Өлең-жыр байқауы

350 жыл бойы мойындалмаған шындық

Математикада керемет жаңалықтар ашып, әлемдік ғылымға «алгоритм», «алгебра» ұғымдарын сыйлаған Арал теңізі маңында дүниеге келген әл Хорезмиден мынадай нақыл сөз қалған көрінеді:

«Егер әйел иманды болса, мұны — 1 деңіз. Ал егер әйел оған қоса сұлу болса, онда оған 0-ді қосамыз, сонда 10 болады. Егер әйелдің байлығы бар болса, оған тағы 0-ді қосамыз, сонда әлгі онымыз 100 болады. Сонымен бірге әйел текті әулеттен шықса, оған тағы 0-ді қосамыз, сонда 1000 болады. Егер ең алдындағы 1 санын (яғни, иманды) өшіріп тастайтын болсақ, онда мұның бәрі де құр нөлге айналады» — деген екен.

Түсіне білгенге керемет тәмсіл. Әрине, әйелдің тәрбиесі, оның иманы бәрі ауадай керек. Оған ешқандай дау айтқалы отырған жоқпын. Ұлттың анасы да осы әйел. Алайда атақты ойшылдың осы сөздерін оқып отырған менің ойыма әйелдің тәрбиесі емес, қазақтың өнімсіз күйкі тірлігі елестеп кетті. Мен ешқандай ғұлама ғалым немесе керемет матемтик емеспін. Жәй, ғұламаның осы сөздері тек әйелге ғана арналмаған деген ой келді басыма.

Бізде жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлініп өнеркәсіпті, технологияны, жаңа инновацияны, экономиканы дамытуға, адамдардың өмір сапасын арттыруға, түрлі жиындар мен конференциялар, симпозиумдар мен жылтыраған кездесулер өткізілуге жұмсалады. Жарайды, бұлардың бәрі еліміздің дамуына керек делік. Бір организмның ішінде өмір сүріп отырып, кімнен нені жасырайық, бүгін ашылып, Елбасымыз қызыл лентасын қиған зауыт бір жылға жетпей жабылып, кеше салынған жол жарамсыз болып, айқайлап жүріп салынған жүздеген кв.метр тұрғын үйлердің көбі техникалық ақауы шығып, кейбірі қирап қалып жатқаны белгілі. Астық егеміз деп оны сақтайтын қойма болмай қаншама егін далада қар басып, шіріп жатады. «Шыңғысхан әлемді әскермен жауласа, Қазақстан әлемді етпен жаулайды» деп үкімет отырысында баяндама жасап, артынша Қытайға 900 теңгеге тыққыштап өткізген сол етті өз халқымыз 1500 теңгеге сатып алып жатады.

Әрі қарай тізбелей берсем сіз жалығасыз. Себебі сіз де, мен де бір елде тұрып жатырмыз. Біліп отырымын, мұның бәрін сыбайлас жемқорлыққа жаба салуға болады. Ол да дұрыс. Бірақ есіңізде болсын, адам баласы бізге дейін ауырған, мың жерден технология дамыса да ол ауыра береді. Қанша жерден неше түрлі дәрі-дәрмек ойлап тапсаңыз да ауруды тоқтату мүмкін емес. Сол сияқты сыбайлас жемқорлық та бізге дейін болған, бізден кейін де бола береді, оған ешқашан күмән келтірмеңіз. Ол ешқашан жойылмайды. Тек біз онымен ұдайы күресе береміз, күресе береміз. Бұл бітпейтін, шеті де шегі де жоқ мәңгілік майдан. Жә, бұл өз алдына бөлек әңгіме. Хорезми қарияның мысалындай осылардың бәрін жіпке тізіп көрейікші.

«Егер елімізде іргелі ғылымдар мен қолданбалы ғылымдар мықты дамыса оны — 1 деңіз. Егер еліміз жаңа өзгерістер, жаңа инновациялар енгізуге құмар болса оған 0-ді қосыңыз, сонда 10 болады. Егер еліміз халқының әлеуметтік қорғалуын, денсаулығын жақсартып түрлі жеңілдіктерін енгізсе оған тағы 0-ді қосыңыз, сонда 100 болады. Сонымен қатар еліміз жеңіл және ауыр өнеркәсіпті қолға алып, экономиканы көтерсе, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» өткізсе, елдің мәселесін талқыласа, биік мінбелерден баяндамалар оқып жатса оған тағы 0-ді қосыңыз, сонда 1000 болады. Енді қараңызшы, ең алдындағы 1-ді (яғни білім мен ғылымды) өшіріп тастайтын болсаңыз сіздің шет елден әкелген су жаңа технологияңыз, күн сайын өтіп жатқан жиналыс, кеңесіңіз, денсаулықты жақсартам, жалақыны көтерем, экономиканы дамытам деп тыраштанған бүкіл әрекетіңіздің бәрі де 0-ге айналып шыға келеді».

Бір ғана ақиқат шындық бар. Білім мен ғылым дамымайынша ешқашан көсегеміз көгермейді. Ешқашан! Бізге іргелі және қолданбалы ғылымның дамуына (әсіресе іргелі ғылымға) мемлекеттің тікелей қолдауы керек. Осы кезге дейін көзге тамызғандай етіп жырмшылаудың енді реті жоқ. Бұл соншалықты үлкен тәуекелді қажет ететін, ертең қайтпай қалады-ау деп қорқатын сала емес. Ғылым мен білімге құйған қаржы он тіпті жүз еселеп кері қайтады.

Өздеріңіз білесіздер, 2018 жылы үкіметтің қорытынды отырысында игерілмей қалған миллиардтаған қаржы бюджетке кері қайтарылды. Егер осыншама қаржыны білім мен ғылымға құйсаңыздар жиналыста терлеп, ақшаны қайда жұмсаймын деп бас қатырмас едіңіздер.

Ең қызығы Жер Күнді айналатынын сонау орта ғасырда дәлелденіп тастағанымен Рим папалары оны ешқашан мойындаған емес. Қасарысты, қырсықты, қолынан келген бар қитұрқылықты қолданып көрді. Бірақ ақиқаттан қашып құтылу мүмкін емес еді. Амалы құрыған Ватикан 1992 жылы арада 350 жыл өткенде Жер Күнді айналатынын мойындауға мәжбүр болды.

Ал еліміздің болашағы ғылым мен білімге тікелей тәуелді екенін мойындау үшін бізге қанша уақыт керек?



Пікірлер (3)

Мұнарбек

Ватиканның шындықты қабылдамауының себебі билікті жоғалтып алмау, авторитетіне нұқсан келтірмеу сонымен қоса қырсықтық та шығар. Егер біздің билікте осының бірі бар біз де жақын арада мойындай қоймайтын шығармыз))
Ғылым білім деген нәрсе барлық нәрсеге ашық болу деген сөз. Қатып қалған ескіге жабысып қалмай. Мысалы «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөз далбаса десе ашуланып, қарсы шығу емес, неге солай айтқанын түсінуге тырысу дегендей.

Серик

Қазақты қазақ қана құртады, көре алмаушылық, іштарлық, көпқой, енді көтеріліп ағашыңның тамыры енді тарап су алып көгеріп жатқанда, балтамен шауып тастайтындар өте көп?!

Дәурен

Қазақты қазақ құртады деген сөз далбаса. Оның бәрі сауатсыздықтан туындайды. Егер барлығы сауатты болса. Қазақты қазаққа ешкім жау ете алмайды.

Пікір қалдырыңыз