Өлең, жыр, ақындар

Көктеректің бауырында

Аудан Жаппасбайдың аулына орнады.

Ауданды Жаппасбай аулына көшіру туралы мәселе қаралғанда, аудандық пленум өкілдері екі жік болып таласады. Өлке бойында Жаппасбай ауылы атағы, даңқты ауыл; бір кезде аруағы жер жарып, аймағын бір шыбықпен айдаған ауыл. Ауданды оған көшірсек, ел көзінде қате ұғым туады. "Жаппасбай аулын қадірлегендіктен көшіп барды деуден тайынбайды"— деп бірсыпырасы қарсы шығады. "Жоқ, бұл қата, кеңес орны Жаппасбайдың аулын қадірлемейтіндігін елдегі жас балаға дейін біледі. Баяғыда Жаппасбай атына аталған екен деп, ол ауылдан қашудың жөні жоқ, ауыл — бір жерде отырған жиын ауыл, оның үстіне кеңсеге лайықты үйлер де жеткілікті. Шынына қалғанда "Жаппасбай" аулы деген ат соңғы кезде жоғалуға да айналған, ол ауылды ел осы күні "Көктерек" деп атайды",— деп көпшілік жағы көшіруді мақұл көрген.

Сонымен, Көктеректің баурындағы қалың ауылға келіп аудан орнап та қалады.

Аудан көшіп келгенде "Көктерек" ауылы да әңгімесіз болмайды, әркім өзінше қаралды.

— Қай бір ырысқа келді дейсің, бір жағынан пәтері, бір жағынан қонағы, бір жағынан ылауы мазаны алар-ақ. Бұрынғыдай өз күңкіліңді өзіңе беріп қою енді болмас, қит етсең, аяғыңнан шалып қалар да тұрар,— деп байлар жағы уайым айтады.

— Алыс жердей қол жетпей, жігеріміз құм болып жүр еді. Ортамызға келгені мұндай оңды болар ма? Енді, есігінің алдын босатпай керегімізді сұрай беруіміз керек, ділгерімізді ала беруіміз керек,— деп кедейлер жағы қуанысады.

Аудан орнайды. Кеңсеге жарамды үйлердің бәрі де алынады. Көшесіз, тәртіпсіз салынған қазақ үйлерінің маңдайшасына бір-бір тақтай қадалады: "Аудандық исполком", "Аудандық сот", "Қарыз серіктігі", "Кооператив", "Мектеп", "Клуб"... Аудан орталығына тұс-тұсынан жұрт ағылады. Біреулер арызбен келеді, біреулер астығын, малын әкеліп кооперативке сатып, базарын базарлайды. Көктеректің бауырында көп жылдардан бері мүлгіп, түнерумен өмір сүрген жансыз ауыл бірден өзгеріп, қайнап сала береді. Қыбырлаған адам, істеліп жатқан жұмыс, бас қосқан жиналыс, лек-лек болып тізіліп, дабыл ұрған оқушы.

— Уа, шіркін, міне өмір!— деп кедей-кепшік қаудыр тонды бір желпіп қояды.

Бірер ай өтер-өтпесте-ақ "Көктерек" аулының байлары да көндіге бастайды. Бұрынғы көзқарастары біртіндеп жойыла береді. Қайнаған өмір оларды да тартқан сияқтанады. Оның үстіне аудан қызметкерлерінің бәрі шеткі ауылдікі, оларға үй керек, пәтер керек. Пәтер үй көбіне байлардан, әлді шаруалардан шығады. Әрқайсысы-ақ пәтерге адам жібергісі келеді.

Бірақ бұрынғы салдыр-салақ қалып кеңес қызметкерлерінің көбінен жойыла бастаған заман ғой. Олар пәтер мәселесіне де сақ қарайды. "Аудан қызметкерлерінің сорпаға шығарлары біздің үйге тұрмағанда, кімнің үйіне тұрар дейсің?" деп, дәмеленгендердің бірсыпырасының үйі бос қалады, жауапты қызметкерлер көбіне кедей-кепшіктің үйін жөндетіп, соған орналасады.

"Көктерек" аулындағы таза тұратын үйдің бірі — Омардың үйі. Екі бөлмелі молақ ағаш үйі бар. Ауылдың орта шенінде. Кеңсеге алынып отырған Жаппасбай үйімен көрші. Омар қартаң адам. Жаппасбайдың сарқытын ішкен үзеңгі жолдасы. Дәулеті орталанған. Бір ұлы, бір қызы бар. Қызының аты Рақила. Жасы 18-де. Бозбала үйір. Ауданнан елге шыққан инструкторларыңның көбі бұрын келгіштеп, өткен-кеткенде қонбай кетпейтін. Омар ондайлардың бәрін ашық жүзбен қарсы алып, ешбір қызғаныштық мінез көрсетпейді.

— Тәуір адам екен... Баласы да сөйлеп тұрған ашық көрінеді,— деп, қонған, түстенгендердің мақтап кететіні де бар.

Аудан аулына келіп орнап, қызметкерлер пәтерге орналаса бастаған соң Омар таңдап, біреуін үйіне кіргізбекші болады. Таңдай келе, салық бөлімін басқаратын Жақып дейтін жігітті табады. Жақып жас жігіт. Туысы кедей. Партия мектебінен шығып, кеңес қызметіне айналысқанына бір-екі жыл ғана болған. Омармен таныстығы да бар. Ел аралап шыққанында Омардың үйіне бір қонып, содан былай қона-түстене жүретін болған.

— Қоныстарың қайырлы болсын, шырағым, жақсы келдіңдер ғой, өзіміз мүлде мәз болып қалдық... Пәтерге түсемін деушілер де болып еді, сені келеді деп есіткен соң, өзім де, үйдің іші де басқа адамды түсіргіміз келмейді,— деп, Омар Жақыпты қошеметпен қарсы алады.

Жақып Омардың үйінде. Қонақтан жаман сыйлайды. Төрт қабат көрпені астынан үзбейді.

— Қарағым, қонағыңды өзің күт. Әжеңнің қолы тимейді, мен көбіне тыста боламын,— деп Омар қызына қайта-қайта тапсырады.

Қызы Рақила, әкесінің сөзін естісе, Жақыпқа күлімсіреп қарайды.

— Бөтен үй деп жатсынбаңыз, керегіңіз болса айтып тұрыңыз,— дейді Рақила күлімсіреп.

Рақила қараса, Жақып құлағына шейін қызарып:

— Жатсынбаймын ғой... Әбден... Мақұл,— деп ыржалаңдап жауап береді.

Күн өтеді, ай өтеді. Омардың үйіне Жақып, Жақыпқа Омардың үйі үйреніседі. Бөтен үй деп бұрынғыдай қысылуды қояды. Рақиламен ойнап-күледі, әзілдеседі. Рақиланың әке-шешесі елең қылмайды, көрсе де көрмегенсіп, білсе де білмегенсіп жүре береді.

Аудан көшіп келіп орнаған кезде, Жақып ауылды қыдыратын еді. Ауылдың жай-күйімен, кімнің қалай тұратындығымен танысып жүрді. Ауылда тап жігі бар, кедей мен бай болып, өзінен өзі бөлініп тұрған сияқты.

— Қалай, бала, Омекең құлағыңды бұрамай ма?— деп, Қалабай күліп сұрайды.

Қалабай — Көктерек бауырындағы ауыл ішіндегі кедейдің белсендісі, кеңес мүшесі. Түрлі жұмыста, жиналыста байларға қарсы шығып, салғыласып жүрген жігіт.

— Осы жігіт үйіне тұрғалы "біздің" қатын шалқақтайтынды шығарыпты. Кеше кіші қыздың тойында, асқақтап отырды. Бай-бай деп төбемізді оятын болып едіңдер, байды да құдай жаратқан көрінеді,— дейді... Сосын мен айттым: ене, дедім, үйтіп көпірінбей-ақ қойыңыз,— дедім, байлығыңызды жасыра алмассыз,— дедім...

Мұны айтатын Айша — Қалабайдың қатыны. Айтады да, көзінің қиығымен Жақыпқа қарайды. Қалабай мырс етіп, күліп жібереді:

— Көрдің бе, қатындардың сөзі қалай?

Жақып бұрынғыдай кешкілік кітап оқуды, жұмыс істеуді сирете бастайды, Омар сөзшең адам, әңгімені баяғыдан бастап соғады, өткен күнді жыр қылады. Жақып оны ерінбей тыңдай береді.

Кейде, Жақып шамға жақындай түсіп, қағазын ақтарса:

— Қарағым, Рақила, шамды жақын қой,— деп Омар қызына иек қағады. Өзі күпісін бүркеніп, қара көлеңкеге таман ығысып жантаяды.

Тігіп отырған ісін тоқтатып, Рақила шамды Жақыпқа жақындатады.

— Рақмет!— деп Жақып күлімсіреп қызға басын иеді.

Қыз да күлімсіреп, шамға төне, Жақыпқа қарсы бір тізелеп отырады.

— Мұныңыз не, өлең бе?

— Жоқ, журнал.

— Өлеңіңіз жоқ екен оқитын.

— Өлеңге құмар болсаңыз, жазып берейін.

— Қашан?

— Қазір...

Жақып жазып берсе, Рақила алып үңіледі, хатты шала таниды ғой, ежелеп оқиды:

"Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма..."

Рақила оқып шығады да, күлімсіреген күйі, дөңгелек көзін Жақыпқа қадайды. Жақып езіліп, еріп, балқып кеткен сияқты болады.

— Мә, тағы жазыңыз!

— Қандайын?

— Мейлің...

Тағы жазылады. Тағы оқиды, күліседі.

— Мә, тағы жазыңыз!..

Қара көлеңке, жерде, жүктің алдыңғы жағында, бүк түсіп, бұйығып Омар жатыр. Әйелі Айжан — екінші бөлмеде. Ол "қағынғырлап" біреуге ұрсады.

— Рақила!— деп дауыстап, оқта-санда қызын шақырып қояды. Рақила шешесінің шақырғанын елең қылмайды, бір жапырақ қағазға бірсыпыра үңіліп отырып, бұрынғыдан да бетер жымия түсіп:

— Мә, тағы жазыңыз!— дейді.

...Март ішінің өткір желі гуілін үдетіп, ішін тартып соғады. Бұршақ па, борасын ба — терезеге тырс-тырс тиеді. Тастай қараңғы үйде болар-болмас бозарған терезеге қарап, Омар ойланады. Ойдың кезбейтін жері жоқ. Өткен күнін бір сонар қылып қыдырып кетеді, одан қазіргі күнге оралады. Қазіргі күннен қазіргі түнге оралады. Ой түкпірінде бір нәрселер селт етіп кеткен сияқты болады. Бірақ, елемеуге тырысады.

Ертеңіне шәй ішіп отырып Жақып та, Рақила да Омарға ұрланып, іштерінен күліп отырған тәрізденеді. Омар оны сезбегенге салынады. Шәйін ұрттап отырып, оқта-санда " астағыпыралла" деп қояды. " Астағыпыралла" Омардың үйреншікті сөзі. Біреумен жай сөйлесіп отырғанда да, біреумен ұрысса да, боқтасса да "астағыпыралланы" аузынан тастамайды. Мұнысы — бір жағынан аузы үйреніп кеткендіктен болса, екінші жағынан — сырттың қарауында "Омар құдайшыл" деген атты алайын дегендік. Шынында, Омарға "құдайшылдықтың" өзі керек емес, аты ғана керек. Өмірінде ораза ұстаған адам емес, салқам арбадай салдырлатып таң намазын оқитыны бар. Намазының артынан бата қылғанда, үйдегі адамдардың құлағына шалынсын дегендей, дауысын шығарыңқырап: "Бүкіл аруақтарға тие берсін" деп қояды.

Үзік түймелі қара пальтосын иығына іліп, уқаланған кенеп портфелін қолтығына қысып, Жақып кеңсесіне кетіп бара жатыр еді.

— Балам, тұра тұршы,— деп Омар шақырды.

Күпісін желең жамылып, шермиіп, ыңырана басып, Омар қораның күн жағына таман барып тұрды.

— Балам, саған айтайын дегенім мынау еді,— деп, Омар күпісін иығына таман тартты,— мына көрші ауылдағы Көбекті білетін шығарсың. Азғана қара-құрасының барлығы болмаса, ата-бабасы бұрын кедей болған. "Көбектің әкесі тұрсын, өзі өмірінің көбін малайлықпен өткізді", деп әкем марқұм айтып отырушы еді... Осы Көбекке мал біткенін ағайынының ішінде көре алмайтындар бар. Солар жарық алып Көбектің соңына түседі де жүреді. Рақымның баласы комсомол екен ғой. Коммунист болғандар осы өздерің сияқты сыпайы неге болмайды екен? Көбі адыраңдап, төбеңді оя жаздайды. Тәрбиеден, шыққан жерінен де болатын шығар ғой, Рақымнан не жөнді бала тусын, баяғыда, жиын-тойда, қу сүйекті қалтасына салып жүріп: "Кімге түссе, соған түссін" деп топтың ортасына лақтыратын Рақым еді ғой... Ағайындары осы Рақымның баласын желіктіріп, Көбектің соңына салатын көрінеді. Сол ауылда ана бір Бектемір дейтін тағы бір қу бар. Баяғыда біздің үйде малшы болып жүрді. Тілазар, алғанын ақтамайтын бір шіркін еді. Сол екеуі "Көбек малын жасырып отыр" деп арыз беріпті,— дейді. Аудан солардың арызына сүйеніп, Көбекті 28-ге іліктіретін болған ба, қалай... Ағайын арасында Көбекпен көңіліміз жақын болушы еді. Келіні түскенде Рақила жанды шақырып алып, бір түкті кілем беріп еді... Кеше сол Көбек маған келді: "Аудан ауылында. Аудан қызметкерлерімен араласың бар. Салық жұмысын басқаратын бала өз үйіңде жатыр. Сен осы жұмысыңды ретте" деді. Сосын мен айттым: "Қайдан білейін, салық жұмысын басқаратын баланың біздің үйде екені рас. Өз баламдай болып кетіп еді, айтып көрейін", — дедім... Соны құлағыңа салайын деп едім, шырағым,— деп, Омар сөзін бітірді.

Жақыпқа таныс әңгіме болып шықты. Көбекті Жақып біледі. Өткен жылы жер бөлісімен шыққанда Көбектің үйіне қонғаны бар. Көбек тоқтысын сойып, қолын қусырып, Жақып салт жүретін болған соң, күрең жорғасын ерттеп берген. Күрең жорғаны екі күндей мініп жүрді. Бірақ, жорғасын мінгені болмаса, Жақып өз ойынша Көбекке болысып, кедейлердің үлесінде қылдай қиянат қылған жоқ. Әйткенмен, ерсі жұмыс естілмей жата ма?! Жақыптың Көбекке қонақ болғаны, жер бөлісінде күрең жорғасын мінгені аудан құлағына шалынып, райком хатшысы оңаша алып отырып, орнынан тұрғысыз қылып бір ұрысқан. "Материалыңды бақылау комиссиясына беремін" деп те қорқытқан. Содан былай Көбектің атын есітсе, Жақыптың жүрегі дір... өте қалған сияқтанушы еді.

Омар тұтқиылдан басты. Бұл оқиғаны Омар білмейді. Омардың ойы — Жақып арқылы жұмысты астыртын бітіру. Көбектің көзінде өзінің беделін өсіру. Жақып қайтеді? Қолымнан келмейді деп айта ала ма? Омардың өтінішін аяқ асты қылуға қолынан келе ме? Омар ренжісе, Рақила да ренжімей ме?..

Марттың күні сәулесін қыздыра құйып, өкпек жел үріп, қарды солқылдатып ерітіп жатыр. Албар іші, ойпаң жер, іркілген су. Омар күн шуақта тұрып, аулындағы дүкеннен жаңада алып киген жылтыр галошын суға малып-малып қояды. Сөйтеді де, Жақыптың бетіне күлімсіреп қарайды.

— Жарайды, ретіне қарай көрейін,—деді Жақып күрсініп.

— Сүйт, шырағым,— деп Омар күлімсірей түсіп, үйіне жөнелді.

...Түс әлетінде Омардың үйіне Мырзағұл келді. Мырзағұл көршілес елдікі, орташа дәулетті, момын кісі.

— Түнеу күні ғана кересін жеп кетіп еді ғой... Сүйретіліп... деп Айжан алдыңғы үйінде бұрқырап жүр.

Омардың шырайы ашық. Мырзағұлды күлімдеп қарсы алды. Мал-жанын, шаруашылығын, ауыл-көршісінің амандығын сұрап жалбаңдап, асты-үстіне түсіп жатыр.

— Айжан, бармысың?— деп алдыңғы үйіне қарап дауыстады,— етіңді оңдап ас!

— Жалғыз жая қалды, қылқылдайды да отырады. Сол біткен соң жерсің... деп, Айжан ашумен пештің отын көсеп қалғанда, күлі бұрқырап төбеге шапшыды.

Рақила суға баруға шықты. Күйентесін былғаңдатып, аяғын санап басып кетіп барады. Жар басында Айша кездесе кетті. Рақиланы көргеннен күлімсіреп, шелегін жерге қойып тоқтады. Рақилаға үңіле қарап, күледі:

— Ерке қыз, немене, қасқыр тартқаннан аманбысың?— деп еді, Рақила ұнатпай теріс қарап жүріп кетті.

Суаттың күн батыс жағымен екі жігіт кеңсеге қарап жөнеп барады екен. Қолдарында портфель. Киімдері сыпайы. Біреуі Рақиланың тұсынан өте беріп:

— Амансыз ба, қарындас!— деді.

Рақила күлімсірей түсіп:

— Шүкір!— деп ернін жыбырлатты.

— Осы қызға мен қызығып жүрмін,— деді екі жігіттің біреуі — Қасым.

— Қызға кім қызықпайды дейсің,— деп екіншісі немқұрайды қылып жауап береді.

— Жақыптың жолы болып жүрген шығар деймін.

— Жақып босаң жігіт қой, оның қолынан келе қояр ма екен?

— Жақыптың қолынан келмегенмен, мына қыз қаратып жатқызбас. Менің естуім солай.

— Онда оңбаған адам десейші.

— Жоқ, меніңше сол дұрыс. Көңілің сүйеді екен, сүйген адамыңмен жүр. Сүймейді екен, зорланба.

— Пәлсепеңе болайын, сеніңше "жезөкшелердің" ісі де дұрыс қой?!

— Жоқ, "жезөкшелік" өзіне басқа. "Жезөкше" сүюді білмейді, оған ақша керек, ол хайуан сықылды.

— Күнде біреумен жүргені, ол хайуандық емес пе? Күн сайын біреуді неғып сүйе береді? Бәріне бірдей жете берген не қылған жүрек?

— Жоқ, сен сүю дегенге ескі көзқараспен қарайсың. Біреуді сүйеді екенсің, содан мәңгі айырылма — дейсің, бұл — дұрыс емес. Мәңгілік сүю жоқ. Меніңше тіпті сүю жоқ, көңілдің қалауы ғана бар. Сүю деген әшейін рия, бірін бірі, алдаушылық...

Екеуінің таласы аяқталмай кеңсенің есігінен кіріп те кетті.

Рақилаға "қызыққан" жігіт аудан қызметкерінің бірі — Қасым деген еді. Жас, бойдақ, сал жігіт. Әйелге үйірлігі, көңілшектігі бар. Жібі түзу әйелді көрсе, сонымен сөйлескенше құмартады. Осы мінезін айтып кейде жолдастарына мақтаншылық қылып та қояды. Аудан көшіп келгеннен бері Рақилаға көзі түсіп жүрді де, таныспақшы болды. Кеше записка жазып, исполкомның кучерінен беріп жіберсе, Рақила жауап қайырыпты. Қасым хатының ішінде: "Танысайық, жақындайық" деген сөздерді айтады. Рақила оған қайтарған жауабында: "Сізбен жақындасуға қарсылығым жоқ" дейді. Қашан танысу керек? Қашан жақындасу керек? Бұл туралы әзір ашылған жоқ. Қасым кеше екінші рет хат жазып үлгіре алмады, "заседание" ұзаққа созылды. Басым ауырды деп сылтауратып Қасым кетіп қалуға айналысады, партия комитетінің хатшысы аудан қызметкерлерінің кейбіреулерінің жұмысқа салқын қарайтындығын айтып, кейіп отырған соң, содан қаймығып шыға алмады. Бүгін кеңсеге барысымен бірінші жұмысы — Рақилаға хат жазу еді. Сол оймен келді де, хатшының төменгі жағындағы столға отыра кетіп, қалам-қағазын дайындап, енді кірісе бергенде, століне келіп біреу төнді. Қағазының басына "Рақила" деген сөз жазылып та үлгіріп еді, көзі шалып қалмасын деп қолымен көлеңкелей қойды.

— Отағасы, не керек?

— Төртінші ауылдыкі едім. Бір жерде отырған жиырма шақты үйміз. Бәріміз де кедейміз. Біздің кедей екендігімізді, списоктен қарасаңыздар, өздеріңіз де білесіздер. Осы кеңседе Байтас дейтін бар, со да біледі.

Қаудыр тонды қара кісі Қасымның століне төне түсіп, кедейлігіне куәні үсті-үстіне жалғай берді. Сөзін аяғына шейін тыңдауға Қасымның сабыры жететін болмады. Басталып қалған хат ойын бөліп, есі-дерті Рақилаға жазатын хаты болып, әлгі кісі сөзін қанша майдалап айтса да, Қасым оның сөзіне де сүйенетін болмады.

— Отағасы, бұл ертегі айтатын жер емес, жұмысың болса, қысқа айт!— деп Қасым қабағын кіржитіп, шақ етті.

Сөйлеп тұрған шаруа мүдіріп, тұрып қалды. Ауылы ауданнан алыс, араға бір қонып келіп тұрған беті еді. Ауыл кедейлері болып өзара сөйлесіп, "артель" ашудың жөнін біліп кел — деп ауданға жіберген көптің өкілі еді, бұл.

— Шырағым, әлгі "кәлек..."— дей ме?— деп, шаруа апалақтап, сөзін бітіре алмай тоқтады.

— Коллектив жұмысы менде емес, "Земотделге" барыңыз.

— Оныңыз қайда?

— Осы үйден табылады...

Хатшы жігіт басын көтеріп, Қасымға тіксініп қарады. Жұмысын тастай берді де:

— Бері жүріңіз, отағасы,— деп шаруаны екінші бөлмеге алып кетті.

Қайтып оралып орнына келіп:

— Қасым жолдас, мұның жарамайды. Келген шаруаны дұрыс қарсы алу керек,— деп, хатшы күңкілдеді.

Қасым елеген жоқ, хатын жаза берді.

...Жақып салық бөлімінің қағазын ақтарып, Көбектің үстінен түскен арызды тауып алды. Арызды қайта-қайта оқыды. Арыздың әрбір қарпы, әрбір нүктесі адамның бойын түршіктіргендей қорқынышты болып көрінген сияқтанады. Жақып оқып шығып, столына сүйеніп, ауыр ойға шомды.

— Немене, Рақила ойыңа түсіп отыр ма?— деп біреу иығынан тартты.

Хатшы екен, замандас қой, әзілдеп ойнай береді. Жақыптың алдында жатқан Көбектің үстінен түскен арызды көзі шалып, хатшы жігіт — Нұрпейіс тұра қалды.

— Ә... Көбектің үстінен арыз түскен бе? Мұны, енді қайтесің, сотқа жөнелтесің бе?— деп Нұрпейіс қадала қалды.

— Сөйтерміз,— деп Жақып күңк етті.

Көбек мәселесі Рақилаға байланысты. Көбекті ойласа, Жақыптың ойына Рақила еріксіз түседі. Рақила жанына келіп тұрған сияқты болады, көзі күлімдеп, ыстық лебі бетіне тиіп тұрған сияқтанады. Рақила дегенде жүректің селт ететін бір жері бар. Жас бозбалалар Рақиланың атын атаса, Жақып оған сезіктене қарайды, ұнатпайды. Үйге біреу келсе, Рақиланың бетіне қараса, Рақиламен ойнап-күлсе, Жақып жарылып кете жаздайды... Жақып бұл қалпын Рақилаға да сездіреді. Сездіргенде, Рақилаға өзі бастап айтпайды, Рақила бастап сұрайды...

— Мені қызғанасың ба?— дейді Рақила.

— Қызғанам. Саған біреу қараса, сен біреуге күле қарасаң, ішім жанып кеткендей болады.

Рақила біраз үндемей жатып:

— Мен де сүйем, мен де қызғанам!— дейді.

Жақыпты адам сүйгендей ме? Жақыпты адам қызғанғандай ма? Рақила сияқты қыз "сүйетін" болса, "қызғанатын" болса, онда Жақып "жаман" болмай шығады ғой. Осыны ойлап, Жақып кейде көтеріліп те қояды.

* * *

...Асын ішкен соң, Мырзағұл жүретін болды. Атын жегемін деп далаға шықты. Күпісін жамылып Омар да ере шықты.

— Келген жұмысым түнеугі еді,— деді Мырзағұл.

— Өзім де сезіп тұрмын.

— Әкеліп едім, соны беріп қайтсам деймін.

— Ендеше, мына қораға кірейік.

Қара күңгірт қораның төр жағына барып Мырзағұл жүресінен отырды. Оған қарсы Омар отырды. Жан қалтасынан ораулы орамалын шығарып, Мырзағұл червондарды санап жатыр:

— Біреу, екеу, үшеу... ақшаның табылуы қиын екен, екі пар өгіз саттық, 4-5 жылқы саттық, налогі бір жағынан, азғана малдың қоры да азайып барады... Мә, санап алыңыз, бес жүз сом шығар...

— Не айтқаның. Қайдан оңай болсын?! Малы бар адамға алым-салықтың өзі де оңай соғып тұрған жоқ қой.

Ақшаны бүктеп, Омар қалтаға тығып жатыр. Өзі күлім-күлім етеді.

— Енді уәде ғой?

— Уәде!

— Құдай қосса, құда болдық қой?

— Болғанда қандай, өзімнің де көңілге алып жүрген адамым едің. Құдай кездестіріп, бітуана болса деп арман қылушы едім, тілегім қабыл болды, құдайға мың да бір шүкір! Заман болса жаман, сақтанбай болмайды. Сезіліп қалса, соты дайын. Менің түнеугі: "Ең арғысы қатын-балаға да сездірмейік, алыс қылғанымызды екеумізден басқа жан білмесін" — дегенім сол еді ғой. Сәті болар. Енді, тым асықтырма. Жер аяғы босасын. Бір ыңғайланып алған соң, милицияны қосып, балаңды жібере қоярсың. Қане, енді, қолыңды әкелші, құдай татулыққа жазсын!

Сиыр қораның түкпірінде, бұрқыраған көңнің үстінде отырып екі құда қол алысты, алыс-беріс қылды. Екеуінің құдалығын жан адам сезген жоқ. Жалғыз-ақ күн шуақтап күйсеп тұрған қызыл сиыр көзінен сорасы ағып, сол тесіле қараумен болды.

...Мырзағұлды аттандырып Омар үйіне кіргенде, Рақила ақ бәтес орамалдың шетін кестелеп отыр еді. Омар күлімсіреп, қызының жанына келіп отырды.

— Бұл не, қалқам?

— Кесте ғой, әке.

— Мына біреуі жазу емес пе?

Жазу еді. "Қасым" деген сөзді Рақила кестемен жазып отыр еді. Қасыммен "танысатын", "жақындасатын" болған соң, соған арнап кестелеп отырған орамалы еді. Осындай орамалдың бірін Жақыпқа да беріп еді. Бұл Рақиланың екінші кестесі, "сүйгеніне" беретін екінші тұмары...

Сол күні түнде, сол ауылдағы біреудің қырыққа келген әйелі ұл тауып, шылдақана болды. Қыз-бозбала шылдақанаға жиналды. Қасым да барды. Жақып та барды. Бірсыпыра бозбалалар қыздармен араласа отырды. Рақиланың бір жағында Қасым, бір жағында Жақып, Рақиланың Жақыппен жұмысы жоқ сияқты. Қасымға бұрылып кете береді. Қасыммен әзілге кірді.

— Бозбалалар неге өлең айтпайды?

— Қыздар ше?

— Бозбалалар тұрғанда, қыз айта ма екен?

— Олай демеңіз, оныңыз әйелді кеміткендік болады. Біз әйелді теңеу жағындамыз, әйелді үске шығару жағындамыз...

Рақила сыңқ-сыңқ күледі. Қасымның құлағына сыбырлап:

— Әйелді үстіңізге қалай шығарасыз?— дейді...

Бастапқы кезде Жақып мұның бәрін әшейін ойын шығар— деп отырды. Сүйте келе шыдамы кеміді, Рақилаға қарсы жүрегінде өкпе аралас ашу туды. Қасымды нақ сол минутте, ит етінен жек көрді. Әйтсе де, не болса да ішінде, сыр білдіргісі келмеді. Рақилаға бұл да өзінше қыр көрсетпекші боп, оң жағында отырған қара бұжыр қызға бұрылды. Бір-екі ауыз әзіл айтқан болды. Қыздың не айтқанын ұқпаса да, қошемет қылып күлген болды.

Үйдің ортасы қотандағы қойша ұйлығып, біріне бірі сүйеніп, жамбастап жатқан жігіттер. Пысынап, терлеп көбінің мазасы кетулі-ақ, бірақ сол күйлері өздеріне қызық секілді.

— Ау, домбыра қайда?— деді біреуі басын көтеріп, маңдайдан шұбырған терін сүртіп.

— Жүсіпке домбыра әкеліңдер, өлең айтсын!

Жүсіп дейтін сопақ бет, мұртты сары жігіт иығын көтере түсіп, қарағай домбыраны қолға алып, құлағын бұрай түседі.

— Уа, пәле, соғып жібер!

— Қандайынан айтайын?

— Қысса айт!

— "Көрүғылыны" айт!

— "Қыз Жібекті" айт!

— Уай, қыссаң құрысын, ертегіні өзіміз де білеміз, осы күнгі өлеңді айт!

Жүсіп тамағын кенеп алып:

— Ендеше, Илиястың өлеңін айтайын,—деді.

— Оның кім, әй?

— Ол — Қазақстанның ақыны.

Жүсіп термемен соқты:

"Майдан деген немене?

Майдан қанды, қан ағад.

Майдан қансыз, қан ақпайд,

Қараңғы жұрт ағарад.

Майдан деген немене?

Майданда мал ашылад.

Майданда мал ашылмайды,-

Қараңғы көз ашылад.

Жұрт бастапқы кезде ынтамен тыңдаса да, біраздан кейін божырап, біреулері аузын көре құлаш ашып есінеп, екеу-екеу өзара күңкіл сөзге кірді.

Әйелдер жағынан біреу:

— Нағима айтысамын деп отыр,— деп өз сөзін өзі ерсі көргендей жырқылдап күлді.

— Кіммен?

— Жүсіппен...

— Айда, Жүсіп, сен бұрын қамты,— деп маужырап отырған бозбалалар бастарын көтерісін, Жүсіпті қысып барады. Жүсіп ыржалаңдап күле береді.

Бозбалалардың ішінен бірер қызуы жолындағы жұртты баса-көктеп, Нағиманы қайрап, Жүсіпке қарсы салуға кірісті, сөйткенше болмай, екі әйел қарама-қарсы отыра қалып, жаяулатып өлең бастады:

"Мінгенім көш айдында кер бесті еді,

Шын сүйсе қойным жақын келмес пе еді?

Көп айлар көрмегенде белгі қылып,-

Қолынан орамалды бермес пе еді?"

— Уай, бәлекет, өлең дегенде бұған құн жоқ-ау,— деп бозбала жағы дүрлігіп, Нағиманы мақтаумен болып жатыр.

Жұрт ойыннан таң ата тарады. Терезе бозарып, үй іші ала көлеңке болған кезде, Жақып пәтеріне келіп жатты. Бірақ, көзі ілінбеді. Аунақшыды, дөңбекшіді. Ойы шұбалып біресе олай, біресе былай жүйткіді.

Кеңсеге кешігіп барды. Столында жатқан қағаздарын ақтарыстырғанда бірінші қолына түскен қағаз — Көбектің үстінен түскен арыз болды. Арызды тағы оқыды, бірақ мазмұнына түсінген жоқ. Аузын күбірлетіп отырды да, қаламын алып, арыздың бұрышына: "Сотқа берілсін!" деп кесе жазып қойды.

* * *

..Аудан атком президиумының заседаниесі болғалы жатыр. Төраға — Ырысбек семіз, мыртық, басқа көзденген сары жігіт. Мәжілісті ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді жұртың қарауына салып отырды.

— Маған сөз берші!— деді, алпамсадай қара жігіт. Бұл аудандық партия комитетінің хатшысы Бөрібай еді. Туысы батырақ. Батырақтықтан босанғанына 4-5-ақ жыл болған. Содан бері сауатын ашып, кеңес жұмысына араласып, ауылдық, болыстық мекемелерде жауапты қызметтерді атқарып жүретін.

— Мұның жөні былай, жолдастар!— деді Бөрібай,— егістің көлемін арттыру, шығымын өсіру біздегі ең күрделі жұмыс болу керек. Бұл жөнде ел шаруасына араласып, білім жолын түсіндіретін жүйрік маман бізде жоқ. Мына бір орысымыз бар, 150 сом ақша алады, ақша алғаннан басқа осының бітірген жұмысын көрмей-ақ барам. Қандай мамандығының барын да білмеймін. Оның үстіне өзі бір ауыз қазақша білмейді. Қазақша білмейтін адамды, аты маман деп, ауданға жіберудің не жөні бар?! Округтің не ойлап жіберіп отырғанын кім білсін... Бірақ, маманымыз осылай екен деп қарап отыруға болмайды. Ауылдарға адам шығаруымыз керек. Адам шығарғанда - елге түсіндіріп айта алатындай адам болсын. Егіс науқаны туралы, егінді қалай салу, қайткенде шығымды қылу туралы газеттерде қақсап жатыр ғой. Ең болмаса сол газетте жазылғандарды оқып болса да, елдің миына құя білетін адам шығарылсын. Менің ұсынысым — осыған шығаратын адамды қарастырсақ деймін...

— Менің ұсынысым бар,— деп Қасым ұшып тұрып, танауы делдие қалыпты.

Мәжіліс ашылғаннан бері, осы Қасым бір жапырақ қағазды алдына алып, Рақилаға өлең жазумен әуре болып отыр еді. Бөрібайдың бастапқы сөздерін тыңдамаса да соңғы ұсынысы бұған ұнап кетті:

— Меніңше бұл жұмысқа Жақыпты шығару керек!—деді, Жақып жалт қарады. Бірдеме айтайын деп оқталып еді, аузына сөз түспеді. Ол екі арада мәжіліс дауысқа салып, Жақып белгіленді...

Егін туралы мақала басылған газеттерді боқшасына салып, боқшаны қанжығасына байлап Жақып аттанғалы жатқанда, Бөрібай кез болды.

— Жақып, сен балалықтан сау емессің. Бұлтақтағаныңды сезіп жүрмін. Ондай мінезді қой деп түнеу күні бір айтып едім ғой, қақсата берме, түзел! Басқалардан көрі сенің түзелгенің керек, сенің ысылғаның керек. Біреудің күлгір сөзіне, алдауына еріп, партия жолынан тайып жұмыс істесең, менен жақсылық күтпе. Осы есіңде болсын!— деді сазарып.

Жақып үндемеді. Торы атқа мініп, бірер тебініп алып, ауылды оралып шығатын қара жолға түсіп, қабаққа қарай тырмыса жөнелді...

* * *

...Бұлт түнеріп аспанға шықты. Жел ұйтқып соқты. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, жаз белгісін түгел елестетіп, бірінші жаңбыр себелеп жауа жөнелді.

Атын қамшылай түсіп, Сатының обасының үстін баса, Жақып келе жатыр. Кеңседен шыққалы көп болды. Көп ауылдарды аралады. Жиналыс, баяндама, үгіт, нұсқау бірсыпыра орындалғандай болды. Енді бет алысы өз ауылы. Алды атар қол. Қол басында қалың ауыл, жапырайған земенке, қоқырсыған көң.

— Салаумәләйкүм,— деді Жақып.

Құржиған шал, желбейін жоғары көтере түсіп, қызарған көзін Жақыпқа қадай қойды.

— Қарағым, Жақыппысың?

Бұл Жақыптың әкесі Ыбырай еді. Жақып атын байлап жатқанда, Ыбырай есігінің алдына барып:

— Кемпір! Бармысың?.. Балаң келді!—деді.

Бүкшеңдеп қара кемпір шықты, Жақыпты құшақтап, бетінен сүйді.

— Ұят-ай, дардай жігітті бетінен сүйгені несі,— деп әзілдей күліп, жамаулы шапаны желмен жұлқыланып, жастау әйел де шықты.

— Қой, кет әрі, оңбаған күң... Шүйке бас алғанша, қалқам өзімдікі!— деп, кемпір кезінен шыққан жасын күпісінің жеңімен сүртті...

Аласа, тар земенке. Сығырайған терезе. Ескі алаша. Құрым киіз төсегі бар. Есік жақ көң, шөп-шалам, бұзау байлаған қазық, іліп қойған ер-тұрман. Төлдің қиының иісі кіріп барғанда мұрынды жарады.

Үй іші жадырасып, қуанысып той түсін алды. Жас әйел шелегін салдырлатып, күлді бұрқыратып, тамақ істеуге кірісті. Қара кемпір айналып-толғанып, Жақыптың жанында бәйек болып жүрді. Ыбырай шал, пешке арқасын сүйеп, төсегінің үстінде отырып, Жақыпқа көзін қадай түсіп:

— Тоба, тоба... Бергеніңе шүкір!— деп қойды.

Бұл өмірдің таңы ғой. Бұдан бұрынғы өмір — қарғалған өмір. Осы үйдің ішіндегі Ыбырай, қара кемпір, ана бет-аузын жүн қаптаған еңгезердей қара жігіт — өткен өмірің малайлықпен шіріткен адамдар, кемшілік, жоқшылықтың не түрлі зардабын тартқан адамдар.

Ауыл адамдары жиналды. Аудан сөз болды. Ауданда істетіп жатқан жұмыстарды сұрасты.

— Біздің артелімізге биыл да тұқым бере ме екен?— деп, тышқан көзденген қара жігіт сұрау берді.

— Артель демекші, мына "Бозғай артелі" қарыз серігінен көп ақша алды деп есіттім, соның жөні қалай?

— Жақып-ау, өзіңнің ашқан артелің еді ғой, қазынадан жәрдем болса, көбірек бергізу жағып қамдасайшы...

— Бәсе, Ерман неғып соны айтпай отыр деп ем.

— Жақыпқа айтпағанда, кімге айтайын?! Кедей елміз. Артель болғалы шырайымыз шығып келеді. Үкімет қаржысын далаға жібергеміз жоқ, бізге берсе, көзге көрінеді. Мектеп салдық, дүкен аштық, ячейка ұйымдастырдық. Осыны басқа ауылдарың дұрыстап істей алып отыр ма?— деп тышқан көз, қара жігіт — Ерман көтеріліп қойды.

Ерман кедейдің ішіндегі белсенді, өмірінің көбін малайлықпен өткізген. Жоқшылықтың не түрін басынан кешірген. Үй болып, ел қатарына қосылғаны үш-төрт жылдың ішінде ғана. Бұдан екі жыл бұрын, Жақып партия мектебінен оқып, аулына келіп, артель ашу туралы сөз қозғап еді.

— Осыны үкімет айтып отыр ма?— дейді Ерман,— үкімет айтса, біздің зиянымызға айтпайды. Біз үкіметтің кедейіміз. Көрінген байға қолжаулық болып, шыдауында жүргенше, өз алдымызға өмір құрайық. Кел, бірігейік!— деп, Ерман өзі сияқты кедейлерді үйірілтіп алып кетіп еді. Сол жерде артель ұйымдастырылып еді. Артельдерінің атын "Жаңа күш" қойып еді. Артель бастығы болып осы Ерман сайланып еді. Ауданға барып тіркетіп, ақшадай, тұқымдай көмек те алып еді. Салған егіндері бітік шығып, артель шаруасы қорлануға айналып еді. Артель мүшелерінің саны бастапқы 20 үйден өсіп, 50-ге жетіп еді. Мүшелері өскен сайын жұмыстарын кеңейте түседі. Уақытша болса да шымнан мектеп үйін салады, аудандық кооператив дүкенімен жағаласып жүріп, Ерман "Жаңа күш" артелінің атына дүкеннің бөлімшесін аштырады. Биыл осы ауылға бір науқанмен Бөрібай келіп, кедейлер артелінің жұмысына шын риза болып, қуанады. Ерманды үгіттеп, артель жанынан партия кандидаттарының тобын құрмақшы болады. Қазіргі ячейкасы сол. Ерман хатшы. Мүшесі тоғыз — бәрі батырақ, кедей...

— Біз саған өкпеліміз!— деді Ерман Жақыпқа,— көзсіз көбелектей, көрінгенге қолжаулық болып отырған ауыл едік. Басымыз қосылса — енді қосылып отыр. Бұдан бір-екі жыл бұрын осы көлдің басында үй саны онға толмайтын еді. Кәсіп үшін, тамақ үшін бәрі бытырап, көрінген байға қолжаулық болушы еді. Сен оқуға кіргенде қуанып едім. Кедей едік, аз атанын баласы едік. Тым болмаса, Жақып оқып шықса, ортамызға ұйытқы болып, басшылық істер,— деп едім.

Басшылығың болды, оны жасырмаймын, осы артельді сенің арқаңда ұйыстырдық, сенің айтқаның себеп болды. Бірақ, содан қайтып бізге қол үшын бере білмедің. Біз не білеміз? Ең арғысы артельдің уставын да дұрыс ұғынбаймыз. Артельдің істейтін жұмыстары толып жатқан көрінеді, соның бірін де істей алмай отырмыз. Мен саған мынадай бір сыр айтпақшы едім. Осында отырғанның бәрі де айтқысы келіп отырған шығар, біздің дүкеніміздің приказчигі Жүніс дейтін — қасқырдың бөлтірігі ғой. Әкесі Дәуіт — дәулетінің, беделінің арқасында елге не істемеп еді?! Дәуіттің қамшысының дағы жұрттың көбінің арқасынан әлі күнгі кетіп болмаған шығар. Осы Дәуіттің баласының біздің дүкенге приказчик болып келуіне сен себеп болды деп естігем. Дәуіттің бір баласы Қасым ауданда жауапты қызметте отыр. Басқа кісі білмегенмен, Қасымның жайын сен білесің. Ондағы партия орнына, ондағы жолдастарыңа айтып түсіндіріп, Қасымды әлдеқашан тайдырып жібермессің бе?! Жүністің былығын айтпақшы едім-ау... Биыл қыс дүкенге бір рет көп товар келді. Басқарманың жиналысын істеп, мүшелерге бөлдік. Мүше басы 25 метрден келді. "Бұлай бөлулерің қате. Мүшесінің көбі кедей, 25 метр көздеме алатын оларда ақша болмайды"— деп Жүніс қарсы түсе кетті. "Ақша табылмаса, несиеге товар беріп, басымды сотқа іліктіре алмаймын"— деп приказчигіміз қарысып отырып алды. Мен оған көнбей, тең қылып бөлдірдім. Ертеңіне жұрт күңкіл шығарып жүр: "Дәуіт келіп, матаны қотарып жатыр" деп. Жүгіріп барсам, Дәуіт күбідей болып дүкенде отыр. Көздеме алдында таудай болып үйіліп жатыр. Жүніс әлгі товарды шетінен өлшеп жыртып жатыр. Басқа жұрт маңына бара алмай ығысып, кейін тұр. "Мұның не?"— десем, Жүніс танауын көтеріп:— "Кімде ақша болса, товарды соған беремін!" дейді. Күйіп кеттім, полкеден қарғып түсіп, кезді қолынан жұлып алдым. Екеуміз шарт та шұрт болдық та қалдық. Ауданға бұл әңгіменің қалай құлпырып жеткенін өзің де білесің. Міне, осы оқиғадан бері байлар бізге қатерін тігіп отыр. Не түрлі пәленің бәрін бізге үйіп, мүшелеріміздің ішіне ірткі салуға кірісіп отыр. Кеше Жиенбай басқармаға арыз әкеліп берді: "Артельден шығамын"— дейді. Неге шығатын себебін өзі айтпап еді, қатындар арқылы есіттім, бір өсек тарапты: "Артель мүшесінің бәрі еріксіз коммуниске жазылады, қыз-қатындар ортаға түседі" депті. Жиенбай діншіл адам ғой, соған нанып кетіп отыр. Жиенбайға еріп Қожық, Сейіл де шығамыз деп отыр... Міне, біз осындай күйге ұшырап отырмыз. Өсек таратып отырған байлар. Біздің басымыз құрала бастаған соң, біздің жұрт бола бастағанымызды көрген соң, осының түбі жақсы болмас дегендей, олар, енді, таласуға кірісіп отыр...

Ерман қыза келе, бірсыпыра сырдың бетін ашты. Жақып өзінен өзі ойланып отырып, ұялайын деді. Ұялатын жөні бар. Жақып шынында да "Жаңа күш" артелін есінен шығарып еді. Екі жылдың ішінде үйінің табалдырығын аттап отырғаны осы-ay. Түрлі жұмыстың, науқанның қызығына түсіп кетіп отырды. Мектепті бітіріп келген жылы, бастап жұмысқа кіріскен жылы бет алысы жақсы еді, екі сөзінің бірі кедей туралы еді, кедей арасында істеген жұмысқа жан-тәнін салып, кірісетін сияқты еді. "Жаңа күш" артелін бастап ұйыстырғанда, Жақып көп сөйлеп еді, тыңдаған адам елжірегендей жалынды сөздер айтып еді.

"Жаңа күш" артелінен Жақып, ол уақытта көп нәрсе күтетін сияқты еді. Сол күткені болып па? Болыпты! Артель шын ұйым болуға айналыпты. Артель мүшелерінің санасы өсіпті. Ауыл өмірінде тап жігі айқындалып ашылыпты. Күні кешегі өз басынын қамынан аса алмай жүрген Ерман, бүгін көп жұмысын қолына ұстап, көптің тілегі үшін күресіп, әлеумет қызметкері болуға аяқ басыпты. Аз уақыттың ішінде нақ осындай бола қояр деп, тап сол кезде, Жақып сене қойған жоқ еді. Жақыптыкі ол кезде құр елес, қиял сияқты еді...

— Неге үндемейсің, Жақып? Әлде мен қатты айттым ба?.. Ұялып отырсың ба? Үндемегенің — айыбыңды мойныңа алғаның. Жеңеше, мен саған бірдеме айтайын ба?— деп, Ерман қара кемпірге қарап күлімдеді.

— Не айтпақшы едің? Әзіл сөзің болса, өзімізге айтсайшы, зәуімен бір келе жатқанда, қалқамның мазасын ала бергенің не?- деп қара кемпір баласына ара түсті.

— Әй, жеңеше-ай, білмейсің ғой, осындай оңашада, үйге келгенде қысып қоймасақ, кеңседе мұнымен сөйлесу қиын. Бұл төрелікке салынып кетуден таңбайды. Осының құлағын бұрап отыратын бір шүйке бас әперіп, сонсоң ауылға ұстап отырсақ деймін, сосын бұл бізге келгіш болар еді. Келген сайын жұмысымызды істетіп алып, көтеріліп қалар едік...

Ерман ойынды, шынды араластырып отырып, Жақыпты сөзбен тоқпақтап ұрып болды. Жақыптың кінәсін мөлдіретіп мойнына салды. Жақып міндетін жаңа ұғынғандай болды. Ел жұмысына бастап кіріскенде, осы міндеттің бәрі ойында сайрап тұрған сияқты еді. Соны істеуге өзі сертпен кіріскен сияқты еді. Бірақ істей келе адасыпты, беті бұрылып кетуден де сау емес. Бір кезде кедей тілегін арман қылып жұмысқа кіріссе, істей келе, сол кедейін жоғалтып алыпты. Елдің бәрін бір сияқты көріп кетіпті. Жұмысты кедей үшін деп айырмай, "ел үшін" деп істейтін қалыпқа түсіпті. Райком хатшысы Бөрібайдың байланыса беретін себебін Жақып, тап осы жерде шындап ұғынғандай болды.

— Сөзің рас, Ерман, мен кінәні мойныма аламын! Жұмыс басты болдым. Қолым тимеді, мен сендерге бұрыла алмадым. Бұдан былай жұмыстарыңа көмектесуге, жиі келіп тұруға уәде берем!— деп Жақып күрсінді.

— Е, бәсе, осы сөзді айтшы. Менің сенен тілегім осы. Біздің жұмысымызға шын араласатын болсаң, артель басқармасының жиналысын шақырып отыр едік, жүр, ішінде бол,— деп, Ерман көтеріліп қалды.

— Байғұс-ай, саған не болды? Үйге келгені жаңа ғой,—деп қара кемпір ара түсіп еді, Жақып пен Ерман оған қараған жоқ, үйден шығып та кетті.

Ауылдың ересектері, әйелдері жиналып мектеп үйінде толып отыр. Шымнан салған үлкен үй. Іші қара көлеңкелеу. Қатарлап тізілген парта, қара тақтай. Семізше келген, бітік көзді сары жігіт — мектеп мұғалімі.

— Қане, Биғанша, тақтаға шығып: "Сиыр сау" деген сөзді жазшы,— дейді мұғалім.

Тапалтақ бойлы қара әйел орнынан ұшып тұрса да, әлде неден ұялып, тақтаға барар-бармасын білмей, екі оқтылау болып тұрды.

— Барсайшы, Биғанша, жоқ жерде ұяла қалатын нең,— деп Үміт дейтін ноқталы бет әйел оған ұрсып тастады.

Биғанша тақтаға барып, ақ борды қолайсыздау ұстап, мұғалімнің айтқан сөзін баданадай қылып жазды.

— Дұрыс жазылды ма?

— Жоқ, дұрыс емес, "сиырдың" орнына "сыр" деп жазды...

Жас әйелдер, жас жігіттер жайшылықтағы әзіл-қалжыңын былай қойып, бар ынтасын оқуға салып отыр. Екі көздері тақтада, мұғалім бір сөз айтса, соны дұрыс ұғып алуға ынтық болып отыр.

Артель басқармасының жиналысы мектепте ашылды. Оқуға келген әйел-еркектердің көбі тарамастан отырды. Күн тәртібіндегі мәселе — егіс жоспарын өсіру туралы.

Ерман күн тәртібін жариялап болып:

— Мына Жақып осы артельді бастап ұйыстырған азаматымыздың бірі еді. Бүгін мәжілісімізге кез келді. Қаралатын мәселе өте үлкен. Сондықтан Жақып баяндама істесе екен деймін, бұған қалай қарайсың, жолдастар — деді.

— Мақұл!— деп жұрт шу ете түсті.

Жақып баяндама істеді. Отызға тарта адам, еркек-әйел аралас, үн шығармай тыңдап отыр. Баяндама маңызы — жаңа өмірдің желісі. Тыңдаушылардың қалпында таңданғандық, Жақыптың сөзін жатсынғандық жоқ. Жақыптан осы сөзді естуіне құмартып отырған секілді.

Жақыптың ойы бір секундтың ішінде аласұрып, өткенді бір шолып өтті. Бұдан бес-алты жыл бұрын бұл көлдің басында 8-9 үйден аспайтын үй болушы еді. Сол үйлердің адамдарының өзі бытыраңқы, нақ осы кездерде жазғы кәсіпке қамданып, көрінгенге жалданып кететін. Жаз жұмыстан қолдары босап, бастары қосылса, бірер үйдің қасына жиналып, қайдағы жоқты сөз қылумен болатын, елдің өсегін теретін, әлдекімдерді сыртынан нәлеттеп, плат, дау-шарлардың кеңесімен күндері өтетін. Ол — күні кеше болған күй. Қазір ше? Қазір одан өзгерген. Қазіргі ауыл тілегі — ескі жыр емес, еңбек жыры!

Бірақ, ауылдың бәрін осылай деп кесіп-пішу қиын. Өзгермеген ауылдар да бар. Ескіліктен тістесіп, айрылмай отырған ауылдар да бар.

Жақып баяндамасының аяғында:

— Көптен келген жоқ едім, күйлеріңнің қандай екенді маған қараңғы еді. Бүгін көріп, өз көзіме өзім сенбей отырмын. Екі жылдың ішінде адам нанбастық болып өзгеріпсіңдер! Мен алдында отырған осы көпті, бұрынғы ауылдың адамы деп отырғам жоқ, жаңа өмірдің іскері деп отырмын. Жұмыстарыңның іргесі қаланыпты. Қаланғанда — мықты қаланыпты! Осы беттеріңнен танбай, жұмыстарыңды бұдан да өркендете түсуге жаңа жұртшылық тілектес деді.

Тыңдаған жұрт жайраңдасты. Біреулер алақан ұрды. Ерман жымың-жымың күлді.

Жақып аулында екі күн болды. Екі күннің ішінде бірсыпыра жұмыстарымен танысты. Алдағы жұмыстарына жоспар құрып берді. Бұдан былай үзбей келіп тұратын болды.

* * *

...Жақып тағы ауданда. Омардың үйі аса құрметтемей, салқын ғана қарсы алды. Омар жайбарақат отыр. Егіске әзірлік жұмысы ойына кіріп те шығатын емес. Екі тілді соқасы қыс бойы албардың аузында салқамданып жатушы еді, әлі сол күйінде, түзетілген жоқ.

— Уа, балам, есен-сау келдің бе?— деп, Омар күңк етті де қойды.

Рақила іс тігіп отыр. Көзінің астымен бір рет қарады да қойды. Жақып Рақилаға көзін қадай қарады. Бұрын тіке қарай алмайтын. Қарауға көзі ұялатын, бұл жолы ұялмады, қарады. Қарап еді, Рақила туралы жүрегіндегі сезім тарамданып сирей бастапты. Жақып, Рақила бұрын жұрттан асқан сұлу деп сенім келтіруші еді, бұл жолы қарағанда, олай болмай шықты, Рақилада ешбір артықшылық жоқ жай ғана әйел, бойжеткен қыз. Ажары қара торылау, танауы делдек, көзі өткірлеу, бар пішіні осы. Осыдан басқа дым жоқ. Бір кезде Жақыптың осыған құмартуы рас па?— Рас. Қазір ше? Бұл жағы енді күмәнді, Жақып қанша қараса да өзінде ешбір құмарлық бар деп ойламады.

...Жақып аудандық атқару комитетінің үйіне кіріп барғанда, атком бастығымен сөйлесіп отырған бір әйелге көзі түсті. Шырамытты ма, әлде, көзі түсіп кетті ме, әйел де қарады.

— Е, Жақып, есен-сау келдің бе?— деп атком ағасы Ырысбек, әйелмен сөзін бөліп, Жақыпқа бұрылды — Таныс бол, 4-ауылдағы мектеп мұғалімі Рабиға Сәтпайқызы,— деп Ырысбек Жақыпты әлгі әйелмен таныстырды.

Рабиғаны Жақып сырттан білетін. Қалада оқып жүрген кезінде бірер ұшыратқаны бар еді. Ол кезде жүз тоқтатып танысқан жоқ, одан бері кездескен де жоқ еді.

— Жақып жолдас, сізге мен өкпелімін. Биыл балаларды мектепке аларда, Ермағанбеттің баласын мен алмадым. Алмағанда, Ермағанбетпен ашу-араздығым болған емес. Мен бұл ауданға жаңа келіп отырмын ғой, ел кедейлерінің арызымен алмап едім. Ермағанбет ескі кезде болыс болған кісі дейді. Өзі қара тізімде, дауысы жойылған көрінеді. Сол Ермағанбеттің баласын "мектепке ал" деп қалай записка жазып жүргеніңізді біле алмай-ақ барамын. Бір жолықсаңыз айтармын деп жүр едім,— деп, Рабиға салқын жүзбен сөзін бітірді.

Сөзінде, ажарында ешбір құбылу, жас жігіттердің алдында әйелдік белгісін көрсету сияқты қалып атымен жоқ, осы сөзді айтып отырған Рабиғаға қарап: жаңа құрылыс жұмысына белсеніп кіріскен ердің бірі,— деп ойлайсың да қоясың.

...Ие, Жақыптың записка жазуы рас. Жақып онда салық жұмысымен елге шығып еді. Салық жұмысымен шығып отырып, Ермағанбеттің үйіне қонған, тоқтысын жеген. Ермағанбеттің кейбір сөздерін ұйып тыңдаған да, Ермағанбет осы әйел мұғалім туралы да өсек сөз айтты. Жақып оның сөзіне нана қойған жоқ. Нанбаса да, мұныңыз өсек деп Ермағанбеттің бетін қайыра білмеді. Қонақ асын жеп отырып, Ермағанбет сияқты ірі адаммен сөз таластыру — қазақшылық көзімен қарағанда ерсі де ғой.

— Ол менің қатем, Рабиға жолдас, ол қатемді түгелінен мойныма аламын. Жолдастық ретімен қатемді ескерткеніңізге алғыс айтамын,— деп Жақып түсінді.

"Осы мені кекетіп тұр ма?"— дегендей болып Рабиға Жақыптың бетіне қарады. Жақыпта кекету жоқ, айыбын мойнына шын алып тұр. Бұл шын коммунистің істейтін ісі. Рабиға Жақыпқа шын риза болған адамның түсіне кірді.

— Жақып жолдас, сізге риза болдым. Қатені мойынға ала білу — коммунистің белгісі. Ермағанбеттің үйіне қонғаныңыз — сіздің ірі қатеңіз еді. Мен сізді мойнына алмас, қарысар деп жүруші едім. Осы күні өзінше аяқ астынан қисын тауып жүргендер аз ба?! Ондайдың көбі Ермағанбеттерге шын қамқор болып жүреді. Жаңылу деген болады. Жаңылғанын мойнына алмағаннан жаман не бар? Мен сізге, енді, өкпемді қояйын, қолыңызды әкеліңізші, татуласайық!— деп Рабиға күлімсіреп қолын созды.

Жақын қолын беріп жатып, арсалаңдап күлді.

Сол күні партия жиылысы болды. Күн тәртібіндегі мәселелер аяқталып келгенде, партияға кіремін деушілердің арызы қаралды. Арыз берушінің бірі — Қасым Дәуітұлы болып шықты. Ұя хатшысы Қасымның арызын оқып шықты.

— Қасым туралы бюроның пікірі не?— деп Жақып сұрауды тіке қойды.

— Әрине, орташадан қашпаймыз ғой, бюро кандидатқа алуға ұйғарды,— деп хатшы күмілжіп барып жауап берді.

Қасымға сұрау тұс-тұсынан жауып жатыр. Сұрауды тікесінен беріп тақымдап отырғанның бірі — Жақып:

— Әкең қай тапқа жатады деп білесің? Әкең неше жыл би болды? Жаңа құрылысқа икемделуің қалай? Ауылдағы коллектив құрылысына әкеңнің кедергілері болған жоқ па?..

Осы сияқты сұрауларды Жақып түйдек-түйдегімен бұрқыратты.

Қасым қанын ішіне тартып, сұрланып-ақ алды. Жақыптың сұрауына жауап берудің орнына, қарсы жала жабуға кірісті.

— Жақыптың бұл сұрауды не үшін беріп отырғанын мен білемін, басқа жолдастар да жақсы білсе керек. Сондықтан жауап бергім келмейді,— деді ол.

Рабиға сөз сұрап алып, орнынан тұрды:

— Жақып пен Қасымның арасында не бары бізге қараңғы. Бізге қазір оның керегі де шамалы. Біз қазір Қасымды ғана білеміз. Партияға алғалы отырған адамымыз — Қасым. Сондықтан Қасым туралы Жақыптың беріп отырған сұраулары, меніңше, нағыз орынды сұрау. Бұл сұраулардың жауабын есітпей, Қасымды партия қатарына алсақ, біз мықты адасамыз. Қасым жолдас жаңағы сұрауларға жауап беріп өтсе екен деймін.

Аудандық халық тергеушісі Тәжен дейтін сөз алып, Қасымды жақтай сөйледі:

— Жолдастар, бет алды солақайлықтың, орынсыз қызарудың жөні жоқ. Әр нәрсенің де реті бар. Жақыпты да білеміз. Жақып кедей баласы. Кедейлігін арқаға таңып, өзімнен басқа адам коммунистікке лайық емес деуі орынсыз...

— Қателеспе, мен олай деп айтқан жоқпын,— деп Жақып оның сөзін бөлді.

— Неге айтпайын деп едің, айтып отырсың. Айтуға ыңғайланып отырсың.

Жақып орнынан ұшып тұрып, мәжілістің тәртібі туралы сөйледі.

— Мәселе Қасымды партияға алу туралы. Қасымның арызы оқылды. Қасымға сұраулар берілді. Ол сұраудың біріне де жауап алынған жоқ. Жауап алынғаннан кейін айтыс сөз басталуы керек еді. Бірсыпыра жолдастар майдандасуға белін буып келген екен, онысын айтыс сөзде айтсын, әзіріне Қасым сұрауға жауап берсін! Мәжіліс тәртібі осы. Осы тәртіпті басқарушылар бұзбай алып барса екен деймін,— деді Жақып.

Қасым шындап қысылды. Жұрт өзара күңкілдесті. Жақыптың ұсынысы дауысқа салынып, қабылданды. Берілген сұрауларға Қасым ұшынан-ұшынан ғана жауап беріп құтылмақшы болып еді, Жақып одан жаман қазбалап, сұрауын өршіте түсті.

Айтыс сөзде бірінші болып Жақып шықты:

— Жолдастар, Қасым туралы менің сөйлегенімді шам көріп отырған адамдар да осында жоқ емес. Олар шам көреді екен деп мен білгенімді айтпай тұра алмаспын. Мен сөзімді партия жиылысының алдында айтып отырмын... Қасыммен дұшпан екенімді ешуақытта жасырмаймын. Дұшпан болғанда, өз басымның пайдасын көздеп дұшпан болып жүрген жоқпын (олай ойлаушылар мықты адасады), тап жолымен дұшпанмын. Қасым менің тап дұшпаным, Менің елім "Телеу" атанады, осы елде кірме. Баяғыда Қасымның аталары құлданып әкеліпті. Кеңес өкіметі орнағаннан бері ғана теңеліп отырмыз. Оның ар жағында бізді "құлдар" деп айтатын. Қырық үй телеу "құл" атын тағып, Қасымның әкесі Дәуіттің есігінде жүріп өмірін өткізген. Соңғы жылдары телеу есін жинады, ел болды, артель ашты, мектеп салды, кооператив ашты... Дәуіт неғып отыр?! Дәуіт ауыл ішіне не түрлі өсек жүргізіп, артельді елге құбыжық қылып көрсетіп, артель мүшелерінің ішіне іріткі салып отыр. Дәуіт осыны кімге сүйеніп істеп отыр? Қасымға сүйеніп істеп отыр. Дәуіт бұрын ел тізгінін өзі ұстап келсе, енді баласы арқылы ұстамақ болып отыр. Дәуіттің беделі бұрынғысынан артпаса, кемімеген. Қит етсе, Дәуітке барып ақылдасып жүрген шаруа толып жатыр...

Жақып ұзақ сөйледі. Дәуіттің, Қасымның жаман жағын түгел ашып берді. Қасымды партияға алу түгіл, Қасымға кепіл болған партия мүшелерін жауапқа тарту керек — дегенге шейін барды.

Жақыптан кейін Рабиға сөйледі. Одан кейін бір-екі батырақ шығып сөйледі. Ақырында, Қасым партияға жат адам саналып, алынбайтын болды.

Түнгі сағат 12-де жиылыс тарады. Жақып Рабиғаны пәтеріне шейін шығарып салатын болды. Қараңғы түнде екеуі қолтықтасып келе жатты. Сөздері — артель туралы, ауылдағы жаңалық туралы, жаңалыққа кедергі болып отырғандар туралы.

Апрель ішінің тынық түні мүлгіп, көңілді сергітіп, жүректі қытықтаған сияқтанады. Жақып та, Рабиға да, сөйлесіп келе жатып, ауыр күрсінді.

— Қазіргі кездегі жұмыс — нағыз қызық жұмыс қой. Бірақ адам жалғыздықтан жалығады екен. Пікір алысып, күш қосып отыратын жолдасың болса, қанша істесең де жалықпас едің-ау — дейді Рабиға.

— Дұрыс айтасың,— деп Жақып оны мақұлдайды.

* * *

Ертеңгі шәйді ішіп отырып, Омар Жақыптан сөз тартпақшы болып, ячейка жиналысында қандай мәселе қаралғанын сұрай бастады.

— Сіз партияда жоқсыз ғой, сізге айтуға болмайды,— деп Жақып оған қысқа ғана жауап берді.

— Шырағым-ау, бәріміз қазақтың баласы емеспіз бе? Сондағы сөйлескендерің осы қазақтың қамы шығар,— деп Омар жымыңдады.

— Жоқ, жалпы қазақтың қамы емес.

— Ал, сонда кімдікі болды?— деп Омар бұл жолы тікелеп қарай қалды.

— Біз қазақты жалпы алмаймыз, отағасы, қазақтың ішінен айырып шығаратынымыз бар: байларды, молдаларды, ескі атқамінер қуларды бөліп шығарып тастап, кедей мен орташаны ғана аламыз.

— Біз қайсысына қосыламыз?— деді Омар жымыңдай күлген боп.

— Сіз атқамінер табына қосыласыз,— деді Жақып сұрлана сөйлеп.

Омар сескенейін деді. Шын айта ма дегендей, Жақыптың бетіне тікелеп қарады. Шын айтып отырған адамның түрі, күлмейді.

Рақила да, Айжан да бірсыпыраға шейін аң-таң боп Жақыпқа қадалды.

— Осы, шырағым, сенен бір сұрайын деп жүргенім бар еді. Біздің ауылнайымыз желөкпелеу. Елмен ақылдасып іс істей білмейді өзі. Елге тізе көрсету де ойында бар. Бұрнағы күні сол шіркін маған келіп: "Сен биыл10 десе егін саласың" дейді. Былтыр тоғыз десе салып едім. Биыл салуға ретім келетін емес. Сол жайымды айтсам, тыңдайтын емес. Кеңсеге барып Қасымға жолығып едім: "Ауылнайдың онысы қате, зорлау жоқ", дегенді айтты. Сосын барып жүрегім орнына түсті,— деп, Омар ұзақ сонар сөзді айтып келе жатыр еді, Жақып оның сөзін бөлді:

— Қасымдыкі қате. Былтыр тоғыз десе салған болсаңыз, биыл 10 десе салуға тиіссіз. Салмаймын дегеніңіз дәлелсіз. Салмайтын себебіңізді айтпай-ақ білеміз!

Жақыптың мына сөзі Омарға шоқпардан кем тимеді. Ол кібіртіктеп, сөйлей алмай қалды. Жақыпқа алақ-жұлақ қарай берді.

* * *

Аудан тұрған ауылды жинап, артель ашу туралы үгіттемекші болып, Жақып Рабиғамен сөз байласып еді. Ол сөзін орындады. Ауыл адамдарын түгел мектеп үйіне жинады. Жиылысты шақырып, басқарып жүрген Қалабай. Жиылысқа Омар да келді. Баяндаманы Жақып істеді. Қосымша баяндаманы Рабиға сөйледі. Сұрау үсті-үстіне жауды. Бірсыпыралары шығып пікірін айтты. Ақырында, талқылай келе, аудан тұрған ауылда "Үлгі" атты артель ашуға қаулы жасады. 20-дан аса мүше сол жиылыстың өзінде жазылды. Омар кіремін деп еді, ол мүшелікке алынбады. Артель жұмысын басқарысып отыруды Жақып өз үстіне алды.

— Екеуміздің пікіріміз де, ісіміз де үйлеседі екен, Рабиға, қосылып іс істесек, қандай оңды болар еді, ә?— деп Жақып күлді.

Рабиға күлімсіреген күйі үндемеді.

— Қосыламыз десек, бізді қоспай жүрген кім бар?— деді Рабиға бір кезде.

— Бәсе,— деді Жақып жайраңдап.

Содан былай Жақып пен Рабиға тобын жазбай жүретін жолдас болды. Бірін-бірі жоқтап іздейтін болды. Күндіз-түні сөйлессе де, сөздері бітпейтін болды. Сөйлескен сайын ынтығулары күшейе беретін сияқты болды.

— Ау, сендер осы неғып жүрсіңдер?— деді Бөрібай бір күні Рабиғаға.

— Мұндай да сұрау болады екен,— деп Рабиға күлді.

— Жоқ, шын сұраймын.

— Мен де шын айтып тұрмын.

— Ендеше, жұрт өсектеп те кетіпті.

— Өсектен қорқа алмадық,— деп Рабиға тағы күлді.

— Қолыңды әкел, құттықтаймын!

Жақып анадай жерде отырып, арсалаңдап күлді.

Бөрібай аз-кем ойланып отырып, ағалық ретінде сөз айтты:

— Екеуің де коммуниссің. Біріңе-бірің теңсің. Біріңді-бірің ұнатқан екенсің, қосылыңдар, ешкімнің де қарсылығы жоқ. Біздің тілегіміз — жігерлеріңнің бәрін іске салыңдар. Жастық құрып, желкілдеп жүретін заман емес. Істейтін жұмыстарымыздың мыңнан бірін әлі толық орындап болғамыз жоқ. Осы естен шықпау керек. Біріңе-бірің жолдас болғанда түпкі серт — осының жолына басты бәйгеге тігу болсын!— деді.

Жақып пен Рабиғаның қосылғанын өсекші әйелдер өздерінше құбылтты:

— Неке жоқ, той жоқ, бетім-ай, бұл не деген масқарашылық!— деп, бетін шымшылаған әйелдер болды.

— Коммунистің заңы солай ғой, "мая-твоя!" деп жүргенін көрмейсің бе?— деп, білгішсіп жөн айтқандар да болды...

Бұған жалғастыра ауыл өсекшілеріне ермек болған бір оқиға — Омардың қызы Рақила болды. Мырзағұлдың баласы милицияға арыз айтып, қызды әкетпекші болса, Омардың қызы Рақила:

— Бұл менің өмірге көрмеген-білмеген жігітім, бұған тиемін деп еш жерде айтқан емеспін,— деп қарысып тұрып алады.

Мырзағұл сасып Омар құдасына жолықса:

— Мен қайтейін, баланың еркі өзінде,— деп Омар жүре жауап береді.

Омар мен Мырзағұлдың арасындағы "құдалық" сауда жұртқа жасырын болғандықтан, жұрт Мырзағұлдың баласының мына жұмысын мықты бассыздыққа санайды, "заманның азғандығына" апарып тірейді.

— Мырзағұлдың баласы коммунист екен, сондықтан істеп жүрген жұмысы екен,— деушілер де табылады.

* * *

Рабиға мен Жақып істейтін жұмыстарына бірден жоспар жасады. Жоспар бойынша Рабиға Жақыптың ауылына "Жаңа күш" артелінің жұмысына басшылық істеуге жүріп кетті. Жақып "Үлгі" артелін қолға алды. "Үлгінің" жұмысын нағыз үлгілі жолға салуға кірісті: жұмыс көліктерін, машина-саймандарын түгел ортақтастырды, адам күшін әр жұмысқа арнап бөлді. Егін салатындарды бірнеше бригада ғып бөліп, әр бригадаға бастық сайлады. Артель басқармасының бастығына Қалабай сайланды.

Майдың 3-і күні "Үлгі" артелінің мүшелері бес бригада болып бөлініп, соқаларын жегіп, қызыл туды желбіретіп, "Көктеректің" бауырына келіп түренін тіреді. Көктеректің бауырындағы құйқалы қара топырақ бірінші рет аударылып, қалың көденің тамыры бірінші рет бытырлап үзілді...

Жақып сол күні Рабиғаға хат жазды. Хатының орта шенінде былай деді:

"...Үлгі" бірінші жұмысын үлгілі түрде бастады. Көктеректің бауыры желбіреген ту, айналып жатқан соқа, қайнап жатқан еңбек. Еңбек болғанда бытыранды, берекесіз еңбек емес, бірігіп тұтасқан күшті еңбек! "Үлгі" жұмысы бірінші адымында ел назарын өзіне тартып үлгірді. Аз уақытта қалың көпшіліктің осы жолға бас қосатындығына сенемін!.."


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз