Өлең, жыр, ақындар

Жан

Адам адамға, жан денеге қонақ.

Халық нақылы

Жастайынан атын естіп, шығармаларын жата-жастана оқып өскен жазушы ағасы кейінгі кездері күндіз есінен, түнде түсінен шықпайтын болды. Екеуі бір ауылдан. Ол орта мектепті бітірісімен арман қуып Алматыға аттанып, оқуға түсіп, оны үздік тәмамдағаннан кейін білдей бір баспаға редакторлық қызметке орналасып, дәм-тұз бұйырып, астанада тұрақтап қалып қойған.

Сынаптай сырғыған уақытпен бірге жасы да ұлғайып, қызметі де өсіп, мәртебесі жоғарылай берді. Содан өмірінің соңына дейін осы әсем шаһарда тіршілік етіп, мәнді де мағыналы ғұмыр кешті. Ырыздық-несібесін еселеп, пешенесіне жазылған дүниенің бар қызық-шыжығын басынан өткерді.

Шаңырақ көтерді, бала сүйді, немере көрді. Жалынды шығармаларын да осында жазды. Ақ-адал еңбегінің арқасында атақтың да бал дәмін татып, даңқ тұғырына көтерілді. Мемлекеттік сыйлық алды, халық жазушысы атанды. Кешегі бір тал шыбықты ат қып мінген ауылдың қарадомалақ баласы араға жылдар салып еліне елеулі, халқына қалаулы дара тұлғаға айналды.

Бір таңқаларлығы, қарымды қаламгер қайтыс боларынан аз-ақ күн бұрын бұның әке-шешесінің түсіне қатар кіріп, бір кескін-кейіпте көрініпті. Маңдайында күндей жарқыраған алтын жұлдыз бар екен дейді. Соны өз қолымен жұлып алып, бұлардың алақанына салып кетіпті. Үлкендер жағы оны жақсылыққа жорып, әрдайым мақтанышпен айтып отыратын. Содан жылдар бойы бала көтере алмай жүрген шешесінің аяғы ауырлап, тоғыз ай, тоғыз күннен кейін дүниеге бұл келіпті. Ата-анасы сол бір жақсы түсті естеріне алып, «Өмірде жұлдызы жансын!» деген ырыммен есімін Жұлдызжан қойыпты.

Жұлдызжан жазушының көзін көрген жоқ. Шыр етіп жарық жалғанның есігін ашқан жылы сыршыл суреткер о дүниеге аттанып кете барған. Бірақ ауылдастарынан есімін жиі естіп, кітаптарын құныға оқыды. Қаламгер жайлы неше түрлі әңгімелерге жасынан қанығып, көп жайтты көңіліне тоқып өсті. Көркем шығармаларында баяндалатын кейбір оқиғалар осы маңда өткендіктен, ондағы суреттелетін кейіпкерлердің басым көпшілігі сол ауылдың тұрғындары болатын. Сол себепті де жарық көрген әр туындысы ауылдастар арасында қызу талқыға түсіп, үнемі талас-тартыс тудырып жататын. «Жазушы болсам!» деген аңсар-арманын оятқан да сол ағасының әдеби еңбектері еді. «Ауылда туып та осындай әйгілі жазушы болуға болады екен-ау!» — деп алғаш ой түйген. Сол бір бала кезден кеудесіне ұя салған қиял құсының жетегімен мектепті бітіре сала Алматыға жол тартқан. Құдай қолдап, сапары сәтті болды. Ағаның салған ізі адастырған жоқ, алғашқы асуынан алқынбай асты. Қабылдау сынақтарынан сүрінбей өтіп, студент атанды.

Оқуға түсе сала сол өзі пір тұтқан суреткердің мұражай-үйіне баруға асыққан. Тұрған пәтерін, тұтынған заттарын көргісі келген. Сабақтан қолы босамай, кешеуілдете берген. Соның сәті бүгін түскен сияқты.

Қаланың қақ ортасындағы бес қабатты сары үйдің алдына келгенде азырақ аялдап, жан-жағына бағдарлай көз тастады. Тұңғыш рет жолы түсіп тұрса да, бұрын көрген, талай келген жері сияқты. Үй де көзіне оттай басылды. Тіпті ешкімнен сұрамай-ақ үшінші қабаттағы мұражай орналасқан пәтерді де дәл тауып кірді. Еркінен тыс бір тылсым күш жетелеп әкелгендей. Табалдырықтан аттағаны сол еді, алдынан ақша бет, аққу мойын, әдемі бойжеткен сылаңдап шыға келді.

— Сәлеметсіз бе? — Именшіктей басып ішке кірді.

— Амансыз ба? — деді қыз жылы жүзбен. — Мұражайды тамашалауға келдіңіз бе?

— Иә, — деді сұлуға сұқтана қарап. — Әдемі екенсіз!

— Ой, рахмет! — Көзі күлімдеп кетті. — Жүріңіз!

Ол аяғын ақырын басып, артынан ілесті.

— Мыналар жазушы өмірінен сыр шертер суреттер, — деді қыз кіре берістегі қабырғаға ілінген фотосуреттерді көрсетіп. — Міне, мынау — жазушының туған үйі...

— Білем!

— Бұрын келіп пе едіңіз?

— Жоқ, алғаш рет.

— Онда қайдан білесіз?

— Мен сол ауылда туып-өскем. Бұл үйде бертінге дейін жазушының інісі тұрған. Кейіннен бұзып тастады.

— Кім?

— Ауылдағы бір кәсіпкер құлынды биеге сатып алды да, быт-шыт қып бұзып, керек-жарақтарын басқа бір құрылысқа пайдаланды. Ал інісі көрші ауылға көшіп кетті.

— Жазушы жайлы жақсы білетін сияқтысыз ғой?!

— Иә, бір кісідей білемін! — Бойын мақтаныш сезімі биледі.

— Олай болса сізге айтып түсіндірудің қажеті жоқ шығар? Мүмкін өзіңіз көре берерсіз?!

— Жоқ, мен мұнда бірінші рет келіп тұрмын. Сондықтан кейбір жайларды айтып түсіндіргеніңіз артық болмас. Әрі жауабын таба алмай жүрген сауалдарым да бар.

— Онда жақсы. Мынау — ас үй, — деді алғашқы бөлмеге кіре беріп, — осындағы дүние-мүліктің бәрі бәз-баяғы қалпында тұр. Ештеңе өзгертілген, жаңартылған жоқ!

Кенет ас үстеліне зер сала қарай беріп еді, көз алдына оны жағалай жайғасқан жазушының жанұясы елестеп кетті. Өзі, жұбайы, ұлы мен қызы емен-жарқын шүйіркелесіп отыр. Бұл көрініс жарқ-жұрқ еткен найзағайдың жарқылынан пайда болғандай қас-қағым сәтте елес берді де, жоқ болды. Жұлдызжан не болғанын өзі де түсіне алмады, бірақ ештеңе сездіргісі келмеді.

— Сіз ештеңе байқаған жоқсыз ба? — деді қызға сынай қарап.

Жоқ, — деді ол таңданған пішінмен. — Нені?

Жұлдызжан түсіне қойды да:

— Жазушының бір ұл, бір қызы ғана болған ғой! — Түк болмағандай әңгімесін жалғастырып әкетті.

— Иә, дұрыс айтасыз! Ұлы үлкен қызметте. Бұл мұражайды ұйымдастырған сол кісі. Қызы қарапайым мұғалім, осындағы 47-ші мектепте сабақ береді. Бәйбішесі алдыңғы жылы қайтыс болды.

— Білем.

— Сіз өзі бәрін біледі екенсіз ғой!

— Бәрін болмаса да, шет-жағалап білемін. Бұл кісінің тағы бір көңілдес келіншегі болған ғой! Содан да бір ұлы бар екенін білетін шығарсыз?

— Жоқ, ондай әңгіме естіген емеспін!

— Қалайша?! Сіз осы мұражайдың қызметкері емессіз бе?

— Бұл өсек-аяң жинайтын орын емес.

— Мұражай бір жағынан ғылыми орталық қой!

— Ғылыми орталық екені рас. Бірақ ондай ұсақ-түйекке бола бас қатырмаймыз!

— Ол ұсақ-түйек емес қой, жазушы өмірінің ажырамас бір бөлшегі, талайлы тағдыры емес пе?! Одан неге қашқақтайсыздар?

— Дәлеліңіз бар ма, өзі?

— Бар. Тіпті ол әйелдің кім екенін де жақсы білемін. Керек болса ұлын да танимын, ағамыздың атына жазылған. Оны мен ғана емес, біздің ауылдың бәрі біледі. Сіздер қалай білмейсіздер?!

— Сіз өзі қызық адам екенсіз! Бұл жазушының абырой-беделіне көлеңке түсіру үшін кейбіреулердің әдейі ойдан шығарып алып жүрген өсек-аяңы. Сіз оған сене бермеңіз!

— Бұдан жазушының абырой-беделіне қандай көлеңке түспек? Ата-бабаларымыз үш-төрт әйел алған ғой!

— Бұрын болса болған шығар. Қазір ондай жоқ қой!

— Неге, қазір де тоқал алып, жырғап жатқандар жетерлік. Сіз көрмей жүр екенсіз!

— Сіз өзі бұнда не үшін келдіңіз? — деді қыз түсін суытыңқырап.

— Мұражайды көру үшін.

— Ендеше артық-ауыз әңгімені не қыласыз, одан да мұражайды тамашаламайсыз ба?

— Жақсы, кешіріңіз! — деді сабырлы қалпын сақтап.

— Мынау — жазушының кабинеті, — деді бойжеткен екінші бөлмеге кіре бере, — Анау — жазу үстелі, үстіндегі қағаз-қарындашына дейін көзі тірісінде өзі тұтынған заттар.

Кенет тағы да қаламгердің жазу жазып отырған айшықты сәті елес берді. Қауырсын қанат қаламын ақ парақтың бетіне асығыс-үсігіс сүйкеп жатыр. Бұны елес деп те айтуға болмас, кәдімгі күнде көріп жүрген жұмыр басты пенденің тірі бейнесін анық көрді.

— Сіз... сіз... — деп келе жатыр еді, лезде көзден ғайып болды.

— Кешіріңіз, кімге сөйлеп тұрсыз? — деді қыз үрпие қарап.

— Мен... мен... — Не айтарын білмей тұтыға берді. — Мен...

— Сізге не болды?

— Ештеңе... — деді басын шайқап.

— Былай қарай жүріңіз. Мынау — қонақ бөлме. Осында атақты адамдардың көбі болған, жеңгеміздің қолынан дәм татқан.

Тағы да көз алдына тірі бейнелер елестеп өтті. Үлкен ас үстелді жағалай жайғасып, ет жеп, қымыз ішіп, мәз-мәйрам болып отыр. Бәрі де сырттай танитын танымал өнер адамдары. Кілең кіл жүйріктер. Ішінде қаламгерлермен қоса ғалым, артист, сазгер, әнші-күйшілер де бар.

Жалма-жан қасындағы қызға көз қиығын қадады. Ол аузы-аузына жұқпай әлденелерді айтып түсіндіріп жатыр. Бірақ құлағына ештеңе кіріп-шығар емес. Шуыл күшейіп барады. Қос қолымен құлағын тас қып жаба кілт бұрылды.

— Сізге не болды, өзі? — деді қыз таңырқай.

— Жайсызданып тұрғаным...

— Бәсе, сұрыңыз қашып кетті ғой! Сізге демалу керек шығар?! Үйіңізге тезірек жетіп алыңыз. Кейін тағы келерсіз.

— Енді келсем, тек сіз үшін келермін! — деді сонда да сыр алдырғысы келмей. — Сізді көру үшін ғана!

— Келіңіз! — деді сұлу сызылып. — Сағындырмай келіп тұрыңыз!

— Түсінігіңіз мол екен!

— Қазақтың қызы емеспіз бе, әзіл-қалжыңды түсінеміз ғой!

— Бұл қалжың емес, шыным.

— Шындықты айта білгенге не жетсін! — Қыз сыңғырлай күлді. — Әйтеуір өтірікті шындай қылмасаңыз болды да.

— Ондай жаман әдетім жоқ, тек сұлу көрсем жүрісімнен жаңылып қалатыным рас. Танысуды да тарс есімнен шығарыппын-ау! Кешірерсіз, есіміңіз кім?

— Айжан.

— О, атыңыз затыңызға сай екен!..

Кенет терезе жаққа көзі түсіп кеткен. Ауладағы үлкен бір жалғыз теректің жанынан гараж пайда бола кетті. Оның алдыңғы жағынан жазушының сұлбасы көрінді. Өзі суреттен талай көрген ақ жейдесі мен ала шалбарын киіп алыпты. Басында ақ қалпақ. Тап бір тірі кезіндегідей аяғын алшаң басып барып, гараждың есігін айқара ашты да, ақ волгасын айдап сыртқа шығарды.

— Сонша неге тесіле қалдыңыз? — Қыз да терезеге көз салды. — Не көріп тұрсыз?

— А, жай әшейін, ойыма бірдеңе түсіп кетіп... — Ештеңе білдірмеуге тырысып, түк болмағандай қызға қарады. Бойжеткеннің көзі жыпылық қағады. Түкке түсіне алмай тұрғаны состиған сұрынан-ақ көрініп тұр. Алаң көңілмен қайтадан терезе жаққа көз қиығын сала беріп, таң-тамаша қалды. Жаңағы көрініс көзден бұл-бұл ұшып, ізім-қайым жоғалған. Жалғыз терек қана үнсіз мүлгіп тұр.

— Ана теректі көріп тұрсыз ба?

— Иә, не болды?

— Соның жанында гараж болып па еді?

— Шынымды айтсам, білмеймін. Бірақ осында көптен бері қызмет істейтін бір адам бар. Өзі де танымал қаламгер. Бір білсе, сол кісі білер!

— Жолығуға бола ма?

— Неге болмасын, жүріңіз!

Қыз туфлиін тық-тық еткізіп, қаздаңдай басып жүре берді. Жұлдызжан салпақтап соңынан ерді. Екі-үш бөлмені қиып өтіп, түпкі жақтағы бір есікті ашып қалып еді, іркес-тіркес қойылған жазу үстелдеріне жағалай жайғасқан екі-үш кісі өзара шүлдірлесіп отыр екен. Әңгімелерін қоя салып, бұларға жалт қарасты. Қыз ақбасты ақсақалға жақындап барып:

— Мына жігіт сізден бірдеңе сұрасам дейді, — деді де, ол кісінің жауабын да күтпестен кері бұрыла берді.

— Сәлеметсіз бе? — деді Жұлдызжан сыпайы сәлемдесіп.

— Амансың ба, айналайын! — деді ақсақал да жылы шырай танытып. — Кел, отыра ғой!

Ол орындыққа жайғасып отырған соң:

— Иә, балақай, бұйымтайыңды айта бер, — деді тағы да сөзді өзі бастап, — Не сұрайын деп едің?

— Менің білейін дегенім, ана ауладағы көк теректің түбінде гараж болып па еді? — деді терезе жаққа жалтақтап.

— Иә, болған. Сен оны қайдан білесің?

— Естіп едім. — Өтірік соғып қалды. — Ағамыздың ақ волгасы болып па еді?

— Иә, болған. Менің құрдасым шайқап өмір сүрді ғой! Бәрі болды онда!.. Саған оның не керегі бар?

— Жазушының өмірі мен шығармашылығын зерттеумен айналысайын деп едім! — Тағы да амалсыздан өтірік айтты.

— А, онда жақсы екен! Талабыңа нұр жаусын, қарғам! Иә, тағы қандай сұрағың бар?

Жұлдызжан «сұрасам ба, сұрамасам ба екен» деген екіұштылау оймен сәл кідіріп қалды да, «шешінген судан тайынбас» дегендей:

— Жазушының заңды екі баласынан басқа тағы бір ұлы бар дейді ғой. Сол рас па? — деп қойып қалды.

— Саған оның не қажеті бар? — Ақсақалдың қас-қабағы түйіліп, түсі бұзылып кетті. — Мен ондай қитұрқы сұрақтарға жауап бермеймін! Сен өзі журналист емессің бе?

— Жоқ, студентпін!

— Сені мұнда кім жіберді?

— Ешкім...

— Білем, білем... кімдердің жібергенін... Ештеңе білмейтін аңқау қазақты тапқан екенсің! Солар ғой, сені әдейі жіберіп отырған... Көзі тірісінде де түртпектеп маза бермеп еді, өлгеннен соң да тыныш жатқызар емес!.. Енді қойса болар еді ғой!.. Селкілдеп-қалтылдап жүрсе де, жан-жағына зәр шашуын тияр емес... Әй, сен бала, оларға ілеспе! Айтағына еріп, айдауына жүр ме! Олар бүлінген, бұзылған, кірленген адамдар... Ар-иман жоқ, сені де бір күні боққа батырады! Сондықтан ондай иттерден аулақ жүр!..

— Олар кімдер? — деген сауалдың аузынан қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалды.

— Бәсе, олар кімдер? — Ақсақалдың әжімді жүзі одан сайын сұрланып, көзі ақшиып кетті. Қолы дір-дір етеді. — Түк білмей қалуын қарашы-ей, мұның! Шық бұл жерден, жоғалт көзіңді! Ана айтақшыларыңа айта бар, мен енді оларға қарсы жаңа шабуыл бастаймын. Ажалдарынан бұрын өлтіріп, көздеріне көк шыбын үймелетемін! Әй, сен бала, естіп тұрсың ба, солай айт, айта бар ана қаусаған қара бүлдіргілерге... — деді түкірігі шашырап.

Жұлдызжанның зәресі ұшып кетті. Ештеңенің байыбына бара алмаса да, орнынан атып тұрып, шығар есікке қарай тұра жүгірді. Шығып бара жатып та:

— Иә, солар ғой, бұл сүмелекті жіберген, көрлеріңде өкіргір иттің балалары... — деген сөздерді құлағы шалып қалды.

Еріксіз езуіне күлкі үйірілді. Басын шайқай берді. «Ақсақал неге сонша ашуланды екен? — деп ойлады. — Олар кімдер, кімдерді меңзеп отыр? Әй, кім болса, ол болсын, менің қандай қатысым бар? Ата сақалы аузына түскен адам, жазушы деген дардай аты тағы бар. Соншама кәрін төккені несі?! Менің не жазығым бар? Оларды танымақ түгіл, кім екендерін де білмеймін ғой! Мұнысы несі екен, ә?! Жазушы боламын деймін, мынандай болса, жазушы болу да оңай емес қой! Бірін-бірі көре алмай, бір-бірінің жағасына жармасып, етегінен тартып, айтысып-тартысып жатады деп естуші едім. Сол шын болғаны ма?! Әйтпесе, жоқ жерден жау іздеп не керек? Сонда мен жазушы болуды не үшін армандадым?! Осы үшін бе? Жо... жоқ!.. Мен бәрібір жазушы боламын! Алған бетімнен қайтпаймын, бағытымнан айнымаймын! Мұндай дау-шарларға мүлде араласпаймын, жазумен ғана айналысамын! Түптің-түбінде ұлы жазушы болып, мақсатыма жетемін!»

Ол сыртқа шығып, ауладағы көк теректің түбіндегі орындыққа келіп отырды. Бағанағы өзі көрген гараждың орнына қадала ұзақ қарады. «Менің көзіме гараж қалай елестеді. Елестеген жоқ, мен оны анық көрдім ғой! — деді терең ойға батып. — Тіпті жазушыны да... оның ақ волгасын да... Бұл не сонда? Түк түсінсем бұйырмасын! Иә, анық көрдім. Бұл түсім емес, өңім ғой! Ендеше бұл қалай болды? Бұл не? Ненің белгісі, жақсылықтың ба, жоқ әлде жамандықтың ба?»

Төңірек тып-тыныш. Жанға жайлы салқын самал еседі. Маңайда қыбыр еткен пенде жоқ. Көк кептерлер ғана ұшып-қонып жүр. Кенет бір ақ көгершін ұшып келіп, қарсы алдына қонды да, айналшықтай берді. Шегір көзінің сұғын қадап, ішіп-жеп барады. Қанатын қағып-қағып, мойнын созып-созып қояды. Гууг-гууг етіп гуілдейді. Бірдеңе айтқысы келетін сияқты. Бірақ Жұлдызжан құстың тілін қайдан ұқсын?! Аузын ашып, көзін жұма берді. Ақ көгершіннің ештеңеге қарайлайтын түрі жоқ, өңменінен өтердей сұқтана қарайды. Кенет көзіне көзі түсіп кетті. Қас-қағым сәтте қарсы алдында әйел бейнесі елес берді. Қолаң шашын жайып жіберген, ашаң жүзінен нұр төгіліп, тал бойынан шуақ шашырайды.

— Сіз кімсіз? — деді бұл сасқалақтап.

Ақмаңдайлы ару тіл қатар емес. Жауаптың орнына өткір жанарынан отты жалын жарқ ете қалғандай болды. Жұлдызжан көзін тас жұмып, алақанымен бетін бүркей берді. Бірақ бәлендей оқыс ештеңе бола қойған жоқ. Жасқаншақтай көзін қайта ашты. Әйел ұшты-күйлі жоқ. Ақ көгершін жаутаңдай қарап әлі тұр. Кенет секіріп орындыққа шықты. Онда да тұрақтай алмай, қолына кеп қонды. Тыпыршып тыныш тұра алар емес. Жұлдызжан да жатсынбай көгершіннің жотасынан жаймен сипалады. Сол жақ қанаты сәл майырылып қалыпты. Үсті-басы жып-жылтыр, жып-жылмағай. Әсіресе мойын тұсы қызылқоңыр түске боялып, күн көзіне шағылыса жалт-жұлт етеді. Қимыл-қозғалысы сондай ширақ. Бір кезде қанатын қаға секіріп, иығына қонды. Қайта-қайта мойнын соза қарап қояды.

Жұлдызжан жаңағы көріністің әсерінен арыла алмай, мең-зең күйде мәңгіріп отырып, тағы да ой теңізіне шомып кетті: «Бүгін маған не болды өзі?! Көзіме не көрінді?! Адам ба, әлде жын-шайтан ба? Бұл неғылған ару? Өзі сондай сұлу екен! Перінің қызы емес пе?! Жазушының әйеліне ұқсайды екен? Әй, тұра тұр... енді есіме түсті. Бұл шынымен сол ағамның үйіндегі жеңгей ғой! Бірге түскен суреттерін талай көргем. Иә, бұл сол, жазушының бәйбішесі. Ол менің көзіме не үшін көрінді? Мұнда қандай құпия-сыр бар? Әлде мені шынымен жын-шайтандар иектеп алғаны ма?! Бұл бір сәтсіз күн болды-ау! Мына көгершінге не жоқ?! Иығыма шығып алып, тайраңдап тұрғанын қарашы! Тап бір менің асыранды тотықұсым сияқты, қорқу, үрку, жатсыну жоқ. Әй, бірақ, мен білсем, бұл тегін көгершін емес. Бойынан біртүрлі бір жылылықты сезініп тұрмын. Көзінде көп сыр бар-ау!.. Қасиетіңнен айналайын, адалдықтың ақ періштесі, не айтқың келіп тұр, сарнашы бір көсіліп. Тыңдайын бір зейін қойып. Айтшы, кәне, не дейсің?»

Ол назарын көгершінге қайта аударды. О тоба, құстың көзі жасаурап тұр. Ойланып та үлгермей жатып, көгершіннің мөлт-мөлт еткен жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті. Тағы бір тамшы... Жанары жасқа толып кетті. Мөп-мөлдір мойыншақтар бірін-бірі қуалай, сынаптай сырғып барады.

Жұлдызжан құстың жылағанын алғаш рет көрді. Бірақ оған таңданып, таңдай қаға қойған жоқ. Өйткені ол да бір бойында жан, тамырында қан бар тіршілік иесі ғой. Оның да адам секілді жүрегі, бауыры, бүйрегі бар. Сөз жоқ, жаны қиналады, жүрегі сыздайды, бауыры езіледі, бүйрегі бүлкілдейді.

Көгершіннің көзінен пора-пора жас парлап тұр. Екі-үш тамшы жас алақанына тамды. Жайлап жалап көріп еді, дәмі ащы. «Құстың да жасы ащы болады екен-ау! — деп ойлады. — Көзінен сорасын ағызып, неменеге егіліп тұр?! Осыған не жетпейді екен?! Әй, бірақ құс екеш құстың да біз біле бермейтін өз өмірі, тағдыр-талайы болады ғой! Қайғы жамылып, қасірет арқалап жүр ме екен?! Сыңарынан айырылды ма, жоқ әлде бауыр еті — балапандарын жоғалтты ма?! Кім білсін! Әйтеуір, бір мұң бар-ау! Бұлардың да бірге туған ет-жақындары болады емес пе?! Әлде басына бір іс түсіп жүр ме екен?! Ой, өзі мен не қиялдап кеттім? Егер осы ойымды біреу-міреу оқып қойса, артын ашып күлер еді-ау!.. Әсіресе қу тілді Қуан білмей-ақ қойсын! Ол естісе, бүкіл елге жайып, масқарамды шығарады-ау!.. Неге екенін білмеймін, сол-ақ мені аңдиды да жүреді. Әй, қойшы соны, ит те болса досым ғой!..»

Ақ көгершін секіріп басына шықты. Төбе-құйқасы шымырлап қоя берді. Бірақ, мысқалдай да ауырлығы білінер емес. Тек қозғалған сайын тырнақтары батыңқырап, жыбырлатып әкетіп барады. Жанынан қиыс өтіп бара жатқан бір аққұба қыз бұған қарап мырс етіп күліп жіберді. Бұл да жылы жымиып, көзін қысып қалды. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, не үшін көз қысқанын өзі де анық ажыратып жатпады. Қысылыңқырап қалған бойжеткен жүзін жылдам бұрып әкетті де, ләм-мим деп тіл қатпастан, аяғын асыға басып, жөніне жөней берді.

Кенет төбесі суланып кеткендей болды. Ол құстың басына саңғып жібергенін сезді де, қолымен қаттырақ қағып жіберіп, орнынан атып тұрды. Көгершін анандай жерге ұшып барып топ ете түсті. Жалма-жан қалтасынан қол орамалын суырып алып, төбесін сүрте бастады. Алғашында ашуға мінсе де, артынша-ақ балаша қуанды: «Құстың төбеңе саңғығанын жақсы ырымға балап жатушы еді ғой көнекөз қариялар. «Басыңа бақ қонып, дәулетің артады, ырыс-құтың молаяды» демеуші ме еді! Бұл жақсылықтың нышаны шығар?! Құдай бірдеңе берер! Мүмкін, аяқ-астынан байып кетермін! Әй, бірақ кім біледі?! Қой, құр босқа қиялдай бергенше, жатақханама барып, ертеңгі сабаққа дайындалайын. Тездетіп барып жуынып алмасам болмас, қуаяқ Қуан басымдағы боқты көрсе, өмір бойы аузынан тастамай жыр ғып айтып жүрер! Ой, құрысын!..»

Ол ілби басып, аялдамаға қарай аяңдады. Жан-жағына көз тастап қояды. Адам аяғы аз, көше бойлап ағылған машиналар зу-зу етіп, зуылдап өтіп жатыр. Аялдамаға келіп, бос тұрған орындыққа отыра бергені сол еді, ақ көгершін секеңдеп жанына жетіп келді: «Өй, мынау менің артымнан қуып келген бе?!» — деп таң-тамаша қалды. Әй-шай жоқ, қайтадан қолына келіп қонды.

Аялдамадағы адамдар бұларға қарай мойын бұрған. Өзінен-өзі қысылып-қымтырыла бастады. Абырой болғанда тап осы кезде күткен автобусы да келе қалды. Атып тұрып, жүгіріп кірді. Автобус көп аялдамастан жүріп кетті. Арт жағына көз тастап еді, ақ көгершін қалмай ұшып келеді екен. Келесі аялдамаға тоқтаған кезде, бұл тұрған терезе жаққа тақап келіп, қанатын сабалай берді. Қоштасып тұрған сияқты.

Автобус көп аялдамады. Көгершін қалысар емес. Бір кезде автобус солға қарай кілт бұрылды. Бейбітшілік құсы әдейі істеді ме, жоқ әлде өзін-өзі тоқтата алмай қалды ма, ұшқан бойы екпіндеп келіп алдыңғы терезеге дүңк етіп соғылды да, жалп етіп құлады. Жүргізуші автобусын тежей қойған жоқ, түк болмағандай таптап өте шықты. Жұлдызжан адамдарды қаға-маға артқа қарай тұра ұмтылды. Ақ көгершін ағылған көліктердің астында мыжылып қала берді. Ол тек шар сияқты дөңгеленген көкшіл жалынның көкке көтеріліп бара жатқанын байқап қалды.

Көңілі сеңдей бұзылып қоя берді. Жанарына жас іркілді. Арт жақтағы бос тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды.

Көз алдына бағанағы әйелдің бейнесі қайыра елес берді. Қан-сөл жоқ, сұп-сұр, сұп-суық. Қудай қуарған жүзінен өлімнің табын танығандай болды.

Жұлдызжан шошына селк ете түсті. Жүрегі дүрсілдеп кетті.

— Біссіміллә... біссіміллә!.. — Іштей күбірлеп, көзін жұма берді. — Құдайым сақтай гөр!..


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз