Өлең, жыр, ақындар

Горилла

Горилла — понгидтер тұқымдасына жататын ең ірі маймыл. Еркектерінің дене тұрқы 180-200 см, салмағы 200-250 кг. Ұрғашылары еркектерінен екі есе кіші. Терісі, шашы қара түсті, еркектерінің арқасындағы түгі жасы өскен сайын күміс түске өзгереді. Артқы аяғы алдыңғы аяғынан едәуір қысқа. Бас сүйегі ірі, маңдайы кіші, көзінің үстінде үлкен доғасы бар. Ми сауытының көлемі 600 см3-дей. Бас сүйегінің ұзына бойында, шүйдесінде жалы болады. Көзі, құлағы онша үлкен емес. Бет бөлімі алға шығыңқы, астыңғы жағы үлкен, тістері ірі, танау тесігінің айналасында шеміршекті доғасы бар. Бір ғана түрі — кәдімгі горилла Батыс, Орталық Африканың қалың тропикалық орманында (Конго өзені мен Танганьика көлінің маңы, Вирунга тауында) кездеседі. Гориллалар шағын топ құрып тіршілік етеді. Қауіп төнгенде еркегі қатты дыбыс шығарып, айбат көрсетеді. Жеміс, жидек, жаңғақтарды жейді. Әрбір үш-бес жылда бір рет балалайды. Саны өте аз, горилланы қорғау мақсатында жеті ұлттық саябақ ұйымдастырылған, ішіндегі ең ірісі — Конгодағы Вирунга ұлттық саябағы. Горилла жойылып бара жатқан аң түрі болғандықтан, Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз