Өлең, жыр, ақындар

Эндометриоздың белгілері

Аденомиозбен сырқаттанатын науқастардың анамнезі және клиникалық көріністері мәліметтерін талдау ауруға тән ерекшеліктерді білуге мүмкіндік береді. Аденомиоз (жатыр денесінің ішкі қабатының қабыну эндометриозы) — кеш репродуктивті және пременопауза кезеңдеріндегі ауру.

Себептері:

— жыныс ағзаларының ісік ауруларына тектік бейімділік;

— жоғары инфекциялық индекс;

— қоса-қабаттасқан экстрагенитальды аурулар (семіздік, гипертониялық сырқат, асқазан-ішек жолы аурулары, аллергиялар);

— бұрын болған гинекологиялық аурулардың көптігі;

— жасанды және өздігінен болған түсік, диагностикалық қыру кезінде жатырға құрал-сайманды жиі енгізу;

— эндометрий патологиясы кезінде аденомиоз бен жатыр миомасының жиі қоса-қабаттасуы.

Аденомиоздың негізгі клиникалық белгілері: жатыр көлемінің үлкеюі; менометроррагия; дисменорея; жамбастағы қарқындылығы әр түрлі ауырсынулар.

Ғылыми мәліметтерге сүйенсек, етеккір айналымы қысқарған, етеккірі қатты, ұзақ және ауырсынумен келетін әйелдерде эндометриоздың даму қаупі жоғары. Сонымен бірге жатырға құрал-сайман енгізу және оталау да маңызды қауіп факторына жатады.

Клиницистер созылмалы соматикалық аурулар да ішкі эндометриоз генезінде маңызды деп есептейді. Олар эндометриоздың дамуына тікелей әсер етпесе де, организмнің әр түрлі патогенді факторларға төзімділігін төмендетеді, тұрақты метаболикалық бұзылыстардың қалыптасуына және иммунитеттің төмендеуіне жағдай жасайды.

Аденомиоздың жатыр миомасымен немесе эндометрийдің гиперпластикалық үдерістерімен қоса-қабаттасуы жиі кездеседі. Бұнда ескеретін бір жайт, әдетте, етеккір айналымы сақталғанның өзінде жатырдың бұлшық ет қабатында патологиялық зақымдану дамиды. Аденомиоздың жатыр миомасымен қатар жүруі, миоманың шырышты қабат астындағы байламдарын есептемегенде, аурудың клиникалық көріністеріне көп әсер етпейді.

Жатыр эндометриозы және эндометрий гиперплазиясы болған жағдайда, менометроррагиялық немесе ациклдік қанды бөлінділер мазалайды. Бірақ сонымен бірге аденомиоздың патогномикалық көріністері үдеріс таралуының ІІ-ІІІ дәрежесіне, сонда-ақ оның байламды түріне тән. I дәрежелі ішкі эндометриоз кездейсоқ анықталады, өйткені бұнда аденомиозға тән белгілер байқалмайды. Көптеген клиницистер жатыр денесінің II- III дәрежелі ішкі эндометриозы немесе оның байламды түрі бар науқастардың клиникалық белгілерінде айтарлықтай айырмашылық жоқ деп санайды.

Сонымен, аденомиоздың клиникалық белгілерінің айқындылығы жатыр бұлшық еті қабатының эндометриозбен зақымдалу тереңдігіне және түріне байланысты. Эндометриозды ерте анықтау емнің нәтижелілігінде және аурудың бетін қайтаруда аса маңызды.

Г. Ж. Амиреева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз