Еш нәрсені ертеңге қалдырма: өмір мен жұмыс балансы — қауіпті миф

Британдық кәсіпкер Роб Мур өмірді жұмыс пен демалыс күндері, еңбек пен бос уақыт, жұмыс пен зейнетақы деп бөлудің енді мәні жоқ екенін айтады.

Уақытты басқаруға, сондай-ақ еңбек ауыртпалығы мен лайықты демалыстың арасындағы тепе-теңдікті іздеуге арналған кітаптар, дәрістер мен мақалалар аз емес. Ағылшын кәсіпкері, миллионер Роб Мур осының бәрі адамдарға толыққанды өмір сүруге кедергі келтіретін өте зиянды мифтер, ол адамға шын мәнінде ләззат алатын нәрселерді кейінге қалдыруға мәжбүр етеді деп санайды. Алайда «кейін» ешқашан болмауы мүмкін. Роб Мур өзінің «Life Leverage» атты кітабында бұл заңдылықтардың теңескен нүктесін іздеуді тоқтату және жай ғана өмір сүруді бастау туралы жазады. Кітаптан үзінді төменде.
   
Адамдардың көпшілігі ақылға қонымды деп санайтын адасуларының бірі — жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік туралы идея. Өміріңіздің үштен бірін (біреулер жарты ғасыр уақытын) жұмысқа арнап, ал бақыт пен бостандықты еңбек жылдарыңыз сияқты ұзақ бола алмайтын, тіпті болмай қалуы да ықтимал «кейінге», өмірдің соңына қарай қалдырып отырсаңыз, қандай да бір «тепе-теңдік» туралы айту әбестік болар.  

Сонда сіз аз ұйықтап, көп жұмыс істейсіз!  Яғни, көңіл көтеруден, жаңа нәрселерді зерттеп, үйренуден, қарым-қатынастан, оқудан, тіпті осылардың бәрін қоса алғандағы уақыттан да көбірек уақытты жұмысқа бөлесіз. Тепе-теңдік қайда?

Қоғам: жұмыс күндері — жұмыс істеу, тек демалыс күндері — демалу дегенге негізделген кестені санаңызға бекітіп қойған. Корпорация еңбек күнін 8:00-ден 9:00-ге дейін белгілеген. Капитализм ақша табу үшін жұмыс істеуді міндеттеген. Мемлекет айдың соңында барлық салықтар мен сақтандыруларды шегере отырып төлейтін жалақы үшін сізге бір ай бойы жұмыс істеуді міндеттейді. Бірақ сіз басқа адамдардың немесе жүйелердің міндеттеген ережелері бойынша өмір сүруіңіз керек пе?

Маятник бір шеткі нүктеден шығып, ортасынан өтіп, басқа шеткі нүктеге жылжиды. Ортада ол өте қысқа уақыт болады. Уақыттың көп бөлігінде бір экстремумнан екіншісіне қарай зулаумен болады және орта нүктеден өте тез ұшып өтеді. Міне, жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы «тепе-теңдік» те дәл осы тәрізді. Назарыңыз бағытталған бөлігінде нәтижелер пайда болады, бірақ дәл осы сәтте назардан тыс қалған басқа бөлігі құлдырауға ұшырайды. Күндердің күні маятник тепе-тең жағдайда тоқтайды деп ойлау ақымақтық болар. Ол үнемі қозғалыста болады: жұмыс жағына қарай ауғанда сізде ақша пайда болады, мансабыңыз өрге жылжиды, бірақ үйдегілер сіз туралы ұмыта бастайды; ал кейде  керісінше, отбасыңызбен және жеке бостандығыңызбен бәрі ойдағыдай болып, алайда жұмыс және қаржы жағынан қиындықтар туындап жатады. Уақыт осылай жұмыс істейді, бұл — өмір, тепе-теңдікке жету мүмкін емес. Қашанда біреуін таңдауың керек . «Бір нәрсеге жіті көңіл бөлу немесе оны мүлдем назарға алмау», «дамыту немесе тастап кету», «қолға алып, басқару — немесе құрбан болу» сияқты екі шеткі нүктенің бірін міндетті түрде таңдауға тура келеді.  

Өз уақытын басқаратын және өз өмірін бақылай алатын жандар осы ережелерді бұзады да, өз ережелерімен жүреді. Олар — әрекет етудің басқа, жақсырақ тәсілін білетіндер. Табысты адамның жұмыс пен жеке өмірі арасындағы тепе-теңдік туралы ой толғағанын көрген бе едіңіздер? Мұндай адамдар ешқашан жұмыс істеу қажеттігіне шағымданбайды, өйткені олар не өз жұмысын жақсы көреді, немесе мүлдем ұнатпайды. Алайда олар болашақты бағдарлай алады, міне, сондықтан қиындықтарды жеңіл өткеріп отырады. Олар маятниктің қозғалысын бақылауда ұстай алады.

Жұмыс пен жеке өмір арасындағы «тепе-теңдікті» басқаруға көмектесетін бірнеше тәсіл.

Жұмыс пен жеке өмірді жеке дара бөліп қарастырмаңыз

Жұмыстың өзі — өмір, ал өмір — жұмыс, барлығы біртұтас дүние. Сіз кеңсеге келгенде өмір тоқтамайды немесе «жеке өмірге» уақыт бөлуді ұйғарғанда, жұмыс аяқталып қалмайды. Кейде жұмыста өзіңізге ұнайтын және өзіңізді маңызды сезінуге мүмкіндік беретін қызықты заттармен айналысуға болады. Ал кейде сүйікті істермен айналысқанның өзінде тым жағымсыз, ауыр және абыройыңызға нұқсан келтіретін  нәрселерді орындауға тура келіп жататыны бар. Осындай көңіл‑күйге қатысты мәселелерді де елемей кетуге болмайды, сондықтан кез-келген жұмыс қиын, ал қиын болмағаны көңілге жағымды болады деп есептеу қате. Маятникке еріңіз, алға қойылған тапсырмаға бар зейініңізді аударыңыз, мүмкіндігіңізше жақсы орындауға тырысыңыз.

Уақыттыңыздың басым бөлігінде өзіңізді өмірін бақылай алатын бақытты әрі еркін адам сезіну үшін көңіліңізден шығатын, табиғатыңызға лайықты, қызығушылығыңызға сай мамандықты таңдағаныңыз дұрыс. Бұл жағдайда сіз жұмыс пен жеке өміріңізді бөле-жарып қарастырмайтын боласыз. Оларды мүмкіндігінше біріктіріңіз. Үйде болғанда да жұмысыңыздан ләззат алыңыз, ал іссапарға демалысқа бара жатқандай сезіммен аттаныңыз. Өмір соңында қомақты зейнетақыны күтудің орнына жыл бойы өзіңіздің рахатыңыз үшін «шағын зейнетақы» жасап тұрыңыз. Жұмыста шаршаймын, ал демалыс кезінде-босаңсып, демаламын деп ойлаудың орнына, мобильді болыңыз, саяхатты, еңбек пен жеке өмірді біріктіріңіз.

Өз өміріңіз жайлы және одан не қалайтыныңыз туралы нақты түсінігіңіз болсын

Жаныңызға жақын, істемесеңіз тұра алмайтын, өзіңізге деген құрмет сезімін оятатын және басқалар үшін маңызы зор нәрсені табыңыз. Егер ол іс осы талаптарға сай келмеген болса, оны тастаңыз. Басқалар үшін бәрін жасауға тырыспаңыз. Артық нәрседен бас тартыңыз. Өзіңе шектен шығуды рұқсат етіңіз: өз мақсатыңызды басты назарға алып, басқасына бейжай қарайтын адам болыңыз. Басқалар үшін маңызды және ақысы төленетіндіктен істеу керек деген сеніммен істеген іс «жұмыс» ретінде қабылданбайды. Мамандығыңыз өзіңіз үшін шынымен қызықты болған кезде оны жұмыс ретінде қарастырудан қаласыз.

Өзіңіз үшін маңызды емес деп санаған барлық заттардан бас тартыңыз

Істі аяғына жеткізбестен, жарты жолда тастау — бұл әлсіздік болып саналады. Қол жеткізуге аз қалған сәтте лайықты мақсаттан бас тартсаңыз, тек қысқа уақытқа жеңілдікті сезінесіз, алайда қабылданған шешіміңіз үшін кейін өкінетін боласыз. Шынында да, сіз ерте кезеңде  (алғашқы кезіккен қиындықтан) сағыңыз сынып істен бас тартқан болсаңыз — бұл әлсіздігіңіздің айқын белгісі болмақ. Әрі көрегендігіңіз бен ұзақ мерзімді перспективаларыңыздың жетіспеушілігін аңғартады. Істі басынан бастау, қайта–қайта қолға алу — ештеңеге қол жеткізе алмаудың, және бекер уақыт жоғалтудың кепілі болмақ.  

Бірақ кейде істі тоқтаутуға ниет білдіру — оның сіз үшін маңызды емес екенін көрсетеді. Олай болса «бас тарту әлсіздік боп көрінеді» немесе «мақсатқа жетуге аз қалды» деген оймен ғана сіз үшін маңызы жоқ істі жалғастырудың не мәні бар?

Мен сәулетші мамандығына оқуға шешім қабылдадым және екі аптадан кейін бұл мен айналысқым келетін іс емес екенін түсіндім. Келесі 154 апта мен сабаққа баруды жалғастырдым, өйткені маған бейтаныс адамдар мені әлсіз деп сыртымнан сөйлегенін қаламадым. Олар мені танымайды да, ендеше мен үшін олардың пікірі неліктен маңызды болды? Қызық. Мен ақымақтық жасадым, дер кезінде тоқтай алмай. Үш жылға жуық зая кеткен уақыт алты жылымды алды, ол уақытты пайдалырақ өткізуім әбден мүмкін еді.

Шетке ығысып, «жоқ» деп айта біліңіз

Басқа адамдар үміт еткендіктен ғана, соларадың көңілін қалдырмау үшін ғана бірдеңе жасамаңыз. Қоғамның қысымы аумалы, әрі қажытқыш келеді. Сіздің көзқарасыңыз бен құндылықтарыңызға байланысы жоқ, маңызды емес заттардан өзіңізді босатыңыз. Оларды басқа адамдарға қалдырыңыз (біреуге ұнауы және қолынан жақсы келуі мүмкін). Шетке ығысыңыз да оларды жөніне жіберіңіз, ұшсын. Әрі олардың не істеп жатқанын бақылауға алуды тіпті ойламаңыз. Артық істерден бас тартқан кезде өзіңізді еркін сезінесіз, бәрін біле бермейтініңізді мойындайсыз, өзіңіз үшін және сізді жақсы көретіндер үшін, босаған уақытты, энергияңыз бен қызығушлығыңызды арнаңыз. Сіз не айтсаңыз да, не істеңіз де, адамдар сізді айыптауын доғармайды. Сондықтан дұрыс деп санайтын нәрсені айтыңыз, істеңіз, алайда, қарапайымдылықты, адамгершілікті де естен шығармаңыз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)