Өлең-жыр байқауы

Түркістан

Түркістан — бабаларымыздың көне қаласы. Ол Қаратау мен Сырдария өзендерінің ортасында, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Ежелгі қалаға тырнадай тізілген қоңыраулы керуендер Батыстан да, Шығыстан да келіп жататын болған. Ерте заманда қала Шабғар деп аталатын. Мұсылман діні орныққаннан бастап қала Иасы деп аталған. Қожа Ахметтің Иасауи болатыны осы тұс. Моңғол жаугершілігінен кейін қала Түркістан атанды. Түркістан «түріктер мекені» деген сөз. Сақ дәуірінен бастап бабаларымыз көшпелі мал шаруашылығымен айналысумен қоса, отырықшы да өмір сүрген. Отырар, Тараз, Түркістан секілді қалалар салған.

Қалаларда шәкірттер оқитын медреселер ашқан. Сондай бір ғажайып медресе-мектеп Түркістанда болды. Медресенің бас мұғалімі Қожа Ахмет Иасауи еді. Ахмет өзін «Иасауилік құл қожа» деп атаған. Ол көне қала — Исфиджабта (кейінгі Сайрам) дүниеге келген. Бала кезінен алғыр, зерек өскен Ахмет діни ғұлама және түркі халықтарының рухани көсемі болады. Бала оқыта жүріп, «Даналық кітабы» деген кітабын жазады. Кітапқа кісінің таза жүруі, өтірік айтпауы, адал болуы туралы ақыл сөздері енеді. Осы сөздерін ақын «хикмет» деп атаған. Ұзақ өмірінде төрт мыңдай хикмет жазған. Әзірге бізге жеткені — жетпіс қана.

Қожа Ахметтің әулие болуы туралы мынадай аңыз бар: «Мұхаммед пайғамбар өлерінде: «Мен өлген соң, пәлен жылдан кейін жолымды ұстайтын шәкірт туады, соған апарып бер», — деп шейх Арыстан бабқа құрма жемісін аманатқа береді. Шейх пайғамбардың аманатын сақтап қояды. Бір жолы Түркістанға келе жатса, алдынан жас жігіт шығып, аманатын сұрапты. Арыстан баб жігітке құрманы беріпті. Сол жас жігіт — Ахмет Иасауи екен. Ахмет аманатты жеп, содан аузынан жыр құйылған ақын болыпты», — деседі.

Қожа Ахмет туралы қызықты аңыз мол. Ол кісі: «Мұхаммед пайғамбар жасына жеттім, жаным пайғамбардан артық емес, жарық дүниені көрмеймін», — деп жер астын қаздырып, қылует салдырады. Жер астында тіршілік жасау үшін ауа, су арнайы құбыр арқылы жетіп отырған. Қылуеттің дәрет алатын, намаз оқитын, құлшылық қылатын бөлмелері болған.

Қытлуетті мекен еткен ақын қасына шәкірттерін жинап алып, теңселе отырып зікір (қосылып жалбарыну) салған. Зікір салушылар: «Ғалымдарға кітап керек, софыларға ниет керек, көкірегіме толсын иман, құдая...», — деп күңіренген. Жұмақтың жеті түрлі рақатын, тозақтың тоғыз түрлі азабын айтып жырлаған. Жұмаққа жетемін бе деп, осылай бар көңілімен иланып отырып Қожа Ахмет о дүниеге көшкен.

Әмірі жүріп, айтқаны болып тұрған Әмір Темір өз кезінде Қожа Ахметтің ақындық сөзінің қасиетіне таң қалады. Көшіп-қонып жүрген қазақтар Әмір Темірдің қылышынан қорықпайды, ақынның уағыз сөзіне сенеді. Осыған орай, Әмір Темір Қожа Ахметтің құрметіне дүние жүзінен ұста, зергер, сәулетші, өнерпаздарды жинап, баяғыда қаза болған ақын зиратынын басына ғажайып ғимарат орнатуға жарлық береді.

Ғимаратты тұрғызу үшін мыңдаған адам қатар тұрып күйген қышты бір-біріне қолдан беріп алыстан жеткізеді. Құрылыс іргесін үйір-үйір жылқы айдап, мал тұяғымен бекітеді. Ғимарат әр түрлі бөлмелерден тұрады. Солардың бірі — «қазандық» деп аталатын бөлме. Осы бөлмеде салмағы екі тонна үлкен қола қазан орнатылған. Қазанды Әбділәзиз деген шебер Қарнақ деген жерде құйған. Оған жеті жылқының еті сыяды. Ернеуінде қазанды құйған ұстаның есімі араб тілінде жазылған.

Түркістандағы ғажайып ғимарат он жыл көлемінде салынып біткен. Сәулетті шебер ұста Ғұбайдулла Садыр жүргізген. «Ол өз шеберлігіне өзі риза болып, сағананың ең биік басынан жерге түспей қойыпты. Ақырында, сол арада өлген екен» деген де аңыз бар. Өзінің өтініші бойынша, зергерді күмбездің қыр арқасына қыштың астына қойып өріп жіберген екен деседі. Осы ғажайып ғимараттың салынғанына 600 жылдай уақыт өтті. Ең таңқаларлығы, бір қышы сынбай бір шегесі босамай, сыры түспей әлі түр.

Ата-бабаларымыз көне заманнан Түркістан топырағына барып, тәу етіп, қасиет тұтқан. Хандар таққа отырған кезде Қожа Ахмет ақынның басында тұрып ант берген. Өлген кезде ол кісілерді осы жерге әкеліп қойған. Көне Түркістан топырағында сексен бір хандар, билер, батырлардың сүйегі жерленген. Жас жеткіншек, сендер ата-бабаларыңның ерлік жолын, тасқа басылған сөзін іздесеңдер, осы көне Түркістаннан табасыңдар. Өйткені тарихы терең Түркістан қышпен, таспен жазылған кітап секілді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)