Өлеңдер бөлімі

Луций Сенеканың даналық сабақтары

Луций Анней Сенека — римдік стоицизмнің  (рационалистік философиялық ілім) өкілі. Оның еңбектері сан ғасырлар бойы оқылып келе жатыр. Оны оқығандар бекерге әуре болып жатқан жоқ. Көрнекті ойшылдың кей сөздеріне зер салып, олардан өзімізге пайдалы ой түюге тырысып көрейік.

Көптеген нәрселер — керегінен артық, кейбірі — мезгілінен бұрын, кейбірі —  бас қатыруға тұрмайтынына қарамастан да бізді мазалап қинайды. Біз қайғыларымызды өзіміз күшейтіп, не ойдан құрап аламыз, немесе оларды алдын-ала күтіп отырамыз.    

Біз түймедейді түйедей етіп, әлдебір жамандық болмай жатып алдын-ала қайғыға батып аламыз (ал оның болмауы да мүмкін ғой). Кейде бізді мазалайтын мәселелер тіпті ойдан құрастырылып алынған. Ондай жағдайда мына екі ережені пайдалануға болады:    

1. Әлі жүзеге аспаған нәрсе үшін қайғырмаңыз.

2. Әрқашан өз-өзіңізге мына сұрақты қойыңыз: «Шынымен де жағдай осыншалықты қиын ба, әлде мен асыра сілтеп, болмаса тіпті жоқ мәселені ойдан шығарып алдым ба?»

Ғасыр жасасаң да, ғасыр бойы қалай өмір сүру керектігін үйрен.

Адам өмір сүру өнерінде өзін үнемі жетілдіріп отыруы керек. Сенеканың тағы бір сөзін келтірейік: «Игілік — кез келген өмір емес, жақсы өмір». Жай ғана тірілер қатарында болу жеткіліксіз, өмір сүруді үздіксіз үйрену керек.     

Кей адамдар өмір сүруді бастамай жатып та аяқтап жатады.

Біз көбіне өмірді, одан ләззат алуды кейінге қалдырамыз. Бірақ «кейін» өмір аяқталып қалады.

Оқуға кеңес береміз: Адам қашан бақытты болады?

Дәл қазіргі сәтті бағалауды үйреніңіз. Өз бақытыңызды ертеңге қалдырмаңыз. «Қазір мына істі істесем/жүзеге асса, сол кезде өмірім оғалады, көңілім толады!», — дегендей сөздерді жиі естуге болады. Бірақ бұдан кейін өмірді кейінге қалдыру үшін жаңа бір сылтау пайда болады. Бұл шеңберден шығыңыз.    

Бізге, қайталап айтамын, үлгісіне (өміріне) қарап мінезімізді қалыптастыратын әлдебір адам керек. Өйткені қисық сызылған сызықты тек сызғышпен түзеуге болады.

Біреуді пір тұтып, тайынбай көшіре еліктеуге шақырмаймыз. Сенека да мүлде ондай нәрсені меңзеп тұрған жоқ.

Басқалардан үлгі алуға тырысыңыз. Өзге адамдардың жақсы қасиеттерін байқап, соларды үйреніңіз. Айналаңыздан ең жақсы нәрселерді үйреніп, басқалардың өзіңізге ұнайтын барлық қасиеттерін бойыңызға жинауға тырысыңыз.

Бірақ есіңізде болсын, тек жақсы нәрсені үйрену керек.

Дана адамның басқан қадамдары әрдайым бірдей болуы керек демеймін —  бастысы, бір жолмен жүре берсе болғаны.

Ісімізде әрдайым өнімді бола беру қолымыздан келе бермейді. Біз кейде тоқырауға тап боламыз, кейде қолымыздан бірдеңе келмей жатады. Ал кейде бөгеттерді жарып өтіп, жеке тиімділіктің шыңына жетеміз. Басқаша айтқанда, өз мақсатымызға қарай кейде тезірек, кейде баяу қозғаламыз.      

Сонымен қатар Сенека жылдамдықтың осылай өзгеруінің немесе тіпті тоқтауының мүлде қалыпты жайт екеніне баса назар аударады. Ең бастысы — мақсатқа қарай жүре беру, жолдан таймау.

Егер тоқырауға тап болсаңыз, осы қанатты сөзді еске алыңыз.

Сондай-ақ бұл қанатты сөзді өз мақсаттарымызды айқындауға шақыру түрінде де қабылдауға болады. Егер бүгін бір мақсатқа, ертең басқасына, бүрсігүні үшінші бір мақсатқа жеткіңіз келіп тұрса, ақырында еш пайдасыз ары-бері сенделген боласыз. Өз мақсатыңызды нақты айқындап алып, соған жетіңіз, таңдап алған жолыңызбен жүріңіз.

Бір сағат уақытыңды да зая кетірме.

Адамдарға үнемі уақыт жетіспейді. Біз көбіне үлгермей, үнемі асығып жүреміз. Ал сол асығыстықтан ұтқан уақытымызды қайда жұмсаймыз? Әдетте оны бос нәрселерге жіберіп, сосын қайтадан асығып, кешігіп жүруге мәжбүр боламыз.

Сенеканың осы қанатты сөзі — тайм-менеджменттің ең басты қағидасы болса керек. Уақытты зая кетірмеуді үйрену керек. Бұл жерде демалысты ұмытып, жұмыстан бас алмау деген сөз шықпайды — мүлде олай емес. Хронофагтармен (уақытты ұрлайтын, жейтін нәрселер) күресуге тиіспіз.           

Сондай-ақ ештеңе істемейтін уақытымызды пайдалануды үйренуіміз керек (мұнда да демалыс айтылып тұрған жоқ). Мәселен, кезекте, кептелісте, күтуде т.б. жерде тұрған уақыт. Бұл уақытты қандай пайдалы іске жұмсай аласыз? Немесе оны тиімді түрде пайдаланудың тәсілін тауып та қойған боларсыз? Төменде пікірлеріңізбен бөлісіңіз!        

Сәттілік тілейміз!

Луций Анней Сенеканың басқа да даналық сөздерін мына жерден оқуыңызға болады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Айгуль Нурғожина

Шыныменде уаұытты дұрыс пайдалануды білу маңызды соны түсіндім

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...