Эссе және өлең-жыр байқауы

Қылмысты болған соң қысылады да...

Қыстың бір түнінде Қ. аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Тілемсеков қырық түрлі ойға шомып, қырық рет қысылып, таң атқанша-ақ қырқылжың тартып, қартайып шығыпты. Түнімен көрген азабы аза бойын қаза етіпті. Бірде қабынып, бірде шабылып, түнімен көрмеген қорлығын көріпті. Қысқасын айтқанда бұл түнгі көрген азабы Данте жазатын тозақтан бір де былай болмапты. Кеш алдында ғана өзінің қылмысын білетін біреумен түс шайысып, жүз жыртысып қалған екен, түнімен дөңбекшіп шығатын кесел де нақ осыған жабысыпты. «Жатқан жыланның құйрығын бастым-ау, қушұнақ басым» деп өзін өзі жазғырыпты. Содан келіп төсегіне жатысы мұң екен, алғаны, асағаны, жұтқаны, құртқаны, қорқытқаны, үркіткені, тағы-тағылар көз алдынан өте беріпті. Бұрын оның бәрі көңіліне жай, ішіне май болып бітсе, бұл жолы қарысқан қарғыс, түйілген түйнек болып көрініпті. Өзі қолын бүгіп санай беріпті.

Ең алдымен көзіне көрінгені өзінін біреу сұраса айтатыным деп әзірлеп қойғандары болыпты. Мұнысы аз ғана, жүрегіне жұбаныш, көңіліне қуаныш болып орнаған екен. Мәселен төрт қана қыз оқуды тастап кетті. Аудан мектептерінде химиядан, физикадан мұғалім жетіспейді, менің қылмысым осы деген ұғымдар екен. Қалай десең де бар қылмысым осы ғана деп орнынан атып тұрғанда, көз алдында тұрған мұғалімдер Тілемсековтің өзі ұмытқан қылмыстарын санай бастапты:

Ауданда V—X кластардағы төртеу емес, он төрт қыз оқуды тастап кетті. Жүзге тарта бала о баста оқуға тартылмай қалды. Орта мектепті бітіргендердің бірсыпырасы жоғары оқу орнына түсе алмай қалды. Бір деңіз, дегенде Тілемсеков тыңдап болыпты да «қалай жағам сендерге қылығымнан, сырдың суы келмейді жұлығымнан» деп өлеңдете жөнеліпті. Аналар да сөзді соза түсіпті. Ауданда мұғалімдерді, кадрларды іріктеуде үлкен былық бар. Жетіжылдық мектептің директоры болған, өзі оқытып жүрген қызға сөз айтып, моральдық жағынан азғындаған, сөйтіп партиядан шыққан Қаймақбаевты қызметтен шығаруға аудандық комитет нұсқау берсе де, бұл нұсқау құлаққа ілінбей, ол әлі де сары майдай сақталып мұғалім болып келеді. Тілемсеков мұны жайылсам өрісім, жатсам қонысым деп ұстап отыр.

Мұны екі деңіз дегенде Тілемсековтің танауы тыржың ете түсіпті.

Байбақшаева балаларға білім бере алмаса да жалақы алып жүр. Жеңгесі Жезіке мен қарындасы Қаламды Ворошилов атындағы орта мектептің интернатына бірін завсклад, бірін замсклад қойды. Қолын жылы суға батырып қойды деген осы да. Су емес бармағын майға батырып қойса құдайдан одан артық не тілері бар. Мұнымен үш деңіз, дегенде Тілемсековтің қабағы қарс жабылып кетіпті.

Мұғалімдер Тілемсековтің қолында қой асығынан қойылған сақа сияқты. Оларды иіріп оңқасынан да, тәйкесінен де түсіре береді. Өзінің көңілін тапса көлкілдетіп ұстап, қытымырлығы ұстаса қысым жасайды. Сынықтан сылтау тауып артына түсіп алады. Қызылорда облысының ол шетіне бір, бұл шетіне бір қуып шығарады. Қазақ орта мектебіндегі партия ұйымының секретарь! Пернебаевты екі қаракөл елтірі тауып бермейсің айтқанымды екі еттің деп қудалап жүр. Мұнымен төрт деңіз, дегенде «қап, қаптағының аузы ашылып, қайдағы-жайдағының бәрі айтылып кететін болды-ау» деп қыңырттап барып, отыра кетіпті. «Артынан жарылқасын» дегендей артын күтейін, басқасы айтылмаса да жарар деп үн-түнсіз отыра қалыпты.

Тілемсековті арты қайбір жарылқады дейсіз, қақпақтың аузы ашылған соң ішінен ол жасаған былық та, шылық та түйдек-түйдегімен, буда-будасымен шыға беріпті.

Жазықсыздан жазықсыз Тебенованы сабақ беріп тұрған жерінен қызметті тастап қыдырып кеттің деп кластан қуып шығыпты. Анықтай келгенде көргені Тебеноваға ұқсас біреу болып шығыпты. Дап-дардай адам, осындай да жаңғалақтық істейді екен деп Тебенова қала беріпті, Бұл көп фактінің бірі ғана. Тілемсековтің төрешіл, әкімқұмар, дөкір екендігіне бұл бір айғақ. Мұнымен бес деңіз дегенде,; «үндемеген үйдей пәледен құтылады», үндемей отыра берейін ден тұнжырапты да қалыпты.

Комсомол мектебінің мұғалімі Қ. Әбішевті сенін жұмыс стажыңда шатақ бар деп тергеу орнына беріп, тергеуде ештеме табылмаса да сені өзім ажыратып алдым деп былтырғы 26 октябрьде Әбішевтің пенсиясынан бір мың сом ақшасын Мұғалов арқылы алып, қажетіне жаратты. Әбішев ақшасын сұрай келгенде «стажында шатақ бар» деп желкесін көрсетіпті. Мұнымен алты деңіз дегенде «енді қайттым, ақша деген пәлесінің аузы ашылып келеді» деп Тілемсеков зар қағыпты. Зар қаққаны не керек, өзі де нақақтан нақақ біреуді зар қақтырып ақшасын жеген жоқ па! Мұғалімдер сөзін соза түсіпті.

Алматыдан үйіме министрдің орынбасары келе жатыр еді деп Комсомол мектебінің оқу бөлімінің меңгерушісі Шопановтан 300 сом алып, соңынан істеп жүрген қызметіңе жарамайсың, сол ақша үшін қойып отырмын деп қызмет бабын пайдалана кетті. Әйелің жұмысқа шықпай жүр, деп Энгельс мектебінің мұғалімі Байниязовтан өткен жылдың 4 ноябрі күні 800 сом ақшасын сыпырып алды. Мұнымен жеті деңіз, дегенде «жегенімді желкемнен шығаратын болды-ау» деп боздап жіберіпті. Қылмыстыны аяған оңа ма, мұғалімдер сөзін жалғастыра беріпті.

Өзін тәртіпсіздік істедің, басқа мектепке ауыстырамын деп қорқытып Сармолдиннен 600 сом алып тыныпты; Тағы да... дей бергенде кенеттен Тілемсеков атып тұрып, бар күшін жинап, айтылмаған не қалды, көрсетермін сендерге деп кіжініпті. Қудалауға салып көресіні көрсетіп жүрсің ғой, деп мұғалімдер тағы сөйлеп кетіпті.

Әбдікешев бір ауданның ағарту жағын басқарғанымен өзі ағарып бола алмай жүр. Оның сөздері былай келеді деп мысал келтіріпті: «мой телефон райком не ходит», «вы понимаешь», «ты понимаете», тағы-тағылар. Ал қағазға жазылғанда былай болып шығады екен дейді. Мысалы облыстан келген қатынастарға тәртіп соғады. Облыстық оқу бөлімінен келген № 49 қатынасқа:

«Тов. Аскаров. Дойти указание всем школья состовлаети второго пологодного 1953 года» деп жазылган. № 2002 қатынаста тағы мынадай бір былдыр бар: «тов. Аскаров состовлаети директор, завуча и пионер вожатья по форма списка подготовлаеть не поздного 13/XI—52». Әрине мұны Асқаровтан басқа ешкім түсіне алмайды, Ал Аскаров болса, екеуі — бірінің тілін бірі білетін адамдар. Бірі қазан, бірі қақпақ. «Мұнымен» дей бергенде Тілемсеков ен болмаса осыны айтпаса деп отыр едім деп қысылып қалыпты. Мұны көрген халық қылмысы болған соң қысылады да, әйтпесе біз неге қысылмаймыз деп қорытыпты.

Я, солай ғой, сезікті секірер дегендей, қылмысы болған соң қысылады да.

1953


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...