Көжегіне жеріген қоян

Айдар Зәкіровтың осыдан біраз жыл бұрынғы ойы қазіргі ісінен мүлдем басқаша еді. Ол Совет Армиясы қатарынан Қарағанды облысының Шет ауданындағы өз колхозына келісімен бір игі істің иесі болғысы келді. Оны жолдас-жорасы, ағайын-туысқаны құптай кетті. Құптамағанда ше? Үйленсем, балалы-шағалы болсам, балаларым оқыса, азамат болса... Осындай тебіренген ойларды түптен тартып қозғағанда көңілі құрғыры босап кетіп, кейде ел жоқ жерде еңкілдеп те алатын...

Зәкіров сөйтіп біраз жүрді. Не істеп жүрсің дегенде қыз айттырып, қыз таңдап жүрмін дегенді шығарды. Өзіме өмірлік жар іздеп жүрмін дейтін болды. Дұрыс! Өмірлік жар деген оңай нәрсе емес. өмірлік серік тауып алсын деді естігендер. Қырмызы жігіт қыз айттырып жүріп, ойындағысы кездеспей, Шет ауданының шегінен шығып, Қоңырат қоңыр қырқасын кезіп кетті.

Қоңырат ауданын қыдыра жөнелген Зәкіровтың көзіне «Бірлестік» колхозында тұратын Дәкен түсті. Алғашқыда ол батыл соз айта алмай, сыртынан өлеңмен орағытып көрді:

О дүние, Дәкен-жан,
Шыдатпайды-ау ыстық қан,
Күйіп-жанып барамын,
Қайтіп сенен қаламын.

Оның алғашқы махаббат жырлары осылай басталып, аяғы лирикаға айналды. «Ел құлағы — елу», бұл жырлар Дәкеннің құлағына тиіп, ақыры екеуі қосылуға келісті. Той да жасалынды, тоқты да сойылды. Екеуінің қосылғанына көп көздер куә болды. Көлдеудегі көгілдірдей көк мойындар келтіріліп, стакан сыңғыры естіліп жатты...

2

Күзге қарай Зәкіров Ақшатау жетіжылдық мектебіне мұғалім болып орналасты. Үй ішімен. осында көшіп те келді.

— Апыр-ау, ұмытыппыз ғой,— деді бір күні Дәкең— некелік куәлік алмаппыз ғой.

Жылмаң жігіт бұл кезде «О дүние, Дәкенжан, шыдатпайды-ау»... деп сырғаната жөнелді. Әрі-беріден соң әңгіменің бетін әлдеқайда бұрып әкетіп, махаббаттың сан жолынан хабардар екенін көрсетті.

Зәкіров махаббатының ыстық лебі жалындап тұрғанда жас иіс пайда болып, бір сәби дүниеге келді. Үй ішінен іңгәлаған дауыс естіліп, бірінің әке, бірінің шеше екеніне куәлік берді. Нәрестенің атын әкесі Айман деп қойып, азаматтық тіркеу бюросынан да өткізді. Тууы туралы куәлік жазылды. Әкесі Зәкіров, шешесі Дәкен деп көрсетілді. Уақыт зымырап өте берді. Аздан соң екінші бала дүниеге келіп, аты Сәбира қойылды. Тағы да азаматтық тіркеу бюросынан өткізілді. Әкесі Зәкіров, шешесі Дәкен деп көрсетілді.

— Япыр-ай, осыны көрсетпесек қайтеді?— деді Зәкіров.

— Нені?

— Әкесі Зәкіров деп.

— Шешесі білсе әкесі сен болатынсың!

Зәкіровте үн жоқ. Тағы біраз уақыт өтті. Бір күні жылпос әке баласы мен Дәкеннің жанында отырып өткен өміріне шолу жасады:

— Сен болсаң — қартая бастадың, мен болсам — уыздай жап-жаспын, өйткені мен талайдың уыз батасын алып едім,— дейді.

— Шынында да жастықтан екеуіміз де кетіп барады екенбіз, мен екі баланын анасымын, сен екі баланын әкесісің,— дейді әйелі.

— Жоқ, мен жаспын, әке емеспін!

— Әу, бұл қалай, екі баланың әкесі?

Сонымен, Зәкіровтің махаббат лирикасы ескіріп. осыдан барып драмаға айнала бастады. Ол нәзік махаббат лирикасының кейіпкерінен нағыз содыр кейіпкерге айналды. Оның екі балалы болуы, әсіресе, тууы туралы куәлікке әкесі Зәкіров деп жазылуы жанына қатты бататынға ұқсайды: «Үйленбегір қу басым, қайдан үйлендім, бір кезде әке болуды да мақтаныш көрдім-ау мен шұнақ!» деп өкінді ол.

Дәкенге де күн көрсетпеді. Тұрса — аяққа, отырса — басқа ұрды. Мақсаты — ажырасу болды. Табансыз жардың махаббаты бордай тозып, ақыры уатылып жоқ болды. Дәкенді «үйден шықтың» астына алды. Әуелі бұған Дәкен сене қоймады. Зәкіровтен қанша жәбір-жапа шексе де, екі баласын арқа тұтатын Дәкен жас жеткіншектерді жақсы өнегеге үйрететін мұғалімнен мұны күтпеген еді. Бірақ, Зәкіров «екі сөйлемейтін» жігіт болғандықтан, айтқанын орындап шықты. Дәкен қысылса да қиналса да екі сәбиін медеу көріп бауырына баса түсті.

Біраз уақыттан кейін кездескен бір жолаушының арбасымен әкесінің үйіне кетіп бара жатты.

Зәкіров те жоспарсыз жұмыс істемеген екен, аздан кейін тағы да біреуге «сүйем, күйем, қалқатайымдап» жүріп үйленіп алыпты.

Жылпос әке осы күні балаларынан біржола безіп, керек десе, сырттан да сұрап білмейді. Өйткені, балалардан оған ақша қымбат. Көжегін тастап кеткен қоянша, балаларынан безіп кетті. Әттен басында ол қазіргі жәбірленген келіншегінің қолындағы балаларының тууы туралы куәлігін де жаздыртпайтын еді, оны да тек ақша үшін, яғни бойдақ салығын тартпас үшін алған екен. Ол Дәкенмен о баста-ақ неке куәлігін алған жоқ. Өйткені, ажырасқандай күн болса. «басын байлап» қайтсін. Miнe, ол Дәкенді екі баласымен қуып шыққанда да иске куәлігі жоқ болғанына сүйенді.

Зәкіровтің есебі дұрыс шықты. Азға ойланып, алысқа жолдас болмаған оның іздегені де осы еді. Дәкен арыз айта барғанда Шет ауданындағы халық соты да неке куәлігің жоқ деп істі қарамады. Аудандық прокурор да куәлік дегенді Дәкеннің алдына тарта берді. Ал, дұрысына келгенде, Дәкеннің қолында куәлік бар. Біреу емес, екі куәлік. Баладан безген әкенің кім екені сол куәлікте көрсетілген. Оны да неке куәлігін беретін мекеме берген. Ал, иске куәлігі жоқ адамға тууы туралы куәлік берілмейтіні жұртқа мәлім. Бұл жағына келгенде аудандағы заң орындары балаларынан безген әкені босқа қорғап, бұлтаққа салып отыр. Бұл — орынсыз бұлтақ. Балаларының безін жүрген екені тәртіпке салушылардың өздері бұлтақтаса, мұның аты не болмақ? Көжегінен безген қоянды көкірегі бітеу көркөкірек қана қорғамас па!? Оның көзіне мөрлі қағаз куәлікті қоя тұрып, екі бірдей көзі жайнап тұрған тірі куәлікті баспас болар ма!?

1954


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...