайттық. Капитан Немо кішкене отрядты батыл бастап келе жатты. «Наутилусқа» біз басқа жолмен келе жатқан сияқтымыз.

Өрге тік көтерілген бұл жол, қиын жол еді, бірақ сонысына қарай біз судың жоғарғы жағына төтесінен шықтық. Алайда, біз жоғарғы жақтың суына денсаулығымызға зақым келгендей, онша тез қайтқан жоқ едік, өйткені қысым кілт өзгерсе организмдегі қаннан азот бөлінеді де адамның қаны қайнайды.

Бұл,— өте тереңнен жоғарыға тез шыққан абайсыз сүңгушілердің бәріне де қатерлі қауіп.

Кешікпей-ақ біз жап-жарық боп тұрған су қабатына қайта шықтық. Көк жиегіне тақап қалған күн сәулесі су қабатына тағы да сынып түсіп, өсімдіктерді алуан түрлі нұрға бөлеп тұр.

Біз айнала төңірегімізді қоршаған неше түрлі ұсақ балықтардың ортасында, он метр төменде келе жаттық, осы уақытқа дейін оқ шығындарлық бірде бір су жануары көзімізге түскен емес.

Бір мезгілде капитан Немо мылтығын кезеніп, су астындағы бұтаның арасында жүрген бір мақлұқты көздеп тұр екен. Ысқырып өткен әлсіздеу бір дыбыс естілді, сол-ақ екен бізден бес адымдай жерде әлдеқандай бір жануар мұрттай ұшты.

Бұл су астындағы бірден бір төрт аяқты жануар — су қамасы екен. Ұзындығы метр жарымдай, қыр арқасы қара қоңыр, бауыр жағы күмістей аппақ бұл жануардың терісі орыс-қытай базарларында өте қымбат тұрады. Мен денесі ұзын, әрі жалпақ, аяқтары шолақ, дөңгелек шұнақ құлағы бар, саусақтарының арасы жарғақты, тарақ құйрық талпақ танау, жалпақ бас осы жануарға қызыға қарап тұрдым. Балықшылар жанын сала аулайтын, аса бағалы бұл жыртқыш жануар соңғы кезде қолға өте сирек түсетін олжалардың бірі. Бұл жануар тек тынық мұхиттың солтүстік бөлігінде ғана ұшырайтын, сірә біржола құрып бітетін де кездері алыс емес-ау деймін.

Матрос өлген қаманы көтеріп иығына салып алды, біз тағы да ілгері қарай жүріп кеттік.

Бір сағат бойына құмды жазықтың үстімен жүріп отырдық. Кей жерлерде су бетіне екі-ақ метрдей қалған кездерімізде болды. Мұндай кездерде мен өзімізді айнадағыдай ап-айқын көріп келе жаттым, маған, біздің жоғарғы жағымызда біз не істесек, соны істеп бір топ адам келе жатқан сияқты болады, тек олар аяқтарын жоғары көтеріп, төбелерімен жүріп келе жатқан секілді еді.

Енді, бір көңіл аударарлық нәрсе: жарық сәулені әлсін-әлі көмескілеп біздің үстіңгі жағымыздан шөкімдей бұлттар үздіксіз өтіп жатты. Осы таңырқарлық құбылыстың мәнісін ойлап келіп, мұның өзі біздің үстіміздегі су қабатының өзгеруіне байланысты су бетінің толқуы екенін аңғардым. Қарай түсіп едім, толқын жалдарының ақ көбік атқанын да көрдім. Судың көлдірлігін содан біліңіз, мен тіпті жоғарыда ұшқан үлкен су құстарының көлеңкелеріне дейін көріп келе жаттым.

Осы арада мен аңшы адам ілуде бір-ақ көрген, бір тамаша атыстың куәсі болдым. Әлденендей бір үлкен құс қанатын жайып, қалықтап суға жақындай берді. Тіпті ап-айқын көрініп келе жатқан-ды. Құс су бетіне бірнеше метрдей жақындап келе бергенде, матрос мылтығын алып атып қалды. Құс құлады, құлағанда да күшті екпінмен, судан тасша ағып өтіп мерген атқыштың тура қолына кеп ілікті. Бұл теңіз құстарының тамаша өкілі — өте ірі альбатрос еді.

Біз екі сағат бойына біресе құмды жазықтың үстін басып, біресе жүруге аса қиын тиген, балдыр өсімдігі шалғынының үстін басып жүріп отырдық. Мойындауға тиіспін, жарты мильдей жерден бұлдыраған бір жарықты көрген кезде, мен әбден шаршап, біткен едім. Бұл көрінген жарық «Наутилустың» прожекторы еді. Енді ең көп дегенде жиырма минуттан соң біз кемеде болуғa тиіс едік. Онда келген соң көкірегімді кере еркін дем аламын ғой деп үміттендім: резервуардан шлемге өтіп тұрған ауаның оттегі маған аздау көрініп келе жатты. Бірақ аздап болса да жолымызды бөгейтін бір тосқауылдың барын білмеппін. Мен капитан Немодан жиырма адымдай жерде кейін келе жатқамын. Бір мезгілде ол жалт қарады да, жалмажан жетіп келіп темір қолдарымен басып мені жерге жатқызып қойды. Матрос та Консельді сөйтті.

Алғашықыда бұл тосын шабуылдың мәнісін білмей аңырып қалдым, бірақ капитанның да өзіммен қабат жата қалғанын көріп көңілім жай тапты.

Балдыр бұтасының астында жатып, бұл не деп қарасам, әлденендей бір зор денелер жоғарғы жағымыздан жалтылдап өтіп бара жатыр екен. Бұл дәулердің екі акула екенін білгенімде тұлабойым мұздап кетті. Шыны көздері бұлдыр, жақ сүйектері темірдей, құйрығы өте зор бұл жануар адамды бір қаққанда-ақ екі бөледі.

Консель бұлардың қай класқа жататынын айырып жатты ма, жоқ па, білмеймін, әйтеуір өз басым, ғылыми тұрғыдан зерттеуден гөрі, аузына қағылып кетпесе игі едім деп, күмістей аппақ бауырына, ақсиған өткір тісті аузына қарап қорқып жаттым.

Бағымызға қарай, осы қатерлі жыртқыштың көзі өте нашар көретін еді. Біздің қақ үстімізден түк сезбестен өте шықты. Меңіреу орманда кездесіп қалған жолбарыстан да қатерлі жыртқыштан өте оңай құтылдық.

Жарты сағаттан кейін, прожекторы жарқырап жол көрсетіп тұрған «Наутилусқа» да жеттік. Сыртқы есік ашық күйінде тұр екен. Біз кірісімен-ақ капитан Немо есікті жауып, кнопканы басты. Мен кеме ішіндегі насостың шуылын, бізді шымқаған судың төмен лықсығанын сездім. Бірнеше минуттан соң судан да арылдық. Бұдан кейін ішкі есік ашылды да, біз гардероб тұрған бөлмеге кірдік.

Менің скафандрымды шешіп алды, қарыным ашып, әрі ұйқым келіп, елердей қажып-шаршасам да су астындағы ғажап серуенге мейлінше разы болып, мен өз бөлмеме келіп кірдім.

Он сегізінші таpay

ТЫНЫҚ МҰХИТ АСТЫНДА 16 000 КИЛОМЕТР

Келесі күні, 18 ноябрьде, ұйқым қанып ояндым, әбден тынығып, сергіп қалыппын. «Наутилустың» үстіне шыға бергенімде капитанның көмекшісі де өзінің дағдылы сөзін айтты. Бұл сірә, «ешнәрсе де көрінбейді» дегені шығар-ау деген ой келді маған.

Шынында да мұхитта көзге ілінер ештеңе жоқ еді. Көкжиегінде бірде-бір желкен көрінбейді. Креспо аралының тауы да қарасын үзген тегі, түнде-ақ қарасын үзсе керек. Теңіз көк мұнардан басқа сәуленің бәрін жұтып көгілдірленіп тұр.

Капитан Немо кеменің үстіне шыққан уақытта мен мұхиттың таңертеңгі ғажайып көрінісін әлі тамашалап тұр едім. Мені байқамаған кісіше, ол астрономиялық байқау жұмысымен шұғылданып тұрды, бұл жұмыстан кейін, штурвал үйшігіне барып сүйеніп тұрды да, мұхитқа көз жіберді.

Осы арада кеменің үстіне жиырма шақты матрос шықты да, түнде суға тасталған ауды тарта бастады. Бұлар әртүрлі ұлттан құралған, дендері сау, өте мығым адамдар еді. Іштерінде бірнеше ирландықтар, француздар, словяндар, бір грек, Крит аралының бір адамы барын байқадым. Бұл сөзге сараң адамдар мен түсінбейтін белгісіз бір тілде өзара сөйлесіп қояды.

Матростар ауды тартып кеменің үстіне шығарды. Бұл ау нормандықтың ауы сияқты еді, демек бұл төменгі ілгектеріне өткізілген таяқшылар мен шынжырдың көмегімен аузы жартылай ашық қалпында тұратын үлкен қап еді. Болат таяқтармен кеменің арт жағына бекітілген осы қап, мұхиттың түбін сыпырып-сыпырып, кеменің астында не кездессе де жинап алатын.

Бұл күні ауға өте қызық мұхит фаундары түсіпті,— өзінің азғындығынан, мешкейлігінен, жүрісінің сөлекеттігінен «теңіз шайтаны» атанған балықтар да түсіпті: олар судың түбінде өздерінің қолқауырсынды қанаттары арқылы бір жерден екінші жерге секіріп жүреді. Ауда денесіне дақ қаптаған инеқарындар да тулап жатыр еді; жайшылықта бұл балықтардың қарны жіңішке болады, бірақ бір қауіптің төнгенін сезсе-ақ болды, терісінің қатпарларын жазып, өзінің инедей өткір тікенді қарнын домалақ шар сияқты қампитып, жауына тосып тұра қалды. Бұдан соң, бірнеше сарғыш минонг бір-екі күміс-көк қылқұйрық; жіңішке денесінің астыңғы жағында ұзын жүзуші қанаттары бар, қабыршақты, тік қауырсындылар, бурыл дақты көк-сары трескалар; таңшалардың алуан түрлері, ақыр аяғында, суда қанша жүйрік болғанмен ауға түсіп қалған ірі әрі тамаша бірнеше тунц — осылардың бәрі аудан «Наутилустық» үстіне төгілді.

Ауға ең кем дегенде мың қадақ балық түсіпті. Бұл айта қаларлықтай болмаса да сәті түскен іс еді.

Шынында да аулар жолында кездескен нәрсенің бәрін сыпырып, көптеген сағат бойына кеменің артында сүйретіліп жүрді ғой.

Ауға түскен балықтардың барлығын матростар қоймаға алып кетті, бұлардың бірсыпырасы жаңа ауланған күйінде желініп, қалғаны кейінге қалдырыла тұруға тиіс еді.

Балық аулау аяқталды. Кеме енді суға сүңгір деп, өз бөлмеме қайта бергенімде кенеттен капитан келіп, әңгіме бастады:

— Мұхитқа қараңызшы, профессор! Сізге бұл кейде ашулы, кейде жылы шырайлы кәдуілгі жанды нәрсе сияқты болып көрінбей ме? Кеше кешке біз сияқты ол да ұйықтап кетті, ал бүгін ол түнді тыныш өткізгеннен кейін ұйқысынан көңілді оянып, сергіп тұрған сияқты.

«Амандық қайда, саулық қайда» — деп ойладым мен.— Сырттан қарағанда, бұл менімен көптен әңгімелесіп тұрған адам сияқты болып көрінуі ықтимал еді.

— Қараңыз,— деді капитан сөзін жалғастырып,— ол күннің мәпелеуімен оянып, өзінің күндізгі тіршілігін бастап келеді. Оның жан дүниесінің тіршілік етуін байқау қандай қызық десеңізші! Оның жүрегі де, жүрек тамырлары да бар... Мұхитта жануарлардың қан айналу қозғалысындай қозғалыс бар деген ғалым Моридың пікіріне мен толық қосыламын.

Капитан Немоның менен жауап күтіп тұрмағаны айқын еді! Сондықтан мен «дұп-дұрыс», «дұрыс айтасыз», «әрине» дегендей қисынсыз қысыр сөздерді айтып әуре болғам жоқ.

Капитан өз ойын дауыстап айтып, өзімен өзі сөйлесіп тұр еді.

— Я,— деді ол,— мұхитта температураның өзгерісіне, тұздың, микроорганизмнің болуына байланысты ұдайы аударылыс, төңкеріліс болып жатады. Темпуратураның өзгерісі суда әртүрлі тығыздық туғызады, осылардың салдарынан ағын, ағынға қарсы ағын пайда болады. Судың булануы полюстік аймақтарда болмашы ғана болады да, экваторлық алқаптарда өте мол болады, ал мұның өзі тропиктік жақ пен полюстік жақтардың суларын бір-бірімен ұдайы алмастырып отырды. Мұның үстіне судың жоғарыдан төмен қарай, төменнен жоғары қарай тынымсыз қозғалыста болып отыратынын байқадым, бұл мұхиттың кәдуілгі демалысы сияқты.

Осы құбылыстардың нәтижелерін сіз полюсте көресіз әлі, судың тек жоғарғы жағының ғана мұз боп қатуы неліктен деп білесіз.

Капитан Немо осы сөзді айтып болар-болмаста-ақ маған: «Полюсте дей ме? Осы батыр шынымен-ақ бізді полюске апармақ па екен?» деген ой сап ете қалды.

Осы арада капитан да үнсіз қалды өзі осынша мұқият, әрі сүйсіне, ұдайы зерттеп жүрген мұхитқа назары ауды оның.

Біраз үндемей тұрды да тағыда сөйлей бастады:

— Теңіздің тұзы едәуір болады. Егер теңіз суында еріп жүрген тұзды жинаса көлемі төрт жарым миллион текше миль болар еді. Егер де профессор, сіз осы тұзды бүкіл жер шарына теп-тегіс етіп жайып тастасаңыз қалыңдығы он метрден асып түсер еді. Бірақ, тілеуіңізді берсін, суда тұздың болуы табиғаттың бір еркелігінің салдары екен дей көрмеңіз. Жоқ, олай емес! Тұз теңіз суының булануын азайтып, желге су буын көптеп ұшырып әкете беруге жол бермейді, сөйтіп, біздің планетамыздың климаты бір қалыпты алқаптарын жаңбырдан қорғайды. Осы орасан зор, құрметті роль — жер шарындағы табиғат құбылысы жұмысын бір қалыпқа салып отырады.

Капитан Немо тағы да үнсіз қалды да, кеме үстінде әрлі-берлі жүріп алып, сөзін қайта бастады:

— Ал, әлгі миллионы бір тамшыға сиып кететін, сегіз жүз мыңы бір миллиграмм тартатын, көзге ілінбейтін, күлдей ұсақ жанды организмдер бактерийлерге келетін болсақ, олардың атқаратын қызметі әлгі айтылған тұздың атқаратын қызметінен кем емес. Олар судың тұзын жұтады, судағы еріген қатты заттарды жинап алады. Судың түбінде зоофиттер маржандар мен полиптер колониясын құрады, сөйтіп кәдуілгідей зор құрылық жасайды. Бірақ мұхиттағы су тыныш тұрмайды. Ол жазық бағытта да, сол сияқты тік бағытта да, үнемі сапырылып,араласып, организмдерге азық беріп отырады. Судың осылай бір жоғары, бір төмен ұдайы сапырылысып, араласып тұруы, теңізге өшпейтін өмір береді. Жұрттың көпшілігіне меңіреу, өлі дүние болып көрінетін, ал қыруар кеп жануарлармен мен үшін қызғылықты тіршілік дүниесі болып табылатын бұл орта — құрылықтағыдан гөрі анағұрлым жігерлі, жемісті өмір, мұхиттың барлық бөлшектерінде де гүлденіп отырған өшпейтін шексіз өмір.

Капитан Немо осы сөздерді айтқан кезде мүлдем өзгеріп кетті. Бұл сөздер маған да зор әсер етті.

— Нағыз өмір,— деп қосып қойды ол,— осында, тек қана осында! Су астында қала пайда болуы да, қала болғанда ешкімге тәуелсіз, ерікті қалалардың болуы, «Наутилус» сияқты күнде таңертең теңіздің бетіне шығып, таза ауа жұтып қайтып тұратын, толып жатқан үйлердің пайда болуы мүмкін екеніне мен сенем. Бірақ, кім біледі, егер бір жауыз батылы барып...

Капитан сөзін аяқтамай, қаһарлана қолын сермеп қалды.

Осыдан кейін, бейне қайғылы ойлардан серпілгісі келгендей, тура маған қарап:

— Профессор мырза, мұхиттың тереңдігі қанша екенін білесіз бе? — деді.

— Мен тек соңғы өлшеу кезінде белгілі болған цифрларды ғана білемін, капитан.

— Ол цифрларды маған айта аласыз ба?

— Рахым етіңіз, мен сізге есімде барының бәрін айтайын. Егер қателеспесем, зерттеуге қарағанда Атлант мұхитының солтүстік бөлегінің тереңдігі, орта есеппен алғанда, үш мың тоғыз жүз метр, Жерорталық теңіздің тереңдігі — мың да екі жүз метр көрінеді. Атлант мұхитының ОҢТҮСТІК бөлегінің тереңдігі отыз бес градус ендік шамасында өте жақсы зерттелген. Бұлардың нәтижелері мынадай: он екі мың метр, он төрт мың тоқсан бір метр, он бес мың жүз қырық тоғыз метр . Егер теңіз түбі бірінің кемі, бірінің артығымен бірдей боп тегістелсе, онда бүкіл жер шарындағы теңіздің тереңдігі шамамен айтқанда, үш мың сегіз жүз метр болар еді деп есептейді ғалымдар.

— Өте жақсы, профессор,— деді капитан Немо.— Мен сізге бұдан да жақсы мәлімет айта аламын деп сенем. Егер Тынық мұхиттың тереңдігін білгіңіз келсе, айтуыма болады, оның тереңдігі төрт мың метрден аспайды.

Осыны айтты да капитан Немо кеменің ішіне кіретін ауызға барып, темір баспалдақпен төмен түсіп кетті, оған ілесе мен де салонға барып кірдім. Осы минутта винт айнала бастады да лаг сағатына жиырма миль шапшаңдықпен жүріп келе жатқанымызды көрсетті.

Былайғы күндері, тіпті апта бойы, капитан Немо маған өте сирек ұшырасып жүрді. Мен онымен арада біраз уақыт өтекеннен кейін барып кездесіп жүрдім.

Капитанның көмекшісі күнде таңертең өте ұқыпты түрде байқау жұмысын жүргізіп, жұмысының нәтижесін картаға түсіріп алып отырды.

Консель мен Нед Ленд күн сайын ұзақ сағаттар бойына уақыттарын менімен бірге өткізіп жүрді. Консель өзінің досына су астында серуен құрған кездегі біздің көрген ғажайыптарымызды айтты, ал сүңгіші өзінің бұл серуенге қатыспағанына кәдімгідей қатты өкінді.

Бірақ мен теңіз астының ормандарын әлде де талай аралармыз деп сендіріп, оның көңілін жұбаттым.

Салон терезелерінің темір қақпақтары тіпті күнде ашылып, біз су астындағы дүниенің ғажайыптарын тамашалап, ұзақ сағаттар бойына жалықпай қарап отыратын болдық.

«Наутилус» енді жүз, жүз елу метр тереңдікте оңтүстік-батыс бағытта келе жатты. Бірақ бір күні капитанның делебесі қозып кетіп, теңіздің түбіне екі мың метр төмен түсіп кетті. Жүз градустық термометр төрт бір ширек градус нольден жоғары көрсетіп тұрды. Мұның өзі барлық ендікте де дәл осындай тереңдікке тән температураға ұқсайды.

26 ноябрьде, таңертеңгі сағат үште, «Наутилус» 172° бойлықтағы Рак тропигін кесіп өтті. Ал, 27 ноябрьде 1779 жылы 14 февральда атақты капитан Кук қаза тапқан, Сандвич аралының қасынан өттік.

Бүкіл дүние жүзін айналып шығу сапарына шыққан күннен бастап біз төрт мың сегіз жүз алпыс лье жүріппіз.

29 ноябрьде таңертең, кеменің үстіне шыққанда, мен Гаваяны көрдім, бұл Гавая архипелагін құрып тұрған жеті аралдың ішіндегі ең үлкені. Мен егін егілген жерді, тау алқабын, жағалауды қапталдай іркес-тіркес созылған кішкене тау тізбектерін, жанартауларды, олардан да асып тұрған, теңіз бетінен есептегенде биіктігі бес мың метр Моиа-Реаның зәулім шыңын айқын көрдім.

«Наутилус» оңтүстік-шығыс бағытпен тарта берді. 1декабрь күні ол 142° бойлықтағы экваторды кесіп өтті, ал 4 декабрьде ешбір елеулі белгілері жоқ маңнан тез өте шығып, 8° 37' оңтүстік ендіктегі, 139° 32' батыс бойлықтағы Маркиз аралдарына келіп жеттік. Бірақ тауды жауып тұрған қалын орманнан басқа түк кере алмадық, өйткені капитан Немо құрылыққа жақын жүруді жаратпайтын.

Бұл арадағы суға тасталған аулар көк жолақты, алтын түсті бірнеше макрель балығын іліп шықты. Мұның еті аса дәмді болады, бұлардан басқа күміс жолақты көк-жасыл сорған балықтары да ілінген еді. Бұл балықтар ас столының үстінде тұратын тағамдардың ең қадірлісі болды.

Франция жалауы желбіреп тұрған осы тамаша аралдармен қоштасқаннан кейін, «Наутилус» 4 декабрьден 11 декабрьге дейін тағы да екі мың мильдей жер жүрді. Бұл маңда біз орасан көп кальмарларға кездестік бұлар аяқ-бастылар класына, еспия мен аргонавт сияқты қосжелбезектілер подкласына жататын моллюскалардың өте қызық бір тұқымы болатын. Бұл моллюскаларға ерте замандағы натуралистер әлденеге ерекше көңіл бөліпті, бұл ерте заманның шешендерінің балауларында да құрметті орын алыпты, сол заманның байларының да ең қадірлі тағамдарының бірі болыпты. Атақты Галеннің алдында өткен ертедегі грек дәрігері Атеней әйтеуір, осылай дейді.

«Наутилус» кальмарлар армиясын декабрьдің 9 нан 10 на қараған түнде кездестірді. Осы моллюскалардың көптеген миллиондары кәдуілгі шабақ балықтар жүретін жолмен климаты бір қалыпты алқаптан анағұрлым жылырақ жаққа қарай ауа көшіп келе жатыр еді.

Қап-қалың хрустальды терезеден біз оларға қарадық та отырдық; кальмарлар жаратылысынан басына біткен он аяғын дамылсыз ербеңдетіп ілгері қарай артымен жүзді де отырды.

Қанша шапшаң жүргенімен, «Наутилус» ұзақ сағаттар бойы кальмарлардың қоршауында келе жатты. Ау тастап, біз өте көп моллюска ұстап алдық.

Теңіз бізді зеріктірген жоқ. Ол бізге бір көріністен кейін екінші көрініс, бір спектакльден кейін екінші спектаклін көрсетті де отырды, көрсеткенде ойынын да, декорациясын да сағат сайын үздіксіз өзгертіп, түрлендіріп көрсетіп отырды. Теңіз уақытымызды көңілді өткізіп қана қойған жоқ, сонымен қатар, өзінің сары алтындай сақтаған құпия сырын да ақтартты.

11 декабрь күні мен капитан Немоның кітапханасынан алған бір кітапты салонда оқып отырдым. Нед Ленд пен Консель хрусталь терезеден жап-жарық суға қарап қызыққа батып отырған-ды. «Наутилус» резервуарларын толтырып алып мың метр тереңдікте бір орында қозғалмастан тұр еді, мұхиттың бұл қабаттарында оқта-текте ғана ұшырайтын ең ірі балықтардан басқа тіршілік жоқтың қасы.

Мен бұл кезде Жак Масэнің «Қарын қызметкерлері» деген аса әдемі әрі өткір жазылған тамаша кітабын сүйсіне оқып отыр едім, кенеттен Консель:

— Қожайын бір минутқа терезеге қарай келсе, қайтер еді? — деді біртүрлі бір өзгеше дауыспен.

— Не болып қалды, Консель?

— Қожайынның өзі қарап көрсін!

Мен кітапты алып қойдым да, терезеге қадалып қарай қалдым.

Электр прожекторы самаладай жарық қып тұрған сұйық алқапта әлденендей бір үп-үлкен нәрсе қарауытып көрініп тұр еді. Не екенін білгім келіп осы орасан үлкен жануарға шұқшия қарадым да тұрдым. Кенеттен, ойыма бір нәрсе келе қалды.

— Мынау кеме ғой! — деп қалдым дауыстап.

— Я,— деді Нед,— бұл суға батып кеткен кеме...

Нед Ленд қателескен жоқ еді. Біздің көріп тұрғанымыз суға батқан кеме болатын. Кеменің корпусы әлі бүп-бүтін екен, соған қарағанда өзі бұдан бірнеше сағат қапа бұрын апатқа ұшыраған кеме сияқты. Екі футқа жегер-жетпес боп палубадан қылтиып көрінген үш діңгектен өмір үшін шайқаста кемеге мачталарын пида қылуға тура келгені көрініп-ақ тұр. Бірақ бұнымен де іс оңғарылмаған...

Осы суға батқан кеменің көрінісі қандай қайғылы халді елестетіп тұрды десеңізші!

Бұдан да гөрі қайғылы көрініс,— кеме үстінде өліп жатқан бірнеше адамның денесі еді. Мен санап едім, елік алтау екен: төртеуі ер адам, бұлардың біреуі рульдің қасында тұр, кеменің аузынан үске шығып келе жатқан күйі бала көтерген бір әйел де көрінді.

Әйел жап-жас еді. Прожектордың жарқыраған сәулесінен әйелдің әлі бұзыла қоймаған бет ажарын да айқын көрдім. Ең соңғы сәтте ол баланы басынан жоғары көтеpiп, ұстап тұрыпты не пайда, бишара бөбек кіп-кішкене қолымен анасының мойнын құшқан күйі өліп кетіпті...

Өліп қалған үш матростың денесі олардың ерекше бір әрекет үстінде өлгенін аңғартып тұр. Тегі, бұлар батып бара жатқан кеменің палубасына өздері байланған арқанды шешпек болып жанталасып жатқанда елес керек Руль ұстаушы төртінші адам қатаң сабырмен тіп-тік тұрған күйі өліпті. Қолы рульді ұстап қатып қалған.

Қарт рульші үш мачталы кемені мұхит түбіне батып бара жатқан соңғы сапарында да қас қақпастан бағыттап тұрған сияқты.

Не деген үрейлі көрініс! Осынау апат суретінен біз көпке дейін көз айырмай қарадық та отырдық.

«Наутилус» суға батқан кемені бір айналып өткен кезде мен кеменің қабырғасындағы жазуды да оқып қалдым. Ол мынадай жазу еді.

ЗУНДЕРЛАНД «ФЛОРИДАСЫ»

Он тоғызыншы тарау

ВАНИКОРО

Осы қайғылы кездесу бұл сияқты толып жатқан кездесулердің біріншісі еді. Кейін біз «Наутилустың» терезесінен суға батқан, су түбінде шіріп жатқан талай кемелерді көрдік. Теңіздің тереңірек түбінде біз зеңбіректерді, ядра, якорьларды, шынжырларды осы сияқты басқа да мыңдаған тот басып кеткен темір терсектерді көрдік.

11 декабрьде, біз Поумоту архипелагіне жақындадық, Бугенвиль бұған өз кезінде «Аралдардың қауіпті тобы» деп ат қойып кеткен болатын. Бұл архипелагтың аралдары шығыс-оңтүстік-шығыстан батыс-солтүстік-батысқа қарай 13°3'—70°50' оңтүстік ендік пен 125030су—151.°30" батыс бойлықтың аралығында екі мыңнан аса километр жерді алып жататын еді. Мұның шығыс жағындағы ең шеткі арал Дюси деп аталатын да, батыс жағындағы ең шеткі арал Лазарев аралы деп аталатын.

Бұл архипелагтың аумағы үш жүз жетпіс шаршы лье, мұнда кішкене-кішкене алпыс арал барды, бұлардың ішінде францияға қарайтын Гамбье аралдарының тобы да бар. Бұл аралдар — маржан аралдары. Полиптардың өте баяу, бірақ дамылсыз әрекеті бұл аралдарды судан көтеріп келеді, ерте ме, кеш пе, бұларды бір бірімен біріктіріп қосуы да мүмкін. Осыдан кейін бұл жаңа арал бір жағынан Жаңа Зеландия, Жаңа Каледония аралдары, көрші архипелагтармен екінші жағынан, Маркиз аралдарымен қосылып, жаңа бір құрылық құрады әлі.

Сол күні мен өзімнің осы теориямды капитан Немоға айтып едім, ол:

— Жер жаңа құрылықтарды қажет қып отырған жоқ, жаңа адамдарды қажет қып отыр, — деп салқын ғана жауап қайырды.

— Наутилус» күтпеген жерден, осы архипелагтағы ең тамаша арал Клермон-Тоннер аралының жанымен өтетін боп бот түзеді. Мұның өзі маған Тынық мұхиттың осы бөлегіндегі аралдарды дүниеге келтіріп тұрған тамаша мадрепор маржандарын зерттеуге мүмкіншілік берді.

Мадрепор маржандары известі қаңқалармен қапталған жанды мата. Қаңқа құрылыстарындағы айырмашылықтарына қарап, менің атақты ұстазым Мильн-Эдвард оларды бес топқа бөлген. Осы көзге ілінбейтін миллиардтаған ұсақ тірі жәндіктердің қалдықтары полипняктарға айналып, бір колония құрады. Бұлар извеске айналып, известен құз жартас, кішкене арал, кәдуілгі үлкен арал пайда болады. Мұнда олар кішкене көлдерді қоршап тұратын известь шеңбер құрайды, бұл көлдер су астындағы жарықтар арқылы теңізбен қосылып жатады; бұл жерде олар жаңа Каледония жағалауындағыдай немесе Паумоту архипелагының толып жатқан аралдарындағыдай, құз жартастардан бөгет қорғандар жасайды. Басқа жерлерде мәселен, Маврикия аралдарында олар тіс-тіс жартастар, қабырғалары тіп-тік құздар қалайды, бұлардың етектері тиіп тұрған мұхиттың түбі едәуір терең болады.

Біз Клермон-Тоннер аралының етегінен бірнеше кабельттей жерде өтіп бара жаттық, мен болсам, осы кіп-кішкене құрылысшылардың, аса зор әрекетіне сүйсіне қарап, таңданумен болдым.

Консель маған осындай биік құздарды жасау үшін қанша уақыт керек болады деп сұрады, мен оған: ғалымдардың есебі бойынша, жүз жылда осындай құздың бойы бір дюймнің, сегіз бөлгенінің біріндей өседі деп жауап қайырғанымда, ол тіпті қайран қалды.

— Олай болғанда, мұндай құз үш жүз метрге биіктеу үшін...

— Бір жүз тоқсан екі мың жыл керек болар еді, Консель достым! Демек библия жерді тым жасартып жіберген. Айтпақшы, егер де атамзаманғы ормандар тас көмірге айналуы үшін аса ұзақ уақыт керек болғанын еске алсақ библияның айтқандары тіпті қисынсыз болып шығар еді.

«Наутилус» мұхиттың бетіне қалқып шыққанда, қалың орман басқан, судан сәл ғана шығып тұрған Клермон-Тоннер аралын анық көрдім, аралдың известь топырағына, өсімдік ұрығын еккен сірә күшті жел, дүлей дауыл болуы керек. Бір сәтті күні шіріп біткен теңіз балықтарымен, өсімдіктерімен өңделген бұл аралға көршілес жақын бір жерден әлденеден бір ұрықты дауыл айдап әкеліп түсірсе керек. Бұдан кейін мыңдаған миль жердегі пальма ағашының кокос шаттауығын осының жағасына толқын айдап түсірсе керек. Баяғы ұрық көктеп ағаш шықса керек. Ағаштар су буын жинап кішкене бұлақ пайда болса керек. Сөйтіп өсімдіктер пайда болған. Жақын маңдағы жерлерден дауыл айдап әкелген ағаштарға жабысқан түрлі жәндіктер, құрттар бұл жерде тұңғыш мекендеушілер болған. Бұдан кейін тасбақалар жағалаудағы құмдарды қазып, жұмыртқа салған. Жаңа өскен жасаң ағаштардың бастарында құстар ұя салған. Сөйтіп бірте-бірте жануарлар дүниесі құрылған. Ақыр аяғында, әралуан жануарларға толы, жасыл орманды жаңа жерге адамдар келе бастаған.

Осы көзге ілінбейтін ұсақ жануарлар жасаған аралдарда тіршілік осылай пайда болған.

Кешке қарай Клермон-Тоннер алыстап көрінбей кетті де, «Наутилус» бағытын кілт өзгертті. 135° бойлықтағы Ешкімүйіз тропигіне келе бере сүңгуір кеме тропиктік зонада батыс-солтүстік-батыс бағытқа қарай бет түзеді. Тропиктік күн адам айтқысыз ыстық болса да, ыстықтан біз түк қалжырағамыз жоқ, өйткені отыз-қырық метр тереңдікте судың температурасы он-он екі градустан аспайтын еді.

15 декабрьде Тынық мұхиттың асыл қазынасы, тамаша Таита аралының батыс жағымен өттік. Таңертен бізден бірнеше миль жерде жел жақта тұрған осы аралдың тауының биік шыңын көрдім.

Біз бұл аралдың тұсындағы судан бірнеше өте жақсы маркель, тунц балықтарын және теңіз жыландарының бір түрі қос түсті пеламиданы ұстадық.

«Наутилус» Сегіз мың бір жүз миль жер жүрді. «Арго» және «Дюкоф-Портленд» кемелерінің адамдары апатқа ұшыраған, Тонга-Табу архипелагынын жанынан өткен кезде «Наутилустың» лагы тоғыз мың жеті жүз жиырма миль жер жүргенімізді көрсетті.

Бұдан кейін біз «Юнион» кемесінің командасын, «Ардақты Жозефин» кемесінің командирі капитан Бюрокы тағылар өлтірген арал Фиджидің қасынан өттік. Бұл 6° және 2° оңтүстік ендік пен 174°—179° батыс бойлықтың аралығында, солтүстіктен оңтүстікке дейін төрт жүз километр, шығыстан батысқа дейін үш жүз алпыс километр алқапты алып жатқан архипелаг еді.

Бұл бірнеше ірілі-уақты аралдардан, құздардан құралатынды, бұлардың ішіндегі ең үлкендері — Вити-Леву, Вануа-Леву және Кандубон аралдары еді.

Торричелли барометр жасап шығаратын 1643 жылы бұл аралдарды Тасман ашқан болатын. XVIII ғасырдың екінші жартысында бұл аралдарда Кук, одан кейін Антрактасто, ақыр аяғында, 1827 жылы Дюмон- Дюрвиль болып осы географиялық түйіннің бәрін шешіп берді.

«Наутилус» Ваилева шығанағына да жақындап қалды, мұнда Лаперуздың кемесінің апатқа ұшырауының құпия сырын тұңғыш ашқан капитан Дильон жан түршігерлік сұмдық оқиғаларды басынан кешірген болатын.

Біз бірнеше рет ау тастап, осы шығанақтан көптеген устриц алып шықтық. Біз оларды стол үстіне әкелген бойда-ақ дереу аршып жеп алдық. Ваилева шығанағының устрицтері мекен еткен қайраң өте үлкен екен.

Әрбір устриц екі миллионға дейін жұмыртқа салады, сондықтан егер көптеп енуіне жол бермейтін мыңдаған жаулары болмаса, усгрицтер шығанақты лезде-ақ толтырып жіберер еді.

Егep Нед Ленд өзінің обырлығына қапа болмаса ол да болса устрицтың бірден-бір сіңімді тамақ болуының арқасы еді. Шынында да бір адамның күндіз ішетін тамағында үш жүз отыз бес грамм азот заттары болу керек болса, бұл үшін басын алып тастаған 192 устриц жеу керек болар еді.

25 декабрьде «Наутилус» 1606 жылы Кривое ашқан, 1768 жылы Бугенвиль зерттеген, 1773 жылы Кук осы күнгі атын қойған Ново-Гебрид архипелагының аралдарының арасымен келе жатыр еді. Біз Арру аралына өте жақын жерден еттік. Түс кезіндегі байқау жүргізілетін уақытта мен кеменің үстіне шығып, осы аралды көрдім. Бұл қалың ну басқан, аса биік тау шыңы бар арал екен.

Капитан Немоны көрмегеніме сегіз күн болып қалып еді. 27 декабрь күні таңертең ол салонға кірді де, менімен тап бір бұдан бес-ақ минут бұрын көріскен адамдай басын иді. Мен бұл кезде картадан «Наутилустың» жолын іздеп тұр едім.

Капитан столға келді де, сұқ қолымен картаның бір жерін көрсетіп:

— Ваникоро,— деді.

Бұл сөз маған атылған мылтық дауысындай боп естілді. Бұл — Лаперуздың кемесі апатқа ұшыраған кішкене аралдың аты еді.

Мен ұшып түрегелдім.

— «Наутилус» Ваникороға қарай келе жатыр ма?

— Я, профессор,— деп жауап қайырды капитан.

— «Буссоль», «Астролябия» кемелері апатқа ұшыраған әйгілі аралды мен көреді екем ғой! Баникороға қашан келеміз?

— Біз келіп те қалдық, профессор.

Капитан Немоға еріп мен де кеменің үстіне шығып, төңірекке көз жіберіп қарай бастадым. Солтүстік-шығыстан екі арал көрінді, сөз жоқ, бұлардың екеуі де айналасы ұзындығы қырық мильдей маржан қорғандармен қоршалған негізі жанартаулы аралдар.

«Наутилус» тап-тар қылы арқылы маржан қорғанының ішіне өтіп, жардың арғы жағындағы тереңдігі елу-алпыс метрдей Гаваньға келді. Мен, жақындап келе жатқан біздерге биік пальма ағаштарының саясында естері шыға қарап, таң қалып тұрған бірнеше тағыларды көрдім. Олар, сірә, «Наутилусты» ұршық тәрізді қара корпусын орасан үлкен кит екен деп қалса керек.

Капитан Немо Лаперуздің апатқа ұшырауы туралы не білесің деп сұрады.

— Менің білгенімді жұрттың бәрі біледі,— дедім мен.

— Өте жақсы. Сол жұрттың бәрі білетінді маған айтып бере аласыз ба?

— Айтып бергенде қандай,— деп жауап қайырдым мен.

Сөйтіп, мен оған Дюмон-Дюрвиль айтқан хабардың мазмұнын айтып бердім.

Бұл фактлердің қысқаша мазмұны мынадай еді.

Лаперузді және оның көмекшісі капитан де-Лангльді 1785 жылы Людовик XVI «Буссоль», «Астролябия» дейтін екі кемемен бүкіл дүние жүзін айналып шығу сапарына жөнелтеді.

Лаперуздің кемелері ұзақ уақыт бойына қайтпағанға мазасызданған Француз үкіметі 1791 жылы «Розыск», «Надежда» атты екі соғыс кемесін жабдықтап Бруни д'Антркастоның басқаруымен құтқарушы экспедиция шығарады, бұлар Брестен 28 сентябрьде шығады. Екі айдан кейін үкімет «Эльбермель» кемесінің капитаны Боуэн деген біреу, Георгийдің оңтүстік жағалауынан апатқа ұшыраған әлденендей бір кеменің сынықтарын байқапты дегенді естиді. Бірақ осы дәйексіздеу хабарды да естімеген д'Антрокасто Адмиралитет аралдарына қарай тарта береді өйткені капитан Гунтер рапортында Лаперуздың кемелері Адмиралитет аралдарында қирады деп көрсеткен болатын.

д' Антркастоның іздегені табылмайды. «Розыск» пен «Надежда» Ваникороға соқпай өте шығады. Жүзу сапары бақытсыз сапар болады, өйткені д'Антркастоның өзі де, екі көмекшісі де, экспедиция құрамынан да көптеген матростар қаза табады.

Лаперуздің кемелерінің апатқа ұшырағаның алғашқы рет дәл анықтап, оның нақты ізіне түскен теңіздің қарт көкжалы капитан Дильон болады. 1824 жылы ол «Святой патрик» атты кемемен Ново-Гибрид тобына жататын Тикопиа аралына келіп тоқтайды. Бұл жерде оған бір түземдік қылыштың күміс сабын сатады, осы саптан ойылып жазылған әлденендей бір жазудың ізі байқалады. Сол түземдік Дильонға: бұдан алты жыл бұрын Ваникородан екі европалықты көрдім, бұл екеуі осы аралдың маңындағы бір рифке соғылып қираған кемеде матрос болып қызмет істеген екен дегенді айтады.

Бұның апатқа ұшырады деп тұрған кемесі, бүкіл дүние жүзін қобалжытқан Лаперуз кемесі екенін Дильои біле қояды. Ол, түземдіктің айтуы бойынша, қираған кеменің көп белгілері қалған Ваникоро аралына бармақшы болады. Бірақ қатты желдер мен ағыстар оған бұл ойын орындауға мүмкіндік бермейді.

Дильон Калькуттаға қайтады. Мұнда ол өзінің осы ашқан жаңалығымен Азиялық қоғам мен Ост-Индия компаниясының назарын аударып, тағы да бір «Розыск» деген кемені қоластына алады. 1827 жылы 23 январьда ол француз өкілімен бірге Калькуттадан шығады.

Тынық мұхиттың талай жеріне тоқтай келіп, ақыр аяғында, 1827 жылы 7 июльде «Розыск» кемесі, қазір «Наутилус» келіп тоқтаған Вану гаванына келіп якорь тастайды.

Дильонға бұл жерден апатқа ұшыраған кемелердің көптеген қалдықтары: якорьлар аспап-саймандар, тасығыштар, он сегіз қадақтық ядролар, астрономиялық аспаптардың сынықтары, ақыр аяғында, «Мені Базен құйды» деген жазуы, Брест арсеналының таңбасы, «1785» жыл деген датасы бар қола қоңырау табылады. Енді күмәнданарлық түк қалмайды.

Дильон дәлелді көбірек жинау үшін бұл жерде 1827 жылдың октябрь айына дейін болады. Бұдан кейін ол якорьды судан алады да, Новая Зеландияны басып Калькуттаға қайтады. Қалькуттан Францияға келеді, Францияда оны аса құрметтеп қарсы алады.

Дильонның, ашқаны жайында ештеңе білмегендіктен бұл кезде «Астролябия» деп аталған кеменің командирі Дюмон-Дюрвиль, басқа бір бағытта апатқа ұшыраған кемелердің ізін кесумен болады: оған бір кит аулаушы, Новая Каледония мен Лузиада тағыларынан жұрт Людовик ордені мен медалін көріпті дейді.

Ваникородан Дильон кеткеннен кейін екі айдан соң, Дюмон-Дюрвиль Гобарт-Тоуноға келіп тоқтайды. Дильонның жұмбақ істің жайын ашқанын ол осы жерде бірақ біледі. Бұған қоса Калькуттадан келген «Юнион» кемесі капитанының көмекшісі Джем Гоббс деген біреудің айтқан хабарын естиді. Бұл адам, 8°18' оңтүстік ендік пен 159°30' шығыс бойлықтың аралығындағы бір аралға тоқтаған кезде түземдіктердің қолынан ұзын темір тақта және қызыл мата кескіндісін көрдім дегенді айтады .

Дюмон-Дюрвиль, бір біріне қайшы хабарлардан басы қатып, қайсысына нанатынын білмей, ойланып-толғанып келіп, ақырында, капитан Дильонның ізін басып жүрмек болды.

1828 жылы 10 февральда «Астролябия» Тикопиа аралына келіп, осы жерде орын тепкен бір ақ нәсілді матросты өзіне лоцман етіп алып, Ваникороға қарай тартып кетеді. 12 февральда аралға келеді де, «Астролябия» тоғыз күн бойы маржандар шеңберінің сыртында қалып қойып, тек 20 февральда ғана Вану гаванына кіреді.

23 февральда «Астролябия» матростары, аралды аралап қайтқанда, апатқа ұшыраған кемелердің болмашы ғана бірнеше сынығын алып келеді. Түземдіктер кеменің апатқа ұшыраған жерін көрсетуден бас тартады, қанша мошқап сұраса да, түсінбеген, білмеген боп ешнәрсе айтпай қояды. Түземдіктердің бұл қылықтары күдікті болып көрінеді, тегі бұлар, апатқа ұшырағандарға қысастық істеген ғой деген ой туғызады. Лаперуздың және оның бақытсыз жолдастарының өлімі үшін Дюмон-Дюрвиль бізден кек ала келген екен деп түземдіктер шынында қатты қорықса керек.

Бірақ 26 февральда сыйлық беріледі деген уәдені есітіп, сыйлыққа қызығып, өздеріне тимейтініне көздері жетіп алған түземдіктер, капитанның көмекшісі Жакиноға екі кеме апатқа ұшыраған жерді көрсетеді.

Паку мен Вану құзының аралығындағы, тереңдігі төрт-бес метр бұл жерде известь тоты баса бастаған якорьлар, зеңбіректер, құйылған кесек-кесек темір мен қорғасындар табылады. «Астролябияның» қайықтары осы араға келіп бір мың сегіз жүз қадақ тартатын якорьды, қадақты зеңбіректі, бір кесек қорғасынды және екі мың тас ойғышты теңіз түбінен зорға шығарып, кемеге алып келеді.

Лаперуз аралдың жағалауында екі кемеден айрылғаннан кейін, сол кемелердің қалдықтары мен сынықтарынан үшінші бір кішкене кеме жасап алып, ашық теңізге қарай кеткенін Дюмон-Дюрвиль түземдіктен сұрап біліп алады... Бірақ қайда кеткенін ешкім білмейді.

«Астролябия» командирі осы кезде ержүрек теңіз жүзушісі мен оның жолдастарына мангифер саясында ескерткіш орнатылсын деп бұйрық береді. Бұл маржан тұрғының үстіне орнатылған қарапайым ғана төрт қырлы тас пирамида еді. Бұл ескерткішке бір кесек темір қосылған емес, бұл темірге қызығып, түземдіктер ескерткішті бұзбасын дегендік еді.

Осыдан кейін Дюмон-Дюрвиль бұл арадан дереу кетпекші болады.

Бірақ «Астролябияның» командасы бұл жерде індет боп тараған безгек ауруына шалдығып, әбден әлсіреп қалған еді, командирдің өзі де ауру болатын. Осының салдарынан олар қайту сапарына тек 17 мартта ғана шыға алады.

Лаперуздің тағдыры немен біткенін Дильонның ашқандығы жайлы Дюмон-Дюрвиль түк білмейді деп қорқып, осы кезде Француз үкіметі Ваиикоро аралына Легоарна де-Тромеленнің басқаруымен «Байонезка» кемесін жіберген-ді.

«Байонезка» Ваникоро жағалауына тоқтаған кезде, «Астролябия» бұл арадан бірнеше ай бұрын жүріп кеткен еді, «Вайонезка» ешбір жаңа документ те таба алмайды, бірақ тағылардың Лаперуз ескерткішін есіркегендіктеріне көздері жетеді.

Менің капитан Немоға бар айтқаным осы-ақ болды.

— Сонымен,— деді ол маған,— осы күнге дейін Ваникорода апатқа ұшырағандардың жасаған үшінші кемесі қай жерде, қалай апат болғанын ешкім білмей ме?

— Мұны ешкім де білмейді.

Капитан түк жауап қайырмады, тек салонға баралық деген ишарат білдірді. «Наутилус» бірнеше метр төмен түсті, терезелердің темір қақпақтары да ашылды.

Мен маңдайымды терезеге тақап қарап едім, ығы-жығы маржан қатпарларының, зоофит өсімдіктері мен су балдырларының астынан, әрлі-берлі жүзіп жүрген көптеген балықтардың арасынан, Дюмон-Дюрвильдің экспедициясы ала алмаған якорьларды, зеңбіректерді, мачталарды, шынжырларды, ядроларды байқадым. Бұлардың бәрін де зоофиттер басып кетіпті.

Мен қайғылы халді елестеткен осы сынықтарға қарап тұрғанымда Капитан Немо мұңлы дауыспен былай деді:

— Капитан Лаперуздің экспедициясы Францияның жағалауынан «Буссоль», «Астролябия» деген екі кемемен бір мың жеті жүз сексен бесінші жылы, жетінші декабрьде шыққан. Экспедиция әуелі Новая Каледони одағы Ботани-Бейге келеді, содан Санта-Круцке қарай бет алып, Гавай тобына жататын Намука аралына келіп тоқтайды. Ақыр аяғында, Лаперуздің кемелері Ваннкороның белгісіз бір құзына қарай келеді. Алда келе жатқан «Буссоль» кемесі оңтүстік жағалаудағы бір рифке келіп соғылады. Оған көмек көрсетпекші болып келе жатып «Астролябия» кемесі де бір рифке соқтығысып қалады. «Буссоль» кемесінің қас қаққанша-ақ тас-талқаны шығады. Ал, қирап, қайраңдап қалған «Астролябия» желге қарсы орнынан қозғала алмай бірнеше күн тұрып қалады. Түземдіктер апатқа ұшырағандарды жақсы қабылдайды. Лаперуз осы аралда тұрақтап, екі кеменің сынықтарынан бір кішкене кеме жасайды. Бірнеше матрос өз еріктерімен осы Ваникорода қалып қояды. Қалғандары ауру жегідей жеп әлсіреп тұрса да, кішкене кемеге мініп, Лаперузбен бірге Соломоновтар аралдарына қарай кетеді. Сөйтіп, Разочарования, (түңілу мен Удовлетворения (қанағаттану) мүйісінің аралығындағы аралдардың ішіндегі ең үлкен аралдың жанында бұлар апатқа ұшырап, бәрі бірдей қаза табады.

— Бірақ, мұны сіз қайдан білесіз?—дедім мен дауыстап.

— Олардың апатқа ұшыраған жерінен мен міне, мынаны таптым.

Осыны айтты да, капитан Немо маған қақпағының сыртында француз гербі бар қаңылтыр қобдишаны ұсынды. Қобдишаны тұзды суда тот басып қалыпты. Капитан оны ашқан кезде мен ішінен сарғайыңқырап қалған бір қағазды алып көрдім.

Бұл капитан Лаперузге теңіз министрінің жіберген нұсқауы екен, бұған Людовик XVI де өз қолымен белгі соғыпты.

— Міне, бұл теңізшіге лайық өлім!—деді капитан Немо.— Ол тып-тыныш маржан молада жатыр, мені мен менің жолдастарымның моласы осындай болса, мен қуанар едім...

Жиырмасыншы тарay

ТОРРЕС БҰҒАЗЫ

Декабрьдің 27 нен 28 не қараған түнде, «Наутилус» Ваникородан шығып, аса зор шапшаңдықпен оңтүстік батысқа қарай тартып берді. Үш күннің ішінде ол Ваникороны Новая Гвинеяның оңтүстік-шығыс бөлегінен бөліп тастайтын қашықтыққа ұзап кетті, яғни үш мың километрден аса жер жүрді.

1868 жылы 1 январьда таңертең Консель мені «Наутилустың» үстінде жолықтырды.

— Жаңа жыл бақытты жыл болсын деп тілек айтуға қожайын рұқсат берер ме екен? — деді Консель.

— О не дегеніңіз, о не дегеніңіз, Консель.

Парижда, ботаникалық бауда, өз кабинетімде отырған шақта сіздің тілегіңізді қандай қабылдасам, мұнда да сондай шын ықыласпен қабылдаймын. Құттықтағаныңыз үшін үлкен рақмет, өз тарапымнан, өзіңді де құттықтаймын. Тек, жаңа жыл бақытты болсын деген тілегіңізді қалай түсіну керек, рұқсат етсеңіз, соны білгім келеді: бұл бақытты болу тұтқында болуымыздың аяқталуына байланысты ма, әлде осы тамаша саяхатта бола беруге байланысты ма?

— Шынымды айтсам,— деді Консель,— қожайынға қалай деп жауап қайыруға білмей отырмын. Сөз жоқ, біз өте қызықты нәрселерді көріп келеміз, осында болған екі айдың ішінде зерігуге де мұршамыз келген жоқ. «Наутилустағы» көріністердің бірі бірінен өткен көрініс болып келеді ғой. Егер де ылғи осылай бола берсе, әлі нендей бір тамашаларды көретініңізге тіпті көз жетпейді! Менің ойымша, мұндай жағдайды осы сапардан кейін ешуақытта кездестіре де алмаспыз, сірә...

— Ешуақытта кездеспейді! Дұрыс айтасыз, Консель.

— Мұның үстіне, капитан Немо да өзінің «ешкім де емес» — деген латын атын ақтап келеді, тіпті біз үшін ол бұл дүниеде жоқ адам сияқты, ешбір залалы жоқ.

— Дұрыс, Консель.

— Сондықтан, қожайынға: көрмегеннің бәрін де керуге мүмкіндік беретін жылды бақытты жыл санаймын дер едім.

— Бәрін де дейсіз бе, Консель? Бұл, мүмкін тым, көбірек болар. Айтпақшы, бұл жөнінде Недтің ойы қалай?

Пед Ленд мүлдем керісінше ойлайды,— деді Консель. Ол қарын әмірінен шыға алмайтын қарапайым адам. Ұдайы балыққа қарау, балықты жеу, оны әбден тойдырғанға ұқсайды. Нанның, еттің, шараптың болмауы, қан бифштекстерді жеп, арақ-шарапты күнде ішіп дағдыланып алған бұл ағылшын-саксқа өте қиын сорып тұр.

Ал, бұлар менің ойыма кіріп те шығар емес,— дедім мен.— «Наутилус» тәртібіне әбден дағдыланып алыппын.

— Мен де,— деп жауап қайырды Консель,— сондықтан Нед Ленд осы кемеден қашуға қандай ынтық болса, осы кемеде қалуға мен де сондай ынтықпын. Сөйтіп, егер келер жыл мен үшін бақытсыз жыл болып басталса, ол үшін бақытты жыл болып басталады және керісінше. Сөйтіп екеуміздің біреуіміз, сөзсіз, қанағаттанамыз. Қожайын өзі үшін не тілесе, мен де ол үшін соны тілеймін.

— Рақмет Консель. Жаңа жыл сыйлықтары жайындағы мәселелерді кейінге қалдыра тұралық та, қатты қол қысысайық... Әзірге басқа айтарым жоқ.

— Қожайын, ешуақытта мұндай жомарт болып көрген емес,— деп жауап қайырды Консель.

2 январьда лаг, Жапон теңізінен шыққаннан бері он бір мың үш жүз қырық миль жер жүргенімізді көрсетті.

«Наутилустың» алдынғы жағында Австралияның солтүстік-шығыс жағалауын жуып жатқан маржандар теңізінің қатерлі бір алқабы бар-ды.

1770 жылы 10 июньде капитан Куктің кемесін құртып жібере жаздаған рифтерден құралған опасыз бөгеттен біздің кемеміз бірнеше миль жерде келе жатыр еді. Кук мініп келе жатқан кеме құз жартасқа соғылып қалады, кеменің ойылып кеткен жерін маржандардың кесегі бітеп қалып, тек соның арқасында ғана кеме апаттан аман қалады.

Теңіз толқындары күндей күркіреп дамылсыз соғылып жатқан ұзындығы үш жүз алпыс лье бөгетті көргім-ақ келді.

Бірақ кеме тереңірек түсіп кетті де, маржандар тұрғызған қабырғаларды көре алмадым, сөйтіп бұл тұстағы фауналармен танысып, ауға түскен балықтарды қараумен ғана қанағаттануға тура келді.

Мен әралуан балықтардың ішінен өлгеннен кейін жойылып кететін, көлденең тартылған жолақтары бар үлкендігі тунцтай, күміс-көкшіл скумбрияны байқадым. Осы скумбриялар бізге ілесіп үйір-үйірімен келе жатқанды, бұлардың еті іздесек те таптырмайтын өте дәмді тағамдардың бірі болды. Ауға ұзындығы бес сантиметрден аспайтын, еті өте дәмді, көптеген спарлар да нағыз теңіз қарлығаштары — триглдер де ілінді. Ауға түскен моллюскалар мен зоофиттердің ішінде альционарийлардың, лужанкалардың, байдарлардың, молотоктардың өкілдері де бар еді.

Енді екі күннен кейін, біз маржандар теңізінен өттік, 4 январьда, Новая Гвинея жағалауы да көрінді. Капитан Немо маған бір кездескенде, Торрес бұғазы арқылы Индия мұхитына өтпекші екенін айтты. Басқа түк айтқан жоқ, бірақ Нед Ленд үшін осы да жеткілікті болды. Біз Европа теңіздеріне жақындап келеміз дегенді мейірлене айтты ол.

Торрес бұғазы, қатерлі рифтері болғандықтан, әрі жағалауында тұратын тайпалары өте тағы болғандықтан жаман атты бұғаз болатын. Бұл Австралияны Новая Гвинеядан бөліп тұратын бұғаз еді.

Түс кезінде капитанның көмекшісі секстанттың көмегімен күн көзінің биіктігін анықтап алып жатқанда мен өркеш-өркеш болып көтеріле келе жоғарғы жағы сүп-сүйір көк шың боп біткен Арфалькс тауларының төбелерін көрдім.

«Наутилус» ең батыл деген теңіз жүзушілері де кіреберісінде ойланып, кібіртіктеп қалатын, дүние жүзіндегі бірден-бір қауіпті бұғазға да таянып қалды. Бұл бұғазды оңтүстік теңіздерден Меланезияға қайтып келе жатқан бетінде Луи Паде де-Торрес ашқан еді; мұнда 1840 жылы Дюмон-Дюрвильдің экспедициясы да қайраңдап қалып, апатқа ұшырай жаздаған. Тіпті қайраңнан, жартастан қорықпайтын, «Наутилус» та бұл бұғаздың маржан рифтерінен сақтанайын деді.

Торрес бұғазының ені шамамен айтқанда, жүз отыз бес-жүз қырық километр, бірақ, осы екі ортадағы сансыз көп аралдардан, кішкене аралдардан, су астындағы құз-жартастардан өтіп шығу тіпті мүмкін емес-ті.

Капитан Немо, мұны еске алып, қажетті сақтық шараларының бәрін де қолданды: «Наутилус» жарым-жартылай суға батып жайлап қана жүзіп келе жатты. Винтінің қалақтары да шаршаған киттің құйрығы сияқты суды баяу ғана сабалап келеді.

Осы жағдайды пайдаланып екі жолдасым мен үшеуміз үнемі бос тұратын кеме үстіне шығып, штурвал күймесіне сүйеніп тұрдық. Капитан Немо оның ішінде «Наутилусты» өзі басқарып отыр еді.

Менің көз алдымда Торрес бұғазының тамаша картасы жатыр. Бұл картаны инженер-гидрограф Винцендо Дюмулен мен экспедицияның мичманы, кейін Дюмон-Дюрвильдің бүкіл жер жүзін айналып өту саяхатына қатысып адмирал болған — Купван-Дюбуа жасаған еді. Бұл карта және капитан Кинг жасаған карта Торрес бұғазының ең жақсы карталары еді, бұлар жол тауып өтуге болмайтын осы шым-шытырық бұғаздың барлық түйіндерін шешіп бере алатын карталарды. Мен бұл екі картаға аса зер салып қарадым.

Кенеттен «Наутилус» келе жатқан жерде теңіз суы бұрқылдай бастады. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай сағатына екі жарым миль шапшаңдықпен өтіп жатқан өте күшті ағыс, әрбір адым сайын қылтиып судан шығып тұрған рифтерге соғылып дүрлігіп жатыр еді.

— Қауыпты түс! — деді маған Нед Ленд.

— Шынында да, бұдан қиын жол болмас,— деп жауап қайырдым мен,— жер талғамайтын «Наутилус» үшін де өте қиын жол.

— Антұрған капитан жүретін жолын жақсы білетін шығар, әйтпесе бір қақтыққанда-ақ «Наутилустың» быт-шытын шығаратын кәдуілгі маржандар ботқасын алдымыздан әлі де көріп тұрмыз,— деді Нед.

Шынында да жағдай өте ауыр еді. Бірақ «Наутилус» бейне бір сиқыры бардай небір қатерлі деген жартастарды да жанамалай аман-есен өтіп шықты. Ол Дюмон-Дюрвильдің кемесі апатқа ұшырай жаздаған, «Астролябия» мен «Усердный» салған жолмен жүрмеді. Сүңгуір кеме ол жолдан солтүстікке таман сырттай жүріп отырды да тек Меррей аралын айналып өткеннен кейін ғана оңтүстік-батысқа қайта оралып, Кумберленд өткеліне келді. Мен капитан Немо «Наутилусты» енді тура осы өткелдің бойымен жүргізеді екен деп едім, бірақ, солтүстік-батысқа қарай кілт бұрылды да, сүңгуір кеме сансыз көп аралдар мен аралсымақтардың араларымен бұлтақтай жүзіп отырып, Таунда аралы мен Опасный каналына келді.

— Япыр-ау, капитан Немо сақтықты қойып, Дюмон-Дюрвильдің кемесі отырып қалатын ақ қайран каналға түспекші ме? — деп тұрғанымда, «Наутилус» тағы да бағытын өзгертіп, батыс жақтағы, Гвабороар аралына қарай бірақ тартты.

Түстен кейінгі сағат үш шамасы еді. Астан-кестені шыққан бұғаз суы кемеріне келіп болып саябырлай бастаған-ды. «Наутилус» Гвабороар аралына да келіп қалды. Пальма ағаштары өскен өте әдемі жағалауға екі-ақ мильдей қалғамыз.

Кенеттен кеме қатты ауытқып кетті, мен құлап кеттім. «Наутилус» бір рифке соқтығып, бір жағына сәл жантайып тұрды да қалды.

Мен де түрегелдім, кеменің үстіне капитан Немо да, көмекшісі де шыға келді. Олар кемені қарап шықты да, мен түсінбейтін тілде бірер ауыз сөз сөйлесті.

Жағдай, міне, осылай болып қалды. Штриборттан қарағанда, солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған алып қол сияқты болып Гвебороар аралы жатыр. Шығыс жақта рифтердің төбелері де судан көріне бастады.

Біз бір қайраңға келіп мықтап отырып қалыппыз, мұның үстіне, бұл жерге су өте аз келеді екен. Алайда, кеменің корпусы өте мықты еді, рифке соқтығып қалса да ешбір жері бүлінбепті. Бірақ, егер «Наутилус» осы қайраңнан шыға алмаса, онда, оның осы жартаста мәңгі қалғаны, демек бұл капитан Немоның кемесі құрыды деген сөз.

Әдеттегісінше салқын-сабырлы шыраймен капитан Немо жаныма келе бергенде менің ойлап тұрғаным осы еді. Оның бет ажарында абыржу белгісі де, күйіну белгісі де жоқ болатын.

— Апат па? — деп сұрадым мен.

— Жоқ, аз ғана кідіріс,— деп жауап қайырды ол.

— Әйткенмен, бұл оқиғаның салдарынан өзіңіз ат-тоныңызды ала қашып жүрген құрлыққа қайта оралып жүрмес пе екенсіз?

Капитан маған оқыс бір қарады да, басын шайқады. Тегі, маған: мені ешнәрсе де ешуақытта да жерге қайтара алмайды дегенді аңғартқысы келді білем.

Осыдан кейін ол:

Сізге не болған, профессор? «Наутилустың» жағдайы онша күдер үзерліктей емес. Ол сізді мұхиттың талай ғажайып кереметтерімен таныстырады әлі. Біздің саяхатымыз жаңа ғана басталды, мен сізбен жолдастықтан бұлай тез айрылғым келмейді!

— Алайда, капитан,— дедім сөзінің кекесінің байқамаған болып, — «Наутилус» судың нағыз қызу тасқындаған кезінде қайраңдап қалып отыр ғой. Есіңізде болсын, Тынық мұхиттың суының тасуы жалпы алғанда, шамалы болады. Егер де сіз «Наутилусты» жеңілдетудің бір тәсілін таппасаңыз, онда кемеңізді қайтып суға түсіре алатыныңызды мен білмей тұрмын.

— Дұрыс айтасыз, профессор,— деп жауап қайырды капитан Немо,— Тынық мұхитта судың тасуы шамалы болады, бірақ, дегенмен, Торрес бұғазында тасқан кезде бip жарым метр көтеріледі, бүгін төртінші январь, ал енді бес күннен кейін ай да толады. Егерде жердің осы айнымас серігі ай, теңіз суын жеткілікті дәрежеде жоғары көтеріп, маған болмашы ғана қызмет көрсетпесе, мен бұған өте таңданған болар едім.

Осы сөздерді айтты да, капитан Немо, көмекшісі екеуі «Наутилустың» ішіне түсіп кетті.

Сүңгуір кеме осы жерде өсіп тұрған нәрседей қозғалмастан тұр, маржан полиптері өзінің ажырамас цементі мен «Наутилусты» жартасқа бейне бір жабыстырып тастаған тәрізді.

— Сөйтіп не болатын болды профессор мырза? — деп сұрады Нед Ленд капитан кетісімен о да келіп.

— Болғаны сол, Нед достым біз 9 январьға дейін судың тасуын күтіп, тып тыныш жататын болдық. Ай бізді есіркеп қайраңнан шығарып алатын көрінеді.

— Болғаны сол ма?

— Болғаны сол.

— Якорьды жинап алып, машинаны бар күшімен жүргізіп, кемені қайраңнан шығарып алу, капитанның ойында жоқ деңіз.

— Кемені судың өзі-ақ шығаратын болса, бұл айтылғандарды істеп не керек? — деп жауап қайырды Консель.

Канадалық Консельге ала көзімен бір қарады да, иығын қозғап қойды.

— Қашан айттың демеңіз, профессор мырза,— деді Нед маған қарап,— осы темір сауыт енді қайтып судың астында да, үстінде де жүре алмайды! Бұны тек енді қиратып, сату ғана қалды. Сондықтан мен капитан Немоны бізден айыратын уақыт жетті деп ойлаймын!

— Байқайсыз ба, Нед достым,— деп жауап қайырдым мен,— осы тамаша кеменің болашағы туралы жұрттың бәрі бірдей сізше ойламайды. Төрт күн шыдаңызшы — біз сонда, Тынық мұхиттың суы қандай күшпен тасатынын дәл білеміз. Айтқандайын, қашу туралы кеңес, Англияның немесе Прованстың жағалауы көрініп тұрса орынды болар еді. Бірақ бізге таяу жағалау Новая Гвинеяның жағалауы, ал оған баруға асығудың қажеті жоқ. Егер де «Наутилус» осы қайраңнан көтеріле алмайтын болса, көзді жұмып тәуекелге бел байлауға қашан да болса, болады ғой.

— Алайда, тым құрыса жерге түсуге де болмас па екен? — деп сұрады қынжылып Нед Ленд.— Мынау тұрған арал. Ол аралда ағаш ескен. Ағаш арасында жер бетінің жануарлары — тірі котлеттер, ростбифтер, бифштекстер жүр ғой... Әттең, бір кесек ет болса, құмарлана жер едім!

— Бұл жөнінде Недтің пікірі дұрыс,— деді Консель,— мен толығынан қосыламын. Жер басып жүруді ұмытып қалмау үшін, осы жағалауға түсуге, қожайын өзінің досы, капитан Немодан рұқсат ала алмас па екен?

— Мен рұқсат сұрауын, сұрайын бірақ оның рұқсат бермейтініне менің көзім жетіп тұр.

— Әйткенмен, қожайын сұрап көрсін,— деді Консель,— ең болмаса, капитан Немоның бізге деген бостандығының шегін біліп алайық.

Мені қайран қалдырып, капитан Немо сөзге келмей шын ықласымен рұқсат берді. Ол тіпті қайтып келеміз деп уәде беріңіз де деген жоқ. Бірақ, Новая Гвинея аралында серуен құру аса қатерлі болатын, мен Нед Лендке осы аралға түсіп, серуен құруға кеңес бермес едім.. Түземдік-папуастардың қолына түскенше, «Наутилуста» тұтқын болып қала бергеніміздің өзі жақсы болар еді.

Капитан Немодан бізбен бірге баруға қалай қарайсыз деп сұрай алмадым. Оның бер жағында бізбен бірге бір де матросты жібермейтіндігінде де ешбір күмәнім жоқ еді. Қайықты Нед Лендтің өзі басқаруына тура келетінін де білдім. Бірақ жер бізден екі-ақ мильдей еді, айтулы теңізші Нед Ленд де, үлкен кемелерге ғана қауіпті жартастардың арасымен жеп-жеңіл кішкене қайықты ешбір қиындықсыз-ақ басқарып, тілеген жерімізге алып бара алатын жігіт.

Ертеңіне, 5 январьда, қайық ұясынан шығарылып суға түсірілді.

Мұны екі матрос оп-оңай істеді. Ескектер қайықтың түбінде еді, бізге енді қайыққа мініп отыру ғана қалғаны.

Таңертеңгі сағат сегізде мылтық, балтамен қаруланып алып, біз «Наутилустан» жылжып кеттік.

Теңіз айта қаларлықтай тып-тыныш еді. Жағалаудан майда самал есіп тұрды. Консель екеуміз ескек есіп отырдық та, Нед Ленд рифтердің өте тар араларымен қайықты бағыттап отырды.

Қайық, басқарушының дегенінен шықпай, оқтай ұшып, зулап келе жатты.

Нед Ленд қуанышын жасырған жоқ. Taп бір бостандық алып, түрмеден шыққан адамдай болып отыр, бірақ көп кешікпей сол түрмеге қайта оралуға тура келетіні оның ойында да жоқ еді.

— Біз қазір ет жейміз! — деді ол әндетіп.— Қандай ет десеңізші! Ешбір қоспасы жоқ, нағыз аң еті! Рас, тек нансыз жейміз... Мен балық дәмді емес демеймін, бірақ өзіңіз ойлап қараңызшы, үнемі балық пен ғана отыру тіпті болмайтын нәрсе ғой! Қызыл шоқта қуырылған бір кесек жас ет болса, соның өзі-ақ дастарханның сәнін кіргізіп жіберер еді.

— О, мешкей!—деді Консель.— Сілекейімді шұбырттың ғой.

— Бірақ білу керек — дедім мен,— бұл ормандарда, аң бар ма екен өзі, егер бар болса, аңшының өзін аң етіп жіберетін зоры болып жүрмесін?

— Түк емес, профессор мырза! — деді Нед Ленд, ұстараның жүзіндей өткір тістерін ақситып.— Егер бұл аралдан басқа аң табылмаса, мен тіпті жолбарысты да, қуырылған бір кесек жолбарыс етін жеуге де бармын.

— Нед мені қорқытуға айналды,— деді Консель.

— Төрт аяқты қанатсызы ма, қанатты екі аяқтысы ма, аңның қай түрі болса да бәрі бір, қай бұрын кездескенін — мылтық оғын дәл тигізіп, қарсы алатын боламын.

— Еһе! — дедім мен.— Ленд тағы да құтыра бастады.

— Қапаланбаңыз, профессор,— деді канадалық,— батылырақ есіңіз! Жарты сағат өтпей-ақ ең жақсы әдіспен пісірілген, еттен алдыңызға табақ тартамын әлі.

Сағат сегізден отыз минут өткенде, Гвебороар аралын қоршаған маржандар шеңберінен аман-есен етіп шығып, құмды жағалауға да келіп жеттік.

Жиырма біpінші тарау

ҚҰРЫЛЫҚТА БІРНЕШЕ KYH

Қатты жерге аяғымыздың алғаш рет тиюі маған айта қаларлықтай үлкен әсер етті. Taп бір беріктігін сынап тұрғандай, Нед Ленд жерді аяғымен теуіп-теуіп қойды. Ал, бірақ капитан Немоның тілімен айтқанда,«Наутилуста» жолаушы болғанымызға, немесе дәлін айтқанда, капитанның тұтқыны болғанымызға, әлі екі ай да болған жоқ еді.

Бірнеше минуттесін біз теңіз жағасынан мылтық атым жерге дейін барып та қалдық. Бұл жердің қыртысы түгелдей дерлік маржан известері еді, бірақ, гранит кесектері толы, суы тартылып, кеуіп қалған өзен арналарына қарағанда, бұл аралды жанартаудан пайда болған арал деп топшылауға болар еді.

Көкжиегін тамаша сыңсыған ну орман жауып тұр. Кейбіреулерінің биіктігі екі жүз футқа дейін баратын орасан үлкен қалың ағаштардың аралары, шырмауық лиан өсімдіктерімен қосылып жел үп еткен сайын тербетіліп кетіп тұр.

Мұнда мимоздар, фикустар, гибис ағаштары, ұшы-қиыры жоқ қалың пальма орманы бар еді. Ағаштардың түбінде, олардың жасыл тарта бастаған қалың жапырақтарын паналап орасан зор орхидеялар гүл атуда.

Бірақ канадалықтың есіл-дерті тек қана пайдалы нәрсе болғандықтан, ол Новая Гвинеяның осынау тамаша өсімдік дүниесіне көңіл аудара қойған жоқ. Кокосты пальма ағашын тауып алып, бірнеше шаттауықты таспен атып түсіріп, аршып, бізге ұсынды. Біз кокостың сүтін ішіп, жұмсағын жеп рахаттанып қалдық, мұның өзі «Наутилустағы» күнбе-күн ішіп-жеп жүрген тағамдарымызға қыр көрсеткендік сияқты еді.

— Тамаша! — деді Нед Ленд.

— Дәмі өте жақсы екен! — деп Конесль де қостай қойды.

— Қалай ойлайсыз, капитан Немо «Наутилусқа» біраз кокос алып қайтуға рұқсат бермес пе екен? — деп сұрады менен канадалық.— Берер деп ойлаймын,—деп жауап қайырдым мен,— бірақ, айтпадың деме өзі оларды аузына да салмайды.

Өз обалы өзіне! — деді Консель

Онысы бізге жақсы! — деп іліп әкетті Нед Ленд.— өзімізге көбірек қалады ғой.

Бір минут сабыр етіңіз, Нед достым,— дедім мен, канадалық екінші бір пальмаға оқталған кезде.— Кокос шаттауықтары — өте жақсы нәрсе, бірақ одан көрі де пайдалырақ бірдеме жоқ па екен, қайыққа кокос толтырып алмай тұрып әуелі соны біліп алғанымыз жөн болар деймін. Менің ойымша жаңа піскен овощьтар «Наутилуста» бізге өте қажет.

— Қожайын дұрыс айтады,— деді Консель,— қайықты үшке бөлсек деймін. Біріне жеміс салып алайық, екіншісіне овощь ал үшіншісіне аулаған аңдарды салайық, бірақ аңдардың өзі әзір көрінбей тұр ғой?

— Консель, күдер үзудің қажеті жоқ,— деді канадалық.

— Сонымен, серуенімізден қалмайық жүрелік, тек сақтанып жүру керек болады. Аралда жан жоқ сияқты болғанмен кім біліпті, біз сияқты тамақ талғап тұрмайтын жергілікті тұрғындар бар болып шығуы да ықтимал ғой...

— Әһе-һе! — деп айғайлап жіберді Нед Ленд жұтынып.

— Әй, Нед, саған не болды? — деді Консель.

— Шынымды айтайын,— деді канадалық,— адам жегіштік тамаша кәсіп екенін мен енді ғана түсіне бастадым.

— Нед! Нед! Не айтып тұрсыз? — деді Консель таңданып.— Өзіңіз адамжегіш екенсіз ғой? Демек, сізбен бір каютада бірге болған күндерде, мен ылғи қатерлі жағдайда болыппын ғой, онда? Демек, бір сәтті күні таңертең ұйқыдан тұрғанымда денемнің жарым-жартысы желініп қойғанын бір-ақ біледі екем ғой?

— Консель достым, мен сізді жақсы-ақ көремін, бірақ аса зәру болмай тұрғанда сізді жеп қайтейін.

— Сенбеймін енді сізге,— деді Консель,— Жүріңіз аң аулайық! Мына каннибалға тезірек бір аң аулап бермесек, таяу күндердің бірінде қожайын өзінің бұрынғы қызметшісінің орнын сипап қалып жүрер.

Нед пен Консель осылай әзілдесіп келе жатқанда біз орманың шетіне де келіп қалыппыз. Біз екі сағаттың ішінде ну орманды ол шеті мен бұл шетіне дейін аралап шықтық.

Жолымыз болып, тропиктік аймақта өсетін аса пайдалы бір өсімдікке кездестік, бұл — біздің «Наутилуста» әбден аңсаған азығымызбен қамтамасыз етті.

Менің айтып отырғаным Гвебороар аралында өте көп шығатын астық ағашы еді; кешікпей-ақ біз мұның малайлықтар «рим» деп атайтын ұрықсыз бір түрін тауып алдық.

Астық ағашының басқа ағаштардан өзгешелігі — бойы тіп-тік биіктігі қырық фут болады. Оның айрым-айрым үлкен жапырақтардан құралған, дөңгеленіп біткен өте әдемі басы натуралистің көзіне бірдей түседі. Жапырақтарының ара-арасында үлкендігі бір дециметрдей, жалтыраған кедір - бұдыр қабығы бар, домалақ шар тәрізді жемістер де салбырап-салбырап тұр еді. Осы өте пайдалы ағаш ешбір күтусіз-ақ жылдың сегіз айы бойына жеміс беріп тұрады.

Нед Ленд мұны жақсы біледі екен. Талай саяхат кезінде жеп те көрген, қалай дайындауды да білетін болып шықты.

— Профессор мырза,— деді ол,— осы ағаштың жұмсағын қазір жеп көрмесем, шыдай алмай өліп кетуім мүмкін.

— Жеп көріңіз, Нед, жеп көріңіз. Мұнда өзіміз де сол үшін келдік қой. Тартынбаңыз!

— Бұл онша көп уақыт алмайды,— деді ол.

Канадалық әйнекті алды да, қурап қалған ағаштарды жинап алып от жақты.

От шатырлап жана бастады.

Бұл кезде Консель екеуміз қолайлы бір астық ағашын таңдап та алдық.

Бұлардың кейбіреулерінің жемістері әлі пісіп жеткен жоқ екен, олардың қалың қабықтары ақ жұмсақты әлі жауып тұр еді.

Мұның есесіне іркілдектері мен сарғыштары — бұлар өте көп еді — бізді қашан жұлады деп күтіп тұр еді.

Консель осындай он жемісті Недке алып келді.

Айта кету керек, бұлардың дәні болмайды, канадалық бұларды бөлшектеп кесті де, жанып жатқан отқа салды.

— Мұның қандай тәтті нан екенін әлі көрерсіз, профессор мырза,— деп қойды канадалық, отты көсей түсіп. Әсіресе екі айдан бері нан көрмегендерге,— деп қосып қойды Консель.

— Бұл тіпті нан да емес,— деді канадалық сөзін жалғастырып, мұның өзі аса тәтті пирожное. Мұны сіз ешуақытта жеп көрмеген боларсыз, профессор мырза?

Ешуақытта, Нед.

Олай болса жер бетінде жоқ рақатқа батуға даярлана беріңіз. Егер сіз екінші үлес сұрамасаңыз, онда менің сүңгішілердің королі деген атағым құрып-ақ кетсін.

Бірнеше минут өткеннен кейін жемістің от жақ беті қарайып күйді де әрбір кесегінің орта шенінде ағарған жұмсақ нәрсе пайда болып, артишок исі шықты.

Мойындау керек, бұл шынында да өте тәтті нан екен, мен аса сүйсініп жедім.

— Бір өкінішті нәрсе,— дедім мен,— мұның жұмсағы осы күйінде көпке шыдамайды-ау деймін. Сондықтан оны алып қайтудың қажеті болмас, сірә.

— О не дегеніңіз, профессор мырза! — деді ашуланып, Нед Ленд.— Сіз мұны натуралист-теоретик ретінде айтып отырсыз, ал мен болсам, мен кәдімгі нан пісіруші-практик тұрғысынан қараймын. Консель, бұл жемістің біразын жинап қойыңыз, қайтарда өзімізбен бірге ала қайтамыз.

— Бұларды сіз азық қоры етіп сақтамақшысыз ба?

— Мен бұлардың жұмсағынан қамыр жасаймын, қамыр ашығаннан кейін, көпке дейін бұзылмайды. Оны «Наутилустың» кухнясында пісіріп алу керек болады, ал піскен кезде дәмінің қышқылдығына қарамастан көмей суырғандай тәтті болады, бармақтарыңызды жалайтын боласыздар, әлі.

— Менің байқауымша, Нед, сіздің наныңыз айтса айтқандай екен, бізге енді басқаның керегі де бола қоймас...

— Керісінше, профессор мырза,— деді канадалық,— көңіл тоқ болу үшін әлі овощь пен жемістен де жинап алуымыз керек болар.

— Жақсы онда, жеміс пен овощь іздеп көрелік.

Астық ағашының жемісін жинап алып, «жер» азығын іздеуге тағы шықтық.

Бұл сапарымыз да сәтсіз болған жоқ, түске дейін керегімізше банан жинап алдық. Мұның өзі жыл бойына пісіп тұратын, аса нәзік тропиктік жеміс. Бұларды шикілей-ақ жей береді. Біз банандардан басқа, өте тәтті манго жемістері мен бірнеше ірі-ірі ананастарды да таптық. Бұларды жинау көп уақытымызды алса да, оған біз өкінгеніміз жоқ.

Консель Нед Лендтен екі көзін айырар емес. Алда келе жатқан сүңгіші қорды молайту үшін, бұталар мен ағаштардың қасынан өте бере көзіне ілінген жемістің бәрін үзіп әкетіп барады.

— Ал, Нед достым,— деді ақыр аяғында Консель,— енді қанағаттанған шығарсың? Алғыңыз келгеннің бәрін де алдыңыз ғой?

— Мм...— деді Нед міңгірлеп.

— Қалан, әлі де қанағаттанған жоқсың ба?

— Мынау шөптердің бәрі де астың дәмін келтіретін нағыз десерт, тәтті нәрселер ғой. Айтпақшы, сорпа қайда? Қуырдақ қайда?

— Я, я, Нед,— дедім мен,— тілеуіңізді берсін, бізді котлетпен сыйлаймын деген уәдеңізді ұмытып кете көрмеңіз! Сол котлеттеріңнің өзін мен көре алмай тұрмын-ау?

— Профессор мырза,— деді канадалық,— аң аулау сапарымыздың аяқталмағаны былай тұрсын, шынында біз оған әлі кіріскеніміз де жоқ, сабыр етіңіз! Бұл жерде болмаса, басқа бір жерде қанатты немесе төрт аяқты аңға әйтеуір бір кездесеміз.

— Егер де бүгін болмаса, басқа бір күнде,— деп бір іліп әкетті Консель.— Алайда, орманның түкпіріне қарай барудың қажеті болмас. Қайыққа қарай қайтсақ деймін.

— Қалайша? Болғанымыз ба? — деп айғайлап жіберді Нед.

— Қараңғы түскенше біз қайтуға тиіспіз,— дедім мен.

— Сағат қанша, өзі қазір? — деді канадалық.

— Күндізгі екіден бір кем емес,— деп жауап қайырды Консель.

— Қатты жер басып тұрған кезде, күннің зырлауын-ай,— деп күрсінді Нед Ленд.

Біз орман ішімен қайттық. Жол-жөнекей өзіміздің азық қорымызды пальма ағаштарында өсетін капуста жапырақтарымен толықтырып алдық, бірақ бұларды ағаш басына шығып отырып алуға тура келді. Малайялықтар «абру» деп атайтын жасыл бұршақтарды да, жоғары сапалы ямстарды да қоса алдық.

Біз қайыққа діңкеміз құрып әбден шаршап қайтқан едік. Сонда да Нед Ленд, жинаған азық-түлігіміз өте аз болды деген пікірде болды. Оған тағдыр да болысты. Қайыққа отырып бола бергенімізде ол биіктігі жиырма бес-отыз футтай бірнеше сақ ағашын байқап қалды.

Астық ағашы сияқты, бұл өте пайдалы ағаш ең асыл Мелапезпя азықтарының бірі болып бағаланатын.

Нед Ленд мұны қайтетінін біледі екен.

Бананы алып жіберіп, бірнеше минуттың ішінде екі-үш ағашты шауып түсірді.

Мен канадалықтың жұмысына қарны ашып отырған адамнан гөрі, натуралист тұрғысынан қадағалап, қарап отырдым. Ол ең алдымен, әрбір ағаштан қалыңдығы басбармақтай қабық сыдырып алды; ағаштың қабығы сыдырылған жерінен ұйысқан талшықтар көрінді, ал бұлардың араларынан үн көрініп тұрды. Бұл үн Меланезия халқының негізгі қорегі екен.

Сөйтіп біз күндізгі сағат бесте барлық жиған-терген азық-түлік қорымызды тиегі алып, жарты сағаттан кейін «Наутилустың» қасына келіп тоқтадық.

Бізді ешкім қарсы алған жоқ. Орасан зор темір цилиндрде тірі жан жоқ сияқты болып көрінді.

Жүктерді тасып болып, мен өз каютама келдім. Мұнда мені кешкі тамақ күтіп тұр екен. Тамақтанып алдым да, ұйқыға кірістім.

Келесі күні де еш өзгеріс болмапты. Кеме ішінде ешқандай дыбыс — тіршілік белгісі жоқ. Қайық сол өзіміз қалдырып кеткен орында қиқалақтап әлі тұр. Гвебороар аралына қайта бармақ болдық.

Нед Ленд өткен күннен бүгінгі сапарымыз сәттірек болар деген үмітте еді. Мұның үстіне, біз бұл жолы орманның басқа бір бөлегін араламақшы едік.

Күн шығысымен біз жолға шықтық. Жағалауға қарай зырғыған толқындардың демеуімен қайық аралға келіп те қалды.

Біз қайықтан түстік те Нед Лендтің айтқанына еріп жүре бердік, ойымыз ұзын аяқ канадалыққа ере алмай, қалып қоймау.

Нед Ленд бізді аралдың батыс жақ бөлегінің ең түкпіріне ертіп барды. Бірнеше кішірек өзенді белден кешіп өтіп, бір жағы қалың орманмен тұтасқан жазыққа шықтық. Бірнеше зимород өзен жағалауында пыр-пыр ұшып-қонып жүрді, бірақ оқ бойы келтірмеді.

Бұл құстардың мына қылықтарынан мен олардың бұл екі аяқты жәндіктерді тұңғыш көруі емес, адамнан нені күтуге болатынын біледі екен деген ойға келдім.

Осы кең жазықпен жүріп отырып, құстар сайрап тұрған бір кішкене орманға келдік.

— Әзірге құстан басқасы көрінбейді,— деді Консель.

— Бірақ олардың арасында жеуге жарайтындары да бар,— деп жауап қайырды сүңгіші.

— Ей, солай болса игі еді, достым,— деді Консель сеніңкіремей. Менімше, мыналарың — тоты құстар.

— Достым, Консель, — деді канадалық маңғаздана,— жейтін ештеңесі жоқ адамдарға тотықұстар қырғауылдан кем болмас.

— Мен өз тарапымнан айтсам,— дедім мен канадалықты қостап,— жақсы пісірілген тотықұстың еті өте тәтті болады.

Шынында да, ағаштардың қою жапырақтарының арасы егер біреу-міреу жақсылап қолға алса, адамша сөйлеп кеткелі тұрған, сыңсыған тотықұс дүниесі екен.

Осыны күтіп, олар өздерінің әр түсті серіктерімен әлдене деп былдырлап, бір бұтадан екінші бұтаға, бір ағаштан екінші ағашқа секіріп, ұшып-қонып жүр. Мұнда тотықұстар отрядының барлық түрлері де бар екен: әлденендей бір философия мәселесін шешу жұмысымен шұғылданып жүргендей, аяғын бабымен ғана басатын маңғаз — какаду, ұшқан уақытта жел ұшырған түрлі түсті кесек мата сияқты боп көрінетін әдемі ашық түсті арарлар, басқаларының бәрінен адам тілін жақсы үйренсіп алатын, өте есті — жаколар осылар сияқты басқа да көптеген тотықұстарды көрдік, бірақ бұлардың көпшілігі жеуге жарамайтын құстар еді.

Алайда, осы коллекцияның ішінен мен бір экспонатты көре алмадым: менің бұл айтып отырғаным, тек осы жақта ғана болатын, Новая Гвинея мен Арру аралдарынан басқа ешбір жерде болмайтын бір құс еді. Бірақ, тағдыр маған мейрімділік етіп, бұл құсты көрсетті.

Сирек орманның арасынан бұта басып кеткен бір жазық көгалға шықтық. Бұл жерден мен біздің аяқ басқан дыбысымыздан шошынған әлденендей бір-екі құсты көрдім; өздерінің қауырсындары тек желге қарсы ұшуға ғана бейімделіп бітіпті. Олардың ауада шеңбер жасап, ирелеңдеп ұшуы, құйрық қауырсындарының бояуының айтып беруге тіл жетпестей, әдемі құбылуы осылардың бәрі адамның назарын аударып, сүйсіндіре түседі. Мен бұларды оп-оңай тани қойдым да:

— Мыналар жұмақ құстары ғой! — деп айғайлап жібердім.

— Өр кеуделілер бөлімі, торғай тәрізділер отряді, семьясы жұмақ құсы,— деп салды, сол арада-ақ Консель.

— Мүмкін, құрлар семьясы шығар? — деді Нед Ленд.

— Жоқ, достым, Нед,— дедім мен,— бұлар құр емес, бірақ өзіңізге тон ептілік-икемділікпен тропиктің осы тамаша құстарының бірін ұстап берсеңіз, мен сізге өте қарыздар болар едім.

— Шынын айтқанда, мылтықтан көрі сүңгіге дағдыланып кеткен адам болсам да, ұстап көрейін, профессор мырза,— деді Нед.

— Жұмақ құстарын сатып кәсіп ететін малайялықтар, ол құстарды ұстау үшін әралуан тәсіл қолданады, бірақ амал қайсы, біздерге ол тәсілді қолдануға болмады, өйткені малайялықтар, кейде жұмақ құстары ұя салатын биік ағаштардың бастарына тұзақ құрып қояды; кейде арнаулы ете жабыскақ желім жағып қойып, сол арқылы да ұстайды; тіпті болмаса, сол құстар келіп cу ішіп үйренген суларды улап қойып та ұстайды.

Ал, біз болсақ, бізде олар ұшып жүрген кезде атудан басқа қолданар амал жоқ, бірақ бұдан күтер үміт те азды. Шынында да, біз едәуір оғымызды шығарып, олардың бірде-бірін атып түсіре алмадық.

Таңертеңгі сағат он бірде аралдың орта шеніндегі іркес-тіркес жоталардан да өтіп кеттік, бірақ бірде-бір айуан атаулы көзімізге түспей қойды. Қарынымыз да аша бастады. Ауланатын аңға сеніп, азық алып шықпап едік, енді мұнымызға қатты өкіндік.

Әйткенмен, бізді де қуандырып, Консельді де қайран қалдырып көгершіндер кез болды. Екі атқанда, бір ақ көгершінді, бір қыр көгершіннің қатарынан түсірдік. Сөйттік те жүндерін жұлып, қолма-қол шыбықша жасап шаншып алып, қураған ағаштардың отына қақтап, қуыруға кірістік.

Консельдің бақылауымен бұлар қуырылып жатқанда, Нед Ленд астық ағашының жемістерінен нан даярлап жатты.

Сонымен, ақ көгершін мен қыр көгершінінің бір тал сүйегіне дейін қалдырмай жеп алдық! Олардың жейтін мұсқат шаттауықтары, еттеріне өзгеше бір хош иіс берген, не керек, бұл қуырдақ шынында да, тамаша тағам болды.

— Еті, жемдеп семірткен тауық етіндей дәмді екен! — деді Консель.

— Ал, Нед,— дедім мен,— енді не жетіспей тұр сізге?

— Жетпей тұрғаны — төрт аяқты аң, профессор мырза,— деп жауап қайырды жалғайтын шайнама ғана. Сондықтан мен етінен котлет жасауға болатын кәдуілгі төрт аяқты аңды өлтірмей көнлім көңшитін емес.

— Ал менің бар ғой, Нед, жұмақ құсын ұстамай көңлім жай табар емес.

— Сонымен, аңды аулай беретін болдық,— деді Консель.— Тек енді кейін қайталық, теңізге жақын маңда болайық. Біз қазірдің өзінде-ақ таудың етегіне келіп қалдық, менің ойымша, не де болса, орманның қалың түкпіріне енгеніміз ақылдылық болар.

Консельдің бұл пікірі дұрыс еді, сондықтан біз оның кеңсін мақұл көрдік. Бір сағат шамасы жүргеннен кейін біз бір орманға келдік, бұл кілең саго ағашының орманы екен. Аяқтарымыздың астынан жорғалап бірнеше рет жыландар да өтіп кетті, бірақ улы жыландар емес еді. Мұнда жұмақ қустары бар екен, мылтық оғы жететін жерге келе бергенде, ұшып кете берді, мен оларды жақыннан жақсылап көруден әбден үміт үзген едім, бірақ осы арада, менің алдымда келе жатқан Консель кенеттен әлденеге еңкейді де қуанғаннан дауыстап мені шақырды, келсем, тамаша бір жұмақ құсын ұстап тұр екен.

— Уа, жаса, Консель! — дедім мен.

— Қожайын аса мейрімді екен,— деп жауап қайырды Консель.

— Жоқ, жоқ, достым, сен ғажап іс істедің. Жұмақ құсын құр қолмен тірідей ұстап алу деген көрінгеннің қолынан келе бермейтін іс.

— Егер де қожайын жақын келіп көрсе, ол менің еңбегімнің онша емес екеніне түсінеді.

— Неге Консель?

Өйткені бұл құс ес-түсін білмейді, удай мас.

Mac деймісіз?

Я. Бұл мускат ағашының түбінде отырып алып, мускат шатауықтарын жей берген де мас болып қалған, сондықтан оны ұстап алу маған түкке де тұрған жоқ. Жақсылап қарап алыңыз, Нед: беталды сылқыта берудің зыян екенін көрсететін көрнекі дәлел міне осы!

— Бірақ, біліп қойыңыз, Консель, соңғы екі айдың ішінде пәлендей мөлшерде арақ іштің деп мені кіналау обалырақ болар!—деп жауап айырды канадалық.

Бұл кезде мен құсты қарап тұр едім. Консель мені алдамапты: жұмақ құсы шынында да мускат шаттауығының шырынына мас болып қалыпты. Ол тіпті ұшу түгіл, жүрудің өзіне шамасы зорға келетіндей дәрменсіз халде екен.

Консель ұстаған құс Новая Гвинея мен оған көршілес жерлерде болатын жұмақ құсының сегіз түрінің ішіндегі ең әдемісі еді. Олардың бұл түрі «Зұмрет» деп аталып кеткен, өте сирек ұшырайтын түрі болатын. Құстың үлкендігі — отыз сантиметр; басы кіп-кішкентай; тұмсығымен; қатар біткен екі көзі тіпті кішкентай еді.

Әсіресе, түрі әдемі-ақ: тұмсығы — сап-сары, табаны мен тырнақтары — қызылкүрең, қанаты — ақшабдар, қанатының шеті шымқай қызыл, айдары солғынсары, мойны — жасыл зұмред түсті, төсі мен бауыры — қарақоныр еді. Доғаша иіле біткен ақ мамық қос қауырсынының нәзік, әдемілігі оның құйрығына өзгеше сұлу өн беріп тұрар еді. Жалпы алғанда, бұл құс өте әсем, сұлу құс болатын: бұған жергілікті халықтардың, «күн құсы» деп қойған аты да тауып қойылған, әрі лайық ат еді.

Мен осы қолға сирек түсетін құсты, қалай да Парижге апарып, әлі күнге дейін бір де бір жұмақ құсы жоқ зоологиялық баққа сыйға тартқым келіп-ақ қалып еді.

— Мұның өзі шынында да сирек ұшырайтын құс па? — деп сұрады Нед Ленд, жеуге жарамайтын аңды түкке тұрмайтын аң деп білетін аңшы тұрғысынан қарап.

— Шынында да, солай, Нед, оның үстіне жұмақ құсын тірідей ұстаудың өзі өте қиын жұмыс. Керек десең бұл құстың өліп қалғаны да аса бағалы болады. Сондықтан Европада інжу-маржанды қолдан жасағандай мұнда да түземдіктер жұмақ құсын қолдан жасайтын болған.

— Қалай? — деп қалды Консель.— Олар жұмақ құстарын қолдан жасай ма?

— Я, Консель.

— Оны қалай жасайтынын да қожайын біле ме?

— Білемін, Консель. Жұмақ құстары жазғы түлеу кезінде тамаша құйрық қауырсындарынан айрылады.

- «Жалған құсшылар» бұл қауырсындарды жинап алады да, бір бұлбұл сорлыны ұстап алып, құйрығын жұлып тастап, оған жұмақ құстарының құйрық қауырсындарынан құйрық жасайды, жасағанда қауырсындарды оның құйрығының орнына не желімдеп жапсырады да, не тігеді. Бұдан кейін тігісін не желімдеп жапсырған жерлерін бояп құсты «жалтыратады» да, осы бір өзгеше өнерлерінің жемісін Европа музейлеріне немесе жеке адамдарға жібереді.

— Несі бар,— деп қалды Нед Ленд,— бұған ренжитін түк те жоқ. Егер бұл құс жеуге жарамайтын болса, онда оның ең керек нәрсесі қауырсыны, олай болса, қауырсының алса болды.

Сонымен, жұмақ құсын қолға бір түсірсем екен деген менің арманым орындалды, бірақ Нед Лендтің котлет туралы арманының орындалуына әлі көп бар еді.

Әйткенмен, күндізгі сағат екі шамасында, канадалық бақытына қарай, түземдіктер «бари-утанг» деп атайтын бір орман қабанын атып алды.

Қуырдаққа қарқ қылған Недтің бұл атысына, біз мәз-мейрам болдық.

Нед Ленд өзінің бұл табысына масаттанып қалды. Қабан электр оғы тиісімен-ақ серейген-ді. Канадалық оның терісін тез сыпырып алып, кешкі тамаққа, етінің ең бір сүбелі жерін кесіп алды. Осыдан кейін аң аулау қайта басталды. Бұл жолы да Нед Ленд пен Консельді ерекше көзге түсірерлік істін сәті түсіп тұр еді.

Шынында да, қалың бұталардың арасынан достар күтпеген жерден бір топ кенгурды үркітіп алды, олар серпінді аяқтарымен орғый секіріп қаша жөнелді.

Өздері өте жүйрік екен, бірақ электр оғы олардан жүйрік болып шықты.

— Эх, профессор мырза,— деп айғайлап жіберді сәті түскен іске мәз болған Нед Ленд,— әсіресе, бұзылмаған күйінде қандай аң десеңізші! «Наутилуста» қандай азық, бұлар! Екі, үш, төрт кенгуру. Ойланызшы, бұларды тек өзіміз ғана жейміз-ау, әлі, ал әлгі анау есектер болса, мұны жемек түгіл, иіскеп та көрмес.

Менің ойымша, егер де канадалық табысқа мастанып, барды-жоқты айтып, мылжыңдап кетпесе, ол кенгурудің бар тобын қырып салатын еді. Бірақ, Консель айтқандай, кенгуру семьясына, қосқарындылар бөліміне жататын осы бір топ сүтқоректілермен қанағаттануға тура келді.

Біз өлтірген кенгурулер кішіректеулері еді. Бұлар қоян тәріздес кенгуру тұқымы болатын. Өздері түн жануарлары, күндіз қалың ұйқыда жатады. Жүйріктігінің үстіне бұлар аса оралымды да жануарларды. Шағындау терілеpi де өте қымбат бағаланатын.

Ьүл жолғы аң аулау сапарымыздың нәтижелі болғаныма бәріміз де өте разы едік. Бұл табысқа мәз болған Нед келесі күні осы тамаша аралға қайта келіп, мұндағы жеуге жарайтын барлық төрт аяқтыларды қырып салмақшы еді. Бірақ ол жағдайдың мүлдем өзгеріп кеткенін білмеген екен.

Кешкі сағат алтыда біз теңіз жағасына да келіп жеттік. Қайык өзіміз қалдырып кеткен жерде тұр екен. Алыстан ұп-ұзын риф сияқты боп көрінетін «Наутилус» бізден екі мильдей-ақ жерде судан шығып көрініп тұрды.

Нед Ленд дереу, түскі ас даярлауға кірісті. Ac пісіругс келгенде ол үлкен шебер адам еді. Оның «бари-утанг-тан» қуырып жатқан котлеттері ауаны тамаша бір хош иіске бөлеп жіберді...

Қуырылған бір кесек етті көргенде өзім де есім шығып канадалыққа ұқсап кетіп отырдым. Канадалықты кешіргенімдей, оқушы да менің мұнымды кешіргей тағы.

Түскі тамақ ойдағыдай-ақ болды. Екі қыр көгершіні де қосылып қалыпты. Саго ағашының қамыры, астық ағашының жемісі, манго ағашының бірнеше жемісі алты ананас, кокос шаттауығының ашыған шырыны бізді өте көңілдендіріп жіберді. Менің айтулы жолдастарым да, өзім де әбдеп тойып, ауырлап кеттік.

Егер біз бүгін «Наутилусқа» қайтпай-ақ қойсақ қайтер еді? — деген ұсыныс жасады Консель.

Бүгін де, ертен де тіпті мүлде қайтпасақ қайтер еді? — деп қосып қойды Нед Ленд.

Осы секундте аяғымыздың астына бір тас келіп тарс ете түсті.

Жиырма екінші тарау

КАПИТАН НЕМОНЫҢ СУЫТ ҚАБАРЫ

Біз отырған күйімізде орман жаққа қарай қалдық! Мен қолымды аузыма апара бере тұрып қалдым.

Әдетте тас аспаннан түспейді, — деді Консель. — Ал аспаннан түсе қалса, оны аэролит деп атайды.

Пікірінің өте орынды пікір екенін қуаттағандай, алдыңғы тастан көрі екінші тас дәлірек түсіп, Консельдің мүжіп отырған қыр көгершінінің аяғын қолынан жұлып әкетті.

Біз қандай шабуылға болса да қарсыласуға дайын екенімізді білдіріп мылтықтарымызды алып ұшып түрегелдік.

— Шынымен-ақ, маймылдар ма, бұлар? — деп қалды Нед Ленд.

— Маймыл деуге де болады,— деп жауап қайырды Консель.— Бұлар — тағылар.

— Қайыққа барыңдар! — деп команда бердім де, өзім теңізге қарай жүрдім.

Шынында да, шегінетін кез келген екен, өйткені жүз адымдай жерде көк жиегін қалқалап тұрған қалың тоғайдың бір жақ шетінен үлкен садақ, сақпандарымен қаруланған жиырма шақты адам көрінді.

Қайық бізден жиырма-ақ метрдей жерде еді.

Тағылар қауып төндіріп асықпай, жай басып жақындай берді. Садақтан атқан оқтар мен лақтырылған тастар жаңбырша жауып кетті.

Нед Ленд жинастырып алған азық-түлікті тастап кеткісі келмей төніп келе жатқан қауіпке қарамастан, қабанды, кенгуруларды қайыққа алып келді.

Екі минуттың ішінде азық-түлік, қару-жарақтарды қайыққа тиеп алып, итеріп суға түсіріп, ескектерді тұтқаларына бекіттік те, отырып, есе жөнелдік. Екі кабельт ұзамай-ақ жүзге жуықтағылар улап-шулап белдерінен теңізге түсті. Бұлардың айғайлары «Наутилус» командасының көңілін аударар деп ойлап едім, бірақ кеменің үстіне ешкім шыға қоймады.

Жиырма минуттан кейін біз «Наутилусқа» да келіп жеттік.

Кеменің кірер аузы ашық екен. Қайықты кеменің қабырғасына байлап, ішке кіріп кеттік.

Органның дыбысы естіліп тұрған салонға кірдім. Капитан Немо аса шабыттана ойнап отыр екен, тіпті менің кіргенімді де байқамай қалды.

— Капитан! — дедім мен.

Ол естімеді.

Капитан! — дедім мен тағы да бір қолымды иыгына тигізе.

Капитан селк етіп жалт қарады.

— Ә, сіз бе едіңіз профессор мырза, — деді ол. — Ал, аңды қалай ауладыңыз? Қандай өсімдіктер таптыңыз?

Өте жақсы ауладық, капитан, рақмет. Бірақ, иесін жасырайын, біз бір топ қосаяқтыларды да соңымыздан ерте келдік, ал олардың қасымызда болуы қауіпсіз де емес...

— Қосаяқтыларды?

— Тағыларды.

— Тағылар ма? — деп мырс етті капитан Немо даусын соза. — Планетамызға аттап шықпай жатып-ақтағыларға кездесіп қалғаныңыз, сізді шынымен-ақ таңдандырған ғой, тегі? Сол тағылар қайда ғана жоқ екен! Айтқандай-ақ, сіздіңтағылар деп тұрған адамдарыңыздың басқа адамдардан несі жаман?

Бірақ, капитан...

Әңгіме маған қалып тұрса, онда менің тағыларды көрмеген жерім жоқ.

Әйткенмен, — деп жауап қайырдым мен,— бұл тағылар «Наутилусқа» шабуыл жасамасын десеңіз, сақтану шараларын қолдануға кеңес беремін.

Сабыр етіңіз, бұған абыржудың қажеті жоқ.

Бірақ, тағылар өте көп!

Көп па?

Жүзден кем емес!

Аронакс мырза, — деді капитан тағы да органның тілдерін басуға саусағын ыңғайлап — осы жағалауға бүкіл Новая Гвинеяда тұратын түземдіктер түгел жиналса да, Наутилусқа» одан келер түк қауіп жоқ.

Қапитанның саусақтары орган тілдерінің үстінде тағы да жорғалай жөнелді. Мен оның үнемі қара сүйек тілдерді басып отырғанын байқап қалдым, мұның өзі оның музыкасына мұңды, шерлі күйдің сазын беріп тұр еді. Қасында менің тұрғанымды ол лезде-ақ ұмытып, музыка беріліп кетті. Мен ойын бөлгім келмей ақырын басып шығып кеттім.

Сол бетіммен кеменің үстіне шықтым. Түн күшіне толық кірген екен, бұл жақта, осы өте төмен ендікте ешбір іңірсіз, ымыртсыз бірден түн болады. Гвебороар аралы қараңғы түнде сәл ғана қарауытып көрініп тұрды. Ал жағалауда жағылған самсаған оттарға қарағанда тағылар бұл арадан кететін көрінбеді.

Ұзақ сағаттар бойына мен кеме үстінде жалғыз тұрдым осы тұрғанда есіме біресе түземдіктер түсті (бірақ бұл жолы олардан қорыққам жоқ, өйткені капитанның тұжырымды сөздері, мені сендіріп тастаған еді), біресе осынау тропиктік түнді тамашалаумен болдым.

Мөлдір аспанның солтүстік құламасынан жымыңдаған жұлдыздарды көргенде, олардың енді бірнеше сағаттан кейін менің отанымда жымыңдайтыны еске түскенде, менің ой-қиялымды Франция билеп кетті.

Ай, жұлдыз жарығын еңсере, көтеріле берді. Жердің осы айнымас серігі енді екі күннен кейін теңіз суын көтеpiп, «Наутилусты» маржандар төсегінен тұрғызу үшін, сол бір жүрген жолымен тағыда жүріп өтеді-ау деп ойлап тұрмын.

Түн ортасы кезінде, ағаштардың саясында мүлгіп жатқан жағалаудай, қарауытқан теңіз бетінің де тып-тыныш жатқанына әбден көзім жеткеннен кейін, мен өз каютама келіп, ың-шыңсыз ұйықтап қалдым.

Түнде ешқандай оқиға болған жоқ. Тағылар, тегі, суда жатқан кереметтің түрінен-ақ қорықса керек, әйтпесе ашық тұрған ауыздан «Наутилустың» ішіне оп-оңай-ақ кірер еді ғой.

8 январьда, таңертеңгі сағат алтыда мен тағы да кеменің үстіне шықтым. Таң сәулесі түн пердесін жаңа ғана түре бастаған екен.

Ыдырай бастаған тұман арасынан көп кешікпей арал да көрінді, көрінгенде ең алдымен, теңіздің жағасы одан кейін ағаш басы ғана көрінді.

Түземдіктер әлі де жағалауда екен, тіпті көбейіп кетіпті қарасыны бес-алты жүздей. Кейбіреулері судың қайтуын пайдаланып, төбелері судан шығып, көрініп қалған рифтердің үстімен «Наутилусқа» екі кабельттей жақындап келіп қалған.

Мен оларды жай көзбенақ апайқын көріп тұрмын. Бұлар сырықтай ұзын бойлы, аса сымбатты, тіп-тік жазық маңдайлы, тістері аппақ, мұрындары добалдай кәдуілгі папуастар еді; қызыл түске боялған бұйра шаштары жылтыр қара денелері ерекше көзге түседі. Құлақтарына сүйектен шолпы тағып алған.

Еркектерінің көбі тырдай жалаңаш. Араларында бірнеше әйел де бар, олар тізесіне дейін түсетін, шөптен тоқылған юпкелерін лиан өсімдігінен өрілген белбеумен белінен буынып алған. Тағылардың кейбіреулерінің, тегі бұлар басшылары болу керек, мойындарында ақ, қызыл түсті моншақтардан алқалары бар.

Тағылардың бәрі садақ, оқ, қалқандармен қаруланған. Көбі керегекөз дорбаларға домалақ тас толтырып арқалап алған, булар сақпанның оқтары еді.

Бұлардың басшыларының бірі басқаларынан гөрі жақындау келіп «Наутилусқа» қадала қарап тұрды. Тегі, мұның өзі үлкендерінің бірі болуы керек, өйткені тұла-бойы банан жапырақтарымен безенулі екен.

Жап-жақын тұрған осы тағыны атып тастау маған түкке тұрмас еді; бірақ мен істің артын күттім.

Су қайтып болғанша тағылар «Наутилусты» төңіректеді де жүрді. Бірақ ешқандай дұшпандық әрекет істемеді.

Мен бұлардың әлсін-әлі «асса» деп қайта-қайта айтып тұрғандарын да естідім, жағаға шық деп мені шақырып тұрған белгілеріне де түсіндім. Алайда, олардың шақыруын қабыл алуды мақұл көрмедім.

Бұл күні қайық әрине, «Наутилустың» жанынан қыя шыққан жоқ еді; мұның өзі азық-түлік қорын молайтқысы келіп жүрген Нед Лендті өте қатты қынжылтты.

Қолынан келмейтіні жоқ, шебер канадалық уақытты босқа өткізбеу үшін аралдан алып келген ет пен «ұннан» консерв жасауға кірісті.

Таңертеңгі сағат он бірде су тасып, құздарды толқын жуа бастаған кезде, тағылар дереу жағаға қайтты.

Әйтсе де, жағалауға тағылар үсті-үстіне үймелей берді; «Наутилустың» келгендігі туралы хабар, тегі, жақын маңдағы аралдардың бәріне де жетіп, Гвебороар аралына түземдіктер тұс-тұстан келіп жатса керек. Әйткенмен, бірде-бір қайық көрінбеді.

Айдың толатын уақыты жақын болғанмен, уақыт тымақ баяу өтіп жатты, сондықтан мен суға ау салып серпілейін дедім. Мөлдір судан раковиналарды да, зоофиттерді де, су астының өсімдіктерін де ап-айқын көріп тұрмын. Айтқандайын бұл аранын жануарлары мен өсімдіктерін зерттеу жұмысын кейінге қалдыруға болмайды, өйткені егеp де капитан Немо есебінен жаңылып айтпаса, біз Гвинеяның жағалауынан ертең жоқ арғы күні жүреміз.

Консель маған бір жеңіл ay әкеліп берді, мұның өзі устрицтерді аулайтын ауға ұқсас еді.

— Тағылар өздерін қалай ұстап жүр,— деп сұрады Консель.— Қожайын рұқсат етсе, маған олар сонша пәле қуған, қаскүнем адамдар сияқты болып көрінеген жоқ дер едім.

— Солай бола тұрса да, олар адамжегіштер, достым.

— Адамды жейтін адам, қалайда жауыз болуы керек пе екен?—деп қарсы пікір айтты Консель.— Жөні түзу адам бола отырып-ақ тамақсау болуға болады ғой. Мұның бірі екіншісіне кедергі бола алмайды.

— Жарайды, Консель, сен жеңдің,— бұл адамдар — адамжегіштер, олар қолдарына түскен тұтқындарды барлық сыпайылық ережелерді сақтай отырып-ақ жейді. Алайда, мен сол адал адамдарға жем болғым келмейді, сондықтан сақ болғым келеді. Өйткені «Наутилустың» капитаны ешқандай сақтық шараларын қолданбай отыр.

Ал енді іске кіріселік!

Екі сағат бойына, біз құлшына ау ауладық, бірақ айтарлықтай ештеңе түсіре алмадық: ауымызға «Мидас құлақтары» деп аталатын ракушкалар толып қала берді, бұрын-соңды мен кездестіріп жүрген жәндіктердің ішіндегі ең әдемісі арфтар мен молотоктар ғой дейім. Біз бірнеше голатурий, інжу раковиналарын лоне бір топ кішкене тасбақа ұстадық, соңғыларды, әрине, кухняға бердік. Міне, ешнәрсе ойламаған, күтпеген минутта, мен бір кереметті көрдім. Шынына келгенде, мұны өте сирек кездесетін, бір азғын деу керек болар еді. Консель жаңа ғана салған ауын ракушкаларға толтыра тағы да алып шыққан-ды, осы арада, мен ауды бас салып ішінен бір раковинаны ала-сала конхиологтың даусына салып айғайлап жібердім, айғайлағанда тіпті бұрын-соңды адам өңешінен шықпаған дауыспен қатты айқайладым, Консель, маған қарап аң-таң.

— Қожайынға не болды? — деді таңданып Консель.— Қожайынды біреу-міреу тістеп алған жоқ па?

— Жоқ, достым, бірақ мен мұндай олжа үшін бір саусағымды жұлып әкетсе де өкінбес едім.

— Қандай олжаға?

— Мына раковина үшін!—дедім мен масаттана.

— Бірақ бұл кәдуілгі шымқай қызыл олива ғой, олива болғанда да кәдімгі олива тұқымдас, ескек желбезектілер отрядына, қарынаяқтылар класына жататын моллюскалардың бір түрі ғой...

Дұп-дұрыс, Консель, бірақ бұл раковина оңнан солға қарай бұралудың орнына, солдан оңға қарай бұралып біткен.

Қойыңызшы! — деп қалды Консель.

— Шын достым. Бұл солақай-раковина!

— Солақай-раковина! — деді Консель де даусы сәл дірілдеп.

— Бұрамына қарашы.

— Қожайынның маған сенуіне болады,— деді Консель раковинаны қолына ептеп қана алып жатып,— мұндай таңданбаспын.

Мұндай қасиеттік бары рас-ты. Жұрттың бәріне де белгілі, табиғатта қозғалыс көбінесе оңнан солға қарай жүреді. Жұлдыздар, олардың үзеңгілестері де оңнан солға қарай айналады. Адамның да сол қолынан оң қолы икемдірек, сондықтан адамның жасаған аспап-саймандары да, аппараттары да, құлыптары да оңнан солға қарай пайдалануға бейімделген. Егер мұны заң деп санауға болатын болса, табиғат осы заңды моллюскалардың бұрамына да қолданған; олардың бәрі де оңнан солға қарай бұралып біткен, сондықтан бір солақай-раковина кездейсоқ қолына түсе қалса, әуесқойлар құнына не сұраса да бере салады.

Консель екеуміз осы асыл қазынамызды аударып-төңкерiп қараумен болдық. Мұны Париждегі табиғат тарихы музейіне тарту етуге де ойым кетті, сөйтіп тұрғанымызда, кенеттен тағы адам лақтырған тас дәл тиіп, Консельдің қолындағы асыл бұйымның быт-шытын шығарды.

Мен баж ете қалдым. Консель жалма-жан менің мылтығымды алып жіберіп, он метрдей жерде сақпанмен бізге тас лақтырып тұрған тағыны нысанаға алды. Мен Консельді ұстайын деп едім, бірақ кеш қалдым. Ол атып жіберді де, мылтықтың оғы тағының білегіндегі білезігін сындырып кетті.

Консель! — деп зекірдім мен.— Консель дейім!

Немене? Адамжегіштің бізге алдымен тиіскенін қожайын көріп тұрған жоқ па?

Ешқандай раковина адам өміріне тұрмайды, Консель!

Әй, оңбаған-ай!... Одан да менің иығымды сындырғаның жақсы еді ғой!—деп қалды Консель.

Консель мұны шынымен-ақ айтып еді, бірақ бұл да істеген ісінің дұрыс екендігіне менің көзімді жеткізе алмады.

Осы екі ортада біз солақай-раковинаны қарап тұрған кезде, жағдай өзгеріп те қалып еді. Түземдіктердің жиырма шақты қайығы «Наутилусты» қоршап алыпты. Бұл тез жүруге бейімдеп, ағаштан ойып жасаған, ені тар, ұп-ұзын қайық еді, екі жағына бекітілген бамбук ескектері теңбе-теңдік сақтап тұрады.

Папуастардың евролалықтармен бұрын кездескендіктері, бұрын да олардың кемелерін көргендіктері айқын еді. Бірақ олар судан сәл ғана шығып, қыйқыйып көрінген, мачтасы не мұржасы жоқ темір сигарды не деп білсін? Тегі, тегін нәрсе екен деп ойламаса керек, өйткені олар ұзақ уақыт бойы алыстан сыйласып, тым қашықтау маңда тұрды. Алайда, біздің ешқандай қарсы шабуыл жасау ойымызда жоқ екендігіне көздері жетіп, «Наутилустың» түріне әбден көздері үйреніп алғаннан кейін, енді жақындап келіп танысуға бел байлағандықтары аңғарылды. Бірақ олардың мұнысына жол бермеу керек еді.

Құдіретті зеңбірек гүрсілінен ғана қаймығатын тағыларға біздің дыбыссыз атылатын мылтықтарымыз ешқандай әсер ете алмады. Мұның өзі күркірегені емес, нажағайдын өзі қауіпті екенін біле тұра жұрттың тек күн күркіреген кезде ғана қорқып, күркіремеген уақытта найзағайдан қорықпайтыны сияқты еді.

Осы минутта бірнеше қайық «Наутилустың» төңірегіне жақындап келіп қалып еді, садақ оғы да кеменің үстінде борап кетті.

— Оңбағырлар! — деп қалды Консель.— Бұршақтай жаудырып барады ғой! Бұл, тіпті, әлі, уланған оқ болуы да ықтимал...

— Капитан Немоға ескертіп қою керек,— дедім де мен кеменің аузына қарай жүрдім.

Салонға кірсем, ешкім жоқ екен.

Сосын капитан Немоның бөлмесінің есігін қақтым.

— Кіріңіз,— деп жауап қатты есіктің арғы жағынан.

Кірсем, капитан Немо өте қиын бір есеп шығару жұмысымен шұғылданып отыр екен; алдында үйіліп жатқан қағаз беттерінің математика белгілерінен сау жері жоқ.

— Мен сіздің ойыңызды бөліп жібердім бе,— деп сұрадым сыпайылық сақтап.

— Я. профессор мырза,— деп жауап қайырды капитан,— бірақ менің, ойымша, сіз тегін келмесеңіз керек?

— Дұрыс айтасыз. Бізді түземдіктердің қайықтары қоршап алды, бірнеше минуттан кейін жүздеген тағылардық бізге шабуыл жасайтын түрі бар.

— Еһе,— деді капитан ешбір саспастан.— Олар қайықтарымен келіп пе?

— Я, капитан.

— Олай болса, кірер ауызды жаба қойса болды.

— Мен де дәл осындай кеңес бергелі тұр едім.

— Бұл оңайы осы мұның,— деп жауап қайырды капитан Немо.

Сөй деп, электр қоңырауының кнопкасын басып қалды да, команда каютасына тиісті бұйрығын берді.

— Ендігі іс тамам,— деді капитан бір минуттай үндемей отырғаннан кейін.— Қайық өз орнына апарылып қойылды, кірер ауыз жабылды. «Авраам Линкольннің» атқан оқтарының әлі келмеген «Наутилусты» тағылар қиратып кетеді деп қорқа қоймассыз?

— Жоқ, одан қорықпаймын. Бірақ енді бір қауіп бар, капитан.

— Қандай қауіп, профессор?

— Ертең осы уақытта, ауаны тазартып алу үшін кірер аузыды ашуға тура келеді ғой.

— Дұп-дұрыс, профессор, кит қалай дем алса, менің кемем де солай дем алады.

— Бірақ сол кезде папуастар кеменің үстінде жүрсе, оларды кеменің ішіне қалай кіргізбей тұра алатыныңызды мен білмеймін.

— Демек, олардың, «Наутилустың» үстіне шығатынына сіздің кезіңіз әбден жеткен ғой, профессор?

— Әбден.

— Қайтер дейсіз, мейлі... Олардың, мұнысына бөгет жасауды қажет деп білмеймін. Бұлар бір бишара, қараңғы тағылар ғой. «Наутилустың» — Гвебороар» аралына келуі бұл сорлылардың бірде-бірінің қазаға ұшырауына себеп болмауын ғана көздеймін мен.

Мен кетейін деп едім, бірақ капитан Немо жібермей, қасына отырғызып қойды. Ол біздің аралдағы серуеніміз туралы, аңды қалай аулағанымыз туралы сұрады, осымен қатар, ол канадалықтың, етті сонша неге аңсайтынына, бейне түсіне алмай отырған адам сияқты болды.

Бұдан кейінгі әңгіме басқа тақырыпқа көшті. Капитан Немо іш тартпағанымен, үлкен сый-сыпайыгершілік көрсетіп отырды.

Дюмон-Дюрвильдің кемелері апатқа ұшырай жаздаған бұғазға келіп «Наутилустың» қайырлап қалуы туралы да әңгіме болды.

Бұл туралы капитан Немо былай деді:

— Дюрвиль Францияның ең ұлы теңізшілерінің, ең білімді адамдарының бірі еді. Ол француз капитаны — Кук еді ғой. Есіл ғалым! Оңтүстік полюстің мұздарымен, мұхиттардың маржан құздарымен, Тынық мұхит аралдарының адамжегіштерімен арпалысып келіп, ақыр аяғында, қала маңында жүретін бір поезд апатқа ұшырағанда қаза тапты! Аңғарасыз ба, егер де өмірінің ең соңғы сәтінде ойлануға мүмкіндік алса осы ержүрек адамның көз алдынан өзі бастан кешкен оқиғалары қалай елестер еді десеңізші!

Капитан Немо мұны шын жүректен тебірене айтқандай болды. Бұл тебірену оның абыройын арттырып, жарасып та тұр еді.

Француздың ұлы теңізшісінің оңтүстік полюсті ашуға екі рет әрекет жасаған жерін, бұл әрекеттері сәтсіз болғанмен кейіннен Адели мен Луй-фоллин жерін ашуға себепші болған жер шарын айналып шығудағы барлық саяхаттарын, барлық жүзіп өткен жолдарын біз картадан қарап көріп отырдық.

Ақыр аяғында, Тынық мұхиттың ең маңызды аралдарының маңында жүргізген гидрографиялық зерттеулерін, жазған шығармаларын еске түсірдік.

— Дюрвильдің мұхит бетінде істегенінің бәрін мен мұхит түбінде істеп жүрмін; менің зерттеулерім толық, әрі дәлірек, зерттеу жұмысына жұмсалған еңбегім де анағұрлым аз. Дюмон-Дюрвильдің ұдайы күшті боран дауылдың астында болған «Астролябия» мен «Усердный» кемелерін әрине, су астындағы кәдуілгі үй сияқты, «Наутилуспен» салыстыруға болмайды, мұның кабинеттерінде жұмыс істеуге кедергі болар не бар, түк те жоқ.

Алайда, капитан, бір реттен қарағанда, «Наутилустың» тағдыры «Астролябия» мен «Усердный» кемелерінің тағдырына ұқсайды,— дедім мен.

− Қандай реттен, профессор мырза?

Сол кемелер қайраңдап қалатын жерге «Наутилус қайраңдап қалып отыр ғой.

— «Наутилус» қайраңдап қалып отырған жоқ,— деді капитан Немо салқын шыраймен — «Наутилус» теңіз түбінде тынығып қана жатыр, кемелерін қайраңнан шығарып, суға түсіремін деп көрген Дюмон-Дюрвильдің зор азаптарын мен көрмеймін. «Астролябия» мен «Усердный» апатқа ұшырай жазады ғой, ал, менің кемем «Наутилусқа» келетін ешқандай қауіп жоқ. Ертең мен айтқан сағатта су тасқыны келеді де, «Наутилусты» көтереді, сөйтіп, ол тағы да жүзе бастайтын болады.

— Капитан,— дей бастадым мен,— менің онда ешбір күмәнім жоқ...

— Ертең,— деді капитан Немо, менің сөзімді бөліп, отырған орындығынан тұра беріп,— ертең күндізгі сағат екіден қырық минут кеткенде, «Наутилус» қайраңнан көтеріледі де, Торрес бұғазынан аман, есен шығады!

Капитан Немо осы сөздерді айтты да, сәл басын иіп, тәжім етті. Бұл әңгіме осымен аяқталды дегені еді. Енді маған кетуден басқа қалған жоқ еді. Сондықтан мен шығып жүре бердім.

Бөлмеме келсем, Консель отыр екен, оның білгісі келіп отырғаны менің капитанмен сөйлеуімнің нәтижесі еді.

— Достым,— дедім мен оған,— «Наутилусқа» түземдіктер тарапынан қауіп төнді дегенімде, капитан мені күлкі қылды. Ал капитан Немоға сенуге болады. Енді тыныш жатып, ұйқыны соға бер.

— Қазір, қожайынға мен керек емеспін бе?

— Жоқ, рақмет, достым. Нед Ленд не істеп жатыр?

— Қожайынның рұқсатымен айтқанда, Нед Ленд қазір кенгурудың етінен паштет жасап жатыр, саусақ сорғызатын тамақ!

Бөлмеде жалғыз қалғаннан кейін мен төсегіме барып жаттым, бірақ ұйқым бұзыла берді.

«Наутилустың» үстінде топырлап жүрген тағылардың аяқтарының дүбірлері мен у-шу дауыстары естіліп тұрды.

Түн тыныш өтті. «Наутилустың» командасы әдеттегісінше жым-жырт еді, көрінбеді де. «Наутилустегілер» кеменің үстін қаптап жүрген тағыларды құмырсқа құрлы көрмеді.

Мен сағат алтыда тұрдым. Кемені үстіне шығатын ауыз әлі ашылған жоқ екен. Олай болса, кешеден бері ауа да жаңғыртылған жоқ-ты. Әйткенмен бұл сезілмейді, өйткені резервуарлардан азайып қалған кеме атмосферасына дер кезінде бірнеше текше метр кислород жіберілген екен.

Мен түске дейін жұмыс істеп өз каютамда отырдым, бірақ капитан Немо көзіме түспей қойды. Жүруге дайындықтың да ешбір белгісі сезілмейді.

Мен тағы да біраз отырғаннан кейін салонға бардым! Сағат екі жарым екен. Егер де капитан Немо есебінен жаңылмаған болса, енді он минуттесін су тасып кемеліне келуі керек, сөйтіп «Наутилус» теңіз бетіне көтеріліп шығуға тиіс. Егер бұлай болмаған күнде ол, осы жатқан төсегінен көтеріліп, жолға шыққанша, тағы да көп айдың жүзі өтпек.

Көп кешікпей-ақ кеменің корпусы діріл қаға бастады да, адыр-бұдыр құзға тиіп, кеменің сыртқы темір тысының шықырлағаны естілді.

Сағат екіден отыз бес минут өткенде, салонға Немо да кіріп келді.

— Қазір біз жүреміз,— деді ол.

— Еһе,— деп қалдым мен.

— Үске шығатын ауызды ашуға бұйрық бердім.

— Папуастарды қайтпексіз.

— Папуастарды дейсіз бе? — деп капитан Немо иығын қозғап қойды.

— Олар «Наутилустың» ішіне кіріп кетеді ғой, енді.

— Қалайша?

— Өзіңіз аш деп бұйрық берген ауыз арқылы-ақ кіреді.

— Аронакс мырза,— деді сабырлы шыраймен капитан Немо,— ол ауыз ашық тұрғанның өзінде де «Наутилусқа» кез келген уақытта кіре беруге болмайды.

Мен капитанға қарай қалдым.

— Сіз түсінбей отырсыз ба? — деп сұрады ол.

— Түсінбей отырмын.

— Олай болса, жүріңіз, менімен бірге, көрсетейін.

Кеменің аузына апаратын басқышқа келдік. Нед Ленд пен Консель де осында тұр еді; кеменің үстіндегі айғай у-шумен қабаттаса ауызды ашқалы жүрген матростардың әрекеттеріне бұлар бар ықласымен қарап қалыпты.

Ауыздың қақпағы ашылып кетті. Сырттан аласұрып тап бергелі тұрған жиырма шақты тағы көрінді.

Бірақ кеменің ішіне түскелі басқыштың жақтауын бірінші боп ұстай берген бір тағы әлденендей бір белгісіз күшпен ұшып кетіп шыңғыра жөнелді.

Он жолдасы да басшысының жолын құшты.

Консель бұған мәз-майрам болды да қалды. Жауынгерлік делебесі қозып кеткен Нед Ленд қашқан жауды қумақшы болып басқыштың жақтауынан ұстай бергенде, мұны да кейін қарай лақтырып жіберді.

— Мың да бір шайтан! — деп бақырып жіберді ол.— Мені нажағай соғып кетті.

Бұл сөзден мен бәрін де түсіне қойдым.

Басқыштың жақтауы қуатты электр тогын өткізетін өткізгішке айналдырылған екен. Сондықтан кімде кім, тиіп кетсе, жақтау лақтырып жібереді. Егер де капитан Немо токты барлық батареядан жіберсе, онда бұл тиісіп кеткен адамды өлтіріп те жіберер еді. Бірақ капитан Немо, мұны кісі өлтірмейтін, сырттан ішке қарай, іштен сыртқа қарай кісі өте алмайтын кедергі еткен де тынған.

Бұл кезде зәресі ұшқан папуастар жанталасып қашумен болды. Біз күлкімізді зорға тыйып, жоқ жерден бұлқан-талқан болып жүрген Нед Лендті тыныштандырып, жұбатумен болдық.

Осы сәтте қалың су екпіні «Наутилусты» қайраңнан көтеріп кетті. Бұл капитан Немо белгілеген — 2 сағат 40 минуттың кезі еді.

Кеменің винті суды баяу ғана сабалай бастады. Кешікпей винттің айналу шапшаңдығы бірте-бірте жиілеп, ешбір жері бұзылмай-жарылмай, сап-сау күйінде теңіздің бетіне көтерілген «Наутилус» Торрес бұғазының қатерлі суынан да шықты.

Жиырма үшінші тарay

ТАҒЫ ДА ТҮРМЕДЕ

Келесі күні, 10 январьда, «Наутилус» тағы да ашық мұхитта жүзіп келе жатты. Бұл жолы ол бұрынғысынан да шапшаң жүріп, сағатына кем дегенде отыз бес миль алып отырды. Винт аса шапшаң айналды да минутына неше айналатынын санатпай қойды.

Осы ғажайып күштің, электр күшінің, «Наутилусты» жүргізумен ғана тынбай, әрі жарық беріп, әрі жүргізіп, әрі шеттен тап берген шабуылдардан қорғап отырғаны есіме түскенде, мен шексіз сүйсінуші едім. Әсіресе, осыны жасаған адам, мені одан бетер сүйсіндіретін.

Біздің бағытымыз тура батыс еді. 11 январьда 135° бойлық пен 10° солтүстік ендіктегі, Карпентария шығанағын қоршап тұрған Вассель мүйісін орағытып өттік. Мұнда да су астының құздары аз емес-ті, бірақ бұлардың аралары бір бірінен едәуір қашық, тұрған жерлері картада дәл көрсетілген еді.

«Наутилус» біздің жолымызды қуалай жатқан 130° бойлықтағы баяғы сол оныншы параллельдегі Моне рифтері мен Виктория шыңдарының аралығымен оңай-ақ өте шықтық.

13 январьда, біз 122° бойлықтағы Тимор аралдарының маңындағы осы атпен аталатын теңіз суына келіп кірдік. Көлемі бір мың алты жүз жиырма шаршы лье осы аралды бірнеше раджа басқарады. Аралдың әміршілері өздерін айдаһар ұлдарымыз деп атайды, бұлары — бүкіл дүние жүзінде ең артық туған, асыл нәсілдерміз дегендері еді. Бұл аралдарда раджалардың жыртқыш «ата-бабалары» өте көп болатын. Монархпен нәсілдес, туыс болуының арқасында, оларды жергілікті халықтар қадір тұтып, құрметтеп отыратын. Жергілікті халық раджалардың осы «ата-бабаларына» кәдуілгідей қошемет көрсетіп, қызмет етіп, жақсы көрініп, тағамдарына жас қыз әкеп беріп жүретін, ал, егер осы қасиетті жатып ішерлерге бір шет жерлік қол көтере қалса, әбден соры қайнайтын!

Бірақ «Наутилустың» бұл жексұрын сұрқиялармен айналысар уақыты жоқ еді. Біз Тимор аралын түс кезінде, капитанның көмекшісі кезекті байқау жұмысын жүргізуге шыққан кезде бірнеше минуттей ғана көрдік.

Бұл арадан «Наутилус» кілт бұрылды да оңтүстік-батыстағы Индия мұхитына қарай тартты.

Капитан Немоның кіді мінезі бізді қайда апара жатыр. Азия жағалауына апара жатыр ма? Әлде, тіпті Европа құрылығына апаратын шығар? Бұл арасын біз білмедік.

Бірақ бұл жорамалдарды капитан Немоның ел бар, адам бар жерлерге деген бітіспес өшпенділігімен қабыстыру, үйлестір қиын-ақ еді.

Демек, біз оңтүстікке қарай әлде де бұрыла түсетін шығармыз. Мүмкін, «Наутилус» Добрая Надежда мен Гири мүйісін орағытып өтіп, Оңтүстік полюске дейін баратын шығар? Олай болғанда сүңгуір кеменің емін-еркін жүзетін суы — Тынық мұхитқа біз қалай, қай жолмен қайтпақпыз?

Бұл сұрауларға тек келешек қана жауап бере алатын еді.

Картье, Гиберни, Серингапатама, Скотта сияқты су астының рифтерін — тілсіз, дүлей жау стихия үстемдік етіп тұрған ерте кезде құрылған ең соңғы қатты жер шөгінділерін қуалай жүзіп отырып, біз 14 январьда, құрлықтан шалғай жатқан ашық теңізден келіп бір-ақ шықтық. «Наутилус» шапшаң жүрістен бір қалыпты бәсең жүріске көшті. Шәлкес, тұрақсыз кеме біресе ылғи терең су астында, біресе ұзақ уақыт бойына мұхит бетінде келе жатты.

Осы жүзу сапарында капитан Немо әртүрлі тереңдіктегі теңіз суының температурасын зерттеумен болды. Әдетте мұндай зерттеу жұмыстары электр өткізгіштік қасиеттері әртүрлі, әр түрлі металдарға негізделген күрделі аспаптармен термометрлік зондтар немесе аппараттар арқылы орындалатын. Бірақ бұл аппараттардың көрсеткен мәліметтеріне үнемі сене беруге болмайды. Әсіресе, судың астына тереңірек түсірілген кездерде шынылары судың қысымына төтеп бере алмайтын термометрлік зондтар көрсеткен мәліметтерге сене беруге тіпті болмайтын. Мұның үстіне алынған мәліметтердің дұрыс-бұрыстығын тексеру де қиын, өйткені бір істелген тәжрибені қайталап істеу едәуір қиындық келтіретін-ді.

Бұлардың керісінше, капитан Немо кемені қандай тереңге болса да түсіріп, термометрді сол тұстың суына қойып өлшегенде, ол ешбір талассыз дәл мәліметтерді дереу көрсете қоятын.

Сонымен, кейде резервуарларды суға толтырып алудың арқасында, кейде теңіз түбіне ылдыйлап кетуі арқасында, теңіз бетінен үш мың, төрт мың, бес мың, жеті мың, тоғыз мың, он мың метрге дейін төмен түсіп, осы тұстардың бәрінде де зерттеу жұмысын жүргізе отырып, капитан Немо барлық ендікте де, мың метр тереңдікте судың температурасы цельсидің төрт жарым градусынан аспайды деген тұжырымды қорытындыға келді.

Осы зерттеу жұмысына мен аса зер салып байқап отырдым. Осы уақыттарда мен: капитан Немоға осы ғылыми зерттеудің керегі не? Шынымен-ақ адамзаттың қамын ойлай ма өзі? — деп өзімнен өзім жиі сұраймын.

Адамзаттың қамын ойлауы екі талай еді, өйткені оның барлық еңбегі, сайып келгенде, өзімен бірге әлденендей бір шалғай теңіздің түбінен орын табуы керек қой.

Бәлкім, ол өзінің ғылыми еңбектерін адамзат дүниесіне мен арқылы таратпақшы шығар? Демек, ерте ме, кеш пе, маған осы кемеден кетуге, құрылыққа қайтып, адамдардың арасына баруға рұқсат ететін шығар?

Бірақ, амал нешік, әзірше бұл негізсіз үміт еді!..

Сөйтіп жүргенде бір күні капитан Немо, жер шарындағы ең басты теңіздердің суларының тығыздық дәрежесіне жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері жайында, менімен пікір алысты. Ғылыми тұрғыдан қарағанда оның айтқандарының орасан зор маңызы бар еді; мен, осы әңгіменің үстінде ғылымға ешқандай байланысы болмағанмен менің өзім үшін маңызы зор бір қорытындыға келдім.

Бұл 15 январьдағы таңертеңгі әңгіме болатын. Екеуміз «Наутилустың» үстінде әрлі-берлі қыдырып әңгімелесіп жүр едік, капитан Немо менен күтпеген жерден, теңіз суының тығыздығы әр жерде әртүрлі болатынын білесіз бе деп сұрады. Мен, бұл мәселе жөнінде ғылым анықтаған мағлұмат әзірге жоқ қой, білмеймін дедім.

— Бұл зерттеу жұмысын өзім жүргіздім,— деді маған капитан,— мұның дәлдігіне мен кепілмін.

— Өте жақсы,— деп жауап қайырдым мен,—бірақ «Наутилус» — дегеніміз оқшау тұрған дүние, оның ғалымдарының ашқандары жер шары халықтарына ешуақытта жете алмайды ғой.

— Сіз дұрыс айтып тұрсыз, профессор, — деді күбірлеп капитан Немо біраз ойланып тұрғаннан кейін.— «Наутилус» — шынында да өзгелерден оқшау тұрған дүние. Күнді бірге шырайналып жүрген планеталар жерден қандай қашық болса, «Наутилус» та жерден сондай қашық. Сатурн мен Юпитер ғалымдарының жұмыстары жайында жердегілердің ешуақытта ешнәрсе біле алмайтындығы сияқты, оларға «Наутилус» ғалымдарының еңбектері де белгісіз күйі қала береді. Тағдырыңыз кездейсоқ жағдайда «Наутилусқа» байланысты болып отырған сізге, мен өз байқауымның нәтижелерін айта аламын.

— Мен бар ықласымды салып тыңдар едім, капитан.

Тұщы судан гөрі, теңіз суы анағұрлым тығыз болатыны, сізге, профессор мырза, әрине, белгілі болуы керек? Бірақ осы тығыздық барлық жерде бірдей емес. Шынында да, егер де тұщы судың тығыздығын бірлік(единица) деп алсақ, онда Атлант мұхиты суының тығыздығы бір бүтін жиырма сегіз мыңдыққа дейін, Тынық мұхит суы бір бүтін жиырма алты мыңдыққа дейін барады; Жерорталық теңіздің суының тығыздығы...

«Aha,— деп ойладым мен, — демек, бұл Жерорталық теңізінде де болады екен ғой!»

— ... бір бүтін отыз бір мыңдыққа дейін, Индия теңізінің суының тығыздығы бір бүтін он сегіз мыңдыққа дейін, Адриат теңізі суының тығыздығы бір бүтін, жиырма тоғыз мыңдыққа дейін барады.

«Наутилустың» адамдар көп қатынап тұратын жер шарының теңіздеріне барудан да именбейтіні енді айқын болды. Осыған қарап мен әйтеуір бір кезде тіпті көп кешікпей-ақ мұның мәдениетті елдерге жақындауы мүмкін екен деген қорытындыға келдім.

Бұл жаңалық Нед Лендті қуандыруға тиіс еді.

Бұдан кейінгі бірнеше күндердің ішінде біз бірталай зерттеу жұмыстарын бірлесіп жүргіздік, бұлар: судың әртүрлі тереңдіктегі тұздылығын анықтау, электр қуатын өткізгіштік дәрежесін, бояуын, мөлдірлігін анықтау, т. б. осылар сияқты жұмыстар еді. Осы уақыттың ішінде мені таң қалдырған бір нәрсе капитан Немоның тапқырлығы еді, оның бұл тапқырлығымен мен жөніндегі сақтығы бәсекелесе алар еді. Бірақ тәжрибе жұмыстарын жасап болғаннан кейін, ол кетіп қалатын да, кеменің үстінде мен тағы да жападан-жалғыз қалатынмын.

16 январьда «Наутилус» су бетінен бірнеше метр төменде бейне ұйықтап қалғандай жым-жырт тұрды. Электр машиналар тоқтап, қозғалыссыз қалған винт, су ағысына, кемені қалай қарай алып барса да ерік беріп қойып еді. Менің байқауымша, машиналар аз-кем жөндеп алу үшін тоқтатылған сияқты. Бұны — кеменің едәуір шапшаңдықпен ұзақ жол жүруі үшін қажет болған жөндеу деп топшылауға болатын еді.

Бұл күні менің жолдастарым өте бір қызық, тамаша құбылыстың куәсі болды. Салон терезелерінің қақпақтары ашық екен, бірақ «Наутилустың» прожекторы қызмет істемегендіктен қалың бұлт басқан аспаннан біз тұрған тұсқа жарық сәуле өте аз түсіп, бізді қоршаған сұйық орта күңгірт тартып тұр еді.

Теңіздің осы сәттегі өзгеше көрінісін тамашалап қарап тұрған кезімде, кенеттен «Наутилус» тұрған алқап жап-жарық болып кетті. Мен алғашқыда бұл электр прожектордың жарығы екен деп қалып едім. Бірақ жақсылап қарағанымда бұл жорамалымның қате екеніне көзім жетті.

«Наутилусты» судың фосфорланған қабатының ағысы алып бара жатыр еді, мұның сәулесі бізді қоршаған қараңғы ортада жап-жарық болып көрініп тұр екен. Су астындағы сәуле шашатын күлдей ұсақ жәндіктерден пайда болған бұл жарық сүңгуір кеменің металл бетіне түсіп мүлдем жарқырап тұр екен. Осы жалт-жұлт етіп тұрған теңіз ортасынан мен қызған пештен лақылдап аққан қорғасын тасқынындай лап-лап еткен бір сәуле көрдім, лапылдаған осы сәуледен кейбір фосфорланған участоктер енді күңгірттеу болып көрінді. Бұл сәуле кәдуілгі бір қалыпты прожектор жарығына ұқсамайды. Бұдан бір күш, қозғалыс сезіледі. Бұның жанды сәуле екені де бірден байқалып тұрды.

Ұзақ сағаттар бойына «Наутилус» жалт-жұлт еткен су ішінде жүзіп жүрді. Осы оттай жайнаған судың ішінде асыр салып жүрген саламандра сияқты үлкен теңіз жануарларын көргенде біз бұрынғыдан да бетер қайран қалдық. Осы салқын сәуледе қажуды білмейтін акробаттар — дельфиндер, зор қылыштарымен салонның терезелеріне бірнеше рет жанап өткен, ұзындығы үш метрдей қылыш балықтар толып жүр еді. Кейін кішігірім балықтар да келді, бұлардың ішінде спинорогтар, макрельдер, осы сияқты басқа да жүздеген түрлері бар еді.

Бұл бір өзгеше ғажап көрініс еді. Мүмкін, бұл сәуле атмосфералық жағдайдың әсерінен жарқырап тұрған шығар. Мүмкін, теңіздің үстінде күн күркіреп, нажағай ойнап тұрған шығар? Бірақ, су бетінен бірнеше метр төменде жүзіп жүрген «Наутилусқа» ауа райының бұзылуынан келер-кетер түк жоқ қой, біз суда тып-тыныш қана тербетілуде едік.

Біз осылайша, бірінен бірі өткен ғажайып дүниенің арасында қаздай қалқып жүзіп келе жаттық. Консель көзін айырмастан зоофиттерді, буынаяқтыларды, моллюскалap мен балықтарды классификациялап түр – түрге бөліп отырды.

Күндер зырлап өтіп жатты, күн санауды мен де қойдым. Нед Ленд өзінің үйреншікті әдеті бойынша, дастарханымыздың тағамдарын түрлендіру жұмысымен шұғылданып жүрді.

Біз, ұлу сияқты раковинамыздан шықпай қойдық.

Өз басымнан кешірген тәжрибеге қарағанда, ұлу болудың түк қиыншылығы жоқ екеніне көзім әбден жетті.

Біз осы тұрмысқа әбден үйреніп алдық, үйреніп алғанда да мұның өзін ең оңай, ең көңілді тұрмыс деп тауып, тіпті жер бетіндегі тіршіліктің мүлдем басқаша тіршілік екенін де ұмытып кеттік.

Бірақ күтпеген жерден кездескен бір оқиға, өмір шындығын қайта мойындатты.

18 январьда «Наутилус» 105° бойлықта 105° оңтүстік ендікте келе жатты. Көк жүзін бұлт басып, күн күркіреп, теңізде алып көкжал толқындар асыр салды. Шығыстан күшті жел соғып тұрған-ды. Дүлей дауыл соғатын күн жақын екенін барометр бірнеше күннен бері білдіріп келе жатыр еді.

Капитанның көмекшісі байқау жұмысын жүргізіп тұрған минутта, мен кеменің үстіне шықтым. Ол енді дағдылы әдеті бойынша баяғы бір сөзін тағы да айтады ғой деп тұр едім, бірақ бұл күні бұрынғы сөзіне ұқсамайтын басқа бір түсініксіз сөздерді айтты. Осы кезде капитан Немо да шығып, бинокльмен көкжиегіне қарай қалды.

Көкжиегіндегі көзіне түскен бір нәрсеге қарап бірнеше минут бойы қозғалмай тұрды, сосын бинокльді көзінен ала қойды да өзінің көмекшісімен маған түсініксіз тілде бірдеңе деп сөйлесіп алды.

Көмекшісі әлденеге қызараңдап, тіпті, қобалжығанын зорға басып тұрған сияқты. Капитан Немо сабыр сақтап, өзін жақсы ұстады. Маған ол өзінің көмекшісіне мін тағып, көмекшісі ондай ағаттықты енді қайтып істемеске уәде беріп тұрған секілді көрінді.

Қысқасы, екеуінің сөйлеген сөзі маған осындай әсер етті.

Капитан мен оның көмекшісі бинокльмен қараған көкжиекке мен де тесіле қарап бақтым, бірақ ешнәрсе көрінбеді. Көз ұшында су мен көк бір сызықтың бойында ұштасып жатыр, осы түп-түзу сызықты бұзған да ештеме жоқты.

Бұл кезде капитан Немо кеменің бір шетінен екінші шетіне барып қайтып, әрлі-берлі жүрді де қойды, тегі менің тұрғанымды да байқаса керек. Бірақ ол әдеттегіден гөрі сәл ширақтау басып жүр демесең асығып та жүрген жоқ-ты.

Кейде қолын айқастырып салып, теңізге қарап тұра қалады.

Осынау көлбеп жатқан қу медиен су жазығынан не көріп тұр? «Наутилус» болса, жер шетіне ең жақын дегенде бірнеше ондаған километр қашықтықта келе жатыр.

Капитанның көмекшісі бинокльді тағы да көзіне апарды. Сосын ол адымдап әрлі-берлі жүре бастады да кенет тұра қалып, кемені теуіп-теуіп жіберіп тағы жүрді. Бұл жолы ол өзінің әбден ашынып, ызадан жарыла жаздап жүргенін жасырған жоқ.

Осыған қарағанда құпия сыр, көп кешікпей ашылуға тиіс еді, өйткені капитан Немоның бұйрығы бойынша, машиналар өздерінің бар күш-қуатымен зырлай бастады.

Осы минутта көмекші өзінің бастығына тағы да бірдеме деді. Бастық тұра қалды да көмекшісінің көрсеткен жағына қарап бинокльді көзінен алмай көп тұрды. Әдеттегі аса сабырлы осы адамдардың мұндай таңданарлық қылықтарына қарап, себебін білгім келді де, салонға түсіп, өзім ылғи пайдаланып жүрген алыстан көретін тамаша бір дүрбіні алып шықтым. Сөйттім де көкжиегінде не бар екен көрейін деп дүрбіні көзіме апардым. Бірақ, түзеп алғанымша болған жоқ, дүрбіні қолымнан біреу жұлып алды.

Жалт қарасам, қарсы алдымда капитан Немо тұр екен, тіпті танымай қалдым. Жүзі мүлдем өзгеріп кетіпті: көзі шатынап аузы сәл ашылып, тістері ақсиып кеткен. Түнерген жүзі, түйілген жұдырықтары, екі иығына жабыса түскен басы, осы адамның тұлабойын аса үлкен өшпенділік, ыза кернеп кеткенін айтып тұр еді.

Ол төніп тұрып алды. Менің қолымнан жұлып алынған дүрбі кеменің үстінде домалап жатыр.

Япырау, мұны осынша ашуландырған менмін бе? Осы түсініксіз адам, «Наутилустың» тұтқыны білуге тиіс емес әлдеқандай бір құпия сырды мен ашып қойды деп қалды ма, әлде?

Жоқ, олай емес, оны ашуландырушы мен емес. Ол тіпті маған қараған жоқ та. Оның көзі сонау көкжиегіндегі, маған көрінбейтін бәледе.

Әйтсе де, капитан, сабасына түсіп әдеттегі қалпына келді. Оның мүлдем бұзылып, өзгеріп кеткен бет ажары өзінің бұрынғы байыпты, салқын-сабырлы шырайына түсті. Ол өзінің көмекшісіне түсінксіз тілде бірдеңе деді де, маған қарай бұрылды.

— Аронакс мырза,— деді ол өктем дауыспен,— мен сізден өзіңізбен жасасқан шарттық бір міндеттемесін орындауды талап етуге тиіспін.

— Қандай міндеттемесін, капитан?

— Сізге және сіздің жолдастарыңызға, мен қашан бостандық беруге болады деп тапқанша, отыра тұруға тура келеді.

— Сіздің бұйрығыңызға мойынсұнуға мен «мәжбүрмін ғой,— дедім мен одан көз айырмай қарап тұрған күйімде, — бірақ бір сұрақ беруге рұқсат етіңіз.

— Жоқ, рұқсат етпеймін!

Таласып жатудың пайдасы жоқ еді, өйткені онымен қарсыласар менде күш жоқ-ты.

Көнуге тура келді.

Мен Нед Ленд пен Консельдің каютасына келдім де, оларға капитанның бұйрығын айттым.

Менің бұл хабарымның канадалыққа қандай әсер еткенін оқушының өзі шамалар. Бұл арада ұзақ сөйлесіп отырарлық уақытта жоқ-ты. Төрт матрос есік алдында бізді күтіп тұр еді, олар бізді «Наутилусқа» алғаш келген күні қамаған каютаға алып барды.

Нед Ленд қарсылық білдіргісі келіп еді, тап маңдайының алдынан есік тарс жабылып қалды.

— Мұның өзі нені аңғартады, қожайын айтпас па екен? — деп сұрады Консель.

Мен кеменің үстінде не болып, не қойғанның бәрін жолдастарыма айтып бердім. Мен сияқты олар да аң-таң болып қалды, бірақ бұдан бізді қоршап тұрған құпия сыр, ашыла қоймады.

Мен қалың ойға шомдым. Капитанның кілт өзгеріп кеткендегі бет-ажары менің көз алдымнан кетпей қойды. Мағнасыз жорамал топшылаулармен басымды қатырып екі ойдың басын құрай алмай дал болып отырғанымда, кенеттен Нед Ленд:

— Столда тұрған таңертеңгі тамақты қараңыздар! — деп қалды да ойымды бөліп жіберді.

Шынында да столдың үстінде тағам толы тарелкалар тұр екен. Тегі, капитан Немо «Наутилустың» жүрісін тездету туралы бұйрық бергенде, бұл жөнінде де бұйрықты қоса берген болу керек.

— Кеңес беруге қожайын рұқсат етер ме екен? — деп сұрады Консель.

— Әрине, достым,— деп жауап қайырдым мен.

— Рұқсат етсе қожайынға мен таңертеңгі тамақты жақсылап жеп алуға кеңес беремін. Сақтықта қорлық жоқ деген. Мұның аяғы немен тынарын кім білген.

— Дұрыс айтасың, Консель.

— Сұмдық-ай,— деп күрсініп қалды Нед Ленд,— бізге тек балықтан жасалған тағамдарды ғана беріпті ғой, біздің өз қорымыздан түк те жоқ.

— Кәдірді білу керек, Нед, егер бізге түк тамақ бермей қойса, қайтер едіңіз?

Бұл сөз канадалықты сөзге келтірмей-ақ жуасытып жіберді.

Бәріміз де столды айнала отырып, үн-түнсіз тамақтанып алдық.

Мен тамақты көп жей алмадым. Консель өзі айтқандай өзін-өзі зорлап жеп отырды, ал Нед Ленд, тамаққа көңілі толмаса да, астың бір түйірін қалдырмастан сыпырып соғып алды.

Тамақтан кейін әрқайсымыз өз орнымызға барып отырдық, осы минутта біздің камерамызды жарық қып тұрған төбедегі жарты шар да өшіп кетті, Енді біз мүлдем қап-қараңғы камерада қалдық. Осы арада Нед Ленд те қор етіп ұйықтап кетті. Одан кейін, көп кешікпей-ақ Консель де ұйықтады. Мен осы бір қатты ұйқыға таң қалдым. Жолдастарымды кенеттен баса қалған бұл қай ұйқы деп таңданып отырғанымда өзім де ұйықтап бара жатыр екем.

Мен көзімді жұмбастан, бақырайтып ашып отыруға тырысып-ақ бақтым, бірақ ұйқы ерікке қоймай көзім жұмыла берді.

Демек, капитан Немо өзі істеп жүрген әрекетін мүлде сездірмеу үшін, бізді қамап қана қоймай ұйықтатып та тастамақшы болған ғой?..

Ұйқылы-ояу жатып кеме аузының жабылған дыбысын естідім, кеме теңіз бетінің толқындарында шайқалуын қоя қойды. Тегі, «Наутилус» тереңірек сүңгіп, теңіздің мәңгі тыныш шеніне барып тоқтаған болу керек.

Мен ұйқының дегеніне көнбеуге әлі де әрекеттеніп бақтым. Бірақ бұл мүмкін болмады. Тынысым тарыла бастады. Қол-аяқтарымның ұштарынан бастап жүрегіме дейін ажалдың ызғарлы суығы өте бастаған сияқты еді. Бейне құйып қойған қорғасындай қабақтарым да көтертпей қойды. Шым-шытырық ауыр ұйқы мені мүлдем билеп алды. Содан былайғысы есімде жоқ, көзім бұлдырап ұйықтап кетіппін.

Жиырма төртінші тарау

МАРЖАНДАР ДҮНИЕСІ

Келесі күні оянсам, басым қаңғырып қалыпты. Айналама қарасам, өз каютамда екемін, бұған тағы да қайран болдым. Тегі менің жолдастарымды да ұйықтап жатқан кезінде өз каюталарына апарып жатқызған болу керек. Олай болса, өткен түнде қандай оқиға болғаны жайында олар да менен артық не біледі дейсің. Енді менде осы құпия сырдың пердесін келешек түрер әлі деген үміт қана қалып еді.

Менің каютадан шыққым келді. Бірақ мен бостанмын ба немесе бұрынғыша тұтқынмын ба осы? Бақсам, мүлдем бостан екенмін. Мен каютадан шықтым да, коридордың бойын қуалап жүріп отырып, кеменің үстіне шығатын басқышқа келдім. Сыртқа шығатын ауыз ашық екен.

Кеменің үстіне шықтым.

Мұнда мені Нед Ленд пен Консель күтіп тұр екен. Мен олардан не білдіңдер деп сұрай бастап едім, түк білмейтін болып шықты. Кеше қатты ұйықтап қалыпты бүгін оянса олар да өз каюталарында жатыр екен.

«Наутилус» сол құпиялы, жым-жырт күйінде еді. Ол теңіз бетінде бір қалыпты шапшаңдықпен жүзіп келе жатты. Кемеде тіпті ешқандай өзгеріс болмаған сияқты.

Нед Ленд көкжиекке қарап тұр. Теңіз үстінде көзге ілінер түк жоқ, ұшы-қиырына көз жеткісіз боп шалқып жатыр: канадалықтың қияннан шалатын қырағы көзіне де не бір желкен, не бір кеменің мұржасы, не бір жер шеті көрінбеді. Батыстан соққан қатты жел, теңізде тағы да тулаған толқын көтерді.

«Наутилус» әжептеуір шайқалып келе жатты.

Ауа қорын жаңалап алып, «Наутилус» он бес метрдей тереңге түсті, тегі қайта теңіздің үстіне шығу керек бола қалса, дереу шыға қоюды көздеген болуы керек. Дағдыдан тыс бұл сияқты маневрді 19 январьда ол бірнеше рет қайталап еді. Кеме су бетіне шыққан сайын, капитанның көмекшісі де кеменің үстіне шығып, өзінің баяғы дағдылы сөзін айтумен болды.

Капитан Немо көрінбей қойды. Кеменің командасынан маған өте ұқыпты түрде тамақ даярлап беріп кетіп жүрген стюардтан басқа ешкімді көрмедім.

Күндізгі сағат екіде салонда қолжазбаларымды тәртіпке келтіріп отыр едім, капитан Немо кірді. Мен басымды иіп, сәлем бердім. Ол да сәл ғана бас иіп жауап қайырды да қойды, тіл қатпады. Өткен күнгі оқиға туралы бірдеме айтар деген үмітпен мен жұмысыма қайта кірістім, бірақ ол оны істемеді.

Мен көзімнің қиығымен білдірмей қарап отырдым. Өзі өте шаршаған адам сияқты, ұйықтамаған адамдай, көзі де қызарып кеткен; бет ажарында ауыр бір қайғы-мұңның нышаны бар еді.

Ол бөлмеде әрлі-берлі адымдап жүрді де, бір диванға барып отыра кетті, одан қайта тұрып, қолына іліккен бір кітапты алып қарады да, орнына қайта қойды, одан құрал-аспаптарға таман барып, қарап біраз тұрды, бірақ әдеттегісінше ешнәрсе жазып алмады. Тап бір, бір орында бір секунд байыздап отыра алмайтын адам сияқты.

Ақыр аяғында, ол маған келіп:

— Аронакс мырза, сіз дәрігер емессіз бе? — деп сұрады.

Мен бұл тосын сұрақтан аңырып оған қарап тұрып қалдым.

— Мен сізден дәрігер емессіз бе деп сұрап тұрмын? Сіздің мамандықтарыңыз — натуралистердің көбі медициналық білімі бар адамдар ғой...

— Я, мен дәрігер едім, клиниканың ординаторы болғам, музейге жұмысқа кіргенге дейін көп жыл бойы дәрігерлік жұмыспен айналысқамын,— деп жауап қайырдым мен.

— Өте жақсы,— деді капитан.

Менің жауабыма тегі, қуанып қалды-ау деймін. Бірақ оның менен не өтінгісі келіп тұрғанын біле алмадым да, одан тағы да сұрақ күттім, сөйтіп, сұрағының ретіне қарай жауап қайырмақшы болдым.

— Профессор мырза,— деді ол,— менің матростарымның біріне дәрігерлік көмек көрсете алмас па екенсіз?

Кемеде ауру бар ма?

— Я, бар.

— Мен дайын.

— Жүріңіз.

Мойындауым керек. Жүрегім лүпілдеп қоя берді. Неліктен екенін білмеймін, осы матростың ауруы кеше түнде болып өткен оқиғаның салдары-ау деген ой, басыма сап ете түсті, мені аурудан көрі, осы бір құпия сыр еліктіріп әкетті.

Капитан Немо мені «Наутилустың» артқы жағына таман ертіп барды да, матростар бөлмесінің қасындағы бір кішкене каютаның есігін ашты. Каютада ержүрек, өжет адам кейіптес, жасы қырық шамасында бір адам жатыр екен.

Қасына барып, бір тізерлеп отырып жақсылап қарап алдым. Бұл ауру емес, жаралы адам екен. Оның қанға боялған дәкемен оралған басы жастықта жатыр еді.

Мен оның басына ораған дәкені алдым. Жаралы менен көз айырмай бақырайып қарап жатты, бірақ бұларды шешіп алуыма кедергі жасамады, керек десең тіпті бір рет те болса уһ деп күрсінбеді де.

Жарасы жантүршігерлік екен. Бас сүйегінің тостағанын әлдеқандай бір дөрекі қару жарып жіберіпті, миы көрініп жатыр. Ми қабығы да едәуір зыяндалыпты. Кекшіл мидың қанталап кеткен жерлері дастарханға тамған шарап дағы тәрізді. Сонымен, жаралының миы қозғалып, кей жеріне қан құйылып кетіпті.

Бишара демін зорға алып жатыр. Беті әлсін-әлі тартылып, жиырыла қалады. Мидың ісініп, тіршілікке қажетті басты бөлегінің ешбір әрекетсіз қалғанын көріп тұрдым. Тамырлары өте жиі соғып жатты. Қол, аяғы да мұздай бастаған. Ажал таяу екенін, оған істер ешбір шара жоқ екеніне де көзім жетіп тұр.

Мен оның жарасын қайта таңдым да, капитан Немоға бұрылып:

— Бұл адам қайтып жаралы болды? — деп сұрадым.

— Оның да қажеті бар ма? — деді жалтарыңқырап ол.— «Наутилус» бірдемеге соғылып қалған кезде машинаның тұтқасы сынып кетіп, бұл кісіге келіп тиді. Ал айтыңызшы, бұл адамның халін қалай деп ойлайсыз?

Мен бөгеліңкіреп қалдым.

— Айта беріңіз,— деді капитан Немо,— ол французша білмейді.

Мен жаралыға тағы бір рет қарадым да:

— Бұл адамның екі-ақ сағаттық өмірі қалды,— дедім.

— Құтқарар ешбір амал жоқ па?

— Жоқ.

Капитан Немо тітірене жұдырығын түйді. Екі көзінен жас парлады.

Өлім халінде жатқан адамнан көзімді алмай бірнеше минут бойы қарадым да тұрдым. Өмірі өшіп-ақ бара жатты. Электрдің суық сәулесі оның жүзін одан сайын аппақ қудай етіп көрсетіп тұр. Мен оның азапты өмір мен қайыршылық салдарынан мезгілінен бұрын қалың әжім басқан, ойлы жүзіне тағы да қарай қалдым.

Осы құпияда өткен өмірдің өшіп бара жатқанда айтқан ең соңғы сөзін естігім келіп еді менің.

Бірақ капитан Немо маған:

— Сізге енді рұқсат, профессор мырза,— деді.

Кетуге тура келді.

Капитанды өлгелі жатқан адамның қасына қалдырып, көргендерім көңілімді жаралап, мен өз каютама қайтып келдім.

Күні бойына өте бір ауыр болашақ сезімі бас көтертпей қойды. Түнде ұйықтай алмай шықтым. Ұйқылы-ояу жатқанымда азалы күй сияқты болып, әлдеқайдан бір жылаған дауыстар да естілді.

Келесі күні таңертең мен кеменің үстіне шықтым. Капитан Немо бұл күні кеменің үстіне менен ерте шыққан екен. Ол маған жақындап келді де:

— Профессор мырза,— деді,— бүгін су астындағы серуенге қатысқыңыз келе ме?

— Менің жолдастарыма да қатысуға бола ма?

— Егер қаласа, әбден болады.

— Сіздің ұсынысыңызды алғыс айта қабылдаймын.

— Олай болса, скафандр киіңіз.

Өлім халіндегі немесе өлген адам туралы жұмған аузын да ашпады. Мен Нед Ленд пен Консельге келіп, капитан Немоның серуенге шақырғанын айттым. Консель мұны қуанып қарсы алды, канадалық та бұл жолы қарсы болған жоқ.

Бұл кезде таңертеңгі сағат сегіз әлі болған жоқ-ты. Сегіз жарымда біз скафандраларымызды киіп, руквейроль резервуарымен, электр фонарымен жабдықталып алдық.

Екі есік те қатарынан ашылды, сөйтіп, капитан Немо бір топ матроспен бірге «Наутилус» тынығып жатқан тереңдігі он метрдей тастақ теңіз түбіне түстік.

ЬІлдый жер бара-бара отыз метр терең ойпатқа алып келді. Тынық мұхиттағы серуен кезіндегі біз өткен теңіз түбіне ұқсамайтын, одан орасан үлкен қазан шұңқырға түстік. Мұнда жұп-жұмсақ құм да, су астының көгалы да, су орманы да жоқ-ты. Капитан Немо бастап алып келе жатқан осы араның ерекшелігі менің көзіме бірден түсті. Бұл ара маржандар дүниесі еді.

Зоофиттер бөлімінде, альционарий подкласында горгокий отряды бар, игі маржандар осы отрядқа жатады, табиғаттың осы бір тамашасын ғалымдар әр кезде үш түрлі табиғат дүниесіне жатқызып минераль, өсімдік, жануарлар деп келген. Осы өте ерте заманның дәрісі қазіргі бізбен замандас әйелдердің өте асыл, сән-салтанат бұйымы тек 1744 жылы ғана үзілді-кесілді жануарлар дүниесіне жатқызылған.

Маржандар дегеніміз — тасқа айналған әрі морт полипняк құратын, өте ұсақ жануарлар колониясы. Бұл полиптердің бір-ақ ата-тегі болады, бұл оларды полиптерді өзінің тармақталуы арқылы өрбіткен. Бұлар бірігіп тіршілік ете отыра, әр колония өз алдына жеке де тіршілік етеді.

Мен осы қызғылықты зоофиттер жайындағы ең соңғы еңбектерді оқыған едім, сондықтан да табиғат мұхиттың терең түбіне еккен тасқа айналған маржан ағаштар орманын көру маған өте қызық болды.

Біз фонарьларымызды жақтық, сөйтіп маржандар жаңа қалап жатқан қабырғалардың бойымен жүріп отырдық, бұл қабырғалар біраз уақыт өткеннен кейін Тынық мұхитты Индия мұхитынан бөліп тастайтын болады әлі. Жер бетіндегі ағаштардан мұның бар айырмашылығы, бұл ағаш тәрізді өсімдіктер жартасқа жабысып жоғарыдан төмен қарай салбырап өсіп тұрады.

Біздің фонарьларымыздың жарығы, жалтыраған өте әдемі бұтақтарға түскенде, айта қаларлықтай әсер берді. Маған кейде осы тасқа айналып кеткен ағаштар, қозғалған сумен бірге жайқалып тұрған сияқты болып көрінді; мен олардың жап-жаңа тәждарын, жаңа гүл ата бастаған биязы, жіп-жіңішке әсем тармақтарымен қоса жұлып алғым келіп келе жаттым. Тез жүзетін кішкене балықтар топ-топ болып ұшқан құстай оларды жанай өтіп жатты. Бірақ әлгі гүлдерге қолым тиіп кетсе-ақ болды бүкіл колония мазасыздана қалады. Ақ тәждар дереу өздерінің қызыл құтыларына барып тығыла қалады да, гүлдер көз алдымда өңі өшіп, солып кетеді, ал гүл атып тұрған бұталар не заманғы қатып қалған тасқа айнала қалады.

Мен әдетте өте сирек ұшырайтын биік зоофит өсімдіктеріне тап келдім. Бұл маржан тоғай өзінің әсемдік өсімдігі жағынан Жерорталық теңізде, Француз, Итальян,Африка жағалауларынан алынатын маржандардан кем түспейтіні еді.

Iзгі маржандардың бояуы да, олардың ең жақсыларын зергерлердің «қанды гүл», «қанды көбік» деп қойған поэтикалық аттарына лайық еді.

Кешікпей-ақ бұталар жиілеп, ағаштар да биіктей бастады. Біздің алдымызда қиял өрісінің ғажайып архитектура сәулетінің ұзын коридорының есігі ашылған еді.

Капитан бізді бастап қараңғылау, сәл ылдыйлау галлереяны бойлап келе жатты, ақырында, бұл жол біртіндеп бізді жүз метр төмен түсірді.

Маржан ағаштарының арасында, полиптердін бұрынғыларынан да бетер өте қызғылықты бір түрлерін, сыртқы қабықтары известеліп, мүлде тас боп кетсе де, кәдуілгі нағыз су балдырындай жап-жасыл, қызыл маржан бұталарын байқап келе жаттым. Бір ой иесі айтқандайын, «маржандар» дегеніміз — бәлкім, тас боп қатып қалған мәңгілік ұйқысынан ояна бастаған, бірақ өлі де қозғалуды білмейтін бір өмір шағы шығар».

Ақыр аяғында, екі сағат жүргеннен кейін, маржандар қалыптасып болған шекараға, тереңдігі үш жүз метрдей теңіз түбіне де келіп жеттік. Мұнда маржан ағаштарының жекелеген тобы емес алып тас ағаштар емес алып тас ағаштардан құралған мүлгіген ну орман бар еді, бұл алып тас ағаштар бір бірімен ғажайып алуан түсті лиан өсімдіктерімен, әсем торғын гүлдермен қосылып безелген. Біз бұлардың арасымен тік жүріп келе жаттық, ал біздің аяғымыздың асты масатыдай құлпырған су өсімдіктері-тубипор,астра, меандрин, фунгий, кариофилийлер еді.

Қандай тамаша көрініс! Алған әсерлеріміз туралы пікір алыса алмай келе жатқанымыз қандай өкінішті! Осындай естен кетпес минуттарда әйнек пен металдан жасалған шлемнің ішінде тұтқын болып келе жатқаның жаныңа батпай ма! Жанымыздан ерсілі-қарсылы оқтай зулап өтіп жатқан балық сияқты немесе суда да, құрлықта да бірдей ұзақ сағаттар бойы жүре беретін суда да ауада да қандай жағдайда болсын рақаттанып тіршілік ете алатын амфибия40сияқты болып неге тіршілік етпедік екен?

Осы арада капитал Немо тура қалды. Мен де, менің жолдастарым да оның істегенін істеп тұра қалдық.

«Наутилустың» матростары да өздерінің бастықтарын төңіректей сап түзеп тұра қалысты.

Бақсам бұлардың төртеуі ұзынша бірдемені иықтарына салып, көтеріп ала келген екен.

Біз айнала маржан орманы қоршаған бір кең көгалда тұр едік. Фонарьларымыз теңіз түбіне бұлдыраған көмескі жарық түсірді, бұл жарықтан көлеңкелеріміз де алыптай зорайып көрінді.

Көгалдың шет жақтарын қою қараңғылық басып тұр еді, тек бір жанып, бір өшіп жылт-жылт етіп тұрған қызыл сәулелер ғана әр жерде бір көрініп қалып тұрды, бұл маржандарға түсіп кетіп тұрған фонарьлардың сәулесі еді.

Нед Ленд пен Консель менің қасымда тұрғанды. Бұның белгілі бір мақсатқа байланысты серуен екенін біз енді ғана білдік.

Осы маңды байқап қарағанымда, мен біраз жерде қатар-қатар боп жатқан төмпешіктерді көрдім, қатарларының түзулігі олардың адам қолымен жасалғандығын аңғартып тұр еді.

Капитан белгі берді де, бір матрос беліндегі шотты алып жіберіп жерді қаза бастады.

Енді маған бәрі де түсінікті болды.

Бұл көгал мола екен матрос зират қазып жатыр екен; матростар көтеріп келген ұзынша нәрсе түндегі өлген адамның сүйегі еді.

Капитан Немо және оның матростары өз жолдастарының денесін мұхит түбіндегі осы бауырластар моласына жерлемек болып келген екен.

Көңілім мұндай босамас. Ешуақытта, ешбір оқиға мені мұндай тебіренткен де емес еді.

Көз алдымда істеліп жатқан істі көргім де келмей, әрі одан көзімді де айыра алмай тұрдым.

Осы екі ортада мұхиттың маржан түбінде қазылып жатқан мола да тереңдеп қалды. Жерді ұрғылаған шот дыбысынан қорқып балықтар жан-жақта қаран беталды безіп бара жатты.

Мен, теңіз түбіндегі шақпақ тастарға шақыр-шұқыр тиген темір шоттың дыбысын ғана естіп тұрдым. Шұңқырдың ұзыны да, ені де адам сиярлықтай кеп-кең болып қазылып та бітті.

Осы кезде өлікті көтерген адамдар да жақындай берді. Ақ матаға ораулы дене су толы шұңқырға түсірілді.

Капитан Немо мен матростар қолдарын көкіректеріне айқастырып салып, моланы төңіректей тұра қалысты. Пұл көрініске қатты тебіренген мен де менің жолдастарым да бұлардың қайғысына көлденең келмелік деп бір адым кейін шегініп тұрдық. Шұңқыр маржан кесектерімен жабылып кәдуілгі мола сипатына келтірілді.

Бұл жұмыс істеліп болғаннан кейін, капитан Немо жолдастарымен жүгініп отырып, ең соңғы қоштасу ишарасы ретінде қолдарын жоғары көтерді...

Осыдан кейін жаназашылар қауымы «Наутилусқа» қарай кейін қайтты.

Біз тағы да маржан орманының арасымен жүріп отырып, маржандар қалап жатқан қабырғаның етегіне келдік. Осы жерден тіптік жар басталды. Қажып-шаршап бір сағаттай жүргеннен кейін «Наутилустың» оттары да көрінді. Тұспалдай жүріп отырып, күндізгі сағат екіде сол оттарға да келіп жеттік-ау.

Мен, жаңа ғана көріп қайтқан, өте аянышты көріністен туған қайғылы ойдан әлі серпілген жоқ едім, киімдерімді ауыстырып киіп «Наутилустың» үстіне шықтым.

Кешікпей-ақ капитан Немо да менің жаныма келді. Мен одан:

— Демек, ол кісі, кешегі мен айтқан мезгілде түнде қайтыс болған ғой?—деп сұрадым.

— Я, Аронакс мырза, — деп жауап қайырды капитан.

— Енді ол өз жолдастарының қасында, су астында маржанмолада мәңгілік, соңғы ұйқысын ұйықтап жатыр да?

— Я. жұрттың бәрі ұмытқанмен, біз ұмытпайтын ол, сонда ұйықтап жатыр.

Капитан Немо екі қолымен бетін жауып, өксігін баспақшы болды, бірақ баса алмады.

Ұзақ уақыт үнсіз тұрғаннан кейін ол:

Онда, терең су астында, біздің тып-тыныш моламыз жатыр, — деді.

— Демек акулалар бара алмайтын сол жерде тып-тыныш ұйықтап жатқан сіздің марқұмдарыңыз екен ғой?

— Я,— деді капитан Немо гүжілдеп,— акула да бара алмайтын, адамның да қолы жетпейтін жерде ұйықтап жатыр, олар.

Бірінші бөлімнің соңы

 

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Бірінші тарау

ИНДИЯ МҰХИТЫ

Мұнда біздің су астындағы саяхатымыздың екінші кезеңі туралы есеп басталады. Бірінші кезең маған зор әсер еткен, маржан моланың басындағы өте аянышты халмоп аяқталған-ды.

Капитан Немоның өмірі осынау ұшы-қиырына көз жеткісіз шексіз мұхитта осылайша өтіп жатты, ол тіпті сол мұхит түбінің асыл қазыналы ең құпиялы бір жерінде өз моласын да даярлап қойған-ды.

Ол жерде терең судың астында «Наутилусты» мекен еткен, тірі кездеріндегідей өлгеннен кейін де бірі бірімен жұбын жазбай тығыз байланыста жатқан капитан Немоның достары мен жолдастарының ең соңғы тыныш ұйқысын бұзуға ешбір су кереметінің де батылы бармайды... Онда олар теңіз кереметтері де бара алмайтын, капитан Немо айтқандай, «адамның да» қолы жетпейтін тұңғиықта ұйықтап жатыр.

Адамзат қоғамына деген баяғы бір сенбеушілік өзгерер емес!

Мені енді Консельдің жорамалдары қанағаттандыра алмайтын болды.

Бұл тамаша адамның пікірінше, капитан Немо — өзіне қалай болса солай, елеусіз қараған, өзінің ғалымдығын таныта алмаған жұрттан есе қайтарып, өш алып жүрген адам еді. Кейде Консель: «Наутилустың» командирі,ғалымдарға күлкі болған бұл кемеңгер адам, ол қоғамның топастығына, селсоқ енжарлығына қарсы шекісе-шекәсе әбден қажыған соң, еркін өмір сүру үшін, адам баласы келе алмайтын осы ортаны әдейі мекен етіп жүр деген пікірді де айтатын. Бірақ, менің ойымша, бұл жорамал да капитан Немоның кім екені туралы мардымды ештеме айта алмаған жорамал болатын.

Шынында да, сол түнгі жұмбақ сыр, капитан Немоның бізді түрмеге қамауы, тіпті керек десең ұйықтатып тастауы, алыстан көрсететін дүрбіні көзіме апара бергенімде қолымнан жұлып алуы, «Наутилустың» қақтығысып қалуының салдарынан бір матростың өлімші болып жаралануы,— міне осы хал-жайлардың бәрі де Консельдің топшылауларын теріске шығарып тұр еді. Жоқ, капитан Немо ел-жұрттан безіп қана жүрген адам емес! Оның даналықпен ойлап тапқан жаңалығы — «Наутилус» сүңгуір кемесі оған өз бостандығына ешкім қол сұға алмайтын баспана ғана болып қызмет атқарып жүрген жоқ, бәлкім, мұның керісінше, кек қайыратын қаһарлы қару болып қызмет етіп жүруі де ықтимал.

Алайда, әзір бұл жорамалдың дұрыстығына көзім жеткендей менде де түк дәлел жоқ еді. Мені қоршаған осы бір белгісіз жұмбақ сырдың түнегінде бұл жорамал жол көрсетерлік жылтылдаған от қана еді. Оқиғалардың тікелей айтуы бойынша, егер де осылай деуге болатын болса, мен күндегіні күнде жаза беремін.

Басқасын былай қойғанда, біздің капитан Немоға тәуелді боп жүрген түгіміз жоқ еді. Ол «Наутилустан» біздің қашып кетуіміз мүмкін емес екенін жақсы біледі. Сондықтан ол бізден осы кемеде қаламыз, кетпейміз деген уәде де алған жоқ-ты. Біз де ешқандай міндеттеме алғамыз жоқ. Бірақ, бола тұрса да, біз сыпайылық ретінде ғана қонақ боп аталғанымыз болмаса, кәдуілгі тұтқын едік.

Нед Ленд қашып құтылу жөніндегі үмітін әлі үзген жоқ еді. Ол қолайлы кез келсе-ақ қашып құтыламын деп сенген еді. Тегі, мен де соның істегенін істейтін шығармын. Бірақ, әйтсе де, капитан Немоның кең пейілділігі арқасында танысуға мүмкіндік алған осынау су астының ғажайып дүниесімен қынжылып айрылысатын болармын.

Мен осы адамға бас июім керек пе, немесе оны жек көруім керек пе, не ол бір құрбандық па немесе жендет пе — маған бұл арасы қазір айқын емес еді. Шынымды айтқанда, «Наутилуспен» мәңгі айрылыспас бұрын, әзір ойдағыдай өтіп келе жатқан, су астымен бүкіл дүние жүзін айналып шығу сапарын ақырына дейін аяқтап шыққым келер еді. Теңіздердегі жасырынып жатқан ғажайыптардың бәрін де көргім келер еді. Осы бір білмегенді білуге аңсаушылық өмірімді үзіп жіберсе де, менен бұрын ешбір адам көрмеген кереметтердің бәрін де көргім келген болар еді. Бұл уақытқа дейін мен не білдім? Түк білгем жоқ, немесе білгенім өте болымсыз нәрселер, өйткені біз Тынық мұхит арқылы әлі тек алты мың-ақ лье өттік.

Дегенмен «Наутилус» елді жерлерге жақындап келе жатыр еді. Егер де қашып шығу үшін қандай да болса, бір мүмкіндік туа қалса, білімді аңсаған шөлімді қандыруға бола қашпай қалу, жолдастарымның мүдделеріне опасыздық істеу, менің тарапымнан кешірімсіз қаталдық болатынын жақсы білетін едім. Мен олардың соңынан еруге тиіспін, тіпті керек десең, оларды бастауға тиіспін. Бірақ ондай жағдай туар ма екен? Өзінің бостандығынан, еркінен зорлықпен айрылған адам қашуды көкседі, бірақ ғалым адам, осындай жағдай бірде болмаса бірде туып қалады-ау деп қорықты.

Бұл күні, 21 январьда, түстен кейін, капитанның көмекшісі, дағдылы әдеті бойынша, байқау жұмысын жүргізуге шықты. Мен де шығып сигар тартып, жұмысын қадағалап тұрдым. Бұл адам француз тілін білмейтін, бұған мен күмәнсызбын, өйткені мен оған есіттіре,қайтер екен деп,сан рет түрлі мін айтқан кездерім де болған, егер де түсіне еріксіз елегізе қалар еді ғой. Бірақ ол ылғый қаннен-қаперсіз, үн-түнсіз қала беретін.

Ол секстантты көзіне таяп, көкжиегінен күннің қанша жоғары екенін мөлшерлеп алып жатқан кезде, матростардың бірі шықты, бұл Креспо аралындағы орманға аң аулай шыққанымызда бізбен бірге барып қайтатын дәу матрос еді. Матрос прожектордың әйнектерін тазалауға кірісті.

Мен осы құралға қызыға қарап тұрдым, мұның жарығының күші жарық көзінің сәулелерін бір жерге жинап тұратын, дөңгелендіріле орнатылған дөңес шынылардың арқасында жүз есе артып тұратын-ды. Ал бұл жарық көзі жарық беру күшін ақырғы шегіне дейін жеткізетін етіп жасалған еді. Электр доғасы жасанды, ауасыз кеңістікте ғана жылтырайтын-ды, мұның өзі қызудың да тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сонымен бірге, екі аралығында электр доғасы пайда болатын графит жүздерін де сақтап тұратын.

Соңғы жағдай капитан Немо үшін өте-мөте маңызды еді, өйткені онсыз графит қорын жаңалап, толықтыра беру, оған оңайға түспес еді. Ал ауасыз кеңістікте графит жүздері өте баяу жанатын.

«Наутилус» сүңгуге даярлана бастаған кезде, мен кемеге түсіп, салонға кірдім. Кеменің үстіне шығатын ауыз жабылды. Жүз метрдей төмен түсіп алып, біз тура батысқа қарай тарттық.

Біз енді бес жүз елу миллион гектар алқапты алып шалқып жатқан, Индия мұхитының ұлан-байтақ кең жазығын тілгілеп келе жаттық. Мұхит суы, егер әлсіздеу, нәзік адам кеменің үстінен төмен қарай қалса басы айналғандай мөлдір еді.

«Наутилус» әдетте жүз метрден екі жүз метрге дейінгі тереңдікте жүзетін еді. Осылайша бірнеше күн өтті. Менің орнымда басқа біреу болса, ол үнемі су астында жүзудің, саяхаттың көңілсіздігіне ренжіп, әбден іші пысып құса болар еді. Бірақ күнде таңертең кеме үстіне шығып жүру, мұхиттың ғажайыптарын салонның терезесінен қарап, керіп отыру, капитан Немоның кітапханасындағы кітаптарды оқу, күнделік жазу — осының бәрі, зерігуге де, шаршауға да бір минут мұрша бермей, уақытымды түгел қамтыды.

Нед Лендтің де, Консельдің де, менің де денсаулығымыз өте жақсы болатын. «Наутилустың» тамағы да жалпы алғанда, бізді толық қанағаттандырулы еді, егер де канадалықтың көңіліне қарамасам, жалпы тамақпен қатар столға қойылып отырған «құрылықтағы азықтардан жасалған тағамдарды татпай-ақ» қояр едім. Оның бер жағында, төңірегіміздегі температураның тұрақтылығы жағдайында, бізге тіпті тұмау тию де мүмкін емес еді, ал егер тұмау тие қалса, «Наутилустың» аптечкасында тұмау мен жөтелдің емі — ағаш тәрізді маржан дендрофиллийлерінен жасалған прованста «теңіз укробы» деп аталатын жеткілікті дәрі, дәрмектер де бар-ды.

Бірнеше күн бойына, ертемен кеменің үстіне шыққанымда, су құстарының, әсіресе, шағалалар мен поморниктердің көптігіне қайран қалып жүрдім.

«Наутилустың» матростары бұларды атып түсіріп алып жүрді, ал бұлардың еттерінен жасалған тамақ өте дәмді тағамдардың бірі болды. Үлкен құстардың ішінде, жағалаудан алысқа ұшатын, шаршаған кездерінде толқындарда тынығатын, трубамұрындар отрядына жататын өте әдемі альбатростар көзге ерекше түсетін еді. Ескек аяқтылар семьясына жататын құстардан: су бетіне таяу жүзетін балықтарды ұстайтын, қанат қағысы шапшаң фрегаттар, көгершіннің үлкендігіндей, үйі жағы сәл ғана алқызыл ақ қауырсындары қап-қара қанаттарын айқын көрсетіп тұратын фаэтондар бар еді.

«Наутилустың» ауларына күн сайын теңіз тасбақаларының жаңа түрлері түсті де отырды; ішінара айтқанда, бұлардың ішінен өте бір қызғылықты тасбақа кареттаны немесе бисаны атауға болар еді, бұлардың өте қымбатқа сатылатын, қампиған қабыршақ-сауыты болады. Бұл тасбақалар мойнын шығаратын тесігін ет жапқышымен бітеп алып, ұзақ уақыт бойына суда қала алатын. Кейбір кареттер басқа теңіз жануарларынан қорғанатын сауытының ішіне тығылып алып, ұйықтап жатқан кездерінде ауға түсіп қалыпты. Бұл тасбақалардың еттері дәмсіз еді де, ал жұмыртқалары ең тәтті тағамдардың бірі еді.

Балықтарды алатын болсақ, олар салонның терезесінен қарап, байқап отырған біздерді таң-тамаша қалдырумен болды. Мен мұнда балықтардың бұрын-соңды өз басым көрмеген толып жатқан жаңа түрлерін көрдім.

Тек қана жылы теңіздерде, әсіресе, Қызыл теңізде, Индия мұхитында және Орталық Америка жағалауларында болатын кузовка балықтарын алдымен атауым керек. Бұл балықтардың тасбақалар немесе шаян тәрізді теңіз кірпілері сияқты қабыршақ-сауыттары бар еді, бірақ бұлардың сауыты тас немесе известь емес, бір-бірімен тұтасып, қосылып жатқан пластинкалардан құрылған сүйек еді. Кузовканың осындай сауыттағы денесі мүлдем қайыспайтын, қатты қабырғалы, үш тағанды, төрттағанды немесе бес тағанды қорап сияқты болатын.Бізге, еті өте жұмсақ үш бұрышты кузовка да, төрт тағанды сауытты кузовка да кездесті, үлкен тостаған көздерінің үстіндегі мүйіз сияқты ұп-ұзын тармақтары болғанға бұларды мүйізді кузовка деп атайтын.

Тікенекті скаттарды атауыма да болады, мұның қамшы сияқты өте ұзын өткір тікенекті құйрығы болады. Ол осы құйрығымен қатты соғады, мұндай соққы тіпті адамға да қатерлі.

Консельдің жазып алып жүрген қолжазбасында, балықтардың мынадай бірнеше түрі көрсетілген, бұлар: Тынық мұхитта кездескен ине қарындылар; ұзын мұрын скаттар; қабыршағы да, тармақтары да жоқ, жап-жалаңаш дөңгелек балық — электр скаттар; ұзындығы метр жарым, көлденеңі бір метр, бурыл түсті, қыр арқасында ақшыл мрамор дақтары бар, мраморлы электр скаттар, тағы басқалары еді.

Басқа түрлердің өкілдерінен атап көрсетуіме болатындары: құйрықсыз, жұмыртқа тәрізділер; қара қоңыр, тіпті қап-қара қос тіс ақ тамырлы, қамиып доп-домалақ шарға айналып кете алатын дико образға ұқсайтын қадалғыш тікен түктілер, басқа мұхиттағылардағыдай теңіз конькалары; ауыз жағы шығыңқы біткен, жап-жалпақ, қанат сияқты кеуде жүзгіштері бар кішкене балықтар; көкшіл жолағы, дақтары бар сары түсті лир-балықтары деуге болар еді. бұлардың еттері ақ әрі дәмді болады.

Біз мұнда, өздерінің өте үлкен жүзгіш қанаттарын жайып жіберіп, желкен ретінде пайдалана алатын қаракөк желкеншілерді де кездестірдік; күмістей аппақ, лент тәрізді жіп-жіңішке, ұзын-ұзын қылқұйрықтар да ұшырап отырды; ақыр аяғында, Ремингтон, сол сияқты қару-жарақ жасайтын басқа да фабрика иелерінің ұйықтаса түсіне де кіріп шықпаған қарумен қаруланған, су тамшысын оқ қып жәндіктерді атқанда дәл тигізіп, табанда сеспей қатыратын мұхит шыбын аулағыштарын да кездестірдік.

Январьдың 21 нен 23 не дейін «Наутилус» тәулігіне бес жүз қырық мильден алып отырды. Басқаша айтқанда біз сағатына екі жарым миль жүріп отырдық. Кеме осындай тез жүріп келе жатқанда, прожектордың жарығына елігіп, кемеге ілесіп келе жатқан балықтарды ғана көре алдық. Алайда, бұлардың көпшілігі ұзамай-ақ қалып қойып отырды, тек біразы ғана көпке дейін қалмай, кемемен қатарласып, ілесіп отырды.

Жиырма төртінші январьда біз 12°5' оңтүстік ендік пен 94°33' бойлықтағы Киллинг аралын көрдік. Бұл кокос пальмасы өскен маржан аралы болатын. Бұл аралда бір кезде Чарльз Дарвин мен капитан Фиц-Рой да болған. «Наутилус» осы елсіз аралды жағалай етті. Суға салған ay көптеген алуан түрлі полиптерге толып шықты, бұлардың ішінде капитан Немоның коллекциясынан орын алған кішкене дельфиндер де бар еді.

Кешікпей-ақ Киллинг аралы қарасын үзді де, «Наутилус» Индия жарты аралының ең шеткі оңтүстік шегіне қарай бағыт алып, солтүстік-батысқа қарай тартты.

— Біз мәдениетті елдерге жақындап келеміз,— деді маған бұл күні Нед Ленд.— Бұл тағылары киіктен де көп, Новая Гвинеядан кері жақсырақ. Профессор мырза, Индияда ағылшындардың да, француздардың да, индиялықтардың да тас жолдары, темір жолдары, қалалары бар. Онда аяқ бассаң-ақ отандасына кездесесің. Сізше, қалай, капитан Немомен қош айтысар уақыт жеткен жоқ па, әлі?

— Жоқ, жоқ! — дедім мен,— «Наутилус» елді жерлерге жақындап келеді. Оның бағыты — Европа. Сонда-ақ алып барсын. Европа жағалауына жетіп алайық, қашу жағын содан кейін ойлап көрерміз. Айтқандайын, капитан Немо Гвебоар аралындағыдай, бізді Малабар немесе Коромандель жағалауына аң аулауға жібере қояды дегенге сенбеймін.

— Қайтуші еді, профессор мырза, өйтетін болса, рұқсатсыз-ақ шығамыз да.

Мен канадалықтың бұл сөзіне ештеңе дегем жоқ. Онымен сөз таластырғым келмеді.

Ал, менің ендігі түпкі ойым: тағдыр айдап кез келтірген сүңгуір кемеде бар мүмкіншілікті сарқа пайдалану ғана болатын.

Киллинг аралына жақындап келе берген кезде «Наутилус» та жүрісін баяулатты. Біз енді өте тереңге жиі түсіп отырдық. Біздің екі километр, кейде тіпті үш километр кейдеүш километр төмен түсіп отырған кездеріміз де болды, бірақ он үш километрге дейін түсірілген зонт түбіне жетпеген Индия мұхитының тереңдігін бір рет те болса зерттеп көрген жоқ едік.

Судың төменгі қабатының температурасы Тынық мұхиттағыдай мұнда да нөлден төрт градус жоғары еді. Мен мұнда бір жағдайға көңіл аудардым: мұхит суының жоғарғы қабаттарының температурасы терең жерлерінен көрі төмендеу болады екен.

25 январьда мұхит беті көк медиен боп шалқып жатты да, «Наутилус» су бетінде жүзіп келе жатты, оның қуатты винттері толқынды тілгілеп, биік фонтан атқызуда еді. Сондықтан «Наутилусты» алыстан көрген кемелердің оны бір алып кит екен деп қалуы таңданарлық емес-ті.

Мен бұл күні кеменің үстінде, теңізді шолып қараумен болдым. Көкжиегінде түк көрінбеді. Тек күндізгі сағат төрт кезінде ғана сонадай жерде батысқа қарай бара жатқан бір кеме көрінді. Көкжиегінде оның мачталары бірнеше минут бойы айқын көрініп тұрды, бірақ судан қылтиып қана шығып келе жатқан «Наутилусты» ол кемеден байқау мүмкін емес еді.

Мен бұл кемені Мельтурн мен Король Георг мүйісін орағытып етіп Цейлон мен Сидней арасында жүретін Жарты аралдық және Шығыс кемелері қоғамның кемесі ғой деп ойладым.

Түстен кейінгі сағат бесте, тез өте шығатын тропиктік ымырт түспестен біраз ғана бұрын, Консель екеуміз бізді қатты сүйсіндірген тағы да бір ғажайып көріністің куәсі болдық.

Моллюскалардың бір түрі бар, мұнымен кездесу, ерте замандағы адамдардың пікірінше, бақыт жаршысымен кездесу болып табылады. Аристотель, Атеней, Плиний сияқты сол ерте заманның кемеңгерлері, оның ғадетін де, сезігін де зерттеп, оны суреттеу үшін ертедегі Греция мен Римнің барлық поэтикалық қорынан сөз маржандарын аянбай терген. Олар мұны «Наутилус» немесе «Помпилиус» деп атаған. Қазіргі заманның ғылымында бұл аргонавт деген атпен белгілі болған.

Біз мұхиттың үстінде топ-топ болып жүзіп жүрген толып жатқан аргонавтармен кездестік. Бұлар әлденеше жүз еді. Осы әсем моллюскалар дем алғанда ішіне жұтқан суды қайта айдап шығарып отыратын құйғыштарының көмегі арқасында артымен алға қарай жүзеді. Олардың сегіз сезгіш тармақтарының жіңішке, ұзындау келген алтауы суды есіп отырады да, гектокотили деп аталатын жұмырлау иілген доға сияқты қалған екеуі желкен ретінде желге қарсы қойылған еді.

Мен, осы судан спираль тәріздес раковиналарды айқын көріп отырдым, Кувье бұларды өте әдемі кішкене қайыққа теңеген болатын. Шынында да бұлар қайық сияқты еді. Известь тұздарының қалдықтарынан өздері «жасаған» бұл қайықты моллюскалар қалдырмай, ұдайы бірге алып жүреді.

— Аргонавт өзінің қайығын қалаған уақытында тастап кете алар еді, бірақ, ешуақытта өйтпейді,— дедім мен Консельге.

— Капитан Немо сияқты екен,— деп жауап қайырды Консель.— Сондықтан өзінің кемесінің атын «Аргонавт» деп қойғанда жақсы болатын еді.

Толық бір сағат бойына осы моллюскалар қауымы «Наутилусқа» еріп, жүзіп отырды. Бірақ неге екенін білмеймін, оларға кенеттен бір қорқыныш пайда бола қалды. Команда берілгендей барлық желкендер де түсіріліп, алға қарай созылған тармақтары тартылып, денелері де жиырыла қалды, барлық ауыртпалық қайыққа түсті, сөйтіп барлық флотилия лезде суға батып кетіп, ғайып болды.

Ешуақытта, ешбір эскадра мұндай маневрді тап осындай ынтымақтықпен келісті орындай алмаған шығар.

Осы минутта күн де батып, сол сәтте-ақ түн болды. Майда жел айдаған толқындарда жүзіп келе жатқан «Наутилус» сәл ғана шайқалуда еді.

Келесі күні, 26 январьда, біз сексен екінші меридианның тұсында экваторды кесіп өтіп, Солтүстік жарты шардың суына қарай ойыстық.

Бұл күні бізге орасан көп акула ілесіп отырды. Бұл акулалар — қыр арқасы қара қоңыр, бауыр жағы ақ, он бір қатар тісі бар, мойындарында көзге ұқсайтын, ақ қиықты дөңгелек қара дақтары бар, денесі жып-жылтыр тікен қанатты, қара дақты, тұмсығы жұмыр біткен акулалар еді.

Осы орасан зор жыртқыштар салонның терезесіне бірнеше рет өршелене тап-тап берді. Мұндай минуттарда Нед Лендтің делебесі қозып кетіп, тіпті отыра алмай қойды. Су бетіне шығып алып, осы кереметтерді, әсіресе, терезеге қайта-қайта шабуыл жасап келе жатқан, ұзындығы бес метрдей жолбарыс акулаларды аулағысы келіп-ақ отыр.

Бірақ осы арада «Наутилус» тезірек жүзіп кетті де, ең жүйрік деген акулалардың өзі де ілесе алмай қалып қойды.

Кешкі сағат жеті шамасында «Наутилус» теңіз бетіне шығып сүттей ақ толқындардың үстімен жүзді. Көз жетер жерге дейін мұхит беті сүттей аппақ боп жатыр.

Судың ағарып көрінуі ай жарығының әсері ме еді? Жоқ, өйткені туғанына екі-ақ күн болған жаңа ай әлі көтерілген де жоқ еді, бірақ жаңа ғана батқан күннің сәулесімен ағараңдап тұрған аспан аппақ боп жатқан сумен салыстырғанда қарауытып көрініп тұр.

Осы қайран қаларлық құбылысқа қарап тұрып, Консель өз көзіне өзі сенбеді.

Ол менен мұның мәнісін сұрады. Бағыма қарай білгісі келіп тұрған құбылысының мәнісін айтып та бердім.

— Мұны жұрт сүт теңізі деп атайды,— дедім мен.— Индия жағалауында мұндай сүттен аппақ алқап аз емес.

— Теңіздің мұндай аппақ болып жатуы неліктен, қожайын айтып бермес пе екен? Шынында да теңіз суы сүтке айналып кеткен жоқ па екен?

— Әрине, сүтке айналып кеткен жоқ, достым. Сені қайран қалдырып тұрған судың бұл бояуы жуандығы қылдай, ұзындығы миллиметрдің бес бөлегінің біріндей, ұп-ұсақ орасан көп түссіз, кілегей жәндіктердің сәулесінің әсерінен пайда болған. Бұл жануарлар біріне бірі жабысып кең алқап құрады, кейде тіпті мұндай алқаптар көптеген километр жерді алып жатады.

— Көптеген километр!—деп қалды Консель таңданып.

— Я, достым. Оның қанша екенін санап азаптанбай-ақ қой, өйткені, егер мен қателеспесем, кейбір теңізшілер қырық миль тіпті қырық мильден де аса созылып жатқан сүт теңіздерінен өткеніміз бар деген сияқты еді.

Менің бұл кеңесіме қарамастан, Консель ішінен: жуандығы қылдай, ұзындығы миллиметрдің бес бөлігінің біріндей осы жәндіктердің қырық шаршы миль алқапқа қаншасы сиятынын есептеумен болды.

Бірнеше сағат бойына «Наутилус» өзінің сүйір тұмсығымен сүт теңізін қақ жарып келе жатты, мен оның бейне бір сабын көбігінде қалқып келе жатқандай ешбір дыбыссыз жүзіп келе жатқанына көңіл аударып тұрдым.

Түн ортасы болған кезде, теңіз ойда жоқта өзінің әдеттегі түсіне кірді, бірақ көз жетер жерде кеменің артында қалған ақшыл судың сәулесі көк жүзіне түсіп, солтүстік шапағындай болып көрініп тұрды.

Екінші тарау

КАПИТАН НЕМОНЫҢ ЖАҢА ҰСЫНЫСЫ

26 январьда, түс кезінде 9° 4' солтүстік ендікте, «Наутилус» су бетіне шыққанда, бізден сегіз миль шамасында, батыс жағымыздан әлденендей бір жер көрінді. Бұл жердің іркес-тіркес, ығы-жығы боп шоғырланып біткен биік таулары алдымен көзге түсті, бұл таулардың кейбірінің биіктігі екі мың футтан да асып түсетін еді. Байқау аяқталғаннан кейін, мен салонға келіп, картадағы белгіге қарап, Индия інжуі — Цейлон аралының жағалауына келгенімізді білдім.

Мен осы жер бетіндегі ең құнарлы арал туралы кітап қарастырайын деп кітапханаға келдім де, X. К. Сиррдың «Цейлон және сингалездер» деген еңбегін тауып алдым.

Осы кезде капитан көмекшісі екеуі салонға келді. Капитан картаға қарады да, маған бұрылып:

— Цейлон — інжу терумен даңқы шыққан арал. Осы інжу теретін жерге барғыңыз келе ме, Аронакс мырза? — деді.

— Барғым келгенде қандай, капитан,— дедім мен.

— Өте жақсы. Мұны істеу оп-оңай. Рас, біз тек інжу теретін орынды ғана көреміз, ал терушілерді көре алмаймыз, өйткені інжу теру маусымы әлі басталған жоқ. Бірақ оның бізге керегі шамалы. Мен қазір Манаар шығанағына қарай жүруге бұйрық беремін. Біз онда түнде келеміз.

Капитан маған түсініксіз тілде бірдеме деді де, салоннан шығып кетті. Сол-ақ екен, «Наутилус сүңгіп кетіп, манометрдың көрсетуі бойынша, отыз футтей төмен түсті.

Мен картадан Манаар шығанағын қарадым, сөйтсем о л 9° солтүстік ендікте, Цейлонның солтүстік-батыс жағалауындағы кішкене Манаар аралының бір жақ шетінде екен.

Оған жету үшін, біз бұл аралдың бүкіл батыс жағалауын орағытып өтуіміз керек еді.

Капитан Немо тағы да әңгімеге кірісті.

— Аронакс мырза,— деп бастады ол,— Бенгаль шығанағында да, Индия теңізінде де, Қытай, Япония теңіздеріндеде, Американың оңтүстігін жуып жатқан теңіздерде де, Панама шығанағында да, Калифорния шығанағында да інжу теріледі. Бірақ Цейлонда інжу теру нәтижелірек. Амал қайсы, мұнда біз тым ертерек келіп қалдық. Манаар шығанағына інжу терушілер марттың орта кезінде ғана келеді,— бұл уақытта мұнда үш жүзге тарта кеме жиналады, олар отыз күн бойына кірісі көп осы кәсіппен ғана шұғылданады. Әрбір кеменің он ескекшісі, он сүңгушісі болады. Сүңгушілер екі смена болып суға кезек түсіп отырады. Олар екі аяғының арасына ауыр тас қысып он екі метр тереңдікке түседі де, жетер жеріне жеткеннен кейін тасты қоя береді. Кемеге байлаулы бұл тасты ескекшілер тартып қайта шығарады.

— Демек, бұл сияқты варварлық әдістер әлі қолданылады екен ғой?

— Я, осы інжу шашылып жатқан алқап бір мың сегіз жүз екінші жылғы Амьен трактаты бойынша, өз меншігіне айналдырып алған дүние жүзіндегі ең индустриялы елдің — Англияның иелігінде бола тұрса да, мұнда әлі өзгерген түк те жоқ,— деп жауап қайырды капитан Немо.

— Менің шамалауымша, сіздің скафандрларыңыз сияқты скафандрлар, қалай болғанда да, бұл кәсіпте үлкен пайда келтірер еді.

— Әрине, өйткені әлгі сорлы сүңгушілер су астында аз-ақ уақыт болады ғой. Ағылшын Персиваль өзінің Цейлондағы саяхатын суреттеп жазған еңбегінде, бір сүңгушінің бес минутқа дейін су астында болғанын жазады, бірақ оның мұнысы маған нанымсыздау көрінді. Мен кейбір жүзгіштердің су астында елу жеті секунд яғни бір минутқа дейін шыдағанын ең күшті деген кейбір жүзгіштердің сексен жеті секунд яғни — минут жарымға дейін шыдағанын білемін! Бірақ мұндай адамдар өте аз ғой; айтқандайын кемеге қайта шыққандағы сорлылардың мұрындарынан, құлақтарынан қанды су ағады екен. Менің шамалауымша орта есеппен алғанда,сүңгуші су астында отыз секундтан артық бола алмайды, ал осы болмашы уақыттың ішінде, сол інжулерді тауып жұлып алып шілтерге салып үлгіруі керек. Сүңгушілікті кәсіп етушілердің орта жасқа келгені өте сирек ұшырайды; олардың көпшілігі жас шағында еледі; көзі де тез бұзылып іріңдеп, іріп-шіри бастайды, денелерін түгелдей жара басып кетеді. Су астында жүректері жырылып өлетіндер де өте көп болады.

— Я,— дедім мен,— өте қиын кәсіп екен... Әйелдердің еркелігіне бола, осындай күш жұмсау, сонша адамды құрбан ету, ойлап қарасаң сұмдық қой бір!.. Әйтсе де, айтыңызшы, капитан, сондай бір кеме бір күннің ішінде қанша інжу жинай алады.

— Жұмыс күнінің ішінде қырық мыңнан елу мыңға дейін жинайды. Бір мың сегіз жүз он төртінші жылы Ағылшын үкіметі мемлекет үшін інжу жинау жұмысын ұйымдастырғанда, інжу терушілер жиырма күннің ішінде жетпіс алты миллион раковина жинайды деседі.

— Әйтеуір, теруші еңбегіне лайық еңбекақы алатын шығар?

— Керісінше, мардымсыз еңбекақы алады. Панамада олар аптасына бір доллардан артық таба алмайды. Көбінесе інжуі бар бір раковинаға бір ғана су43 бақыр ақша алады. Ал жинаған раковиналарының інжуі жоқтарының өзі қанша, әлі!

— Бір қожайынды байытатын әрбір інжу үшін екі-ақ тыйын теңесе, тіпті сұмдық екен! — дедім мен.

— Сонымен, профессор мырза,— деді капитан Немо,— сіз өзіңіздің серіктеріңізбен Манаар шығанағының інжу қазынасын көресіздер. Егер де, сол уақытта, кездейсоқ бір інжу терушіні көре қалсаңыз, бұл кәсіптің техникасымен де танысасыздар.

— Бұл өте қызық болар еді.

— Айтпақшы, профессор, сіз акуладан қорықпайсыз ба?

Акуладан ба?! — деп қалдым мен.

Бұл сұрақтың өзі сыпайылау етіп айтқанда, маған сорақылық болып көрінді.

Ал, қалай? — деп отырып алды капитан Немо.

Шынымды айтуға тиіспін, —дедім мен сәл кідіріп,— мен әлі ол балықтарға үйреніп кете алғам жоқ...

— Ал біз үйреніп кеткенде де тіпті оларды байқамайтын болдық. Кешікпей сіздер де үйреніп кетесіздер,— деді капитан Немо.— Біз жақсылап қаруланып аламыз, ал, егер сәті түссе, бір акуланы аулап та көрерміз. Бұл аң аулаудың ішіндегі ең бір қызықтысы. Сонымен, профессор, ертеңге дейін сау болып тұрыңыз. Біз ертең ертерек шығамыз.

Осы сөздерді айта салды да капитан Немо салоннан шығып кетті.

Егер де сізге Швейцария тауларына аю аулауға барайық десе, онда сіз: «Өте жақсы, ертең аю аулауға баралық» дер едіңіз. Егерде сізден: «Атлас жазықтарына арыстан, немесе Индия нуларына жолбарыс аулауға шыққыңыз келе ме?» деп сұраса, онда сіз: «Несі бар, жолбарыс немесе арыстан аулау өте қызық қой», деп ойлар едіңіз. Бірақ егер сізді акула аулауға шақырса, шақырғанда олардың қалың ортасына кемемен емес, су астымен жаяу барып аулайық, деп шақырса, оңда, бәлкім, сіз шақыруды қабыл алмас бұрын, жақсылап тұрып ойланар едіңіз!

Мойындауым керек, капитан Немо салоннан шығып кеткен кезде маңдайымнан бұрқ еткен суық терді сүртіп алдым.

«Жақсылап ойлан,— дедім мен өзіме,— асығар түк те жоқ. Креспо аралында қана аулау өзіне басқа: ол көңілді түрде уақыт өткізу ғана еді. Ал акулаға кездеспей қалмайтыныңды біле тұра, теңіз аралап жүру, мүлде басқа нәрсе. Кейбір жерлерде, мәселен, Андамана аралдарында бір қолына қанжар, бір қолына бұғау алып негрлердің акулалармен тайсалмай шайқасатынын мен жақсы білемін. Бірақ, осымен қатар, акуламен осы орасан зор жыртқышпен жекпе-жек шайқасқан ержүрек жігіттердің көбінің тірі қайтпайтынын да білетінмін».

Менің көз алдыма акулалар үйірі елестеді; олардың адамды ортасынан қақ бөлетін бірнеше қатар тістері, қылғып қоятын арандай аузы көз алдымда ажалдай елестеп, тіпті сол тістері менің бүйіріме қадала бастағандай болды.

Мұның үстіне, капитан Немоның бұл ұсынысты жасаған кездегі қаннен-қаперсіздігіне де түсіне алмай қойдым. Мені тап бір орманға түлкі соғып алуға шақырып отырған сияқты.

«Консель, бәлкім, бұдан бас тартар,— деп ойладым мен,— мұның өзі капитан Немоның шақыруын қабыл алмау үшін маған да жақсы сылтау болар еді».

Ал Нед Ленд жөнінде, мойындауым керек, ол бұған қызықпас, ақылға жеңдірер деген сенім менде болған жоқ. Өйткені, қандай зор қауіп болса да, оның жауынгерлік делебесін қоздырып жіберетін-ді.

Мен Сиррдың кітабын қолыма қайта алдым да, беттерін тек аударыстыра бердім: кітап бетінен маған аузын арандай ашқан акуладан басқа түк көрінбеді.

Осы минутта салонға Нед Ленд пен Консель де келіп кірді. Екеуі де көңілді-ақ. Өздерін не күтіп тұрғанын әлі білмесе керек.

— Адал сөзім,— деп бастады Ленд маған бұрылып:— әлгі сіздің капитаныңыз Немо, бізге бір сүйсінерлік ұсыныс жасады.

— Aha,— дедім мен,— сіздер де біледі екенсіздер ғой?..

— Қожайынның рұқсаты бойынша айтқанда,— деді Консель,— «Наутилустың» командирі бізді Манаар шығанағындағы інжу терілетін жерді көріп қайтуға шақырды. Бізбен өте сыпайы сөйлесті, бұл жолы өзін кәдуілгі джентельменше ұстады.

— Бұдан басқа сіздерге түк айтқан жоқ па?

— Түк те айтқан жоқ,— деп жауап қайырды канадалық,— жалғыз-ақ сізді де осы серуенге шақырдым дегенді ғана айтты.

— Онысы рас,— дедім мен,— бірақ ол серуенде не болып, не қоятыны жайында дәнеңе де айтқан жоқ па?

Жоқ, профессор мырза. Сіз, әрине, бізбен бірге барасыз, солай емес пе?

Мен бе?.. Әрине. Сіз де су астындағы серуеннің дәмін тата бастағансыз ғой деймін, Ленд мырза?

Я, су астының серуені қызық... Өте қызық.

Бірақ, мүмкін, қатерлі де шығар,— дедім мен.

Інжу қайраңын аралаған серуеннің несі қатерлі еді? — деп қарсы шықты Нед Ленд.

Капитан Немоның акула туралы айтып, менің жолдастарымды күні бұрын қорқытқысы келмегендігі айқын еді. Тап бір мүшесінен айрылып қалған адамдардай мен жолдастарыма үлкен аяныш сезіммен қарап тұрдым.

Алдағы қатерлі қауіпті жолдастарыма айтуым керек пе еді? Әрине, керекті. Бірақ оны неден бастап, неден қоярымды біле алмай тұр едім.

— Інжу теру жұмысы жайында қожайын бірдеме айтып бермес пе екен? — деп қалды Консель.

— Теру туралы ма, әлде соған байланысты қауіп туралы ма,— деп сұрадым мен, әңгімені өзіме қарай бұрып.

— Теру туралы,— деді канадалық,— қашан да болса, өзіңнің жүргелі тұрған жолыңды жақсылап біліп алуың керек қой.

— Олай болса, достарым, бері таман отырыңыздар, мен сіздерге інжу теру туралы Сиррдың кітабынан оқып білгендерімнің бәрін де айтып берейін.

Нед пен Консель менің жанымдағы диванға келіп отырды.

Канадалық әңгіме алдында бір сұрақ берді:

— Профессор мырза, інжу дегеніміз немене өзі?

— Достым Нед, ақындар үшін інжу дегеніміз — теңіздің көз жасы,— деп бастадым мен,— шығыс халықтары үшін бұл қатып қалған шық, әйелдер үшін, қолға салатын білезік, сақина, мойынға салатын моншақ, құлаққа тағатын сырға, яғни сопақшалау келген кез тұндырарлық асыл тас; химик үшін, фосфорлы қышқыл тұздың көмірлі қышқыл кальциймен қосындысы; ал енді натуралист үшін,— кәдуілгі қос қабыршақты ракушкалардың денесіне шыққан жай ғана ауру безі...

— ...Бұлардың өзі қабыршақ желбезекті моллюскалар класына жататын бір тұр екен ғой,— деп қосып қойды Консель.

— Дұп-дұрыс, ғалым достым. Бұлар қабыршақтарының ішкі жақ беті көкшіл, көгілдір, қоңыр, көк, ақ түсті моншақ тастармен толы моллюскалар болады, бұлардың бәрі де інжу моллюскалары.

— Жеуге жарайтын ракушкалардың да інжуі бола ма? — деп сұрады канадалық.

— Я, Шотландияның, Уэльстің, Ирландияның, Саксонияның, Богемияның және Францияның кейбір суларындағы жеуге жарайтын ракушкалар да өндіре алады.

— Солай деңіз,— деді канадалық,— есте болсын. Бірде болмаса бірде мұнын да бір керегі болар.

— Бірақ ең көп інжу інжулі-раковиналарда болады. Інжу дегеніміз — кішкене моншақ тәрізді домалақ зат інжулер не қабыршаққа жабысып тұрады да, не моллюсканың денесінің қыртыстарына ұялайды. Қабыршақтардағы інжудің де моллюскалардың денелеріндегі інжудің де өзегі болады, бұл өзектің айналасында бір-бірімен өзектес жіңішке жіптер пайда болады, бұлар жылдан жылға ұлғая келіп өзекті қаптап алған перламуторға айналады. Ал, өзек дегеніміз кездейсоқ түскен құм қиыршықтары немесе сол сияқты бір зат болады.

— Бір раковинада бірнеше інжу болуы мүмкін бе? — деп сұрады Консель.

— Мүмкін. Кейбір раковиналарда тіпті тұтас бір інжу алқа да болады. Менің өз басым сеніңкіремеймін, әйтсе де, кейбір раковиналарда ең кемі жүз елу акула болады деседі.

— Жүз елу акула дейсіз бе? — деп айғайлап жіберді Нед Ленд.

— Мен «акула» дедім бе? — деп сұрадым қысылыңқырап.— Інжу дегенім ғой Раковйнада акула болады деу қисынсыз ғой!

— Әрине,— деді Консель— раковинадан інжуді қалай айырып алатынын қожайын айтпас па екен?

— Оның әртүрлі тәсілдері бар. Кейде, қабыршақтарға жабысып тұрған інжулерді қысқашпен алады. Бірақ көбінесе жинаған раковиналарды жағаға шығарады да, шидің үстіне тегістеп жайып тастайды; он күннен кейін, моллюскалары шіри бастаған кезде, оларды теңіз суынан жасалған үлкен көлге апарып төгеді, бұдан кейін раковинаны ашады да, жуады. Осы арада сорттаушыларға да кезек тиеді, олар қабыршақтарға жабысып тұрған інжулерді жинап алады да, өз алдына бөлек сатылатын перламутор пластинкаларын қабыршақтан ажыратады, ең ақырында моллюскалардың денелерінің бір бөлегін суға салып әбден езілгенше қайнатады да, сол сұйық заттан күлдей ұсақ інжулерге дейін сүзіп алады.

Інжу үлкен-кішілігіне қарай бағалана ма?

— Жоқ, үлкен-кішілігіне қарай бағаланбайды,— деп жауап қайырдым мен, інжудің құндылығы түріне, «суына» яғни түсіне, жарқырағыштығына, інжудің көз тартарлық құлпырмалы қасиетіне байланысты. Ең үлкен інжулер моллюска денесінің қыртыстарында болады. Олардың түстері ақ болады, бірақ көпшілігі күңгірт түсті болады, ашық-мөлдір түстілері де болады. Бұлар көбінесе домалақ немесе алмұрт тәрізді болып келеді. Бұлардың домалақ түрлері білезік үшін, алмұрт тәріздісі сырға, алқа үшін пайдаланылады. Екеуі де бір бірлеп сатылады. Қабыршақтарға жабысқан інжулердің түрлері онша келісімді болмайды, сондықтан олар арзанырақ болады, бұларды таразыға тартып, өлшеп сатады. Ең соңғы үшінші сорты — ұсақ інжулер, бұларды көлеміне қарай өлшеп сатады. Інжулердің бұл түрі көбінесе кестелерді әшекейлеу үшін, әсіресе, шіркеулерді безендіру үшін пайдаланылады.

— Тегі, інжулерді сортқа бөлу — ұзақ уақыт керек өтетін өте ауыр жұмыс қой дейім? — деп сұрады канадалық.

— Жоқ, достым, бұл өте қиын жұмыс емес. Бұл жұмыс он бір електің немесе қалбырдың көмегімен істеледі. Жиырмадан сексенге дейін тесігі бар електен өтпегендері бірінші сортты інжу болып саналады; жүзден сегіз жүзге дейін тесігі бар електен өтпегендері екінші сортты інжу болып саналады; сегіз жүзден мыңға дейін тесігі бар електі керек ететіндері үшінші сортты інжу болып табылады.

— Табылған ақыл екен,— деді Консель.— Сорттаушылардың жұмысы механикаландырылған екен ғой... Інжу кәсіп орындарын пайдалану қанша табыс беретінін қожайын айтпас па екен?

—Сиррдың мәліметтеріне сенуге болатын болса,— дедім мен,— Цейлон інжу қайраңын бір Жыл пайдалану үшін үш миллион акула төлеу керек көрінеді.

— Франк! — деп түзеп қойды Консель.

— Әрине, франк! Үш миллион франк,— деп қайталадым мен.— Бірақ менің шамалауымша қазір бұл қайраң бұрынғысындай табыс бере алмайды. Америкадағы інжу қайраңдары да сондай. Бесінші Карл тұсында олар жыл сайын төрт миллион франк тұратын інжу береді екен, қазір олар соның үштен екісін дейін ғана береді. Жалпы алғанда, бүкіл дүние жүзіндегі інжу шығатын орындар жылына тоғыз миллион франктың інжуін береді.

— Бірақ өте қымбатқа сатылатын жеке інжулер бар дейді ғой,— деді Консель.

— Я, достым. Тарихтың айтуы бойынша, Юлий Цезарь біздің ақшамызға шағып айтқанда, жүз жиырма мың франк тұратын бір інжуді Сервилийге тарту етіпті.

— Менің де бір естігенім бар,— деді канадалық— бір әйел інжуді сірке суына салып ертіп, ішіп қойыпты деседі.

— Ол әлгі Клеопатра ғой! — деді Консель.

— Онша тәтті болмауға тиіс,— деді Нед Ленд.

— Өте жиіркенішті екен,— деді Консель— ойлап көріңізші, сонда, бір стакан сірке су жүз елу мың франк тұрғаны да!

— Әттең, сол келіншек менің әйелім болмаған екен,— деп қалды канадалық өзінің зілдей жұмырығына қарап қойып.

— Нед Ленд Клеопатраның жұбайы болды,— деп күлді Консель.

— Мен үйленбекші де болғанмын, Консель,— деп жауап қатты канадалық сабырмен,— бірақ істің сәті түспесе, айып менде емес қой. Мен өзімнің қалыңдығым — Кэт Тендерге інжу алқа да сатып алғанмын, бірақ ол, неге екенін білмеймін, басқа біреуге тиіп кетті. Бірақ, осы алқа маған доллар жарымға ғана түсті. Менің сөзіме сеніңіз, профессор мырза, осы алқаның бірде-бір моншағы тіпті жиырма тесікті електен де түспес еді.

— Нед қалқам! — дедім мен күліп.— Оның қолдан жасалған інжу алқасы болды ғой,— бұл ішіне інжу эссенциясын толтыратын кәдуілгі шыныдан жасаған домалақ шар.

— Дегенмен,— деді канадалық,— сол эссенция онша арзан бола қоймас.

— Түкке де тұрмайды. Ол азот қышқылына қосып еріткен кішкене балықтардың қабыршағы. Эссенция дегеніңіздің құны түкке тұрмайды.

Кэт Тендердің басқаға тиюінің мәнісін енді түсіндім, деді Мед Ленд философша сабырлылықпен.

— Жә, енді інжу бағасы жайындағы әңгімеге қайта оралайық. Жер жүзіндегі патшалардың бірде-бірінің інжуі капитан Немоның інжуінен құнды емес екенінде менің ешбір күмәнім жоқ.

— Мынадан ба? — деп сұрады Консель шыны витринаның ішіндегі қара мақпалдың үстінде жатқан асыл тасты көрсетіп.

— Я, осыдан. Мұның бағасы екі миллион...

— ... франк,— деп қалды Консель.

— Дұп-дұрыс, екі миллион франк болады деп білер едім.

— Ал мұны табу үшін капитан Немоға тек еңкею ғана керек болған...

— Міне көріп тұрсыз ба? — деп қалды Нед Ленд дауыстап.— Қайдан білесіз, бәлкім, ертеңгі серуен кезінде біз де осындай біреуін тауып алармыз.

— Я! —деп күңк ете түсті Консель.

— Тапсақ несі бар?

— «Наутилуста» бізге миллионның қажеті қанша?

— Кемеде оның, әрине, түкке де керегі жоқ, бірақ... басқа жерлерде...

— Басқа жерлерде!..— деп басын шайқады Консель.

Нед Лендтікі дұрыс,— дедім мен.— Егер де біз Европаға немесе Америкаға бірнеше миллион тұратын інжу алып қайтсақ, онда біздің су астында басымыздан кешірген оқиғаларымыз жайындағы әңгімелеріміз анағұрлым дәмді болар еді, оларға жұрттың сенімі күшейер еді.

— Сөзсіз!—деп мақұлдады канадалық.

Алайда айтыңызшы,— деді заттық жағынан кері мәселенің ғылыми жағына қызығыңқырап тұрған Консель,— маржан теруден келер қауіп бар ма?

— Жоқ,— деп жауап қайырдым мен,— егер, кейбір сақтық шаралары қолданылса, одан келер түк қауіп жоқ.

— Інжу теруде қандай қауіп бар?—деп сұрады Нед Ленд.— Тек бір жұтым су артық жұтып қоямыз деген қауіп болмаса.

— Әңгіме тек онда ғана емес қой, Нед,— деп қосып қойдым мен, капитан Немо сияқты салқын-сабырлы шыраймен,— сіз акулалардан қорықпайсыз ба, Нед?

— Мен бе?!—деп таңданды Нед.— Кәсібім сүңгіші бола тұра акуладан қорықпақпын ба, қызық екен!

— Әңгіме, акуланы қармақпен ұстап алып, оны кеменің үстіне шығарып, құйрығын балталап кесіп, ішін жарып жүрегін алып суға тастауда болып отырған жоқ...

— Демек, сіздің сұрап отырғаныңыз не туралы ғой, әлгі...

— Тап сол туралы!

— Суда ма?

— Суда!

— Егер де жақсы сүңгі алып шықса... сіз білесіз бе, профессор мырза, жалпы алғанда, ол өзі бір өте сөлекет жануар. Сізді жалмау үшін ол алдымен аударылып шалқасынан түсуі керек, бұл уақыттың ішінде сіз оның жүрегіне сүңгіні қадап та үлгірерсіз.

Нед Ленд осы «жалмау» деген сөзді айтқан кезде тіпті тұлабойым мұздап қоя берді.

— Ал, сен ше, Консель, акула туралы қандай пікірдесің? — деп сұрадым мен.

— Менің қожайыннан іркерім жоқ, турасын айтамын...— деп бастады ол.

«Я, сәт! — деп тұрмын мен.

— ... егер қожайын акуладан қорықпайтын болса, оның шын берілген қызметшісі мен несіне қорқайын?

Үшінші тарау

ОН МИЛЛИОН ФРАНК ТҰРАТЫН ІНЖУ

Түн болды. Мен төсегіме барып жаттым, бірақ төңбекшіп ұйықтай алмадым. Акулалар түсімнен шықпай қойды, сондықтан болу керек, оянған сайын суық терге баттым да жаттым.

Келесі күні, таңертеңгі сағат төртте, мені капитан Немоның маған бекітіп қойған стюарды келіп оятты. Мен дереу киіндім де, салонға бардым.

Салонда мені капитан Немо күтіп тұр екен.

— Сіз дайынсыз ба, Аронакс мырза? —деді ол.

— Әбден дайынмын, капитан.

— Олай болса менің соңымнан ере беріңіз

— Менің жолдастарым ше, капитан?

— Оларға ескертілген, бізді күтіп тұр.

— Скафандраларды киеміз бе?

— Әзірше кимей тұра тұрамыз. «Наутилус» жағалауға жақындай алатын емес, Манаар інжу қайраңынан едәуір алыста тоқтаттым, оны. Сондықтан мен қайық даярлатып қойдым. Қайық бізді босқа шаршатпай-ақ тура сол қайраңға дейін апарып салады. Скафандраларды қайыққа салғызып қойдым, суға түсерде бір-ақ киетін боламыз.

Біз кеменің үстіне шықтық. Нед Ленд пен Консель бізді күтіп тұр екен.

Суға түсірілген қайық кемеге байлаулы екен, үстінде бес матрос отыр.

Таң әлі атқан жоқ еді, түн тастай қараңғы екен. Көк жүзіндегі қою, қалың бұлттың арасынан бірен-саран жұлдыздар ғана жымыңдайды.

Жер жаққа қарап едім, көк жиегінің төрттен үшін жауып тұрған белгісіз бір қою қараңғылықты ғана көрдім.

Түнде Цейлон аралының батыс жағалауын бойлап жүзіп отырған «Наутилус» шығанаққа кіре берісте тұр екен, дәлірек айтқанда, ол Цейлон аралы мен Манаар аралының; екі ортасындағы қолтықта тұр еді. Мына қарауытқан судың астында жиырма мильдей алқапты алып жатқан сарқылмас мол қазына, дүние жүзіндегі ең үлкен інжу қайраңдарының бірі жатыр.

Капитан Немо, Нед Ленд, Консель мен төртеуіміз қайықтың арт жағына отырып алдық. Матростардың бірі рульді ұстады, қалғандары ескекті қолға алды да, қайық босатылысымен-ақ біз жолға шықтық.

Қайық оңтүстікке қарай беттеп келе жатты. Ескекшілер асыға қоймады. Байқайым, ескекшілер арасына он секундтан салып ескектерін суға түсіріп қойып келеді. Мұндай тәжрибе соғыс теңіз флотында да қолданылатынды. Қайық осылай екпінмен ғана жүзіп келе жатқан кездерде, көтерілген ескектерден суға тамған тамшылардың дыбыстарына дейін айқын естіліп отырды. Жағалаудан баяу жылжыған күміс жонды майда толқындар шылп-шылп соғылып, қайықты болар-болмас шайқап келеді.

Біз үнсіз келеміз. Капитан Немо не ойлап келеді екен? Бәлкім, осы жер туралы, сол жерге ете жақындап қалғанымыз туралы ойлап отырған шығар?

Сірә, Нед Ленд те осы жер туралы ойлап келе жатса керек, бірақ оның ойынша біз сол жерден әлі де болса қашық едік.

Ал, Консель болса, менің ойымша, түк те ойлап келе жатқан жоқ. Оның есіл дерті тек су астындағы тамашаны көру ғана болып келеді.

Сағат бес жарымда таң қылаң беріп, көкжиегіндегі таулар айқын көріне бастады. Шығыстағы аралдар жап-жазық, оңтүстіктегі аралдар таулы екен. Біз қазір сол аралдардан бес мильдей ғана жерде едік.

Арал мен екі ортамызда теңіз шалқып жатты. Бірде-бір кеме, не бірде-бір сүңгіші көрінбейді.

Капитан Немоның айтқаны келді: біз мұнда тым ерте келіппіз.

Тропиктік жақта түннің болуы қандай тез болса, таңның атуы да сондай тұтқыйыл болады, сол әдеті бойынша, сағат бес жарымда бірден таң атты. Күн сәулесі көктжиегін қабаттап тұрған бұлттардан көктей өтті де, күн көзі көк жүзіне көтерілді.

Маған енді жер де, жағалау да, барған сайын үлкейіп бара жатқан ағаштар да айқын көрінді.

Қайық, Манаар аралына қарай бұрылды, Манаардың жағалауы оңтүстіктен барып аяқталатынды. Капитан Немо отырған орнынан тұрып, теңізге қарады.

Оның белгісі бойынша, қайық тоқтады да суға якорь тасталды. Якорь шынжыры бір-ақ метрдей түсті, өйткені, бұл арадағы інжу қайраңы тым тайыз еді.

Қайтқан су якорь шынжыры мүмкіндік берген жерге дейін қайықты ашық теңізге қарай кері айдады.

— Міне, біз де келдік, профессор, —деді капитан Немо. — Мына тұйық қолтықты керіп тұрсыз ба? Бір айдан кейін мұнда жүздеген кеме жиналады. Осы суға мыңдаған ержүрек сүңгушілер түсетін болады. Бұл қолтықтың өзі інжу теру үшін өте қолайлы: өйткені таулардың ығында тұрғандықтан мұнда ешуақытта қатты толқын болмайды — сүңгушілердің жұмысы үшін, бұл екі жағдайдың төтенше маңызы бар. Енді біз скафандрларымызды киіп, серуенімізді бастаймыз.

Мен ештеңе дегем жоқ, сөйтіп, осы қатерлі судан көз айырмай қарап тұрған бойымда, матростардың бірінің көмегімен ауыр скафандрды киіп алдым. Капитан Немо мен менің екі жолдасым да скафандрларын кие бастады «Наутилус» матростарының бірде-бірі шығанақтың түбіндегі серуенге бізбен бірге бармайды екен, мұны мен осы арада бір-ақ білдім.

Кешікпей-ақ біз, көксағыздан жасаған киімнен мойнымызға дейін қапталып алдық, арқамызға ауа толтырылған резервуарлар да таңылды. Румкорф аппараттары мен электр фонарьлары қайықта жоқ болып шықты. Шлемді киерде мен капитан Немодан бұл қалай деп сұрадым.

— Фонарьдың бізге керегі бола қоймас—деп жауап қайырды ол.— Біз тереңге түспейміз, ал тайызда күн сәулесінің өзі де жеткілікті жарық түсіріп тұрады. Мұның үстіне, бұл сияқты суларда электр фонарын жағу үлкен бейқамдық, ағаттық болар еді, өйткені олардың жарықтары қатерлі жыртқыштарға белгі береді.

Капитан Немо маған сөйдеп тұрған кезде, мен Нед Ленд пен Консельге қарадым. Бірақ ажырамас достар бастарына металл шлемді киіп те алған екен, түк еститін емес.

Маған енді капитан Немоға бір-ақ сұрақ беру ғана қалды.

—Мылтық қайда? — деп сұрадым мен.— Шынымен-ақ түк қарусыз барамыз ба?

—Мылтық? Мылтықтың қажеті не? — деді капитан Немо.— Таулықтар аю аулауға шыққанда, мылтық алып шығушы ма еді? Не бір мылтықтан да қолдағы қанжар артық қой. Жүзі қандай өткір десеңізші. Қаңжарыңызды белбеуіңізге қыстырып алыңыз, жүрелік.

Мен жолдастарыма қарап едім, олар да бізше қаруланып алыпты, жалғыз-ақ Нед Лендтің қолында өзімен бірге ала шыққан үлкен сүңгісі бар екен.

Маған енді ауыр мыс шлемді киіп, бұрандасын бұратып алып, ауа толы резервуардың шүмегін ағытып жіберу ғана қалып еді.

Бір минуттан кейін матростар бізді біртіндеп суға түсіре бастады, метр жарым түскенде аяғымыз құмға тиді.

Капитан Немо қолымен белгі берді де, біз соңынан еріп, ылдимен жүріп отырып тереңірек түстік.

Мазамды кетірген қауіп сезімі кенет серпіле қалды. Жүрегім орнына түсіп су астындағы тіршіліктің қызығына әбден баттым. Күн сәулесі су астын жап-жарық қып тұр. Тіпті ұп-ұсақ нәрселерге шейін ап-айқын көрініп жатты. Он минут жүргеннен кейін біз бес метрдей төмен түстік, бұл тұс теп-тегіс жазық екен.

Біз, құйрығынан басқа ешбір жүзгіш қанаты жоқ, сынар жүзгіш қанаттылар отрядына жататын балықтардың бірнеше тобын үркітіп жібердік. Қытай жыланбастарынан үлкендігінен, бояуының ашық ақшылдығынан ғана ажыратуға болатын, қыр арқасы мен бауыр жағы жасыл-көк, ұзындығы бір метрдей жолақ жыланбастарды да көрдім. Бұдан кейін бізге бояуы құлпырған, арқа жүзгіш қанаты жаға тәрізденіп біткен желкен-балықтар да кездесті. Бұл жейтін балық еді; кептіріліп сүрленген кезде, мұны жергілікті халықтар ең қадірлі тамақ деп санайды Мен Консельге белгі беріп, каронгі балықтары семьясына жататын, қабыршақтары өте ұсақ ставриданы көрсеттім; оның арқасы көгілдір көк, бауыр жағы күмістей аппақ болатын; ұзындығы отыз сантиметрден артпайтын-ды.

Көтеріліп келе жатқан күн суды бірден бірге жап-жарық қып келе жатты.

Теңіз түбінің сипаты да өзгере бастады.

Нығыздалған ұсақ құм тас жол сияқты болып кетті,мұның өзі құздардан сынып түскен дөңгелек тас төселген жол секілді еді де, үстінде өскен зоофиттер мен моллюскалар бейне жайып тастаған кілем сияқты еді.

Мен мұнда тек Қызыл теңіз бен Индия мұхитында болатын, устрицтер семьясына жататын, қабыршақтары раковинадай кедір-бұдыр жұп-жұқа плацендарды; раковинасы дөңгелек қызыл-сары люциндарды; «Наутилусты» тамаша бояумен бояған бірнеше парсы қызылкүреңшелерін; Үндістан базарларында сатылатын, жейтін раковина антиндарды; ең ақыры аяғында, өзінің тамаша желдеткішімен мұхит фаундарының бәрінен де әдемі көрінетін окулиндерді де көрдім.

Мұнда буын-аяқтылар да жүйткіп жүрді, ішінара айтқанда бір жағында тұмсығы, екінші жағында қос-қостан жеті тармағы бар дөңгелек денелі көп буындылар; аузының үстіңгі иегі жоқ, құруға айналған палеострактар; Чарльз Дарвин көрген орасан зор крабтар да бар еді; табиғат крабтарға орасан зор күш берген; олар жағалаудағы ағаштарға барып, құлап түскен ағаштардың кокостарын жұлып алады да, өздерінің қуатты қысқаштарымен ашады. Жартастардың арасында жорғалап зорға жүретін Малабардағы крабтардай емес. мұндағы крабтар жап-жарық суда жұлдыздай ағып, зулап жүрді.

Ақыр аяғында, таңертеңгі сағат жетіде біз миллиондаған раковиналар шашылып жатқан інжу қайраңына да келіп жеттік. Мұндағы асыл моллюскалар, басқа ракушкалар сияқты емес, өздерінің жабысқақ кілегейлері арқылы жартастарға жабысып алады да, сол орындарынан қайтып қозғалмайды.

Інжуі барлары бірдей домалақ келген, өте қалың кедір-бұдыр қабыршақты раковина болады.

Ракушкалардың кейбіреулері жан-жағына бірдей сәуле шашқан жасыл жолақты еді. Бұлар жастары болатын. Ал енді бірқатары, онға келген үлкендері қоңыр түсті, тіпті қара түсті болатын да, ені он бес сантиметрге дейін баратын.

Капитан Немо қолымен нұсқаған үйіліп жатқан раковиналардың шынында да сарқылмас дүние екенін мен енді ұқтым.

Ұқыпты Нед Ленд жанындағы тор қапшығына ең жақсы моллюскаларды толтырып та алыпты.

Бізге тоқтауға болмайтын. Өйткені өзіне белгілі жолмен батыл адымдап бара жатқан капитан Немодан қалып қоймауымыз керек еді. Біз жоғары көтергенде қолымыз судан шығып тұратын тайыз жерлерде де бірнеше рет болдық. Бірақ артынша-ақ терең түсіп кетіп отырдық.

Пирамида тәрізді биік құздарды жиі айналып өтіп отырдық. Олардың жарықшақтарында, жарылып екі айрылып кеткен жерлерінде өте үлкен шаян тәрізді жануарлар ұялапты Қиял өрісіндегі әлденендей бір соғыс машинасына ұқсайтын олар ұзын аяқтарында теңселіп, бізден көз айырмай қарап тұрды.

Ақыры біз тамаша теңіз өсімдіктерімен жайнап тұрған бір кербез таудың кен қойнауына келдік. Алғашында мен таудың қуысы қап-қараңғы екен, мұнда күн сәулесі түспейтін шығар деп едім; бірақ қойнаудағы суға да жарық түсіп тұр екен; бұл күн сәулесінен туған мөп мөлдір түссіз жарық еді.

Капитан Немо қойнауға кірді. Біздер де кірдік.

Кешікпей-ақ үңгірдің қара көлеңкесіне көзім үйреніп алды. Тосқан архитектурасының алып колоннасына ұқсайтын табиғи гранит тіреулер ұстап тұрған күмбез төбені де көрдік. Ғажап жол бастаушымыз бізді осы су астындағы тау үңгіріне неге алып келді екен, бұл не үшін керек болды екен?

Кешікпей-ақ мен мұны да білдім.

Біз құламалы тік жардан түсіп, бір қазан шұңқырдың түбіне келдік. Осы жерде капитан Немо тоқтады да, қапелімде біз байқамаған бір нәрсені көрсетті.

Бұл диаметрі екі метрдей орасан зор тридакна еді, демек, бұл тіпті «Наутилустың» салонындағы тридакнадан да зор еді.

Мен осы тамаша моллюскаға жақындай түстім.

Ол гранит алаңға жабысып осы үңгірдің ыңсыз-шыңсыз тыныш суында жалғыз өсіпті де жатыпты.

Мен бұл тридакнаның салмағын үш жүз килограмм болар деп шамаладым. Мұндай устрицтің кемінде он бес килограмдай еті болады.

Капитан Немо, сірә, бұл тридакнаның барлығын бұрын да білетін болуы керек. Ол мұнда бірінші рет келіп тұрған жоқ, сондықтан мен бізді бұл жерге табиғаттың осы ғажабын көрсету үшін ертіп келген екен ғой деп ойладым.

Бірақ мен қателескен екенмін. Осы раковинаның хал-жайын жақсылап біліп қайту капитан Немоның өзіне де қажет болған.

Раковинаның орасан үлкен қос қабыршағы ашылыңқырап тұр еді. Капитан Немо жабылып кетпесін деп қабыршақтың арасына қанжарын салып қойды. Бұдан кейін ол қолымен моллюсканың тіс-тіс терісінін шет жақтарын көтеріп көрді.

Мен оның тері қатпарларының арасынан үлкендігі кокос шаттауығындай інжуді көрдім. Оны шар тәрізді доп-домалақ формасы, кіршіксіз тазалығы, тамаша құбылған түсі оны баға жетпес асыл қазына етіп тұр.

Мен қызығып кетіп, қозғап көрейін, салмағын байқайын деп қолымды соза беріп едім, капитан Немо қолымды қағып жіберді де қабыршақ қақпақтардың арасындағы қанжарын ала қойды, сол-ақ екен, қабыршақтар жабыла қалды.

Мен капитан Немоның неге өйткенін түсіне қойдым, інжуді моллюска терісінің қыртыстарында қалдырып оның өз өзінен есе беруіне мүмкіндік бергісі келеді. Өйткені моллюсканың жыл сайын өзінен бөліп шығарып отыратын заттары, сол інжуді өсіре түседі Ал, бұл үңгірде осындай бір ғажайып заттың барын капитан Немоның бір өзі ғана біледі. Олай болса, капитан мұны өсіре түскісі, күндердің бір күнінде оны өзінің музейіне апарып қойғысы келді. Тіпті осы інжудің пайда болуына капитанның өзі себепші болуы да мүмкін, өйткені ол бір жасанды інжуді немесе бір металл түйіршікті моллюсканың терісінің қыртысы арасына салып қоюы ықтимал. Ал мұндай нәрселерді біртіндеп інжу қаптай береді.

Қалай болған күнде де, бұл інжуді, бұрын-соңды естіп жүрген інжулердің бәрімен салыстырып қарағанда да, «Наутилус» музейіндегі інжулермен салыстырып қарағанда да, мұның бағасы ең кем дегенде, он миллион франк болар деп шамаладым. Бұл аса қымбат асыл нәрсе ғана емес, сонымен бірге бұл бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген, таптырмайтын нәрсе еді, өйткені мұндай ауыр сырғаны құлағы шыдап көтеріп тұра алатын әйел бүкіл дүние жүзінде болған емес.

Ғажайып тридакнаны көру де аяқталды. Капитан Немо қойнаудан шықты да біз құламалы, тік жар арқылы інжу қайраңына қайта шықтық.

Біз жазық далада қыдырып жүрген адамдай әрқайсымыз әр жерде бытырап келе жаттық, әрқайсымыз да жолдастарымыздан бөлініп қалып қойып, тоқтағымыз келсе тоқтап, жүргіміз келсе жүріп емін-еркін келеміз.

Су астындағы осы серуенге шығар қарсаңындағы жанымды жегідей жеген қорқыныштан ойымда түк қалмағанын да айтуым керек Су түбі ілгері қарай жүрген сайын, өрлей берді, ең ақырында, тереңдігі метрден де аспайтын ең бір тайыз жерге келдік, менің басым мұхиттың бетіне қылтиып шығып тұрды. Консель мені қуып жетіп, өзінің шлемінің. шынысын менің шлемімнің шынысына таяп маған қарап, көзімен достық сәлем білдіргендей болды. Бірақ тайыз жер бірнеше он метрдей ғана екен, одан өтісімен-ақ бұрынғы дүлей дүниеге қайта түстік. Менің ойымша, мұхитты енді осылай атауға хақым бар сияқты.

Осылайша тағы да бір он минут өтті. Кенет капитан Немо тоқтай қалды. Мен оны жолдан адасқан екен деп қалып едім. Сөйтсем олай емес екен; ол бері келіңіз деген белгі берді, жақындап келіп едік, бізге қолымен нұсқап әлденендей бір қараутқан нәрсені көрсетті. Мен мұқият қарай бастадым.

Менен бес метрдей тұста бір көлеңке қараң ете түсті. Сол-ақ екен, акула жайындағы қорқынышты ой басыма сап ете түсті Бірақ мен босқа абыржыған екенмін, бұл жолы әңгіме басқа нәрсе туралы болып шықты.

Бұл адам екен, адам болғанда, кәдуілгі тірі адам — индиялық балықшы еді, тегі, інжу раковиналарын жинау үшін сүңгіп жүрсе керек. Жоғарғы жағында тұрған қайығының түбін де көрдім. Ол сүңгіп судың түбіне түсіп, сол бойда-ақ қайта көтеріліп үске шығып жүрді. Суға түскен кезде, қайыққа байлаулы бір тасты екі аяғының арасына қысып түсіп жүрді, бұл оның су түбіне жылдам жетудегі көмекші құралы еді. Бес метр тереңге түскенде, тасты жіберіп, тізерлеп отыра қалады да, қолына ілінген раковиналарды тор қапшығына жалма-жан сала қояды. Осыдан кейін ол су бетіне қайта жүзіп шығып, қапшығындағы раковиналарды қайыққа салады да, тасты тартып шығарып алады, сөйтіп бұрынғысынша суға қайта түсіп, тағы да раковина жинап, қайтып жүзіп шығады. Сүңгіген сайын ол су астында отыз секундтай-ақ болатын.

Сүңгуші біздің тұрғанымызды байқаған жоқ. Таудың көлеңкесі бізді оған көрсетпеді.

Өзім сияқты адамдар, судың астында, тап қасымда тұрып алып, әрбір қозғалысыма дейін бақылап көріп тұрады деген ой бишара индиялыққа қайдан.келе қойсын?

Ол өте көп сүңгіді, сонша рет қайта жүзіп судың үстіне де шықты. Бірақ сүңгіген сайын он раковинадан артық жинай алмады, өйткені раковиналар түпке қатты жабысып жатады да, оларды сол жабысып жатқан жерлерінен айырып алуға тура келеді. Бірақ өлімге бас тігіп, жинап алған осы раковиналарының інжусіз, бос қабыршақ болып шығатыны қанша десеңші!

Сүңгушіге мен көңіл қойып қарап тұрдым. Ол белгілі бір мерзімде сүңгіп, үске қайта жүзіп шығып жүрді. Жарты сағат бойы оның бұл жұмысына ешнәрсе кедергі болған жоқ.

Осы өте қызық көріністің қызығына қарап тұрып, інжу терушіге төніп тұрған қауіп барын да мүлдем ұмытып кетіппін, бір мезгілде әлгі адам қатты қорқып, орнынан ұшып түрегелді де, жоғары шықпақшы болып жан ұшырды.

Оның қорқу себебін де түсіне қойдым. Бишара сүңгушінің жоғарғы жағынан орасан бір көлеңке қаран, ете түсті. Бұл екі көзі оттай жанып, аузын арандай ашып әлгі адамға қарай жүзіп келе жатқан бір зор акула еді.

Зәрем ұшып, тұрған жерімде сілейіп қаттым да қалдым.

Жалмауыз жыртқыш тура бақытсыз индиялыққа тап берді. Арандай ашылған ауызға түспей бір жаққа қарай ол да жалт берді, бірақ құтыла алмады, акуланың пәрменді құйрығы кеудесінен қатты соғып, шалқасынан түсірді.

Осы оқиғаның бәрі бірнеше секундте-ақ болып өтті. Шалқасынан түсіп, сұлап жатқан индиялықты ортасынан қақ бөлмек болып ыңғайлана бергенде, қасымда тұрған капитан Немо да қолына қанжарын алып, әлгі сұмдыққа қарсы тұра ұмтылды.

Ол осы қатерлі жыртқышпен жекпе-жек айқаспақшы еді!

Бишара сүңгушіні жұтып жіберуге қалғанда акула кенеттен екінші бір жауын көрді. Қайта аударылып түсіп, ол енді капитан Немоға дүрсе қоя берді.

Адамның төбе құйқасы шымырларлық осы айқас кезіндегі оқиғаның бәрі есімде әлі сайрап тұр. Капитан Немо жақындап келіп қалған өте зор акулаға қаққан қазықтай қасқайып қарсы тұрды. Акула тап берген кезде, ол ерекше бір қимылмен бір жаққа жалт берді де, қолындағы қанжарын акуланың қарнына сағақтата салды.

Бірақ бұл шайқастық соңы емес-ті. Шайқас енді басталған еді.

Акула, бейнелеп айтқанда, өкіріп жіберді. Жарасынан қан судай ақты. Айналамыздағы су қызыл қанға боялып, түк көрінбей кетті.

Тек әлден соң, су қайта жарық болғанда ғана акуланың жүзгіш қанатына жармасып алып, қанжарын жүрегіне қадай алмай, қарнына сұққылап, қатерлі жыртқыш пен аласұра айқасып жүрген ержүрек капитанды көрдім. Акула суды лайлап, бар пәрменімен шиыршық ата тулап жүр, мұны көргенде, тіпті өзімді өзім зорға ұстап тұрдым.

Мен капитанға көмекке барайын деп едім, бірақ қорқыныш мені тұрған жерімде шегелеп тастаған екен, бір адым ілгері баса алмай қойдым.

Айқасушылардың жағдайының өзгере бастағаны қатты қайғыртып, жаныма батып-ақ тұр. Жыртқыштың орасан зор зілдей денесі капитанды басып қалды. Үрей ұшырарлықтай болып, акуланың аузы да ашылып кетті, егер де осы сәтте Нед Ленд келіп кіріспегенде капитан бір секундтен соң-ақ өмірмен есеп айырысатын еді.

Аса шапшаң канадалық сүңгісінің өткір ұшымен акулаға; қатты соққы берді.

Су тағы да қызыл қанға боялып, акуланың құйрығының сабалауынан асты-үстіне шығып жатты. Бірақ Нед Ленд қате сілтемепті. Оның сүңгісі жыртқыштың қақ жүрегіне қадалыпты. Бұл жанталасу еді. Сұмдық жыртқыштың жан ұшырған тулауынан су қатты толқып, мені де Консельді де құлатып кетті.

Осы арада Нед Ленд капитанды демеп тұрғызып жіберді. Әлгі шайқаста бір жеріне жара түспеген капитан, орнынан тұрған бойында қимылсыз жатқан индиялыққа барды да, көтеріп алып, жүзіп мұхиттың үстіне шықты.

Үшеуміз де оған ілесіп, бірнеше секундте сүңгушінің қайығына барып мініп те алдық.

Капитан Немо алдымен бақытсыз бишараның есін жиғызуға кірісті. Ол судың астында ұзақ болған жоқ еді,- акуламен күрес бірнеше секундта-ақ аяқталған,олай болса оған көмек көрсетіп, әлі де жанын сақтап қалуға тырысып еді. Бірақ, бір есептен акуланың құйрығының қатты соққысы оны өлтіріп жіберуі де мүмкін еді.

Бақытқа қарай олай болмапты, Консель мен капитан Немоның өте ширақ ысқылауының арқасында, біртіндеп есі кіре бастап, әлгі адам көзін ашты.

Төрт бірдей үлкен жез басты адамның өзіне үңіліп қарап отырғанын көргенде, ол сірә таң қалып, тіпті қорқып та кетсе керек.

Капитан Немо беліндегі інжу толы қапшығын берді оған. Осы су адамы берген тамаша тартуды Цейлонның бишара индусы дал болып қолы қалтырап алды. Оның бет ажарындағы қорқу мен таңдану белгісі өлімнен де құтқарған, байлыққа да бөлеген, екі бірдей жақсылық еткен, қандай ғажап жандарға қарыздар екенімді білмей отырмын деген ойын сөзбен айтқаннан да гөрі айқын білдіріп тұр еді.

Капитан Немоның белгісі бойынша, қайықтан түсіп, інжу қайраңына қайтып келдік. Жарты сағаттай жүргеннен кейін осы арадан, «Наутилус» қайығы тұрған якорьға да келіп жеттік.

Қайыққа мінгесін-ақ матростардың көмегімен ауыр металл шлемнен де басымыз босады.

Капитан Немоның алғашқы сөзі Нед Лендке арналды.

— Рақмет сізге, мистер Ленд! — деді ол.

— Уақа емес, капитан, — деп жауап қайырды канадалық. — Мен тек борышымды өтедім.

Капитан сәл жымиып қойды, сөйтіп осымен бәрі де тамам болды.

— «Наутилусқа» тартыңыздар, — деп команда берді ол.

Қайық толқын үстімен оқтай зулап келе жатты. Бірнеше минуттан кейін біз әлгінде өлген акуланың теңіз бетіне қалқып шыққан денесінің қасына келіп тоқтадық. Сүйір тұмсығына, арқа жүзгіш қанатына дейін жететін ұзын, қол орақ тәрізді кеуде жүзгіш қанатына, тас сияқты сұрғылт арқасына аппақ қарнына қарап, мен мұның нағыз қауіпті акулалардың бірі, көгілдір акула екенін біле қойдым.

Консель оған таза ғылыми тұрғыдан қарап отырды, оның бұл акуланы көгілдір акулалар түріне, нағыз акулалар семьясына, шеміршекті балықтар подкласына жатқызып отырғанында менің ешқандай күмәнім жоқ еді. Мұнысы әбден дұрыс та.

Осы қимылсыз өлі денеге қарап отырғанымда, кенеттен оның алты жалмауыз досы қайықтың қақ қасынан шыға келді. Бірақ бұл алты акула бізбен алаң болған жоқ, көгілдір акулаға бас салып, бірінен бірі жұлып-тартып, паршалап әкетті.

Сағат сегіз жарымда біз «Наутилусқа» қайтып келдік. Каютама келіп жайласқаннан кейін, мен бүгінгі таңертеңгі оқиғаларды түгел есіме түсірдім. Бұдан екі түрлі қортынды шығаруға болатын еді. Бірі — капитан Немо теңдесі жоқ батыл адам, екіншісі — адамзатқа деген өшпенділігіне, адамзаттан қашып теңіз түбін паналап жүруіне қарамастан, ол кез келген бір бишара адамды қандай ғана қауіптен болса да, өлімге бас тігіп қорғап қалуға дайын адам еді.

Өзі туралы не десе де, осы ғажап адамның бойындағы адамгершілік қасиетінен безіп кете алмағандығы көрініп-ақ тұр еді.

Мен оған осыны айтқанда, ол тебірене сөйлеп былай деді:

— Бұл индиялық езілген елдің тұрғыны еді, профессор. Meн ақырғы демім біткенше езілушілерге жақпын.Езілген адам менің бауырым, бауырым болып қалады да.

Төртінші тарау

ҚЫЗЫЛ ТЕҢІЗ

29 январь күні, Цейлон аралы қарасын үзіп қала берді де «Наутилус» Мальдив пен Раккадив аралының аралығындағы қым-қиғаш бұғазға қарай зулап келе жатты. Біз 10 14"30' солтүстік ендік пен 69°0'және 5072'. Шығыс бойлықтағы Лаккадивский архипелагінің он тоғыз аралының ішіндегі ең үлкені, 1499 жылы Васко да Гама ашқан Китта дейтін маржандар аралының жанымен өттік.

Жапон теңізінен шыққаннан бері осы уақытқа дейін сүңгуір кеме он алты мың екі жүз жиырма миль жол жүрді.

Келесі күні, 30 январьда «Наутилус» су бетіне шыққан кезде, жер көрінбеді.

Кеме енді, Персия шығанағының кіреберісі Аравия мен Индия жарты аралының аралығындағы, Оман шығанағы бағыт алып, солтүстік солтүстік-батысқа қарай келе жатты.

Капитан Немо бізді қайда әкеле жатыр? Мен бұл сұраудың жауабын өзім де білмедім, осыны сұраған Нед Лендке де жауап бере алмадым.

— Нед достым, біз капитан Немоның көзі қай жаққа түссе, сол жаққа қарай келе жатырмыз,—деп жауап қайырдым мен оған.

— Мұның аяғы жақсылыққа соқпайды-ау деп қорқамын,—деді канадалық. — Персия шығанағына өтетін бір-ақ жол бар, одан шығатын жол да сол, ал егер біз оған бара қалсақ, өкшемізді көтеруге тура келеді.

— Несі бар, көтерсек көтереміз, Нед, бірақ Персия шығанағынан шығып, капитан Немо Қызыл теңізге барғысы келсе қайтесіз, Баб-эль-Мандеб бұғазы, оның кемесін қашан болса да, өткізіп жіберуге дайын ғой.

— Профессор мырза, Персия шығанағы сияқты Қызыл теңіздің де жабық теңіз екенін менен кем білмейсіз, — деп қарсы шықты Нед Ленд,— өйткені Суэц каналы әлі қазылған жоқ, оның болашақ шлюздерінің қазаншұқырлары арқылы, керек десеңіз, тіпті «Наутилус» сияқты кеме де өте алмайды. Сонымен, Қызыл теңіз бізді Европаға түк жақындата алмайды.

— Бірақ мен сізге біз Европаға жақындап келеміз дегенім жоқ қой.

— Сондағы сіздің жорамалыңыз не?

— Менің шамалауымша, Аравия мен Египет жағалауларын жуып жатқан суларда болғаннан кейін, «Наутилус» тағы да Индия мұхитына қайтады, қайтқанда ол, не Мозамбик бұғазы арқылы, не Маскарен аралдарының жанымен өтіп, Добрая Надежда мүйісіне келеді.

— Солай-ақ болсын, — деп қоймады Нед Ленд, — ал, сонан соң ше, Добрая Надежда мүйісіне келейік-ақ ал, содан кейін?..

— «Наутилус» оны орағытып өтеді де, біз кәдуілгі Атлант мұхитына барып түсеміз, ал біз мұнда әлі болғамыз жоқ. Достым Нед, шыныңды айтшы, шегі-шеті жоқ осынау су астының әр алуан табиғат көріністері сізді шынында да жалықтырған ба? Ал мен болсам, мойындауым керек, ешбір адамның ойы да, арманы да жете алмайтын осы тамаша саяхаттың аяқталар кезі келгенде, мен қатты өкінер едім.

— Профессор мырза, — деді канадалық,— осы сүңгуір кемеде үш ай бойына тұтқын болып келе жатқанымызды шынымен-ақ ұмытқанымыз ба?

— Бұл менің есімде жоқ, Нед, есіме де алғым келмейді! Мен «Наутилуста» өткізген күндерді де, сағаттарды да, минуттарды да санаған емеспін.

— Бұл немен аяқталмақшы, сонда?

— Кезі келгенде бұл да аяқталады! Бұған қосып айтарым: мұның аяқталуын тездету біздің қолымыздан келмейді, таласып босқа әуре болып отырмыз. Егер, батыр достым Нед, маған келіп: «қашатын жағдай туды!» десеңіз, сізбен қашып құтылудың жолын жан-тәніммен талқылап, кеңесер едім. Бірақ әзір ондай жағдай жоқ, ал, турасын айтқанда, Европа теңіздеріне баруға капитан Немоның батылы барады дегенге өз басым сеніңкіремеймін.

«Наутилусқа», оның жұмбақ капитанына табынып алғаным, осы қысқа пікір алысудың өзінен-ақ. көрініп тұр еді.

Ал, Нед Ленд болса, бұл әңгімені мынадай сөздермен аяқтады:

—Мұның бәрі де дұрыс, бірақ, менің ойымша, зорлық бар жерде, рақат болуға тиіс емес! Бұдан кейінгі төрт күннің ішінде, 3 февральға дейін, «Наутилус» әртүрлі тереңдікте, әртүрлі шапшаңдықта жүзіп, Оман шығанағын шарлаумен болды.

Оның бұл жүрісі, қай жолға түсерін біле алмай, әйтеуір бір жөні болар деп жүрген жүріс сияқты еді, бірақ, бұл күндердің ішінде ол Рак тропигін бір рет те болса, кесіп өтпеді.

Бұл теңізбен қоштасар алдында, біз бірнеше минут бойына Оманның, ең басты қаласы Маскатты қарап тұрдық.Бұл қаланың әдемі көрінісі мені қатты сүйсіндірді: қарауытқан құз жартастың қойнауындағы шағаладай ақ үйлер.шынында сирек ұшырайтын, өте әдемі көрініс еді.

Мен мешіттердің дөп-дөңгелек күмбездеріне, үш жағы сүп-сүйір мұнараларына жасыл бауларға қызыға қарап тұрдым.

Бірақ, бұл көрініс ұзаққа созылмады, «Наутилус» қараңғы су астына тағы да сүңгіп кетті.

Бұдан кейін ол теңіз бетіне қайта шығып, құрылықтан алты мильдей жерде, Аравия жағалауын жағалап Гадрамауытты, әр жерінде құлап қалған үй орындары көрінген өркеш-өркеш аласа тауларды жанай өтіп, жүзіп келе жатты.

5 февральда біз Аден шығанағына келіп түстік, бұл Баб-эль-Мандеб бұғазының аузына қойылған үлкен бір воронка сияқты еді, осы воронка арқылы Индия мұхитының суы Қызыл теңізге құйылып жатыр.

6 февральда «Наутилус» теңіз бетіне шыққан кезде, Аден қаласы көрінді, бұл құрылықпен жіп-жіңішке мойнақ арқылы қосылып тұрған Аден мүйісіндегі қала болатын.

Аденді — өзінің табиғи жағдайлары жағынан осы нағыз аравиялық Гибралтарды 1839 жылы ағылшындар басып алғанды, қазір бұл берік қамалға айналған. Мен алыстан бұл қаланың сегіз қырлы мұнарасын көрдім, тарихшы Эдридің сөзіне қарағанда, бұл қала бір кезде, бүкіл жағалаудағы ең бір бай қызу сауда-саттық орны болған қала екен.

Капитан Немо Аденнен кейін қайтады деген сенімде едім. Бірақ, мұным қате болып шықты.

Келесі күні, 7 февральда, біз Баб-эль-Мандеб бұғазына келіп кірдік Бұл арап тілінде «Көз жасының есігі» деген сөз екен. Бұғаздың ұзындығы — елу екі-ақ километр еді, сондықтан пәрменінше шапшаң жүзіп келе жатқан «Наутилус» одан, бір сағатқа жетер-жетпес уақыттың ішінде өте шықты. Бірақ мен ештеме байқай алмадым, теңізге Аденнің қожалығын күшейту үшін ағылшындар басып алған Перим аралдарының жағалауларын да көре алмадым. Суэц мойнағынан Бомбей, Калькутта, Мельтурн, Терістік Маврикия аралдарына қатынайтын ағылшын, француз кемелері осы бұғаз арқылы өте көп жүретін-ді, осы себепті «Наутилус» ұдайы судың астымен жүзіп отырды.

Ақыр аяғында, түс кезінде, біз Қызыл теңіз суына келіп түстік.

Қызыл теңіз! Мұнда ешуақытта жаңбыр жаумайды, мұның көгі ешуақытта бұлттанып, түнеріп те тұрмайды! Бұған бірде-бір өзен де құймайды! Шақырайған ыстық күн үстіңгі жағынан жыл сайын метр жарым су әкетіп буландырып тұрады.

Егер де осы ерекше шығанақ мұхиттардан бөлек жатқан бір көл болса әлдеқашан-ақ суалып, кеуіп қалар еді.

Қызыл теңіздің ұзындығы екі мың алты жүз километр де, ені орта есеппен алғанда екі жүз қырық километр. Птомолейлер фараондарының заманында, Рим империясы кезінде бұл бүкіл дүние жүзіндегі ең зор сауда қатынас жолы болған.

Суэц каналының ашылуы бұл теңіздің бұрынғыдай маңызды болуына мүмкіндік береді.

Капитан Немоның бұл шығанаққа неге келгенін де білгім келмеді. Бірақ мен «Наутилустың» осында келгеніне қатты қуандым.

Біз енді бір қалыпты шапшандықпен жүзіп келе жаттық, кейде судың астымен, кейде үстімен жүздік, мұнымыз қарсы келе жатқан кемелерге кездеспеуді көздегендік еді, бұл маған осы қызғылықты сy қоймасымен жақсылап танысып алуға мүмкіндік берді.

8 февральда күн шыға, біз қирап қалған Мокка қаласын көрдік, бұл қаланың қалқиған қабырғалары зеңбірек гүрс етсе-ақ құлағалы тұр еді. Қирап жатқан үйлердің араларында жап-жасыл болып пальма ағаштары өсіп тұр. Мокка бір кезде үлкен сауда орталығы болыпты, ол кезде мұнда алты базар, жиырма алты мешіт, қаланы үш километрге дейін қоршап тұрған он төрт форт бар екен.

«Наутилус» Африка жағалауларына жақындап қалды, бұл тұс тереңдеу болатын. Мұнда, су астындағы шымқай қызыл маржан бұталарына, төсеп тастаған жасыл кілемдей қалың өскен су балдырларына, су астындағы құздарды қаптаған фукустарға қызыға қарап отырдық. Ливия жағалауына ұласып жатқан осынау су астындағы рифтер мен кішкене аралдар не деген тамаша көрініс десеңші! Бірақ, су астының аса әдемі, әралуан әсем көріністері шығыс жағалауда болатын «Наутилус» кешікпей бұған да жақындап қалды. Тихама маңында зоофиттер су астында ғана емес, сонымен бірге бірнеше метр судан шығып та есіп тұр еді. Рас, судың астындағыларынан гөрі, судың үстіндегілерінің бояуы ашық емес солғындау.

Салон терезесінің алдында отырып алып, неше сағат уақыт өткіздің десеңші, бұл уақыттар, сірә, ұмытыла қояр ма екен! Электр прожектордың жарығымен, су асты жануарлары мен өсімдіктерінің қанша жаңа түрлерін көрдің десеңші, бұлардың ішінде аппендикуляриялар да,сальптар да, қара актиниялар, колония-колония болып өтіп жатқан сансыз көп ракушкалар да, осы уақытқа дейін ешбір жерде көрінбеген губкалардың мыңдаған жаңа түрлері де бар еді.

Кейбір натуралистер осы уақытқа дейін губканы өсімдік деп жүр, жоқ, ол олай емес, губка дегеніміз—дамудың ең төменгі сатысындағы, тіпті маржандардан да төменгі сатыдағы жануарлар.

Губкалардың жануарлар дүниесіне жататындығына ешқандай күмән келтіруге болмайды, сондықтан, ерте замандағы адамдардың ізін қуып, оларды жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің екі арасындағы бірдемеге апарып жатқызу туралы, әрине, әңгіме де болуға тиіс емес.

Осы уақытқа дейін губкалардың құрылысы туралы натуралистердің үзілді-кесілді бір пікірге келе алмай жүргенін де айта кетуім керек.

Кейбір натуралистердің пікірінше, губкалар ұсақ жануарлардың тұтас колониясы, бірақ басқа бірқатары, бұлардың ішінде Мильн-Эдварадс, әрбір губка — өз алдына жеке тіршілік ететін жануар деп санайды.

Губкалар класында бірнеше мыңдаған түрлер болады. Губкалар барлық теңіздерде де, сондай-ақ кейбір өзендер мен көлдерде де болады. Бірақ бұлар, әсіресе, Жерорталық теңізде, Греция архипелагы теңіздерінде, Сирия жағалауларында, Қызыл теңізде жиі кездеседі. Мұнда көбінесе Сириялық ашық түстілері мен триполтандық — жұп-жұқа, жұмсақ губкалар өседі, бұлардың әрбір данасы жүз елу франктен сатылады.

Суэц мойнағының асу бермес таулары бізді таяу шығыстан бөліп тастап тұрғандықтан, таяу шығыс елдеріндегі губкаларды екінші рет зерттеймін деп үміттенуге болмайтындықтан, мен Қызыл теңіздің губкаларын мұқият зерттедім.

Консельді жаныма алып, екеуміз терезеге қарадық та отырдық, бұл кезде «Наутилус» сегіз-тоғыз метр су астында таулы-адырлы шығыс жағалауының бойымен баяу жүзіп келе жатқанды.

Мұнда өсімдік сабағы тәрізділері де жапырақ тәрізділері де, шар тәрізділері де, табан тәрізділері де, губкалардың барлық түрлері де өседі екен. Олардың: корзинка, бокал, буда жіп, арыстан табаны, тотының құйрығы, Нептунның қолқабы деген сияқты, ғылыми аттардан кері, поэзия атауларына бейімдеу аттары сырт пішіндеріне толық сай келетін еді. Губкалардың талшық тканьдарын асыраушы қоймалжың ұйыма зат, иненің жасуындай, жіп-жіңішке тарам ағымымен әрбір клетканы тынбастан, қоректендіріп отырады. Қорек алған клетка жиырылады да, өз бойындағы артық суды ақтара салады. Әлгі қоймалжың зат полип өлгеннен кейін жоқ болып кетеді; ол шіриді де, өзінен аммиак бөліп шығарады, сөйтіп бұл жануардан тұтынуға бейімділігіне, ыңғайлылығына, су өткізгіштігіне және мықтылығына қарай әртүрлі мақсат үшін пайдаланылатын талшықты ткань ғана қалады да, бұл ткань ауада жатып жирен түске бояла береді.

Губкалар жартастарға, моллюскалардың қабыршақтарына, тіпті зоофиттердің сабақтарына да жабысып тұра береді.

Олар, не өн бойына төселіп, не жоғары өрлеп, не маржан полиптері секілденіп жоғарыдан төмен қарай салбырап құздардағы болмашы жарықшақтарды да, әрбір қуысты да бітеп тұрады.

Мен Консельге, губкаларды ау салып та, қолмен де ұстайтынын, бірақ қолмен ұстаудың жақсы болатынын айттым, өйткені сүңгуші оны жабысып тұрған жерінен сақтық жасап, ептеп қана тканын бүлдірмей алып шығады, ал аумен ұстағанда, бұл мүмкін емес.

Губкалардың айналасында қаптап жүрген зоофиттердің ішіндегі ең көбі өзінің түрінің әдемілігімен бірден көзге түсетін медузалар еді. Моллюскалардан мұнда кальмарлар, ал, бауырымен жорғалайтындардан — теңіз тасбақалары, ішінара айтқанда, етін өзіміз сол күні сүйсініп жеген, сорпалық немесе жасыл деп аталатын теңіз тасбақасы бар еді.

Мұнда, әсіресе, балық кеп еді. Бұл күндері «Наутилустың» ауына түскен балықтардан: ені метр жарымдай, салмағы он екі килограмм бүркіт скат немесе теңіз бүркіті; сүйектен құралған төрттағанды сауыты, көзінің үстінде мүйіз тәрізді ұзын шанышқылары бар, мүйізді кузовкалар; угорь семьясына жататын жыртқыш мурендер бар еді, бұлардың денесінің бояуы да ерекше: алдыңғы жағы — ашық сары, арт жағы — бурылдау, ал бүкіл қыр арқасы күңгірт мрамор түсті еді, каранг семьясына жататын қара қоңыр жолақтары бар мүйізді сары занктер; шортан балық семьясына жататын шымқай қызыл, қоңыр жолақты сорғыш занктер де бар-ды, бұл балықтардың шеміршек сорғыштары болады, олар бір олжаға бассалу үшін, не жаудан қорғану үшін тасқа немесе раковинаға жылжып барады да, қадалып сорып, жабыса қалады. Ауға басқа теңіздерден көрген басқа да көптеген балықтар түсті.

9 февральда «Наутилус» батыс жақтағы Суакино мен шығыс жақтағы Исменнің аралығында Қызыл теңіздің ең енді жерінде жүзіп келе жатты.

Түс кезінде капитанның көмекшісі байқау жұмысын жүргізіп болғаннан кейін, капитан Немо да кеменің үстіне шықты.

«Наутилусты» қайда апара жатқанын біліп алмайынша, мұны сөзге айналдырып жібермей тұра тұрайын деген тоқтамға келдім.

Мені көрген бойында-ақ капитан Немо қасыма келіп сигар ұсынды да:

— Сізге Қызыл теңіз ұнады ма, профессор? Балықтарды, губкаларды, маржан ормандарын мейіріңіз қанғанша көрдіңіз бе? Оның жағалауындағы қалаларды көрдіңіз бе? — деді.

— Рақмет сізге, капитан, «Наутилус» маған ондай мүмкіншілікті берді. Не деген ақылды кеме!

— Я, профессор, ақылды да, батыл да, кең пейілді де кеме ол! Ол Қызыл теңіздің тулаған долы толқынынан да, рифтерінен де, ағыстарынан да қорықпайды!

— Шынында да, — дедім мен,— бұл теңіз ең қатерлі теңіздердің бірі; егер мен қателеспесем, ерте заманда да жақсы атанбаған теңіз деседі ғой.

— Дұрысында, бұл ерте заманнан бері жаманатты теңіз. Грек тарихшылары, сондай-ақ Рим тарихшылары да бұл теңізді жақсы демейді. Страбон бұл теңізді жауын-шашынды кезде, солтүстіктен жел тұрған кездерде қонақжай теңіз емес дейді. Мұны Кользум шығанағы деп атаған арап тарихшысы Эдриди, бұл теңіздің қайрандарында кемелер көптеп апатқа ұшырауда, бұл теңізде жүзуге түнде ешкімнің батылы бармайды дейді. Оның айтуынша, бұл дауылды долы теңіз өңірі толған меймандостығы жоқ аралдар және «мұның үстінде де, астында да қызығарлық түк жоқ» көрінеді. Бұл пікірді Арриан да, Агатархид те және Артемидор да қолдайды.

— Ол тарихшыларға «Наутилуспен» жүзуге тура келмеген ғой,— деп қосып қойдым мен.

— Дұп-дұрыс,— деді күлімсіреп капитан Немо,— бірақ, бұл жөнінде қазіргі заманның тарихшыларының пікірі де сол өте ертедегі ғалымдардың пікірінен артық емес. Бұндағы механика күшін табу үшін көптеген ғасырлар керек болған-ды. Жүз жылдан кейін адамзат дүниесі екінші бір «Наутилусты» көре ала ма, жоқ па, кім білген! Прогресс дегеніңіз, профессор мырза, ақылдаспайды!

— Рас,— дедім мен,— сіздің кемеңіз өз заманынан, талай ғасыр демегенмен де, бүтін бір ғасыр озып кеткен кеме ғой. Оның құпия сыры, ашқан адаммен бірге өліп кететіні қандай бақытсыздық десеңізші!

Капитан Немо жауап қайырмады.

Бірнеше минут бойына үндемей тұрғаннан кейін ол тағы да сөйледі.

— Біз ертедегі ғалымдардың, Қызыл теңізде сапар шегу қаупі жайындағы пікірлері туралы сөйлесіп тұр ма едік?

— Я,— дедім мен,— сіз, әлде, олар тым асырыңқырап айтқан деп ойлайсыз ба?

— Олай да, бұлай да болуы мүмкін, профессор мырза, — деп жауап қайырды капитан Немо, өзі, тегі Қызыл теңізді әбден зерттеген де болуы керек. — Қазіргі заманның мықты жасалған, жақсы жабдықталған, будың күшімен қалаған жолымен жүзе алатын кемелері үшін мұндай теңіз жолдары түк қауыпты емес те, ал ертедегі жүзушілердің кемелері үшін, бұл қатерлі, қилы жол. Пальма арқанымен тігілген, смола, балық майларымен жапсырылып, желімделген кішкене ағаш кемені көз алдыңызға келтіріңізші! Оларда уақытты, бағытты, терең-тайыздықты да барлап біліп отыратын құрал-жабдық болмайтын, сондықтан олар өздері бұрын көрмеген, білмеген ағын суларда долбармен жүзе беретін. Мұндай жағдайларда ол кемелердің апатқа ұшырауы үйреншікті, дағдылы нәрсе: Ал біздің заманымыздың кемелеріне Суэц мойнағы мен Оңтүстік жарты шар теңіздерінің арасында сапар шегу үшін теңіздің дүлей толқындарынан да, қарсы соққан долы дауылдарынан да сескенер түк жоқ. Бұл кемелердің капитандарына осы кеменің жолаушыларына сапарға шығар алдында құрбандық шалудың да, қайтып келгеннен кейін көрсеткен рақымы үшін құдайға құлшылық етудің де қажеті жоқ.

— Я, теңізшілердің құдайға құлшылығын бу жойды ғой, дедім әзілдеп. — Айтқандай, сіз бұл теңіздің тарихын жақсы зерттеген, жақсы білетін адамсыз ғой, капитан,. мұның неліктен Қызыл теңіз деп аталғанын айтпас па екенсіз?

— Ертедегі адамдар оның кей жерлеріндегі суының шығыс жақтағы Исменнің аралығында Қызыл теңіздің ең енді жерінде жүзіп келе жатты.

Түс кезінде капитанның көмекшісі байқау жұмысын жүргізіп болғаннан кейін, капитан Немо да кеменің үстіне шықты.

«Наутилусты» қайда апара жатқанын біліп алмайынша, мұны сөзге айналдырып жібермей тұра тұрайын деген тоқтамға келдім.

Мені көрген бойында-ақ капитан Немо қасыма келіп сигар ұсынды да:

— Сізге Қызыл теңіз ұнады ма, профессор? Балықтарды, губкаларды, маржан ормандарын мейіріңіз қанғанша көрдіңіз бе? Оның жағалауындағы қалаларды көрдіңіз бе? — деді.

— Рақмет сізге, капитан, «Наутилус» маған ондай мүмкіншілікті берді. Не деген ақылды кеме!

— Я, профессор, ақылды да, батыл да, кең пейілді де кеме ол! Ол Қызыл теңіздің тулаған долы толқынынан да, рифтерінен де, ағыстарынан да қорықпайды!

— Шынында да, — дедім мен,— бұл теңіз ең қатерлі теңіздердің бірі; егер мен қателеспесем, ерте заманда да жақсы атанбаған теңіз деседі ғой.

— Дұрысында, бұл ерте заманнан бері жаманатты теңіз. Грек тарихшылары, сондай-ақ. Рим тарихшылары да бұл теңізді жақсы демейді. Страбон бұл теңізді жауын-шашынды кезде, солтүстіктен жел тұрған кездерде қонақжай теңіз емес дейді. Мұны Кользум шығанағы деп атаған арап тарихшысы Эдриди, бұл теңіздің қайрандарында кемелер көптеп апатқа ұшырауда, бұл теңізде жүзуге түнде ешкімнің батылы бармайды дейді. Оның айтуынша, бұл дауылды долы теңіз өңірі толған меймандостығы жоқ аралдар және «мұның үстінде де, астында да қызығарлық түк жоқ» көрінеді. Бұл пікірді Арриан да, Агатархид те және Артемидор да қолдайды.

— Ол тарихшыларға «Наутилуспен» жүзуге тура келмеген ғой,— деп қосып қойдым мен.

— Дұп-дұрыс,— деді күлімсіреп капитан Немо, — бірақ, бұл жөнінде қазіргі заманның тарихшыларының пікірі де сол өте ертедегі ғалымдардың пікірінен артық емес. Будағы механика күшін табу үшін көптеген ғасырлар керек болған-ды. Жүз жылдан кейін адамзат дүниесі екінші бір «Наутилусты» көре ала ма, жоқ па, кім білген! Прогресс дегеніңіз, профессор мырза, ақылдаспады!

— Рас, — дедім мен, — сіздің кемеңіз өз заманынан, талай ғасыр демегенмен де, бүтін бір ғасыр озып кеткен кеме ғой. Оның құпия сыры, ашқан адаммен бірге өліп кететіні қандай бақытсыздық десеңізші!

Капитан Немо жауап қайырмады.

Бірнеше минут бойына үндемей тұрғаннан кейін ол тағы да сөйледі.

— Біз ертедегі ғалымдардың, Қызыл теңізде сапар шегу қаупі жайындағы пікірлері туралы сөйлесіп тұр ма едік?

— Я,— дедім мен,— сіз, әлде, олар тым асырыңқырап айтқан деп ойлайсыз ба?

— Олай да, бұлай да болуы мүмкін, профессор мырза,— деп жауап қайырды капитан Немо, өзі, тегі Қызыл теңізді әбден зерттеген де болуы керек.— Қазіргі заманның мықты жасалған, жақсы жабдықталған, будың күшімен қалаған жолымен жүзе алатын кемелері үшін мұндай теңіз жолдары түк қауыпты емес те, ал ертедегі жүзушілердің кемелері үшін, бұл катерлі, қилы жол. Пальма арқанымен тігілген, смола, балық майларымен жапсырылып, желімделген кішкене ағаш кемені көз алдыңызға келтіріңізші! Оларда уақытты, бағытты, терең-тайыздықты да барлап біліп отыратын құрал-жабдық болмайтын, сондықтан олар өздері бұрын көрмеген, білмеген ағын суларда долбармен жүзе беретін. Мұндай жағдайларда ол кемелердің апатқа ұшырауы үйреншікті, дағдылы нәрсе: Ал біздің заманымызда кемелеріне Суэц мойнағы мен Оңтүстік жарты шар теңіздерінің арасында сапар шегу үшін теңіздің дүлей толқындарынан да, қарсы соққан долы дауылдарынан да сескенер түк жоқ. Бұл кемелердің капитандарына осы кеменің жолаушыларына сапарға шығар алдында құрбандық шалудың да, қайтып келгеннен кейін көрсеткен рақымы үшін құлшылық етудің де қажеті жоқ.

— Я, теңізшілердің құдайға құлшылығын бу жойды ғой, — дедім әзілдеп. — Айтқандай, сіз бұл теңіздің тарихын жақсы зерттеген, жақсы білетін адамсыз ғой, капитан, мұның неліктен Қызыл теңіз деп аталғанын айтпас па екенсіз?

— Ертедегі адамдар оның кей жерлеріндегі суының түсінің ерекшелігіне қарай қойған ол атты, — деп жауап қайырды капитан Немо.

— Алайда, біз осы уақытқа дейін ешқандай бояуы жоқ, мөлдір суды ғана көріп келеміз ғой!

— Ол дұрыс, бірақ біз шығанақтың шетіне таман барғанда, ондағы судың түсі қызғылттау екеніне көзіңіз жетеді. Бір кезде, Top қолтығынан қанды көл сияқты, қып-қызыл суды көргенім есіме түсіп тұр.

— Бұл неліктен? Әлденеңдей бір өте ұсақ су өсімдіктерінің әсерінен бе екен бұл?

— Я. Қырық мың данасы бір шаршы миллиметр жерге сиып кететін, көзге ілінбейтін ұп-ұсақ триходесмий өсімдіктерінің кілегей бояуы бұл. Top қолтығына келгенімізде, мүмкін, сіз бұл феноменді байқарсыз.

— Демек, капитан, Қызыл теңізге «Наутилуспен» бірінші келуіңіз емес екен ғой?

— Бірінші келуім емес. Мен мұнда Суэц каналы алғаш қазыла бастағанда келгенмін.

— Ол каналдың «Наутилус» сияқты кеме үшін түк пайдасы жоқ қой, — дедім мен.

— Оның есесіне, ол бүкіл дүние жүзіне пайдалы канал болады,— деп жауап қайырды капитан Немо. — Жерорталық теңіз бен Қызыл теңіздің арасында тікелей қатынас болуының сауда-саттық үшін орасан үлкен маңызы бар екендігін ертедегі адамдар да жақсы білген. Бірақ екі теңізді каналмен қоса салу қолайлы болатыны олардың ойына келмеген де, Ниль суын Қызыл теңізге қосып жолды ұзартып алған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, осы Ниль каналының құрылысының жұмысы Сезострис ферғауынның тұсында басталыпты. Қалай болған күнде де, біздің заманымызға дейінгі алты жүз он бесінші жылы Нехо ферғауынның Аравия жағындағы Египет ойпатында Ниль суы ағатын канал қаздыру жұмысын қолғa алғандығы анық. Канал Нильден Қызыл теңізге дейін жүзген кеме төрт күнде жететіндей ұзын, екі трирем қатар жүзе алатындай енді болу керек болған. Бұл құрылыстың жұмысы Гистаспаның баласы Дарий тұсында да жүргізіле берген, сөйтіп, бұл каналдың құрылысының жұмысы, тегі, Екінші Птолемейдің тұсында ғана аяқталса керек. Страбон бұл каналды қазылып болып, іске қосылғаннан кейін көрген; бірақ тайыз болғандықтан бұл каналмен жүзу тек Ниль суы тасыған кезде ғана, көктемгі айлардың ішінде ғана мүмкін болған. Канал, Антониндер ғасырына дейін пайдаланылып келген, бұдан кейін суы азайып қайраңға айналып, ақыр аяғында кеме жүзе алмайтын болып қалған Омар халифаның тұсында бұл канал қайтадан қалпына келтірілген, бірақ біздің заманымыздың жеті жүз алпыс бірінші немесе жеті жүз алпыс екінші жылы Аль-Манзор халифа, өзіне қарсы көтеріліс жасаған Абдулла Мухаммед-бейдің әскерлеріне азық-түлік жеткізілетін жолды кесіп тастау үшін каналды қайта көмдіріп тастаған. Египетке жорық жасаған кезінде генерал Бонапарт Суэц шөлінің маңында осы каналдың сүрлеуін тапқан, бірақ бұл араны су тасқыны басып кетіп, өзі апатқа ұшырай жаздап, зорға құтылады.

— Несі бар, капитан, ертедегі адамдар Кадикстен Индияға дейінгі жолды тоғыз мың километрге дейін қысқартатын екі теңіздің арасын қоса алмай өткен болса, енді оны Лессепес істейді Алда тұрған таяу уақыттың ішінде ол Африка құрылығын Азиядан Суэц каналымен бөліп тастап, оны орасан зор аралға айналдырады, әлі.

— Менің сізге Суэц каналын көрсете алмағаным, әрине, өкінішті-ақ болып тұр, — деді капитан сөзін жалғастырып, — бірақ біз арғы күні, Жерорталық теңізге шыққанда, сіз Порт-Саид портының ұзыннан-ұзақ жағалауларын көресіз..

— Жерорталық теңіз дейсіз бе?!—деп қалдым мен дауыстап.

— Я, профессор мырза. Сіз оған мұнша неге таңдандыңыз?

— Мені, біз арғы күні Жерорталық теңізде боламыз деген сез таңдандырады.

— Шын ба?

— Я, капитан, «Наутилуста» болуым мені ешнәрсеге таңданбауға үйретуге тиіс болса да, таңдануға тура келді.

— Әйткенмен, бұл хабар сізді неге мұнша таңдандырды?

— Мен «Наутилустың» жүрісінің шапшаңдығына таңдандым, өйткені ол арғы күні бізді Жерорталық теңізіне жеткізу үшін орасан зор шапшаңдықпен жүзуге тиіс қой! Оған бүкіл Африканы орағытып, Добрая Надежда мүйісін жанай өтуге тура келеді ғой!

— Бүкіл Африканы айналып ету керек деп сізге кім айтты? Добрая Надежда мүйісін жанап ету керек деген кім?

— Алайда, ешкім олай демегенімен... егер «Наутилус» құрылықпен жүзбесе немесе Суэц мойнағынан көктей ұшып өтпесе...

— Оның астымен жүрсе несі бар, профессор мырза.

— Мойнақтың астымен бе?

— Әрине, — деп жауап қайырды капитан сабырмен.— Сол жердің бетінде жұрттың үлкен еңбек жұмсап қазып жатқан тап-тар каналын, табиғат сол жердің астында баяғыда-ақ қазып қойған болатын.

— Қалай! Оның астында өткелі бар ма?

— Я, мен оған Аравия тоннелі деп ат қойғам. Суэцтен басталатын бұл су астының өткелі Порт-Саидтан бір-ақ шығарады.

— Бірақ Суэц мойнағы дегеніміз сусып тұрған құм ғой өзі де?

— Я, бірақ белгілі бір шекке дейін ғана солай... Ал елу метр тереңдікте, ол қайыспас қатты мәрмәрге айналып кетеді.

— Демек, сіз ол тоннельді кездейсоқ тапқансыз ғой?

— Кездейсоқ деуге де болады, бірақ сонымен бірге әдейі іздеп таптым деуге де болады, оның бер жағында кездейсоқтықтан гөрі іздену басымырақ болды.

— Мен сізді, капитан, бар ынтамды сала тыңдап-ақ тұрмын, бірақ құлақтың естігеніне ақылым сеніңкіремейді.

— Қайран профессор мырза-ай, құлағы бола тұра естімеу, қай заманға да болса тән іс! Бұл өткел бар ғана емес, мен одан бірнеше рет өтіп те шыққам. Егер ол болмаса, мен осы тұйыққа — Қызыл теңізге келмеген болар едім.

— Осы тоннельді қалай ашқаныңызды сұрасам, ерсірек болмас па екен?

— Бірінен бірі ешуақытта екі елі айрыла алмайтын адамдардың арасында қандай құпия сыр болуға тиіс! — деп жауап қайырды капитан Немо.

Бұл айтылған сөздердің тасасында тұрған меңзеуді түсінбеген кісі болдым да, капитан Немоға құлағым сізде дегендей нышан білдірдім.

— Жүйелі ойым мен натуралисше ізденгіштігім осы арада тоннель бар шығар-ау деген пікір туғызды. Ұшқыш балық, алабұға, қыл тісті балық осы сияқты бірінен бірін айырғысыз көптеген балықтардың Жерорталық теңізде де, Қызыл теңізде де болатынына көзім түсе жүретін-ді. Маған: мұның өзі осы екі теңіз бірі бірімен қосылып жатқан теңіздер екендігін көрсетпей ме деген ой туды. Егер де мұндай жер астымен барып қосылатын ағыс болса, онда бұл ағыс Қызыл теңізден Жерорталық теңізге қарай ағатын ағыс болуы керек, өйткені Қызыл теңіздің суы Жерорталық теңіздің суынан жоғары болатын. Бұл мәселенің анығына жету үшін мен Суэц маңынан бірнеше балықты ұстап алып, құйрықтарына жез жүзік кигізіп, қайтадан суға түсіріп қоя бердім. Көп ай өткеннен кейін Сирияның жағалауында ауға түскен балықтардың ішінен құйрықтарында жүзіктері, таңбалары бар бірнеше балық шықты. Сөйтіп, жер асты арқылы екі теңіздің бір бірімен қосылып жатқандығында менің ешқандай күмәнім болмады. Мен оны іздеп жүріп, ақырында таптым, сөйтіп сол өткелге кіруге тәуекел еттім... Ал енді бір — екі күннен кейін, профессор мырза, менің Аравия тоннеліммен сіз де танысатын боласыз.

Бесінші тарау

АРАВИЯ ТОННЕЛI

Сол күні мен Консель мен Нед Лендке капитан Немомен сөйлескен кездегі әңгіменің олар үшін ең қызықты жерін айтып бердім.

Екі күннен кейін біз Жерорталық. теңіздің суында жүретін боламыз дегенімде, Консель алақанын-шапалақтады да, Нед Ленд иығын көтерді.

Су астындағы тоннель? — деді ол таңданып.— Екі теңіздің арасындағы өткел? Бұл туралы ешкім ешуақытта ешнәрсе естіген емес!

— Нед достым,— деді Консель, — біз бұрын «Наутилус» туралы естіп пе едік? Жоқ қой. Сөйткенмен, ол бар дүние. Олай болса, мен ол туралы ешнәрсе естіген емеспін деген сылтаумен, иықты көтеруді қойыңыз, фактыны мойындамауды да қойыңыз.

— Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін әлі көрерміз, — деді Нед Ленд басын шайқап қойып. — Тезірек Жерорталық теңізге жетіп алу үшін, мен бұл тоннельдің барлығына қуана-қуана сенер едім.

Сол күні кешке теңіз бетінде жүзіп келе жатқан «Наутилус» 21°30' солтүстік ендіктегі Аравия жағалауына жақындап қалған еді. Мен Джелда қаласын көрдім, бұл Египетпен, Сириямен, Туркия және Индиямен қызу сауда жүргізіп тұратын аса маңызды порттық қала еді. Қаланың үйлерін, теңіздің жарлау жағаларында су тайыз болғандықтан жағаға жақындай алмай кейініректе тұрған кемелерді осы арадан-ақ айқын көріп тұрдым.

Батар күн қаланың аппақ үйлерін шұғылалы сәулеге бөлеп жарқыратып тұр.

Қаладан оқшауырақ жерде отырықшы бәдауилердің ағаштан, қамыстан салған лашықтары көрінеді.

Бірақ кешікпей-ақ түн жамылып, Джелда қараңғыда көрінбей кетті де, «Наутилус» сүңгіп кетіп, шамалы фосфорланған судың астымен жүзді.

Келесі күні, 10 февральда, кеме су бетіне жүзіп шықты да, жап-жақын жерде толып жүрген кемелерді көріп, қайта сүңгіді. Бірақ түске таман, әдеттегі байқау жүргізілетін кезде, теңіз беті оңаша еді, кеме тағы да жүзіп су бетіне шықты.

Нед Ленд пен Консельді ертіп мен де кеменің үстіне шықтым.

Шығыс жақта бұлдыр тұманның арасынан ойпат жағалаудың жалпы кескіні көрінді.

Біз қайықтардың түбіне сүйеніп тұрып, оны-мұны қайдағы-жайдағыны айтып әңгімелесіп тұрғанымызда, кенеттен теңізде қаруытып көрінген бір нәрсені қолымен нұсқап көрсетті де:

— Профессор мырза, сіз ана жақтағыны көріп тұрсыз ба? — деп сұрады Нед Ленд.

— Жоқ, — деп жауап қайырдым мен, — сіздей алыстан көре алмайтынымды өзіңіз білесіз ғой!

— Жақсырақ қараңыз, — деді Нед, — әне, штриборттан қарағанда тура қарсы алдыңызда қозғалып келе жатыр ғой бір нәрсе, шынымен-ақ көре алмай тұрсыз ба?

— Көре алмай тұрмын, — дедім мен жақсылап қарағаннан кейін, — теңіз бетінен әлденендей бір ұзын денені көріп тұрмын.

— Тағы да бір «Наутилус» па? — деп сұрады Консель.

— Жоқ, — деп жауап қайырды канадалық. — Бірақ бұл әлденендей бір теңіз жануары десем, қателесе қояр ма екем?

— Қызыл теңізде кит болушы ма еді? — деп сұрады Консель.

— Анда-санда кездесіп қалады, — дедім мен.

Ұзындау келген бір қара дене, бізден бір мильдей жерде қарауытып көрінді де жатты. Бұл алыстан қарағанда, судан сәл шығып жатқан үлкен жартас сияқты еді. Бірақ мұның не екенін, әлі де біле алмадым.

— Жоқ, бұл кит емес, — деді Нед Ленд, — сол жануардан көз айырмай қарап тұрған күйі.— Кит дегендеріңіз, менің ежелгі танысым ғой, мен олардың мінез-құлқын жақсы білемін.

— Шыдай тұралық,— деді. Консель,— «Наутилус» солай қарай бұрылуға айналды, біз енді бірнеше минуттан кейін, оның не екенін білеміз.

— Еһе! Өзі тіпті қозғалады... Сүңгіп те қояды! —деді есі шығып Нед Ленд. — Бұл не болды екен? Кит не кашалот сияқты екі айрым құйрығы да жоқ, ал жүзгіш қанаттары кесілген қол секілді.

— Бірақ... — дей бастап ем мен.

— Ананы қараңыз, — деп менің сөзімді бөліп жіберді канадалық, — шалқасынан түскелі аударылып барады.

— Мынау бір нағыз сайқал ғой! —деп күлді Консель.

Консельдің сөздері маған бірден дұрыс ой салды. Мен түсіне қалдым, көз алдыма сайқалдар.отрядының өкілі де елестеп кетті, бұлардың жарты денесі әйел, жарты денесі балық болады деп жұрт аңыз қылатын.

— Жоқ, — дедім мен Консельге,— бұл сайқал емес, бұл сол отрядқа жататын, өте сирек ұшырайтын басқа бір жануар. Бұл — дюгонь.

Бұл уақытта Нед Ленд әлгі жануарға қарады да тұрды. Жануарды көріп, көзі тіпті шырадай жанып кетіпті. Ол қазір реті келсе секіріп түсіп, дюгоньге бас салғалы тұрған адам сияқты еді.

— Әттегене-ай, профессор мырза,— деді ол даусы дірілдеп, — мен мұндай жануарды әлі аулап көрмеп едім!

Нед Лендтің бар ойы осы сөздерден-ақ айқын көрініп тұр еді.

Кеменің үстіне капитан Немо да шықты. Ол дюгоньды көрді де канадалыққа қарап, оның дәті шыдамай тұрғанын сезе қойды.

Ол Нед Лендке қарап:

— Егер қолыңызда сүңгі болса, мистер Ленд, ол сіздің қолыңызды күйдіріп жіберер еді-ақ қазір,— деді.

— Дұп-дұрыс, капитан.

— Бірер күнге өзіңіздің сүңгішілік кәсібіңізге қайта оралып, аңшылық табыстарыңыздың тізбесіне тағы да бір жаңа табыс қосудан да бас тартпас па едіңіз?

— Рақаттана жүріп орындар едім, оны.

— Несі бар онда кірісіңіз!

— Рақмет, капитан,— деді Нед Ленд, екі көзі оттай жайнап.

— Тек бір шарты бар мұның: мүлтіксіз сілтейсіз, бір-ақ қағып түсіресіз, есіңізде болсын, бұл өзіңіз үшін керек.

— Дюгонь сондай-ақ қатерлі жануар ма? — деп сұрадым мен.

Канадалық мән бермеген шыраймен иығын бір көтеріп қойды.

— Я, деді капитан. — Бұл жануар кейде аңшылардың өздеріне тап беріп, қайықтарын аударып тастайды. Бірақ мистер Ленд үшін бұл қатерлі емес. Өйткені оның көзі өткір, қолы қапы тимейтін қол. Мен оған жануардың қауіптілігінен емес, дюгоньның етінің жақсылығынан мүлтіксіз сілте деп тұрмын. Оның еті өте дәмді болады, ал мистер Ленд болса, менің байқауымша, дәмді тамақты жек көрмейтін сияқты.

— Солай деңіз! — деп қалды канадалық. — Бұл жануардың өзі басқасын былай қойғанда, еті де дәмді жануар ма?

— Я, мистер Ленд. Бұл жануардың етінің дәмі сиыр етінің дәмінен айырып алғысыз, сондықтан да, мұның етінен жасалған тағамдар, Меланезияда патша дастархандарының сәні болып саналады. Дюгонь соңғы кезде өте көп ауланады, сірә, ламантин сияқты, кешікпей бұл да құритын шығар.

— Олай болғанда, капитан, — деді Консель шынымен, — бұл дюгоньды бәлкім ауламай-ақ қойған жөн болар? Бұл жануардан қалған жалғыз тұқым осы болып жүрсе қайттік? Олай болса, ғылым мүддесі үшін мұны сақтау керек.

— Мүмкін, солай да шығар, — деді канадалық,— бірақ тағам жасау мүддесінің тұрғысынан қарағанда, оны аулау қажет болады.

— Кірісіңіз іске, мистер Ленд,— деді капитан тағы да.

Осы арада «Наутилустың» командасынан жеті матрос кеменің үстіне шықты. Олар әдеттегідей сабырлы, үнсіз еді. Біреуі кит аулайтын кемеде болатын байлаулы жібі бар сүңгі алып шықты.

Қайықты суға түсіріп алты ескекші отырысып алды, рульші, рульді ұстады. Нед Ленд, Консель мен үшеуміз қайықтың арт жағына таман отырдық.

— Сіз бізбен бірге бармайсыз ба, капитан? — деп сұрадым мен.

— Жоқ, Профессор. Жолдарың болсын.

Алты ескекші қатарынан ескен қайық екі мильдей жердегі көрініп жатқан дюгоньға зулап отырып келіп те қалды.

Оған бірнеше ғана кабельт қалғанда, ескекшілер жүрісті баяулатып, ескектерін жайлап қана суға сала қойысты.

Сүңгісін қолына алып, Нед Ленд қайықтың тұмсық жағына барып тұрды.

Әдетте китке ататын сүңгінің арқаны ұзын әрі мықты болатын да, жараланған жануар тартқан сайын орамы оп-оңай жазыла беретін. Бірақ бұл жолы арқанның ұзындығы жиырма метрден-ақ еді, арқанның екінші ұшы бос бөшкеге байлаулы болатын, ал бұл бөшке жаралы жануардың су астында қай бағытта жүзіп бара жатқанын көрсетіп тұруға тиіс.

Мен отырған орнымнан тұрып жануарға қарадым Дюгонь айнымаған ламантин екен. Оның ұзындау денесі құйрығымен ұласып бітеді екен де, екі жанындағы жүзгіш қанаттары — кәдуілгі саусақ сияқты екен. Ламантиннен бар айырмасы, мұның жоғарғы жақ сүйегінде ұзын, өткір айбалтасы, демек, екі үлкен азу тісі бар.

Нед Ленд аулай бастаған дюгонь орасан үлкен жануар екен. Ол қимылсыз жатыр еді, мүлдем ұйықтап жатқан сияқты. Бұл жағдай канадалыққа ете қолайлы болды. Міндетін де едәуір жеңілдетіп жіберді.

Қайық сыбысын сездірместен жануарға бес — алты метрдей жақын келді. Матростар ескектерін тағы да қолға алды.

Нед Ленд кейін шегіне беріп, сүңгіні құлаштай лақтырып жіберді.

Ысқырған ғана бір дыбыс естілді, ал дюгонь ғайып болып кетті. Тегі, оған тастаған сүңгі тек зулап барып суға түсіп кетсе керек.

— Әттегене-ай,— деп гүж ете түсті ыза болған канадалық,— тигізе алмай қалдым ба?

— Жоқ, — деп жауап қайырдым мен,— жануар жараланыпты. Әне, қан жосып жатыр. Бірақ сүңгі суға түсіп кеткен болуы керек.

— Сүңгім менің, — деп қалды Нед Ленд.— Менің сүңгім!

Матростар ескектерін қайта суға түсірді, ал рульші қайықты су бетіне қалқып шыққан бөшкеге қарай бұрды.

Сүңгіні шығарып алып, қайық енді жаралы жануардың соңына түсті. Ол дем алу үшін оқта-текте су бетімен де жүзіп бара жатты. Бірақ, шапшаң жүзуіне қарағанда, аса ауыр жараланбаса керек, тегеурінді он екі қол қозғап отырған қайық оқтай зулап келе жатты. Ол дюгоньға әлденеше рет қуып та жетті, бірақ қуып жеткен сайын канадалық, сүңгіні екінші рет тастамақ болып ыңғайлана бергенде, жануар сүңгіп кетіп, қауіптен қорғанып қалып отырды.

Нед Лендтің қалай ыза болып күйіп-піскенін айтып жатудың қажеті бола қояр ма екен! Ол осы сорлы жануарға ағылшын тілінде бар қарғысты жаудырып тұрды. Барлық айла-тәсілдеріміздің бәрін дюгоньның зая кетіруі тіпті маған да батты.

Осылайша, біз дюгоньді бір сағаттай қудық, мен мұның сәті түспейді екен деп күдерімді де үзе бастадым. Бірақ кенеттен, жаралы жануар соңына түсіп алғанымыз үшін кек алғысы келгендей, біздің өзімізге шабуыл жасап, қайыққа қарай дүрсе қоя берді.

Жануардың бұл әрекеті канадалықтың көзіне бірден түсті.

— Байқаңдар! — деді ол дауыстап.

Маған түсініксіз тілде рульші де бірдеме деді. Тегі, матростарға сақ болыңдар десе керек.

Дюгонь, қайыққа жиырма футтай жақындап келді де, кенет тұра қалып, тұмсығының жоғарғы жағына таман біткен мұрнымен, ауа жұтып алды да, біздерге қарай тап берді. Біз қақтығысып қалдық. Әйтеуір, рульшінің ептілігі арқасында, тарпа бас салған жануардың қатерлі соққысына ұшырамай жалтарып кеттік, қайық та ауытқып кетіп, бір немесе екі тоннадай су толтырып алды, оны кейін төгуге тура келді.

Елікті көтеріп алатын Африка арыстанындай қайықты ернеуінен тістей алып, лақтырып жібермекші болған алып жануарды, қайықтың тұмсық жағында тұрған Нед Ленд сүңгімен үсті-үстіне түйрей берді.

Біз бірімізге біріміз соғылып, теңселумен болдық, егер қаны қайнап, қатты ашуланған сүңгіші қапысын тауып, сүңгіні жануардың қақ жүрегіне қадамағанда мұның немен тынары белгісіз еді.

Қайықтың жақтауында тістің шықырлағаны естілді; дюгонь сүңгімен бірге суға батып кетті.

Көп кешікпей-ақ, бөшке су бетіне қалқып шықты, шалқасынан түскен дюгоньнің денесі де бөшкемен қоса шықты. Қайық дюгоньді сүйретіп отырып «Наутилусқа» алып келді.

Дюгоньнің денесі зорға дегенде, онда да талидің көмегімен «Наутилустың» үстіне шығарылды, салмағы бес мың килограмнан да артық боп шықты.

Жануар Нед Лендтің тікелей басқаруымен сойылды, өйткені ол бұл жұмысты істеуге басқа ешкімге сенбеді.

Сол күні кешке стюард маған дюгоньның етінен пісірілген тамақ әкеп берді, бұл тамақты кеменің аспазшысы жақсылап-ақ дайындаған екен, маған бұл сиыр етінен де дәмді көрінді.

Келесі күні, 11 февральда, «Наутилустың» қоймасы тағы да жаңа аңдарға толды, топ-топ қарлығаштар сүңгуір кеменің жақтауларына, ернеулеріне келіп қонды. Бұлар қарлығаштардың тек Египетте болатын түрлері — Ниль қарлығаштары еді. Бұлардың тұмсықтары қара, басы сүйірленіп біткен көк, көзінің .қиығы ақшыл, қыр арқасы, қанаты мен құйрығы көк, кеудесі мен бауыр жағы ақ, аяқтары қызыл еді. Біз бірнеше топ Ниль үйректерін де ұстадық. Бұлар бастары ақ, мойындарының қара дақтары бар тағы құстар болатын. Еттері өте дәмді болып шықты.

«Наутилус» бұл күні біркелкі баяу қарқынмен жүзіп келе жатты; оның асығарлық ешнәрсесі жоқ еді. Суэцке жақындаған сайын Қызыл теңіздің суы да тұщы бола берді.

Күндізгі сағат бес шамасында, солтүстік жағымыздан тастақ Аравияның шеті, Суэц шығанағы мен Акаб шығанағының аралығындағы Рас-Мохаммед мүйісі көрінді.

— Рас-Мохаммед мүйісінің жоғарғы жағындағы асқар таулар маған айқын көрінді. Бұл — Ореб тауы болатын.

Сағат кешкі алтыда «Наутилус» біресе судың астымен, біресе үстімен жүзіп отырып, Top қолтығының терең суына да келіп түсті. Бұл қолтықтың суы, капитан Немо айтқандай, қызғылттау еді.

Тек бірқазандардың шаңқылдаған дауыстары, жартасты сабалаған толқындардың шуылы, талып жеткен кеме гудоктарының айқайы ғана естіліп тұрған жым-жырт теңіз бетін бірден түн басты.

Кешкі сағат сегіз бен тоғыздың арасында «Наутилус» бірнеше метр су астына түсті. Менің есебім бойынша, біз Суэцтен қашық емес едік.

Салонның терезесінен прожектор сәулесі түсіп тұрған жарқабақ жағалауды көрдім. Менің шамалуымша, бұғаз барған сайын тарылып келе жатқан сияқты.

Сағат тоғыздан 15 минут өткенде кеме тағы да су бетіне шықты.

Капитан Немоның Аравия тоннелін көргенше асығып, тықыршып отыра алмадым. Тіпті мазам кеткен соң таза ауа жұтайын деп кеменің үстіне шықтым.

Кешікпей-ақ мен, шамамен айтқанда, бізден миль Жарымдай жерде, көмескі кешкі тұманның арасынан бір жарық сәуле көрдім.

— Қалқыма маяк,— деп қалды тап қасымнан біреу.

Мен шошып кетіп, жалт қарасам, капитан Немо екен.

— Бұл Суэцтің қалқыма маягі, — деді ол қайталап. — Біз енді кешікпей тоннельдің аузына келеміз.

— Оған кіру оп-оңай емес шығар?—деп сұрадым мен.

— Я, өте қауіпті. Сондықтан да, тоннельге кірерде руль кабинасында өзім болып, кемені өзім басқару дағдылы ережеме айналды. Ал енді, профессор мырза, сізге төмен түсуге тура келеді, өйткені қазір кеме сүңгіп судың астына түседі, содан ол тоннельден өтіп шығып, Жерорталық теңізге кіргеннен кейін су бетіне бір-ақ шығады.

Мен капитан Немоға ілесіп ішке түстім. Ауыз да жабылды. Резервуарларға су да толтырылып алынды, сөйтіп кеме он метрдей су астына түсті.

Мен өз каютама қарай оқтала беріп едім, капитан Немо мені тағы да тоқтатты:

— Профессор мырза,— деді,— штурвал кабинасында менімен бірге дежурствода болғыңыз келе ме?

— Сізден бұл туралы өтінуге батылым жетпеп еді,— деп жауап қайырдым мен.

— Ендеше жүріңіз. Онда отырып сіз, жер астымен, су астымен жүзу кезінде көруге болатын нәрсенің бәрін де көресіз.

Біз кеменің үстіне қарай шығатын басқышпен көтеріліп, орта шеніне дейін келдік. Осы жерде капитан Немо бір есікті ашты да, біз тарлау бір ұзын коридормен жүріп отырып, ең түкпірдегі, кеменің тұмсық жағында төбесі шығып тұратын штурвал кабинаға келіп кірдік.

Бұл ені де, көлденеңі де алты футтай, яғни Миссисипи мен Гудзонның аралығында жүзетін кемелердің каютасы сияқты жеке бөлме еді. Мұның ортасында, кеменің арт жағындағы рульмен штуртрос арқылы қосылған штурвал бар еді. Каютаның төрт қабырғасындағы дөңес әйнектер орнатылған төрт иллюминатор руль ұстаушыға жағалай қарап отыруға да мүмкіндік береді.

Мұның іші қараңғылау еді; бірақ кешікпей бұл қараңғылыққа көзім үйреніп те алды, сөйтіп екі қолымен штурвалды ұстап тұрған рулшіні көрдім.

— Енді, — деді капитан Немо, — тоннельге кіретін тұсты ізделік. Электр өткізгіштер руль кабинасын машина бөлімімен қосып тұр еді, бұлар арқылы белгілі бір толып жатқан шартты сигналдар бойынша, капитан штурвалда отырып-ақ кемені не шапшаң, не баяу жүргізу туралы бұйрық береді.

— Капитан металл кнопканы басып қалып еді, сол арада-ақ винттің айналуы бәсеңдеп қалды. Мен тіп-тік гранит жарға үн-түнсіз қарадым да отырдым, бұл мызғымас құрылық шеті еді, мұның ұзына-бойын қуалап біз бір сағаттай жүздік.

Капитан Немо компастан көз айырмады да, руль ұстаушы оның бұйрығы бойынша штурвалды бір олай, бір бұлай бұрып, кеменің бағытын үнемі өзгертіп отырды.

Сағат оннан он бес минут кеткенде капитан Немо штурвалға өзі тұрды.

Біздің қарсы алдымыздан терең су жолының кіреберісі көрінді.

«Наутилус» бұған іркілмей-ақ кіріп кетті.

Кеменің темір сауыты гуіл қаға бастады. Бұл жоғарыдан ылдиға Жерорталық теңізге қарай аққан судың дыбысы еді. Машина винт қалағын баяу, оқтын-оқтын кері айналдырып қойып отыруына қарамастан тасқын кемені ылдиға қарай оқтай зулатып келе жатты.

Кеме бұлай қатты зулап келе жатқанда, прожектор сәулесімен жарқыраған тоннель қабырғаларын ғана көруге болар еді. Жүрегім лүпілдеп өте қатты соға бастады да, сондықтан мен жүрегімнің тұсын қолыммен басып, уқалап отырдым.

Сағат оннан 35 минут кеткенде капитан Немо штурвалды руль ұстаушыға берді де, маған бұрылып:

— Біз Жерорталық теңіздеміз, — деді.

Тасқын айдаған «Наутилус» жиырма минутқа толар толмас уақыттың ішінде Суэц мойнағын жер астымен өтіп шықты.

Алтыншы тарау

ГРЕК АРХИПЕЛАГІ

Келесі күні, 12 февральда, таң ата «Наутилус» су бетіне қалқып шықты. Мен де жалма-жан кеменің үстіне шықтым.

Оңтүстік жағымызда үш мильдей жерде таңертеңгі тұманның арасынан ертедегі Пелузиум бұлдырап, елес берiп қана көрініп тұр.

Тасқын екпіні бізді бір теңізден екінші теңізге көзді ашып жұмғанша-ақ әкеп тастады. Бірақ бізді мұнда лезде жеткізген бұл тоннель кейін қарай, демек, Жерорталық теңізден Қызыл теңізге қарай кемені мүлдем жүргізбейтін де болуы керек.

Таңертеңгі сағат жеті шамасында Нед Ленд пен Консель де қасыма келді. Ажырамас достар «Наутилустың» ерлік жорығынан қаннен-қаперсіз, түні бойы тып-тыныш ұйықтап жатыпты.

— Ал, профессор мырза, — деп сұрады канадалық ойын-әзілін араластыра, — уәде етілген Жерорталық теңіз қайда?

— Біз соның үстімен жүзіп келеміз Нед достым, — деп жауап қайырдым мен.

— Қалайша!— деп таңданды Консель.— Демек, осы өткен түннің ішінде...

— Дұп-дұрыс, осы өткен түннің ішінде, асу бермес мойнақтан жиырма-ақ минуттың ішінде өттік, мұнда!

— Сенбеймін,— деді Нед Ленд.

— Бекер сенбейсіз, мистер Ленд, — деп жауап қайтардым мен, — оңтүстіктегі ойпаң жағалауды көріп тұрсыз ғой,— бұл Египет жағалауы.

— Мені алдай алмайсыз, — деді қайсар канадалық.

— Мұны қожайын айтып тұрса, қалай сенбессің, сену керек,— деді Консель.

— Айтқандай-ақ, Нед,— дедім мен сөзімді жалғастыра,— капитан Немо тоннелін маған өзі көрсетті. Тар өткелден өткен кезде «Наутилусты» ол өзі басқарды, мен оның қасында тұрдым.

— Естіп тұрмысың, Нед? — деп сұрады Консель.

— Сіз алыстан жақсы көресіз, Нед,— дедім мен тағы да, — сондықтан сізді алдап тұрмағаныма, көзіңіз оп-оңай жетеді. Қараңызшы, анау көрінген Порт-Саид гаваны болу керек.

Канадалық. мен көрсеткен жаққа тесіле қарай қалды.

— Шын,— деді ол, — сіздің айтқаныңыз дұрыс болып шықты, сіздің капитаныңыз өз ісінің шебері екен. Біз Жерорталық теңіздеміз. Жақсы. Енді өз жұмысымыз жайында мылжыңдасалық, тек ешкім естімейтін болсын.

Канадалықтың не жөнінде мылжыңдасқалы тұрғанын мен түсіне қойдым.

«Қалай болған күнде де, — деп ойладым мен, — Нед Ленд сөйлесейік деп қадалып тұрғанда, бұл жөнінде сөйлесіп алмай болмайды».

Біз үшеуміз прожектор тұрған кабинаның төбесіне барып отырдық.

— Ал енді біз сізді тыңдап көрейік, Нед, — дедім мен. — Бізге не айтпақшы едіңіз?

— Айтарым өте қысқа, — деді канадалық. — Біз Европаға тақап келеміз, сондықтан капитан Немо бізді Поляр теңізінің түбіне немесе мұхиттардың түбіне алып кетпей тұрғанда «Наутилустан» ажыралық деген ұсынысым бар.

Мойындауым керек, бұл мәселе жөнінде канадалықпен пікір таластырып жату өте қолайсыз көрінді. Бір жағынан жолдастарымның бостандық алуына кедергі болғым келмеді, ал, екінші жағынан, капитан Немоны аз уақыт өтпей жатып тастап кеткім тағы келмеді. Өйткені оның арқасында, оның тамаша кемесінің арқасында мен өзімнің білімімді күн сайын толықтырып, теңіз астындағы тіршілік туралы кітабымды, сол өмірдің қайнаған ортасында отырып, қайта жазып шықтым; мұхиттың ғажайыптарын толық зерттеу үшін қажетті мүмкіншілікті бұдан басқа қай жерден таба алмақпын, әрине ешбір жерден таба алмаймын! Сондықтан, бүкіл дүние жүзін айналып шығып зерттеу экспедициясын аяқтағанша сүңгуір кемені тастап кеткім келмеді.

— Достым Нед,— дедім, — менің бір сұрауыма жауап беріңізші: осы кемеде сіз шынымен-ақ ішіңіз пысып, жалығып жүрсіз бе? Бізді осыған душар еткен тағдырға, қарғыс айтуға шынымен-ақ аузыңыз бара ма?

Канадалық кідіріп қалды, екі қолын көкірегіне айқастырып салып тұрып, бір мезетте. ІІІынын айтқанда, осы су астындағы жүзу сапарында болғаныма өкінбеймін. Бір кезде бұл сапарды қимастықпен еске түсіретін де боламын әлі. Бірақ сол үшін, осы жүзу сапары аяқталуы керек. Бұл сұрау жөнінде менің ойлайтыным — осы!

— Бұл жүзу сапары аяқталады, Нед.

— Қай жерде, қашан?

— Қай жерде аяқталатынын білмеймін. Қашан аяқталатынын да сізге дәл айтып бере алмаймын, бірақ бұл сапар менің ойымша теңіз бізге өзінің ең ақырғы құпия сырына шейін айтып болғанда бір-ақ аяқталуы керек. Бұл дүниеде басталған істің, ерте болсын, кеш болсын, аяқталатын мезгілі болуы керек.

Мен қожайынның пікіріне толық қосыламын, — деді Консель. Менің ойымша, барлық теңіз бен мұхиттарды аралап болғаннан кейін, капитан Немо бізді бір-ақ лақтырып тастауы да кәдік.

— Лақтырып дейсің бе? — деп канадалық жәбірленіп қалды. —Ол бізді лақтырып тастайды дедіңіз бе, сіз?

— Мүкі айтылған сөзге жармаспаңыз, Нед Ленд, — деп араласа кеттім сол жерде. — Капитан Немодан қорқар бізге түк те жоқ, бұл жөніндегі Консельдің пікіріне мен қосылмаймын. Бірақ, Капитан Немо бізді өз еркімен босатып жібере қояды деп үміттенуге тағы болмайды. Біз«Наутилустың» барлық құпия сырын білеміз, бізді қоя беріп ол сырды бізге бүкіл дүние жүзіне жайып жібере алмайды.

Онда сіздің үміттенеріңіз не? — деп сұрады канадалық.

— Менің үміттенетінім — жағдай, жағдай болғанда,ерте болсын, кеш болсын, әйтеуір, бір кез келетін сәтті жағдай.Дәл қазіргідей жағдай бұдан алты айдан кейін де туып қалуы кәдік.

— Е...е—деді міңгірлеп Нед Ленд. —Натуралист мырза, тілеуіңізді берсін, мынаны айтыңызшы, алты айдан кейін біздің қайда болатынымызды жобалап та болса, біле аласыз ба?

— Тағы да осы маңда, тіпті Қытайда да болуымыз ықтимал. «Наутилустың» шапшаң жүзетін кеме екенін сіз білесіз ғой. Ол мұхиттарда, бейне бір ауада ұшқан қарлығаштай, ал жердің үстінде көз ілестірмейтін курьер поезы сияқты зулайды. Оның қай теңізден де қорықпайтынына көзіміз жетіп келеді. Алты айдан кейін ол тағыда Францияның немесе Англияның жағалауына келмесіне кім кепіл, сонда бұдан қашып шығу үшін, тіпті бүгінгіден де сәтті жағдай тумасына кімнің көзі жетіпті?

— Профессор мырза, — деді канадалық, — сіздің бұл айтып отырған дәлелдеріңіз тым дерексіз дәлел. Сіз «мұнда боламыз, онда боламыз» деп ыңғай келешекті айтып отырсыз, ал мен болсам, қазіргіні айтып отырмын: «Біз міне мына жердеміз — осыны пайдаланып қалайық» деймін мен.

Нед Лендтің бұл орынды пікіріне айтар түгім жоқ еді, бұл таласта мен өзімнің қатты жеңілгенімді жақсы білдім. Өзімнің жорамалымды арашалай аларлық менде түк дәлел қалған жоқ еді.

— Профессор мырза, — деді Нед,— бір сәт болмайтын нәрсені де болған екен дейікші,— капитан Немо бізге ерік берген екен делік, сонда қайтер едіңіз, бұл ұсынысты қабыл алар ма едіңіз?

— Білмеймін.

— Ал, егер ол, бұл ұсынысымды мен енді қайтіп өмірі айтпаймын деп қосып қойса қайтер едіңіз?

Мен үндемедім.

— Бұл жөнінде Консель досымның не ойы бар екен? — деп сұрады канадалық.

— Консель досыңның бұл туралы айтар түгі де жоқ, — деп жауап қайырды байыпты пішінмен фламандық. — Бұл мәселе қалай шешілсе де оған бәрібір. Өзінің қожайыны сияқты, өзінің досы Нед Ленд сияқты ол да сұр бойдақ адам. Отанында оны күтіп отырған әйелі де, бала-шағасы да, туған-туысқаны да жоқ. Ол өзінің қожайынына қызмет етіп жүрген адам, бұл қызметінен ол айрылмақ та емес. Ол, қынжыла тұрса да, сіздерге турасын айтуға тиіс: екі жақтың біреуін көпшілік етіп алмау үшін бұл мәселе дауысқа қойылғанда, ол оған қатыспайды. Жекпе-жекке тек екі-ақ адам қатысады: олардың біреуі — қожайында, екіншісі — Нед Ленд. Осыдан кейін Консель дос үнсіз қалады да, екі жақтың соққысының есебін шығаруға кіріседі.

Консельдің осы сөздерін тыңдап тұрғанда, мен күлмей тұра алмадым. Сірә, Консельдің өзіне қарсы шықпағанына, канадалық ішінен өте разы болып тұрса керек.

— Бұл таласқа Консель қатыспайтын болса,— деді ол маған,— бұл мәселені тек екеумізге шешуге тура келеді ғой. Мен өз пікірімді айттым. Сіз оны тыңдадыңыз. Бұған не жауап қайырасыз?

Қандай да болса бір тоқтамға келуіміз керек еді. Менің бұлтару-жалтаруды жаным жек көретін.

— Менің жауабым мынау, Нед достым, — дедім мен.— Бұл таласта сіз мені жеңдіңіз, сіздің дәлелді пікірлеріңізге менің пәлендей қарсы айтар ештемем жоқ. Капитан Немоның өзі босатады деу де қисынсыз. Алдын ала ескеруді керек ететін жай ғана сақтық шараларының өзі-ақ оған мұны істетпейді. Ал, алдын ала ескеруді керек ететін осы сақтық бізден де бірінші кездескен сәтті жағдайды пайдаланып, «Наутилустан» кетуді талап етеді.

Әдемі-ақ, профессор мырза! Міне, сіз дұрыс та қошымды пікір айттыңыз!

— Бірақ менің тағы да бір ескертетінім бар,— дедім мен, — жағдай шын мәнінде қолайлы болуы керек. Біздің қашпақшы болған бірінші қадамымыздың өзі нәтижелі болуғa тиіс Өйткeні, егер онымыздың сәті түспей қалса, қайтып бізге қолайлы жағдай тумайды, ал капитан Немо болса,біздің бұл қылығымызды ешуақытта кешпейді.

— Бұл дұрыс, деді Нед Ленд, — бірақ сіздің бұл ескертуіңіз, бүгінгі қашу әрекеті болсын немесе бұдан екі жыл кейінгі қашу әрекеті болсын, екеуіне бірдей айтылған ескерту ғой. Бұдан даусыз-далабасыз бір-ақ қортынды шығады, ол — қашуға қолайлы жағдай туса-ақ дереу қашу керек.

— Мұныңызға қосыламын. Бірақ мынаны айтыңызшы: «қолайлы жағдай» деп қандай жағдайды айтасыз?

— «Наутилус» қандай да болса бір европалық жағалауға таяу қалған кездегі қараңғы түнді айтамын.

— Сонда сіз малтып қашып құтылмақсыз ба?

— Я,егер де, «Наутилус» жағалауға таяу жүзіп отыратын болса, малтып-ақ құтылып кетеміз. Егер де кеме су астымен әрі жағалаудан қашықта жүзетін болса, онда...

— Я, онда ше?..

— Онда қайықты ала кету керек болады. Оны қалай істеуді мен жақсы білемін. Қайыққа мініп аламыз да бұрандасын бұрап ағытып жіберіп, су бетіне жүзіп шыға келеміз, сонда штурвал кабинасында отырған руль ұстаушы да біздің қашқанымызды білмей қалады.

— Жарайды, Нед. Қолайлы жағдайды мұқият бақылайтын бол. Тек есіңізде болсын, сәтсіздікке ұшырай қалсақ құрығанымыз!

— Ол есімде болады, профессор мырза!

— Бұл жайындағы мәселелердің бәріне келісіп алдық қой, Нед Ленд, ал енді сіздің жобаңыз туралы ойымды айтайын ба?

— Айтыңыз, профессор мырза.

— Ойымды айтсам,. осындай қолайлы жағдай жуық арада туа қояды деп үміттене алмаймын.

— Неге?

— Өйткені, біздің әлі де өз басымыздың бостандығын ойлайтынымызды капитан Немо жақсы біледі, сондықтан ол европа жағалауларына жақын жүзгенімізде өте сақ болады.

— Мен қожайынның бұл пікіріне қосыламын,— деді Консель.

— Тірі болсақ оны да көрерміз, — деді Нед Ленд басын шайқап қойып.

— Жақсы,— дедім мен,— жетті! Бұл жайында ендігі әңгіменің қажеті жоқ. Қашуға бел байлаған күні, бізге ескертіп қойыңыз, ләм деместен соныңыздан ере береміз. Қайда бастасаңыз да көз жұмып ере береміз — сенеміз сізге, Нед!

Келешегі өте маңызды бүгінгі әңгіме осылай аяқталып еді.

Бірден-ақ айтайын, канадалықтың көңілін қатты жабырқатып, жағдай менің жорамалымның дұрыстығын ыспаттады. Капитан Немо бұл теңізде жолаушы көп болғандықтан бізге сенбеді ме, болмаса Жерорталық теңіздің суын кескілеп жүрген әр алуан ұлттардың қаптаған көп кемелеріне кездесіп қалғысы келмеді ме, әйтеуір, біз жағалаудан өте алыста, терең су астында жүзумен болдық. «Наутилус» судан шықса тек руль күймесінің төбесін көрсетіп қана шығып, әйтпесе тым тереңде жүзіп келе жатты. Айта кету керек, Грек архипелагі мен Кіші Азияның аралығында біз екі мың метр төмен түскен кездерде де, теңіз түбін көре алмай қойдық. Додеканез тобына жататын Карпофос аралының жанынан өтіп кеткенімізді мен капитан Немоның айтуынан ғана білдім, ол мұны маған оның тұрған жерін картадан көрсетіп тұрып айтқан еді.

Келесі күні, 14 февральда бірнеше сағат бойына Грек архипелагінің балықтарын зерттемекші болдым. Бірақ маған белгісіз себептермен, салонның терезелері күні бойы жабық тұрды.

Картадан қарап «Наутилустың» Крит аралына қарай келе жатқанын білдім. Мен «Авраам Линкольн» кемесіне мінген күні, бұл арал түрік тепкісіне қарсы көтерілген еді. Криттықтардың көтерілісіне тағдыр қандай үкім aйтты, оны мен біле алмадым, оны адам мекен еткен дүниеден барлық қарым-қатысын, барлық байланысын үзген Немо айтсын ба?

Сол күні кешке, салонда кездескенімде, мен бұл оқиға туралы капитан Немоға ешқандай сезік білдіргем жоқ. Айта кету керек, маған капитан әлденеге мазасызданып, қабағы қатынқылау жүрген сияқты көрінді. Сөйтіп ол оқыс қимылмен орнынан ұшып тұрып, екі терезенің де қақпақтарын ашқызып жіберді де, бір ол терезеге, бір бұл терезеге барып, суға қадала қарап тұрды. Оның неменеге қарағанын мен біле алмадым, сондықтан терезенің алдында көз алдымнан өтіп жатқан балықтарға қарауға кірістім.

Көптеген балықтардың ішінен халық тайынша деп атайтын теңіз колбандары көзіме ерекше түсті; бұл балықтар Ниль сағаларының маңындағы тұзды суларда көп кездеседі.

Бұдан кейін мен спар семьясына жататын фосфорлы пагро балықтарын, яғни табан балықтарды көрдім. Египеттіктер бұларды әулие балық деп атайды, ал бұлар Нильге әдетте суы мол болатын жылдары келеді, бұл жылдары егін де жақсы шығады; бұларды египеттіктер той-думанды үлкен діни мейрам жасап қарсы алады.

Көз алдымыздан ұзындығы отыз сантиметрдей, қабыршықтарының қызыл дақтары бар, мөлдір көк, сүйекті-хейлиндер де өтіп жатты. Бұлар су балдырларымен ғана қоректенеді, сондықтан еттері де өте жұмсақ болады. Ертедегі Римде бұлардың еттеріне мургендердің сүтін, тоты құстың миын, қарлығаштың тілін қосып, жасаған тағамдар ең жақсы тағам болып саналған.

Бұл теңіздерді мекендеушілердің тағы бірі ертедегі Рим заманын есіме түсірді. Бұл үнемі акулалардан қалмай, соларға еріп жүретін лоцман-балықтар еді; ертедегі адамдардың діни сенімі бойынша, осы кіп-кішкене балықтар кеменің киліне жабысып алып, кейін тартып тұра қалса, кемені де тоқтатады екен.

Мен мұнда, ертедегі Грецияның әулие балықтарын да байқадым, бұлар ертедегі адамдардың діни сенімі бойынша, қандай кереметтерді болса да, тұрған жерінен қуып тастай алатын «anthias» деп аталатын балықтар еді. «Anthias» — «гүл» деген сөз. Бұл балықтардың түсінің құбылуы, құбылуы болғанда, қызыл түстің солғын қызылдан бастап лағылға дейін құбылуы, оның атына затын сәйкестіріп тұратын-ды.

Осы теңіз ғажайыбынан көзімді айыра алмай отырғанда, кенет бір көрініс мені қайран қалдырды. Су астынан, белінде былғары дорбасы бар, бір адам көрінді. Кәдімгі тірі адам. Ол бірнеше рет су бетіне жүзіп шығып, қайта сүңгіп жүрді.

Мен капитанға қарадым да:

— Мынау суға батып бара жатқан адам! Мұны қалай да құтқару керек, — дедім.

Капитан Немо, маған жауап қайырмастан, терезенің алдына жетіп келді.

Жүзуші тағы да бір сүңгіп, терезеге көздерін тақап тұрып, бізге қарады.

Мені таңдандыра, капитан Немо қолымен әлдеқандай бір белгі берді. Сүңгіші басын изеп теңіз бетіне қайта жүзіп шықты да, қайтып көрінбеді.

— Ол үшін қорықпай-ақ қойыңыз, — деді маған капитан Немо. — Бұл Матапан мүйісінде тұратын «Балық» аталып кеткен Николай. Грек архипелагіндегілер оны тегіс біледі. Тамаша жүзгіш! Су оның дүлейі, сондықтан ол бір аралдан екінші аралға, кейде тіпті Крит аралына дейін жүзіп барып, уақытының көбін құрылықтан көрі суда өткізеді.

— Капитан Немо, сіз оны білесіз ғой?

— Неге білмейін, Аронакс мырза?

Осыны айтты да, капитан Немо салонның қабырғасын ойып жасаған шкафқа барды. Оның қасында «Наутилус»—шапшаңдардың шапшаңы» деген жазу «Н» бас әрпінің таңбасы бар мыс қақпақты темір сандық тұр еді.

Мені жайыма қалдырып, капитан Немо шкафты ашты, мұның іші кесек металдарға толы еді.

Бұл кесек металдар алтын болып шықты.

«Наутилуста» осынша көп металл қайдан келген? Бұл алтынды капитан Немо қайдан алды, — оны қазір не істемекші болып жүр?

Мен тіл қатпастан қарадым да отырдым.

Капитан Немо шкафтан сом алтындарды бір-бірлеп алып сандық толғанша сала берді.

Мен оның сандыққа салған алтыны кемінде бес миллион франк — яғни мың килограмм деп шамаладым.

Капитан сандықтың қақпағын жапты да, үстіне, тегі жаңа грек тілінде болу керек, адресін жазды.

Осы жұмысты аяқтап болған соң ол қоңыраулы кнопканы басып қалып еді, команда бөлмесінен сегіз матрос келді де, сандықты салоннан зорға дегенде алып шықты.

Жүк көтеретін машина арқылы сандықты басқышпен кеменің үстіне шығарып жатқандарын мен айқын естіп тұрдым. Осы минутта капитан Немо бұрылып маған қарады да:

— Сонымен, сіз не дедіңіз, профессор мырза? — деді.

— Мен түк те дегенім жоқ,— деп жауап қайырдым мен.

— Олай болса, сізге қайырлы түн болсын айтуға рұқсат етіңіз,— деді ол.

Осы сөзді айтты да салоннан шығып кетті.

Мен қайран қалып каютама қайттым.

Ұйықтаймын деп босқа әуре болдым. Жүзгіштік келуі мен сом алтындар салынған сандықтың арасында қандай байланыс бар, мен осыны біле алмай дал болып жаттым.

Болмашы ғана шайқалыстан мен кеменің су бетіне шыққанын аңғардым.

Бұдан кейін кеме үстінде жүрген адамдардың аяқтарының дүрсілі естілді. Қайықты ұясынан алып, суға түсіріп жатқандарын біле қойдым. Қайық кеменің жақтауына соғылды да, осыдан кейін ешқандай дыбыс естілмеді.

Екі сағаттан кейін дыбыс қайта естілді. Қайық судан шығарылып, ұясына қайта орналастырылды. Бұдан кейін «Наутилус» тағы да су астына түсті.

Демек, миллиондар тиісті адамның қолына тапсырылды. Бірақ бұл, құрылықтың қай жері? Капитан Немоның хабаршысы кім болды екен?

Келесі күні өткен түңгі оқиғаларды мен Консель мен Нед Лендке айтып бердім.

Менің жолдастарым бұл оқиғаларға менен кем таңданған жоқ.

— Бірақ ол осы миллиондарды қайдан алады? — деп сұрады Нед Ленд.

Бұл сұрауға мен жауап қайыра алмадым.

Таңертеңгі тамақтан кейін мен салонға барып жұмыс істеуге отырдым.

Күндізгі сағат беске дейін қозғалмастан күнделігімді жаздым. Бір уақытта ыстықтап кеттім де, жылы көкрекшемді шешіп алып қойдым, бірақ бұл да сеп болмады. Дем алу минут сайын қиындай берді. Мұның себебі де белгісіз, өйткені біз тропиктік, ыстық жардан тым қашықта едік, ол былай тұрсын, су астындағы «Наутилусқа» үстіңгі жақтың ауасының температурасы әсер ете алмауы керек қой. Мен монометрдің тіліне қарап едім, біз алпыс фут тереңде келе жатыр екенбіз.

Мен жұмыс істей бермекші болып едім, бірақ ыстық барған сайын күшейіп, тіпті шыдатпады.

«Мүмкін, кемеде өрт шыққан шығар?» деп ойладым мен.

Мен салоннан енді шығайын дей бергенімде, кенеттен, капитан Немо кіріп келді. Ол тура термометрге барып, қара сынап бағанасына қарады да, маған бұрылып:

— Қырық екі градус! — деді.

— Мен оны сезіп отырмын, капитан, — деп жауап қайырдым мен.— Егер температура бұдан жоғары көтерілсе, онда бізге өте жаман болады.

— О, профессор мырза, температура біз жоғары көтергіміз келсе ғана көтеріле алады.

— Демек, сіз оны өз қалауыңыз бойынша ұлғайта да, бәсеңдете де алады екенсіз ғой?

— Жоқ, менің қолымнан осы ыстықтық ошағынан не қашып кету, не жақын келу ғана келеді; жақындаған сайын ыстық арта түседі.

— Демек, ол ошақ «Наутилустан» тыс болды ғой?

— Әрине. Біз қазір қайнап жатқан судың ішінде келеміз.

— Қойыңызшы, шын ба? — дедім таңданып.

— Өзіңіз байқап көріңіз.

— Терезенің қақпақтары ашылды да, мен «Наутилустың» айналасынан аппақ суды көрдім. Қазанда қайнап жатқандай су бетін күңгірт бу қаптап жатыр. Мен саусақтарымды терезенің шынысына тигізіп көріп едім, күйдіріп жібере жаздады да, қолымды лып тартып алдым.

— Біз қай жердеміз? — деп сұрадым мен.

— Санторин аралының жанындамыз, профессор мырза, — деп жауап қайырды капитан. — Егер дәлірек білгіңіз келетін болса, Нео-Камменияны Палеа-Каммениядан бөліп тұрған бұғазда келеміз. Мен сізге су асты жанар тауының жалын атуын, осы сирек құбылысты көрсеткім келді.

— Мен көптен бері жаңа аралдар құрылудан қалған, деп ойлайтын едім,— дедім мен.

— Жанар таулы орындарда бірде бір құбылысты біржола бітті деп санауға болмайды,—деп жауап қайырды капитан Немо. — Бүкіл жер шары, бұрынғысынша, әлі де өзінің ішкі отына толы. Егер де тарихшы Кассиодор мен Плинилерге сенуге болатын болса, біздің заманымыздың он тоғызыншы жылында осы аралдар құрылған орында, Тей деген жаңа арал пайда болған. Кейін ол толқын басып жоқ болып кеткен де, тек алпыс тоғызыншы жылы қайта пайда болып, бірақ кейіннен тағы да біржолата жойылып кеткен. Сол уақыттан бастап біздің заманымызға дейін бұл орындарда жанартау мүлдем өшкен. Бірақ бір мың сегіз жүз алпыс алтыншы жылы үшінші февральда Неа-Камменияның іргесінен күкіртті бу бұлттарының арасынан жаңа бір кішкене арал көрінген. Мұны Георг аралы деп атаған. Алтыншы февральда ол Неа-Каммениямен қосылған. Осыдан кейін жеті күн өткен соң, ол үшінші февральда судан тағы да бір кішкене арал — Афроэс шыққан, мұны Неа-Каммениядан ені он метрдей ғана бір тарлау бұғаз бөліп тұрған. Осы сирек ұшырайтын құбылыс пайда болған кезде, мен әлде қалай осы суларда болған едім, сондықтан мен ол процестерді басынан аяғына дейін көрдім. Дөңгелек келген Афроэс аралының диаметрі үш фут, биіктігі отыз футтай еді. Ол далалық шпат кесектерімен бедерленген қара әйнек тәрізді жанартау құсындыларынан құралған еді. Ақыр аяғында, оныншы мартта Неа-Камменияның қасынан әлгіден де кішірек, Рэка деп аталатын тағы бір арал шыға келеді, сөйтіп, бұл үш арал ақыры қосылып кеткен.

— Ал біздің қазіргі жүзіп келе жатқан бұғазымыз қандай бұғаз? — деп сұрадым мен.

— Ол міне,— деді капитан Немо грек архипелагі картасынан көрсетіп.— Көріп тұрмысыз, мен жаңа аралдарды да картаға түсіріп қойдым.

— Бұл бұғаздың түбі де, тегі, бір кезде судың үстіне шығатын болар?

— Мүмкін, профессор мырза, өйткені бір мың сегіз жүз алпыс алтыншы жылдан бері қарай Палеа-Каммениядағы Николай әулиенің портының қарама-қарсы бетінде сегіз арал пайда болды. Неа-Каммения мен Палеа-Каммениялардың көп кешікпей қосылатыны осының өзінен-ақ айқын көрініп тұр.Тынық мұхитта аралдар құру— маржандардың міндеті. Ал, бұл суларда жаңа аралдардың пайда болуы жанар тауларға байланысты. Су астында қайнаған өмір барын көріп тұрсын ба, профессор!

Мен тағы да терезенің тұсына келдім. «Наутилус тоқтап тұр еді. Ыстық адам төзгісіз болатын. Әлденендей темір тұздарының араласуына байланысты, ақ су енді қызыл суға айналды.

Терезе ауа өтпейтін етіп жасалса да салонға күкірт исі келіп, тынысты тарылта бастады. Қайнаған судан жарқыраған бір қызыл сәуле керінді, біздің прожекторымыздың сәулесі осымен салыстырғанда тым әлсіз еді.

Мен терге шомып, дем ала алмай алқынып, осы күйімде енді бірнеше минут тұрсам, бұл ыстық мені де пісіреді екен деп тұрдым.

— Мынау қайнаған судың астында бұдан әрі қалудың ешбір жөні жоқ қой,— дедім мен капитанға.

— Я, ол бейқамдық болар еді,— деп жауап қайырды капитан, сабырмен.

Сөйдеді де бір кнопканы басып қалды. «Наутилус» жолға шықты, сөйтіп біз тез арада-ақ қайнаған cу апатынан ұзап шықтық. Ширек сағаттан кейін теңіз үстінде таза ауа жұтып емін-еркін дем алдық.

Егер де Нед Ленд осы тұстан қашпақ болса, біз тірідей пісіп-ақ қалады екенбіз деген ой келді маған.

Осы күннің ертеңінде, 16 февральда, «Наутилус» Матапан мүйісін орағытып өтіп, Грек архипелагімен қош айтысты.

Жетінші тарау

ЖЕРОРТАЛЫҚ ТЕҢІЗ АРҚЫЛЫ ҚЫРЫҚ СЕГІЗ СAFAT

Терең Жерорталық теңіз, ертедегі еврейлердің «Үлкен теңізі», ертедегі гректердің «Теңізі», ертедегі римдіктердің «Біздің теңізі», айнала асқар таулар қоршаған, қалың апельсин ағаштармен, алоэ, кактус сияқты ыстық жақтың өсімдіктерімен, теңіз қарағайларымен безенген, мирт ағашының хош иісі сіңіп, жұпар исі аңқыған таза ауасымен атағы шыққан, — осы Жерорталық теңіз от пен судың ежелден арпалысқан кек майданы болып саналады. Бүкіл дүние жүзіне әрқайсысы өз үстемдігін құрып, өз билігін жүргізбек болып, Плутон мен Нептун 1 да осында шайқасып жатыр.

«Жерорталық теңіздің жағаларында, — деп жазған Мишле,— осы бір бүкіл дүние жүзіндегі ең жақсы ауа райында, адамға тың күш, тың денсаушылық пайда болады». Бірақ осы екі миллион жүз мың шаршы километр кең алқапты алып жатқан, өзінің әдемілігімен даңққа іліккен шалқыған су дариясын, мен көңілім тоя көре алмадым. Мен капитан Немодан сұрап біліп, өзімнің азды-көпті, жол-жөнекей алған әсерімді де толықтыра алмадым, өйткені осы жұмбақ адам Жерорталық теңізге кіргеннен бастап, қашан өтіп шыққанша бірде-бір көрінбей қойды. Айта кету керек біз тым шапшаң жүріп келе жаттық сөйтіп «Наутилус» екі тәуліктің ішінде судың астымен екі мың төрт жүз километр жол жүрді:16 февральда Грек арихипелагінен шығып, 18 февральда Гибралтар бұғазынан да өтіп кеттік.

Өзі қашып шыққан жер әлемі қоршап тұрған бұл теңізді, капитан Немоның онша жақтырмайтыны маған енді айқын болды. Мүмкін, жүйткіген теңіз толқындары, ызыңдаған жел еткен удай ащы жайларды еске түсірген шығар, немесе, қайта оралмас дәурен одан да бетер, өкініш сезімін оятқан шығар? Бәлкім, мұхиттардағы сияқты ешнәрседен де тайынбай, емін-еркін қалай болса солай жүзе беруге мұнда мүмкіншіліктің болмауы, сөйтіп, Европа мен Африка жағалауының бір-біріне жақындап қалған арасы «Наутилусқа» тар болып, соған ызаланып келе жатқан шығар?

Қалай болған күнде де біз шапшаң жүзіп, сағатына он екі лье, яғни қырық сегіз километр алып отырдық. Қанша қынжылса да, қайғырса да, Нед Лендке қашу туралы ойдың қандайын болса да қоя тұруға тура келгендігі өзінен-өзі белгілі. Кеме әрбір секундына он екі — он үш метр алып соншалықты шапшаң жүзіп келе жатқанда, Нед Ленд қайықты, әрине, пайдалана алмайтын еді. Өйткені ол дәл осы кемедей шапшаң жүріп келе жатқан поездан секіріп түскенмен бірдей болар еді, бірдей болғанда, сол поездан секіріп түсуге тәуекелі барған батыл жігіттің өзіне де ол жайлы тимес еді ғой. Оның бер жағында, «Наутилус» ауа қорын жаңалап, толықтырып алу үшін су бетіне тек түнде ғана шығатын, ал қалған уақыттарда, компас пен лагтың көрсетуі бойынша, ұдайы судың астымен жүзіп отыратын.

Шапшаң жүретін поездың жолаушылары өз купесінің терезесінен алыс көкжиегін ғана көріп, ал жол бойына таяу жердегілерді нажағай сияқты көз ілестірмей қалып қойып отыратындықтан көре алмайды. Жерорталық теңізде менің де көргенім солардың көргеніндей болды.

Алайда Консель екеуміз Жерорталық теңіздің бірнеше балығын көрдік, өйткені бұлар жүзгіш қанаттарының қуаттылығы арқасында бірсыпыра уақыт бойына «Наутилуспен» жарысып, ілесіп отырды.

Біз ұзақ сағаттар бойына салонның терезесінен қарадық та тұрдық, сондықтан сол кезде жол-жөнекей байқағандарым маған жалпы түрде болса да, судың ихтиологиялық1сипатын жазуыма мүмкіндік береді.

Жерорталық теңізде тіршілік ететін көптеген балықтардың біреулерін ұзақ уақыт бойына байқап тұрдым, екінші біреулерін үстірт байқадым, ал үшінші бір түрлерін, шапшаң жүріп келе жатқандықтан мүлдем көре алмадым.

Осы фантастикалық классификациялауыма сәйкес бұл балықтарды суреттеп жазуыма болар деймін. — Мұның өзі менің жол-жөнекей алған әсерлерімді дұрысырақ сипаттайды.

Прожектор жарқырата сәуле түсірген су қабатында миногтар ирелеңдеп жүрді. Мұндай миногтар барлық теңізде де бар, ұзындығы бір метрдей болады. Терісі бұжыр-бұжыр, жұмсақ, қатты қылқан басқан жас-кәрі скаттар бейне ағындағы үлкен орамалдар сияқты кәдуілгідей желбіреуде еді. Скаттардың екінші бір түрлері біздің көз алдымыздан зулап өтіп жатты, ал бұлардың жүйріктігі сонша, мен тіпті, оларға ертедегі гректердің теңіз бүркіті деп қойған аты лайық па, немесе қазіргі заманның теңізшілерінің көртышқан, жапалақ, жарқанат деп қойған сүйкімсіз аттары дұрыс па осылардың қайсысы дұрыс қайсысы бұрыс екенін де анықтап біле алмадым.

Балықшылар үшін аса қауіпті, дельфин семьясына жататын шабақ акулалар бізбен жарысып бәсекелесіп бақты. Сондай-ақ, ұзындығы сегіз метрдей, тіпті одан да ұзын, акулалар бөліміне селяхийлер отрядына жататын балықтарды — теңіз түлкілерін де көрдік, бұл теңіз жануарлары өте иісшіл келеді; олардың қыр арқасы мен екі жаны қаракөк, бауыр жағы ақ безекті болады екен.

Бұдан кейін бізге спар балықтарының семьясына жататын дораттар кездесті; бұлардың кейбіреулерінің ұзындығы жүз отыз сантиметрдей, түсі күмістей жылтыр, ал жүзгіш қанаттарының сарылығынан олардың түсі одан сайын жалтырап көрінеді.

Ұзындығы екі-үш метрдей тамаша осетралар салонның терезелерінен қарап, бірақ тез жүріп келе жатқан кемеге ілесе алмай кішкене қоңыр дақты көгілдір жондарын көрсетіп, қалып қойып отырды. Осетралар өздерінің дене құрылысы жағынан акулаларға ұқсайды, бірақ олардан әлсіздеу болады; бұлар көбінесе теңізде тіршілік,етеді, ал көктемде Волга, Дунай, По, Рейна, Луара, Одер өзендеріне шығып, олардың ағыстарымен арпалыста жүреді; осетралардың қорегі: майшабақ, макрель солар сияқты басқа да ұсақ балықтар.

Жерорталық теңізінің суларында тіршілік ететін балықтардың ішінде менің жақсылап зерттегенім тунц болды, бұлардың қыр арқалары қаракөк, кеуде қабыршақтары көгілдір, ал екі жақ жанымен, іш жағы күміс дақты, көкшіл болады. Тунцтердің кемелерге еріп отыратын себебі: олар тропиктік күннің ми қайнатқан ыстығынан қашып, кеменің көлеңкесіне қорғалайды деседі, ал мұны олардың өздері де теріске шығарған жоқ, өйткені бір кезде Лаперуздың кемесіне еріп отырғандарындай бұлар ұзақ сағаттар бойына «Наутилустан» екі елі қалмай ілесті де отырды.

Мен бұларға қызыға қарап отырдым, бастары сүп-сүйір, кіп-кішкентай; ұршық тәрізді ұп-ұзын денесінде үш, тіпті төрт метрдей өте күшті кеуде, құйрық қанаттары бар бұл балықтар тап бір жүйріктік жөнінен жарысқа түсу үшін жаралған сияқты. Тунцтар жүзгенде, кейбір құстар тобы сияқты сап құрып, дұрыс құрылған үшкіл формада жүзеді екен. Осылай сап құрып жүзуіне қарай ертедегі адамдар тунцтарды геометрияны, стратегия элементтерінде біледі деп санаған.

Алайда бұл «ғалымдығы» оларды провансаль балықшыларынан қорғай алмайды екен, өйткені тунцтарды ертедегі Пропонтида мен Испания тұрғындары сияқты бұлар да жоғары бағалайтын көрінеді, сондықтан да, осы ғажайып балықтар жыл сайын жүздеп, мыңдап беталды топырлап кеп марсельдық ауларға түсіп жатады.

Егер де, спинорогтарды, теңіз конектарын, ай балықтарды, кузовкаларды шабақтарды, тайыншыларды, теңіз алабұғаларын, губандарды, меченостарды, феринктарды, ине-балықтарды, анчустарды, Жерорталық теңізге тән жүздеген басқа да балықтарды көре алмасам, зерттей алмасам, оған мен айыпты емес, көз ілестірмей өте шапшаң жүзген «Наутилус» айыпты.

Сүтқоректілерге келетін болсақ, Адриат теңізінің жанынан өтерде, мен екі кашалотты көрдім, одан кейін бірнеше дельфинді, ақыр аяғында монахтар деп аталып кеткен, бойының биіктігі үш метрдей болғаны болмаса, шынында да доминикандық-монахтарға ұқсайтын, бес-алты тюленді көрдім.

Консель сауытының сыртында көлденең тартылған жеті белдеуі, яғни қабырғасы бар, көлденеңі алты футтай бір өте зор тасбақаны көріпті. Мен бұл тасбақаларды көре алмағаныма қатты өкіндім, өйткені Консельдің суреттеуі бойынша, бұл бір өте сирек ұшырайтын терілі тасбақа болуы керек.

Зоофиттерден, салонның терезесіне келіп жабыса қалған тамаша бір галеоларийді бірнеше секунд бойы байқап тұрдым. Бұлар өте әдемі өрілген, күп-күрең, жіп-жіңішке талшықтар еді; мұндай етіп сірә, Фландрияның бірде бір шілтерші әйелі өре алмас еді. Бақытсыздыққа қарай бұл тамаша галеоларийді ұстай алмадық.

Егер де 15 февральда, «Наутилус» кенет жүрісін баяулатпағанда мен Жерорталық теңізден әлгіден басқа бірде-бір зоофитті көре алмауым мүмкін еді.

Кеменің жүрісін баяулатуына мынадай жағдай себеп болды.

Біз Сицилия мен Тунистің аралығынан өттік. Бұл тар аралықтың кілт тайыздап кететін жері бар. Бұл тұсты су астының адырлы жотасы кесіп өтетін еді, ол жердегі судың тереңдігі он жеті метірдей-ақ, ал мұның екі жағындағы судың тереңдігі жетпіс метр шамасындай болатын. Сондықтан «Наутилус» су астындағы осы тосқауылға қақтығып қалмау үшін сақтаныңқырап жүруге тиіс болды.

Мен Консельге картадан осы су астындағы жартастың тұрған жерін көрсеттім.

— Қожайынның рұқсаты бойынша айтайын, бұл жота менің шамалауымша, Европа мен Африканың арасын қосып тұрған мойнақ болуы керек,— деген пікірді айтты Консель.

— Дұрыс айтасың, достым, — дедім мен: — Бұл бүкіл Сицилия бұғазын бөліп тастап тұр. Смиттің зерттеулері, бұл құрылықтардың бір кезде Аддар мүйісі мен Марсал бір тұтас құрылық боп қосылып тұрғанын көрсетеді.

— Бұған мен сөзсіз нанамын, — деді Консель.

— Бұған қоса айтарым: Гибралтар мен Суэцтің арасында осындай тағы бір бөгет бар. Ертедегі геологиялық заманда бұл бөгет Жерорталық, теңізді де бітеп тұрған.

— Егер де,— деп бастады Консель,— күндердің күнінде жанартау сілкініп бұл мойнақтар тағы да судан жоғары шықса...

— Бұл екі талай, — деп мен оның сөзін бөліп жібердім.

— Қожайынның рұқсаты бойынша, мен ойымдағыны түгел айтып шығайын: егер де әлгі менің айтқаным бола қалса, Суэц каналын қаздыру үшін осынша көп еңбек сіңірген бишара Лессепеге менің жаным ашыған болар еді!

Әрине, Консель, бірақ онша қапаланбауыңа да болады, өйткені бәрібір олай болмайды! Жер асты отының қуаты бірте-бірте кеміп келеді. Жер алғаш пайда болған кездегі сансыз көп жанартаулар біртіндеп сөнуде; жер астының қызуы да барған сайын басылып барады; тіршілігіміздің көзі осы қызу — жердің үстіңгі қабатының температурасы,планетамыздың бақытсыздығына қарай, ғасырдан ғасырға кеміп келеді...

— Алайда күннің көзі...

— Бір ғана күннің көзі жеткіліксіз, Консель. Ол өлі денеге қайтып жылу бере алады?

— Менің білуімше, бере алмайды.

— Олай болса, достым, сор қайнаған бір күні, жер мұздап өлі денеге айнала қалады. Көп заманнан бері жылылық-тіршіліктен жұрдай болған Ай сияқты бір кезде Жер де тіршілік дүниесінен жұрдай болады.

— Бұл неше ғасырдан кейін болады? — деп сұрады Консель.

— Бірнеше жүз мыңдаған жылдар өткеннен кейін, — деп жауап қайырдым мен.

— Олай болатын болса, біз су астындағы саяхатымызды аяқтап шығуға үлгіреді екеміз ғой, тек Нед Ленд кедергі болып жүрмесе.

Сонымен, жердің келешегі туралы көңілі тыныш тапқан Консель «Наутилустық» біркелкі баяу жүзіп келе жатқандығын пайдаланып, тағы да су астындағы тіршілік дүниесін байқауға кірісті.

Онда, су астындағы жанартаулы жартастарда Бугинвильдің медузалары, губкалар, түсі кемпірқосақтай құбылып тұратын теңіз қиярлары; күрең бояуы суға қызыл өң беріп тұратын, көлденеңі бір метрдей қыдырма коматулар; ұзын сабақты гидроактиниялар, жеуге жарайтын мидилердің көптеген түрі; қалың түк басқан көп аяқты, жасыл актиниялар көрініп жүр еді.

Консель моллюскаларды зерттеумен шұғылданды, ол бұлардың көбінің аттарын атап тұрды, олардың ішінде бірінің үстіне бірі мінгескен тарақ тәрізді пектункулюсспондилийлердің өкілдері; жүзгіш қанаттары сары, қабыршағы мөлдір, атына заты сай теңіз көбелектері; ұлулар; теңіз қояны деген атпен белгілі болған аплизийлер; еті жеуге жарайтын жүрек түрлілер; қабыршақтары қымбат бағалы, асыл перламутормен қапталған теңіз құлақтары; лангедок устрицаларынан да дәмді тағам мидийлер, үшбұрышты донацийлар; теңіз финиктері, золидтер, ағаш жонғыштар, катушкалар, цинерарийлер, тағы басқалары бар еді. Бірақ Консель зерттеу жұмысын аяқтай алмады, өйткені «Наутилус» Сицилия бұғазындағы бөгеттен өтісімен-ақ, бұрынғысынша өте шапшаң жүрді.

Моллюскалар, зоофиттер, буын-аяқтылар, қош болыңдар!

— Енді салонның терезесінен көлеңкедей қараң етіп, зулап өтіп жатқан бірнеше үлкен балықтардан басқа еш нәрсе көре алмадық.

Февральдың он алтысынан он жетісіне қараған түні біз Жерорталық теңіздің екінші бір дариясына келдік, мұның ең терең деген жері үш мың метрден аспайтын еді. Осы араға келді де «Наутилус» тағы да су астымен жүзді.

Бірақ мұнда бізді тебірендірген әрі түңілдірген табиғат ғажайыптарынан басқа бір көрініске тап болдық. Біз Жерорталық теңіздің көптеген кемелер апатқа ұшыраған, талай кемелер қираған бөлегінде келеді екенбіз. Алжир мен Прованстың арасында қанша кеме апатқа ұшырап, қанша кеме қирады немесе қанша кеме із-түзсіз жоғалып кетті, мұның есебіне кім жетер екен десеңші?

Жерорталық теңіз, ұшы-қиыры жоқ, ұлан-байтақ Тынық мұхитпен салыстырғанда, кәдуілгі көлден үлкен емес. Бірақ бұл көлдің өзі тым еркін, шәлкес көл-ді, мұның суы алдампаз әрі тұрақсыз: бүгін ол өзінің көкпеңбек толқынында жүзіп келе жатып нәзік кемені әлдилеп, еркелетіп келе жатса, ертең бұлқан-талқан болып, тулап жатады, оның бұйра жалды дүлей толқындары үсті-үстіне соққылап, қандай үлкен кеме болса да быт-шыт, күл-талқанын шығарады.

Тым терең, тым шапшаң жүзіп келе жатқанның өзінде, апатқа ұшырап, су түбінде қаңқалары ғана жатқан кемелердің қаншасы көз алдымнан өтпеді десеңші! Бұлардың су астында көптен жатқан бір тобын маржан қаптап алыпты, ал жуырда ғана батқандарын тот басып кетіпті.

Біз жүзіп келе жатқан жолдың ұзына бойында, якорьлар, зеңбіректер, ескіш қалақтар, машиналардың бөлшектері, сынып қалған цилиндрлер, жарылған қазандар, ал кейбір жерлерде кеменің тұтас корпустары шашылып жайрап жатты.

Бұл кемелердің кейбіреулері екінші бір кемемен қақтығысып қалып қираған, енді бір қатары су астындағы құз-жартастарға соғылып апатқа ұшыраған. Мен бұлардың ішінен еш жері қирамай, барлық жабдықтарымен тіп-тік түскен кемелерді де көрдім... Бұлар якорь тастап, ашық жолдың, үстінде жүзу сапарына шығуға бұйрық ,күтіп тұрған кемелер сияқты еді.

«Наутилус» жарқыраған прожектор сәулесін түсіре қастарынан өткенде, бұлар қазір желбіреген жалау көтеpiп жолыққан кемесін құттықтап, қайырлы сапар тілейтін шығар деп қаласын...

Бірақ желбіреген жалау көтерілмеді: меңіреу теңіз моласын өлім мен үнсіздік басып мүлгіп тұр.

«Наутилус» Гибралтар бұғазына жақындаған сайын теңіз түбінде жайрап жатқан, апатқа ұшыраған кемелер көбейе берді. Европа мен Африка жағалаулары бір-біріне жақындап, арасы не ғұрлым тарыла бастаған сайын, кемелердің қақтығысуы да со ғұрлым көп болады екен. Мен мұнда, қирап мыжырайып қалған кемелердің толып жатқан темір корпустарын көрдім, бұлар әлденедей бір қиял өрісіндегі мақұлықтар сияқты кейбіреулері қираған күйінде тұр да, кейбіреулері қылжиып құлап жатыр.

Әсіресе бір дөңгелекті кеме өте ауыр әсер етті: оның екі жақ бүйірі біреу пышақпен орып түскендей мыжырайып, мұржасы екі бүктеліп қалыпты, дөңгелек темірлері жапырылып, майысып қалыпты, рулі жұлынып бір шынжырға ілініп тұр, корпусты тот басып кетіпті... Мұнда қанша адам апатқа ұшырады екен? Осы жан түршігерлік апат жайын айта алатын қанша адам тірі қалды екен? Немесе тіпті толқын құпия сырын қызғанып, аштырмай қойған шығар?..

Бұл кеме — бұдан жиырма жыл бұрын хабарсыз кетіп, бүкіл дүние жүзін толғандырған «Атлас» кемесі екен деген ой келді маған.

Осы Жерорталық теңіздің түбіндегі құпия сырлар туралы, соншалықты мол байлық көмілген, соншама адам өзінің ең соңғы тыныштығын тапқан осынау үлкен мола туралы, адамның сай сүйегін сырқыратарлық қандай тамаша кітап жазуға болар еді!

Әйткенмен көрінгеннің бәріне селсоқ қарайтын «Наутилус» бұрынғысынша су астымен зулап келе жатты. 18 февральда, түнгі сағат үш шамасында, ол Гибралтар бұғазының табалдырығына да келіп қалды.

Мұнда екі ағыс бар еді: мұның бірі, — ежелден белгілі, жоғарғы ағыс, жоғарғы ағыс болғанда, Атлант мұхитының суын Жерорталық теңізге әкеліп құятын ағысты, ал екіншісі, — төменгі қарсы ағыс, мұндай ағыстың барлығы толық дәлелденген болатын.

Шынына келгенде, Атлант мұхитының суы ұдайы ағып келіп, оның үстіне өзендердің суы да құйылып жатқан Жерорталық теңіздің суы жылдан жылға молайып, көтеріле беруі керек еді, өйткені судың тек бір ғана булануы, бұл теңіздің суының бір қалыпта қалуы үшін жеткіліксіз екендігі айқын мәселе болатын. Әйткенмен, теңіз бір қалыпта қалып қояды, олай болса, екінші бір ағыс барлығын сөзсіз мойындау керек болады, ал бұл ағыс осы Гибралтар бұғазының түбімен Жерорталық теңіз суының артығын Атлант мұхитына алып кетіп жатқан ағыс еді.

Бұл шынында да солай болып шықты. «Наутилус» осы бағыттас ағысты пайдаланды да, ені тар бұғаз арқылы жүрісіне жүріс қосып үдей түсті.

Осы арада, тамаша Геркулес храмының қираған қабырғылары бір секундтай уақыт көз алдымда елес беріп ете шықты, бұл храм, Плинидің айтуы бойынша, тұрған аралымен бірге теңіз түбіне түсіп кеткен, сөйтіп біз бірнеше минуттан кейін Атлант мұхитының бетінде жүзіп келе жаттық.

Сегізінші тарау

Виго қолтығы

Атлант мұхиты! Беті жиырма бес мың шаршы километр, ұлан байтақ су жазығы ғой ол, су жазығы болғанда ені орта есеп бойынша екі мың жеті жүз миль, ұзындығы тоғыз мильдей шалқып жатқан кең алқап. қой ол!

Осы орасан үлкен теңіз ерте заманда белгісіз теңіз болыпты. Бәлкім, тек карфагендіктер, сол ерте заманның голландықтары ғана өздерінің сауда-саттық жүзу сапарларында Европа мен Африканың батыс жағалауларын орағытып өткен шығар.

Бұл мұхиттың жырымдалған жағалаулары ұшы-қиыры жоқ талай жерді алып, дүние жүзіндегі ең үлкен өзендердің: терістік Лазрентияның, Миссисипийдің; Амазонканың, Ла-Платаның, Ориноконың, Нигердің, Эльбаның, Луараның, Рейннің сағаларымен тілімделіп жатыр; дүние жүзіндегі ең мәдениетті елдерді де, ең артта қалған, тағы елдерді де суарып отырған осы өзендердің бәрінің суы осыған келіп құйып жатыр. Барлық елдердің де, барлық, халықтардың да кемелері барлық бағытта кескілесіп жүрген ұлан-байтақ осы су жазығы, теңіз жүзушілерін қатты сескендіретін екі мүйіспен аяқталады, бұлардың бірі — Горн мүйісі де, екіншісі Бурь мүйісі.

«Наутилус» үш жарым ай бойына, жер шарының экваторының ұзындығындай, демек, он мың льеге жуық жол жүргеннен кейін, сүйір тұмсығымен Атлант мұхитының суын қақ айырып келе жатты. Ол енді қайда бара жатыр? Болашақ бізге тағы қандай күтпеген оқиға кездестірмек? Мұны біз білгеміз жоқ.

Гибралтар бұғазынан шыққан бойда-ақ «Наутилус» ашық мұхитқа қарай жүрді. Ол бұрынғысынша тағы да су бетінде жүзетін болды да біз күн сайын кеменің үстіне шығып, таза ауада қыдыратын болдық.

Кеме су бетіне алғаш шыққан бойында-ақ, мен Нед Ленд пен Консельді ертіп кеменің үстіне шықтым.

Бізден жиырма мильдей жерде, көк жиегінде, оңтүстік-батыс жағынан Испан жарты аралымен түйісіп тұрған әулие Вицент мүйісі болар-болмас көрініп тұрды.

Оңтүстіктен соққан қатты жел онсыз да асау теңіз де асыр салған толқын туғызды. «Наутилус» едәуір қатты шайқалып келе жатты. Минут сайын тұзды су тасқыны шапшып шығып жатқан кеме үстінде бұдан әрі қалуға мүмкін болмады.

Аздап таза ауа жұтқаннан кейін біз кеменің ішіне түстік.

Мен өз каютама қарай беттедім. Консель өз каютасына кетті, бірақ әлденеге декбірсізденген канадалық менің соңымнан жүрді. Жерорталық теңізден тым тез өтіп шыққандықтан, Нед Ленд өзінің жоспарын жүзеге асыра алмай қалды, бұған өзінің қатты қынжылатынын да жасырмақшы болған жоқ.

Мен каютаның есігін жапқанда, ол орындыққа барып отырды да тіл қатпастан маған қарай қалды.

— Мен сіздің жағдайыңызды түсініп отырмын, Нед достым — дедім мен.— Бірақ қапа болмаңыз, өзіңізге езіңіз кінә артатын түк те жоқ. Осындай жүзу сапары жағдайында қашу туралы ойлаудың өзі ақылсыздық болар еді.

Нед Ленд жауап қайырмады. Бірақ қабағын қарс жауып, тістеніп отыруының өзінен-ақ оны бір идеяның әбден билеп алғандығы көрініп тұр еді.

— Тыңдаңыз,— дедім мен сөзімді жалғастырып, — есті болыңыз! Біздің ұттырған түгіміз де жоқ. Қазір біз Португалия жағалауының бойымен солтүстікке қарай көтерілеміз. Паналайтын орын оңай табылатын Франция мен Англияны да жанай өтеміз. Егер де «Наутилус» Гибралтар бұғазынан шыққан бойында, құрылыққа соқпай тура оңтүстікке қарай тартса, онда сіз сияқты мен де мазасызданар едім. Бұл өз алдына тұрсын, біз енді капитан Немоның жұрт көп жүретін теңіздерден де сырттай бермейтінін біліп алдық қой, ал мұндай жағдайда бірнеше күннен кейін сіздің ешбір қауіп-қатерсіз қашып шыға алатындығыңызға менің тіпті ешбір күмәнім жоқ.

Нед Ленд маған бұрынғысынан да көрі түйіле қарап отырды да, былай деді.

— Біз бүгін кешке қашамыз!

Мен бірдеме шағып алғандай орнымнан атып тұрдым. Мойындауым керек, мұндай хабарды естимін деген үш ұйықтасам ойымда жоқ еді.

Канадалыққа қарсы шығуға тіпті аузыма сөз түспей қойды.

— Біз қолайлы жағдайды күтейік деп келісіп едік қой, — деді канадалық сөзін жалғастырып.— Міне енді сол жағдай туды. Бүгін кешке біз Испания жағалауынан бірнеше километрдей-ақ жерде боламыз. Қазір ай да жоқ, түн де қараңғы. Жел қатты. Маған сіз сөз бергенсіз, профессор, сондықтан менің сізден үмітім зор.

Мен үндемедім.

Канадалық орнынан тұрып жаныма келді де:

— Бүгін, сағат тоғызда!—деді.— Мен Консельге де ескерттім. Бұл сағатта капитан Немо не есігін жауып алады, мүмкін, тіпті ұйықтап та қалар. Механиктер де, матростар да бізді көре алмайды. Консель екеуміз үске шығатын басқыштың астында тасаланып тұрамыз. Ал, сіз, профессор мырза менің белгімді күтіп кітапханада отырыңыз. Ескек, мачта, желкен бәрі де қайықтың ішінде. Мен азын-аулақ азық та апарып қойдым. Қайық «Наутилустың» палубасына бекітулі ғой, оның бұрандасын бұрап ағытып алатын ағылшын кілтін де таптым. Сонымен бәрі де дап-дайын. Кешке дейін, қош болыңыз!

— Теңіз тым асау,— дедім мен.

— Мұныңызға қосыламын, — деп жауап қайырды канадалық,— бірақ оны елемеуге тура келеді. — Бостандық алу үшін біраз тәуекел ету де керек болады. Әйткенмен «Наутилустың», қайығы мықты, тіпті ауа райы осындай болып тұрғанның өзінде де, онымен ыққа қарай бірнеше километр жүру — түк емес. Кім білген, мүмкін, ертеңбіз Европа жағалауынан, жүз миль қашықтап та кетіп жүреміз? Егер де жағдай біз үшін қолайлы болса онда кешкі сағат он мен он бірдің арасында біз Испания жағалауының бір жеріне шығып та үлгіреміз. Ал шыға алмасақ, дәл сол уақытта өлеміз. Сонымен, кешке дейін қош болыңыз!

Осы сөздерді айтып, мені әбден абыржытып ол каютадан шығып кетті. Мен әлденеге, қашатын кез келгенде, қашып шығу жайын әбден ақылдасармыз, Нед Лендпен біраз таласып та алармыз деп ойлаған едім. Бірақ қайсар канадалық сөзге де келтірген жоқ. Бірақ мен оған не демекпін? Нед Лендтің айтқандары әбден дұрыс еді. Бұл кеш қолайлы кеш екені рас-ты, сондықтан ол осы қолайлы жағдайды пайдаланып қалмақшы болған.

Сөзден тайып, бір басымның мүддесі үшін екі бірдей жолдасымды қыл үстінде қалдыруға хақым бар ма еді? Күні ертең капитан Немо бізді жер атаулыдан қашықтатып, қайдағы бір көк теңіздің меңіреу медиеніне тағы да алып бармай ма?

Осы мезетте шуылдап, қатты ысқырған дыбыс естілді. Резервуарына су толтырып алып, «Наутилустың» мұхит тереңіне түскелі тұрғанын түсіне қойдым.

Абыржып жүргенімді біліп қояр деп мен капитан Немоға көрінгім келмеді де, каютамда отыра бердім.

Бұл күні, айырылып қалған бас бостандығымды қайырып алғым келіп, су асты арқылы дүние жүзін айналып шығу саяхатын аяқтамай, осы ғажайып кемені тастап кеткелі тұрғаныма өкініп, бір олай, бір бұлай толқып, басым әңкі-тәңкі болды.

Тынық мұхит пен Индия мұхитының құпия сырларын алдыма жайып салғаным сияқты, осы мұхиттың — «өзімнің Атланткамның» да құпия сырын ақтармай қалай тастап жүре бермекпін: Бүкіл дүние жүзіндегі осы ең қызық кітаптардың екі томын ғана оқып, қалған томдарын оқудан ерікті түрде бас тартып көрші!

Мен өз каютамда қандай ауыр, күйінішті сағаттарды басымнан өткіздім десеңші!.. Бостандықта жолдастарымның арасында, құрылықтағы ауадай сайрандап еркін жүремін ғой деп те өзімді жұбатпақ болдым, бірақ, көбінесе күтпеген жерден бір оқиға кедергі болып, Нед Лендтің жоспары орындалмай қалса екен деп отырдым.

«Наутилус» құрылыққа қарай, немесе басқа жаққа қарай келе жатыр ма компасқа қарап білейінші деп салонға екі рет бардым.

Бірақ, не пайда! «Наутилус» Португалияның маңында, тура солтүстікке қарай бағыт алып келе жатты.

Енді қашуға дайындала беруден басқа түк қалған жоқ!

Менің бар жүгім күнделікті жазып жүрген қолжазбаларым еді.

Егер сәті түсіп, Нед Ленд өзінің осы ожар ойын орындап шыға қалса капитан Немо не дер еді? Егер қашқан да жолымыз болмай, қолға түсіп қалсақ, «Наутилустың» жұмбақ капитаны бізге не істер еді?—деген сұрау қойдым өзіме өзім.

Капитан Немоға наразылық айтар менде түк дәлел жоқ-ты. Тіпті керісінше — бұдан артық сыйластық, бұдан артық меймандостық болады деу де қиын еді. Бірақ, қашқаным үшін, жақсылыққа жамандық еттің деп мені айыптауға да қақысы жоқ еді. Мен оған қашып кетпеймін деп уәде бергем жоқ-ты. Біз кетпейміз деп адал сөзімізді беріп бостандық алған тұтқындар емес едік, егер ол бізді түрмеге отырғызбаса, «Наутилустан» бәрібір қаша алмайтындығымызға көзі жеткендіктен отырғызбай отыр, кемеде еркін жүруге мүмкіндік беруі сондықтан. Ал, мұның үстіне, капитан бізге өмір бойы бұл кемеден кете алмайсыздар деп сан рет мәлімдеген болатын, олай болса, мұның өзі біздің қашпақшы болған әрекетімізді толық дұрысқа шығара алады.

Санторин аралының жанында сөйлескеннен кейін мен капитанды көрген жоқ едім. Қашу қарсаңында, онымен тағы да кездесіп қалғалы тұрмын ба? Мен онымен жолыққым келді, жолығуға қорықтым да.

Менің каютаммен іргелес каютасында адымдап әрлі-берлі жүрген жоқ па екен деп тыңдап та көрдім. Түк дыбыс естілмеді. Тегі, каютада ешкім жоқ-ау дейім.

Осы жұмбақ адам, «Наутилуста» бар ма екен, сірә, деп сұрадым мен өзімнен өзім. Әлде нендей бір құпия тапсырманы орындап келу үшін матростар қайықпен бір жерге барып қайтатын түннен бастап капитан Немоға менің көзқарасым өзгерген болатын. Маған сендіре айтқан барлық сөздеріне қарамастан, мұның құрылықпен қандай да болса әйтеуір бір байланысы бар екен деген қорытындыға келгенмін. Оның «Наутилустан» ешбір уақытта кетпейтіні шын ба екен? Оны апталар бойына көре алмаған да уақыттарым болды ғой. Сол уақытта ол не істеді? Алғашқы кезде мен мұның ұстамалы мизантропия ауруы бар шығар деп жүр едім, енді менің басыма. бұл уақытта ол құрылықта әлденендей бір маңызды міндет атқарып жүр екен ғой деген ой келді, ал ол қандай міндет, оған ойым жетпеді.

Осы ойлар, мыңдаған басқа да ойлар шырмап мазамды алды. Қазіргі біздің ерекше жағдайымызда, ешбір дәлел-дерекке негізделмеген топшылауды ойлап шығара беру де табиғи нәрсе ғой.

Мен адам төзгісіздей азап шегіп отырдым. Осы күтудің өзі маған бітпестей көрінді. Уақыт өте баяу өтіп жатты.

Түскі тамақты маған, бұрынғыша, каютаға әкеліп берді. Алдағы оқиғалар қатты толғандырғандықтан, жүрегіме ас батпады. Мен әрбір минутқа дейін санап отырдым, менің Нед Лендке қосылуыма жүз жиырма минут қалыпты.

Қобалжуым барған сайын күшейе түсті. Мен бір жерде тақат қылып отыра алмадым. Тынышталайын деп каютамда ерсілі-қарсылы жүрдім де қойдым. Мені осынша абыржытқан құр тәуекелге сүйеніп қашамыз деп апатқа ұшыраймыз-ау деген ой емес, «Наутилустан» шығып кеткенше сырымыз ашылып қалады-ау деген қауіп еді, мұның үстіне, қаны қайнап, қатты ашуланған, тіпті керек десең бұл қиянатқа қатты налып, ренжіген капитан Немоның алдында тұруға тура келеді-ау деген қорқынышты ой жанымды жегідей жеп, жүрегімді атша тулатты.

Мен соңғы рет салонды көріп шыққым келді де тарлау корридордың бойымен жүріп отырып, ұзақ сағаттар бойына уақытымды көңілді, әрі жемісті өткізген осы тамаша музейге келдім: Бұл кемеден мәңгі қуылғалы тұрған, сөйтіп өзімнің тез арада кететінімді, бұл кемеге енді қайтып ешуақытта оралмайтынымды біліп тұрған адамша мен осы музейге жиналған нелер асыл қазыналарға қиыла қарап тұрдым. Өмірімнің соңғы айларын бірге өткізген искусствоның осы тамаша шығармаларымен, табиғаттың осынау ғажайыптарымен шынында да мен біржолата қош айтысуға тиіс едім. Мен кетер аяқта тағы да бір рет салонның терезесінен Атлант мұхитының суына қарайын деп едім, бірақ терезелердің қақпақтары жабулы екен, кеменің темір қаптамалары оның сырын менен тасалап тұрды.

Салонды аралап жүріп мен капитан Немоның бөлмесінің есігіне келдім. Мені таң қалдырған бір нәрсе есіктің жартылай ашық тұруы еді. Мен кейін шегіндім, өйткені капитан Немо өз бөлмесінде болса, мені көріп қалуы кәдік. Алайда, мен ешбір дыбыс есіте алмадым да тағыда есікке келдім. Бөлмеде жан жоқ болып шықты.

Мен есікті ашып, бөлмеге кірдім. Бөлме ешқандай өзгеріссіз, бәрі де бұрынғы жинақты қалпында.

Менің көңілімді аударған қабырғаларда ілулі тұрған бірнеше офорат болды. Бұрын бір келгенімде, мен бұларды байқаған жоқ едім. Офораттарда өздерінің өмірін белгілі бір ұлы идеяға арнаған тарихи қайреткерлердің суреттері салынған екен, бұлардың ішінде: Польшаның бостандығы үшін күрескен Костюшконың, қазіргі Герцияның патшасы Боцарис-Леонидтың, Ирландияның тәуелсіздігі үшін күрескен Коннельдің, Солтүстік америка одағының негізін салушы Георг Вашингтонның, құл иеленуші фонатиктің оғына ұшқан Линкольннің, ақыр аяғында, негірлерді құлдықтан азат етпек болып күрескені үшін дарға асылған, ауыр азап шегіп өлген Джоун Броунның суреті тұрды, бұл Виктор Гюгоның қолымен өзгеше қарындашпен салынған жантүршігерлік сурет еді.

Капитан Немо бұл суреттерді өзінің ұйықтайтын бөлмесіне неге іліп қойған? Оны мен бұл қаһармандардың арасында қандай байланыс бар? Бәлкім, бұл суреттер оның өмірінің жұмбағын шешуіме себепші болар? Мүмкін, ол бір езілген халықтың көсемі болған шығар, соңғы кездегі саяси немесе әлеуметтік қозғалыстардың біріне қатысқан шығар? Бәлкім, ол солтүстік пен оңтүстік штаттардың арасындағы мәңгі ұмытылмайтын, қан жосыған азамат соғысына қатысқан шығар?

Бір мезгілде сағат сегізді соқты. Сағат қоңырауының балғасы алғашқы соққанда-ақ мені тәтті қиял ұйқысынан оятып жіберді.

Тасадағы бір көздің қарашығы менің ойымның құпия сырына үңіле қалғандай, мен шошып кеттім де тез басып бөлмеден шықтым.

Салонда мен ең алдымен компасқа қарадым. Компастың тілі әлі де тура солтүстікке қарай беттеп келе жатқанымызды көрсетіп тұр еді. Лаг біркелкі шапшаңдықпен жүріп келе жатқанымызды көрсетті, манометр, шамасы алпыс метрдей тереңдікте екенімізді көрсетіп тұр.

Сонымен, жалпы жағдай, — Нед Лендтің жоспары орындалуы үшін қолайлы жағдай екендігі талассыз еді.

Мен каютама келіп жылы киініп алдым: аяқтарыма ұзын қонышты теңіз етігін, басыма аң терісінен жасалған бөрік, үстіме тюленнің терісінен істелген жылы көкрекше кидім. Мен енді дайын едім. Маған тек енді күту ғана қалған-ды.

«Наутилус» жым-жырт, тек айналған винт дыбысы ғана естіледі. Мен есіктің алдында қыбыр етпестен, демімді ішімнен тынып, тыңдап тұрмын, тыңдағанда, Нед Ленд өзінің «қылмысты» жоспарын жүзеге асырғалы жатқанда, әлдекімдер, үстінен шығып қалып, айғайлаған дауыстарды есітіп қалмаса игі едім деп, қорқып тыңдап тұр едім. Есті кетірген бір қауіп сезімі билеп алды мені. Тынышталайын, байыпты қалпыма келейін деп-ақ бақтым, бірақ мұным бос әуре болып шықты.

Сағат тоғызда өз каютамды капитанның каютасынан бөліп тұрған қабырғаға құлағымды таяп тыңдап көріп едім, ешбір дыбыс естілмеді. Сосын каютадан шығып шоланға келдім. Мұнда көмескі ғана жарық бар екен, бірақ ешкім жоқ.

Кітапхананың есігін ашып едім, мұнда да жарық көмескілеу, адам жоқ.

Мен басқышқа өтетін есікке қарай барып, Нед Лендтің белгісін сол жерден күтпек болдым.

Осы минутта винт қалағының айналу дыбысы бәсеңдей бара-бара мүлдем тоқтап қалды. «Наутилус» неге тоқтады? Бұл тоқтаудың Нед Ленд жоспарының орындалуына тиер пайдасы бар ма, немесе залалы бар ма? Бұл арасын мен біле алмадым.

Енді тек жүректің дүрсілі ғана естіліп тұрды.

Кенеттен кеме сәл ғана дір еткендей болды. «Наутилустың» су астына түскенін біле қойдым. Бұл мені бұрынғыдан көрі қобалжытты. Канадалық белгі бермей қойды. Нед Лендке барып, қашуды кейінге қалдыра тұруға көндіргім де келді. Бүгінгі кеште жүзу сапарымыздың әдеттен тыс ерекше жағдайда өтіп жатқанын да сеземін.

Дәл осы кезде кітапхананың есігінің босағасынан капитан Немо да көрінді. Ол мені байқап қалды да, сәлемдеспестен, бірақ өте жылы шыраймен:

— Профессор мырза, мен сізді іздеп жүр едім. Сіз Испанияның оқиғасын білесіз бе? — деді.

Осындай қауіп үстінде, қатты қысылып тұрған жағдайда ол менен өз отаныңның оқиғасын білесін бе деп сұраса да, мен түк жауап қайыра алмас едім.

— Менің сұрауымды естідіңіз бе? — деді капитан Немо. — Сіз Испанияның оқиғасын білесіз бе?

— Өте нашар білемін, — дедім мен ақырында, зорға дегенде.

— Әй, ғалымдарым-ай! — деді капитан Немо.— Өз мамандықтарынан басқа түк білері жоқ! Отырыңыз, — деп қосып қойды ол,— сол тарихтан мен сізге бір қызық әңгіме айтып берейін.

Капитан бір диванға жайғасып отырып алды. Мен де бір қаракөлеңкелеу орынға барып отыра кеттім.

— Профессор мырза,— деп бастады ол, — жақсылап тыңдаңыз. Менің әңгімем сізді қызықтыруға тиіс, өйткені бұл жанамалап болса да, бір сұрауға жауап береді, жауап бергенде, сөз жоқ, сіздің өзіңіз жауабын таба алмай жүрген сұрауға жауап береді.

— Мен сізді тыңдап отырмын, капитан,— дедім мен оның кіріспе сөзінен шошып.

Капитан әңгімесінің аяғын неге тірегелі отырғанын мен білгем жоқ, сондықтан мен: бұл әңгіме біздің сәті түспеген қашу әрекетімізге байланысты емес пе екен деген ой да отырдым.

— Егер рұқсат етсеңіз, профессор мырза, — деп сөзін жалғастырды капитан, — біз әңгімені бір мың жеті жүз екінші жылдан басталық. Бәлкім сол дәуірдегі француздың королі, королі болғанда, саусағыммен шертіп қалсам-ақ Пиренейлерді жеті қабат жер астына жіберем де Испан тағына өз немерем герцог Анжуйскиді отырғыза қоямын деп қиялдайтын Людовик он төртінші есіңізде бар шығар.

Филипп Бесінші деген атпен патша болып тұрған, мейлінше дарынсыз осы патшазадаға өте бір күшті шетелдік жаумен ұрыс жүргізуге тура келеді.

Шынында да, бұдан бір жыл бұрын, мың жеті жүз бірінші жылы, Голландияның, Австрияның және Англияның корольдері Гаага қаласында бас қосып, одақ құрады, одақ құрғанда, Филипп Бесіншінің басынан Испан тәжін алып, оны өздері күні бұрын Карл Үшінші деп атаған бір эрцгерцогке кигізбек болады.

Испания осы одаққа қарсы күресуге тиіс болды. Бірақ оның солдаттары да, матростары да болмайды. Мұның есесіне оның ақшасы көп болатын, бірақ бұл да болса америка алтындары тиелген кемелердің ешбір кедергісіз оның гаванына келіп тұруына байланысты.

Бір мың жеті жүз екінші жылдың дәл аяқ шенінде Испания Америкадан кеме керуенін күтіп отырады, бұл керуен француз адмиралы Шато-Реноның басқаруымен жиырма үш кемеден құралған эскадраның қоруылында келе жатады. Кемелер керуенінің мұндай қоруылда келе жатуының себебі, Испанияға жау елдердің біріккен флоты Атлант мұхитында қаптап жүреді.

Керуен Кадикске қарай келе жатады, бірақ адмирал, кадикс суларында ағылшын эскадрасы барлығын біледі де, кез келген бір француз портына барып тоқтамақ болады.

Алайда адмиралдың бұл тоқтамына испан капитандары қарсы болады. Олар өздерін испан порттарының біріне жеткізіп салуды талап етеді, сөйтіп Кадикске бара алмайтын болғандықтан, ағылшындар қоршамаған Виго қолтығына барып тоқтауға ұсыныс жасайды.

Момын адмирал Шато-Рено бұл қойылған талапқа көнеді де, кеме керуені Виго қолтығына келіп кіреді.

Бақытсыздыққа қарай, бұл қолтықтың теңіз жағы аңырайып ашылып тұрады да, сол ашық жерге бөгет, кедергі жасауға мүмкін болмайды. Сондықтан дұшпан елдер одағының флоты келіп жеткенше, кемелердің жүктерін тезірек түсіріп алу керек болады; бұған уақыт та жеткілікті еді, сонымен, егер күтпеген жерден, ерекше құқық бұзылды деген бір ақымақтық дау шықпағанда бәрі де ойдағыдай болады екен... Сіз менің әңгімемді жақсылап тыңдап отырсыз ба?..— деді капитан кенеттен сөзін бөліп.

— Өте жақсы тыңдап отырмын, — деп жауап қайырдым мен, бұл оқиға туралы маған лекция оқуының себебін біле алмай, дал болып.

— Сонымен, әңгіменің жалғасын айтайын. Оқиға былай болыпты. Кадикс купецтерінің ерекше бір құқығы болады екен, бұл құқық бойынша, Вест-Индиядан ол кезде Американы солай деп атайтын, әкелінген жүк Кадиксте түсірілуге тиіс екен. Сондықтан алтын тиелген кемелердің жүктерін, демек алтындарды Виго қолтығына түсіру, Кадикс купецтерінің ерекше құқықтарын бұзғандық болып табылады.

Купецтер Мадридке барып, шағым береді, сөйтіп дәрменсіз Филипп Бесіншіден әмір алып қайтады, бұл әмір бойынша, дұшпан одақтың флоты Кадиксты тастап кеткенше, Виго қолтығындағы керуен кемелердің жүктерін түсіруге тыйым салынады.

Мадридте бұл қарар шығып болғанша, бір мың жеті жүз екінші жылы, екінші октябрьде ағылшын кемелері де Виго қолтығына кіріп үлгіреді. Адмирал Шато-Рено жау күшінің анағұрлым басымдығына қарамастан үлкен ерлікпен қатты шайқасады. Бірақ алтын тиелген кемелер бәрібір жаудың қолына түсетіндігіне көзі жетеді де, оларды жүктерімен қоса, өртегенін өртеп, өртемегенін суға батырып жібереді...

Капитан Немо үнсіз қалды. Мойындауым керек, бұл оқиғаның маған не қызығы бар екенін мен әлі түсіне қойған жоқ едім.

— Ал, одан кейін? — деп сұрадым мен.

— Одан кейін бе? Одан кейінгісі қазір біз Виго қолтығының түбінде тұрмыз, ал оның құпия сырын ашу тек бізге байланысты.

Капитан Немо орнынан тұрып, маған бері жүріңіз деді де жүре берді.

Мен бұл кезде жүрегім орнына түсіп тынышталып та қалып едім, сондықтан ешбір іркілместен, соңынан ере бердім.

Салонның іші күңгірт еді; қақпақтары ашық терезеден теңіз суы жалтырап көрініп жатты. Мен терезеге таман келдім.

Прожектор кеменің төңірегіне жарты миль жерге дейін жарық түсіріп тұр. Оның жарығының күштілігінен тіпті құм қиыршығына дейін көруге болатындай еді.

«Наутилустың» скафандр киген матростары, судың түбінде әлденендей бір қирап қалған нәрселердің арасында қисайыңқырап қалған бөшкелерді, — сынған жәшіктерді тартып шығарып алып жүр. Осы бөшкелер мен жәшіктерден төгілген кесек-кесек алтын-күмістер, қымбат бағалы басқа да асыл нәрселер су түбінде төгіліп жайнап жатты.

Матростар сарқылмас қазынадан жәшік, бөшкелеп қайта-қайта арқалап келіп, бағалы жүктерін қоймаға орналастырып салып жүрді. Мен енді түсіндім. Бұл теңіз үстіндегі шайқас алаңы екен. Мұнда 1702 жылы 22 октябрьде Испан короліне алтын алып келе жатқан кемелер суға батып кеткен болатын. Капитан Немо өзіне керек болғанда, алтынды осы қоймадан алады екен. Осы алтын-күміс салынған бөшкелер мен жәшіктердің иесі капитан Немоның бір өзі. Осы миллиондардың бірден-бір мұрагері де сол еді.

— Теңізде осындай байлық барын, профессор мырза, бұрын білетін бе едіңіз? — деді күлімсіреп капитан Немо.

— Мен тек теңіз суының ішінде екі миллион тоннадай еріген күміс барын ғана білетін едім.

— Ол рас, бірақ оны судан сүзіп, айырып алу үшін шығатын шығын, сол алынған күмістен артып кетеді ғой. Ал мұнда, жұрттың жоғалтып алғанын көтеріп шығу үшін тек еңкейсең болды, бұл үшін сол да жетіп жатыр. Маған сарқылмас қазына болып отырған тек Виго қолтығы ғана емес, менің су асты түсірілген картамда белгіленген, байлығы Виго қолтығынан кем түспейтін, талан кеме қирап жатқан мыңдаған орындар бар. Менің байлығымның есебін тек миллиардтап қана шығаруға болатындығын енді түсінген шығарсыз.

— Өте жақсы түсініп отырмын, капитан. Сізге тек мынаны ғана айтуға рұқсат етіңіз: Виго қолтығынан бұл алтындарды сыпырып алып сіз өзіңізбен бәсекелесе алатын бір сауда қоғамынан озып кетіп отырсыз, мұны атап көрсетуім керек.

— Ол қандай қоғам дедіңіз?

— Ол осы суға батқан кемелерді іздеп, табу жұмысын жүргізуге Испан үкіметінен ерекше құқық алған қоғам, бұл компанияның акционерлері: ұйықтап жатып та, осы бес жүз миллионды көріп жатады, бұл кемелердің жүктері бес жүз миллион деп бағаланған ғой.

Бес жүз миллион?—деп қайталады капитан Немо. Бес жүз миллион мұнда бір кезде болған, бірақ қазір жоқ.

— Ұғып отырмын,— дедім мен. — Сондықтан да осы іске қатысушыларға бірнеше сөз ескерту айту артық болмас еді. Бірақ енді олардың бұл ескертуге қалай қарайтынын кім білсін? Ұтыс ойынын ойнаушылардың ұттырған ақшаларынан көрі, жалған үміттерінің орындалмағанына қатты өкінетінін сіз білесіз ғой. Бірақ бұл саудагерлерді есіркеп отырған мен жоқ. Мен тек жүздеген, мыңдаған кедейлердің мұқтаждарын өтейтін осы ақшалар, ол сорлылардың қолына ешуақытта тимейді-ау деп соған өкінемін.

Сөйдеп болар-болмаста-ақ бұл сөзімнің капитан Немоның намысына тигенін сезе қойдым.

— Олардың қолына ешуақытта тимейді-ау дейсіз