Өлең, жыр, ақындар

Ғасырдың соңғы жазы еді

Иә, бұл ғасырдың соңғы жазы болатын. Әнес аға мен Әлия апа екеуі "Сарыағашқа" жолдама алған. Көңіл жай, қол бос дегендей, келіспей жатқан өзге шаруа болмаған соң, үлкен кісілерге одан артық не керек.

Әрине, қазіргі демалыс дегенің де оңай шаруа емес екені белгілі. Бірақ бұл кісілер қашан да барына шүкір етіп, барына қанағат жасап, "ел аман, жұрт тыныш" болса, өзгесінің бәрі де орнына келеді деп үйренген жандар. Баяғыша жолдаманы бас басына алып, бетің ауған жаққа жүре беретін заман енді жоқ. Елдің көпшілігі бір жолдамаға қолы жетсе, соны екіге, үшке бөліп, бірнеше адам бірден пайдалану дегенді тауып алды. Бұл тіпті кейде қызық көрінеді, санаторийге барсам жиырма-отыз күн уақыт керек деп, саспайсың, керегінше бөліп алып, пайдалана бересің. Қаражат үнемдегісі келгендерге де тиімді. Ал емдеу-сауықтыру орындары үшін одан да пайдалы. Анау бір жылдары "байтал тұр ғой, бас қайғы" дегендей, жұрт еңбекақысын ала алмай, киейін дегенін киіп, ішейін дегенің іше алмаған кездері курорт, санаторий, демалыс үйлерінің бар; бос қалып, демалушыларға зар болғаннан ба, қазір олардың көбінде келген адамға қайт жоқ. Ал егер бір жолдаманы екі-үш адам пайдаланамын десе, оларға сірә келісе қояды. Өйткені бос орынды бос сақтағанша, пайдалана берген жаман емес оның үстіне, соңынан жаңадан келген адамды қабылдауға мүмкіндік те көбейе түспей ме. Ал емделушілердің логикасы да өзінше дұп-дұрыс. Әлгі бөліп алған он күннің ішінде олар бәрібір, жиырма күн жатып алатын он шақты ваннасын алып шығады. Одан артық бәрібір бермейді.

Алайда мұндай саясат организмді емге біртіндеп үйретіп, күнара демалдырып, денсаулық ахуалын бақылай отырып емдеудің баяғы тәсілін жоққа шығарып бара жатқан сияқты. Тіпті баяғы кездерде кейбір емдеу орындары бірнеше күнге дейін ешқандай ем бермей, организм жаңа ортаға үйрену керек деп, бекерден-бекер жатқызып қоюшы еді. Ондай «қамқорлық жалпы ұмытылған.

Ал адам организмінің бәрі бірдей мұндай асығыстықты көтере бермейді. Әсіресе жылдар бойғы ауыр еңбектен, қапылыс күндерден, арпалысқан тіршіліктен қажи қалғандарға оңай емес.

Демалыстың әлгіндей "әдісін" қызық көріп әрі Алматыда қызметте жүрген Әминасына тезірек жетуге асыққан Әнекең мен Әлия апай да бір жолдамамен келіп, ем алған. Алайда келе сала күн сайын кезектестіріп алған екі түрлі ванна жүрегіне салмақ түсіріп, отағасы ауырыңқырап қалды да, Алматыға барған соң бұрынғы "Совминнің" айтулы ауруханасына жатып, емделіп шығады. Көп ұзамай, оңтүстік астананың әсем көркі мен сағынып келген сүйікті перзентінің қамқор пейілі оны шынымен сауықтырып жібергендей болды. Бірқатар бұрынғы еңбектес жолдастарын кездестірген. Алуан түрлі әдемі әңгімелер де айтылған. Сол жолы зейнеткерлердің алып жүрген зейнетақысы қанша болса да, соның жарты құны көлемінде ғана ақы алып, емдейтін санаторий бар екенін естіп, соған риза болған. Өйткені бүгінгі заманда зейнеткерлердің күйі көп ретте адам аяғандай. Өз замандастарының, зейнетке қатар шыққан үлкен адамдардың жай-күйін жақсы білетін Әнекең: "Соны неге жұрт білмейді?! Мен бірінші рет естіп отырмын. Дәу де болса, мұны кеңінен жарияламай отырғандарының бір сыры бар. Әйтпесе әншейінде не болса соның бәрін қоймай жазып, жалықпай жеткізіп жатады ғой!" — деп, ренжіп қалған. Шамасы, ол кісі Кеңестік дәуірден қалған, қолына сеніп берілген билікті тек қана өз пайдасы үшін жаратып үйренгендердің бұл арада да адалдығына шәк келтірген сияқты. Онысының да жөні болар, егер олай болмаса ай сайын облысқа үш-үштен бөлініп тұратын осындай жолдамамен барып демалып келдім деген біреу болмаса біреуді кездестірер еді ғой...

Әлия апай ерін мұндай кездерде тыныштандырып, сөзді басқаға аударып, қолынан келгенше ол әңгімені тез ұмыттыруға күш салатын. Сол жолы да біраздан бері жұрт бара алмай қалған. Кавказдағы өздерінің "Өзен" санаторийі қайтадан ашылғанын, онда жаз бойы тағы да жүздеген Жаңаөзендік балалардың демала бастағанын, сол жаққа келесі жылдары өзіміз де барып қайтайық деген өтінішін де айтып, сабасына түсірген. Әңгімеге қызы да араласып, демалыс күндері өздерін қайда апарып қыдыртатынын әңгімелеген. Сонау Қосшағылда дүниеге келген күнінен бастап жүрегінің ең аяулы, қымбат қазынасына айналған Әминасын ол ылғи да ерекше санайтын. Мүмкін бұл оның қызығының алды болған соң шығар әлде баласының үлкені болса да, жалғыз қыз екендігінен бе, ол жағын Әлия апай әлі күнге дейін айырып айта алмайды. Жолы жіңішке қыз бала екеніне қарамастан, бір үйден кіріп-шығып жасайтын нәзік мамандықты емес, ол бірден әке-шешесінің ізін қуып, Мәскеуден химия-технология институтын бітіріп, химик-технолог мамандығын алды. Ақтаудағы пластмасса зауытында, Қазақ мұнай газ ғылыми-зерттеу институтында қызметте болды. Содан соң Алматыда қайтадан білімін жалғастырып, ағылшын тілін үйренді. Қазақтың халықаралық экономика институтын бітіріп, экономика магистрі атағын алған облыстағы бірінші қазақ қызы атанды. Содан кейінгі өмірі заманның жаңа ағымы бойынша, "Казахгеошельф" біріккен кәсіпорнында (американдықтармен бірге) жалғасып келеді. Алғашында осындағы базалық кәсіпорында болған, қазір Алматыда. Талапты да, талантты қыздары үмітін ақтап отыр.

Адам өмірге келгеннен кейінгі бітіруге тиісті ең маңызды шаруасы соңына өзінің орнын толтырып, халқының қатарын көбейтетін ұрпақ қалдыру ғой. Әнекең мен Әлия апайдың бұл жөнінен аллаға еш өкпесі болған емес. Әминасының соңынан Жамбылы ерді, Маңғыстаудың Өзеніне келген соң Сәкені өмірге келді. Екеуі де ата-аналарының жолын қуды. Жамбылдары қазір Ақтау қаласы әкімі орынбасары, Сәкендері мұнай кәсіпшіліктеріне қажетті құрал-жабдықтар жеткізетін фирмада қызметте. Немерелер өсіп жатыр.

Жақсы бала жаныңның жұмағы ғой, ерлі-зайыпты екеуінің көңілдерін тоғайтып, жандарын жадырататын да ең алдымен әлгі перзенттерінің ел қатарына қосылып, адам болғандығы. Жай ғана көшке ілесіп қоймай, өз қатарларының алдында болып, өзгелерге өнеге көрсете алғандығы. "Тіл-көзден аман болғай!" — деген тілек олардың ылғи тіл ұшында жүреді.

Әминаларының жанында болып, біраз тыныққан олар енді "асықпай аяңдап" ауыл жаққа бет алуға айналған. Өйткен себебі, Әнекеңнің сырқат жүрегіне алып ұшатын самолет ауыр тиеді деп, дәрігерлер сол асықпай аяңдайтын поезбен жүруді ұсынған. Үш-төрт күннің әрі берісі не, Әнекең: "Оңда тіпті соның өзі дұрыс, Ақтөбеде екі-үш күн болып тынығамыз", — деп, арқаны кеңге салды. Ақтөбеде тұратын сіңлісіне телефон шалып, сол бойда әлгі әңгімені жеткізген. Әлия тіпті қуанышты, туыстарымен қауышады. Апалы-сіңлілі жандардың кездесуі қашан да үлкен ғанибет қой, оны сондай туыстықтағы адамдар жақсы біледі. Сіңлісі де алда тұрған мерекелі күндерге дайындалып, айтқан күндері Ақтөбеден әрі қарайғы билеттерін де алып қоятынын айтты...

Тамыздың сол бір күндеріне екеуі де дән риза болатын. Олар жұмсақта салқын вагонға отырып, Қазақстанның батыс өлкесіне қарай рахаттана жолға шыққан.


Пікірлер (2)

токтар

көп-көп рахмет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз