Өлең-жыр байқауы

Азамат Азаматыч

АЛҒАШҚЫ АЙҚАС

...Қарасай қаласының бұрыннан бауыр басқан төл «азаматтары» мен «азаматшалары» қаланың күнделікті хабарларын теріп-жиып, өздерінше қорытынды шығарып отыратын. Бірсыпырадан бергі жұрт аузына ілініп жүрген хабарлар: Жәлелиттен байдың «кібітінің жабылғандығы», Жәмелиттен байдың жасырын саудамен ұсталып «зор қазаға ұшырағандығы», Әкімбергеннің тоқалының кеткендігі, Әлімбергеннің қызының бір кәмесерге «қалай жүкті» болғандығы туралы еді... Сол сияқты хабарларға жалғаса бір күні Азамат Азаматычтың Қарасай қаласына қызметке келгендігі тарады.

— Кім деген дейсің? — деп, естігендер бірінен-бірі қайталап сұрады.

— Оңдай да кісі болады екен, ә? — деп таңданғандар болды.

— Бір «тиіп» болуға тиіс, танысқанның терістігі болмас, — деп жүрегіне жұмбақ қылып сақтағандар да болды.

Содан былай Қарасай қаласының «азаматтары» Азамат Азаматычтың отырған кеңсесін жағалады: «азаматшалар» соның жүретін көшесін аңдитын болды.

Қарасай қаласының «азаматтары» тексере келе мынадай қорытынды шығарды:

«...Кедей баласы екен. Мінезі тұйық екен. Тізгін бермес бойлауық емес екен. «Аптаритеті» де жоқ емес екен. Атқарып отырған қызметі де олқы емес екен...»

«Азаматшалар» жүре-жүре табандарын тоздырды. Азамат Азаматыч көшеге сирек шығатын адам көрінді. Сағат үш жарымнан аса бергенде, жылтырақ сары портфельді ілгегінен ұстап сүйретіп, көзін жоғары бір көтермей, пәтеріне төтелеп тартатын болды... Пәтер хозяйкасының берген мағлұматтары бар, көрші-қолаңның көрген-білгендері бар — бәрін қосып қорытқанда «азаматшалардың» қолына ұстағаны мынау болды. Азамат Азаматычтың түрі: орта бойлы, қызыл шырайлы, қыр мұрынды, қырқа күзелген мұртты жас жігіт, мінезі: ұяңдау, аз сөйлейді, көп тыңдайды, біреу сөйлесе төмен қарап күлімсірейді де отырады. Мынауың теріс деп ешкімге қарсы айтпайды, өз пікірін ұсынбайды, шеке тамырын білеулендіріп ешкіммен керіспейді... Бұған үстелетін қосымша, киімді сыпайы киеді, таза жүреді, «әдекалон» жағынатын мінезі де жоқ емес... Ең ақырғы қосымша: қазірдің өзінде кеуде қызметкер, келешегі айнадай сара тұрған сияқты...

... Азамат Азаматычтың тұрған пәтерінің хозяйкасы қазаққа шатысқан татар әйелі. Түріне қарап татар демесең, тіліне қарап айыра алмайсың: «қайным» деп күлімсіреп тұратын елдегі ашық мінезді «мырза жеңгейлер» сияқты.

Азамат оны «хозяйка», «жеңгей» дейтін болды. Бізде солай дейік...

— Қайным, қалай, шаршаған жоқсың ба? — дейді жеңгей ашық жүзбен қарсы алып.

— Қызмет неге шаршатпасын, — деп Азамат күлімсірей түседі.

— Жас адамға қиын ғой... Көшеге шығып бой көтеруді де білмейді екенсіз, — дейді жеңгей аяған пішінмен.

Азамат Азаматыч әдепті қызша сызыла түсіп, қызмет жайын түсіндірген болады:

— Жаңа дәуірдің жұмысы осылай... Әбден танысып алмаса болмайды... Жұртшылық бізден жұмыс күтіп отыр, — дейді.

Азамат Азаматыч осы сөзді жеңгейге айтқанда риямен емес, шын жүрегімен айтады. Үйткені, Азамат Азаматычтың жүрегінде шынында бұдан басқа ой болмасқа да тиіс еді... Азамат Азаматыч бастап оқуға аттанарда да осы ойды мақсат қылып еді. Онда аты-жөні «Азамат Азаматыч» емес, «Қожалақ Күркілдеков» еді. Қожалақ оқуға аттанарда әкесі Күркілдектің ашамай белді шолақ торысы, бір мүйізі сынық қара сиыры, торғай қамасаң тұрмайтын қырық жамау қараша үйі бар еді... Көрінгеннің кірін жуып жүретін қатпар бетті қара кемпір — Өлімсек дейтін шешесі бар еді. Қожалақ оқуға жүрерде шешесі мойнына асылып, бетінен иіскеп сүйіп тұрып:

— Қалқам, ұмытпа! — деп еді Қожалаққа.

Әкесі Күркілдек торы атқа төрт аяқ арбаны жегіп Қожалақты станцияға әкеп салып, баласының бетіне бажырая қарап тұрып еді.

— Оқы, қарағым, адам бол! — деп бір күрсініп, ышқырынан түйіншек шүберекті шығарып, термен жіпсіп мылжаланған ескі червон ақшаны ұсынып тұрып:

— Ел іші ғой, өлмеспіз. Мынаны жолыңа ал, тағы да жіберіп тұрамын, — деп еді.

Қожалақ оқуға солай аттанып еді...

Бір-екі жыл өткен соң, мектеп өмірі Қожалақты түзеп жібереді: бет терісі түлеп, қызыл шырайлы түрге кірді. Тазалық әдетке кірді. Жолдас-жора көбейді. Жоғарғы курстың балаларымен де араласып жүретін болды. Сабағын жақсы оқыды. Мектеп ішіндегі жұмысқа қызу қатынасты. Толып жатқан орындарға сайланды. Ауызға ілікті...

— Товарищ Қожалақ!.. Жаным, қойшы, тасташы... «Последний раз» сұраймын! — деп Райка қиылады да жүреді.

Райка деген кіртиген қабақ, сұрша қыз, шашын байталша күзеп, «жаным» деп жабыспайтын жігіті болсайшы, мектеп өмірінде кім көзге түссе, бұл қыз соның жанында. Аты Рәш екен, Рәш емес-ау, Рабиға екен, «ескілікті тастау керек» деп атын «Райка» атандырыпты. Бұл «модыға» тілін алатын бірсыпыраларды түсіріпті: Әбдіреш Битасов — «Алеша Дмитрич» болыпты, Сапа Әлімбаев — «Саша Алексеевич» болыпты, тағы тағылар... Жалғыз-ақ Шәймерден дейтін бала: «Байдың қызына қол жаулық болар жайым жоқ!» деп қасарып маңына жуытпапты... Райканың байдың қызы екендігі көптен-ақ мәлім болады. Шәймерден сияқты балалар бас болып: «мектептен аластау керек» — деп сөз көтерсе де, «қазақ қызы ғой, оқысын, қайтесің...» деп бітуана-басалқы айтатындар басып жібере береді... Сол Райка Қожалақты иықтап алған:

— Жаным! Сұраймын! — деп бетін бетке тигізеді.

— Не қыл дейсің? — деп Қожалақ қынжылады.

— Таста, өзгерт!.. «Қожалақ Күркілдеков»... ту... қалай нашар!.. Тіпті лайық емес... Сұраймын! Орысша қоймаймын десең, қазақша-ақ қой, пусть, болсын: «Азамат Азаматыч!» — дейді Райка.

Қожалақ — «Азамат Азаматыч» атала бастайды. Мектеп балалары, Қожалаққа осы ат лайықты деп атамайды. «Райканың айтқанына көніп, атын өзгертті» деп кекетіп атайды. Содан былай жұрт аузында «Азамат Азаматыч» деген ат кең өріс алып тарта береді.

...Азамат Азаматычтың пәтері екі бөлмелі, төргі бөлмесінде бұл, алдыңғы бөлмесінде хозяйка. Төргі бөлмесінің терезесі көшеге қарап та ашылады, іштегі бақшаға қарап та ашылады. Бақша дегеніміз жалбыр айғырдың жалындай қалың бұтақты үш-төрт түп ағаш, күн төбеден ауса, әлгі ағаштың түбі самал-салқын көлеңке болады. Жеңгей көлеңкеге үстел қойып, шай әзірлейді. Азаматты шайға шақырады. Дастарқан басы көршіден келген қонақсыз болмайды. Я бірер еркек болады, я бірер әйел болады: еркектер — хозяйканың інісі, қайнысы, жат-жұрағаты болады: әйелдер - қайын сіңлісі, жиені, бөлесі болады. Хозяйка олармен Азаматты таныстырады. Олар Азаматпен шүйіркелесіп сөйлеседі. «Бізді бөтенсімеңіз, қонаққа келіп тұрыңыз!» деп әйелдердің қонаққа шақыратыны да болады. Көшеде кездессе, бас иіп амандасу міндетке айналады. Сөйтіп «дос-жардың» тобы құрала береді...

...Сағат алтыға он минут қалған кезде Азамат пәтерінен шықты. Бет алысы - кеңсесі. Сағат алтыда кеңседе жиылыстары бар. Қаралатын мәселе — кеңсе жұмысын қайткенде жемісті қылу туралы.

— Товарищ Азамат! Мектеп есігінен жаңа шығып отырған адамсың. Құрылысымыздағы кемшілік бізден гөрі сенің көзіңе тез шалынуға тиіс. Бүгінгі жиылысқа «обезательный» кел, пікіріңді ұсын! — деп, төраға Азаматты иықтан қағып, жылы жүзбен сөйлесіп, өзінің сезіп жүрген бірсыпыра кемшіліктерін айтқан.

Бастықтың ісіне, жігеріне келгеннен бері Азаматтың да айызы қанып жүр еді. Мектепте жүрген кезінде — мекеме қызметкерлерінің ішінде мұндай екпінмен, жігермен істеуші бар деп ойлай қоймайтын еді. Ол ойының қате екендігін енді сезген сияқты. Шынын айтқанда Азамат қатесін артынан сезіп қала беретін кісі еді...

Дөңгеленген қара көз сонау жерден қадалып, күлімсіреумен келеді. Таныс көз ғой деп Азамат та көзін жоғары көтере түсіп еді: ақ жібек көйлегі желбіреп, қою қара шашты тоқпақтай қылып желкеге түйіп тастап, өткір көзді күлімсіретіп қарай түсіп, Мәриям келе жатыр екен.

— Сізбен кездесе бердік-ау, — деп, Мәриям күлімсіреген күйі сүйріктей нәзік саусағын созды.

— Кездескіңіз келмеп пе еді? — деді Азамат та күлімсіреп.

— Ондай ойдан аулақпын, — деді Мәриям күлімдеген қара көзін Азаматқа қадап.

«Аяқ астынан кездесе кеткен бұл қайдағы қыз?» деп оқушылар жұмбаққа түспесін, бір-екі ауыз сөзбен Мәриямды таныстыра кетейік: бұл қыз ең алғаш Азаматқа хозяйка жеңгейдің пәтерінде, жалбыр ағаштың түбінде шай ішіп отырғанда кездесіп еді.

— «Мәрияшжан, кел, шайға отыр... Мына жігітпен таныс па ең?.. Қайным-ау, кеше сізге айтып па ем, Мәриям деген қайын сіңлім бар деп? Сол бала осы...» — деді жеңгей оны таныстырып.

Азамат ұшып тұрып Мәрияммен қол ұстасып көрісті. Шай үстінде Мәриям көбінесе жеңгеймен сөйлесіп отырды. Жеңгей биылғы бір ұстаған прислугасының беттен алғыш, шапылдақ болғанын, прислуга дегендердің «құдайын танымай» бара жатқанын, бұрынғы күнін ойлағанда жүрегінің тарс айырылатындығын айтып зарланумен болды.

— Ескіліктен қашан арылар екесің, жеңеше... Сені түсіндіре алмай-ақ шаршадым-ау, -деді Мәриям күлімсіреп.

Осыны айтып Мәриям Азаматқа көзінің қиығымен қараған секілденді. Жас әйелмен бір үстелдің басында отыру Азаматқа оңай жүк емес, қысылып, қымтырылып берекесіздену мұның қашанғы әдеті. Сондықтан, ол Мәриямға туралап қарап, оның ажар-көркі, мінезі, отырыс-тұрысы туралы салыстырып, «солай екен-ау» деген қорытындыға келмеп еді. Азаматтың осы қылығын сезе қалғандай Мәриям да басқамен шұғылданған адам секілденіп, Азаматпен тура қарап тілдеспеп еді.

Сол күні Азамат кітап оқымақ болғанда, жеңгей оны сөзге айналдырып, сөзіне әзіл араластырып, одан Мәриямды сөз қып бірсыпыра уақытын алды. Азамат бұған мазасы кетіп ренжігенмен сыр білдірмей тыңдады да отырды. Бірақ жеңгейдің сөзінде қандай мән барын, неге айтылып отырғандығын Азамат ойына салып елеп, «солай екен-ау» деп бұл жолы да қорытынды шығармады... Содан бері осы Мәриям күнде кездеседі. Көшеде де, үйде де, тамақ үстінде де құр кездескені болмаса Азаматпен тым ашылып сөйлескен емес. Сөйтіп жүріп Азамат бұған бұрынғыдан көрі үйрене түскен секілді боп өз үйінің адамындай көріп, оған ұялмай қарайтын күйге жетіп еді.

Міне, кездейсоқ тап болған Мәриямымыз осы кісі еді.

...Көше бойына төселген тақтайға тық-тық басып екеуі келе жатыр. Оқта-санда қақтығып иыққа-иық тиісіп кетеді.

— Ғапу етіңіз, — дейді Азамат сыпайылық көрсетіп.

Мәриям ағып жатқан сөз: кеңсеге барғанын, кеңседен қайтқанын, мекеме бастығының өзін мақтайтынын, әлеумет жұмысына көп араласатындығын, баспасөзбен таныс екендігін: пролетариат ақындарының өлеңін «өте сүйіп» оқитындығын... тағы-тағыларды айтып, біріне-бірін жалғастырып келе жатыр.

Бірнеше көшелерден өтті. Азаматтың беті екінші жаққа бұрылды. Кеңсесі бір бүйірден ауып, артта қалып барады. Білегіндегі кішкене сағат алтыны соғып, 20 минут өтіпті. Осы күні кеңсе қызметкерлері түгел жиналып, мәжілістің ашылуын күтіп отыруға тиіс. Мекеме бастығы сабырсызданып, бір орнына отырып, бір терезеге қарап, не қыларын білмей отырған шығар.

«Жолдастар! Азамат Азаматыч бізге жаңада келген жігерлі іскер, оның пікірі өте керекті! Азырақ күтейік...» деп, бастық жолдас бұл үшін көпке өтініш айтып та тұрған шығар-ау.

«Қазақтай салақ адамды көрмессің, айтылған уақытқа келе қойса қайтеді екен!?..» деп, кейбір қызыл ерін қарындастар иығын бір қозғалтып, қол дорбасындағы ақ мақтамен бетін ұндап жатқандары да жоқ емес шығар...

— Сіз қалай қарайсыз, осы күнгі жас ақындарымыздың ішінде футуристікке салынып кеткендері жоқ емес... Мәселен: әлгі... Кім еді аты?.. Тоқан ба еді. Ана солбырайып жүретін ақын бар еді ғой?.. — деп Мәриям ойланып тұрып қалды.

Бүгін әлдеқалай «Е. Қ.»-тың бір нөмірі Мәриямның қолына түсіп, сонда бір өлеңді көзі шалып еді. Басынан бір-екі ауызын оқып, газетті ырғытып тастап, жүзі шытынап жүріп кетіп еді...

— Сіздің «Тоқан» деп келе жатқаныңыз Жақан Сыздықов болмасын?.. — деді Азамат.

— Ие, ие... Сол — Жақан... Соның өлеңін мүлде сүймеймін, дәмсіз келеді, — деп Мәриям қасын кіржитті.

Жақан сол жерде көзіне көрінсе, Мәриям құсқысы келетін адам сияқты тыржиды.

— Әркімнің ұнатуы әртүрлі болуға мүмкін... Мен өзім Жақанның өлеңін ұнатам... Сәкен «Советстан» деген өлең жазды. Бұл жаңа түрмен жазылған өлең еді. Осы өлеңнің түрін осы күні бірсыпыра жас жазушылар қолдана бастады. Жақан да осыны қолданып жүр... «Е.Қ.»-тың соңғы бір санында осы түрмен жазған Жақанның бір өлеңі басылды, оқығанда адамды кәдімгідей көтеріп, жел береді, — деп босаңдау түрде болса да Азамат өзінің пікірін айтты.

Мәриям күлді. Дауысы сыңқ-сыңқ етті. Аққұба жүзіне әдемі түр кіріп, минутында мың құбылды. Азамат әлденеге ұялыс тапқандай, беті қызылданып, көзін жаудыратып әлсін-әлсін Мәриямның ақша бетіне қарап аудара берді. «Ажары қалай оңды!» — деді Азамат ішінен.

— Сіз шынымен нандыңыз-ау, — деді Мәриям бір кезде күлкісін бәсеңдете түсіп. — Пролетариат ақынын жек көреді деп ойлағаныңыз ба?.. Пролетариат әдебиеті менің азығым емес пе? Бәрін де сүйем, бәрін де сүйіп оқимын... Мен сіздің пікіріңізді тарту үшін айтып едім. Сондай бір нәрсе айтпасам, сөйлейтін емессіз. Сізді сөйлету үшін айтып едім...

Азамат қошуақ алып, күлімсірей түсті. Білектегі сағатқа көзі шалынып еді, жетіні соғуға бес-ақ минут қалыпты. Қатарласып жүргеніне аттай бір сағат толған, әлі жүріп келеді. Аяқ шаршауды білетін емес. Мана, кеңседен қайтқанда, зорға сүйреп басып қайтқан аяқ еді осы...

— Өне бойы жұмыс соңында жүрген соң адам қажиды екен, шаршайсың, езілесің, көңілсізденесің... Көңіл көтеру деген сиреп барады, — деп Мәриям күрсінді.

Айтуын айтса да, «осы сөзімнен бір нәрсе сезіп қала ма?» дегендей болып, ойнақшыған қара көздің құйрығын Мәриям Азаматқа қадап еді, ойлағанындай қауіп сезілмейді.

— Міне, бақша! — деді Мәриям көшенің бұрышынан оңға қарай бұрыла түсіп.

Кең алаң жалпағынан бақша: қалың ағаш, ағаш түбі көк шалғын, ағаш түбі саялы көлеңке: әр жерде бір орындық, орындық басы иықтарын тиістіріп отырған жастар...

— Айқай, май-ай! Тамылжытасың-ау! Нұрыңды төгесің-ау! Жүректі елжіретесің-ау... — деді Мәриям керіліп бір дем алып.

Қара көзді күлімсіретіп Мәриям Азаматқа осы жерде бір қадады. Азамат өзін-өзі ұмытқандай боп аңырып тұрып қалды. Көк етегіне қарап көлбеген күн жыртық үйдің тесігіндей бұтақтардың арасынан жымыңдап көз қысты!

САҒАТ АЛТЫ

...Солқылдақ кереуеттің үстінде ұзынынан созылып, басы ауырып мең-зең болып езіліп Азамат жатыр. Күн жұма, бүгін кеңседе жұмыс жоғы қандай жақсы. Мына түрмен жұмысқа барса не оңар еді? Кеңсе бастығы Азаматты өзіндей іскер қылып шығарамын деп, іске үйретемін деп, кабинетіне әлсін-әлсін шақырады да отырады. Кейде өзі жүгіріп келеді: «мынаның жөні былай екен, мұны былай істеу керек деп ойлап отырмын...» деп өзінің пікірін айтты. Азаматтың да пікірін сұрайды. Ақылдасып, кеңесіп шүйіркелесіп істеген жұмыс қалай жақсы. Азамат та жұмысқа шын беріліп кетті: кеңсе жұмысын бақайшағына дейін талдап танысты, сезген кемшіліктерін бастыққа айтып, бірігіп отырып түзеді. Кеңседе бітіре алмаған жұмысын пәтеріне әкелетін болды, ұзақты түнге отырып істейтінді шығарды...

Мәриям күн демейді, түн демейді келе береді. Азаматқа әзіл айта келеді. Азаматтың жұмысқа шұғылдығын, басқалардай қыдырумен өмір өткізбейтіндігін айтып, мақтай келеді.

— Сондай бір күйеуге берсек екен сені, — дейді хозяйка жеңгей күлімсірей түсіп.

— Жеңешемнің бар білетіні сол... — деп, Мәриям ұялып қызарған сияқтанады.

Кеше Мәриям өтініш айтты:

— Өне бойы сарылып отыруыңыз зиян ғой. Мен айтпасам, өзіңіз ескермейсіз... Жүріңіз, қайыққа мініп көңіл көтерейік, таза ауаға шығайық, — деді.

— Сүйтейік, жүр, Азамат, — деп жеңгей де қосарланды.

Бұрын «сіз» деп сөйлейтін жеңгей біраздан бері Азаматқа «сен» деп айтатынды шығарып жүр. Жоқты-барды араластырып әзіл де айтып қояды. Азамат ертеңгілік ояна қоймаса, көрпеге қол жүгіртіп Азаматтың табанын қытықтайтын мінезді де шығарды жеңгей... Азамат мұны мәдениетті адамға лайық емес мінез ғой деп ойласа да, жеңгейдің надандығын, ашықтығын, арпыл-тұрпылдау адам екендігін ескеріп, кешірген.

Қайыққа қарап бет алған соң көңілдері көтеріле түсіп, жүздері күлім қақты.

— Бұл қай жүргендерің? Қойшы, солай жүре ме екен жас кісі? Қолтықтасу деген болмайтын ба еді? — деді арт жақта келе жатқан.

— Соныңды біз ескермеген екенбіз-ау, — деп Азамат оң жақ білегін ілгешектей икемдеп...

— Ұрықсат етіңіз! — деді Мәриямға.

Бұл — бірінші қолтықтасу болып шықты.

Бұйраланған ағысты өзен толқыны қайықты көтеріп-көтеріп тастайды. Сирек сақалды қара кісі, маңдайы күнге жарқырап, табанды тірей есіп, қайық басын сонау көрінген қалың ағашқа қарап қадап келеді. Қалың ағаш — шалғыны белден келетін, жан баспаған бақша. Оған барушылар сирек, оған осылар сияқты «көңіл көтерушілер» ғана барады.

Мәриям суға қолын малды. Сумен ойнап отырып, жеңгесіне су шашамын деп қайтадан жанында отырған Азаматқа шашып алды. Бір рет қайығы бұлт ете қалып еді, «қорқып» кетіп, білегін Азаматтың білегіне өткізіп алды. Азаматқа жақындай түсіп иыққа-иық қақтықты. Сөйтіп отырып, салмақты пішінмен Мәриям сызылтып ән салды. Дауысы күмістей сылдырады... «Дауысы қалай оңды еді!» деп Азамат ынтыға түсті.

Судың жиегіне жақындаған сайын, соны жердің сары масасы ызыңдап қарсы алды, бетке, қолға, ашық денеге қонып, аш тұмсығын қадады. Мәриямның ақ жібек көйлегінде екі жең қалпетімен жоқ. Мәриямның тығыршықтай ақ білегі — масаның жемі. Қонған масаны қуамын деп Азамат Мәриямның білегін еркін сипап отыр.

— Ал, келдік! — деп, қайықшы демін ентігіңкіреп алып, қара қайыс маңдайдағы бүршіктерді саусақпен бір сыпырып тастады.

Ағаш ішінің шалғыны аяққа оралады. Саясы сап-салқын болып денені билеп барады.

— Мына көкорайдың үстіне кілемді төсеп жіберіп, сары қымызды сапырар ма еді! Ой, дәурен-ай! — деді жеңгей бір жерге кідіріп.

— Айтпақшы, жеңеше, ойға әлденелер түседі, — деді Мәриям күрсініп.

Балбырап тұрған көк шалғын кездің нұрын алып болған соң, шыдамады білем, Азамат бір ағаштың саясына самалдап жатты. Көк шалғын жапырылып астына мамық, басына жастық болды. Көк торғын көк төбеге шатыр құсап төнді.

— Сен де жат, еркежан, — деді жеңгей күлімсіреп.

— Жатса қайтушы еді, — деп Мәриям қалжыңдасып тұр еді, жеңгей «абайсызда» Мәриямды итеріп жібергендей болды... Мәриям «абайсызда» Азаматтың дәл үстіне құлап түсті.

Азаматтың басының ауырғаны қайықтан қайтып оралған соң болды. Қайтып оралып үшеуі Мәриямның үйіне келді. «Жұмақ» сияқты безеліп тұрған Мәриямның салқын бөлмесі шаршап келген Азаматтың жанын жайландырып, үй ішінің аңқыған хош иісі мас қылып жібергендей болды.

— Шаршаған шығарсыз, жатып дем алыңыз! — деп, Мәриям кереует үстіндегі кебіндеулі ақ жастықтардың қатарын бұзып, жайлап салды.

Азамат дем алып тынықты.

Жеңгейдің жүрген жерінде не болмас дейсің: дастарқан үстіне неше түрлі тамақ, самсаған шынылар тізіліп қалыпты.

— Алыңыз! — деді Мәриям көзді күлімсіретіп, қабақты секірте түсіп.

Азаматтың бұрын ішпейтіндігін айтқанымен ем болмады... Бірер жұтымы бойға тараған кезде-ақ, салмақты, тұйық Азамат күндей ашылып, желдей есті.

Қызара бөртіп, қарны шертиген біреу келіп танысып жатыр:

— Мәриямның жездесімін, — дейді.

— Мәжілісті қыздыра білмейді екенсіздер, — деп ол быртиған саусақты алдымен бөтелкеге салды.

— Таныстыққа! — деп бір рет Азаматпен соғыстырып ішіп алды. Екінші жолында ол жаңа түр шығарды:

— Ащы, ащы! — деді.

— Ие, ащы! — деп жеңгей де қостап күлімсірей түсті.

— Ащы, ащы!.. — деп, екеуі бірден дауысын қосып дүрліктірді.

Қара көзді бір төңкеріп, күндей күліп, Азаматтың бетіне Мәриям қарады, Мәриямның бетіне Азамат қарады... Мәриямның ерні сүйірленіп, мойны бұрыла бастады...

«...Бұл жұмбақ емес, шын. Мұнда қандай терістік бар? Бұл жерде қаталасқандығым болды ма?» деп, мең-зең болып жатқан күйі Азамат бірсыпыра ойланды. Ойлағанмен ол ісінен қата шығара алмады, рас — сүйісті... Мәриямның бөлмесінде екеуі оңаша қалып шын сырларын айтысты. Мәриям мұны «жан-тәнімен жақсы көреді екен!..» Бұда: «Жақсы көремін!» — деді. Бірақ, осы сөз тым тез айтылған сияқтылау... Тұра тұр, қалай болып еді?.. Мәриям екеуі жатты. Мәриямның білегі мұның мойнында. Мәриямның мөлдір қара шашы тарқатылып жастықтың үстін жауып жатты. Мәриям бір қолын көтеріп, стенаға қағылған масаты кілемге сұқ қолымен нұсқап жазу жазады.

— Оқышы! — дейді Мәриям Азаматқа бетін тақай түсіп.

Азамат көзін айырмай нұсқау жазуды оқиды. Жазу орысша:

«Сүйемін!» — дейді нұсқау жазу.

Ізінше Азамат та жазды:

«Мен де!» — деді...

Басталған жері осы. Мәриям сүйсе, Азамат әйел сүйместік жігіт пе? Сүйісу болмасын деген заң бар ма?.. Мәриям әріден сүйе келген екен, оған қарағанда Азаматтың «сүюі» тездеу болған сияқтанды... Бірақ мұнда да терістік жоқ: Азамат жұмыс адамы, жұмыс басты болып жүріп өзіне телмірген жүректі сезбей қалуы мүмкін: «сүюшілікке» көңіл қоймай жүруі мүмкін. Енді, сүйді: енді көңіл қоймады деп кім айтады?.. «Ынтамның ауғандығы бар ма екен, сынап қарайыншы...» деп Азамат көзін жұмып еді, күлімсіреген Мәриямның пішіні, өткір қара көзі, мөлдір қара шашы айнаға түскендей алдына елестеп келе қалды. Басқадан бұрын Азамат мына көз бен иықты жауып тұрған шашқа құмартыпты, осы екеуі көз жанарын мүлде тартып тұр. «Ойымнан шығаруға болар ма екен?» — деп Азамат басқа нәрселерді ойлап көрді: кеңсесін ойлады, кеңседе жүріп жатқан жоспарлы жұмысты ойлады, өзінің еңбек сіңіріп жүрген толып жатқан жұмыстарын ойлады... Бұрын ойлағанда бұлар қағазға тізіп қойғандай рет-ретімен өтіп жатушы еді, күндіз ұмытқандары да жамалып еске түсіп жатушы еді. Бұл жолы жамалмақ түгіл, сара тұрғандарының өзі ботасып болды: әр жұмыстың арасына Мәриямның әрбір пішіні араласып қайнап кетті... Бара-бара үйреншікті ойы күңгірттеніп, ақ маңдайы жарқырап Мәриям алға келіп басты...

Хозяйка жеңгей бір жапырақ қағазды ұсынып, Азаматқа төніп тұр:

— Оқы! — дейді күлімсіреп.

Бұл Мәриямның хаты ғой. Былай депті Мәриям: «...Жаным!.. Сағат 6. Ұмытпа сағат 6!.. Жүрегімді сезсең... Аһ, жүрегім! Кел! Сүйдім! Мәриямың».

Ту... Күннің ұзағы-ай... Сағат деген бұлай шабан болар ма, бір минуттың өзі бір жылға татырлық. Кім шығарды екен бұл сағатты? Сағатсыз-ақ мезгілді меже қылып жүре бермес пе?! Онда, бәлкім, уақыт бұдан тезірек етер еді. Мынауың бітер бәле емес, сағат төрттен жаңа асып барады... Қозғалмауын қарашы, мелшиіп!.. Азамат киіне бастағанда сағат үш еді-ау... Киінді, таранды. Айнаның алдына он шақты рет барды. Шашын сипай-сипай ауыртып болды. Әне, сағат бес жарымға жетті. Енді жарты ғана сағат, Мәриямның үйі төртінші квартал, бір кварталдан бойлап өту үшін бес минут шамасы керек... төрт кварталға жиырма минут. Ақырын, салмақпен жүрсе, жарты сағатты оздыруға да болмай ма? Дәл сағат алтыны соққанда. Мәриям кісі бойы терезенің қақпағын ашып жібереді: ақ жүзі далаға жарқ еткендей болады, екі иық қою қара шашқа көміліп тұрады... Дәл осы кез ғой Азаматтың күткені.

ОРЫНДАЙМЫСЫҢ?

...Кере құлаш айнаның алдында тұра қалғанда Мәриям өзіне сұқтанған адамша қарады: екі иықты көміп тұрған қою қара шашы, бұлттан шыққан күндей жарқырап тұрған ақша бет, ойнақшыған өткір қара көз. Мәриямнан басқа кімде бар, бұл пішін? Еуропа әйелдерімен салғыласпай-ақ қойсын, қазақ әйелдерінің ішінен осы пішінді іздеп тауып көрші?!

«Қазақ әйелдері» деген сөз есіне түссе, Мәриямның ойынан шықпайтын нәрсе — «Қазақ қызы». Бұл бір романның аты. Бұл романды жазушы Мәриямның ойынан шықпайтын адамның бірі. Оған едәуір болып барады. Онда Мәриям он жетіде ме екен, он сегізде ме екен? Сол жазушы жүрек-бауырын қолына ұстап, аспанның ай-жұлдызын куә қылып серт айтқандай қиылып ақтық сөзін ұсынғанда «қорқамын!» деген сөзді ғана айтып еді Мәриям. Алаңғасар жазушы Мәриямның осы сөзін ала жүгіріп, журнал бетін толтырып роман жазып еді. Романының аты — «Қазақ қызы» еді. «Қазақ қызы» деп отырғаны — Мәриям еді. Мәриямды жалпы қазақ қызына үлгі қылмақшы еді. «Қыз» болса Мәриямдай болсын!» демекші еді... Әрине, бұл сөзді ол — еңбекшілер табынан шыққан қызға арнап айтқан жоқ еді. «Еңбекшілер табы» деген сөз ол жазушыңызға жат еді. Романда Мәриям мақталып еді. Бұл романды оқығанда Мәриям туралы жазылғанын Қарасай қаласының адамдары айтпай біліп еді.

Оған едәуір болды ғой. Бірақ Мәриямның есінен шығар емес. Мәриямның өмірінде опық жеген жұмысының бірі осы. Мәриям онда жас еді. Жас болғанмен үлкен адамдарды үйірілдіріп түсірерлік әдісі бар еді. Сол әдістің кезеңіне әлгі «жазушы» кездесті де, құлады: «Табынатын тәңірімсің! Аспандағы айымсың!» деп Мәриямның аяғына жығылды. «Жас» Мәриям, «еркектен қорқатын» Мәриям, ойынын үдетемін деп жүріп өзі қақпанға іліккенін білмей қалды: егілді, елжіреді, «от боп» жанды!

«Қою қара шаш,

Ақ жүзді бермен аш,

Айым, күнім туды.

Ал, білегім шайқас!» —

деп сүйетінді шығарды әлгі «жазушы»!

...Сұлу мұртты, семіз денелі сары кісіні көрсең, бұл Мәриямның жездесі болады. Мұның аты Рақым. Қарасай қаласының орта көшесінде ұзыннан ұзақ салынған екі қабат ақ үй бар. Сол ақ үйдің маңдайында: «Торговый дом Р. Шегиров» деген жазу тұр. Бұл көптенгі келе жатқан жазу. Осы жазудың ішіндегі «Р» әріптің кім екенін білушілер сирек. Әрине Мәриям біледі. Білгені сол, осы жазуды көрсе, Мәриямның ойына әлденелер түсіп кетеді. Өткен күннің бәрі сәулеленіп көз алдына келеді. Жазғы бақша елестейді, тапал бойлы, қара сұр жігіт елестейді. Бұл — әлгі қиылып сүйетін «жазушымыз» ғой. Бұл елестегенде Мәриямның жүрегін бір нәрсе тырнап кеткендей болады.

«Әй, жездем-ай!» — деп күрсініп алды Мәриям.

Бірақ кейімейді, ашуланбайды. Кісі ашуландыратын адам ба Рақым? Әсіресе Мәриямға дегенде мінезі қандай: оңашада кездессе, құшағына алады да сүйеді. Мәриям он беске жетер-жетпесте сүйген Рақым ғой ол. «Мұның не?» деуші болса, «балдызым ғой» дей салады. Не айтарсың оған?!

Рақым жалғыз сүюді ғана білді екен демеңдер, жалғыз сүюді ғана білсе, Рақым болып жүре алар ма ол? Басқасын былай қойып 18-жылды ғана алып көр: екі иығында погон жарқырап, қылышын жалаңдататын офицерің осы емес пе еді? Кеңес үкіметінің жаңа орнаған кезінде, қызыл гвардияның әлсіз кезінде, қалың әскермен Қарасай қаласына тап беретін Рақымың осы емес пе еді? Мыңдаған большевиктерді қылыштан өткізіп, Қарасай көшесін қанға бояған Рақымың осы емес пе еді?.. Осы еді! Онда, бірақ, фамилиясы: «Рақым Шегіров» еді, кәзір: «Рақым Қауғабаев». Айырма осында ғана.

Осы Рақым кәзір «кеңес маманы», «кеңес адамы». Кеңсесіне кіріп барсаң, сырлы үстелге сүйеніп дөңбектей болып отырған Рақымды көресің. Сыпайы киім киіп, қалыңдау портфель ұстап барсаң «пожалуйсталап» асты-үстіңе түсетін адам. Иығың салбырап, я ел адамының өзі болып барып көр, жауап алар ма екенсің, шекесінен қарап сөйлеседі.

Кеңсе бастығына қандай қадірлі:

— Жолдас Қауғабаев, сіздің бұл туралы пікіріңіз қалай? — деп, Ержан сияқты бастықтар бұған ақылдаспай іс істеген емес.

Мәриям осы Рақымның қолында. Мәриям жездесінің қадырын білетін адам.

— Қарағым Мәриям, бүгін күтін, бір қонақ әкелемін — дейді жездесі кейде.

Мәриям күлімсіреп басын иеді. Жездесінің әкелетін қонағы: Қарасай қаласындағы көрнекті қызметкердің бірі болады. Мәрияммен әкеліп таныстырады. Мәриям таныс болады. Кейбіреулері тіпті «жақын таныс» болады күндіз-түні. Мәриямды запискамен, хатпен, телеграммамен үйіп қоятындары болады. Командировкаға кеткендері: «сізді ойлап тамағымнан ас өтпейді. Сүйдім...» деп телеграмма соғатындары болады. Мына кереуеттің аяқ жағындағы былғары шамаданды көрдің бе, осының қақпағын ашсаң: бұрқырап жатқан хат, телеграмманы көресің: көздері жылтырап жатқан ылғи жас жігіттердің суретін көресің. Осының бәрі — Рақым арқылы таныс болғандардан қалған белгі.

...Әлгі жоғарыдағы жазушымыз туралы айтып кетпекші едік-ау. Сол жазушымыз «жүрек бауырымды түгел бердім» деген соң, Мәриям да елжіреп, «мен де бердім жүрегімді» деген ғой. Екеуі үйлесіп «шын тұрмыс» құрмақшы болып еді. Мәриям орыс жазушыларының кітаптарын ақтарып, бұрынғы жазушылардың, ақындардың қандай тұрмыс құрғандықтарын, олардың әйелдерінің уақытты қалай өткізгендіктерін зерттей бастап еді... Тап осы ретте келіп жездесі құрғырдың киліккені ғой:

— «Мәриямжан! Осылай болды. Өзің білесің ғой, онысыз рет жоқ» — деп тұрған соң, Мәриям бұрынғы үйреншікті жұмысын істей салып еді. Оны әлгі жазушы құрғыр сезіп қалып, бұрқ-сарқ келмесін бе:

— Қазақ қызы оңбайды. Қазақ қызы тәрбиесіз. Қазақ қызы малмен бір есеп!.. — деп бұрқырауы бар ғой.

Сол кеткеннен ол әлі кетіп барады. Қайтып хат та жазған жоқ, суретін де берген жоқ. Арада екі-үш жыл өтті. Ұмытылатын-ақ кез ғой. Бірақ, ұмытылмайды. Өне бойы осындайды ойлай бергеннен бе екен, әлде, жүрегіне кетпес болып бекілді ме екен «қонақтан саябырлау» күні Мәриям ақ жастыққа көміле жатып көзін жұмса баяғы жазушы көз алдына елестеп келеді де тұрады: құшағына кіріп, қысып сүйіп жатқан сияқты болады. Мәриям ауыр күрсінеді.

...Азамат Азаматычтың пәтер иесін біз «хозяйка-жеңгей» деп атап едік қой. Сол кісімен Мәриямның сырластығында шек болмайтын.

«Арпыл-тұрпыл мінезді ғой» деп бұл кісіге тиісті баға бермей кетпеңдер, бұ да өзінше олқымын деп жүрген кісі емес. Рақым Қауғабаевтың үзеңгі жолдасы Өтеш дейтін болды. Ошағанды өзенін қоныс қылған қалың елге барсаң, Өтештің кім екенін анықтап білесің. Осы Өтеш аласапыран кезіндегі бір жорықта ақтың әскерін бастап бір аттанды да, қайтып оралмады. Ошағанды өлкесін большевик әскері аралаған кезде, от басында отырған қалың кедей шулап, Өтештің үрім-бұтағына сілтісін тигізетін болып, бұл жеңгей сол кездің өзінде Қарасай қаласына келіп орын теуіп еді. Содан бері осы қалада. Елден қол үзді. Бұл жеңгейдің осы қалада тұрғанын Ошағанды елінің адамдары білмейтін де шығар-ау. Жеңгейдің өз тілегі де сол: ешкім білмесе екен дейді. Бір ұл, бір қызы бар еді, екеуі де Кеңес мектебінде. Ұлы енді бірер жылда дәрігер болып шыққалы жүр. Сонымен жүріп жатқан жеңгей бұл. Қарасай қаласының қызметкерлері бұл кісіні «жетім-жесір әйел ғой» деп мүсіркеуден де сау емес. Бірсыпырасы әкей-үкей таныс. Жеңгейдің «қайын сіңлісі» жалғыз Мәриям ғана десеңдер, тағы адасасыңдар, қаладағы атақты сұлудың бәрі осы кісінің алақанында десек те болады. Қаладағы ақынның, адвокаттың, алтын көзілдіріктің, тағы-тағылардың осы кісіні жағалап, «жеңгейлер» бүйтіп жүргені.

«Ақ көңіл арамдығы жоқ, арқада өскен аңқылдақ жеңгей ғой», — деп баға берушілер де бар бұған.

«Көпті көрген қу болар, кісімен сөйлескенде, үйірілтіп тарта біледі» — деп жеңгейдің бағасын толық беретіндері де жоқ емес.

Жыл тәуліктің ішінде жеңгейдің үйі бір күн қонақсыз болды десек, өтірік айтқан болар ек.

— Мәриямжан, бүгін кімді шақырсам екен? Ана бір кекеш қара бар-ау, соның жанындағы сал пішінді жігіт... ә, оңды жігіт дейсің бе? Ие, ие, оңды жігіт: қыр мұрынды, қызыл шырайлы, сұлу мұртты, сұңғақты... Сонау кекеш қараға-ақ, күлкім келеді: байғұс-ау десейші, өзіне түсер дым жоқ... қа-қа-қа... Соны аяғаннан кеше Шәрипамен сөйлестім: «сауданың қызығына түскеннен байың Мәскеуде жатып алды, сен неңе мәз боп отырсың» деп... Бүгін о да келмекші еді...

Мәриям мен жеңгейдің арасындағы сөз көбіне осы тәрізді болады.

Мәриям жеңгейдің үйіне «қонаққа» кетсе, Рақымның үйінің сыртқы есігі бір ашылып, бір жабылумен болады. Ақ киімді, қара киімді, ала киімді, бөрікті, қалпақты, фуражкелі, жалаң бас жүргенін сән көрген дудар шаштар, бұйра шаштардың бірі кіріп, бірі шығып жатқаны.

— Өй, сен қайдан жүрсің?

— Е, сен ше? — деп, кездесіп қалып қызараңдасатындары да бар.

«Әйттім, еш үйде йок деп... Келми, келми... Нәрсе еңді сиңа?..» — деп прислуга әйел ондайдың кейбіреуіне кейіп те алады...

Прислуга әйел — аты Маһира: орта бойлы, жуантық, сары бұжыр әйел. Жас күннен осы есікте жүріп келеді. Сөзге үйір емес, сыртқа өсек тасуыңды білмейді.

Бір топ жетім баланы иіріп, я тамаққа, я киімге жарымай отырған Маһираның шешесі бар. Жас күнінде бұл есікте сол әйелдің өзі жүретін ғой. Кәзір оның орнында Маһира.

— ...Құданың жазуы осылай, ешнәрсені көрме, білме, қызметіңді атқар да жүре бер, — дейді шешесі Маһираға.

Маһираның қызметінде мін жоқ. Жас кезінде түсінбейтін жұмбақтардың көбінің шешуін енді біліп келеді. «Мұндай да тұрмыс бола ма екен?» деп Маһира кейде Мәриямның өміріне таңданады. «Әй, мейлі, маған десе шоқынып кетсін» деп артынша қол сілтейді. Мәриям үйде болған күні Маһираның қызметі ауырлай түседі. Келген қонақты сыртқы есіктен кіргізіп алса, кетерінде оны басқа жақтағы есіктен шығарып салу керек. Оның үстіне Қарасай қаласының қызметкерлері деген арсыз, біреуінің келіп отырғанын сезбей, екіншісі келе береді-ау. Үйде «қонақ» отырғанда Мәриям сыртқы есікті өлсе ашар ма. Есікті ұрып тұрған шіркін ежеленіп, «үйде жоқ» дегенге нанбай кейбіреуінің Маһираға тілі де тиеді...

Өмір осымен өтіп жатты. Рақым жездей қызметкерлердің көбімен қоян-қолтық араласып, табанды мықты басып алған секілді еді. Соңғы әзірде ол Мәриямды әзілдеп:

— Мәриямжан, түпкілікті біреуіне жіп тағасың ба қайтесің? — дейтін болды.

«Жіп тағуды» да өзі басқармақ. Бұл қаладағы басты қызметкерлердің ешқайсысының реті келмеді, бәрінің де жеңгей айтпақшы «жанторсығы бар». Келешегі жоқтарға былғанудың не жөні бар? Сөйтіп жүргенде Қарасайға Азамат келді де, бірден көзге түсе кетті. Азаматты жұрттан бұрын Рақым көріп бағалады:

Мұны ойлау керек, күндердің күнінде кәдеге асатын жігіт екен»— деді, ол ішінен.

Азамат әзірде келген нөмірде жатып жүр еді. Бір күні нөмірдің қақпасына жапсырылған кішкене жарнаманы көзі шалды:

«Жақсы, жарық бөлмем бар. Қаланың ортасындамын. Семьясы жоқ адам болса екен. Тамағын өзім әзірлеймін» — депті.

Осы пәтерді Азамат іздеп барды да, бұл әлгі жеңгейдің үйі болып шығып, бір ауыз сөзбен сауда бітті. Азамат соған көшіп барды...

Мәриямның өткен өмірі, ілік-шатысы, Азаматпен қалай кездескені туралы қысқаша айтып өтетініміз осы. Бұған кірмей қалған толып жатқан жұмыстар болар, оны әңгіменің ұзын-ырғасынан екшеп тауып аларсыздар деймін.

Енді, Азамат Азаматычқа келейік. Сағат алты болып қалды. Ол үйден шыққалы қашан! Аяғын ақырын басайын десе де, тез жүріп кеткен сияқтанады. Ә, дегенше болмай Мәриямның үйінің қақпасына жетіп келеді. Қақпаға тірелген соң, сағатына қараса, алтыға я он бес, я он минут жетпеген болады. Бұл не деген жүрмейтін сағат?!

— Кіріңіз! — деген нәзік дауыс Азаматтың жүрегін қытықтап өтті.

Ақ жібекке оранып үлбіреп отырған Мәриям Азаматқа «періште» сияқты ма, тіпті олардан да жоғары ма, әйтеуір адамзатта теңі жоқ бір жан болып көрінді. Азамат тап сол жерде Мәриямнан өзін кем санады. Мәриямға өзін теңгеруді күнә деп білерлік дәрежеге жетті.

— Түу... Күттірдіңіз-ау! - деді Мәриям күлімсірей түсіп.

Азамат тілсіз адамдай, айтуға сөз таба алмай, құр ыржаңдап күле береді. Мәриямды құшағына алып отырып «осы өңім бе, түсім бе?» — деп ойлады.

— Кешегіні қызулықпен айттыңыз, білем, — деді Мәриям.

— Жоқ, шыным. Шын жүрегімнен айтылған серт! — деп, ойын тезірек айтпаса, Мәриямды біреу қақшып кеткелі тұрғаннан жаман сасып, Азамат шап ете түсті.

— Онда қалай болғаны? — деді Мәриям күліп.

— Қалай болушы еді?.. Әлде, сіз қаламайсыз ба?

Азаматтың иығына басын салды Мәриям. Көзін төңкерілдіре қарады. Бірер күрсініп алып:

— Неге қаламайын, қалаймын ғой! — деді естілер-естілмес қана.

Сол келісі қанша отырғанын Мәриям сезсе мүмкін, Азамат сезбеді...

— Жоқ, тоқта! — деді Мәриям жұлып алғандай, басын көтеріп.

Азамат, шошынып, жүрегі дір... ете түсті.

— Бұлай болмайды!

— Неге, сәулем?

— Қорқам! — деді Мәриям сыбырлап, талмаусыраған адам тәрізденіп.

«...Қайткенде болады? Қалай мұны көндіре алам?» деген ой Азаматтың басында шарқ ұрып, мазаны алып барады, жүректі үсті-үстіне соққызып, ауызға тығып барады.

Қанша уақыт өтті, қандай сөздер айтылды, оның көбі Азаматқа бұлдыр, бұл шын мас болған адам тәрізді.

— Осы айтқаныма көнемісің? — деді Мәриям бір кезде.

— Көнемін! — деді Азамат.

Екі терезенің арасын жалпағынан алып тұрған үлкен айна. Мәриям Азаматты қолтықтап сол айнаның қарсысына келіп, көк шұғамен кебінделген кішкене үстелдің тартпасынан книжка шығарды.

— Мынаны оқып шық!

«Естелік» жазатын дәптердің екі бетін алған жазу, бәрі 18 буын.

— Саған қоятыным осы 18 шарт. Осыны мүлтіксіз орындайтын боласың. Бұл — өзіміздің бақытты жасауымыз үшін, бақытты өмір құруымыз үшін керек. Осы шарттың бірі бұзылса, арамыз бұзылды деп білейік. Кеудеде жан барында, осы шартты орындауға серт берейік! Сүйгенің шын болса, оқып шығып, қолыңды қой! — деді Мәриям.

Азаматтың бұлдыраған көзі 18 буынды шарттың әр әрпін бір шолып өтті. Шартты тексеретін кез бе, керексіз нәрсеге уақыт өткізетін кез бе — аяғына қол қоюды ғана білді.

...Ертеңіне күндіз өз пәтерінде, үстеліне сүйеніп отырып Азамат аз-кем ойланды. Ойланды да, қолына книжкасын алып «августың 17, түнгі сағат 9 жарым. Өмірінде бірінші рет...» деп жазып отырып Азамат жымиып күлді.

КҮДІК

Қарасайдағы кеңес мекемелерінің ішіндегі өз әлінше таза, істің қайнап жатқан орны Алексеевтің басқарған мекемесі. Алексеев дейтін қазағуар, қазақ ішінде көп болған, қазақтың тілін Жұматтарыңнан артық білетін адам. Алексеев бұл кеңсеге бастық болып келгелі бірсыпыра өзгеріс кіргізді: бұрын кеңсе қызметкерлерінің саны 93 болса, соның екеуі-ақ қазақ болатын еді. Оның бірі қағаз тіркеуші, екіншісі қағаз тасушы еді. Алексеев кірісімен қазақ қызметкерлерінің басы көріне бастады. Бұрын бұл кеңсенің ығынан жүрмейтін қазақтар, жай табан етіктерінің басы қайқайып, белді құр жіппен буып алып, екеу-үшеу есік алдында топтанып, есікті ашып сығалайтынды шығарды. Анна Григорьева сияқты қызметкер әйелдер, кірлі киімді қазақтарды көргенде «үйдің ауасын бұзады» деп қабағын тыржитатын болды. Федотов сияқты қызметкерлер есік алдында қазақтарға ұрысса:

«Әйда, манда бар, менікі жұмыс жоқ» — деп бармағымен түртіп, қазақ қызметкерлері отырған бөлмені көрсететін болды.

«Алексеев қазақтың жиені екен, қазақтың қызынан туған екен» — деп өсек айтушылар табылды.

Қайткенмен де Алексеев жаңалық кіргізді. Алексеев маңына қазақты үйірілтті.

— Баяғыда, Еспол байдың күлін тасып жүретінімде... — деп бастады Алексеев сөзді.

Осы Алексеев Азамат Азаматычқа партия комитетінде кездесті де, жата жабысты, маңызы күшті мекеме екендігін айтты; қазақтан шыққан маманның жоқтығын айтты. Сол жабысумен Азаматты өзіне қызметке алды. Азаматқа жұмыс істеуге жағдай туғызды: жеке кабинет берді. Не жұмыс болса да ақылдасып отыратын болды. Бастапқы кезде бастықтың бұл ісі Азаматқа ұнады. Азамат та жұмысқа шұғыл кірісті. Кеңсесіндегі қызметкерлер туралы Алексеевтің берген мінездемесін дұрыс деп тапты. Екеуі тізе қосып отырып жұмысқа жаңа бағыт берді. Толып жатқан кемшіліктің көзін ашты.

— Міне көрдің бе? — деді Алексеев, Азаматтың жұмысына сүйсініп: — Өз адамыңның жұмысы осылай болады. Мен саған білмей жабысыппын ба? Мен де тани білемін-ау кісіні. Әсіресе кәзіргі кездегі жұмысымыз өте қырағылықты тілейді. Жаңа жұмысымызды тап жауы ақсатуға тырысады. Бұл туралы талай фактілерім бар, сұрама... Сен оны айтасың коммунист болып жүргендеріміздің ішінде де талай көзелдер бар... Мен осы жер бөліміне отырысымен артель жұмысын қолға күшті алдым. Губком, губисполком жиналысына талай салып, толып жатқан қарыз ақша шығартып, машина-сайман алдырып істемегенім бар ма... Тәп-тәуір жауапты қызметте жүрген қазақ жігіттерінің маған күлгені болды, «еріккен екенсің, қазақ арасына артель құрам деп жүрген...» — деп. — Не дерсің ондайларға?.. Өзің ойлашы! Біз кедей-батырақтың күшін ұйыстырып, оларды байларға қарсы күреске саламыз десек, алдымен артель жұмысын қолға алуымыз керек емес пе? Ұлы көсеміміз Ленин не айтып еді? Маркс, Энгельстің бұл туралы не айтқандары есіңде шығар, ә? Вот, жолдас, бұл сияқты жаңа жұмысқа жаттың қолын сұқтырмай, айта қалғандай ғып істеп шығуымыз керек!..

Азамат жаңа келген кезде Алексеев ылғи сөйлесіп, жалпы жұмыс жағдайын таныстырумен болды. Басқа жұмыстарын айта келе сөз аяғын артельге тірейді. Алексеевтің айтуына қарағанда жап-жақсы жұмыс атқарып отырған артельдер бар сияқты. Кейбіреуін Алексеев өз көзімен тексеріп, жұмыстарымен танысып, осы күні солармен хат жазысып отырады екен.

— Сен мынадай қызықты есіттің бе? — дейді Алексеев артель жайын айтып отырып.— Жамантаев дейтін бір ит осында қызмет қылып жүрді. Қазақ ауылындағы бір артеліміз қазақша хат жазған екен, соны әлгі Жамантаевқа аударып бере қой десем, хатта жоқ сөздерді жазып былықтырып қойыпты. Өзін кеңсемнен қуып шықтым...

Осыны айтып Алексеев қызара түскендей болады:

— Әрине, Қазақстанда істеген соң қазақшаны оқи білуіміз керек қой. Тілін білем-ақ, осы жазу жағына құнт қылмай жүргенім... Пожалуйста, Азамат, осы кеңсеге қазақша түскен қағаздың бәрін жинатып жатырмын, сен кейіме, бәрін қарап шық, керектілерін іске асыр. Мен саған сендім...

Азамат бұл кеңсеге жаңа кірген кезде бұл сияқты жұмыстардың біразын-ақ орындап тастады. Жұмыспен келген ел қазақтары осының кабинетін жағалайтын болды.

Бұл әуелгі қарқын еді. Арадан екі-үш ай өтті. Осы қарқыннан Алексеев әлі айнымаса да, Азамат өзінде ол қарқынның жоқтығын сезетін болды. Азаматта ол қарқынның жоғы рас. Шынын айтсақ осы соңғы кезде Азамат жұмысқа мүлдем салқын тартып кетті: «Не шығушы еді осыдан? Құр азап, әурешілік...» деген ой жылтыңдап бас көтеретін болды. Кеңсесіне келсе, сырлы үстелге отырса, қолы амалсыздан алдында үюлі жатқан қағазға тиеді: тығыз қағаздар, осы кеңсенің талай жанды жұмыстарына байланған қағаздардың көбі осында. Алексеев қой жіберіп отырған. Азаматтың пікірін ол қалай қадірлейді... Осы есіне түскенде, Азамат азырақ жұмсарып, қағазға таман бұрылса, «Товарищ Күркілдековке» деген кесе жазудың орнына Азаматтың көзіне әлденелер елестейді. Елестей келе ойды жетектеп алып кетеді: «жұмақтай» жайнаған бөлме, қымбат қалы кілемдер. Ақ жібекке оранған «хор» қызындай Мәриям... Мәриямның күлкісі, Мәриямның қылығы... Азамат кеңсеге барғысы келіп киінсе, мойнына асылады-ау ол келіп:

«Қойшы, құрысын, не бар сонда, істемей-ақ қойсайшы!» — дейтіні де бар.

«Уай, жолдас балдыз, абайла: біздің бажаның коммунист екендігін есіңнен шығарма» — деп Рақым жездейдің мырс-мырс күлетіні бар-ау.

Азаматтың кабинетіне асығып Алексеев кірді. Бір қолында бұрқыраған қағаз. Бір қолында шертиген портфель.

— Понимаешь! Азамат, осылай да осылай. Заседание... Бюро... — деп бірсыпыра жұмыстарын тізбектеп келді де, бірдемені сезген адамдай, сөзін бөліп, Азаматтың бетіне бажырая қарап тұрды.

— Сен, осы, ауырып жүрген жоқсың ба?

Азамат, қабағын тыржита түсіп, басын шайқады.

— Әлде бір нәрсеге қайғырып жүрсің бе? Үйде наразылығың бар ма?.. Әлде, әлде... — деп тұрды да: — осы сен өлең жазудан саусың ба? — деді Алексеев күлімсіреп.

— Неге?

— Неге деме, одан пәле нәрсе жоқ. Осы күнгі азаптың үлкені— ақындық, жазушылық. Ақын болсаң, жазушы болсаң, шала адам болдым де де қой. Ақын, жазушыларға ерекше жағдай туғызып отырған біз жоқ. Жазушылар да бізбен бірге кеңсе қызметін атқаруға міндетті. Мен саған бір мысал айтайын. Бұл өзімнің кездескен жұмысым. Мен бір кезде, аймақтық баспасөз мекемесінің бастығы болғаным бар. Баспасөз жұмысын басқаруға ақын, жазушыларды жинамаймын ба. Солардың ішінде көрнекті екі жазушы болды: бірі кеңсеге келсе, қалам-қағазын дұрыстап алады да, өлеңді жазады да отырады. Кеңсенің бірер жұмысын тапсырсаң, өмірінде уақытында орындаған емес. Ал, екінші біреуі— жұмысқа құнтты болды. Тапсырған жұмысты тап-тұйнақтай қылып істейді. Әлеумет жұмысына да араласады. Бірақ, өңі қашып ауырған адам сияқтанады да жүреді. Неге бұлай? деп бір күні сұрап отырсам, әлгі байғұс түн бойына өлең жазады екен ғой...

— Өлең жазасың деп айыптауға бола ма екен?

— Ә... Жоқ, наоборот, өлең жазғандарды құттықтауымыз керек. Пролетариат жырын жырлайтын жазушылар шығару біздің бірінші басты міндетіміз. Бірақ, мен саған өз пікірімді айтпақшымын ғой: маған салса, жаным ашитын адамды жазушы қылмақшы емеспін...

— Е, жазушыларды құттықтағаның қайсы? — деді Азамат күлімсіреп.

— Құттықтау өз алдына, әбден құттықтаймын. Бірақ қолынан басқа ірі іс келетін адам, жазушылықтан көрі сол өзінің мамандық жұмысын алға ұстаса демекшімін ғой. Өйткені бізде нақ кәзіргі күнде жазушыларға деген ерекше жағдай жоқ. Ат үсті жүріп жазып, шала үйткен бастай ғып бірдеме шығарғанмен одан жазушының өзіне де, жұртшылыққа да келетін пайда жоқ.

Алексеев әдебиет мәселесіне жетік кісі емес. Жетік болмаса да, бұл туралы талас туғызып отырғаны — Азамат туралы ол шектенуге айналып еді. Азамат соңғы кезде мықтап өзгерді: кеңсеге уақытымен келмейтін болды; келсе де бірер сағат отырып, кетіп қалатынды шығарды. Соңғы рет партия жиылысында да болған жоқ. Мұның себебі не екен? деп ойлағанда, Алексеевтің ойына баяғы өзінің таныс жазушысы түсе қалды да содан барып осы кеңесті қозғағаны еді.

— Азамат дейтін жігітті көруге бола ма? — деді, сұлу мұртты, ет жеңді, қызыл шырайлы кісі есіктен басын сұғып.

— Кіріңіз! — деп Азамат басын көтерді.

Алексеев асығыс жұмысы бар екендігін айтып, бірсыпыра жұмысын Азаматқа тапсырып кетуге ыңғайланды: — Екеуіміз бір сөйлессек деймін, қалай қарайсың, ә, Азамат?

— Сөйлесерміз, — деді Азамат солғын түрмен.

Алексеев есіктен кірген кісіге қарай түсіп үйден шықты.

— Мен Жүндібайдың жиені болам. Мәриям менің нағашы қарындасым болады, — деді есіктен кірген кісі.

— Сіздің атыңыз Қайдар ма?

— Ә, бәсе, Мәриямжан не ғып таныстырмады деп ем-ау... Таныстырмаса, Мәриямға өкпелермін деп едім, - Қайдар күле жайрандай, осы кеңсеге тап өзі қожа болғаннан жаман дарқансып барып, төр алдындағы жұмсақ диванға отырды.

Азаматтың қабағы ашылды. Азамат Қайдармен көптен таныс адамға құсап шүйіркелесті.

Азамат:

— Ел арасы қалай, тыныш па?— деп сұрап еді. Қайдар бірер күрсініп:

— Әйтеуір, жүр ғой, кім білген соны. «Есполком» дейді, «сәбет» дейді, шапқыласады да жүреді. Өзіміз бармаймыз кеңсесіне, мал бағып жатқан шаруаң біз. Бухарин жолдас «Байыңдар!» депті ғой. Кәмунес партиясының басында отырған адам алдамайтын шығар деп малды көбейте түсіп жатқан жайымыз бар, — деп, Қайдар сылқ-сылқ күлді. Қайдарды Мәриям сыртынан таныстырғанда: «жегжатымызда оқымаған бір адам жоқ. Қайдар дейтін жиеніміз патша кезінде окружной сотқа переводчик болған кісі»— деп еді. Сол окружной сот переводчигі осы отырған сұлу мұрт болды.

— Келген жұмысым — сізбен танысайын, білісейін деп едім. Және Мәриямды жылына бір ауылға апарып қонақ қылып қайтаратын ретім болушы еді. Оның үстіне, биыл, күйеулі болған соң, сәлем берейік деп өздері ескеріп келе қоймас, өзім барып шақырып қайтайын деп келгенім ғой, — деді Қайдар.

Қайдар Мәриямның үйіне жиен болса, Рақымның ескі кезден үзеңгі жолдасы еді. 19 — 20 жылдардағы қашқындық өмірді екеуі бірге өткізіп, «Сарыарқаны» бірге құрысып еді. Рақым қаладағы жұмысқа ие болса, бұл даладағы жұмысқа ие боп, жұмысты екі жақтап жүргізумен келе жатыр еді. «Қонақ» сылтауымен Қайдар бірсыпыра жұрттың басын қосып, елдің ақсақал, қазіреттерін де араластырып, ел көзінде жұмыстарының беделін бір көтеріп тастамақ еді. Бұл мәжіліске Кәдірбаев, Борсықбаев, тағы сондай басты қызметкерлер де шақырылып, Қайдар жағалап жүріп бәрін хабарландырып шықты. Алдағы жұма күні бәріне де ат келмекші болды.

Бірсыпыра сөйлесіп танысқаннан кейін, Қайдар орнынан тұрып, Азаматпен қоштасып шыққалы жатқанда, Азаматтың кабинетіне Медеу келіп кірді.

Медеу дейтін адырақ көз, қара бұжыр, бет-аузына тым-тырағай боп сақал-мұрт қаптап келе жатқан, еңкек жауырынды, алпамса денелі жігіт. Бұл осы кеңсенің көшірі. Алексеев бір рет ел аралағанында осы Медеуді ертіп әкелген екен. Азамат осы кеңсенің босағасын аттаған күні, Алексеев Медеуді бұған ертіп келіп таныстырып:

— Мынау, Медеу деген батырағың. Әркімге бір оқыттырып орысша-қазақша хат танытып келем. Күзге қарай осыны партия мектебіне кіргізсем деп ем, сен де біраз осыны үйретіп көрші,— деп еді.

Медеу Азаматқа сол жерде түйліге бір қарап еді. Содан бері күн ара, кейде одан сирегірек, Азамат Медеуді оқытқан болып жүрді. Медеу бір рет Азаматтың пәтеріне еріп келіп, Медеуді көргенде хозяйка жеңгей ышқынып үйден шыға қашқан ғой. Медеудің жүзі қуқылданып, басын шайқап, Азаматқа қарай түсіп ауыр күрсініп еді. Азамат оның себебін сұрағанда Медеу:

— Тым ұзақ жыр ғой, тағы бірде айтармын, — деп еді. Медеу кеткен соң хозяйка жеңгей Азаматқа шошыған себебін айтып:

— Бұл — белгілі қанішер, маңайыңа жуытпа, қарағым! — деп қиылып өтінішін айтқан болатын...

Осы Медеу Азаматтың кабинетінің есігін ашқанда, Қайдар шегіншектеп, артында тұрған орындықты құлатып алды. Медеу Қайдарға түйліге қарап, ол шығып кеткен соң да бірсыпыраға шейін есіктен көзін айырмады.

Азамат әлдеқалай қысыла түскендей боп, Медеудің Қайдарға түйліге қарауын жек көрген секілденіп, тыржыңдады:

— Қалайсың өзің, көрінген кісіден сезіктеніп?.. — деп.

— Қайдардың аяғына бас ұр демексің бе?

Азамат аузын бұртитып, алдындағы қағазды қопсытумен болды.

— Мені оқытуға қалайсыз, бүгін уақытыңыз болар ма екен?..

— Уақытым жоқ! — деп, Азамат кесіп жауап берді. Медеу кабинеттің есігінде тұрып, Азаматқа ұзақ қарап шығып кетті.

БЕТАШАР

...Кеңсе қызметі бітер кезде ячейка хатшысы әдейілеп келіп хабарландырып, жиылыстан қала көрмеңіз деп өтінген соң, сағат 6 кeзінде Азамат ячейка жиылысына кeлдi. Бірсыпыра жұрт жиналып қалыпты. Қанден итше домаланып, көрінген кісіге бір жағынып жүрген Жүністі көрді. Жүністі бірінші рет Азамат Мәриямның үйіндегі мәжілісте көріп еді. Ол күні Жүніс те мас, Азамат та мас, жұрттың бәрі де мас. Бұқабаев қызып алып, Коммунист партиясының негізіне қол сұққан ғой. Партияны өсектеп толып жатқан жала жапқан. Сол мәжілістің ішіндегі коммунист Азамат пен осы Жүніс еді. Азамат күйеу болғалы жүрген соң сыпайылық сақтады ма, я қарсы айтуға батырлығы жетпеді ме, Бұқабаевқа қарсы мұның теріс деп ауыз аша алмап еді. Жүніс қарсы айту былай тұрсын, «жаса, жаса, Ақпай!» — деп қол шапалақтаған болатын. Азамат бір есі кірген кезде «осынысы иттік қой» деп ойлап, Жүністі жек көрген сияқтанып еді. Бірақ, Жүніс Мәрияммен туған бөле екен. Осының артынша ол қонаққа шақырды. Тағы ішу болды, сөйтіп жүріп екеуі достасып та үлгірді.

— Жақсы келдің-ау, — деді Жүніс Азаматты қарсы алып, — мені бүгін қуырайын деп жатыр ғой.

— Не қып? — деп Азамат шошынды.

— Өй, не қыласың, — деп, Жүніс күрсініп, Азаматты шетке таман алып жүрді. — Ана Медеуді білесің бе, мені бүлдіріп отырған сол! — деді.

Жүністің үйінде қонақ болыпты. Ішу болыпты. Жұрттың бәрі мас болыпты. Мас жұртқа тамақ әзірлеп жүріп, әлгі «тәрбиесіз жұмысшы әйел» бір поднос толы рюмкелерді қиратып алыпты. Жүніс қызу күйі «абайламай» қалып, бөтелкемен әйелді салып жіберіпті. Әйелдің еш нәрсесі де кетпепті, сап-сау қалыпты, жалғыз-ақ бір жақ бетін жара қылыпты. Бар оқиға осы!

— Осыны да сөз қылар ма? Адам өлімі болған жоқ, ұрыс-төбелес болған жоқ... Әй, Медеу, тоқта бәлем! — деп, Жүніс тісін қайрап, кіжінді.

Сонау терезеге сүйеніп Медеу тұр. Жүніс Азаматқа келіп жолыққанда, ол бұған тікелене қарады: «Осыдан Жүніске болысып көр, тас-талқаныңды шығарайын», — деп кіжінгендік бұл көзқараста айқын білініп тұр еді.

Азамат әлденеден қауіп еткен адам секілденді.

Жүніс мұның жанынан кетпей, жұмысын түсіндірумен болды.

— Бұйра мүшелері де маған қиғаштау, сен кірісіп бақпасаң, - деді ол Азаматқа қарап көзін жыпылықтатып.

Мәрияммен қосылып, Рақымның үйіне барғалы Азаматтың мұндайға кірісуі аз болып жүр ме? Жегжат біртіндеп ашып келеді-ay: осы Жүніс — атақты Әлім сұлтанның немересі болады екен ғой, — осы Жүністің партияға не үшін кіріп жүргеніне Азамат түсіне де алмайды...

— Ау, жолдас-ау, — деп біреу Азаматтың қолына жабысты.

Азамат жалт бұрылып, кенет қуанды:

— Өй, Шәймерденбісің? Е, сен қашан келдің?

Аласа бойлы қара сұр әйел сонау жерден күлімсірей келіп Азаматқа о да қолын ұсынды.

— Ә... Азамат жолдас, ұмытқан жоқсыз ба, таныс ек қой...

— Неге ұмытайын, әбден таныдым, — деп Азамат оған да қол беріп амандасты. Әйелдің жүзі, сөзі, әсіресе күлімдеген көзі таныс секілденіп, ынтасын тартып тұр. «Апырым-ау, мұны қайда көріп ем?» — дейді Азамат ойланып.

— Шыныңызды айтыңыз, танымай тұрсыз, мен — Қайша Дәуітқызымын.

— Ие, ие... жаңа есіме түсті. Түу... тағы кездестік пе?

Әсіресе Шәймерденнің кездескеніне Азамат балаша қуанды.

Жиылыс басталды. Президиумға: Азамат, тағы біреулер сайланды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе қаралып өткен соң, Жүністің мәселесі қолға алынды. Жүністің үстінен берілген арыз оқылды.

— Бюроның ұсынысы не? — деп біреу сұрау берді.

— Жолдастар, бұл мәселе мықты талқылайтын мәселе көрінеді. Меніңше бұған «личный моменттер» араласқан түрі бар. Бюроның ұсынып отырған жазасы тым ауыр. Бюро: «ақтық рет сөгіс берілсін» депті. Меніңше мұны өзгерту керек, — деді Азамат.

Азаматтың сөзі бітуі-ақ мұң екен, Медеу орнынан ұшып тұрды:

— Жолдас бастық, сөз сұраймын!

Жиылыста отырғандардың көздері самсап Медеуге бұрылды.

— Сөйле батырағым! Е, сүйтіп белсенді болшы... Азамат. Медеуге сөз бер, — деді Алексеев күлімсіреп.

Азаматқа бұл сөз шаншу болып тигендей, қабағын тыржитты...

Медеу президиум үстеліне келіп, көпшілікке қасқия қарсы тұрды.

— Мен қазақша айтамын, менің сөзімді кім пероуат қылар екен?

— Азамат Азаматыч переуат қылсын!

— Жолдастар! Мен май мөңкенді білмеймін. Бұл отырғандардың көбі Жүніске таныс емес шығар, мен айтып берейін: бұл кәдімгі ақтың офицері болған Жүніс еді; Рақым Шегіров дегенмен қосылып, большевиктерді қойша бауыздаған Жүніс еді бұл... Тіпті сол әйелді ұрмай-ақ қойсыншы, сонда осы Жүністің біздің партиямызда не әкесінің құны бар? Осыны партияға кіргізіп жүрген кім өзі?

— Жолдас, біз Жүністің өткен өмірін тергегелі отырғамыз жоқ. Мына оқиға туралы білетінің болса, соны айт, — деді Азамат Медеудің сөзін бөліп.

Медеу Азаматқа ожырая қарап, бүйірін таянды. Жұрт қозғалып, кейінгі жақтағы біреулер сыбырласып жатты.

— Тоқталма, Медеу, соға бер! — деді Алексеев.

— Жолдас Алексеев! Мынау кісіні жиылыстың бастығынан түсіруге болар ма екен, ә? Сосын мен еркіндеп сөйлер ем. Осы кісінің жиылыс басқарғанына да тынысым тарылып тұрғаны...

— Ол көптің еркінде ғой, — деді Алексеев.

— Түсіруді қайтесің, сөзіңді айта берсейші.

Медеу тағы сөзге кірді. Медеудің сөзін бұл жолы бөлуші болмады. Медеу Жүністің тарихын айнадай ашып көптің алдына салды.

— Азамат жолдастың сұрланып тұрған себебін, бәлкім, сіздер білмессіздер-ау, мен білем: осы кісі Жүндібаев миллионердің Мәриям дейтін сұлуына үйленбекші болды деп есіттім-ау. Бұл шын болса, Рақым Шегіров бұл кісіге бажа болады, мына Жүніс Ыбыраев — Мәриям сұлудың туған бөлесі... Енді түсініп келесіздер ме? Сіздер білмессіздер, біздің бұл Қарасай елінде облысқа атағы шыққан 4-5 бай бар. Оның бірі — Жүндібай қажы, мына Азаматтың қайын атасы. Жүндібай қажының әкесі Шеген 25 жыл би болып, патшадан шен алған, шекпен киген кісі. Жүндібай қажының өзі Романовтардың тойына тарту-таралғымен барып, қаншама сый көріп қайтты... Өмірінде есігінен «құл» мен «күңі» арылған жоқ. Жүндібай қажының бәйбішесі, осы Мәриямның шешесі, Ақбілек дейтін кісі бар. Осы күні де тірі. Жасы елуден я асып, я аспай жүрген шығар... сол Ақбілек ұзатылғанда, шаңырақ түйесіне мінгізіп «құл» мен «күң» берген екен деседі жұрт. «Құлы»— Жоламан дейтін кісі еді. Түбі қызылбас па, қалмақ па, алып денелі, қайратты адам еді. Беріректе өлді, біз де көрдік. «Күңі» — Қалампыр дейтін әйел еді. Бір жақ танауы сетік еді. Өз аузынан есіткем жоқ, жұрттан естуім: — Ақбілектің шешесі бір ашуы келгенде сол Қалампырдың танауын пышақпен тілген екен деседі, бұған нанасыздар ма? Осы Жоламан мен Қалампыр «некесіз» қосылып Қалампырдан: Таусоғар, Белденбоқ деген екі ұл туды, қай жөнмен барғанын мен анық білмеймін, сол Таусоғар мына Жүністің есігінде жүрді. Қайратты, өткір жігіт еді. Мен ол кезде, Рақым Шегіровтың осы қаладағы үйінде жүретінмін. Таусоғармен талай кездескенім бар. 18-жылы сол Таусоғар қызылдың адамдарымен араласып, оны мына Жүніс сезіп қалып, өз қолынан ақтарға ұстап берген болатын. Жүніс мырза осынымды өтірік дей аласың ба? Июльдің іші еді. Күн шыжыған ыстық. Түс әлетінде Таусоғарды іздеп ылғи баратынмын. Сөйлесеміз. Кейде, суға түсеміз деп өзен жағасына барамыз. Өзен жағасында балық салып Дмитрий Константинов отырады. Ол — қызылдардың адамы. Есітіп, білгенімізді біз соған жеткіземіз. Бір күні ойында еш нәрсе жоқ, осы Жүністің қақпасына кіре бергенімде, жаң-жұң дауыс шықты. Бұл осы Жүніс мырзаның дауысы еді.

«Қарасын батыр! Бұл жалғыз емес, жолдастарын да тауып беремін!» — деген сөзі құлағыма сарт етті. Тұла-бойым мұздап, аңырайып тұрып қаппын. Жолдасты аяп, колға түскенмен не бітірмекпін, мен кейін бұрылдым... Сол кеткеннен бес айға шейін қала бетін көре алмадым... Жүніс мырза, осынымды өтірік дей аласың ба? — деді Медеу Жүніске тесіле қарап.

Бөлменің қараңғылау жерінде таспиқ тартқан сопыдай мықшиып Жүніс отыр. Маңындағы жұрт состиып, үрпиісіп, «пәлесіне қалармыз», — дегендей боп біреулер үстелін қозғап одан алыстай түседі.

Медеу көптен бергі түйткілденіп жүрген сөздің бәрін ашып салды. Жүністің қалай боялып жүргенін, партияға кіру үшін қандай әдіс қолданғанын, тіпті «төңкерісшіл» атағын ала жаздағанын, Жүністі бетке ұстап толып жатқан бай балаларының кеңсені кернеп кеткенін — бірін қалдырмай айтып берді.

Орыстар түсінген жоқ. Алексеев, Шәймерден, Қайша, тағы біреулер шошынып, бастарын шайқай түсіп, Азаматқа қараумен болды.

Азамат самсаған көздің өзіне қадалғанын көріп қысылды, қалтыранды. Медеудің сөзін ұшынан-ұшынан айтып шыққан болды. Медеу оған түйліккен түрмен:

— Тавариш не пырбелні сказал, — деп орнынан ұшып тұрды.

— Білсең, өзің неге айтпайсың, төрелігің ұстап отыр ма?

— Жоқ, жолдас, мен оныңа көне алмаймын. Бұл партия жиылысы. Мен айтам дегенімді айтамын!

Шәймерден ауыр бір күрсінді де, жанындағы Қайшаның құлағына сыбырлап:

— Бала жолынан тайған екен! — деді.

— Мен де таң қалып отырмын. Ортамызға алып баулып көрейік, бәлкім...

Аударма туралы жаң-жұң дауыс көтеріліп, сөз ұлғайып бара жатқанын көріп, Шәймерден сөз сұрады:

— Мен алдымен Медеудің сөзін толық аударып бермекшімін, содан кейін өз сөзіме кіремін, — деді ол.

Медеудің сөзін Шәймерден толық аударып бергенде, мәжілісте отырғандардың бірсыпырасы тіксініп, бірсыпырасы жайраңдасып, алақан ұру бірсыпыраға созылды.

— Мына Жүніс қара бет екен ғой!

— Партиядан аластау керек!

— Молодец Медеу!

Шәймерден өз сөзінде Жүністің қылмысына саяси мән бере сөйлеп:

— Медеудің ұсынысына мен қосылам: Жүністің қылмысына бюро тым жеңіл қараған. Жүністі партиядан шығарып, ісін сотқа беру керек. Жүніс сияқты адамдардан партия қатарын тазартатын кезіміз жетті! — деді Шәймерден.

Медеудің айызы қанып, жүзі жайраңдай түсті. Шәймерденнің ұсынысы бір дауыстан өтті.

— Но, Азамат! Әй, яй-яй... — деді, Алексеев орнынан тұрып бара жатып.

«Қолыңнан екі келсе, бірін істе» деген адам құсап, Азамат жақтырмай теріс бұрылды.

Жұрт ыдырай бастады. Гүбірлеген сөз, оқтай қадалып тесіле қараған көздер Азаматтың үрейін алғандай, біресе ызаландырып, булықтырып өкпе-бауырын аузына әкеп тыққандай ғып, тынысын тарылтты, көзі бұлдырады...

«Бұл не болды? Бұл күйге қайдан түсті? Осы көптің ішінде Азаматты мақұлдаған бір кісі болды ма? Басқаныкі басқа болсын-ау, Шәймерденге не жоқ? Бала күнгі мұңдас, бірге жүрген жолдас. Достық, жолдастық дейтін болмайтын ба адамда?.. Жоқ, бұл Шәймерденнің қашанғы әдеті: қиямпұрыс, бір езу, сотқарлықпен көзге түсем дейтін жігіт. Азамат мұны көптен сезетін. Шәймерден құсап кісінің бетін тырнайтын мінезі жоқ, сондықтан үндемейтін, Азамат «қыз мінезді» жігіт. Осылай деп, мектепте жүргенде, бастығы Райка боп, Азаматқа баға беретін. Азамат «есі дұрыстардың» тобына қосылып жүрген жігіт. Жақсының жауы қашанда көп болмақ қой... әлі осыған абыржитын не жөні бар? Осылардың өзі не, сөзі не? Кімді қиратқандай осылар? Әлгі Алексеевтің мұны кекеп-мұқап, сұрланып, тарылып, бүлінуін... Әбден Медеуге жаны ашымағаны ғой соның? Арамдығын қарашы, қайдағы сотқарды елден тауып әкеліп, енді соны тәрбиелеп, баулып, түбінде соны қазақ қызметкерлеріне қарсы шоқпар қылмақшы! Ұлы орысшылдықтың иісі аңқи ма! Сабаз Кәдірбаев Әлішер әулие екен: «Алексеев осыны істейді» деп бұдан бір жеті бұрын айтып еді-ау ол...

Ашуға булыққан Азамат өзін-өзі ұмытып, үй ішінде теңселіп жүріп, жоғарғы сөзді күбірлеп айтумен болды. Бөлме қара көлеңке тартты. Азамат ойға шомып жүріп, бір-екі рет аяқ астындағы үстелге сүрінді. Баяғы орнында шылым тартып Жүніс отыр. Шылым сәулесімен беті жылтырайды: беті күлім қаққан секілденеді.

— Жоқ, жігіт екен, жұрт жабылып жатқанда жалынышты бір ауыз сөз айта білмеді-ау! Жолдасын жауға бермейді деп осыларды айт... — деп Азамат Жүніске шын риза боп, сонымен сөйлескелі беттеп еді:

— Жолдас Азамат, мына протоколға қол қойыңыз, — деді мәжіліс хатшысы.

Азамат кенет бұрылды: үстел басында хатшы отыр. Үрпек шашты сары жігіт. Комсомол ұясының хатшысы. Бұ да жер бөлімінде қызмет істейді. Азаматтың есіне жаңа түсті: қазаққа қамқорситынның бірі осы еді. «Імм... түсіндім» — деді Азамат ішінен.

— Азамат! Шыныңмен қол қоясың ба соған? — деп Жүніс орнынан қозғалды.

Азаматтың кезенген қолы кенет тоқтады.

— Но, но... давай, уақыт жоқ, — деп комсомол хатшысы шашын кейін сілкіп тастап, қағазды Азаматқа төндіре түсті.

— Что? Кімге әкіреңдейсің сен? Ал, қоймадым, сонда қайтесің? Ә...

Комсомол хатшысы Азаматқа аларып тағы бір қарады да, қағазын жинап, үйден шықты.

— Вот сволочь, баласына шейін әкіреңдеп қожа болмақ!

— Қайтесің, қызуланба, сабырмен істелік, жүр, Кәдірбаевқа барайық, — деп Жүніс Азаматты қолтықтан сүйеді.

Қазан ішінің ызғырық желі ұйтқи соғып, Азаматтың киімінен жұлқылап ойнап, тәлкек қылған секілденеді. Қарсыдағы үйдің қақпасындағы электр шамы — манағы көз құсап шақшия қадалды. Азамат, қабағы кіртиіп, желмен ерегіскен адамдай ілгері аттады.

— Азамат, тоқта! Азамат, деймін...

Пальтоның жағасымен бетін қымтай түсіп көзі күлім қағып, Қайша келіп төнді. Жүніс оны елемеген адамдай сыртқа қарады.

— Ау, Азамат, кешке қаламыз, жүр...

— Сіз бара беріңіз, Азаматпен менің сөйлесетін сөзім бар еді.

— Не дейсіз?

Қайша Азаматтың қолтығына жабысып, көшенің екінші жағына қарап бетін бұрды:

— Менімен кездесермін деп ойлаған жоқсың-ау, ә, шыныңды айтшы? — деді Қайша күліп.

Ұйтқыған желмен алысып манағы орнында Жүніс әлі тұр...

ОСЫНЫҢ ӨЗІ КІМ?

Алексеевтің пәтерін: Медеу, Таңатар, Сағындық, Ыбырай сияқты жастар, қызметкерлер өз үйіндей жайлап алған. Таңатар комсомол қызметкері. Сағындық бақылау комиссиясында істейді. Ыбырай оқу бөлімінде. Ескі қызметкерлерден іріктеліп әзірге орнында қалып отырғандар осылар. Кәдірбаевтың жинаған мағлұматы бойынша бұлар онша қауіпті кісілер емес. «Қисайып бара жатса, тіземен бір қаққанда ұшырамыз» дейтіндері... бірақ, бұлар өздерін бұлай деп ойламайды. Кәдірбаевқа жағынып, бағыттарын өзгертуден де бұлар аулақ.

«Біз мұқалмаймыз, көпшілік біздің соңымызда, біздің міндетіміз соларды ұйыстырып, тап күресін бұдан да тереңдету» дейді Алексеев.

Таңатар тым қызу, күйгелек, өрескел жұмыс сезсе, Алексеевтің үйін астын-үске шығарғандай бұрқырата келеді. Азаматтың бүгінгі жұмысын есіткенде, ол күйгендігі сондай, үстелді қойып-қойып жіберді:

— Вот сволочь! Вот подлец! Партия билетін бетіне ұстап, тап жауына шоқпар болып... Сағындық, естіп отырмысың, осының өзі кім? Тез анықталсын!

— Есть такое дело... но только, жолдас Медеу... я не понимаю. Жүністің осы жұмысын осы күнге шейін айтпай жүріп... я не понимаю, — деді Сағындық.

Есік жақтағы үстелде, Алексеевтің баласын жанына алып, кітапқа үңіліп отырған Медеу кенет басын көтерді:

— Әй, Сағындық, сен кімді айтып отырсың?

— Сені айтам. Почему бұрын айтпасқа?

— Да, правильно, бұрын айту керек еді, — деп Ыбырай сөзге кірісіп еді, Медеу оған бұрылды:

— Ыбырай, не деп отырсың? Шеген тұқымын менен кем білуші ме ең сен?

— Правильно, бұрын айтпаған үшін екеуіміз де айыптымыз, білдің бе, — деді Ыбырай қызараңдап.

Алексеев екі қолды артқа ұстап, үй ішін кезумен болды. Қабағы жабыңқы. Маңындағы жұрттың сөзіне онша құлақ қоймағандай боп, өз ойымен шұғылданды. Ойлана келіп басын шайқап, күрсінеді.

— Жолдастар! — деді ол тоқтап. — Азаматты тым қатты тергеуге қақыларың жоқ. Мектептен жаңа шығып келген жас, тәжірибесі жоқ. Келген қарсаңында мынадай жағдайға кездесті, не өкпе бар оған? Түсіндіреміз, түсінеді.

Медеу, көзі бұрынғысынан да аларып, Алексеевке қадалды.

— Правильно, Иван Никитич, дұрыс айтады, — деді Ыбырай. Таңатар ызаланып орнынан ұшып кеткендей болды:

— Неправильно, Иван Никитич, неправильно!.. Ыбырай-ау, бізге еретін болсаң, сен қылжақты қой! ЬІмырашылдығың өзіңе? Бізге тап жауымен күресетін табанды ер керек!

— Есть такое дело, — деді Сағындық.

— Иван-ау, Иван, екеуміз, осы, араздасып жүрмесек не қылсын, — деді Медеу кітапты аударыстырып.

— Неге?

— Неге дейсің бе? Кеңсе бастығысың ғой, қатты айтсам, «көшір де ақыл үйретті ме» деп ашуланып жүрме.

— Ну брось, Медеу, зачем ондай сөз?

— Ендеше Азаматпен ат құйрығын кес! Азамат сенің уысыңнан шықты. Ол кәзір байдың күйеуі, соның шоқпары. Ол, біле, көре адасып отырған кісі, оған ем жоқ. Жақын арада Бұқабаевтың үйінде мәжіліс болып, сондағы айтқан сөздерін мен есіттім. Алдағы демалыс күні Қайдардың үйіне бармақ. Бастығы Кәдірбаев болып бірсыпыра қызметкер шақырылыпты... ал, сүйтіп жүрген Азаматты қалай айырып алмақсың, сен?

— Уа, уа, міне... молодец Медеу!

— Есть такое дело! — деді Сағындық тамағын қырып.

Алексеев бұрыштағы үстелге отырып, ойға шомды.

Таңатар үй ішінде жүріп, қызу сөзге кірді. Қызулығы да бар, жастығы да себепкер: теріс жолдағы адамдардың бәрін өртеп жіберетін кісідей құшырланады. Ыбырай оның сөзін де қостайды. «Есть такое дело» деп Сағындық та көтере түседі.

— Жігіттер! — деді Алексеев орнынан тұрып, — не десеңдер о деңдер, Азамат бізден кете алмайды. Мен мұны іспен көрсетем. Қайдардың үйіндегі қонаққа бармайды, білдіңдер ме, бармайды! Медеу! Ертең сен Шәймерденнің адресін біл. Манағы Шәймерден деген жігітті көрдің бе?..

Алексеев осыны айтып, құшырланып, үй ішінде ірі адымдап жүрді.

— Правильно! — деді Ыбырай күрсініп.

— Есть такое дело, — деп Сағындық тағы тамағын қырды.

Таңатар пешке сүйеніп бірсыпыра тұрып, күрсінді:

— Мен өз сөзімді қуаттаймын. Осы Азаматтың өзі кім? Партияға не үшін кіріп жүрген кісі? Мен осыны анықтатпай қоймаймын? Сағындық, есітіп отырмысың?

— Есть такое дело...

— Дұрыс, реті келеді-ақ, — деді Медеу күлімдеп.

КІРБІҢ

«Сағат тоғыздан қалушы болма!» деп Азаматты пісіріп жібергенмен, сол тоғызда қайтпайтындығын Мәриям анық білді. Өйткені партия жиылысында өзі болып көрмегенмен, местком жиылысында бірнеше рет болғаны бар. Жиылысқа қатынаспаған адамды союздан шығарып тастайды дегенмен, шарасыз сол жиылыстарға да қатынасып көрген Мәриямың ғой. Ондағы сөйленген баяндама, ондағы қаралған мәселелер Мәриямның жүйкесіне тигендігі сондай, үйіне келген соң да ашуы басылмай, шайын ішпестен төсегіне жататын. Сондай жиылыстың кесірінен бір рет Мәриям жездесінің шақырып келген қонағын да қабыл ете алмаған болатын.

— Әй, балдыз-ай, тым нәзіксің-ау, партиясында болсаң қайтер едің? Партияның жиылысында отырсаң қайтер едің?.. — деп жездесі күлгенде:

— Алтынды төбемнен келтіріп үйсе де, жиылысына бара алман! — деген Мәриям.

Азамат үйде жоқ екен деп көңілсізденетін Мәриямың тағы бұл емес. Мәриямға ермек көп. Мәриям жалғыз отырса сырлы шкафты ашады. Сырлы шкафтың қуыс-қуысында бұрқырап жатқан хат, бүктетіліп жатқан суреттер болады. Мәриям біртіндеп ақтарады. Кейбіреулерін жұмарлап бүктеп, қайтадан тыға салады. Кейбіреулеріне сәл көз тоқтатып, кідіреді. Мына бір суретке қараңдаршы: мұртын сұлулап қырықтырып, ұзын шашты шалқасынан қайырып, бір қырындау қарап отырып түсіпті. Қарамаққа тәп-тәуір жігіт, осындағы бір кеңсенің қызметкері. Епті, пысық жігіт. Аздап өлең жазатыны да бар. Мына суреттің сыртындағы соның өзінің жазған өлеңі:

«Сүйді, жүрек, сүйілді,

Суысса, кім жауапкер?

Сенсіз өмір қиын-ды,

Қалқам Мариям, жауап бер!..» —

деп жазыпты әлгі жігіт.

Туысы да кем емес. Шыққан орны да олқы емес. Білімі де көрнекті. Мәриямға тең бола кеткендей-ақ адам еді. Мәриям осы ойын сездіргенде:

— Ойбай, аузыңа алма, келешегі жоқ, өзі біреудің көлеңкесінде жүр... — деп, жездесінің без ете түскені ғой. Мәриямға осы күнге шейін түсініксіз болып бара жатқан нәрсе осы жездесінің безілдеуі; екі сөзінің бірі «келешекпен» келетіндігі. «Келешекте» не тұр? Мәриямға келешектің керегі не? Мәриямның «бақыты» өзіне жеткілікті емес пе: жер қайысқан малды иеленіп ауылда жалғыз кемпір шешесі жатыр. Қаладағы үйі мынау! Ілік-шатыс десең анау!.. «Апырмау, осы жездем келешек үшін неге қайғырады?!» — деп, Мәриям, кейде ойға шомса да, ондай сұраудың жауабын өмір әзір шешіп бере қойған жоқ еді.

Мәриям Азаматқа, шынын айтсақ, «келешек» үшін тиді. Жездесі «ти!» деді, тиді. Осымен әңгіме бітті. Ренжіген де жоқ, қуанған да жоқ. Тұрмысына айта қоярлық өзгеріс те кірген жоқ. Бір келген қонақ: келді — жатыр. Көрші бөлмесін босаттырып, соған кровать қойдырып берді. Азамат жұмыстан қайтса, сол бөлмеге кіреді. Қабыл-құбыл киімін шешінеді де, аяғын ептеп басып, Мәриямның есігіне жақындайды. Есікті бір рет шертеді.

Бұл Мәриямның үйретіп, тапсырып қойған белгісі. «Екі рет шертуші болма» деп пысықтап та қойған.

... Мәриям қағаздарын жинап салып жатқанда, есік ашылды. Ырғала басып жездесі кірді. Жылтыр бәтеңке сықырлап залды басына көтерді.

— Қалқам, Мәриямжан! — деді жездесі құшағын ашып.

Қабағын кішкене түйліктіре түсті де, Мәриям күлімсіреді.

Жездесінің құшағында тұрып:

— Жаным-ау, енді қойсайшы, — деді.

— Неге? Не деп?.. Сонан да именбекпін бе? Соған айырбастағың келді ме?

— Түсінбеймін, жезде, — деп, Мәриям аздап жүзін суытты.

— Несіне түсінбейсің? Түсінбейтін не бар еді?

— Мен мал ма едім?.. — деді, Мәриям ашулы көзін бір төңкеріп.

Неше арсыз болса да, жездесі ұялған тәрізденіп, жауап бере алмай төмен қарады. «Мен бұдан өшімді осылай алайын, мен осылай күйдірейін» деп ойлады Мәриям ашулы күйі.

— Оның да дұрыс, теріс демеймін... Бажаны күт, бажаны ренжітпе, — деп, жездесі есікке қарай бұрылды.

Мәриям не қыларын білмей састы. Жездесін тоқтатып, мойнына асылғысы да келді, ашулы күйі осылай тұрып қалғысы да келді. Жездесі шығып кетті, бұл тұрып қалды. Ботинкасы сықырлап, аяқты салмақпен басып, әне, кетіп барады. Әне, екінші есікті ашты. Оның ар жағында өз бөлмесі бар, онда Мәриямның апасы-жездесінің әйелі тұрады. Әйел болғанмен Мәриям сияқты ма, бір шикі өкпе: байын қызғану да жоқ, бұртыңдап ашулану да жоқ.

Мәриям тұрып қалды. Бұдан не шықты? Мұны істеген кім? Осылай істейін деп Мәриям бұрын ойлап па еді? Ойлаған жоқ еді. Жездесі мұны бір сертпен айтылған сөз деп түсінді-ау. Жездесінің жаңағы айтқанын істесе, Мәриям Азаматтың аузына қарап қана отырмақшы-ау. Тапқан екенсің!

Ашулы Мәриямның қолына көп «ғашықтың» біреуінің суреті түсті. Мәриям ашуын содан алды: суреттің пәре-пәресін шығарып жыртты. Солқылдақ кроватьқа құлай кетті де, ақ жастыққа көміле, тістене жатты.

...Көрші бөлмеде Азаматтың аяқ даусы білінді. Күндегі әдетін істесе, тез шешініп, үсті-басын дұрыстап, ақырын басып есікке кеп, тырс еткізіп бір шертеді. Арада бірер минут өткен шамада: «кір!» деген жіңішке дауыс есіктен көмескі ғана естіледі. Азамат күлімсіреген түрмен кіріп, Мәриямның жанына отырады.

— Бүгін кіргізбеймін... ал, кіргізбеймін, сонда қайтер екен? — деді Мәриям өзіне-өзі долданып.

Әдеуірден кейін Азамат есікті жұдырықпен тақылдатты. Және бір ғана рет емес, тұтасынан бірнеше рет ұрып жіберді.

— Не бар? Нең бар менде? Кірме! — деді Мәриям шаптыға дауыстап.

Азамат кірмеді. Кіруге ынтықпады да. Кроватының үстіне отырып бірсыпыра ойға шомды. Алдымен Мәриямның ашуланған себебін ойлады. Араласқандарына бір-екі ай, бұл содан бергі бірінші ашу. Сонда не үшін ашуланады? Осыларды бай қылған Азамат па еді? Жүніске бұрамын деп Азамат осылар үшін жолдастарына жексұрын көрініп қалып отырған жоқ па? Аяқсыз қалса жақсы-ау, Шәймерденнің қатулануы адамды шошытарлық.

«Екінің бірін істе: я тап жауынан жігіңді айырып, партия жолына түс, я бетіңді ашып соларға қосыл да, партияны алдауыңды қой!» — деді-ау ол.

Тым ауыр сөз. Шәймерденнің дегенін істесе, ертеңнен бастап осы үйден шығып кету керек. Мәриям ше? Мәриям үйін тастап кете ала ма? Мәриямды тастап Азамат кете алар ма? Мәрияммен бірге жүріп, соның дос-жарларымен Азамат араласпай тұра алар ма? «Очень серьезный вопрос» — деді Азамат күрсініп.

...Жаңа Шәймерденмен сөйлесіп отырып: «Ойланбай істелген жұмыс болды осыным» — деп Азамат бір рет шынын айтты. Мәрияммен қосылғалы Азамат тап осы жерді ойламағандай болды. Шынына қалғанда бұдан бұрын Азамат: «Осыным дұрыс па, бұрыс па? Мен осы қаталасып жүрген жоқпын ба?» — деп ойланып қараған емес еді. Мәриямға үйленуді бұл әдеттегі жұмыстың бірі деп санады: бойжеткен қыз, білімі бар, профсоюз мүшесі; үйлену үшін осыны жеткілікті деп білді. Өзінше бір қаталастым деп ойлағаны: Мәриямның ата-тегі, шік-шатысы туралы, я Мәриямның өзінен, я басқадан бұрын сұрап қанбады. «Несін сұраймын оның? Мен алсам — Мәриямның өз басын алам. Жасы биыл 22-де екен. Төңкеріс кезінде 12-13 жасар қыз. «Алашқа», аққа қосылған жері жоқ шығар» — деді ол күлімсіреп. Мұны Мәрияммен жаңа қосылған кезінде, жеңгейдің пәтерінде жатқан кезінде ойлап еді. Артынан шамаданын сүйретіп кеп осы үйге орналасқан соң, осы үйдің бәрі Мәриямның өз басыныкі екенін білген соң (Рақымның үй-орманы 18-жылы конфискеленген болатын, бұл ғана ма, бір кезде осы қалада осы сияқты 4-5 жерде үйі болғанын есіткен соң, оның үстіне күні бүгін мыңдаған малды меңгеріп Мәриямның шешесінің ауылда жатқанын есіткенде, Азаматта шошыну, қорқу пайда болған сияқтанды. Ашық мойнына алмағанмен осы жұмысының келіссіздігін сезген секілденді. Осы салтанатқа, Мәриямды қоршаған осы орталыққа Азамат өзін үйлесімді-жарасымды деп білмеді. Азамат бұл тұрмысты қысылып-қымтырылып өткізетін түрге кірді. Ойлаған сайын бұл тұрмыс еркін тыныс алдырмайтын қыспақ сияқтанды. Көзсіз көбелек сияқтанып осыған кеп қалай қосылғанын білмей өзі де таң еді... Кімге үйлену? — деген Азаматтың шешпеген, шешуге ойланбаған мәселесі еді.

...Азамат онда «Х» губернесіне тәжірибе жұмысына шыққан. Губернеден уездік қалаға келіп, одан бір болысқа шығам деп тұрғанда, осы Қайша Дәуітқызы кез болды. Жас қана қыз. Екеуі бір лауға мініп, болыстың орталығына келді. Жолшыбай қонған, түстенген жерлері Қайшаны Азаматтың келіншегі деумен болды. Келіншегім емес деп Азамат бір кемпірді таза нандыра алмай кетті.

— Қой, шырағым, алжудан аулақпын. Келіншегің болмаса, жас әйелді жаныңа ертіп нең бар?! — деді кемпір.

«Қайша! Біз қашқанмен жұрт бізден ризалық сұрамай-ақ некемізді қиып үлгірді, мұны қайтеміз?» деп Азамат әзілдегенде, Қайша үндемеді. Беті қызылданып, көзін жоғары көтермеді... Екеуі сол болыста бір айдай болды. Айырылысқанда бұл туралы екеуі де тіс жарып сөз ашпады. Жалғыз-ақ, Қайша Азаматтың суретін сұрап алды. Біріне-бірі адрес беріп, хат жазысып тұруға уәделесті. Оған екі жыл. Қайша бірсыпыраға шейін хатты үзбеді. Азамат екі-үш рет жазып, одан әрі құнт қылмай, жазбай кетті. Сөйтіп жүріп Қайшаны таза ұмытты. Хат жазуын Қайша да тоқтатты... Биыл сабақты бітіріп, елге қайтқалы жатқан кезінде Азаматқа Қайшаның соңғы хаты кездесті. Ол хатты Азамат бір-екі рет оқып барып Қайшаның кім екені, қайда кездестірген әйел екенін есіне түсірді «тәуір әйел еді-ау, бәлкім, кездесіп жолықсам» деген ой болды Азаматта, дегенмен кез болмай, жүре келе бұл ой да көмескіленді.

Қайшаның содан соңғы кездескені бүгін. Азамат арасында мұны елде көргенде «тым ұялшақ, тұйық әйел болар» деп ойлап еді. Онысы қатаға шыққан тәрізді: Қайша ашық, сөзшең, пікірін жасқанбай айтатын тиянақты әйел көрінді. Шәймерден Азаматты кекеп, «байдың қызын алдың» деп іліп-қағып отырғанда, Қайша бұл туралы бір ауыз сөз айтпай, қайта араға түсіп сөзді басқаға бұрумен болады. Азаматпен шын дос адамдай ашық жүзбен сөйлесті. Азаматты тысқа шығарып салып:

— Пәтерді көрдің ғой, келіп тұр, — деп қолын берді.

«Сөзі болсын, мінез-қалпы болсын жабайы ғана, ұнамды, сүйкімді ғана, әсіресе Азаматтың тілегіне дөп келе кеткендей қалпы барма-ау, қалай осының...»

Азамат Мәриям туралы ойлады. Мәриямның ашуы осы жөнде болар деп жорыды. Шын осылай болса, ұят-ау: «Әйелімнен қорқам» деп Азамат өмірі бөтен әйелмен сөйлеспей өтпекші ме? Жаңа құрылыс отрядының бір саласы әйелдер боп күн сайын өсіп, тәрбиеленіп, қатарға қосылып келеді. Әйел еңбегі араласпаған ешбір жұмыс жоқ. Сонда соның бәрінен Азамат көз жұмып қаңғып жүрмекші ме? «Бұл болмайды, жолдас. Бұл мещандық белгісі. Мен бұл рамкеге сыймаймын!» деді Азамат ішінен қатуланып... Осы ой тармақталып кеңіп, ұшығына шыға алмай Азамат бірсыпыра отырды: жоғарғы сөзді Мәриямға ашық түрде айта ала ма? Бастап қосылған кезде Азаматтың Мәриямға деген құмарлығында шек жоқ секілді еді. «Әлімнен келсе, Мәриямды ренжіте алман. Ойнап-күліп тұрмаған өмірдің қажеті не?!..» деген сияқты өзінде бір сенім барлығын сезгендей еді Азамат. Осы құмарлық, осы сенім Мәриямда болды ма?.. Азамат бұл ойды бұдан бұрын ойлаған болса, «болды» деп өзіне кесіп жауап берер еді. Нақ кәзір бұл бұлдырға айналған тәрізді ме-ау.

Бөтен біреудің ойын, мінез-қалпын бірден сезіп, қорытынды жасауға Азаматтай олақ адам жоқ. Өзінің туған әкесі Күркілдектің мінезін де Азамат бөтен біреуге толық суреттеп бере алмас еді. Бала күнінен бірге жүрген жолдасы Шәймерден ғой, күні бүгінге шейін сол Шәймерден де Азаматқа жұмбақ секілденумен барады; Оқып жүрген кездерінде оқушылардың арасында Шәймерденді: «Қызыл ауыз, атақ алу үшін өтірік қызарады» деп даттаушылар бар еді. «Осы туралы ойың не?»— деп біреу сонда Азаматтан сұраған болса, ашық жауап бере алмас еді. «Шорт біле ме соны, ішіне кіріп шыққам жоқ» — дер еді... «Мен неге осылаймын». Жұрттағы бар сана-сезім, қырағылықтың менде болмағаны ма? Оңым мен солымды білмейтін сонша топас болғаным ба?» — деп Азамат өзіне ылғи сұрау берумен келетін, бірақ мұның да шешуі жоқ секілді.

Мәриям туралы ойлап еді-ау. Мәриямда шын ынтыққандық болды ма, сірә? «Күйіп-жанып» жүргеннің бәрі тілдің ұшымен ғана айтылып жүрмесе? Азаматты бөлек бөлмеге жатқызды, «бұл еуропа тәртібі» деді. Дұрыс, оған көнсін. Мәриям өз бөлмесіне рұқсатпен кіргізетін қылды. Неге? Бәсе, неге? Өмірлік жолдас болып қосылған соң бірінен-бірі сыр жасыру, ұрлану деген бола ма екен? Осы жері қалай өзі, ә?.. Кездесулері сирек, көбіне тамақ үстінде ғана ұшырасады. Тамақ үсті қонақсыз болған емес: қырлана киіп қаптап жүрген жас жігіт. Мәриямның көзі анасына бір, мынасына бір қадалады. Бұл Азаматқа шаншу боп тиеді... Кешегі кешкі келген жас жігіт. Нағыз «жентелмендерше» киінген. Алтын көзілдірігі жарқ-жұрқ етіп адамның үрейін алғандай. Екі сөзінің бірі «пардон», «мадам». Мәриям оны Азаматқа таныстырғанда «құдандалы кісіміз» деді-ау... Құда мен құдаша...імм. Ауыздар жабыса қалды. Сөздеріне адам түсіну қиын: жұмбақ па-ау. Азамат бұлардың сөзіне араласа алмай, солбырайып сыртта қалды. Мектеп бітіріп «интеллигент» атын алғанмен мұндай тым нәзік қалыпқа шағындалуға Азамат илікпей дөрекі жатыр. Мұның өскен орталығының өзі бөлек: көзілдірігінің бір көзін түсіріп алып, киімінің бәрі түймесіз жүретін — Қауқан; төңкерістен бір жыл кейін алып киген костюмді әлі тастай алмай жүрген — Аманғазы; қонған үйінде галстугі ұмытылып қалатын — Шәймерден; солардың ішіндегі сыпайы киінетін, қайта, осы Азамат еді; Азаматты олар «жентелмен» деп тәлкектейтін. Көрмей жүр екен «жентелменді», мына Мәриямның «құдасымен» кездесіп көрсін!

Ойлай берсе мұндайлар толып жатыр. Азамат: «мұндайды ойыма алмаспын, уақшыл болып қайтем» деп еді. Дегенмен жоқ нәрседен көңілге түйткіл кіре береді, кеше кешке Азамат Мәриямның бөлмесінде отыр еді.

«Ал, мырза, бөлмеңе бар, мен жатам», — деді Мәриям.

Осы сөзді Мәриям күлімсіреген түрмен айтпай, сөзі тым салқындау шықты.

Азаматқа қатаң тиген секілденді. Азамат орнынан тұрып, Мәриямға жақын келіп еді, Мәриям төмен бүккен басын жоғары көтермей, қолын созды. Қолын қайтпекші Азамат? Сурет ойындарда әйелдердің қолынан сүйгенді көргені бар еді, сол сияқты бұл да сүймекші ме? «Қой, ол тым ерсі болар» деді де, Азамат бұрылып өз бөлмесіне кетті...

...Біреу ақырындап есікті тықылдатты. Азамат ұйқысынан оянғандай басын көтеріп, есікті тақылдатқан адамға ашуын жинап-ақ алды.

— Кім болсаң да кіре бер!

Маһира есікті ашып:

— Тамаққа жүріңіз, — деді.

Тамақ ішетін залдағы электр сәулесі көгілдірленіп түсіп адамның түрін құбылтып көрсеткен сияқтанады. Самаурын жанында бұғағы салбырап, қабағы кіртиіп, маңқиып Мәриямның апасы — Рақымның әйелі отыр. Осы әйелді Мәрияммен бір туысты дейтін емес-ау, Азамат осы үйге араласқалы осы әйелдің сөйлескенін, күлгенін сирек ұшыратты. Қонаққа да сирек барады, көбіне Азаматтарға еріп Рақымның өзі кетеді.

Мәриям жездесі мен апасының аралығына отырыпты. Күндегі отыратын үстелі мына біреу еді, бұл Азаматқа қатар үстел еді. Азамат енді бұған отырса, Мәриямға қарама-қарсы келген болады. Әлденеге сол үстелге отырмай, ол үстелдің бұрышына тақап отырды. Мәриям мұның келгенін сезбеген, елемеген адам секілденіп бөтен жаққа қараумен болды. Әлдеқалай бүгін қонақ жоқ, Рақым, түксиген мұртын кейін ысыра түсіп, нанға орап пісірген етті аузына жұмарлап тығып жатыр.

— Азамат, ал, қарның ашқан болар, жиылыстан келдің ғой, — деді, ол тамағын күйсеп отырып.

Азамат тамаққа ынталанбады. Манағы ойдың ұшығы әлі бастан шығып болған жоқ. Қазірден бастап Мәриямды шын реттеп, толық қорытынды шығаруға кіріскен адам секілденді. Ал, кіріс, Мәриям алдында жүзі солғындау, көзі күндегідей от шашып, ойнақшымайды, ерніне жаққан қызыл бояу да бүгін әлденеге солғын тартқан секілді. Жалыққандық па, жабыққандық па, әйтеуір бір селқос түрге келген. Бұл неден? Мұның себебі — Азаматтың бүгінгі Қайшаға еріп кеткендігі болса, (ол оқиғаны Жүніс Мәриямға жеткізіп үлгірді деп ойлады бұл) басқа әйелден Азаматты Мәриям шын қызғанатын болса, онда Мәриямның сүймегені ме? Осы күдікті Азамат қайдан тауып алып отыр әлі? Қайта Қайшаға неліктен ерген себебін айтып, Мәриямды жұбатуы керек емес пе?

— Бүгінгі жиылыстарың тым қызу бопты-ау, Жүніс айтып еді, Медеу деген бір құдайға кездесіппіз ғой. Ажалымыз соның қолында тұрған болса, көрерміз! — деді Рақым қолын сүртіп жатып.

Бұл кіжінуге жол болсын! Медеу айтса, шынын айтып берді, оның үшін қанша жазықты ол? Шыны демекші, көрген-білгенін айту жалғыз Медеуге ғана міндет боп, басқалардың жұмысы болмақшы емес пе? Мәселен Азаматтың өз басын алсақ?

— Сенімен де байланысқан ба? Әкесін танытсайшы өзінің! Қайдардың қарауына жіберші, бірер айда молда қылып берсін өзін...

Азамат үндемеді. Рақым көзінің қиығымен бірер қарап, о да үндемей шаймен айналысты... Осыдан кейін, неге екені белгісіз Мәриям да Азаматқа қарағыштады. Бір рет шайын ұрттап отырып, Азаматтан бірсыпыраға шейін көзін айырмады. Бірақ, құр қарағаны болмаса, жылы тартқан, күлімсіреген пішін көрсетпеді.

Тамақтан кейін Азамат өз бөлмесіне кетті. Рақым Мәриямға бұрыла түсті:

— Ашуланыстыңдар ма?

— Жоқ.

— Азамат неге көңілсізденіп отыр?

— Бөлмеге кіргізбеп ем, соған тұлданып отырған шығар. Таңдап тауып берген «ентелегентің» ғой, — деп, Мәриям жездесін кекей күлді. — Сүйекке сіңген «өнерінің» бұл басы ғана болар, бойы үйренген сайын басқасын да шығара бермес дейсің бе...

«Олай болса, оқа болмас еді-ау», — деп Рақым аз-кем ойланды — «мен басқасынан қорқам»...

Рақым Жүністен есіткен әңгімесін тегіс айтып берді. Жүністі тастап, жанада келген бір таныс әйелмен еріп кеткеніне шейін айтты.

— Кетсе, барып отырсын, оның үшін күйіне алмадым,— деді Мәриям салқын ғана.

Рақым бұл сөзді ұнатпады. Ол мұртын тікірейтіп, шалқая отырды. Бірсыпыра отырды. Мәриям оқтын-оқтын Рақымға қараумен болды. «Біреудің қалпын, ойын минутінде ұғуға Мәриямдай жетік адам сирек болар», — деп Рақым бұған баға беретін... Мәриям осы қарауында жездесінің тағы бір міндет жүктегелі отырғанын сезе қалды. Сондықтан күрсінді де...

— Бар, күйеуіңмен табыс, ашуланғаныңа себеп қып, әлгі әйелмен еріп кеткенін айтарсың. Сендір, ойында күдік қалдырма! Не үшін үйтемін деп кәзір сұрама, айтармын кейін,— деді жездесі.

...Мәриям кеп есікті тықылдатқанда, Азамат төсегіне жатып үлгіріп еді:

— Кірме, жатып қалдым, — деді ол.

— Қойшы, жатқан жеріңе кірмейтін бөтен кісі ме едім? — деп Мәриям есіктен кіріп келді.

«САРЫАРҚА»

Бөтегелі келген қара сұр жігіт губернелік партия комитетіне бірінші кіргенде-ақ басы кекіреңдеп, қабақты түйе қарап, кездескен кісінің үрейін ұшырып болды:

— Чорт знает, так сказать, түк істелген жұмыс жоқ, бұл не? — деп.

Қарасай қаласының обывательдары құрыққа сырық жалғап, қара сұр жігіттің аузынан шыққан сөзді минутінде қағып алып, бүкіл қалаға таратып, радио қызметін атқаруға кірісті. Қала адамдары бірер күндей сеңдей соғылысып, қара сұр жігіттің кім екенін, не үшін келгенін тексерумен шұғылданды.

— Анықталып па, кім екен? Не істемекші екен?

— Әзір белгісіз...

Елеңдеген құлақ, жүгіре басқан жұрт бірін-бірі тоқтатып, екі кісінің басы құралған жерге топтаныса қалып, өздерінше кесіп-пішіп талқылап жатқандары.

— Саудагерге салынған налокты кемітетін болар.

— Дінге құрмет кеміді, соны тексеруге келген болмасын.

— Бәрің де адасып тұрсың, көресіні осыдан көресің әлі!..

— О кім, әй, аузынан қағынғыр?

— Жақсы сөз бұйырмады ма екен бұл итке?

Жұрттың бұған құмартқандығы сондай, Қарасай қаласының саудагерлері сол күні дүкенін әдеттегіден ерте жапты. «Саудадан басқамен жұмысым жоқ» дейтін Қайниттен абзи да, ет дүкенін ерте жауып тастап, бірсыпыра жұртты сол күні шайға қамады. Орта көшелер адамға толды. Пиуаханалардың алдында өшерет пайда болды. Қалалық бақшадағы адам теңізі құмырсқадай еріп, сол күні бақшада жолығысармыз деген кейбіреулердің жоспарына зиян тигізді.

Жаңалықтың алды ертеңіне басталды: келген кісі Әлішер Кәдірбаев дейтін жігіт екен. Осы губернеге жұмысқа келіпті...

— Сулы болысындағы Кәдекеңнің баласы ма?

— Тап соның баласы!

— Імм...

Кіртиген қабақтар күндей ашылып, бұйыққан жұрт желдей есті. Қарасай қаласы сол күні ұлы тойдың үстінде тұрған сияқтанды. Анау үйде де, мынау үйде де асылып жатқан ет, әкеліп жатқан пиуа, арақ.

— Нағима-ау, сенің байың жоғары орында ғой, сен есіттің бе, бұл ненің қуанышы екен?

— Өзім де білмеймін. Байымның кеше үрейі ұшып жүр еді, бүгін қуанышы қойнына сыймай жүр. Тегі жақсылық болар...

Содан былай Әлішердің кірпік қаққанына шейін аңдылып отырды. Бұрынғы милиционер Панкратовтың көк күмбезді үйін Әлішер пәтерге алды.

— Дұрыс, жаңа келісті! — десті жұрт.

Губкомда біреумен сөйлескенде Әлішер:

— Чорт знает, қалай екеніне түсінбеймін: қолынан іс келетін кісілердің бәрі, так сказать, қуғында, мұндай да жұмыс бола ма екен? — депті.

Мұны есіткен жұрт мұртынан күліп:

— Бәсе! — десті.

Түстеп жегілген пар аттар Панкратовтың қақпасына тұмсығын тірейтін болды. Пар аттың арасынан: күпісін сүйретіп, сұлу мұртын ширатып, қарны шермиіп түсіп жатқан қазақ байларын көресің. Бірер күннен кейін өз көзіңе өзің сенбей аңырасың, әлгі күпіге оранған «ауыл қазағы» дегенің интеллигентше киініп, жылтырақ портфельді өңгеріп кеңсенің жүргіш арғымақтарын естіртіп, көше бойлап бара жатады.

— Борсықбаев губисполкомның ұйыстыру бөлімін меңгерген бе?

— Бұқабаевтың кооперативке кіргенін есіттің бе?

— Жалмағамбет сабаз орнын жаңа тауыпты: губсоттың қылмыс бөлімін басқаратын болыпты...

Бірер жетінің ішінде Қарасай қаласын жаңа қызметкерлер қаптады.

Бірер жетінің ішінде Қарасай қаласына орнынан алынған қызметкерлер толды. Қаланың қу тілділері оларға «азбандар» деп ат қойды. Бұлардың ішіндегі көнтерілері «партия неге жұмсаса, соны атқарамын!» деп мойын ұсынды. Тентек мінезділері: «Кәдірбаевқа қол жаулық бола алмаймын» деп, төсек-орнын қолтықтап, аулына қарай беттеді. Мұндайдың кейбіреулері «ауылға барам» деген ұзын поэма жазып, жолшыбай басқармаға соғып, поэмасының басылуын өтінді. Бірақ Қарасай қаласындағы соңғы өзгеріс - басқармаға да, таңбасын басып еді: ащы тілді бір жазушы Қарасай елінің ескі тарихын ақтарып мақала жазып, ол мақалада Әлішердің де аты аталып кетті, газеттің сол номері кәнпескеге ұшырап еді. Сондықтан «ауылға барам» деген ұзынды-қысқалы өлеңдердің ешбірі Қарасай қаласындағы газеттен орын ала алмап еді.

Әлішер келген әзірінде жайдарылықпен жұртты үйірілтті: байың да, батырың да, оқығаның да, пысығың да оған дос боп шықты. Қазақ баласын «шетке қағу» оның бағытына жат еді. Біреуді біреу ұсынса, Әлішердің қоятын сұрауы біреу-ақ:

— Қолынан іс келе ме өзінің?

— Келеді.

— Ендеше шақыр!

Қарасай елінің түкпір-түкпірінде тарап жүрген «адамшылығы бар, қолынан іс келетіндер» жиналғанда, Әлішердің маңына берік соғылған қамал сияқтанып, мұны бұзып алу екінің бірінің қолынан келмейтінге айналды. Қолынан келмегенмен, сөзін тыңдата алмағанмен Әлішердің бұл бағытына наразылар да табылды. Оның ішінде орыс қызметкерлер де болды. Орыспен біріккен қазақ қызметкерлері «азғын», «сатылған» деген аталды...

Тап осы кезге шейін Рақым жездей қызметке бір кіріп, бір шығып қалып, тұрақтай алмай, соңғы кезде саудаға берілген сияқты еді. Қарасайдың бұрынғы қызметкерлерінің кейбіреуі Рақым жездейдің ескі өмірін қазуға кірісіп, сүлікше қадалған ғой. Олардың дегені толық орындала берсе, Рақым жездей осы күні жер басып жүрмекші де емес еді. Бірақ, «дос-жардың» көптігі, кеуде қызметкерлердің бірсыпырасымен Мәриям арқылы танысып алғандығы Рақымды қысымнан құтқарды. Рақым әзірге бас амандығын ғана көздеп, «жайлы жағдайдың» тууын күтіп отырған секілді еді. Сол қарсаңға мына Әлішер Кәдірбаев келе қалды да, Қарасайдың асты-үстіне шыққан сияқты болды, Рақымға қатерін тіккендердің көбі доптай домалап, тоз-тоз боп кетті. Рақым мырс-мырс күлді. Өзіне тән адамдарды жинап келешекті кеңесті:

— Ал қане, кімді қай орынға ұсынамыз?

Мұндай кезді Рақым өңі түгіл түсінде көрем деп пе еді? Борсықбаев Сағит, Бұқабаев Ақпай, Жалмағамбет дейтіндер кешегі Колчак кезінде Рақымның үзеңгі жолдас болып істеген адамдары. Ол кезде бұларға Рақым басшылық қылатын еді, енді бұлар бастасын.

Рақымға басшылық емес, тыныштығы керек. Тыныштықты бұл өз басы үшін де тілемейді, жұмыс үшін тілейді. Рақымның басқарып жүрген тым жауапты жұмысы бар-ау. Оны екінің бірі біле де бермейді. Білдіретін де жұмыс емес... Кеңес үкіметі бастап орнағанда, Рақым Қарасай қаласынан безіп, Ошағанды, Нұра, Бұғылы өзендерінің бойын шарлап бірсыпыра уақытты қашқындық өмірмен өткізді. Борсықбаев, Бұқабаевтар сол кездің өзінде де мұның жанында еді. Бұлардан басқа да бірсыпыра «игі жақсылар» бар еді. «Ел қамын жеген Едігелер» тоғыз күндей толғанып кеп, «Сарыарқа» деген ұйым ашып, жұмысқа кірісуге тоқтам жасасып еді.

Өстемір әзірет осы мәжілісті құранмен ашып, «ұйымның негізгі жолы ислам жолы болсын» десіп еді. Осы ұйымға басшылық қылу Рақым Шегіровке тапсырылып еді. Елдегі біркелкі сенімді деген жігіттер осы ұйым атынан Қарасай қаласының қызметіне кіргізіліп, оның көбі соңғы әзірде партия, комсомол қатарына да кіріп үлгеріп еді... Рақым жездейдің кішкене қойын книжкасы бар, соны ашып отырсаң «Партия — 10, комсомол — 20, қосшы— 50, профсоюз — 100...» деген сияқты шұбырған цифрды көресің. Бұған бөтен кісілердің түсіне қоюы, әрине, қиын.

Рақымның үйінде, «хозяйка-жеңгейдің» үйінде мәжілістің көп болатындығын жоғарыда айтып ек. Бұл мәжіліске келушілер өзінше ойлап келсе, оны ұйыстырушылар екінші түрлі ойлаушы еді. Мәжіліске қатынасушылардың көбі «Сарыарқа» деген ұйымның барлығынан хабарсыз болса да, сол ұйымның өмір сүріп кеңеюіне аяғын аттаған сайын көмегін тигізумен отырушы еді. Сол мәжілістердегі істелген іс, сөйленген сөздер «Сарыарқа» жолына толық бағындырылып отырушы еді. Қиғаш тартатын біреу табылса, Рақым дауыстап:

— Жолдастар, «Сарыарқаның» қамын көздейтіндерің рас болса олай деп айтпаңдар! — дейтін.

Осы сөздің есітер құлаққа ешбір жаттығы жоқ секілді. Тіпті Рақымның өзінде де жаттық мінез жоқ-ау: сөзге ұғымды, орынсызға кіріспейді, өзін ұстай біледі, қонағын аяқ ұшынан басып құрметтейді; ерте келсең де, кеш келсең де есігі ашық; Кеңес үкіметін кекеп-мұқап отыратын кейбіреуде болатын мінезден аулақ... Қарасай қаласындағы тәуір деген жігіттердің басын қосып, тегін мәжілісті құрып беріп отырғаны...

Мәжіліс көркі Мәриям ғой, ол өлеңсіз отырмайды. Иман Жүсіптің «Сарыарқа» дейтін әнін Қарасайдың сексенге келген шалына шейін ыңырсып айтады. Айтқанда Мәриямды еліктеп айту моды боп кеткен. Мәриям сол қолымен жағын сүйеп отырып, аз-кем мұңая түскендей боп, «Сарыарқаға» салады.

«Сарыарқа, менің жерім-ай,

Сайран салған елім-ай.

Үйрек ұшып, қаз қонған

Айдын да шалқар, көлім-ай...» —

деп аяқтайды Мәриям. Әннің осы жерін айтқанда мәжілісте отырғандар түгелімен қосылып, үйрек бақылдап, қаз қаңқылдағандай дыбыс шығады... Мәриям осы әннің атағымен көркемөнер қызметкерлерінің ардақтайтын адамы болып та жүрді. Қарасайдың театр сахнасын Мәриям «Сарыарқамен» талай жаңғырықтырды. Мәжібаев дейтін күшеншек жазушы осы әнге буланып «Сарыарқа» деген пьеса жазып шығарды. Ол пьеса Қарасай театрында бірнеше рет ойналып, ақырында Рақымның бастауымен губернелік баспасөз мекемесі атынан басылып шыққалы жатқанда, жоғарғы Рақымға қатерін тігіп жүрген қызметкерлер кедергі боп, «Сарыарқа» пьесасы жарыққа шыға алмады...

Кәдірбаевтың келу қарсаңында Рақым жездейдің күйі жалпы алғанда осы тәрізді еді.

Борсықбаев губисполкомға отырысымен бірінші жұмысы Кәдірбаев пен Рақымды таныстыру болды.

— Әбден білем, Рақымды білмейтін қазақ сирек болар-ау, — деп Кәдірбаев қуанып қарсы алды.

Рақым губернелік союзға орынбасар боп белгіленді. Қонақ мәжілісі бұрынғыдан да қыза түсті. Кәдірбаевтың автомобилі Рақымның үйінің қақпасына күнара кеп тірелетін болды. Қарасайға тұс-тұсынан ағылып келіп жатқан жаңа қызметкерлер. Оның көбі Кәдірбаевтың арнап шақыруымен келгендер. Рақымның қонағы күн сайын үстеле түсті. Рақым қойын книжкасына күн сайын бірнеше цифрды үстеп жазатын болды...

Азамат Қарасай қаласына тап осы қарсаңға келіп кездесіп еді. Кәдірбаев Қазақстан орталығынан осылай қарап беттегенде, Қарасай қаласында жауапты қызмет атқаруға тиісті адамдардың тізбесін жасап, оны сондағы бірсыпыра жолдастарымен шай үстінде отырып «согласовать» етіп алып еді. Оның ішінде Азамат Азаматыч деген кісі жоқ еді.

— Бұл қалай келіп шықты мұнда? — деп Кәдірбаев бірсыпыра ойланды Азаматты көргенде.

Азаматпен толық танысып қорытынды жасауды Кәдірбаев Рақым, Сағит, Ақпайларға тапсырды. Олардың қорытындысына қарағанда Азаматқа тым жауапты орын беру қатер секілденді. Сондықтан, әлі де болса сынай түсу үшін Азаматты белгісіз орынның біріне отырғызбақшы болып ұйғарысып еді, губерниялық жер бөлімінің бастығы Алексеев жата жабысты:

— Осыны маған орынбасарға белгіле! — деп, — Мектеп бітіріп келді. Өзі коммунист, туысы батырақ, мұны көтермегенде кімді көтересің?— дейді Алексеев.

Түсіндіріп көр Алексеевті! Бетімен лағатын кісі емес, білімі, тәжірибесі де бар; партия жолы дегенде басын беруге әзір адам. Кәдірбаев мұны бірінші көргеннен-ақ ұнатпады. Осы ойын айтып орталыққа хат жазды. Жұмыс бабында екеуі көп кездесіп, бірін-бірі сөзбен қағытулары жиіленді.

Алексеев Губком хатшысына сөйлесіп бұл ұсынысын еріксіз орындатқандай болды.

— Ал, Рақым, енді қозғал, құрықты салатын болсаң, бойын жаздырмай тұрып сал. Бір кісі болса да сонау жағынан жырып қалу керек,— дейді Әлішер.

Рақым қойын книжкасына тағы бір цифрды үстеп жазып, мырс етіп күлді. Тап осы сағаттан былай Азамат: «ерік өзімде, не істесем де біле-көре істеймін» десе де, ол еріктен айырылып, Рақымның ұсынған жолына еріксіз түсіп еді: жеңгейдің пәтері, Мәриямның баулуы, бақшаға қыдырыс, ішу-мастық, Мәриямды сүю, 18 шарт — осының бәрі Рақымның нұсқауымен орындалып келе жатқан жұмыс еді... Азамат күн сайын өзгеріп түлеп, Рақымның төл адамы болуына аз-ақ қалып еді. Аз уақыттың ішінде Рақымның сілтеуімен, Азамат партия тілегіне қиғаш талай жұмыстарды істеп үлгеріп еді...

«Ұйыстыру жұмысын бірыңғайлап алғаннан кейін, Рақым, Өстемір әзіретке хат жазды. Бұл хатында Мәриямның күйеуге тигендігі айтылып, ол күйеуі: «Азамат Азаматыч деген шын ұлт баласы» екендігі айтылып еді...

РАЗ, ДВА, ПАС...

Көкпен сырлаған екі қабат үйдің үстіңгі қабатына аяқ бассаң, баспалдақтың екі жағынан да ауылдың белгісін ұшыратасың: қазақы бесік, түбек, таба, кәкпір, төгілмеген леген, тағы сол сияқты ауылда ұсталатын үй мүліктері сырлы баспалдақтың екі жағындағы қуыстарда қоқырсып жатады. Жас баланы жатқызатын үр-жаңа темір кереуетті кіре берістегі терезенің алдына орнатып, семіз бағланның етін соның үстіне жайып қойғанын көресің. Үсті қара қожалақтанып, асхана жақтан леген сүйретіп бір әйел шығады: кез келген кісінің бәріне ашуы бардай тұнжыраған қабағын бір ашпайды. Есік алдында иіріліп тұрған шүйде желке, жуан қарындар. Кейбіреуі баспалдақтың ағашына сүйеніп, кейбіреуі тақтайға көсіле отырып, өздерінше осы үйге қожа болған кісіге таңданысады:

— Құдай берейін десе аямай-ақ береді екен-ау, ә, Жұмеке? Осы Әлішерді айтамын-ау, мұның әкесі Жарбол дейтін кісіні білетін шығарсыз, Сулы болысындағы... Бай даңқы жер жарып ақ тұрды-ау бір кезде...

— Даңқын қойшы, атақ жағынан қайсымыз сорлы болыппыз, баласын оқытуын айтсайшы... біз неге ескермедік екен осыны?! — деп екінші бір жуан күрсінеді.

— Құдай санасына бермесе, оқығаннан да болмайды білем. Саржанның балалары Петрборға барып оқып келді, соның қайсысы осыған теңеліп отыр?

— Оның да рас-ау...

Леген сүйреп шыққан қызметші әйел елдегі секілді мына жуандардан именбей, біреулерінің аяғынан аттап өтіп тартып барады.

— Ойқой, заман-ай! — деп жуанның бірі күрсінеді.

Бұлар бай болғанмен де аты шықпағандар; дау-шармен қалаға келіп, енді Әлішермен танысуды арман қылып жүргендер. Әлішердің үйіне мұндайдың мыңы келеді күніне.

Баспалдақтан өтсең, коридор: онда да қоқырсып жатқан мүлік, шаң-топырақ боп, тақтайға аунап ойнап жатқан балалар.

— Жер жұтқыр деймін, мында кел деймін,— деген әйелдің ащы дауысы зыңқ етіп, сырлы көк үйді сілкіндірген секілді болады.

Залға кірсең, екі түрлі дүние көз алдыңда тұрады: терезенің бәрінде үлбіреген шаршау, кісі бойы үлкен айналар, плюшпен тыстаған орындықтар, төр алдындағы үстелді қоршап: Кәдірбаев, Борсықбаев, Бұқабаев, Жалмағамбет отыр. Алдарында сызылған қағаз, қалам; қолдарында карта, сөздері қысқа ғана:

— Раз.

— Два.

— Пас... так сказать...

Бөлменің бір жағында, жерде, самауырды жерге жасап Толқынай бәйбіше шай ішіп отыр. Бет-аузы табақтай боп, көзі быттиып, алдындағы асын алып ішуге ерінген адам тәрізді. Толқынайға жарамсақтана қарап арса пішінді қара кемпір отыр.

— Үстелге отыруға үйрене алмай-ақ бара жатырмын, қазақша отырғанды жақсы көрем, — дейді Толқынай кемпірге қарай түсіп.

— Байыңның жақсылығы ғой, келін шырағым, бақытым өсті деп асып-таспағанын, қазақшылықты ұмытпағанын айтсайшы.

— Мен тірі тұрып оған ұмыттырармын ба, — дейді Толқынай. — Әй! — деп Әлішерге бұрылады да: — Әй деймін, есік алды толған жұрт, сөйлесуші ме ең олармен? Уақытың жоқ болса, айтсайшы, тарасын.

Әлішер картасына қарап бірсыпыра ойланып отырып:

— Ойнайды, так сказать, семь пик, — деді.

— Ойнаймын.

— Былайша айтқанда мен паспын, ну...

Бұқабай картаны үстелге жайып салып, мұртын бұрай түсіп:

— Әлішер, өркенің өссін, кешегіні ұмытқан жоқсың ба, Есенбаевты жоғарылатуды?

— Ертең бюродан өткізем... так сказать...

— Оқу бөліміне отырғызасың ғой, ә? Сонау бір Ыбырай дегендері бар-ау, жетесі жарымаған ит болмаса, қазақ баласын оқудан қуып, оның орнына орыс баласын алар ма еді?..

— Дұрыс, қош... ал жүрдім...

Осы кезде біреу залдың есігін тықылдатып, жұрттың сыңайы соған ауады.

— Кім ол? — дейді Толқынай.

— Можна! — дейді Әлішер даусын созып.

Оқығандарша киініп, ботинкесі басқан сайын шақырлап, қанден иттей домалап Мәжібаев есіктен басын сұғады:

— Рұқсат па?

— Тықылдатпай-ақ кіре берсейші, шырағым-ау, күніне әлденеше келесің, — деп Толқынай, тым ашуланбағанмен, қабағын аздап кіртитеді.

— Е, ақыным, кел, — деп алдымен Әлішер қолын созады: — поэмалар бұрқырап жатыр ма? Так сказать...

— Бұл саған «Түпсіз теңіз» деген поэмасын оқыды ма?

— Жоқ.

— Оқытайық кәзір. Мәжібаев, өркенің өссін, түпсіз теңізге кіріс...

Мәжібаев, қойнынан қағаз шығарып, залдың орта шеніне тұрып, бірсыпыра уақыт үй төбесіне қарап телміреді. Содан кейін даусын толқындандырып «Түпсіз теңіз» деп бастап, тағы бірсыпыра тұрады.

— Жүріс кімнен?

— Ақпайдан.

— Просты шербі, так сказать...

— Былайша айтқанда мен пас... но...

Мәжібаевтың қасиеті поэманы жазуында емес, оқуында. Осы поэмасын басқа біреу оқыса, мағынасыз, байланыссыз, құнсыз қара сөздің ішіндегі ең көріксізі болып шығар еді. Мәжібаев оны толқындандырып, екпіндетіп, кей жерін өлімсіретіп, үзілдіріп, теңізге батып бара жатқан жанды елестетіп, еріксіз есіркеткендей болады. Бірақ, бұл тыңдаушылардың ішінде осылай бағалап отырған ешкім жоқ. Толқынайлар қою шайдың құмарында; Әлішер абайсызда жетіге ойнаймын деп қалып, көзір аз соғып, Ақпайдың шырмауынан шыға алмай әуре...

Мәжібаев оқып болып, сахнада тұрған артистей басын иді.

— Молодец, Мәжібаев! — деді Бұқабаев карта тартып жатып.

Мәжібаев бұрыштағы үстелдің біріне отырып, карта ойнаушыларға қарап күлімсіреумен болды. Күндегісі осы. Тапсырысты осы жерден алады. Бұған тапсырылатын жұмыстың көбі — біреудің үстінен материал жинау; наразы топтарға да араласып, олардың басқан ізін аңду. Қай жағында жүрсе де, тастай батып, судай сіңетін бір кісі бұл.

— Әлішер-ау, Әлішер, — деді Бұқабаев картасын жерден алып жатып, — сен газетке маңыз бермей жүрсің бе осы? Әубәкіровтың әлі күнге редактор болып отырғанына түсіне алмаймын.

— Бүгінгі қызығын білсеңіз еді, — деді Мәжібаев үстелін жақындатып.

Карташылардың құлағы елеңдеді:

— Не туралы?

— Жүністің үстінен бір бет қып материал жіберді, ол шығар болса бірсыпыра кісілер қараланбақ...

— Әлішер, есітіп отырмысың?

Әлішер жанындағы телефонға жабысты:

— Басқарма керек, так сказать... Басқарма ма? Әубәкіровпісің? Жүністің үстінен материал жібердің бе?... Ә? Неге согласовать етпейсің? Так сказать, мыжыма, тоқтат материалды! Ертең маған әкеп бер, так сказать, түсіндің бе?

— Өркенің өссін, е, солай бұрап қойшы құйрығын. Меніңше редакторын өзгерту керек.

— Кім бар?

— Taп мына Мәжібаевтың өзін қою керек!

— Бұл партияға кандидат шығар.

— Өткіз де жібер, тәйірі... өзің барда көтеріліп қалсын. Өзімізге тән жастың ішіндегі жігерлісі.

Мәжібаев жымың қағып, карташыларға жақындай түсті. Редакторлық деген мұның түсіне кірмеген жұмыс-ау. Бір кезде мұны шетке ұстап, өсекшіл деп, өлеңдерін мінеп, сынап зықысын шығарушы еді, енді өзі редактор болып көрсінші...

— Мәжібаев жолдас, редактор болуға айналдың ғой, осы бастан айтып қояйыншы: «Шаруашылық сайманын, кредит ақшасын байларға берді» деп газетіңе жаза көрме. Кімге беруді позвольте нам знать...

— Айтпақшы, Жалмағамбет-ау, қазақтан трактор алған кісі бар ма, сірә?

— Төрт-бес байға құшақтатып жібердім, аңқау ел ғой, түсіндіргенше сол болып жатыр.

— Әй, Мәжібаев, — деді Бұқабаев бұрылып, — өркенің өссін, газетті қолыңа алған күннен бастап трактор алуға үгітте. Әсіресе ауқатты кісілерді қызықтыра жазғайсың, білдің бе?

Екі қолды қалтаға салып, жорғалап басып Жүніс кірді үйге.

— Мақтап жүреміз-ау, Толқынай жеңге, ә?

— Шайға отыр, қайным.

Жүніс Толқынаймен қатарласа отырып, шайға кірісті.

— Сөйле, Жүніс, немен тынды жұмысың?

— Партиядан шығаратын болды.

— Кімді? — деп шошынып Бұқабаев қолындағы картасын шашып алды.

Карташылар бірер минут дағдарысып отырып қалды.

— Пай-пай, Ақпай-ай, так сказать, жоқтан қорқады екенсің, Жүніс партиядан шығушы ма еді! Тарта бер картаңды! — деді Әлішер.

Бұқабаев картаны жинап жатып сылқ-сылқ күлді:

— Рас, тым су жүрек болып қалыппын. Бұл иттер «алаштың» комиссары болдың деп соңыма түсіп...

Осы сөзді абайсызда айтып қалғандай болып Бұқабаев Мәжібаевқа жалтақтап қарап алды.

Жүніс бауырсақты күйсеп отырып:

— Әлішер, мен қайтем енді?— деді.

— Қой, басымды ауыртпа, ешкім де шығара алмайды сені, ертең өзім айтармын, так сказать...

Жүніс жымыңға басып, шайды сораптап ұрттай түседі:

— Құйшы, жеңеше сіздің шайыңызға ынтығамын да отырамын.

Бұқабаев керіліп, шалқая түсіп:

— Да... өмірдің қызығы ілгеріде екен әлі. Келін қарағым, өркенін өссін, бізге арақ бересің бе, мына ақынмен соғыстырып, саулыққа деп ішіп жіберейін. Ішеміз бе, ақын?

— Сіз айтқан соң...

Толқынайды қозғамай араққа Жүніс жүгірді. Стақанның бірін Мәжібаевқа ұстатып:

— Редакторлық орыныңда көп жылдар өмір сүруің үшін, қазақ баласына шын қамқор болуың үшін, «Сарыарқаның» тілегін тілеп, мұңын жоқтауың үшін ішем! — деп, Мәжібаевпен соғыстырып, Бұқабаев арақты сімірді.

— Е, жасаған, бергеніңе шүкір! — деп жерде отырған кемпір бетін сипап бата істеп, дастарқанды жинады.

— Раз, так сказать.

— Два.

— Былайша пас... Но...

Бұқабаев арақтан кейін картаны тым қызып ойнады, қатарынан екі рет отырып, төбесіне 60-ты қондырып алды.

— Мәжібаев, ә, Мәжібаев, өркенің өскір, мықты пар болдың-ау, сен маған. Олжаға ортақтас болармыз, ә?

Мәжібаев арақтың қызуымен құлағына шейін қызарып, жымың-жымың етеді. Кісі сескенгендей осы Мәжібаевта айбын жоқ-ақ, бірақ, пілдің тышқаннан шошынғанындай, Бұқабаев осы Мәжібаевтан едәуір шошынады. Онысын, әрине, сездірмейді. Мәжібаевты жақын тартып, жақсылық істесе, оны «өзімсініп істедімге» келтіреді. Шынында өзімсінбейді, бір кезде Бұқабаевтың үстінен талай материал жиналған болса, ол материалдар талай рет газет бетінде жарияланған болса, соның бәрінде де Мәжібаевтың қатынасы бар. Жел қай жағына бұрылса, Мәжібаев сол жағында. Бүгін Әубәкіровті даттап келіп отырса, бұдан аз ғана бұрын Әубәкіровке басқа біреуді даттап барып жүрген кісің бұл.

Бұқабаев картасын бетіне көлеңкелеп отырып, Мәжібаевқа қадала қарады:

— Да... — деді күрсініп.

Буаз қатындарша қарны шермиіп, көзі күлімдеп, екі жебені кезек-кезек сипап Рақым жездей келді. Ол Мәжібаевпен қатарласа отырып:

— Сен, шырақ, бізді ұмыттың білем, есікті ашпай кеттің, — деді күлімсіреп.

Бұқабаевтың айтуымен Мәжібаевтан шошынатынның бірі Рақым жездей еді.

— Газет қызметі, жұмыс бас алғызбайды. Жүруге уақытым жоқ. Бүгін Жүністің үстінен материал басылатын болып, соны Кәдірбаев жолдасқа сездіре келіп ем...

Мәжібаев бұл әңгімесін Рақымға да айтып шықты. Жүніс те тыңдады. Рақым, Жүніс деген кісілермен Мәжібаев үйлеспейді-ақ, бірінің сырын екіншісі айдай ашық көріп отырған секілді. Бірақ, екі жағы да соны көрмеген-білмегенге салынып, зорлықпен жүздерін күлдіреді, аяқ астынан біріне-бірі жақын бола қалады.

Мәжібаевтың Рақымның үйіне бармай сырдаң тартып жүргенінің түпкі себебі — Мәжібаев «Сарыарқа» пьесасын жазды да, соның героинасы болып Мәриям ойнады. Жасы едәуірге келгенмен сақал-мұртын күзеп Мәжібаев өзінше жастар қатарынан шыққысы келмей жүрген кісі және сол кезінде Мәриям бұған күле қарап, үміт туғызып жіберді ме-ау, соның буымен барып Мәжібаев Мәриямға «ғашық» болып, «От» деген поэмасын жазған болатын. Мәжібаевта поэмадан көп нәрсе жоқ, соның бәрінің де өзінше тарихы бар, бірақ «От» поэмасы Мәриямның жүрегінде «ғашық» отын тұтандыра алмай, соның салдарынан Мәжібаев қатынауды үзіп еді. Соның артынша өз жүрегіндегі «от» та сөне бастап, Мәриямнан өш алу үшін бұл «Балдыз» деген поэманы бастап жазып жүргенде, Қарасай қаласына Кәдірбаев келді де, жел басқа жақтан соқты. «Балдыз» поэмасы орта белінен үзіліп, Мәжібаев «Түпсіз теңіз» поэмасын жазуға кірісті. Бұл поэма мына жаңа келген кісілердің жүрегін аз да болса тербеткендей еді.

— Ал, Рақым жолдас, так сказать, бажаңмен қалай тұрып жатырсың? — деді Әлішер карта ұстап отырып.

— Жаман емес, тұзын ақтай ма деген үміт бар. Осы бір жаңа келгендер киіп кетіп жүрмесе, — деді Рақым күлімсіреп.

— Ө кім!

— Өз көзіммен көргем жоқ, мына Жүніс айтып жүр.

Жұрт назары Жүніске ауды. Карта тоқталып, ортаға үйілді.

Жүніс жеңгейдің жұмсауымен закуска, рюмкаларды үстеп дайындап, коньяктың тығынын суыруға кірісті. Сөйтіп отырып ячейка жиналысында кімнің не сөйлегенін, кімнің кімге жақ болғанын айтып шықты. Азаматтың бұл жолғысын бәрі де мақұлдасты. Шәймерденнің аяқ алысын есіткенде шошыну, тіксіну пайда болды.

— Қасындағы кім дейсің?

— Жастау әйел, сыпа ғана киініпті. Шәймерденнің әйелі болар деп ойлап ем, олай болмады, біздің шығуымызды күтіп, Азаматты ертіп кетті.

— Мә саған Азаматыңа болайын. Көрінгенге еріп кететін бір сорлы болды ғой мынауың, — деді Жалмағамбет шыдай алмай.

— Әлішер-ау, Әлішер, — деді Бұқабаев, — бұл келген Шәймерден сенің тізбеңде бар ма еді?

— Жоқ.

— Енді қалай келді?

— Чорт знает, кімнің жіберіп жатқанын. Ертең сөйлесіп көрермін, так сказать...

— Былайша айтқанда конечно... Но...

— Сөйлеспей-ақ сезіп отырған жоқсың ба, аяқ алысын.

— Сезгенмен қайтарып жіберу қиын ғой.

— Сонда бұған беретін орның?

— Бақылап отырып істетіп көрерміз. Қиғаш тартуын қоймаса, так сказать материал жиып, әлек-шәлегін шығарармыз, — деді Әлішер күліп, — солай ма, Сағит? Әй, айтпақшы жоспар комиссиясына адам керек еді-ау, соған жіберсек, не істей қояр дейсің?

— Дұрыс екен-ау. Рас, рас.

— Борсықбаев соны бақпағанда, нені бағады?

— Әйел де қызметке келген ғой, сірә?

— Тәйірі әйелін қойшы, ол кімді қиратар дейсің.

— Кәне, саулыққа, жұмысымыздың жемісті болуына, «Сарыарқаның» гүлденуіне!

— Ішеміз, ішеміз!

— Жасасын «Сарыарқа!»

— Ақын, бір ауыз өлең айтып іш!

Мәжібаев стақанын көтеріп, үйдің ортасына таман барды. Төбеге қарап телмірді. Даусын қалтыратып, толқындандырып:

Сарыарқа! Сенің сертің, менің сертім,

Ынтығып іздегенім сенің еркің.

Сен анам, қойныңда өскен мен балаңмын,

Келмейді мыңды айдаған менсіз көркің...»

— Браво-браво! — деп Рақым бастап жұрт қол ұрды. Рюмкелер соқтығып, коньяк шайқалды.

Үй бұрышында намаз оқып отырған кемпір рюмкенің сылдырына таспиқтың тырсылын қосты:

— Я, Алла, бергеніңе шүкір! — деді кемпір.

— Раз.

— Два.

— Былайша айтқанда пас... Но...

КОМАНДИРОВКА

Түн бойы жауған ақша қарды қатырып үлгіргенше асығып аспан жүзі бұлттан серпіліп, Сібірдің шаңғытқан аязы ысқыра, бүре келді. Жұқа киімділер бүрсең қақты. Көше бойын тон, ішік, тымақтылар қаптады. Пеш біткеннің моржасынан шуда жалданып түтін көлбеді. Томпиған беттерді аяз сүйіп домбықтырып, жылы үйлерге еріксіз айдап тықты.

— Бәсе, Қарасайдың қысы осылай болса керек еді-ау! — деді сары тонға оранған шалдар.

Күн жаңа көтерілген кезде Азаматтың үйінің қақпасына парлап жеккен қос торы ат келіп тоқтады. Еңгезердей денелі жігіт пар аттың шанасынан солаңдап түсті де, ақ үйдің сыртқы есігіне тоқтап, шыбыртқының сабымен тақылдатып ұрды.

Маһира есік ашып:

— Не көрінді соншама ұрып? — деп шатынаңқырап барып, артынан күлімсіреді.

— Ұрса біреудің өті жарылар деп пе ең? Азаматқа айт: кеңсесінен ат келіп тұр де.

Бұл келген Медеу еді. Ұзамай Азамат шықты. Азаматтың үстінде қымбат пальто, басында қаракөл бөрік. Медеу оны бастан-аяқ сүзе бір қарап шықты да:

— Қане, мырза, мініңіз, — деді.

Кекетінді сөз екенін Азамат білді, әйткенмен үндемей шанаға мінді. Медеу көшірге мінгелі жатып, қақпа жаққа қарап қалшия тұра қалды:

— Уа-ау, Жақыппысың? Өй, ант ұрып кетсін сені. Ант ұрып кеткен-ау, түнеугі алдағаның не, ә? Бері келсейші, бері!

Жақып ұмтыла басып кеп, Медеумен қол ұстасып амандасты. Бұл осы үйдің көптен келе жатқан көшірі еді, Медеу шанада отырған Азаматты таза ұмытқан секілденіп, ұзақ әңгімеге кірісейін деп еді, Жақып оның сөзін бөліп сөйлетпеді:

— Кейін сөйлесерміз, мына кісіні тоңдырарсың, — деді Жақып қашырыс салып.

— Ә, мына кісі ме? Жабайы тон киген біз тоңбағанда, жанат ішік киген бай тоңа ма? Әй, саған тапсырылатын жұмыс бар, Орымбай келіп айтар. Орындап келерсің, білдің бе! — деп Медеу көшірге мінді.

Ат ерініп қозғалып, көшені бойлады. Ақ үйдің қырау басқан терезесінен біреу телміре қараған секілді болды. Азаматтың ойында емес-ау. Сөзімен болсын, ісімен болсын мына Медеу Азаматтан өш алуға кіріскен адам секілді. Неге үйтеді Медеу? Азаматтың бұған жазығы не? Азаматтың қандай қызды алғанында Медеудің жұмысы қанша? Әкесі емес, ағасы емес, беталды қоқаңдап осының-ақ ызасы өтті-ау... Азамат, шанада келе жатып, өзінен-өзі қызуланып, Медеуге жабыса түскендей болады.

Азамат өз бөлмесіне барарда кең залдың ішімен өтеді. Зал іші жасаған табақтай жағалай үстел: тік мұртты, көзілдірікті, күржиген желкелі, бурыл шаштардың талайын осы үстелдердің басынан көресің. Бәрі де самарқау, жабыңқы. Кеңсенің ашылғанына бірер сағат болған да жоқ, бұлардың көбі жұмыс істеп әбден қалжыраған адамның түріне кіріп отыр. Бір үстелге екеу-үшеу топтанып, әңгіме соғуға кіріскендері де бар екен, ондайлар Азаматты көріп ыдырасты. Біреулер Азаматқа күлімдеп қарап, орындарынан қозғала түсіп, бастарын иісті. Машинистка әйел бетке жағып жатқан пудрасын үстелдің тартпасына тыға салып, асығыс машинаны тықылдатуға кірісті. Бұл күндегі күй. Азаматқа мұның ешбір жаттығы жоқ. Бұл отырғандардың ішінде талай оңбағандардың, кеселділердің барын Азамат сезетін секілді. Алексеевтің бұған тапсырғаны — сондайды қазып шығарып, жұмысты тәртіпке салу еді. Азамат әзір көрнекті ешнәрсе істей алған жоқ. Қызметкерлерінің қошуақпен қарсы алатындығы, әлде, Азаматтың осынысын құттықтағандықтан ба екен?..

Алексеев шақырады деген соң Азамат соның кабинетіне барды. «Кешегі оқиға туралы сөйлеспек шығар» деп ойлады ішінен. Түн бойына ойланып, Шәймерденнің қатты айтқаны да себеп болды ма, Азамат ол жұмыс туралы өзін айыпты санап еді. Сондықтан Алексеевті көргенде Азамат сонысынан ұялғандай болды.

Алексеев қағазға үңіліп бірсыпыра отырып, басын көтерді.

— Қалай, жақсымысың?

— Пәлендей мақтанарлық емес.

— Неге? Келіншегің қаладағы бірінші сұлу болса, қайның мыңды айдаған бай болса, жегенің жал мен жая болса...

Азамат қызарып төмен қарады. Азаматтың қысылғанын сезіп, Алексеев сөзін аяқтамай тоқтады. Азаматқа дегенде жұмсақтығы тым күшті-ау. Азаматты бірінші көріп сөйлескеннен-ақ ұнатып, өзіне жақын тартты. Баулып, тәрбиелеп өзі сияқты шын іскер ғып шығармақшы болды. Солай болады деп сенеді де. Азамат тың басындағы кәзіргі күйді Алексеев «уақытша болған жұмыс» деп қана қарайды. Осы күйден Азаматты құтқаруға өзін міндеттімін деп санайды. Ендеше, сөзбен ұялтуда не мағына бар? Бұл, қайта, Азаматтың ашуын қоздырып, арасының қайшылануына себеп болмай ма?

Алексеев сөзінің бағытын дереу екінші жаққа бұрды:

— Вот что, Азамат. Жер бөлімінде отырған соң осы губерниядағы бірсыпыра жауапты жұмыс екеуіміздің үстімізге жүктелулі. Жергілікті орындар, әсіресе уездік бөлімдеріміз жұмысты ойдағыдай атқара алмай отыр. Байқаймысың, соңғы әзірде шаруалардан арыз көбейді. Әсіресе Жетікөл уезіндегі бөліміміздің үстінен шағым көп... Губкоммен сөйлесіп мен сені сонда жіберетін болдым, бүгін жүріп кет. Жұмысың бітсе, тым ұзамай қайтарсың. Сен келген соң, басқа уезге өзім шығармын, мақұл ма?

— Обязательно бүгін жүру керек пе?

— Обязательно бүгін жүр!.. Жүресің ғой?

— Жүрейін.

— Қолыңды әкел, қош, сау барып қайт. Медеу ертіп барар. Қолың тигенде сен оны кітапқа баулы...

Алексеев әлгідей емес, жайраңдап, Азаматты ашық жүзбен жөнелтті. Мұның себебі не? Бүгін жүру керек. Ертең демалыс. Бүгін кешке Қайдардан ат келмекші. Ертеңгі күні Мәриямды ертіп бармақшы болып Азамат Қайдарға сөз беріп еді. Оған қарамай бүгін жүру себебін не деп дәлелдейді?

Іс басқарушы Азаматтың мандатын әкеп беріп тұрып «қайырлы сапар» деп жымыңдады. Есепші бірталай ақша әкеп, сол ақшаны өз қалтасынан бергеннен жаман:— «қол қойыңыз» деді. Енді, жүретіні шын болса, басқа жұмыс қалған жоқ. Сонда Қайдардың үйіне шынымен бармай кеткені ме? Мәриям бұған көнер ме?

— Қане, жолдас, жүресің бе, жоқ па? — деп Медеу есіктен басын сұқты.

— Жүрем!

— Дұрыс, реті келеді-ақ.

Азамат, жүруге бел буып, үйіне келді. Мәриям қыдырып кетіпті. Боса да жүретін болған соң, шатағы болса кейін көре жатар, Мәриямның үйде жоғы жақсы болды. Азамат Мәриямға записка қалдырды:

«Мәриям!

Кеңсе жұмысымен тығыз түрде Жетікөл уезіне жүріп барам. Бүгіннен кешігуді көтермеді, түсінесің ғой? Рақымға осыны айтарсың.

Қош. Азамат».

...Көрпілдек қарға көміліп, пар атқа жеккен ауыр шана қара жерді қабумен келеді. Қос торы аттың тері сабынша бұрқырады. Үскірік жел ұлпа қарды ұнша бұрқыратып ойнайды. Жол бойында алда, артта не бар, не жоғын жаяу борасын бүркеп, көрсетер емес.

— Сонымен қонаққа бара алмадыңыз-ау, ә? — деді Медеу артына бұрылып.

Қаладан шыққалы Медеу мұны осымен үшінші рет айтты. Азамат біріне де жауап қайтарған жоқ. Азаматтың жол жүретіндігін есітіп, қайынбикесі бұған Рақымның доқа ішігін әкеп беріп еді, Азамат соған бүркене оранып, бұйығып шананың жүрісімен тербелді де отырды.

— Қонаққа барғаныңызда талай қызықтың үстінен шығатын едіңіз. Көп кісі шақырылды деген: өлке бойындағы ақсақалдар, бұрынғы билер, әзіреттер, қалпелер, қариялар... Ә, бірдеме дейсіз бе?

— Мыжымай отыр деймін.

— Кімге айтасың?

— Тап саған!

Медеу артына бұрылғанда Азамат ішіктен басын шығарды. Азаматтың бетіндегі күлкіні көріп Медеу де күлімсіреді. Содан былай екеуі жақындаса түскендей боп, жол бойы сөйлесумен болды.

— Мәриямды сен шын алдым деп жүрмісің, әй?

— Өтірік қатын алған кімді көріп едің?

— Осы жерің қиын, әйтпесе екеуміз үйлесіп-ақ кетер ек, ә? — Осыны айтып Медеу күрсініп, пар атты шыбыртқылай түседі.

— Әй, Медеу көшірге қақима, бері кел, әңгіме айт.

— Не туралы?

— Өзің кімсің? Қайдан шықтың? Не көрдің? Соның бәрін айт.

— Айтсам ба екен?

— Айтасың!

— Әкімдік жолымен бұйырасың ба?

— Замандастық, жолдастық жолымен.

— Ә, ендеше болмас...

Медеу Азаматпен қатар отырам дегенде, шектей шұбатылған тамақ ішіктің өңірі аяғына оралған болды.

— Әй, жина мынауыңды, жаман етігіммен бүлдіріп тастармын.

Медеу бастан өткен оқиғасын айтуға кірісті. Түтей соққан жел Медеудің сөзін кейде үзіп, оның кейбір сөзі Азаматқа көмескі естіледі.

— Әй, қайта айтшы!

— Қайсыны? Рақымның үкімімен қырылған кедейді ме?

Медеу тағы кіріседі. «Бажама тіл тигіздің» — деп Медеуге ашуланып отырған Азамат жоқ. Неге? Неге екенін Азаматтың өзі де сезбейді. Күні кеше Жүністің оқиғасы кезінде, тіпті бүгіннің өзінде Азамат осы Медеуге қаны қатып, мұның сөзі, жүрген жүрісі, ең арғысы ат айдағандағы қимылына шейін Азаматқа шаншу болып жабысумен отырып еді. Жол үстінде екеуден-екеуі келе жатты да, Медеу мұны қағытуын үдете берді. Азамат, бір рет, ішікті сыпырып тастап, Медеумен алыса түспекші де болды. Оны істей алмады. Сүйтіп отырғанда қабындаған ашуы су сепкендей өзінен-өзі басылып, Медеудің сөзі Азаматқа ермек үшін, көңіл көтеру үшін айтылып отырған сөз тәрізденді... Осылай деп ойлауы-ақ мұң екен, Азамат кенет ашылып, Медеуді шын замандасы, жолдасы деп таныған адамның түрімен әзілдесті. Бұған Медеу де көңілденді. Осылай қарай беттерде Таңатар Медеуді оңаша шығарып алып:

— Мұнымен шүйіркелесіп сөйлесуші болма, сақтан, сақтан!.. — деп еді.

Осы ойына түсіп: «осы антұрған мені тұзаққа түсіру үшін құбылып отырған жоқ па?» — деп, Медеу бір рет сөзін үзіп, Азаматқа қадала қарады.

Азамат бұл кезде Медеудің қолынан тізгінді алып, пар атты өзі айдауға кірісіп еді.

НЕГЕ БҰЛАЙ?

Шәймерден бірінші күні Кәдірбаевқа жолыға алмай, жоғарғы айтылған ячейка жиылысының ертеңіне барып жолықты. Кәдірбаевты жүзбе-жүз көрмегенмен, сыртынан қанық еді. «Кім екеніңді түсің-ақ айтып тұр екен» — деп Шәймерден ішінен күлімсіреді.

Кәдірбаев Шәймерденге тым салқын қарады. Шәймерденнің қол ұстасып, амандасқандағы қалпы: иіліп-бүгілмей өзін еркін ұстауы, жағынып сөйлемеуі, басқалар сияқтанып жұмыс жағдайын сұрап Кәдірбаевтың бір ауыз лебізіне ынтығатын қалпын білдірмеуі — осының бәрі Шәймерденнің қай бағыттағы адам екенін Кәдірбаевқа бірден ашып берген сияқты болды. «Мынау опасный тип, мұнымен ойнауға болмайды екен» — деген ой Кәдірбаевтың басында жылтыңдап, Шәймерденмен сөйлескенде осы ойдың көшесімен шығуға тырысты.

— Ал, шырақ, жақсы келіпсің.

Шәймерден бұған жауап берудің орнына жол қағазын ұсынды.

— Жақсы, орналастырармыз... Бұрын қандай қызметте болып едіңіз.

Қайда қызмет істегенін, қандай мектеп бітіргенін Шәймерден қысқа ғана айтып шықты. Кәдірбаев көзінің қиығымен қарай түсіп, аз-кем ойланды.

— Орталықта не хабар бар? Кімді көрдіңіз?

— Ешкімді де көрмедім.

— Жақсы, тыныға тұр, келіп, біліп тұрарсың, — деді еріне сөйлеп. Бірінші жолығысулары осымен бітіп, Шәймерден Кәдірбаевтың кабинетінен шыға беріп, Алексеевке кездесті. Екеуі де біріне-бірі қарап, Алексеев күлімсіреді.

— Сіз осы түндегі жиылыста болдыңыз білем?

— Болдым.

— Таныс болайық: Мен — Алексеев, жер бөлімінің бастығы, сіздің кім екеніңізді мен танып та үлгірдім.

Партия комитеті тұрған үйдің қара көлеңкелеу ұзын коридоры бар. Коридор бойы тізілген орындық. Әр жерде екеуден-үшеуден қатарласып отырған ел қазақтары: қасқыр ішік, түлкі ішік, күзен ішіктердің талайы отыр сіресіп. Біреулер шірене қозғалып, қалтасынан бүктелген қағаз шығарып, жолдасының бетіне үңіледі:

— Қалай ойлайсың, ә? Осы арызым орындалып шығатын болса, ә? Әдейі келген соң мұның атағын айтсайшы: «Пәленшенің беделі әлі күшті екен, басқасын былай қойғанда, тіпті партиясына беделін жүргізіпті» деген дақпырт бір жайылар болса, ә ?..

Шәймердендерді көріп әлгі кісі арызын кейін қалтасына салды.

— Есітіп жатырмыз. Танысарсың. Жалпы жағдайды өз көзіңмен көр, мен өсек айтқан сияқты болармын, — дейді Алексеев.

Шәймерденді қолтықтап коридордың түп жағына беттеді. Ауызы сөзден босамай жүр.

— Мақтанып-ақ айтайын, ауылда артель ұйыстыру туралы едәуір табысымыз бар. Азаматты баулып, артель жұмысын соның басқаруына бердім.

— Оныңыз қызық екен, табыстан-табысқа тез өрлемейін дегеніңіз бе? — деп, Шәймерден күлімсіреді.

Шәймерденнің сөз ыңғайына түсіне қалып, Алексеев кенет қызарған секілденді.

— Сен түндегі оқиға туралы айтпақсың-ау... Мен мұны уақытша қаталасу деп білем.

— Онда жаңылдың.

— Қалайша? Осы күнге шейін Азаматты ұғына алмай келгенім бе менің? Бірге істескеніме екі айдан асты...

— Болсын, мен бала күннен Азаматпен бірге өстім. Сонда да «уақытша қаталасу» дегенге қосылмаймын!

— Сонда?

— Тым жұмсақ, бала мінезді, ойламай істейді, соның салдары бұл... Бұлтақтаумен келіп еді, енді біржолата үйір тапқаны.

— Тәрбиемізге алсақ, дұрыс жолға жетектесек...

— Адасқан адамның өз жолынан басқаны дұрыс дегенін көрдің бе, сірә? — деп Шәймерден күлді.

Шәймерден Азаматтың бұрынғы қаталарын қазуға кірісті. Алексеев үнсіз тыңдап, басын шайқап бірсыпыра тұрды.

— Қайткенмен де баулып көрем. Бәлкім, түсіндіріп шығармын, — деді ол күрсініп. — Таңатар дейтін комсомолымыз бар, жүр сонымен таныстырайын,— деп Алексеев Шәймерденді шеткі бөлмеге әкелді. Абажадай кең бөлме, қара көлеңке, жайдақталған үстелдер. Бұлар келіп кіргенде, бірсыпыра комсомол Таңатардың үстелін ортаға алып, бір мәселе жөнінде қызу сөйлесіп жатыр еді. Таңатар қатты дауыстап:

— Бірінші — ондай қылмысы үшін және табы жат бола тұра комсомол қатарына тон айналдырып кіргені үшін біз оны комсомолдан шығарамыз, сотқа береміз, екінші...

Алексеевті көріп, Алексеевтің жанындағы Шәймерденді көріп, Таңатар кенет түсін өзгертіп күлімдеді.

— Пожалуйста, пожалуйста, орын беріңдер, балалар...

— Таныс бол, Таңатар, мынау Шәймерден Шегебаев деген жолдас.

Шәймерден үстел басындағы жастармен тегіс көрісті. Таңатар қарсы алдында тұрған жұмық көз, қара балаға:

— Партия қаулысы саған ойыншық емес. Шын комсомол екеніңді ісіңмен көрсет, әйде бар? — деді, Шәймерденге бұрылып: — бірсыпыра комсомолдарды елге сауат ашу жұмысына жіберіп жатырмыз. Ауыл комсомолдарын сауаттандыруды шындап қолға алдық, — деді.

— Әй, қызусың-ау, — деді Алексеев күлімдеп.

— Соның үшін де ымырашылдықтан аулақпын.

Алексеев бұған мәз болған кісідей қарқылдап күлді. ...Шәймерден таныса келе Қарасай қаласының қызметкерлерін үш топқа бөлді. Бірінші топ — ескішіл, ұлтшыл-байшыл, партия билетін осы мақсұтына құрал ғып ұстап отырғандар, кәзіргі құрылысқа сыртымен ғана жылтырап, қолынан келсе тас-талқанын шығаруға беті шімірікпейтіндер. Екінші топ — мұндайлардың ісіне қарсы түсіп, партия басшылығында отырып жұмыс атқаруды мақсұт қылғандар. Сол жолында қандай кедергілерге кездессе де қажу, мұқау дегеніңді білмейтіндер. Кәдірбаев келіп жұмысқа кірісіп, бұрынғы отырған қызметкерлерді сапырылыстырып қуғынға ұшыратқанда, мұндайлардың саны бірсыпыра кеми түскен секілді еді, ұзамай қайта құралды. Уезде, болыста қызмет қылып жүрген жігіттердің бірсыпырасы орнынан босап, Қарасай қаласына ағылды. Бұл, әсіресе, Қайдардың үйіндегі жиылыстан кейін жиіленді. Мұның ішінде де партия жұмысын дұрыс атқарып жүрген тәуір-тәуір қызметкерлер бар еді... Бұл екеуінен басқа үшінші бір топ бар еді. Бұлар — екі жағының да көңілін жықпай, жүзін жыртпай, қайсысымен де сөйлесе біліп, сонысын үлкен мәртебе көретін, өздерінен басқаның бәрін ақымақ санайтын жануарлар еді. Мұндайлардың саны онша көп те емес еді. Мұның көбі партияда жоқ оқығандар, кеңсе жұмысын не үшін істеп жүргендері туралы бірсыпырасында ашық пікірі де жоқ, кім жетелесе соның шылауына еруге дайын тұрғандар еді, бұлардың көбірек үйірілетіні, әрине, бірінші топ еді...

Алексеев пен Таңатар, Сағындықтар мен Шәймерден ашық сөйлесіп, көп мәселе туралы ұғыныса білді. Тізе қосып іс істеуге жарайтын жолдастар деп таныды.

— Менің айтатыным: жікшілдіктен аулақ болайық, партия жолынан қиғаш жайылғандар болса, мәселені партия комитетінің алдына қойып, ашық күреске түсейік. Менің жолым осы, — деді Алексеев.

— Мен де осы жолдамын, — деді Таңатар. — Бірақ сондай кісіні жеке алып, астыртын тәрбиелеймін деуден аулақ бол. Партия жолынан тайғандарға партия жолымен ашық түрде соққы берілсін, партия жұртшылығын біз сонда ғана дұрыс тәрбиелей аламыз.

— Бұған қарсы болған жерім бар ма?

— Ендеше Азаматты қорғаштауыңды қой. Жікшілдік, байшылдық ауруы Азаматта мықты. Әңгіме оның жеке басында ғана емес, оны бетке ұстап, қолқамызға қол салып отырғандар бар, соны ашуымыз керек...

Алексеев бұдан әрі сөз таластырмай бөлмеден шықты. Таңатардың сөзінің бұған жаттығы жоқ. Бір жылдан бері бірге істесіп, пікір алысып, партия мәселелерін бірге талқыласып келе жатқан адамдар.

Бірақ Азамат мәселесі... Алексеев кешеден бері мықты қынжылып, бас уатумен жүр. Азаматты кенет командировкаға жөнелтуі де міне осыдан келіп шығып еді...

...Шәймерден пәтеріне келгенде Қайша бұрын қайтып, күтіп отырған болды. Пәтер деп отырғанымыз Қарасай қаласындағы қонақ түсетін жалғыз ғана үйдің аласа, тар қара көлеңке ғана бөлмесі. Қарасай қаласы бүкіл өлке бойын алып жатқан ірі қаланың бірі болса да, осынша көп үйден ат төбеліндей аз ғана қызметкерге пәтер табылмағаны-ақ қызық-ау.

Шәймерден мен Қайша осы қалаға бірге келді де, қонақүйдің әлгі айтылған жалғыз бөлмесі бос болып, пәтер табылғанша деп екеуі бірге түсті. Келген күні Азаматты іздеп, соның себебімен бұлар жоғарғы айтылған ячейка жиылысына кездесіп еді.

Пойызда келе жатып Шәймерден:

— Осы қалада Азамат дейтін жолдасым бар, бірақ, адресін білмеймін, — дегенде:

— Азамат дейсің бе, әй? — деп Қайша шап ете түскен.

Құр сұрап қана қоймай, Азаматтың аты естілгенде Қайшаның бет әлпетіне де өзгеріс кірген секілді еді. Шәймерден мұның себебін білейін деп қазбалай сұраса да:

— Көрген жігітім еді, таныс еді, — дегеннен басқа Қайша сөз айтпады.

Ячейка жиылысында Азаматтың Мәриямға үйленген хабарын есіткенде Қайшаның жүзі кәдімгідей қуқыл тартты. Бірақ Шәймерденге соны білгізбейін дегендей боп:

— Табанды, жақсы қызметкер бола ма деп ойлаушы ем, бұзылған екен, — деді күрсініп, «Осыны қата айттым-ау» деп асыққан адамдай боп, Қайша тағы:

— Ешқайда кетпес, түзейміз ғой, түзеледі ғой, — деді.

«Түсіндім» дегендей боп Шәймерден тура пәтеріне беттеп еді:

— Мұның қалай? Азаматтың үйіне бармайсың ба? Сөйлеспейсің бе? — деді Қайша кідіріп.

Шәймерден «сөйлеспеймін» деп кесіп жауап беріп, Қайшаға да бұрылмастан жүріп кетті. Қайша Азаматты тыста тұрып тосып, пәтеріне әкелді. Ячейка жиылысынан бұрын шұрқырасып жатқан Азамат пен Шәймерден, енді бірін-бірі көрместік араз кісінің түріне кіріп еді. Қайша шай әзірлеп, шай үстінде бұлардың назарын басқа әңгімеге аудармақшы болып азаптанса да, Шәймерден жиырылып, сазарып, көпке шейін әңгімеге қатынаспай отырды.

— Бос сөзді қойыңдар, керегіне кірісейік, — деді Шәймерден бір кезде жұлып алғандай. — Азамат-ау, сені неден құдай атып жүр? Жүндібай қажының қызында сенің не атаңның құны бар еді? Сен осы кімсің? Кім болмақсың, ашып айтшы?

Азамат жауап бермеді. Шәймерден одан жаман қызып, Азаматқа ауыр-ауыр сөздер айтты.

— Бәтір-ай, қызық екенсіз, ығы жөні жоқ... — деп, Қайша қызараңдап, Азаматты қорғаштаумен болды.

Азаматты тысқа шығарып салып келіп, Қайша Шәймерденге бірер рет ала көзімен қараған секілденіп, үн-түнсіз төсегіне жатты.

...Өз қатарының ішіндегі пысық, өткір, не нәрсеге болса да зеректігі бар жастың бірі — осы Шәймерден еді. Әйел мәселесі туралы мұның өзінше қорытындысы бар: оқыған қазақ әйелдерін бірнеше түрге бөледі: опалы бет, қызыл ерін, өсекші, байына масыл болудан басқаны білмейтін сылқым әйелдерге күліп қана қарайды, әлеумет жұмысына араласып, қатардағы іскердің бірі болып жүрген әйелдерге шын жолдас деп қарайды, ондай әйелдерді құрметтейді. Пойыз үстінде осы Қайшаға кездесіп, пікір алып сөйлескеннен кейін, Шәймерден мұны осы көрнекті әйелдердің тобына қосып еді. Әйел деген аты болмаса, бұл бір еркекке бергісіз іскер, жақсы ғана білімі бар, саясатпен таныс, партия жолындағы табанды іскердің бірі, бір жағынан әдебиетке жақын, жап-жақсы ғана қаламы бар. Әдебиет майданындағы түрлі қата бағыттар туралы пікірін айтып та, жазып та жүрген кісі... Осы Қайшаның Азамат десе шіж-біж келу себебін біле алмай Шәймерден таң болды. Мүмкін достасқан реттері болған шығар, онда екеуінің бағыты да бір болуы керек. Ал кәзір ше? Азамат бай қызына үйленіп, белгілі төңкеріс дұшпандарының тобына қосылып, жігін бөлектеді. Бұл — Азаматтың біле-көре істеп отырған жұмысы. Қайша неге түсінбейді бұған? Қайшаға енді Азаматтан да аспандағы бұлт жуық емес пе?..

Қайша туралы Шәймерден осылай ойласа да, бұл ойын әзір ашып айтқан жоқ еді. Бірақ бір реті келгенде сұрап, танытармын деп еді.

— Азамат Жетікөлге командировкаға кетіпті-ау, есіттіңіз бе? — деді Қайша салқын ғана.

— Барсын, онда менің не жұмысым бар?

— Қызық екенсің, мен сіздің жолдасыңыз болған соң айтсам.

— Жолдасым болғанмен, соның кеткен хабарын менен көрі сен бұрын біліпсің-ау, — деп Шәймерден күліп Қайшаға қарап еді, Қайша қызараңдап:

— Қызық екенсің... Түсінбеймін сөзіңізге,— деді.

— Түсінуің керек, Қайша жолдас, — деді Шәймерден жүзін суытып. — Азамат менің бала күннен бірге өскен жолдасым. Қата жұмысы болса, қақпалап жолға салып, көмектесу дегенге мен қарсы емеспін. Түндегі сөзін есіттің ғой, ә?.. Жүндібай қажының қызына үйленуді ол жай ғана бір елеусіз жұмыс қылып көрсетпек. «Байдың қызын алмай отырған коммунисіңді көрсетші маған» — деп дау соққысы келеді. Байдың қызын алған коммунист жоқ демеймін, бірақ қайсысы соның байға шоқпар болып отыр?

— Қызық екенсіз.

— Неге?

— «Мен сенің қызыңды ғана алғам, өзіңнің керегің жоқ» деп ата-енесін қуған кімді көрдіңіз? Айтыңызшы, бәленше сөйтіп отыр деп...

— Меніңше басқалар нақ Азаматтай қол жаулық болады деп ойламаймын, — деді Шәймерден аз-кем бөгеліп.

— Ол «біздіңше» ғана болар... Байдың қызына үйленген қызметкерлердің қайын-жұртымен қай түрде араласып жүргенін білеміз. Бүркегенмен бүркелмейді, ол.

— Сондықтан?

— Сондықтан алалаудың жөні жоқ.

— Жоқ-ау, мынаны ашып айтшы. Азаматтың мына Жүндібай қажының қызын алғанына қалай қарайсың өзің?

— Мақұлдамаймын, қата. Бірақ, осы қатамен шырмалып жүрген жалғыз ғана Азамат емес.

— Еһе, жолдас, бұл қисыныңа қосыла алмадық.

— Сіздің қисыныңызға біз де қосылып отырғамыз жоқ. Байдың қызымен құшақтасып отырып, соның әкесіне қарсы шабуыл жасайды дегенге бала да нанбас.

— Жолдас-ау, әңгіме байдың қызын алуда емес, оның ісінде ғой. Шын коммунист екенін ісімен көрсетіп отырса, жақыным екен деп аямай қылмысын ашып отырса, онда не сөзің бар?

— Шәймерден жолдас, осы мәселе туралы тегі екеуіміз ұғыныса алмаспыз. Сіз өз сөзіңізге өзіңіз қарсы шығып тұрсыз. Біресе байдың қызын алған кісіні айыптайсыз, біресе оған жақ болып шығасыз. Елеске алданудың не қажеті бар? «Байдың қызын алғанмен жолымнан таймаймын» деген коммунистің көбі, күні ертең сол қайны бір қиыншылыққа ұшыраса, қорған болып түре келеді. Дені дұрыс адам зорласаң да жоламайды ондайға.

Қиғаш тартып сөйлеу екі жағында болды да, екеуі осы мәселе туралы шын ұғыныспай тоқтады.

— Басқаңды білмеймін, мен өзім Азаматтан ат құйрығын кестім, — деді Шәймерден қатаң түрде.

— Қызық екенсіз...

— Ойын деп түсінбе.

— Көрерміз.

— Ал саған айтатын ақылым: бір кезде мүмкін сүйген шығарсың, енді, ойыңнан шығарсаң да болады.

— Жолдас... Мұны айтуға қанша қақың бар? — деп Қайша шын ренжіген түрге кірді.

— Құдай ақы, түсінбеймін осы жұртқа, — деді Шәймерден одан әрі кейіп, — көрініп тұрған нәрсені жасырамын деп азаптанып... Азаматқа қалай қарайтыныңды түсің айтып тұр ғой.

Қайша кенет бұрылып, терезе алдындағы кітапқа үңілді. Шәймерден шіміркеніп, шылымды үсті-үстіне тартып әлі сөйлеумен отыр. Бөлме ішін көкшіл түтін қаптап, қайда сіңерін білмей иіріліп, адамның тынысын тарылта түскен секілді. Қайша Шәймерденнің тартқан шылым түтінін бе, әлде сөзін бе, әлде оның өзін бе — жаратпай, жиырыла түсті. Кескін жағынан Шәймерден мақтанарлық жігіт емес: тышқан көз, шолақ танау, жағына пышақ жанығандай арық, кемиек, қара жігіт, киімі жұпыны ғана, соның өзін де күтіп кимейтіндігі көрініп тұр. Сөзге сараң, бір сөйлесе тиімді ғып сөйлеп, кіріскен жұмысын бақайшағына шейін шағып шығуға құмар қалпы бар. Мынау теріс дегенді бадырайтып бетіне айтады. Онымен тұрмай:

— Мен дұрыс айтсам, сен шам шығарасың,— деп ашу шығарудан да тайынбайды.

«Қызық жігіт екен өзі» деп Қайша жол бойы сөйлесіп, көптен таныс жолдасының біріндей көріп еді. Енді, Азамат мәселесі қозғалғаннан бері, әсіресе, бүгін осы Шәймерденнің өзін де, сөзін де тікенектей көріп, жиырылып тұрғаны. Неге бұлай? Азамат Қайшаға таныс жігіт болса, Шәймерденнің қалмағы ма? Азаматтың аты естілсе, осы Қайшаның елеңдей бастайтыны не?

Қайша ойға шомды: бұдан екі жыл бұрын Қайша Азаматпен кездесіп, болыс қол астын аралап екеуі бірсыпыра жүрді. Азамат сөзге, әзілге долаң, қулық білмейтін олақ көріңді. Жоқ нәрседен ұялыс тауып, қысылып қалатындығы сезілді. Қайшамен бір күні әзілдесіп отырып, шынын айтып алды: «жолдас болып қосылайық» деп ұсыныс жасады. Осыны абайсызда айтып қалған сияқтанып, артынан өзі құлағына шейін қызарды. Қайша оған «қызық екенсіз, жолдас болып жүріп мұныңыз қалай?» деп еді, Азамат апалақтап, ғапу өтінді.

«Қызық екенсіз» деп Қайша тағы айтты. Шынында да қызық. Азамат қысылғандай сол жерде ешнәрсе болған да жоқ... Екеуі айырылысарда Қайша оның суретін сұрап алып қалды. Хат жазып тұр деп адресін берді. Бір-екі рет Азамат хат жазған болды, бірақ бұл Қайшаның күткен хаты секілденбеді. Қандай хат күтетіні Қайшаның өзіне де күңгірт секілді еді. Екі жыл көрмей жүргенде де ойынан шықпады. Көзін жұмып ойлағанда Азамат көз алдына келіп тұрған сияқтанады. Қызмет басында жолдастасып жүрген мың түрлі адамы болса, соның ішінде Қайшаның ойынан шықпайтыны жалғыз осы Азамат... Неге бұлай?

Қайша күрсінді.

ЖОЛ ҮСТІНДЕ

Әр кеңсенің жауапты қызметкерлері түрлі жұмыспен Кәдірбаевқа жолығуға келіп, есігінің алдында топтанумен тұрады. Кәдірбаевтың бір бос уақыты жоқ. Уақытының көбін ел қазақтары алады. «Ел қазақтары» дегеніміз — үйде желке, шермиген жуан, сұлу мұрттар; кеңсе қызметкерлеріндей олар «тәртіп» біле ме, рұқсат сұрау, есік алдында топтануынды білмейді, Кәдірбаевтың кабинетіне сүңгиді де кетеді. Есік алдында сарсылып тұрған кеңсе қызметкерлерінің бір ғажаптанатыны — осы қазақтар басқа кеңсеге барса, осы батылдығын ешуақытта істеген емес, одырайып, үркіп, есіктен сығалап қашып жүргенін көресің. Кәдірбаевтың мұнысы — кеңсені жергіліктендіру ұранына дәл-ақ. Бірақ, осы келген жуандар, әкесінің үйіне келгеннен жаман шалжиып отырып алады-ау. Ана бір ұзын мұрт, қолағаш мұрын, сарыны көрдің бе, тақияшаңданып, киімінің түймесін ағытып, желпініп, сол қолымен бүйірін таянып, бүлініп отыр. Өз үйінде де тап былай отырмас.

Басқа отырғандар да осы тәрізді. Бәрі де қойын қалталарынан кірленген, бүктелген, термен суланған арыз қағаздарын шығарып, Кәдірбаевтың нақ тұмсығына тірегендей болады:

— Жолдас, мырза... мына біреуді де көріп жіберсеңіз... Айтқұл деген иттен-ақ өлетін болдық...

Кәдірбаев арызға түйліге бір қарап, бастапқы бір-екі жолынан-ақ жалпы мазмұнын ұғынғандай болады да: «Жолдас Борсықбаевқа», я «жолдас Бұқабаевқа» деп кесе жазып, астын табандата бір сызып, «өтінішін орындауға» деген жазуды кейбіреуіне үстеп те қояды. Талай «Айтқұлдардың» тағдыры осымен шешіледі.

Жуандар арыла түсіп, есік алдында тұрған қызметкерлер енді қолымыз жетті ме деп тұрғанда, сары портфельді қолтықтап, шалқақтай басып Борсықбаев пен Бұқабаев келіп кірді. Есік алдындағылар бірін-бірі шынтақпен түртіп, ым қағып, біреулері ауыр күрсінді.

— Бәрінен бұрын осы Бұқабаевтың көтеріліп кеткеніне ғажаптанам. Күні кеше әтбекетке жарамай жүрмейтін бе еді, осы?

— Басымыз сау болса, талайын көрерміз.

— Байларға таптаттырып жібермесе не қылсын.

— Ә, Антон Иваныч, не дейсің?

Антон Иваныч, абайсызда айтқан сөзі үшін қысылып, ойынға шаптырып жатыр.

Бұқабаев келіп кабинет есігін нығыздап жапты. Есікте тұрғандардың үміті таза кесіліп, беттері жыбырлап, қабақтары кіртиіп, иықтары шошаңдап іштегі ызаны дене қимылымен білдіргендей боп, кейін бұрылысты.

— Понимаешь, өз басымның жұмысы болса, он күн кешіксем де ренжімес ем, кеңсе жұмысы және тығыз жұмыс. Согласовать етпесең тағы қиын... Чорт знает, енді қайтпекпін? — деп біреу шын дағдарысқа түсіп, әлі де болса үмітін үзбегендей артына қараумен барады.

Әлдеқайда қоңырау шылдырлады. Кеңсе қызметкерлері көгеннен ағытқан қозыдай боп, топырлап есікке ағылды. Бір қарындас қол айнаға үңіліп, бетінің ұнын қоюлата түсем деп жатқанда, екінші біреу оның шынтағын қағып, айнасын домалатып, ұнын шашты.

— Не деген тәртіпсіздік?— деді қызыл ерін қарындас шын кейіп.

— Тәртіпті болсаң, есікте неге тұрасың, басқа жер жетпеді ме? — деп ана шіркін де сөзін жібермей жатыр-ау.

— Ержақып, ертең демалыс-ау, ә?

— Ендеше сенің үйіңе барамыз.

— Ұялсайшы өне бойы келе беруге.

— Пожалыста маған келіңдер...

Taп осы кезде Кәдірбаевтың кабинетінде Бұқабаев жеңін сыбана түсіп список жазып жатыр еді:

— Ал, өркенің өссін, Әлішер, айтшы: тағы кімді ертеміз?

— Нешеу болды, так сказать?

— Он бес кісі.

— Осы жетпей ме?

— Мәжібаевты да ертсек деймін.

— Қой-ау, опасный болар, так сказать ол... знаешь?..

— Былайша айтқанда, әрине солай, иә...

— Мен жауапкерлігіме алайын, покрайни мер Азаматтай қауіпті емес, — деді Бұқабаев өңештеп.

Мәжібаевпен он алты кісі болды. Бұл — Қайдарға баратын қонақтардың тізбесі еді. Бауырынан жараған семіз аттар пар-парымен жегіліп, бұларды есік алдына келіп күтіп те тұр еді. Тізбедегі адамдарды тегіс хабарландыруды Бұқабаев міндетіне алып, бұлар «тығыз жұмысты» осымен бітіріп, үйлеріне тарасты...

Азаматтың командировкасына Мәриям қынжылмағанмен Рақым шошына қарады. Өзі қатынынан қазбалап сұрап, ешнәрсе шығара алмаған соң, ол салып ұрып Мәриямға келді:

— Мәриямжан-ау, Азаматтың мұнысы несі?

— Бұ да «өнердің» бір түрі шығар, несіне таңданасың? — деді Мәриям күлімсіреп.

Рақым күлімсіремеді. Ол мұртын сипай түсіп, ойланып қалды.

— Ұғына алмай жүрсің, Мәриям. Түсінесің де, түсінгің келмейді. Сен міндетіңе салқын қарап жүрсің. Не деп ек биыл? Не үшін тиіп ең соған?

Мәриям жүзі қуқылданып, терезенің жақтауына сүйенді. Рақым екі қолды артқа ұстап, ерсілі-қарсылы бірсыпыра жүріп, шығып кетті. Мәриям «басы ауырып» тамаққа бармады. Тамақ, артынан ат жегіліп, Рақым жүруге ыңғайланып еді, Мәриям төсектен басын көтермей жатып алды. Апасы киіндірмекші боп бір-екі рет келіп, тілін алдыра алмай кейін қайтты. Рақым жанат ішікті сүйретіп, аяғында — Николай кезіндегі шұбар лима, ірі адымдап Мәриямның бөлмесіне кірді де:

— Тұр, киін! — деді қысқасынан.

— Басым ауырып жатыр, жезде-еке...

— Өлсең де барасың!

Рақымның мұрты күрке тауықтың құйрығындай боп тікірейді, қабағы түйіліп, шегір көзі шатынап, бір орында тұра алмай бөлмені кезді. Мәриям майысып орнынан қозғалып, көзін жоғары бір көтермей, киіміне қол созды. Маһира келіп көмектеспекші болып еді, Мәриям оның қолынан киімді жұлқа тартып, есітер құлаққа ұят сөздермен балағаттады.

— Мәриям, шектен шықпа! — деді Рақым тағы жекіріп.

Мәриям жұмған аузын ашпай киінумен болды. Қызық-ау, әшейінде «Мәриямжан» деп осы Рақым еркелеткенде, адам таңғалғандай... Әсіресе Рақымның дегеніне Мәриямның сөзсіз бағынғандығы қызық-ау. Шанаға кеп мінгенде, Мәриямның бетінде бүртіктеніп сорғалаған жастың таңбасы тұр еді.

Пар аттардың екпіні жаяу борасынға қосылып, өлке бойының ұлпа қарын боранша бұрқылдатты. Ық жақта отырғандардың үсті-басы қармен көміліп, кірпіктері кіреукеленіп қырауға айналды. Ат айдағыш көшірлер өнерлерінің неше түрлісін осы сапарда көрсетпекші болып, өз қолдарымен баққан семіз аттарды делбемен ыспалап айдағанда, құйындай ұшырды. «Әйт!» деген дауыстары шаңқ етіп шығуы-ақ мұң, сұлыға піскен аттар ауыздықты тістеп алып, жол табанынан олай бір, былай бір ойқастап, алдындағының бәрін тапап кеткендей болып келеді. Әсіресе Рақымның екі қара аты бірсыпыраларды басып озып, орғумен келеді. Түпкі қара жорға, иекті көтеріп тастап, екі көзі жайнап, аяқты жынданған малша басып келеді. Қара жорғаның жүрісі қашан да болса Рақымды желіктірмей қойған емес, ол, ондайда жорғаның тізгінін өзі ұстап, ілгері қарай ұмтыла түседі. Ат тұяғымен жентектеліп ұшқан қар бетке сылп-сылп етіп тиеді. Рақым одан жаман қызынып, қарсы соққан желмен көзден сорасы ағып, «айт» деп қояды ақырып...

Осы екпінмен келе жатқан қара жорға алдындағы шанаға аз-ақ сүрінбей, жалт бұрылып жөнелгенде, екі шана ілінісе кетіп, алдыңғы шананың аты да, адамы да мұрттай ұшты. Оны елеген ешкім болған жоқ, пар аттар бұрылып өтіп, бірін-бірі басып озғанша асығып, екі көздері алдарында болды.

Құлаған шанада төрт адам бар екен, аттары жалғыз екен. Пар аттылар әбден өтіп болған кезде біреуі қолын қолтықтап, біреуі басын уқалап, біреуі сынған тісін ұстап, қара қан түкіріп, ербиісіп орындарынан тұрды. Бәйгеге түсіп белдескен палуаннан бетер eкі иықтарынан ентігіп дем алады.

— Жолдас Қауғабаев, тап осыныңды алдыңа тартармын! — деді аласа бойлы біреуі кіжініп...

Бұл Мәжібаев еді. Жанындағылар — өзі сияқты елеусіз қызметкерлер еді. Қонақ тізбесіне іліккен Мәжібаевтың өзі ғана болса да «қызық көріп қайтайық» деп басқаларын ертіп шыққан Мәжібаев еді. Арнаулы шаналардан орын тимейтін болған соң гонорармен өтемекші боп басқармадан аздап ақша алып, сол ақшаға ат жалдап шыққан беттері еді.

— Бармаймын, қайтамын! — деді Мәжібаев сұрланып. — Мен ол подлесті ме? Ол, ол... мен... ол...

Шана қирап, жетек сынып жегуге жарамады. Сондықтан бұл қонақтар Қарасай қаласына жаяу беттеді. Қарды омбылап келе жатып, Мәжібаев «Балдыз» поэмасын үйіне барысымен бітірмекші боп өзіне серт берді...

Шанаға мінерде Мәриямда үлкен кейістік болғанын жоғарыда айтып едік. Мәриямның бұрынғы-соңғы қалпын ескерсек,- мұндай кейістігі ең ұзаққа созылғанда шай пісірімнен әріге бармайтын еді, жездеге дегенде Мәриямда жүрек басқа, қайтып қана төзсін-ау...

— Кәдірбаевқа орнымды берейін, сөйлесіп барарсың, — деді Рақым делбегені көшірге ұстатып.

— Жезде-ай, тіпті...

— Кейісең, қояйын.

— Жоқ, өзің біл...

Кәдірбаев отырған шанаға қатарласып, Рақым шанадан ырғып түсті:

— Әй, кет, құрдастың жанына өзім отырамын.

— Әй, ант ұрсын, Рақым, құрдас болып алып қатынымды билетуді қойдың-ау, — деп Әлішер, ыржаңдай күліп, шанадан түсті.

— Уай, Әлішер, сені қуды ма ақыры ? — деп Бұқабаев арт жақтан қарқылдап күледі.

Түлкі ішіктің етегін қарға сүйретіп Кәдірбаев Мәриям отырған шанаға келді.

— Қарындас, так сказать, қасыңызға мінуге қарсылығыңыз жоқ па?

Жанат ішікке тұмшаланып оранған Мәриямның екі көзі ғана жылтырайды. Дүние пәленің бәрі Мәриямның осы екі көзінде ғой. Жұмат сияқтылардың тілмен айтып жеткізе алмайтын сөзін Мәриям көз ишаратымен мың есе артық жеткізеді.

Кәдірбаев маңызданып, шанаға жайлап мінгенше, басқа жұрт қыр асып кетті:

Рақымның көшірі Жақып мұндай жүрісті көп көріп, тіс қаққан қу ғой, қара жорғаның басын тежеп, жүрісін бәсеңдете түсті. Шанада отырған екі кісінің басы әрі-беріден соң бірігіп, арт жағынан қараған адамға — денелі бір ғана кісінің отырысындай боп көрінді.

«ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҚТАР»

Арнаулы қонақтардың алды ақсақалдар, жігіт ағалары, әзірет молдалар келіп, Қайдар енді қала жағына көз салумен тұр еді. Қонақ келеді екен-ау деп абыржып-сасып тұрған кісің бұл емес, әр нәрсесі өз қалпында: жұмысшылары қар күреп, мал қарап жұмыспен алысып жатыр. Жұмысшы әйелдері шелек-шелек су тасып, арқалап отын әкеп, ас үйдің ішін толтырып жатыр. Бір малайға астау көтертіп, балта алғызып, соңына ертіп Қайдардың бәйбішесі Тұрымтай дейтін батық мұрын, тасбақа беттес қара әйел, аяғын басқан сайын ентігіп, ет сақтайтын сарайына беттеп барады. Жалаңдаған үш-төрт жас жігіт ағаш үйдің бір бөлмесінен екіншісіне көрпе, кілем тасып, үш бөлмені қатарынан безеп, құбылтып жатыр. Қайдар осы үйді 18 бөлмелі ғып салдырғанда, есіткен жұрт:

«Апырым-ау, соның бәріне бір өзі тұра ма екен, малын қамайтын болмаса?..» — деп таңданысып еді. Сол бөлмелердің пайдасы міне, осындайда тиеді. Мына қатар үш бөлме қонақтардың отыруы үшін ғана әзірленіп жатыр, жату үшін әзірленген бөлмелер үйдің екінші жағында.

— Жігіттер, енді жеткен шығар, құдай келсе де осы бөлмені кеміте алмас, — деді Құрмаш дейтін тапал бойлы, қара торы жігіт.

— Әй, Құрмаш, келетіндердің кім екенін білдің бе?

— Ит білген бе соны, ілік-шатысының бірі шығар. Әлде, енді ілігейін деп жүрген бір сор маңдай ма.

— Мәриям сұлу келеді-ау, әлі.

— Күйеуге тиді деген.

— Онда Тұрымтай бәйбіше бүгін тыныш ұйықтайды екен ғой...

Қала қонақтары да келіп жетті. Жігіттер алдынан қарсы жүгіріп, шанадан түсіріп алып, қарларын қағып, бәйек боп жүр. Қайдар әрқайсысына бір бас иіп, қол ұстасып амандасып, ашық шыраймен қарсы алғандығын күлкісімен білдіріп тұр.

— Ay, Кәдірбаев қайда? Азамат қайда, Мәриям қайда?

— Кәдірбаев пен Мәриям кәзір келіп жетер, менің шанамда еді... Жорғаның аты жорға ғой, қатты жүргенді көтермей босаңсып қалды білем, — деді Рақым күлімсіреп, Толқынайға көзінің қиығымен қарап.

Толқынай аузын бұртитып, басып кекірейте түсті. Қонақтардың әйел-еркегі екі бөлмеге бөлініп отырды. Ширек сағат шамасында Әлішерлер де келіп жетті.

— Болдырған атқа мінгізіп ыза қылдым ба өзіңді, — деп Рақым оны тәлкектеуге кірісті.

— Сенің дегенің болсыншы әйтеуір, так сказать, бұл күнде... — деп Әлішер күле жауап беріп төрдің қақ төбесіне отырды.

Ойын-күлкі, әзіл; бірінің артынан бірі келіп жатқан тамақ. Сылдырлаған стақан, рюмкелерге лықылдап құйылып жатқан коньяк. Құрмаш арақ толы рюмкелерді күміс подносқа толтырып көтергенде, ептілігі сондай, біреуін шайқалдырмайды-ау.

— Кәне, есендікке-саулыққа! Өркеніміздің өсуіне!

— «Сарыарқаның» гүлденуіне!

— Сауық-сайран түрге енуіне!

— Қап Мәжібаевты ала келмегеніміз! Өркені өскір ол...

— Ау, ол шығып еді ғой!

— Жолда құлаған сол болмасын?

— Ойпырым-ау!.. Өркені өспегір...

— «Сарыарқам» сау тұрса, ат тұяғын тай басар...

— Өліп кетсе, оқа болмас еді, сау қалса «шатағынан» қорқам.

— Бұқабаев, осы сенің қорықпайтын адамың бар ма, сірә?

— Қамал бұзып, қан жастап жүрген кездерімде, елең еткен пенде емес ем, неге екенін білмеймін, тап осы күні көрінгеннен секем алам да тұрам. Бүгін белгісіз болып жүрген кісі, күні ертең төбеме секіретіндей болады да тұрады...

— Өзіміз айыл жиюынды білмейміз! — деді Қайдар аяғын көсіліп.

— «Сыйынғаныңнан сүйенгенің күшті болсын» деген, тәубе де, Қайдар.

— Ә, солай ма?..— деп Қайдар қарқ-қарқ күледі.

Арақтың буы әңгіменің өрісін кеңітіп, тіл шешіліп, өткен-кеткеннің бәрі еске түсіп, жұрт бет-бетіне дабырлап, әрқайсысы өз сөзін тыңдатудың таласын бастады. Әрі-беріден кейін бір ымыраға келгендей боп, домбыра, гармон алдырып, ән-күй басталды. Әнді «Сарыарқадан» бастамақшы болып, көрші бөлмеден Мәриям шақырылды. Мәриямға орын Бұқабаев пен Кәдірбаев аралығынан берілді.

— Берірек отыр, қарындасым, так сказать, тым ұялшақ боп...— деп Әлішер ысырылып оған жақындай түсті.

Мәриям гармонға қосылып «Сарыарқаны» айтып, алақандары дуылдағанша ұрып, сартылмен үйді басына көтерді. «Қарындастың әнінің құрметіне» тағы ішу басталып, көптің ауқымына Мәриям да қосылды... Мәриям тоқталған кезде ән салуға Құрмаштар кірісіп, ың-жыңның күштілігімен бұл бөлмеде не боп жатқанын сырттан тыңдап білу қиын еді.

Бірсыпыра әйелдермен Толқынай шеткі бөлмеде отырған. Мұндай мәжілістерде екі езуі құлағына жетіп есіп отыратын кісі болса да, ол бүгін кенет өзгеріп, шаншу тигеннен жаман тұнжырап, бұртиюмен болды. Толқынайдың қабағын жазылдыру үшін Тұрымтай бәйбішенің айтпаған сөзі, істемеген әдісі қалмады. Толқынай одан бетер сазара түсті. «Бұл не деген бетпақ еді?» дегендей боп Тұрымтай кейде ашулы көзімен де қарап қояды.

Әлдене уақытта арақ алдырып, закуска көтеріп, әйелдердің отырған бөлмесіне Жүніс келді.

— Сонау жақтағылардан жеріндім, жеңгемнің қасына келдім... Қане, есендікке, саулыққа!..

Жүністің өтірік күлкісіне де Толқынай жібіп жарытпады. Өтініп қоймаған соң бірер ұрттам арақ ішіп, қайтып беттемеді. Ол екі арада алдағы бөлмедегі жігіттердің бірі Жүністі ымдап шақырып әкетті. Жүністің қызметі Тұрымтай бәйбішеге жүктеліп, ол басқа әйелдерді ішкізу үшін алдымен өзі үлгі көрсетті.

— Бәтір-ау, мұны қайтеміз енді? — деп әйелдер сызылған беттерін қолымен көлеңкелеген болып, коньякты сораптап ұрттап, сылқ-сылқ жұтты.

— Мына бір сорлылар іше де білмейді екен, — деп алдағы бөлмеде тұрған жігіттердің тамсанғандары болды.

Маңындағылардың қызулығын пайдаланып Толқынай сытылып алдыңғы бөлмеге шықты. Еркектер отырған бөлменің есігінен сығалап тұрып, төбесінен суық су құйғандай қалтыранды. Есікке қарап жүрем деп пешке соқтықты... Коридорды бойлап жүріп, әр бөлменің есігіне бір тоқтап, тың тыңдады. Түбектегі бөлменің есігінен шам сәулесі жылтырайды. Ептеп басып жақындағанда Толқынайдың құлағына:

— Сәулем... — деген дауыс талып жеткендей болды.

Одан арғысын Толқынай тыңдап тұрмады, есікті құшырлана тартқанда, ілгешек темір түбінен суырылып, есікті ашты. Қанталаған көз қапелімде ешнәрсені айыра алмады.

— Қара бет!.. Қара бет!.. Салдақы!.. — деп ышқына шыңғырып, қарсы келген біреуді тырналап, тісімен жұлып, киімін айырумен болды. Бір кезде тегеурінді қолдың түйген екпінімен Толқынай пешті сүзе құлап, есінен танды...

Көрші бөлмедегі жұрт жапа-тармағай жүгіріп жеткенде, бұл бөлме қараңғы еді. Оқиғаның көшіне ертерек қанық адамдар болмаса, көбі не екенін біле алмай аң-таң болды.

— Әшейін білем... тараңдар, орындарыңа барыңдар! — деген дауыспен жұрт бөлмелеріне келгенде, ешнәрсе көрмеген-білмеген адам сықылданып солармен бірге Кәдірбаев та келіп еді. Бірақ ашулы Толқынай бұған да шеңгелді салып үлгірген екен: Кәдірбаевтың галстугі жұлынып, жағасы жыртылып, шықшыттың үстін ұстара жалап кеткендей боп, көпіршіген қан иектен аса сорғалап, ақ жағаға қызылдан кесте салып үлгіріпті.

Басы саулар бірін-бірі шынтағымен түртісіп, тамақтарын қырысты. Рақым Әлішерді екінші бөлмеге алып кетті...

Толқынай өз бөлмесіне апарылып, бірсыпырадан кейін есі кірді. Басын көтерген кезде алақтап елеуресе де, артынша өзін-өзі билеп, тістеніп, тіс жарып сөйлемеді. Мәриям үшті-күйлі жоқ боп кетті.

Ақсақалдардың шақыруымен қала қонақтары іріктеліп сонда барды. Бұқабаев қызынып, «Сарыарқаның» бағытын көптің ортасына жайып салмақшы болып еді, Кәдірбаев оған кейіп:

— Саяси жұмысты басқаратының шын болса, так сказать, аузыңа ие бол! — деді қысқасынан.

— Һай, туысыңа болайын!... Тусаң, осылай ту! — деп шалдар Кәдірбаевқа қайран болды.

Содан былайғы сөз сыбырдың аз-ақ алдында айтылды. Терезе біткен іштен қымтаулы болды. Есіктің іші-сыртында кісі тұрды. Үйді орала жайылған жұрт ысырылып ортаға жақындап, Кәдірбаевтың маңына жиналды: Қонақ құрметінде жүрген Құрмаш, сыбыр сөздің әрбір үзіндісін есітіп, көшесіне қанып, арасын оймен жалғастырып, тұтастырып отырды.

— Илаһи, әмин!— деді Өстемір әзірет қол көтеріп. Самсаған саусақтың ішінде Кәдірбаевтың да қолы бар еді...

Толқынай түн ішінде қайтамын деп әлек салып, Қайдар шарасыздан ат жеккізді. Толқынайдан қалудың лайығы болмай Әлішер де қалаға қайтты. «Ұлы тойға бергісіз болады» деген қонақтың аяғы көңілсіз тарағандай боп, жұрт төсегіне жатты...

...Таң сыз беріп келе жатқан кезде, сиыр қораның ығында киім бүркеніп, қалтырана түсіп екі кісі сөйлесіп отыр еді. Мұның бірі баяғы көшіріміз Жақып та, екіншісі — осы үйде түн бойы қонақ күтісіп жүрген Құрмаш еді.

— Бар әңгімелері осы. Ұмытып қалмайсың ғой?.. Осыны түгел жеткізсең болды, — деді Құрмаш қалтыранып.

— Мұны ұмытып мені не қара басыпты? — деп шіміркене сөйлеп, Жақып орнынан тұрды.

Көкжиегі сызат алып белдеуленіп, минут сайын бұлдыр сәуле қараңғылықты жеңгендей боп, аспан ортасында тақияға таққан күміс теңгедей жылтыраған ай, аздан кейін жүзі солғын тартып, күншығыстан шапақтың нұры шашырағанда, қанталаған көздей боп келбетінен айырылды...

ЕСКЕ ТҮСКЕН ӨМІР

Азамат пен Медеу арада үш қонып Жетікөл қаласына келіп жетті. Бұл — Ошағанды өзенінің иіріліміне дөңгеленте салған кішкене ғана қала болып шықты. Тойған қозыдай боп томпиып анадайдан алдымен көзге түсетін — көк күмбезді шіркеуі, құлағы едірейген жел диірмендері. Қаланың орта шенінде жүнделген түйедей боп, жапырағынан айырылып арсиған сирек ағаш. Бірен-саран төбесін сырлаған үйлер... бірінші көргенде көз тоқтарлық осыдан басқа көрініс жоқ секілденеді. Бірақ ішін аралап, үңіле қарасаң, Жетікөлдің суреті, қалың қардың астынан басын қылтитқандай боп, біртіндеп алдыңнан өтіп жатады: мектеп, кеңсе, клуб, ондағы қайнаған өмір, істеліп жатқан жұмыстар. Күпісінің етегі делеңдеп, үлкен етігі күрпілдеп, әр кеңсеге бір барып жүрген ел қазақтары.

— Уа, Самалықпысың? Жұмысың бітті ме?

— Бітпегенмен жақын, «ертең кел» деді ғой...

Азаматтар түсетін нөмір іздеп, сыртын сырлаған ақ балшықты — қотыр кісінің бетіндей боп қожалақтанған ақ үйге аттың басын тіреді.

— Дұрыс, peтi келеді-ақ... әй, нөмір бастығы қайсысың? Азамат Азаматыч дейтін жігіт келді, ең әдемі нөміріңді дайында, — деп көк тұқыл шалды алдына салып бүкшеңдетіп Медеу жүр.

— Ең тәуір бөлмеміз осы, пожалуйста, — деді шал.

Кішкене ғана бөлме. Аласа. Алақандай сығырайған жалғыз терезесі албардың ішіне қарайды. Есігі шала жабылып, сырттан кірген суықпен ат қора құсап азынап тұр. Шал ағаш қолтықтап кіріп, темір пешті тұтатты, көкшіл түтін иіріліп, пештің аузынан кейін серпіні, үйдің ішін тұмандатты. Азамат түтінге қақалып пешпен әуреленіп отырғанда, Медеу нөмірдің ішін, нөмірдің маңайын түгел аралап, не бар, не жоғын біліп шолып шықты.

— Инеліктей қатқан бір-екі жас жігіт көрінеді, қызметкер болар. Қарны шермиген, мұрты салбыраған біреулер жүр, налоктен қашқан қала саудагерлері болар... Қызыл ерінді бірер қарындастар да көрінеді, артистка болды ма екен, сірә... Дұрыс, реті келеді-ақ...

Азамат үндемеді. Тамақтан кейін қаланың бірсыпыра жерін шолып шықпақшы болып Медеу көшеге шықты. Ел қазақтары жиі кездеседі. Ауылдағы сияқтанып әр қақпаның түбінде топтанып тұрғандары. Әңгімелеріне құлақ салсаң, біреулері саудамен жүр; біреулері даумен жүр; біреулері— топтап малын айдап кеп, соны қалай толық бәсіне сатудың шарасын қарастырып жүр, ауылдағы кооператив өкілдері, қарыз серіктігінің есепшілері де ұшырайды. Бәрінің соңында да топ-топ кісі, сөздерінің көбі сыбыр...

Бір қақпаның түбінде шоғырланған жұрт. Сыпа киінген жер ортасы кісі, түксиген мұрты аузын жауып, сөзді ескектете соғып, маңындағы жұртты ұйытып отырған секілді. Тықыр құлақшынды бала жігіт, шолақ қара тонды қынай буынып, жұрттан бөлек далаға қарап тұр. Медеу бұлардың тұсынан өтіп бара жатып кідірді.

Көз байланып, қара көлеңке тартқан кез. Әр үйдің терезелерінен жылтырап шам сәулесі көрініп, ақ орамалды кент әйелдері терезе жабуға шықты.

— ... Айдабол ауылнай неше жерден коммунист болса да; Қасқырбайға тырнағын батыра алмас. Көрерсіңдер: осы қыстың ішінде Қасқырбай малдан тазарып шығады. Базарға әр айдаған сайын жүзден, екі жүзден түсіріп отыр... Ойының келмесін... Айдабол сонда несін алады Қасқырбайдың? — деді түксиген мұртты кісі.

Медеу елеңдеп, жеке тұрған жас жігітке келді.

— Әй, мынау Нұржігіт пе?

— Taп өзі.

— Әй, сен осы Қайырлаптың баласы емессің бе?

— Ия...

Медеу мұны жанына ертіп, қаланың бірсыпыра жерін қыдырды.

— Зидаш кемпір болған шығар, ә?

— Кемпір болды ғой, — деді бала жігіт күрсініп...

Медеу тағы жолығыспақшы болып, баламен қош айтысты. Темір пешке ағашты өртей жағып, Азамат от қызуына мазданып, беті албырап, кітап оқуға кірісіпті.

— Ал, тағы не көрдің? — деді Медеуге бұрылып.

— Қызықтың үлкенін осы жолы көрдім.

— Айтшы?

Азаматпен қатарласа отырып, Медеу отқа жылынды. Басындағы тері құлақшынды кереуеттің үстіне ырғытты. От сәулесі бетінде ойнап, аймалап сүйіп, Медеу әлгіден көрі қызара түскен секілденді.

— Бұқа іздеймін деп тойға кездескендей, қаланы қыдырам деп балама кездестім, — деді Медеу күрсініп.

— Қайдағы балаң?

— Қайдағы дерің бар ма... біздің бастан нелер өтпеді дейсің... «Қайырлап дейтін нағашымның қолында өстім» деп пе едім? Соның қолында жүретінмін ғой. О да бір сіңірі шыққан кедей. Кәсіп істемей, қымыз үшін көрінгенге бағынып, қауқылдап жүретін кісі еді. Әйелі өліп, қол бала ғып бір кедейдің жас қызын алған екен, болбыраған салақ кісі еді. Әйткенмен маған қожа: «Қағынғырлап» жұдырығын жұмсай келеді... сөйтіп жүргенде мелішпен сауда қылатын Жүсіп молда дейтін келді елге. Ауылдың сыртында ақ шатыр тігіп жатты. Бір-екі жәшік тауары бар. Жұрт терісін сүйреп, қаптаған жүнін әкеп, айна-тарақ, жіп-шу алып қарық болып жатыр... осы Жүсіп молдамен келісіп, нағашым мені соның қолына берді. Не алғанын қайдан білейін. Бала күнім. Жүсіп молдаға қайтсем жағам деп аяқтың ұшынан басам: атын суғарам, су әкелем, шай қайнатам, тезек терем, түнге қарай арбаның үстінде отырып күзетіп шығам.

Жүсіп молда дейтін — делдиген мұртты, шүңірек көз, екі бетінен қаны шыққан денелі кісі. Екі білегі саусағының арасына шейін қаптаған жүн. Жасы сол кездің өзінде қырықтан асқан болар. Күле сөйлейтін кісі. Маған тым қатал болған жоқ.

— Балам, қиянат қылушы болма. Қиянат қылмасаң адам қылып шығарамын, — дейді маған.

Көп елдерді араладық. Жүсіп молда бес аспап: келген аулына имам боп намаз оқып береді, ауруға дем салады, дәрі-дәрмек те береді. Өлгеніне жаназа шығарады. Екі жәшік тауарды сатып жинаған жүн-жабағы, тері-терсегі әлденеше ылау болды; қалаға келіп кіргенде бүкіл елді көшіріп келген бе дерлік еді.

Жүсіп молданың үйі Қарасай қаласының күн шығыс жақ шетінде екен. Құлағалы тұрған молақ ағаш үй. Албар, қора, сарай дегеннен таза. Тау құдірет тұмсықтанған, инеліктей арық қара сұр әйелі бар екен. Жас, тілі ащы-ақ: «бітлі қырғыз» деп мені шандумен болады. Ұзамай оның да бабын таптым: «Гүлнұр апалап» жағынып, аузынан шыққанын екі етпей тұрған соң, о да ұрсуын сиретті. Қала өміріне үйрендім. Жүсіп молда елге шықпайтын болды, үр жаңа ағаштан үй салып, үй жанынан дүкен ашты. Ел бұйымын өзі әкеліп беретін болды.

Жүсіп молданы танымайтын қазақ сирек, бірі келіп, бірі кетіп жатқаны... Үш-төрт жылдың ішінде Жүсіп молда мүлдем кеңіп, қаланың ортасынан дүкен ашты. Қызметкерлерін көбейтті. Мен әлі үй түйтігіндемін: атпен су тасимын, ағаш жарамын, қорасын сыпырамын. Таң біліне ат жегіп, Жүсіп молданы дүкеніне апарып, кешке алып қайтамын. Маған баласындай сенді: бес жыл жүргенде бір қиянатымды көрмеді... Жігіт болып келем. Гүлнұр апамен әзілдесіп те қоям.

— Шоқынғыр қырғыз, тілің шығып келе ме?! — дейді ол күліп.

Андрей дейтін баспахана жұмысшысы осы Жүсіптің астыңғы үйін пәтерге алды. Жалғыз ғана терезесі бар, қараңғы подвал. Андрей таңмен кетіп, кешке бір-ақ қайтады. Агафия дейтін аурумен жүдеген әйелі бар, күн ұзаққа кір жуып, кәсіп істейді. Аурудан тұрғандай сарғайып, ілбиіп жүрген кішкене баласы бар. Тұрмыстарын көріп аяймын. Агафияға су тасып беремін, кірін жайысамын, балаларын ойнатам. Бір жаққа кетерінде Агафия үйін маған тапсырады. Андрей салмақты, сөзшең жігіт. Сөзінің көбіне түсінбеймін.

— Сені оқыту керек. Оқымай болмайды, — дейді ол. — Агафия, Медеуді қалай оқытар екеміз?— деп әйелімен ақылдасады.

— Лизаға айтсайшы, сол оқытсын...

Бізден бір көше төмен тұратын Павел дейтін жұмысшы бар еді. Лиза соның оқып жүрген жас қызы, Андрейдің тапсыруымен ол мені оқытуға кірісті.

— Бір жылдың ішінде мына деген адам қылып шығарамын!— деді ол күліп...

Әріпті жаңа танып келе жатқанымда, бұл екі үй бірден бақытсыздыққа ұшырады. Андрей пен Павел бір жиылыста отырған жерінде ұсталып, түрмеге жабылды. Павелдің үйін тінткенде, менің оқып жүрген кітабыма кездесіпті ғой. Мен оның сыртына «Медеу Күркебаев» деп шатпақтап жазған болатынмын ғой. Тінтушілер менің кітабымды да алып кетіпті...

Бұл екі үйдің іші қала тұрмысына төзе алмай поселкеге көшті. Лиза баспаханаға кірді. Маған жазу танытып, өзімен бірге баспаханаға алдырмақ. Гүлнұр апаның шағымымен Жүсіп молда сезік алып, мені үйінен аттап басып шықпайтын қылып қойды...

Жаз ортасында Қарасайдың базары қызды, ел адамы лек-лек боп қалаға ағылды. Жүсіп молданы дүкеніне әкеліп, қайтып бара жатсам, біреу дауыстайды:

— Әй, сен Медеу емессің бе? — деп.

— Ие, Медеумін, сен кімсің?

— Антұрған-ау, танымағаның ба, мен Қасыммын ғой, — деді ол...

Нағашымның үйінде жүргенде Қасым дейтін баламен көп ойнайтынмын, шешесінен жасырып ол маған тамақ тасушы еді. Кәзір солақпандай жігіт болыпты. Нұржігіт дейтін пысықтары бар еді, ауылнай екен, бұл соның көшірі... ел жайын айтып қызықтырады:

— Қызықтың бәрі ауылда. Баяғы бірге ойнап өскен қыздардың біразы ұзатылды. Бой жетіп отырғандары да бар. Сауық-сайран, ойын... таста қаланы, елге қайт,— дейді ол маған.

Ел бар ма менде?.. Дегенмен барғым да келді. «Қалада жүргенде не бітірдім әлі?» деймін ойланып. Бір тиын ақы жоқ... Жүсіп молда шатынап, ақырында «барып қайт» деп қана босатты. Әлімқожа дейтін саудагердің малын айдасып, Ащыөзек бойындағы елден келіп шықтым. Бұл елді он жылдан кейін көргенім ғой... Тойға тіккендей қатарласқан қалың ауыл. Діңдей-діңдей ақ үйлер. Сұрастырып жүріп Қайырлаптың үйін таптым: қиқайған, қырық жамаулы қараша үй. Бір-екі мес қарын бала жер ошақ басында күлмен ойнап отыр. Дүрдиген ерін қара қатын, жаулығының жыртығына қолын тығып қасынып, шашылған аяқ-табақтың ортасында аяғын көсіліп отыр екен, маған бажырая қарады. Бұл — Қайырлаптың әйелі Зидаш еді. Көрістік. Таныды. Менің келгеніме ерекше қуанған да жоқ, бұрқылдап ашуланған да жоқ, бір құлағы сынық ескі самаурынды тысқа сүйреп шығып, шай қойып жатыр. Қайырлаптың жақыны Қалабай шал келіп амандасты. Жұман дейтін көлбақадай тырбиған біреу менің келгенімді қошуақ алып:

— Ой, жақсы келдің-ау, өзіміз де шақыртқалы отыр едік,— дейді.

«Шақыртып қайтпекші екен?» — деп мен таңданам... Артынан білдім бұл Зидаштың ағасы екен.

Көлеңкеге әйелдер жиналып, сөзді сыбырдан бастайды.

— Жетімдерді құдай өлтірсін бе, мынау тұрғанда енді жетімдік көрмес қой, — деседі.

Сол күні іңірде Қалабай мен Жұман Сейтжан молданы ертіп келді. Кексе әйелдер, бірен-саран кемпірлер жиналды. Күбір-күбір сөз. Қалабай шал тақпақтап сөз бастады.

— «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деп, Қайырлаптың жанашыр жақыны сен ең. Жеңгең екі жылдан бері жесір отыр еді. Құдай бұйрығы... батамызды беріп саған қоса келдік, — деді қысқасынан.

Аң-таңмын. Маңдайымнан тер шұбырды. Не деймін бәтір-ау?..

— Кәне, молдеке, жастар той істеймін десе, кейін көре жатармыз, қиып бере қойыңыз некесін, — деп Жұман киіп кетті.

Жұманды бірінші көргеннен-ақ қаным сүймеп еді. «Менен қулық асыратын кім бар» дейтін кісінің түрі. Саудаға салуды көтерсе, шыны осы қарындасын сатудан беті шылп етпес еді-ау...

Сейтжан молда шарт жүгініп, қалтасынан құтпаны суырды. Бір әйел жамаулы қара кесеге суды шүпілдете толтырып, шала мүжілген шақпақ қантты қалтасынан алып, суға салды да, шайқалдырып молданың алдына қойды. Сейтжан молда салдырлатып құтпа оқыды... Екінді мен ақшам арасында Зидаш екеуміз некелі болдық, онда да үн жоқ, менде де үн жоқ...

Екі-үш күннен кейін ауыл іші шуға толды. Бұл 16 жылғы июнь жарлығы еді. Нұржігіт ауылнай шекесінен қарап, майданға баратындардың тізбесін жасады. Соның жуан ортасына мен ілігіппін.

— Мен сіздердің тізбеңізде жоқпын ғой, мұныңыз қалай? — деп барып жолығып ем.

— Қалада жүріп заң үйреніп келдің бе... Көрсетермін заңды. Тырп етуші болма, барасың! — деді ол маған.

Мен Қалабай шалға жайымды айтып, сол күні түнде қалаға тарттым... одан кейінгі өмірді өзіңе айтып па едім? Сол жолы да осы елге келгем. Қалабай шал төрт-бес үй боп қыстауда екен. Жұман да сонда. Кәсіптері көлден балық аулау. Жұман маған бірсыпыра ұрысып, ақырында басылды. Өзі жылмаң, елдің әйгілі қуының бірі. Қатыны өліп біреудің жас қана қызын алыпты. Әйелі сұп-сұлу адам.

— Жүрген жерінде бәлшебек кездеспеді ме? Бәлемнің көзін жойсақ екен,— деді Жұман көпірініп.

— Бәлшебек не қылды саған? — деймін.

— Ұстап берсем, ақша алам, маған ақшасы керек,— деді ол.

— Құдай атсын сені! — дедім.

— Е, неге?

Екеуміз ілінісе беретін болдық.

— Сол итпен ырылдасып қайтесің, — деп Қалабай шал маған ақылын айтады. Мен көлге ау құрып, балық аулауға кірістім. Қалабай шал қайығын берді. Көл — қарауытқан қалың қамыс. Ортасында арал бар. Аралға апарып ау құрам деп жүріп, он шақты адамның үстінен шықтым: поселкені ақтар алғанда, содан ығысқан большевиктер екен. Он бес күндей оларды балықпен асырадым. Петр Чумаков дейтін осы күні кооперативке бастық. Со да бар еді іштерінде. Осы күні соны айтып күліп отырады ол...

Жұманның әйеліне қызыға түстім. Үйіне бара берем. Жас болғанмен зерек, менің сыңайымды байқаған адамдай:

— Келмесейші, өсектеп жүрер, — дейді әлгі әйел.

— Келмей қалай төзейін?— деймін.

Беті қызарып, көзін жоғары көтермейді.

Жұман жайлаудағы елден келгенде, көзі қызарып, екі иығын жұлып жегендей болып келеді. Бірер күн отырса, үйіне сыймайды. Оған сапырылып жатқан қымыз, қайнап жатқан ат керек. Сосын мыжып әйелінің мазасын алады.

— Өне бойы ұрысасың, ол сорлының жазығы не? — дедім мен бір күні.

— Сенің неге қимаң қышиды? — деп шақырая түсті. Екеуіміз ілінісіп, айтпаған сөзіміз қалмай, әлімізден келсе, бірімізді-біріміз аттырып-шаптыруға шейін баратын болдық: Менікі жай қызулық. Ол иттің ойында не барын кім біледі. Сол күні Жұман әйелін таяққа сілейтіп, ертеңіне жайлаудағы елге кетті... Бірер күннен кейін Нұржігіт ауылнай мені айдатып алып, ақтардың қолына тапсырды. Ондағы көргенімді, Рақым бажаңның, Жүністердің не істегенін өзіңе айтып ем ғой... Сол бетімде бір жыл жүрдім. Келер жылы күз милициямен келіп, Жұманның әйелін қолыма алдым. Нұржігіт пен Жұман қашып, қолға түспеді... менің осы күнгі әйелім сол әйел... сол кеткеннен бұл елді көрмей, Қарасайдан 20 шақырым жердегі «Қоңыр» деген ауылға сіңісіп кеттім... Баламды көрдім деп отырғаным— Зидаштың баласы, Қайырлаптан қалған бала ғой. Списокта менің атымда екен, өзі де «Медеудің баласымын» дейді екен...

Медеу осыны айтып, ойға шомғандай бірсыпыра отырды.

— Баланы көргенде қатты ұялдым. Кемтарлықты көп көріп өсіпті. Мен жүргенде Зидаш бір қыз тапқан, о да бой жетіп қалған білем... осы күнге шейін осыларды ескермегенім қызық-ау,— деді күрсініп. — Азамат, сен жәрдемдес, осы баланы оқуға кіргізейік.

— Болады, кіргізейік.

— Зидашқа барып амандасып, ондағы балаларды да осында орналастырсақ, ә?

— О да болады.

— Дұрыс, реті келеді-ақ...

ДҰРЫС, РЕТІ КЕЛЕДІ-АҚ

Жетікөл қаласына келгелі Азамат ұйқылы-ояу адамдай мең-зең болды да жүрді. Бір жағынан Мәриям ойынан шықпады: Азамат бір қызулықпен қашып шыққан адам құсап Мәриямға жөнін айтпастан кетті-ау, Мәриям мұны не деп ұғынар? Мәриям оқыған, жөн білетін адам, оған «қатын» деп қарап, оның еркін өзіне толық бағындырам деудің не жөні бар? Баста қосыларда Азаматтың «мен саған жолдасым деп қараймын» деген сөзі бар емес пе еді?.. Ячейка жиылысынан қайтқан түні Мәриямның бұған өкпелейтін жөні бар еді, ендеше. Азамат сол жұмысының жайын айтып, Мәриямнан ғапу сұрауы керек емес пе еді? Сол күнгі Шәймерденнің сөзі шымбайына батып, Азамат бұл міндетін өтемепті... ол ісі енді ойына түсті... оны айтасың-ау, Мәриям өз аяғымен мұның қасына келгенде де, Азамат бұрынғыдай еліріп сүйіп, арадағы кірбіңнің жойылуын ескермеді... тоқта, қалай еді? Мәриям есіктен кірді де шамды сөндіріп, Азаматтың кереуетіне келді. Азаматты аймалай жатты. Азамат жоқтан қырсығып, кекіреңдеп, бір илігуді білмеді. Мәриям күрсінген күйі бірсыпыра жатып, өз бөлмесіне кетті. Мәриямның кетіп бара жатқанын көріп, қатасын сонда ұғынғандай болып, Азамат қайта шақыруға да ойлады. Ойлағанмен шақырмады. Ойлаған нәрсесін табан жылжытпай істей қоятын Азамат па? Нендей жұмысқа кездессе де, екі оқтыланып тұратындығы бар-ау, ақырында келіп сол жұмысты істегенде, солай істейін деп бел буғандықтан емес, істей салады. Дұрыс-бұрысын артынан барып байқайды. Осы мінезі үшін өзін-өзі қатты сөгеді де. Шәймерденнің де бұған ыза болатыны, осы мінезі ғой:

«Адам емессің, сен табансызсың, сенде белгілі бағыт жоқ» — деп келеді-ау ол.

Жеке отырып өзіне-өзі жүгінсе, Азамат Шәймерденнің осы сөзін дұрысқа шығарады: «Адам емеспін, менен екі аяқты мал артық» дейді кейде өзіне. Ендеше өзін де алдап, жұртты да алдап, үкімет жұмысына араласып, қатарға кіріп, қызықты-тәтті өмір тілеуге қанша қақы бар? Ондай өмірдің бұған керегі не?

Бұл сияқты сұрау Азаматты өмірден алыстатпайды, қайта қызғылықты ғып тарта түседі. Өмірдің ең қызығын көруге басқадан гөрі де, өзінің қақы күштірек секілденеді. Мәриям дегендей боп кездесті-ау, бірақ осының ілік-шатысының дұрыс боп келіңкіремегені. Кедейден неге тумады екен Мәриям? «Жүндібай» атты кедей аз ба? Соның бірі болса ғой, дау-шар жоқ, Азамат Мәриямды бүйтіп ренжітпейді де, адам ойына келмеген қызық тұрмыспен екеуі уақыт оздырған болар еді-ау...

Жетікөл қаласына келгелі Азаматтың басынан шықпай жүрген ойлар осылар. Азаматтың ойынша Мәриям осы күні мықты қапаға түсіп, бәлкім төсектен бас көтермей жатуы да мүмкін.

Осы оймен бас уатып жүрген Азамат бір күні Рақым жездейден хат алды. Хатында ол жалпы амандықты айта келіп: «тым... тентексің-ау, бажа, тым болмаса Мәрияммен қоштасып, жөніңді айтып кетсең болмайтын ба еді?.. Мәриям бөлмесінен шықпайды, ешкіммен сөйлеспейді... ауырып кетпесе деп қорқам...» деп жазыпты. Азамат осы сөздерді шошынып оқып, не болғанын білместік күйге келді. Өзіне өзі кейіп, түтіп жегісі келген кісідей болады.

Бұл хатты әкелген жас бала жігіт Азаматтың ашуының себебіне түсіне алмай аң-таң боп бірсыпыра отырды.

— Ал, мен туралы не айтасыз? — деді әлгі жігіт күлімсіреп.

— Не айтушы едім?

— Рақым жазбады ма екен? Жазса керек еді ғой осы хатта.

Азамат хатқа қайта үңілді. Хаттың аяқ шенінде былай депті: «Мына бала Ержігіт Тұрлыбаев дейтін болады, танысып қой, ілік-шатысымыздың бірі, Қайдардың балдызы. Мұнда Кәдірбаевпен сөйлесіп, жер бөлімінде істеуге лайық жігіт деп ұйғарып саған жібердік: я бастығы, я орынбасары қылып белгілерсің. Өзің тым кешікпей қайт, Мәриямды жүдете берме...».

Азамат ойланып бірсыпыра тұрды.

— Жазған ба екен?

— Жазыпты.

— Дұрыс мен сол жігітпін. Губернеден де орын табылатын еді. Кәдірбаев болсын, Бұқабаев болсын — осында келуімді мақұлдасып, сонымен келіп қалдым... Хаттағы айтқанды, әрине, мақұлдайсыз ғой?

Азамат үндемеді. Азамат бұл жігітті ұмытып, Мәриям мәселесіне қайта көшіп еді. Мәриям нақ кәзіргі сағатта не күйде екен? Азаматқа кейігеннен, жанды бөлмесіне жолатпай, төсегінде сұлап жатыр ма екен? Әлде, Рақым жездей оны көңілдендірем деп дос-жарларын жинап, гармон тартып, өлең айтып, залды бастарына көтерісіп отыр ма екен?.. Бұл соңғысы қауіптірек-ау. Дос-жар болғанда, оның ішінде түнеугі «құда» болмағай да... Сол иттің өтірік күлкісі, сөзі, өзі. Азаматқа шаншудай тиіп, неше рет салып жібергісі де келіп отырды-ау сонда...

— Сонымен ойласа көресіз бе? Мен ертең келейін бе? — деді жігіт Азаматқа телміре қарап.

— Жақсы, жақсы, — деді Азамат бұдан тезірек құтылайын деген кісідей.

Келгеніне он шақты күннен асса да, Азамат әлі мардымды жұмыс істеген жоқ. Екі-үш күн қонаққа жүрумен өтті. Жер бөлімінде отырғандар Азаматты үлкен құрметпен қарсылады. Алексеев бұған он түрлі жұмысты тындырып қайт деп еді. Содан орындағаны біреу-ақ: «Шауыпкел» дейтін артель қаладан жиырма бес шақырым жерде екен, соны барып тексерді. Тексергенде не көрді: Артель бастығы Зұлқан дейтін саудагер болып шықты. Артель атына алынған машина-сайман, көлік, ақшаның кімнің қолында екенін білу қиын болды. Ауыл кедейлері мұндай артельдің құрылғандығынан хабарсыз болып шықты... Мұны зерттеп ашып жүрген Медеу болды. Зұлқанның елге істеген неше түрлі қиянаттарын көрсетіп, бір-екі кедейден арыз да түсті.

— Бұған қалай қарайсың? — деді Медеу Азаматқа қадалып.

— Артелін жауып, бастығын сотқа берем! — деді Азамат.

— Дұрыс, реті келеді-ақ... сүйтші...

Тап солай істермін деп Азамат бел буған жоқ еді, Медеуге осылай деп айтып қалды да, енді сонысын орындап шығатын болды. Зұлқан саудагер оған түсіне алмады. Бұл артельдің ашылғанына жылдан артық болған екен, содан бері екі-үш рет тексеруші келсе де, Зұлқанға қонақ боп, керекті мағлұматын сұрап жазып алып, жөніне кетеді екен. «Шауыпкел» артелі қағаз жүзінде бірінші боп саналып, губернияда болсын, уезде болсын қарыз ақша дегенің Зұлқанға ашық екен.

— Қап, бүйтеріңізді білмедім! — дей берді Зұлқан өкініп.

Зұлқанның сотқа берілгенін естіп шаруалардың бірсыпырасы қуанысты. Бірсыпырасы: «Зұлқанды сотталады деп отырсыңдар ма? Қалаға барса, құтылады деп келеді», деп, әзір қуанбай, артын бағатын болды. Зұлқан губернияға асты.

«Осы ісім қалай болды?» деп Азамат қалаға келген соң қанша ойланса да, я дұрыс, я бұрыс деп қорытындыға келе алмады.

Жер бөліміндегі бір жиылыста болып, түннің бірсыпырасы өткенде Азамат пәтеріне келгенде, Медеу шайды дайындатып, мұны күтіп отыр еді. Темір пештің қызуымен кішкене бөлме моншаша қызып тұр... Бестік шамның жарығын бір өзінен артылдырмай жазумен әуреленіп үстел басында Медеу отыр. Үй қара көлеңке. Көңілсіз. Бұрышта тұрған самаурын үйдің тыныштығын пайдаланып, дауысын созып сарнаған секілденеді. Көрші бөлмеде жатқан біреу өлең айтып, әннің аяғын:

«Сағындым, сәулем, қалқам-ай!..» деп бітіреді. Бөтен бөлмеде жатса да, Азаматтың ойын айтпай сезіп, осының көңілін көтеруге септесейін деген адам секілді-ау. Медеуде мұның бірі де жоқ. Мұның білетіні — кітапқа үңілу, арбаңдатып жазу, екі сөзінің бірінде байларды жеті атасынан қазып боқтау; жазып отырғанда бірер әріп ыңғайына көнбесе, Медеу оны да байға теңейді:

— Жармұқанның басы құсап кекірейіп, илікпеуін қарашы... Тоқта бәлем, көнбей кеткеніңді көрермін!.. — деп.

Осы қалаға келген әзірде Азамат пен Медеу жақсы сөйлесіп, аралары жақындаса бастаған секілді еді, бір-екі күннен бері біріне-бірі тағы салқын тартып жүр. Азаматтың ойынша бұған айыпты Медеу. Медеу сөзінің аяғын әкеп Мәриямға тірейді:

— Әй, шын сүйесің бе соны? Сол перінің адам сүйгендей не сиқы бар осы?.. — дейді Медеу.

«Надан ғой, хайуан есепті ғой, Мәриямның жүрегін бұлар сезе алар ма?!» — деп ойлайды Азамат.

Медеу өшіге түскендей:

— Әй, сен Жақыппен сөйлесіп көрдің бе? Сонымен бір сөйлесші, содан кейін Мәриямды қалай сүйер екенсің байқайын, дейді сықақ қылғандай күлімсіреп.

Азаматтың қабағы қатпарланып, аузы бұртия түседі.

Азамат кірген ыңғайында дел-сал боп бірсыпыра тұрды да, кереуетіне бұрылды. Қирауға қолы тимей тұрған ескі кереует шақырлап үйді басына көтерді. Медеу шошынған адамдай, барлық денесімен бұрылды. Азаматқа қарады. Азаматтың астындағы кереуетке қарады, одан тағы Азаматқа қадалды.

— Ғашықтық деген қиын болады екен-ay, ә?

— Медеу! Осы мысқылыңды қоямысың?

— Рас, рас, қиын, біз түсінбейміз ғой... Шәй ішіп жіберейік, ә? Бәлкім шәймен көміп, тұншықтыруға болар... сүйтейік, ә?.. Дұрыс, реті келеді-ақ...

Азамат ыза кернегендіктен шыдай алмай күлді.

— Нені тұншықтырмақсың?

— Әлгі «ғашықтықты» айтам-ау... — Түн бойына Медеу Азаматты ызаландырумен болды. Жайшылықта Медеудің бұл сөздеріне, бәлкім, ызаланбаған болар ма еді? Бүгін сөзінің бәрі тікенше қадалды да отырды.

— Сонымен, Мәриямды сағынып жатырсың-ау, ә?.. Пай-пай шіркін, әйелдің сырттаны ғой... Тап осы күні қасында кім отыр екен, ә? — деді, Медеу ұйықтап бара жатып есінеп, — дұрыс, саған реті келеді-ақ...

Азаматтың тұла бойы шымырлаған сияқтанды: айтты-айтпады, бұл мұнда жатыр. Ақ үйдің бір жағындағы үш-төрт сырлы бөлмеге жалғыз ие болып Мәриям онда жатыр. Түн іші... Не істеймін десе де кедергі болып жатқан кім бар? Сол үйде Азаматқа бүйрегі бұрып, мұның арын арлағандай кісі бар ма, сірә? Азамат ауыр күрсініп екінші жамбасына аунап жатты. Медеу қатты бір қорылдап, тұншығып кеткендей жастықтан басын көтерді:

— Азаматпысың? Ұйықтай алмай жатырмысың? Ғашықтық деген осылай болады екен-ау, ә?.. Ол дұрыс... реті келеді-ақ...

Сөзінің аяғын бітірмей Медеу тағы ұйықтады. Осы Медеудікі не? Ояудағысы былай тұрсын, ұйықтап жатып та айтатын болды ма енді? Осыныкі мазақ па, әлде шыны ма? Шын мен мазақты айыра алмайтын да ауруы бар-ау Азаматтың.

Жоқ, ол қата. Шын мен мазақты айыра алмайтын Азамат дорақ емес. Азамат бәрін де біледі. Не істесе де біліп істеп жүр. Мәриямды да біле-көре алды. Мәриямды өзінше шын ұнатып алды. Мәриямның ілік-шатысы тегісінен табы жат адамдар болса, олармен бір топта жүру Азамат сияқты кеңес мектебінде тәрбие алған коммуниске лайық па?.. Лайық емесін Азамат баста-ақ сезген. Бірақ айныған жоқ. Айнуға себеп те тапқан жоқ. Қазақ баласын жат көрді деген не? Бай болса қайтеді? Байды құдай жаратпап па?.. Ау, осы Медеу неге әкіреңдейді? Осыншама басынып, е тіпті... Кімді мазақ қылады бұл? Өз қолы жетпеген соң Азаматты күндеп істеп жүргенін көрдің бе мұның? Күншілдігі қашан қалар екен адам баласының... Е, осыншама кейітіп, бір емес, екі емес, айта береді, айта береді... Азаматтың әлі осыдан қаймыққан адам секілденіп, осынша басындырып жібергені не? Ит терісін басына қаптап бұл Медеуді неге сөкпейді, ә ?.. Апырым-ау, түнеугіден бері осыны сезбей жүргені... Тоқта, енді үнін шығарып көрсін Медеу...

Азамат қараңғы үй ішінде, өзінен-өзі құшырланып, жұдырығын түйе түсті. Маңдайы тершіді. Тынысы тарылғандай боп үстіндегі көрпесін серпіп тастаймын дегенде, қолы барып Медеуге тиді.

— Азаматпысың? Немене, ғашық жар түсіңе кіріп жатыр ма? — дейді Медеу есінеп.

Азамат Медеуді салып жібере жаздап, өзін-өзі ұстап қалды. Тағы ойға шомды: біресе ызаланып терісіне сыймай ісініп, біресе ашуы тарқай түскендей боп, өзінен-өзі шатасты да жатты. Толып жатқан ойдың ұшығына шыға алмай, Азамат ұйқыға шомды. Ұйықтап та жарымады. Түн бойына жаман түстер көріп, шошып оянумен болды. Ұйқыдан тұрғанда көзі кіртиіп, мең-зең боп, бойын көтере алмады. Шәй үстінде, түлкі ішігінің жағасын жайнатып, қырықпа сақал, семізше қара кісі, Азаматты іздеп тапқанға қуанған адамдай қолын ала жүгірді:

— Е, күйеу, аман-сау бармысың? — деді ол жымыңдап.

— Қай қызыңды беріп ең бұған? — деді Медеу әлгі кісіге ала көзімен қарап.

— Шырағым, сен айдаған атыңды білсең қайтеді?

— Осы сен, Әлімқожа саудагер емессің бе-ау?

— Е, болса ше?

— Дұрыс, енді ретке келді-ақ.

Әлімқожа қабағын түкситіп, Медеуді бастан-аяқ сүзе бір қарап шықты, сүйтті де ішкі пальтоның түймесін ағытып, қалтасынан хат шығарып Азаматқа ұсынды:

— Рақымның хаты еді...

Азамат шай ішіп отырып, хаттың конвертіне бірсыпыра қадалумен отырды. Тап осы кезде Азаматтың не ойлап отырғанын білу қиын еді. Шайдан кейін асықпай хатты оқуға кірісті. Медеу одырая қарап, хатқа үңіле түсті. Хаттың бас жағында бірсыпыра амандық айтылып келіп... «Мәриям, шүкір, жақсы, түзеліп келеді» депті. Ау, ауырып па еді ол? Қашан? Хаттың бұдан кейінгісі тапсырыс екен... «Мына Әлімқожа дейтін біздің жақын кісіміз болады. Осы кісінің бір өтініші бар, өз аузымен айтар, орындап жіберерсің...» Сонысынғы бір жұмыс — ауылда Ақбілек дейтін енең жатыр-ау. Сені көрсем деп ынтығып, үсті-үстіне адам жіберіп, сәлем айтумен жатыр... Соған бара қайт. Жетікөлден 180 шақырым шамасында, «Қара ит өлген» дейтін көлдің басын қыстайды... Соңғы кезде ауылнай дей ме-ау, милициясы дей ме-ау, малыңды санаймын деп кемпірді қорқытып, зәресін алып тұрған көрінеді. Жесір кемпір деп басынбақшы шығар. Сен төбеңді көрсетіп қайтсаң, ондайлар бет-бетіне тозады ғой... сосынғы бір тапсыратыным...»

Азамат хаттың екінші бетін аударайын деп еді, Медеу ұстай алды:

— Ай, тоқта, мен оқып бітіргем жоқ.

Хат Медеудің қолына түсті. Хат әкелген кісі тіксіне қарады. Азамат үндемей терезеге қарап отыра берді. Хаттың бас жағын оқығанмен, сонда айтылған сөздің ешқайсысын толық ұғына алған жоқ еді, үйткені ұйқыдан тұрғалы жынынан айырылған бақсыдай боп, не екенін, не ғып отырғанын өзі де түсіне алмай отыр еді.

— Ал күйеу, далаға шығып сөйлессек қайтеді? — деді де Әлімқожа орнынан қозғала түсті.

— Не туралы?

— Өзіңізге айтам ғой.

— Айтпаңыз, бәрібір орындай алмаймын.

— Ау, күйеу-ау...

Әлімқожа қызараңдап, апалақтады.

— Әлімқожа, маған айтсаң қайтеді, бәлкім, менің қолымнан келер, — дейді Медеу күліп.

— Шатаспай отырсаң деймін, шырағым.

— Тап осыны қата айтып отырған жоқсың ба, ә?...

Әлімқожа қынжылып, қызара түсіп, бірсыпыра отырды.

— Ау, күйеу, бұл қалай болды? — Азамат мелшиіп, Әлімқожаның барлығын ұмытқан адам секілденіп, терезеге қарап телміріп отырды да қойды. Керек десе хаттың аяқ жағын да оқымады.

Үр жаңа пальтоның қаракөл жағасын сипай түсіп, сақтиян портфельді қолтығына қысып, Ержігіт Тұрлыбаев келіп кіреді.

— Уай, сен соғылған қайдан жүрсің? Тірі екенсің ғой әлі, — деді Медеу оны көргенде.

Ержігіттің жүзі құбылыңқырап, Медеудің сөзін елемеген адам секілденіп, Азаматпен қол ұстасып көрісті:

— Ал, Азамат жолдас, кешегі айтуыңызбен келдік.

— Тоқта, сен өзің қайдан келіп жүрсің, соныңды айтшы? — деп Медеу оған шап ете түсті.

— Неге айтам саған?

— Ә... айтпайсың ба?.. Айтпағаныңды көрейік. Азамат! Түнеу күні бір әңгіме айтып ем-ау, есіңде бар ма? Соның ішінде Нұржігіт Тұрлыбаев дегенді айтып па ем? Міне, мынау соның інісі!

Медеу қолымен шұқып көрсеткенде, Ержігіт етіне ине тыққандай түршікті.

— Ержігіт! Осы екеуінің қайсысы қожа? — деді Әлімқожа кекете күліп.

— Шорт знает, мұны білгенде келмейтін ем мұнда!..

Азаматтан жауап алу қиынға соғып, бұл екеуі тысқа шықты.

— Әлеке, бұған қалай түсінеміз?

— Мен бұған түсіндім, — деді Әлімқожа тақыр иегін тырналай түсіп. — Қайдардың үйіндегі қонақ оқиғасын қаймағын бұзбай біреу бұған жеткізген болды. Қаланың өзіне де сол әңгіме тым тарап кеткен тәрізді еді... Бұл соның өшін алу.

— Ол олай болсын, ал, жаңағы собалың кім? Маған неге түйлікті сол!?

— Соныңды мен де білмедім. Менімен де біраз шайқасып алды... Оңашада қолға түссе, ыңғайға алып қарар ем өзін...

Азаматты кеңсесінен тоспақ боп бұл екеуі сонда қарап беттеді. Азамат манағы күйімен әлі отыр еді.

— Медеу! — деді бір кезде Азамат ұйқысын ашқандай, — ат жек, Қараүңгірдегі артельді тексеріп қайтамыз.

— Дұрыс, реті келеді-ақ, — деп Медеу үйден шықты...

ШЕШУСІЗ ЖҰМБАҚ

Жақып дейтін төртпақ келген, тышқан көз, қара сұр жігіт. Бұл — Қайдардың үйіне қонаққа баратында Рақымдардың делбегесін ұстап барып еді-ау... Мұнан бері Жүндібай қажының талай асауымен алысып, көшірлікпен көзі шығып келеді. Рақымды білгендердің көбі осы Жақыпты да біледі. Білгенде мұны: «епті, пысық, сенімді, ыңғайға көшкіш жылмаң» деп біледі. Осы сипаттардың Жақыпта бары да рас. Рақымға жаға білді. Рақым сияқтылардың талайына ұнады. Өмірі жайдарылық, мастық, сауықпен өтті. Қонақтан қалған тамақты, арақты Рақым бұдан аяған емес. Кейде араққа қызып алған кезде, Рақым мұны шақырып алып, өз қолынан да арақ беріп сыйлап жібереді. Жақып буланып еліріп, Түрген көшесінің бойын қыран жапқандай қылып жүретін кезі жиі болады... Бұл көптенгі әдет. Көшір болған жалғыз бұл емес. Бірақ, солардың көбі соңғы үш-төрт жылдың ішінде: біреулері оқуға кіріп, біреулері елге барып шаруашылық істеп, көшірліктен құтылып кетті. Жақып әлі таз қалпында. Кетемін десе, мұны ұстап тұрған кім бар?.. Бір-ақ жыл болды. Жақып еңбек бөліміне тіркеліп, союзға мүше болды. Тіркетіп жүрген де Рақым. Союздың жиылысына ылғи шақырылады. Бірақ Жақып барған емес. Маһира қалмастан барады. Барарында Жақыпты ылғи хабарландырады. Жақып оны тәлкекке айналдырады. Маһира кейіп, қайтып сөйлеспейтіндей болып кетеді. Екеуінің арасы ит пен мысықтай.

— Саған керегі арақ қой, мырзаның есігіне телмір, сарқытын шығарып берер, — дейді Маһира Жақыпты шымши сөйлеп.

Жақып қызараңдап, беті құбылып, Маһираға туралап қарай алмайды. Шынында ұят-ау, бірер жұтым арақ тиер ме екен деп есікті күзетіп жүргені. Мұнысын сездірмеймін дегенмен жасасып келе жатқан Маһира сезбей қалар ма...

— Оңбаған шақша бас, өз жөніңді біл, — дейді Жақып өшін жібермейін дегендей күңкілдеп.

Өткен жылы осы қалаға Медеу көшіп келді де, Жақыпты іздеп тапты:

— Сен ит, адам болмайды екенсің!.. — деді ол қысқасынан.

— Е, неге?

— Медеу сөзбен баспалатып, Жақыптың есін тандырды. Жақып қысылғаннан «түзелемін» деп Медеуге сертін берді. Медеудің айтқандарының ешбірін теріс дей алмады. Бірақ «түзелемін» деп берген серт шын көңілден айтылмап еді, алдап, жалтарып, әккіленіп қалғандығын істеп, Медеуді адастырып кетпекші еді. Медеу мұның осы ойын сезе қалғандай боп, Жақыпты бақылауды Маһираға тапсырды:

— Маһира, мынаны сен бақыла, өз аузынан уәдесін берді, — деді Медеу көзбе-көз.

— Түзелсе, көрейік, — деп Маһира Жақыпқа жылы жүзбен қарап күлімсіреді.

Әке сияқтанып, ақылын айтып, мұның қамын жеп Медеу тұр, туған қарындасындай, жан сүйер жарындай боп жылы жүзбен қарап Маһира тұр. Бұл көрініс Жақыпты ойландырмай қояр ма? «Тумам да жоқ, жақыным да жоқ, досым да жоқ, жарым да жоқ, құдай жалғыз, мен жалғыз» деп төсін ұратын Жақып еді. Мен адам болады екем-ау, бұдан басқа өмірге қолым жетеді екен-ау, — деген ой мұнда өмірде болған емес қой... Медеу келді де, бұл ойдың астын-үске шығарғандай боп, қатқан жүректі жібітіп, елеске есік ашты. Жақып ұзақ түндерді ұйықтамай өткізіп, ауыр күрсінетін болды.

— Маһира, союздың жиылысы қашан?

— Барасың ғой, ә?..

— Өзім ертіп барамын, — дейді Маһира күлімсіреп.

Жақып бұрынғыдай есікті күзетіп, арақ аңдуды сиретіп, түнге қарай уақытының көбін Медеудің үйінде өткізетін болды. Қонақ келген күндердің бірінде арақпен сыйламақшы боп Рақым іздегенде, Жақып үйден табылмады. Түн ортасында, таңға жақын кездерде кейбір қонақтарды ат жегіп үйлеріне тарату керек болғанда да Жақып табылмай қалатын болды.

— Ау, бұған не көрінді? Бұл өнерді қайдан шығарып жүр? — деп Рақым сезік алайын десе де, Жақыпқа әбден сенетіндігінен ондай сезікке орын қалмады.

Жақыптың сыртқы көрінісі әлі баяғы қалпында болғанмен, соңғы жылдың ішінде бұған едәуір өзгеріс кіріп еді, көзі ашыла бастап, өткендегі ойының бәрін қатаға шығарып, сол қатесін жөндеудің әрекетіне кіріскен адам секілді еді.

...Қайдардың үйінен қонақтан қайтқан күні Рақым да, Мәриям да өте көңілсіз көрінді. Мәриям ауырдым деп, киімін Маһираға шешкізіп, тамақ ішпестен төсегіне жатты.

— Бөлмеме адам кіргізбе, сұраушы болса, үйде жоқ де, — деп Мәриям Маһираға тапсырысты қайта-қайта береді.

Маһира мұның себебін Жақыптан сұрап білмекші болды, үйткені Мәриямдікі құр көңілсіздік, белгісіз ғана ауру емес еді, мұның бетінде, көзінің алдында тырнақ ізіндей таңбалардың ізі тұр еді.

Мәриямның бұл күйінен хабарсыз қара таяқтар сақылдаған аязда шляпа киіп, құлақтарын домбықтырып, жылтырақ бәтеңке аяқтарын қарып, бірінен соң бірі келіп есікті тақылдатып, мазаны алды. Маһираның кейігені сондай, күнде келе беретін көзілдірікті кер шабдар жігітке:

— Байғұстар-ай, енді келмесе, өлетін екесіңдер, — деді қысқасынан.

Жақып та көңілсізденіп қайтқан тәрізді еді, бірер оқиғаның болғанын сезіп, Маһира анығына қанғанша асықты. Кешкі асты әзірлеп беріп, ол Жақыпты бөлмесіне шақырды.

— Қане, менен сыр жасырмайтыныңды білейін, көрген-білгеніңді тегіс айтып берші, — деді Маһира күлімсіреп.

Жақып болған оқиғаны бұлжытпастан айтып шықты.

— Менің бір кейіген жерім — осы итті қатыным бар деп Азамат сеніп жүр-ау, мына масқараны сол сезе алса жарар еді, — деп Жақып күрсініп.

— Сезе алмаса, жаны шықсын, біреу зорлап қосып па оған.

— Жоқ. Сездіру керек оған. Азамат деген қымбат жігіт. Сөйлесуім, сыр алысуым аз, әйткенмен оның жүрегін мен сезем, ол — адалдықты сүйетін жігіт...

Маһира үндемей күлді де қойды. Бұдан кейін бірсыпыра күндер өтті. Мәриямның көңілсіздігі бірер күнге бармай жуылды. Қонақтар қайтадан қаптады. Маһира әлсін-әлі есік ашып, Мәриямның үйде барлығы «көңіл-қатарының» тыныштығы, жанында кімдер отырғандығы, қай бөлмеде отырғандығы туралы келген қонақтарға қысқа ғана түсінік беріп, әрқайсысын тиісті бөлмеге кіргізетін болды. Қонаққа барған күнгі оқиға туралы өсек-аяң Қарасай қаласын бірсыпыра шарласа да, баяғы хозяйка жеңгей сияқты аузының ебі бар жеңгейлердің бүркеуімен ол өсек өзінен-өзі бітіп, ұмытылып бара жатқан сияқтанды.

Сонымен Рақым жездей мен Мәриямның өмірі әдеттегі қалпымен ағуға кірісілді-ау деген кезде, аяқ астынан бір әңгіме көтерілді: Жетікөл уезіне жұмысқа жіберілген Ержігіт Тұрлыбаев қайтып оралды, Азаматқа жұмысы түсіп барған Әлімқожа Аширов салбырап ол келді. «Шауыпкел» дейтін артель ұйыстырдым деп үкімет ақшасын жеп жатқан Зұлқан қу сотқа тартылып, алақтап о да жетті... Бұл келгендер сұстана, үрейлене, дүниені қараң су алдыра келді.

— Мына Азаматыңа құдай күнімізді сала көрмесін! — десті олар безіреп.

Жетікөл уезіндегі сотқа тартылушылар, Қарасай қаласына шұбырушылар күн сайын жамала түсті. Шиқан бет, салбыр ұрт, түксиген мұрттың талайы алақтап Рақымды келіп тауып:

— Батыр, сен қанатыңа алмасаң, жанымыз қалмас-ақ!

Бұл не? Осыны істеп жүрген кәдімгі Азамат па! Мұны қырғи қылып салып отырған кім? Бастығы Кәдірбаев болып төрт көздері түгел отырғанда, мұны істеп отырған Азамат, жазатайым күн болса, «жаудан» қатаң тимейді деп кім айтар? Рақым мұны өзіне тірек, қолғабысшы, көмекші қылам деп ойлаған жоқ па еді? Азамат осы ойынан шығуға тиісті еді ғой? Ендеше, мұны не деп түсінуге болады?..

Әрі-бері талқылап келгенде, бастығы Рақым боп Азаматтың қатулану себебін түнеугі қонақ күнгі оқиғаның салдары деп білді. Ол оқиғаны Азаматқа жеткізушілікте, әрине, Қайша айыпталды. Сондықтан осыған жалғаса Қарасай қаласындағы қызыл ерін жеңгейлердің күнделікті ұсақ өсегінің арасына Қайшаның аты қосылды, Қайшаға тағылмаған өсек қалмады.

— Бетім-ай, бір өзі он байдан шығыпты дейді!

— Қарғадай басымен бе, бәтір-ау?

— Сен оны айтасың, мен мынадай қызығын есіттім...

Бет шымшып, аузы көпіргендердің ішіндегі ең қызуы хозяйка жеңгей еді, ол Мәриям алдында борышын толығымен өтеді, қонақ оқиғасын су сепкендей басып, өсектен басқа жұмысы болмай отырған қызметкерлердің әйелдеріне Қайшаны ермек қылып берді. Қарасай қаласының көпшілігі Қайшаға күле қарайтын секілденді.

Тап осы қарсаңға Азаматтың қайтып келе жатқан хабары естілді. Рақымның үйінде абыржу басталды. Мәриям өз бөлмесіне бекінді. Сыртқы есік мықтап жабылып, «қыдырмалардың» көбі ашқыза алмай, ашпау айыбын Маһираға жауып, Маһираны балағаттап қайтып жатты. Рақым ауыр ойға шомып, өз бөлмесі мен Мәриям бөлмесінің арасында теңселіп жүрумен болды. Мәриям аспалы айнаның алдында отырып, маңдай терісін аз-кем бүрістіре түйіп, оқтын-оқтын күрсінетін болды.

— Міне, осыны істерсің, білдің бе?! Саған тапсыратыным осы. Мұны орындап шықпасаң, үмітті ақтамағаның...

Рақым осыны айтқанда, Мәриям басымен ғана ишарат қып «мақұл» деген сөзді аңғартады.

Түннің бірсыпырасы өтті. Көше бойындағы өтіп жатқан шаналылар, тықылдап жүріп жатқан жаяулардың дыбысы басылды. Қала ұйқыда. Ұйықтамай жүрген Рақым. Кештен бері Мәриямның бөлмесіне он рет кірген шығар. Кірген сайын айтатыны бір сөз:

— Осыны істейсің, білдің бе...

Мәриямның басы тағы иіледі.

Рақым Мәриямның бөлмесінен шығып жүріп, Маһираға екі рет түйісіп қалды. Бұл түйісуде кісі сезіктенерліктей ешнәрсе болған жоқ. Маһира бөлмелерді жиыстырып, есіктерді жауып, күндегі әдетімен жүріп жатқан секілденді. Әйтсе де Рақым түксие қарап, Мәриям бөлмесінен соңғы рет шыққанында, Маһирадан бірсыпыраға шейін көзін айырмады. Маһира қысылып, ұялыс тапқан адамдай, өз бөлмесіне кіріп жоқ болды... Маһираның бөлмесі дегеніміз — қора жақ есіктен кіре берістегі сол жағындағы жалғыз терезелі кішкене бөлме. Пеш түбіндегі кереуетте ұзыннан сұлап Жақып жатыр. Ол әрі-бері ойланып жатады да, ыңылдап өлең айтады:

Ай қап жібер, шайқап жібер,

Қазақларның қамшысын

— Маһиражан, қашан бітеді жұмысың?

— Қайтейін деп ең?

— Сөйлесейін деп ем... Сөзім бар еді...

Жақып басын көтеріп, кереуеттің арқалығына сүйеніп, Маһираға қарап күлімсіреумен болды.

— Қашан бересің жауабын?.. Күтуім жеткен жоқ па?..

Жақыптың жүзі құбылып, жалынышты түске кіріп, қолы еріксіз қозғалғандай боп Маһираның қолын ұстайды. Екеуі де үнсіз. Бұл Жақыпта бұрын болмаған мінез-ау. Әйелге жайдары, әзілге шебер деген жігіт еді. Бұрын Маһира да арпыл-тұрпыл сөйлей беретін еді. Сол әдетінің кәзір бірі қалмаған секілді. Өмірінде бірінші көрген адам секілденіп, құрмет көрсетіп, бір ауыз сөзіне ынтыққан пішін көрсетіп отыр.

Мәриямның бөлмесінің есігі ашылып, жабылғандай боп, күбірлеген дауыс естілді. Маһира есікке ұмтылды.

— Маһира! Бір ғана сөзіңді айтшы!..

— Кәзір, кәзір... Асықпа...

Рақым жездей Мәриямның жанына келіп, иығына қолын салды.

— Маһираның көзінше аузыңа сақ бол! Бұрынғыдай оған сырыңды сездіруші болма, оған жұмыс тапсыруды тоқтат!..

Мәриям жездесіне шошынып қарады.

— Бәтір-ау, не боп барамыз?

— Не боп бара жатқаныңды кейін білерсің. Менің айтқанымды мүлтіксіз орындауыңды біл!..

Маһираның бөлмесі таң атқанша күбір сөз, күлкіден танбады.

— Медеуге ризамын, мені жолға салған Медеу! — деді Жақып шын тасып сөйлеп. — Сол ит тезірек келсе екен, қуанышымды бөлісер ем...

Ертеңіне Азамат қайтып оралды. Жақып Медеумен қуанышын бөлісті. Мәриям Азаматты төсекте жатып қарсы алды:

— Соншама кешігіп... Мен өлген соң келсең еді... — деді Мәриям төсекте жатқан күйі.

Мәриямның ажары қуқыл, көзі тікірейіп айнаның жанындағы ақ жағалы біреудің суретіне қадалумен болды.

— Барған жұмысымды бітіре алмай... Сонымен қайтқанымша осы болып...

Азамат осыны айтып айнаның түбіндегі үстелге отырды. Бет ажары сынық, сақал-мұрты көптен қырылмай бей-берекет өсіп, пішінін кетіріп тұрған сияқты. Не ойлап отыр екен кәзір. Қайдардың үйінде болған оқиға есіне түсіп, Мәриямды жұлып жегендей боп булығып отыр ма? Әлде, айдан артық жол жүріп, Мәриямды зарықтырдым деп ойлап, Мәриямның төсек тартып жату айыбын өзінен көріп өкініп отыр ма?..

Мәриям өткір қара көзді ойнақшытып Азаматқа қайта-қайта қадаса да, бұл терең сырдың тетігін тауып аша алмады. «Кісінің не ойлап отырғанын бір қарағанда білем» деп мақтанатын Мәриям тап осы жерде дағдарған секілденді. Азаматтың ішкі сыры былай тұрсын, өзі тұла бойымен тұрған бір жұмбақ-ау. «Ақкөңіл, алаңғасар, балаша алданады, көзінің алдындағыдан басқаны көрмейді» — деп ойлайтын Мәриям. Енді ше?..

Мәриям күрсінді.

— Әй бері келші... Не болды жазған?.. Аясаң қайтеді?..— деді Мәриям талықсып, дауысы зорға ғана шығып...

ҚОҢЫР АУЫЛЫ

...Қайдар деген біреуді Мәриямның жиені еді деп Азаматқа жоғарыда бір таныстырып, оның артынан сол үйде зор қонақ болғанын айтқамыз. Осы Қайдардың қыстауы — Қаражардың қабағында. Қаражардың қабағындағы сандақталып көрінген, кентше салған ағаш үй — Қайдардың үйі. Оның маңындағы қарағандаған, жапырайған он шақты үй— Қайдардың қоңсысы, малшы-малайының үйлері... Қаражардың сонау ылдиында шоғырланған бір қалың ауыл жатыр-ау, о да осы Қайдардың иек астындағы ауыл. Осы ауылды жалпағынан алсаң, өзіне тән малы бар адамды сирек көресің: бәрінің де малданып отырғаны Қайдардың малы. Басында сауынға деп Қайдардан бір сиыр алған үйде осы күні Қайдардың 15-20-дан сиыры бар. Тимейді, алмайды, сосын мал өсе береді. Айғыр үйірлеп, жылқы айдап, саба орнатып отырған үйлер де бар. Оныкі де өз малы екен деп ойлап жүрмеңдер, бәрі Қайдарға тиісті мал. Қайдардың қалың қара книжкасында осы малдың бәрі түс-түгіне шейін аталып тіркеулі. Анықтау үшін қара книжканы ашып қарайық: «18-бет, жыпылық Күдебай. 1910 жылы алған қара сиыр, 1917 жылы апрель — қара сиырдан ұрғашы қоңыр бұзау туды. 1918 жыл, март-қара сиырдан ұрғашы қызыл бұзау туды, май — қоңыр қашар бұқадан шықты... 1919 жылы, март қара сиыр еркек тарғыл бұзау тапты, қоңыр қашар қызыл ала ұрғашы бұзау тапты. 1925 жыл, ноябрь — қара сиырды алдырып соғымға сойдым...» Осылай тіркесіп кете береді.

Жаз болса осы ауылдың үсті қара-құрым мал болады. Бір үйден 15-20-дан мал өреді. Өздерінше «малшы» жалдайды. «Пәленшенің үйінің кезегі, түленшенің үйінің кезегі» — деп кезекке шейін белгілеседі. Сөздерінің мәтелі: «біздің қара сиыр, қоңыр сиыр» деп келеді. Жас балалары: «менің қасқа бұзауым бар, ала бұзауым бар» деп мақтанады. «Менікі» деген сөзді ауыздары айтса да, ар жағы сезіп тұрады. Әйткенмен де ерсі көріп жатқан ешкім жоқ, салпақтап жүре береді... Кемпір-шалдармен сөйлессең, бастарын изесіп қойып: «Құдай берген адам ғой, таршылығы жоқ, ағайынға дегенде аты да дайын, асы да дайын; осы ел жалпағынан соның малын өз малындай көріп-ақ малданып отыр ғой...» деседі. Осыны айтқанда түстеріне кейістік те кірмейді, ауыр күрсінбейді, әдет алған сөз, айта салады... Шыны бұл ел осыдан басқа өмір бар деп ойлаған емес. Қайдарсыз күн жоқ сияқты. Қайдар малын жиып алса, осы отырған қырық үй жалпағынан қырылатын сияқты...

... Бірақ, осы ауыл тегісінен осылай ойлайды деп кесіп айтсақ мықты қаталасар едік-ау. Бұл ауылда да ойлай білетіндер бар. «Осынымыз қалай?» деп көптің ойын қобалжытатындар да бар. Бірақ ондайларға серік аз. Ондайлардың өмір сүруі сирек...

Бұл ауылдағы бас көтергеннің бірі — Ыбырайым дейтін шал мен Жаппасбай дейтін пысықша. Оған тетелес, бір-екі жылдан бері, Қайдардың көтермелеуімен, Әлібай дейтін бала «ауылнай» болып жүр. Сосынғылары біркелкі — озып шығары жоқ. Жақанның қатыны Тұрсынкүл былтырғы делегат болғаннан бері ептеп ауызға ілінетінді шығарды. Бірақ, оны мақтау ниетімен емес, тәлкек үшін ғана ауызға алады ел...

Түс ауа берген кезде ауылдың ортасындағы омақаша үйілген шомның басына күржиіп біреу шықты. Үстіндегі ұзын сары тонына, басындағы ескі түлкі тымағына, аяғындағы көне қонышты резеңкесіне, тымақтың бауымен бүктеле байланған бозғыл ұзын сақалына қарап, Ыбырайым шал екен деп қоясың. Түлкі тымақ, резеңкені әлі жеткендіктен тиген екен деп ойламаңдар, тымақты да, резеңкені де өлген кісінің сүйегіне кіріп алған болатын... Әй, Қайдардың мінезі-ай... Баймын деп, қадірлімін деп, елді аузыма қараттым деп еш уақытта тасқан емес-ау. Тасу қайда, жоғары көтерілген сайын кішіпейілдене береді. Ел ішінде бірер әңгіме болса, көбін Ыбырайым шалға сілтейді: «Сол кісіге барсаңыздаршы, сол кісінің айтқаны болсын!» дейді. Бірер жерде той-томалақ болса, мүше Ыбырайым шалдың алдынан тарқайды; ел ішінде «телі-тентек» білінсе, Қайдар Ыбырайымды үйіне шақыртып алады. Қонақ қылып сыйлайды да:

— Ыбеке, осылай екен, сіз ұрсып қойдырғаныңыз жөн! - дейді.

Сосын Ыбырайым айқайды салса, жұрт жым болады... Ыбырайым шалдан осы ауылың жаман қорқады. Анау ауылнай болып жүрген Әлібайың осы шалдың алақанында. Бірер жұмыстың реті келсе, Ыбырайым Жаппасбайды шақырады. Екеуі кеңесіп алады да, Әлібайға осылай істерсің деп «нұсқау» береді. Әлібай «ауылнайыңның» жұмысы солай орындалады...

Ыбырайым шал шомның басына шыққанда, наурыз ішінің ашық күні өткір нұрын төге бастаған кезі еді. Ауыл өмірі екінші дүниеге бел алған тәрізді. Қыс күні қорадан шықпайтын мал шуақтап ауылдың қотанында өріп жүр, бүрсеңдеп үйден шыға алмайтын киімсіз балалар, жыртық етігін сумен малшып, ана бір қары кеткен алаңқыда асыр салып топай ойнап жатыр. Бала не деген көп? Алғашқы кезде 4-5 қана баланың басы қылтиып еді, тұс-тұсынан андап, ә дегенше 30-40-қа жетті. Алты айғы қыс үйден аттап баспаған балалар ғой; қайтсін, киімі жоқ. Осындайды ойлағанда кейде Ыбырайым шалдың кедейлікке кеийтіні де бар. Бірақ кедей болғанмен де, өзінің «мәртебесі» есіне түскенде «бай болғандар не бітіріп жатыр әлі, мал деген не?.. Әңгіме бақытта...» деп өзін жұбатып та қоятын.

Ыбырайым шап «қол астындағы» еліне түгел көз жіберіп қарады. Жалғыз «билік» қана емес, шаруашылығы да бар кісі. Осы отырған ауылға ақылын айтып отырады. Біреудің малы жүдеуге айналса, біреу малын күтуге салақ қарай бастаса, Ыбырайым шал оны шақырып алып, жер-жебіріне жетіп ұрысады. Тілі қандай ащы, тыңдаған адамның етінен өтіп, сүйегіне жетеді. Ауыл адамдары ондай сөзін есіткенде, бірсыпырасы: «Қайтсын, қария адам, ақылын айтқаны жөн-ақ, адам бол деп ұрысады ғой әйтеуір» деседі; енді бірсыпырасы, бұл енді көбіне жастар жағы: «алжыған қақпас!.. Сен өлгенде, Қайдардың малын молаңа бірге көмерміз» — деседі. Осыны айтушының ішінде Арыстан да бар. «Ой, осы Арыстан деген бала!» деп Ыбырайым шал кейде кіжінгенде, қабағы қарс жабылады... жабылғанмен қайтсын: Арыстан өзінің жақын ағайының баласы: оның үстіне әкесі жасында өлген жетім бала; Қаныш деген ана бір қара қатынды көрдің бе, адамның қасқыры ғой. Байы өлген соң еркелеп жұрттың көбін аяққа басып алды. Ыбырайымдарды байы тірісінде «қайнаға» деп сызылып сәлем қылып тұрушы еді, байы өлген соң «Ыбырайым шал» деп атын да атайтынды шығарды... «Мен жетіммін, жесірмін, шөбім шабусыз, малым қараусыз; елге айтып істетіп бер» деп Ыбырайым шалға зығыр егіп жүрген кезі де болды. Бері келген соң жастардың өзі бұл қара қатынды шешесіндей жақсы көрісіп кетісті: «Қаныш жеңгей», «Қаныш шеше» деп тұрысады. Қаныштың қадірінің көтеріле бастап жүргені — Арыстан адам болуға айналды. Жиырмаға аяқ басқан солақпандай жігіт болды. «Байымнан қалған жалғыз балам ғой, мұны кімнің есігіне телміртем, тым болмаса өз тамағын табатын болмас па екен?» деп Қаныш Арыстанды жасынан бастап ауыл молдасына сүйреген. Өз ауылында молда болмай қалған жылдары көрші ауылдарға арқалап барып та оқытатын. Сөйтіп жүріп Арыстан хат танып алған... Кәзір Арыстан солақпандай жігіт. Шаруашылық істейді: егін салады, шөп шабады, көппен бірге байдың үмесіне де барады. Бұл жағынан қарағанда ауыл жігітінен ешбір айырмасы жоқ секілді. Бірақ, хат тану жағынан алғанда, ауыл жігіттерінен әлдеқайда ілгері: қолына кітап түссе, газет түссе, шұқылап оқиды да отырады. Ауылға келген-кеткен өкілдердің талайынан кітап, газет-журнал алып қалғаны бар. Соңғы әзірде басылған бірсыпыра өлең кітаптары да осының қолында... Оның үстіне биыл газетке алушы жиып жүрмін деп біреу келгенде, шешесінен үш сом ақша сұрап алып Арыстан да жазылған. Содан бері бұл Арыстанға газет те келіп тұрады. Бірақ тұтас келмейді, әлдекімдердің қолынан өтіп барып жетеді, бірер ай өтіп келсе де, елге жаңа; Арыстан оқыса, ел ұйып тыңдайды: «Газетіңнің мына сөзі шын болса, теріс болмас еді-ау» деп күрсінетіндері бар; «әй, еріккен соң жаза береді де», — деп теріс айналып кететіндері де бар.

Арыстанды ауылдың бір жақсы көретіндігі — осы хат білетіндігі. Біреуге біреу хат жаздырғысы келсе, біреуден біреу ақы даулап арыз бергісі келсе, салып ұрып Арыстанға келеді.

— Арыстан шырағым, осылай еді, — дейді.

— Істеп бере ғой, қарағым, — деп Қаныш кемпір көтеріліп қалады.

...Міне, осы Арыстан да осы Ыбырайым шалдың қарауындағы елдің ішінде отыр.

Бұл қайта, онша қауіпті емес. Ыбырайым шал бір кезде онан да қатты қыспаққа түскен ғой. Ол — Медеудің тұсында еді. Тобақабыл, Жаманқұл дегендермен таныс боп, соларды сағалап Медеу осы елге келіп, 7-8 жылдай болды. Бұл үшеуі тізе қосып, Ыбекең шалдың «билігіне» қол сұқпақшы боп талай сойқанды шығарған ғой. Медеудің дегені болса, бұл елдің астын-үске шығармақшы еді, қанша айтқанмен Тобақабылдың Жаппасбаймен туысқандығы бар, Жаппасбай соған иелік істеп, Медеу жалғыз қара боп, мұқаумен келді. Соңғы бірер жылда оған Арыстан бала елігіп, басқа да қосылушылар табылып, Медеудің сырттығы көтеріле бастаған кезде Алексеевке кездесті де, Медеу қалаға кетті. Ыбекең содан былай еркін демін алған секілденді...

Ыбырайым шал әрі-бері тұрған соң қақырынды. Бұл — әлдеқалай қақырыну емес, мұны түсіне білсең: «ал, мен келдім, қане, жиыла қойындар» — деген ишаратқа жататын қақырыну. Мұны осы ауылдың көбі сезеді. Үйлерінің жанында, шомның басында, қақпаның аузында таяққа сүйеніп селтиіп тұрғандар, қадандай басып, Ыбекең тұрған шомға бет алады... Көнетоз түйе жүн күпіні желең қаусырына түсіп, мойны жағасынан шығар-шықпас болып келе жатқан ана бір мыртық кісіні көрдің бе,— Жаппасбай пысығың сол болады. «Ыбекең құр айқайлағанмен тізгіні Жаппасбайда жатыр» деп те өсектейді-ау жұрт...

Көнетоз орысша пальтоны тап қолтықтан буынып, аяғында шоңқайма етігі бар, мысық жүн құлақшынды шекеге таман салып селтеңдеп мына біреу келе жатыр. Бұл, енді, таныс болыңыздар: Әлібай ауылнайыңыз болады. «Әлібай Мейірманов» деп, арбаңдатып қол қоюдан басқа жазу танымайтын ауылнайыңыз осы.

Бұлардан басқа да бірсыпыра адам жиналып қалды. Жиналмағанмен не қылсын, істеп жатқан жұмыс жоқ, ішіп жатқан ас та, түк тамақ жоқ; бүк түсіп үйде жата бергенмен күн өте ме?.. Осы топтың шетін ала мына бір еңгезердей қара бала тұр-ау. Түрін көрдің бе, тұрысының өзі ірі, ешкімді менсінбей тұрған адам сияқты. Басқа жұрт топқа жақындай бергенде «салаумәлейкүм!» деп Ыбекеңе сәлем берсе, мұнда о да жоқ,— солаңдап келді де, топтың шетіне тұра салды. Қашанғы әдеті осы. Ыбырайым шал қабағын түйіп түнере бір қарады. Мұның да бұл қашанғы әдеті...

— Ауылнай, қалай, сен осы жүрмейтін болып кеттің-ау, үйкүшік болып жаман үйреніп кетпесең жарар еді,— деді Жаппасбай күлімсіреп.

— Үйден шығуға келеті жоқ, — деп бір жас жігіт тәлкек қылды.

— Тәлкекті қойыңдар... Қайтсын, келінді алғанына үш ай жаңа толып келеді, — деп, орта жасты бір кісі мұны қостап сөйлеген болды.

Әлібай ауылнай қызараңдап төмен қарай түсті:

— Жүргенмен қайда барайын, болыстан келген бұйрық жоқ...

— Айтпақшы, осы болыс өзгерді деген хабар бар-ау,— деді Жаппасбай Ыбекеңе қарап.

— Е, бұл бір жаңа хабар ғой өзі, — деп Ыбекең жүріп барып, биіктеу жерге тұрды.

Жаппасбай да қозғалып, Ыбекең тұрған жерге жақындады. Жұрт иіріліп, бірін-бірі кимелей түсті. Жаппасбайдың аузына қадалды... Ана бір бақа сарыны көрдің бе, сөзге десе жаны құмар. Бір сөзді шала-пұла естіп алса, минутінде бүкіл ауылға жаяды. Дұрыс жеткізсе де бір сәрі-ау, мың құбылтып, өтірікті шындай қылып жеткізеді. Әне, аузын ашып, аңырая қалғанын көрдің бе. Аты — Ылаңбай. Ылаңбай десе — Ылаңбай-ау өзі.

— Ал, қалай болыпты дейсің? — деді Ыбекең салмақты дауыспен.

Жаппасбай басын төмен салып, аяғындағы резеңкенің тұмсығының жыртығына бірсыпыра қадала қарап тұрды да:

— Қаладан бір төре келіп, Ережепті орнынан алыпты дейді, ісін кандидатына беріпті дейді, — деп көмескілеу тындырды.

— Кандидаты кім еді?

— Жауқаштының Сыздығы болатын...

— Е... Сыздық кәпір десейші!.. — деп, Ыбекең қабағын қарс жапты.

Жұрт бірсыпыра үнсіз тұрды.

— Сонда оның қалай болғаны, ә?.. — деп, Ылаңбай дәбдірлеп, әркімге бір қарады, — болысты ел сайламайтын ба еді? Сайлаумен болмайтын ба еді?..

— Сайлаудан кендесің бе осы, антұрған, керек болса сайлау жылына болып тұрған жоқ па, — деп, Ыбекең оған жекіре сөйледі.

— Ережептің өзі, шіркін, жігіт көрініп еді... биыл менен сотым малының терісін саудаласып алды ғой,— деп, терімен сауда қылатын Әбді Ережептің түсіп қалғанына ренжіс білдірді.

— Апыр-ау, түсіремін десе, түсіре салады екен-ау, осы... болысты түсіру деген едәуір қиын болмайтын ба еді?..

— Несі қиын, баяғының болысы бар дейсің бе, түсіреді де тастайды...

— Баяғы Бейсенбай болысты түсіріп қарар еді осыларға, әлдері келер ме еді? — деді, шетте тұрған жымық көз қара.

Бейсембай болыстың 17-жылы-ақ жайрағаны жымық көздің есіне тап сол минутте түспеді.

— Кінәсі не болды екен сонда? — деп біреулер сұрау бере бастады.

— Не кінәсі болсын...

Ержақып дейтін ашаң жүзді сары жігіт аузын ашып бірер рет оқталып тұрды да:

— Кінәсі болғанға ұсайды ғой, — деді бір кезде жұлып алғандай.

Жұрт оның бетіне бажырайып қарай қалды. Біреулері мысқылдағандай боп жымыңдайды. Ыбекең шұқшиып, тесе қарады:

— Ал, не кінәсі бар екен?.. Айт!.. Айтсайшы енді... — деп, сасқалақтап қалған Ержақыптың одан жаман дәкбірің жаңылтты. «Мына пәледен мені құтқарып бақ!» дегендей боп Ержақып манағы шетте бөлектеу тұрған бала жігітке қарап жаутаңдады.

Бұл тұрған Қаныш кемпірдің баласы Арыстан болып шықты. Ол шетке қарап тұрған күйі:

— Ережеп парақор болды. Парасыз іс істемеді. Бұзықты жақтады. Елге бүйідей тиді, сосын орнынан түспей қайтсын? Орнынан түспек түгіл, түрмеге де кіріп кетер! — деді Арыстан.

«Ә, бәлем шал, саған осы керек еді!» дегендей болып, Ержақып жайрандай Ыбырайым шалдың бетіне қарады. Taп бұл кезде Ыбырайым шалдың маңдайының қыртысы сайдың жүлгесіндей болып кетіп еді.

Ыбекеңнің түксигенін көрген соң, жұрт та тына қалды. Ақсақалдың көзі мен қабағына қарамаған соң ел «ел бола ма?».

— Осы Арыстан біздің ауылға қол бала емес, губернияда отыруға қол өзі, — деп Жаппасбай мысқылдап күлді.

Жүзі күлімсірегенмен, іші мұздай боп Арыстанды түтіп жегісі келіп тұр еді.

— Немене, барса айып па еді? — деді Арыстан ала көзімен қарап.

— Ойбай, қарағым, одан әрі кет, тіпті шүршіт өтіп кет, ыңқ десем сонда айт, — деді Жаппасбай сұрлана түсіп.

— Осы күнгі жастарға түсінуден қалып барам... Жасқа әңгіменің не керегі бар екен?.. Тыңда да тұрсайшы, — деп, Әбіл деген шалдау кісі, Ыбекеңе бір қарап қойып кейістік білдірді.

— Қайтерсің, ақырзаман баласы... Асарсың ба, кесерсің бе?.. — деді Ыбекең күрсініп...

Содан былай әңгіме онша өpic алмады. Айтылған әңгімеге құлақ қойып тыңдаушы да аз болды, үйткені болыстың түскен хабарынан басқасы күніне бір айтылып жұрттың құлағын ығыр қылып келе жатқан хабарлар еді. «Пәленшенің қызының қашқандығы», «Түленшенің қалың мал алғандығы», «Пәленше ақсақалдың дау бітіріп ат-шапан олжа қылғаны...» сияқты әңгімелер жұрттың жүре тыңдайтын әңгімесі болып кетіп еді. Әбді саудагер тері алған әңгімесін бастағанда, балаға шейін тәлкек қылып күлетін еді...

Әңгіме бәсеңсіп, жұрт түскі тамағына үйді-үйіне тарай бастағанда ауылдың батыс жағындағы белестен бір пар жеккен шаналы қылт етіп шыға келді. Самсаған көз соған қарап қадалады:

— Сандыбектің күйеулері болмасын...

— Дауытпайдікіне бата қыла келе жатқан Ыдырыс болмаса?..

— Ыбекеңе келе жатқан ақсақалдар шығар...

Шаналы сыпырта жүріп отырып, ауылдың қотанына кірді. Елемес, Қарымсақтардың үйін түйрей өтіп, осы топқа қарап беттеді. Орысша киім анадайдан көзге шалынды.

— Бұл ауылнайдың қонағы болды, — десті.

Бұл келген — шеф комиссиясының адамдары болып шықты. Шанада отырғандар Азамат пен Қайша, көшірде отырған Медеу еді. Медеу анадайдан айқайды сала келді:

— Уау, Тобақабылмысың? Уай антұрған-ау, қатының аман ба?.. Дұрыс, реті келеді-ақ... — деді атын шомға тіреп...

ҚЫСПАҚ

...Қонақ Жаппасбайдың үйіне түсірілді. Губерниядан келген соң бұларды әлдерінен келгенше құрмет қылып жөнелтпекші болысты. Жаппасбайдың сандығында жатқан жалғыз таза сәтен көрпе алынып, төрдің алдына төселді. Жұлмаланып жүні шығып тұрған жастықтар қонақтардың шынтақтарына берілді.

— Солай десеңіздерші... Жақсы, келгендеріңіз жақсы... Біз өздерің көрген қазақпыз. Кедей ауылмыз. Үкіметтің көз салғанына әбден қошуақ аламыз... — деп, Ыбырайым шал баптап бірсыпыра сөйлеп шықты.

Ауылдың балалары, жастары лек-легімен кіре бастады.

— Апырым-ау, балалар, сендерге не бар? — деп Ыбекең оларды бірер рет дүркіретіп шығарды.

— Қағынғырлар, жер түйнек келгірлер, кім шақырды сендерді?! — деп балалардың сыйын Жаппасбайдың қожыр бет қара қатыны да беріп жатты.

— Біз осы ауылға қонақ болғалы келгеміз жоқ, адамдарын іздеп келіп ек қой, келген адамды қумасын да,— деп Қайша күңк етіп еді, Азамат аузын ашқанша болмай:

— Ыбеке, тым ысқырынбаңыз, балалардың келгені жақсы, біз соларды іздеп келіп отырмыз, — деді Медеу.

«Оңбаған, саған не сөз қалды, ат айдауыңды білсейші!..» дегендей боп, Ыбекең оған ала көзімен қарап, аузындағы насыбайын былш-былш түкірді.

— Бейбастақ, бетімен кеткен балалар ғой, үндемесең төбеңе секіреді... Сіздің тәртібіңізді біз білмейміз, өзімізше баланы тыйып ұстағымыз келеді, — деп Ыбекең өзінше Медеуді іліп, мұқата жауап бердім деп ойлады.

«Ауылдың әйелдерін көрем, сөйлесем...» деп Қайша далаға шығып та кетті. Ыбекеңше айтсақ «бұл — жеңіл мінезділік, шошаңдағандық». Қазақ әдетінде әйел түгіл еркек те бір үйге келмей жатып ауыл қыдырмайды. «Қалада өскен, бұзылған ғой» деп Ыбекең ішінен ойлады да қойды.

Қайша шыққан ыңғайда тезек тасып жүрген Жаппасбайдың әйеліне кездесті. Көп сөйлемейтін, сөйлесе түйеден түскендей қып бір-ақ сөйлейтін қожыр бет қара еді. Шеттен келген сыпайы қонақ екен деп Қайшаға елжірей қоймады, аузы бұртиып, қабағы кіртиіп өте шықты.

Қайша бірсыпыра үйге барды. Барған үйінің бәрі де біркелкі: аласа, тар, қараңғы, былық. Үйді жинау, тазалау, сыпыру деген бұл елдің салтында жоқ секілді... «Апырым-ай, тым болмаса көргендерін істесе қайтеді екен?.. Мынау тұрған қала... Губерниялық қала... Осыған кем дегенде жетісіне бір барып тұрады ғой» — деп ойлады Қайша ішінен.

Бір үйде төрт-бес кемпір, үш-төрт жас әйел отыр екен. «Мынасы кім?» дегендей боп бәрі бажырайыса Қайшаға қарасты. Қайша бәрімен де амандасып, жастар жағына үйірілді, түбіт түтіп отырған жастау әйелдің жанына таман отырды.

— Ал не істеп жатырсыздар?

— Түбіт түтіп жатқаным ғой, — деп жас әйел күлімсіреді.

— Өздеріңдікі ме?

— Жоқ, байдың үйі жіберген екен, тез иіріп берсін деген екен, — деп, жас әйелдің қабағы аз-кем тыржия түсті.

— Істеп бергеніңіз үшін ақы аласыз ба?

— Ақысы несі?.. Біз ондайды білмейміз, — деді жас әйел күлімсіреп.

— Білмегені несі? Біреуге еңбек сіңірген соң еңбекақыны алу керек. Тегін жатқан еңбек жоқ. Бай саған бір нәрсесін тегін бере ме? Бермейді. Ендеше, еңбегіңді сен де тегін берме, — деп Қайша еңбек жағын түсіндіріп, бірсыпыра әңгіме ашты.

Жас келіншек аузын сылп еткізді. Кемпірлер үрейлене, сескене қарады.

— Бізде не еңбек бар, шырағым, біз сол байдың көлеңкесінде күн көріп отырған адамдармыз, — деді ортада отырған қатпар бет сары кемпір.

— Бұл кісі қала адамы ғой, қалада көргенін айтатын шығар, қайтсін, — деді оған таяу отырған кемпір.

Кемпірлер қашырыс салғанмен де, жас әйел шімірікпей, байға істеген ұшы-қиыры жоқ еңбегін санауға кірісті.

— Қойсайшы, келін, — деді қара кемпір қабағын тыржитып.

— Айқай заман-ай, үлкеннің алдында ауыз бағып, әдеп сақтау деген болар еді, — деп сары кемпір күрсінді.

— Оныңыз баяғының әдеті шығар, біз жаңа заманның адамымыз, — деді Қайша күліп.

— Я, сосын, айта беріңіз...

Жас әйел қызараңдап, қара кемпірге жалтақтап қараумен болды. «Бұл бәле қайдан тап болды?» дегендей боп, қара кемпір Қайшаға оқты көзімен қарай түсіп, жұмысына құшырланып тиісті.

— Несіне селтиіп тұра қалдың? Көргенсіз шіркін, адам көрмей жүр ме едің? — деп қара кемпір келініне тағы шаптықты.

Қайша не қыларын білмеген адамдай ойланып, күрсінді. Осы әйелдердің арасында жұмыс істеу керек-ау. Осыларды түсіндіріп мына жас әйелді жұмысқа баулу керек-ау. Мына қара кемпір оңайлықпен түсініп, келініне билік берер ме? Кәрі кезін шақшитып, келініне қарауын қарашы... «Осыған осы әйел кетсін, сенімен сосын сөйлесіп көрейін» — деп отыр-ау, ол келініне...

— Қойыңыз, шеше, сіз тұлданғандай ешнәрсе болған жоқ. Келініңізді осынша қаймықтырып... Не қылмысын көріп отырсыз соншама? Жастың заманын өзіне беріңіз. Кедергі болам десеңіз, қадіріңізді кетіресіз...

Қайша бұл сөздерді жұмсақ айтам деп ойласа да, сөзі ашулы, зілді шықты. Кемпірлер таң болғандай біріне-бірі қарады.

— Бұл кемпірдің өзі солай, сөйлей береді, осы құрып қалғырға біздің үйдегі шал да ылғи ұрысып отырады. «Айтолқын-ау, аузыңды бақ, арпыл-тұрпыл сөйлей берме тәйірі алғыр» деп... сөйлеп қалған ауыз, қайтерсің, — деді сары кемпір майдалай түскендей болып.

Кемпірдің бұдан кейінгі сөздерінің бәрі ымырашылдық, бітімге бейімдеу секілденіп шығып «осыларды үркітіп алған жоқпын ба?» — деп Қайша да қысылып қалды.

Қара кемпірден сөгіс есіткен жас әйелдің аты Жұмакүл екен, Қайша оны жанына ертіп, басқа үйлерді қыдырды. Бірсыпыра әйелдер таң көргендей боп топтанып, бұлардың жанына ерді.

Бірден шығып, екінші үйге кірді. Бәрінде де бір көрініс, пеш жанында отырған кемпір-шал, жалба-жұлба болып жүрген жас балалар, кірмен, күл-көмірмен боялып біткен үй-ішінің бұйымдары...

— Апырым-ау, тым болмаса жуып тазартып отыруларың болмай ма? — деп Қайша жанындағы келіншекке қарады.

— Қайтейік, болмайды, жусақ тағы кір болады, — деді келіншек.

Алақанның ауданындай ғана терезесі бар бір кішкене үйге кіріп келгенде, Қайша күтілмеген бір жұмыстың үстінен шықты: пеш алдында бір әйел, екі көзі былаудай ісік, солқылдап жылап отыр. Төрге таман тонының екі өңірі далиып, жай табан етігінің басы қайқайып, бір жігіт шалқасынан жатып, домбыра тартып жатыр.

Үйіне кірген әйелдерді көріп, жігіт басын көтерді. Аңырайып қарады.

Қайшаның жанындағы келіншек жылап отырған әйелге үйірілді:

— Биқасап-ау, саған не болды? Байың ұрып па еді?.. Соған жылай ма екен?..

— Мені шаптырып аламын деп отыр, — деді жігіт сұрланып.

Кісі келгенде жылауын тоқтатпаған соң жігіттің ашуы қайта қозды.

— Сені кім шауып алушы еді? Саған құдайдың да әлі жетпес, ауылнай інің қолында, — деп әйел жылауын бұрынғысынан да үдетті.

— Бетім-ау. Биқасап-ау, мынауың масқара ғой, — десті тұрған әйелдер.

— Байы сабағанға жылағанды мұнда көрдік! — деді кекселеу бір әйел.

Әйелдердің сөзі қамшы болды ма, әлде, ашуының тығыздығы ма:

— Әй, қоясың ба, — деп, әлгі жігіттің қозғалып-ақ қалғаны.

Қайша бұл көрініске аң-таң болып, сұрланып қатты да тұрды.

— Шырақжан, қайтесің, қатынмен қатын болып... Үйің оңаша қалады ғой, — деді тағы бір әйел.

— Жоқ, бұл итті ме? — деп, жігіт тістеніп, түлкі соққалы жатқаннан жаман домбыраны ала ұмтылды.

Қайша оқша атылып, жігіттің жағасына жабыса түсті.

— Неткен көргенсізсің! Неткен хайуансың!.. Әне, әйеліңнің самайынан ағып тұрған қанына қарашы...— деді Қайша қалтыранып.

— Ойбай-ау, оны айтасың ба, мына бастың сауы жоқ!.. — деп, Биқасап жаулығын жұлып лақтырып жіберді. Жаулық барып ілегенге түсті.

— Ойбай, атаңның аузын!..— деп, жігіт бара төмпештің астына алды.

Арашашының көптігімен жұдырық жөнді тимеді.

— Кетемінші, кетемін!.. Кетемін, ойбай!.. Боса да өледі екемін!.. — деп, Биқасап жалаң бас, шашы бұрқырап тысқа шыға жүгірді. Бір-екі әйел Биқасапты қуып кетті... Ентігіп тұрған батырдың алдына келіп, Қайша бірсыпыра қарап тұрды.

— Оңбаған неме екесің! — деді Қайша күрсініп.— Жүр, ауылнайыңа жүр, сол жерде сөйлесерміз...

— Бармаймын, — деп, жігіт торсаң етіп, кейін бұрылып кетті.

— Неге бармайсың?

Жігіт Қайшаға ежірейе қарады:

— Ау, осы сені шақырған кім? Мен ұрсам өз қатынымды ұрдым, сені ұрғам жоқ қой...

— Бетім-ай, мыналарың қызық екен! — деді Қайша апалақтап, әйелдерге қарап.

— Қайтесіз... Мұның өзі солай... Әлі-ақ табысып кетеді ғой,— деді Қайшаның жанындағы келіншек.

Жігіт Қайшаның ашуын келтіре түсейін дегендей, терезенің алдына отырып, домбырасын қолына алып тыңқылдатты.

— «Мынау бір есі жоқ шіркін болар, осы күнге шейін әйел теңдігі туралы заң барын есітпегені ме?» — деп Қайша аң-таң қалды. Кішкене ойланып тұрды да:

— Біріңіз барып ауылнайды шақырып келіңіз,— деп әйелдерді жұмсады.

Әйелдер бірін-бірі жұмсады. Шақырып келуге ешқайсысының батылы бармайтын секілденді. Ауылнайды шақырып келген кісі түпкілікті мына жігіттің басына пәле орнатуға себепкер болатын секілденді...

Ақырында, Қайшаның жанындағы келіншек, аты Зылиқа екен, сол барып шақырып келді.

Батырсынған жігіттің құлағына «протокол» деген сөз естілгенде, жүрегі су ете түсті. Былтыр қазынаның ағашын ұрлап кесемін деп соның протоколынан зорға құтылғаны бар еді. Содан бері «протоколмен» үйір болмасқа серт берген сияқты еді. Бірақ әйелін сабаған үшін протоколға ілігемін деген ойында жоқ еді...

— Атыңыз кім? — деді Қайша «протоколды» жазып жатып.

Хат білмейтін ауылнай сопайып Қайшаның жанында тұр.

Еркектің қолынан келмейтін жазудың әйелдің қолынан келгеніне үй толы әйелдер таң қалып, ауыздарын ашумен отыр.

— Атым Тұралы, Ержігіт баласымын, — деді жігіт қалтырана түсіп.

Әйел Биқасап Құсайынқызы болып шықты.

— Протоколда өзін... Еркектерден-ақ өліп ек осы... Қоқаңдап... — деп, кертпеш танау қара әйел ілгері таман жылжып отырды.

Бұл бұрын бір рет болыстық съезге делегат болған, кәзір де ауылдық кеңес мүшесі — Тұрсынкүл дейтін әйел еді.

— Немене, соны айдатқанда бірдемең кеңи ме? Егін егейін деп пе едің орнына?... — деп арт жағында отырған бір әйел Тұрсынкүлге шаптықты.

— Бұл қатын ба?.. Бұл қатын бізге қарағанды шұбыртпай тынбайды, — деді екінші әйел.

— Тәйт әрі, аузыңа ие болмай... Мен неше адамыңды шұбыртып едім? — деді Тұрсынкүл түтігіп.

— Шұбыртпасаң, шұбыртайын деп отырсың ғой...

— Мен емес, заң айдайды... Мынау отырғанды көрдің бе? Бұл үкімет. Үкімет әйелге тимесін деген. Әйелге тиген адамның басын түрмеде шіріту керек! — деді Тұрсынкүл бұрынғысынан да жұлқынып.

Қайша «протоколды» жазып болып ауылнайға қол қоюға берді. Қалтырап, дірілдеп ауылнай зорға қол қойды. Куәнің бірі манағы келіншек — Зылиқа еді, ол қол қоя білмейтін болып шықты.

— Бармағыңды баса сал, — деді біреулері.

Зылиқаның қол қоя білмегені үшін қол қоятын адам іздестіргенде, үй толы адамда хат білетін жалғыз Арыстан болып шықты. Арыстанның қол қойғандағы жазуын көріп Қайша қарай қалды:

— Осы ауылдікісің бе?

— Осы ауылдыкімін,— деп Арыстан күлімсіреді.

— Менің жаман балам, шырағым, өзі жалғыз балам еді, — деді Қаныш кемпір.

— Оп-оңды жазады ғой, бұл баланы қаладағы мектепке кіргізу керек қой...

Қайша, ауылнай, тағы бірсыпыралары шығып кеткенде де Тұралының үйі адамға ауыз-мұрнынан шығып тұрды.

— Апырым-ау, бұл қалай болды? — деді шалдардың бірі.

— Пәле деген аяқ астында емес пе, — деп екінші бірі күрсінді.

— Бұл «протоколын» не қылар екен, жыртар ма екен?

— Бірдеме дәме ететін шығар...

— Сөйлесіп ебін табатын да адам жоқ-ау...

— Қайдарға шап, әйтпесе басың кетті! — деді Тұралыға шалдардың бірі.

...Қайша «протоколдың» соңында жүргенде, Медеу де ауылды жағалай қыдырып, өзіне керекті кісілерді маңына топтап үлгіріп еді. Мұның ішінде Тобақабыл, Жаманқұл, Ержақып, Арыстандар бар. Медеуді бірталайдан көрмей өздері сағынып қалған болды. Тобақабыл қоярда-қоймай үйіне қазан асқызды.

— Қисық аяқ-ау, о не дегенің, біздің үйден ас жемей кетем дегенің?.. — деп Тобақабылдың әйелі шынымен өкпелейтін болды.

Әңгімелері бірден артель жайына көшті.

— Медеу-ау, сен осыны ылғи айтасың, соныңды біз жүргізе алармыз ба? Тым болмаса, өзің осында болсаң екен, — деп Тобақабыл сөйлеп келе жатыр еді.

— Әбден жүргіземіз! Үйренсек, несі бар, — деп Арыстан оны киіп кетті.

— Дұрыс, жөні келеді-ау. Арыстаныма ризамын!.. Ал, бәрің де қол қоясың ғой, ә?...

— Жаңағы айтқаның шын болса, қашамыз ба? Іздеп таба алмай жүргеніміз сол емес пе?

— Тәуекел, жігіттер, Медеу бізге қастық ойламас...

— Шындарыңмен айтыңдар, — деді Медеу. — Жеме-жемге келгенде Жаппасбай мен Ыбырайым шалдың аузына қарайтын әдеттерің бар, оны тастаңдар!

— Жоқ, енді, айтқанымыз айтқан.

— Сол қақпастың өзі діңкемізге де тиіп болды.

Тобақабылдың әйелі қара қазанды бұрқылдатып қайнатып, астың буын үй ішіне қаптатты. Артель әңгімесін қолға алғандар да қазандай қайнатып, сөз түйінін бір жерге байлап үлгеріп еді...

... Ауылдың жалпы жиылысы шақырылды. Әйелдерге шейін жиналсын, — дегенді естіп үй басы бір-бір кемпірлерден келді.

— Жас әйелдер қайда? Олар неге келмейді? — деді Қайша жиналған адамдарды көріп.

— Келіндердің көбі жұмыстан босайды дейсің бе?

— Мұндай жиылысқа жас әйелдер қайдан келсін.

— Жарылқайтын болса, осы бізді жарылқап қарық қылса болмай ма? — деген күңкілдер әр жерден естіліп қалды.

— Жас әйелдер келмей жиылыс ашылмайды. Ауылнай, қайдасың? Шақыр әйелдерді бірі қалмай келсін! — деп Қайша бұйрықты қатаң берді.

— Ауылдың салтында жоқ нәрсе ғой, шырағым, шақырғаныңызбен жас әйелдер келе қоя ма, — деп Ыбекең күңкілдеп еді.

— Шақырса, неге келмесін. Олар да адам. Олардың да құлағы бар. Жұрттың тыңдаған сөзін олардың да тыңдағысы келеді... Одан да өзіміз жолатпай отырмыз десейші, — деп, Тұрсынкүл бір бүйірден іле түсті.

— Мынаған бірдеме көрінген шығар? — дегендей боп еркектер жағы Тұрсынкүлге ала көздерімен қарасты.

Ауылнай және бірсыпыра жігіттер үй сайын жүріп хабар тигізді. Екеуден, үшеуден бас қосып жас әйелдер де келе бастады. Жұрт үйге сыймайтын болғандықтан жиылыс Жаппасбайдың сарайының күншуақ бетінде болды. Көпірте төселген шөптің үстіне жұрт алқа-қотан отырды. Әйелдер тобы бір өңкей иірілді.

— Қане, мәжіліске басқарушы сайлаңыздар.

— Өздеріңіз басқара бермейсіз бе?

— Жоқ, елден сайлансын...

— Кімді сайлаймыз? — деп жұрт біріне-бірі қарасқанша болмай, біреулер дауыстап:

— Тұрсынкүлді сайлау керек! — деді.

— Ойбай, ол неменесі еді? — деп Тұрсынкүл шошынды.

— Әкім болдың, — деді бір әйелдер кекетіп.

— Мұның бағы деген бақ көтерілді ғой, — деп біреулері мысқылдады.

Мәжіліс хатшысына Арыстан аталды. Бірінші баяндама әйелдер мейрамы туралы Қайшаға сөз берілді. Көп сөйледі Қайша. Әйелдер бостандығын жүзеге асыру туралы қандай кедергіліктердің барлығын айтты. Мысалды көбіне сол ауылдың өз тұрмысынан алып сөйледі. Тұралының қатын сабаған жұмысын да бірсыпыра талқылап өтті.

— Ал, сұрау бар ма?

Жұрт тым-тырыс. Әйелдер жағы бірін-бірі түрткілеп, сыбыр-сыбыр сөйлеседі.

— Не сұрау болсын, түсінікті ғой, — деді Ыбекең күлімсіреп.

— Отағасы, кес-кестемеңіз, бәлкім сұрайтындары болар, — деп, Қайша оны тоқтатып тастады.

— Ал, мен қойдым, — деп, Ыбекең төмен қарап сақалын сипай берді.

Шет жақта отырған бірсыпыра жұрт жалтаңдап қарасып:

— Келді! — десті.

— Ә... келген екен...

— Ay, орын беріңдер...

— Тұрыңдар, балалар...

Жұрт жабыла қарады, қаптал түлкі ішікті желең салып, сұлу мұртын ширата түсіп, екі беті нарттай болып біреу жиылысқа келе жатыр. Азамат таныды, бұл Қайдар еді.

— Орталарыңыз толсын-ақ! — деді Қайдар күлімсіреп.

Жұрт жабыла орындарынан тұрды. Жас әйелдер иіліп сәлем қылды.

Қайдардың көзі бірден Азаматқа түсті. Ол қуанып кеткен адамдай:

— Апырым-ау, күйеумісің?.. — деп, қолын соза ұмтылды.

Қайшамен де қол ұстасып амандасты. Медеу ұнатпай бір қырындау қарап отырды. Жұрт жиылысты ұмытқан сияқты болды. Қайдар Азаматпен шүйіркелесіп, Мәриямның амандығын, Рақымның саулығын қазбалап сұрауға кірісті. Бастығы Ыбекең болып шалдар да Қайдарға төнді: Қайдардың үй-ішінің амандығы, келін-кепшіктің саулығы, баласының жігіт болғандығы бәрі сұралды.

— Ау, мәжіліс ағасы, сізге не болған жиылысыңызды тоқтатпасаңызшы, — деді Қайша ұнатпай, шіміркеніп.

Тұрсынкүл не істейтінін білмей сасқалақтап қалды. Әйелдерден сұрау болмады. Екінші мәселе артель туралы. Баяндамашы Азамат. «Қайдар келмей тұрып істеп құтылмаған екем...» деп Азамат ішінен кейіді де. Әйтсе де, баяндамасын бастауға ыңғайлана бергенде, Медеу сөз сұрап алды.

— Мына Қайдардың осы жиналыста болмағаны жөн-ақ. Қоңыр ауылының жиылысын өз қолынан таратып дәндеп жүрген кісі ғой, әйткенмен тап осы жиылыстың билігін осы кісіге бермеспіз деймін. Солай ма. Тобақабыл, Жаманқұл, айтсаңдаршы!

Жұрт тіксіне қарап, бірін-бірі шынтақпен түртіп, қарауға жүзі шыдамағандары төмен қарап тұқшиды. Қайдар біресе күлімсіреп, біресе қанын тартып сұрланып, Ыбекең мен Азаматқа кезек қарады. Медеудің «жөнсіздігіне» жауапты Қайдар үшін осы екеуі беруі керек еді. Солай болар деп сеніп те еді. Ол сенімін Ыбекең, Жаппасбай, тағы біреулер ақтауға кірісті. Ыбекең таяғын жерге тебелеп отырып, бірсыпыра сөз айтып тастады.

— Уа, жұрт, неге иірілдіңдер? Мына Медеу қудың кім екенін мен айтпай да білесіңдер. Бірер жылдан бері осының қарасы батып, құлағымыз тыныш болды ма деп ек, бүлдіремін деп бүгін тағы келіп отыр. «Қоңыр» ауылы өзім ес білгелі бірлігін жойып көрген жоқ еді, енді, қайдан білейін, — деп Ыбекең, ыза кернегендіктен сөзін аяқтамай тоқтады.

— Дұрыс-ақ... Осы Медеудің бізде несі бар?

— Өзіне тартып отыр деп неге айтпайсыңдар?..

— Кім ол? Тиіп қара Медеуге!

— Шықсын Қайдар!

— Көрмегеніміз Қайдар болсын!..

— Шығармаймыз!

— Қайдарды шығарды деген не?

— Заңның өзі күнде өзгере ме? — деп бірсыпыра шалдар бұрқылдады.

Жаппасбай ызаланып, Азаматқа қарап жүгініп алып:

— Жолдас, сіз жөн білетін жігітсіз ғой, мыналарыңызға айтып түсіндіріңізші: Қайдар біздің төбемізге көтеріп отырған адамымыз. Қайдар бұл жиылыс түгіл, кеңес сайлауына да араласып жүрген адамымыз. Кеңес сайлауына қатынасып жүрген адамның осы жиылысқа қатынаспауға қандай жөні бар? Е, тіпті... Қазан бұзарлықты істегенде де жөні бар ғой, — деп зілдендіріп барып сөзін бітірді.

Жұрт назары Азаматқа ауды. Осы жұмбақтың шешуін Азамат шешетін сияқты болды. Азамат не айтса да ем болатын тәрізденді. Бірақ Азамат ауыз аша алмай төмен қарап отыра берді.

Қайша Азаматтың бетіне бірсыпыра қарап отырды да:

— Айтасың ба, жоқ па?.. Әлде, мен айтайын ба?— деді.

Сөзді Қайшаға беріп, бұл қыспақтан таза шығып кетсе де болатын еді, бірақ артын ойлады: Қайша да, Медеу де одан әрі Азаматқа сенуден қалады, Азаматты жолдас деп қараудан қалады... Ал, айтса, бұлардың ыңғайына көшіп, Қайдарды жиылыстан шығару керек.

— Жолдастар! — деді Азамат бір кезде. Басы тұманданып, ойы алып ұшып, не айтуға оқталғанын тап сол сағатында болжап біле алмайтын күйде еді:

— Жолдастар!.. Біз шеф комиссиясынан келіп отырмыз. Біз 8-ші ауылды тұтасынан шефке алып отырғамыз жоқ, осы жерде отырған бір ауылды ғана алып отырмыз... Жиылысымыз да осы ауылдың ғана жиылысы... Сондықтан бұл жиылысқа Қайдар қатынаспаса да болады...

«Бар айтқаның осы ма?» дегендей боп Қайша тағы қарады. Азамат мүдіріп, қолындағы газетті бүктей түсіп, кішкене отырды да:

— Шынында бұл жиылыс кедей батырақтар жиылысы ғой. Кедей, батырақтардың келешегі туралы кеңескелі отырмыз... Сондықтан Қайдардың мұнда отыруының қажеті жоқ. Шығарамын десе көпшіліктің еркі бар... Шығарғаны жөн деп білем, — деді сөзінің қорытындысында.

Сөйлеуін сөйлесе де, өзі едәуір бусанып, қысылып қалды.

Жұрт жым болып, бірсыпыраға шейін үн шығармады. Қайдар төмен қарап тұқшиып, мұртын ширатып бұраумен болды. Медеуден бүйтіп соққы көрем деп ойлап па еді, сірә? Ертерек кезде осындай жиылыстарда Медеу сияқтылар аузын ашып сөйлейін десе, Қайдар көпшілікті айдап салып, демде үнін өшіруші еді. Сол көпшілігің осы отырған. Сол Қайдарың осы. Ыбекең ақсақал бұрынғысындай-ақ қайраттанып көпшілікті жетектеп көріп еді, қостаушы аз болды. Отырыстарын байқайсың ба: ұйлығып, тұнжырап, бір нәрсені күтіп отырған адам тәрізді-ау... Не күтеді бұл жұрт?..

— Ал көбіңе салды, неге айтпайсыңдар? Айтыңдар, көрейік, — деді Ыбекең.

— Көпке салса, көп осы кісіні шықсын деп отырған шығар, — деді Арыстан.

— Арпалысып қал, шырағым, арпалысып қал, — деді Ыбекең оны кекеп.

— Қалқам-ау, сен кіріспеші, — деп Қаныш кемпір бір жақтан безілдеді.

— Ау, қане, неге отырмыз? — деді Тобақабыл көтеріліп.

— Қайдарды шығара алмай отырған жоқпыз ба?

— Неге шығара алмаймыз? Кет дегенде ит те кетеді, «кет» деп отырған жоқпыз ба осыған?.. Әй, Тұрсынкүл, әйда, баста, жиылыс өзіміздікі.

— Тобақабыл! Не айтып отырсың? — деді Ыбекең қалтыранып, таяғын шолтаңдатып.

«Айқаса түс» дегендей боп Жаппасбай Ыбекеңді тізеге түртті. Тобақабыл, Жаманқұлдар жамандықты сезе қалғандай тізесін қысып ыңғайлана түсті.

— Ау, Қайдар, шығасың ба, жоқ па? — деп Медеу бұрылғанда, Қайдар етіне ине тыққандай түршікті. Кісіден сескену, қаймығу деген Қайдарда сирек болатын жұмыс еді. Қаймықты. Үн шығармай орнынан қозғалды. Ыбекең таяғына сүйеніп тұрамын деп сүрініп құлап алды. Жастар жағы мұны күлкіге айналдырды. Шалдардың бірсыпырасы-ақ, құдық басынан тараған малдай боп, үйді-үйіне тарап барады. Біреулері артына бұрылып:

— Жұмағұл қайда? Келін қайда? Қайтсын үйге, — деп дауыстайды...

Азамат бұрынғыдан көрі шешіліп, еркін отырып баяндама істеді. Артель құрылысы туралы жап-жақсы түсінік берді. Баяндамасынан елігіп, қыза келе, сөзінің аяғында:

— ...Кедей, батырақ көпшілігі баяғыдан бері байдың аузына қарап телмірумен келді. Байға еңбегін жегізді. Байдың таяғында шіріді... Кеңес үкіметі кедей, батырақты осы күйден құтқарамын деп отыр... Бұдан құтылудың ең бірінші жолы — артелдесу, күш қосу... Сөйтіп кедей-батырақ болып күш қосып, байға қарсы тұру!.. — деді.

Әсіресе соңғы сөздері жұрттың жігерін көтеріп жіберді. Біреулер алақан ұрып:

— «Әй, бәрекелде, өркенің өссін!» — деді.

Артель туралы сұраудың ұшы-қиыры болмады. Әйелдің де бірсыпырасы сұрауға қатынасты. Бесінде басталған жиылыс екіндіге шейін созылды.

— Ау, күн кеш боп қалды, мұның қаулысы қалай болады, қаулыға келейік, — деді Арыстан.

— Қаулы ма? Қаулыны мен айтайын, жаз! — деп Тобақабыл жүгініп алды: — бұл Қайдармен біз алысқалы қашан. Содан бері жеңе алмасақ, ол өзіміздің жамандығымыз... Жоқ, күлмеңдер, мен шынын айтам. Бізді тоздырып жүргеннің бірі әлгі қақпас. Әлгі Ыбырайым деген шалды көрдіңдер ме. Ойбай-ау, Қайдарға арқа сүйеп оның бізге істемегені бар ма. Сосынғы біреуі — Жаппасбай дейтін менің інім. Туысым бір екен деп мен оны қорғамаймын...

— Мұның қаулы болмай кетті, — деді Арыстан күліп.

— Неге болмайды? Әбден болады. Бәрін де қалдырмай жаз, үкіметтің құлағына іліне берсін...

Көпшілік пікірін қорыта келіп, артель болуға тоқырасты. Әзіріне 12 үй жазылды. Бірсыпырасы қабырғасына кеңесе көрмекші болды. Артель басқармасы сайланып, уставқа қол қоятын адамдарын белгіледі.

Екінді әлетінде жиылыс тарап, өкілдер қалаға қайтатын болды.

...Бұлар жүруге ыңғайланып атын жеккенде, аңдып тұрған адамдай Қайдар тап болды. Азаматқа қарап күлімсірей қалыпты:

— Қане, қонақтар, күн кешке айналды. Қалаға жете алмассыздар, біздікіне жүріп қонақ болыңыздар...

Медеу елеңдеп, жегіп жатқан атын тастай беріп, делбегені сүйреткен күйі Қайдарға төнді:

— Сен не айтып тұрсың осы? Қайта айтшы...

— Ақырма, Медеу шырағым-ай, — деді Қайдар сұрланып, шегіне түсіп:

— «Шырағың» өзіңе, мен саған «шырақ» емеспін. Жиырма екінші жылғы арбаға байлатып сабайтыныңды ұмыттың ба? Мен ұмытпаймын. Әй, Тобақабыл, сен білесің ғой, ә?

— Білсек керек, — деді Тобақабыл ат жегіп жатып.

— Дұрыс, жөні келеді-ақ. Естіп тұрмысың? Мен неге барам сенің үйіңе?

Қайдар Азаматқа қарап жаутаңдады. Азамат үндемеді.

— Барушы ма ең мына кісінің үйіне? Айтсайшы, күтіп тұр ғой... Қызық екесің, — деді Қайша қабағын кіржитіп.

Азамат салбыраған күйі шанаға аяңдады.

Қас қарайып, іңір қараңғысы қоюлана түсті. Медеу пар атты ыспалап айдап, шананың табаны анда-санда жерге бір тиген сияқтанады. Қайша мен Азамат жол бойына үн шығармастан, біріне-бірі сөз қатпастан отырды. Қайша бұрын Азаматты көргенде жарқылдап, ашық жүзбен сөйлесетін секілді еді. Біраздан бері бұ да Азаматқа салқын тартқан секілді. Себебі не? Азамат оны ашып сұраған жоқ, бірақ сұрамағанмен бірер себептің барын өзі сезгендей болды. «Сонда мұның себебі не болды екен? Қандай ұнамсыз жұмыс істедім екен?» — деп Азамат қанша ойласа да шешуін таба алмайды.

— Қайша, ә Қайша, — деді Азамат ойланып келе жатып. — Сен маған өкпелеп жүрсің-ау.

— Қызық екесің, өкпелеп нем бар?

— Жоқ, шыныңды айтшы, коммунист болсаң жасырма, сен маған өкпелеп жүрсің...

Қайша үндемеді. Үндегенде не айтпақшы? Азаматқа деген Қайшада өкпе жоқ. Өкпе орнына «аяушылық» сияқты бірдеме бар.

— Сен өзің кімсің? Байдың қызы емессің бе, соныңды ашып айтшы бізге, — деді Таңатар бұған бір күні.

Таңатардың мұндай қалыптарын Қайша тым солақайлыққа жориды, Шәймерденді де соған қосақтайды. Ойлай берсе, кімнен болса да кемшілік табыла бермекші. Жұмыс бабында Қайша Шәймерденнің талай кемшілігін шұқылап көрсетті:

— Өзің біреуді айыптағыш-ақсың, осыны лайық деп істеп отырсың ба? — деп те ұялтып көрді.

Шәймерден де, Таңатар да басқа қатесін мойнына алғанмен, Азамат туралы пікірлерін бір өзгерткен емес: «Түзелмейді, табансыз, бағытсыз адам, ешнәрсе шықпайды одан» дейді қысқасынан.

Алексеев осы Азаматты адам қылып шығамын деудің жағында. Азаматты Жетікөл уезіне жібергенде, Алексеевтің ойынша Азаматтар қайтып оралғанда мықты өзгеріс болуға тиіс еді. Ол өзгерістің болуына Мәриямның қонақ күнгі оқиғасы да мықты себеп болатын сықылды еді. Бірақ, Азамат қайтып оралды да, бұрынғы күйімен жүре берді... Рас, Жетікөлде істеген жұмыстары бірсыпыра игі болды, бұл — Азаматтың түзелу жағына мықты адым сияқты еді, сол бетімен Мәриямнан ат құйрығын үзіп кетуге Азаматтың әбден жөні бар еді. Азамат оны істей алмады. Істеуін былай тұрсын, қонақ күнгі оқиғаны Жақып Азаматтың құлағына салғанда Азамат оны азғырынды сөзге жорып, айналып та қарамады...

Осының бәрін ойлай келіп, соңғы әзірде Қайша да бұдан түңілген секілденіп, Азаматпен бұрынғыдай шүйіркелесіп сөйлесуді сиретермін деп өзіне серт берген секілді еді. Сол сертін орындап біраздан бері салқын ғана ұшырасып жүр еді. Оның үстіне Азаматтың бүгінгі босаңдық көрсеткендері себеп боп, Қайша шын өкпелеп келе жатыр еді. Азаматтың сөйлескісі келгенін сезіп, Қайша таза үндемей қалудың ретін таба алмады. Сөйлемей қалса, Азаматты қатты ренжітетін секілденді.

— Өкпелемеймін. Өкпелеп қайтейін... Бірақ, түзел. Адам бол, — деді Қайша күрсініп.

— Маған осы не істе дейсіңдер, соларыңды ғана ашып айтшы, — деді Азамат бұрылып.

Қайша үндемей, бұл сөзін ұнатпаған адамның пішінін көрсетіп, теріс бұрылды.

ТЫРНАҚ

Соңғы әзірде кеңсеге Азаматтан бұрын баратын адам сирек болады. Кеңсенің жұмысына тістесіп жабысты. Орындалмай жатқан жұмыс болса, салқындық қылып жүрген қызметкерлер болса, бетің бар, жүзің бар демей қырқып жіберетін болды. Мекеменің приказ жазылатын книгасына соңғы әзірде күніне үш-төрттен приказ жазылатын болды. Талай адамдарға сөгіс жариялады, талайлар жұмыстан шығарылды... Ячейка хатшысы Николаевпен мидай араласып кетті. Бірінің кемшілігін бірі айтып, ақылдасып отырып дұрыстайтын болды... Әсіресе, осы жолғы ауылға барып келгендігі Азаматқа көп ой туғызды. Ауыл өмірінің шын суретін енді көре бастаған сияқты болды... Ана бір Арыстан дейтін бала... Оны қалаға кел деп шақырған Қайша мен Медеу екен. Шақырып алыпты да:

— Азаматқа барып жолық, — деп сілтеп қоя беріпті.

Адырақ көзді қара бала, тұлғасы үйге сыймайтындай боп серейіп Азаматтың үстелінің бір жақ бұрышын баса отырды. Шәукиген сақалды сары кісі, мына қара бала сияқты баса-көктемей, иба сақтағандай, қысылып-қымтырылғандай боп, мүгедектеп, босағада қалшиып тұрумен болды. Арыстанның мінезі Азаматқа бірден ұнады.

— Ал, Арыстан, сөйле!

— Сөйлесек, түнеугі жұмысымыздың тыйылтуы не болды екен деп келіп ек. Осы біз артель болдық па? — деді Арыстан күлімсіреп.

Арыстанның жұмысымен Азамат көп уақыт айналысты. Артель ашу жұмысы тап бұлар ойлағандай жеңіл болып шықпады. Кеңселердің «ертең келі» көп болды. Толып жатқан қағаздар жазылды. Ол қағаздардың бірер бөлімі Рақым жездейдің кеңсесіне де барып тіреліп, ол кеңседен қайтып шығуы күмәнға айналатын болды. Рақымды да «айыптауға» болмайды-ау. Қайдар сияқты ілік-шатысы бар ауылдан артель ашып беріп кедейлердің Қайдардан іргесін бөлу деген оңай жұмыс емес-ау. Осы әңгіменің жайын айтып келіп, «осы жерде бір сыналарсың» дегендей боп Медеу де телміре қалыпты. Бірақ, ол ойлағандай қысылатын, мүгедектейтін Азамат емес, кеңсесінде отырған күйі телефонды алды да, Рақым Шегіровпен сөйлеспекші боп бұрады. Бұрағанда Рақымның құлағын бұрап жатқан адамдай боп құшырлана бұрады. Рақымның гүрілдеп сөйлеген дауысы, Арыстанның жұмыстарына бөгет болған «себептерді» түсіндірмекші болғаны Азаматтың құлағына кірмеді, ол өз сөзін айтты:

— Орындайсың ба, жоқ па? — деді телефонмен.

Азаматтың үстеліне сүйеніп отырған Медеу айызы қанған адамдай жымың қақты.

Артель атына соқа, қарыз ақша, тұқымға шейін алынды. «Қоңыр» ауылымен қатынасқа Медеу жүрді. Барып қайтқан сайын не істегені туралы баяндаманы алдымен Азамат тыңдайды. Азамат тыңдап қана қоймайды, соған ілігіп, сол ауылда істеліп жатқан жұмыстың уақ-түйегіне шейін танысып; өзі соның ішінде қайнап жүрген адам секілді. Алексеев болсын, Қайша болсын, кездесе қалғанда, «сен не істеп жүрсің?» деп бір сұраған емес. Азаматтың істеп жүрген жұмысын білмей ме-ау, білсе де қызықпай ма-ау, болмаса Азаматтың сол жұмысты тындырып шығатындығына сенгендіктен араласқылары келмей ме-ау, әйтеуір өздерін шет ұстаған адам сияқтанады...

..Азамат кеңсесіне келгенде, Медеу мұны әлдеқашан келіп тосып отырған болды.

— Дұрыс келдің, реті болар-ақ, — деді Медеу Азаматқа қолын созып.

— Ал, Медеуім, артель қалай болды?

— Жұмыс қызды, дау да қызды... Ыбырайым шалды білесің бе? Жаппасбайды білесің бе? Сол екеуі «Қоңыр» ауылын қырық пышақ қып қырылыстырып, мүддесіне бір жетті. Ыбырайым шалдың иығына жақын арада бір жаңа шапан ілікті. Қайдардың берген сыйы болар... Артелімізден төрт үй бөлініп шығып кетті. Шыққандардың біреуімен Тобақабыл төбелесіп те алды... Дұрыс, түсінем, реті келді-ақ, сөзімді бөлме. Мен жүрген жерде бұзықтық болмайды... Кеше артельдің соқасын шығардық. «Күздік ағаш» дейтін бар, Қайдарға тәндеу жер болатын. «Тән» деп... Бай иттің бауырына баспаған жері бар ма?.. Жерінің несін айтасың, көрсең, өзің де қызығасың... ә... Тоқта, тоқта, Азамат, сен ашуланбай, шыда. Тегіс айтып шығайын, ә?.. Артельдің егіні жақсы шығу керек. Сонда «Күздік ағашты» алмай тұра аламыз ба?.. Жауапты десең, мені тарт сотқа, артель соқасын апардым да, қасқита салдым дейді сол жерден!.. Кешегі менің қуанғанымды көрсең, Азамат! Қуанғаннан жылап жіберіппін. Қайдар маңыма келе алсыншы... Сабалақ жүнді ит құсап салбырап Әлібай ауылнай келіп жетті. Мен оны тәлкекке айналдырдым. Кеңес тілегіндегі ауылнай болса, үйтпеймін ғой, ондайға жыным келеді... Бір мезгілде белес астында ойбай шығып, даланы басына көтеріп барады. Шошып кеттім. Жүгіріп Тобақабылдың қасына келдім. Арыстан екеуін ертіп алып белеске шыға келсем, не көзіңмен көресің, қып-қызыл төбелес... Біреулердің бөркі ұшып түсіп жатыр басынан, біреулердің өзі серейе құлап жатыр. Біреулердің қолында сынған сойылдың жұрнағы жүр шолтиып. Қым-қиғаш шабуыл. Ат тұяғы ескі жердің топырағын аспанға зеңбірекше атады.

— Ия, совет болам! — деген Жаманқұлдың дауысы құлағыма шаңқ етті...

Жаманқұл дегенді биыл барғанда көріп ең ғой. Жайшылықта үндемейтін жігіт. Қызып кетсе, оған пар келетін жігіт сирек. Маңдайы қасқиып, сойылды сілтеп жүр екен сабазым... Мен де қызынып, аттың басын ыңғайлап-ақ алып ем, Арыстан алдымнан кес-кестеді:

— Медеу аға біз арашашы болайық, — деп.

Келдік, біздің жігіттер қойға тиген аш бөрідей, келгендерді жайратып-ақ салыпты. Ыбырайым шал шекесінен аққан қан сақалын жуып, анадай жерде отыр екен, мені көріп тағы көпірінбесін бе... Ашуға тығылғаннан ба екен, дауысы қырылдап шықпайды.

— Өшір үніңді, қақпас, өлтіре салармын!— деді Ержақып оған сұрланып.

Ержақып Ыбырайым шалдың немере інісі. Төбелес басталар кезде Жаппасбай бар екен, кәзір үшті-күйлі жоқ. Қайдарға кеткен шығар десті жұрт.

— Қайдар бізден кек алам деп қағаз бетін шимайлап жатқан болар; әйда, жігіттер, не тұрыс бар, болар іс болды, не болса да енді соның өзін жайратып тынайық! — деді Ержақып.

Жаманқұл атына мініп-ақ алды. Басалқы айтып көріп ек, тыңдамай, бес жігіт сайланып, Қайдардың ауылына тартып берді... Тоқта, тоқта, қорықпа, Қайдар аман. Ол залым оңай өлер ме, қашып үлгіріпті...

Медеу ентігіп, тығылып, сөзінің аяғын бітірмей бірсыпыра отырды.

— Ал, не айтасың, жолсыз дейсің бе? Басқа кісіге жолыққам жоқ, тура саған келдім. Қайдар бастаған қырық, елу адам, олар да қалаға келіп кірді. Құдіретінен келсе, осы жолы мені аямас... Жұмысым дұрыс па, бұрыс па білмеймін, бірақ осы жұмыспен қаралансам, онда менің біткенім...

Медеу осыны айтып қалтыранды. Әлсін-әлі Азаматтың бетіне қараумен болды. Азамат төмен қарап, тұнжырап бірсыпыра отырып қалды.

Енжарланған пішінмен есіктен Алексеев кірді:

— Ау, Медеу, бұл не жұмыс? Тұс-тұсынан телефонмен шылдыратып құлағымды тұндырды...

Азамат кенет басын көтеріп:

— Жоқ қата, Медеуде айып жоқ. Артель жігіттері де айыпсыз... Сүйтпесе болмайды... Мен өзім жолығайын,— деп Азамат орнынан қозғалды.

— Дұрыс, реті келеді-ақ! — деп Медеу жайраңдап о да тұрды орнынан.

Көше бойында Азаматқа Қайша кездесті. Жүзі қуқылдау. Бұдан бір рет бұрын осы Қайша Азаматты көрмегенге салынып, Азаматпен ұшырасудан қашқан адам секілденіп, екінші көшеге бұрылып кетіп еді, тосып алғандай болды.

— Медеудің хабарын білдің бе? Соны түрмеге жаппақшы болыпты деп қала шулап жүр ғой, — деді Қайша солғын ғана.

— Кім жабады Медеуді? Медеуді жапқызып мен қарап отырмақпын ба?.. Шатаспасын жұрт, — деді Азамат шатынап.

Өзі Қайшаға қарамай, әлдеқайдан біреуді көзімен сүзіп іздеген сияқтанып тұр.

— Сен ашуды қой. Барған жеріңде жайыңмен ғана сөйлес. Қызамын деп бүлдіріп аларсың. Бар, тұрма,— деді Қайша Азаматтың қолын ұстап.

Азамат губерниялық сотқа келді. Есік алды үймелеген кісі екен, солармен иық қағысып өтіп үйге кірем дегенде, біреу Азаматтың қолына жабысты.

— Жақсы келдіңіз, мырза... Сізді іздеп Қайдар үйіңізге кетіп еді, кәзір келеді, келеді, — деді әлгі кісі.

Бұл — «Қоңыр» ауылындағы Жаппасбай пысығымыз еді. Азамат оны танып, қолын сілкінкіреп босатып, үйге кірді.

Губерниялық соттың қылмыс бөлімін басқарушы Жалмағамбет дейтін жігіт, тауқұдірет тұмсықтанған, қызыл шырайлы, тісінің бәрін алтынмен қаптаған, күлкішіл, кісіге жағымпаз адам болатын. Рақым жездейдің үйіне көп келетін кісінің бірі болғандықтан Азаматпен жақсы таныс еді. Сондықтан Азаматты өзімсініп, «Қоңыр» ауылының әңгімесі туралы істегелі отырғанын жасырмай айтып берді.

— Кәдірбаевпен де сөйлестім. Медеудің көрін қаздық. Бірсыпыра асауларын ұстап, жап деп милицияға бұйрық бердім, — деді ол күліп.

— Медеуді де ұстатасың ба?

— «Бандының» бастығы сол емес пе?..

Азаматтың жүзі қуқылданды. Жалмағамбет оның себебіне түсіне алмай жалтаңдап қараумен болды. Қайта-қайта шылымын ұсынып, күлкіге айналдырып Азаматтың көңілін тауып жөнелтем десе де, Азамат сазарып, илікпеген күйі үйден шықты...

Осы жұмыспен Азамат губкомға барып хатшыға сөйлеспекші болып тұрғанда, бұған Кәдірбаев кездесті. Кәдірбаев ертерек кезде «болашақ кадрымыз» деп, «бұл бір золотой жігіт» деп Азаматты жұрт көзіне дәріптеп, Азаматқа кездескенде, мұның иығына қол салып, жақын тартып үйіріле түсетін еді. Тап осы жолы состия қарап:

— Сен осы... Так сказать. Не істеп жүрсің? — деді.

— Мен кедей, батырақтарға артель ашып беремін деп жүрмін.

— Кедейіңді көріп отырмыз... так сказать...

— Сен, бірақ, дұрыс көре алмайсың ғой.

Кәдірбаев Азаматқа шатынап қарап, өз бөлмесіне кетті.

— Қане, хатшыға кіресің бе? Жүр...

Әлдеқайдан Қайша тап боп Азаматпен бірге губком хатшысының бөлмесіне кірді.

...«Қоңыр» ауылында болған оқиғаны тексеруге губерниядан комиссия шығатын болып, сол комиссияға бастық боп Шәймерден белгіленді. Шәймерден орнына Кәдірбаевтың ұсынған адамы Борсықбаев еді, губком хатшысы ойланып, Кәдірбаевтың бетіне қадалды:

— Сенің осы Борсықбаевың кім?

— Оқыған жігіт. Іскер. Партия мүшесі.. так сказать.

— Тағы айтарың бар ма? - деді Шәймерден күліп.

Соңғы әзірде осы Шәймерден губкомның жиылысынан қалмайтын болды. Губком хатшысы Шәймерденнің сөзін бағалайтындығын бірнеше рет іспен көрсетті. Мына жұмыс жөнінде де сонысы аңғарылды.

— Да, так сказать... — деді Кәдірбаев өз бөлмесінде отырып.

Келген әзірде Кәдірбаевтың қарқыны тау жыққандай еді. Губкомға байланысты жұмыстың көбі мұның алдынан өтуші еді. Кімді қайда қою, қай мекемені қандай кісіге басқарту туралы Кәдірбаевта белгілі бір жоба бар еді. Сол жобаны жүзеге асырамын деп келген әзірінде екі-үш айға шейін губерниядағы қол астындағы қызметкерлерді бір орнынан екінші орынға шұбыртып, сеңдей соғылдырып жүргізумен болды. Осы аударыспақ кезінде бірсыпыра қызметкерлер Кәдірбаевқа шын түпкі сырын айтып, Кәдірбаевтың дос-жарларының тобын көбейтті. Бірсыпыралары қиқайған күйі, Кәдірбаевпен жұмысы жоқ адамдай жоғары қарап, мұны адамға санамайтын пішін көрсетті. Кәдірбаевтың соңғы кезде қолға алғаны осы соңғыларды «ауыздықтап» ыңғайына иіру еді, осы қарсаңда өлкелік қызметте отырған бір жолдасының жұмыстан шығарылған хабары естіліп... Құр жолдас қана емес шыны ол бір тірек сияқты адам еді. Кәдірбаевтардың алған бағытының өзі де анау-мынау тірексіз өмір жүзіне асатын бағыт емес... «Бізде басқа бағыт жоқ, біз партия жолына құлмыз» — деп бұлардың ауызы айтқанмен, жүректің түпкірінде зілдей ауыр боп терең сыр, түпкі бағыттарының жібі жатады...

Кәдірбаев соңғы әзірде енжар. «Жік» мәселесі ашып сөйленіп, оңшыларға ашық таңба басылып Қазақстан жұртшылығы ондайларға соққы беруге кірісті. Оңға тартып жүргендердің кейбіреулері соңғы әзірде қатасын сезе бастаған секілденіп, сол қатасын қайтсем жуамын деп әлектеніп жүр... Кәдірбаев ше? Жоқ, Кәдірбаев әзірге мұның бәрінен де аман. Түпкі бағыты бір өзіне мәлім. Әзіріне таймай істеп жүр. Соққы тие бастайды екен, жалт беру бұған қиын емес-ау... Әңгіме істің принципінде. Ендеше мұқайтын әзір ешнәрсе жоқ. Губком хатшысы соңғы әзірде Кәдірбаевтың ұсынысын әбден тексеріп, анықтап барып өткізетін болып жүр, онысы да оқа емес. Сөйлесіп түсінісуге болады... Әңгіме сонау өлкедегі жолдастың орнынан алынуында болып отыр-ау... Да... так сказать...

Кәдірбаев ауыр күрсінді. Аз-кем ойланып отырып, телефон арқылы Борсықбаевпен сөйлесті.

— Әлішермісің? Я... Бір қызыл ауыз баратын болды... Я... так сказать... Ә... күйеу ме? Рақымға айт, оларды құдай атыпты. Осылай деп айтты де, өзі түсінер... Комиссия мүшелері — Жалмағамбет, сосын... басқармадан Мәжібаев... Солай, мен айтқан бар ғой.. Ә, «өзім барып қайтам» дейсің бе? Дұрыс, дұрыс, кеңсені таста, барып қайт. Үйге ие болсаңдар, сосынғысын көрерміз... Жалмағамбетке өзім де тапсырғам. Медеуді қорғап ұстатпай отырғанын үлкен материал қылсын. Осыны ұмытпа, жарай ма!..

МЕН ҚАЙТЕМІН ҚАЛҚАМ-АУ!..

...Сағат түнгі он бірді соққанда Азамат жататын бөлмесінің есігін аттады. «Жататын бөлмесі» дейтініміз — Мәриямның көрші бөлмесі ғой. Екі ортасында биіктігі — үйдің төбесіне жеткендей, кеңдігі — пар ат арбасымен сыйғандай үлкен сырлы ақ есік бар. Күнде бұл есік тарс жабулы болушы еді, бүгін адырайып ашық тұр. Кіріп келген ыңғайда Азамат та кішкене аңырайып тұрып қалды. Әйткенмен ойына басқа нәрсе алған жоқ, портфелін үстелге қоя салып, қораның ішіне қарап ашылатын екі терезенің екеуін де ашып жіберді. Май ішінің тынық түні. Қораның іші жаңа гүлдеп келе жатқан бақша ағашы. Ағаштың арасынан алтын сәулесін жылтыратып жаңа көтеріліп келе жатқан ай... Бөлмесінің шамын жағуды ұмытып, терезеге сүйенген күйі, табиғаттың тап сол минуттегі сұлулығына сұқтанып Азамат бірсыпыра кідірді. Сұлу табиғаттың суретіне сұқтана берсең, ойды сүйреп қайда әкетпейді, ойламаған жерден Азаматтың ойына ауылы келіп түсті, тап осы мезгілде ауылы Аршалының бойында отырар еді, ауылдың қақ ортасында Әлімбай қажының діндей-діндей боп үш ақ үйі тұрар еді, оған таяу ала-құла, сидиған жеке үйлер; олардан шетірек жапырайған, сопайған, қақиған қара лашықтар... Сол лашықтың бірі Күркілдек шалдың үйі... Тап осындай мезгілде Күркілдек шалдың үйінде жылтылдап от жанып жатады. Оттың қозына көміліп қара таба жатады. Қара табаның ішінде болпиған сары нан... Жалаң аяғын оттың сәулесіне бір қырындау көсіліп, ерніндегі насыбайын шырт түкіріп, Күркілдек шал отырады; табаның үстіне қызыл шоқты жайнатып, екі беті оттың қызуымен ісініп, жанындағы Азаматқа («Азамат» емес-ау, онда «Қожалақ қой») қарай түсіп Өлімсек отырады.

— Баланы жаман үйретіп... Не керек сол... — дейді Күркілдек.

— Қойшы. Қожалағымнан аяп не қылмақпын, жалғыз сиырдан мал жиып байымаспын, — дейді Өлімсек.

Соны айтады да, қара кебежеден бауылдықтанған бүйенді суырып алып, қара аяққа май салады, табадағы нанды алып, уақтап турап, бес саусақты салып тұрып былғайды.

— Бапа! Маған да бересің бе?— дейді төсекте жатқан Жауһар.

Жауһармен екеуі қара аяқты ортаға алады. Күркілдек пен Өлімсек екі балаға кезекпе-кезек қарап, бойлары көтеріліп, мәз-мейрам болады да отырады...

— Қойшы қайда?.. Уа, қараң батсын, қойшы!.. дейді жуан дауыс шаңқ етіп, адамның жүрегін зу еткізе түсіреді. Жуан емен таяғын сүйретіп, қотанды оралып қақшаңдап жүрген Әлібай қажының дауысы ғой бұл.

— Жағы қарысқыр!.. Дауысы жер астында шыққыр!.. Тым болмаса балаға тыныштықпен тамақ та ішкізбейді...— деп Өлімсек без ете қалады...

— Сен бүгін үйде жата ғой, қалқам, қойды мен күзетейін, — деп ескі шидем күпісін сүйретіп Күркілдек шал үйден шығады.

...Бұл — ауылдың көрінісі... Бұл — Азаматтың балалық өмірінің көрінісі... Осы көрініс нақ қазіргі минутта көз алдына елестеген соң Азамат ауыр күрсінді.

— Да?.. — деді Азамат.

.. .Біреудің жалаңаш білегі келіп Азаматтың мойнына жыланша оралды. Ой билегендіктен өзін-өзі ұмытып отырған Азамат кенет сескеніп кеткендей болды.

— Неге сескендің, мырзам, әлде ұнатпадың ба? — деді.

Бұл — Мәриямның дауысы, қол да соның қолы еді. Азаматтың иығына асыла, бетке-бетін тигізіп, Мәриям да қарады сыртқа.

— Не деген жақсы түн!.. Адам өмірінің жұмағына меңзейтін түн ғой бұл!.. Мына түнді ақын болып суреттер ме еді?.. — деді Мәриям күрсініп.

Мәриямның ойы минутында мың толқып, әлдеқайдағы «ескірген» суреттерді елестетті. Соның ішінен тап осындай бір түнді елестетті. Онда Мәриямның Азаматқа тимеген кезі ғой. «Қыз» қазақ атанып, «қазақ қызы» аталып, көрінгенге «үлгі» беремін деп жүрген кезі... Осы Қарасай қаласында ауызға ілініп, атағы шығып жүрген Тайжан деген ақын Мәриямды қолтығынан демеп отырып, Қарасайдың қалалық бақшасының ең бір қалың жеріне апарған ғой... Оңда да ай тап осындай болып, бұтақ басынан күміс сәулесін жылтыратып тұрып еді...

«Күміс айдың сәулесі,

Күлімдейді мен күлем.

Күлдім... Әкел бетіңді,

Сүйем, сәулем, мен сүйем!..» —

деп еді Тайжан ақын.

Мәриямның беті онда да, тап осы тұрысындай, ақынның бетіне тиіп тұрып еді. Мәриям сүйгізуге бетін ұсынғанда, «ай сәулесін түсіріп сүйемін» деп, Тайжан ақын дөңгелек сәуленің бетке түскен жерін дәлдеп тұрып сүйіп еді... Азаматтың күрсінгені секілді, Мәриям да күрсінді. Азамат күрсінгеніне дәлел іздеп азаптанбап еді, Мәриям іздеді; күрсінген себебін айта бастады.

— Жас жүрек тілкем-тілкем жара!.. Не болам бара-бара?!.. Осылай болар деп ойлап па едім?.. Менің бақытымды ұрлаушы кім? Неге аямайды мені?.. Мен де адам емес пе ем?.. Мен де қазақтың қызы емес пе ем?.. Менде де жүрек бар емес пе еді?.. — деді Мәриям өлімсіреп, булығып.

Демі ысып, жұқа ерні Азаматтың бетіне жабысты. Бүртіктенген ыстық жас Азаматтың бетіне тамып, иегіне қарай сырғанады... Азаматтың тәтті ойын бұзып жіберді. Ойын бұзғаны үшін Мәриямды тап сол минутта ит етінен жек көрді. Мәриямның ыстық лебі тікенектей қадалды. Терезеден тұрып кетейін деп еді, Мәриямның жұмыр білегі мойнына шынжырдай оралып, жіберетін болмады.

— Түу, Мәриям-ай, не болды саған?.. Бала болып кетесің бе?.. - деді Азамат ұнатпаған пішінмен.

— Қайтейін, қайтейін... ішім күйіп барады... Өртеніп бара жатқан сияқтымын. Түн күзетіп отырғаным... Аясаң қайтеді!..— деді Мәриям.

Мәриямның құшағынан босанып шығып, Азамат электр шамды жарқ еткізді. Шамның жағылуы-ақ мұң екен, Азаматтың көзі бөлменің ішін жағалай кезіп шарқ ұрды, бөлме өзгеріпті де қалыпты, мына пеш жанында тұратын кереует үшті-күйлі жоқ. Төр жақ қабырға жалаңаш еді, оған масатыдай құлпырған ұзын түрікпен кілемі ілініпті. Кілемнің тұсына ұзынша, плюшпен қапталған диван қойылыпты... Үстелдің үстіне шейін өзгерген: үстелдің үстіне көк мауыты жабылыпты, бұрынғы қоқысып жататын кітаптың бірі де жоқ, бұрышына таман ысырылған Мәриямның суреті қайтадан үстелдің қақ төрінен орын алыпты; оған таяу Азаматтың өз суреті. Жазу аспабы түп-түгел жаңадан әкелініпті...

— Бұл не, Мәриям-ау? — деді Азамат аң-таң боп.

— Көріп тұрған жоқсың ба? — деді Мәриям салқын дауыспен.

— Кереует қайда? Мен қайда жатпақшымын?

— Қайда жатқан несі?.. — деп, Мәриям Азаматтың бетіне туралап қарады .— Төсегіңе жатасың... Төсегің бар емес пе?..

— Кітаптарым қайда? Менің жатқанда кітап оқитынымды білмейтін бе едің?

— Неге білмейін, білем, бәрі де әзір, жүр, көрші! — деп, Мәриям Азаматты өз бөлмесіне қарай қолтықтай жөнелді.

Шабан аттай тартыншақтанып Азамат барды: Мәриямның кереуетінің бас жағына тағы бір үстел қойылыпты. Ол үстелдің үсті текшелеп жиналған Азаматтың кітаптары.

— Міне, мынау — төсегің, мынау — кітабың, мынау — шамың, жат та оқы! — деді Мәриям.

— Сен қайда жатпақсың? — деді Азамат түсіне алмай.

Азаматтың бетіне өткір көзін қадап, Мәриям бірсыпыра тұрды. Азамат төзе алмай төмен қарап кетті.

— Пожалыста, айтып берші, мен осы сенің кіміңмін? — деді Мәриям кекете сөйлеп.

Артынша дауысын өзгертіп:

— Жастық болған шығар. Біріміздің-біріміз қадірімізді білмеген шығармыз... Мүмкін сен әлі де білмейтін шығарсың... Бірақ, мен сенің ол қатеңді кешірем. Мен қадірлей білем сені... Мен жастықтан өтіп барам... Әлі сезбей жүрсің бе, мен балаға ана болуға айналған жоқпын ба? — деді.

Соңғы сөзді, әсіресе, аянышты дауыспен айтты.

Азаматтың тұла бойына әлдене жорғалап, қалтыратып жіберген секілді болады...

...Екеуі бір төсекте. Азамат кітап оқып жатыр. Азаматтың білегіне мойынын салып алып, талақтай жабысып Мәриям жатыр.

— Менің тілегенім осы өмір емес пе еді?.. Арманым жоқ, ризамын! — деп, Мәриям Азаматты құшақтап қыса түседі.

— Әй!.. — деді Мәриям бір кезде: — Бері қарашы... — деп, Азаматтың бетін кітаптан шығарып, өзіне қарап бұрды. Сүйтті де, Азаматтың көзіне көзін қадап:

— Сен әлі сезген жоқпын дейсің бе? Шынымен сезген жоқсың ба?.. — деді күлімсіреп.

— Қойшы, Мәриям... Ертең докладым болатын еді, әзірленбесем болмайды, — деп Азамат іргеге қарап аунап түсті.

..Азамат өзінше Мәриямға салқын тарттым деп ойлады. Солай болуға тиіспін деп серт те беріп еді. «Қоңыр» ауылында болған оқиғадан кейін Шәймерден комиссия болып барып, Медеулерді ақтап, Қайдарды айыптап келгеннен кейін Азамат пен Мәриямның арасында үлкен әңгіме туған болатын. Мәриям қызулық істеп, баяғы қол қойылған он сегіз буынды шартты суырып шығарған болатын. Бірақ Рақым жездей мәселенің тап осы жерде бітуін бірер себеппен тым ертеге санап, араға дәнекерлік істеп бұл екеуін қайта бүтіндеп жіберген сияқтанған. Содан былай Мәриямға салқын тарттым деп Азамат ойлағанмен, іс жүзінде сол Мәриямның айтқанын орындамауға амалы жоқ кісі секілді еді. Мәриям содан былай өнердің неше түрлісін шығарды; Мәриямда кішіпейілділік пайда болды, қонағын сиретті; Азаматты аяқ ұшынан жүріп күтетін болды, Азамат кеңсеге баратын болса Мәриям ұшып тұрып оның киімін алып береді, портфелін қолына ұстатады; «Тоқта, көйлегіңнің мына бір қыртысын жазайын, жағаңды былай қылып дұрыстап қой» деп, Азамат үйден шыққанша Мәриям Азаматтың киімін оңдаумен болады. Азамат бірсыпыра жерге барғанша, ол артынан қараумен тұрады. Азамат кеңседен келер кезде де Мәриямның есік алдында күтіп тұрғанын көресің. Азаматтың көзі түсе бергенде-ақ Мәриям шырайын өзгертеді, қылымсып, күлімсіреп қарсы алады.

— Қойшы, Мәриям... Қарсы алған деген не?.. Ұят қой, — дейді кейде Азамат ұнатпай.

— Ұятты қайтейін... Сенің алдыңнан кімімді шығармақпын? — дейді Мәриям одан бетер майысып.

«Апырым-ай, осының өзі бара-бара не боп барады? Бұрынғы іріліктен айырылды. Менің үстіме түседі де отырады... Менсіз отыра алмайтын күйге жетті-ау..» деп, кейде Азамат ауыр ойға да шомады...

Осы сияқты мүсіркеудің салдарынан Азамат Мәриямға қайта жетектеліп, ілік-шатыстарына тағы да қонаққа жүретінді шығарды. Қонақта кімдер болатыны бұрыннан таныс. Бастығы Кәдірбаев болып Азаматты алғашқы кезде салқын қарсы алса да, арт жағынан тағы мидай араласып бара жатқан сияқты болды...

...Майдың аяқ кезінде Азаматқа ұзақ сапар кездесті: жер бөлісі туралы бір уезге өкіл боп баратын болды.

— Қалқам-ау, мені қайтесің? — деді Мәриям үрейлене қарап.

— Қайткені несі? Мен бірер айда оралып келмеймін бе?..

Азаматтың ойына баяғы «шарт қағаз» тап осы жерде кілтесінен түсе қалғаны. Ол ауызға алынса, Азамат еріп бауырына алып туламақшы еді. Одан кейін Азаматқа сөз тыңдату қиын болар еді... Мәриям үйтпеді. Мәриям Азаматтың қасына келді. Иығына қолын салды, аянышты түрмен бетіне қарап:

— Қалқам!.. Мен сорлы болдым ғой... Мен сенсіз бір минут тұра алмайтын күйге жеттім ғой... — деп Мәриям қамықты. Тікірейген кірпігі жыпылық атты. Көз жанарына жас іркіліп, сынаптай бүртіктеліп, беттен домалады...

Азамат шын аяп кетті. Мәриям кішірейіп бас игелі Азамат жоғары қарап кетіп еді. Енді, мына кез алдында жылап тұрған Мәриям панасыз бір нәресте сықылды көрінді. Мұны есіркемеушілік — тас бауырлыққа жататын сияқты болды. Үйдің ішін кезіп, ерсілі-қарсылы бірсыпыра жүрді де, Мәриямның қасына келді. Қалтасынан орамал алып Мәриямның көзінің жасын сүртті.

— Қойшы, Мәриям, жыламашы... Тастап кетпеспін. Нақа болмаса, уездік қалаға шейін ала барамын... Елге шығатын болсам, бірге жүремін деп өзің де айтпассың, — деді Азамат.

— Қайтейін, қалқам... өзің біл!.. — деді Мәриям күрсініп...

Осы сөз Азаматтың аузынан қапыда шыққан сияқты болса да, Мәриямның іле жауап беріп үлгіргендігі, «өзің біл» деп еркінің бәрін Азаматтың қолына толығынан бергендігі — бұл сөзді пысықтап, енді бұдан бұлқынып шығу деген қиын сияқтанып қалып еді. Әйткенмен Азамат онша абыржи қоймай, «жүргенше бәлкім, бір жөні болар» деп өзін-өзі жұбатып, жүруге тақалғанға шейін бұл әңгімені қайтып қозғаушы болмады.

КЕКТЕСТІРГЕН ЖЫР

Қарасай қаласының ескі өміріндегі көз тартатын үйдің бірі осы Жүндібай қажының ақ үйі болса, ақ үйдің көркін келтіретін сырлы сарайлар, темірмен қаптаған сарайдың көк есіктері. Сарайлардың алдындағы кең алаң шамалы қаланың базар орнының аумағындай. Мал баспаса да, адам жүрмесе де бұл алаңда қылтанақ шөп көрмейсің. Кәрібай дейтін шүңірек көзді қара шал самайынан тері шұбырып, талдап буған сыпырғышты иығына салып, алаңға түскен шөп-саламды қақшумен тұрады. Сол алаңға әлдеқалай бір қылтанақ түссе, Кәрібай шал өз көзіне түскеннен жаман ышқынады. Ышқынбай қайтсын-ау, Рақым мырзаның ала көзімен бір қарағанының өзі Кәрібай шалға өліммен тең. Сыпырғышын сүйретіп осы қақпаға кіргеніне он бес жыл толып өткен екен, содан бері ұрыстың, сөгістің, жекірудің неше атасының ұлын басынан өткізді. Ендігі тілегі — ендігі қалған жасында сүйек сырқыратарлық сөз есітпей, жан тапсырсам деу ғана. Осыдан басқа тілек болады дегенге Кәрібай шал түсінбейтін керең секілді.

Кәрібай шал, кейде, Азаматқа кездесіп қалып жүрді. Кәрілігіне қарамай өзінің иба сақтағыш, басқаға рұқсат көрсеткіш мінезі бар. Азаматқа кездескенде, оң қолын төсіне қойып, басын иіп, күлімсіреп қарсы алады. Осы кісіні бірінші көргеннен-ақ Азаматтың есіне өзімен ауылдас Нұрыш дейтін түсетін болды. Нұрыштың түрі де тап осы кісіден айырып алғысыз еді. Сақалының дөңгелене бітуі, самайындағы бурыл ақ, сөйлегенде екі қолымен кезекпе-кезек желкесін қасуы — бірде-бірі Нұрыштан аумаған-ау. Жалғыз ғана өзгешелігі — Нұрыш, бұл Кәрібай сияқтанып кісіге жағынуыңды, сайлауыңды білген емес. Сол мінезі үшін ол Әлімбай қажының аулындағы бірінші «сотқар», «бұзық» атанып, нақақтан болса да пәле жабысып, екі күннің бірінде «шығын таяққа» ие болып қала беретін.

Жүндібай қажының үйінің салтына қилап болса да, Азамат соңғы кезде осы Кәрібаймен сөйлесетін болды.

— Е, Кәреке, күйіңіз қалай? — деп Азамат жақындай түссе, Кәрібай шал жымыңдап:

— Өлмеген соң жүрміз ғой, шырағым, — дейді.

Осыны айтуын айтса да, біреу естіп қалмады ма дегендей жан-жағына жалтақтап, дауысын бәсеңдете түсіп:

— Күйім неге жаман болсын, жаман емес қой, — дейді.

Соңғы сөзді айтқанда жүзі құбылып, күлімсіреген пішін жойылып, маңдайының қыртысы жүлгелене түскен сияқтанады.

— Кәрекеңнен не күй сұрайсың, өлмеген соң жүреді де, — дейді Жақып бір бүйірден кездесіп.

...Жаздың тамылжыған түні Кәрібай шалды сасық подвалда жатқызбай, еріксіз далаға жетектейді. Көше жақ сыртта, қақпаның жанында ұзын орындық бар. Кәрібай шал жаз бойы түннің көбін осы орындықта отырумен өткізеді. Орындықта отырып, көкке қарап көз салса, төңкерілген қазандай дөңгеленген аспанды айқыш-ұйқыш жұлдыз безеп, аздап ескен самал леп қақпа алдындағы теректердің бұтағын сыбдырлатады. Сонау көп жұлдыздың бәрінің де аты бар, сұрасаң Кәрібай шал бәрін де айтып береді. Бала күнінен жылқы бағып түннің бәрін күзетпен өткізіп жүргенде, жұлдыздан басқа ермегі де болған емес қой.

— Солай... біз не көрмедік?! — дейді Кәрібай шал күрсініп.

Жиылыстан кешірек қайтқан түні Азамат қақпаның түбінде отырған Кәрібай мен Жақыпты көріп, солардың жанына бұрылады.

— Ал, Кәреке, басыңыздан өткен күндердің бірін айтып жіберіңізші, — дейді Азамат.

Бастан өткен күндерін жыр қылуға Кәрекең бұрын жомарт емес еді, үйткені сол күндердің бәрі де осы ақ үйдің иесі Жүндібай қажыға байланысты-ау. Оны жыр қылғанда Жүндібай қажыға тіл тигізбей қалай өтерсің? Кәрекең осы жағын ойлап қаймығып, бұл жырды өзі өлгенде жүрегінде сыр ғып сақтап өлмекші еді. Бірақ, біраздан бері осы Азаматқа үйір болды да, тілі ашылып, сөзге үйірленіп, өткендегіні еске түсіргіш болып, шет-бұшпақтап қана айтпақшы болып отырып, ақтарады да алады.

— Міне, есіттің бе? Бұл Жүндібай сондай кісі болған!.. — дейді Жақып Азаматтың есіткенін пысықтап.

— Ойбай, қарағым-ай, көрінде өкіргір қажының бізге көрсетпегені бар ма еді?— дейді Кәрекең ышқынып.

Дейді де, есіне бірдеме түсіп кеткендей жан-жағына жалтақтап қарайды.

— Қорықпаңыз, Кәреке, енді өлмеспіз! — деп, Жақып оны тыныштандырады.

Жүндібай қажының ілік-шатысын, үрім-бұтағын жіпке тізіп, солардың не істегендерін Кәрібай шал сайрайды да отырады.

— Міне, есіттің бе? Осындай адамға Кеңестің топырағын бастырып, осындай адамға Кеңестің нанын жегізіп?!. — дейді Жақып құшырланып.

Кәрібай шалдан көрі мұның екпіні күшті, Маһирамен қосылғаннан бері жиылысқа қатынасып, сауат ашу мектебіне жазылып оқи бастағанына екі айға толып келеді. Кеңес үкіметіне тән нәрсені өзімсінетін сезім мұның ойында қылтыңдап бас көтере бастаған секілді...

— Шырағым, ұйқың келген шығар, үйге барып жат... Біздің сөзге айналдырғанымызды сезсе, Мәриям шаңымызды қағып жүрер, — дейді Кәрекең күрсініп.

Азамат төсегіне жатса, Мәриямның демі тікендей қадалады. Бірсыпырадан бері Мәриямға деген ашуы сирей түскендей болып еді, мына Кәрекеңнің жырын есіткеннен кейін ол ашу қайта қозып, ашу ғана емес, қандасқан кекке айналған сияқтанып па-ау, Азаматтың Мәриямға деген жүрегін таза суытып еді. Кәрібайдың жыры есіткен кісінің құйқа тамырын шымырлатарлық. Ескі күйді көз алдына сәулелендіріп беруге Кәрібайдай шебер адам сирек болар. Азамат төсекке жатып, көзін жұмса, жыр суреті, сондағы қиналған жан, күрсінген кедей-батырақ көз алдынан тізбектеліп өтіп жатқан сияқты болады.

— Міне, біз соны да көрген кісіңбіз! — деген Кәрекеңнің дауысы сол суреттің айдаушы иесі сықылданып, шыңылдап құлақтан кетпейді... Азамат өз-өзінен жатып терлейді...

ТҮЙІН

...Шатақтың үлкені сағат сегіз шамасында басталды.

Күн көтеріле прислуга әйел бақша жақ терезені ашады да, үйдің ішіне салқын самал соқтырады. Сол минутте төсекте жатып, бірер есінеп Мәриям сығырайтып көзін ашқанда, алдымен бақшаны көреді. Шарбыдай теңбілденіп түскен күн көзі, көгерген жапырақ, жапырақтан тамшылаған бүртіктенген шық суы... күнде көріп көз тойған сурет қой деп Мәриям бұдан жерінбейді, үйткені Мәриям өмірінде осы бақшаның, бақшаға тура ашылатын мына терезенің тарихы бар. Ол — Мәриямның өзіне ғана белгілі бір сыр.

Мәриям бүгін де бірер есінеп алып, бақшаға қарап телміріп еді, бақшаның күндегі суретінен өзгеше бір нәрсе елес берді. Кеше кешке Азамат жиылыста болды да (ұшы-қиыры жоқ жиылысқа кездесті ғой Азамат), Мәриям осы терезеге асыла отырып, ойға шомды. Ойлаған сайын ойы боталай берді: біресе келешегі мына қараңғы түндей қап-қара секілденеді, біресе жылтыраған бір жарық сәуле бар сияқтанды... Мәриям деген кісіңіз «тұрмыс қызығынан» басқаны есіне алмай өскен ғой. Рақым жездесі қайдағы жоқты шақырып, Мәриямды саясатқа қатынастырмақшы болып, саяси жұмыстарына осы Мәриямды құрал қылмақшы болып, әуреге салып қойғаны. Бұл ойын Рақым Мәриямнан еш уақытта жасырған емес. Мәриямның Азаматпен танысуы да осы Рақым жездейдің сілтеуімен болғандығын жоғарыда айтып ек қой...

Сүйтіп Мәриям ой теңізіне шомып, сол теңізге батып бара жатқан адамдай өзінен-өзі үрейленіп отырғанда бір жұмсақ қол келіп Мәриямның білегінен ұстағаны... Мәриям селк етіп шошып, дауыстап жібере жаздап, Рақым жездесі екенін білген соң жайлана түсіп, әйтсе де наз қылайын деген кісідей:

— Түу... Жезде-ай, бала болып кетемісің?.. «Үйге кіремісің? Қолыңнан тартайын ба? — деп Мәриям ыңғайланса, Рақым жездей ауыр күрсініп, терезеден алыстай түскендей болады...

Рақымның айтуымен терезе жабылып, шам жағылып, Мәриям үйреншікті қалыпты күткендей болса, Рақым жездей сонау бұрыштағы үстелге сүйене отырып, көзін жерден бір алмайды. Мәриямның ойында тағы қобалжу. «Нем ұнамады?» деген күдікті сұрау. Мәриямның ылғи осы жездесінің сынында жүрген адам сияқтанатыны несі? Жездесі дегенде жүректің өзі де бөлек-ау, жүректің нақ сол минутте соғуын тыңдасаң, дүрсілі шапқан аттың дүбіріндей. «Айдай әлемге жете берген бұл не қылған жүрек?» деп тергеп жүрмеңдер. Солай деп кейде Мәриямның өзі де ойлайды... Қайткенмен де осы жездейге дегенде бар ғой, әйтеуір, не деп айтсам екен?..

Мәриям телміре қарап, ауыр күрсінсе, жездесінің бүгілген басы көтеріліп, сығырайған көзі кенет үлкейген сияқтанады.

— Мәриям! — дейді жездесі салмақты дауыспен. — Айтудан арман қалды ма? Түсінгендей болдың ғой, не болды саған? Қашан адам боласың? Қашан ширайсың?..

Осыны айтып Рақым жездесі күрсініп, маңдай терісі жүлгеленіп кіржие түсіп, Мәриямның жүзін көргісі келмеген адам секілденіп шетке қарап бұрылады. Мәриям, өлімге бұйрылған адамдай, екі қолды бос салып, жездесінен көз айырмай, соның әрбір сөзінен мың түрлі мағына ұғынуға тырысқан адам секілденіп отыр. Бұрын жездесі «ақыл» айтқанда, айтқанының бірін ұғынбаса да, жездесінің көңілі үшін Мәриям ұғынып отырған адамның қалпын көрсететін ғой. Кәзір олай емес, қазіргі Мәриям пісіп, қайтып, ширап қалған Мәриям сияқты, жездесінің не айтқалы отырғанын, оның түпкі тамыры қайда тірелетіндігін біраздан бері Мәриям сезетіндей болған жоқ па?..

— Мәриямжан, көп айта беріп қайтейін, сен үмітті ақтамадың... — деп жездесі бастап келе жатқанда-ақ:

— Бәтір-ау, енді, не бол дедің, болдым,— деп Мәриям бірден кейістік білдірді.

— Бола алмадың! — деді Рақым дауысын көтере сөйлеп, — Азаматтан айырылып қалып отырсың. Азамат бізге шабуылға кірісті. «Қоңыр» ауылындағы оқиғаны есіткен жоқсың ба, партия ұясы, комсомол ұясы ашылып, кедей-батырақ ұйымдасып, Қайдардың екі аяғын бір етікке тығуға айналды. Қайдардың соңынан ергендер жұртшылық істеп, «бұзықтарға» тыйым салмақшы болып еді, Азамат оған да қарсы түсті. Ол ойыншық-ау, осы жұмыс жөнінде Кәдірбаевпен, Жалмағамбетпен байланысқанын білесің бе? Бұдан масқарашылық не бар?.. Олар бізге сеніп, біздің қолымызда отырған соң Азаматты өзімсініп, барлық сырларын ашып берген... енді, өзімізбен тұрмай кесірімізді соларға да тигізетін болдық...

Рақым мұны айтып бұрынғысынан да ауыр күрсінді. Бұл күрсініс Мәриямды жаман ышқындырды.

— Жездеке-ай, қайтейін енді, менің аянған жерім болды ма, сірә?!.. — деді Мәриям, қысылғаннан жылап жіберіп.

Жездесі Мәриямға аяушылық еткендей аздап жүзін жылытып, дауысын бәсеңдете сөйледі:

— Аяндың демеймін, балалығың бар, бостығың бар, мен соған кеиймін... білесің бе? — деді Рақым жездей кенет.

Кірпігінен жас сорғалап, Мәриям жездесіне телміре қалды.

— Азамат жер бөлісіне шыққалы жатыр!..

— Білем, — деді Мәриям өлімсіреп.

— Білгенмен түсінбейсің, — деді жездесі, — бұл сұмдықтың басы. Бұдан арғы біздің өміріміз жанталасқа айналғалы тұр. Азамат Қаратау уезіне шығады. Қаратау уезінен Сулы болысын таңдап алатындығында сөз жоқ. Бұл — Борсықбаевтың елі, түсініп отырмысың? Біз соққы көрсек, Кәдірбаев, Борсықбаевтарға паналаймыз. Ал, оларға соққы тисе, олар кірленсе біздің күніміз не болмақ?.. Сонда, қысылғанда Азамат бізге тал болуға жарар ма? Сүйеудің орнына өзі жардан құлатып жүрмес пе? Осыны сеземісің?..

...Көп сөйледі Рақым. Қауіп-қатердің бәрі көзге елестеді. Көзге елестегенде Мәриямның тұла бойы қалтыранды. Осы екен өмірлері!.. Келешегі солай екен!..

— Осы балалығың да жетер. Істеймін десең, қолыңнан келеді. Саған сенем. Әсіресе әлгі айтқан бар ғой?!.. Түсінесің ғой, ә?.. — деді жездесі Мәриямға телміре қарап.

Мәриям сұрланған күйі басын шұлғыды.

— Ия, солай екен келешек.

...Әлгі терезенің ашылуынан басталып кетіп жатыр-ау. Мәриям терезеге телміргенде, осы айтылған сөздер түйдектелген қара бұлттай қаптап кеп Мәриямның ойын бөлді де, ол бірсыпыраға шейін соны талдап тексерумен шұғылданып, басқаның бәрін ұмытқан сияқтанды.

Бір кезде көрші бөлмеде сылдыр естілгендей болып, Мәриям басын көтеріп алса, көрші бөлменің шала жабылған есігінен біреудің жүрген аяғы көрінеді. «Азамат қой, бұл неғып ерте тұрды? Не істегелі жатыр өзі?» деген ойдың келуі-ақ мұң екен, Мәриям ұшып тұрып, көрші бөлменің есігіне жетіп-ақ барды:

— Әй, сенбісің? Не істегелі жатырсың?..

Азамат киініп алып, жол жүретін кісідей нәрсесін жиғыштап жатыр.

— Қайда барасың деймін, айтсайшы, әй!

Азамат тіс жарып жауап айтпай жұмысымен бола береді. Керек десе Мәриямға бұрылып қарамады да.

Мәриям бірер минут босағаға сүйеніп тұрып қалып, кенет есік жанындағы звонокты басты. Өзі асығыс киінуге кірісті. Ұйқылы көзімен жүгіріп прислуга әйел келіп еді, Мәриям бұйрықты тығыз береді:

— Жездемді оят, тез ат жеккізсін, дереу дайын қылсын! — деді.

Төсек-орнын буып жатқан Азамат Мәриямның осы сөзін есітіп, аңтарылып тұрып қалды. Ат жеккізіп қайтеді? Ат сұрады ма Азамат! Бүгін Қаратауға жүрмекші. Қайша да сонда барады. Екеуі бірге бармақшы болып біреудің пар атын жалдап еді. Сағат тоғыз шамасында ол кісі Қайшаның пәтеріне атты дайын қылмақшы. Қазір сағат сегіз. Азамат жүру жабдығында... «Ау, мынаның ат жеккізуі» — деп бірдемеден сезік алғандай Азамат көрші бөлменің есігіне келді. Есіктің ар жағынан қарама-қарсы Мәриям келді.

— Ат жеккізіп қайтесің?

— Жүрем.

— Қай жаққа?

— Сен қайда барсаң, мен сонда...

Азамат ашуланарын да, күлерін де білмеді. Мәриям жүз жанбай бедірейе қапты. Бірер ауыз сөз айтсаң, он ауыз сөзбен баспалататын кісінің түрі. Тіл қатыспай, ашылмай кете берсе, артына еріп алса масқара-ау... қал дегенге қалмаса, сонда қайтеді?

— Бұл өнерді қайдан тауып тұрсың? Әлде, шартыңызда жазылған жұмыс па еді? Әкеліңізші шартыңызды, оқып көрейік, — деді Азамат кекете күліп.

Мәриям Азаматқа көзін алмастан қарады. Тап сол минутта бұл екі көз Азаматқа үңірейіп, оқталып тұрған зеңбіректің аузы тәрізденді. Азамат кейін шегіне түсті. Мәриям бөлменің есігін екі жаққа серпе ашып, жан-жағына қаранып тұрды да, келе Азаматтың буып қойған төсек-орнын шешті.

— Ау, тоқта, жөнін айтшы, — деп Азамат бара жабысып еді, Мәриям оны төсінен итеріп қойды.

— Сенің жұмысың емес, әйелдің жұмысына кіріспес болар, — деді.

Көрші бөлмеден көрпе-жастық әкеп қосып, қайта буып жатыр.

Маһира аттың жегілген хабарын келіп айтып еді, арбаға апарып сал деп әлгі буданы Мәриям оның қолына ұстатты.

Азаматтың чемоданын Мәриям өз бөлмесіне көтеріп апарып, аузын ашып, бірдемелерді салып жатыр. Салып жатқан нәрселерінің түрін көріп, Азамат мүлде шыдамағандай күліп жіберді. Бірақ бұл шын күлкі емес еді, бұл сасқандықтың, не істеуге білмегендіктің күлкісі еді. Не демекші бұған? Бара салып, сонау чемоданға сықап толтырып жатқан қызылды-жасылды бояуларды бет-бетіне лақтырып чемоданды ала жөнелсе қайтер еді? Жібермеймін деп жабысқанда кеудеден мықтап бір түйсе... тіпті оған да болмаса, онда ма, онда?..

Азамат екі оқтыланып, бөлменің есігіне екі келіп, екі кетті. Зал жақта біреудің ауыр салмақпен жүргені сезілді. Рақым болар-ау. Осы оқиға немен тынар екен деп бақылап жүр-ау...

Тысқа шығамын деген Азамат бақша жақтағы есіктен келіп шықты. Есіктен шықты да аңтарылып тұрды: нақ қарсы алдында іші қызыл сақтиянмен қаптаулы пәуескеге түпкіні жегіп, бірешке аттарын қамыттап қарсы байлап, Кәрібай мен Жақып соның жабдығында жүгіріп жүр еді.

— Болдық, болдық, кәзір... — деді Жақып күлімсіреп, өзі сасқалақтап бірешке атты жүгендейін деп еді ол, басы белең болған малша қақшаңдап басын жоғары көтерумен болды. «Қойсайшы әрі, кие сал» дегендей боп, түпкі жегулі қара ат бірер тыпыршып, құлағын жымитты.

Күн көтеріліп иыққа жақындапты. Күн сәулесі қарсыдағы сарайлардың төбесін көміп, күлімдетіп тұр, үй көлеңкесінде үйрек, қаз құрттай құжынап ұйқыдан жаңа оянып, тамақ іздеп жаны шығып бара жатқандай шуласады.

Азамат қақпадан шығып, көшенің көлеңке жағымен жүре берді. Азаматтың артынан Мәриямның сілтеуімен бұрыш-бұрышта сығалап, Маһира жүріп отырды.

Азамат бірсыпыра жүріп, кенет бір қақпаға қадала қап, жазуын оқыды. «Осы көше еді-ау... Еңді бір квартал өтсем, соның үйіне жетеді екем-ау» — деді Азамат күбірлеп. Айтқандай нөмірін санап отырып, көше жақта екі терезесі бар аласа ағаш үйдің қақпасын қақты. Одан кейін терезесін тықылдатты.

— Бұ кім-ау?— деді қарлыққандау қалың дауыс.

— Уай, ашсайшы, немене тал түске шейін ұйықтап...

Қақпаны ашушы Медеу болды. Күтпеген жерден Азаматтың келгеніне ол таңданып та қалды. Қуанып, жайраңдап үйіне кірді.

— Мынау біздің қатын жолдас, — деп домаланған қара әйелді Азаматқа әкеп таныстырды.

— Ал, қатын, қимылдап, шайың бар ма, тағы не бар, тез болдыр, — деді Медеу сасқалақтап үй-ішін жинап жүріп.

— Асықпа, жұмыспен келдім. Алдымен мына қағазды Қайшаға жеткіз, мені күтпесін, — деді Азамат.

— Неге? Сен бармайтын болдың ба?..

— Кейін айтам ғой, түсінерсің...

Азамат Медеудің үйінде шаңқай түс болғанша отырды. Отырғанда үздіксіз жазумен болды. Ойын бөлмейін деп Медеу де сөзге айналдырмады.

— Мен жүрем, — деді Азамат қағазын жинап, — мына қағазды сотқа тапсыр. Кәрібай шал туралы... Мен келгенше Кәрібайдың еңбегін толық қылып өндіріп бер. Ал, мына қағазды... Көріп тұрмысың адресін?

— Көріп тұрмын, — деді Медеу күлімсіреп.

— Көрсең сол. Апарып тапсыр. Мен кеттім, — деді Азамат...

ҚАРАТАУ

Қаратау қаласы да кәдімгі уездік қалалардың ішіндегі ауызға іліне бастаған қаланың бірі еді. Ұзын-ұзын көшесі бар. Ағаштан салынған ескілі-жаңалы жалғыз қабат үйлері бар. Бір-екі шіркеуі бар. Үш-төрт мешіті бар. Мешіт жанында жүдеп, қатпар беттеніп, мүлгіп тұрған ескі медреселер бар. Талчогі бар. Талчогін айналдыра тақтайдан салған жеңіл-желпі дүкендері бар. Дүкендердің алдында жай табан етікті қоныштан басып, жапырайып тұрған қазақтар бар:

— Ғайнулда абзи, бес тиын кеміт... Имам ағзам саудасы ғой... Ұстаған жерінен ағаш та сынады... — деп, ауыл қазағы ала сисаны шетінен ұстап қарайды.

Ғайнулда абзи омырауында сағат бауы салбырап, қызыл «пәсті» шекесіне таман салып, «өтініп» тұрған қазақтың басынан аса сыртқа қарап, сисаны жинай бастайды:

— Алмасаң да малымның басын кемітпе... Арзан іздесең, кәпіретібіңе бар, кәпіретібің береді, — дейді мысқылдай күліп.

Талчоктың күн шығысы жағын ала оралсаң, аласалау қызыл үйдің алдында пар-парланған атты көресің. Екеу-екеу, үшеу-үшеу бас қосып жүрген адамдарды көресің. Бірін-бірі қақпалап қызыл үйге кіріп сіңіп жатыр. Жақындап келсең, самсап отырған жұрт, төртеуі-бесеуі бір үстелді қоршай отырған. Үстелдің үсті самсаған шыныдан көрінбейді. Түксиген мұрттар, қырықпа сақалдар, қалжыңбас жастар — бәрі осында. Қаратаудың дала елінің қалаға келгенде бас қосып сайрандайтын үйінің бірі осы.

— Әй, Дәуіт, тағы алдыр!.. Иттің баласы-ау, осындай бас қосыла берер дейсің бе? Неңді аяйсың, салсайшы барыңды!.. — деп, жуан сары кісі, екі иінінен демін алып, кеңкілдеп күледі.

Одан «Алаш» көшесін бойлай отырып (осы күнге шейін «Алаш» деген атты жоймай келе жатқан Қаратаудың қалалық кеңесінің кеңпейілдігіне таң қалып бір қоясың) алдындағы алаңға келіп шықсаң, далиып жатқан бір бақшаға кездесесің. Бақша маңы ағаш шарбақ. Мынау кіретін есігі. Анау көшеленіп жатқан жүлге жұрттың жүретін жері. Сонау бір ортадағы ашығын көрдің бе, қазір қаңырап бос тұр ғой, кешкі сағат сегіз, тоғыздан былай қарай келе қалсаң, электрдің жарығынан көзің ұялады, музыканың дауысынан құлағың тұнады, адамның көптігінен аяқ басар жер таба алмайсың. Бүкіл Қаратаудың адамы осында ма деп таңданасың. Күндіз кеңсесінен кездестіре алмаған қызметкерлердің бәрін осының ішінен кездестіресің...

Қаратауда бәрі де бар. Қаратаудың қызығына түсіп кезе берсең, жалғыз сыраханаларының өзін бір күнде аралап бола алмассың. Одан да аздап кеңсені арала да, нөміріңе келіп жат.

Мына біреу жер бөлімі болар. Ал, кірдің. Үстел біткеннің көбі қаңырап бос тұр.

— Бұлар қайда?

— Заседанияда...

Үстел басында қалғандардың екеу-үшеуі бас қосып, қысыр кеңеске кіріп отыр. Кеңеспей қайтсін: «былтырдан қалған жұмысы жоқ, бір бітер»... Ана бір жуантық сарыны көрдің бе, киімді қырынып киініпті, арам өлген малдай теңкиіп портфелі жатыр, алды толған қағаз: арыз ба екен? Жоғарыдан келген нұсқау, бұйрық па екен? Ақтарылған жоқ, айлап жатқан қағаздар бар. Қарауға уақыт жоқ. Кеңсесіне келгеніне бірер сағат болып қалды. Енді кетсе де болады. Жолшыбай жолдастарына соғып, олардың қалтасында бірдеме қалған болса, бас жазбаса болмайды. Бастың ауруын көрдің бе?

Жүре-жүресенің де басың ауырып «номерге» келдің. Номерің қазыналық емес, жеке кісінің қарауында. Тап-тар, тіп-тіке қылып салынған баспалдақтан жоғарғы қабатқа ентігіп зорға шығасың. Қараңғы коридор. Сенің номерің 13, қарсысындағы 7-де бір әйел жатады. Көз жанары, асыра бояп жібергендікі ме, әлде өзінің бітісі ме, қап-қара. Ерні өрттей қызыл. Кеудеден жоғарғы жері жалаңаш... Сен есігіңді аша бергенде, оның да есігі ашылады, нәзік саусағымен шылымды қысып ұстап, бір қолын бүйіріне таяп, саған күлімсірей қарайды. Сасқаныңнан бас иіп, амандасасың. О да басын иеді.

— Өзіңіз екенсіз ғой, — дейді күлімсірей.

— Ие, өзім, — деп, сен де күлімсірейсің.

— Көп қыдырады екенсіз, — дейді.

— Қайтесің, отыра берсең іш пысады, — дейсің басқа не айтарыңды білмей.

— Рас, іш пысады... скучно... скучно..

Сенің бөлмең де ашылды. Оның көзі сенің бөлмеңде.

— Бөлмеңіз жақсы екен, — деп есігіңе келеді.

— Пожалуйста, пожалуйста... Кіріңіз, — дейсің. Кіріп те келеді. Жалғыз орындығыңды оған ұсынып жатырсың. Өзің кереуетіңе отырдың. Әңгімеге әңгіме жалғанды, одан күлкі туды. Он-он бес минут өтпей-ақ біріңді-бірің мәңгі жылдардан бері танитын адамдардай болып, араластыңдар да кеттіңдер...

Міне, Қаратаудың осындайы да бар.

Осы Қаратау қаласына, Қаратаудың осы номеріне июньнің бас кезінде, жаратып жеккен үш қара аттың басымен алысып, жарқыраған ызбыройдың сыңғырлаған дауысы шақырымнан естіліп, қара пәуеске келіп тұра қалды. Көшір арбадан домаланып түсе қалып, пәуескенің алдындағы жабуын ашты. Пәуескенің ішінен үкілеген ақ қалпақ көрінді. Бұл ақ қалпақ — кентше киінген, орта бойлы, талдырмаш, ақ құба әйел болып шықты. Бұл — оқушыларымызға таныс — Жүндібай қажының қызы Мәриям еді. Дәйек боп, домаланып жүгіріп жүрген өзімізге таныс Жақып еді.

— Құдай-ай, мұны да көрдім бе? Бүйтетініңді білгенімде... — деді Мәриям, пәуескенің жанында тұрып, қабағын кіржите түсіп.

Жоғарғы таныстырып өткен тар, қараңғы, қандаласы қойдай боп өрген номердің бірі Мәриямға да тиді. Пәуескенің іші, сыртына бірдей сықап тиеп келген будаларды тасып кіргізгенде, мұның іші номерден көрі кооперативтің товар сақтайтын складына ұсап кетті.

— Отырма, Жақып, жүгір: исполкомына, укомына, қор бөліміне — бәріне де бар, сұра, қашан келді екен? Қайда екен? Не істеп жатыр екен? Елге шыға ма екен? Қашан шығады екен?..

Мәриям бұйрықты баспалатып есті тандырғандай болып жатса да, Жақып бұрынғыдай абыржып саспай, ыржия күліп, Мәриямның бетіне туралап қарайды...

...Бұдан үш күн бұрын, сағат сегіз кезінде, ешкімге тіл қатпастан, жанға жөнін айтпастан шығып кеткен Азамат үшті-күйді жоқ. Маһира ізін аңдып індетсе де, сол үйді кешке шейін торыса да, ол кірген қақпадан Азамат қайтып көшеге шықпады. Ақырында кешке жақын адам жіберіп сұратқанда, Азамат әлдеқашан кетіп қалған болып шықты. Қайда кетті! Кіммен кетті! Ол жағын үй иесі ашып айтпайды.

Осы оқиғадан кейін Жүндібай қажының ақ үйінің сыртқы есіктері бірер сағатқа мықтап жабылып, өздерінше тарихи жиылыстары өткізілді. Ол жиылыстың ішінде кімдер болды, қандай әңгімелер айтылды, оны білу қиын; оны жалғыз Маһира ғана біледі, бірақ осы жиылыстың артынша пәуескеге аттар қайта жегіліп, Мәриямды қолтықтап әкеп пәуескеге орналастырды. Рақым жездей шығарып салмақшы болып ере шықты. Басымен алысқан үш семіз ат айсыз қараңғы түнде көрінген қарадан үркіп, Жақыптың мазасын жаман алды. Қатты екпіні салқын желді қарсы алдарынан естірді. Керуен жолының бойындағы түнеп жатқан жүргіншілер пәуескенің жүрісінен оянып, орындарынан аңдай тұрған жерлері болды. Сондай жердің бірінде, белендеп келе жатқан аттар жалт беріп, пәуеске ауып қала жаздады. Қалғып келе жатқан Мәриям шошып кетіп, көшірде отырған Жақыпты құшақтай алды.

— Құдай-ай, мұны да көрсеттің бе, — деді Мәриям сол жерде бір назаланып.

Таң сәулеленіп тегіс жарық болған кезде аттардың демін алдыру үшін тоқтап, Рақым жездей Мәриямды оңашаға шығарып көп сөйлесті, ызаланып кейігендіктен бе, әлде таң салқынының денені шымшып түршіктіргендігінен бе, Мәриям қалтыранып, иегі сақылдады. «Бұл не деген азап? Құдай-ау, үйде ғана тыныш жататын адам емес пе ем? Осы азаптың қанша ғана керегі бар еді?..» деп ойлады Мәриям ішінен. Рақым жездесі Мәриямның осы ойын сезе қалған секілденіп, бір айтқан сөзін қайта-қайта айтып пысықтады.

— ...Міне, осыны істе. Тіпті болмай бара жатса, күйені жаға салармыз, басын мәңгі аршып ала алмайтын қылармыз! — деді жездесі құшырлана сөйлеп.

Жол бойындағы қарауытып көрінген көл шық суымен мұнартып, буланып, үйрегі бақылдап, қаз қаңқылдап, ен даланы жамыраған қойдай шулатты. Байбалам салған кісідей бажылдап пәуескенің төбесіне қызғыш көлеңдеді. Әлдеқайда жер жарып ысқырған бөдененің даусы естілді... Осы көрініске елігіп, құлын-тай күйіндегі ен жайлауда ойнақ салып өскен күндері есіне түскендей, пәуескенің түбіне жеккен жалбыр жалды қара ат, ауыздығын бірер шақырлатып алып, екі құлақты кезекпе-кезек қайшылап, ішін тарта-тарта кісінеді...

— Солай, осыдан басқа жол жоқ... Ал, тоқтама, жолың болсын! — деді жездесі қолын беріп.

Мәриям енді қайтып көрмейтіннен жаман қиылып, жездесінің быртиған саусағын жібермеді. Тікірейген кірпігі жыпылық атып, төңкерілген қара көздің астыңғы жағынан бүртіктенген мөлдір жас көрінді.

— ...Әй, Мәриям-ай, қайтейін, балалықтан сен қашан шығар екенсің?!.. — деп, жездесі күлімсірей түсіп, Мәриямды өзіне жақын тартып, маңдайынан сүйген болды.

— Жақып! Әуелі құдай, қалды саған аманат. Бала күннен қолымызда өсіп, Мәриямның сырын білгендей болып ең ғой, ренжіте көрме, айтқанын екі етпе, мен де тірі болсам бір керегіңе жарармын...— деді Рақым жездей Жақыптың қолын ұстап.

Жақып пен Рақымның бұл бірінші рет қол ұстасуы еді. Бұл— Жақыпқа ерсі де, лайық та сияқты көрінді.

Бұлаң құйрық жүріспен, ен жайлауды қақ жарып, керуен жолының шаңын бұрқыратып, жалғыз пәуеске жүрді де отырды. Көк майсаға бөленген дала, қызылды-жасылды гүлмен безеліп, қараған сайын адамның ынтығын арттыра берді. Таза ауа жүректі желпіндіріп, бойды көтеріп, денені балқытып, мас қылды. Жақып делбені қаға түсіп, көзі сонау сағымданған обаға қадалып, ыңылдап өлең айтты. Ол оба Жақыптың туып өскен елінің жайлауы. Өзі ес білгелі ол жайлауда болған емес, бірақ балалық кездегі өмір осы обаны көргенде көзіне елестегендей боп, Жақып ауыр күрсінді.

— Жақып-ай, өлең айтсайшы, ұйқы ашылсын, — дейді Мәриям күлімсіреп.

— Ойбай, қарағым, өлең білмеймін ғой, — деп Жақып қысылып, қызараңдаса:

— Мені алдамақсың ба? Үйде жүргеніңде түн бойы даланы басыңа көтеріп жатпайтын ба едің?.. Рас, алдайтын да жөнің бар, мені, енді кім алдамасын!..— дейді Мәриям күрсініп.

Жақып бұрынғыдан да қысыла түсіп, даусының өңсіздігіне қарамай, өлең айтады. Өлең «Қалқам шырақ», қала жігіттерінің көше бойында гармонға қосылып айтатын өлеңдері. Бір басталған соң жаман-жақсысы аралас кетіп жатыр. Мәриям оны қошуақ алып мәз боп жатыр...

— Жақып, мен ұйықтайын, мына мылтықты саған беріп қояйыншы, — деп, қол басындай кішкене мылтықты Мәриям Жақыпқа берді.

Қалада жүргенде керіліп, Жақыптарды көзіне ілмейтін Мәриям осы жолы біртүрлі жұмсарып, мүләйім боп қалған сияқтанды. Жақыптың Мәриямға көшір боп шыққаны жалғыз осы жол ғана емес. Басқа кезде Мәриям бүйтіп жылы ұшыраған да емес. «Мұның себебі не екен?» — деп Жақып терең тексеріске де түскен жоқ. Жол бойында екі жерге қонып, бұрынғы қалпындай дәйек боп қызмет істеп, аман-есен Қаратау қаласына жеткізді. Жоғарғы біздің кездестіргеніміз бұлардың осы жолдан келіп түскен беттері еді.

Жақып Азаматтың дерегін білмекші болып кеңселерге кетті де, Мәриям бөлмеде жалғыз қалды. Қаратау қаласының қырық жылдан бері кісі түсіп тозған, қаусаған ескі номері, кең-жарық үйде өскен Мәриямның тынысын тарылтып, ол аз уақыт та дәйек тұтып отыра алмай, киініп, боянып, номердің есік алдына шығысымен-ақ Қаратау қаласының халқына түрі ұқсамайтындығы бірден көзге түсті. Өткен, кеткендер жалтақтап, тесіле қарайтын болды. Номерде жатқан біреулер де терезелерін ашып, жастау жігіттер Мәриямның тыста тұрғанын сезбеген адам сықылданып, Мәриямның құлағына шалынсын дегендей боп, әзіл сөздерді тастады.

— Әлгі келген пәуескені көрдің бе? — деді біреуі.

— Пәуескені емес, оның ішіндегі әйелді айтсайшы, шіркін, қазақтан да туады екен ғой! — деді екіншісі.

Мәриям көтеріліп, күлім қақты.

Бір топ қазақ балалары жаман етіктерімен шаңды бұрқылдатып көшенің ортасымен жүріп барады. Дабырлаған дауыстары қаланы басына көтергендей.

— Көрісінің1 үйі осы болар.

— Мынау тегін үй емес.

— Әйда, кіреміз осыған...

Біреуі әлдеқалай Мәриямға көзі түсіп, жолдасын шынтақпен түртіп күлді:

— Әй, қара, қара, қалпағын қара, бетінің пердесін қара, бір шонжардың тұқымы-ау...

— Оны қайтесің, көрісті тауып алайық. Сылаңдап жүре тұрсын, қайда құтылар дейсің, — деді жолдасы.

Бұл сөз Мәриямның төбесінен суық суды құйып жібергендей шіміркендірді.

Іздеген кеңселері жабық болып, Жақып Азаматтың дерегін біле алмай қайтты. Бұл — Мәриямның ашуын үдете түсті. Ерні бүрісіп, беті жыбырлап, қатпарлана қалды. Ызаның қысқандығынан, не істесе де, тап сол сағатында, бойына лайық сияқты көрді.

— Жақып, дүкенге барып келесің бе?.. Әлде, бармай-ақ қоясың ба?.. Жоқ, барып-ақ келші...

Осымен бірге Мәриямның ойына екінші бір нәрсе түсе қалып, Жақыпқа тапсырысты асығыс түрде ғана берді де жүгіріп телефон іздеді.

— Жақып-ау, «Жартысын» ғана алсаң жетер,— деді асығып кетіп бара жатып.

Телефон арқылы исполком бастығымен сөйлесті.

— Ия... Азамат Азаматыч деген кісі... Не дейсіз?.. Келген жоқ дейсіз бе?..

Мәриям телефонға сүйеніп, аз дағдарып тұрып қалды...

КЕҢАТЫЗДЫҢ ТАЛАСЫ

...Жылқысын күзетіп, «Кеңатыздың» табанына қарай айдатып салып, маң-маң басып Жарбол үйіне келе жатыр еді, артында бөктергені бар, сып-сида киінген біреу бір бүйірлетіп келіп Жәкеңнің жанына тұра қалды.

— Сізге бір хат бар еді, соны тапсыра кетейін деп едім, — деп қойынға қолды салып жіберіп уқаланған көк конвертті Жәкеңе ұстата берді.

Астында торы шолақ байталы бар, ер-тоқымы жұпыны, ашаң жүзді арық қара жігіт, конвертті Жәкеңе беріп тұрып, түнере бір қарады.

Жәкең конвертті қолына ұстап тұрып, үріккен малдай одырайып, конвертті олай бір, былай бір аударып қарады.

— Мұның не өзі?

— Поштадан келген хат қой.

— Е... Сағиттың хаты екен ғой... Не айтыпты?

— Оқығам жоқ.

— Үйге жүр, қымыз іш.

— Жоқ, асығыс едім...

Жәкең екінші қайтара сөз айтқанша болмай, әлгі салт атты қара жігіт, атын борбайға бір салып, жүріп те кетті...

Бұл — осы елдің ауылнайы Әбіл дейтін жігіт еді. Түбі белгісіз, осы елдің ішіндегі жалғыз үйлі кірме. Мұның әкесі Ерекеш дейтін кісі әлдекімнің есігінде жүріп тамағын зорға асыраушы еді, енді, соның баласының ауылнай болып, ел басқарып жүргені мынау!..

Әбіл көзіне көрінсе, Әбіл оқиғасы есіне түссе, Жәкең ауыр күрсінбей қалған емес. Қалай күрсінбесін, бір ауылнай ел түгіл, бір болыс еліңді бір кезде алақанында ұстаған Жарболың еді ғой. Кеңес үкіметі орнағасын да, күні кешеге шейін, өзі әкім болмағанмен, әкімдікке таласпағанмен, өзінің ыңғайындағы адамын сайлатып келген Жарболың еді... Былтырғы сайлау — ойда жоқ бір сайлау болды. Жәкеңнің әлі есінен қалмайды: жыландай ысқырынған бір тарғыл жігіт өкіл болып келді де, елдің бұлан-таланын шығарды, елді жік-жік қылып бөліп жіберді... Жәкең айқасса істің аяғы жаманға айналатыны сезілді. Оның үстіне «осы жолғы сайлауға қатынаса көрме» деп, Сағиттың жазған хаты да келіп жетті. Сосын, Жәкең елге өкпесін айтты да «күл болмасаңдар, бұл болыңдар» деп, сайлау әңгімесіне бір жолға қол сілікті... Міне, соның салдарынан болып қалған ауылнай еді бұл.

Ауылнайға кіжінсе де, қолындағы уқаланған көк конверт Жәкеңнің ойын бөлді. Бойдақ қойдай іркілдеп, кіржіңдей басып, семіз балтырдан мәсісінің қонышы төмен қарай жиырыла түсіп, аяғын басқан сайын ентігіп, Жәкең үйіне жетті. Іші жұмақтай жайнаған салқын-самал ақ орда Жәкеңнің жіпсіген денесін бірден салқын тарттырып, жайландырып жіберді. Ағаш кереуеттің алдындағы төселген тері бөстекке, аяқты көсіле жіберіп, отырып:

— Әбіш бар ма, Әбіш?.. — деп, даусын барқ еткізді.

Ұршықтай үйіріліп тұрған тапал бойлы жас жігіт, ұры иттей жылмаңдап Жарболдың қарсысына жүгініп отыра қалды.

— Сағиттың хаты білем, мынаны оқышы — деп, Жәкең жұлмаланған көк конвертті Әбішке ұсынды.

Әбіштің тұлға бітісі, отырыс-тұрысы ептілікке бейім болғанмен, қағазды оқуға бейім еместігі бірден-ақ сезіліп қалды, хатты бастап оқысымен-ақ, бірден сүрінді.

«...Сізге айтатын бір жаңа хабар мынау...» деп, бір жерін танымады ма, қалай, Әбіш бөгелді.

— Ал, немене дейді? Неге тоқтадың? — деп Жарбол қабағын түйе түсті.

Әбіш аптығып, қысылып, минутінде бусанып сала берді. Кішкене мүдіріп барып:

«Өздеріңіз де естіп жатқан шығарсыздар: биыл жер бөлісі болмақшы...» — деп Әбіш оқуын соза түсті.

— Не дейді? — деп, Жәкең тіксініп-ақ қалды.

— Жер бөлісі болады, — дейді...

— Қайдағы жер бөлісі?

— Білмеймін...

— Оқышы жөндеп!.. Былжыраған ит!— деп, Жәкең Әбіштің жер-жебіріне жетіп барады.

«Жер бөлісі болғалы жатыр. Ауылдың жерін кедей мен орташаға тең қылып бөліп бермекші...»

— Осы ит не дейді?.. — деп Жәкең Әбішке қарап шатынады. Мұрты тікірейіп, бет терісі жыбыр қақты.

— Мен қайтейін, хаттағы жазылғанды оқып жатырмын, — деді Әбіш қысылғаннан.

— «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп... ит! Басқа сөз саған бұйырмады ма? — деп, Жарбол одан жаман көпірінді.

Әбіш қысылды, қалтыранды. Маңдайдағы тер маржандай бүртіктенді. Хат танитындығына бұрын масаттанатын болса да, тап осы жолы кейіді. Кейімей қайтсын, Жарболдың ашуына кездесу оңай ма, Жарбол ашуланса, Әбішіңнің жүн-жүнін шығарады; таяқпен салып жібереді, боқтап балағаттап жеті атасынан бері қопарады... Әбішке, әсіресе бататыны — мына сабаның түбінен оқтай қадалып отырған екі көз ғой! Бұл көз — бұғағы салбыраған, бет әлпеті шарадай, жуан сары қыздың көзі. Бұл — Жәкеңнің қызы. Осы қыз үшін Әбіш жанын құрбан қылуға әзір: Жәкеңнің алдарында бүйіп, соның көңілін табуға тырысады. Жәкеңнің тапсырған жұмысын мүлт еткізбей орындайды; Жәкеңнің үйіне қонақ келсе, су құяды, аяқ әпереді, домбыра тартып, ән салады... Қысқасы, Әбіш ақысыз, пұлсыз өмірін осы үйдің есігінде жүріп оздырады...

Бие сауатын көнекті қарына іліп, белдемшесін сүйрете, домаланған тығыршықтай қара әйел тыстан кірді. Бұл — Жарболдың тоқал алған әйелі Теңге еді. Сараңдықпен, шайпаулықпен елге «қара жылан», «Теңге кәпір» атанған кісі еді. Жайшылықта болса, кірген ыңғайында үй ішін соққан құйыңдай бір бұрқыратып өтуге тиіс еді, бұл жолы үйтпеді — Жәкеңнің түксиіп отырғанын бірден сезе қалды...

— Жер бермегенде, байдың малы немен күн көрмекші дейді, оны айтып па? — деді, Жәкең Әбішке қарап шатынап.

Әбіш апалақтап барып, хаттың орта жеріне шұқшиды.

— ...Бай малына жер таба алмаса, кедейдің артық жерін ақшаға жалдап алады...

— Әй, иттің сөзі!.. Кедей үшін мал жиып отырған шығармын!.. Кедей шалқаңдап қыдырып жүрсін де, баяғыдан бері тірнектеп жинағанымды мен оларға бөліп берейін... Тағы не депті?

«Елді ұстайтын жер енді келді. Елдің ауызы біріксе, аса қауіпті де болмас. Осы жағына зер салсын».

Теңге аузын сылп еткізіп, қара сабаны тізесімен баса отырды. Жәкеңнің басы төмен бүгілді. Әбіш бұрынғыдан гөрі еркін дем алып, кейінірек барып отырды.

Жарбол ойға шомды. Жеті атасынан бері дәулет арылмаған қара шаңырақ бұл. Өзі би болмаса да, «би түсетін үй» болды, бүкіл ел ашса алақанында, жұмса жұмырында еді... Сол дәурен тап осы күні бәсең тартқан секілді. Ел біртүрлі қобалжып, құрық алып бара жатқан сыпаттылау, ел ішіндегі «игі жақсылар» да қатардан ығысып тайып бара жатқан секілді; олардың орнын, ата затын адам білмейтін біреулер басатын болып жүр! Осы күйде отырған Жәкеңнің басына ойламаған жерден ұлы жұмыс тап болса, не болмақ?!..

Бірақ, Жарбол жалаңаш та емес. Тілектес, үзеңгілес адамдарын былай қойғанда да, Жәкеңнің мықты арқа сүйері бар, ол — губернияда отырған баласы Сағит! Губисполкомда жүрген Борсықбаевты көргендеріңіз бар шығар, сол осы кісінің баласы болады. Бұл бала Жәкеңнің күткен үмітін толығымен ақтады: осы өлкеде жаңалық хабарды Жәкеңнен бұрын еститін жан жоқ. Естіртіп қана қоймады, Сағит Жәкеңді сақтандырып отырады, жөн сілтеп, нұсқап отырады... Сол баласының арқасында Жәкеңнің елге ықпалы да күшті. Атқа мінген жігіттердің бәрі Жәкеңді қадірлеп, айтқанын екі етпестен тұрады. Елге шыққан үкімет адамдары да Жәкеңді еш уақытта жерге қаратқан емес... Сүйтіп жүрген Жәкеңе Сағиттың қауіп айтқаны несі?.. «Елді ұста» депті-ау, Жәкең жалынғандай бұл өлкеде ел бар ма еді? Мына жүрген тобырдан қауіп болады екен деп Жәкең соларға жүз салмақшы ма?..

Сол күні екінді әлетінде Жәкең тас шоқының басына шығып, кең алқапқа көз жіберді. Бір шетімен бір шеті атшаптырым кең алқап, Жәкеңше айтсақ «Кеңатыз» тап сол минутында Жәкеңнің көзіне алақанның ауданындай ғана көрінді... Осы «алақанның ауданындай ғана» «Кеңатыз» Жарболдың жеке меншікті бәйегі. Бұған адам баласы таласқан емес, шөбін шабу былай тұрсын, «Кеңатызға» малын аттатқан адамның өзі күнәлі. Шөбі қандай, ұйыса біткен сарбас жоңышқа мен көк балауса жеген малға сұлыдан кем емес, шөп шықпаған жылдың өзінде-ақ «Кеңатыздан» мың шөмелең домаланып түсе береді...

Жалғыз «Кеңатыз» ба, Жәкеңнің меншікті жері қайда жоқ, толып жатқан көгал, жарық, боз. Бәрінің де аты бар: «Әкеме ас беретін жарық», «Қаламқас туатын көгал», «Тәңірбергенді сүндетке отырғызатын сай». Осының бәрі Жәкеңнің жеке төл атындай. Шынына қалса, тіпті осы маңда отырған тобырдың ешқайсысының меншікті жері жоқ. Жері болмаса да, Жәкең соларды қумастан-ақ келді ғой!.. Ойпырым-ау осылар жерді алғанда қайтпекші! Несін жаймақшы?..» деп, Жәкең бірсыпыра ойға қалып та тұрды...

Жәкеңнің үзеңгі жолдасы, қадір білетін адамының бірі Сүндет. Сүндетсіз Жарбол жұмыс істемейді, шынын айтсақ асын да ішпейді. Жәкең ішкенмен, қара тоқал ішпейді:

— Кетік қара қайда? Шақырсаңдаршы, келсін, — деп, Сүндетті шақыртпай қара тоқал ас бермейді.

«Қара тоқалмен екі арасында былық бар» деп өсек айтушылар да табылады. Табыла берсін, әңгіме онда емес қой. Әңгіме Сүндеттің Жәкеңді қорғай білуінде, Жәкеңнің кәдесіне жарауында. Итбалықша шермиіп алып ауыл-аймақты ысқырынып жүруінде...

«Кеңатыз» туралы ойы шар тарапқа кетіп, Жәкең үйіне оралып келгенде, қара тоқал мен Сүндет бір шара қымызды ортаға алып, біріне-бірі жымыңдаса түсіп, масайрасып отыр еді.

— Сүндетпісің? — деді Жәкең томсарып, — бір тұңғиыққа кездестік. Бұдан аман шықпасақ, біздің бүлінгеніміз!

— Уа, қойыңыз, бай, бізге кездескен қайдағы тұңғиығың? Елмен бітетін жұмыс па өзі? Ел керек десең, осы тобырды ашсаң алақанында, жұмсаң жұмырында қылып берейін, — деді Сүңдет жайраңдап.

— Кетік қара-ау, тағы ішсейші, сен үшін сапырып салқындатып отырмын, — деп қара тоқал астау аяққа қымызды толтыра құйды...

Сол күні түн бойы ел адамы бастан талқыланып, осы қауіпті-ау дегендерге ұзамай тұзақ салынатын болды...

...Шоңмұрын деген толық бетті, бетінің қаны шығып тұрған сияқты қызыл, қою қара сақалы бар, дембелше келген қара кісі. Сөзді дәбдірлеңкірей сөйлейді. Сырын білмеген адам оның сөзіне құлақ қоймауға да мүмкін. Бірақ, әкесі Несіп марқұмды білгендер Шоңмұрынды құр алақан кісі демейді. Несіп дейтін кедейдің қасқыры болып туған кісі. Сөзге келгенде Несіпті адам жеңген емес: өткір тілді, сөзшең, ұтқыр, қайсар болыпты. Ескі сөзді, ескі билердің билігін, шешендердің тақпағын Несіп көп біледі екен.

— Шоңмұрын да құр емес. Бір сөзді бастағанда: «...әкем марқұм, айтушы еді, баяғы Сұлтан правительдің заманында...» деп бастайды.

Шоңмұрынның ауылы — бір жерде отырған отыз шақты үй. Қоныс түрлері де қызық, бірін-бірі баса, ұйлыға қыстаған. Мал дегенің санамалы, бір кезде тоз-тоз боп көрінгеннің есігінде жүріп күн өткізген батырақ, кедейлерден құралған ғой.

Кеш болса, осы ауылдың адамдары Шоңмұрынның үйінің қасына басын құрайды. Шөңкеңнің қолының азырақ епсектігі де бар. Мардымды ешнәрсе істеп тастамаса да, әйтеуір қарап отырмаймын дегендей, кеш болса шапашотын алып, есігінің алдына шығады.

— Қатын-ай, далаға бірдеме төсеші, — дейді Шөкең керіліп тұрып.

— Байғұс-ай, қолыңның дамыл көретін күні бар ма? — деп Айкүміс бұрқылдаған болады.

Айкүміс мұны кейіген пішінмен айтса да, шынында кейімейді, босаға жақта жататын ескі тері бөстекті далаға алып шығып, шаңын бұрқылдатып бір-екі сілкіп, Шөкеңе төсеп береді. Шөкең ағашты тықылдатады. Жұрт басы құралған соң, естілген жаңа хабар болса, соны айтысады. Ол болмаса, Шөкеңнің ертегісіне жол беріледі. Шөкең ертегісін бастайды: «...Баяғыда, пәлен деген ханның заманында...» деп бастайды Шөкең. Қазан қырып жатқан Айкүміс, Шөкеңнің ертегісін бұзбайын деген кісідей, сыртқы босағаға бір тізелеп қана отырып, жаулығының жақтауын құлағының сырт жағына таман сырып қойып, Шөкеңнің ертегісін тыңдайды да отырады...

Бүгінгі бастары қосылғанда бір болмашы жаңа хабардың иісі аңқыды. Жұрттың құлағы елең етті. Хабарды бастаған Шоқпарбай еді:

— Бай мен Сүндеттің арасында мықты жанжал болған көрінеді, — деп, Шоқпарбай көңірсітіп барып тоқтады. Шоқпарбайдың сөз сөйлегенінен қиын не бар. Бір сөзді айтуға кіріссе, біресе білегін сыбанып, біресе бөркін қолына алып, әйтпесе — бәкісін ала салып ағаш жонып, қашап айтқан құрлы жұрттың жігерін құм қылып болады.

— Қалай болыпты? — деп, жұрт ынтыға қалды.

— Мықты жанжал болған көрінеді, — деп, отырған күйі тізесін құшақтап, Шоқпарбай теріс айналып кетті.

— Әй, құрып қал!.. Сенің осы мінезің құрсын-ау, бірдеме айтсаң, жұртты зарықтырып боласың, — деп Шөкең кейіді.

— Жоқ, пәлендей ешнәрсе емес...

— Ендеше «жанжалың» не?

— Тоқал туралы білем...

Жұрт ар жағын айтпай-ақ біліп, өздерінше қорытынды шығара бастады.

— Сүндеттің соры қайнапты ғой, енді қуылды десейші, — деп біреулер асығыстыққа да салды.

Бұл отырғандардың ішіндегі сөзге үйірлеуі, есіткен хабарын салмақтай білетіні — Шәкір дейтін кісі еді. Шәкір дейтін — мынау отырған шойындай қара кісі. Сөзді салмақпен сөйлейді. Сөзі көбіне орынды шығады. Бұл отырған отыз үй Шәкеңді ақсақал деп қадірлесе, Шәкірді етінің тірілігі үшін қадірлейді. Шәкірдің көрмегені бар ма: Жарболдың есігінде жас күнінен құл болып, содан құтылғаны осы төрт-бес жылдың іші ғана. «Жарболдың таяғының таңбасын көремін десең, міне!» деп, бөркін жұлып алса, басындағы жүлгеленіп тұрған таңбасын көресің...

Шәкір бірсыпыра ойланып барып, Шоқпарбайдың хабары туралы пікірін айтты:

— Бұл ұшқалақ хабар болар... Жарбол мен Сүндет бір-бірінен өліп айырылады, бірінсіз екіншісінің күні жоқ. Өсек-аяңға бола Сүндеттен айырылысатын Жарбол емес. Сүндет Жарболдың сыртқа салатын абайы...

— Бұл қата, — деді Шәкір.

— Е, бәсе, Шоқпарбайдың хабарының шикілігі болса керек еді ғой.

— Өзі өз болып әкелген бір хабары еді, — деп бірсыпыра жұрт Шоқпарбайды тәлкек қылды.

Көптің бас қосқан жеріне ербиген сары жігіт келіп қосылды. Бұл баланы Азаматтың еліндегі ерші Тәуетердің баласы Байбосын дейтін комсомол еді деп жоғарыда бір таныстырғанбыз. Байбосын бұл елге сауат ашу жұмысымен келіп жатыр еді.

— Мұғалім келді, енді, оқу жайын әңгіме қылады, — деп біреулер жымыңдасты.

— Әңгіме қылса, айып па, осы бала келгелі оны-мұны естіп өзіміз адам болып қалдық... Бұйырса хат та танып шығармыз әлі, — деді Шәкір жайраңдап.

Әңгіме аз-кем саябырлаған соң, Шәкең ағаш шабуын сиретіңкіреп, ертегісінің бір саласын бастамақшы еді, «содан бұрын айтып қалайын» дегендей боп, Байбосын қалтасынан газет шығарып, оқуға ыңғайлана бастады.

— Жаңа газет пе еді? Не айтады? — деп, алдымен Шәкір ыңғайлана түсті.

Басқалар да елеңдеп, иықтарын бұрысты, жалғыз Шоқпарбай ғана газетті ме, әлде Байбосынды ма, жаратпаған адам тәрізденіп, тізесін құшақтап бір қырын бұрылып отырды.

— Тыңдаңыздар, мен сіздерге өте бір қызық хабар оқымақшымын, — деп, Байбосын орнынан қозғала түсіп, жұртты көзімен шолып өтті.

Жұрт ынтыға тыңдайтын пішін көрсетті. Ең арғысы Айкүміске шейін жаулығының жақтауын кейін сырып қойып, тізелеп жақындай түсті.

— Естеріңізде бар шығар: осы күнге шейін жер билігі байлардың, атқамінерлердің, ел билеген пысықтардың қолында болып келді. Жер солардың меншікті мүлкі болды. Нашар атаның ұлы, кедей, батырақ ұлтарақтай жерге иелік істей алмай, «кірме» атанды, байға телмірді. Соның құлы болып саналады. Міне, осы теңсіздікті бітіруге үкімет енді кіріскелі отыр. Биылдан бастап жердің шұрайы кедей мен батырақтың қолына берілмекші!.. Жер бөлісін жүргізу үшін өлкенің өкілдері келе жатқан көрінеді.

Жұрт аузын ашып аңырайды да отырды. Осы не айтып отыр? — дегендей біріне-бірі қарады. Бірсыпыраға шейін я теріс деп, я мақұл деп ешқайсысы пікірін айта алмай қалды.

— Осы айтып отырғаның газетке жазылған ба?..

— Осының шынымен бар ма? — деді, Шәкір жұлып алғандай.

— Міне, тап осы газетте жазылып отыр! — деп, Байбосын қолындағы газетті көрсетті.

— Апырым-ай, тамаша екен! — деп, жұрт бір дауыстан шулап дабырласты.

— Аларсың жерді!.. Бай жерін бергені қандай?!.. — деп, Шоқпарбай, қабағы тыржиып, бұрынғысынан бетер қыңыр тартты.

— Байдан сұрап алмаймыз, үкімет заңымен тартып аламыз, — деді Байбосын өжеленіп.

— Құдай болсаң алдымен Жарболды түрмеге тық, ол қолыңнан келмесе, аузыңды ауыртпа! — деп, Шоқпарбай да қалыспады.

— Қойшы, Шоқпарбай, сенің ерегесіңнен ешнәрсе шықпас, — деп Шәкір оны тоқтатып, Байбосынға бұрылды. — Сен ашып түсіндірші. Қалай бөлінеді? Қайдағы жер бөлінеді? Кім бөліп береді? Байларды қайтеді?..

Шәкір сұрауын жаудырды. Шәкірдің сұрауының бәріне де газеттен жауап табылды. Жұрт төне-төне, танымаса да газеттің быжырқай жазуына үңілді: дүние тұтқасы сол газетте сияқтанды, дүниенің астын үске аударатын сол газет секілденеді...

— Апырым-ау, газет дегенің жақсы нәрсе екен ғой! — деп біреулер ауыр күрсінді.

— Ау, тоқташы, осының шынымен рас болғаны ма? — деп, имек тұмсық, қара бұжыр жігіт, аты Дәуіт, басын жерден көтеріп-ақ алды.

— Немене, малыңа жер жетпей жатыр ма еді? — деп, Шоқпарбай оған да байланысты.

— Үкіметтің бұл айтқаны рас болса, алдымен «Кеңатызға» қолды салу керек!.. Сонда ғана кек бітеді! — деді Дәуіт қалтыранып.

— Апырым-ай, ә?.. Тым жалпақ-ау, — деп, кейбіреулер әлі де болса күмәннан арылмады.

Әйтсе де, отырған жұрттың көпшілігі Байбосынның алдамайтындығына сенді. «Бөліс» мәселесі көз алдарында елестеуге айналды, «Кеңатыздың» аңғары, ұйыса біткен балауса— жүздеген адам үмеге жиналып, төңкеріліп түсіп жатқан пакос; қара жорғаны теңселтіп, шөпшінің үстінен құдайдай боп қарап жүрген Жарбол!.. Бұл — жұмбақ емес, өмір. Бұл — күні бүгінге шейін болып келген өмір. Осы отырған жұрттың ораққа жарайтындары Жарболдың үмесінен бас тартып көре алды ма екен, сірә?.. Бас тартуға дәрмендері болған жоқ. Жарболға алакөз болса сорларының қайнағаны, Сүндет ойға-қырға шапқылап, ондай адамға құдай қол астындағы пәленің бәрін үйіп, түрмеден апарып бірақ шығарады. Сүндеттің жабатын жаласы да дайын, жалаға ие, куәсі де дайын...

Ұлы жұмыстың бірінші хабарының өзі бұл отырған көпке көктен түскен бір жаңалық болды да қалды...

* * *

...Күн көтеріліп төбеге келіп төнгенде, ыстығы арқаны қыздырып, көлеңкені сағалағандар үйге арқасын сүйей, төрт тағандай отырысты. Бәрінің көзі — ауылдың орта шеніндегі діндей болып тұрған ақ үйде. Бұл үйдің оң жақ босағасында екі биенің терісінен істелген қара саба емізіктеп, екі иінінен демін алғандай бұрқырап тұр. Бір мезгілде сабаның гүпілдеп пісілген даусы шықты. Қожыр бетті қара бала, әшекейлі піспекті қос қолдап ұстап, қайқая беріп піспекті ырғағанда, қара саба толқып-толқып кетеді. Қымыз іздеген қыдырмалар, Жарбол мен қара тоқалдың қыбын табайын дегендей күле сөйлеп, солардың ыңғайына көшумен отыр. Жарамсақтанбайтын жалғыз Сүндет. Ол бөрікті жұлып тастап, байдың жоғарғы жағында, аяқты көсіліп жіберіп есіп отыр. Оның тәлкек қылатыны қымыз аңдыған қыдырмалар. Соларды мінеп, сықақтап ермек қылу — Сүндеттің күндегі әдеті.

— «Қара тобырдың» қыдырмалары биыл бір өнер тапқан білем, сирек келетін болып жүр ғой, — деді Сүндет бір кезде.

— Өзімізге бітпеген қымызды қыдырып ішіп қайтейік деп, олар ар қылатын көрінеді, — деп, қыдырманың бірі өсекке кірісті.

— Қымыз үшін байға телмірмейміз дейтін көрінеді, — деп біреу өсекті қоюлата түсті.

— Әбден, әдіре қалсын... Мен соларға ділгерленіп отыр едім?.. — деп, қара тоқал қымыз аяқтарды ыңғайлап жатып, бұрқылдай ашуланды.

— Сонау бір мұғалім келді-ау, — деді Сүндет бір кезде, — өзін ыңғайыма бір алсам деп жүрмін... Өзі бір жатқан өсек көрінеді. Байланыспайтын адамы жоқ білем... Үйде тыныш жатқан байды да, мені де кірлейді деп есітем... «Қара тобырларды» еліртіп жүрген сол көрінеді... — деп салмақтай айтып келді де, Жарболға қарап: — сіз есітпеген шығарсыз-ау, солар мектеп салуға кірісіп жатқан көрінеді, — деді.

Бай да, басқалар да Сүндеттің бетіне қарап бажырайыса қалды.

— Балаларға дұрыс болады екен ғой, — деп қыдырманың бір аңқауы ойына келгенін айта салып еді, Жарбол оған тұнжырай қарады.

Әлгі кісі апалақтап, қызараңдады.

Мектеп әңгімесі үй толып отырған қыдырмаға жаңа хабар сияқтанғанмен, Жарбол мен Сүндетке жаңа хабар емес еді, мектеп әңгімесін бірер күннен бері бұлар шындап қолға алып еді. Қолға алмай да болмай кетті. Шоңмұрынның ауылы, Жәкеңше айтсақ «қара тобырлар» бірер жылдан бері аяқ астынан өнер тауып алатын болып жүр ғой: сайлау болса да, басқа алым-салық реті болса да, осы отыз үй бірігіп, ауызбірлік қыла қоятынды шығарып жүр. Бұл бірліктен Жәкеңе келген әзір зиян жоқ, Жәкеңді ауызға алып түйреп отырған адамдары да жоқ, бірақ, бір кезде ауызға телміріп, алақанда отырған ауылдың бойды сыртқа сала бастағаны Жәкеңді шошытарлық жұмыс еді.

— Сенің ауызыңның дуасы кетті. Ел арасының әңгімесіне сен салақсып кеттің... — деп, Жәкең біраздан бері Сүндетке де кеийтін болып жүр еді.

— Оныңыз да рас. Бірақ сол тобырлардан не шыға қояр дейсің. Керегі болса, бір сағаттың ішінде-ақ соларды қырық пышақ қылып қырылыстыра алам!.. — деп, Сүндет сылқ-сылқ күлетін.

Сағиттың хаты алынғаннан кейін осы отыз үйді қолға ұстау керек болды. Қолға ұстау үшін алдымен отыз үйдің ынтымақпен істегелі отырған жұмысын — мектеп салу әңгімесін аяқсырату керек болды. Сондықтан Сүндет, осы әңгімені бүгіннен бастап қолына алып еді...

— Азған заман ғой, қайтерсін... Әйтпесе, баламызды орыс қылмай да күн көріп келе жатқан ел едік, — деп, Дайрабай дейтін сопы, қымыз құйып отырған қара тоқалға қарап қойып, күрсінді.

Қара тоқалдың қолына іліккен кішірек сары тостаған үлкен сары аяққа ауысып, Дайрабай сопының алдына келді.

— Дінді ойлау керек, жігіттер, дінді, дінді! — деді. Дайрабай сопы, қымызын бір жұтып алып, тамсанып.

— Сопынікі дұрыс-ақ, осы бір ескеретін жұмыс-ау, — деді Сүндет.

— Құнт қылмай жүрген өздерің, әйтпесе дін жұмысынан кім қашады?.. Мешіт саламын десеңдер шығынның көбін өзім берейін деп мен айтқалы қашан, — деді Жарбол бай, алдындағы қымызын шайқай түсіп.

— Бәсе, солай екен-ау...

— Апырым-ау осыны неге ескермей жүргеміз? — деп, қымызға ауыздары тиіп, мейірі қана бастағандар, иықтарын бірер көтеріп алып, дүрілдесті.

— Әлі де кеш емес, әлі де ескеруге болады, — деді Сүндет — Байекеңнің көптен қақсап келе жатқан жұмысы еді. Құнт қылмауымыз рас. Енді заман болса күн сайын құбылып барады. Көбіміздің сек жасындай-ақ жасымыз қалды. Кейінгілердің ел болуын біздің ойлайтын кезіміз болған жоқ па?.. Шыны бұл ойланатын жұмыс, — деп Сүндет көптің ортасына сөзді қоюлатыңқырап салды.

— Ay, дағдаратын несі бар? Мешіт салғаннан күнә таппаймыз ғой, салайық мешітті!..

— Бәсе, сүйтсеңдерші!

— Апырым-ай, ондай атты күн болса...

— Соқаны доғарысымен ағашын тасу керек.

— Елді хабарландыру керек емес пе?

— Бұл елден шашау шығатын жан болмас...

— Қоя тұрыңдаршы даурықпай, — деп Дайрабай сопы қызынып, жүгініп алды, — осы айтып отырғандарың әзіл ме, шын ба?

— Әзіл емес, сопы, құдаймен кім ойнайды дейсің... істейміз десек, болмайтын да жұмыс емес. Ең қиыны шығыны болса, мына бай беремін деп отыр ғой. Бұ да құдайдың итергені шығар. Меніңше жұрт жұртшылығын істеуі керек, — деп, Сүндет бірсыпыра сөйлеп, жұртты ұйытқандай болды.

Қыдырмалар бір-екі аяқтан қымыз ішкен шамада, қара саба күнде қаңтарылып байлана салушы еді.

— Іштіңдер ғой, енді үйді босатсаңдаршы — деп, қара тоқал есік жақта отырғандарға күнде жекіріп те алушы еді.

Бүгін олай болмады, қара саба ақтарылып құйыла берді. Қара тоқалдың шырайы ашылып, сары қымызды құлаштап сапырып, босаған аяққа құйып бере берді. Өміріне екі аяқ қымыз тиіп көрмеген Ысқаққа да бүгін діндей төрт аяқ қымыз тиіп, көзі бұлдыр қақты. Мешіт салу әңгімесіне Ысқаққа шейін қатынасты.

— Жігіттер! — деді Дайрабай бір кезде.

Иегі кемсеңдеп, екі көзінен шұбырған жас сақалының арасын қуалап ағып отыр еді:

— Құдай бірдемеге бастаған шығар... Аруақтың қара шаңырағы еді, бұл үйде басталған әңгіме аяқсыз қалмасын... Көбің мақұл десеңдер, мен «Аумин!» деп, бата қылайын, — деп қолын көтеріп еді, қыдырмалардың қолы қымыз құйған аяқтан босап, тегісінен көтерілді. Қымыз құйып отырған Теңгеге шейін қолын жайды.

— Жұрт болғандарыңа тілектеспін. Орталарыңда отырған шаңырақ едім. Ана малдың билігі қолдарыңда: керегінше жұмсаңдар, бірақ, іс қылып шығыңдар, — деді Жарбол қамығып, қалтырана түсіп.

Дайрабайдан көрі байдың қамыққаны жұртты босатайын деді, бірсыпыралардың алқымы ісіп, кірпіктері жыпылық атты...

...Жарболдың мешіт салу әңгімесі Шоңмұрынның аулына сол күні-ақ салып ұрып жетті.

— «Ерден иман құтылмас» деген, сабаз жараған екен!» — деп кемпір-шалдар бірден үйіріле қалды.

Жастар жағы қапелімде жаттығып түсіне алмай, жабайы бір жұмбаққа кездескен сияқты ғана болып еді, ұзамай жұмбақ ауырлады. Жарбол сол күннің ертеңіне-ақ Шоңмұрынды бас қылып бұл ауылдың шалдарын шақырып, қонақ қылып сыйлап, бұларды да мешіт ынтымағының ішіне қосты. Шоңмұрын ақсақалға «ауылыңа ие бол» деген сөз қайта-қайта айтып тапсырылды.

Шоңмұрын ауылына иелік қылуға кірісті. Ауыл адамдарының басы құралғанда бұрынғыдай ертегі айтуды қойып, мешітті қолға алатын болды. Шоңмұрынның өзін мешітке «азаншы» қылып белгілемекші болған екен, оған шейін айтты.

— Қойшы, жазған, азан айтатын жөнді дауысың да жоқ, қайдан барылдап тұрасың? — деп Айкүміс наразылық білдіріп еді, Шөкең оны ұнатпай қалды.

Дүмбелезденіп жүрген әңгіме бір күні Шөкең аулында шын талқыға түсті. Кешке жақын, жұмыстан қолы босаған ауыл адамдары, Шөкең үйінің жанына тегіс жинала қалды. Ауылдың тегіс жиналғанын көрген соң, Шөкең әңгімесін бұрынғыдан көрі ашып айтуға кірісті.

— Шәке-ay, мұныңыз қалай? Біз мектеп салуға қаулы қылған жоқ па едік? — деді Дәуіт жұлып алғандай қылып.

— Мектеп салынбайды!— деді Шоңмұрын сазарып.

Жұрт тіксініп, біріне-бірі қарасты.

— Шөке, қата айтасың, мектеп салынады — деді Шәкір одан жаман сазарып.

— Шатаспай отыр! Жұртты бүлдірмей, шоқынған өзің ғана шоқын!.. Құдайдың үйін салудан қашып, мен ауылыма мектеп салдырып отыра алмаспын!.. — деп, Шөкең сұрлана түсті.

Шәкір үндемей қалды. Шоңмұрынның мінезі бұл отырғандарға мәлім: ашуланса бас салып ұратыны бар. Орталарында отырған бір шал болған соң, әрі өзінің баласы да жоқ болған соң, бұл отырған жастар Шоңмұрынның таяғын кек көріп елемейтін әдеттері еді...

Сол күні түні Шәкірдің үйінде бұл ауылдың екінші жиылысы болды. Бұл жолы жиналғандар кілең жастар, бозбалалар жағы еді.

— Ал, не айтасыңдар! — деп, Шәкір көптің ортасына сөз тастағанда:

— Айтылған сөз айтылған: мешіттің керегі жоқ, өзіміз мектеп саламыз! — деді жастар көпшілігі...

* * *

...Таң сыз беріп келе жатқанда жұрт көлікке жабысты. Ауылдың бәрі үйлерін көше жығып, арбаға тиеп қойған. Ауылдың қотанында күнде дал-дұл боп салқамданып жататын арбалар бүгін жүк тиеліп, шаңырақ таңылып, қомақтанып қалған. Көліктің бірсыпырасы жегіліп үлгіріп, ағаш арба шақырлап, маужырап жатқандардың бірсыпырасының ұйқысын шайдай ашып жіберді.

— Ұста!

— Әкел!

— Жек!.. — деген дауыстар әр жерден-ақ естіліп, біріне-бірі жалғасып жатты.

Осқырынған асау тор бестіні жетелеп, Алмағамбет жылқышы көштің қалың ортасына кіріп, алақ-жұлақ қарады:

— Шоқпарбай бар ма, Шоқпарбай?.. Ал мына атты! — деді барылдап дауыстап жіберді.

Таң салқынымен бұйыққан жұрт ұйқыларын шала ашып, кейбіреулері қалтырап, тітіреніп жүр. Ондайлар көзін бажырайтып Алмағамбетке қарайды. Алмағамбеттің маңдайында бүршіктенген тер. Жалбайды кейін ысыра киіпті. Екі иінінен демін алып ентігеді. Түн бойына ұйқы көрген жоқ. Таң сыз бергеннен бері бұл талай асауға құрық салды. Жарбол байдың бейілінің ашылған жолы болды. Жылдап құр жүрген аттарды да ұстатып беріп жатты-ау. Өзі күрең жорғаны теңселтіп, қалың жылқының ортасында жүр. Аралап келеді де:

— Ұста мынаны — дейді Алмағамбетке.

Алмағамбет құдия ұмтылып, құрықты қағып қалғанда, қандай қашағандарының да басы бір-ақ қақаң етеді, қыл мойыннан құрық қылғындырып та үлгіреді. Байдың айтқанын орындап үлгіру Алмағамбет сияқты жылқышыларға бір мәртебе емес пе? Алмағамбет осы тұрғанда кемеліне келдім деп тұр. «Байдың көңілін таптым» деп тұр, «байға менен жақын адам жоқ» деп тұр... тортөбел ат екі жылдан бері құр жүр еді. Жаясы төңкерген астаудай. Түгі жылт-жылт етіп қарағанда көзің тұрмайды. Жәкең ұялмай-қызармай соған да құрық сал деді-ау!.. «Тортөбелді мінгізуіңізге риза емеспін!..» деп, Алмағамбет бұртиып, күңкілдеді. Жөкең қарсы айта алмай мырс етіп күліп, құла жорғаны теңселтіп, топ жылқының екінші жақ шетіне жүріп кетті... соны істеген Алмағамбетің бұл!..

— Уа, Алмағамбет-ау, қолың ашылған екен, жұртты тегіс жарылқайсың ба, әлде алалайсың ба? — деп көк шолақты салқам ағаш арбаға жегіп жатып Дәуіт дауыстады.

— Мінерсің!.. — деді Алмағамбет кекете күліп.

— Мінсе, құлап қалар деймісің бе? Шоқпарбай құрлы ат басын алып жүре алмас деп пе едің?..

Дәуіттің соңғы сөзін Алмағамбет құлағына да ілген жоқ, жал құйрығы күзелген қарагер байталды жамбасқа орай бір тартып, желбейінің құлағы желбіреген таудай делендеп, құйындата шапқан күйі қалың жылқыға бара араласты.

Кеңатыздың ортасынан қақ жарып өтетін қара жолдың бойы үзік-создық көш. Кештің арты ескі жұрттан әлі шығып болған жоқ. Әр жерде қадағандап бір арба, екі арба тұр. Мұның бірі Дәуіт. Үйінің құрымын екі арбаға бөліп тиеген. Бір арбаға көк шолақты жекті де, ала құр арқанды делбеге қылып тағып, жүк тиеген арбаның алдыңғы жақ қуысында ескі шапанға оранып отырған қара торы жас әйелге ұсынды.

— Жолға сал да, жүре бер.

— Е, сен ше?.. — деп, делбегені ұстамай, бедірейе, тіксіне қарады.

— Менде нең бар? Әй, иттің баласы... Анау атты әкелгенше, оны жеккенше бірталай уақыт, — деп Дәуіт сылтауын шұбыртып еді, әйел шатынап, қабағы қыржиып, қолды қусырып алды.

— Жүре бермеймін, сені тастап кетпеймін, білдің бе!

— Әй, иттің баласы... әй, сен иттің баласы ма... сорға біткен адамсың ғой. Қайтіп біз жұрт болайық-ау... қайтіп менің жұмысым оңсын-ау... — деп Дәуіт көпірініп, ашумен тізеге салып тартамын деп қамыттың тамақ бауын үзіп, соның екпінімен өзі анадай жерге ұшып түсті.

Сонау екі аяқ арбаға жүк тиеген Қасымның үйі. Қасым ақсақ шоқаңдап, арбиған арық қарагерді қамыттаған болып жатыр. Арбаға сүйеніп, бар тәуір киімін киіп, құлағына салған сырғасы жаулықтан шығып бетіне соғып, маңындағы жұртты көзімен шолып, ашаң жүзді әйел — Жанбике тұр. Осы тұрғанда Қасымға қалай байланысарын білмей, соған сылтау іздеген адам пішінді. Қасым соны ойлап апалақтап жатыр... Дәуіттің әйелі осы Жанбикені ойлап шатынады.

— Көш көлікті болсын! — деді Шәкір келіп күлімсіреп. Астына мінгені торы құнан Шәкірді ауырсынғандай аяқты қиғаштай басып, қолтығы дір-дір етеді.

— Қайдан көлікті болсын-ау, айналдырған екі мәстек, соқаға да осыны жегеміз, шөпке де осыны жегеміз...— деп Дәуіт күндегі әдетімен шаруашылық кемтарлығын жырлауға кірісіп келе жатыр еді, Шәкір оның сөзін бөліп.

— Оны қой, мынаны тыңда: Жарбол кеше шалдарды қонаққа шақырып, бәрін де еліктіріп соңына ерткен көрінеді. «Көрші ауыл ек, бөлінбей-жарылмай іргемізді біріктірейік, жайлауда бір жерге қонайық» депті. Баяғыдан бері бауырмалдығы ұстаса қайда қалыпты? Мұнысы бізді ісімізден ірітіп, өзді-өзімізді керістірейін деген әдіс... мен жалғыз үй қалсам да, Жарболға қоңсы қонбаймын, сен ше? — деді.

— Е, құдай сақтасын, сен қоңсы қонбағанда, мен қонып... Жарболға құл болудан арман қалмаған шығар. Түнеукүні Әбіл екеуіңе айтып ем ғой, мен сендер өлген жерде өлем! — деп. — Сол сөзім сөз...

— Көкіме, ойбай, көкіме, атыңды жек — деді арбаның алдында отырған әйел.

— Қоясың ба, әй, иттің баласы... е, тіпті сол...

— Жақсы, келінді ашуландырма, — деп, Шәкір, жолға түсіп шұбалған көштің артынан жөнеп берді.

— Қара жолды бойлай, көк шалғыннан жүндері ағараңдап, кең алқапты тегіс қаптағандай болып қыбырлай кетіп бара жатқан қой. Тері тонның жүнін сыртына айналдырып киіп, көзі іріңдеп, сақалы шошайып, күзеулі торы байталдың үстінде жарбиып Есенгелді шал қой соңында келе жатыр. Ыстық күн шыжғырып, қара қайыс маңдайдың терін бүртік-бүртік ағызып, иекке қарай домалады.

— Шай, жануар, шай!.. — деп дауыстап қояды Есенгелді.

Тал құрықшасы қарға ілініп, өмірге сүйрелеумен жүреді.

Қойға жұмсаған емес бұл құрықша, баққан қойына зекіп кейіген емес Есенгелді. «Шай!» деген дауыс қалың қойға майдай жұғады, тілсіз жануарлар Есенгелдінің ыңғайына көшіп, жөңкіліп сала береді... мына бір қызыл тұсақ былтыр қыс Есенгелді қой тептіріп жүргенде туған қозы еді. Есенгелді үйге тымағына орап әкеліп еді. Баласындай баптап өсіріп еді. Кәзір құйрығы керсендей, ту сырты бәйбішенің жонындай тұтасқан іркілдеген май, көзге толық қойдың бірі болып жүр. Мұны не ғып ұрар Есенгелді?.. Тәрбиелеп өсірген баласымен бір емес пе?.. Шынында Есенгелді бала қызығын жөнді көрмеген адам. Жасы отыздан асқанда, еңбекақысымен тапқан төрт-бес қараны беріп, Сандыбай деген қойшының қызын алып еді. Бейнетке мойымайтын, мың салсаң аяғын бір баспайтын топырыштай былжырлау әйелі бар еді. Екі-үш жыл стасканная кейін сол әйелінен туған бала осы Алмағамбет. Бұл қазір солақпандай жігіт болып, неше асауларымен алысып жүр... өзі қойшы, баласы жылқышы, екеуі де Жарболдың есігінде. Бірі «әкеңмін» деп, бірі «балаңмын» деп өз алдарына шүйіркелескен жерлері болды ма? Жоқ!.. «Әкелік, «балалық» таза ұмтылғанмен бір есеп. Оны екеуі де ойына алмайтын тәрізді...

Кейде Есенгелді шал қой соңында жүріп өмірін ойлайды. Жасы жетпіске келіп қалды, өзіндей Шоңмұрындар ауылдың ақсақалы болып, жұмыстан тоқталғалы қашан, намазын оқиды, оразасын ұстайды олар. Есенгелдіге ол күн қашан келеді?

«Балаңның мейірімсіздігі ғой, болмаса, жасың жетпіске келгенде сені қой соңына салып қояр ма?!» — деп мүсіркейтіндер де бар. Сондайдың сөзін есіткенде Есенгелді баласына ренжіп те алады. Баласына өкпелеп, оның жүзін көрмей кететін адам сияқтанады.

Күн қыза, қойды ауылдың қотанына иіріп, шамбемен толған ақ құманшаны жерошаққа сақылдатып қайнатып, қараша үйдің көлеңкесінде отырып Есенгелді шай ішсе, қымызға бөртіп, байдың мырзасындай былғаңдап үлкен үйден Алмағамбет шығады. Қолы қалтылдап, белі тез ағаштай бүкірейіп, қатпар маңдайдың тері иегінен сорғалап, шай ішіп отырған Есенгелдіні көзінің құйрығымен ол бір қарап өтеді:

— Ау, әлі шай ішумен отырсың ба? Ана бір қойларың — үйездеген жылқының ішіне араласыпты ғой, қайырсайшы, — дейді Алмағамбет.

Бұл — Жарболдың аузынан шығатын сөзі ғой. Жарбол Алмағамбетті осының үшін жақсы көреді. Әсіресе қара тоқал осы Алмағамбетті аузынан тастамай, біресе «шырақ» деп, біресе «төрежан» деп туған қайнысындай қадірлейді. Қара тоқал үшін Сүндет осы Алмағамбетпен ала көз. Бірақ байға жаққан соң амалы құрып, шығарып жібер деген сөзді айта алмайды...

«Әкесіне тартпаған, адал туған бала!» деп мақтайды Жарбол Алмағамбетті.

Есенгелді кейіп, баласының бетінен ала кетейін десе де, сондайда жоқ жерден «әкелік» мейірімі келіп кететіні бар. Алмағамбеттің жүзін көргенде біртүрлі елжіреп, босап, «шырағым» деген сөз жүрегінде еріксіз айтылып жатады. Сосын, ашуды да, кеюді де тастай беріп, Есенгелді бүкшеңдеп қойына жөнеледі...

Кейін қалған саяқтарды топтап айдап, жалбайды шалжита киіп, қызыл-көк байталдың жүрісін желдей естіріп, көш артынан Алмағамбет жетті. Пысқырынып, дүрлігіп жортқан жылқының екпінімен жайылып келе жатқан қой быт-шыт болып бет-бетіне бытырады.

— Әй, Алмағамбет-ай — деді Есенгелді шын кейіп, өзі, бүлкілдеп жортып, сонау белеске қарай ойысып бара жатқан қалың қойды қайыруға жөнелді.

Арт жағында дүрсіл естілсе, қалың жылқы лобылып ығыса жөнеледі. Құлын-тай ойнақ салып ен даланы базар қылып келеді. Құрығын сүйреткен Алмағамбет жол үстіндегі бірсыпыра көштерді түйрей өтіп, екі аяқ арбалы Қасымның көлігіне деңгейлесті. Екі аяқ арбаға жеккен қарны кебежедей қара биенің үстінде жарбиып Қасым келе жатыр. Алдағы арбада Жанбике. Анадайдан қарағанында ақшыл жүзі көзге түседі. Үзбелі сырға көрінеді. Білегіндегі күміс білезік күнге шағылысып жарқырайды. Ойнақшыған екі көзді өткен-кеткенге бір қадап түйреп отырған бір адам. Қарамай өткен жан болсайшы, ең арғысы Әжгерей сал да, түксиген қабағын көтере түсіп шел қаптаған ақшыл көзін бір салып өтті.

— Көш көлікті болсын! — деді, Алмағамбет атының басын тартып, Жанбикеге қатарласа түсіп.

Жанбике жалт қарамады, жайраңдамады, сазара түсті.

— Үндемеске ұшырап па едіңіз? — деді Алмағамбет жақындай түсіп.

— Ұшырағанмын, — деді Жанбике далаға қараған күйі.

Алмағамбеттің күңкілін ауыр алған адамдай, арт жақта келе жатқан Қасым ілгері қарап қолын созып, дауыстады:

— Ай, айдаңқырасаңшы, атыңды!

— Айда, дейді ғой жамандатқырын! — деп Жанбике қара керді қылжақтатып шаужайлады.

— Көңіл жетерлеріңе бердің ғой атты, — деді Жанбике Алмағамбетке ала көзімен қарап.

— Байғұс-ау, билік менде ме?.. Байдан сұрауларың керек еді...

— Сұрамаймыз байдан! Сұратпаған мен. Бір атқа билігің келмесі бар, оның жылқысын бағып қайтесің?

Алмағамбет жауап қайтармады. Жалбайының арты жалбаңдап, тепек жортысқа салып Жанбикенің көшінен өтіп жөней берді.

Күн сәскелікке келгенде аптабы оттай қуырды. Жел тына қалды. Көл суының беті айнадай жалтырады. Қарауытқан қалың құрақ жарлауланып көлге сәулесін түсірді.

— Жарықтық, жайлау-ай! — деп біреулері төсін кере демалып, таза әуені еркінше жұтқандай болып тұр.

Қалың көш қара көлдің басына құлап, қоныс ретіне қарай бөлінісіп жатыр. Жалтыр суаттың тұсындағы белес Жәкең үйінің қонысы болушы еді. Жәкеңнің маңында төрт-бес үйден артық қарашы болмайтын, сосынғылар алысырақ отырып қарасатын. Үздік-создық келген көш ақ суаттың деңгейіне келгенде, көліктерін қалай қарап бұрарын білмегендей ұйлығып, шоғырлана түсті.

— Ау, қайда қонамыз?

Қайда қонған несі, қонамыз мына жерге.

— Шәкір бірдеме айтып жүрген жоқ па еді?

— Керек емес сөзі! Сақалыммен Шәкірге ермекшімін бе? — деп Шоқпарбай атының басын бұрды.

Бұл кезде Шоңмұрын отағасы да көлігін жекелеп, Жарболдың үйінің маңына қатарласып еді. Жаңа көршілерді қошуақ алғандай боп Жарбол мен Сүндет бұлардың алдынан шықты.

— Е, Шөке, қайырлы қоныс болсын! Қане, бері қарай тартыңыз, — деп Сүндет Шоңмұрынның көшін бір бүйірлей тартып, шақатты жерге әкеп соқтырды. «Апырым-ай, мұнысы несі, осы шақатқа қондырмақ па?» — деп Күмісай үрейленіп шалына қарады.

Шоңмұрын отағасы ұйқысы ашылмаған адамдай мең-зең пішінді еді.

— Ал, осы жерге түсіре қойыңыз, — деді Сүндет әлгі шақат жердің тап ортасына келіп.

Күмісай шалына қарай түсіп күрсінді. Бұрын ақ құдықтың басында өз аулымен бірге отырғанда, жердің ең шұрайлысы Шөкең үйіне тиюші еді-ау.

— Күмісай жеңеше, мына бір жердің шөбі құйқалы екен, тап осы жерден тіккейсіз, — деп Дәуіт сияқты қайнылары Күмісайдың маңында бәйек боп жүрер еді. Басқалардан ала-бөле бұрын Шөкеңнің үйі тігіліп, жас келіндер өз үйлерін тігуге содан кейін кірісер еді. Нақ кәзіргі сағатта сол күй бірден өзгеріп кеткен секілді болды. Сүндет те, бай да, Шоңмұрынды осы тастақ тақырға қондырып, өшін алайын дегендей, сол өшімізді алдық-ау деп дарқансығандай сонау жерде екеуі жымың қағып күбір сөзбен тұр. Шоңмұрынның арбасы тоқтаған жерді жағалай шолып, ірге салар жер таппағандай жағалай кезіп Шоқпарбай тұр.

Шоңмұрынға қарағандардың басқасы Ақсуаттың деңгейінде ұйлығып әлі тұр.

— Бұлары несі? Неге келе қоймайды? Апырым-ау, сол ауыл шынымен келмей кете ме? — деп Күмісай әлсін-әлі Ақсуат жағына үрейлене қарайды.

Үй тігісуге шеттен ешкім келетін болмаған соң, Шонмұрын отағасы сыртқы желеңін сыпырып тастап, арбадағы құрымына жабысты.

...Ақсуат басында тұрғандар өзара бірсыпыра керісіп алғаннан кейін, Шәкір Аққұдыққа қарап көшін бұрды. Бірсыпыра үйлер қай жағына қосыларын білмей дал болды. Топырағы төбе болып үйіліп, қалың селеудің арасынан сонау көрініп жатқан Аққұдық. Басы Шоңмұрын болып сол Аққұдықты жағалай қонушы еді бұл ауыл. Шоқпарбай жүр.

— Шәкір кетіп барады ғой, ау, тұрсыңдар ма? — деп, Дәуіт шыбжыңдап, жалтақтаңқырап келіп атының жалынан ұстап еді.

— Немене, қара қатынның үйі болмаса қараң қалушы ма едің?.. Ағайыннан айырылып, алапес болған адамша шетке барып шошаяр жайымыз жоқ. Оның байындай төрелікке таласып жүрген адам емеспіз,— деп Дәуіттің қатыны тағы баж етіп байын бетінен ала түсті.

— Осылары не сұмдық?.. Үйден үйді айырды деген не? — деп біреулер күңкілдеді.

— Ақырзаман болғанда әркім өз бетіне түйе айдайды деген осы, — деп, жамаулы шапанын сүйретіп жүрген қатпар бет қара кемпір де әңгімеге кірісіп, әркімге бір келіп ақыл айтқан болып жатыр.

Көпшіліктің ыңғайы «бір атаның баласы едік, іргемізді айырмайық!» болды. Сонда Шоңмұрынға еріп, сонау қыр басына қонбақ па, әлде...

Байдың үйі тігіліп жатыр. Бірсыпыра жұрт қыбырлай соның маңында жүр. Сүндет, Әбіштер, өздерінің жүгін түсірместен, байдың үйін тігіп бергенше жан ұшырып асығып жүрген адамдай... Таяқты төсіне тіреп, етжеңді денесі үйген обадай болып, алыстан көзді салып Жарбол тұр.

— Ай, айтсаңдаршы! — деді Дәуіт сабырсызданып.

— Көбің біліңдер, — деп, әлдекімнен қаймыққан адамдай Ысқақ босаңсып күңк етті.

— Қой, бұлардан ешнәрсе шықпас. Ашуды таста, қатын, біз табымызға қосылайық! — деп, Дәуіт Аққұдыққа беттеді.

Бұлар біртіндеп құрала келе жиырма бес үй болып Аққұдықтың жүлгесінен қоныс алды. Жұлымданған қараша үйлер қатарланып тігілді. Салқамданған ағаш арбалар ауыл сыртындағы белеске тізілді. Үй арасында оттап жүрген сынық мүйіз мөшкелер әлсін-әлі барып арбаға сүйкеніп, ескі арбаның қаусаған алабын мойнына іліп, мәз болып жатыр.

Байдың қымызынан қағылдық-ау, — деді, Нұрыш жұлым үйінің алдына шығып тұрып.

— «Қымызы» дегенің әшейін сөз ғой, «қызынан» десейші, — деді Молдаш.

Жарболдың қатарланған ақ үйі жайлаудың көркі сияқты. Күмп-күмп пісілген сабаның даусы Қаракөлдің басын солқылдатқандай болды. Ішетін асынан қағылған «қара тобырдың» іші күйсін деп қара тоқалдың сабаны баса пісіп жатуы да мүмкін-ау...

— Әй, қымыз-ай, жолың басқа-ау, ә!.. — деп, сабаның даусын есіткен кезде Нұрыш тамсана түсті...

Мінген аты сабындай тер боп, өзі асығып-аптығып Әбіл келді.

— Ойпырым-ау, жұрт болыпсыңдар ғой! Мен бір өсек естіп шошынып келіп ем, — деп бұлардың бөлек қонғанын қошуақ көріп күлім-күлім етеді.

Жиырма бес үй толған сайдауыт бозбала, ауылнайды көрген соң үйлерінен андай шығып, ортаға алып, телмірісіп соған төне түсті. Әбіл Байбосын мұғаліммен сөйлесіп тұр:

— Жұмыс ыңғайымен өкілді тегіс таныстырдым. Осы жолы бөлек ячейка ашып беріп кетемін деп айтты...

— «Бөліс» туралы әзірлігімізді айттың ба?

— Ау, басқаңды қойшы, осы бізге «Кеңатызды» алып бере ала ма екен?.. Соны айтшы, — дейді Дәуіт даурығып.

Әбіл қышуына тигендей ашыла сөйледі:

— «Кеңатыз» сендердікі!.. Жарболдың баяғыдан бері малданғаны да жетер. Ертең жиылыста қаулы істейсіңдер де, аласыңдар!

— Алғанда оны қайтпекпіз?.. Ұрулы елге жайлау болғандай дала ол... Қай малымызды бақпақпыз оған?..— деп, Дәуітпен өш адамдай Қасым ақсақ тыржыңдады.

— Саспа, Қасым, саспа... Баяғыдан бері Жарболдың жалғыз билеп келген жері ол. Қалың кедей жиналып бір адамның жеріне ие бола алмаймыз дегеніміз масқарашылық...

— Жарбол ие болса, малын жайды, сен неңді жаясың?.. Шатасып, — деді Қасым шатынап.

— Әй, денің cay ма өзіңнің?

Ауырып отырмын.

— Қара тоқалдың қарғысын өгейсіп отырған шығар.

— Бәрің де шатасып отырсың, — деді Қасым ақсақ шын шамданып. — Жарбол сеңдерге жер бермей қандай... Аласыңдар жерді... Жарболдың таяғын ұмытайын деген екенсіңдер. 25-жылғы он азаматыңды бірден ұстатып айдатқанда күштерің қайда қалды... Баласы губисполкомда отыр. Сендерге жерді... Алмайсыңдар ма, уаһа шіркін!..

Қасым ақсақ көтеріліп, бұл сөзді әсіресе Дәуітке қадай айтты. Дәуітпен екі арасында аз болсын кикілжің барлығы сезілді. Жұрт мүдіріп, бірсыпыраға шейін үндеспеді.

— Қойыңдар, не керек, әшейіндегі ашу-аразды мұндайда айтпас болар, — деді Шәкір.

Дәуіттің жалғыз ақ ешкісінің егіз лағының бірі Әбілге «бұйырды».

— Сенен артық қонақ маған өмірде келмес, сыбағаңды барында жеп алшы, — деп, қара лақты бақ еткізіп Дәуіт алып ұрды.

Қатын-қалаш, бала-шаға қазан басына жиналып, қарық болып жатыр.

Нұрыштың қолында қызыл домбыра. Ебедейсіз саусағы пернені басқанда көз ілеспейді. Былпылдаған домбыраның даусы бұралқы сөздің көбін тоқтатып, жұртты өзіне ұйытып барады.

— Басып жібер, Нұрыш!

— Шырқатшы, бір!.. — деген ынтыққан дауыстар естіліп қалды.

Нұрыш әнге басты.

Шырқаған дауыс созылып көтерілгенде Қаракөл басындағы елдер селт етіп бір қараған секілденді.

— Желігуін! Оңбаған тобырлар... Жетісіп отырған шығар, — деді самалда салқындап отырған Жәкең...

* * *

... Жиылыс Жарбол ауылының үстінде болды. Жиылысқа келгендерге қонақасыға деп Жәкең екі бағыланды бірден сойды. Ауыл маңы топтанған атқа, қыбырлаған адамға толды.

Жәкеңнің көршілері, бастығы Шоңмұрын ақсақал болып, тік тұрып қонақ күтісті.

— Дәуіт-ау, сен де қонақ болмақпысың?.. Кісілерге су құйсайшы, — деді Сүндет ала көзімен қарап.

— Құя алмадық, — деді Дәуіт шалқая түсіп.

— Көргенсіздің ісін! — деп, жүгініп отырған Шоңмұрын тіксінді.

— Көпті көрген сіздей қайдан «көргенді» болайық, — деді Дәуіт.

— Мынау иттікі несі?.. Неге шатынайсың?.. — деп Сүндет сұрланып барады.

— Молдасы күшті ғой, — деп Шәкең басын изеп еді.

— Сіздің молдаңыз да нашар соқпас, — деді Дәуіт.

— Қоясың ба, әй?.. Жазықсыз шалға неге байланасың,— деп Сүндеттің жүгініп алғаны.

Самсаған көз бір жұмбаққа кездескендей, тұс-тұсынан қадала қалды.

— Сұрланба, Сүндет... Обып жібере алмайсың. Орны келген соң, айтқан шығар... Сенен ұрықсат алып сөйлейтін күйге жеткеміз жоқ — деді, Шәкір салқын пішінмен. Жәкең күлімсіреп, өкілге қарап бұрыла түсті.

— Шырағым, алаштың азаматысың. Атқа мініп жүрген баласың. Елді ел қылу шығар тілектерің, ә?.. Оныңа тілектеспіз... Ел болған соң не жоқ: телі-тентек қазан бұзар бұзықтың талайын табасың елден. Ондайлардың тілегі ел іргесін айыру болады. Елді жіліктеп бөлу болады, ел берекесін кетіру болады.

«Сөзім шымбайыңа батты ма?» деген адам сияқтанып Жәкең бұрылып өкілдің бетіне қарап қалды.

Сыпайы киінген аққұба жігіт келгелі шешіліп бір сөйлеген жоқ. Жәкеңнің тәтті қымызын тамсана жұтып, кеңірдегінен келгенше сығап ішуді де білмейді. Аяғын көсіле жіберіп отырып еді келгенде, сол күйімен әлі отыр. Мамық жүнді ақ жастықтар арқасына қойылғалы қашан, бір қисаюынды білмейді шынтақтап...

Жәкең сөзін соза берді:

— Шырағым, үлкен орыннан келген баласың, партия орнынан шыққан адам деген соң, өзім мүлде қуанып қалдым. Партияның тілегінде отырған адамбыз. Менің балам да партияларыңда... Сағит дейтін жігітті білетін шығарсың? Соның әкесі болам... Иә, ы-м... Осы бізді «мал жидың, бай болдың» — деп кінәлайтындар бар. «Малыңды көбейт, өсір» деп айқайлап жүрген үкімет өздерің емес пе... Осы біздің жазығымыз не?.. Біреуді ұрмасақ, соқпасақ, біреудің малын тартып алмасақ, осы біздегі жұрттың жұмысы не?.. Осы, осы... Анау шатынап отырған жігіт те осы ауылдікі. Түбіміз бірге — бір атаның баласымыз... Өз құлағымнан есіткен жоқпын, бірақ сырттан айтыпты деп есіттім: «Жарболдың түбіне жетеміз!» деп... Сонша өшіккендей мен не істедім екен... Өзі осында отыр ғой, осы сұрап көрсеңіз деймін...

«Ал барың болса қимылда» деген кісі құсап Жәкең өкілге бұл жолы телміре қалды. Жұрттың көзі де өкілге қадалды. Өкіл жігіт төмен қараған күйі мелшиіп бірсыпыра отырды. Бір кезде басын жоғары көтеріп, аларған көзін Жәкеңнің бетіне қадады: Жәкеңнің болбыраған беті, салбыраған ұрты, аузын жапқан мұрты тым жексұрын көрінді білем, көзін екінші жаққа бұрды. Маңдайы тыржия түсті. Делдиген танауы аз-кем қусырыла түскендей болды.

— Арыздың орны бар, отағасы, — деді салмақпен сөйлеп, — мен судья емеспін, тергеуші емеспін, бөліске шыққан өкілмін. Мен бөлісті білемін... Әбіл жолдас, ел жиналып болды ма, жиылысыңды ашсаң қайтеді? — деді Әбілге.

«Мынауың бір оңбаған шіркін ғой, өзі...» дегендей болып Жәкең ала көзімен қарады. Үйде отырғандардың бірсыпырасы күрсінді, бірсыпырасы жымыңдады.

Ac әзірлейміз дегенге болмай өкіл жиылысқа кірісті. Ақсуаттың оң тұсындағы дөңес басында жұрт қойдай тізіліп, қотандана отырысты. Байдың үйінен қаптаулы бір сандықты әкеліп, Сүндет ортаға орнатып жатыр еді, өкіл тіксіне қарап, Сүндетті түртіп қалды:

— Өй, мұның не?

— Сізге үстел... Жазу... — деді Сүндет сасып қалып.

— Оңбаған неме екесің ғой, — деп, өкіл бұрқырай ашуланып, саңдықты аяғымен теуіп жіберді.

Сандық беріктей ұшып домалады. Біреулер сықылықтап күлді. Өкілдің бәтеңкесі өз басына тигеннен жаман Жәкең ызаланып, түтігіп кетті.

— Жиылыс ашылды деп жариялаймыз... Сонымен жиылыс басқаруға: Шәкір Ержанұлы, Біржан Тасқараұлы сайлансын деген ұсыныс бар, — деді Әбіл көптің ортасында қасқия тұрып.

— Ол ұсынысың болмайды, сайламаймыз Шәкірді! — деп Сүндет шап ете түсті.

— Саған айтқам жоқ, көпке айтамын... Мақұл ма көп?.. Мақұл дегендерің қол көтеріңдер!..

Жалбыраған жаман жеңдер, құс саусақтар самсап көтерілді. Жәкеңді қоршап отырғандар бедірейіп отырумен қалды. Біреулер көтерген қолын түсіріп жіберді.

Шәкір мәжіліс ағасы болып, күн тәртібін жариялады. Өкіл баяндамаға кірісті. Алқа-қотан отырған жұрттың ортасында тікесінен тұрып сөзді түйдек-түйдегімен ағытып жатыр.

— Есіңде бар ма, кедей, байдың істемегені бар ма еді?.. — деді бір кезде.

Жәкеңнің етіне осы сөз найза сықылды сұғылды. Аузын ашып, көздерін бажырайта қарап қалың жұрт ұюмен отыр.

— Жер теңдігі болмай, ел теңдігін орнату қиын. Жер бөліну керек!.. Сыбағаңды алатын жерің, кедей, осы,— деді өкіл.

Нұрыш жүгініп алып, алақанын сартылдатып ұрып жатыр.

— Аламыз жерді!.. Жер біздікі... Қане неге отырсың, кедей, көтер қолыңды! — деп Нұрыш орнынан ұшып тұрып еді, самсаған саусақтары көтеріліп аспанға жеткендей болды. Қара қайыс беттер күлім-күлім етті. Тырысқан маңдайлар майға бөккендей жадырап сала берді.

— Бұл тәртіпсіздік. Бұл жиылыс тәртібін бұзғандық... Дәуіт, шықсын Нұрыш сияқты қанішерлер! — деді Сүндет сұрланып, даусы қалтыранып.

— Сіздерше қандай жиылыс заңды болушы еді?

— Жолдас өкіл, осы байларды жиылысымыздан шығарсаңыз екен!

— Шығарылса екен бай!

— Ортамызда отырмаса екен — деген дауыстар күңкілдеп әр жерден шығып бара жатыр... Бай алақтап, қысылып кетті. Әрқайсысының бетіне бір қарады. Әншейінде қаймығып кететін көздер осы жолы тесірейе қалыпты!..

— Мені жиылыстан шығара алмайсыңдар, менің дауысым өзімде, менің балам коммунист! — деді Жәкең сұрланып, екі иінінен дем алып.

— Бұзықтарды шығару керек жиылыстан! Шықсын Дәуіт, шықсын Нұрыш сияқты қанішерлер! — деп Сүндет сілкінді бір жақтан.

Нұрыш пен Сүндет ілінісе түсті. Ілінісе келе шап беріп «жаға сөз байға» тиісіп кетті. Қалың жұрт опыр-топыр болды.

Ұр!.. Өлтір, құнын төлеймін! — деді Жарбол барылдап, көзі қанталап...

Арашаның күштілігімен жанжал басылды. Әбіштің басы жарылды, Сүндеттің қолы сынды. Одан басқа зиян болған жоқ...

Төбелес шығарған Сүндетке, төбелесті қыздырған Жарболға ауылнайдың «әктісі» жабысты.

Жиылыс тараған кезде өкіл Шәкірлердің тобының ортасында еді. Шәкірдің тобы, кілең кедей мен батырақ, тап осы жолы бірінші рет елге келген өкілге иелік істеп, орталарына алып шүйіркелескен сияқты болды.

— Шырағым, атыңды айтшы, жақындап танысайық, деді Шәкір өкілді орала түсіп.

— Атым — Қожалақ. Әкем аты — Күркілдек... Өзің сияқты кедеймін. Тесік өкпе батырақпын. Үкімет адам қылды. Үкіметтің арқасында көзімді аштым!.. — деді өкіл көтеріле сөйлеп.

Бұл келген өкіл — Қаратаудан осы елге беттеген Азамат Азаматыч болып шықты.

— Біздің ауылмен танысамын дейсіз бе?

— Танысам, жерлеріңді өз қолымнан бөліп берем. Сіздермен сөйлесетін көп сөзім бар...

«Қара тобыр» атанған кедейлер, шекесінен қарағандай масайрап «күбірненің өкілін» орталарына алып, әскерше сап түзеп, Аққұдықтың басына қарап беттеді...

Тап осы кезде Жәкең үйінің маңына топтанған бірсыпыра жұрт орталарына Әбішті алып, «жазшы-жаздың!» астына алып қысып жатыр еді.

— Құрметілеу қадырдан көргуші баламыз Сағитке мен — әкеңіз Жарбол Борсықпай ұлынан» — деп бастады Әбіш хатты.

— Көре қалайын бұлардың күшін!.. Осы хат аман-есен жететін күн болса?! — деді Жарбол қанын ішіне тартып сұрланып...

Сағитқа хат жазылып, болған оқиғаның бәрі айтылып, губернияға адам шаптырылды. Ауыл ақсақалдары жиналып, алдағы жұмыстарын кеңесті. Жарбол мен Сүндет Шәкірлерге тау құлатамын деп көпірсе де, сол таудың құлауына ешқайсысының сенімі жоқ секілді еді. Әйткенмен ішкі тілектері бір сияқтанып отырған соң, бәрі де осы ыңғайға көшіп, бәрі де өздерінше күш соғып, кіжініп алды. Күш соғушының ішінде Шоқпарбай бар еді. Шоңмұрын шалды жалғыз қаңғыртпаймын деп, басқалардан көрі жөндеп болғансып, о да Жарболдың қасына қонған ғой. Бірге отырған соң бұл сияқты жиылыстарына да араласады. Бірақ, Жарбол болсын, Сүндет болсын, осының қолынан не келеді деген қалып көрсетіп, Шоқпарбайға онша іштері жылымайтын. Сондықтан Шоқпарбайдың кіжінуін әшейін бір айтыла салған бос сөзге жорыды. Шоқпарбай бұл кіжінуін орындап шығудың орнына осында есіткенін ертеңіне барып ана жағына айтып қоятындығына бұлар күмән қылмады...

Жұрт ыңғайын білгеннен кейін Жарбол отырғандарға жеке-жеке тапсырыс беруге кірісті.

— Саған керегі ағайынның бүтіндігі. Бөлініп, жарылып кім көрінгеннің қанжығасында кетпесеңдер екен... Өз басым үшін қайғы жемеймін, Сағит аман тұрғанда маған өлім жоқ. Менімен ұстасатын дұшпаным, ақымақ болмаса, осыны ұғынсын! — деді Жарбол шіміркеніп.

— Сөз-ақ-ау... Ашуыңызды басыңыз. Бөлініп отырған ағайын жоқ. Бүгінгілердікі қазан бұзарлық, мұндайға тыйым салынатындығына кімнің болса да көзі жетіп отырған шығар... солай ғой, Шәке? — деді Сүндет көтеріле түсіп. — Бүгінгі таяқ маған тиді, мен мұның үшін күйінбеймін. Қолымды қолтықтап гүбернеге жетсем, таяғымды соғатын Сағит бар... Бірақ, оның бер жағында да жұрт жұртшылығын істеймін десе, қашан да болса ағайын ауқымынан шығып көргем жоқ... әсіресе мына бай айтса, мен бәрін де кешем... Бұл кісі бүтіндік жайын айтып отыр. Түсіндім. Бірер қазан бұзардың жұмысына бола ағайын бірімізді-біріміз қаралап, дау қуып жүрсек, не оңбақшымыз?!.

Сүндет көп сөйледі. Сүндеттің сөзін отырғандардың ешқайсысы да теріс деген жоқ. Ендеше Жарболдың тапсырысын орындап шығу керек. Тапсырыстың ең үлкені — Шәкір мен Дәуітке еріп адасып жүрген елді қақпалап жолға салып, ел ымырасын біріктіру. Оның үшін алдымен Шәкірге ерген 25 үйді бытырату керек. Салмақтың көбі Шоңмұрын шалдың үстіне артылды. Басқалары да қарап қалмақшы емес. Сынау үшін Шоқпарбайға да жұмыс тапсырылды.

Бұл түнгі әңгіменің ішіндегі бір жаңалық — осы ымыраның ішінде Алмағамбет жылқышы да бар еді. Оны айтасың, тап осы кезде қой қотанында жатып ұйықтауды білетін Есенгелді шал да бар еді. Шақыртып отырған Жарбол: «келсін, кеңестің ішінде болсын, әңгімеміз әшкере, ешкімнен жасырын айтатын сөзіміз жоқ» деді. Әркімге жеке тапсырыс берілгенде, Алмағамбетке екі жұмыс жүктелді: бірі — Нұрыш мұның жақын інісі ғой, соған өтініш салып, бері тарту; екіншісі — Қасым ақсақ пен Дәуіттің арасында кикілжің бар деген сыбыс бар. Қасым Алмағамбетпен көңілі жақын замандас. Олай болса Алмағамбет Қасымды қайтсе де Дәуіттен бөліп шығуы керек.

Алмағамбет бұл айтылғанның екеуін де орындап шығамын деп уәде берді. Ең арғысы Шоқпарбай да қайта-қайта серт беріп жатты.

Тап осы кезде, Шәкірдің үйінде, Азаматты орталарына алып, «тобырлар» да қызу кеңеспен отыр еді. Бұлардың кеңесі Жарболдікінен өзгеше: бұлар, Азаматтың айтуымен, артель ашуды сөз қылысып отыр еді. Бірсыпыра сұрап қанғаннан кейін, көпшілік артель ашамыз деп қаулысын берді. Әбіл ауылнай көпшілік атынан қаулы жазды. Артельге кіруге қарсы боп Қасым бірсыпыра қырын тартса да, замандастары тәлкек қып оны да ауқымға кіргізді:

— Мұның өзінің әдеті қиғаш тартатын. Шоқпарбайдың інісі ғой... Бірақ, ертең Жанбике артельге кіріп қояды да, Қасымды сүйтіп ұятты қылады, — десті замандастары күліп.

Шынының өзі де осыған жақын еді. Жанбике деген әйел Қасымға тізгін берген емес қой. Қасым осыны ойлап, бұрынғысын әзілге шығарып, о да жазылды...

Тап сол түні Алмағамбет Қасымды іздеп келгенде, Жанбике үйінде іс тігіп отыр еді.

— Ал, қара тоқалдың еркесі, сөйле! — деп ол, Алмағамбетті тәлкек қып қарсылады.

— Осы сен қатынға не қылсам екен?

— Ешнәрсе де істей алмайсың, жұрттың бәрін қара тоқал деп білемісің?

— Көңілге қарамайсың-ау, мен сол үйде қара тоқал үшін жүр ме екем? Үйім жоқ, күйім жоқ, қаңғырған соң...

— Неге қаңғырасың? Әзірейілдей жігітсің. Тепсең темір сындырасың. Өзіңдей жігіттердің қайсысы қара тоқалдың құлдығында отыр!..

Алмағамбет бірсыпыра сөз жарыстырып, Жанбикеге өзінің жайын аянышты қылып көрсетемін десе де, Жанбике тақымдап, Алмағамбеттің адымын аштырмады... «Айтты-айтпады, ақысыз-пұлсыз мен сол есікте не бітіріп жүрмін? Әсіресе жетпіске келген әкемді өмірі құл ғып өткізгенімнің жөні қалай?» — деген ой Алмағамбетке осы жерде анығырақ пайда болған сияқтанды.

Жасы отыздан асқанша бұл ой Алмағамбетке келмей де жүрген жоқ. Жанбикенің сөзіндей сөздің талайын есітіп те жүр. Бірақ алаңғасарлығы ма-ау, ойлаған ой сол күйінде шешусіз қала беріп, Алмағамбет Жарболдың байлығына буланған сияқтанып жүре беретін...

Жанбикенің сыңайы жанның сөзіне ығар емес. Әсіресе Алмағамбетке өшігіп алған қалпы бар. Қасымды бұдан бөліп азғырғанмен не шығады? «Мен мұны ойламаппын-ау?..» — деп өзінің ұшқалақтығына таң қалып, Қасымды тосып жолығып, оған жұмысын айтпастан Алмағамбет кейін қайтты...

Тап осы түн ішінде Жарболдан тапсырыс алған басқа кісілер де, өзіне керекті адамын оңаша шығарып алып, өлердегі сөзін айтып, өтініш жүргізіп жатыр еді. Бірақ бұл өтінішке еліккен бірі жоқ, ең арғысы ақсақ Қасымға шейін жер бөлісі комиссиясына сайланып алып, ертең бөліп алатын жерін ойлаумен шұғыл еді...

ТҰҢҒИЫҚ

...Жүре-жүре Мәриям Қаратау қаласына да үйреніп алды.

Азаматтың Сулы болысына шығып кеткендігі ертеңіне-ақ анықталды, бірақ Азамат Жақыпқа хат жазып кетіпті. «Мәриямды менің артымнан әкелуші болма!» депті хатында. Мұны орындау Жақыпқа тым қиын соқты. Азаматтың сөзін құлаққа ілмей жүрген Мәриям Жақыптың сөзіне тоқтар ма? Тоқтамаса, көнбесе, пәуескесін салдыратып Жақып соны алып жетпекші ме? Оны істесе, Азамат бұған көрместік болып өкпелемей ме?..

«Оңбағыр, құтыла алмасы бар бұл итті алып қайтпекші екен?» — деп Жақып Азаматқа бірсыпыра кейіп те алды.

Мәриям жүру жабдығында. Ертең ертемен жүрмек. Атыңды дұрыстап баға көр деп Жақыпқа қайта-қайта тапсырды. «Жақып-ау», дейді екі сөзінің бірінде. Бұрынғы әдетінше ірілік істемей, тамақ ішкен сайын Жақыпты жанына шақырып алады. «Жол қағып шаршаған шығарсың» — деп Жақыпқа арақ алғызып та ішкізді. Жақыппен қосылып өзі де ішіп жіберді. Жақып көңілденіп, Мәриямның айтқанын екі етпеуді өзіне міндет санайтын секілденді...

Әйткенмен Азаматтың хаты батайын деді Жақыпқа. Азаматпен соңғы кезде араласып, мүлде жақын болып кетіп еді. Азаматтың мінезін мықты ұнатып еді. Азаматтың осы үйде торға түскен құс сияқтанып жүргенін сезіп, Кәрібай шалмен екеуі сырттан сөз қылып, өздерінше оған аяушылық та білдіруші еді.

— Осынысы қалай? Шын үйлеспейтін болса, неге тастап жүре бермейді екен?.. — деп Жақып ойын айтса, Кәрібай шал бірсыпыра ойланып отырып ауыр күрсініп:

— Ай, шырағым-ай, сен екеуміздің білмейтін жұмысымыз көп шығар ғой. Тастай алмай жүрген себебі бар шығар... Сұрамай-ақ қой, көңіліне ауыр алар, бірақ, айтқанын екі етпей орындап отырайық — дейтін Жақыпқа ақыл айтқан болып.

Бірақ Маһира, Медеулер Азаматтың неге тастай алмай жүргеніне бұлай жеңіл қарамайды. Маһира ойын қысқасынан айтады:

— Азаматың маубас, мәңу, өлерін білмейтін аңқау, көз алдындағыдан басқаны көрмейтін соқыр...

Маһира жынын әсіресе Мәриямға төгеді.

— Абайла, шырақ, қақпанына ілігіп жүрме, — деп Жақып жүрерде бұған да айтқан.

Осы сияқты әңгімелердің бәрі басын қатырып, Жақып сол түнді ұйқысыз өткізді. Ой түбіне жету қиын болды. Мәриямның айтқанын орындамау одан да қиын болды... Сөйтіп басын қатырумен жатып, өзінше бір ғана айла тапты: Азаматты осы қалада жатып тосып алайық деп Мәриямға өтініш айтпақ, көнбесе, атын да, арбасын да Мәриямның өз қолына тапсырып, қош айтыспақ!.. Жақып осыған белін шындап буды.

Бірақ ойламаған жерден бір себеп кездесіп, Жақып бұл қыспақтан әзірінше құтыла түскен секілденді, Губернияда істейтін бір маман — Мәриямның ескі көз таныстарының бірі осы қалаға келіп, осы нөмірге атын тіреді. Мәрияммен екеуі шұрқырасты да қалды.Ұшып-қонып тұрған ойнақы жігіт екен, Мәриямның қол-аяғын жерге тигізбей үйіріп әкетті. Мәриямды ертіп столовайларды қыдырды, одан ойынға, ойыннан шығып бақшаға барды. Жабығып жүрген Мәриям күндей күліп, ескі күнді қайта бастады. Сауық-сайран бойды билеп, ерікті алып, сиқырлады.

— Асықпа, үлгірерсің, ешқайда кетпес, бірсыпыра күн бірге болайық, — деді әлгі таныс.

Мәриям көнбеймін деп отырып көніп, бірер күнге ғана деп тоқтап, сол «бірер күнмен» жүріп Қаратауда аттай он күнді өткізіп алды. Таныс жігітін аттандырып салып, Мәриям енді Сулы болысына беттемекші болғанда, Жақыптың қарсылығына кездесті.

— Жақып-ау, мұның не?

— Уақытты оздырып алдық. Болыстың орталығынан табу, енді, қиын. Ел қыдырып салақтап қалай жүрмекшіміз? — деп, Жақып жауапты қысқасынан береді.

Мәриям ашуланып та, жалынып та қарады, бірақ Жақып илікпеді. Бірер күндей Мәриям Жақыппен сөйлеспей, бөлмесіне кіргізбей де жүрді, оған да мұқамады. Жақып, көңілдендірейін деп арақ та алып беріп қарады, арақты ішіп алып, қызара бөртіп Жақып отыра беретін болды.

Сөйтіп жүріп арада тағы бірсыпыра күндер өтті. Күн өткен сайын «жүремін» деген сөз ескіре берді. Енді аз күнде Азаматтың қайтып оралуы да мүмкін, оған бола бармаса да болады. Бірақ Рақым жездейдің айрықша тапсырысы бойынша, Мәриям осы жолы, осы жұмыстың тұсында Азаматтың қасында болуы міндет еді. Әлгі бір таныс жігіт кездесті де, кезіңде бара алмай қалған өзі, оның үшін Жақыпты айыптауға бола ма?..

Ол ол-ау, осылай қарап шығарда, Рақым жездей Мәриямға толып жатқан тапсырыс берумен бірге, сол тапсырысты орындау жөнінде қандай сақтық керегін, кіммен қалай сөйлесу керектігін, кімді қалай пайдалануға болатындығын — бәрін де түсіндіріп айтып еді. Ол нұсқау бойынша Мәриямның бұдан былай сақтануға тиісті адамының бірі осы Жақып еді, Маһираны да Мәриямға жездей құбыжық қылып көрсетіп қойды ғой... Мәриям жеңілдікке салып, жездесінің ол айтқанын орындамады. Қаратауда жүріп не істегені Жақыптың қолында. Онда, жездесінің айтқанындай Жақып қауіпті адамның бірі болса, көргеннің бәрін Азаматқа айтып масқарасын шығармай ма?.. Масқара демекші — Азаматтың білгенінен қанша масқаралық бар? Ашуланса айырылар да кетер...

Ойы осы жерге кеп тірелгенде Мәриям өзін қайта ұстады: «жоқ, айырылысуға тиіс емеспін. Азаматқа белгілі мақсұт үшін тигемін. Ол мақсұт түгел орындалмай, мен сөз шығаруға тиісті емеспін...»

Бұл ойға Мәриям қашанда жүгінеді. Олай болса Жақыптың көңілін тауып, сырды шашпайтын қылу керек. Оның үшін не істеу керек?

Мәриям бұған дағдармай, жымиып күлді. Жақыпқа деген шырайы қайта ашылып, сауыққа кірісті.

...Сондай көтеріңкі күндердің бірі еді. Жақыпты ертіп Мәриям өзен жағасына барды. Өзен жағасындағы жұрт қайыққа тиеле мініп, ерсілі-қарсылы өтіп жатыр екен.

— Біз де өтеміз бе, Жақып! — деді Мәриям күлімсірей қарап.

— Өзің біл, қарағым, мен мінуге дайын.

Арғы бет қалың тоғай. Ойдым-шұқыр. Төсек болып оралып жатқан шалғын. Күннің ыстығы шық етіп шекеге тигендей. Көк орайлы тоғайдың саясы сап-салқын боп, шыжыған денең жайылып, терің кеңіп сала бергендей...

Осындай салқын саяның біріне кездескенде Мәриям «шаршап», көк шалғынды жапыра төсек қып отырды. Арасын алыстау салып Жақып та отырды.

— Күнге отырғаның не, бері отырмай, — деді Мәриям күлімсіреп.

...Әлдеқалай екеуінің қолы қақтығып, Мәриям Жақыптың қолын ұстады:

— Қысайын ба қолыңды?

— Қыс!..

Екінші ретте Мәриямның қолы қаттырақ қысылып ол жұлқынып қалғанда, беті барып Жақыптың бетіне соқтықты... Сол бет сол күйі алынбады. Бетіңді әрі тарт деп Жақып та айтпады...

...Жақып санына біреу біз тығып алғандай, орнынан ыршып тұрды. Мең-зең боп бірсыпыраға шейін көзі қарауытып, есін жия алмаған сияқтанды.

«Әй!..» — деген дауысқа селт еткендей боп Жақып жалт бұрылғанда: көзін жұмып, шашы шалғынмен араласып, шалқасынан Мәриям жатыр еді.

Жақып үн-түн жоқ басы бүгіліп, өзенге қарап салбырап жүре берді.

«Оны да осылай арбады ма екен?.. Осыған шынымен елжіреді ме екен ол?..» деп ойлады Жақып кетіп бара жатып.

— Әй! — деймін... Тоқта — деймін... Не болды саған?.. — деген өлімсіреген дауыс әлдеқайда арт жағында естіліп жатты...

...Сол күні кешке Жақып номерге келіп: Мәрияммен қош айтысты. Мәриям шошынып:

— Бетім-ау, Жақып-ау, мұның не? — деп жабысып еді, Жақып оны кеудесінен итеріп алыстатты:

— Ырбаңдама, білдің бе, саған қолжаулық болатын кісің мен емеспін!.. — деді қысқа ғана.

ЕСТЬ ТАКОЕ ДЕЛО

...Әдетте жұрттың ұйқыдан тұрып өріп жүретін кезінде Әлішер Кәдірбаев төсегінде тұрмастан жатыр еді. Орысша оқыған интеллигент, жауапты орында қызмет істеп жүрген кісі болғанмен Әлішер ескі қазақы тұрмыстан да қол үзіп кетпеген кісі. Мұны ол өзінше дәлелдемекші болғанда, әйелінің оқымаған тәрбиесіздігін айтып, қазақы тұрмыстан қол үзе алмау айыбының бәрін сол кісіге аударуға тырысушы еді. Баяғы Қайдар үйіндегі Мәрияммен арадағы шатақтан кейін, ол кісі (ол кісі деп отырғанымыз Әлішердің әйелі, аты — Толқынай болатын), «бәрібір маған жақсы атақ жоқ екен» дегендей болып, тұрмысының билігін түгел қолға алып кетіп еді. Бұрын Әлішердің айтуымен үй ішінде бірер үстел, бірсыпыра орындықтар тұратын болса, Толқынай бәйбіше соның бәрін де тысқа шығартып, үй ішіне тегісінен кілем, көрпе төсетіп ауылдағы атақты байлардың қонақүйлерінің түріне айналдырып еді. Қызыл, көк плюшпен тысталған жұмсақ, серіппелі үстелдердің талайы есік алдында, асханасында ыбырсып, ас пісіруші әйел оның көбін ыдыс қоятын, жуған кірін жаятын белгілі бір орны қылып алып еді.

Осыдан кейін Толқынай жататын бөлмелеріндегі кереуетті де шығартып, Әлішердің төсегі жерге салынатын болып еді. Әлішер бұған қарсылық білдірейін десе де:

— Орысша тұрамын десең, Мәриямның үйіне барып тұр, — деп Толқынай бірден бетінен ала түсіп, содан кейін Әлішер бұл туралы қайтып сөз қозғамайтын болып, таза қойып еді.

Кәзіргі жатысында да Әлішер жерде жатыр еді. Жатысының өзі де онша қолайлы емес: киімі шала шешіліп, басы жастықтан аунаңқырап, бет-аузы ісініп, көзі қызарып, қанталап, дауысы қарлығып, жайшылықтағы түрінің бірі жоқ еді.

— Қатын, а қатын, мен неғып жатырмын? — деді Әлішер өлімсіреп.

— Сені құдай атып жатыр, — деді Толқынай ашулы түрде.

Әлішер тіл қатпай ұзақ уақыт Толқынайға телміріп қараумен жатты. Осы қарау Әлішердің ойын аздап бір жерге жинағандай боп, не болғанын, кеше не істегенін біртіндеп есіне түсірді. Алдымен үйге қалай жеткенін ойлады. Бұлдыр ғана біледі, үйге кірмеймін деп жылап қақпаның аузында бірсыпыра отырды. Осы жері ғана ойында бар, сосынғылар күмән. Жылайтын себебі не? Ойлай келе мұны да тапты, кеше Борсықбаев мұның кеңсесіне келді де:

— Өркенің өссін, Әлішер, мен десең отказ берме, бүгін ішеміз, — деді.

— Так сказать можна, бірақ сақ бол,— деді Әлішер.

Сенімді деген жолдастар жиналды. Әрине, оның ішінде Рақым жездей де бар. Мәжіліс арақпен басталды. Соңғы кездегі істеліп жатқан жұмыстың бәрі мінелді, сыналды. Бәрінен бұрын бұларды ашуландырғаны — бұлардың «жасырын жиылыстары» туралы губкомға біреулердің материал түсіргендігі еді. Материал әзір анықталуда жүр. Түбінде, қаралған уақытта, қалай шешілетіндігіне көз жете ме? Әлішердің өздерінде кездескен жұмыс болса (бір-екі айдан бері Әлішер ол дәуірден айырылуға жақын еді), әрине, бұлар онша қысылмас еді, қазір жұмыс қолдан шығып кетіп отыр-ау...

Бұлардың тағы бір түсіне алмайтыны — осылардың сырын шетке шашып жүрген кім, бәтір-ау?..

Әлішер басын шайқап ойланып отырды да:

— Мен, так сказать, Азаматтан сезік алам, — дейді.

— Өркенің өскір, Әлішер, тап осыны тауып айттың, — деді Бұқабаев.

— Олайша айтқанда, конечно, солай ғой, бірақ былайша айтқанда... Ым... я... — деп Борсықбаев отырады.

— Жігіттер, жалғыз ғана өтінішім — Азаматты былғамаңдар. Табансыз де, жуас де, тұйық де... Бірақ предатель дегендерің оған ауыр. Мен мұны сендіре алам, — деді Рақым.

Бұл отырғандар, қанша дауырыққанмен Рақымның сөзіне қайсысы болса да тоқтайды. Рақым бір кеңсенің жабайы қызметкері болса да, партияда жоқ болса да, кеңес кеңсесінде қызмет істеуінің өзі ерсі секілденсе де, шынында соңғы жылдың ішінде осы губернияға тиісті жұмыстың қандайына болса да Рақымның ақылы қатынаспай қалған емес. Қатынасқаның сол — барлық жұмыс осы Рақымның сілтеуімен орындалып отырды десе де болады. Ең арғысы бірер кеңсеге қызметке қойылатын адам да Рақымның ұйғаруымен қойылатын. Рақым мұны Кәдірбаев, Борсықбаев, Бұқабаевтар арқылы орындап отырды.

Мұндай жұмыстардың ұшы-қиыры жоқ, қайсыбірін түгендейсің. Қатаның неден болғанын өздері де бұлдыр білетін секілді. Көрнекті орынның бәріне де өз адамдарын қоямын дегенмен, «өз адамдары» дегендері көбіне партиядан тысқары жүргендер болады да, сосын, шарасыздан бірер коммунист, комсомолға жабысады.

Түсі жылы екен, адамшылығы бар, баулып аламыз, — дейді өзара кеңескенде.

Бірақ ол «шіркін» бұлардың баулуына көнбей, өз жолымен кетіп отырады... Бұлардың, өздерінше бір ақсадық дейтіні осы жағынан.

Сосын, ортада болсын, өлкеде болсын — жікшілдікке тиген таяқ, жергілікті ұлтшылдыққа, төңкеріс дұшпандарының жұмысына партия жұртшылығының соққыны қатаң беруге кіріскендігі — бұларды құлдыратып бара жатқан жұмыстың бірі осы жағы-ау... Өзара даурыққанда ананы бір, мынаны бір кінәлап келсе де, тағы осы жерге келгенде бәрі де мүдірді. Мүдіргенде іштері тырналғандай мықшиып, күрсінеді.

— Да...

Даурыққандардың есіне бұл жағын көбірек салатын Рақым. Осылардың тобындағы саясатқа жүйрігі де сол. Газет, журнал, шығып жатқан саяси кітаптардың Рақым біреуін оқымай жібере ме екен... Кәдірбаев деген жігіттің партияға ертерек кіріп, жауапты орындарда болды демесең, соның көбінен таза-ау.

Да... Бұлар ішу компаниясын тағы қыздыра бастады. Мұның басталу себебінің бірі — бөліс науқаны еді. Бөліске шығатын өкілдер керек болғанда Кәдірбаев Борсықбаевты шақырды да:

— Рақымды жаныңа алып, бөліске өкіл қылып шығаратын кісілердің тізбесін жаса, — деді.

Тізбе жасалды, губком бюросынан өткізуге келгенде, тізбеде көрсетілген адамдардың бірі жарамады. Жарауын былай тұрсын, бюрода отырған кісілер Әлішерге қадалып, есін шығарды. Қадалушының бірі Шәймерден. Губкомның жаңа келген хатшысы соны көтеріп, көзге түсіре бастап жүр.

Ұсынатын адамың осы ғана ма, тағы бар ма? — деді Шәймерден.

Бұл тізбеге Рақым Қауғабаев қалай кірмей қалды екен, соны білсек екен, — деді, Таңатар комсомол мұны кекете күліп.

— Есть такое дело... Кәдірбаев жауап бер, — деді бақылау комиссиясының қызметкері Сағындық.

Губком хатшысы Әлішерге ала көзімен бірер қарап алып, бөліске шығаратын адамдардың тізбесін қайта жасады. Әлішердің ұсынған адамдарынан жалғыз Азамат қана ілікті. Азамат туралы сөз болғанда, Шәймерден ұсыныс қылып:

— Азаматты Қарасу болысына жіберуге болады, — деді.

— Басқа болысқа неге болмайды?..

Шәймерден өзі Төрттөбе болысын сұрап алды. Мәссаған!.. Бұл — Кәдірбаевтың елі.

Таңатар — Жуалы болысына белгіленді, бұл Бұқабаевтың елі.

Әлішер сол жердің өзінде бұрқ-сарқ келіп, қызулықпен протест жасауға да ойлап, артынан тағы өзін-өзі басқан. Бұл — бұларға мықты удар. Ішудің бір басталғаны осы жер-ау. Құр ішумен де жүрген жоқ, басқалар ішуге салынғанмен де, Рақым жездей жұмысты ұмытатын кісі емес. Осы оқиғадан кейін ол әр болысқа арнаулы кісі шаптырып үлгірді. Ол кісілер мына өкілдерден бұрын жетіп, ел ішінде жұмыс бастады. Қорытындысы не болды? — Міне, бұл жағын білу қиын.

Рақым күштің көбін Қайдардың ауылына төгіп еді. «Қоңыр» ауылы жазғытұрғы оқиғадан кейін ұйқыдан оянғандай боп, тым жанданып кетті-ау. Әсіресе Шәймерден комиссиясы Қайдар мен Ыбырайым шалды айыптап, сотқа тартып кеткеннен кейін артельдегілердің белі өсіп, жұрттың көзіне түсті. Ел сыңайы соған ауды. Бірсыпыра жұрт Қайдарға болатын сотты күтті. Осыны сезіп, Рақым баяғы сот басындағы Жалмағамбет арқылы Қайдардың сотын кешіктірді... Бөліс жұмысын қолға алғанда, Рақым Қайдарға ешбір соттың әлі келмейтіндігін айта тиіспекші еді, баяғы Медеу сол елге тағы барып, кедей-батырақты ертіп Рақымның салған адамын түртіп топтан қуып шықты. «Қоңыр» ауылының кедейлері жерді шынымен қолға ұстап, Қайдар үрпиіп шетте қалды... Бәлкім, соның ызасы болар, әлде басқа бір жасырын себебі бар ма — Қайдар бас салып ағаш үйді сатты. Одан лек-лек қылып, малды базарға айдайтынды шығарды...

Да... Қайдар ауылындағы оқиғадан кейін де мықты бір ішу болған, бұдан бір жыл бұрын бұлар әрбір «табыстары» — қуаныштары үшін болса, енді, қайғы үшін ішетін болды-ау; Қайғы мен қуаныш кезек деген осы да... Бүгінгі түнгі Борсықбаевтың үйіндегі ішу де тегін емес. Борсықбаевтың әкесі Жарбол да күн сайын хат жазатын болды. Бөліс өкілдерінің ішіндегі өздерінше өзіне тән көріп отырған адамдары Азамат еді, оның істеген жұмысы мүлде түйеден түскендей болды. Жарболдың еліне бөліс жұмысын қызу жүргізіп, кедей-батырақты артельге ұйымдастырып, «үкімет науқанына қарсылық істеді» — деп Жарбол отағасы мен Сүндет пысықты «мейман тоқтау» қылып қойыпты! Бұған не дерсің?.. Борсықбаев «тұтқын қылыпты» деп айтуға ауызы бармайтын адамдай «мейман тоқтау» деп қана сыпайылайды... Әрине хабар келісімен-ақ губисполком, губсоттан «Жарбол босатылсын!» деген телеграм кетіп те үлгірді. Әңгіме онда емес-ау. Жерінен, елі мен беделінен айырылып жұрдай болса, Жарболдың босатылғанынан не пайда?..

Да... Соңғы бір хатта өмірін Жарболдың есігінде жүріп өткізіп келе жатқан Есенгелді қойшы мен Алмағамбет жылқышы да артельшілерге қосылып кетті депті-ау. Бұл сұмдықтың басы болмаса игі еді? Бұл екеуін Жарбол баласының ақылымен, «еншілесім» деп атап жалшылар комитетіне де тіркетпей жүр еді-ау... Сұмдық, сұмдық...

Борсықбаев осыны ойлап ауыр күрсініп:

— Рақым-ау, осыны істеп отырған Азамат қой, бұған не айтасың? — деді.

— Мұны істеп отырған Азамат емес, Мәриям, — деді Рақым.

— Қалайша?

— Қалайша екенін түсінерсің. Ол қызға мен өз қолымнан сот құрам. Үкімін кезінде естірсіңдер... Менің жұмысыма ол қыздың тигізген зиянында шек жоқ... Көшірім Жақып — сонау Қаратау қаласынан жаяу келіп, прислуга әйелді ертіп бүгін қолымнан шықты... Түсініп отырмысың?.. Қайдардың үйінде жүретін Құрмаш дейтін жігіт болатын ба еді, өзіңе шөкелеп көрсетіп ем ғой, сол бүгін келіп менен қызмет сұрайды. Бұған түсінемісің?

Рақым қызып кетіп, көп сөйлеп алды. Бұрын бүйтіп ақтарыла қоймай, көрген-білгенінің көбін жасырып сақтаушы еді. Мұның да жүйке тамырының босайын дегені-ау... Да... Борсықбаев шектенгендей боп тұрып барып есікті жапты. Әңгіме бұрынғысынан да қызды.

Есік тықылдап, ұзамай Мәжібаев келді. Борсықбаевтың үйінде бұл өз адамы сияқты ғой. Әйткенмен оның көзінше ақтарылып отырудың не жөні бар. Әсіресе Рақым бұдан мықты сақтанады. Кездесе кеткенде екеуі де жақын кісі сияқтанып жайрандағанмен, іштері мұздап, бірінің ойын екіншісі сезген сияқтанып, біріне-екіншісі тура қарамайды.

Рақым сөзін доғарды. Ішіп отырған адамдарға кенет тына қалу қиын соқты.

— Мәжібаев, қарағым, дайын поэмаң бар ма, оқып жіберші, — деді Борсықбаев.

Борсықбаев әдебиеттен шала кісі болғандықтан, өлеңнің бәрін «поэма» деп түсінетін.

Мәжібаев ұры итше жылмиып орнынан тұрып, тәтиіп ортаға келді.

— Жеңгеме жақын тұрайыншы, — деп ол Толқынайдың қасына келді.

«Маған да қызығатын адам бар екен-ау» дегендей боп, Толқынай көтеріліп қалды.

Мәжібаев даусын толқындатып, кейбір жерін өлімсіретіп, өлеңін оқыды:

«Сарыарқа! Сәнді шуың, нуың қайда?

Көл беті қыбырлаған қуың қайда?..»

Мәжібаев ұзақ оқыды. Оқылып болғаннан кейін жұрт қошуақ алып қол ұрды. Осында жиналған кісілерге осы өлеңім ұнар-ау деп, әдейі салып келіп еді. Кісіге қандай өлең оқуы керектігін бұл жақсы біледі. Тап осы үйге келерде екінші жерде болып, онда Мәжібаев «Жезде мен балдыз» деген ұзақ поэмасының үзіндісін оқып келіп еді. Ондағылар оны ұнатты. Мұндағыларға оны оқысаң арылмас пәлеге қалған болар ең...

Рақым өлең оқылып біткен соң, жұртпен бірге қол ұрмай бірсыпыраға шейін түксиюмен отырды. Бір кезде басын көтеріп:

— Жолдас Мәжібаев! Қатаңды бетіңе айтайын: мынау өлеңің төңкеріске қарсы өлең. Мұны бізге не үшін оқып отырғаныңды түсінбеймін. Бізді төңкеріс дұшпаны деп танысаң, адасасың, біз кеңес адамымыз, — деді қалтыранып.

Жұрт тына қалды. Мәжібаев қызараңдап, жауап бере алмады.

— Өркенің өссін, Рақым, осындай сөзіңді тасташы... Өзіміздің бала... Қанша зияны бар? — деді Бұқабаев.

— Олайша айтқанда ол, әрине, солай ғой, бірақ былайша айтқанда... ым... да... — деп Борсықбаев.

Көп керістен кейін Мәжібаевтың өлеңі негізінде «дұрыс болғанмен» жолдастардың арасында оқудан зиян жоқ деп табылады. Осылай деп жақтаушы Әлішер болды. Содан кейін Әлішер бұл өлеңнің басқы буынын түн бойына аузынан тастамай айтумен болды. Араққа әбден қызып алған кезде осы өлеңді айтып жылайтынды шығарды...

...Түнгі оқиғаның бәрін біртіндеп ойлап есіне түсірді-ау, үйге кірмей қақпаның аузында жылап отырғанда, бұл, осы өлеңді айтып жылап еді... Бұл өлеңнің ішіндегі әсіресе мына бір сөзі есінен кетпейді:

«Баянсыз бақ тайып кетіп,

Тұңғиыққа батырдың.

Өз жеріме өзім қонақ,

Өз еліме — жат ұлмын...»

Араққа әбден қызған кезде Әлішер, өлеңнің осы жерін өте бағалап, мұның үшін Мәжібаевпен сүйісем деп іздесе де, Мәжібаев жоқ болып шықты. Ол бұлардың тобынан бірсыпырадан бері сезік алып жүретін кісі еді, оның үстіне мына жиылыста сөйлеген сөздерінен — бұлардың қыры кете бастағанын сезгендей боп, «осылармен осы былғанғаным да жетпей ме» — деп мәжіліс аяғына қарамай кетіп қалып еді... Әлішер мына өлеңді айтып жылап жүргенде ол үйіне бара салып, ұйқастыруға тиісті өлеңінің аяқ жағындағы ұйқасынға келетін:

Келді

Берді

Ерді

Немді...—

деген сияқты бірсыпыра сөзді көгендеген қозыдай қып бір тізіп, содан кейін не туралы жазуын ойлана бастап еді...

— Да... Солай екен... Так сказать... Бүгін Рақымның үйіне жиналып сөйлеспекші едік-ау, — деді Әлішер төсектен басын көтеріп.

...Тап осы кезде бақылау комиссиясының қызметкері Сағындық кеңсесіне барып, бірге тігілген бір құшақтай қағазды жалбыратып шкафтан суырды. Мұның сыртындағы «Кәдірбай ұлы Әлішер» — деген жазу баданадай боп көзге шалынды.

— Есть такое дело, — деді Сағындық қағазды ашып жымыңдап...

СОҢҒЫ ҮМІТ

...Қайша қаланың орта жерінен пәтер алып, өз алдына жеке тұратын болып еді. Қарасай қаласына келген кезде, жолда Шәймерденмен бірге келгендіктен номерге де бірге түсіп, одан екеуі бірге пәтерге шығып, бірсыпыра уақыт пәтерде бірге тұрған ғой. Содан кейін өз алдына пәтерге шығып еді, қала өсекшілері мұны жаңа хабардың бірі деп тауып, өздерінше үлгіртіп алып кетті. Мәриямның Қайдардың үйіне қонаққа барған күнгі әңгімесін жұрт аузынан ұмыттыруға баяғы хозяйка жеңгей сылтау іздегенде Қайшаның осы бөлек пәтерге шыққандығы құлағына тиіп, мұны өзінше неше саққа жүгірткен ғой: Қайшаның бөлек пәтерге шыққандығы «байдан шыққан» боп түсіндірілді.

Осылай түсіну алғашқы кезде кейбір жолдастардың арасында да болды. Бір есептен мұның ерсілігі де жоқ. Шәймерден жолдастыққа жарамайтын жігіт те емес... Бірақ, неге екені белгісіз, екеуі де бір пәтерде жатып жүргенде бұл туралы екеуі де әңгіме қозғап көрген емес. Әңгімелерінің көбі күнделікті жұмыстары туралы болады да, басқа ой көбіне соның көлеңкесінде қалған сияқтанып, ұмытылып қала береді.

Шынын айту керек: Азаматтың осы Қарасай қаласында қызметте екенін есіткенде, Қайшаның ойына үмітті елес пайда болған сияқтанып, Қарасай қаласында істейтін жұмысымен бірге Азаматты да ескерген. Қалаға келіп түскен күні, Шәймерденнің шаршадым дегеніне қарамай, Азаматты тауып бер деп зығыр еткен болатын. Азаматты іздеп жүріп ячейка жиылысына кездескенін жоғарыда айтқамыз. Азаматтың Мәриямға үйленген хабары кезінде Қайшаға едәуір ауыр тиген секілденді. Осыны әзілмен айтамын деп Шәймерден бір рет Қайшаны ашуландырып та алған. Азаматты кірлеп сөйлеген кісіге Қайша қарсы тұрмай қалмайтын...

Бірақ жүре келе, жұмыстың қызығына түсе келе, Қарасай елінің жұмысына тегіс танысып, кімнің не боп жүргенін анықтай келе, Қайша да Азаматқа сын көзімен қарай бастады. Басқаларға қарағанда мұның жыны тым жеңіл еді, әйткенмен де бұрынғыдай Азаматты қорғаштай күйіп-пісу кеміп, Азаматты жабайы жолдастың қатарына қосу басталып еді. «Бірге өмір сүру үшін қосылған жолдас-ақ болайық, сонда Азаматты қорғауым, Азаматтың қатасын бүркеуім дұрыс болар ма еді» — деп, өзіне сұрау беретін болды. «Әрине, дұрыс болмас еді» — деген жауап табатын болды өзінен. Бұл ой көбіне Таңатар комсомолдың айтқан қатаң сөзінен кейін пайда болған сияқтанды. Қайша оны сол сөзі үшін жек көріп еді-ау. Артынан ойлап, сол мінезі үшін ұялып, қызаратын болды.

Азамат құлап-сүрініп болса да, соңғы әзірде бірсыпыра жұмыс істеп тастады. Пайдалы жұмыстармен бірге талай зиянды жұмыстар да істеді. Зиянды жұмыс істеуін, Қайша Мәриямның әлегінен де біледі. Ол мынадан көрінеді: Азамат шетке шығып жұмыс істесе, абыройлы қайтады, қалада отырып істесе былығып болады... Олай болса, Азаматтың Мәриямнан бөлінуі керек. Бөлінгенде бұл шын дұрыс қызметкер болып кете алар ма? Шәймерден, Таңатардың жауабын тыңдасаң, таза түңілесің. Алексеев үмітті жауап береді. Ол Азаматты осы күннің өзінде жүз процент партия жолында деп жүр-ау... Мұның бәрі де ойыншық-ау, сол Мәриямнан бөлінем деп жүрген Азамат бар ма? Азаматтың соңғы кездегі сырласа бастаған адамы Медеу болса, ол бұл жағынан таза түңіле бастаған...

Азамат бөліс жұмысына Мәриямнан қашып жалғыз кетті. Мәриям «қайда барсаң да құтқармаймын» деп қуып кетулі. Медеудің айтуына қарағанда — Азамат Мәриямды көзбе-көз көре тұрып өмірі айырыла алмайтын секілді... Жақып әзірде Қаратау қаласына Мәрияммен бірге кеткен Жақып қайтып оралды. Жақыптан есіткен сөзін Маһира Қайшаға жеткізді. Бөліс кезінде Азаматтың қасында Мәриямның болмағандығына Қайша мықты қуанды. Азаматтың бұл жұмыстан абыройлы қайтатындығына сенді. Азаматта таптық сезім жоқ емес, бірсыпыра адамға қарағанда, қайта мұнда бұл жағы күшті секілді. Медеу де соны айтады. Азаматтың көңілін Мәриямнан аударамын деп Медеу талай ауыр сөздер айтқан ғой. Азаматтан басқа кісі болса, Медеуді бұл мінезі үшін өмірлік дұшпан көріп кетер еді. Азамат үйтпеді. Азамат Медеуді соңғы әзірде шын сырласатын жақын адамының бірі көріп жүр. Медеумен пікірлес те болып жүр. Осы жолы бөліске кетерінде Медеудің Мәриям туралы пікірін де ол дұрысқа шығарып... «Мәрияммен айырылысқаным осы» деп кетті. Ауданға барғаннан ол, Медеуге хат жазып, хатының аяғында: «Хат арқылы Мәриямның бетін бердім. Қалаға қайтқанда сенің үйіңе түсермін...» — депті. Медеу осы хабарды Қайшаға жеткізіп отырып, бір жағынан қаупін де айтып:

— Мәриямға кездеспесе, бәлкім, бұл айтқанын орындар... Әй, кездесіп қалса қиын-ау... Әйткенмен аяғын күтейік, не шығар екен, — деген ол.

Содан бері Қайша Азаматтың дерегін сабырсызданып күтуде еді. Мәриям Қаратау қаласында жатқандықтан Медеудің жоғарғы айтқан қаупіне ешбір орын жоқ секілді еді...

Қайша бір күні кеңсе жұмысымен шұғылданып отырғанда пошта тасушы мұның алдына бір телеграмма әкеп тастады. Бұл Азаматтың телеграмм еді: «Қайтуға шықтым. Жолда Қаратау қаласына соғамын» — депті.

Қайша телеграмды қайта-қайта оқып, аңтарылып отырып қалды. Медеудің айтқанындай болса, Азамат Қаратау қаласында Мәриямға кездеседі де, тағы соны жанына ертіп келеді ғой.. Шынымен сүйтер ме екен? Не болды Азаматқа мұншама? Адам деген айтқан сөзінен бір шықпас болар ма?.. Қайшаға телеграмм соғуына қарағанда Мәриямға енді қайтып алаңдамайтын адамның-ақ түрі бар-ау... Осылай болса, Азамат осы жолығуында Мәрияммен таза ат құйрығын кесісіп айырылысып келуі керек. Осы жолы да соны істемес пе екен? Егер бұл жолы оны істемесе, оның ар жағында Азаматтан не күтуге болады? Мәриямның арбауында отырып, екі күннің бірінде құлап-сүрініп, бір күні тұңғиыққа батқанын таза сезбей қалмай ма?..

Қайша бірсыпыра ойланып отырып, ауыр күрсінді. Кеңсе хатшысы келіп, мәжіліс болатындығын айтып, мәжілісте Қайшаның баяндамасы болатындығын есіне салды. Қайша дереу қағаздарына жабысты. Үстел үстіндегі қоқырсыған қағаздарын тәртіпке салып, баяндамасының желісін құруға кірісті, Қайша Азаматты таза есінен шығарып та үлгірді...

1930 жыл





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз