Эссе және өлең-жыр байқауы

Сулар салған сұлулық

Қазақтық арғы, бергі тарихында елге жайлы қоныс, жақсы мекен іздеген адамдар хақында аңыз әңгімелер көп. Асан Қайғы жерұйықты іздесе, Өтеген батыр

«Қара қазан, сары бала
Қамы үшін қамдана
Қонысқа жер іздейді».

(Ж. Жабаев)

Ертегілер мен аңыздарда, жырларда бұл мотив кең дамыған. Асан ата Жетісуды көргенде: «Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен», — деп айтыпты деген сөз бар. «Биылғы шаншыған таяғыңнан келесі жылы арба шығады» деген де әңгіме айтылады. Оның бәрі жердің құнарлылығына, суының молдығына риза болған көңілден шыққан сөз болар. Бірақ жердің бағасызы, құнсызы бола ма?

Осы сұраққа жауап ретінде бір аңызды айта кеткеннің артықтығы болмас.

Аңыздың өзін айтпас бұрын осы аңызды бізге жеткізген автор жайында бірер сөз айта кетсек. Өйткені бабалар жайын бізге жеткізген әрбір адамды құрметтеу біздің басты міндеттеріміздің бірі деп ойлаймын.

Бұл аңыз Никита Яковлевич Бичурин (Иакинф) деген кісінің «Ерте кездерде Орта Азияны мекендеген халықтар жайындағы мәліметтер жинағы» деген кітабында келтірілген, Кітап 1851 жылы Петербургте басылған, 3 том. Бичурин Қазан губерниясының Чебоксары уезінде Бичурин (чувашша Шияк) деген селода 1777 жылы 29 августа дін қызметкерінің семьясында дүниеге келеді. Қазан семинариясында оқиды. Ірбітте, Тобылда болады. 1808 жылдан 1821 жылға дейінгі аралықтағы өмірі Пекинде өтеді. Грек, латын тілдерін меңгерген; неміс, француз тілдерін жақсы білген; моңғол, түрік тілдерін үйренген. Жазған ғылыми, тарихи еңбектері үшін ол төрт мәрте Демидов сыйлығын алады. 1853 жылы 11 майда жалғыздықтың жапасын шегіп қайтыс болады.

Ал енді Бичурин жазып қалдырған аңызға кезек берейік.

Ертеде күндерді (немесе гүндерді) Тұман (немесе Түмен, Тумын болуы да мүмкін) деген кісі билепті. Оның Мөде атты мұрагер ұлы болады. Бірақ өзі аса жақсы көретін тоқалынан тағы бір перзент көрген соң, таққа сол кіші баласын отырғызғысы келеді де, Мөдені көрші елдің билеушісіне аманатқа береді. Сөйтеді де, ұлын аманатқа берген елге дереу шабуыл жасайды. Оған ызаланған көрші хан қолындағы аманат ұлды өлтірмек болады. Шабуылдың өзі де осы мақсат үшін жасалынған болу керек. Соның бәрін дер кезінде сезіп қалған Мөде дереу ханның арғымағын ұрлап мініп өз еліне қашып келеді. Енді амал жоқ, қашып келген ұлының ерлігін бағалап, Тұман оған он мың атты әскер береді, демек, он мың түтін Мөденің еншісіне тиеді. Еншісіне ие болған соң, Мөде өзіне ысқырма жебелер жасайды, садақ тартып атқан кезде, әлгі жебелер ысқырып ұшады екен. Енді ол өз нөкерлерін ат үстінде садақ атуға үйрете бастайды. Әуелі мынандай бұйрық береді: «Аңда жүргенде болсын, басқа жерде жүргенде болсын, менің ысқырма жебем ұшқан жаққа қарай ойланбастан садақ атпаған адамның басын аламын», — дейді. Сонан соң алдымен ол ысқырма жебемен өз арғымағын атады. Нөкерлерінің біразы не істерлерін білмей аңырып, ақыры атпай қалады, Мөде дереу олардың бәрінің басын алады. Біраз уақыт өткен соң, Мөде енді ысқырма жебені өзінің ең жақсы көретін әйеліне қарай атады. Мынандай қатыгездіктен шошынған нөкерлердің бір тобы тағы да садақ тартпай қалады. Мөде ойланбастан олардың да басын алады. Одан кейін арада біраз уақыт өтеді. Күндерде бір күн Мөде нөкерлерімен тағы аңға шығады. Аңда жүріп Мөде өз әкесі Тұманның арғымағына қарай ысқырма жебесін атып жібереді. Бұл жолы барлық нөкері де өз жебелерін бір кісідей сол бағытқа атады. Сонда барып қана Мөде өз нөкерлерін сенімді санайды. Бірде, әкесі Тұманмен бірге аң аулап жүргенде, соңында келе жатып ысқырма жебені әкесінің арт жағынан жіберіп қалады. Нөкерлері де Тұманды көздеп тоқтаусыз тартып жібереді. Әкесін өлтірген соң, өгей шешесі мен інісінің де көзін құртады. Сөйтіп, өзін билеуші етіп жариялайды.

Қатыгез заманның қатыгез адамының қылығына қайран қаласың. Әкесінің ұлына істеген әділетсіздігін де, ұлының әкесінен қайтарған кегін де біздің қазіргі ұғыммен айыптау да, арашалау да қиын.

Сол Мөде билеуші болып таққа мінген кезде көрші елдің билеушісі Дун-худың (Татар ұрпағы) жағдайы өте жақсы, нағыз күшіне мінген шақ екен. Әкесін өлтіріп Мөде таққа отырды дегенді естіген соң, Дун-ху оған арнайы сәлемшілер жібереді. Олар Мөдеден күніне мың шақырымдық жол алатын Тұманнан қалған хас арғымақты сұрайды. Мөде төңірегіндегі кеңесші адамдарын шақырып алып ақылдасады. «Бір күнде мың шақырым жол шабатын арғымақ — күндердің қолындағы құнды қазынасы. Оны беруге болмайды»,— дейді дәулетті кеңесшілері. «Көрші адамдардан жалғыз атты аяғанымыз ұят болар. Арғымақты берейік»,— дейді Мөденің өзі. Арғымақты алған соң, Дун-ху тағы ойға кетеді Мөде маған арғымақты қорққанынан берді деген оймен, енді оның сұлу әйелдерінің бірін сұрайды. Сәлемшілердің сөзін естіген соң, Мөде ақылшы адамдарын тағы шақырып алады. Олар ашуланып: «Дун-ху — арсыз адам. Оған қарсы соғыс ашу керек!»— деседі. Кіжінген кеңесшілерін басып: «Бір әйелге бола білдей көршімізбен керіскеніміз келіспес. Берейік»,— дейді де, ару әйелдерінің бірін Мөде көрші елдің билеушісіне беріп жібереді. Тілегеніне тағы қолы жеткен Дун-ху енді тіптен шектен асып тасыраңдай бастайды. Қолын екі рет қақпаған соң, көршім менен қорқады-ау деп ойлап, көңіліне паңдық кіреді. Күндермен екі арада мың шақырымдық жер иен жатады екен. Ол ара екі шетіндегі екі елдің күзетшілерінен өзге жан баспайтын жапан дала көрінеді. Енді Дун-ху Мөдеден соны сұрайды. Сәлемшілердің тілегін тыңдаған соң, Мөде тағы кеңесшілерінің бетіне қарайды. «Ой, ол бір қайыры жоқ қажетсіз жер. Бере салайық»,— дейді біразы. «Жоқ, бермейік», — деушілер де болады. Сонда Мөде бұлан-талан ашуланып: «Жер — мемлекеттің негізі, оны қайтіп өзгеге беруге болады?» — дейді де, беру керек дегендердің бәрінің басын алады, «Кімде-кім маған ілеспесе, басын алам!» — деген бұйрық беріп, бейқам жатқан Дун-хуға тұтқиыл шабуыл жасап, олардың күл-талқанын шығарады да, жерін, мал-мүлкін — бәрін басып алады.

Жер қадірін, оның қасиетін бағалауда бұл көне аңыздың, сөз жоқ, үйретері көп. Асан атамыз іздеген Жерұйық түгіл, Қарабайдың тоқсан мыңы су таппай қырыла жаздаған иен құм дала да бізге қымбат. Мемлекет өзінің негізін белгілі бір жер үстінде ғана қалайтын болғандықтан, адамзатқа ана есебінде жер ешқашан жақсы, жаманға бөлініп алаланбайтындықтан, жазушы үшін туған жер туралы қалам тартудан артық абырой болады деп ойламаймын.

Жетісу жайында өлең де көп, ән де көп. Бұл өлкеден ел қамын ойлаған, жер қадірін сыйлаған абзал ұлдар мен зерек қыздар мол шыққан. Қазақта «Қой ақсағымен мың болады» деген аталы сөз бар. Сол айтпақшы, жер тарихын жазғанда тек аса атақтылар мен даңқтыларға ғана кітаптан орын тиіп, өзгелер ұмыт қалмауға тиіс-ау, сірә. Өйткені жер тарихын, ел өмірбаянын жасаған атақтылардың өзі сол тарихты ел ішіндегі қатардағы қаһармандарға сүйеніп қана жасамады ма?! Сондықтан, сез кезегі келгенде, осындай жағдайды да естен шығармаған жөн сияқты.

Қазақ совет энциклопедиясының мәліметіне жүгінсек, қазіргі Жетісудың территориясы «Солтүстікте Балқаш, солтүстік-шығысында Сасықкөл мен Алакөл, шығыста Жоңғар Алатауы, оңтүстігі және оңтүстік-батысында Солтүстік Тянь-Шань жоталарымен шектеседі». Ал енді Жетісу аталған мекенге ежелден өзгеріссіз осы территория қарап келді десек, үлкен қателік жасаған болар едік. Тарихи даму барысында, сөз жоқ, Жетісуға жататын территория да сан өзгерістерге ұшырады. Қазіргі кезде өзіміз күнде айтып жүрген Орталық Қазақстанға қай аралар жатады деп сұрай қалсақ, оған екінің бірі ойланбастан жауап бере қоймайды. «Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ету проблемалары» (Алматы 1950) деген кітапта ғалымдар Ш. Шокин мен В, Киктенко да: «Орталық Қазақстан территориясының тұрақты бекіген шекарасы жоқ»,— дейді де, ол аралыққа шамалап мына жерлерді жатқызады: солтүстік-шығысында — Ертіс өзені, оңтүстігінде — Балқаш көлі мен Бетпақ дала шөлі, батысында — Жезқазған-Ұлытау ауданы және солтүстігінде — Атбасар-Павлодар линиясы. Соған қарағанда, Жетісу территориясын да әр кезде әр түрлі жағдайға байланысты шамалап қана белгілеуге болатын шығар деп ойлаймыз. Қазақ хандығының XV ғасырда құрылғанын, «қазақ» деген елдің де сол ғасырда пайда болғанын білсек те, «Қазақстан» деген сөздің алғаш қай кезде айтылғанын бәріміз біле бермейміз ғой. Дегенмен Зайн ад-Дин Васифидің «Бадаи ал — Вакаи» («Ғажайып оқиғалар») атты мемуарлық кітабында «Қазақстан» сөзі тұңғыш қолданылған деп жүрміз. «Бадаи ал — Вакаи» XVI ғасырда жазылған кітап болса Қазақстан сөзі де XVI ғасырда қолданылмай ма? Бірақ сол қолданыс бірінші ме, жоқ па — бұл мәселені ешкім кесіп айта алмайды, өйткені одан бұрын жазылған кітаптардың бізге түгел жетпеуі де мүмкін емес пе?

Сол сияқты Жетісу атауының да қай кезден бастап айтылып келе жатқанын кесіп айту қиын болар. Бұрын Жетісу аймағын ғалымдар Моғолстан деп келген.

Ғалым Алексей Ираклиевич Левшиннің 1832 жылы Петербургта басылып шыққан «Қырғыз-қайсақ немесе қырғыз-қазақ ордасы мен даласының сипаттамасы» атты 3 томдық кітабының 2 және 3-томында Жетісу аты орысша Семрек делініпті. Соған қарағанда, XIX ғасырдың басында бұл атау әбден орныққан болу керек.

Ал енді жердің аты Жетісу аталғанмен, сол жеті суға қай-қай сулар жатады деген мәселе күні бүгінге дейін тұрақты шешімін таппай келеді. Тіпті, Жетісу атауына жеті өзеннің еш қатысы жоқ, ол қасиетті су, суы мол жер дегенді білдіреді деушілер де бар. «Білім және еңбек» журналының 1983 жылғы II-санында осындай пікір айтылды. Жазушы Сәуірбек Бақбергенов «Қан тозаң» атты Жетісу жеріндегі оқиғаларға байланысты жазған романында: «Жетісу! Қасиетті сан, киелі атау. Жетісу — жеті өзен ғана емес, ірілі-уағын қоса есептесе, жетпіс өзен!» — деп толғанады. Алайда Үлкен Совет энциклопедиясы мен Қазақ совет энциклопедиясында Жетісудың жеті өзені атап-атап көрсетілген, бірақ оған жататын өзендер екеуінде екі басқа. Кезінде ғалымдар А. К. Гейне те, А. Влангали де, В. В. Бартольд те жеті өзенді өздерінше анықтап көрсеткен, әйткенмен олардың мына айтқаны дұрыс деп бір тоқтамға келе қойғанымыз жоқ, өйткені олардың айтқаны да бір жерден шықпайды.

Жетісудың жеті өзенін ғалымдар ғана емес, көпті көрген көнекөз қарттар да әр түрлі айтады. «Лениншіл жас» газетінің 1971 жылғы 9 сентябрьдегі санында «Жетісуға қайсы өзендер жатады?» деген мақала жарияланды. Сол мақалада ақын Әшім Тұрлыбаевтың «Жетісу» атты өлеңі келтіріледі. Өлеңіне қарағанда, Әшім Тұрлыбаев, расында да, Жетісу жерін жақсы білетін адамға ұқсайды.

— Жетісудың бірі — Іле, басы Текес, Байынқол, Қақпақ өзені оған тіркес. Қарқара, Кеген, Нарын, Шелек, Түрген, Қаскелең, Күрті, Талғар о да еншілес,— деп бастайды да, жеті өзенді өлеңмен санамалап шығады. «Екіншісі — Қаратал, басы — Шажа» — десе; «Үшіншісі — Ақсу қатар Ешкіөлместен», «Жоңғардан Лепсі ағады асып асу», «Аякөз бір шетінде бесінші өзен»,— дей келіп, «Алтыншы, жетінші өзен — Талас пен Шу»,— деп түйеді. Сонда ол кісі Жетісуға Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аякөз, Талас және Шу өзендерін жатқызады.

Кім айтса да Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерін ғана Жетісу құрамына күмәнсіз қосып айтады; басқа өзендердің барлығын да біреу қосады, біреу қоспайды. Ал енді Жетісу қазақтары өзеннен гөрі кішілеу өзеншелерді су деп атайды, ондай сулардың есебін алсақ, Жетісудан бір жеті емес, бірнеше жеті өзен табуға болады.

Біреулер Жетісуға Балқаш көліне ғана құятын жеті өзенді жатқызса, енді біреулер тек Жоңғар тауынан басталатын жеті өзенді жатқызғысы келеді. Ертеде Алакөлдің өзіне жеті өзен құйыпты дегенді айтатындар да бар. Дегенмен Жетісу деген ат дәл қазіргі Жетісу территориясындағы жеті өзенге байланысты шықты деп кесіп айту дұрыс болмайтын сияқты, өйткені бұл территорияның бәрі әуел бастан-ақ Жетісуға жатқан дегенді әзірге ешкім дәлелдей алмайды. О баста Жетісу жеріне бір жағы Балқаш, Алакөл, екінші жағы Ілеге дейінгі аралық қана жатқан болу керек деген жорамалды Қазақ совет энциклопедиясы да жақтайтындай: «В. В. Бартольдтің айтуынша, алғашқыда жергілікті халық Жетісу деп Іледен солтүстікке қарай созылған аймақты атаған, оған Лепсі, Басқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Қаратал, Көксу өзендері енген. Ал Жетісу Іленің оңтүстігіне қарай созылған таулы аймақ деген ұғым 19-ғасырда тарап, сондай-ақ оған Тянь-Шаньнің солтүстік-батыс және орталық аудандары да қосылатын болған. Тарихи әдебиетте Жетісу ұғымына Шу алқабы мен Нарын өзенінің жоғарғы ағысын қамтитын атырап та кірген»,— дейді.

Осы өлкені патша үкіметінің арнайы тапсырмасы бойынша талай жыл зерттеп, оның уездері жайында талай кітап жазған П. П. Румянцев пікірі де Бартольд пікірімен үндес келеді. Оның айтуынша, Жетісу атауы 1867 жылы Жетісу облысы құрылғанға дейін де аталып келген. Жетісу өлкесі, Іле бойы өлкесі деген атаулар оған дейін де болыпты. Ал Жетісу деп алғашқыда Лепсі мен Қаратал өзендерінің арасында жатқан жер ғана аталса керек. Оның Жетісуға жатқызатын өзендері: Лепсі, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Көксу, Қаратал.

Ал енді кейбір деректер негізінде біздің болжауымызша, Жетісу деген ат тарихқа әріден, шамамен XIV ғасырда белгілі болған сияқты. Бұл пікірге оқырманды да ортақ ету үшін, біз мүмкіндігімізше XV ғасырда жазылған төрт шығарманы куәлікке тартпақпыз, оның төртеуі де әйгілі Ақсақ Темірдің әскери жорықтары мен жеңісін мадақтауға арналған араб және парсы тілінде жазылған шығармалар.

Біріншісі — Бағдаттық Низам ад-Дин Шами деген кісінің «Зафарнамасы». Бағдатты басып алған соң (1392—93), Темір өз патшалығының тарихын жазуды 1401-02 жылдары осы кісіге тапсырыпты. Ол оны нақты деректер мен күнделік дәптерлерге және жорыққа қатысқан адамдардың әңгімелеріне сүйене отырып 1403-04 жылы март айында жазып бітіп көрсеткен екен, Темір риза боп «Жеңістер кітабы» деп атапты. Бұл кітап Темірдің ресми тарихын толық жазған тұңғыш шығарма болып табылады.

Екіншісі — «Ескендір анонимі» деп аталады. Темірдің ресми емес тарихын өз бетінше баяндаған шығарма. Темірдің немересі Ескендірге (Искандар) арналғандықтан, шығармаға бұл атты академик В. Бартольд шартты түрде қойған. Оның авторын да анықтаған — В. Бартольд. Екі редакциясы бар екен, бірі — Британ музейінде, екіншісі Париждің ұлттық кітапханасында. Авторы Муин ад-Дин Натанзи деген кісі Исфахан қаласында туыпты. Бұл шығармасын 1413-14 жылы жазып бітіпті. Кітаптың қандай деректер негізінде жазылғанын ғалымдар кесіп айтпайды.

Үшіншісі — Шараф ад-Дин Али деген Йезда қаласында туған сарайлық ғалым әрі әдебиетші кісінің «Зафарнамасы». Темірдің парсыны билеген баласы Омар-шейхтің ұлы Ескендірді Шахрух тақтан тайдырған болатын, ал Шахрухтың баласы Ибрагим султан парсыны 1415-1435 жылдарда билеген. Автор Шахрух пен Ибрагимнің де сарайында қызмет жасапты. Автордың өз мойындауы бойынша, бұл кітапты әуелі Ибрагим султан хатшыларға жаздырады да, оның көркемдеу жағын яғни әдеби өңдеу жағын авторға тапсырады. Бұл шығармаға мыналар мәліметкөз болады: 1. Жоғарыдағы Низам ад-Дин Шами жазған «Зафарнама». 2. Темірдің жекелеген жорықтары жайындағы сипаттау жазбалары мен күнделіктері. Шараф ад-Дин бұл материалдарды Низам ад-Динге қарағанда толығырақ келтірген. 3. Темірдің үнемі қасында жүретін парсы және ұйғыр песірлерінің жазбалары. 4. «Хандар тарихы» атты өлеңмен жазылған түрікше хроника. 5. Замандастары мен жорыққа қатысушылардың ауызша айтқан әңгімелері. Автордың өз айтуынша, оларды әңгімесі даулы кездерде, түсініксіз жағдайды анықтау үшін өте қажетті болған көрінеді. Бұл шығарма Темір жайындағы мәліметтерді неғұрлым толық қамтыған және ең кең тараған шығарма болып табылады. 1424-25 жылдары жазылып біткен.

Төртіншісі — 1413-14 жылы Герат қаласында туған, бірақ арғы түбі самарқандық Абд ар-Раззак Самарқандидің «Матла ас-садайн...» атты кітабы. Бұл шығарма 170 жылдың аралықты қамтиды, 1470-1471 жылдардан кейін жазылып біткен болу керек, өйткені сол мерзімге дейінгі оқиғаларды қамтиды. Автор 1482-83 ж. қайтыс болған. (Араб, парсыларда жыл басы март айы (22) болғандықтан, март айына дейінгі даталарда екі жыл қатар көрсетіледі).

Бұл төрт шығарманың да үзінділері 1973 жылы Москвадан («Наука») шыққан «Қырғыздар мен Қырғызия тарихы бойынша материалдар» деген кітапта орысшаға аударылып жарияланған. Енді осы төрт шығарма бойынша пікір түйейік. Көріп отырған боларсыздар, төртеуі де әр кезде жазылған. Алғашқы үшеуінің жазылу арасы он жылдан ғана. Ал ішіндегі ең сенімдісі де, беделдісі де үшіншісі — Шараф ад-Диннің шығармасы. Демек, дүдамал жерлерде көбінесе біздің соған сенгеніміз жөн болу керек.

Бізге керегі Темірдің Жетісуға қатысты жорықтары болғандықтан, жоғарыдағы төрт шығармадан да біз тек жер атына байланысты деректерді тергіштейміз.

Бірінші қолжазба бойынша, Сайыпқыран Темір 1371 жылы Моғол уәлаятын бағындырып, оған Кепек-Темірді басшы етіп келеді. Бірақ көп ұзамай Кепек-Темір қарсылық көрсетіп жатыр дегенді естіп, оны жазалау үшін Бахрам мен Аббас баһадүрді жұмсайды. Көтерілісшілерге жақындағанда, Бахрамға бұрыннан қастығы бар жүзбасы Тезекші оған сатқындықпен қарсы шықпақ болады. Оны Бахрам біліп қояды да, алдын ала сақтық жасайды. Көтерілісшілермен келісімге келіп кейін қайтады.

Олардың келісіммен оралғанын естігенде, Темір: қатты ашуланып, жорыққа өзі шығады. Оның өзкеле жатқанын естіп, жау қатты сасады. Темір оларды Жалғызағаш (Санкиз-Йагаш) деген жерге дейін қуып, көп олжамен оралады.

Екінші қолжазбада Темірдің моғол әмірлерін Йумгала мен Қошқарға (Кучкар) дейін қуғандығы айтылады. Бірақ ол оқиғадан бұрын Тоғлук — Темір хан өлген соң үлкен өлкенің билеушісіз қалғандығы, Жете жерінің қырғынға ұшырағандығы айтылады.

Үшіншіде 1370-71 жылы Сайыпқыран Темірдің Жете (Джете) жаққа қарай жорыққа шыққандығы айтылады. Ұлысты өзіне бағындырған соң, оған басшы етіп Кебек — Темірді қояды. Кебек — Темірдің сатқындығын естіп, оны жазалау үшін Бахрам Жалайырды жұмсайды. Жүзбасы Тезекшінің сатқындығы әшкереленеді. Өзеннің жағасында (Іле болу керек) әмірлер бітімге келіп, кері қайтады. Жолда Бахрамға сатқындық жасамақ болған жалайырлар жазаланады. Олардың бітіммен оралғанына Темір риза болмайды.

Ақыры Темір жорыққа өзі шығады. Сайрам мен Ианги (Тараз, Талас) арқылы жүреді. Ол келе жатыр дегенді естіп-ақ жау қашады. Темір Жалғызағаш деген жерге дейін келеді.

Төртінші қолжазбада да оқиға осылай өтеді. Тек өзен жайында дерек тереңдей түседі. Бахрам Жалайырлар әлдебір үлкен өзенге (Іле болар) келіп тіреледі, әскер өте алмайды. Сонда Хитай батыр мен Шейх-Али батыр бір-бірімен бәсекелесе өзеннен өтіп, Кебек — Темірдің әскерін жеңіп, қайта оралады. Қайтар жолда сатқын жалайырларды жазалайды. Жер аты Моғолстан, жұрты моғол деп аталады. Бірақ кейінгі тарауларда Жете жер аты ретінде аталып, Жетеде болған соғыс жайында біраз айтылады.

Осы салыстыруларға қарап отырсаң, авторлардың бәрі Моғолстанды Джете (Жете) деп атайды. Бұл қайдан шыққан ат? Мағынасы не?

Қазақстанға, қазаққа байланысты көптеген тарихи қолжазбалар болғанмен, олардың негізгілері араб және парсы тілдерінде жазылған, барлығы дерлік қазақшаланбаған, ал кейбірінің үзінділер? ғана болмаса, түгелдей орыс тіліне де аударылмаған. Сондықтан әлдебір даулы нәрселерді түбіне жете дәлелдеу өте қиын. Дегенмен «тұяқ серіппей» тағы болмайды.

Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашиди» кітабында Шыңғысханның төрт ұлы болғандығын, сол төрт ұлына төрт ұлысты бөліп бергендігін айта келіп, сол ұлыстың бірі моғол екендігін, ал оның өзі бірі моғолға, екіншісі шағатайға бөлінетіндігін ескертеді. Өзара өштікпен моғолдарды шағатайлықтар «джете» деп, ал моғолдар шағатайлықтарды «караунас» деп атаған көрінеді.

«XV-XVIII ғасырлардағы қазаң хандықтарының тарихы жайындағы материалдар» (Алматы, 1969) атты кітапта осыған байланысты «джете» — «қарақшы, қаңғыбас», ал «караунас» — «метис, қоспа» деген мағына береді деп түсіндіріледі (530-бет). Бірақ оған қосымша: «Жете» атауын Мұхаммед Хайдар «Тарихи Рашидидің» І-бөлімінде Моғолстанның синонимі ретінде әлденеше рет қолданады»,— деп ескертеді.

Жетісу жерінен шыққан XIII ғасырлық тарихшы Жамал Қарши да Моғолстанды Жете деп жазыпты. Демек, ертеде «жете» аты, Мұхаммед Хайдар Дулати айтқандай, тек белгілі бір тайпаға емес, жерге, территорияға байланысты да айтылған. Ал моғолдар сол Жете жерін мекендеген тайпалар одағы болған. Өйткені жоғарыда біз атап өткен төрт қолжазбада Жете деп Іле мен Алакөл аралығындағы жерлер ғана айтылады, ал ол кезде Моғолстанға қараған қазіргі Шыңжаң өлкесіндегі қалалар мен мекендер Талас пен Шу да одан бөліп аталады. Оған көз жеткізу үшін бірер мысал келтіру дұрыс шығар. Енді жоғарыда аталған төрт шығарманы бір-бірімен салыстырмай-ақ, мысалды Шараф ад-Диннің «Зафарнамасы» бойынша ғана ала берейік.

1375 жылы 5 январьдың жұма күні Темір Жетеге қарсы үшінші рет жорыққа шығады. Бірақ ол жолы жауын-шашынның өте көп болғандығынан Самарқанға қайта оралып, март айында тағы аттанады. Әскердің алдыңғы шебін Жаһангер ханзадаға бастатады. Тоғлұк Темірхан өлген соң Ілияс қожаны өлтіріп, ол кезде Жетенің билігін қолына дулат руынан шыққан Камар ад-Дин (Қамариддин) алыпты. Темір Сайрам арқылы өтіп Шарынға (Джарун, Чарун) келеді. Сол арада жетелік біреуді ұстап алып жөн сұрайды. Ол: «Камариддин әскерін жинап Көктөбеде тұр, сендердің келетіндеріңді білмейді, бейқам»,— дейді. Алдыңғы шеп аялдамай Камар ад-Динді қуып кетеді.

Камариддин қашып Барка-йн Гурийан деген жерге тығылады. Ол ара орта ғасыр картасында Беркеи Гуриян деп те көрсетіледі. Кетпен тауының оңтүстік батыс жағында, Шарын өзенінің басталар тұсы. Ол арада үш терең шатқал бар екен, олардан үш үлкен өзен ағып жатыпты. Камариддин екі шатқалдан өтіп, үшіншісінің аузына бөгет жасапты. Жаһангер ханзада қуып келіп, садақтан оқ жаудырып, өз күшін байқатады. Түн болады. Камариддин түнді пайдаланып, ол арадан кетіп қалады. Таң ата Темір де келіп жетіп, Дауд әмір, Құсайын, Барлас және Үшқара батырға жетеліктерді Іле бойымен төмен қарай қудырады. Жолда терең өзенге тап келіп, өтіп бара жатқанда аты тайып жығылып, Құсайын көзді ашып-жұмғанша ат-матымен суға кетіп өледі. Бұл жағдай екінші қолжазбада кеңірек айтылады. Жауын-шашын көп болғандықтан, өзеннің суы қатты тасып жатқан екен. Суреттеулерге қарағанда, оқиға болған жер Шелек өзенінің бас жағы тәрізді.

Темірдің әскері елді тонап, малын сыпырып алып, бәрін Самарқанға жібереді. Ханзада Жаһангер Темірдің әмірімен Үш — Фирман (Үшқоңыр емес пе екен?) деген жерге тұрақтаған жетеліктерді талқандап, оның әйелі мен қызын қолға түсіріп, оларды Темірге жібереді. Ол қуанышты хабар Темірге Қара-Касмак (Қара Қыстақ болар) деген жердің жоғарғы жағында көшіп бара жатқанда жетеді. Содан ары Темір Ат-Баши деген жерге тоқтап, одан Арпа-азы (Арпа жазығы болар) аңғарына өтеді.

Атбашы, Арпа деген өзендер Қырғызстанда осы күнде де бар. Ал Іле мен Шарынның қазіргі Жетісудағы өзендер екенін ешкім жоққа шығармас. Мұхаммед Хайдардың «Тарихи Рашиди» кітабында да Ілені былай қойғанда Шарын мен Шелек Чарун-Чалак аталады. Соған қарағанда, бұл өзендер өз атын ежелден сақтап келе жатқан болу керек. Осындағы Санкиз-Иагаш дегенді қазіргі Ұзынағаш болар деп шамалаймыз. Өйткені түркі халықтарында мұндай атау көп кездеседі және әр нұсқада айтыла береді. Мәселен, қазіргі Панфилов ауданы Ленин атындағы совхозының орталығын жергілікті казактар әлі күнге Ұзынағаш, Жуанағаш, Жаңғызағаш деп түрлендіріп айта береді. Ал тіпті, ол емес деген күнде, Түрген өзенінің бойында, Жарбалтабай деген жердің жанында Жаңғызағаш аталатын жер әлі бар.

1388-89 жылы Темір Қызылқожа мен Еңке төреге қарсы Моғолстанға тағы жорық жасайды. Үзіндіні ғана оқыған соң, Темірдің Жетеге Қашғария жақпен бе, жоқ Сайрам, Тараз арқылы ма — қай жолмен келгенін кесіп айту қиын. Әйткенмен Балқаш айналып жүрген сияқты. Өйткені Аткан-Сури (Акин Сүри болуы да мүмкін) деген жерге келгенде, шөлден қиналады, екі-үш күн құдық қазып су ішеді, содан Айғыржал (Айгыр-Йалы) деген жерге жетіп, сол арада құлан атып аңшылық жасайды. Айғыржал тауы Аякөздің Семей жағында 30-40 шақырымдай жерде. Темір әскерінің бір тобымен сол маңайда Еңке төренің әскері кездейсоқ жолығысып қалады. Қолға түскен тұтқыннан сұрап, Еңке төренің Ұрыжарға (Урунг-Йар) орналасқанын біледі де, Темір Шейх-Әлі бастаған бір-екі батырын топ әскерімен жедел солай қарай жібереді. Күні бұрын сезіктеніп қалмас үшін, оларға жолай от жақпаңдар деп бұйырады. Солардан кейін өзі де түнделетіп жолға шығады. Бірақ жолдан адасып кетіп, күн бойы іздеп, кешкісін Күл-Салы (бірінші қолжазбада Көк-Салы) деген жерге тоқтайды. Ертесі ғана жол тауып Аякөзге (Пай-Акуз, бірінші қолжазбада Ай-Акуз) жетеді. Сол арада Темір кеңес ашып: «Біз үш күн бойы адасып жүргенде, жау шаңымызды көріп тығылып үлгерген болар. Енді біз оларға екі жақтан бөлініп аттансақ, сол дұрыс»,— дейді. Бір топпен Омар-шейх әмірзада кетеді, екінші топпен өзі Шир (Шар болар), Шибарту (Шұбартау шығар, бірінші қолжазбада Шипар-Тау), Кой-Мураг (Қоймаңырақ, Қозымаңырақ) атты таулар Ақшәулінің оңтүстік батысында, Кураган және Буурлагу (Барлық болу керек, бірінші қолжазбада Иарлагу) дегендерді баса өтіп, бәлкім, айнала өтіп, Кара-Гучур атты жерге жетеді. В. Бартольд шығармаларына қосымша ретінде жасалған орта ғасыр картасында Аякөз, Ай, Таңсық өзендері басталатын Тарбағатайдың сілемі Кара-Гучур деп, Еміл өзені басталатын тұсы Еміл-Гучур деп көрсетілген.

Шейх-Әлі бастаған алдыңғы топты іздеуге шыққан Омар-шейх әмірзада Итішпес Алакөлдің (Ит-Ичмес-Ала-Куль) даласына келеді. Балқаштың оңтүстігіндегі Алакөлді қазір де осылай атайды, Омаршейх сол арада өзінен әлдеқайда көп жау әскерімен жолығысып қап, соғыста жеңіп шығады.

Темір Қара-Гучурда аялдап, түскен олжаның бәрін әскерлеріне бөліп береді. Аттары тынығу үшін біраз бөгеле тұрмақ болып, 30 мың әскерін жауды іздеуге Ертіс жаққа жұмсайды. Олар Ертіске жеткен соң, жартысы өзеннің ар жағымен, жартысы бер жағымен жүріп отырып, ақыры жауды тығылған жерінен тауып алып қырады. Тұтқындар мен олжаларды Самарқанға сол арадан аттандырып, Темірдің өзі Еміл-Гучурға жетіп Сарай-Урдумда (Сарай-Ордум) аялдайды. Онысы, сірә, Сарай орда болу керек. Үгедейдің хан ордасы Еміл өзенінің бойында еді дегенді тарихшылар айтады. Демек, Темір сол Үгедейге орталық болған сарай ордаға аялдады деп жорамалдауға негіз бар.

Жұлдыз (Юлдуз) деген жерде бәрі жолығысатын келісіммен олар қайтарда төрт топқа бөлініп қайтады. Олардың ендігі бет алған жағы Шығыс Түркістан еді, ал ол араны қолжазбаларда Жетенің жері деп қадала айтпайды. Соған қарағанда, сірә, шығыста Сүткөлге (қазіргі Сайрам көлі) дейінгі жерлер ғана Жетеге қараған сияқты. Ал Жетенің солтүстігі мен солтүстік шығысы Аякөзге дейін барған, яғни Тарбағатаймен шектескен.

1389-90 жылы яғни жоғарыда айтылған Аякөз жорығынан кейін бір жыл өткен соң Сүлеймен-шах бастаған 20 мың әскерді Темір Жетеге қарсы тағы жұмсайды. Олар Сейхуннен (Сырдан) өтіп Ташкент арқылы Андуган (Андижан) жағынан Ыстық көлге жақындағанда, тағы қосымша 5 мың әскер тыңнан келіп қосылады. Олар содан Көктөбеге (Көк-Төбе) біраз күн аялдайды. Одан жауды екшелей қуып Арадж-Тау асуы арқылы өтіп, Алмалығқа келеді, одан ары Іле өзенінен өтіп, Еңке төренің жұрты Қараталға дейін жетеді. Сол арада ойламаған жердей Камариддинмен кездесіп қалып, соғыста өзі жағы да үлкен қырғынға ұшырайды. Содан кейін Темір әскерлері Камариддинді Ертіс өзенінің жағасына дейін қуады.

Мұндағы Арадж-Тау асуы деп отырғаны, сірә, Сымтас (Санташ) асуы болу керек. Көктөбесі осы қазіргі Көктөбе ме, басқа ма, кесіп айту, әрине, қиын. Өйткені мұндай атау әзірдің өзінде әр қазақ аулында бар. Ал енді Алмалығ деп отырғаны Алматы болуға тиіс. Ол кезде Алматы дәл осы орнында болды ма, жоқ басқа төңіректе ме, қала ретінде бар ма еді әлде қирап жатыр ма еді,— оны археолог ғалымдар айта жатар, бірақ, біздің ойымызша, бұл айтылып отырған жер — анық осы күнгі Алматы тұрған маңай.

Жалпы, ертеде Іле бойында немесе Іле алқабында екі Алмалық болған. Оның бірі және ең үлкені — Шығыс Түркістандағы Алмалық. Қазіргі Сүйдін қаласы. Қорғастан 13 шақырым жерде. XIII ғасырда Шағатай әулетінің орталығы болды. Ертедегі Солтүстік керуен жолының, кейінгі Құлжа жолының бойындағы қала. Оны ертеде Алмалы деп те атаған. Жоғарыда айтылған Алмалық бұл емес, өйткені Ыстықкөл жақтан келе жатқан әскер әуелі Іледен өтпей жатып бұл қалаға келе алмайды, себебі қала Іленің оң жағына яғни солтүстігіне орналасқан.

Екінші Алмалық қазіргі Алматының орнында не маңайында болған. Жоғарыдағы айтылып отырған Алмалық — осы. Өйткені Ыстықкөлден Қараталға қарай кетіп бара жатқан әскер алдымен Алматыға соғып, сонан соң ғана Іледен етеді. Бұл жағынан бәлендей дау болмасқа керек, Бізге белгісізі: ол кезде қала бар ма, жоқ па — сол.

Қала жайындағы қазіргі ұғым мен бұрынғы ұғым бірдей болмаған. Бұрын қала атауы ондағы халықтың саны мен үйлерінің көптігіне емес, қолөнермен және саудамен айналысатын адамдарының молдығына байланысты болған екен. Мәселен, бұрын Тараздың көлемі шамамен 6,5 га, Отырардікі — 20 га, Құландікі — 12 га болыпты. (Қазақ ССР тарихы, І-том). Ендеше, Солтүстік керуен жолы өткен жерде Алматының қала атануы әбден заңды. Орта ғасырдағы Орта Азия картасында Алматы қала ретінде көрсетілген. Және ол кезде де осылай аталған деген пікір бар. Бірақ біздер Алматыны 1854 жылдан бері ғана бар деп жүрміз. Мәдениеті жоғары халықтар қала тарихын ең алғаш қаққан құрылыс қазығынан бастайды, біздің де бұл мәселеде ойлануымыз керек сияқты.

Алматы сөзінің де арғы төркіні — Алмалық пен Алмалы. Алмаға бай, алмасы көп жер деген мағынаны береді. Ал алманың атасы деп түсінетіндер мүлде қателеседі. Кезінде сан рет қирап, сан рет қайта қалпына келген Алматының кейінгі қирауы Монғол шапқыншылығына байланысты ма дейміз. Монғол басқыншыларының қала орнатуға, кәсіпшілікпен айналысып, отырықты өмірге көшуге бейім болмағаны тарихтан белгілі. Соның салдарынан Алматы да бір күнде болмаса да бірте-бірте қаңырап, бос қалып барып қираған қала сияқты. Ал оның қайта тірілуі, қайтадан Алматы аталуы да Жетісуда қазақ хандығының орнауымен байланысты болу керек. Ырғайты, Жаманты, Бегеті, Сөгеті, Бұланты сияқты атаулар да «ты», «ті» қосымшалары арқылы жасалған және ертеден сақталып келе жатқан, топонимикалық мәні зор атаулар.

Қарап отырсақ, Әмір Темірдің жорықтарына байланысты жоғарыдағы шығармаларда келтірілген жер аттарының дені түркі тілінде қойылған. Демек, Жете жерін бұрын да түрік тектес халықтар мекендеген. Ал Жетеге Іле Алатауының Ыстықкөлден бергі солтүстік жағынан Аякөзге дейінгі, көлденеңі Балқаштан Сүткөлге (қазіргі Шыңжаңдағы Сайрам көлі) дейінгі аралық қараған. Тұп-тура дерлік қазіргі Жетісудың территориясы, Сол жердің Шудан Ілеге дейінгі аралығын дулат Камариддин (Камар ад-Дин), Іледен Тарбағатайға дейінгі жерін Еңке төре (Инга-тюря) билепті. Ал оның шығыс жағын қазіргі Шығыс Түркістанды (Шыңжаңды) қоса Қызыр Қожа (Хызр-ходжа-оғлан) билеген сияқты. Осы шығыс жақ территориясы сәл бұлдырлау. Әмір Темір жорықпен Қарашар (ол кезде Шалыш), Ақсу, Қашғар қалаларына да барады, бірақ Сүткөлден (Сайрам), Талқы асуынан арғы жерге Жете атауы қолданылмайды. Соған қарап, ол жақ Жете ұлысына, Жете жеріне жатпаған-ау деп шамалаймыз. Оның бәрі, әрине, өз алдына үлкен әңгіме ғой, алайда әзірге бізді басты ойлантатыны — Жете сөзінің мәні.

Жете сөзі шағатай тілінде қарақшы, қаңғыбас деген жағымсыз ұғым береді дегенге илану қиын. Өйткені шағатай атты жеке халық тарихта болмаған, тек шартты түрде Шағатайдың есімімен аталып кеткен. Ал оның ұлысына негізінен түркі тілдес халықтар қараған. Ол тілдерде жете, чете деген жағымсыз мағыналы сөздер байқалмайды. Мамандардың айтуына қарағанда, атап айтқанда, араб тілінің маманы Әнуар Дербісалиевтің мәлімдеуінше, Нұртас Оңдасыновтың «Парсыша — қазақша түсіндірме сөздігіне» қарағанда, ондай мағына беретін айтылуы ұқсас сөздер араб пен парсыда да жоқ көрінеді. Егер ол ондай кемсіту сөзі болса, оны өзі сол өлкеде туған Жамал Қарши неге емін-еркін қолданады? Мұхаммед Хайдар Дулатидің өзі неге ол сөзді Моғолстанға синоним етеді? Жете сөзінде кемсіту мағынасы болса, оны XVІ ғасырдағы Дулати байқап, ал одан 300 жыл бұрын өмір сүрген Жамал Қарши қалай байқамаған?

Дулатидың айтуында дәлдік жетіспейтіндей. Моғолстан моғолға және шағатайға бөлінді дейді. Ал шындығында Шағатай ұлысына қараған жер Моғолстан және Мауераннахар болып екіге бөлінген жоқ па еді? Және ол XIV ғасырдың орта кезінде бөлінген ғой. Ендеше жете атауы да содан кейін шығуға тиіс еді, бірақ оны 1318 жылы яғни XIV ғасырдың бас кезінде өлген Жамал Қарши одан бұрын жазып кетіпті, сонда бұл не мағыналы сөз?

Халықтардың ұлы үркіншілігі, қоныс аударуы негізінен осы Жетісу жері арқылы өтсе де, бұл араны әр кезде де түркі тілдес халықтар мекендеп қалып отырған. Демек, мұндағы топонимикалық атаулар да сол тілде қойылуға тиіс. Олай болса, Жете сөзінің мағынасын, біздің ойымызша, ежелгі түрік сөзі Жеті дегеннен іздеген дұрыс. Ал ол о баста-ақ Жетісу аталып, түркі тілін түсінбегендер Жегі деп қана айтып, оны жазғандар Джете деп түрлендіріп әкетті ме, кім біледі. Қалайда Жете мен Жетісу атауының арасында үзілмей келе жатқан мағыналық байланыс болуға тиіс.

Жеті сөзінде әуел баста сандық мағынадан басқа қасиетті, киелі тәрізді ұғымдарды білдіретін сапалық мағына да болды ма екен; егер олай болса, Жетісу сөзінің мәнінде жеті өзен емес, суы мол, қасиетті жер деген ұғым бар деушілердің пікірі дұрыс па — оның бәрі ғалымдар шешетін болашақтың ісі деп ойлаймыз. Ал біздің пікірімізше, 13-14-ғасырдағы Джете сөзі казіргі Жеті сөзінің сол кездегі аталуы немесе сол кездегі ғалымдардың жеті сөзін бұзып жазуының «жемісі». Ендеше, қазіргі Жетісу атауы да сол Жетіден туындаған.

Қазір Сарыарқа деген сөзді қай қазақ та мақтанышпен айтады. Ал: «Сарыарқаның шекарасын айтып шықшы!»— десең, екінің бірі оған құлшына қоймайды. Біздің ойымызша, Жетісу территориясы да осындай күйді бастан кешкен. Аудан боп, облыс боп бөлінбеген қазақ жерге өйтіп дәл шекара белгілемеген; жердің жалпы бір ортақ сипатына, ерекшелігіне байланысты ат қоюға шебер болғанмен, ал ол жердің етек-жеңін анықтап, ана жер ана жаққа, мына жер мына жаққа жатады деп кесіп-пішпеген. Сондықтан бұл өлкеге Жетісу деген ат ата-бабамыздың жалғыз көлігі ат болған кезде қойылғандығын да естен шығармауымыз керек сияқты. О шеті мен бұ шетін аралап көрмеген жерге адам ат қоймаса керек қой. Астымызда машина, самолет бар кездің өзінде Жетісудың қазіргі территориясын түгел аралап шығу оңай емес. Соған қарағанда, санамалаған жеті өзеніне келісер-келіспеспіз, бірақ Жетісуға алғашында қай территория жатты дегенде, сірә, В. В. Бартольд пен П. П. Румянцевтің пікірлері шындыққа жақын-ау.

Ал енді Жетісуға Аякөзді, Шy, Нарын бойын жатқызуға 1867 жылы Жетісу облысының құрылуы да себеп болған болу керек. Сол облысқа әкімшілік жағынан бағынған жерлердің барлығы да Жетісу құрамында айтылып, халық санасына содан сіңіп қалған сияқты. Аякөз бен Шу аралығы Октябрь революциясынан кейін де көп жылдар бойы Алматы облысының территориясына жатып келді. Тек 1939 жылы ғана Алматы облысынан Красногор, Қордай, Шу аудандары Жамбыл облысына; ал Аякөз, Мақаншы, Ұрыжар аудандары Семей облысына берілді ғой. Осы жағдайлардың бәрі Жетісуға қай ара жатады деген мәселеге белгілі дәрежеде әсер етпей қоймаса керек. Бірақ халық санасына сіңіп, тарихи және әдеби шығармаларда даусыз айтылып жүрген Жетісудың қазіргі территориясын жеті өзенге қай өзендер жатады деген мәселемен байланыстырудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Қазіргі Алматы, Талдықорған облыстарының жері түгелімен Жетісуға жататындығына ешкім күмән келтірмейді.

Қалай дегенмен де Жетісудың ең зор байлығы — суы екендігін ешкім теріс дей алмайды. «Сулы жер — нулы жер» демекші, бұл аймақтың көркі мен келбеті алдымен суына байланысты, «Жерұйық» аталуына да сол су байлығы себеп. Үлкен-үлкен әйгілі өзендерді былай қойғанда, Талдықорғанға жататын Жетісудың өзінде ете көп ұсақ сулар бар, бұл араның Жерұйық аталуында сол ұсақ сулардың да заңды үлесі бар.

Жетісудағы ғана емес, жалпы Қазақстандағы үлкен өзендердің бірі — Іле. Талдықорған облысының Кербұлақ ауданының шекарасы оңтүстік шығысында, Панфилов ауданынікі оңтүстігінде Ілемен шектеседі. Басын Тянь-Шаньнан алады. Іле Алатауының Нарынқол ауданына қарасты тұсынан Текес деген өзен ағады, сол өзен Іленің басы боп есептеледі. Сондағы Лабасы деген тауды жұрт Ілебасы дегеннен өзгерген деседі. Текес Хан-тәңірінен басталады деушілер де бар. Қазақ совет энциклопедиясы ол арасын анықтап айтпайды. Текес өзені Совет Одағының территориясымен 218 км жер ағады, сонан соң Қытай жеріне өтіп кетеді, жалпы ұзындығы 438 км. Жолдан оған Күнес, одан кейін Қас өзендері құяды. Іленің ұзындығы, Текестен бастағанда, 1439 км. Балқашқа құйғанға дейін оған оң жағынан Қорғас, Өсек өзендері, сол жағынан Шарын, Шелек, Түрген, Талғар, Қаскелең, Күрті өзендері құяды. 1910 жылдарғы мәлімет бойынша, Іле өзенінің арнасы Құлжа маңында 80 сажен, Іле поселкесі (қазіргі Қапшағай теңізінің орнында) маңында 105, ал Балқашқа құяр тұста 500 сажен болады екен. Суы аз жылдары тереңдігі 3-тен 30 футқа дейін жетіпті. Іленің оң жақ қапталынан қосылатын екі өзен — Қорғас пен Өсек қазір Талдықорған облысына қарайды. Қорғас өзені басын Жоңғар Алатауының күңгейінен, атап айтқанда, Қазанкөлден алады, оңтүстікке қарай ағады. Оған Желдіайырық деген жерден Мыңжылқы суы, тағы Қорғас Арасанның жылы бұлақтарының суы қосылады. Төменірек тұсынан оң жақтан Ойжайлау, Шұңқырбұлақ, Алмалы құяды.

Өсек Қорғастан үлкендеу болу керек. Ұзындығы 164 км. Қазақ совет энциклопедиясында аты Үсек деп қате жазылған, жергілікті халық ешқашан оны Үсек демеген, ежелден Өсек. Жоңғардың биік құз шыңдарынан басталады. Жоғарғы жағында үш саладан құралады, олар Үлкен Өсек, Орта Өсек, Кіші Өсек аталады, Кіші Өсектің басында Алтынкөл, Жазықкөл, Шоғанақ дейтін көлдер бар, солардан аққан су Кіші Өсекті құрайды. Төменнен оған Керегетас, Тікенбұлақ, Өренсай, тағы басқа сулар қосылады. Өсек Панфилов қаласының желке тұсына тақағанда екіге бөлінеді. Негізгі су Өсек атымен қалып, қаланың түбінен өтеді, ал батысқа қарай кеткен тармағы, тастақты жермен еңіске қарай аққандықтан, Даңғырлақ аталады.

Ілені алғаш су жолы ретінде пайдалану 1856 жылы басталыпты. Сол жылы Кузнецов деген көпес баржы жасап, оған астық тиеп Балқаштан Іле поселкесіне дейін аман-есен келіпті. 1872 жылы Фишер деген инженер де баржымен Құлжадан Іле поселкесіне дейін жүзіпті. 1883 жылы Поклевский деген біреуге қосылып әйгілі ұйғыр көпесі Уәлібай Юлдашев өзенге винтті кеме түсіріпті. Ол кеме Құлжа мен Іле поселкесінің арасына әлденеше қатынап, ақыры аварияға ұшырапты. 1910 жылы алматылық Потоскуев деген біреу Ілеге бумен жүретін катер түсіреді, ол да бір-екі жылдан кейін аварияға ұшырайды. Ал қазір Қапшағай теңізіндегі катерлер мен қайықтар шағалалардан кеп.

Жетісу жерінің, оның ішінде Талдықорған облысының үлкен өзендерінің бірі — Қаратал. Суының молдығы мен үлкендігі жағынан Жетісуда Іледен кейін екінші орын алады. Балқашқа құяды. Оның бойына облыстың үш қаласы — Талдықорған мен Үштөбе және Қараталға құятын Қора өзенінің бойына Текелі орналасқан. Өзеннің жалпы ұзындығы 390 км. Ағысы қатты өзенге жатады. Қараталдың ең басы болып саналатын Қора, Теректі, Шажа өзендері тау ішімен әуелі шығыстан батысқа қарай ағады. Қора өзені биік мұздақтан басталады, жол бойы оған әдемі-әдемі көп бұлақ қосылады. Қораға келіп қосылатын Бұрқанбұлақтың бойында Жетісуға мәшһүр әйгілі құлама бар. Жауыннан кейін суы молайып тіпті тамаша көрінеді. Су төмен қарай үш баспалдақ жасап құлайды, соңғыда дәу тастың үстіне соғылады. Сарыны мен арынынан аспан төңкеріліп келе жатқандай болса, ақ көбік бұрқыраған ағыны айбатымен шошытады. Құламаның дәл түбінде дөңкиген «Әулие тас» жатыр. Бұрын бұл тасқа сиынушылар көп болған. Жалпы, Қора өзенінің бойы өте әдемі. Қора Қараталға оң жағынан келіп құяды.

Қараталдың сол жағынан құятын үлкен саласы — Көксу. О л өзінің басын Жоңғардың ең биік жоталарынан алады. Тау ішінде ол 2500—3000 метрлік биіктіктен құлап ағады. Көксудың өзіне де жол бойы көп су құяды. Оның ең бір көрікті саласы — Қарабұлақ. Ол Көксуға Айыркезең аталатын биік асудың қасынан келіп қосылады.

Қараталдың тағы бір саласы — адам аяғы емін-еркін баса бермейтін, бірақ өте әдемі жерлермен ағатын Тентек өзені немесе Тентекбұлақ. Тентектің өзіне әрі терең, әрі тар шатқалмен ағатын Терісаққан атты бұлақ суы құяды. Бойында емдік қасиеті күшті жылы Арасан бар. Ол ара, Арасан асуының айналасы — сирек көркем жерлер. Қытайдағы әйгілі боратола асуына қарай жол осы арамен өтеді, онда да атты кісі ғана жүре алады, көлік өтуі мүмкін емес.

Көксу, жалпы, үнемі дерлік тау ішімен ағады. Жалғызағаш деген жерге жеткен соң ғана ашыққа шығады, сол арадан кейін оған сол жағынан Сатылы өзені келіп қосылады. Одан төменіректе Көксудың өзі Қараталмен қойындасады. Бүкіл жол бойы Көксуға қосылатын ірілі-ұсақты, сазды-батпақты бұлақтардың санын кім біле берсін. Жалғызағаш, Талдыбұлақ, Алайтөбе, Сарыбұлақ, айта берсең, толып жатыр.

Қараталға сол жақ қапталынан бір-біріне қосақталып, біріне-бірі тіркесіп Қоғалының, Мұқырының, әбден Балқашқа жақындағанда Мұқаншы мен Быжының сулары құяды. Быжының өзі бас жағында Үлкен Быжы, Кіші Быжы болып бөлінеді. Талдықорған қаласы Қараталдың сол жақ жағалауына салынған. Сол араға келгенде өзен көп тармақтанып жайылып кетеді және біраз жер, шамамен 20-25 шақырымдай көлденеңдеп ағады. Содан кейін Түйемойнақ аталатын жайпақ асудың жанынан кілт Солтүстікке қарай бұрылады. Балқашқа жақындаған сайын көп тармақтанып қолтық-қолтығы мен қолаты, аралы көбейіп, Қаратал да Іле құсап жайылып кетеді. Өте берекелі өзен.

Іле мен Қараталдың шығысындағы келесі ірі өзен — Ақсу. Басын Жоңғар тауының кішілеу-кішілеу жеті мұздығынан алады. Әр мұздықтан аққан судың өз аты бар, олар: Демікпе, Ақбұлақ, Көксай, Қарабұлақ, Ақамбайбұлақ, Құттыбайбұлақ, жетіншісі — Ақсудың өзі. Ақсу өзені Балқаш көліне құяды, ұзындығы 316 км. Ұзындығы жағынан да, суының молдығынан да Лепсіден кіші. Оң жағынан құятын ең үлкен саласы — Сарқан. Жалпы, Сарқант деп айту — соңғы жылдардың қателігі, әу бастағы аты Сарқан. Осы төңіректегі екі өзен Басқан, Сарқан деген ағайынды батырларға байланысты аталыпты деген әңгіме де бар. Сарқанға Ақшұнақ, Қарасырық, Киікбай дейтін кішігірім сулар қосылады, олардың бәрі де мұздықтардан ағады. Сарқаннан кейінгі үлкен саласы — Бүйен. Ол үш саладан тұрады: Тасты Бүйен, Орта Бүйен және Шет Бүйен. Шет Бүйеннің мұздығы Қараталға құятын Қора өзенінің мұздығына өте жақын. Балқашқа іле, Қаратал құсап көп тармақтанбай, жалғыз арнамен құяды.

Ақсу мен Қараталдың ортасында Қызылағаш аталатын тағы бір өзен бар. Ұзындығы 117 км. Басын тау қойнауындағы бұлақтардан алады. Оған Мұзбұлақ, Қапал, Ақешкі сулары құяды. Молалы станциясының солтүстік батысындағы Үшкөл атты көлге құяды.

Келесі өзен — Лепсі. Ұзындығы 418 км. Ұзындығы жағынан Қараталдан да озады. Басын Сарымсақты және Ағынықатты деген екі өзеннің суы құрайды. Ал ол екі өзен де басын Ешкіөлмес тауының оңтүстік жағынан алады. Содан солтүстікке қарай бұрылып, Ешкіөлмес тауын қақ жарып өтіп, Қарғалы аңғарына шығады. Сол арада оған Қарғалының суы қосылады. Қарғалы басын Қотыртас тауынан алады, басталар тұста Теректі аталады. Лепсіге басын Саусақты тауынан алатын Ащыбұлақ суы және суы мол Басқан өзені құяды. Басқан әуелі Басқан атты көлге құяды, ол көлден шыққан соң Сарыбұлақ аталып барып, Лепсіге сол жақ бүйірінен қосылады. Басқан мен екі ортадан Қаражиде аталатын кішкене өзен келіп құяды.

Одан арыда батысқа қарай тағы бір Тентек аталатын өзен бар. Оның да көзі — Жоңғар тауының мұздықтары. Оның басталар жерінде Биесыймас, Тоқжайлау дейтін таулар бар. Тоқжайлаудан Бас Тентек басталады, оған жолдан Орта Тентек пен Жіңішке Тентек қосылады. Үшеуінің басын бір-ақ қосып жұрт оны Үш Тентек деп те атайды. Ұзындығы 20 км. Сасықкөлге қарай ағады, бірақ оған жете алмай, оңтүстік тұсындағы шағын бір көлге барып құяды. Ертеректегі деректерде (1910 ж.) Сасықкөлге құяды делінген. Бәлкім, ол кезде Үш Тентек құятын қазіргі кел Сасықкөлден бөлінбеген де болу керек.

Тізе берсек, Талдықорған облысына қарайтын ұсақ өзендер әлі де көп. Олардың бәрі не көлге құя алмай, не үлкен өзенге қосыла алмай құрдымға кетіп жатады. Бірақ қасиетті жерді көгертуде олардың да өзіндік үлесі бар.

Алакөлге құятын Шынжалы атты өзен бар. Ал Алакөлге қарай жарыса аттың басын қоя бергендерімен, Тоқты, Ырғайты, Жаманты дейтін өзендер оған жете алмай құмға сіңіп кетіп жатыр.

Аякөз өзенінің Балқашқа құяр тұсы да Талдықорған облысына қарайды.

Жоңғардың күнгей жақ бетінде Ілеге қарай ұмтылып, бірақ оған жете алмай қалған Көктерек, Қойбын, Қайшы, Бұрқан, Шежін, Тышқан дейтін кішігірім өзендер бар. Ал енді тау ішіндегі үлкенді-кішілі сулар мен бұлаққа сан жетпейді десе де болады. Ақсу, Қарғалы, Есенғұл, Қоянды, Терісаққан сулары Панфилов ауданының жерінен басталғанмен, бәрі бір арнаға қосылған соң бұрылып, басқа аудандардың территориясына өтіп кетеді. Ал Белбұлақ, Сырлытам, Жаурынбайлаған, Қарабастау, Ырғайлы, Ыршуық, Жамбылбастау, Көкбастау, Ақтастыбұлақ, Қостал, Үшарал, Наркеткеннің сулары бірі үлкен суға қосылып жатса, бірі егінжайға жетіп жығылады, тағы бірі ауызсуға жарайды.

Талдықорған жерінде Қапал-Арасан, Қу-Арасан (қазір Жаркент-Арасан, Көктал-Арасан), Қорғас-Арасан, Өсек-Арасан, Аяқ Қалқан, Найзатапқан сияқты шипалы сулар да мол.

Вертолетке мініп Жоңғар Алатауының теріскей мен күнгейіне жоғарыдан үңілсең, ең алдымен қан тамырдай жан-жаққа тарам-тарам кетіп жатқан өзен-сулар көзіңе түседі. Сол суларды қан тамырға теңемей, қан тамырдың өзі десең де еш қателеспейсің. Ол шынында да солай, Жетісу жерінің әдемі өрнегін, жұрт жерұйыққа теңейтін әсемдігін ерінбей-жалықпай жасап жүрген ең ұлы суретші — осы сулар. Жердің ажары, елдің ырысы — осы сулар: өзендер, бұлақтар. Әрине, көлдер де.

Талдықорған облысы көлге де кедей емес. Жеке иемденбесе де, шұрайлы бір бөлігі еншісіне тиген ежелгі Балқашы бар. Балқаш — аумағы жағынан Қазақстандағы Каспий мен Аралдан кейінгі үшінші үлкен көл. Ең терең жері 26 метр екен. Көлемі құбылмалы, ұзындығы 605 км, ал ені шығыс бөлігінде 9-19 километрге, батыс бөлігінде 74 километрге жетеді. Оған Іле, Қаратал, Лепсі, Аякөз өзендері құяды. Өзінен шығатын өзен жоқ, тұйық көлге жатады. Басарал, Тасарал деген екі үлкен аралы бар. Ол Батыс Балқаш, Шығыс Балқаш болып екіге бөлінеді, олардың арасын Сарыесік түбегі бөліп жатады. Ал екі жақты бір-бірімен қосып жатқан ені үш жарым шақырымдық бұғазды Ұзынарал деп атайды. Судың минералдығы, тұздылығы Балқаштың екі жақ бөлігінде екі түрлі. Мұнда балықтың жиырмадан астам түрі бар.

Балқаш көлінің айналасына келіп Қазақстанның төрт облысының территориясы тіреледі. Балқаштың жалпы тұрқы садақша иілген имек қой. Әуелі оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып барады да, Сарыесік түбегіне жақындағанда, батыстан шығысқа қарай бұрылып көлденеңінен кесіледі. Сарыесікке дейінгі оңтүстік белігі өте енді келеді, ал жоғарғы жақ бөлігі одан екі еседей жіңішке. Балқаштың оңтүстік жақ шетінде де Алакөл аталатын шағын бір көл бар, суының ащылығына бола оны жұрт ежелден «Ит ішпестің Алакөлі» дейді, сол көлдің шығыс жағынан бастап Сарыесік түбегінен кейін де талай жер Алматы облысына қарайды. Талдықорғанға содан бергі жағы яғни көлдің шығыс жағы, одан айналып отырып шетіне дейін, арғы бетіндегі Саяққа дейінгі жерлер қарайды. Сол Саяқтан арғы солтүстігі мен батыс жақ сырты, Сарышағаннан көп әріге дейін Жезқазған облысына қарайды. Одан арғы жақ — Балқаштың оңтүстік шеті мен Ит ішпестің Алакөлінің батыс жақ бетіне дейінгі аралық — Жамбыл облысына қарайды.

Балқаш көлі тарихи әдебиеттерде Си-Хой, Бал-каси-нор, Көкше теңіз деп те аталады. Ал оның Балқаш аталуына байланысты ел аузында айрықша аңыз бар.

Қай ертеде екенін кім біледі, әйтеуір, ертеде біреудің Балқаш атты өте көркем қызы болады. Ақылды, ажарлы қыз бойжеткенде, оған өзіне тең бір батыр жігіт ғашық болады. Бірақ байлық пен билік үстемдік еткен заманда жақсыны жақсыға қиған ба, әлдебір әулеттінің сақау баласы Балқашқа құда түседі. Оған туған-туыстары да әлдеқандай болып қуанысады. Қорланған қыз сүйген жігітімен бір түнде қашып кетеді. Ат мініп қашқан екеуі үлкен көлдің жағасындағы қалың қамыс ішін паналайды. Шағын бір жартастың жанынан ағаш қадап, қамыс жауып қос жасап алады. Жігіт қарусыз, құр қол екендігіне қарамай, аң аулап тіршілік жасай бастайды. Ағаштың түп тамырынан кішкентай қолшоқпар жасап алып тоғай ішін аралайды. Сөйтіп жүргенде, жігітті қай аң екенін қайдам, әйтеуір, бір жыртқыш қапыда жарып кетеді. Қайғы үстіне қайғы жамаған қаралы Балқаш сүйген жігітін жалғыз өзі жүріп зорға жерлейді. Қабірдің басында отырып жылап-жылап, күн батарда жартастың басына шықса, бір топ атты кісі суыт келе жатады. Жақындағанда бәрін де таниды: өзінің туыстары, сақау «күйеуі» екен. Ағаштан тіккен қостың қасына кеп аттарынан түседі. Ол арадан ешкімді таппаған соң, жартасқа қарай жүреді. Қыз құтылмасын біледі. Орнынан тұрып, жартастың су шайып жатқан ернеуіне қарай жақындайды. Балқашты көрген қуғыншылар улап-шулап ұмтылысады. Сол кезде қыз тас басынан секіріп суға құлайды. Терең кел қызды тұңғиығына тартады да кетеді. Өз көздеріне өздері сенбей қуғыншылар дағдарып қалады. Теңсіздік заманында, одан өліп құтылу да үлкен қарсылық саналған. Ерлікке бағаланған. Сөйтіп, Баян әпкесі құсап Балқаш та сүйіспендіктің құрбаны болыпты.

Ару қызының атын халқы ардақтап, содан бері ол кеткен үлкен көлдің атын Балқаш қойса керек.

Балқаш көлінде тұрақты кеме қатынасы бар, балық ауланады. Кеме тоқтайтын ең үлкен айлақтары — Бурылбайтал мен Бөрілітөбе.

Балқаштан кейінгі облыстағы үлкен көл — Алакөл. Тарихи әдебиеттерде «Гурге-ноор», «Алак-Тугуль», «Ала» деп жазылған кездері болыпты. Оның солтүстік жағы Семей облысына, оңтүстігі Талдықорғанға қарайды. Батыстан оңтүстік шығысқа қарай қиғаштау созылып жатыр. Ол да тұйық, бірақ тұзды көл. Ұзындығы 104, ені 52 километр. Семей жақтан Үржар, Қатынсу, Еміл өзендері, Талдықорған жақтан Шынжалы өзені құяды. Көлдің орташа тереңдігі 22 м, ал ең терең жері 45 м. Мұндай тереңдік Балқашта да жоқ. Ұсақ аралдарынан басқа Үлкен Аралтөбе, Кіші Аралтөбе деген аралдары бар. Мұз қатқанға дейін кеме жүзеді. Көлден балық ауланады.

Балқаш пен Алакөлдің ортасында батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Сасықкөл бар. Оның да солтүстік жағы Семейге, оңтүстігі Талдықорған облысына қарайды. Атына қарап көрмеген адам одан шошуы мүмкін, ал шын мәнінде ол суы мөлдір, тұздылығы төмен көл. Су табаны таяз болғаннан кейін, көп жерінде қамыс өседі, кей тұстары қалың қорыс боп кетеді, Сасық атануы да, сірә, соған байланысты болса керек. Көлдің ең терең жері 4,7 метр. Көлдің жалпы ұзындығы 49,6 км, ені 19,8 км. Оған Семей жақтан Қарақол өзені құяды. Талдықорған жақтан Тентек (Үш Тентек) өзені жақындап барып жанындағы кішігірім көлге құяды. Кеме жүзеді, балық ауланады.

Сасықкөл мен Алакөлдің аралығында Ұялы көлі бар. Қазақ совет энциклопедиясында негізгі аты осылай көрсетілгенмен, оны жергілікті жұрт көбінесе Қошқаркөл деп атайды. Ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке қарай сәл қиғаштау созылып жатыр. Суы тұщы. Тереңдігі 5,8 м. Жалпы ұзындығы 18,3 км, ал ені 9,6 километрге жетеді. Жағалауында қамыс өседі. Сасықкөлмен екі аралығында Жіңішкесу деген өзенше бар, Алакөл екеуінің аралығында Көшербай, Кененбай атты ұсақ көлдер бар. Қошқаркөлде балықтың бірнеше түрі өседі.

Алакөлдің оңтүстік шығысында Жалаңашкөл жатыр. Жоңғар қақпасының аузындағы шағын ғана көл. Екі жағындағы таумен параллель сызылған ұзындығы 9 км, ал екі таудың арасына көлденең келетін ені 5 километрге жуық. Жағалауы тас, қиыршық. Суының тереңдігі 5 м. Оған Қусақ, Тоқты деген екі шағын өзен құяды. Балық өседі. Алакөлмен екі аралығында Жаманөткел аталатын қамысты, батпақты өзек бар. Жауын-шашынды, суы мол жылдарғы көктемде әлгі өзек суға толып, Алакөл мен Жалаңашкөл бір көлге айналып кететін көрінеді.

Ауызша және жазбаша деректерге қарағанда су мол болған жылдары Жалаңашкөл Алакөлге, Алакөл Қошқаркөлге, Қошқаркөл Сасықкөлге қосылып, төрт көл бірігіп, барлығы бір тізбектің бойындағы ұзын көлге айналады екен. Тарихи әдебиеттерде де бұл көлдердің ерте кезде бір ғана тұтас көл болғандығы айтылады (А. Левшин). Ал, Алакөл мен Балқаштың да арасы бір кезде қосылып жатқан болу керек, өйткені қазір де көктемгі су тасыған уақыттарда екеуінің арасындағы қамысты саздар суға толып бірігіп кетеді дегенді кезінде біраз адам, оның ішінде Шоқан Уәлиханов та айтқан.

Талдықорған облысының территориясында бұлардан басқа да кішігірім көлдер өте көп. Таулардың құзар шыңды ортасында немесе алыстағы құмды даланың қойнауларында жатқан небір әдемі шағын көлдерді әркімнің жолы түсіп көре беруге жағдайы да жоқ. Оның сыртында қолдан жасалған көлдер мен тоспалар да толып жатыр. Еңбекшілердің демалуына, жастардың су спортын меңгеруіне олар қосып келе жатқан үлес те аз емес.

«Су анасы — бұлақ» дейді халқымыз. Бұлақтан өзен, өзеннен көл құралады. Ал бұлақ атаулының басым көпшілігі не таудың басынан, не етегінен өріс алады. Су жердің сүті болса, тау сүтті сиыр сияқты. Жетісудың таулары қандай тамаша!

«Тізілген таулары бар Жетісудың,

Ішінде орман, тоғай біткен нудың.

Дариядай сол таулардан тулап тасып,

Көресің тамашасын аққан судың»,—

дегенді Жамбыл атамыз бекер айтпаған.

Жетісудағы, оның ішінде Талдықорған облысындағы негізгі тау, әрине, Жоңғар Алатауы. Ол батыстан шығысқа қарай 450 километрге созылады, ені 100—250 км. Ең биік шыңы Бесбақан аталады, 4464 метр, Көксу өзенінің басталар жеріндегі Көкжота тауында. Жоңғардағы барлық мұздықтар саны — 724.

Жалпы аты Жоңғар Алатауы аталғанмен, оның жекелеген сілемдері де өз алдына тау аталады. Олардың бәрін сипаттамақ тұрмақ, санап шығудың өзі мүмкін емес.

А, Левшин «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» деген кітабында: «Балқаш көлінен басталып солтүстік шығысқа қарай Қытай иелігіне дейін кетіп жатқан қарлытау Ала немесе Үйсін Алатауы жайында біз нақты ештеңе айта алмаймыз»,— дейді. (І-кітап, 66-бет). Оның Үйсін Алатауы деп отырғаны қазіргі Жоңғар екенін түсіну түк те қиын емес. Іле Алатауымен шатастырып отыр ма десең, сол кітаптың тағы бір жерінде, Сырдарияға байланысты сөз қозғағанда: «Ол қытайлар Тянь-Шань немесе Аспантау деп атайтын таудың Кашкар-Даван деген сілемінен шығып ағады»,— дейді. Демек, Іле Алатауының Тянь-Шань сілемі екенін Левшин білген. Осы жағдай ел ішінде айтылып жүрген бір әңгімені еске түсіреді.

Оқиға Жетісу облысы әлі құрылмаған жылдары болса керек. Ол кезде әлі Россия қол астына түгелдей өтпеген Жетісудың шығыс жағы Батыс Сібір генерал-губернаторлығына қарайтын. Сол уақытта Жетісу жерінің картасын жасау жұмысы полковник Абакумовке тапсырылыпты. Жергілікті халықтан сұрай отырып, сай-сайды, жота-жотаны картаға түсірсе керек. Сонан соң жергілікті елден: «Ал енді батыстан шығысқа созылып жатқан осы таудың жалпы аты бар ма?» — деп сұраған көрінеді. Алғашқыда бәрі: «Алатау ғой»,— дей салыпты. «Қазақта Алатау көп, бұл қай Алатау?» — дегенде, біреулер: «Заңғар Алатау. Заңғар деген биік, басы көкпен таласқан деген сөз»,— десе керек. Тағы бірі тұрып: «Жо, Жоңғар Алатау. Мұнда бұрын жоңғарлар тұрған»,— депті. Үшінші бірі: «Ертеде мұнда хұндар болған, олар осы тауды мекендеген, бұл таудың аты — Хұнғария. Қазіргі венгрлер бұрын осы жақтан кеткен, олардың өз елін әлі күнге һунгария, Венгрия дейтіні содан»,— деп өзеуресе керек. Төртінші біреу тағы тұрып: «Аталарымыз мұны Үйсін Алатау дейтін, ежелден үйсіндер мекендеген жер ғой»,— дегенді айтса керек. Оның бәріне тыңдап тұрған Абакумов ашуланып: «Тұрақты бір аты жоқ бұл не қылған тау? Мен картаға төрт атты бірдей жаза алмаймын ғой, маған мұның ең шын атын айтыңдар»,— десе, әлгілердің ешқайсысы менікі шын аты еді дей алмаса керек. Сонда, Абакумов бәріне қолын бір-ақ сілтеп: «Болды. Бұл тау бұдан былай Абакумов тауы болады, картаға солай жазам»,— депті-міс. Әлгі әңгіменің ішінде фамилиясы Обух па, басқа ма, әйтеуір, бір поручик болған көрінеді, сол Омбыға «Осындағы бір үлкен тауға Абакумов өз атын қойғалы жатыр»,— деп жасырын хабар жазып жібереді. Оны оқып Гасфорд ашуланса керек: «Абакумов деген кім? Ол тау неге Гасфорд тауы болмайды?»— депті-міс.

Шын ба, өтірік пе, кім біледі, бірақ Россияның отаршыл адамдарының мінез-құлқы, жергілікті халыққа, олардың жер-суына деген пиғыл-ниеті осы әңгімеден айқынырақ көрінеді. Бұл тауды атағанда, П. Румянцев те Жетісу немесе Жоңғар Алатауы дегенді айтып қалады («Лепсі уезі», 58-бет). Соған қарағанда, бұл таудың Жоңғар аталуы — кейінгі жылдардың жемісі.

Ақсу — Қапалдың тұсынан басталатын Сайымбөлек, Мыңшұқыр, Жаманкөл, Жамбас, Қойтас таулары Талдықорғанның, шығыс жақ желкесіндегі Сарноқайға дейін созылып, бір-бірімен жалғасып жатқан тұтас бір тау сияқты.

Жоңғар сілемдерінің аттары қандай әсем және қаншалық әр мағыналы: Биесыймас, Көктекше, Текелі, Баркөрнеу, Қату, Қоянды, Сайқан, Матай, Арқарлы, Ешкіөлмес, Долаңқара, Шоқпар, Шыбынды, Алтынемел, Жабық, Тоқжайлау, Жауырынбайлаған, Өлеңді, Итшоқы, Үшқайың, Ыршуың, Қайшы, Қарағайлы, Тоқты, Саусақты, тізе берсең, таусылмайды, толып жатыр. Бір ғана жүрекке байланысты үш тау бар екен: бірі — ежелден белгілі Баянжүрек, Қапалдың қасында; екіншісі — Жанжүрек, Басқан өзені мен Орта Тентектің басталар тұсында; үшіншісі — Тасжүрек, Көксу өзенінің басталар тұсында.

Талдықорған мен Алматы облысының шекаралас тұсында, Балқаш бойында, Кербұлақтың батысында Малайсары атанған бір тау бар. Ел оның солай аталуын әр сақта түсіндіреді. Біреулер жоңғарларға қарсы соғыста асқан ерлік көрсеткен Бәсентиіндік батыр Малайсарының құрметіне қойылған дейді. Тағы біреулер: «Жоқ, ол Малайсары емес, басқа батырдың атына, атап айтқанда, Албан ішіндегі Қыстық руынан шыққан Малай батырдың құрметіне қойылған. Ол кісінің аты алғаш осы арадағы соғыста шыққан, жекпе-жекте қалмақ батырын өлтірген. Батырдың өз аты Малай болғанмен, Қыстықтардың ұраны Малайсары»,— дейді. Алайда қазақ совет энциклопедиясында бұл таудың батыр Бәсентиін Малайсары құрметіне қойылғандығы жазылған.

Қарт Жоңғардың теріскейі мен күңгейіндегі көк шалғынды жайлаулар қаншама?! Үйгентастың белі, Қоянды, Аралтөбе, Күреңбел, Сарытөр, Ұзынбұлақ, Қарғалы, Сарыбел, Ойжайлау, Шажа, Аққайқы, Көлжота, Қызылқия, Қоңыр сынды әсем жерлер көрген адамды көңіліне қанат бітіргендей қуантады.

Бұрынғы-соңды білгірлердің айтуына қарағанда, дүниедегі ең тойымсыз нәрсе адамның көзі көрінеді ғой. Ал Жетісу жерінің жайлаулары алдымен адамның көзін тойдырады. Көз тойдыратын жерлер көп-ақ! Жайлау әдемілігін біз қазір ғана көріп жүргеміз жоқ, бізден бұрын да сан зиялылар мен жақсылар көріп тамсанған.

Осыдан 135 жыл бұрын А. Янушкевич Ойжайлауды керген екен. Қазір онда Андреев ауданының Лепсі селосы тұр. Янушкевич Ойжайлауға жаз айының нағыз жақсы кезінде 19 июньде келіпті. «Алты күндік саяхаттан және қыруар қиындықтан кейін біз кеше, күн бата, көздің жауын алған Лепсінің жағасындағы Ойжайлау... қонысына келіп ат басын тіредік. Бұл жердің теңдесі жоқ әдемілігін сіздің көз алдыңызға келтіру үшін мынаны айтқым келеді: егер мен мұнда Омбыдан жаяу келсем де, төккен теріме ешбір өкінбес едім. Біздің қазақ жайлайтын осындай әдемі, романтикалық жерде бұл дүниенің бірде-бір королі өмір сүріп көрген жоқ»,— деп тебіренеді ол. Ол араның суына, тауына, ағашына, аспаны мен бұлтына — бәріне тамсанады. Жерді емген малына да сүйсіне қарайды. «Қайда барсаң да шөп белуардан келеді... Жер үстіндегі жұмақ осы!» — дейді ерекше сүйсініспен баға беріп.

Айналасы он жылға жетер-жетпес уақытта дәл осы араны арнайы келіп Шоқан көреді. Шоқан мұнда 1856 жылы июль айында келеді. «Менің бәрі көп айтатын даланың тамаша жері Ойжайлауды көргім келді, жағдайды пайдаланып, Ковригин мырзаның қасына ердім»,— дейді ол. «Теректіден ары қарай барлық жағынан да тамаша жер басталады. Шалғыны ғажап!...—...Шұбарағаш — шаруашылыққа жайлылығынан даланың, бәлки, бүкіл оңтүстік шығысындағы ең тамаша жер болар»,— дейді ол да таңдана мақтап.

Янушкевич айтып отырған Ойжайлау да, Шоқан жазып отырған Шұбарағаш та — екеуі де бір жайлау. Жергілікті жұрт екі атты қосақтап Шұбарағаш-Ойжайлау деп атайды. Қазір көбінесе Лепсі атап жүр.

Құлжаға барар сапарында 1856 жылы Шоқан қазіргі Панфилов ауданының негізгі жайлауы Үйгентастың белін немесе Белжайлауды басып өтеді. Жайлаудың марғау тыныштығы, әлі адам мен малдың тұяғы тимегендей тұнжыр табиғаты оған қатты әсер етеді. Қазіргі күнде бұл Белжайлауда жаз айында үш-төрт ірі шаруашылықтың малы жатады. Үйгентастың белі мен Аяқсаздың арасындағы 40-50 шақырымға созылған үлкен астаудың түбіндей кең жазықты жалпылай Бел жайлауы деп атағанмен, оның әрбір сайы мен жотасының тағы өзінше жеке аты бар. Бел жайлауының ең ерекшелігі сол: оның көркі — арша мен көк шалғын. Аршаның екі түрі бар: шұбар арша, көк арша. Шұбар арша шырмауық құсап тасқа оралып, жерге жайылып өседі. Оның тіні қызылын қызыл арша, ақ тіндісін жасыл арша дейді. Қазекең тіс шұқуға, қазы түйреуге қызыл аршаға тең келетін ағаш жер бетінде жоқ деп түсінеді. Солайы солай болу да керек. Ал, бір өзі бір үлкен үйдің орнындай дөңгеленіп, биіктігі атты кісінің бойынан асып кететін аршаны көк арша деп атайды. Оның орманы кәдімгі орманның қай-қайсысынан да кем емес. Аршаның қай түрі де көк күйінде-ақ шытырлап майша жанады. Иісі адам елітетіндей қышқыл шырыш. Үйгентастың белінен он шақырымдай батыста Аршалыбеткей аталатын әдемі жер бар, аршасының тығыздығы текенің үстіндегі түбіттей, түйетайлы үлкен беткейдің ұйысқан аршадан алақандай ашық жері жоқ: ол да бір ғажап көк орман!

П. Румянцев 1913 жылы шыққан «Қапал уезі» кітабында: «Қапалдан Қора жаққа кетіп бара жатқан жолдағы асудан қарасаң, алдыңнан Қора аңғарының ғажайып суреті ашылады»,— деп жазады. Қазақ ат қоюға қандай шебер, Қора жайлауы, шынында да, ашық қорадан аумайды. Жан-жағы таумен қоршалған жазық аңғардың ұзындығы 40-50 шақырым, ені 2-2,5 шақырым. Астау секілді әдемі шұңқыр — табиғаттың тұнып тұрған қайталанбас сұлулығы. Қора өзеніне Қасқабұлақ, Тентекбұлақ, Бұрқанбұлақ деген бірінен бірі өткен әдемі бұлақтар келіп қосылады. Мұнда өсетін бойы бір қарыс қана, майда түкті шепті аюжүн дейді екен. Көк барқыттай керемет көрікті шөп қанша таптап жатсаң да, айналасы бір сағаттың ішінде қайтадан қаз қалпына келіп құлпырып шыға келеді.

Осы Қора жайлауының маңында Қонтайшы, Шажа деген жерлер бар. Бұрын, бұл арада қалмақтар тұрғанда, болған бір әңгімені Қазақ ССР халық артисі, республика мемлекеттік сыйлығының лауреаты марқұм Қанабек Байсейітовтен естіп едім.

Ертеде осы арада қалмақтың қонтайшысы тұрыпты. Қазақ ішінде әйгілі бір бақсы болыпты. Сол бақсы ел кезіп жүріп қонтайшыға да кезігіп қалса керек. Қазақтың бақсысы не біле қойсын деген паңдықпен қонтайшы: «Е, бақсым, білгіш болсаң, айта қойшы, мен қашан өлем, неден өлем?» — деп сұрапты. Сонда қазақ бақсысы: «Көп ұзамай қарақұрт шағып өлесіз»,— депті. Әдейі қырсығып айтты деген оймен қонтайшы бақсыны қуып жібереді. Қууын қуғанмен, көңілінен күдік кетпейді, бақсының айтқанын болдырмайтын амал іздейді. Ақыры тауып, қатты қуанады. «Қарақұрт деген ыстықты жақсы көреді. Мен Шажаның басына үй тігіп ақ қар, көк мұздың қасына жатып алайын, қарақұрт ол араға қайдан келер екен»,— деп миығынан күледі. Шынында, таудың суық басында қарақұрт болмайды екен, қонтайшы аман-есен жүріп жатады. Содан бір күндері күн суыта бастайды, киіз үйде мұздайтын болған соң, қонтайшы от жақтырады. Шоғы ұзақ сақталады деп, құм ішінен сексеуіл алдырады. Сол сексеуіл сорлы қонтайшының түбіне жетеді. Сексеуілге іліккен бір қарақұрт, тау басына әкелген соң, суықтан әлсіреп өлімсіреп жатады, бірақ сексеуілді отқа жаққан кезде, жылудың әсерінен қайта тіріледі де, жылжып барып қонтайшыны шағып алады. Қанша қу болса да, қонтайшы сөйтіп ажалдан қашып құтыла алмайды. Сол қонтайшы өлген жер Қонтайжы (Қонтайшы) аталған екен деседі.

Жай ойлағанда, суы мол, көлі көп жерде құм болмайтын сияқты көрінеді. Бірақ шындығында олай емес. Тау бар жерде ойпаттың да болатыны сияқты, су бар жерде құм да қатарлас жүреді. Тіпті, талай су құм мен шөлейтті қақ жарып ағып жатады. Ондай құмның ең көп жері де Балқаштың бойы. Іле мен Қараталдың, Ақсу мен Лепсінің, Аякөздің Балқашқа құяр тұстары — бәрі құм. Бірақ қазақтың құмы құнарсыз құм емес, жердің кәдімгі құмдауыттығы ғана. Ол құмда өсетін құнарлы шөптер мен төзімді ағаш-бұталар қаншама! Құмның да өзіне лайық өз көркі бар. Құм ішін қазақ ежелден малға жайлы қоныс санаған. Құмның тек бір қатыгездігі — суының тапшылығы немесе мүлдем жоқтығы.

Талдықорған жерінде түрлі-түрлі құмдар бар, олардың аты да алуан-алуан: Оймаққұм, Қодарқазған, Жиекқұм, Майбүйрекқұм, Қарақұм, Татырқұм, Ниязқұм, Мәтіқұм, Айдарлықұм (мұндай атты құм Алматы облысының Іле бойында да бар), Тасқұм, Кенеребармақ құмы, Қозыжота, Тасжон, тағы-тағылар.

Жердің әсемдігі оның төсінде өсіп-өнетін көгіне де байланысты. Көрікті ағаш пен әдемі шөптен артың жер ажарын не кіргізсін! Жетісу тауларында негізінен шырша, шетен, ырғай, қайың, арша, итмұрын, қарақат, долана ағаштары; ал жазығында терек, тал, алма, өрік, қарағаш; шөл мен шөлейт жерлерінде сексеуіл, жыңғыл, тораңғы, жиде ағаштары және қылша, шеңгел, шырғанақ, теріскен, баялыш, бозқараған, тобылғы, қотырқара, жантақ сияқты бұталар еседі. Тауда өсетін ең негізгі шөбі — бетеге мен кеде. Ал тау мен беткейге, тау етегіндегі жазықтарға өсетін шөптерінде есеп жоқ десе болады: жусан, изен, қияқ, өлең шөп, еркек шөп, көкпек, желкек, шытыр, сасыр, бидайық, мысыққұйрық, аюжүн, теңгежапырақ, шайшөп, селеу, кекіре, адыраспан, қызғалдақ пен бүлдіргеннің, жуаның бірнеше түрі, тағы-тағылар. Таңқурай, ебелек, қызылқурай, сасыққурай, балдырған, меңдуана, уқорғасын, қалақай, рауғаш, қарасора тәрізді қурай түрлері де толып жатыр. Қамыссыз, қоғасыз су болмайтыны бәрімізге бесенеден белгілі.

Аңы мен құсын айтсаң, ол да өз алдына жыр. Іле мен Қараталдың бойынан жолбарыс жоғалғалы да жүз жылдан асты деседі жұрт. Лепсі бойында тасбақа мен кәмшаттың толы екенін осыдан 135 жыл бұрын Янушкевич жазып кеткен. Тауында арқар мен тауешкі, аз да болса аю, қасқыр, қарақұйрық әлі де кездеседі. Кербұлақ ауданының территориясында Іле бойында құлан бағылады. 1910 жылдары Жоңғар қақпасы жақта жабайы жылқының бір түрі тарпаңдар болған екен, қазір қалмаған сияқты. Қорқау қасқыр, сілеусін, ілбіс, түлкі, қоян, елік қазір де бар. Борсық, суыр, сартышқан, күзен, сутышқан көп. Аздап бүркіт пен қаршыға кездеседі, құзғын, құмай, тазқара, қарға, үкі, жапалақ, байғыз, көк көкек, сасық көкек, ителгі, сауысқан, бозторғай, қараторғай, тоқылдақ, суың торғай, кептер, тоқтыбалақ, көк қарға, кептер, ұлар, кекілік, бұлдырық, шақшақай, қырғауыл сияқты құстың түр-түрі бар. Бақа-шаяны, жыланы мен кесірткесі, көбелегі мен шыбын-шіркейі, құрт-құмырсқасы бықып жатыр, қызыққан кісіге олардың тіршілігінен де талай сыр табылады.

Айта берсең, Жетісу жерінің ойы мен қыры, тауы мен суы тұнған сурет. Ілияс Жансүгіров «Жетісу суреттері» атты ұзақ өлеңінде сол суретті өлеңмен салды. «Жер таппан жерге жетер Жетісуым» деп жалпы сынына тамсана отырып, таулары мен суларын, жәндіктері мен шөптеріне дейін тізбелеп мадақтайды. «Неше елді аттандырған құтты қоныс. Әлі түр әсемдігі тауысылмай»,— деп, оның өткен тарихына да меңзеу жасап кетеді. Ілиястан кейін де талай талант Жетісуға жыр арнаған, әлі де талайлардың арнары хақ.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...