Өлең-жыр байқауы

Маңғыстаудың ежелгі қалалары

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы
"Абай атындағы орта мектебі" КММ-нің 10-сынып оқушысы,
Дүйсенова Гүлдана Асықбайқызы
Аудандық  «Дарын», «Кіші ғылым» ғылыми жобалар сайысының ІІ орын жүлдегері,
Жетекшісі: Нуриманова Айнур Жангабаевна
Биология пәнінің мұғалімі

І. КІРІСПЕ.

Маңғыстау — республикамыздың даңқын әлемге әйгілеп отырған қазына қоймасы, газ бен мұнайдың өлкесі, көл-көсір тарихы мол өлке. Оның дархан өлкесі Австрия, Швейцария, Нидерланды және Люксембург тектес бірнеше мемлекет түгелімен сиып кетер 8 миллион гектар жерді алып жатқан кең аймақ. Қойнауы- кенге, қыры-мыңғырған малға толы, халқымыздың рухани байлығын әйгілейтін архитектуралық тарихи және мәдени, әдеби мұралар мол сабақталған осы аймақ туралы ертелі-кешті көптеген еңбектер жарық көрген.

Маңғыстау — ерте дәуірден тоғыз жолдың торабы. X-XII ғасырларда Еуропаның көптеген сауда порттары мен қалаларын қамтыған Индия-Орта Азия-Еуропа сауда жолының бірі осы түбек арқылы өткен. Бірқатар еңбектерде Маңғыстау-көне кезден Еуропа-Орта Азия, Орта Азия-Кавказ қақпасы көптеген елдерді байланыстырған,осындай маңызды жолдың бойында болуы Маңғыстаудың мәдени экономикалық саяси өміріне елеулі әсер еткен оның дәуіріне сай үлкен цивилизация орталықтарының дәрежесіне жетуіне әкелген. 

Маңғыстау туралы деректерді ежелгі грек ғұламалары Геродот пен Страбоннан бастап, эль-Истрахи, Максиди, Әл-Фадлан, Ибн-Фадлалах, Ибн-Батута, Махмуд Қашқари, Абулғазы Баһадүр еңбектерінің қай-қайсысынан да кездестіреміз. Әр дәуірде өлке топырағын басқан Г.С.Карелин, Э.А.Эверсман, Н.И.Андрусов тағы басқа ғалымдар мен саяхатшылар осы аймақтың ертедегі ескерткіштері туралы бағалы пікірлер айтқан.

Менің ғылыми жұмысымның тақырыбы «Маңғыстаудың ежелгі қалалары» болғандықтан, өлкемізді зерттеген ғалымдардың деректерін пайдаландым. Маңғыстауда ежелгі қалалар көп, бірақ көпшілігінің тарихы бізге беймәлім. Олардың ішінде Маңқыстау, Алтынқазған, Уәлі, Аққауым, Керзі секілді қалалар “Ғайып болған шахарлар” атанып кеткен. Зерттеуімнің түпкі мақсаты- өлкедегі ежелгі қалалар мен камалдардың тарихына тоқталып, замандастарымызға насихаттап, ұрпаққа мұра етіп қалдыру. 

ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Менің алғаш зерттеген қалаларымның бірі — Маңқыстау қаласы. Ол туралы Шаһмардан Есеновтың “Маңқыстау” (1973 ж) кітабында: “ҮII ғасырда Болгар Саксинге жетіп, Каспийдің шығыс бетіндегі Маңқыстау қаласына өтетін. Осы жол XII ғасырда половцылардың қолында болды, олармен жақсы араласқан Русь флоты теңізді шарлай бастады.Хазар мемлекетінің қирауы (X ғ). Маңқыстауға дербестік алып берді. 
Үстірт пен Жемнің бойын мекендейтін солтустік оғыздармен бірге Маңғыстау турікмендері біраз уақыт ешкімге бағынбай, Маңқыстау қаласын әкімшілік орталық етіп, автономия болды, бұл кезде Маңқыстауды Хорезм әлсіреңкіреп бағындыра алмаса керек” |1| деген үзіндіден біз Маңқыстаудың Каспий теңізінің шығысындағы жағаларына жақын орналасқан, себебі мұнда Русьтардың кеме қатынасы туралы айтылғанын және де Маңқыстау қаласы X ғасырға дейін Хорезмнің қоластында болғанын білдім. 

Географ Бекранның жазуына қарағанда, Маңқыстаудағы күшті тайпаларды бағындырып алуға Хорезм ең таңдаулы деген жалдамалы армиясын ұстайды,жойқын жорық жасап, Маңқыстау қаласын басып алып,Солтүстік түркмендерді көнуге мәжбүр етеді. Хорезмнің қатал саясатшыл патшасы Атсыз 1155 жылы Хорезм қаласын күшті қамалға айналдырды. 

Ал, Текешінің баласы Алладиннің басқаруы кезінде (1200-1220 жж) ұлы Хорезм дәуірлеу шегіне жетті. Бағдаттан Қыпшақ даласына дейін ұлан ғайыр көп ұлтты жауынгер халықтарды тізе бүктіріп,бас идірді. Еділ мен Жайық, Маңғыстау жеріндегі тайпаларды жаулап алды. Маңқыстау Еуропаға өтетін маңызды сауда жолы болғандықтан, Мұхаммед екінші бұл қалаларды Маңқыстау Хоррезмнің бір отауына айналдырды. |1| Ежелгі мәдениет орны- Маңқыстау аймағы Еуропа мен Орта Азияның мәдениеті тоғысқан мекенге айналды. 

Маңқыстау қаласы тарихшылардың жобалауынша, X-XII ғасырларға дейін өмір сүрген. Ал енді бұл қала кайда кеткен, әлде монғол шабуылынан кейін Отырар мен Тараз секілді жойылып кетті ме? Әйтеуір монғол жорығынан кейінгі документтерде Маңқыстау қаласы кездеспейді. Бұл көп болжамымның бірі ғана. Менің төмендегідей болжамым бар: Маңқыстау Каспий теңізінің жағасына жақын орналасқан. Ал, Каспий әр дәуірде әр түрлі өзгерістерге ұшырайтыны бізге мәлім. Сондықтан бұл қала табиғат апатына да ұшырауы мүмкін деп ойлаймын.Қараған мен Сартас пристаны сөз болады. Сартастың күншығыс жағалауында 10 км жерде Шытша деген мол сулы құдық бар. Осы құдықтан 1 км шықпай-ақ Ембі тауы. Тауы ағып жаиқан тұщы бұлақ. 

Сол маңда 2 км жерді алып жатқан қауымдық қорымдар бар, олардың ортасында екі үйік.Әр бейіт үстінде бірнеше тонналық қалақ тастар шаншылған, кейбіреулері қалақ тастармен жабылған.Жергілікті халық бұл «Қырғын»деп атайды Осы қауымның іргесінен теңіздің жағалап, Шерқалаға, Бозашыға ұлы жолдар жүреді. Мен осы тұстан құмыра сынықтарын,тот басқан темір,фарфор бұйымдарын, күйдірілген кірпіштерді көп кездестірдім. Тарихи әдебиеттерде: «Манқыстауда сауда ісі мен қолөнер кәсібі өрледі. Керамикадан, шыныдан, металдан түрлі бұйымдар жасалады» |1| деп келтірілген. Қаланың орнын көрсететін бір жайт, осы аталған жерден Бозашы-17-18, Қошақ қойнауы-20, Шорым-18, Форт-Шевченко қаласы тұрған Түпқараған -110 км жерде болуы.

Зерттелген барлық жайтты ескере келіп, Манқыстау қаласы XII ғасырдағы аса ірі сауда жолының бойында, Ембі тауының қошаққа кірген етегінде, теңізге кіріп тұрған тұмсықта орналасқан. Хорезмнің қол астында болып, X-XII ғасырларда гулденген мықты қала болған деген шешімге келдім.

1962 жылы Манқыстау қаласының тұсынан түйеші Жанәділов Иса ерте заманда тастан қашап жасалған алып астау мен шөптен шөгендеген құдық, шағыл арасынан 20л су сиятын құмыра тапты. Құмыраның мойны ұзын,мойнына 3 қатар түзу сызықтан өрнек жүргізілген, басқа жерінде өрнек жоқ. Осы жерді мен де қарап шыққанымда құмыра сынықтары мен тостақан, ыдыс-аяқ сынықтары, шала қорытылған қызғылт түсті мыс пен қол сынықтары жатыр. Ғалымдар құмыраның IX-XIIғасырдың бұйымы екенін анықтады. Манқыстау қаласының өмір сүрген жылдарымен сәйкес келеді. 

Ендігі зерттеуімді толық тарихын білмегенмен де бәрімізге белгілі Шерқала мен Қызылқаладан бастадым. Шерқала мен Қызылқала қамалдары Бозашыдан Хорезм мен Хиуаға жүретін ұлы жолдың бойында орналасқан. Маңғыстаудың қасиетті жерлерін айтып, Шерқаланы да тыс қалдырмау қажет. VIII-IХ ғасырда араб шапқыншылығы кезінде шыңда жасалған бекініс-қала ретінде белгілі болған. Адаммен жасалған тау, қамалы арыстанды еске түсіретін, сондықтан оны “арыстан–қала” деп атап кеткен болатын.

Шерғала (Шерқала) — Шетпе қаласынан алыс емес, Ақтау қаласынан 170 километр жерде ерекше формадағы бір жалғыз тұрған тау. Бір жағынан қарайтын болсақ тау ақ кигіз үйді білдіреді, ал екінші жағынан Шерғала басын табанына салып, ұйықтап жатқан арыстанның бейнесін береді. Сондықтан тауды – Шерғала деп атап, түрік тілінен аударсақ “Тау-арыстан” немес “Арыстанды тау”.Арыстанды тау аңыздар бүркітпен табылды. Оның әйгілі шыңдары үлкен шатыр құрып, киіз үйдің төбесіне еске түсіреді. Оның үстіне көтерілу үшін арнайы көтерілім қажет. Шерқаланы айналу үшін бір сағаттай уақыт керек. Ал егер көптеген тау үңгірлерін аралап, ежелгі қоныстар орындарын аралап, өркениеттер дәлелі болатын бас сүйектерді іздегіңіз келсе онда бір сағат аз болады. Халықтың ырымы бойынша егер Шерқалaны айналар алдында арманды жоспарласаң, ол міндетті түрде орындалады. Бірақ ең бастысы әрбір қиылыстан кейінгі көрініс әр түрлі болып, жаңа жерге түскен сияқты керемет көріністі әсер береді.

Осындай бір үңгірлердің ішінде құдық болған. Жергілікті тұрғындар оның таза суын ішіп, таудың басында орналасқан жаупардан қорғанды. Қазір құдық жабылып қалды. Біз оның тек қалдықтарын ғана көре аламыз.

Шерқалa айналасындағы ұсақ тау жыныстарының үлкендігі түрлі болып келеді. Көбі жел әсерінен өзгеріп қалды. Кейбір тастар бұзылып қалды. Ішінде – кішкене қабыршақтың және балықтардың іздері. Тау бөктеріндегі дала гүлденіп, шөптенеді. Шерқалaдан алыс емес жерде көк оазис бар. Бұл Ақмыш кішкене өзені және бұлақ. Бұл жерде көпғасырлы ағаштардың көлеңкесінде құстардың шиқылдауының астында Маңғышлық қалашығы туралы аңыз тыңдау ерекше әсер береді. Ол Бұхарамен және солтүстік жерлерімен жүзжылдай уақытта сауда жүрген керуен жолында құрылды. Бұл қала жүз жылдықты қамтиды.

Қамалдың қабырғасымен мың жылдықтағы бас сүйектерді іздеп, ал егер жолыңыз сәтті болса, кішкене моншақтарды тауып, кірпіштерді және ыдыстарды жандыратын үлкен пештерді зерттеп, қоршаған айналаны көруге болады. Осы жерден біз Батыс Қаратау қара-көк таулардың қырларын көре аламыз. 

Шерқала-арабша Арыстан қала деген мағынаны білдіреді. Қаланың есіміне араб араласуына қарағанда, Шерқала арабтардың VII-IX ғасырлардағы шабуылына ұшырап, мықты ерлік көрсеткен болса керек, одан кейін хазарлықтар мен хорезмдіктердің тіректі мекеніне айналып, Арыстан қала аталуы ықтимал. Шерқала 50 м биіктігі бар,оңтүстік батысқа қарай атылғалы жатырған арыстан іспеттес пирамида. Үстіне шығатын жол жоқ, тау жақ беткейіне екі жағына екі бастион қосымша тұрғызылған, қамал қабырғалары табиғи тау тасы мен күйдірілген кірпіштен қаланған. Шығыс бетіндегі бастионнан шатқалдың түбіндегі тунельге жол тартылған. 

Тунель 5 м жоғарылаған соң, екі бағытқа екі тарау болып, тау үстіне шығады. Таудың басқа жерінде жоғары шығатын жол жоқ. Қарауылшыларға азық-түлік жеткізетін, қарауыл қарауылдайтындардың шығатын жолы осы болуы керек. Қамалдың ұзындығы 300 м, бірнеше жүз әскері ат-көлігімен сиятындай. Қамалдың басындағы шың бауырында торғайдың ұясына ұқсас екі-үш адамдық іші өртелген орындар бар. Менің ойымша бұл орындар күзетшілер немесе садақшыларға арналған орын секілді. 

Мұнда үй құрылысы жоқ, адам қоныстануға қолайсыз. Сондықтан ол қасындағы Қызылқаланың тыныштығын қорғаған деген ойдамын. 
Қызылқаланы зерттеу барысында келесі деректерге қол жеткіздім. Ол Ақмыш деген орталық Қаратаудан солтүстікке қарай ағып жатқан қос бұлақ қосылған тұмсықта салынған.Қызылқала-ежелгі сауда сарайы. Айналасы бір шақырымдай, дәлірек айтсақ, 800 м, төрт бұрышы қорған. Қабырғаларының сырты мықты сом тастардан, ішкі жағы күйдірілген кірпіштен қаланған. Соған қарап Қызылқала деген атау берген деп ойлаймын. Қызылқаланың оңтүстік жағында шағын төбе бар, онда биік мұнара сондай-ақ кірпіш күйдіретін пеш те болғанын аңғардым. Кірпіш өртеуге жергілікті қоңыр көмірді пайдаланған. «Қызылқалалықтар кірпіш өртеп,күнделікті тұрмысқа қажетті түрлі ыдыстар шығарған. Бір ғажабы солардың мықтылығы, желге де, суға да төзімділігі қайран қалдырады...» |6| дейді Қызылқаланы зерттеуші археолог Андрей Астафьев. 

Қызылқаланы зерттеу барысында осы қала орнында археологиялық зерттеу нәтижелерімен санасып отырдым. Олар Қызылқала туралы былай дейді: «Қазба жұмыстары кезінде табылған ыдыстардың сынығына қарап, Қызылқаланы салу кезеңдері X-XII ғасырға жататыны анықталды. X ғасырда Хорезм мемлекеті аумағындағы қалалардың қарқындап өскені туралы деректер бар. Хорезмнің белсенді жүргізген саясаты нәтижесінде Поволжьемен арадағы сауда жолы дами түсті. Дәл осы жолдың бойында Қызылқала елді мекені пайда болды: »|4|

Қызылқаланың көлемі 25га, қосымша 200 құрылыс салынған, мәдени қабаттары 2 м астам, ортағасырлық қала. Оны қоршай салынған қабырғаларының қалыңдығы 3 м, биіктігі 5 м болған. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін бекіністің қабырғаларының қалыңдығы 2 м. кесек тастармен өрілген, соның әсерінен қабырғаларының биіктігі 6-7 метрге жеткен. Қазіргі уақытта 13 мұнараның орны тексерілу үстінде. Өзінің маңызы бола тұра Қызылқала көп өмір сүрген жоқ. Қызылқаланың құлдырауы 1220-1221 жылғы қыстағы Шыңғыс хан әскерлерінің Хорезмді талқандауынан кейін басталды. Азия мен Еуропа сауда байланыстары бұзылды. 

XII ғасырдың соңында Каспий теңізі ұлан байтақ құрғақ жерді су астына қалдырып, деңгейі 26-27 метрге дейін көтерілді. Сауда керуендері жаңа жолмен жүре бастады. Қызылқала одан алыста қалды, сөйтіп оның тұрғындары ертеңге деген сенімінен айырыла бастады. Тарихи деректерге жүгінсек, Маңғыстау арқылы өтетін сауда керуені XIX ғасырда өмір сүруді тоқтатты. Қала қабырғалары XX ғасырдың 30-шы жылдарына дейін тұрды да, еліміздегі ұжымдастыру тұсында оның қабырғалары құлатылып, құрылыс материалдары ретінде пайдаланылды. 
Дүниежүзі ғалымдарының аузын аштырып, көзін жұмдыртатын бір жаңалықты республиканың Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары ашып отыр. Ол-Тоқсанбай тауынан табылған ең ежелгі қала. Қаланың жер қыртыстары үш қабаттан тұрады. Ең астыңғы қабаты осыдан төрт мың жыл бұрынғы қола дәуіріндегі отырықшы қонысты дәлелдейді. Бұған дейін мұндай қала орындары Малайзия (Трон) және Орал тауында ғана (Аркаим, Синташ) табылғанды. Ал Бейнеу ауданына қарайтын Тоқсанбай тауының үстіндегі қала орны олардан да бұрынғы ежелгі дәуір жәдігері болып шықты. Бұл-Қазақстан, ТМД елдері, тіпті дүниежүзі үшін үлкен жаңалық. Екінші мәдени қабатында біздің эрамызға дейінгі бір мыңыншы, ал үшінші қабатында біздің эрамыздың IX-X ғасырларындағы ортағасырлық сақтар тұрмысын дәлелдейтін материалдар табылған.

Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдарының пікірлеріне сүйенсек, қалалық тұрмыс Үстірт үстіндегі Тоқсанбай тауынан бастау алады екен. Бұндай мекендер ауданымыздың Жезді, Қособа жерінен де табылып отыр.

Таушық поселкасының шығысында (17 км) Төбеқұдық төрткілі тұр. Оған таяу Шорым тауы. Шежіре қариялар естелігінде Шорым билеген елдің негізгі мекені Алтынқазған қаласы болған. Бұл түркменнің ноғайлы кезіндегі ірі тайпалардың орталығы. Алтынқазған қаласының орны, алтын қазды делінген жерлер 500 м көлемді алып жатыр. Тарихи деректерде Маңғыстаудың қорғасын, мыс, темір қорыту кен орындары б.д.д. VI-IV ғасырларда-ақ белгілі болған.1965 жылы Алтынқазған маңындағы Долапа бауырынан геологиялық экспедиция домдап соғып, қырлаған, үшкірлеген таза мыс пен жез құймаларын тапты. Бұл да Алтынқазғанның бір сыры.

Бозашыда Қабақты қаласы болған. XVII ғасырдың басында Манқыстаудағы шәудір рулары осыы қабақтыны мекендеген. Астраханьмен, Сарайшықпен Қызу сауда жасаған осы қабақты қаласы кемінде сегіз, тоғыз ғасыр өмір сүргендігі байқалды. 1936 жылға дейін Қабақты қаласының құлаған қабырғалары мен көшеге төсеген бір жағы өңделген ауыр кірпіштері көрініп жатты. XIX ғасырдың ғасырдың 80-шы жылдары Бозашы жағалауында Бұрыншық, Кирилл, Орлов, Долгий поселкалары тұрғызылғын кезде, кейінгі жылдар балықшыларды колхоздастыру кезінде оның қалған тастары алынды. Сонда да қаланың сұлбасы жойылған жоқ. 

Қабақты — Еуропаға өкпетұс, сауда-саттық ісінде жан-жақты байланысы бар және балықшылық кәсібі дамыған қала. 1940 жылға дейін Қабақты қаласының маңында егілген ағаш тұқымынан жапанда адасқан қаздай бір ғана тал тұр. Ел аузында осы ағаш туралы аңыз бар.Қабақты ханы Қамыраның әрі сұлу, әрі ақылды жалғыз қызы бар балықшы жігітке ғашық болады. Олар осы ағаш түбінде кездесіп тұрыпты. Оны сезіп қплған әкесі қызды да, жігітті де осы ағашқа асып өлтіреді. Сол екі жас қазасына куәгер ағашты халық «Қамыраннан қалған қанды ағаш» деп атаған. Бірақ екі жастың махаббатына суарылған ағаш қурамай,жасара беріпті. 

Қамыран қаласы орнында кірпіш өртеген ошақтар, үйіліп жатқан ыдыс-аяқ сынықтары, құмыралар көп. 1936 жылы Қабақты маңынан аузы мықтап бекітілген кішкене құмыра тауып, оның ішіндегі шым қара түсті күлді зергер Өтеш пен Табиықтар құйып, білезік, сырғалар жасады, яғни ұзақ замандар ылғалды жерде жатып, бұзылған күміс екенін анықтады. 

Маната тауының сырт бетінде Мыңсуалмас бұлағынан км жерде төрт бұрыштап салған, кеңдігі 20 құлаш, жарты шеңбер бастионы бар, іші қызыл кірпіштен, сырты ақ кірпіштен қаланған қамалдың бөлмелері сақталған. Нақ осындай қамал Мыңсуалмаста да бар. Бірақ басқаларынан өзгешелігі-оның жанындағы бейіттер күйдірілген кірпіштен салынған. Қамалды кім тұрғызғанын білу қиын, XVIII ғасырда қазақтар келгенде, бұл қамал мен ондағы ескерткіштер осы күйінде екен. 

Қазақтардың түсінгенінше бұларды тұрғызған ноғайлықтар.Сейсем-ата зиратының батыс бетінде 3 км жерде теңізден тау үстіне шығатын ұлы жолды бөгеп, Бесбұлақты байлап, мықты қамал орнатылған. Қорғанды төрт жерден бөліп, қамал салынған. Қамал ортасында шағын мешіт бар. Оның құрылысына күйдірілген кірпіш пайдаланылған. Қабырғаларына жалпақ тастарды тікесінен шаншып тұрғызған. 
Тау басына күзет постылары үшін биік үй жасаған. Оның да сыртында тастан қаланған қорған. Қамалдың жалпы ұзындығы 11 км. 1558 жылы А.Дженкинсон теңіз арқылы Маңғыстаудың солтүстігіндегі бір шығанаққа түсіп Ұлы Хиуа керуен жолымен жөнеліп кеткен. А.Дженкинсон тоқтаған шығанақ осы болу керек.

Ешкіқырғаннан 28 км жерде Уәлі қамалы-қаласының қалдықтары жатыр. Қабырғасының қалыңдығы 2 м, күйдірілген қызыл кірпіш пен ақ тастан қаланған. Уәлі-биік басындағы қауым аты. Қамал құдықтың 300 м оңтүстік-шығысындағы төмпек басында. Уәлі деген қыпшақ ханы болған. Қамал сол ханның атымен аталды. Бұл жер сол ханның жаз жайлауы, орда тіккен орны. Қамалдың құрылыс техникасы мен баяндаған қамалдармен замандас екенін байқатады.

Маңғыстау қазақтары Атырауды жайлап, Маңғыстауға толық мекен тепкен кезде, Үстірттің Қарақұмға құлау бауырындағы мол сулы бұлақ бойында, ежелгі қамал етегінде кемтар бұқара бау-бақша егіп, күнелткен. Солардаң бірі-Бейнеу екен. Кейін айналасына шағын шаруалы ағайын-тумалары көбейеді. Бейнеуліктер қыста ескі қамал құрылысын паналайды. Оның бір тумасы Бекет осы бұлақ жанынан тауды қашап мешіт-ғимарат салады. С.Т.Толстов Оңтүстік-шығыс Үстірттегі Бейнеу қамалының, керуен сарайының кесілген тастан тұрғызылғанын сөз ете келіп, онан табылған керамикалық бұйымдарға қарап, Бейнеуде XII ғасырда тіршілік болғанын дәлелдейді.

Ірі қамалдырдың бірі — Ұзынбас, ұзыны-180, биіктігі-4-5 м. Таудың өңделмеген ақ тасынан салынған. Ол Қарақия тауының етегінен, тұщы бұлақтың тұмсығына орналасқан. Қамалдың тас қабырғаларына қыпшақтың, керейдің, кердерінің, бестаңбалы мен адайдың ру белгілері қашалған.

Форт Шевченко қаласының оңтүстігінде 35 км жерде Шұқырауыл қамалы бар. Бұл ежелгі қоныс-жайдың орны. Қамалдың асты 200 метрдей үңгір-кеуек 100 м-ге созылатын жапсар тау бойына қуалап кетіп жатыр. Үш жағы тау, ықтасын, жарқабақ. Соңғы кезде тастары құлап, бейнесі бұзылғанмен таудың ернеуіне орнатылған үш қатар бекініс сұлбасы әлі сақталған. Бекініс іргесі жағалай үйік, қораша бейіттер. Тастарында белгі, таңба кездеспейді. Қамал ірі тастардан орнатылған, ұзындығы 120, көлемі 400 шаршы метрдей. Қазіргі кезде сыр құпиясын археологтар ғана шеше алар бұл мекеннің айналасынан табылған құмыра сынықтары, керамикалық бұйымдар, VIII-X ғасырдағы ішін шым көк түсті бояумен шайған тостаған сынықтары Хорезм мен Бұхардың мүлкі екендігін танытады. Демек, ұлы Хиуа керуен жолындағы бұл қамал олармен бір кездегі байланысты паш етеді.

Кетік бекінісі әуелгі тұрғызылған кезде теңіз жағасында болса, қазір 4 км-дей жерде. Екі таудың арасына салынғандықтан Кетік аталған. Мыңдаған жыл бұрын негізі салынған Ежелгі Хиуа керуен жолы осы бекіністен басталған. Кетік-Еуропа мен орта Азияның арасын байланыстырған сауда базасы. Қамалдың табандары да, қабырғалары да өте ауыр тастардан қаланған. Бекініс ішінде қойма, тұрғын үйлер болған. Тарихы Болғар, Хазар, тіпті одан да әрі кететін Кетік бекінісі бейнесін бірінші рет Т.Шевченко суретінен көреміз. Суретте сойдиған 12 мегалит тас, құлаған керуен сарайдың қабырғалары тұр. 1825-1826 жылдары Үстіртте бірінші рет зерттеу жүргізген Э.А.Эверсман Хиуа хандығына қарай жүретін барлық жолдарды жаза келіп, «Маңғыстаудың коммерциялық сауда ісіндегі пристаны және кетеуі кетіп қалса да, кемелердің тұруына қолайлы орын-Кетік» |1| деп жазған еді. Қамал-қала орнынан табылған фарфор ыдыс, тұтқалы құмыралар, түрлі керамикалақ заттар Кетіктің VII-X ғасырларда Хазарлармен , X-XII ғасырларда оғыздармен, одан соң Алтын Ордамен экономикалық байланысы болғандығын көрсетеді. Түпқарағандағы қала тек Кетік қана емес. Ел аңызы мен Өскінбай жырында мындай қала аттары бар:

Аралды, Өрдек барсаң, Сауда бар,
Ақкетік деген қала бар,-

Сол Ақкетік Форттың оңтүстік жағында 12 км-дей жерде. Ақкетіктің даңқы сауда, балықшылық кәсібімен шыққан. Салыну техникасы Шерқала құрылысына күйдірген кірпіш араласпаған. Қамал таудың тұйығын бекіте салынған. Екі иығында екі бастион, батыс бетінде күзетшілер үшін арнайы орын, астанда туннель. Қамалдың ұзындығы 120-м. Тастарының бетінде түркменнің абдал, бұғыржы тайпаларының белгілері бар.
Маңғыстау жерінде осындай тарихи дәуірлердің ір кезеңінің ізі қалған. Бұл өлке-көне дәуірдің өзінде әрқилы өнер дамыған қалалары мен қамалдары болған аймақ. Осы ірілі-кішілі қалалар туралы материалдар іздеп, зерттеу жұмыстарын жүргіздім.

Маңғыстау қалаларын зерттеу барысында мен мынадай жаңалықтар аштым. Жаңалығымның бірі-Шерқала туралы зерттеуімнің нәтижесіндегі деректерім. Бұрыннан бері археологтар мен тарихшылар Шерқаланы қала деп зерттеп келсе, мен оның бекініс , қорған екенін анықтадым. Себебі ондағы зерттеу барысында байқағаным Шерқалада үй құрылысы жоқ. Халық қоныстауға қолайсыз. Шерқала биіктігі 50 м, ұзындығы 300 м. Тау үстіне шығатын бір-ақ жол бар. Ол адам еңбектеп жүретін тауды ойып салған тунель және де қамал үстінде шың бауырында торғайдың ұясына ұқсас екі-үш адамдық іші өртелген орын бар. Бұл жер қарауыл немесе садақшылардың орны болса керек. Осындай белгілеріне қарап Шерқаланы оған жақын орналасқан Қызылқаланың тыныштығын күзеткен қорған деген шешімге келдім. 

Келесі бір жаңалығым Қызылқаланы зерттеу барысында ашылды. Маңғыстау жерінде Қызылқаламен замандас Маңқыстау деген бекіністің болғаны туралы Якуттың еңбегінде де сөз етіледі. Хорезм мемлекетінің тәуелсіздігі үшін Сельжук династиясына ашықтан-ашық қарсы шыққан оның алғашқы билеушісі Атсыз туралы айтылады.

«Маңқыстау Хорезмнің ең батыс шекарасындағы алынбас қамал.Ол Хорезм мен Саксиндегі және оррыс мемлекетінің ортасында, Жейхұн өзені құятын теңіз жағасында». Якут Атсызды мадақтаған өлеңді де келтіреді.

Маңқыстауға үрей салдық жай отындай төбеден
Мойындады жеңілгенін қорқып алмас жебеден.

Истрахиді қайталап, Маңқыстауды Сиякухтың арғы жағынан келген түрік тайпалары тұрады деп жазды.

Менің ойымша, Қызылқала аты аңызға айналған Маңқыстау қаласы. Егер екі қаланы салыстыратын болсақ:

Біріншіден — қаланың гүлдену кезеңі XI-XII ғасырларда айтылған тарихи деректерге сәйкес келеді. XII ғасырда Маңқыстау қаласының атағы тіпті өрлей түсті. Мұхаммед Ибн Наджиб Бекран өзінен бұрынғы деректерді растайды.

Екіншіден — Қызылқала мен Маңқыстау сауда жолының бойында орналасқан. 

Үшіншіден — Қызылқала ортағасырлық жобамен салынған Маңғыстау жеріндегі бірден-бір елді мекен. 

Төртіншіден — қала тарихы күшті, алынбас қамал салудан басталған. 

Бесіншіден — 1065 жылы Арп-Арслан әскерімен Маңғыстауды қоршағанда, бекініс қабырғаларын тұрғызған болса, Қызылқаланың да бекінісі пайда болғаннан кейін, белгілі бір уақыт өткеннен соң тастармен қапталған. Екі қаланың да бекінісі тұрғызылған мерзімдері сәйкес келеді.

ІІІ. Қорытынды

Бұл әрине бастапқы зерттеулерімнің нәтижелері. Бұл қалалар әлі де терең зерттеуді қажет етеді.Бейнеу,Тоқсанбай, Қабақты тағы басқа қалаларды терең зерттеу болашақ жоспарымыз болып отыр. Мен осы жұмысымды толықтырып, археологияға үлесімді қоссам деймін. Маңғыстау қалалары археологиясының көзін ашып бастадым. Алда күтіп тұрған жұмыс өте көп ынта, жігер мен зор еңбекті талап етеді.
Туған өлкемнің ежелгі, құпияға толы қалаларын зерттей отырып, төмендегідей ұсыныстар айтқым келеді:

1. «Қаһарман қалалар» деген атпен мектепте сынып сағаттарын өткізу арқылы туған жердің ежелгі ескерткіштерін ескеріп, бүлдірмеуді талап етсе;
2. Мектепте тарих үйірмесінде, факультатив сабақтарда ежелгі қалалар туралы деректер оқытылып, мәліметтер берілсе;
3. Аудандақ баспасөз беттерінде «Мәдени мұра» айдары ашылса;
4. Мектептерде ежелгі қалалардан сыр беретін материалдар мен жәдігерлер жинақталып, оқушылар салған суреттер қойылып көрме ұйымдастырылса;
Осы ұсыныстар жұртшылық қызығушылығын оятып, өлкедегі тарихи ескерткіштерді терең зерттеуге септігін тигізеді деп ойлаймын.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Маңғыстау.С.Шалабаев, Е. Өмірбаев, Қ. Сыдиықов. Жалпы редакциясын басқарған Ш. Есенов. Қазақстан баспасы.Алматы.1973 жыл.
2. Ұйқыдағы арудың оянуы.Ә.Кекілбаев.Қазақстан баспасы. 1979 жыл.
3. Маңғыстау энциклопедиясы.Алматы.1997 жыл.
4. Берекелі Бейнеу. Ақтау.1993жыл.
5. Бейнеу.Өлке танытқыш зерттеулер.Алматы. Қағанат.-ҚС. 1999 жыл.
6. Бейнеу. Тарихи -танымдық әңгімелер.Алматы. 2002жыл.
7. С. Қондыбай. «Маңғыстау географиясы».Алматы баспасы. 2008ж .
8. С. Қондыбай. «Маңғыстау- нама». Алматы «Арыс» баспасы. 2006 жыл.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз