Спам дегеніміз не?

«Спам» сөзін бүгін ғаламтордың кез келген қолданушысы біледі. Тек біліп қана қоймай, оны өзінің электрондық жәшігінен жиі көреді. Бірақ көбі «спам» сөзі бұрын ғаламтормен де, электрондық хаттармен де байланысты болмағанын біле бермейді.

Спам — акроним, қысқарған күрделі сөз. Ол «spiced ham» — «дәмдеуіш қосылған ветчина», «бұрышталған шұжық», «бұрышталған ветчина» деген сөзден қысқартылып алынған. Сондықтан ағылшын тіліндегі «spam»–ның тікелей аудармасы «дәмчина» яғни, «дәмдеуіш» пен «ветчина» сөздерін біріктіре отырып жасалған деуге болады.

Бұл «ветчинаның» тарихы мынадай: 1937 жылы америкалық «Hormel Foods» фирмасы фабрикада жиналып қалған «өтімі төмен» еттен шұжық фаршын шығарды. Америкалықтар тәбетті аша қоймайтын бұл өнімді сатып алмады, сондықтан корпорацияның иесі мистер Хормель ауқымды маркетингтік науқанды бастайды, өз өнімін кеңінен жарнамалап, консервілерін әскери ведомстволар мен флоттарға жібере бастады.

1937 жылы «Hormel Foods» фирмасы америкалық әскермен қоса одақтастардың да әскерлерін өз өнімдерімен тамақтандырды. Тіпті соғыстан кейінгі Англияда, экономикалық дағдарыс кезінде спам ағылшындардың негізгі тағамы болды. Оруэлл «1984» романында «қызғылт еттің кесектері» деп сипаттаған тағамы осы 1948-ші жылғы спам еді. Осылайша бұл сөз «бас тарта алмайтын жағымсыз нәрсе» деген мағынаны білдіре бастады.

1970 жылдың желтоқсанында Monty Python's Flying Circus театр тобының 25-ші скетч шығарылымында келушілер мейрамханада отырады. Мейрамхананың мәзіріндегі әрбір тағамда ветчина — спам бар. Даяшы спам артықшылықтарын суреттей бастағанда, викинг болып киінген хор, келушілердің әңгімелерін тыңдауға мұрша берместен «Спам, спам, спам!»  деп жыламсырай бастайды. Сондықтан «спам» термині  пайдалы хабарламаларды алуға кедергі болатын, ығыр ететін, жағымсыз, артық ақпараттармен байланысты бола бастады.

«Спам» терминінің жаңа мағынасы 1993 жылы пайда болды

«Спам» терминінің жаңа мағынасы (жабысқақ, ығыр қылатын электрондық тарату, пошта қоқысы) 1993 жылы пайда болды. Usenet компьютерлік желісінің әкімшісі Ричард Депьюдің жасаған бағдарламасы қателікке жол берген, салдарынан 1993 жылдың 31 наурызында конференциялардың біріне бірдей екі жүз хабарлама жіберілген. Бұған көңілдері толмаған әңгімелесушілер мұндай ығыр ететін хабарламалар үшін «спам» деген қолайлы атауды тез-ақ тапқан. 

Сондай-ақ, ең алғашқы жіберілген жаппай «спам-таратылымдардың» тағы бірін атап өтсек: 1994 жылдың сәуірінде Canter&Siegel заң кеңсесі бір программистті жалдады және ол қарапайым бағдарлама жасап тағы да сол Usenet желісінің барлық конференцияларына күмәнді кеңсе қызметтерінің жарнамаларын таратқан еді.

Бүгінде «спам» термині (оның әртүрлі туындылары сияқты — «спамдау», «спамер» және т.б.) электрондық пошта қызметіне толыққанды еніп, осы атаумен АҚШ-та әлі күнге дейін Хормель шұжық өнімдері шығарылып жатқанына қарамастан кеңінен қолданысқа енген жайы бар.

UCE және UBE

«Спам» термине анықтама бермес бұрын жалпы спам жайлы және оны басқа елдерде қалай түсінетіні туралы айту керек.

Жөнелтушінің (спамшының) мақсаттары мен міндеттеріне байланысты спам (пайдаланушы сұрау жасамаған ақпарат) коммерциялық ақпаратты қамтуы немесе оған ешқандай қатысы болмауы мүмкін. Сондықтан хабарламаның мазмұны бойынша «коммерциялық» спам — «unsolicited commercial e-mail» (жалпы қабылданған аббревиатура — UCE) және «коммерциялық емес»— «unsolicited bulk e-mail» (UBE) деп бөлінеді.

АҚШ-та әр штаттың заңдары сұрау салынбаған (коммерциялық) пошта таратылымы ұғымын әр түрлі қарастырады. Әрбір штатта спам құбылысының заңды мәртебесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Көптеген штаттардың заңдары коммерциялық ақпаратты таратуға байланысты тек сұрау жасалмаған электрондық хаттарды таратуды шектейді — UCE (сұрау жасалмаған коммерциялық хат). Сонымен қатар, бірқатар штаттарда (мысалы, Коннектикут, Делавэр, Айдахо, Айова, Луизиана) шектеу UCE үшін де, UBE үшін де, яғни олардың сипатына қарамастан, кез келген сұрау жасалмаған электрондық хабарламаларды жаппай тарату үшін де енгізілді.

Электрондық хат мәтінін ұйымдастыру тұрғысынан спам «Subject» ашық жолағында осы хабарлама нені білдіретіні жайлы (мысалы, ол жарнамалық ақпаратты қамтитын) ақпаратты, ал хатта — жіберуші не себепті алушының алдын ала келісімінсіз хат жіберіп отырғаны туралы, сондай-ақ алушы бұдан әрі жіберушіден хабарламаларды алмау үшін қандай іс-әрекеттер жасауы тиіс екендігі туралы мәліметтерді, яғни, сұралмайтын ақпараттан (жазылымды тоқтатуға) бас тарту мақсатында  («opt-out» функциясы) электрондық мекенжай, интернет желісіндегі ресурс немесе телефон (әдетте бұл toll-free phone number) туралы ақпараттарды қамтуы мүмкін.  

Бұл белгілер (Subject жолағында жазылымнан бас тарту тетігінің болуы) жіберуші өзі ұсынған ақпараттың алушыларды ығыр етуі мүмкін екенін, және оларға тигізетін жағымсыз әсерді барынша төмендетуге тырысатынын көрсетеді. Алайда кейбір спам таратулышары спамнан болған ыңғайсыздықты азайтуға құлықсыздық танытып қана қоймай, жіберушінің мекенжайын бұрмалау, үшінші тұлғаның мекен-жайын пайдалану және хабарлама тақырыптарын бұрмалау жолымен өз іс-әрекеттері үшін жауапкершіліктен бұлтарады. Мұның бәрі жіберушінің жеке басын анықтау және оған қарсы тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін барынша қиындату үшін жасалады.

Спамның анықтамасы

Спам — сұраусыз және анонимді жасалған жаппай таратулар. Бұл анықтамадағы әр сөз маңызды.

Анонимді: әдетте кері мекенжайы жасырын немесе бұрмаланған автоматты таратылымдардан барлығы зардап шегеді.

Жаппай: бұл жаппай орын алған таратылымдар, олар спам таратушылары үшін нағыз бизнес көзі, ал пайдаланушылар үшін нағыз күрделі мәселе болып табылады.

Сұрау жасалмаған: сұралмаған, ескертілмеген, күтпеген.

Спам анықтамаларына жиі «жарнама» немесе «коммерциялық ұсыныс» деген сөздерді қосады. Бірақ, көбінесе олай бола бермейді — спамның бәрі жарнамалық немесе коммерциялық мақсаттарды көздемейді. Саяси спамның таратылымдары, «қайырымдылық» спам хаттар, алаяқтық («нигериялық», фишингтік), таныстарға тарату туралы өтініштері бар — «тізбекті хаттар» (қорқынышты хаттар, «бақыт хаттары»), вирусты және басқа да коммерциялық кәсіпорын болып табылмайтын хаттардың түрлері бар.

Осылайша, жәшікке түскен барлық сұрау жасалмаған ұсыныстарды біз:

1. анонимді бұқаралық тарату белгілері бар спам,

2. мақсатты коммерциялық ұсыныстар.

деп бөлеміз.

Біріншісін сүзгіден мұқият өткізіп, кейде компания саясатына сәйкес бірден жойып отыру керек. Ал екіншілерін сүзгіден өткізгенмен, оларға  мұқият болу керек.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (1)

Алма

Оруэллдің 1984 ті мықты !

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)