Эссе және өлең-жыр байқауы

Үздіктер үкілеген білім ордасы

Білім қуған әрбір түлектің арманына, мақсатына айналған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде білім алу мүмкіндігі бұйырғанына, ең алдымен Аллаға сансыз шүкір! Білімнің қара шаңырағына айналған, үздіктер үкілеген білім ордасында оқу мен үшін мақтаныш! Осындай өзім армандаған білім ошағының түлегі атануға,бойымды білім нәрімен сусындатқан Мырзатай орта мектебінің ұстаздар ұжымына өз алғысымды білдіремін.

Расмен де, әр түлектің жүрегіне ойып тұрарлықтай орын алған, арман боларлықтай,атына заты сай ҚазҰУ қалашығы менің де жүрегімді жаулап алды. Алғаш ҚазҰУ қалашығының табалдырығын аттаған сәттен-ақ, мен өзімнің жаңа өмірге аяқ басқанымды, тағылымы терең, берері мол ортаға араласа бастағанымды сол кезден-ақ сезіндім.

Қара шаңыраққа білім алуға келген әрбір студентке керек жағдайдың барлығы дерлік жасалған. Мысалы, Ө. А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, мұражай, тамақтандыру комбинаты, студенттерге қызмет көрсету орталығы ‘’Керемет”, компьютерлік-техникалық жабдықтар, WI-FI сымсыз интернет желісі, ауқымы кең спорттық кешен, Дмитрий Баландин атындағы 25 метрлік жүзу бассейні сияқты орталықтар ҚазҰУ қалашығында орналасқан.

Сонымен қатар, ҚазҰУ ізденімпаздарына арналған ең бай кітапхана-әл-Фараби кітапханасы. Қойнауы 2 миллионнан астам кітап қорымен ерекшеленетін зәулім шаhардай сарайда әрбір білімге құштар, жан-жақты студентке өзіне керекті кітапты еш қиындықсыз таба алады. Орта Азиядағы білім ошақтарының арасындағы ең үлкен кітап қорына ие болған кітапханада Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығын, еңбегін насихаттайтын мұражайы және ғылыми-ағартушылық мұрасын зерттеумен айналысатын әл-Фараби орталығы орналасқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде білім алып жатқан әрбір студент әл-Фараби шығармашылығымен таныс болуға тиісті деп санаймын.

Сондай-ақ, ҚазҰУ студенттерінің көшбасшылық қабілеттерін,ашылмаған қырлары мен сырларын жарыққа шығаруға, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдар комитеті жұмыс жасайды. Оның құрамында Сұңқар студенттер кәсәподағы, студенттер Сенаты, Көмек еріктілер ұйымы, Студенттік Кеңесі ұйымдары кіреді. ҚазҰУ қалашығында өткізіп жатқан студенттік өмірімнің әрбір күні естелікке толы десем артық айтқаным емес. Әрбір студент өзі қалаған ұйымға кіріп, шалқыған шығармашылық шабыты мен жалындап тұрған жастық шағын пайдалы іске жұмсап, өз уақытын тиімді пайдаланып, өз ортасын табады. ҚазҰУ жайлы айта берсек, айтылар әңгіме де, іштегі сезім, алған әсерлерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтай ректордың басшылығының арқасында университет күннен-күнге дамып, гүлденіп келеді. Тіпті, халыққа танымал азаматтарды біздің түлегіміз дегенді естігенде, бойымды лезде қуаныш кернейді. Мен өз ҚазҰУ-мен мақтанамын. Мен өзімнен кейінгі ізденімпаз жас буынға арманымды мақсатқа айналдырған ғажайып мекен, үздіктер үкілеген білім ордасына оқуға шақырамын.
ҚазҰУ-адамды тұлға ретінде қалыптастыруға,өз мүмкіндіктеріңді тиімді пайдалануға, жан-жақтан жиылған дарынды жастардың басын біріктіретін ғажайып мекен. Сондықтан да мен үздіктер үкілеген білім ордасында оқып жүргенімді өмірімдегі ең үлкен бақыт деп санаймын!

Мақала авторы: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінің 1 курс студенті Псибаева Асел Ерназарқызы

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүктелуде...