Күлтай болыс

Алғашқы ерімен екі жыл отасып, ері өліп Күлтай жесір қалды. Ері өлгенде Күлтайдың қолында бір ат, бір бұзаулы сиыр, жазғы-қысқы үй, салқамданған сайман қалды. Күлтай осы үйдің босағасын аттап кіргеннен Жұмабай дейтін қайның бар деп естіп, бірақ жүзін көріп танысқан жоқ. Жеңгелі болған екем-ау деп, Жұмабай қайнысы іздеп те келген жоқ. Ағасы да оны елеп еш уақытта аузына алмайды. Тек күзге қарай сотым кереккенде, ауылнай сбор жинап ақша тап деп қысқанда ғана ағасы әлгі Жұмабайды іздеп барып, тұрған жылының еңбек ақысын алып, алдағы жылға тағы шегелеп кетеді. Күлтай кейде осы қайнысы туралы ойланып:

«Я асқан данышпан шығар да, я дым білмейтін милау шығар», — дейтін.

Күйеуі өлген Күлтайға ие көбейді. Қатыны бар тұрса да, «жақындарының ішіндегі бой-басы түзуі мен ғой» дегендей боп Бірмағамбет қырындап Күлтайды өзіне икемдей бастады.

Aт жеңінен тым жақын болмаса да «Нұрпейіс ақсақалды, риза қылсам маған керте болатын кім бар», деп, қатыны өлген Әжігерей мырза иемденді. «Қарындасымды ешқайсыңа қолжаулық қылмаймын, алам дегенің менімен сөйлесіп аласың» дегендей боп, Күлтайдың елдегі ағасы да келіп жағалады. Жұмабайды есіне алған, о да осы үйдің адамы ғой деген жан болсайшы...

Абдол дейтін Күлтайдың немере ағасы мына Нұрпейіспен шек-қарыны араласып жатқан адам. Нұрпейістің өкшесін баса атқа мінген бөлтірік қой. Сондықтан Некеңнің нұсқағанынан ол қайда кетсін, қарындасын Әжігерей мырза демдеп, үгітке кірісті:

— Аш-жалаңаш болмайсың, өзің би, өзің төре боласың!.. — дейді Абдол қызықтырып.

Күлтай бұлардың мұнысына ғажаптанып:

— Апырым-ау, осы үйдің тағы бір адамы бар емес пе еді? — десе:

— Ойбай, атама, ол саған тең емес, онымен күн көре алмайсың! — деп Абдол без-без етеді.

Күлтай абысын-ажындарымен сөйлесіп, Жұмабай туралы; сөз тартып көрсе:

— Жуас бала еді, үндемейтін еді, бұл елден кеткелі көп жыл болды ғой, — дейді.

Абдол ағасы жымыңдап, Әжігерей мырзаға икемдеген сайын Күлтай шалқая түседі. Абдолдың мақтаған сөзі Күлтайға шаншу болып қадала береді.

Күлтай қыз күнінен Абдолға қарсы болып есті ғой. Күлтайдың бірге туысқан ағасы бар еді. Сол кезде оқып жүруші еді. ; Күлтайды өлердей жақсы көріп, жас күнінен баулып хат тануға себеп болып еді. Сөйтіп жүргенде Абдол атасы Күлтайды бір кедейге бермекші болып малын алып еді. Арада бірер жыл өткеннен кейін «қаталасыппыз, күйеуің кедей екен, жасы да қырыққа1 келіп қалған екен, тегі саған ол тел болмас, басқа біреу табайын», деп сонда Абдол ағасы бір азғырып еді. Әлгі Күлтайдың оқып жүрген ағасы бұған қарсы түсіп, «бермесің бар, ол кедейді неге әуре қыласың? Малын неге аласың?» — деп, Абдолдың мұнысына қарсы түсіп, «осы жеріңе бар, өлмессің, күнде бір сатылатын мал емессің ғой», — деп Күлтайды үгіттеп еді: Күлтай сол ағасының демдеуімен осы үйдің босағасын аттап еді.

Ауыл әңгімесінің көбі Күлтай маңында болып, дәмелілердің саны күн сайын өсе беретін болған соң, Күлтай жұрттың бетін қайтара жауап береді:

—Ешкімнің керегі жоқ, мен өз қайныма тиемін, — дейді.

—Бәрекелді, кісі екен, шаңырағын бұзбайын дейді-ау, — деп кемпір-шал жағы риза болып қалады.

— Мына қатын Жұмабаймен бір күн де отырмайды, мұнда бір сыр болу керек, — деп атқа мінерлер сенімсіздік көрсетіп, бастарын шайқасты.

— Жеңгесін қосамыз, — деп Жұмабайды адам жібертіп шақыртса:

— Ақысын бұрын алып қойған, күнін толтырмай бара алмайды, — деп Жұмабайдың қожасы барған кісіні тәлкек қылыпты.

Жұмабай бір ауыз сөз айтпастан қала беріпті. Күлтай Жұмабайды жібермеген байға бір ашуланса, басына билігі келмеген Жұмабайға екі ашуланды: «Саған кейігенде мыналарға тиіп кетсем қайтеді?» деп те ойлады. Бірақ Жұмабайды сыйлағандықтан емес, ағасына, ауыл-аймақтың пысықтарына ерегіскендіктен Күлтай бұл ойдан аулақ болды.

Жұмабайды Күлтай өзі іздеп барды. Шегір көзді үрпек бас сары жігіт еді. Үндемейтін ынжық, момын еді. Күлтай өзін таныстырып, сөйлесіп тұрып, ауыр күрсінді.

— Байым болса өлді, бір үйде жалғызбын, қайнымды босатып алуға келдім, — деді Күлтай байға.

Қызыл шырайлы келген жап-жас әйел. Сөзі мірдің оғындай. Мұндай әйелдің байы өлсе, ақсақалдардың мұралы болып, қатын алам деген мырзалар бір жабылып қалар болар еді. Жұрттың осы әдетіне бағынбай, «адамдыққа сен жоқ қайнысын» іздеп жүргені адам талқаларлық жұмыс-ау деп бай бір ауыз сөзге келместен Жұмабайды босатып берді.

— Сенің ниетің арам, соның жылтыраған бетін керген сол малайыңды босатып отырсың, — деп, байды бәйбішесі бүрумен болды.

Күлтай Жұмабаймен қосылды да, шаруашылығын істеп, көп кедейдің бірі боп жүре берді. Ешкімге қолжаулық та болмады, ешкімнің тәлкегін де көтермеді.

Мына жаманды байым бар деп отырады дейсің бе, осының езі «жігітшіліктен» құр емес шығар деп қыңыржақтанғандардың меселі кайтып болды.

Төңкеріс болғаннан кейін Күлтайдың баяғы оқыған ағасы ел аралап жүріп, осы ауылға тап бола кетті. Бірін-бірі көргеніне екеуі де жаман қуанды. Ағасы коммунист екен, жауапты орында екен, Күлтайға бірсыпыра кітаптар беріп кетті. Содан былай Күлтайға тұс-тұсынан газет, журнал келіп жататын болды. Қасымжан сияқты ауылдың хат танитындары Күлтайдың үйін жағалап:

— Келін шырағым, жаңада келген газетің бар ма, үйге апарып оқиын, дейтін болды.

Кейде Жұмабай жұмыстан келіп, төсегінің үстінде ұзыннан сұлап жатса, үй түйтігін бітіре салып, Күлтай оны жағалайды.

— Шаршап келдің бе, мен де баратын ем, апармаған өзің ғой. Өлең тыңдайсың ба, елең оқиын, — дейді.

Жұмабай «тыңдаймын, тыңдамаймын» деп бір жауап бермей ыржиып күліп жата береді. Жұмабайдың бұл мінезіне Күлтай әбден үйреніп болған ғой. Сондықтан о да кектемей кітабын оқуға кіріседі. Көрші үйде Ыбырайым шал бар. Кітап сөзіне құмар-ақ, Жұмабай жоқта келінге келіп кітап оқы деуге ұялады. Жұмабай келсе, кітап басталып оқылса, күлімсіреп ЬІбекең де жетеді. Көрші-қолаңның боз балалары да жиналады.

— Әй, Мәкен, мұнда кел, өлең тыңда, — десе от алып жатқан Мәкен:

— Сеңдерден бұрын тыңдағамыз, — деп күледі.

Ақтам деген бір жылмаң бір-екі жылдан бері, Жұмабаймен құрдас болып шығып, осы үйді жағалайтын болды. Құрдаспын деп Күлтаймен де ойнайды.

—Осыдан сайлау болса ма, сені ауылнай сайлатамын-ау, — дейді Ақтам тәлкектеп.

—Мені қайтесіңдер, әкімдік ездеріңе жетсе болмай ма, — дейді Күлтай әзілдеп.

Ауылдың кеңес сайлауы болғанда, Ақтам жоғарғы сөзін шынымен орындамақшы болып жабысып еді, жұрт оны бет бақтырмады.

— Ақтамның не үшін жан салып жүргенін білеміз, — деп өздерінше бал ашқандар да болды. s

Байғасқа мен Нұрғожа осы сайлауда болыстыққа таласып; ел екі жік боп, екі жағы қопақтап тұрған. Болыстық сайлау орыс поселкесінде болып, екі партия ел қаланың екі жағын алып сөз тарту, болыстық съездің өкіліне таласу сияқты жұмыс шегінен асып қызып тұрған. Екі жағы күшін теңдессе Нұрғожа жағы басым секілденеді. Ашық күреске түсіп Нұрғожадан жеңілу Байғасқаға өлім емес пе, сондықтан, ол Нұрғожадан бұрын қайлаға кірді.

—Болыстықты Күлтай келінге байлаймыз, 8-ауыл бізге қосылсын, деп ол кісі салды.

Сегізінші ауылдан сайланған алты өкілдің бастығы Әжігерей мырза. Әжігерейді бас қып басқасын белгісіз адамдардан сайлаған. Сол «белгісіз адамдардың» ішінде Күлтай да бар. Бұлар елдің ойлауынша, Әжігерей қайда болса, сонда болуы керек.

Байғасқаның ұсынысын есіткенде, Әжігерей мырза сықақ қып күлді.

— Қатынға күніміз түскендей болған жоқ, ол мазағыңа еліге алмаймыз, — деді.

Бірақ, 6-ның өкілдерінін арасынан күңкіл шығарушы болды:

— Ay, мұныңыздың қандай жөні бар? Болыстықты беретін болса неге ала қоймаймыз?..

Ақтам бір жағынан астасып толқып тұрған өкілдерді үйрілтіп барады:

— Көнбесе Әжігерей кетіп отырсын, бесеуің тұтас қосылса Күлтайды сайлаймыз да шығарамыз! — дейді ол.

Өкілдердің ішінде Досақай дейтін шалдау кісі бар. Әжігерейден бөлінсе, басқаратын осы секілді.

— Балалар, Нұрғожаны болыс қылып сайлағанда не мақсұтымыз бітеді? Нұрғожадан көрген жақсылығымыз шамалы еді ғой... Келінді сайлайтыны рас болса, осыған қосылып-ақ кетсек...

Толки келе Досекең бастаған бес өкіл Байғасқаның жағына шықты. Болыстықты Күлтайға беріп, кандидаттығын Байғасқа жағы алмақшы болды.

— Осымен сайлауды өткізейік, әйел қайдан болыс болсын, кандидаты істі қолға алады ғой, депті-мыс деген хабар да тарап жатты.

Дегенмен сол сайлауда Күлтай болыстыққа аталып шықты. Бекбосын дейтін аздап орысша оқығаны бар бір пысық Күлтайдың кандидаты болды.

Күлтай істі алмақшы болып кеңсеге келсе, бұрынғы болыс Д үйсенбай дейтін ел ағасы еліне жүріп кетіпті.

— Істі сұрап келуші болса, бере берсін, — деп хатшысына тапсырыпты.

Күлтайдың орынбасары — Бекбосын хатшыдан істі алып, болыстықты өзіне икемдеп барады. Болыстық кеңсеге тұс-тұсынан ағылып жатқан жұрт. Сол көптің бірі сияқтанып Бекбосынның столының бұрышында Күлтай екі күндей жайдан-жайға отырды да қойды. Неге отырсың деп Бекбосын да сұрамады. Келген кісілер болысымыздың түрі мынау ма деген секілді боп жымыңдап күліседі.

«Не істеу керек?..» деген сұрау екі күңдей Күлтайдың басын қатырды. Осы әурешілікке іліккеніне өкіне бастады. Осыған іліктіруге себеп болған Ақтамды да қарғап алды...

Бір жас жігіт болыстық кеңсеге келді де, Күлтайды сұрап танысты. Жұмыстың қалай жүріп жатқандығын сырттан қарап, бақылаған сияқты болды. Сөйлеспекші боп оңаша алып шықты. «Ойы бұзық біреу-ау, не айтар екен, көрейін», — деп Күлтайдың оған да ашуы келді. Бірақ бүл жігіт Күлтайдың ойлағанындай «бұзық» болмады, бүп болыстық партия комитетінің хатшысы болып шықты.

— Қаладан түнде келіп ем, сіздің сайланғаныңызды естіп ем. Ысмағұл сіздің ағаңыз екен ғой, о да тапсырып жіберіп еді, — деді әлгі жігіт.

Ысмағұлдың атын есіткенде Күлтай жылап жібергендей болды. Күлтай осыңдай талып тұрғанда Ысмағүл қасында болса бәрін түсіндіріп, жұмысын жөндеп беріп, жөнге салып берер еді-ау...

Болком хатшысы көп сөйлесті. Не істеу керек, жұмысты қалай басқару керек, соның бәрін айтып берді. Бұдан былай да барлық жұмысына басшылық істеп отыратындығын айтты. Күлтай қуанып тасып кетті. Осы қарқынмен кеңсесіне барды. Бірсыпыра жуандар, пысықтар Бекбосынды ортаға алып арыздарын айтысып жатыр еді. Болыстың бұрынғы хатшысы ұры иттей жылмаңдап, Бекбосынға дәйек боп жүр.

— Хатшы жолдас, мен саған жұмыс тапсырайын, деді оны шақырып алып, — бірінші, маған осы бөлмеге стол қойып беріңіз. Екінші, Дүйсенбайды шақыртыңыз, келіп істі тапсырсын; үшінші, қазіргі сағаттан бастап, маған қол қойдырмай бір қағаз жіберуші болмаңыз!..

«Мынауың қалай?» дегендей боп, хатшы жалтақтап Бекбосынға қарады. Бекбосын қызараңдап қысылып қалды:

— Іс алынды ғой, істей береміз ғой, — деді ол күмілжіп.

— Істі ал деп мен сізге тапсыртам жоқ. Жазу-сызусыз істі алып Дүйсенбайдың былығын мойныма жүктей алмаймын. Тез шақырт, — деді хатшыға.

Бекбосын төмен қарап, қағазын шұқылаумен болды. Арыз айта келген жуандар бүл екеуінің қайсысы бастық екенін біле алмай отыр.

— Солай, Рақа, тағы бірде соғыңыз, реттеп береміз, — деді Бекбосын алдында отырған кісіге.

Осының жұмысын саған реттетсем бе дегендей боп Күлтай оған ашулы түрде қарады.

Күлтайдың болыс болған хабары елге неше түрлі құбылып тарады. Неше түрлі өсек жалғанды.

— Бекбосын мен Ақтамның сайлаттырып жүргені көрінеді, шуларға ермек керек қой, — деп күлісті.

Күлтай болыс болып іс басқарады деп ешкім ойлана да алған жоқ, бәрінің де көз тіккені Бекбосын болды.

— Пысық бала ғой, жұмысты дөңгелетіп кетеді ғой, — десті.

Бірақ Бекбосынға жұмысын істетіп алмақшы болып кеңсеге келгенде екінші күйге кездесті. Төменгі жаулықты басына тұмшалап орап, қағазға үңіле түсіп қызыл шырайлы әйел отыр.

Taп тұсындағы үйдің қабырғасын тегісінен алдырып Лениннің суретін іліпті. Көзілдірік к и ген бурыл шашты хатшы бір қағазды жазып әкеліп, қол қойыңыз десе, әлгі әйел қағазды оқып, қабағын түйе түсіп:

— Бұл қазақшылықты қашан қоясыз, бір айтқан соң болды ғой, — қол қоюдың орнына қағаздың бетін сызып-сызып тастайды.

Қағаздың бетін сызып жатқан адам хатшының бетін сызып жатқанмен бірдей болды.

Арызшы кісі қайтерін білмей бірсыпыра тұрып, бір кезде бөркін қолтығына қысып, үстелге жақындай түсіп арызын ұсынды. Күлтай салқын жүзбен арызын оқыды да, қабағын түйе түсіп арызшының бетіне қарап алды:

— Тоқалыңызды малайыңыз әкеткен екен ғой.

— Сөйтіп арыз беріп отырғаны... Басынып, сізден бір жәрдем болмаса... Тентектің өзін тыйып ұстамасаңыз...

— Неше жыл тұрған малай еді?

— Ойбай, сұрамаңыз, бала күнінен қолымда өскен. Өзім өсіріп адам қатарына қосып ем. «Жаман адамды асырасаң аузы-мұрныңды қан қылар» дегендей... көрмейсіңбе, — деп, арызшы шын мүсәпір түрге кіріп сөйледі.

— Жақсы, үйіңізге барыңыз, тоқалың кетсе әйелге бостандық. Малайың алса бірін-бірі ұнатқан шығар. Бұйым әкетсе, мініп кетсе, саған сіңген еңбегі бар... Бірақ қате істеген екен, сот арқылы еншілерін түгел алуы керек еді, — деді Күлтай.

Арызшы шал етіне біз сұғып алғандай боп шіміркеніп, кейін шегіне берді.

Күлтайдың кенет жоғарылап кеткені Жұмабайға ауыр тиді. Үйде жалғыз қалды, Күлтай сияқтанып мұны күтетін адам болмай қалды.

— Байғүс-ау, сен де өлмес қамыңды істе енді, саған аспандағы бұлт жуық қой, деп жеңгелері Жұмабайдың «қайғысына» ортақтасатын болды.

Бір күні ауылнай келіп Жұмабайға:

— Сені болыс шақыртып жатыр, — деді.

Жұмабайдың көзі адырайып кетті. Антұрған, болыс шақырады демей-ақ Күлтай шақырады десе қайтетін еді?..

Жұмабай барды. Кек төбелі ағаш үй болыстың кеңсесі. Жүрегі дүрсіл қағып, Жұмабай кепке шейін кіруге бата алмай, есіктен сығалаумен болды. Күлтайдың үстінде таза киім, қолында қалам-қағаз. Жетіншінің ауылнайы кіріп еді, ел ішінде атағы бар тәуір-ақ жігіт қой, Күлтай соны бүріп ала жөнелді:

— Айтатындарың өтірік, істейтіндерің подлог, сөйтіп отырып кеңестің ауылнайы болмақсың!.. — деп.

Бір рет есік ашылғанда Күлтайдың көзі Жұмабайға түсіп кетіп:

— Әй, неғып тұрсың, кір! — деп дауыстады.

Жұмабай состиыңқырап кіріп еді, Күлтай күлімсіреп жанындағы столға отырғызды.

— Ал, денің сау ма, жүдеген жоқсың ба? Көшіп келсін деп ем ғой, бұратола келдің бе? — деді.

Маңдайынан тер бұршақтаған жетіншінің ауылнайы, әшейінде Жұмабайды көзге ілмесе де, тап сол жерде Жұмабай болмаған екем, — деп күндеді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...