Өлең, жыр, ақындар

Ғасырдың соңғы жазы

(Жалғасы)

...Таңға жуық поезд Шалқар станциясына жақындап қалған. Әнекең купеге кіргенде ояу жатқан Әлия апай басын көтерді. Ештеңе керек емес пе деп сұрағысы келіп еді, тонометрін алып, қан қысымын өлшегелі жатқан соң кідіріп қалды.

— 60 та 80 болып тұр, түсіп кетіпті. Маған шай берші, — деді. Шайын ішті де, төсегіне қисайды.

— Ұйқым келмей жатыр, газеттерді әперші, — деп еді, зайыбы қарсы болды.

— Жарық әлсіз, газетті қайтесің... Демалсаңшы, — дегенге қарсыласпады.

— Жарайды онда. Сағат неше болды өзі? Таң қашан атады? — деген.

— Таң атып қалды. Сағат төрт. Сен демала бер, мен бетімді шайып келейінші, — деп, шыға қойған. Басқа ешқандай сөз айтылмаған. Қайтадан келсе, жүріп бара жатыр екен...

... Әлия апай енді сол бір сәттерді, сол күнгі айтылған әңгімелерді тегіс есіне түсіріп көрген, бірақ күдіктенерліктей ештеңе таппады. Тек қана Қызылордадан бері шыға бере күннің ыси бастағанын айтқан. Біреулер таңға жуық бір-екі адаммен тамбурда сөйлесіп, күлісіп тұрғанын көріпті. Кәдімгі демалып жүрген адамдардың өзара емін-еркін пікірлесуі дейді... Осылайша алпыс бес жасында Әнес ағамыз аяқ астынан, күтпеген жерден жөнеп кете берді.

Бір күні Әлия апай маған мынадай өтініш жасаған: Ағаңның бүкіл өмірі мұнаймен бірге өтті ғой, тасына жазылатын сөздерін өзінің сол ғұмырлық серік болған мұнайына байланыстырып жазып берші...

Сөздерді былайша жазып едім:

Басқа не деп айтарсың:

Қара жер боп жастығың,

Тыңдап енді жатарсың

Мұнайыңның тасқынын.

Арманына жеткізгей

Сенен қалған ұл-қызды.

Тағдыр биге тепкізбей,

Желеп-жебеп жүр бізді...

(зайыбы Әлия)

Топырағың торқа болсын, Әнес аға. Менің қолымнан келгені осы ғана.

2000 жыл


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз