Токсоплазмоз және жүктілік

Токсоплазмоз — адам мен жануардың организмінде (токсоплазма арқылы) пайда болатын өте қауіпті паразиттік жұқпалы ауру. Бұл дертпен адамнан басқа 180-нен артық үй және жабайы сүтқоректілер ауырады: мысықтар, қояндар, жыртқыш аңдар, тышқандар, құстар, егеуқұйрықтар. Паразиттің негізгі иесі — мысық. Мысықтар ауру тышқандарды және кеміруші үй жәндіктерін жейді де, өзінің үлкен және кіші дәреті арқылы жұқпалы паразит микробын сыртқа шығарады.

Жүкті әйелдердің бұл сырқатпен ауыруы 30 пайыз жағдайда жатырдағы шаранаға бала жолдасы арқылы жұғады. Әйел бұл дертті бала көтергенге дейін немесе жүкті болғаннан кейін жұқтыруы мүмкін. Бірінші жағдайда ешқандай қауіп жоқ, ал екінші жағдайда, әсіресе 12 аптаға дейінгі жүктілікте өте қауіпті. Токсоплазмоз ұрықтың даму сатысында көру, жүйке, ішкі без, жүрек-қан тамырларын зақымдайды. Токсоплазма бала жолдасы арқылы жатырдағы шаранаға өтіп, түсіктің болуына, баланың іште өлуіне, туа біткен кемтарлықтың туындауына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.

Індеттің жұғу жолдары:

1. Шикі ет, шала піскен жұмыртқа, тартылған ет, бифштекстермен тамақтану;

2. Мысықты қолмен ұстау және мысықтың нәжісіне, несебіне қол тигізу;

3. Жақсы жуылмаған жемістер және көкөністер, жасыл шөптерді асқа пайдалану;

4. Көп уақыт мысықтың нәжіс, несебімен арамданған бау-бақша топырағын қолғапсыз ұстаған жағдайда.

Аурудың белгілері алғашқыда өте көмескі, аурудың өткір түрінен созылмалы түріне өте тез ауысады. Алғашында ауру жұққан кезде тұмау түрінде белгі береді. Қазіргі кезде барлық жүкті әйелдерге диспансерлік байқауға тіркелген күннен бастап токсоплазмозға зерттеу жасатқан дұрыс.

Диагноз қою қиын емес, бар болғаны көк тамырдан аздап қан алып, төтемелік қан сарысуы арқылы (иммундық-серологиялық) зерттеу жасалады. Сараптама қорытындысы небәрі 3 күнде дайын болады. Бұл зерттеу арқылы дерттің қашан жұққандығын, қандай сатысында, аурудың қандай түріне жататындығын, дәрежесін анықтауға әбден болады. Нақтама қойылған жағдайда тек қана 16 апталық жүктіліктен кейін гинеколог дәрігер жұқпалы аурулар дәрігерімен бірлесіп, әйелге ем жүргізеді. Тек сырқаттың ауыр түрін емдеген дұрыс деп саналады. Зерттеу және оған талдау жүкті әйелдерге кеңес беру мекемелерінде ақысыз жүргізіледі. Егер аурудың алғашқы сатысында нақтамаланса және өткір түрі болса, ауруханада емдеген жөн. Уақытында емдеген жағдайда туа біткен кемістіктерді 60 пайызға дейін төмендетуге болады, бірақ толықтай дені сау баланың туу мүмкін емес. Босану қалыпты жағдайда өткеннің өзінде көру және орталық ми ағзаларының зақымданбауы сирек кездеседі.

Дүниежүзінің көптеген ғалымдарының пайымдауынша, токсоплазмоз ауруын жұқтырған жағдайда жасанды түсік жасату керек, ал қайсыбіреулер бұл дұрыс емес деп санайды. Әйел бала көтермей тұрып алдын-ала зерттеулер жүргізіліп, оның токсоплазмозпен ауырғаны анықталса, жүктіліктен кем дегенде 1 жылға дейін сақтанғаны жөн. Жүктілік ұлғайған сайын жатырдағы ұрықтың токсоплазмозды жатыр ішінде жұқтыру қаупі де соншалықты ұлғаяды. Бұл бала жолдасының ауру қоздырғышын өткізіп, жатырдағы шаранаға тасымалдау қасиетінің артуына байланысты. Сондықтан токсоплазмоз болған жағдайда оның әйелден ұрыққа жұғу қаупі мынадай: 12 аптаға дейін — 15 пайыз, 12-25 апта аралығында — 25 пайыз, 28 аптадан жоғары — 70 пайыз шамасында. Көп жағдайда 12 аптаға дейін ұрықтың жатыр ішінде өлуіне әкеліп соғады, ал бала тірі болып жүктілік ары қарай жалғасқан жағдайда, дүниеге келген нәрестеде көбіне ми, жүйке, көру ағзалары және бауыр, көкбауырдың ауыр бұзылыстары байқалады.

Алдын алу жолдары

1. Жүктілікті жоспарлаған және бала сүюді мақсат еткен отбасында мысық ұстамау;

2. Ет және жұмыртқаны тамаққа пайдаланғанда олардың ең ішкі қабаты 60 градустан төмен емес термиялық өңдеуден өтуі тиіс (тағам өнімі езіне тән өңінен өзгеруі керек);

3. Ас дайындау кезінде шикі еттің дәмін көруге болмайды;

4. Тамақ дайындау кезінде ас турайтын тақтайшаларды және қолды мұқият жуу;

5. Жеміс-жидекті, көкөністерді асқа қолданған кезде мұқият жуып, тазалау;

6. Үй мысығын тысқа жібермеу;

7. Жүкті әйел мысықтың нәжісімен, несебімен ластанған бау-бақша топырағымен жұмыс жасамауы тиіс, жұмыс жасайтын болса, резеңке қолғап киіп, жұмыстан кейін қолын мұқият жуып, тазартуы керек.

Б. Шайзада жоғары санатты дәрігер


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)