Өлең, жыр, ақындар

Босаға

(Yштаған)

1. АҚ НИЕТ

Телжанның алдында сонау бір кезде торкөз дәптердің беті не жазылған тілімдей-тілімдей төрт хат жатыр. Төртеуі де сар тап боп сарғайып, илеген терідей жұмсарып, әбден тозған. О баста көк сиямен маржандай етіп тізілген жазулары да енді көмескілеу көрінеді. Жылдар бойы бойтұмардай қасиеттеп келген осынау хаттарды ол қаншама рет оқып, қаншама тәубесіне сы йынғаны есінде жоқ. Бір жуса кетіп қалатын бармақтай бағына мастанып, көзі тұмандана бастағанда осы хаттарды қолына алар еді. Қолына алған кезде баяғы бір күздің қара суығында әлдебір көк атты адамның артына жабысып бара жатқан кішкентай қара бала көз алдына келер еді...

* * *

Ол уақытта Телжанның көкесі бір табын тайынша бағатын да, жаз жайлауға, қыс қыстауға үнемі көшіп жүретін. «Ауыл» дегенді естігені болмаса, жеті жасына дейін бұл етек-жеңді елжұртты көрген жоқ. Көкесі қыс бойы таудың бір қуысындағы жапырайған жалғыз қыстауда жүз қаралы тайыншаның жемсуымен әлектеніп, жаз шыға жайлауға асығатын. Жайлауы — жолай бір қонып, екінші түнемелікте ғана әзер табан тірейтін Терісбұлақ деген ну орманды, қойнау-қолатты мол аңғар. Көк мұздың көбесі сөгіле, осы иен өлкеге алғаш қос тігетін де Телжанның көкесі, сол қосын жайлауға қызыласықтан қар түскенше жықпайтын да Телжанның көкесі еді. Жаз бойы көрші отырып, көңіл көтеріскен төңіректегі қойшы қауым тамыздың аяғында, тау басын қар шалған күні-ақ енді бұл жердің қойға қоныс болмайтынын айтып, балаларының мектепке баратынын сылтауратып, ықтасынға қарай ығыса жөнелетін. «Әзбер ген-ау, бізде де оқитын балалар бар. Ел қатарлы еңіске жыл жымаймыз ба?» — деп апасы қиналса, көкесі: «Тәйір-ай, оқу қайда қашар дейсің, бірер күн кешігіп барса, кенже қалар деймісің», — дейтін жайбарақат. Оның сол «бірер күні» бірер аптаға созылатын да, ақыры сентябрьдің ортасына таман: «Жә, балаларды мектепке апаратын мезгіл болған шығар», — деп асықпай жинала бастаушы еді.

Телжан мектепке баратын жылы да көкесі тағы өстіп ұзын арқан, кең тұсауға салған. Әлі есінде, бірде шай үстінде апасы:

— Әзберген, сен осы биыл Телжанның да оқитынын білемісің? Жетіге толды ғой, — дегені бар.

— Қой, әрі! Жетіге толғаны несі? Кеше ғана туған бала емес пе? — деп ол тізесінде отырған бұған бажырая қараған.

— Алжыған байғұс-ау, қай балаңның қашан туғаны есіңде жоқ па? Жүз тайыншаны күніне жүз санаумен-ақ күнің өтті ғой, — деп апасы сонда түңіле күрсініп еді.

Әр малдың түсін қарап — тегін, тісіне қарап — жасын айыратын көкесі алдындағы жүз тайыншаның қайсысы қай уақытта, қай сиырдан туғанына дейін білсе де, төрт баласының аты мен жасын жиі шатастыратыны рас-ты. Ауылға арнайы кітап алуға барса, бесінші класқа баратын баласына алтыншының, төртіншіге баратын баласына үшіншінің оқулықтарын әкеліп, артынан аңыре-еп отыратын. Аңырып отырып: «Тәйір-ай, сатып алған дүние сасып кетер деймісің. Биыл оқымаса ке лесі жылы оқиды да», — деп рахаттана күлетін. Сосын бір кү ні ет жеп болған соң: «Әй, осы үйде қағаз құрып қалған ба? Әке-ліңдер, анау ескі кітаптарды», — дейтіні тағы бар. Сатып алған киімдері де бір баласына дәл келген емес. Әдетте олары қашанда қанардай қолпылдап тұрады. Оған айтар уәжі біреу-ақ: «Тәйірай, бала өспей ме екен?.. Өскенде дәл болмай ма екен?..» Бала өскенше ол «қанардың» етегі етіктің өкшесіне қырқылып, жы рым-жырым боп тозып та бітеді. Тозса несі бар, көкесінің жаңа «қанары» үстіне қолп ете түседі. Айта берсең, Әзекеңнің мұндай қызықтарын тауысып бітпейсің. Сол уақытта қырықты қусырып тастаса да серілігі қалмады ма, кім білсін, кейде түсінен шошып оянғандай: «Жиналысқа барам», — дейтін де, балашағасын иен тауға қалдырып, сонау шалғайдағы ауылға суыт жүріп кететін. Ол неткен ұзаққа созылған жиналыс екенін өзінен басқа ешкім білмейді, арада он шақты күн өткенде, жақ жүні үрпиіп, көзі кіртиіп әзер жетеді. Сондай бір «жиналыстан» оралған күні ол:

— Бағаш, Телжанның жетіге толғаны рас екен. Қабдөш мұғалім «Балаларыңды мектептен кешіктірме, кіші ұлыңды да тізімге жазып қойдым» дейді. «Кіші ұлың» дегені осы Телжан ғой, — деді тақыр басын сипай отырып.

— Бұдан басқа қайдағы кіші ұлың бар еді, жазған?.. Бұның жетіге толғанын өткенде ғана айтпап па едім, — деді апасы.

— Е, айтқасың, айтқасың... Айтқаның есіме түсіп, кітап та ала келдім, — деп ол іргеде бүйірі бұлтиып жатқан қара қоржыннан сырты жылтыр бір кітапты алып, Телжанның апасына берді.

Апасы кітап сыртына көз жүгіртіп өтті де:

— Бар бол, бар болғыр, — деді күйініп. — Мынауың «Букварь» ғой. Балаңды орысша оқытатын ауылда қай мектебің бар еді?

— Е, қайдан білейін, Тұрғазыға бірінші кластың кітабын бер деп едім... бергені осы да. Жарайды, орысша түсінген кезде бұ да жерде қалмас, тығып қой, — деді көкесі байыппен.

Телжанның кітабы болмаса да, апасы қара сәтеннен қағазкітап салатын дорба тігіп берді. Мектепке киер бір қабатын да сақадай сай етті. Бұның бәрі дайын болғанда, Телжан мектепке тіптен асыға түсті. Асығумен жаз өтіп, күз келді. Маңайдағы малшылар балаларын баяғыда ауылға аттандырған. «Оқу қайда қашар дейсің, ойдың қара тулақ өрісі малға от бола ма?» — деп Терісбұлақтан табан аудармай қала берген тек Телжанның көкесі. Сол күндердің бірінде етектен келген веттехник ағай Қабдөш мұғалімнің: «Балаларын тез жеткізсін», — деген «дұғай сәлемін» де әкелген. «Е, жеткіземіз де, тәйірі», — деп көкесі тағы он күндей бейғам жүрді де, ақыры сентябрьдің ортасына та ман үлкен екі ұлын жеке атқа мінгізіп, Телжанды артына мін гестіріп, ысқыра әндетіп, ауылға жүріп кетті.

Қостан ұзай бере бұл артына мойын бұрғанда, апасы жерошақ басында қаққан қазықтай мелшиіп, ақ жаулығымен кө зін сүр тіп тұрғанын байқап қалған. Апасының сол тұрысы, бүкіл жайлаудағы жалғыз тіршілік белгісіндей түтіні сыздықтап, иен шатқал аузында қала берген қараша қос, сол қос іргесінде арқырап аққан Терісбұлақтың сарыны ұзақ жолда Телжанның есінен шықпай-ақ қойды. Дүниенің бар қызығы мен қуанышы, балдай тәтті күндері мен балбырап ұйықтар түндері — бәрі-бәрі артта қалғандай, енді сол ыстық шақтармен мәңгі қоштасып бара жатқандай көкірегі удай ашыды. Өксіп-өксіп жылағысы да келді. Ал екі ағасы қарагерге қамшыны үсті-үстіне басып, ауылға асығып-ақ барады. Кейде құйындата шауып, қара үзіп те кетеді. Өздері мәз. «Несіне мәз десеңші...» Бұның өзегін өрт жалап келе жатқанын көкесі де сезер емес, ыңылдап айтқан өз әнімен әуре. Оның қандай ән екенін Телжан білмейді, әйтеуір, әлдеқандай мұңлы әуен өз жүрегін де шымырлата түседі. Осы әуеннің ырғағымен жирен қасқа да құлақтарын кезек қай-шылап, бір қалыпты аяңдайды да отырады. Оқта-текте көкесі ар тына қарамастан:

— Әй, түсіп қалған жоқсың ба? Қанжығадан мықтап ұстап ал, — деп қояды. Сосын таңдай қағып:

— Япыр-ай, ә?.. Сен де оқитын болдың, ә? Зымыраған заман деген осы, — деп не замат үнсіз қалады да, тағы таусылмас әуеніне басады.

...Бұлар жолай бір қонып, ертеңінде түске таяу ғана ауылға жеткен. Жетісімен көкесі ағаштан қиып салынған ұзын қара үйдің алдына тоқтады да:

— Мектебің осы, балам, — деп аттан түсе бастады. Аулада шулап ойнап жүрген балалар алыстан артынып-тартынып жеткен бұларды лезде қоршап алған. Адам көрмегендей бәрі үдірейе қарайды. Бір-біріне қарап, күліп те қояды. «Мыналарды қара, мектепке жаңа келіп тұр», — деп мазақтап тұрған секілді. Секпіл бет бір сары бала Телжанға тілін шығарып, аузын да қисайтып жіберді. Бұның буын-буыны дірілдеп, көкесінің бауырына тығыла түсті.

— Өй, қорыққаны несі, әй?.. Бұлар да өзіңдей бала емес пе?.. Жүр, деректірге барамыз, — деп көкесі бұны жетелей жөнелді.

«Деректір» көзінде әйнегі бар, ұзын, қара кісі екен. Шекпенінің етегіне шалына кірген көкесінің сәлеміне ол да ернін жыбыр еткізді, орындығын сықырлата шалқайып:

— Сонымен келіп қалдыңыз... «Таз таранғанша той тарқағаны» осы да, — деді мырс етіп.

— Қайтейік, малдан босай алмадық, — деді көкесі босаға тұсын дағы орындыққа отырып жатып.

— Сонда сізден басқа малшының баққаны мал емес пе екен? — деп «деректір» көзілдірігін жұлып алды.

— Әрине, мал ғой... Бірақ менің баққаным сиыр ғой. Сиырдың жайы өзіңізге белгілі...

— Сиырдың жайы емес, маған баланың жайы керек. Жөні түзу ата-ана баласын мектепке он бес күн кешіктіріп әкеле ме? Он бес күнде өзге балалар қаншама программа өткенін сіз білесіз бе?

— Қайдан білейін, басеке?..

— Әрине, сіз қайдан білесіз... Сіз тек сиыр жайын ғана білесіз де... Жылда өстіп ақсақ қойдай ел соңында жүресіз. Жылда сіздің балаларыңыз үшін Қабдөш жүгіреді де жүреді. Биыл да екі балаңыздың документтерін интернатқа дайындаған Қабдөш... Кстати, ол сізге кім болады? Туысыңыз ба?

— Жоғә, жай таныс мұғалім.

— Жасырасыз да, әйтпесе бөтенге бөтен жақсылық жасай ма? Жең ұшынан жалғасқан бір жақындықтарыңыз бар-ау, — деп ол кенет қулана жымиды. Сонан кейін көкесінің жанында дір-дір етіп тұрған Телжанды жаңа көргендей:

— Сен, бала, неге селтиіп тұрсың? Отыр, — деді көкесінің қасындағы бос орындыққа сұқ саусағын кезеп. Телжан жыл дам отыра қалды. «Деректір» көзілдірігінің шынысын ақ орамалмен асықпай сүрте отырып:

— Кстати, сіз сонда қандай сиыр бағасыз? — деді біртүрлі жұмсақ үнмен.

— Тайынша ғой, басеке.

— Семіз шығар.

— Әрине, қазірдің өзінде әрқайсысы бес центнерден аспаса, кем түспес.

— Менің де бір-екі тайыншам бар еді. Жаз бойы қырып аларға қылшығы жоқ үй маңын шиырлады да жүрді. Қазір қабырғалары ырсиып әзер тұр.

— Ойбай-ау, ерте көктемде айтпадыңыз ба? Табынға қосып алып кетер едім ғой.

— Әлі де кеш болмас. Былай... түсінесіз ғой, совхоз салған сыр ғаны ауыстыра салу дегенді... — деп «деректір» көкесіне сығырая күлді.

— Тәйір-ай, со да сөз бе екен?.. Тек біздің балаларға оң көзбен қа рай жүрсеңіз...

— Оған қам жемеңіз... Екі балаңыз қазір интернатқа барып орна лассын. Ал мына ұлыңыздың шаруасы мені қинап тұр. Өзін дей балалар оқу программасын біраз еңсеріп тастады, алды аздап жаза да, оқи да біледі. Қаламды қалай ұстауды білмейтін бұл енді оларды қалай қуып жетпек?

— Рас-ау, — деп көкесі оп-оңай келісе салды. — Ендеше бұны мен қайта алып қайтайын. Келесі жылы оқыса да кешікпес.

— Сөйткеніңіз жөн шығар. Бірақ дәрігерден «ауырып қалды» деген справка алып, бізге тастап кетіңіз. Бұл баланың атыжөнін Қабдөш тізімге жазып қойған.

— Тәйір-ай, дәрігер қыз өзіміздің балдыз ғой, — деді көкесі жирен мұртын шиырып.

Манадан шыбын жаны шығардай боп отырған Телжанның да арқа-басы кеңіп сала берді. «Деректір жақсы кісі екен» деп қойды ішінен... Осы сәтте есік сықыр етіп ашылды да, қол тығына көп кітап қысқан, бетінде сәл қорасан дағы бар тығыршықтай сары адам кіріп келді. Көкесі орнынан ұшып тұрып:

— О, Қабдөш те кеп қалды-ау! Ассалаумалейкүм! — деп оған қос қолын соза ұмтылды.

— Есен-саусыз ба, Әзеке? Қараша қаздай қаңқылдап жеттіңіз бе ақыры? — деп Қабдөш мұғалім күле сөйлеп, көкесінің қолын алды. Сонан соң Телжанға бұрылып:

— Қалай, батыр, оқимын деп құлшынып отырсың ба? — деді даусын көтере созып.

Телжан именшектеп, жүзін төмен салды. Соңғы сөз жүрегін зырқ еткізген.

— Бұ батыр келесі жылы оқитын болды, Қабеке. Біз солай келіс тік, — деді көкесі. «Рас па?» дегендей Қабдөш мұғалім «дерек тірге» қараған.

— Иә, солай, келесі жылы оқысын. Бір жылдың ары-берісі жоқ, қайта ақылы толып келеді, — деді «деректір».

Ернін жымқыра тістеген Қабдөш мұғалімнің сарғыш өңі күрт күреңітіп кетті. Бетіндегі қорасан дақтары да жыбыр-жыбыр еткендей болды.

— Жоқ, бұлай істеуге болмайды, Сәке. Егер сізше айтсақ, он бес күннің де ары-берісі жоқ. Баланы оқыту керек.

— Өй, сен не деп кеттің, ей?! Он бес күнде қаншама программа өтілгенін өзің де білесің. Ертеңгі күні бұл үлгере алмай жатса, кім жауап береді? Кім? Ақсағын қойып, сауын бағып алмайсың ба, құрғыр...

— Сәке, қиналмаңыз, мен жауап берем. Бірінші класты оқыта тын өзге емес, өзім ғой. Ендеше бір баланың жауапкер шілігін өз мойныма алайын, оқысын.

«Деректір» тағы да көзілдірігін алып, шынысын ұзақ сүртті. Ұзақ ойланды. Күнім енді не болар дегендей Телжаның да жанарына жас толды.

— Сәке, осыған келістік. Бала оқысын, — деді Қабдөш мұғалім жалынғандай.

— Жарайды, оқысын. Бірақ, есіңде болсын, бәріне өзің жауап бересің, — деді «деректір» амалы құрығандай. — Ал, сіз не дейсіз, Әзеке?

— Оқыса оқысын, — деп ол бұған да оп-оңай көне салған.

Сонымен мәселе шешілді. Телжан оқитын болды. Оқығанда, тура Қабдөш мұғалімнің өзінен оқитынын білді. «Деректірдің» кабинетінен салы суға кетіп шыққан бұны көкесі дүкенге ертіп барып, костюм-шалбар сатып әперді. Шалбарының балағын үш қайыра бүктеп, костюмінің жеңін екі қайыра түргенде, Телжанға бәрі «шап-шақ» боп шыға келді.

— Бұдан кішісі болмай тұр, — деп сатушы қиналып еді:

— Тәйір-ай, бала өспей ме екен, өскенде дәл болмай ма екен?.. Сен одан да маған он шақты «ақ» тауып бер, — деді көкесі.

Қылқиған ұзын мойындарды қара қоржынға сықап салып алған соң да:

— Қой, мен сені Жоламанның үйіне қалдырайын да, қайтайын, балам. Апаңның жалғыз қалғанын білесің, кешік сем, қорқатын шығар, — деп сыртқа беттеді.

Көшеде атын жетектей жүріп ол Жоламан жөнінде де бірсыдырғы сыр айтқан. Телжанның түсінгені — ол «сапқозда үлкен бұғалтыр екен». Бұларға жақын туыс көрінеді. Оның әкесінің шешесі мен көкесінің әкесінің шешесі бір анадан туыпты. Апа сы жағынан «Жоламанның үйіндегі келін» де алыс емес сияқты. Қысқасы, ол үйде бұны шекеден шертіп, шөміштің басы нан қағатын ешкім жоқ боп шықты.

Расында, Жоламанның отбасы бұларды құшақ жайып қарсы алып еді. Ауласы ат шаптырым абажадай қара үйдің табал

дырығын аттағаннан-ақ толықтау сары әйел сампылдай сөйлеп, көкесін төрге бір-ақ атты. «Айналайындап» бұны да жоғары жылжытты.

— Ау, балдыз, бөлем қайда менің? — деді көкесі жұмсақ диванға шалқая отырып.

— Бөлеңді құдай алды дейсің бе, жезде... Жатыр, әне, — деп көкесінің балдызы төргі бөлмеге иек қақты.

— Не дейд, құрғыр?.. Жайшылық па, әйтеуір?

— Баяғы өзің білетін ауру да, жездеке.

— Е, тәйір-ай, оны жазу оңай ғой... Жоламан! Ау, Жоламан, бері шық, кәне!

Көкесінің желке тұсындағы жарма есік қақ жарылды да, көзі қызарып, беті ісіп кеткен біреудің ұйпа-тұйпа басы көрінді.

— Ау, бөле, саған не болған? Тірімісің?

— Не болғанын сұрама, Әзеке, — деп қызылкөз кісі көкесінің иығына басын сүйеді.

— Телжан, әкел ана қоржынды! — деді көкесі әмірлі.

Әмірі әп-сәтте орындалды. Қоржынның екі басынан екі қарын сары май мен екі ұзын мойын столдан орын алғанда, көкесінің балдызы аузын ашып, көзін жұмды. Сосын көзін ашып, аузын жұмды.

— Әй, жездем-ай, қоржының құр жүрмейді-ау. Тек сағындыратының жаман, — деп ол екі қарын майды екі қолтығына қы са жөнелді. Енді бір мезетте оның сампылдаған үні ауызғы бөлмеден естілді:

— Жезде, балаңның аты кім?

— Телжан ғой, балдыз. Баяғыда біз Қарақыстақты қыстаған жылы өзің қалжа алып келмеп пе едің? Сондағы қызылшақа емес пе?

— Ойбүй, бетім-ай! Ұмытып қаппын, тегі... Телжан, бері келші, күнім.

Телжан қорғаншақтап ауызғы бөлмеге шығып еді, шымшуыр ұстаған көкесінің балдызы қазан-ошақ қасында тұр екен.

— Күнім-ау, қалай тез өсіп кеткенсің? Сені де қолғанат болар деп кім ойлаған?.. Телжан, сен мына отты көсеп-көсеп жіберіп, самауырға шоқ сала берші. Мен сиыр сауып келе қояйын, — деп, шелек алып сыртқа беттеді.

Көсеп-көсеп жіберіп, көсіп ала қояр қызыл шоқ көрінбеді, бықсыған шалаларды деміккенше үрлеп жағып, қоламта ара

сында жұлдыздай жылтыраған ұшқындарды шымшып теріп, өз бойындай самауырдың кеңірдегін кептегенше недәуір уақыт өтті. Бұл жұмысты біттім-ау деген кезде сырттан:

— Телжан, мұнда келе қойшы, күнім, — деген дауыс естілді.

Санап басып сыртқа шыққанда, аулада аспанға қарап майысып тұрған көкесінің балдызын көрді.

— Жарықтықтың күні жауайын деп тұр ма, қалай? Үй сыртында аздаған қу шырпы бар еді, күнім... сен соны сарайға кіргізіп, жинай-жинай салшы, су боп қалар, — деді ол.

Аздаған қу шырпысы — тау-төбе боп үйіліп жатқан қарағай жаңқа екен. Телжан олардың ұсақтарын құшақтап тасып, кесек терін құмырсқадай сүйреп жеткізіп, сарайға «жинай-жинай» салғанша» демі де бітті, дымы да құрыды.

Тәлтіректей басып үйге кірсе, тақыр басы шып-шып терлеп, көкесі күрең шайды рахаттана сораптап отыр дейсің. Көсіле сөйлеп, көсемсіп те қояды. Жанында жағын таянып, көзін тарс жұмып алған Жоламан оны тыңдап отыр ма, ұйықтап отыр ма, белгісіз. Үстел шетінен орын тиген бұл бір кесе шайды аузына ала бергені сол... түкпірдегі бөлмеден шар ете қалған сәби үні естілді.

— Телжан, ана баланы сәл ғана тербете тұршы, көкеңе шай құйып берейін, — деді көкесінің балдызы.

Баланы «сәл ғана тербетуге» барған Телжан бесік жанында тағы ұзақ айналған. Еметін мезгілі жетті ме, шыр-шыр еткен шынашақтай неме тербеткен сайын шырқырай түседі. Үйде кішкентай Әйкен жылағанда, Телжан қоса боздайтын. Сонда апасы бұны да бауырына басып уатушы еді, «Айналайын, қозым», — деп бетінен сүюші еді. Енді бұны кім «айналайын» дейді? Кім бетінен сүйеді?..

— Балдыз, Телжанды сендерге тапсырдым. Тағы бір ауыз тап болды деп артық көрмеңдер. Қысқы соғымдарың менен, — дейді есік сыртында көкесі.

— О не дегенің, жезде? Жалғыз баланың аяғы мен аузын көп көрсек, ағайындығымыз қайсы? Бірақ келмей жатып бала бақты рып қойғаныма ренжіме. Қайтейін, қолғанатқа зармыз.

— Тәйір-ай, баяғыда молдаға баласын берген адам «еті сенікі, сүйегі менікі» дейді екен ғой. Бұның да еті сендердікі, балдыз.

Шамасы, жылай-жылай шаршаған болу керек, әлден уақытта баланың үні кілт өшті. Телжанның да қолы бесіктен босады.

Алайда, әңгіменің қызуымен ұмытып кетті ме, көкесінің балдызы бұны қайта шайға шақырған жоқ, өзі сұғынып жетіп баруға ұялды да, бесік жанында жаутаңдап отыра берді. Өстіп оты рып, бір мезет төсек асындағы тегеш толы бауырсаққа көзі түсті. Иісі аңқып тұр, шіркін! Бұл сол сәтте ғана қарны қат ты ашқанын сезді. Аузына кермек дәм келді де, жұтынып-жұтынып қойды. Өз үйі болса, анау қызылқоңыр бауырсақтарды екі ұртына толтырып алып, қаужаңдап отырар еді. Амал не, қа зір оған көз салудың өзі ұят секілді... Япыр-ау, бұны неге шай ға шақырмайды? Баланың қарны ашты-ау деп неге бірі ойламайды? Бұл да адам еді ғой. Бұның да жейтін аузы, жұтар өңеші бар емес пе? Жетім қозыдай жаутаң қаққан мына күйін апасы көрсе қайтер еді?.. Телжанның аш өзегіне ащы өксік тірелді. Артынша ып-ыстық жас бетінен домалай жөнелді.

— Ал, балдыз, мен қайтайын енді...

Телжан атып тұрып, алдыңғы бөлмеге жүгіріп шықты да, көкесін құшақтай алды.

— Өй, не болды саған?! Неге жылайсың, құлыным?!.

— Ойбүй, бетім-ай, бұл бала тарс есімнен шығыпты-ау. Келші, күнім, шай ішші.

— Қой, құлыным, жылама! Жыламай-ақ қойшы! Ауылға ертең-ақ көшіп келеміз... ертең-ақ

Телжанның екі иығы селкілдеп, өксігін баса алсашы. Өксіп тұрып көкесінің ыстық құшағына тығыла түседі. Ащы тер аң қыған осы құшақтан айырылғысы жоқ. Кенет төбеден тас құлағандай үстел гүрс ете қалды да, ыдыс-аяқ еденге салдыргүлдір құлап түсті. Телжан жылағанын кілт қойып, көкесінің қолтығынан сығалап еді, жаңа ғана үтелде басы жығылып жатқан Жоламанның аузынан көбігі ағып, қызыл көзі аларып кетіпті. Тістеніп жұдырығын да түйіп алған.

— Бұ-бұ кім, әй?! Әк-кесі өлгендей бо-боздаған!.. Әкең өлсе, әк-кеңді мен...

Көкесінің балдызы ыдыс-аяқтың сынығын жинап, үстел астында жүр. Бұрқ-сарқ қайнап жүр:

— Зәрін ішкір ит-ай! Зәрін ішіп қата қалмай ма бұл, қата қалмай ма?!

Көкесі Телжанның қолынан ұстап, сыртқа шығуға ыңғайланды:

— Балдыз, мен қайтайын... Жо-жоқ, біз қайтайық. Телжан киіне ғой, құлыным, киін тез.

— Қайтқаны несі?.. Бала қалсын да.

— Жо-жоқ, алып кетейін, балдыз. Деректірдің өзі келесі жылы оқысын деген. Оқу қайда қашар дейсің?..

Бұлар сол күні түні бойы жол жүріп еді. Жол жүргенде таусылып бітпейтін көкесінің әні де сол күні түнде түгесілгендей еді...

* * *

Қар жастанып, мұз төсеніп қыстауға көшіп келгендеріне екі-үш күн болған. Шаңқай түсте буы бұрқыраған бір табақ етті алдарына қойып, жаңа жәукемдеуге кіріскенде... ұзын қара плащ киген біреу табалдырықты аттай берді... Қабдөш мұғалім! Бір түйір ет Телжанның тамағына кептелді де қалды.

— Тәңірім-ау, өзіңсің бе, Қабеке? — дейді көкесі таңданып.

— Аңқиып отырмай қонақты шешіндірсеңші, — дейді апасы да абдырап.

— Жә, әуре болма, Әзеке, — деп Қабдөш мұғалім плащы мен қалпағын босаға тұсына ілді де, төрге озды.

Телжан асықты жілікті белінен қыса ұстаған күйі сіресіп әлі отыр. Бойынан жаны ұшып кеткен секілді. Қырсыққанда, Қабдөш мұғалім тура жанына жайғасқан.

— Халің қалай, батыр? — деп ол бұның басынан сипалап қойды. «Батырдың» басы тіптен салбырай түсті.

— Осы батыр үшін ұятты боп жатырмыз, Қабеке, — деді көкесі қипақтап.

— Жарайды, қысылатын дәнеңе жоқ, малшының жағдайын білеміз ғой. Өздерің қалай, ат-көліктерің аман жеттіңдер ме? — деп Қабдөш мұғалім әңгімені өзге арнаға бұрып жіберді.

Телжанның жаңағы ұшып кеткен жаны қайта оралғандай, еңсесін аздап көтере бастады. Көкесінің де арқасынан ауыр жүк түскендей, етті маңғаздана турай отырып, шаруа жайын шалулауға көшкен. Шаруа жайы — баяғы жүз тайыншаның жайы, олардың жайлаудан іркілдеп қайтқаны, аманшылық болса, көктемде бәрі бұзаулап тұратыны. Шай қамымен жүрген апасының да әңгімесі көбейген. Оның айтатыны — балалардың жайы, мал-мал деп жүргенде олардың жыл сайын мектептен кешігіп қалатыны, соған өздерінің қиналатыны, бірақ бір баласының тәртібі мен үлгерімі үшін ешкімнен сөз естімегені.

— Ол рас. Бекен мен Төкеннің сабағы жақсы, тәртібі де тәуір. Қайта қағанағы қарқ, сағанағы сарқ кейбір еркетотайларға қар нымыз ашады. Соларға не жетпейді десеңші, — деп Қабдөш мұ ғалім қиналыс білдірді.

— Тегі жаман да, тәйірі. Баяғыда менің әкем қара танымаса да қалың елді аузына қаратқан. Ал мен...

— Ал сен жүз тайыншаны таяғыңа қаратып жүрсің, — деп апасы мырс етті. — Жазған-ау, мақтанғанша сөздің жөнін айтпайсың ба? Баланы басқа секіртетін «әкем-көкем» емес пе?

Көкесі кібіртіктеп, жүзін төмен салды.

— Қайда барсам, әйтеуір, жүз тайынша алдымнан шығады... Қа беке, өзің жайша жүрсің бе?

Қабдөш мұғалім жанындағы Телжанға бұрылды. Телжанның қайта оралған жаны қайта ұшуға айналды.

— Сендердің көшіп келгендеріңді естіп, бүгін ат басын арнайы осында бұрдым. Келген шаруам — мына баланың мәселесі. Өткенде бұны неге қайта алып қайтқаныңды түсінбедім, Әзеке. Ал ғашында бәріне келіскен сияқты едік.

Апасы күрсінді. Күрсініп алып:

— Сізбен келіскенмен, пәтер жағымен келісу қиын ғой, мұғалім. Баланы Жоламанның үйіне алып барған екен... — дей беріп еді, Қабдөш мұғалім:

— Ә, түсінікті, айтпай-ақ қойыңыз, — деп қабақ шытты. — Әзекең асыққан ғой, әйтпесе жөні түзу пәтер табылар еді. Бірақ әлі де кеш емес. Тоқмырза мұғалімді білетін шығарсыңдар?

— Білгенде қандай! Баяғыда мен оған шөбін тасып алуға торы атымды талай бергем, — деді көкесі желпініп.

— Ол кісі биыл пенсияға шыққан. Өзі де, әйелі де инабатты адамдар. Мен Телжанды солардың үйіне орналастырайын. Бір ай сабақтан қалса да, бұл баланың үлгеруіне өзім күш салармын. Жасы жеткен баланы оқытпай қоюға менің дәтім де, ұятым да шыдамайды...

— Ойбай, оқысын, құрғыр. Бұны оқытпағанда тайынша бақтырамба? — деп көкесі қалбалақ қақты. Апасы недәуір ойланып отырды да:

— Жарайды, мұғалім, Телжанды бір өзіңізге тапсырдық, — деді.

Телжан түс ауа, көк атқа мінген Қабдөш мұғалімнің артына жабысып, қыстаудан ұзай берді. Алдынан қара суық үріп тұрды. Қара жолда қаңбақтар далбақтай домалап жатты.

* * *

Телжан қоңыр мінез, қоңырқай тірлікпен Тоқмырзаның үйін де де бес айын өткізді. Бұл үйде мұның бетіне қарап, сен қалайсың дейтін пенде жоқ. Біртоға мінез Тоқмырза да, задында жуас Зәмзә тәтей де қатты сөйлеп, қабақ шытуды білмейді. Үйдегі бүкіл жұмыс ыммен тынып, ишаратпен істеліп жатады. Ең қиыны, сол ымды түсініп, ишаратты сезуің ғана. Айталық, үйге кіргеніңде Зәмзә тәтей аяғыңа сұқтанып көбірек қараса, жұлығыңа балшық көбірек жұққаны. Оны дереу тазалап келгенің жөн. Үйде ары-бері жүргенінде Тоқмырза жиі-жиі жөткі рінсе, тәпішкеңді тарпылдатпай, жайлап-жайлап бас қа-ның дұрыс. Тәпішке демекші, осы бір тырпылдаған дүние Тел жан ның аяғына бәле болып жабысқан. Өз үйінде етігі мен «вездеходтай» безіп жүруші еді, енді есіктен кірсе бол ды, тойтайып осы бәле күтіп жатады. Соның қырсығынан бә теңкеңді күніне жүз киіп, жүз шешесің. Алғашында бұған үйрене алмаған Телжан тәпішкесін сүйретіп сыртқа да шығып кеткен. Бірақ ол үшін бұған ешкім ұрысқан жоқ, Тоқмырза ағай тәпішкеге жабысқан балшықты пышақпен ұзақ қырды. Қы рып болған соң, сабынды сумен жуып, таза шүберекпен таба нын қайта сүртті. Сүртіп тұрып, бас шайқады. Бұдан соң Тел жан да аяғында не жүргенін ұмытпайтын болды.

Бұл үйде күйіп бара жатқан жұмыс та жоқ. Қорадағы бірер қарасы мен он шақты қой-ешкісін Тоқмырзаның өзі жайлайды. Отын-суын да өзі әзірлейді. Телжанның міндеті — соларды үйге кіргізіп, ұқыптап жинап қою ғана. Және бір қызығы, «Әй, сен мынаны істе» деп ешкім бұған тапсырма да берген емес, Зәмзә тәтей ақырын сыбырлап: «Үйде су таусылып қалған ба?» — десе, су әкелуің керек. Тоқмырза ағайдың ерні ғана жыбырлап: «Бөлме суық па, қалай?» — десе, отын әкеліп, от жағасың. Кеш кілік үшеуі үстелдің үш бұрышында отырып, тамақ ішуге кіріседі. Тамақ ішкенде өз үйіндегідей Телжанның аузы шұрылдап, мұрны шуылдап, ес-ақылы шықпайды, өңешінен ас жым-жырт қана жылжып кетеді. Ыдыс ұстаған қолы қалтырап тұратыны тағы бар. Өйткені... бірде үстел шетіндегі кесеге шынтағы тиіп кетіп, еденге құлатып алған. Құлаған кесе кескен алмадай екіге бөлініп қалған. Зәмзә тәтей оны ептеп көтеріп, терезенің алдына қойып қойған. Сол кесенің сынығы

«Мені көрдің бе?» дегендей, қыс бойы өз орнынан жылжыған жоқ. Телжан терезе алдынан ары-бері жүргенде, оған қарамай өте алмайды. Қараса болды, бұл үйдегі дүниенің бәрі жат, бәрі бөтен боп көрінеді. Өзінің де бөтен екенін сезеді. Соңғы кезде өзі адамдарға жатырқай, жасқана қарайтын да мінез тапқан. Өзге балалар сияқты жадырап күліп, жайраңдап жүре алмайды, үзіліс кезінде класта жалғыз қалып, терезеден сыртқа қарайды да отырады. Қысқасы, каникулда қыстаудағы үйіне барғанда, апасы да бұған таңғалған. «Құлыным-ау, неден жүдеп жүрсің, неге жүнжіп кеткенсің? Бала көрмеген үйдің базары сырдаң болушы еді, сол үйге қайдан тап болдың екен?» — деп көзіне жас алған, Телжан да үнсіз жылаған. Бірақ жылағаннан пайда не, каникул тез-ақ өте шығып еді.

Сол жылғы қыс та қыстығып, аш бөрідей ұлыды да тұрды. Қаңтар бойы қақаған аяздың соңы ақпан бастала ақ түтекке айналған. «Байтал түгіл бас қайғының» кебі ме, бұрын апта сайын ат басын ауылға бұратын көкесінің де аяғы суыды. Бұрын терезеден көрініп тұратын ауыл шетіндегі күре жолды да көбінде ақ мұнар басып жатады. Ақ мұнардың арасынан ноқаттай қара көрінсе, Телжан елең қағып есікке ұмтылады. Күтетіні — көкесі. Бірақ қанша күткенмен ол жуық арада келмеген. Сонан соң бір күні мектептен басы ауырып келді де, ерте қымтанып жатып қалды. Сол жатқаннан мол жатты. Тұла бойы от боп жанып, түн ұзақ аласұрып шығады. Кірпігі сәл ілінсе, үрейлі түстер көреді де, селк етіп шошып оянады. Оянған сәтте үй сыртында бір үйір ит ұлығандай ышқына соққан боран мен баған басындағы сымдардың сарнаған зарын естиді. Өстіп қиналып жатқанда, бірде түнде Зәмзә тәтейдің: «Бәлесі тиер, құрғыр, дәрігер шақырсақ қайтеді?» — дегенін құлағы шалып қалған. Кішкентай кезінде бір дәрігер жамбасына ине сұққанда, шыбын жаны шырқырап еді, енді тағы да ине сұқпақ, тағы да жанын қинамақ. «Қой, таңертең үйге зытайын. Жо лай машина кездесер» деп ойлады Телжан. Осы оймен сары таңды сарғайып күтіп алды да, елең-алаңда қалыңырақ киініп, сыртқа шыққан.

Аспан қаймақтанып, құбыладан қызыл суық үріп тұр екен. Бар қуатын төсек сығып алғандай тірсегі майысып, тізесі дірілдеп, аулада аз-кем бөгелді де, тәуекелмен түзге бет бұр ды. Артта Тоқмырзаның тоқал тамы қалып барады. Тоқал тамнан ұзаған сайын тынысы кеңіп, жүрісі ширай түскендей. Тек ауруынан әлі айықпаған ба, басы зеңіп, шекесі солқ-солқ етеді.

Аспан асты балапан басқан құс бауырындай түлеп жатыр. Ауада кесек-кесек ақ мамықтар қалықтайды. Ақ мамықтар сұп-суық боп бетке жабысады. Телжан ауылдан шыға бір терең науаға түсіп кеткен секілді, жолдың екі жиегіне үйілген сеңсең қар үлкен адамның бойынан асады. Үлкен адамның белінен ғана келетін бұл терең науаның ішінде құмырсқадай қыбырлап барады. Аяқ асты, аспан асты — бәрі-бәрі аппақ қар. Аппақ қарды қара пимасы сықырлата сызып келеді. Қыстауға дейін қанша шақырым қалғаны да белгісіз. Күн ашық болса, төңіректегі қой нау-қолаттарға қарап, қай тұсқа келгенін, тағы қанша жүре рін біліп отырар еді, амал не, қазір қарға адым жерден әрі бұл дыраған дүние — бұрқыраған ақ түтек. Осындай бұрқасында несіне жолға шықты екен? Бірақ шықпасқа шарасы болды ма? Бір апта ауырып жатқанда, үйден ешкім келмеді. Сол бір аптада күн сайын жағдайын біліп, жанашырлық көрсеткен жалғыз Қабдөш мұғалім ғана. Сол бір аптада бұл не ойламады десеңші! «Неге менің көкем ғана сиыр бағады? Неге ол да Сағынтай сияқты мектеп директоры болмады? Директор болмаса да неге ауылда тұрмады?» деген сұрақтар өзегін өрттей жалаған. Осы сұрақтар, міне, тағы да жүйкесін жеп келеді. Расында, көкесі директор болса, бұл өстіп қар жамылып, қалтырап келе жатпас еді, Сағынтайдың су мұрын баласы сияқты бұл да жылы үйде жымың қағып отырар еді. Сағынтайдың су мұрыны сияқты бұның да шанағы темір шанасы, өзіне шап-шақ шаңғысы болар еді. Шаңғы демекші, бұның қара пимасының өзі шаңғы секілді. Жарты құлаш тұмсығы қап-қайқы, ап-ауыр. Ұзын қонышы қылтасын қажай береді. Қайтерсің, «Әлі-ақ өсіп кетесің...» деп көкесінің сатып бергені осы ғой...

Телжан қанша жол жүргенін білмейді, әйтеуір, аппақ дүниенің ортасында құмырсқадай қыбырлап барады. Өзегі талып, таңдайы кеуіп келеді. Қыстауға жеткенше дымы құрып бітетін шығар, қазірдің өзінде аяғына қан түскендей адымы қысқарып қалған. Қырсыққанда, не алдынан, не артынан көрінген тірі жан жоқ. Пимасының сықыры мен жүрегінің дүрсілінен өзге селт еткен дыбыс та білінбейді. Қар үдей жауып тұр. Құбыладан соққан суық жел бар. Құбыладан соққан желдің арты қайсыбір күні алай-дүлей ақ боранға айналушы еді, япыр-ай, жол ортада арам қатпаса не қылсын?.. Басы құрғыр да мұздай құрысып, шекесі шыңылдап тұрғанын қарашы. Мынау аппақ дүние бірде қарауытып, бірде қып-қызыл боп кететіні несі? Аяғы неге тәлтіректей бастады? Шынымен-ақ бар күшінің сарқылып біткені ме бұл?

Телжан бірер минут бой суытып алайын деп, жол жиегіндегі қасат қарға сылқ етіп отыра кетті. Отырған сәтте көз алды тағы қып-қызыл болып, дүние төңкеріліп жүре берді. Жаңа ғана көлбей жауып тұрған қар енді шырақты айналған көбелектей шыр айнала жөнелген. Қайта тұруға ұмтыла беріп, етпетінен құлады. Маңдайы көк сіреуге шақ ете түсті... Бұдан әрі не болғанын білмейді, әлден уақытта көзін ашып еді, ұлпа қарға бір қырынан қисайып жатқанын байқады. Шынтақтай тіреніп, әзер бой көтеріп отырды. Жылайын десе, жылай алмайды. Айқайлайын десе, даусы шықпайды. Құдды біреу қарақұстан ұрып жыққандай мәңгіріп қалған сияқты. Қар әлі көлбей жауып тұр. «Жауады, — деді күбірлеп. — Әлі көп жауады». Бұны неге айтып отыр? Есінен адасқаннан сау ма өзі? Бойында жаны барда тағы алға жылжымай ма? Телжан орнынан тұруға енді ыңғайлана бергенде... кенет әлдеқайдан сиыр мөңірегендей болды. Бұл не, шалық па? Жо-жоқ, расында сиыр мөңірейді. Тіп ті жақын маңнан естіледі. Артынша бұлдыраған алдынан көп қаралы сиырдың қара-құрасы да көрінді. Қаптап келеді жа нуарлар... Мөңіреп келеді жануарлар. Манадан қыстығып отырған Телжанның көзінен жас бұршақтай жөнелді. Татар дәмі таусылмапты, жыламағанда қайтсін-ау?!. Көш алдында сабалақ жүнді бір сұр ит бүлкек-бүлкек етеді. Япыр-ау, мынау өз үйінің иті ғой. Өздерінің Құтпаны ғой. Бұлар қайда көшіп ба рады сонда?

Сиырлар бұдан үркіп, бір орында ұйлығып қалған. Көш со-ңындағы көкесі құрығын көтеріп, шауып жетті жанына. Телжан ұмтылып барып, тізерлей құлады.

—Тәңірім-ау, мынау Телжан ғой!.. Қайдан жүрсің, құлыным?! Қай құдай сені қаңғыртқан?! — деп көкесі аттан секіріп түсті. Сосын үстіндегі ұзын, қара тонын шешіп жіберіп, бұны тас қып орап, атқа көтеріп отырғызғанша, жирен қасқаға мінген апасы да жеткен қасына. Еміреніп келіп, егіліп келіп бетінен сүйген оған бір ауыз тіл қатуға Телжанда дәрмен жоқ еді...

Бұл кейін білді, совхоздың ойдағы шөбі таусылып, ірі қараны жайлаудағы қыстауларға шұғыл көшірген екен.

* * *

Жайлауға келген соң Телжанның бойы серги бастады. Көкесі: «Биылша енді оқымайсың», — деп көңілін де жайлап қой ды. Бірақ бір апта өтпей-ақ сол жайлы көңілі тағы сүттей іріген. Малшыларды аралап жүрген бөлімше бастығы көкесіне бір жапырақ хат тастап кеткен. Бір жапырақ хатты жарым сағат ежіктеп оқыған ол:

— Қабдөш мұғалім балаңды қайтар деп жатқан көрінеді. Қай теміз, Бағаш? — деген қиналып.

— Бала биыл оқымайды, — деді апасы қысқа ғана. Телжан іс осымен тынған шығар деп еді, арада төрт-бес күн өткенде Қабдөш мұғалімнен және бір хат жетті. Сөзінің тоқетері біреуақ: «Әзеке, балаңды оқуға қайтар...»

— Бір бала оқымаса ақшасы кеміп қала ма, бәтшағардың? Еш қайда жібермеймін Телжанды, — деді апасы бұ жолы да қасарысып.

Сосын көп өтпей-ақ үшінші хат қолына тигенде, ол күйіп кеткендей болды да, дереу өзі жауап жазуға отырды. Сондағы ұзақ хатының ұзын-ырғасы: «Баламды бала көрмеген үйге тұрғызып, құсадан қан құстыра алмаймын. Бітті!..»

Амал не, апасы «бітті» дегенмен, Қабдөш мұғалім «бітті» деп нүкте қоймады, үш күн өткен соң ауылдан келген біреу көкесіне тағы бір хатты табыс еткен. Бұл оның төртінші хаты және соңғы хаты болатын. Бұрынғы «Әзекесі» жоқ. «Әзберген» деп турасына көшіпті: «Әзберген, балаңды осы аптаның аяғына дейін жеткізбесең, өзім барып алып қайтамын. Мені босқа қи нама... Пәтер жағына қиналсаң, бала біздің үйде тұрсын...»

Көкесі жирен қасқаға шананы шегіп жіберіп, Телжанды сол күні ауылға ала жөнелді. Кештетіп үйге кірген бұларды Қабдөш мұғалім де қуана қарсы алған.

— Қабеке, бәрінен бұрын өзіңнен ұялдым, — дейді көкесі ақ-талған боп.

— Менен ұялма, Әзеке, ұрпағыңнан ұял. Ұрпағыңның болаша ғынан ұял. Біз жетпеген биікке осылар жетсе бопты да, — деп ол Телжанның маңдайынан сипаған.

* * *

Арада талай жыл өтті. Телжан көпке белгілі талантты сурет ші болды. Сол атағымен өткен жылы ауылға келгенде, көшеде кездейсоқ Қабдөш мұғалімді кездестірген. Қартайса да бастауыш мектепте әлі мұғалім екен. Бірақ жұрт оны бұрынғыдай «Қабдөш мұғалім» демей, жай ғана «Қабеке» дейтін көрі неді. Телжан да ақырын: «Есенсіз бе, Қабеке?» — деді.

«Ассалаумалейкүм, мұғалім!» десем, аузым қисайып кететін бе еді?» — деп артынша өкініп те қалды...

2. «ЖЫЛЫЖАЙДЫҢ» ҚИЯРЫ

Тып-тыныш тұйық көшенің шетінде түксиіп тұрған бес қа батты сұрғылт үйдің ортаңғы подъезіне кіре бергенде-ақ тұла бойын суық ызғар қарып өткендей болды. Жаңағы күнге шағы лысқан сырттағы аппақ қардан соң көзі де кенет көрмей қалған секілді, тек сәлден кейін ғана қара түнек сейіліп, қарсы алдынан бел ортасы мүжілген тас баспалдақ пен екі есіктің нобайы байқалды. «Төртінші қабат, отыз бесінші пәтер» деп іштей қайталады. Сосын жұлығына жұққан көбік қарды табалдырыққа теуіп-теуіп түсірді де, жайлап басып, жоғары көтеріле бастады.

Ертеректе еңсе көтерген үй болса керек, әр қабаттың арасы арқан бойы биік, ұзын баспалдақтары тіп-тік екен, төртінші қабатқа табан тірегенше тынысы тарылып, әжептәуір демігіп қалған. «Көшеде көлеңкесіне сүрініп жүрген байғұс кемпірге мына биіктен түсіп-шығу да мұң шығар...» Былғары қолғабын шешіп, тоңазыған саусақтарын ыстық демімен үрлеп-үрлеп қойды да, шағын дәлізге көз салды... Қарама-қарсы екі пәтер... екі есік... Екеуінің де қоңыр дермантинмен қапталған, тысы әбден тозған, жиектері жыртылып, кәрі қайыңның қабығындай әр жері тілім-тілім боп ырсиып тұр. Қала үйлеріне тән сонадайдан көзге шалынатын пәтер нөмірлері де көрінбейді, бұл тек сол жақтағы есіктің алқым тұсына үңіле келіп, бір кезде темір цифрмен шегеленген «35»-тің орнын әзер тапты. Іздеп келген пәтері осы. Іздеп келген пәтерінің есік-тұтқасы да жоқ, сұқ саусақ сыйып кетердей үңірейген тесіктің маңайы май жұққандай жылтырайды. Сырт киімінің жұқалығы ма, әлде осынау алакөлеңке подъезд іші сырттан да суық кө рінді ме, қарадай қалтырай бастаған бұл енді тезірек үйге кі руге асыққан. Бірақ, неге екені белгісіз, алдындағы алқа-сал қа есік тің арғы жағында бұны ешкім күтіп отырмағандай, та бал дырықтан аттаса болды, қап-қара тас үңгір, тар қапасқа тірелетіндей және біраз бөгеліп қалды. Сонан соң жақтаудағы қоңырау түймесін ақырын ғана басып, кейін шегініңкіреп тұрды... Жым-жырт... Сәлден соң түймені қайта басты да, ішке құлақ тосты... Әлдебір қуыстан күңгірлеп сөйлеген радионың даусынан басқа тырс еткен дыбыс білінбейді. Мүмкін, қоңырау үнін естімей отырған шығар?.. Бас бармағын батыра түсіп түймені ұзағырақ басқан... Тым-тырыс. Үйде тірі пенде болса ендігі бір тықыры білінер еді, шамасы, сыртқа шығып кеткен секілді. Бір күнін майып қылып, қаланың сонау шетінен әдейі іздеп келгенде, мына мелшиген есікке тап болғанына бұның кілт ызасы келді. Бірақ кешегі көктайғақ көшеде аяғын мұзға кірш-кірш қадап, сүйретіліп бара жатқан шүйкедей қара кемпір көз алдына елестеді де, қайта сабасына түсе берген. «Алысқа ұзап қайда кетті дейсің, кәрі қойдың өрісі белгілі ғой».

Мұздай сіресіп тұрған қабырғалардың сызы сүйектен өтердей екен, бой жылытпақ болып подъезд ішінде ары-бері жүре бастады. Баспалдақ тұсындағы ұзыншақ терезенің жалғыз көзін қырау басқан, жұқалау ғана көгілдір жарығы көмескі де күңгірт. Босағадан қопсып түскен бір кесек цементті етік тұмсы ғымен төмен түсіріп жіберіп еді, иесіз қаңырап қалған үйдей бүкіл этаж күңгірлеп қоя берді. Іле үшінші қабатта бі реу есігін болар-болмас сықыр еткізген. Бұл кілт еңкейіп, бас палдақ қуысынан төмен үңілгенде, аяққы есіктен қылтиып тұр ған көзілдірікті бас маңайына жалтақ-жалтақ қарап алды да, қайта ішке зып ете түсті. Басына кепкен қарын кептегендей қатқан қара шал екенін қас қағымда бұл байқап үлгерді. «Жанының тәттісін!» — деді іштей мырс етіп. Сосын ерніне темекісін қыстырып алып, подъезді тағы шиырлап кетті.

Шамасы, түс ауған шақ сияқты. Күткені әлі жоқ. Қолын бір сілтеп жүре беруге жүрегі дауламайды, біраз тоса тұрайын десе, башпайларының басы шым-шым етіп шыдатар емес. Өзіне де обал жоқ, қайдағы бір бейбақтың боз інген бошалап кеткен жылы жоғалған ұлының суретінде несі бар еді? Енді, міне, біреудің босағасын күзетіп, бостан-босқа дірдектеп тұрғаны мы нау... Осы қырсыққа қайдан ғана тап болды екен?..

Кеше кешкісін жұмыс шеберханасынан кештеу шыққан беті болатын. Күні бойы тұнжырап тұрған аспан асты ашылып, жер мен көктің арасы биіктей бастапты. Таңертеңнен тар шебер ханада көңірсіген бояу иісі мен темекінің көк түтініне көміліп отырған бұның да бір сәт кең сарайы ашылып, таза ауада біраз бой сергітіп алғысы келген де, көше шетіндегі көктайғақ тротуармен үйіне жаяу тартқан. Бұл уақытта жұрт та жұмысынан тарап, қаланың қан базары тіптен қайнай түскен кез еді, ағылып-сабылып жатқан қалың нөпірмен бірге бір-екі кварталды қиып өткен соң, сол жақтағы қапталға бұрыла бер-гені сол... кенет трамвай жолы өтетін көлденең көшеде машиналар азан-қазан болып, бірінен соң бірі шиқ-шиқ етіп тоқтай қалған... Қарсы беттегі светофордың қызыл көзі қылиланып кетіпті. Сол қызыл көзге қарай, «қырып жіберсең де мейлің» дегендей, бір ілмиген кемпір ілби басып кетіп барады... Алдыарты түгел машина. Япыр-ай, басып кете ме, қағып ке те ме деген қауіпті қаперіне де алар емес. Сөйтіп маңайына селт етпеген қалпы ол жол жиегіне жеткен де, бүкеңдеп тура жүре берген. Көк жарық жансымен бұл да арғы бетке өтіп, кемпірдің ізіне түсті. «Қартайған сайын адам жаны тәтті болады деу ші еді, қатер атаулыға қас қақпаған қандай жан?» деп ой ла ды бұл. Кім де болса, әйтеуір, тірі адамның тіршілігін жа сап, бір қолымен таяққа сүйеніп, бір қолымен тор дорба көтеріп, жыбырлап барады алдында. Темір таяқ көк тайғаққа кірш-кірш қадалады... Кең қонышты қара пима жер сызады сүйретіліп. Түгі қырылған түбіт орамал бір жағына қисайып кеткен... Соңынан біреудің өкшелеп келе жатқанын сезді ме, біраздан кейін ол біртіндеп жолдан қиыстай бастады. Бұл да одан озып кетпей, жүрісін тежей берген. Бірақ кемпір сол қиғаштаған күйі... бұл «әу» дегенше, жол жиегіндегі арық қа күмп ете түсті. Қолтығындағы шиыршықтап оралған ақ қағазын лақтырып тастап, бұл да арыққа секіріп түсті де, көтерем тоқтыдай тырбаңдап жатқан оны қаңбақтай көтеріп, жолға тік қоя салды.

— И-и, тәйір-ай, — деді ол көнетоз сұр пальтосының етегін қақ қыштап. — Құлап қалдым ба, қайттім?..

Алақандай беті әжім-әжім, шүйкедей ғана қара кемпір екен. «Өзің кімсің?» дегендей, ол да бұған жасаурай қараған. Қа раған да:

— Рәш, — деген даусы қалтырап. — Құдай-ау, дәл Рәш... Құдды Рәш... Сепсиген сақалына дейін аумай қалғанын...

Оның қайдағы Рәшті айтып тұрғанын бұл қайдан білсін, есіне ауылдағы өз шешесі түскен де, іші іріп жүре берді. Соңғы кезде ол да өстіп тым шөгіп кетіп еді.

— Шешей, қай жерде тұрасыз, жүгіңізді жеткізіп берейін, — деді тор дорбаны жерден көтере беріп, «Шешей» деп сызыла қал ғаны өзіне ыңғайсыз да көрінді. Сонысын жуып-шайғысы келгендей, іле:

— Жүгіңіз ауыр екен, апа, — деп дорбаны салмақтап қойды. Расында зілдей екен құрғыр. Ішінен ақ қағазға оралған әр түрлі буыншақ-түйіншек пен төрт-бес шиша айранның көк қалпағы қылтияды. Кемпірді арыққа сүйрей жөнелген де осы сүйретпесі сияқты.

—Е, әуре боп қайтесің, күнім... Үйім әнеу көшенің бұрышында ғана, — деп ол таяғына қол созған.

— Жо-жоқ, жеткізіп салайын, апа... Асығыс емеспін, — деді бұл кемпірді қолтығынан демеп.

— Бұның несі ауыр дейсің, күнде көтеріп жүрген көк дорбам ғой... Ішінде іліп алар да ештеме жоқ, кепер-сепер, сүт дегендей бірдеме... Жолыңнан қалмасаң, жүре ғой. Өзің бір Рәш секілді бала екенсің... И-и, құлыным-ай, жағы қудай боп жүріп сақал жібергені не сән?.. Рәшті айтам да баяғы, — деп, кемпір жүре сөйлеп, жолға түскен.

— Жүріп келе жатып қалғып кеткеніңіз не? — деді бұл өзінше әзілдеген боп.

— Алжыған кемпірден не сұрайсың, күнім?.. Әлгінде әншейін Рәшті ойлап келе жатқам... Адамның түсіне де қайқай дағы кірмей ме, бәтшағар. Кеше түнде деймін-ау, сұғанақ ой лар сілемді қатырып, ұзақ уақыт ұйықтай алсамшы. Тек таң ға жақын кірпігім ілініп кеткен екен... көз алдыма Рәштің келе қалғаны... Дәл баяғыдай әкесінің мойнына мініп алып, арсалаңдап отыр құлыным. Бірақ, жүдә, үлкен боп кеткен екен деймін, сақалы сепсеңдеп әкесіне «Шүу-шүу» деп қояды тебініп. «Балам-ау, сереңдеген аяғыңмен өкпесін езесің ғой, түссеңші» деймін күліп. Ол маған бұртия қарайды да, үндемейді... Енді бір сәтте о, құдауәндә... әкесінің жап-жалтыр басын қаламұшпен сыза бастайды шимайлап. «Қой, әй, көзін шығарасың!» деп шошына айқайлап, ояна келгенім... Жатқан жері жаннат болғыр, әкесі марқұм Рәшті қатты жақсы көруші еді, бірдеме дәметіп жүр ме, кім білсін... Аруақтарды ауызға алып, дәм татуға да кәрі-құртаң қалды ма қазір?..

Бұның ойына тағы ауылдағы өз анасы оралған. Үйге барған сайын ол: «Жарығым-ай, әнеу күндері бір нәрсеге қатты ренжіп жүрдің-ау, түсіме тым жүдеу кірдің сонда. Басым жастыққа тисе болды, көзің кіртиіп, бір бұрышта үрпиіп отырғаныңды көрем. Сосын оянған кезде жылап та аламын. Өстіп жүрген мен байғұста не ес болсын, кейде самауырға су құям деп сүт құйып, мантырам отырам да», — дейтіні бар.

— Балаларыңыз бар ма, апа? — деді бұл жер асты баспал дақ-тарымен көшені қиып өткен соң.

— Е, неге болмасын?.. Бәрі де ержеткен. Бәрін де адам еткенбіз. Әйтеуір, жерде қалған бірі жоқ. Үлкен ұлым — енженер, Тәшкенде тұрады. Өткен жазда кәмәндиропкеге келгенде, үйге де соғып аттанған... Одан кейінгі қызым кәндидат, инстотта сабақ береді. Кейінгі кезде ол да үйге жиі келіп жүр. Ана айдың басында ғана ыдыс-аяғымды түгел жуып, кітаптардың шаңына дейін сүртіп кетті, — деп кемпір тірлігіне шүкіршілік еткендей, сөзін шұбырта созды.

«Күлсең, кәріге күл» деп бұл жымиды да қойды. Әйтпесе «кән дидат» қызға кітаптың шаңын сүрту сөз бе екен?

— Қызыңыз бұрын алыс жерде тұрған ғой, — деді бұл оның «кейінгі кезде жиі келіп жүр» дегеніне орай.

— Жоғә, туғаннан осы қалада. Әкесі марқұм есік-тесікті саға лап жүріп, көзінің тірісінде екі бөлмелі үй алып берген... Осы арадан төрт-ақ астанөпке жерде... Е, оны қойшы, жақсыжаманы көз алдымдағы бала ғой, бәрінен де Рәшті айтсаңшы... Со баланы ойлай-ойлай есалаң боп біттім, тегі. Күндіз-түні елесі бір кетпейді есімнен... Тегін емес қой бұнысы, тегін емес. Аман-сау жүрсе, тоғыз айдан бері бір хабарын бермес пе еді?.. Бүгін, міне, декәбірдің жиырмасы. Осыдан тура тоғыз ай үш күн бұрын — марттың он жетісі күні соңғы хат келді де, содан үшті-күйлі жоғалды... Со хатында жуықта Лейсіп деген қалаға стажерөпкеге жүрем, келесі хабарымды сол жерден күт деп еді... Әй, тегін емес қой... тегін емес... Баяғыда әкесіне құдайдың зарын қылып айттым, бір балаңды Мәскеуден оқыттың ғой, Рәшке Алматы да жетер, осы арадан бітірсе де жерде қалмас де дім. Оған көнді ме?.. Енді не өлі, не тірісін білмей, құр сүлдерім жүргені мынау... Әй, тегін емес қой, — деп, кемпір көзіне жас алды.

«Балаңыз қай оқуды бітірді? Қашан бітірді? Мамандығы не?» деген сұрақтар бұның көмейінде кептеліп-ақ еді, бірақ өзі де қапалы жанды қазбалай түсуді жөн көрмеді де, үндеген жоқ.

— Міне, келіп те қалдық, — деді кемпір бір бес қабатты үйдің бұрышына тақала бергенде. — Мен осы үйдің төртінші қабатында тұрамын. Пәтерім жайлы, үш бөлмелі... Асықпасаң, жүр, дәм татып шық.

— Рахмет, — деді бұл үйдің бас-аяғына барлай қараған қалпы. Еңсесі биік-ақ тіпті. Құдды үй емес, тас қамал ма дейсің. Сұпсұр сыртының өзі мысыңды басатындай. Терезелері де темір қақпадай өңкиіп тұр. Бірақ, бір қызығы, сол терезелердің көпшілігі қап-қара боп түнеріп, тіршіліктен титтей белгі таны тар емес. «Ел орынға қонбай жатып, отын ерте өшірген бұл қандай жұрт?» деп ойлады бұл. Мүмкін, ешкім тұрмайтын шығар?..

— Апа, анау терезелер... бос пәтер ме? — деген сосын.

— Балам-ау, қалада бос пәтер болушы ма еді? — деді кемпір бұның қолынан дорбасын алып жатып.

— Мен әншейін... шамына қарап...

— Е, балам, кезінде бұл үйдің де оты ерте жанып, кеш сөнген... Іргесінен иттің өзі именіп өтетін күн болған. Қазір ғана ғой қу мазардай қаңырап қалғаны, — деп кемпір жүре берген. Бірақ сәл ұзап барып, қайта бұрылып еді. — Ойбүй, күнім-ай, тарс есім нен шығыпты-ау!.. «Мыңның түрін танығанша, бірдің атын біл» деген, атың кім өзіңнің? Қандай жұмыс істейсің?

— Атым — Телжан. Суретшімін.

— Е-е, солай де... Бала кезінде Рәш та бірдемені шимайлап оты рушы еді... Сонда сен адамның да суретін жасайсың ба?

— Жасаймын, — деді бұл кемпірдің «жасайсың ба?» дегеніне күліп.

— Жақсылығың құдайдан қайтсын, күнім, сен онда маған Рәштің суретін үлкен етіп жасап берші. Үйдегі кәртішкесінің бәрі бармақ басындай ғана. Сен солардың бірін үлкейтіп көрші. Ақыңды жемеспін.

— Ақыңыздың керегі жоқ. Қашан келейін сізге?

— Тура ертең кел. Мен қай уақытта болсын үйдемін. Төртінші этаж, отыз бесінші пәтер... — Ол сөзін аяқтағанша, кенет маңай көз қарығындай жап-жарық боп кетті. Кемпір тұратын үйдің дәл қарсысынан тағы бір бес қабатты үй салынып жатыр екен де, оның қасқа маңдайынан қуатты прожектор жарқырап шыға келіпті.

— Әкелерін қоюға асыққандай жанталасуын, — деп кемпір түн жамылып жұмыс істеп жатқандарды жаратпағандай бір уыс беті тыржиып сәл тұрды да, кете барды.

Құрылыстың даң-дұң шуы жүйкесін жейтін шығар, әйтпесе мұндай үйдің тез біткеніне қуанбай ма деп ойлады бұл. Расында, сырты сымбатты-ақ еді оның. Әр қабатты тұтас ораған ұзын балкондарына қарағанда, өзі тұрғын үй секілді. Ақ қаңылтыр жапсырған терезе жақтаулары прожектор жарығымен шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Үйге кіре берістегі мәрмәр баспалдақты, «қайсың кірсең де, қадамың құтты болсын» дегендей, бір-екі қыз тап-тұйнақтай етіп сыпырып жүр. «Ертең біреулер осында тұрады ғой, ұл-қызымен қызығын көреді ғой. Қандай бақытты жандар?!» деп бұл үйге қызыға қараған...

...Ту сыртынан тырс етіп есік ашылды. Манадан суық подъез де сықырлап тұрған Телжан жалт бұрылғанда... жүрегі зу ете түсті. Сол жақтағы пәтерден аузына үлкен сумка тістеген та йын шадай сұр ит шығып келеді екен. Артынша оң қолымен таяқ, сол қолымен иттің жібін ұстаған бір кемиек кемпір де көрінді. Иттің құлағы тікірейіп, табандап тоқтай қалған. Кемпір көгілдір көзімен бұны тінте қарап, аз-кем бөгеліп тұрды да:

— Ах, ты бессовестный! — деді іс-міс жоқ. — Опять пришел!.. Опять хочешь что-нибудь воровать, да! Жулик ты, бородатый.

— Я не к вам...Я к вашей соседке... с тростиком, — дей берді бұл абыржып.

— Тут все с тростиком. Ишь ты какой умный!..

Осы сәтте, о, тәубе!.. Күн ұзақ күттіріп қойған есік оп-оңай ашыла салғаны. Ашыла салғанда, сүріне-қабынып кешегі кемпір шыға келгені.

— Машенька, ты что! Он же ко мне...

— Так оно что. Я думала... опять тот бородатый...

— Ой, алжыған неме, сақалдының бәрі ұры мен қары деп пе едің? О, несі, әй, тегі... Жүре ғой, күнім, жүр тез. — Кемпір

бұны иттен жасқап, үйге кіргізіп алды да, есігін сарт еткізіп жа ба қойды. — Жо-жо, етігіңді шешпей-ақ қой, күнім. Еден деген мұздай, құрғыр. Түу, өзің боп-боз боп кетіпсің ғой.

— Манадан кіре алмай... қоңырауды басып...

— Ой-бұй, балам-ай, түнде ұйықтай алмаған соң, мана түкпірдегі бөлмеге қисая кетіп едім... тастай қатыппын, тегі... Етігіңді шешпе дедім ғой саған, еден жүдә суық мұнда. Былай... залға қарай өте бер, мен қазір ыстық шай дайындап жіберейін. Айтпақшы, жаңағы кемпірге ренжімей-ақ қой, о да бір жүйкесі жұқарып жүрген жанның бірі. Өткен аптада есігін жөндетіп алайын деп сақалы сепсиген біреуді сүйретіп келсе, сол сілімтік немесі сөзге айналдырып отырып, аяққа жағар спіртін қағып кетіпті. Содан бері сақалды көрсе, сайтаны қозып шыға келетіні бар. Сүйенері жоқты сүмелек те басынбай ма, тәйірі...

Босаға тұсындағы қара диванға жайғасқан бұл біразға дейін діріл қағып отырды да, тек не заматтан соң бойына жылу шымшымдап кіріп, мұздай сіресіп қалған аяқ-қолына қайта жан біте бастады. Расында үй салқындау көрінді. Күлгін түсті пердесі жартылай ашылған қос терезе жақтан аздап сыз білінеді. Бөлме іші күңгірт, қабырғалардың әр жері қабыршақтанып, әлгі қопсып түскелі тұр. Дүние атаулыдан көзіне іліккені: сол жақ қанатқа тұтастай тұтылған түкті кілем... төбеден салбырай төнген хрусталь моншақты люстра... төрде оюлы сандықтың үстіне қойылған ескі телевизор. Бұның бәрі жиырма-отыз жыл бұрын кез келген үйден кезіге бермейтін «ішің күйсін» бол ғандай. Қазір де жуып, тазалап жіберсе, жұтынып шыға келетін түрі бар. Бұл енді диван жақтауына қолын ұзыннан са лып шалқая отырып еді, шынтағына қатты бір заттың батқаны байқалды. Қараса, қабырға қуысына қыстырылып тұрған әлдебір рама екен... Диванды бері жылжытып, суырып ал ды... Портрет... Майлы бояумен салыныпты. Шаң басқан бе тіне үңіле келіп, оның Таңатар ақын екенін әзер таныды. Тап-тақыр басы мен ұялы қара көздеріне шыбын қона-қона, ақ жағал тартқан. «Көзден кеткеннің көңілден кетері» осы. Суреті қайдан жүр екен мұнда? Бұдан он бес жыл бұрын бірінші курсқа қабылданғанда, бұлар осы ақынмен кездесу өткізген. Сонда ол бұған «Босаға» деген кітабына қолтаңба да жазып беріп еді. Ондағы бір өлеңді бұл әлі күнге жатқа біледі. Басы қалай еді өзі?.. Иә, былай...

Тығылып жатып тасада Тас атар тағдыр — бособа. Тосқауыл тyрар тосынeа Осы lйге болдым босаeа... Әкенің жолы тиын-ды, (Әкелер сезер күйімді). Iалтырап жlріп lа7тарда Шілде боп жылыттым үйімді...

— Шай қайнағанша Рәштің суреттерін көре отыр. — Кемпір қара пимасын сүйрете басып келіп, бұның алдына төрт-бес альбом қойды.

— Сіздер Таңатар ақынмен таныс па едіңіздер? — деді бұл порт ретті қабырғаға сүйеп жатып.

— Күнім-ау, ол Рәштің папасы емес пе? Кешеден бері не ұмыттым десем, өз жөнімді айтпаппын ғой. Мен осы ағаңмен қырық жыл отасқан Алмаш деген апаңмын. Сен оны қайдан білесің?

— Қазақша оқыған қай бала Таңатар ағаны білмейді, апа? Біз де солардың біріміз.

Даусы қаттырақ шығып кеткенін кейін аңғарды. Ойда жоқта ақын үйіне тап болғанына қуанып қалған жайы бар.

— Ауылда өскен баласың ғой, тегі. Әйтпесе қырық жыл бір іннен өріп, бір шаңырақтан бас көтеріп жүрген көршілердің өзі оның қай кітабын біледі? Көрші деймін-ау, өткен жолы, өзі міздің Маяны айтам да, әкесінің бар жазғанын жиып-теріп баспаға ала жөнеліп еді, кейін біреу звондап кеңк-кеңк күле-еп тұр. «Бізге қазақ әндері емес, Тәкеңнің өз жазғандары керек», — дейді масқара болғанда. Сөйтсе, әлгі жаман қыз әкесінің өлең кітаптарының арасына «Құлақтан кіріп, бойды алар» деген ән кітабын да қосып жіберіпті... Қой, үйбай, шайымды көрейін барып.

Телжан кемпірді біртүрлі аянышты көзбен ұзатып салды да, альбомдарды ақтаруға кірісті. Қоңыр пүлішпен тысталған бірінші альбомның алғашқы бетіне үлкен әріптермен «Рашид в детстве» деп жазылыпты. Рәш, Рәш дегені — Рашид болды ғой деді де, екінші бетті ашты... Тәкең екі-үш айлық нәрестені алақанына салып көтеріп отыр. Жанында Алмаш апай. Екеуінің де жастау кездері. Тәкең ақ көйлегіне шоқпардай қара галстук байлапты да, апай шашақты гүлді орамалды мойнына бос орай салыпты, мойыл қара шашын шөмеледей етіп төбесіне түйіп қойған. Екеуінің де бір сызатсыз балауса жүздерінен қайғысызмұңсыз күндердің ыстық лебі ескендей. Екеуінің де мөп-мөлдір тұнық көздері нәрестеге риясыз қадалып, жып-жылы жымия қалған. Анау қабырғаға сүйеулі тұрған шаң-шаң портреттегі шөміш иек, айна таз Тәкең мен мына ас үйдегі шүйкедей кемпір, бір кезде осындай уылжыған жас болды дегенге сенгің келмейді... Альбомның келесі бетінде открытканың көлеміндей екі сурет жапсырылыпты. Жоғарғысында... Тәкең мен апай жеті-сегіз жасар бір ұл, бір қызды жетектеп, желекті бақ ішінде бесік-арба итеріп келеді. Шамасы, мамыр айы сияқты, төңірек түгел аппақ гүлге оранған, ағаш бүрін үрлеп қалсаң, үлбіреп ақ көбелек ұшатындай. Жетектегі ұл мен қызды да ақ көбелек тей үлбірете киіндіріпті. Бұлардың бірі — кемпір айтқан әлгі әке сінің өлең кітаптарының арасына «Құлақтан кіріп, бойды аларды» қосып жіберген «жаман қыз» да, екіншісі — «қазір Тәшкенде тұратын, өткен жылы командирөпкеге келгенде үйге де со ғып аттанған енженер» ұлы болса керек. Бесікте жатқаны, әрине, Рәш қой... Ал төменгі суретте екі беті алмадай сәби тырбиған саусақтарын алға созып, мәз боп отыр талпынып, шаттанып отыр қуанып. Шіркін, баланың қуанышынан тәтті не бар, тіпті қарай бергің келеді елжіреп. Бұл да Рәш қой, әрине... Телжан бұдан кейінгі беттен Тәкеңді де, Алмаш апайды да көре алмады, түрлі түсті үлкен суретте ақ халатты екі әйелдің ортасында он шақты бүлдіршін моп-момақан мөлдірей қалыпты. Бәрі бірекілер шамасында. Бәрі бірдей бұртиып, әлденеге ренжігендей томсара түскен. Ең алдыңғы қатарда отырған Рәштің көзінен таңғы шықтай мөлтілдеп бір тамшы да үзілгелі тұр... «Папа-мамам қайда менің? Қайда тастап кетті мені!» деп жылап алған секілді. Суреттің төменгі жағына қызыл сиямен «Первый день в дет-ясли» деп жазылыпты.

Телжан альбомды асықпай парақтап отыр. Саусақ ұшынан қатпар-қатпар, түрлі түсті, үлкенді-кішілі небір сурет сусып өтіп жатыр... Рәштің сәби күндері... Балдай тәтті балалық шағы... Қызықты да қымбат мектептегі кезі... Ақ шатырлы пио нер лагері... Алыс-алыс сапарлар... Міне, ол бұйра шашы жел біреп, Ыстықкөлдің жағасында жүгіріп келеді жалаңаяқ... Әне, әкесімен бірге Кремльдің алдында тұр монтиып... Мына бір суретте Ай-Петриге шығып барады өрмелеп. Қандай ғажап?! Бармақтай баланың бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Туа салып бар қызыққа күмп берген. Бар тамаша құшақ жайып күтіп тұрған алдынан. Қарайсың да қызығасың. Қызығасың да қызғанасың. Тас көмірді көрсе: «Бұ не деген құмалақ?» — дейтін осындай балалар шығар. Ал сол «құмалақты» бұл — отыздан асқан осы Телжан әлі күнге отқа жағып, шай қайнатып отырғанын сол балалар қайдан білсін?.. Әрі-беріден соң, бі реудің суретін салам деп, қақаған суықта қалтырап келген осы Телжанның балалық шағынан қалған өз суреті кәне? Алты жасында жайлауда геологтар түсіріп алған жалғыз фотосы бар еді, кейін жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүргенде, ол да жоғалып тынған...

Саусақ ұшынан түрлі түсті, үлкен-кішілі небір сурет сусып өтіп жатыр. Сурет емес, Рәштің бүкіл жүрген ізі, есею жолы, бақытты да қуанышты күндері бұның көз алдынан сырғып өте бергендей... Ол үнемі әдемі киінген. Не кисе де үстіне құйып қойғандай қона кеткен. Бір киіммен екі рет түскен суреті де жоқ... Міне, ол жүні сыртына қараған қара тон киіп, паркте тұр. Не бары он-он бестегі кезі, бірақ үлкен адамдай шірене қалыпты шіркінің. Телжан ернін тістеді. Көкесі қырық жыл бойы қой бақса да, бұл мұндай тонды өңі түгіл түсінде де киіп көрді ме? Тон демекші... Баяғыда... бұның да он-он бестегі кезі еді. Ауылдан бес шақырым жердегі қыстаудан барып-келіп оқитын. Үстіне кигені ағасы Сейдештен ауысқан ескі пальто еді. Өзі ескі, өзі кең киімде қайбір лыпа болсын, етектен үрген жел қойын-қолтығын қуалап, жонарқасы бір жылынбай, мұздайтын да тұратын. Бұның бүрсең қағып жүргенін көргенде көкесі: «Келесі айдың біріне дейін шыдай тұр, құлыным, сонда жылы тон алып беремін», — деп дәмелендіріп қояды. Әне-міне дегенше, «келесі айдың бірі» де келіп жетеді. Бірақ сол уақыттағы малшылардың жайы да мәз болмады ма, көкесі ауылға барып келгенде, бала-шағасынан ұялғандай көпке дейін бүгежектеп, жүзін төмен сала беретін... Сосын бұл тағы «келесі айдың бірін» күтуші еді. Өстіп жүргенде қыс ортасында ескі қора ның жарты төбесі құлап түскен де, қырық шақты қой қырылған да қалған. Содан кейін-ақ көкесінің мойнына су кетті, алғанынан «салғаны» көбейіп, көпке дейін тек төлеуден көз ашпай қойды. Көпке дейін үйдегі жеті бала да бірінің ескісін бірі киіп, бірінің жыртығын бірі жамап, әйтеуір, ілдебайлап күн кешкен. Неге екенін кім білсін, Телжан қазір сол күндерді бір тәтті қимастықпен, ыстық сағынышпен еске алатыны бар. Еске алса, енді айналып келмейтін ең аяулы сәттерінен қапыда айырылып қалғандай қайран жүректің сыздай қалатыны тағы бар. Расында, тым аяулы еді сол күндер. Үйелмелі-сүйелмелі жеті баланы жеткізем деп жүріп арқа еті арша, борбай еті борша болған ата-анаға деген аяушылық, бүгінде өзінен бұрын өзгені ойлап, «мен жемейін, сен же» дейтін жеті баланың бір-біріне деген аса жанашырлығы, жалпы адам баласына деген ыстық сүйіспеншілік — бәрі-бәрі бұлардың бойына сол бір шақта дәнін сепкен секілді. Шүкіршілік, осы мінез, осы қасиеттен айныған әлі ешқайсысы жоқ, бұдан басқасы ауылдан шашау шықпай, қара шаңырақты жағалай түтін түтетіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлікті сүттей ұйытып отырғандары анау. Ел мен жерден ерте жырақтап кеткенмен, бұның да жарты жаны ауылда жүреді. Және қаншама жыл қалада тұрса да, кірпігі іліне қалса, баяғы ескі қыстаудан бірақ шығарын қайтесің? Сөйткен ауылға бармағалы да жылдан асыпты. Сөйтіп өсірген ата-анасына хат жазбағалы да екі айдың жүзі болыпты. Бар сылтауды шаруаға жауып, бар кінәні күйкі тірлікке тіреп, өзін-өзі алдаумен, жұбатумен жүрген жүрісі осы... «Мұндай тірліктің атасына нәлет! Жаз шықса екен тезірек...»

— Әке-шешең бар ма, күнім?

— Бар... Аман-сау, — деді бұл альбомға үңілген күйі. Дастарқан жасап жатқан кемпірге тіктеп қарауға жүзі шыдамаған. «Бар» дегені рас-ау, «аман-саулығын» қайдан біліпті?..

— Суреттері көп екен, — деп сосын әңгімені Рәшқа бұра салды.

— Оның көптігін қайтейін, мың суреттен Рәшімнің жалғыз сөзі артық еді ғой. — Кемпірдің даусы қалтырай шықты.

Келесі альбомды бұның да қолы қалтырай ашқан. Жалыққаны ма, әлде жаңағы көңілсіз ой көңілін суытып тастады ма, ендігі беттерге жай ғана көз жүгіртіп, асығыс парақтай бастады... Мұнда да әр суретке Рәштің қашан, қай жерде, кіммен түскені үнемі ұқыптылықпен жазылып отырыпты. Бұл соған қарап байқағаны: ол есейген сайын өз туыстарынан гөрі өзге біреулермен иықтасып, құшақтасып, қатарласып жүргені жиілей түседі екен. Ендігі тағдырын соларға қосақтап, ноқта жібін соларға ұстатып, ыстық ұядан біртіндеп алыстап, қашық тап бара жатқандай да екен. Құдды манағы «дет-яслидегі» ақ ха лат ты екі әйел оны бір жасында ата-анасынан қағып алып — мұғалімге, мұғалім — пионерге вожатыйына, пионер вожа тыйы — спорт тренеріне... сөйтіп қолдан-қолға қақпақылдай өтіп, ақыр соңында доцент, профессорлардың жанына дік ете түс кен тәрізді. Бұған қызыға қарап отырған Телжанның есіне тағы баяғы ескі қыстау түскен... Бұл да талай қақпақылдан өтіп еді... Жеті жасында Жоламанның үйі... Жоламаннан — Тоқмыр заның тоқал тамы... Тоқал тамнан — Қабдөштің қоржын үйі... Одан интернат... ферма... казарма... жатақхана... Ойлап қараса, өзі де туған үйімен тым ерте қоштасыпты. Мүмкін, жыл өткен сайын аға-бауырдан алыстап бара жатқаны да сондықтан шығар...

Көк пүлішпен тысталған соңғы альбомда Алла Пугачева ның, Высоцкийдің, Демис Руссос пен Карел Готтың, тағы сондай әйгілі өнер жұлдыздарының әдемі суреттері жапсырылып ты. Ол суреттердің жиегін түрлі түсті қарындашпен қоршап, бет тің ашық қалған тұстарына Сағди, Жәми, Низами сияқты ежелгі шығыс ақындары мен Гете, Гейне, Есениннің махаббат, жас тық туралы бір-бір шумақ өлеңін жазып, әр бетті өстіп безен діріп қойған. Телжан бұлардың арасынан кейде Рәштің де бармақтай басын кезіктіргенмен, оның өз әкесін көре алмады.

Тыeылып жатып тасада Тас атар тағдыр — бособа. Тосқауыл тyрар тосынeа Осы үйге болдым босаға... — деген сол Рәштің әкесі еді.

Телжан манадан ыңғайлап қойған бір-екі суретті қалтасына салды да, альбомдарды жиып-теріп, диван шетіне үйе салды. Күн недәуір еңкейіп қалыпты. Бөлме күңгірт. Терезеден ескен салқын сыз бетке ап-анық білінеді. Әттең, жыртық-тесігін бітеп алса, қалада мұндай үй қыж-қыж қайнап тұрмай ма?..

— Кел, кең отырып шай ішейік, балам. Бұл бөлмеге дастарқан жасалмағалы да қашан.... — Кемпір бұған үлкен құрмет көрсеткендей жанынан орын нұсқады.

— Ас үйден ауыз тие салмадық па... — деді бұл өзінше сыпа-йысып.

— Жоғә, қонағын қазан-ошақ қасынан шығарып салған қай қазақты көрдің?.. Сосын өзім де осы бөлмеде ішкенді тәуір көремін. Кең дастарқан басында өткен-кеткенің мен бала-шағаңды ойлап, құла шайды асықпай сораптап отырғанға не жетсін?!. Бірақ оған күнде келер қонағың қайсы?..

«Қонаққа да зар қып қойған құдай-ай!..» Өзі де қонақ күте білетіні байқалады. Бар дәмдісін үйіп-төгіп тастапты. Сүрі шұжық, консервідегі сүт, бұқтырылған ет, сары май... түп-түгел үстелде тұр.

— Әйтеуір, бар жақсылықты үкіметтен көріп отырмыз, — деді кемпір бұның алдына «Шпрот» балығын ысырып қойып. — Өзі міздің салонда не керектің бәрі бар. Қашан барсаң — қалағаныңды аласың.

— Көршілеріңіз кім?

— Мен сияқты кәрі-құртаңдар... Кезінде ұл-қыз өсіріп, астарына мәшине мініп, шетінен шіреп тұрған азаматтар еді. Енді тек қара бастары қалқайып қалды ғой, түге...

Кемпір қызылиегіне қыстырған бір түйір етті терезеге қадал ған күйі ұзақ малжаңдатты. Аузы қыбырлағаны болмаса, шүңі рейген көздері тастай қатып қалған. Қарауыта түскен бөлмемен бірге сол шүңірейген көзден де тіршілік сәулесі сәт санап сөне бергендей.

— Ыстықтай ас алып отыр, балам, — деді ол әлден уақытта. — Шикілі-пісілі бар мәзірім осы... Айтпақшы... — Кемпір кенет әлденені ұмытқандай, ас үйге бүкеңдей жөнелді де, сәлден соң жүгерінің собығындай ұп-ұзын екі қиярды қос қолдай ұстап келіп, столға серейте салды. — Теплисәнің қияры ғой... Жаңа ту райын деп тұрып, есімнен шыға қапты...

Телжан күліп жіберді. Осы ұзын қиярды көрсе, көз алдына ылғи Мақсұт деген қалалық жігіт келе қалатыны бар. Екеуі училищеде бірге оқып еді. Жеріңді көрсетші деп көптен қолқалап жүрген соң, өткен жылы жазда оны туған ауылына алып барған. Сонда бір күні көшеде келе жатқанда, алдарынан екіүш жігіт жолығып, бұл олармен бөгеліп қалған да, Мақсұт сереңдеп жүре берген. «Мынауың нағыз жираф қой», — деді жігіттердің бірі таңданып. «Кішірейтші кішкене, теплицаның әгүршігі десең де жетпей ме?» — деді екіншісі мысқылмен.

Бұған бәрі қарқылдап күлген. Бұны алысқа ұзай қоймаған Мақсұт та естіп қойыпты. Телжан қуып жеткенде, ол: «Біріншіден, жирафтың қазақшасы — керік, теплица — жылы жай, огу рец — қияр. Сенбесең, орысша-қазақша сөздікке қара. Екіншіден, тілді білмей біреуге тиіспеген қажет», — деп көзін ежірейте қараған. Бұл үндеген жоқ, «огурецтің — қияр екені рас, бірақ «тілді білмей біреуге тиіспеген қажет» деген де қазақ ша ма? Әлде тілді сөздіктен үйренген адам осылай сөйлей ме?» деп ойлады да қойды.

Сол «жылыжайдың қиярын» кемпір, міне, жұқалап турап отыр. Шіркіннің, сырты сұлу болғанмен, іші кеуек екені рас қой. Табиғатың ыстық-суығын бірдей көріп, жел мен күннің аясында желкілдеп өспеген дүниеде қайбір дәм-тату болсын?..

— Келесі күзде ағаңның жетпіс жылдығы, — деді кемпір. — Соған қазірден қамданып жатқан жайымыз бар. Шүкіршілік, шалдың ескі достары екі томдық кітабын қайта бастырып шығарғалы отыр. Балаларым хош көрсе, соның ақшасына марқұмның басын қарайтып, бейітіне бір белгі қойсам деймін.

— Қуанбаса, несіне хош көрмейді?

— Кім білсін... Мая келген сайын «Дачам жоқ» деп қыңқылдайды. Тәшкендегі ұл «Үйім тар» деп хат жазады. Онымен қоймай жуықта ол «Жалғызсырап жүрсең, баламды жіберейін, үйіңе прапеска жаса...» деп жазыпты. Ертең әрмиеге кететін балаға прапеска не керек?.. Құрсыншы, бәріне көмектесем ғой, бірақ мені жағаттағанды қойып, тоғыз айдан бері не өлі, не тірісі белгісіз Рәшті неге іздемейді?!. Айтпайын десем де ішке сый майды, құрғыр...

Кемпір терең күрсінді. Телжан салқын шайға ернін тигізді де, кесесін шетке ысырып қойды. Қайтатын мезгіл жеткен сияқ ты. Бірақ кемпірден рұқсат сұрауға батылы жетпей және бі раз қипақтап отырды да, ақыры:

— Апа, келініңіз үйде жалғыз еді... — деді сыпайы.

— Ә, солай ма?.. Балалар қайда?

— Елде.

— Е-е, балам, елің де жақсы, бақшаң да жақсы. Бірақ бәрінен де келіннің өзі жақсы. — Кемпір сүйретіле тұрып, үстелін жинай бастады.

Телжан сыртқа шыққанда, өткен түнде прожектор жарығымен салып жатқан жаңа үйге тағы қызыға қараған. Кеше байқамапты, әр этажды тұтас орап алған ұзын балкондардың арасында лоджия да бар екен. Ұлу тастармен қапталған қызылсарғыш қабырғасы мен терезелердің ақ қаңылтыры батар күн нің сәулесіне шомылып, тіптен жарқырай түсіпті. Неткен кере мет?! Ертең біреулер бұған да көшіп кіреді. Абыр-сабыр той болады, асыр салып балалар ойнайды. «Шіркін, кімнің бақы ты жанып тұр екен?!.»

* * *

Телжан он күн бойы бар шаруасын доғарып қойып, Рәштің портретін майлы бояумен жазып шыққан. Енді соны багет рамаға салып, кемпірге алып-ұшып келеді, қуантайын деп келеді асығып... Абырой болғанда, жұмысы көңілінен шыққан тә різді. Бірақ сәл ғана көзіне күмәні бар. Альбомдағы суреттерінде дөпдөңгелек жанары үнемі ұшқын атып тұрғандай еді, ал мұн да... өлеусіреп өшіп бара жатқандай. Біртүрлі жансыз, жігер сіз... Бәрін қойшы, кемпір қуанса бопты да.

Төртінші этажға ентіге көтеріліп, баяғы алқа-салқа есікті бірекі қаққаны сол, көп күттірмей-ақ кемпірдің басы қылтиды.

— Ә, сен бе едің?.. Кір.

— Аман-сау отырсыз ба, апа?

— Шүкір.

— Мынау әлгі... Рәштің суреті еді.

— Рақмет.

Кемпір бұның қолынан портретті алды да, сыртына оралған қағазды да ашпастан дәліз бұрышына сүйей салды. Телжан аңтаң. Өз «жақсылығына» өзінше қарымта күтіп еді, кемпірден ешқандай ризашылық білінер емес. Бір уыс беті жиырылып, көзі кіртие түсіпті. «Ауырып тұр ма, бейшара?»

— Өзінен де хат келген, — деді ол самарқау. — Бірер жылға дейін бара алмаймын дей ме, үйлендім дей ме сол... Лейсіпте, пашпұртым әзірге Мәскеуде деп танта ма... былжыраған бірдеме. Оны қойшы, мені есімнен тандырған мына Тілеубердінің жайы...

— Оныңыз кім тағы?

— Кім дерің бар, күнім... заманында азуын айға білеген азамат еді, ер еді нағыз еңіреген! Ақыры бұлай боларын кім білген, кім ойлаған? Бүгін таңертең өзі келіпті... анау жаңа үйге.

— Ол не үй сонда?

— Кәрілердің үйі ғой... Пансионат.

Телжан үйден шыға жөнелді. Көңілі алай-түлей. Көз алдын тұман басқандай. Мың сан сауал миын мүжіп барады, жегі құрттай жеп барады жүйкесін. «Адамбыз!» дейміз айқай лап. «Адамгершілік!» дейміз үздігіп. Адам болсақ, артымызға неге бір қайырылмаймыз? Адам болсақ, жыланның баласындай неге жан-жаққа зыта қашамыз туа сап?»

Сыртта ызғырық жел тұрыпты. Артына қайырыла бір қарап еді, кемпір балконға шығып, жаңа үй жаққа қарап тұр екен.

3. САРЫ САМАУЫР

Айжанды елден алып қайтқалы екі айдан асқан. Екі айда, іштен шыққан шұбарды қойып, өгейдің де тас бауыры жібитіндей кез еді, бірақ мына жұдырықтай қыздың жүрегі тоң боп қатып қалғандай — айналайын деп асты-үстіне түсіп тұрған Тел жанға да, құлыным деп құрақ ұшып жүрген Гүлсанға да жыли қояр түрі жоқ. Екі айда үйдің баяғы қоңыр тірлігі де біраз өзгерген. Бұрын қара суды да қанағат тұтып отыра беретін бұларға енді дастарқанның түр-түсі де уайым: елден келген балаға ет керек, аққа үйренген ауызға сүт қажет — іздейсің де жүгіресің, жүгіресің де табасың. Осы құйтақандай қыз үшін Гүлсанның да ертелі-кеш жарғақ құлағы жастыққа тимейді, көзін тырнап ашып тұрысымен оны жуындырып, киіндіріп, жеңіл-желпі тамақтандырып алады да, өзімен бірге қызметке жетелей жөнеледі. Жетелей жүріп, базар-дүкен аралап, кеш кісін тор дорбасын тәтті-дәмдіге толтырып та қайтады. «Құдайым-ай, не бақша жоқ, не бағатын адам жоқ, осы қызды сүмеңдетіп сүйреумен-ақ жүйкем тозып біттім ғой», — деп кейде кейіп келеді. Кейіп отырып Телжанға тиіседі. Құлақ етті жер баяғы гөй-гөйі: «Баланы жөргегінде шырылдатып сен бергенсің шешеңе. Бәрі сенің кесірің». Бұл үндемей тынады. Үндемесе де іштей сезеді: Гүлсанды қинайтын — қисыны келмеген бақшаның аз күндік қиындығы емес, тас емшекті жібітіп, тар құрсақты кеңітіп туған жалғыздың әлі күнге өзінен жатырқап, қарадай жасқанып тұратыны сияқты. Сыртқа сыр білдірмегені болмаса, Телжанның да жанын жегідей жейтін осы жай. Алғашқы кезде: «Жаңа ортаны жатсынып жүрген шығар, біртіндеп үйренер, бауырға кірер, енді бізден безіп қайда барады?..» деп ойлаған. Бірақ, амал не, Айжанның әзірге «айналайынға» алданып, «құлынымға» құлап түсер сыңайы білінбейді, қашан көрсең бұлардан үркектеп, үдірейіп тұрғаны. Үйде жүрсе, именіп, артық қадам баспайды. Дастарқанға келсе, әр тағамды түртіп көріп, шұқып қана дәм татып, әйтеуір, өлмес тоятын табады да, үнсіз тұрып кетеді. Сосын жүзін төмен салған күйі қонақ бөлмесіне кіреді де, жұмсақ диван үстінде күн ұзақ шоқияды да отырады. Мұндайда өзің сөзге тартпасаң, өздігінен бір ауыз тіл де қатпайды, тұр десең — тұрады, жүр десең — жүреді, құдды мақау адам сияқты. Ешкім жоқта егіліп тұрып жылап ала ма, кім білсін, кей түндері көз алды ісіңкіреп қалғанын Телжан талай байқаған. Жылап демекші... өткен бір күні ол болмашыға ботадай боздап, бұны қатты абыржытқаны бар.

Бірде кешкісін бұл сырттан кіре бере бір түкпірден тұншыға шыққан Айжанның даусын естіген. Төргі бөлмеге жетіп барса... ол диванға етпетінен түсіп, екі иығы солқылдап, өксіп жатыр екен. «Не болды, күнім, кім тиді саған?» — деп шашынан сипай беріп еді, ол қолын қағып жіберді де, мұрнын қорс-қорс тартып, үнін тіптен үдете түссін. Сыңсығанда даусы сай-сүйегіңді сырқыратады. Жұбатайын десе, бұны жанына жуытар емес, қолы тиер-тиместе кірпідей жиырыла қалады. Екі кештің арасында қайда кете қалғаны белгісіз, үйде Гүлсан да жоқ екен. Әбден амалы құрыған бұл шамды шыр айналған сайтан көбелектей диван жанында ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Тым болмаса, Айжанның неге жылап жатқанын білмей ді. Кейде тұншыға сыбырлап: «Тарағым! — дейді үздігіп. — Тарағым-ай!..» Телжан тарағы несі деп таңданып тұрған мезетте, сырттан тыпыңдай басып Гүлсан кірген.

— Сен бе?! — деді бұл салған жерден. — Бұны жылатқан сенбісің?!

Ол жауап орнына кішкентай қол сумкасынан жап-жаңа жасыл тарақты суырып алып, ербеңдеп жатқан Айжанның қолына ұстата қойған.

— Жаным-ау, міне, тарағың... Жаңа тарақ... Жаңа сатып әкел дім, мінеки. Қойшы енді, жыламашы!

Айжан өксігін сәл басып, тараққа қарап алды да, оны кенет лақтырып кеп жіберді.

— Тарағым, — деді сосын тағы булығып. — Қара тарағым!..

Телжанның сонда ғана есіне түсіп еді. Айжан елден келгелі жанынан екі елі тастамайтын жаман қара тарағы бар-ды. Сиыр мүйізінен жұқалап кесіп жасаған, тістері сынып, жүзі әбден мүжілген сол ескі тарақтың не құдіреті барын кім білсін, Айжанның ол түнде қойнынан, күндіз қолынан түскен емес. Және бір қызығы, Айжан онымен бес тал шашын тарағаннан гөрі кір-кір жүзін тәмпіш танауына тақап, иіскеп отыруы көп еді. Мұндай кезде Гүлсанның алақандай беті тыржиып, жиіркене қалатыны да есінде. Бала енді сол тарағын іздейді, соған бола өксіп жатыр булығып.

— Қайда? — деді бұл Гүлсайға зілдене дауыстап. — Әлгі қара тарағы қайда бұның?!.

— Мен оны мусорға тастай салып ем, — дейді ол абыржып. — Жұмыстағы әйелдерден ұят, тегі... Кірі бес елі затты мұрнына тығып...

— Тап!.. Жерге тығып жіберсең де тап баланың тарағын. Пыс-сық!

Жеті жыл бір ошақтан түтін түтетіп отырып Телжаннан мұн дай сөз естіп көрмеген ол сыртқа сыздана шығып кеткен де, сәлден кейін мыжырайған қара тарақты қасына әкеп тастай салған.

Сол күні екеуі алғаш рет бөлек жатты...

Бала деген періштенің тым ыстық, тым тәтті екенін де бұл алғаш рет осы түнде сезгендей...

Айжанның тұла бойды күйдірген ып-ыстық демі, тық-тық соққан жүрегінің лүпілі, пыс-пыс еткен нәзік демалысы — бәрі-бәрі де бұны бір рахат күйге бөлеген. Өстіп жатып, неге екені белгісіз, Айжанның қолындағы әлгі жаман тарақты бұл да емірене иіскеп еді. Одан жаңа сауған сүттің бе, айранның ба, әлде қураған сүрі шөптің бе, әйтеуір, бір жағымды иісін сезді. Оны иіскеген сайын ұйқысы шайдай ашылып, жүйежүйесі босап, көңілі біртүрлі бұзыла берді де, өксіп тұрып жы лағысы келді. Әлденені аңқасы кеуіп аңсайтын сияқты, бірақ нені аңсайтынын түсінбейді. Әлдебір алтынға бермес асы лын жоғалтып алғандай болады, бірақ не жоғалтып, неден айырылып қалғаны және есіне түспеген... Не заматта кірпігі ілініп кеткен екен, түсінде... қызық-ау, бұның бала кезінде босағада ірк-ірк етіп тұратын баяғы қара сабаны көрді. Бүкіл ауыл сапсып ішкенде сарқылмайтын құтты қара саба еді ол... Иә, апасы сол сабаның аузынан бұған саумал құйып тұр екен дейді. Бірақ кемерінен толған тостағанды бұл енді ерніне тигізе бергенде... біреу оны шап беріп жұлып алады да: «Жетед! — дейді аларып. — Қалғанын интернаттан ішесің». «Тағы ішейінші, тағы кішкене», — деп бұл жалына дауыстап, оянып кеткен. Оянған сәтте кәдімгідей шөлдеп жатыр екен. Ерні кеберсіп, таңдайы құрғап қалғандай. Алакөлеңке бөлме ішінен дәл жаңағы саба иісін сезгендей болды. Тіпті тура танауының тү бі нен қытықтайтын секілді. Қойнына тығыла түскен Айжанның жұп-жұмсақ шашынан иіскеп еді, міне, ғажап!.. Саумал иісі содан аңқиды. Күніне бес рет жуса кетпеген бұ не деген иіс десеңші!.. Телжан жайлап тұрды да, ас үйдегі краннан сарылдатып су ішті. Хлор тұнып қалған ба, аш өзегін бірдеме тіліп өткендей болды. Осы мезетте есіктен Гүлсанның ұйпатұйпа басы көрінген. Кешегі сызы бетінде әлі кілкіп тұр екен. Ерте тұрып зыта жөнеле ме дегендей:

— Күлге аунап тапқан балам жоқ, әкемін десең, қызыңды сен де сүйреп көр! — деді де, бұрылып жүре берген. Бұнысы — Айжанды қызметке ерте кет дегені еді.

Амал жоқ, ерте кетті. Ерте кеткеніне қуанды да. Өйткені Айжанның да балдай тәтті күліп, балаға тән сөйлей білетінін Телжан алғаш рет сонда байқаған. Қалай дейсіз ғой?.. Бұның көптен бері көрмеге дайындап жүрген «Әже» деген портреті бартұғын. «Әже» дегені — түнде ғана түсінде қара сабадан саумал құйып беретін, айналайын, осы Айжанның апасы еді. Шеберханаға кірген бойда ол көп суреттен көзі соған түскенде:

— Апа! — деген айқайлап. — Апам менің! — Портрет жанына жүгіріп барды. — Апам!.. Бұл — менің апам! — деді қуана жымиып. Жымиған кезде албыраған бетіне кіп-кішкентай шұқыр үйіріле қалады екен. Телжан еріктен тыс оны жерден тік көтеріп алып, шашынан иіскеп, маңдайынан сүйді де:

— Иә, сенің апаң, — деді даусы қалтырап. — Ол қазір алыс-алыс таулардың ар жағында саған алтын мүйізді елік іздеп жүр.

— Жо-оқ, елік емес, — дейді Айжан дауласып. — Ол маған биік-биік таулардың ар жағынан алтын мүйізді киік әкелемін деп кеткен.

Телжан ернін тістеді. Бала кезінде сан естіген ертегісі де санадан сарғая көше бастапты. Сол ертегіні айтатын апасы да «биік-биік таулардың ар жағына» емес, не бары ауыл сыртындағы кішкентай төбеге ғана аттанғанын, одан енді мәңгі қайтпайтынын қайран сәби қайдан білсін...

Бұдан кейін Айжан аз да болса бетін бері бұрғандай еді. Ертең-гілік елден бұрын оянып, әлдеқайда асығып тұрады. Телжан алдап-суласа, алдына қойған асты да тауысып ішіп алады. Сонан соң екеуі үй сыртындағы аялдамаға келеді де, автобусқа мініп, сонау шеттегі шеберханаға тартып отырады. Әрине, Айжанды онда асықтыратын — апасының суреті. Өз бойындай ауыр портретті тыртыңдап сүйреп, бірде төрге апарып қояды, бірде күн жақ бетке жылжытады. Тағы бір мезетте онымен кәдімгідей күбір-күбір сөйлесіп жүреді. Кейде сәби жүрегі сағыныштан сыздап кете ме, суретке мұңая қарап отырып:

— Аға, ауылға қашан барамыз? — дейді Телжанға.

— Күзде, — дейді бұл.

— Күз қашан болады?

— Жапырақ сарғайғанда болады.

Ол терезе алдында желкілдеп тұрған жас терекке жабыға қарайды. Оның жап-жасыл жапырағы жуық арада сарғая қойма сын сезетін сияқты.....

Бұл Айжанның сөйлегеніне мәз, тағы бірдеме сұраса екен деп тілейді. Көңілі түскенде, ол әр нәрсенің басын шалып, өзінше тәп-тәуір әңгіме айтқан болады. Не керек, өстіп енді-енді ырыққа көне бергенде, қырсық қыздың тағы қыңырая қалғаны.

Демалыс күні түстікте бұлар шағын ас үйде шай ішуге кіріскен. Айжан әдеттегідей дастарқанға шұқып қана тиісіп, үстел шетінде бүйірі бұлтиып тұрған үш литрлік көк шайнекке көзі жаудырай қарап отырды да:

— Аға, — деді Телжанға жалынышты үнмен. — Самауырдан қа шан шай ішеміз?

Телжанның жүрегі дыз ете түсті. «Самауыр» деген сөздің өзі бұған соншама жылы, соншама сағынышты естілген. Осы бір ғана сөз қас қағым сәтте небір тәтті күндерін еске түсрігендей еді. Сосын сен не сезесің дегендей Гүлсанға бұрылғанда, ол алтын тістерін жарқыратып, жайбарақат күле-еп отырғанын байқады. Күліп отырып:

— Немене, шайнектің шайы ішіңе батпай жүр ме? — деген өзін ше әзілдегенсіп.

— Шайнекпен шай ішпейді, — деді Айжан бұртиып. — Шайнекпен дәретке су жылытады.

— Не дейд?! — Сен оны қайдан көрдің?! — деп Гүлсан шоршып түсті.

— Апамнан... Апам «Сыртқа су жылытып шықпаған адам харам болады» дейді.

— Естиін дегенің осы ғой, — деп Телжан орнынан тұрып кеткен...

Сәтінде салқындау әсер еткенімен, Айжанның сөзіне бұлар аса мән берген жоқ-ты. Күйбең тірлікпен жүріп, тіпті оны ұмытып та кетіпті. Бірақ Айжанның есінде екен, ертеңінде таңертең пұшық шайнекке тағы жақтырмай қараған күйі:

— Аға, самауырдан қашан шай ішеміз? — деген мұңайып.

— Балам-ау, осы шайнектен самауырдың несі артық? Екеуінің де қайнататыны бір қара су емес пе? — деді Телжан таусылып.

— Жоқ, самауыр жақсы. Апам «Самауыр — кісі шақырады, кісі — үйге ырыс-несібе шақырады» дейді.

— Жерден шұқысаң да бір самауыр тапшы. Бұл үйге де ырыс-несібе қонар ма екен, — деді Гүлсан.

Телжан сол күні есіктен есік, тесіктен тесік қоймай, қаланы шыр айналып жүріп, ақыры айнадай жалтыраған бір кішкентай самауыр тауып қайтқан. Оған Айжан да қатты қуанған. Бірақ... қақпағын ашып жібергенде сілейді де қалды.

— Бұның оттығы қайда? — деді Телжанға көзі боталап.

— Бұл токпен қайнайды, балам... Міне, былай... — деп Телжан самауыр ішінен шнурын суырып алып, оның бір ұшын кіндігіне тықты да, көңілдене сөйлеп, дымқыл шүберекпен іші-сыртын сүрте бастады.

— Қазір бұған су құямыз, сосын токқа жалғаймыз... Көр де тұр, бес-ақ минутта қайнап шыға келеді. Сонан соң мамаң үшеуіміз рахаттанып бір шай ішеміз бұдан!..

Айтқандай-ақ, оған сарылдатып су құйды... Ішегін шұбатып токқа тықты. Бұл «жұмысты» бар пейілмен тындырғаннан кейін, өзіне риза пішінмен Айжанға бұрылған.

Ол ең соңғы үміті үзілгендей өңі бозарып, ащы өксігі өзегін өртеп тұрған-ды:

— Ап-пам!.. Са-ары самауыр, — деп қыстыға булығып Телжанның құшағына құлап түсті...

...Бұл күні түнде бір шаңырақ астындағы үш адам да көпке дейін көз ілген жоқ. Үшеуінің де қай-қайдағысын қозғаған баяғы сары самауыр еді..

* * *

Сары самауыр десе, Айжанның ойына апасы оралатын.

Қалаға келгелі сол шүйкедей арық кемпірдің елесі есінен бір шыққан емес. Көзін сәл жұмса болды, ол: «Құлыным-ау», — деп бұған құшақ жая ұмтылып келе жатқандай болады. Енді бірде: «Шөлдедің ғой, күнім, жүрші, шай ішейік», — деп тура құлақ түбінен сыбырлап тұрғандай сезіледі. Шай есіне түскенде, бұның қарадай кезенесі кеуіп, қаталай шөлдеп кететіні бар. Бірақ шөлдемек тұрмақ өліп кетсе де, анау пұшық шайнектің сылдыр суы бұған сусын болып па?!. Ал апасының шайы — нағыз шай еді, шіркін! Қанша адам ішсе де өңі бұзылмайтын, не өмірі суып болмайтын сол шайды ішкенде, бұның да кішкентай мұрны тершіп, денесі от боп қызып, әй, бір рахатқа батушы еді. Бәрінен де сондағы апасының әңгімесін айтсаңшы. Ол мына Гүлсан тәтесі сияқты дастарқан басында тымырайып қатып қалмайды, бұнымен тең адамдай сөйлесіп, емен-жарқын сырласып отырады.

— Әй, сен осы алты жасар баламен алпыстағы кемпірдей сөй-лесетінің не? — дейді атасы кейде бұлардың сөзіне күліп.

— Бұған айтпаған сөзімді кімге айтамын, атасы-ау, бір мезгіл үйде шер тарқата қоятын қай шүйкебасың қалды? Кетті емес пе бәрі бытырап. Бұған әңгіме айтсам, мен тегін айтпаймын, бірдемені ұғып қалсын, біліп қалсын деймін. Бізден кейін қандай сөз еститінін кім біледі, — дейді апасы.

Сонан соң оң жағында екі құлағы делдиіп, екі иінінен демігіп тұратын күбідей сары самауырға үстеп шоқ салып қойып, шайын қайта демдейді. Шоқ салған кезде сары самауырға да қайта жан бітіп, оттығы ызылдап ән салып, қақпағы селкілдеп, билей жөнеледі. Сол сәттегі қарағай шоғының шалқыған лебі қандай?! Ып-ыстық болып бет шарпиды. Сол сәттегі апасының қызылкүрең шайы қандай?! Ішкен сайын пора-пора терлетіп, жүйе-жүйеңді босатады.

— Міне, апасының баласы! — дейді атасы. — Дәл өзі сияқты бусануын қарашы. Түбінде сары самауырға ие боп қалатын осы шығар.

— Е, бұ жарықтыққа кім ие боп қаларына кімнің көзі жеткен? — деп апасы күрсінеді. — Көзімнің тірісінде келіндердің біріне тапсырып кетейін десем, ондай сенімдісі болмай тұр ғой. Бәрі жаңашыл. Бәрі алдымен оңайға қарай жүгіреді. Ескіні көрсе мұрындарын шүйіреді. Жарқыным-ау, ескінің де есепке алары болатынын сол бәтшағарлар неге түсінбейді? Өзің білесің, жылқыдағы келінің былтырдан бері биені токпен сауа бастапты. Апырат деген бәлесі сүтті үрпіден қан аққанша сорып алатын көрінеді. Сиырды сиыр дейік, ал адам есті жылқыға обал-ай десеңші! Қара шаңырағымыздың құты болған қара сабаны да соларға бердік. Оны да лақтырып тастап, орнына қымызды токпен пісетін темір кеспек қойыпты. Тот татыған қымыздары кімге дәрі сонда? «Шырақтарым-ау, бұларың не?» десем: «План ды кім орындайды?» дейді ауыздары қисайып. Сондай адам дар сары самауырды сақтай алады дейсің бе? Пішту!

Қалай десе де, апасы осы сары самауырды қатты қастерлейтіні рас: «Үйімнің берекесі, дастарқанымның падишасы ғой», — деп қашанда сыртына шаң, ішіне қақ жуытпайды. Аппақ шүберекпен бипаздап сүртіп, ысқылап жуа берген соң өзі де, шіркін, алтындай жарқырап, жалтылдап тұрғаны. Жал тыл дап тұр ған бүйірінде қаз-қатар тізіле қалған бармақ басындай бес медаль дің бедері де сары самауырдың беделін көтере түскендей. Оларды қай уақытта, қалай алғанын апасы, әрине, білмейді, бірақ мақта нышпен қайталап отырар бір сөзі: «Кейінгі самауырдың бірінде мұндай медаль жоқ...» Бұдан Айжанның түйетіні: медалі жоқ самауыр — нашар самауыр, нашар самауырдың шайы да нашар. Апасының шайын ішуге адамдардың көп келетіні де сондықтан.

Расында, бұлардың үйінен қонақ үзіліп көрген емес. Жақыннан жаяулап, алыстан атқа мініп, небір адамдар келіп жатады, кетіп жатады. Түстеніп өтеді, түнеп қалады. Олардың біріне қабақ шытар және апасы емес, үлкен демей, кіші демей, сары самауырды сарқылдатып ортаға қояды. Айтатыны: «Қонаққа кел демек бар, кет демек жоқ. Ата салты солай». Кей күндері апамның шайын сағындық десіп, жан-жақтан аға-жеңге лері де сау ете түседі.

— Ішіп қалыңдар, ішіңдер... Мен кеткен соң әлі-ақ қаңсып шөлдейсіңдер, жазғандар, — деп апасы қалампыр иісі аңқыған аққұйрық шайын оларға баппен құя бастайды.

Сары самауырдан бірер кесе шай ішкен соң аға-жеңгелерінің де құрыс-тырысы жазылып, әзіл-күлкі әңгімеге көшеді. Мұндайда, әсіресе, желдей есіп отыратын — Күлзипа тәтесі. Келіннің үлкені болғандықтан ол ойындағысын ірікпей төгіп, именбай сөйлейтіні бар.

— «Кетем-кетем» деп-ақ қорқытып біттің ғой, апа, — дейді ол сыңғырлай күліп. — Сен кетсең, артыңда қалар қара орманың бар. Қара орманың қара сусыз қалмасын десең, сары самауырды қазірден маған қалдырып кет.

— Дәмеңнің зорын! — деп апасы ернін сылп еткізеді. — Оның құлағын ұялмай ұстар қай жөнің бар сенің? Жалғыз ұлыңнан басқа жағалай шай ішіп отырар не балаң жоқ, не табалдырығыңды тоздырып жатқан адам жоқ. Біреудің төбесін көрсең, төбе шашың тік тұрады. Мұндай адамға күбідей сары самауыр не керек, жаман шәугім жетеді де.

— Ой, апа-ай, түкке тұрғысыз дүниеңді тым бұлдайсың-ау, те гі, — деп Күлзипа тәтесі де өзеуреп қоймайды. — Осы бір ескі сама уырды несіне ардақтайсың соғұрлы?..

— Е-е, шырағым, өзегің талып, кенезең кеуіп көрмеген сен бұның қадір-қасиетін қайдан білесің?.. — дейді апасы. — Осынау ұзақ ғұмырымызда біз татпаған дәм, біз тартпаған мехнат бар ма? Заманында бүкіл дастарқанымыз кеуіп қалған кезде де суы сарқылмай, тіршілігімізге нәр жүгірткен осы самауыр ғой. Жатқан жерің жаннат болғыр, марқұм апамыз бүкіл дүниесін бір уыс бидайға айырбастаған күнде де тек аман қалған осы самауыр еді. «Самауыр кісі шақырады, кісі ырыснесібе шақырады» деуші еді ол кісі. Осы сөз есіме түссе, бала кезімдегі бір оқиға көз алдымда көлбеңдейді де тұрады... Көктемнің көкөзек шағы еді. Үйде екі тал қу қабырғадан басқа жүрек жалғар ештеңе қалмаған. Бар үмітіміз — қыс ортасында қалаға кіре тартып кеткен әкеміздің тезірек оралуы ғана. Шиет тей-шиеттей үш бала күні бойы есік алдында отырып, жол қараймыз. Сары самауырды түтіндетіп қойып, жанымызда шешеміз жүреді күйбеңдеп. Әкемізді күте-күте оның да екі көзі төрт болған. Бірақ құр суды қайнатудан бір жалықпайды, самауыр орталай бастаса, үстеп толтырып қояды да, жас шөмшекті оттығына тағы кептей түседі. Жас шөмшектің түтіні будақ-будақ көтеріліп, тым алыстан көрінеді. Өстіп отырғанда бір күні сонау күре жолда ілби басып бар ажатқан жалғыз адамның қарасы байқалған. Кім де болса, бері бұрылса екен, келсе екен деп ойлаймын. Маған сол кісінің қойнында бір үзім ыстық күлше кетіп бара жатқандай болады. Тілеуің бергір, не заматта ол түтінді көзі шалды ма, таяғына сүйеніп біраз тұрды да, сосын сүйретіле басып бері жылжыды... Сақал-мұрты өсіп, әбден жүдеген егделеу адам екен. Көзі көз емес, үңірейген екі тесік сияқты. Екі тесіктің ар жағында болар-болмас бір сәу ле ғана жылтырайды. Сол сәулеге қамыға қарап отырған шешеміздің де көзінен мөлдіреп жас тамған. Жасты көзін сүрте жүріп, өзінше ас қамына кіріскен. Ас дегені — баяғы екі тал қа бырға мен қыста мүжіп тастаған қу сүйектер еді. Соларды жиып-теріп, қазанға қайнатып, қара сорпасын аузына тосқанда, бейшара жанның бетіне сәл де болса қан жүгіргендей болды. Сонан соң дорбаның түбін қағып салған соңғы шайымыздан бірер кесе ыстық сусын ішті де, ол тағы да сүйретіліп жүріп кетті. Ертеңнен енді үміт жоқ, ішіміз бұратылып біз қалдық. Сары самауырға сарғая қарап шешеміз қалды мұңайып. Бұдан соң атар таң, татар дәміміз таусылғандай еді... Жоқ, таусылмапты. Кешкі алакөлеңкеде ескі тонды жамылып, пеш жанында бұйығып жатыр едік, біреу үйге сүріне-қабына кірді де, иығындағы ауыр затын жерге гүрс еткізіп тастай салған. Қарасақ, манағы мүсәпір жан. «Ниеттерің түзу екен, құрдас, түзу екен. Тезірек қазан көтер» дейді ол қалбалақтап. Көзінен жасы парлай ағып, бізді де қайта-қайта сүйе береді, бейшара... Сөйтсек, мана біздің үйден недәуір ұзап шыққан соң, ол жолай тұзаққа түсіп жатқан бір елікке кезігіпті де, өле жегенше бөле жейін деп кері қайтқан екен ғой... Міне, шырақтарым, сары самауыр соны да көрген. Кейін ит басына іркіт төгілген мамыражай заман туды. Үлкенді сыйлаған, өлімді сыйлаған, қонақ құрметтеген айналайын халқымның асыл салтымен бұл шаңырақта небір жиын өткіздік. Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, оң жаққа арулап жатқызып, қара жамылып қаза да талай жөнелттік. Ақ босағамызды қуанышқа кенелтіп, келін де түсірдік, немере де сүйдік қаншама. Соның бірінде сарқылып көрмеген сары самауыр ғой бұл. Атамның сөзін естіп, апамның көзін көрген кәрі тарланым — киелі затым бұл менің. Ендеше, бұны неге құрметтемеймін, неге ардақтамаймын?!. Сақтай білсеңдер, сендердің де талай әжеттеріңе жарайды әлі.

— Әр нәрсе өз заманымен сәнді емес пе, апа. Жаңаның жанына ескіні теліп қайтеміз? — дейді Күлзипа тәтесі.

— «Күні өтсе — күмістен де құн кетер» деген, бұныңа да дауым жоқ. Бірақ күні өткеннің бәріне күле қарау жөнсіз. Ескінің де асылы, жаңаның да жасығы болады. Ең бастысы, ескі мен жаңадан бұрын жақсы мен жаманды ажырата білсеңдер боп ты да, — деп апасы бата бергендей бетін сипайды. Сосын бос кеселерге шай құйып отырып, тағы:

— Апамыз тым ақылгөй боп барады деп сөкпеңдер. Мың жасайтын құзғын емеспіз, біз де бір күні кетерміз. Кетер адам ның сөзі көп болады, — дегенді қосып қояды.

Апасының осы «кетемізі» Айжанға қатты ұнаушы еді. Өйткені ол «кетеміз» десе болды, екеуі күніне бір-ақ қатынайтын кішкентай көк автобусқа мінетін де, көрші ауылдағы ағайынтуыстарына аттанып жүре беретін. Ондай кезде ешбір үйден құрқол шыққан бұл емес. Біреулер көйлек кигізеді, енді бірі әдемі ойыншық сыйлайды. Қант-кәмпитке де қарық боп қалады. Несін айтасың, апасымен бірге жүрген рахат еді ғой, шіркін! Бірақ, амал не, сөйткен апасы бір-ақ күнде бұны жалғыз қалдырып, әлдеқайда зым-зия жоғалып тынған. Қазір ойласа, жы лағысы келеді, кетерінен бір күн бұрын екеуі ауылдың қыр жел кесінде отырып, қалай әңгімелесті десеңші.

...Көкпеңбек қырат. Көгілдір аспан. Етекте көкшіл түтіні сыздықтай көтеріліп жатқан момақан ауыл. Сай табанында сылдырай аққан өзеннің сарыны естіледі. Апасы аппақ түбітті шүйкелей созып, жіп иіріп отырды. Аппақ түбіттің қылшығын тазалап, Айжан жүрді жанында. Төменде, сырық сілтем жерде қияқ басын кірт-кірт үзіп, көк ешкі жүрді жайылып. Көктемнен бері көкең келеді деп осы ешкіні күн сайын көкке шығаруды апасы әбден әдет қылып алған.

— Япыр-ай, биыл да келмес пе екен? Әй, келер... келіп қалар. Бізді сағынбаса да соңында қалған тұяғы бар ғой, — деді апасы күрсініп.

— Кімді айтасың, апа? — деді бұл.

— Көкеңді де, құлыным.

«Көкең» дегені — Телжан ағасы еді. Бұрын екі сөзінің бірінде: «Жаман ағаң, ынжық Телжан», — деп сарнай беруші еді, енді биыл «көкең» дегенді құлағына құя түсетін болған. Айжан ол «көкесін» небәрі екі-ақ рет көрген-ді. Мүмкін, одан көбірек те шығар, алайда есінде қалғаны: бірде қыс айында жалғыз келген ол бір-ақ түнеп аттанып кеткен де, екінші рет алдыңғы жылы жазда Гүлсан тәтесі екеуі ұзағырақ болып қайтқан. Сонда бұны жандарына алып жатқанда, түн ортасында шырқырап жылап, апасын әзер тапқаны есінде.

— Баяғыда сені бекер алдым-ау осы... Бекер-ақ болды, — деді апасы әлден уақытта. Бұл жалт қарап еді, ол біреумен сөйлесіп отырғандай еріндері күбір-күбір етіп тұрғаны байқалды.

— Кімді апа? Мені ме?

Бұл сөз құлағына жетпеген секілді, шүйкесін саумалай созып, өзінше сыбырлап сөйлей берген. Онысы ап-анық естіліп те тұрды.

— ...Жазатайым көзім жұмылып кетсе, күнің не болар екен, құлыным? Жөргегіңде ыстық құшақтарын көрмеген соң, енді кімді әке, кімді шеше деп танырсың? Ес білгенше есеңгіреп жүресің де, баяғы...

— Апа десе, не деп отырсың? — деп бұл оны құшақтай алған.

— Жайша ғой, құлыным, жайша... Әншейін, көкеңді ойлап кеткенім... Келші, одан да шашыңды тарап берейін, — деп ол бұны алдына отырғызды да, қос өрім шашын қайта тарқатып, қара тарағымен асықпай тарай бастады. Өстіп ұзақ тарай берер ме еді, кім білсін, бұның құлақ түбін қытықтай жылжып бара жатқан мүйіз тарақ желке тұсына жете бере кілт сусып түсіп кеткен.

— Не болды, апа? — деп бұл оған оқыс бұрылып еді, апасы сол жақ омырауын алақанымен басып, қинала тыныстай қалыпты. «Ештеңе емес, қазір басылады» дегендей ақырын ғана бас шайқап қойды. Сонан соң не заматта еңсесін ептеп көтеріп:

— Қорықпа, құлыным, кәрі жүректің ескі назы емес пе, — деді терең дем алып. — Жетпіс бес деген аз ғұмыр емес, шаршағаны да байғұстың. Кей күндері тепкілене соққанда, кеудемді тесіп жібере жаздайды. Сірә, көп ұзамай көз көрмеске аттанатын шығармын, балам.

— Ол қандай жер, апа? — деді бұл. Апасы бұл сұраққа жауап бермес бұрын: — Анау әлгі... «Алтын мүйізді киік» деген ертегі есіңде ме? — деді бұның жүзін өзіне бұрып.

— Есімде.

— Ерте ме, кеш пе, мен де сол киікті іздеп кетуім мүмкін. Сол кезде көкең мен тәтең де келеді қаладан. Саған көп-көп кәмпит әкеледі. Тек мені іздеп жылама, құлыным, жарай ма?

— Керек жоқ маған олардың кәмпиті! — деп бұл еңіреп жіберді. Апасы аймалай сүйіп, бауырына басты.

Ал ертеңінде таңертең... қатты айқай-шудан шошып оянған... Сыртта абыр-дүбір... Үйге біреулер топырлап кіріп жатыр... Әлдеқайдан әйелдердің сыңсып жылағаны естіледі... Бұл төсектен секіріп түсіп, ауызғы үйге жүгіре шығып еді. «Баланы әкетіңдер, баланы!» — деп біреу жолын бөгей берді... Бұдан әрі... көрші үйдегі домалақ тәтесі ту сыртынан құшақтай алып, сыртқа көтере жөнелгені есінде... Босаға тұсында сары самауырдың қисая құлап жатқанын біледі.

...Сары самауырдай сарғайып, әне, терезеден ай көрінді. Жас-тығын ыстық жасқа шылап, міне, Айжан жатыр көкесінің жанында. Ол да ояу сияқты. Ояу болса, не ойлап жатыр екен?..

* * *

«Жазмыштан озмыш жоқ» деген рас шығар, өмірі қыңқ етіп көрмеген апасынан дәл биылғы жылы көз жазып қаларын Телжан білген жоқ-ты.

Бәрі көз алдында... Гүлсан екеуі екі кештің арасында ауылға жеткенде, қара шаңырақ қазадан теңселе сыңсып тұр екен. Қоржын үйдің екі басы қарасақал, ақсақалға сықа толған. Ішінара қадау-қадау жастар да бар. Босағадан бұл боздап кіріп келгенде, қалың нөпір қақ жарылып, төрде шөке түсіп отырған атасына қарай жапырыла жол ашып еді. Орнынан үш ұмтылып әзер тұрған атасы бұны қапсыра құшақтап, еңкілдеп ұзақ жылаған да, бір мезет жанына отырғызып:

— Құдай тілеуімді бермеді, балам, — деді сақалынан жасы сорғалап. — Жаратқан иеме жатсам-тұрсам жалбарынып, қара кемпірімнің артына қалдыра көрме деп тілеуші едім, тыңдамады сөзімді. Сорлап қалдым ақыры сормаңдай боп. Қырық жыл отасқанда бір рет атымды атамаған бейбақ шешеңнен айырылдық енді мәңгіге.

Жұрт бір демде күрсінді. Дастарқанның сонау шетінде сары самауырдан шай құя бастаған Күлзипа жеңгесі көзіне жас алды. Телжан да кірпігіне ілініп тұрған мөлдір моншақтарды іркіпіркіп жіберді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», кезінде апасының сол қасиетін кім білген, кім ескерген? Оның «Әй, шал-ау», «Телжанның көкесі-ау» деген сөздеріне бұл сонда мән берді ме? Қазір ойласа, ғұмыр бойы өз шалының атын атамай өту — неткен сыйластық, қандай құрмет десеңші! Апасының одан басқа да асыл қасиеті аз ба еді?!. Көлденең көздің алдында жалаңбас жүріп көрді ме ол? Құдайы келген қонақты құр ауыз шығарған ол ма екен? Қаралы үйдің қасынан қатты сөйлеп өтсе, кәнеки. Біреуге бұл — ертегі, біреуге түгел — сағыныш...

— Әр қазаның өз қайғы, өз өкініші болады, балам, — деді атасының жанында малдас құрып отырған Нұрғали шал. — Гүлдемей жатып солып түсер жас бар, қуарып барып, ырғалып құлар кәрі бар, алайда қара жердің қойнына кімді қиып бергейсің?.. Өкінерсің, жыларсың, өлгеннен бірақ қайыр жоқ... Дейтұр ғанмен, жасына жетіп, жапырағын төгіп өткен адамның арты жеңіл ғой. Шешең көзі тірісінде ұлын ұяға, қызын қия ға қондырды. Үбірлі-шүбірлі, немере сүйді. Олардың бірі беті не жел боп тиген жоқ. «Құдай береріңді алса да, беделіңді алмасын» деген, азды-көпті ғұмырында ол өз беделімен кеткен адам. Ақтық демі таусылғанша «апа» дегеннен басқаны естімей өткен жанда не арман, не өкініш болмақ? Ендеше, бұндай қазаның артын той деп біл, балам.

— Жөн сөз — осы.

— Енді артының қайырын берсін.

— Көрмеген қызығы болса, бала-шағасы көрсін, — деп шалдар жағы оны қоштап қойды.

Күлзипа жеңгесі жағалата кесе жүгіртті. Қызылкүрең шайды сораптап қойып, Нұрекең тағы сыздықтата сөйлеген:

— Япыр-ай десеңші, жарты сағаттың арасында тірі адамнан көз жазып қалам деп кім ойлаған?.. Сол күні деймін-ау, торы биемді тауып әкелейінші деп, таңсәріде мына шоқыға қарай өрлеп бара жатсам, қыр желкеде бір кемпір шоқиып отыр екен. Қарасам, осы үйдегі құрдас. «Ау, көзің боталап, шалыңды тосып отырсың ба?» дедім өзімше қалжыңдап. «Шалды қайтейін?.. Жоқ іздеп жүрмін, жазда әлгі... қаладағы ұл келер деп семіртіп жүрген бір ешкіміз бар еді, сол кебенек келгір қорадан шығып кетіпті» деді ол әр сөзін үзе сабақтап. Сосын және «Қартайдық па, немене... қарға адым жүру мұң болды. Жүрегім аузыма тығылып... осы биікке әзер шыққаным» деді.

Содан сүт пісірім уақыт өтті ме, өтпеді ме, торы биеге жайдақ мініп, әлгі жерге қайтып оралсам... құрдасым сол жақ омы рауын қолымен басқан күйі бір жағына қисайып жатыр. Өңі құп-қу. Еріндері болар-болмас жыбырлап, «Шалға... біздің шалға... жет» деуге тілі әзер келген. Тірлік деген сол, әне...

— Апам-ай, арызыңды да айта алмай кеттің-ау! — деп Күлзипа мырс-мырс етіп, қара жаулығының ұшымен көзін сүрткен.

Отырғандар үнсіз қалды. Тек недәуір уақыттан соң:

— Арызы бар, қалқам, — деді атасы. — Соңғы кезде ажал торып жүргенін сезді ме, «Өлсем — анау Қаратұмсықтың басындағы ескі зиратқа жерлеңдер» деп еді. Ата-бабамыздың сүйегі сонда ғой.

— Ол қиын шаруа емес, — деді Нұрекең ақ күмістей сақалын сау малай тарап. — Арамызда, міне, ауылдың басшысы отыр. Кө лік тауып берсе, бес шақырым жер сөз бе, тәйірі?.. Апарамыз да қоямыз. Солай емес пе, Солтан?

Телжан жұрттың ортасынан орын алған қарабұжыр жігітке ұрлана көз салған. Солтан дегені — осы. Екеуі мектепте бірге оқыған. Біраз жылдан бері көрмеп еді, сары май салған бүйендей жұмырланып қалыпты..

— Қаратұмсық дейсіз, ә?.. — деді ол күмілжіп. — Қаратұмсық?.. Оған машина шығуы қиын шығар...

— Мәшине шықпаса, трактор шығады. Артына тележка тіркеу қиын ба?

— Ертең жұмыс күні дегендей... Сіздер де жағдайды қиындатып...

— Көкейіңдегіні түсініп отырмын, шырақ, — деді Нұрекең. — Қол созым жердегі жаңа қорым тұрғанда сүйекті сонау тауға сүйреп не керек дейтін шығарсың. Бір есептен оның да рас, өлген адамға қайда жатсын — бәрібір. Бірақ біз деген — өлімді сыйлап, ананы ардақтап, үлкенді құрметтеп өскен халықпыз. Анау оң жақта жатқан марқұм кемпір — ата-бабаның сол жақсы салттарын өмірі сақтап өткен адам. Оның тірлігіндегі бір тілегін орындауға тиіспіз. Және бұл — діншілдік емес, өлгенге деген құрмет, ұрпағына деген ілтипат болса керек.

— Сонда маған не істе дейсіз?

— Ертең он екі шамасында бір тракторды бірер сағатқа босат... Сосын төрт-бес жігітті сүйекшіге сайла. Басқа тілегіміз жоқ.

— Ыңғайына қарай көрейік, — деді Солтан ерін ұшымен.

Ет желініп, құран оқылып, дастарқан үсті жиналғанша түн жарымынан ауған. Бұдан соң үйде ет жақын ағайындар мен бесалты шал-шауқан ғана қалып еді. Оң жаққа құрылған қызыл шайы шымылдықтың ар жағында Телжанның апасы жатты... Бер жағында қоңыр әңгімені қоздатып қарттар отырды. Үй іші күңгірт. Пештің бір иығында ербиіп тұрған білтелі шамның шынысын қап-қара ыс тұтқан. Шалдардың әңгімесі де көңілсіз еді. Айтатындары: өлім-жітім, ауыру-сырқау... жыл өткен сайын жердің тоза бастауы... жастардың жақсы салттарды ұмытып бара жатқаны... тағысын-тағылар... Көпшіліктің көзі көбінде Нұрекеңнің аузында. Ол бүгінгі күннің өрісін біраз шиырлап келіп, бір мезет сөз төркінін сонау Абылай заманына бір-ақ тіреген.

— Сол заманда алты алашты аузына қаратқан атақты Қаз дауысты Қазыбек би де осындай жер қара, күн ыстықта дүние салған екен, — дейді ол ұзақ бір әңгіменің ұшын шығарып. — Ол уақытта бабаларымыз ең әйгілі деген хандары мен билерін сонау түстіктегі Түркістанға — Қожа Ахмет әулиенің қасына апарып жерлеген ғой. Осы дәстүр бойынша олар Қазекеңнің де мәйітін сол әулие жатқан мекенге — жер түбіне жеткізбекші болады. Ал қалай жеткізу керек?.. Күн ыстық, шыжыған шілде. Қазекең қайтқан Сарыарқаның бір пұшпағы мен Түркістанның арасы — жарты айшылық жол. Ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұзақ жолда мәйітті бұзып алмай, аман-сау апарудың амалы қайсы? Бірақ... ықылым заманнан бері сахараның о жақ, бұ жағына кезек ауып жүрген қалың ел өздерінің көшпенді тұрмыстарына қарай небір қиындықтың кілтін таба білген ғой, бұның да тәсілін тауыпты. Марқұмның денесін шымқай ақ былғарымен қаптап, сыртынан аппақ киізбен орап, оны арулап зузаға салады да, қаралы топқа Бөлек батырды бас қылып, кешкі апақ-сапақта оларды алыс сапарға аттандырып салыпты... Сонымен бұл топ қоңырсалқын қараңғыда түні бойы суыт жүріп отырып, таң шеті сөгіле қай жерге табан тіресе, сол жерде терең ор қазып, сүйекті сонда сақтап қояды да, өздері күн батқанша тынығып жатады. Тыныққан жерде епсекті жігіттер сүйек сыртындағы ақ киізді үнемі салқын сумен шылап-сулап, дым бүркіп отыруды да ұмытпаған. Е-е, жарықтық киіздің қасиетін қазір екінің бірі біле ме? Баяғыда деймін-ау, жылқы бағып жүргенде, торсығымыздың сыртын ақ киізбен қаптап, оны суық сумен шылқытып қойсақ, ішіндегі сусынымыз шілденің шіліңгір ыстығында да сап-салқын боп тұрушы еді... Иә, сөйтіп Бөлек бастаған қаралы топ Сарыарқаның сары даласын артқа тастап, безеріп жатқан Бетпақтың шөлінен де аман өтіп, күндердің күнінде Қаратаудың бір қойнауына да жетеді. Жеткен жерлерінде әдеттегідей ор қазып, Қазекеңнің денесін салқынжайға орналастырады да, өздері демалуға кіріседі. Неше күн жолсоқты боп шаршаған олар бастары жерге тие қалғып кетсе керек, не заматта күзетке қойған адамның «Ойбай, жау кеп қалды! Жау!..» деген ащы айқайынан бәрі атып-атып тұрады.

Расында, желке тұстағы жатаған төбеден жүз қаралы салт атты қиқулай құлап келеді екен. Жігіттер абыржып, бірі атына, бірі найзасына ұмтылады. «Тапжылмаңдар! — дейді тір лігінде талай қиқуды көрген Бөкең оларға. — Азар болса, жол торып, керуен тонап дәніккен қарақшылар шығар. Қарақшы да қазадан аттап өткенін көргенім жоқ. Отырыңдар қозғалмай...»

Айтқандай-ақ, олар шаңдата шауып жеткенмен, бейғам отыр ған бұларды көргенде, іркіліп қалады. Дегенмен, алдымен келген біреуі атын ойқастатып тұрып, «Кімсіңдер?! Қайдан жүрген кезбесіңдер топталып?!» деп тебіне түседі. Бөкең орнынан ептеп қозғалып, еңсесін тік көтерген күйі «Біз Қаз дауысты Қазыбек бидің сүйегін әулие басына әкетіп бара жатқан адамдармыз» дейді. Сонда әлгі кісі бетін тыржитып, «Бидің атын алға тартқан өңшең бейшара, Қазыбегің бізге не керек, бір сөзбен: «Сүйекшіміз» десең болмай ма?» деп бұрылып жүре беріпті дейді... Өлімді сыйлаған елдің өміршең салты, міне, осындай болған, — деп Нұрекең әңгімесін аяқтағанда, тауық шақырып, таң атқан.

...Таң ата совхоз кеңсесіне трактор сұрай кеткен Телжанның үлкен ағасы ұлы сәскеде бір-ақ қайтқан. Бос қайтқан. Солтан шұғыл шаруамен ауданға аттанып кетіпті. Оның рұқсатынсыз ешкім ешқандай көлік бере алмайды екен. Көлікті қойып, өлікті жерлеуге он шақты қараны әзер тауыпты. Жұмыстың күйіп тұрғаны мынау, жоспардың орындалмай жатқаны анау дейді.

Амалы құрыған атасы сонау Қаратұмсықтың басына көзі боталай қараған.

Қаратұмсықтың басында ата-бабасының сүйегі жатыр еді...

Түскен кейін ағайын-туған, кәрі-құртаңнан құралған біраз адам апасының сүйегін қол созым жердегі жаңа қорымға көтеріп бара жатты.

Есік алдында екі құлағы делдиіп, оттығы түтіндеп сары самауыр қалды...

* * *

Ол самауыр қайнай-қайнай суы әбден сарқылып тұрғанын Гүлсан білген жоқ еді, үйге кіріп-шығып жүріп, кеңірдегін қызыл шоқпен кептей берген. Сосын бір әредікте неше күннен бері күтім көрмеген беті есіне түскен де, ауыз үйге ұрлана кіріп, алақандай айнасына қараған. Көп қараған. Қарап отырып, көз аумағына көк бояу жағып, кірпігін түзеген, қасын жұлған. Сол екі арада... сыртта аттан салған Күлзипаның ащы даусын естіген.

— Ойбай! Ойбай!.. Құрыды, бітті! — деген ол шырылдап. — Сары самауырдан айырылып қалдық, ағайын!.. Еріп кетті оттығы, балқып кетті бүйірі!.. Қайда әлгі келін?!. Тумысында түк көрмеген байғұс-ай!..

«Дура! — деді бұл тесіктен сығалап тұрып. — «Түк көрмеген» деуін! Сиырдың төрт емшегінен басқа сен не көрдің? Дура!..»

* * *

...Сары самауырдай сарғайып таң атты.

Телжан сары кеспектен сүт әкелуге сыртқа шықты.

Гүлсан ас үйге кіріп, жаңа самауырды токқа жалғамақшы боп тұрды да, сосын пұшық шайнекті газға қойды.

Энергияны үнемдеу керек еді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз