Эссе және өлең-жыр байқауы

Сары ала тон

I

Күн түнеріп, тұлданып, шарасына сыймай тұрған тәрізді... Даланың өңі қашып, қурап, семіп бара жатқан сияқты. Тұман ба, буылдыр ма ел үстін басып, жыбырқайланған қара бұлдыр-бұлдыр көрсетеді, бұлдыраған қалың топ, кел алқаптың о шеті мен бұ шеті иін тіресіп тұр. «Бұл не мал ма? Адам ба?» Топ жыбыр етті. Үйірден қуылып шыққан саяқ ат құсап бірен-сарандаған қара топтан жырылып шығып қуылып жатыр. «Апырым-ай, бұл не болды екен?» деп Шермек атын қамшылай түсіп, Кенжебайдың шоқысын бетіне ала келе жатты.

Дүр ете қалды. Сатыр-сұтыр найзағай ойнаған тәрізденді. Топ теңселіп, толқып, үн шығарды: топтың үні әлемді жаңғыртып, аспанда шыңылдап, құлақты жарып бара жатқан сияқтанды. Шермек атының басын тежеп тоқтала түсті. Жүрегі қобалжып, денені қорқу билеп қалтыратты. Аспан төніп төбесінен басып қалатын сияқтанды. Айқайлайын деп еді, үні шықпады. Аты бір нәрседен белең алып, жалт бергенде, Шермекті ебедейсіз тақымы қолбаң етіп, ер-тоқымды құшақтай аттан қалпақтай ұшқан секілді болды...

— Ұстадық, ұстадық!..

Ұнамсыз дауысқа Шермек шошынып басын көтеріп алса, әлем жүзін қара түнек басып тұрған сықылды болды. Буыны қалтырап, тынысы бітіп, жан алқымға келіп қалыпты... Темір сияқтанған қатты саусақ оң жақ білегінен қапсыра ұстаған екен, кесіп тастамаса айрылар емес... Ызғарлы ашу, уытты кек маңын түгел қоршап алғандай...

— Апырмау, кісісіңдер, аясаңдаршы?!.

— Әкеңбіз!.. Танытармыз!.. — деген ашулы дауыстар шаңқ етіп, құлақ тұндырғандай болды...

Әлдеқайда: алыста ма, әлде, мына қыбырлаған қалың топтың аяғының астында ма — ыңырсыған дауыс естілген секілденді. Таныс дауыс! Бұл дауыс — Шермектің құлағына тиісімен бойын тітіркендіріп, жүрегін тіліп жібергендей болды. Абайлап қараса әкесі Сейпен! Қалың топтың аяғының астында қарны теңірейіп, үйілген оба құсап жатыр.

—Шермекжан, мен адамдықтан қалдым ғой! Қарным жарылып қалды, қарнымды тіліп кетті, — дейді әкесі.

Жан ұшырып Шермек әкесіне қарай ұмтыла берем дегенде, мандайының алдын ала сілтеген қылыш жарқ етті... Шермек сескеніп кетіп, басын кейін қарай тартып қалам дегенде, желкесі бір нәрсеге тарс еткендей болды.

— Ойбай! — деді.

II

... Бұл Шермектің түсі болып шықты. Ойбайлаған өз даусынан өзі шошып оянды. Басы жастықтан асып, кроватының теміріне барып соққан екен, шекесі зыңылдап, қызып бара жат қан сияқтанды.

Үй қараңғы. Терезе болар-болмас қана бозарып көрінеді. Өзінің бөлмесінде кроваттың үстінде жатыр. Тұла бойы аққан тер. Денесі қирап қалған секілді. Аунап түсіп жатайын деп қозғалып еді, кроваты шақыр-шұқыр етті. Қалтырауы басылған жүрек бұрынғыдан да бетер тітіреп сала береді.

Бірсыпыра уақытқа шейін Шермек аң-таң болып жатыр, бір кезде есін жинады. Көрген түсін ойлады. Болған уақиғаны көз алдынан өткізді: ойлаған сайын ол өрісі тарылып, белгісіз бір қара бұлт бүркеуге дайын тұрған тәрізді... Мұндай қысыламын, дағдарысқа ұшырап, басын тау мен тасқа ұрамын деп Шермек ойына алған емес. Шермек — «Бақыттан бақытты» көкседі. «Бақытты адам жалғыз өзіммін!» деп жүрді...

Бұдан бірер күн бұрын осы кровать, мына екі терезелі сырлы бөлме Шермекке жұмақ сияқтанып көрініп еді. Шермек төсегінде маужырап жатып, өткен өмірді бір шолып еді. Сонда азды-көпті көрген өмірінің ішінде қабақ шытарлық қара күнді кездестірген емес: анасынан шырылдап жерге түскелі үдде мен бүлдеге оранып, төрт жағы құбыла болумен келді. Аталы тұқымның, дәулетті байдың баласы болды. Малдың күшімен орыстың ірі мектептерінде оқып, қынама киім киді, жылтырауық түйме тақты. Өзгеріс болды. Шермектің «бақыты» оңда да тайған жоқ, онда да үдей түсті: ұр да жық ұлтшылдардың бірі болып шыға келді. Қайда барса да орны дайын, беті қайтып көрген емес... Кеңес үкіметі орнаған кезде «Шермек бәсеңдеді» деп жұрт өсек тарата бастап еді, ол өсектен де құтылады: бұқпантайлап жүріп кеңес жұмысына араласып, әлдекімдердің қолтықтауымен жасырынып партия қатарына да кіріп алды... Сол бетімен елі келеді. Құбылмалығы ескен желдей: біресе оңнан, біресе солдан шығады, «бойына шыр жұқтырмауға келгенде Шермектен шебер адам жоқ» деп, бірге жүрген жолдастарының күндейтіндері де бар.

Бүгін Шермек жынынан айрылған бақсы сияқты. Күлімдеген көзін қара бұлт қаптаған сияқты. Асқындаған ырысын, аспандаған бақытын әлдекім келіп жоққа шығарып, күлін көкке ұшырған сияқты... Күні кешегі тәтті төсек, жұмақ сияқты көрінген көк мәнерлі бөлме — бүгін аждаһа сияқтанып аузын ашып, обып қоятындай болып тұр... Кеше — түнгі өмірінің таңындай болған, ләззатты шырын балдай болған қара көзді майысқан сұлу, бүгін — бұрқылдап қайнаған ой қазанында қуыршақ сияқтанып бұлдырайды... Өмірінде селт етпеген жүрегі қобалжып қалтырап, алқымына кесек тығылғандай қылғындырып, тынысын тарылтып тұр.

«Апырмау, қайтем? Қалай құтқарам?!» — деп Шермек тістеніп, бұлдырлаған ойын бір жерге жиып қорыта алмай бірсыпыра уақыт жатты.

—Болмас, енді өлместі қамдау керек! Тар кезең келді: жолды да, заңды да, абыройды да әзіріне жиып қоя тұрып, құтқарудың шарасын істеу керек!

Шермектің басындағы мың құбылған ой осымен түйілді. Кроватынан секіріп түсіп, үстелінің үстіндегі электр шамды жаққанда, Шермектің басында жоғарғы ой шыңылдап қайнап тұрды, әлдекімдерге, әлденелерге ызасы келіп, болды ашу кернегендей болды. Көзі сықсиып, езуі қисайып, ауызы жыбыр-жыбыр етті. Біресе өкпелеген бала секілденіп, қаймақшыған жұқа ерні түртие қалды. Орындыққа отырып қаламды колға ұстағанда жазуға ойлаған ойы тасыған судай тасқындап келіп қалды. Қағазының жоғарғы жағына «Әке» деген сөзді жазып астын сызып қойды да, ар жағын түйдектетіп соза берді.

Екінді әлетінде, Тасыбай шоқысынан асып, өзендегі елге беі алып үш салт атты келе жатты.

Ылдида, өзеннің кемеріңде қалың ауыл көрінеді: қатарлай тіккен киіз үйлер, көлбей ұшқан көк түтін, жыбырлаған мал, аңдаған адам.

Өріскей бет қара құрттай қаптаған мал! Адырдан шұбап түсіп сиыр келе жатыр; жер қайыстырып жайылған мыңдаған қой жатыр; тай-құлыны еркелеген балаша ойнақтап, ауылдың үсті» шаңмен бүркеп, жауға аттанған қалың әскердің қосынындай болып, өзеннен су ішіп шыққан жылқы, үйір-үйір болып топ танып қабаққа қарай беттеп жайылып барады. Екі жылқышы, қайын құрығын сүйретіп, бас білмейтін асау байталдарды қылжақтатып, бытырап жайылған бірен-саран саяқтарды қуып алдыңғы қалыңның ішіне қосып, жылқыны иіре түсіп жүр...

— Ой, Дариға-ай, елдің көркі мал екен ғой! Жаңағы Әлімбайдың ауылы, баяғы толықсып тұрған кезінде жұмақ сықылданып көрінуші еді, енді, мал кеткен соң қыңырланып, ыпындары кетіп-ақ қалыпты, — деп, қырдан кулагі келе жатқан салт аттының ол жақ шеткісі, қырықпа сақалды қара кісі басын шайқай түсіп күрсінді.

Бұл — Қожан дейтін еді. Аузының ебі бар пысық, ат арқасына мінгелі байдың қосына еріп, шашпауын көтеріп үйренген кісіңіз.

Ортада келе жатқан семіз сары бұжыр кісі — Сейпен дейтін, бай. Сонау күнмен шағылысып тұрған ақ үйлер осы Сейпеннің үйі. Мына қара құрым болып өрісте жатқан малдың ішінде Сейпеннен басқаның малы кемде-кем-ақ-ау.

Сейпен, күрең жорғаны қамшылай түсіп, біразға шейін үндемей ауылдың үстіндегі жер қайыстырып жайылған малға қараумен болды. Осы байлықты, осы салтанатты бұрын көрмей, көрсе де сезбей жүрген сияқты болды. Қараған сайын жүректе бір нәрсе топтанып, белгісіз бір қорқыныш бұлдырланып, ішті жалап бара жатқан сияқты болды.

— Әй, Қожан-ай, заман бұзылды ғой, — деп Сейпен ауыр күрсінді.

Салмақты денесін қозғаңқырап қойғанда, ауыр дененің екпініне шыдамай күрең жорға аяғын әлтек-тәлтек басып, жорғасынан жаңылып қалды. Сейпен жорғаны шаужайлап, камшымен тартып-тартып жіберді.

—Рас айтасыз, заман бұзылды, елдің баққаны пәле. Үлкенді сыйлау, аруақты сыйлау деген жоқ. Сіздің есігіңізде жүретін Дәуқараның баласы атқа мініп, ел билеген соң не оңбақшымыз? «Көменеспін» дегенді шығарып алыпты. Осы Шермек те көменес емес пе? Елге келгенде, Шермек ешкімге соқтықпай-ақ тең құрбысымен ойнап-күліп қайтып жүр, —деп, Қожан да күрсінді.

Қожанның есіне ел түсті, елдің кедейлері, кедейдің ұйымшылдығы, кит етсе «байдың құйыршығысың, атқамінерсің» деп тап беретіндігі түсті. Бәрінен бұрын Дәуқараның баласы Султан дейтін буған мықты жау. Бірер қылмысын сезсе, тіпті қитарланып алып ерік бермейді. Бірақ Қожан бұған шейін абыройсыз болған жоқ. Мына келе жатқан қара шал оңайлықпен жолдасын сүріндіретін шал емес: өткен жылы Қожанды пара алды деп Сұлтандар сотқа бергенде де осы қара шал қалаға бір қатынағанда зым-зия жаптырып келген. «Әй, қара шалым-ай, тірі бол!» дегендей болып, Қожан Сейпенге қарап қойды. Сейпен далбайды баса киіп екі ұрты салынып, ауыр ойға шомумен келе жатыр еді.

Адырдың бауырын бөктерлей жүріп отырып, бұлар шұбап бара жатқан топ жылқының солғы жағынан соқты. Сейпен жылқышыны шақырып алып:

— Жаным, абайла, ит-құс бар көрінеді, ұйықтамай күзет, күндіз ұйықтарсың — деді.

— Ұйықтамай өле алмаспыз, — деп, жылқышы, түтіккен пішінді жас жігіт күңк етіп, атын борбайлай желе жөнелді.

— Мынау иттің сөзін қарашы! — деп Қожан шытынады.

— Қайтерсің, бұл да құдайдың ісі шығар, — деп, Сейпен ауылға қарай атының басын бұрды.

Сейпен үйіне келгенде, Жамал бәйбіше биенің кешкі сүтін құйдырып, емізіктеген қара сабаны Тұтқыш деген малайына пістіріп жатыр еді.

—Шермекжаннан хат келді, қауқылдақ қалаға барған екен, содан беріп жіберіпті: «Әкемнен басқаның қолына бере көрме» депті... Мә, оқышы, — деп бәйбіше қалтасынан алып хатты берді.

Сейпен, Шермектің хатын бастап оқығаннан-ақ тіксініп, сұрланып сала берді. Орта жеріне келгенде қолынан хат түсіп кетті. Безгек болған адамдай тұла бойы қалш-қалш етті. Аузыбасыжыбырлап, иегі кемсеңдеп, екі көзден ыстық жас бұршақтап ыршып ата берді.

Үй іші қара көлеңке. Абажадай үлкен үйдің есігінен төріне шейін сірескен жүк: оюлап тастаған сандық, тең-тең қылып буып тастаған асыл кілем, бұйымдар. Үйдің қақ ортасында, сары ала кілемнің үстінде, екі аяғын көсіліп, екі қолымен жер тіреп, басы бүгіліп, көз жасы сақалының арасынан сорғалап Сейпен отыр. Не болғанын, не қылып отырғанын нақ сол сағатында өзі де білген жоқ. Іші-бауыры өртеніп, от болып жанып бара жатқан сияқтанды.

—Жаным-ай, не болды? — деді Жамал бәйбіше кіріп келіп.

—Қайтесің, қатын, біттік! — деп, Сейпен солқылдап жылап жіберді.

Сәске түс кезінде ауылдың іші жала хабармен толды. Біреуден біреу есітіп, есіткенін неше саққа жүгіртті:

— Енде әтірет шығады екен — дейді...

— Малы барлардың малын алады екен — дейді...

— Қызы барларға налок салады екен дейді...

— Байдың үйіне Тұрсын барған екен, бәйбіше жылап: енді жау шабатын болды, қымызды ішіп қалыңдар депті...

— Қой, бекер, Жамал бәйбішенің бейілі ашылды дегенге нану қиын болар.

— Жамал өлгенде де сабасын құшақтай кетер... — деген сияқты сөздер түйдек-түйдегімен шығып жатты. Су тасыған қатындар, от басындағы кемпір-шалдар есіткендерін үлгіртіп, өздерінше жорумен болды. Бірақ бұл жорудың бәрі де үстірт, ешкім тереңге бара алмай, болашақ оқиғаның өрісінен әзірі аулақ жатыр еді.

Осы ауылда әңгімеге үйірлігі жоқ адамның бірі Қуандық болушы еді, есігінің алдына қара тоқымды төсеп ал шолақ тоны тыртысып, ұзақты күн тықылдатып ағаш шабумен отырушы еді, ал бүгін о да желікті, балтасын белдеуге қыстырып белін құр жіппен байлап алып, бір нәрсеге әзірленген сияқтаныпты. Өткен-кеткенді қол бұлғап шақырып, «не хабар бар?»' деп, соның аузына телміретінді шығарды.

Шүйкесін шынтағына іліп, ұршығын иіріп, Бәтима үйінені шығып еді:

— Әй, Бәтима, құрып қалғыр, мұнда келші! — деп Қуандық оны шақырды.

Қазан қырып жатқан Қуандықтың қатыны айғызданған бетін есіктен шығарып, байына ала көзімен қарады да, қайтадан жұмысына кірісті.

— Немене, мені неғып керексініп қалдың? — деп жасының қырыққа келіп қалғанына қарамай, жас әйелдерше сызылып Бәтима бұрылды.

— Байғұс-ау, сені керексінбеген күнім бар ма еді? — дедіҚуандық, өзінше кулық істеген боп, Бәтиманы көңілдендіріп содан тіл тартпақ болды.

— Әбден... Сенікі құр тіл ғой...

— Байдың үйіне барып қайттың ғой, бәйбіше не айтады?

— Бәйбіше жылап отыр, екі көзі былаудай ісік. Мен барып отырып едім, бұрынғыдай жиырылған жоқ, сабасын бірер толады да, үлкен қара аяқты толтырып қымыз құйып берді.

— Қымызын қоя тұршы, не айтады, сұрадың ба? — деп, Қуандық жақындай түсті.

— Өзі айтпаған соң, сұрауға батпадым, аяқтағы қымызымды ішіп болып едім, «тағы құйып берейін» деп сабасына жармасты. Мана бір торта жеп, шөлдеген соң, шалап істеп ішіп едім, сол құрып қалғыр жүрегімді алып іше алмағаным... Жер ошақтың басында жылқышының қатыны Несібелі отыр екен, бәйбіше неге жылап отыр деп сонан сұрап едім, «бұларға бір тықыр таянған шығар, кешеден бері бүлініп жатыр, түнде көрші ауылдағы ақсақалдарды жиып, таң атқанша кеңесті, не айтқандарын білгенім жоқ» деді. Рас-өтірігін білмеймін, әйтеуір бірдеме бар.

— Ақсақалдарды жиып алды дейді?

— Ия.

— Ал, сосын?

— Сол...

— Ой, құрып қал, әдейі сұраған соң анығын біліп келмессің бе?

— Мен әңгіме бағып жүрмін бе, еркектер сендер білсеңдер де жетеді ғой.

Бәтиманың сөзінен пәлендей маңыз шығаруға болмағанмен, Қуандықтың құмарын бұрынғыдан да өсірді. Сондықтан ол тыпыршып тұра алмай:

— Қой, сенен жарымаспын, Арыстанға барайын, — деп, қайың таяқты қолға ұстап, асығыс жүремін деп, көрінген нәрсеге бір сүрініп, Арыстанның үйіне келді. Арыстанның үйі толған адам екен. Арыстан есіп сөйлеп отыр.

— Оның анығы мынау, — деді Арыстан Қуандық есіктен кіргенде. Байлардың малын алып, өздерін жер аударады.

— Апыр-ау, сұмдық қой, деп бір жылтыр қара ыршып түсті.

— Бәсе, Жамал бәйбіше бетін тырнап жылап жатыр деп еді-ау, сондай бір сұмдығы бар екен ғой...

— Ay, тұра тұр, малын алғандай байлардың жазығы не? — деді, көл бақаша шермиген біреу, көзі ежірейіп.

— Жазығы барлығы: кісі еңбегімен мал жиғандық, кісінің еңбегін жегендік!

— Бәрекелде, сөз-ақ-ау, Сейпенге қайсың тегін еңбек сіңіріп еділ? Маған еңбектеріңді сіңіре көр деп Сейпен қайсынды зорлап еді? — деп әлгі шермиген қарын түтіге түсті.

— Ол жағын қойшы, сол алынған малды қайтеді екен? деп Қуандық кимелей келіп, нақ Арыстанның жанына тақалды.

— Саған берер дейсің бе, қазынаға түсіретін шығар, — деді біреу.

— Жоқ, қаталасасың, — деп Арыстан оның сөзін бөліп жіберді. — Байлардан алынған мал артелые, малсыз кедейлерге бөлініп беріледі.

— Әй, бола қояр ма екен?!

— «Не қылған батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық?»

— Оңайлықпен бола қоймас. Сейпен де өлмес қамын істеп жатқан көрінеді, түнде ақсақалдарды жинап, солардың қолына бірсыпыра мал сақтауға бермекші болыпты: қара қасқа айғырдың үйірін Таңатардың жылқысына апарып қосты деп жаңа жылқышысы айтып отырды. Баласы еншісін басқа дегізіп ауылнайдан куәлік алыпты. Қаладағы баласы да қарап жатқан жоқ білем, ақылын айтып хат жазып жіберіпті ғой, — деп, Шауыпкел дейтін имек тұмсық есіткенін айтып, Арыстанды тұқырта сөйледі.

Шауыпкелдің хабарын жұрт ынтыға тыңдады.

—Бәсе, солай болар, — деп бастарын изесті.

—Өкірікте Шермекті тыңдамайтын «төре» бар дейсің бе?

—Шермек қала жағына ие болса, Сейпен елге ие: ақсақалдарға бір-бір аттан мінгізсе, «Сейпен жақсы адам» дегізіп піргіуер жиғызады да береді.

—Бәсе, десейші, қаладан келген адамның жайы белгілі ғой, мөр басқан бір жапырақ қағазды көрсетсең, желкесін қасып жөнеледі, — деп, жұрт бірсыпыра даурығып алды.

—Кім береді піргеуірді? Мен берем бе? Мә, аларсың! — деп Қуандық кенет ашуға мінді.

—Сендердің осыларың құрысын! Бір нәрсені естісеңдер, бет-беттеріңе жайылып, қараспанды суға алдырасыңдар да отырасыңдар. Сөз емес қой: бай малын қалай тыға алады? Ауылнай мөрді қалай береді? Біз не бітіріп отырмақшымыз? Малын тықса, өтірік куәлік алса, тиісті орынға айтпаймыз ба? Тыққан малын қазып шығармаймыз ба? Біз жұмылып ұрлығын айтып отырсақ, құлманы ашылып, масқара болып қалмай ма? — деп Арыстан ашулана сөйледі.

— Ойбай-ау, соны істеуге кедейің бірігіп отыр ма?

— Бірікпейтін несі бар? Бірікпей отыр ма? Былтыр сайлау болғанда, бастығы Сейпен қылып ылғи байларды сайлаудан бір қуып шықты. Биыл жер бөлісі болғанда Сейпеннің барлық жерін бөліске түсіріп, өзін шетке қақтық. Мұның аты не? Мұның аты бірігіп іс істегендік болады!..

— Жарайды, бірігіп шық, мен сөзімді қойдым, — деп Шауыпкел қиқайып теріс қарап кетті.

— Арыстанның айтқаны рас, Шауыпкел, сен ылғи осы бар ғой — кер тартумен боласың, — деп сөзге Қуандық та кірісті.

— Ау, Қуандық-ау, қойсайшы, біз екеуіміз бүлікті қайтеміз. Біз сол арба істеп сатып тамағымызды асырауды білейік те, — деді Ысқақ сонадай жерде сомадай боп жатып.

— Керекті жерінде неге кіріспейін, Сейпеннің малын алатыны рас болса, арбам содан әрі істелмей қалса да мен кірісем, талай еңбегім сіңген, жасырған малын алдымен өзім шығарысып берем, — деді Қуандық.

— Әй, Куеке, жарайсыц! Биылғы жер бөлісінде де еңбекті сіңіріп едің, осы жолы да қайратыңды көрсет, — деп Арыстан жайраңдап күліп калды.

Қуандық көтеріліп жымың-жымың күлді.

— Шырағым, Арыстан, осы сен шыныңды айтшы: байдың малының алынатыны анық қой, ә? деп бет-аузы сақалмен қапталған қара кісі Арыстанға қарап жылыса түсті. «Сен кіріспесең болмас» дегендей маңындағылар ығысып оған жол берді. Әлгі кісі, сақалын сипап азырақ ойға шомғандай болды да:

— Ендеше, бұл істі үкімет бастап отырған болса, Сейпеннің күлін аспанға шығарып тұрған біз. Сейпенге менен көп еңбек сіңірген адам сирек шығар. Мен не көрмедім? Бала күнімнен құлдығында болдым, талай таяғын да жедім. Шынын айтсам күні бүгінге шейін құлдығынан құтылған жоқпын, әлі күнге жұмысын тегін істеумен келем. Басқасын қайтейін, 20-жылы, мен жеке өмір құрмақшы болып, Сейпеннің қолынан шықтым. Сейпен оныма жаман ашуланды. 21-жылы аштық болды, аштық нені тыңдады. «Тірі болсам төлермін, маған азығыңнан қарас» деп, осы Сейпенге барып жалындым ғой. Әй, иттің бейілі жаман ғой, төрт қабат көрпенің үстінде шалқасынан жатыр екен, сөзімді елеместен, көсілген аяғын жинамастан қалды... Шермекті осы күні көменес болып үкімет жұмысына араласып жүр деп есітем. Үкімет кедейдікі болса, сол Шермектердің кедейдің үкіметінде не жұмысы барып білмеймін. Шермектің кедейге жаны ашады дегенге елсем де нанбаспын. Мен сол тамақ сұрап тұрғанымда, Шермек пешке арқасын сүйеп, кітап оқып отыр екен, әкесінен түңілген соң мен сол Шермекке жалынған болармын. Сонда Шермек аузы-мұрны қисаймастан: «өлсең борыштанбай өлсеңші, неңді бересің?» деді-ау.

— Қасқырдан бөлтірік тумасын ба.

— Мен Шермектің қалай коммунист болып жүргеніне таңмын.

— Кедеймін деп алдап кірген ғой, енді алдай алмас: еңбекшілердің көзі ашылып, санасы өсіп келеді. Кас пен досын айырарлық күйге жетті. Міне, кәнпеске науқаны орынды жүргізіліп отыр. Осы науқанның түсында талай Шермектердің бет пердесін жыртып, жұртшылықтың алдына сүйреп салармыз! — деді Арыстан жайраңдаған пішінмен.

— Бәсе, сүйтсеңдерші, кедейден шығып сендер коммунист болғанда көретініміз не? Тым болмаса осы байлардан кегімізді алып беріңдерші! — деп, Қуандық бұрынғыдан да өршеленіп, беті қызарып, көзі жайнаңдап, көтеріңкі көңілмен шын тасып отырған адамның қалпын көрсетті.

— Байдан кек алу үшін, байды ортамыздан аластап қуу үшін, кедей болып күш біріктіруіміз керек, осыны істейсіңдер ме? — деді Арыстан.

— Істейміз!

— Ендеше, біріктірсек, партияның, үкіметтің шын қолқанаты болсақ, бітпейтін жұмыс жоқ. Ол естеріңде болсын!

Ұзамай аудан өкілі келді. «Кәнпеске» деген сөз тарады. «Кәнпескенің» не деген сөз екенін ел бірінші рет есітті. Бірақ жат көріп, оғаш көріп тұрған ешкім жоқ. Бала-шағаға шейін ауыздары жыпылдасып айтып жүр. Мағынасы да түсінікті болып қалды. Бірер сағаттың ішінде бұл ауылдың бұрынғы төл сөзінің қатарына да кіріп үлгірді. Ауыл адамдарының көбі келген екілдің қасында. Үйде қалғандар екі араға кісі салып, солар арқылы хабарға қанып жатыр.

—Құбылған заман-ай, есітпегенді есіттік-ау, — деп бір бүкір шал, үйге арқасын сүйей отырып, ауыр күрсінді.

Сары ала төбет жол бойында шоқиып отырып ұлып еді.

—Кет әрі, мына ант ұрғанның ұлуын! — деп бүкір шал оған да кейіп қалды.

—Жамандығы болса, Сейпеннің үйіне болсын! — деп екінші біреуі сықақ қыла күлді.

Сүйткенше болмай, сары ала төбеттің дауысына жалғаса сарнаған ащы дауыс шыңылдап аспанға шықты. Жұрт селт етіп, құлағын тіге қалды:

—Ау, бұл не?

—Бәсе, бұл не?

—Бұл дәу де болса бәйбіше шығар, ұлығанның басы бол ар! — деп, Қуандық жымың-жымың етті.

Отырғандардың бәрі де біріне-бірі қарасып: «бұған қуану керек пе, күйіну керек пе?» дегендей сұраулы жұмбақ кейбіреулердің ажарында айқын тұр еді...

IV

...Үш ақ үй қатар тігулі, оған таяу жапырайған қараша үй. Қараша үйдің сыртында күбідей болып, бетін құбылаға бұрып

Сейпен отыр. Басы салбырап, еңсесі түсіп кетіпті. Беті-көзі ісік. Сирек сақалының арасында жас тамшысы көрінеді. Қарата үйге арқасын сүйеп, үрген торсықтай болып тырсылдап бәйбіше отыр. Бел жара — айғызданған тырнақтың ізі. Түсі түтігіп, қарайып кеткен. Көзі қанталап қызарып тұр. Маңайындағы нәрсені бұлдырғана көретін секілді. Өткен күй, ұшқан «бақ», аспаннан түскен секілді кенеттен болған оқиғаны есіне алып, сең соққан балықтай мең-зең қылып жіберген. Оқтын-оқтын күрсініп «аһ!»дегенде жүрегі қарс айрылады.

— Шал-ау, Шермекжаннан не хабар бар? Баяғыдан бері оқып еді, ат арқасына мініп адам болып еді, тым болмаса осындай қысылғанымызда сүйей алмағаны ма? — деді бәйбіше.

— Болмайды ғой, кемпір... Бізді сүйемек түгіл, өз басына зобалаң туып жатқан көрінеді. «Байдың баласы, әкесін сүйейді» деп соңына түседі білем. Түнеу түнгі маған жазған хатын да мыналар тауып алып, сотқа беріпті... Тым болмаса сол аман болсын деп тіле, одан басқа таянар кіміміз бар? деп, Сейпен назаланып, солқылдап жылап жіберді.

— Қайтейін, тілемей отырмын ба? Қақбас құдай біздің қай тілегімізді беріп отыр, — деп бәйбіше шіміркеніп көз жасына булықты. Нақ сол сағатында құдайыңның өзі қолына тисе де түііп жейтіндей еді.

Ақ үй жағы базардай қайнап жатқан адам: біреу шығып, біреу кіріп жатыр; сампылдасып сөйлеседі, сақылдасып күліседі.

— Ал, Арыстан, сөйле!

— Не сөйлейтіні бар: тыққан малдарын, бұйымдарын тегіс таптық!

— Тұтқыштың айтқандары тура шықты ма?

— Тура болғанда қаңдай.

— Маладес, Тұтқыш! Сенің кім екеніңді ауданға жазып жібердім, — деп өкіл Тұтқышты аркасынан қақты.

Тұтқыш жымың етіп, жайраңдап қалды.

— Ау, Несібелі қайда?

— Мен мұндамын.

— Кел, сабаны пісіп қымыз құй, дәурен қолыңа тигенде, сары ожаумен құлаштап бір сапырсайшы!

Несібелі сөлекеттеу қозғалып, піспекке жабысты. Қозғалуы немқұрайдылау: бәйбішеден биліксіз сабаның қалай құйылатындығын әлі ұғынып жетпеген секілді.

Жұрттың басы қосылған соң біртіндеп сандықты ашып, асыл бұйымдарды есепке алу басталды. Тізбектелген көп кілт Несібелінің қолында. Әшекейлі сандықтардың шандуын босатып, біртіндеп ашып, ішіндегі бұйымдарын ортаға алып тастап жатыр. Бір сандықтың ішінен Сейпеннің әкесі Жантай бидің патшадан сыйға алған сары ала тонын Несібелі суырып алды да, жерге бірден тастап жібермей, не қыларын білмегендей, жағасынан ұстап таңырқап тұрды.

— Сары ала тон! — Үйде отырғандар шу етті.

Тұтқыш орнынан тұрып барып, Несібелінің қолынан сары ала тонды алды. Олай бір, бұлай бір аударыстырып қарады. Жағасынан ұстап тұрып күлімсіреп өкілге бүрылды.

— Бірдеме айтайын дедің бе?

— Осы тонды киіп ауылды бір қыдырып келсем деймін.

— Әйда, ки, Тұтқыш!

— Ки, байдың ішін бір күйсін! — деп үйдің ішіңдегілер ду күліп, көтермелеп кетті.

Тұтқыш сары ала тонды киіп, алтынды медалды төсіне қадады. Аяғында жыртық етік, басында жалбаланған құлақшын. Өзі жайнаңдап, жымың-жымың етеді. Аяғын керіле басып, қараша үйдің жанында отырған бай мен бәйбішенің алдынан кесе көлденеңдей жүрді. Бай бір рeт қарады да, басын төмен салды. Бәйбіше жанын тартып сұрланып, көзімен Тұтқышты атып жібергендей болып қарады.

— Неге қарадың, бәйбіше? — деді Тұтқыш бұрыла түсіп.

— Келіскеніңе қараймын.

— Сендерге келіскенде, маған келіспес дейсің бе?

— Ки, киетін заманың! — деп, бәйбіше жүрегі жарылардай болып күрсініп, теріс қарап бұрылды.

Тұтқыш сары ала тонды киіп ауылды аралағанда, бала-шаға, қатын-қалаш жиналып соңына ерді.

— Бәтір-ай, би атамның, патшадан сыйға алған тоны осы екен-ау! — деді кекселеу келген бір сары қатын.

— Келін-ау, осы ауылға келіншек болып түскеніме жиырма жыл толған екен, сонан бері осы тонның атын есіткенім болмаса, көрген жоқ едім, қақбас бәйбіше осқырынып, маңына жолатпайтын еді ғой, оған бұда әлі аз! — деп, еркек пішінді, имек тұмсық қара қатын самайынан шыққан шашын жаулығына тығып, киреңдей басын балалардың арасына барып кірді.

— Киелі тон дейтіні қайда? Киелі болса, Тұтқышты неге соғып кетпейді? — деді бір жас әйел.

— Соқса соғар, жынды неме желініп несіне киді екен?

— Қойшы өрі, тонда не бар дейсің, өшейін лақап қылып жүрген ғой, аруақты шаңырақ деп біз ғана қорқамыз, өйтпесе түгі де жоқ көрінеді.

— Бәсе десейші, бірдемесі болса енді бір белгісін бермес пе еді?

Адырақ көзді қара қатын емпеңдей басын Тұтқыштың жанына барып, сары ала тонды жағасынан ұстай алды:

— Қағынғыр, тұра тұршы, анықтап көрейік.

— Ал, көре ғой, сен көрем де сен мен немді аяр дейсің, — деп Тұтқыш кеңкілдеп күлді.

— Бәтір-ай, мына сап-сары не десем, алтын екен ғой, — деді бір әйел.

— Шешей-ау, мына суреті несі?

— Ол патшаның басы, — деді Тұтқыш.

— Тоқташы көрейік, патшаның басы қандай болады екен, — деп, қатындар жапырласа түсті.

Жұрт бірінен бірі хабарланып тайлы-таяғына шейін қалмастан сары ала тон киген Тұтқыштың маңына жиналды. Боз үйдің жанында ұршық иіріп отырған қатпар бетті сары кемпір ауыр күрсініп көйлегінің жеңімен көзінің жасын сүртті.

— Шеше, неге жылап отырсың? — деп Қуандық жанына жетіп келді.

— Әй, шырағым-ай, не жақсылығы бар дейсің, аруақтың иеленген тоны еді ғой, отанымызға бір зияны тиіп жүре ме деп қорқам, — деді кемпір.

Қуандық шек-сілесі қатып күлді.

Ауылдың сол күнгі кеңесі: сары ала тон, медал, байдың жасырған малы, бәйбішенің жоқтауы болды.

Қара қатын төсегіне жатқалы шешініп, сары ала тонның әңгімесін тағы бастады. Байы тыңдаудан жалыққан сол, ұйықтағалы іргеге қарай түсіп еді.

— Әйдеймін, бері қарап жатшы, әңгіме айтайын, — деп байын иығынан тартып, қара қатын өзіне қаратып жатқызды.

...Түн қараңғысы әлемді бүркеп, жан біткен демалысқа шомды. Жалғыз-ақ Жамал бәйбіше қараша үйдің босағасына сүйеніп, екі бүйірін таянып жылаумен болды.

V

—Жүрейін деп жатыр ма?

—Жүрейін деп жатыр!

Қойшы мінетін шабан торы атқа ағаш арбаны жегіп, қиқайтып жүк тиеп, Сейпен үй ішімен көшкелі жатыр. Бұрынғыдай «көш көлікті болсын!» деп тұс-тұсынан аңдап келетін көрші жоқ, жабырласып жүк тиесіп жүрген бозбалалар да жоқ. Жұрттың бәрі де сырт беріп, Сейпеннің көшкелі жатқанын ұмытқан секілді. Ұмытпаса да, елемейтін секілді.

Ақ таяқты төсіне тіреп, арбаның қасында жүгініп, Сейпен бірталай ой ойлады. Алдағы өмір қараңғы. Баратын жері қандай: «қазақтығы» ұстап, мейірім қылып, Сейпенді қонақ деп қарсы алар ма екен? Әлде осы өз ауылы құсап.сырт беріп айналып кетер ме екен? Ойлап-ойлап келіп:

— Әй, болмас! Ондай күн қайда? Ағайын-тума аластап қуып отырғанда, танымайтын ел бізді не қылсын. Енді біттік қой! — деп Сейпен солқылдап жылады.

Бәйбіше бүк түсіп талықсумен жатты. Иығы түсіп салбырап арбаның қасына баласы келді.

— Не дейді?

— Бармаймын — деді.

— Тоқал ше?

— Тоқал да...

Бәйбіше, жан ұшырған адамдай елеуреп, басын көтерді:

— Тоқалдікі тоқал болсын, Маржан ішімнен шыққан қызым, емес пе еді? Үлде мен бүлдеге орап өсірген жоқ па едім? Өзім сүйіп отырғанда, ол жұрымы құрғыр неге сүйдіреді? Ойбай, бұл қорлықты көргенше өлемін! — деп, бәйбіше жұдырығымен өзін маңдайға қойып-қойып жіберді.

—Қой, сорлы, жетер, өле алмаспыз, көресіні көрмей көрге кіру жоқ. Әйда, арбаға мініңдер, — деп Сейпен мықшиып таяғына сүйеніп, орнынан тұрды.

Ат ақырындап қозғалды. Қаусап тұрған ағаш арба жолсыз жерде ырғалып, шақыр-шұқыр етті. Сейпен артына қарап:

— Қош, елім... Жұртым!.. деп, көз жасына булығып, сөзін аяқтай алмай, сылқ етіп отыра кетті.

— Жылама, «елің»алдында, барасың, — деді Қуандық.

Көш жолға түсіп, белестен асып кеткенше, ауыл адамдар үйлерінен шығып, самсап қарады да тұрды. Кемпір-шалдар күрсініп:

— Кетті! — десті.

...Күрең жорғаны болыскей ер-тұрманмен ерттеп мініп, Тұтқыш еріске қарай теңселдіріп бара жатыр.

— Уа, Тұтқыш, жол болсын!

— Өрістегі малды айдап келіп, қазір бөліске саламыз!

Білектей қамшымен күрең жорғаны жамбасқа тартып жібергенде, жорғаның тұяғы жұмсақ топырақты уыстап лақ, тырғандай болды...

1928.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...