Өлеңдер бөлімі

Шегірге

«Ақжолдың» бір нөмірінде «Шегір» деп қол қойған жолдас мені қазақтың бояма қамқоры, қазақтың бір қызын, бір қатынын әуре қылдың, сорлаттың деп айыптайды.

Бұл әңгіме былай еді:

Мен Арқадан Түркістанға бет түзеп жүргенімде менімен бірге жолдағы бір елде қайтып барып отырған (ерте өлген емес) жесірі бар Ақмоланың 2—3 қазағы еріп жүргені рас. Бұл жесірі кеткен «Алтай» деген ел, ал жесір әйелдің туған, қайтып барып отырған әкесінің елі «Тама» деген ел.

Жолшыбай Бетпақдала арқылы жүргенде серік қой деп һәм бұл екі ел бұрыннан өзара жауласып, соғысып жүретін ел болғандықтан бірге барса жауласпай қайтар деп, мен бұларды қасымнан қуып жібергенім жоқ.

Бұл кеткен әйелдің күйеуі Шегірдің жазғанындай үлкен емес, Ақмолада оқып жүрген жас жігіт екен. «Күйеуім үйде отырмай, қалада оқып жүріп алды», — деп, әйел қайнағасына ерегесіп туған үйіне, төркініне кеткен. Біз әйелдің әкесінің еліне келсек, бір жұма бұрын әйел халық сотына бара жатса, жолшыбай тама Төлембек деген кісі әйелдікке, тоқалдыққа ағаларынан алып қалады.

Әйелдің туғандарымен, әйелдің қалған қайнағасымен сөйлесіп, Мәдібек, Ысмағұл деген ел адамдарының алдында әйелді екінші қайта малға сатпағандығына әйелдің қалған қайнағасын сендіріп, алған 100-ден аса қалыңмалды салауат қылып, ескі құдаға 4 — 5 қара беріп жөнелткен. Бұл — бір.

Екінші — Сарыбас қызы деген, бұ да байын менсінбей, үйіне келіп отырған қыз. Сүйгенімен кетуге бізден жол сұраған. Біздің кеңесіміз бойынша сол ауданның халық сотына (10-шы аудан) заявление қылып, сот мекемесіне келіп отырған жерінде, әкесі келіп алып кеткені рас. Сәкен күйеу болыпты, той болыпты деген сөз қате және гәп қызды кім алатынында емес шығар деймін. Бұл – екі.

Үшінші – келе жатқан бетімізде жолшыбай кез болатын, алғашқы айтылған, сотқа келе жатқанда біреу алып қалатын әйелдің қайнағасы Арқадан бізбен бірге келе жатып әйелдің ендігі отырған аулына қондық. Бізді бір үйге түсірді. Біз отырысымен әйел келіп: «Мені ықтиярсыз ағаларым қалдырып кеткен, мені құтқар» - деп жылады. (Газеттегідей байы өліп келіп жатқан емес). Қаладан қашық жер. Айтқанға көнбейді. Тәртіпті тыңдамайды. Әсіресе өзі күшті, жуан жер.

Әйел жылап болмаған соң шыдамай,ертең ол ауылдан жүріп кетіп (газеттегідей 2-3 күн жатып «азғырғанымыз» жоқ) жолда 3 кісі жібердім. Ертең түнінде жіберген кісілерім әйелді алып келді. Мақсат – Түркістанның Созақ қыстағындағы аудандық халық сотына әкеліп, әйелге бостандық әперу. Созаққа кештетіп келдік.

Бізден бұрын түнде келіп милиция бастығына Төлембектер жолығып, ертеңіне милиция әйелді кепілге беріп сол жерден әйелді халық сотына жіберместен кепілге алған кісі Төлембекке беріп жіберген. Мұны Созақтың халық соты біледі. Әйелді қағазбен мекемесіне екі рет шақырып, оның да қолы жете алмай қалған.

Рас, бұл Төлембек Ақмолаға қарайтын жапсар қазақтың 6-7 болыс елін өзіне қаратқан аталы, күшті кісі. Сол себепті сол ауданның бәрі оның сөзін тастамайтыны рас һәм біздің әйелді босатуға шамамыз келмей қалғаны рас. Мұны Созақтың райондық милицейский пунктінің бастықтары біледі, һәм халық соты біледі. Бұлардың берген қағаздары да бар. Өзге «олай болған екен, бұлай екен» деген сөздер қате. Бұл екі әйелді босатуға күш келмей қалғанға мен айыпты емеспін, және екеуің де босануға талпына ғой деп, бұрын білмеген, кетіп бара жатқан мен азғыруға қисыны жоқ. Және әңгіме бұл екеуін кім алатынында емес, босатуында еді.

Қаладан өте қашық, әйел бостандығын керек қылмайтын жерде бостандық алуға талап қылған әйелге жәрдем қылам деуім рас «әлімді білмегеннен» болды.

Және «Ақжол» басқармасына беретін менің мағлұматым мынау: мен «Үш жүз» партиясында болған жоқпын.

Мені «Үш жүз» партиясын жасаушылар сырттан жазғанда мен «Қазақ» басқармасына да һәм «Тіршілік» газетінің бетінде де «Үш жүзде» жоқ екенімді білдіргенмін.

Онан соң, менің еш уақытта үш қатыным болмайды. Болсын деп ойлаған да емеспін. Қатын алу, алмауы туралы біреудің біреуге есеп бергені орынсыз. Тағы, оқуға бару үшін менің қасыма ілескен Сапалай бұрын қазақтың барымтасына қатысқан ба, жоқ па, білмеймін. Қатысқан жігіт болса, қаладан алыс жердегі күллі қазақтың бәрінің әдетті ісі. Әрине, бұл жүре қалатын әдет.

1922 жыл.

Басқарма:

«Қатын алу, алмау туралы біреудің біреуге есеп бергені орынсыз» екенін біз де білеміз, бірақ бұл бір қатыннан артық алғандар жазалы деп заң шығарып тұрып, алдымен сол заңды өзі бұзатын үкімет мүшелерінің сөзі-ау дейміз. Әйел теңдігін ойлап, мүсәпірлерді Сәкен мүсіркегенде, оларды газет мүсіркей алмай ма?!

Бұл әңгіменің неше жүзді екенін (екі жүзді ме, үш жүзді ме?) білмей тұрғанда халықтың көзін сөздің анығына жеткізу газеттің міндеті. Шегір жолдастың міндеті. Шегір жолдастың Сәкеннің жүріп кеткен жері «зар жылап» отыр дегені болмаса, көп күйінгендей іс болмаса, біздің Сәкенмен жұмысымыз жоқ.

Сарбастың қызы түгіл, екі жігіт жіберіп алдырған қатынның өзіне де Сәкеннің ғашық емес екендігі анықталып отыр. Біз де ол екеуін әлі көргеніміз жоқ. Газет жазғанын көптің мақсаты деп жазады, мұнан былай да тілегімізді газет жүзіне шығарып тұрмақпыз. Сәкен жолдастың «Үш жүз» партиясынан бұрыннан-ақ ат-тонын ала қашып жүргені, үш қатын алмасқа әлдеқашан ант беріп қойғаны рас болса, бұған да сүйсінеміз. Сәкен жолдас өлең-мөлең болмаса, бұрын, Тәшкенге келісімен, бұл екі әйелді мүсіркегенін газетке жазбақ түгіл, басқа адамға да айтпаған сияқты еді. Сәкенге осы ішкі сырының бәрін ақтартып, «құрметті» басқармаға жауап жаздырып отырған газет сірә тегін емес-ау дейміз.

20-мамыр, 1922 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...