Өлең, жыр, ақындар

Айранбай

Айранбайдың үйіне кіріп келгенде-ақ нендей кәсіппен айналысатыны беп-белгілі. Ол басында кірлі қара тақтай, маңайы толған былғары, қайыстың қиқымы; біз, пышақ, қайрақ, қалып, мұрындық қоқырсып жатыр.

Көйлексіз, жеңсіз күртеше тонды жалаңаш етіне киіп алып,; Айранбай ескілеу етікті бастап жатыр. Оң тізесін баса жердегі қоқырсыған былғары қайыстың қиқымымен ойнап, шашы жалбыраған бір әйел бала отыр.

Айранбайдың бет ажары онша болмағанмен, таралмай ұйысқан қою қара сақалы барлық бетін қаптап, тәу көрген адам «елуді соққан қу ғой» дейтін. Қабағы бір түрлі тұнжыраңқы. Әлденеге кейігендей, әлдекімді түтіп жеп қойғандай болып отыр. Тарамысты тартып шынтағын көтеріп қалғанда, тізесіне жармасып отырған қызына тиіп кетті.

— Сорлы-ай, іс істегенде жаныма келме дегенді сен де бір тыңдасайшы, — деп қызын игеріп тастады.

Қызының көзі жаутаңдап әкесінен ғапу өтінгендей, үйде отыру айыбы өзінен емес екендігін білдіргісі келгендей пішінмен:

— Тіпті... балалар ойнатпайды... Ұра береді, — деді. Ол екі арада шаңдатқан құйындай бұрқыратып, еңгезердей бір әйел үйге сөйлеп кірді.

— ...Қайбір жақының бар еді?! Сенің өлген-тірілгеніңе қарайтын солар ма еді?

Үстінде түйін-түйін көйлектің жұрнағы бар. Аяғында шарық етік, басында заты ақ болса да, кірмен баттасқан қырық құраулы бөкебайы бар, даулы екпініне, ашулы сөзіне қараған-да Айранбаймен өштескен, кезі келгенде өшін алайын деген адамның түрі бар. Бұл Айранбайдың қатыны Раушан еді.

Айранбайға ойланбаған жерден он пұт салық түсіп, соны төлей алмайтындығын білдіріп қалаға барып арыз берейін десе, киетін етігі жоқ, ескі қайыс етігінің қонышын бастап қию үшін әркімнің тігінінен қалдырған жамаулығы жетпей қалып, азғана қайыс сұрап кел деп Раушанды Кемелбайдікіне жұмсаған. Кемелбай мен Айранбай аталас. Жоқ жерде бір нәрсеге ділгер болып қалса, берсін-бермесін Кемелбайдікінен сұрау Айранбайдың әдеті еді. Сондықтан ол Раушанды жұмсады, Кемелбайдың қатынымен Раушан Тасқараның тойында әлде қалай табақтас болып етке таласқандықтан араздасқан еді. Ондағы айып Раушанда емес, табақтас болғанына қорланған адамдай Кемелбайдың қатыны етті турамай жатып есік жақтағы балаларға үлестіре бастаған.

Ет кетіп бара жатқан соң жалғыз тал омыртқаны Раушан да алып қызына бергенде, «сорлы жалмауыз, қайдан табақтас болып едің, бір жапырақ жегізбедің ғой» деп Кемелбайдың қатыны омыртқаны тартып алған. Жоғарғы табақтағы кемпірлеу әйелдер де Кемелбай қатынының сөзін қостаған тәрізді, «байғұс, көрген қызығың осы ма еді? Енді болмаса өліпсің ғой» деп Раушанға нос берген. Міне, содан бері Раушан Кемелбай үйінің есігінен де қарамайды. Жұрттың барып тіпті жатқан қымызын да ішпейді. Оның бер жағында Раушанмен сыйластау Тайбағардың қатыны барып қымыз тіпті шыққанда бір мезгілдік өсек алып қайтады: «Шешей-ау, Бақа шешейдің өзі құтырар білем, бір тостаған қымызын ішіп болғанымша құлағымның етін жеп болады. Айтатыны бір сен, мені шаптырып алар. Менікін алар... өзі құтырар білем...» — дейді. Бұрынғы ашудың үстіне бұл қосылып, Раушан күйіп-жанып кетеді.

— Ол бетпақтың бетін құдай көрсетпесін, өлсем де лашығымнан шықпай өлермін, — дейді.

Сөйтіп жүрген Раушанға кенеттен Кемелбайдың үйіне бару оңай болсын ба, «бармаймын» деп қарысқан. Айранбайды ашу қысып кетіп, жанында жатқан қалыпты жіберіп ұрған. Енді бармаса, үлкен тықыр таянатынын біліп, Раушан шарасыз кетіп, содан келгені еді.

Оттың басына отыра бергенде, Айранбай лақтырғанда «тақ» етіп тізесіне тиген қара қалып көзіне түсе кетті. «Сен-ақ қылдың-ау» дегендей қалыпты төрге қарай лақтырып кеп жіберіп еді, үш аяқты жұқаяқтың үстінде, сексендегі кемпір-шалдай тіс біткен қирап бітіп, қурап тұрған жалғыз қара абдыраға қалып барып тарс ете қалды.

Айранбай сескеніп кежеңдей басын көтеріп алды:

— Ит, қират, — деді.

* * *

Кемелбайдың қайысты неге бермегендігін, қатынының не айтқандығын Айранбай Раушаннан бейн3елеп сұрамады. Сұрамауына себеп — Кемелбайдың қатыны мықты адуын, қайыс берудің орнына мықты сөгіс беруі мүмкін. Оның үстіне Раушан зорлықпен кеткен адам. Кемелбайдың қатыны бір сөзін он сөз қылып әкелуге беті шылып етпейді. Арадағы қатын-қалаштың сөзін малданып ағайынмен араз болуды Айранбай сүймейді. Ол Айранбайдың Жәкеңнен ұстап қалған өнегесі: әйел ерді азғыратын әзірейіл деп Жәкең марқұмның айтқан шариғаты осы күнге дейін есінде.

Айранбай өзі қатын сөзін малданбаған сод басқалардың да малданбауын қол көреді. Кемелбаймен туысы бірге, Кемелбайдың күн көргіштігі жақсы. Бұл мұқтаж болып сұратқанда, қатыны Раушанмен араз-ақ болсын, Кемелбай бер десе қайтеді... міне, ойы осы жерге жеткенде Айранбайдың іші бір түрлі суынған секілді болады. Бұл оқиға Айранбайдың басына талай келген. Талай ренжіп Кемелбайды көрмеспін-ақ десе де, ұйықтап тұрған соң ұмытып, түсте барып қымызын ішетін. Кемелбайдың өзгеше бір әдеті — Айранбайдың ренжігенін білген тәрізді кішкене баласына: «Ағаңа сәлем бердің бе?», «Ағаңа қымыз әпер»деп өзін бәпелеп отырған соң баяғы ашудың бәрі жоғалып, Айранбай Кемелбаймен аталас болғандығынан өзін бақытты санайтын.

Бұл ретте де, Айранбай, көптен үйреніскен қалыптың бірі ғой деп көңілін жұбатайын десе де, әлденеге жүрегінің түкпірінен қайнап шыққан кейістік, бұл жолғы ашудың бұрынғыға қарағанда түрі өзгерек секілденді. Ашудың басталу кінәсі, Раушаннан гөрі Кемелбайға ауайын деді. Олай болу себебі — шықпай қалған егінді жазуға комиссия сайланғанда Кемелбай сол комиссияның мүшесі болып сайланған. Алты айғы жаз, қымыз ішкен сайын жалданып салған жалғыз жер тарысының шықпай қалғанын Айранбай талай айтқан. Он-жиырма жер егін салған адамдар салықтан құтылып, өзінің тұтылу себебін Айранбай Кемелбайдан көргісі келіңкірейтін. Ауылнай келіп салық сұрағанда, Айранбай келіп-кетіп Кемелбайға өмірінде айтып көрмеген сөзін де айтып салған. Оның үстіне мына тарық қанда жерде қалатын бір тілім қайысты бермегендігі — Айранбайды күйдірейін деді.

Ерніндегі насыбайын қолымен секіртіп жіберіп:

— Кемелбай үйінде жоқ па екен? — деді.

— Үйінде.

— Бер демеді ме?

— Ия, бер деді... дымымызды қоймайтын шығар деп сары уайымды салушы сол тұғаның... сен менің сөзіме нанасың ба.

Бірдеме айтсам боқтайсың. Өзің еш нәрсені де сезбейсің.

Нәлөкті салып отырған осы ініңнің өзі көрінеді ғой. Кеше Маржан келін барып қымыз ішкен екен, сонда інің айтып отыр дейді: «Он пұт астық көп болушы ма еді, тігінмен бар астығымызды жиып алды...» деп. Несін алдық екен, өткен өмірінде тігінін тіктіріп сабақты ине-жіп беріп көрген жоқ.

Айранбай күрсінді:

— Қазақ ит қадір білер ме, — деді.

Сыдырылған тарамысын дұрыстап алып, қайтадан тігуге кірісті. Қиялы шарықтап өткенді кезе бастады. Есін білгелі Кемелбайдан, Кемелбай секілді байлардан көрген жақсылық-жамандығы көз алдынан суреттеліп өтіп жатқан секілді болды.

Өмірдің арты қараңғы. Бір жарық сәуле көрген күні жоқ. Кемелбайға, Кемелбай секілділерге қаншама еңбегін сіңірсе де соның барабарына алған еш нәрсесі жоқ, өткен өмірінен ділгерліктен құтылған да емес. Соншама еңбек махаббаттың қайда кеткендігін, кімге істелгенін де білмейді. Жүйрік қиял өткенді кезіп отырып келіп, бұдан бір жеті бұрын елге келген нұсқаушыға түсті. Жап-жас жігіт тақылдап сөйлегенде бір мүдірмейді. Екі сөзінің бірінде айтатыны: кедейдің еңбегі байға желінумен келген; кедей болмаса, бай сол көп малды баға алар ма еді. Оған шөпті шаба алар ма еді! Бағушы мен қағушы кедей болып, рақатын бай көрген... Енді, кедей, оян, ойлан!..

Дұп-дұрыс айтқан. Айранбайдың жасы қазір қырықта. Қырық жылдың жиырма жылын есепке алмағанда, жиырма жылғы еңбегінің жемісі қайда? Жиырмасынан бері бір тыным алған емес. Күні-түні істеу, бірақ тойыну, бүтіндену жоқ. Өзіндей Кемелбай өткен өміріне шөптің басын сындырған емес. Ол сонда да бай, бүгін, жеткілікті...

Айранбай көп ойланды, ой ұшығына шыға алмағанмен де өзінше істеген қорытындысы «кедей еңбегін бай жеген, инспектор сөзі рас...»

Осы ойын жарыққа шығарайын, істеген қорытындысын Раушанға айтып мақтанайын, оның да көңілін жұбатайын деген тәрізденіп:

— Қатын! — деді Айранбай. — Кемелбайдан жүрегім суынып болды. Енді соның есігін ашушы болмайық. Кұдай аштан өлтірмес. Ең болмаса кәменеске жазылғандарды қазына асырайды дейді ғой, кәменеске жазылармыз. Өткен-кеткендердің «кедей!» дегенде тандайлары суырылады. Кемелбай құрлы сол кәменестер асырар.

Раушан көңілденейін деді. Жанында отырған қызына:

— Тезек әкелші, қарағым, әкеңнің қарны ашқан шығар, шай қояйық, — деді.

Ауыр жүктен құтылып өзіне өзі жаңа келген адам тәрізденіп, күлімсіреп Раушанға қарап, Айранбай «Көкек» әніне басты.

«Түбінен терезенің көкектеген, Астымда бір атым бар секектеген...»

1924.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз