Өлең, жыр, ақындар

Қыз арманы қияда

(Аягөз өңірі қыздарынан шыққан тұңғыш ғалым, сүйікті ұстаз Төлеуғайша Көбентаеваның аруағына бағыштаймын)

Доңғалақтардың бір сарынды тарсылы әуенінен әсте жаңылар емес. Тық-тық уақыт оздырған сағат тырсылына ұқсайды. Иә, уақыт та мынау артта қалып жатқан жол секілді ол да қайта оралмақ емес. Қазір ойлап қараса, мұның ойынынан ойлауы басым болған мектептегі анасына сүйеніш бола алған азғана жылдары — бәрі де артта қалып жатқан осы жол осы уақыт тәрізді.

Міне, енді оның өмірінің жаңа беттері басталмақ. Ол терезеден сыртқа үңілді. Көз ұшында самсаған электр шамдары қалып барады. Келмеске кеткен күндердің көңілге дем берер қуанышы іспеттес.

Терезеден жүзін бұрғанында көзі қарсы полкада жатып, пыс-пыс ұйқыға кеткен көршісіне түсіп еді. Бетін терең түскен әжім сызаттары айғыздаған шүйкедей кемпір қаннен-қаперсіз ұйқы құшағында жатыр. Оның қара көлеңкеде бозалаңдаған аппақ самайы мен еті қашып тарамыстанған қолдары Төлеуғайшаның есіне өз анасын түсірді. Бүкіл тұлғасымен, жан-дүниесімен, үлкен жүрегімен сол бір аяулы жан мұның жүрегінде жазулы хаттай сақталып қапты. Өзі өмір бойы табынып өскен ана бейнесі көз алдына келіп еске түскен сайын жаңарып, жаңғыра беретіндей.

Оған бір сәт мынау қария өз анасы сияқтанып кетті. Сол бір баяғы күндердегідей бұған басын қаратып жатып ұйықтап кеткен тәрізді. Қыз көңілі бір сәтке ана мейірімін аңсап, зарыққандай. Үлкен көздеріне жалтылдап жас іркілді...

Ол жасынан ана тәрбиесінде өскен-ді. Жас та болса анасының жалғыз ілікті жадау тұрмысын әмсе аңғаратын. Кейде әлденеге қиналған ана қабағына қарап, жаны ашып қамығатын. Қызының көңіліне қаяу түсіргісі келмейтін ана да оған ылғи уайымсыз, салмақты көрінуге тырысатын-ды. Іштей қиналған ана жағдайын сезімтал, сергек қызы бұлтартпай тап басып, қанатымен су сепкен қарлығашқа ұқсап, ана жанын жадыратам деп жанталасатын. "Қуатым, бар тірегім, өмірім" дейтін оны анасы. Бұрын сан рет естіген осы сөздерді енді ойлап қараса, үлкен мәні бар екен. Ананың еркелеткен көп сөзінің бірі ме деп жүрсе, оның бүкіл тағдыры сол сөздерге сыйып тұрғандай екен. Бұл мектеп бітіріп, аттестат алғанында, алғаш оқу іздеп Семейге аттанарында, институтта оқып жүрген жылдарында қамкөңіл ана шырайынан әжептәуір өзгеріс аңғаратын. Өзінің ұзақ жылдар бойы мәпелеген жеміс ағашының түйін түйе бастағанын сезгендей, бұған бұрынғыдан да мейірімді көрінген. Қаншама еркелеткенімен есті болуын мақсат еткен ана қажетті жерінде қатал да бола алатын еді. Ақылды ана талабына құлақ қойған Төлеуғайша әрқашан да оның мақтанышы болуға тырысатын.

Төлеуғайша жасынан-ақ көркем әдебиетті жақсы көретін. Соның әсерінен де болар, ол арманшыл болып өсті. Өзінің тамаша болашағы жайлы ұзын сүре қиялдарға жиі берілетін. Оның кішкентай сәби жүрегінде сол шақта да абзал ана бейнесі таса қалмайтын-ды. Ондай адам мәңгілік өмір сүретіндей, өлуге тиіс еместей көрінетін. Ал кейде бір анасы ауырып, жатып қалған шағында көңілін аулау мақсатымен қасына отырып, өзі жақсы көріп, жадында сақтаған неше түрлі аңыз-әңгімелер, қиссалар шешендер жайлы аузының суы құри айтып беретін немесе жалықпай оқып отыратын.

Ол неге екені белгісіз жастайынан мән-мағынасымен, айтысты сөз орамымен, аяқасты тапқырлығымен көңілді баурап алатын көне сөз, аңыз-әңгіме, ертегі жырларға, шешендік нақылдарға кереметтей әуес болып өсті. Өзіне ерекше ұнаған сондай сөздерді, айтыс үзінділерін, кейбір аңыздарды жеке дәптерге жалықпай жазып алып, жинап жүретін. Жолдастарының арасында әртүрлі жиын-тойларда, ән сал деп қыстаған шақтарда ойында жатталып, сомдалған жұп-жұмыр әдемі аңыздарды немесе өлең үзінділерін нәшіне келтіре оқып беріп, достарын шексіз риза ететұғын.

Төлеуғайша алғаш рет мектепте, содан кейін институтта жүрген жылдарында ауыз әдебиеті шығармаларын құныға оқып, ерекше көңіл бөлді. Ертеректе шығып ескіден мұра болып қалған тамаша үлгілер оған өзгеше бір ғажайып әлем секілді әсер етуші еді. Ол сол әлемді емін-еркін шарлағысы келетін. Ақыры арманына қанат болған сол бір тілек оның өмір жолындағы үлкен кезеңге алып келді. Ол диссертациясына қазақ айтысын негіз етіп алды...

Төлеуғайша ұзақ ойдан бір сәтке серпіліп, сағатына қарап еді, түн ортасынан ауып кетіпті. Көрші орналасқан қария әлденеге басын көтеріп сәл отырды да, күйбең-күйбең етіп жерден галошын іздей бастады. Сәлден соң есікті сипалай ашып, аяғын тырп-тырп еткізіп, далаға шығып кетті. Ол қайта оралғанда Төлеуғайша да орнынан тұрған-ды. Тамбурға шығып, аздап сейіліп қайтуды ойлаған.

— Балам, сен әлі ұйықтамағансың ба? — деді қария оған қарап. Өзің қайда бара жатыр ең?

— Жамбылға.

— Е...е... Сонда тұрасың ба?

— Енді тұрғалы барамын.

Қария бетіне тесіле қарады. Онысы сөзін түсінбеген түрі.

— Сонда қызметке бара жатырмын, — деді Төлеуғайша ұғындырып.

— Ол не қызмет еді, шырағым?

— Институтқа сабақ беремін. Соның оқуын бітіріп келе жатқан бетім.

— Е... е... Бұрын көрмеген жерің екен ғой. Әлі-ақ үйреніп кетесің, айналайын. Ал бұл жолы ең алдымен өзімнің қонағым боласың, — деді ол сөзін нықтап.

Сәлден кейін ол қайтадан ұйықтауға жатты. Төлеуғайша шаршағанын сезді. Бірақ көңілінде қалқыған ойлар маза берер емес. Бірінен соң бірі орала береді. Бірде ізденіспен өткен күндер мен түндерді ойласа, бірде диссертациясын қорғаған шағы елестейді. Енді бірде жұртшылық қуана қабылдап, құттықтап жатқанын, жетекшілік еткен Мәлік ағаның риза келбетін тағы да көргендей болады.

Міне, ол жол үстінде келеді. Жай ғана жол үстінде емес, өмір сапарында жүр. Ол сапарын енді ғана бастағандай. Оның бүгінге дейін салғаны даңғыл жолға апарар сүрлеу ғана еді. Алдында үлкен сара жол жатыр. Алып ұшқан жүрек соны ғана меңзейді. Армансыз аршындап, еркін құлаш ұрар, шарықтап қанат қағар шақты аңсайды. Талап тұлпары әлі де алысқа талпынады. Тағы да биікке ұмтылады. Ойлап қарасаң, асыл арман әрқашан да биікте болады екен. Ал басқаның бәрі соған жетелер баспалдақ тәрізді. Адам соларды жағалап, шың басында жылтыраған арман шырағына қарай өрмелей береді екен. Төлеуғайша да сол биікке қарап, қадам жасап келе жатқандай.

Сәлден кейін ол ой құшағында ұйықтап бара жатты. Көршісінің келесі бүйіріне аударыла беріп: "Уһ, белім-ай", — деп, артынан шүкіршілік айта сөйлегені еміс-еміс құлағына келді. Іле вагон іші жым-жырт тыныштыққа көшті. Тек қана бағанағы бір үздіксіз дыбыс басылар емес. Тарс-тұрс еткен ұшқыр поезд қара түнді тілгілеп, оны болашағына қарай алып ұшып бара жатты. Семей педагогикалық институтын сырттай бітірген ол, ҚазПИ-дің аспирантурасына келіп түсті. Қазір Жамбыл қаласындағы педагогикалық институтының аға оқытушысы. Төлеуғайша Көбентаева — Аягөз өңірі қыздарынан шыққан тұңғыш ғылым кандидаты.

21.07.1971 жыл "Лениншіл Жас"


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз