Өлең, жыр, ақындар

Ұлтуған

1

Жанашыр ағайын шамалы еді. Әкесінің үшін өткізгеннен кейін-ақ ел аяғы суып, жұрт үйді-үйіне тарай бастады. Кетерлерінде бәрі де Ұлтуғанның алдына кеп, аз-кем тізе бүгіп отырып, көңілін жұбатып, ақылдарын айтты.

— Бекем бол. Ұлтуған шырағым. Екі дүниеде ата-анаң саған риза шығар. Ұлдан артық күтпесең, кем күткен жоқсың,— десті.

Сөйтіп, әкесі өлген соң, үш күннен кейін кешкісін Ұлтуған үйде жалғыз қалған. Неше күнгі азан-қазан жылап-сықтаудан кейін үңірейген екі бөлмелі ескі тамның ішінде адамды тұншықтырардай тылсым тыныштық орнады. Бүкіл ауыл-аймақ көтеріле көшіп кеткендей де, Ұлтуған жұртта жалғыз қалғандай күйде еді. Әйнектері кірлей бастаған төрт көзді кішкене терезенің жақтауына қиырдағы батар күннің айна сынығындай жарықшақ сәулесі қызғылт жалқынданып түсіп тұр. Бірақ үйдің іші ала көлеңке, күңгірт. Бір ауыр зіл еңсе көтертпей екі иінінен басып, жаншып тұрған тәрізді. Қаза зілі болар. «Топырағың торқа болғыр, көке-ай, тағы осындай бір терезе неге салмадың екен»,— деп ойлады Ұлтуған әкесін есіне алып.

Терезенің кішкенелігі, үй ішінің қараңғылығы оны әбден безе қашардай еткен. Осы үйде туып, осы үйде өссе де ол кішкентай кезінен жалғыз қалудан қорқатын. Мына мелшиген қалың кірпіш қабырғалардың жұтып қоярдай меңіреу сұсы үрейін алушы еді. Енді, міне, сол қорқыныш, сол сұсты үрей мұның жападан жалғыз қалған шағын аңдып кеп, қазір мұны мүлдем тұмшалап, қоршап алған сияқты. Төрдегі тұсына оқалы тұскиіз ұсталған өз төсегінің аяқ жағына сүлесоқ күйде шоқиып кеп, бір уыс боп бүрісіп отырды да қойды.

Осыдан үш күн бұрын мынау оң жақ бұрышта басын құбылаға беріп әкесі жатып еді. Әбден жүдеген, жағы суалып сопайған, көзі ішіне кіріп шүңірейген, бозғылдана сарғайған өңі ұзақ ауырып азаппен қиналып өлген кейіпте, сонша суық, үрейлі болатын. Туған әкесі болса да Ұлтуған дәті жетіп маңайлай алмай, көңілі суылдап теріс айнала берген.

— Көке-е, шынымен-ақ кеткенің бе?! — деп аңыраған.

Шынымен-ақ кеткені екен. Ақыры, сөйтіп, келмес сапарына аттанды. «Міне, шешеден де, әкеден де құтылдым, басым бос,— деп ойлады Ұлтуған.— Ал енді не істеймін?..»

Сол-ақ екен тамағына тығылған ащы өксіктей өкініш жүрегін удай ашытып, сыздап ала жөнелді. Неше күннен бергі жылауы жылау ма, бүкіл көкірегін кернеген ішқұсталық лықсып келіп сыртқа қарай атылды. Өзін-өзі тежей алмай, бар даусын шығарып, іштегі шері тарқағанша аңырап тұрып жылады. «Көз жасым таусылған шығар»,— деп ойлаған, жоқ, таусылмапты, тіпті көл-көсір көп екен, шын тиегі енді ағытылған сияқты: өзін жаратқан тағдырға налыды; көкірегі шерлі адамның лағнат қарғысын айтты; осынша тәлкек қылардай не жазып еді, ол тағдырға? Бұл қай қорлығы, қай мазағы? Әлде бар жазығы — дүниеге қыз болып келгені ме, онда неге туды, бекерге?

Ішқұста адам ызалы болады, шерін тарқату үшін ащы айтады. Әсіресе Ұлтуғандай отырып қалған кәрі қыздың өкініш етері де, айтары да көп еді.

Ұл баланы қыздан артық балайтын қазақтың ескі рәсімінен мұның ата-анасы да аса алмапты. «Шіркін, ұл-ай!» дегенде ішкен астарын жерге қойып, көкіректері қарс айырылып жүрген ата-анасы, бұл туғанда мұны қателесіп туған ұлға балап, атын Ұлтуған қойыпты. Ағайын-туған, ауыл-аймаққа атшаптырып сүйінші сұратқанда: «Шәріптің әйелі ұл тапты!» — деп жар салғызыпты. Сөйтіп туар-тумастан құдіретті жаратылыс пен ата-ана мұны таласқа салған. Қайран ата-ана жаратылыстың қиянатын мойындағылары келмеген де.

Апыл-тапыл жүре бастаған кезінен Ұлтуған өзі қатарлы ер балалардың тобына қосылып, солармен ойнап, солармен алысып-жұлысып, соларша төбелесіп, соларша боқтанып, бетінен ешкім қақпаған ерке боп өсті. Ол кезде өзін ұл санаған сәби көңіл қаперінде түк жоқ, балғын балалықты алаңсыз кешті. Ал бертінде, есі кіргенде өзінің тәлкек болған күйін ұққан күнгі қасіреті шексіз еді. Үй сыртындағы жалбыздың ішіне кіріп алып, жер бауырлап аунап жатып жылаған. Сәби жүрек тағдырға деген өзінің алғашқы наразылығын сонда айтқан. Айтқан да көнген.

Ол ер мінезді ерке қыз боп өсті. Бірақ жастайынан тістеніп өсті. «Жұрттың жаман он ұлын жолда қалдырмасам ба!» — деп түйінді. Оқуды да жақсы оқыды, орта мектепті үздік бітірді, бірақ әрі қарай оқи алмады. Қартайған ата-анасы қолбайлау болды. Күн санап, жауын астында біртіндеп езілген кірпіш дуалдай кемпір-шалдың қауқары кеміп, уақыт деген қатыгездің еркімен мүжіле берді, ыңқыл-сыңқылдары көбейіп, жалғыз қыздың — Ұлтуғанның қолына қарады. Ұлтуған болса білек сыбанып, еңбекке араласты. Ата-анасының қас-қабағын бағып, көңілдеріне кірбің түсірмей, солар деп таңы атып, солар деп күні батты. Солардың көңіліне қараймын деп жүріп, тұрмысқа да шыққан жоқ. Әйтеуір маңдайыма жазылған бір бақ бар шығар деп, ақырын күтті. Осыдан үш жыл бұрын қылтамақтан шешесі дүние салды, ал күні кеше ұзақ сарылған науқастан кейін әкесі қайтты. Сөйтіп, міне, екеуінен де құтылған жәйі бар. Айтар ауызға оңай да, әйтпесе ата-ананың жөні бөлек екен ғой. Орындары ойсырап бос қалған, жоққа айналған. Тек кескіндерін сағынышпен еске алғаннан басқа амал жоқ. Екеуінің де енді қайтып бұ дүниеге оралмастарын есіне алғанда Ұлтуғанның ет-жүрегі үзіліп, ауырып сала берді. Көз жасы ағыл-тегіл тағы да аңырады.

— Шынымен-ақ мені тастап кеткендерің бе?

Осылайша қанша отырғаны, қанша жылағаны белгісіз, сықыр етіп сыртқы есік ашылды да, ауыз үйге тасыр-тұсыр басып біреу кірді. Ұлтуған көңіл айта келген біреу болар деп, дереу ұшып тұрып шамды жаққан, бірақ қанша күткенімен әлгі адам ішкі бөлмеге бас сұқпады. Біраз алаңдап отырды да, ақыры көз жасын сүртіп, ауыз үйге Ұлтуған өзі шыққан. Ауыз үйдің шамы сығырайып қана жанатын. Ала көлеңкеде босаға жақ бұрыштағы әбдірені қалқалап сұңқиған біреу тұр.

— Бұл кім?! — деді қорқып кеткен Ұлтуған.

— Тсс, мен ғой. Ұлтуған, мен... Майданмын...— деді әлгі адам сыбырлай жалынып.

— Е, Майдан болсаң ше. Неғып жүрсің?!

— Тсс... Ұлтуған, айналайын... әне, келіп қалды. Үндемеші, өтіп кетсін.

Осы кезде есік алдына жер-көкті жұлып жеп шабынып, жұрт біткенді қарғап-сілеп, Майданның әйелі — бүкіл ауылға ұрысқақтығымен көк долы атанған Сәндібала келді.

— Әдіра қалғыр, сені не бай қылайын да, не байпақ қылайын...— деп қояды.

Әйелінің даусын естігеннен сұңқиған Майдан көзі бағжаңдап төрт бүктеліп әбдіренің астына кіріп кете жаздап тұр.

— Ұлтуған, өле-өлгенше ұмытпайын жақсылығыңды, жоқ деші мені, жоқ деші,— деп жалынышты үнмен сыбырлай берді.

Сөйткенше сыртқы есік жұлқи ашылған. Қолында қос білектей жуан оқтауы бар, шашы албыр-жалбыр Сәндібала көрінді. Ұлтуған ішке қарай ентелеп келе жатқан Сәндібаланың қарсы алдына барып көлденең тұрды. Ішке қарай онша аттаған жоқ.

Қанша парықсыз болса да, өлік шыққан үйден именді ме, Сәндібала да екпіні қайтып, абыржып қалды. Әсіресе Ұлтуғанның қып-қызыл бұлаудай боп ісінген көзін көргенде мүлдем абыржыды.

— Әлгі біздің Майдан келген жоқ па екен? — деп сұрады.

— Жоқ.

Сәндібала сол абыржыған күйінде тағы бірер сәт тұрды да:

— Жер жұтқыр қайда кете қалды? — деп өзінше күңкілдей ұрысып, әрі қарай жүріп кетті. Былай шыға бере долы тиектің аузын қайта ағытты, аузына ақ ит кіріп, қара ит шығып, бүкіл көшені басына көтеріп барады.

Майдан әбдіренің тасасынан шыққан.

— Бір ажалдан құтқардың, әй, ұмытпаспын өле-өлгенше,— деп сыбырлайды.— Ой, ол көк долы, аямайды...

Ұлтуған енді аңғарды. Майдан ішіп алған екен, аузынан арақ иісі бұрқырап тұр. Әйелін жамандай жөнелді. Ұлтуғанға оның мына сүмірейген күйі де, қылығы да ұнаған жоқ.

— Өй, сенің бүйткен күнің құрсын,— деді зілді үнмен. — Енді қайтейін, Ұлтуған. Ұрсып жеңе алмаймын, ұруға болмайды.

Ұлтуған оның сөзін тыңдамастан ішке беттеген.

— Ұлтуған рұқсат етсең, мен осы ауыз үйде отыра тұрайын,— деді Майдан соңынан ықылықтай сөйлеп.

Ұлтуған үндеген жоқ. Мейлі, отырсаң отыр дегендегісі. Ішкі бөлменің есігін жапты да, әлгіндегі орнына кеп қайта отырды. Жағын таянды. Манағы бір тұншықтыра бунаған тымырсық тылсым да, жалғыздықтан туған үрей де, ауыр қайғы да бір сәтке сейілген тәрізді. Көз жасы құрғап таусылған сияқты. Бойын басқан делсалдық, шаршағандық бар. Үш күннен бергі жылап-сықтау, аз ұйқы әбден-ақ қалжыратып тастапты. Тағы біраз отырды, тамақ жасап ішуге зауқы соқпады. Ақыры шамды сендірместен төсекке шықты да, сол киімшең күйінде көрпеге оранып жата кетті.

Қатып ұйықтап қалыпты. Көзін ашып алған, төбедегі шам сол шақырайған күйінде жанып тұр. Сағатқа қарап еді, таңғы төрттің кезі екен. Тың-тыңдап, сәл елегізгендей болды. Қорадан тауық шақырды. Ауызғы бөлмеден қорыл естілді. Сөйткенше болған жоқ жөтел шықты. Әлгі Майдан әлі кетпесе керек. Бағана іңір кезіндегі оның әйелінен қорқып әбдіренің тасасына тығылған сәтін есіне алған Ұлтуған сәл езу тартты. «Байғұс, осыншама жуас болар ма»,— деп күліп қойды.

Майданның жөтелгені, қорылдағаны Ұлтуғанның елегізген көңілін қайта орнықтырды. Тұрып шамды сөндіріп, терезеден білінген бозамық таң белгісіне қарап маужырап жатып тағы да ұйықтап кеткен. Түс көрді: аппақ күмістей жарқыраған суға шомылып жүр екен. Көл ме, өзен бе, белгісіз суы жып-жылы, малту білмейтін Ұлтуғанды өзінен-өзі көтеріп кетеді. Ұлтуған болса батып кетем-ау деп жүрексінеді, бірақ құлашын жазып сәл талпынса-ақ болды, ақ күміс судың бетінде қалықтай жөнеледі. Өзінде тіптен салмақ жоқ сияқты, жеп-жеңіл, білектері аппақ құлашын жазған кезінде жарқ-жұрқ етеді. Өз білектеріне өзі сұқтанып қояды. Әдемі екенмін-ау деген ой келді.

Терезе түбіндегі торғайлардың шықылықтарынан оянды. Күн арқан бойы көтеріліпті. Ұлтуған ұшып тұрып, керіліп-созылып, үстіндегі ұйпалақтанған киімдерінің қыртыстарын жүре түзетті де сыртқа беттеді. Ауыз бөлмеде Майдан жоқ, кетіп қапты. Қолқаны алар арақтың иісі білінеді. Тыжырынған Ұлтуған сыртқы есікті шалқасынан ашып тастады. Одан соң сиырын сауып, табынға қосты да, қайтып кеп кішкене самауырынды тұтатып шай қойды. Жалғыз адамға да тіршілік керек қой. Самаурынның қасында жүрелей отырып әлгінде көрген түсін есіне алды, өзінің күнге күйген білектеріне қарап күлкісі келді. «Түске не болса сол кіреді екен-ау»... Бүгін не істеп, не қоятынын ойластырды. Енді үш күннен кейін әкесінің жетісін беруі керек, соның қамына кіріспек.

Сөйтіп, жалғыздық өмірдің алғашқы түні кейін қап, алғашқы күні басталды. Жоқ, күндіз бел жазуға мұршасы болған жоқ. Көрші-қолаң бірінен кейін бірі кіріп-шығып, абыр-сабыр болды да жатты. Тек кешкілік мал өрістен қайтқан кезде әрқайсысы өз тіршілігін күйттеп үйді-үйіне тараған, Ұлтуған тағы жалғыз қалды.

Тағы да ішқұсалық пайда болды. Кешегідей әлем-жәлем ірің күйге түсірмегенмен, торыққан, жалғызсырап елегізіткен жабырқау күй көңілін жүдетіп, әлсін-әлсін өксікке тіреле берді. Жалғыз жата алмасын біліп, көрші үйдің он жасар баласын қасына ертіп әкеп жатты. Бар тәттіні осы баланың аузына ұстап, асты-үстіне түсіп, әбден бәйек болды. Өз бағасының артқанын сезген тәттіқұмар қу бала да қайтқан жоқ, бергеннің бәрін сыпыртып соға берді. Өзі дәудір-дәудір сөйлеп, балалармен өзара алыс-жұлыс ойындарын айтып, мақтанып жатып аздан соң ұйықтап қалды. Ұлтуған баланың қылықтарын, сөйлеген сөздерін қызықтап, бір ауық көңілі сейіліп өзінің қайғысын ұмытқандай еді.

Бауырына тығыла түсіл томпиып, пысылдай ұйықтаған баланы қысып-қысып қойды. Кекіл шашынан сипап, маңдайынан сүйді. Топырақтың иісі шығады өзінен. Тағы да әлдеқандай сордың ба, әлде тердің бе, әйтеуір бір айырып болмас қоңсық иістер бар бойында. Ұлтуған кішкентай күнінде, ер бала санатында жүргенінде күшіктер асырайтын, солардан шығатын қоңсық иістер сияқты, бірақ сәби үстінен шыққан соң ба, бір түрлі, жиренішті емес. «Егер, анау жылы Ораққа тұрмысқа шыққанымда ғой, ендігі баламыздың алды осындай болатын ба еді, кім білсін»,— деген ой келді.

Есіне Орақтың оралуы мұң екен, ой дегендер орауы тарқатылып, сағыз жіптей созыла жөнелді. Орақ, Орақ... Ол бір орындалмай қалған өкінішті арман ғой. Алпамсадай зор денелі балуан жігіт көз алдына ыржия күліп кеп тұра қалды. Бұлшық еттері бураның санындай білеу-білеу, бойы толған күш еді өзінің. Бірақ сөзге мүлде жоқ болатын. «Ық-қы-қы-қы»,— деп күлгені болмаса түк сөз айтпайтын. Міне, сол Орақ Ұлтуғанға ғашық болып хат жазып еді бір кезде. Хатты, сірә, жолдас жігіттерінің біреуі жазып берсе керек, өйткені: «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты, жақсы құрбымыз Ұлтуғанға...» — деп бастап, онан әрі өлеңдетіп әкетіпті, тіпті Орақ айта алады, Орақ құрастыра алады дейтін сөздер емес. Хатты жүрегі лүпілдей күле отырып оқыған Ұлтуған басқа қыздарға күлкі болған ебедейсіз жігітті сол олақтығына қарамастан ұнатты. Жауап жазып оған деген өз көңілінің кет әрі еместігін танытты.

Онан соң екеуі оңашада кездесіп, қол ұстасып, үн-түнсіз ауыл шетінде ары-бері жүретін болды. Айлы түндер, айсыз түндер, көктемгі түн, жазғы түн... қайран, оралмас балғын жастық; Ұлтуған жігітке: «Қартайғандарында ата-анамды жылатып қалай кетем. Екеуміз біздің үйде тұрайық»,— дегенді айтқан. Сол күні Орақ үнсіз кетті. Бірнеше күнге дейін хабарласпай қойды, ақыры хат жолдапты. Бұл жолғы хатқа да жолдасының көмегі тисе керек: «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтірер»...— деп мәтелдеп бастап, тағы да небір шешен сөздерді төгіп-төгіп жіберіпті, хат соңында: мұның әке-шешесінің қолына күшік күйеу боп кіре алмайтынын, өйткенше ер жігіттің өлгені артық екенін жазыпты. Ұлтуған хатты оқып болып жыртып отқа тастады. Ешкімге ләм деп тісінен шығарған жоқ, Ораққа да жауап жазбады. «Бағыма қарай көрермін, салт басты біреу кезігер»,— деп жұбатты өзін.

Амал қанша, сарылып күткенімен қолға кіретін салт басты күйеу кезікпеді. Уақыт деген де ағын судай тоқтаусыз екен, жылысып өте берді, өте берді. Орақ сол Ұлтуғанмен түсінісе алмай кеткен жылы күзде үйленген, қазір бес-алты баласы бар, өзі құмдағы малда ферма баслығы, анда-санда болмаса ауылға да көп келмейді. Ұлтуған оны анда-санда келгенінде сыртынан көріп аласұрып, астан-кестен күйде боп қалады. Жақыннан оған қарағысы, баяғыдай қол ұстасып жүргісі келеді. Ұлтуғанның ең тәтті қиялы осы. Орақ ендігі келгенінде бұл ұялмай барып оны оңаша сөйлесуге шақыруды ойлайды. «Е, бір кездегі дос адамдар оңаша отырып сөйлессе, онда тұрған не әбестік бар. Мен оны семьясынан бұзайын деп жүргем жоқ. Отырамыз, сөйлесеміз... қызық, сонда не сөйлесеміз?.. Ол мені қолымнан ұстаса ше...» Осы тұсқа келгенде Ұлтуған өзі қайтерін білмей дал болады.

«Сонда не деймін оған?..» Ұлтуған өзінен-өзі бетінен оты шығып, терлеп кетеді. Қазір де сөйтіп, беті дуылдай бастаған.

Қойнындағы бала аузын сылпылдатып, бірдеңе жеп жатқандай болды. Ұлтуған басын көтеріп оған үңіле қараған: бір ұрты томпайып, аузын сылпылдатады, езуінен сілекейі ағып жатыр жылтырап, сөйткенше болған жоқ, баланың аузынан мұз конфет домалап жастыққа түсті. Ұлтуған баланың мына сүйкімді қылығына еріксіз күліп жіберді. «Шіркін-ай, осындай бір балам болсашы»,— деді сыбырлап. Онан соң конфетті алып, стол үстіне қойды да, баланы бауырына құшырлана қыса түсіп, көзін жұмды. Дәл кешегі мезгілде, таңға жуық оянып кеткен. Көзін бақырайтып ашып алды, өйткені біреу ауыз үйден жөтелгендей, қырылдап сөйлегендей болды. Шам төбеде шақырайып жанып тұр. Ауыз үйден жөтел тағы шықты. Ұлтуған шошып қалды. Іңірде өз қолымен сыртқы есіктің ілгегін салып жатқан. Ендеше бұл неғылған жөтел, кім кіріп кетті? Баланы оятуға оқталды да шошытқысы келмеді. Қорқып жатты да қойды. Сәлден кейін ұйқысыраған сөз, қорыл тағы естілді.

Ұлтуған жүрек тоқтатып, орнынан тұрды да, іргеде жататын әкесінің сегіз өрім қамшысын алып, ауыз бөлмеге шықты, жыртиған шамды жақты. Мәссаған, әбдіренің түбінде, тақыр еденде ұзыннан созылып Майдан ұйықтап жатыр. Шалқасынан түскен күйі тәтті қорылға басқан.. «Ы-ығқ!» — деп кеудесін толтырып демін ішіне қорылдай тартады да, аузымен: «Фу-уф!» — деп демін шығарады. «Ы-ығқ!» «Фу-уф!»...

Ұлтуған бірден не істерін білмей абдырап тұрды да қойды. Майдан бүгін де ішіпті, арақ иісі шығады. Сірә, әйелінен қашып келсе керек. Есік көзінде майысқақ ұзын сымтемір жатыр, ілгекті сонымен ашқан. Ұлтуған оны түртіп оятып көріп еді, ыңырсып аударылып түскені болмаса ояна қоймады.

— Мынау бір пәле болды ғой,— деді Ұлтуған күңкілдеп.

Бірақ ашуланған жоқ, ашулана алмады. Үйге кіріп, қайтадан төсегіне жатты. Ұйқысы қашып әр нәрсені бір ойлап, көпке дейін дөңбекшумен болды. Күйеуге шығуды, тұрмыс құруды, ел құсап балалы-шағалы боп тіршілік етуді ойлады. Мұның бәрі де оған тек тәтті қиял, алыс арман ғана боп көрінді. Өйткені мұнымен құрбылас жігіттер әлдеқашан тегіс үйлі-күйлі боп кеткен, тек әйелі өлген, яки әйел шығарған біреулер кезікпесе. Мейлі, қандайы болса да, әйтеуір көңіліне жаққан біреу кездессе болар еді. Тіпті ондайлар кезікпеген күнде өзіне ұнаған жігітті әйелінен ажыратып тиюіне де болады ғой. Мейлі, айыптаған жұрт айта берсін, бұл да адам, мұның да жүргісі, сүйгісі келеді, үйлі-баранды болғысы келеді... Есіне тағы Орақ оралған. Қыз көкірегінде аңсау, сағыныш оянды. Әлуетті еркек қолының табын сезінгісі келді. «Орақ... Орақ... Ең болмаса, түсіме кірші»,— деп тіледі.

Бірақ бұл күні түс көрді ме, жоқ па, белгісіз. Өйткені, тағы да со терезе түбіндегі торғайлар шырылынан оянған, аударылып түскен кезде ойында ештеңе қалған жоқ. Тұра сап сиырын сауып, өріске айдап, күйбең тіршілікке қайта кірісті. Күн ұзынға есіне әлденеше рет Майдан түсті. «Пәлесінен аулақ. Тыйым салу керек екен өзіне»,— деп қойды. Бірақ Майданды көре алмады.

2

Күндер өте берді. Ұлтуған сол бұрынғыдай көрші үйдің баласын қасына бірге алып жатып жүрді. Бала да әбден әккі боп кәнігіп алған. Тәттіге тойғызбаса жатпаймын деп бәлденеді. Бір күні дүкен жабық боп, тәтті болмай қалып еді, әлгі бала Ұлтуғанға ермей қойды. Амал қанша, басқа түссе баспақшыл. Ұлтуған ол күні үйіне жалғыз түнеді. «Біреудің баласын қашанғы мазалай бермекпін. Үйренейін жалғыз жатып»,— деп түйді.

Сол түннен бастап ол жалғыз ұйықтайтын болды. Түннің бір шағында оянып алып, сырттан естілген әрбір тықырға құлақ тігіп, елегізіп жататын болды. Таусылмас ойлар біріне-бірі көгенделіп және қажайды. Әбден қалжыратып сүлесоқ күйге жеткізеді.

Сондай күндердің бірінде ел орынға отырған кез еді, үй сыртынан дүрсілдете жүріп келген адамның аяқ дүбірі естілді де, сыртқы есікті жұлқылағандай болды, онан соң ілгек сырт ете түсті де есік сықыр етіп ашылды. Ұлтуған ұшып тұрып ішкі есікті ашып жіберген. Ауыз үйдің босағасында көзін ашып-жұмып теңселіп Майдан тұр.

— Саған не керек осы? Неге келгіштей бересің? Әлде, басынғаның ба?! — деді Ұлтуған шаңқылдай айқайлап.

Майдан үндеген жоқ. Сүмірейіп, теңселіп тұра берді.

— Кет, ары! Аулақ! Шық үйден!

Майдан ештеңе естімеген адамша меңірейіп тұрды да қойды. Ыза болған Ұлтуған жүгіріп барып іргедегі әкесінің қамшысын жұлып алды да:

— Шық, үйден! — деп, оны иығынан ала шықпырта тартып-тартып жіберді. Майдан көзі бағжаң етіп, басын бұға берді. Сірә, қамшы қатты өтіп кетсе керек.

— Шық, деймін! — деп Ұлтуған оны қамшымен тағы тартқан. Майдан сол басын бұққан күйі бүктетіліп босаға түбіне отыра кетті. Үнсіз отырып алды, иығы ғана селк-селк етеді. Ұлтуған оның жылап отырғанын сезді. Бірақ өзі сол ашуынан қайтқан жоқ. Әлден уақытта Майдан бетін басқан күйде: «Ө-ө-ө...» — деп жас балаша солқылдап жылап қоя берді. Соншалық аянышты, мүсәпір кейіпте еді. Кенет Ұлтуған жаны ашып, оны қатты аяп кетті. «Байғұс-ай, байғұс-ай, пана тұтып келгеніңде аямадым-ау»,— деді өзінің көзі де жасаурап.

Сәлден кейін Майдан әзер деп орнынан тұрып, тәлтіректеп кетуге ыңғайланған.

— Қайда барасың енді, осы жеті түнде, жат осында,— деді Ұлтуған даусы қалтырап.— Сен де бағың жанбаған байғұссың ғой,— деді шынымен мүсіркеп.

Сөйтті де ішкі үйден көрпе-жастық алып шығып, Майданға төсек салып берді.

— Жат енді. Тек таңертең ешкімнің көзіне түспей, тұрып кететін бол.

Бұл түні Ұлтуған ешбір оянбастан, таң атқанша шошымай жақсы ұйықтады. Осы түннен бастап ол анда-санда Майдан болса көп күттірген жоқ. Үш күннен кейін-ақ, іңір кезінде, Ұлтуған кешкі шайын ішіп боп, енді жатқалы отырғанда, тәлтіректей басып, ақырын ғана кіріп келді. Көзі қып-қызыл, ішкендіктен бе, әлде жылаған ба, кім білсін, кілгіріп тұр.

— Үлтуған, кешір мені... кешір,— дей берді дірілдеп.

— Кел, отыр.

Ұлтуған тұрып терезе перденің саңылауларын қымтап қойды.

— Шай ішесің бе?

Майдан басын изеді. Онан соң Ұлтуған құйған шайды ықылықтай отырып сораптай ұрттады. Екі ұрттады да кесені әрі итеріп қойды. Енді басын көтеріп үй ішіне, қабырғаларға, заттарға қарай бастады. Ұлтуғанның апасының үлкейтілген суретіне тесіле қарап, бір кезде солқылдап жылап жіберді.

— Марқұм, жақсы кісі еді, талай рет қолынан дәм татып ем...

Шыдай алмады, Ұлтуған да жылады...

Сөйтіп, екеуі өзара туыс, жақын жандардай, бір-бірімен үнсіз ұғысқандай бір жыласты, бір қойды, ұзақ отырды. Ұлтуған шамды өшіріп, екеуі қараңғыда және отырды. Артық ауыз бір сөз болған жоқ. Өмірлері өкінішті екі жан осы отырысымен бір-біріне шағынған, бірін-бірі жұбатқан елжіреуік езгек күйде еді. Екеуі де таңды көздерімен атырды.

Осыдан кейін Майдан екі күнде бір Ұлтуғанға келіп, ұзақ отырып әңгімелесетінді, сырласатынды шығарды. Ішпей келетін болды. Екеуінің арасында жақсы бір сыйластық, қарым-қатынас басталды. Енді Ұлтуған жатса-тұрса Майданды ойлайтын. «Несі бар, момын жігіт. Жар болуға лайық»,— деп қоятын. Сонымен бірге Майданның сөз бастар күнін де асыға күтті. Күткендей-ақ Майдан бірде қараңғыда:

— Ұлтуған, мен сені сүйемін,— деді.

Ұлтуған ләм деместен дір-дір етіп келіп, жігіттің қолын алып маңдайына басты. Беті дуылдап, басы сәл айналғандай болды. Майдан ұмтылып келіп қараңғыда екінші қолымен қыздың маңдайынан, бетінен сипалап, өзіне қарай қапсырып сүйе берген. Есі шыққан Ұлтуған қапелімде өзінің не істеп, не қоярын білмей дымы құрып, ақырын тұншыға ыңырсып, басын шайқады.

— Майдан, тоқташы, қойшы,— деді.

Онан соң екеуі де жүректері дүрсілдеп ұзақ тұрды. Қыз мүлде моп-момақан аянышты халде, қараңғыда жігітке тесірейе қарап қатты да қалды.

— Ұлтуған, сен ренжіп тұрсың ба?

— Жоқ. Бір түрлі басым айналып кетті,— деп қыз шынын айтты.

Майдан оны тағы өзіне тартқан. Қыз қарсылықсыз жігіт құшағына қарай өзі берілді. Майдан тынысы тарылғандай ентіге дем алып, тағы да сипалап, аймалай бастады.

Майдан Ұлтуғанның үйіне қатарынан екі күн келіп қонған. Ыстық көңілдер тек бір-бірін ойлап, бір-біріне ынтыға түсуден өзге дүниені тегіс ұмытқан еді. Көп қуаныш, аз бақыттың шарпуы екеуін де еліктіріп, мүлде мас қылған. Сырттарынан аңдыған көз, кінә тағар сөз бары қаперлеріне де келген жоқ. Қараңғы үйде әлі де үйренісе алмай күйіп-жанып, ыссылап жатып сыбырласады, бірін-бірі қашан көріп, қашаннан білетіндерін естеріне алады. Бір қызығы, екеуі де бір-біріне көптен іштей ынтық, ғашық жандар болып шығады, тек жақын келіп танысар шақ, табысар сәттің реті келмеген, бұйрық болмаған. Қандай өкінішті!

— ...Есіңде ме, алдыңғы жылы мен бригадир боп көк жорғаға мінетінде, сен пішенде шөмеле салып жүрдің ғой, сонда бір рет кешкісін ауылға қайтарда, кел, алдыма мін, атым жуас деп шақырғанымда жоламай қойдың емес пе,— деді Майдан.

— Иә, мен со сен шақырғанда бара қойсам, ертеңіне ел не дейтін еді. Өзің де бір маубассың, тамам жұрттың көзінше шақырып,— дейді Ұлтуған оны еркелей жазғырып.

— Егер сонда оңашада шақырсам мінер ме едің?

— Мінбегенде, мінер едім... Және сені былай етіп тас қып құшақтар едім де, жібермей қояр едім. Кәне, құтылып көрші енді.

— Сен менің қабырғаларымды сындырарсың.

— Сындырмағанда, сындырам... Майдан, неге осынша арықсың?

— Білмеймін.

— Қара жұмыс істемегендікі ғой. Осы мен ес білгелі сенің аттан түскеніңді бір көрген емеспін, біресе есепші, біресе бригадир, ылғи сондай бір ат үстінде жүретін жұмыстарды істейсің.

— Сен ыстықтаған жоқсың ба, Ұлтуған?

— Жоқ. Сен ыстықтап жатырсың ба?! Мен әрірек жатайын ба?

— Жоқ, жоқ. Осылай жатайықшы. Сенің етің ыстық.

— Сенің де...

Есік алдына дүрсілдей жүріп келген аяқтың дүбірі естілді. Сыртқы есікті жұлқып қалды да, сартылдата қақты. Сәндібала екен.

— Ұлтуған! Әй, Ұлтуған, аш есігіңді! — деді.

Зәре-құттары қалмаған Майдан да, Ұлтуған да демдерін іштеріне тартып, тым-тырыс тына қалды. Есік тағы да сатұр-сұтыр қағылды. Ағашпен, әлде темірмен ұрып тұрған секілді.

— Не істейін? Ашайын ба? — деді Ұлтуған.

— Тсс... үндеме...

Есікті біраз тоқпақтаған Сәндібала енді терезеге келді. Ұлтуғанды жер-жебіріне жетіп, тілдей бастады. Тілі мұндай ащы болар ма, сай-сүйектен өтеді. Ұлтуғанды теңемеген мерезі жоқ.

— Шығар бері, кәне, анау қасыңда жатқан байымды. Әйтпесе есік-терезеңді күлпарша ғып бұзып кіріп, екеуіңнің ит терілеріңді бастарыңа қаптаймын,— деп зіркілдейді.

Бұлар еш дыбыс берген жоқ, бір-біріне тығыла түсіп жатыр. Буын-буынын суық алғандай Ұлтуғанның өне бойы қалтырап кетті. Сәндібаланың айтқан сөздерінен жер болып қорлану бар, өйткені жер бетіндегі әйел заты атаулының ішіндегі барып тұрған бұзығы да, жексұрыны да осы сияқты, мұнан озған сайқалдық, мұнан озған азғын жоқ; кеше әкесінің көзі жұмылды, ал бұ болса сол әкеден қалған қара шаңырақты ойран етіп сайқалдықтың ордасы ғып жатыр. Қорыққандікі болу керек, Ұлтуған жылай да алмады. Терезе әйнегі салдыр ете түскенде, селк ете қалды. Майдан екеуі де үрпиісіп ұшып-ұшып тұрды. Қараңғы үйде қолдарына іліккен киімдерін кие бастады. Терезенің екінші көзі салдыр етіп ұшып түсті.

— Міне, әдіре қалғыр, шаңыңды өстіп аспанға қағам,— деп долырып алған Сәндібала жерге түскен әйнектерді табанымен күтір-күтір езіп қояды.

Сөйлеген сөзі, ентіге алған демі іштегілерге енді қол созым жерден анық жетіп тұрды.

— Мә, керек болса, әдіре қалғыр, тағы да! — деп Сәндібала қолындағы затымен салып-салып қап терезенің қалған екі көзін де күлпарша етті. Онан соң біраз қыбы қанғандай, ішке қарай басын сұғып:

— Ал енді жатыңдар, екі жәлеп...— деп айқайлап сөйледі де бұрылып кетіп қалды.

Қарғап-сілеген, шаптыға айтқан сөздері көпке дейін естіліп тұрды. Бірте-бірте ауыл көшесіне тыныштық қайта орнады. Терезеден түнгі салқын самал жел соқты. Терезе пердені желпілдетіп, үйдің ішіне тыстағы қараңғылықты тықпалап жатқан сияқты.

Майдан мен Ұлтуған екеуі екі жерде әлгіндегі бір үрейлі сәттен естерін жия алмай қалшиып қатып қалған еді. Әуелі Майдан жиды есін, қараңғыда қарманып жүріп шалбарын іздеп тапқан. Кимек бола беріп еді, Ұлтуған ұмтылып кеп, жабыса кетті.

— Кимейсің. Бармайсың ешқайда да, жібермеймін! — деп, булығып жылап, Майданды тырп еткізбей құшақтап отырып алды.

Майдан үндеген жоқ, тас болып қатқандай мелшиіп отырды да қалды. Екеуі де шырықтары бұзылған, іңірде ғана белшеден батқан қуаныш, бақыт атаулыдан жұрдай болған мүсәпір халде еді. Терезеден дамылсыз үрген түнгі қоңыр самал бойларын сіреп, жалаңаш денелерін дірдек қаққызды. Ұлтуған қол созып, төсек үстіндегі көрпені алып, арқаларына жабынған.

Біртіндеп таң атты, үй ішіне жарық кіре бастады. Екеуі бір-біріне қараған, екеуінің де өңдері боп-боз, көздерінің асты көгілдір тартып күлтілдеген, шүңірейген жүдеу еді. Майдан қыздың жалаңаштанған иығын қапсыра қысып өзіне тартты да мойнынан сүйді.

— Бүгін жұрттың бәрі естиді ғой. Не бетіммен қараймын елге. Сұмдық-ай! — деп Ұлтуған бетін басты.

— Жә, жылай бермесеңші,— деді Майдан.

— Жылап отырғам жоқ... Майдан енді менен кетесің бе? — деді Ұлтуған сыбырлап.

— Жоқ.

— Кетесің ғой, кетесің ғой...

— Жоқ дедім ғой, кетпеймін! Жат, демал...

Ұлтуған үшін бүл күннен ауыр, бұл күннен асқан жазалы күн болған емес шығар. Көрші-көлең оянбай тұрып, елең-алаңнан сиырын сауып, бос жібере салды да, төсегіне кеп тарс бүркеніп жатып алды. Тамақ та ішкен жоқ, ештеңеге зауқы да болған жоқ. Түс кезінде біреу кеп есікті тоқылдатқан, оған да тұрмады. Әлден уақытта түндегі сынған әйнектерді күтірлете басып, аңғал-саңғал терезеден біреу басын сұқты.

— Хозяйка бар, жок? — деді дауыстап.

Кәдімгі осы ауылдағы әйнек салғыш Иван деген шал. Ұлтуған басын көтерген.

— Маган айнек салады жиберген,— деді шал.

— Салыңыз,— деді Ұлтуған, тұрып есік ашты. Kiм жіберді деп шалдан сұраған да жоқ.

Темекі сасыған шал мұрнының астынан ыңылдап әндете жүріп әйнектерді салды да, жөнше кетті.

Ұлтуған төсекке қайта жатқан. Екі шекесі солқылдап, жүрегі айныды. Ақыры қыстығып жылады. Бірақ бұрынғыдай дауыс шығарып, яки өксік қысып жылаған жоқ. Шалқасынан сұлқ жатқан күйде екі көзінен жас парлай берді. Ып-ыстық боп бетінен қиғаштап тарам-тарам жол сызып, жастыққа тырс-тырс тамып жатты.

Күн батты. Ымырт үйіршіп, бөлменің ішін қараңғылық жайлай бастады. Ұлтуған сонда да қозғалған жоқ. Солқылдап болмаған соң орамалмен шекесін мықтап орап, тартып тастады.

Ыстығы бар сияқты. «Ауырған болармын»,— деп түйді. Майдан келер ме екен, келмес пе екен?» Осы ойдың оралуы мұң екен, жынданардай халге жетті. «Келмейді, келмейді!» — дегенде бүкіл тіршіліктен айырылған, күдер үзген күйге түсті.

Сыртқы есік сықыр етіп ашылды да, сәлден соң ауыз үйдің шамы жанды, онан ішкі есік ашылды, босағаға созыла басып кеп Майдан тұра қалды.

— Неге келдің?! Неге келдің?! Кет!...— деп аттандай дауыстап жіберген Ұлтуған ұшып барып оның мойнына асыла кетті. Тас қып құшақтаған күйде есінен танған адамша: «Майдан-ау, Майдан... Жаным-ау!» — деп дауыс сап, солқылдап жылап жіберді. Майдан оны әзер деп көтеріп әкеп орнына жатқызды. Екеуі де со құшақтарын жазбаған күйде, шешінбестен, бұл дүниеден алыс басқа дүниеге кеткен еді. Ләм-мим деп сөйлескен жоқ, тек жүректері лүпілдеп, ыстық демдері шарпысып, көкіректері ғана сайрайды.

Түннің бір уағында екеуі тағы да Сәндібаланың айқайынан шошып оянды. Ес жиғанша болмады терезе тағы да күлпарша болды. Ішке тарс-тұрс кесектер атылды. Майдан атып тұрып сыртқа кеткен. Сәлден кейін Сәндібаланың:

— Ойба-а-й-й! Өлдім! Өлдім!..— деген аттаны шықты. Сөйткенше болған жоқ, ауыл арасы шаң-шұң айқай-шуға айналып кетті.

Ұлтуған қалш-қалш етіп, зәре-құты қашып, жатқан орнынан қозғала алмады. Со күйі таң атқанша көзі бажырайды да жатты. Майдан қайтып оралған жоқ. Не істеп, не қойды, не күйге ұшырады? Ол жағы мүлде белгісіз. Әлде төбелесіп алып бұрынғы әдеттерінше Сәндібаламен татуласқан шығар. Енді қайтып Ұлтуған жаққа жоламастай боп, біржола кеткен болар, сірә... Мейлі енді, жылағаннан не пайда, ойлағаннан не опа. Келгісі келсе келер, келмесе тағы өзі білер. Ұлтуған тұрып, үй ішін сыпырып, жиыстыра бастады.

Таңертеңгісін атқарушы шал келді. Бастық кеңсеге шақыртқан екен. Ұлтуғанның жүрегі су ете түсті. Бәрінен де жаман қорқатыны бастықтың алды еді, жиналысқа салып, бүкіл ел-жұрттың алдында масқара етсе, онан өткен не қорлық болсын. Онан да асылып өлгені артық та.

— Бармаймын,— деді Ұлтуған. Өзі үйдің төбесіне қарады, екі көзі тінтініп асылып өлер шеге іздегендей болды. Атқарушы шал бірдеңе айтқысы келгендей ерні жыбыр-жыбыр етіп біраз тұрды да, ақыры Ұлтуғанның сөз тыңдамас түрін көріп, бұрылып шыға берді, табалдырықтан аттай бере сәл бөгеліп:

— Жаңа әлгі Майданды мілисә кеп, ауданға әкетті — деді.

— Неге?!

— Қамайтын шығар тәрізі. Түнде әйелін көгала қойдай ғып сабап салыпты. Тәйірі, бұл күнде әйелге қол жұмсап несі бар десеңші.

Осыны айтып атқарушы шал шығып кеткен. Мына хабар Ұлтуғанға жай оғындай тиді. Не істеп, не қоярын білмей, біресе далаға шығып, онан қайта үйге кіріп аласұрды. «Сорлады-ау, сорлады-ау!..» — деп күбірлей береді. Қайнап тұрған самаурынның отын сөндіріп, суын төгіп тастады. Шай ішіп отыратын қай сәні қалды ендігі жерде. Не істейді енді?! Қайда барады, кімге барады?

3

Егер осыдан бірер ай бұрын Ұлтуғаннан: «Осы Майдан қандай жігіт, саған ұнай ма, өзі?» — деп сұраған біреу болса, бұл тіпті не дерін білмес еді-ау. Сұңқиған арық, үнемі арақ ішіп жүретін бадырақ көз жігіттің қай түрін, қай қылығын ұнатамын дер еді. Қайта күлер еді ғой. Әжуа қылар еді... Ал ендігі күйі мынау: дүниедегі ең жақыны, ең ардақтысы Майдан ғана, жатса-тұрса соны ойлайды.

Жаңа киімдерін киініп, қолына түйіншек ұстаған Ұлтуған сәскелікте келетін автобуспен аудан орталығына жүріп кеткен. Жол бойы Майдан жайын ойлаумен болды: кінәлі ол емес, оның басын шатып қойған бұл ғой, қамау керек болса, мұны неге қамамайды, ешбір өкінішсіз, артына қайырылмастан кете берер еді ғой. Кімі қалып барады артында қарайлайтындай? Тек Майдан босаса, со байғұстың көңіліне қаяу түспесе, бұған сонан артық не қуаныш, не бақыт керек. Қазір ауданға жетісімен бұл тұпадан тура милиция бастығына барады, бар жайды еш бүкпесіз соған тура баян етеді де, өзін қамауды, Майданды босатуды өтінеді. Жылап отырып алады, бірақ қайтсе де Майданды босатып, орнына өзі қалады.

Автобустан түскен бойда ол милиция бөлімінің қай жерде екенін сұрап алды да, асығыс басып сонда тартты. Ыстық күнде қоңырсық лебі жүректі қапқан асфальт көше былқ-былқ етіп майысып, жүрісін ауырлатып жіберді. Сәлден кейін иіс-қоңыс пен зыңылдаған ыстықтан басы айналғандай боп кетті. Көзі қарауытып екі өкпесі кеудесіне сыймай, лоблығып, лоқси бастады. Бүкіл өне бойын зіл бірдеңе төмен тартқандай. «Бетім-ай, жүкті боп қалғам ба?» — деген ой осып жіберген. Қорқып кетті. Анадай жердегі бағанға барып, буын-буындарының дірілі басылғанша сәл сүйеніп тұрды. Үреймен қатар шым-шымдаған қуаныш та оралды.

Милицияға бұл келгенде түскі үзіліс кезі екен. Бастық жоқ боп шықты. Әуелде жылы шыраймен амандасқан жылпылдаған жылтыр қара кезекші жігіт мұның Майданды іздеп келгенін естісімен, түсі күрт суып сала берді. Кішірек көзі тесірейіп, өңменінен өтіп:

— Кімі боласың? Әйелісің бе? — деді бірден «сенге» көшіп.

Зәресі ұшқан Ұлтуған «жоқ» деуге де, «иә» деуге де аузы бармай, болар-болмас қана басын изегендей болған.

— Немене, жолығуға келдің бе?

— Иә.

— Жолығуға болмайды.

— Бар жағдайымды айтсам деймін бастықтарыңызға түсіндіріп.

— Сен қатын, бастықтың да басын қатырма. Әбден дағды ғып алғансыңдар, қит етсе ұрды-соқты деп, милицияға хабарлап, артынан жылап-сықтап келіп жүргендерің өстіп...

— Ол мені ұрған жоқ...

— Мені де ұрған жоқ, ендеше. Бар, қайт үйіңе, он бес күннен кейін бір-ақ көресің!

Кезекші мұнан әрі сөйлеспейтін түр көрсетіп, кейін бұрылып кетті. Ұлтуған сыртқы есік сыртына шығып, милиция бастығының келуін далада отырып күткен. Бірақ қанша сарылып күткенімен ол кісі түстен кейін жұмысына келмеді. Бір кезде әлгі кезекші милиционер ашық терезеден басын шығарып, бастықтарының бүгін-ертең келмейтінін, тығыз бір шаруамен жол жүріп кеткенін айтты.

Әбден қажыған, қаталап шөлдеген Ұлтуған мұнан кейін де Майданға жолығуға әрекеттеніп көрді де, ақыры одан ештеңе өнбесіне көзі жеткен соң кешкі автобуспен ауылға қайтты. Өне бойы салдырап, қатты шаршағанын сезді.

Ауылға күн ұясына қона жеткен. Автобустан түсе бергенінде қарсы алдынан құйғыта шауып бригадир Сағынбай шыға келді.

— Әй, Ұлтуғансың ба? — деді атының басын іркіп.— Қайда жүрсің сонша, бүгін күні бойы іздеп таба алмадым ғой. Терезеңді салғызып қойғам.

— Рақмет. Ауданға барып ем.

— Ә, әлгі Майданды қамап қойып па? Көре алдың ба?

— Жоқ.

— Байғұс-ай! Ал, енді өзің жұмысты ұмытқаннан саусың ба, осы? Үйде отыруың жетті емес пе? Әкесін қанжығасына байлап жүрген ешкім жоқ, бәріміздің де әкеміз өлген. Тіршілік қамына кіріссеңші. Ертең ерте анау Қоғалыбұлақтағы пішенге барасың. Дайын бол.

— Мақұл. Тек бастық шақыртқан еді, со кісіге жолығайын.

— Жолығатын дәнеңе жоқ. Жұмыстан қалмай жүріп кет. Бастыққа мен өзім айтармын.

Соңғы сөзін жүре сөйлеген Сағынбай шаба жөнелді. Ұлтуғанның көңілі едәуір сергігендей боп қалды. «Шынында да жұмысқа шықпағаныма көп болыпты-ау»,— деп ойлады.— Тіршілік қамын ұмытыппын ғой, мүлде».

Сол күннің ертеңінде Ұлтуған шай қойып ішіп, Қоғалыбұлаққа кеткелі жиналып жатқанда, күтпеген жерден көрші үйдің кемпірі келді. Калошын шешіп, төрге озып барып жайғасып отырды да:

— Бүгін күн жұма болған соң құран оқиын деп келдім,— деді қатқыл дауыспен.

Онан соң қоңыр үнмен зарлатып бастай жөнелді. Ұлтуған көзінің қиығымен кемпірге ұрлана қараған: кескіні аса саябыр салмақты екен. Бұл дүниенің кәкір-шүкір көп тірлігінен аулақ, қоңыр салқын басқа бір дүниеге беті ауған сияқты. Әлден соң алақанын жайып, іштей күбірлеп кетті де, Ұлтуғанның әкесінің, онан шешесінің аттарын атап, соларға иман бағыштап барып бетін сипады. Кемпірдің мына қылығына Ұлтуған әбден риза боп қалды. Шайын демдеп жіберген.

Бірер шыны шайды асықпай ішкен кемпір:

— Шырағым, Ұлтуған, асығыс екенсің, бұйымтайымды қысқа сөйлейін,— деп бастады да, өзінің бала сүймей зарығып жүрген, немере інісінің егер бұл қомсынбаса сөз салар ойы барын айтты.

— Әлі елуге келе қойған жоқ, жас,— деді кемпір сөзінің соңында. Кемпірден оңай құтылып кеткісі келген Ұлтуған:

— Апа-ау, ол кісінің әйелі бар ғой,— деген күліп.

— Шырағым, әйелінің өзі рұқсат беріп отыр. Ондайға заң да қарсы болмайтын көрінеді ғой,— деп, кемпір бұлтарар жолды кесіп тастады.

Ұлтуған үндеген жоқ. Жұмысқа асығыс екенін сездіріп, орнынан тұрған.

— Ойлан, шырағым, қабырғаңмен кеңес,— деп кемпір де кетті.

Гүлді орамалын көзіне тас қып тартып алып үйден шыққан Ұлтуған кеңсе алдында пішеншілерді Қоғалыбұлаққа апаратын машинаның арт жақ бұрышына кеп елеусіздеу отыра кеткен.

— Ұлтуғанбысың ей, аманың қайда? — деді бір келіншек сампылдап.

Ұлтуған үндеген жоқ, естімеген адамша теріс қарап отыра берді. Қорыққаны осындай тілдер болатын, енді не де болса шыдап бағуға, үндемеуге тырысты.

— Ибай-ау, өзі тіпті сөйлескісі келмейді. Бізді менсінбей қапты ғой,— деді тағы да әлгі келіншек.

— Жайыңа отыр, ей, қатын. Немене байыңнан айрылғың кеп отыр ма,— деді екінші бір сыпсың келіншек.

— Сондайы бар екен ғой, ха-ха-ха-ха...

Көзі жасаураған Ұлтуған машинаның борт тақтайын тырнағымен тырнай берді. «Күліңдер, күліңдер... қалай табаласаңдар да табандарыңның астына бір түстім ғой»,— деп ойлады. Ал әйелдер болса сөзді бірінен-бірі қағып әкетіп қақпақылдап жатыр.

— Сорлағанда Майдан сорлады ғой, байғұс,— дейді.

— Е, өзіне де со керек сүйретілген неменің...

— Әлгінде әлгі Сәндібала ауданға кетті.

— О да бір бейбақ. Өзі айдатып жіберіп, өзі артынан іздеп жүрген.

Мұнан әрі машина жүріп кетті де, қарсы алдынан жел гулеп Ұлтуған әйелдердің сөзін естуден құтылды. Қоғалыбұлаққа жетісімен машинадан жұрттан бұрын түсіп, қолына іліккен бір айырды алды да жырылып, өзінше бөлек шет кетті. Әйелдердің бәрі бұған жиренішпен жиырыла қарап, маңайларына жуытпайтындай боп көрінді. Түске дейін ең болмаса басын бір көтеріп, біреуге тіктеп қараған жоқ. Бұта-бұтаның арасындағы шөптерді жинастырған боп ылғи қалтарыста жүрді. Екі-үш әйелдің басы қосыла қап, сампылдай сөйлесіп, сықылықтай қалған күлкілері естілсе, екі беті өрттей жанып дуылдап, кірерге жер таппай дызақтайды.

Түс кезінде әйелдер бір жерге жиналып, бастарына көлеңке жасап, сусындарын ішуге отырды. Әрқайсысы үйлерінен алып шыққан қарынға, торсыққа құйған ашыған көже, қымыз-айрандарын ортаға қойған. Ұлтуған болса басына байлаған орамалын жуған боп бұлақ басында жалғыз қалған. Ел құсап үйден айран алып шықпап еді. Асығыста қағазға орай салған бір жапырақ нанды суға матырып жеп отырған. Осы кезде әйелдердің бірі:

— Әлгі Ұлтуған қайда?! — деді дауыстап.— Ибай-ау, неғып қашақтап жүр бізден.

Сөйтіп еді, екінші әйел бірдеңе деп күңкілдей сөйлеп оған жауап берді.

— Е, оған сендердің не шымбайларың күйіп барады? Жә сандалмаңдар,— деді әлгі бірінші әйел өктем үнмен жеки сөйлеп,— Бір айттыңдар, болды ғой. Жаман қар, мықты болса Сәндібала неге байын тыйып алмайды. Қойыңдар, ондай сөзді! Ұлтуған! Әй, Ұлтуған!

— Ау!

— Жүр бері!

— Қазір...

— Бол, жүр енді! Онысы не?! Кінәлі болсаң Сәндібаланың алдында кінәлі шығарсың, жүр бері.

Өмірінде біреудің өзіне аяушылық білдіріп, мүсіркегенін сезсе жарылып кетердей боп намыстанатын Ұлтуған, мынау әйелдің мынау мүсіркеуіне ет жүрегі езіліп, мүлде егіліп кетті. Көзі жасаурап, тамағына өксік тығылып үндей алмай қалды.

— Әй, Ұлтуған!

— Қ-а-зір...— деді әлсіз қырылдап.

Бұл келгенде әйелдер сөзден су сепкендей тыйылып, сусындарын ішуге кіріскен.

— Кел, қарағым, қақырығың түтеді ғой, мына айраннан жұтып жіберші,— деді әлгі кексе әйел қасына отырғызып. Мұнан кейін оны ешкім жерлеген де жоқ, қорлаған да жоқ. Тіпті мұның бар-жоғына да көңіл аударған жан болмады. Бұған айтылар зәрлі сөз де тыйылды. Бәз-баяғы қалып қайта орнады.

Үш күннен кейін жауын жауып, пішеншілер үйде қалған. Түске жақын жауын саябырлаған кезде Ұлтуған қант-шай алу үшін дүкенге келді. Ойламаған жерден Ораққа кездесті: мүлдем семіріп кетіпті, ырсылдап дем алады. Күн жауынды салқын болса да өзі қара терге түсіп быршылдап тұр. Ішіп алса керек, Ұлтуғанды көріп, қызара күлімсіреді.

— Сәлемет пе, Ұлтуған. Әкейдің қазасының қайырын берсін,— деп көңіл айтты.

Онан соң жақындап кеп қол берді. Қолы добалдай жұп-жұмсақ, майлы екен. Ұлтуған бір түрлі секем алып, тітіркеніп қалды. Орақ болса ауылдан жырақ, шалғайда жататындарын, аяқ асты бір жол болмаса, келе алмайтындарын айтып біраз ақтала сөйледі. Өзі орынды-орынсыз ырқ-ырқ етіп күле береді. Ұлтуғанға оның мына түрі де, мінез-құлқы да ұнаған жоқ. Тіпті бір кездегі өзі ғашық болған Орақ осы деуге дәті барар емес. Орақ кейін бұрылған кезде, ішегін тартты: «Құдай-ау, осындай да жалпақ адам болады екен ғой. Сұмдық-ай!..»

Үйге қайтып оралған соң әлгіндегі Орақпен кездесуін есіне алған. Жігіттің добалдай майлы қолы, көңіл айтқан кездегі қызара тершіп күлгені есіне түскен. «Түу, ноқай ғой, со күйі... ноқай екен ғой, байғұс-ай. Мен де соны жігіт деп есіме алып өкініп жүрмін-ау... Ұят-ай! — деп өзін-өзі жерлеп алды.— Онан да байсыз-ақ өтейін де!»

4

Біреу терезені қаққандай болған, Ұлтуған шошып оянды. Үйдің іші тас қараңғы екен. Түннің ортасы болса керек. «Рас қақты ма, әлде түсім бе»,— дегенше болған жоқ, терезені біреу тағы да ақырын ғана шертіп тықылдатты.

— Ұлтуған, мен ғой...

Мұнан әрі Ұлтуғанның төсектен қалай атып тұрғаны, есікті қалай ашқаны, Майданның мойнына қалай асыла кеткені есінде жоқ. Майданның өсіп кеткен сақал-мұртын да елемеді. Сыртқы есіктің көзінде құшақтады да тұрып алды.

— Тоқташы, Ұлтуған, ішке кірейікші. Менің үсті-басым кір...

— Мейлі, мейлі...

Онан соң жігіттің бет-аузынан шөпілдетіп сүйе бастады.

— Мейлі кір болсаң да сүйем сені. Бетіңнен емес табаныңнан сүйем сенің, жаным... Сағындым әбден...

Ауызғы бөлмеге кірген соң қараңғы бұрышта екеуі бірін-бірі сипалап, мауықтары басылғанша ұзақ тұрды. Іргедегі қорадан қанаттарын сабалап, әтеш шақырды...

— Ұлтуған, мен жуынайыншы.

— Қазір, мен су жылытып берем, біратала суға түсіп ал.

Ұлтуған дереу қазанның астына от жағып, су жылытты да, қарсыласқанына қарамастан Майданды өз қолымен шешіндіріп, дәл бір тұңғыш баласын шомылдырғандай, жөкемен арқасын ысты.

— Бұрын да семіз байғұс едің, құр қабырғаларың қапты ғой, ырсиып,— деп мүсіркеп қойды.

Шомылып болғаннан кейін Ұлтуған Майданға әкесінен қалған ескі киімдерді кигізді де, оның кір киімдерін жинап алып жууға кірісті. Жаман иіс-қоңыстарды енді ғана сезген, жүрегі лоблығып кетті. Бір уыс боп бүрісіп отырған Майдан оның қимыл-қозғалысынан көз алар емес. Шашы тықырлап алынған, сақал-мұрты қауғиып өскен, ұрты ортайған, түрі жүдеу, тек көзі ғана от шашып, жалт-жұлт етеді.

— Барып жатсаңшы, демалсаңшы..

— Бірге жатамыз ғой.

— Өзің немен келдің?

— Жаяу.

— Құдай-ау, сонау ауданнан жаяу келдің бе? — деді Ұлтуған шошынып.

— Иә, бағана кешкісін босатқан. Ертеңге дейін автобус күткенмен қалтамда бір тиын ақшам жоқ, сонан соң жаяу жүріп кеттім.

— Қарның да аш шығар.

— Ептеп...

Ұлтуған кірді жуып бола сап, самаурынды тұтатты.

Бар дәмдісін дастарқанға төгіп, екеуі ұзақ отырып шай ішті. Таң алдында Ұлтуған сиырын сауып, босатып жіберді де, сыртқы есікке құлып салып, өзі бала кезіндегісіндей ішке ауыз үйдің терезесінен кірді.

— Әйтпесе, маза бермейді,— деді.

Мұнан кейін екеуі де ұзақты күнге тұяқ серіппей жатып ұйықтады. Түс кезінде есік алдына дүрсілдете шауып, атты біреу келген. Сағынбай екен.

— Апа, мына Ұлтуған қайда кеткен? — деп дауыстай сұрады көрші кемпірден.

— Білмедім. Ертеден бері үйі құлыптаулы тұр ғой.

Ұлтуған да, Майдан да рақаттанып күліп алды. Өздерінің осынша тапқырлықтарына мәз болды. Бір-біріне тығыла түсіп, алаңсыз ұйқыға батты. Сырт дүние, тіршілік ендігі жерде екеуіне де қажетсіз еді. Бұл істерінің аяғы немен тынарын, қалай бітерін екеуі де ойлаған жоқ. Ойлағылары да келмеді. Сағынысу бар, ынтыға түсу бар, бір-біріне еркелеу бар, бірін-бірі іштей аяу бар.

— Түрменің іші жаман шығар? — дейді Ұлтуған.

— Атама. Жақсылығы шамалы. Әуелгі күні кешкісін қорланғаным сонша, тіпті өзімді-өзім өлтіргім де келді. Бір лезвие тауып алып, тығып қойдым. Жұрт ұйықтаған соң күре тамырымды қимақ болғам.

— Астапыралла, қойшы, Майдан. Оның не, айтпашы. Қорқам.

— Тегінде, өмірдің опасыз жалған екенін түрмеде отырғанда сезеді екенсің. Қайсы еді, бір әнде: «Бұл жалған... опасыз, өтер-кетер ескен желдей...» — деуші еді ғой. Дәл сол ой келеді екен. Жылдап отырғандардың қалай шыдайтынына таңым бар. Сірә, олар итжанды болып кететін шығар. Осылайша ұзақ күн өтті. Түнге қарай ел аяғы басылып, жұрт ұйқыға кеткен кезде, Ұлтуған есікті ашып, сыртқа шықты, сиырын сауып өзеннен барып су әкелді. Терезелерін қараңғылап қойып, түннің бір уағына дейін оңдық-мұңдық шаруаларын істеді. Таң алдында есіктің сыртынан құлыпты қайта салып, екеуі тым-тырыс боп тағы жатты. Тағы ұйқы, сыбырласа сырласу, бірін-бірі жақсы көріп елжіреу, бірін-бірі аймалау... Бұ дүниеде тек екеуі ғана бар, екеуінің ыстық махаббаты ғана бар. Мейлі күндер өте берсін, мейлі дүниені өрт қаптасын, екеуі үшін бәрібір. Шатырлап жанып кеп аспан екеуін осы жатқандарында басып қалса қандай жақсы болар еді.

Бұл күн де ұзақ өтті. Көшеден дабыр-дұбыр сөйлесіп, жұрт жүреді, бұзау мөңірейді, ит үреді, тауықтар қыт-қыттайды. Екінші күн екеуі де сыртқа шығып, қол ұстасып ауылдан ұзап, далада қыдырыстады, таза ауада бойларын жазды. Шық түскен көк шөпке отырып, алдағы тіршіліктерін сөз қылды.

— Ауылдан кеткеніміз жөн болар,— деді Майдан.— Мына Қарасайға барып мен темір жолға жұмысқа кірем. Қаласаң сен де жұмыс істерсің, әйтпесе, тіпті үйде отыр. Асырай алмай бара жатқан кіміміз бар.

— Саған уақытында тамақ пісіріп қойып, күтіп отырсам ғой.

— Иә.

— Шынында да мен сен үшін тамақ пісіріп, күтіп отырғаннан өзге ештеңе тілемес ем, Майдан...

— Не?

— Мен екіқабатпын.

— Рас айтасың ба? Жаным-ау, менің тілегім сол еді ғой. Енді болды, енді бір-бірімізден кете алмаймыз. Өмір бойы бірге боламыз. Түу, тоңып қапсың ғой.

— Жүр қайталық.

Шығыс жақ баяу ғана қылаңыта бастады. Қараңғылық ыдырап, төңірек бозаң тартты. Ең әуелі, бытпылдық оянады екен, әр тұстан бір-біріне хабар беріп «бытпылдықтай» бастады.

Келесі күн ең ұзақ күн болды. Уақыт мүлдем жылжымай қойды. Алғашқы күнгідей ұйқы да жоқ. Түс кезінде екеуінің де ұйқылары қанып оянды да, содан кешке дейін үй ішінде сенделіп жүрді де қойды. Екеуі де сығалап перде астынан далаға қарайды. Болымсыз нәрсені қызықтап сөз қылады.

— Мына көрші кемпірдің ата қазы лақты қуып жүр, — деп күледі Ұлтуған. Майдан болса дүкен жаққа қарайды.

— Әне, Сағынбай кеп атынан түсті ,— дейді.

— Майдан сені Сәндібала іздестіріп жатқан шығар, екі күннен бері қайда жүр деп.

— Іздестірсе тауып көрсін.

Екеуі де қосыла күледі. Сәлден кейін Ұлтуған ойлы күйде күрсіне сөйледі:

— Бүйтіп қашанғы тығылып отырамыз, бәрібір табады ғой, — деді.

Осы сәтте екеуі де бір-біріне тура қараудан тайқып, шырықтарының бұзылар шағын үреймен естеріне алды. Көңілдері жүдеп сала берді.

— Майдан, осы сенің неше балаң бар?

— Төртеу. Мейлі, тіпті он болса да, енді қайтып Сәндібалаға бармаймын.

— Ал мен сені барам десең де жібермеймін, — деп Ұлтуған оған еркелей асылды.

Енді екеуі де күннің тезірек батуын тіледі. Кешегідей қырға шығып, таза ауада қол ұстасып жүруге асықты. Бірақ ол ойлағандары болмады.

Кешке қарай аспанды тұтасқан қара бұлт торлап, жарқ-жұрқ найзағай ойнап, дауылдатқан нөсер жауын жауды. Содан түні бойы бір толастаған жоқ, селдетіп құйды да тұрды. Тек ертеңіне түске жақын ғана басылды. Ұлтуған да, Майдан да даланың тұнжыр қабағынан еңселері түсіп езіліп, ішқұса күйге түскен. Түсте күннің көзі бұлт астынан жарқ етіп шыға қалған кезде, қуанып кеткен Ұлтуған:

— Түу, тамашасын-ай, далаға шығайықшы,— деді шыдай алмай.

— Сен шығып, біраз жүріп қайт.

— Сен ренжімейсің бе?

— Жоқ. Тек сыртымнан жауып кет.

— Онда мен біраз барлау жасап қайтайын, дүниеде не боп, не қойып жатыр екен. Сұрағандарға қалаға барып қайттым деп қоям.

Жауыннан кейін дүние тегіс жуылған, мөп-мөлдір таза еді. Аспандағы жел қуған бұлттар тоз-тоз боп ыдырай жыртылып, жөңкіп барады. Тысқа шыққан бойда Ұлтуғанның көңілі алып ұшып, өзінен-өзі бір жаққа барғысы, жүргісі кеп кетті. Қайда барса? Ә, айтпақшы, дүкенге баруына болады. Майданға бір жарты әкеп беріп, бір қуантсын да. Ішпегеніне көп болды ғой, бір жасап қалар. Сөйтіп дүкенге қарай жүрді. Көше бойы есік-терезелерінен сығалай қалған қатындардың бірде-біріне пысқырып та қараған жоқ. Кеудесін тік ұстап, ерегескендей аяғын алшаң басты. «Бұға берсең, сұға береді дегендей жұрттың басынып алатын әдеті емес пе»,— деп қойды.

Дүкенде көп ешкім жоқ екен. Бір-екі бақташы жігіт арақ алып тұр және топырлаған бір ұсақ балалар жүр. Алты-жетілер шамасындағы қара домалақ баланы қоршап алыпты. Оның қолында екі бос бөтелкесі бар, сатушыға ұсынып тұр.

— Кәмпит беріңізші, — дейді тақылдап.

— Әй, сенен бөтелке алмаймын. Апаңның өзі әкеп өткізсін, — деген сатушы.

— Апам ауырып жатыр,— деді бала.

— Ә, ауырып жатыр ма? Онда амал жоқ,— деп сатушы бөтелкелерді алды да, арзан конфеттен өлшеместен бір уыс қып балаға ұстата салды.— Ендігәрі бөтелке әкелме, сенен алмаймын,— деді ескертіп.

— Енді үйде бөтелке жоқ.

Балалар шығып кеткен.

— Өзі бір тақылдаған сүйкімді бала екен,— деді еріксіз жымиған Ұлтуған, соңынан сүйсіне қарап.

— Е, әлгі Майданның баласы ғой,— дей салды сатушы.

Ұлтуғанның жүрегі зырқ ете түскен. Не істеп, не қоярын білмей, бет-жүзі дуылдап, атып сыртқа шықты. Балалар дүкеннің алдында конфетті бөлісіп тұр екен. Қайсысы еді, әлгі бала? Ә, анау екен ғой.

— Әй, бала, сенің атың кім?

— Сайлан.

— Апаңның ауырып жатқаны рас па?

Рас. Бағана үйге дөктір келген, жүрегі ауырады дейді.

Балалар бірін-бірі қуып жарыса жөнелген. Ұлтуған есінен танғандай сілейіп тұрды да қалды. Әлгіндегі алып ұшқан көңіл, қуаныш атаулылар түте-түтесі шығып, ілезде ғайып болған еді. Енді иіні салбырап, сүмірейіп кейін қайтты. Тура Майданның үйіне қарай бет алды. Не де болса Сәндібаланың өзін көру керек.

Майданның үйі осыдан үш-төрт жыл бұрын өзі бригадир болып жүргенде салған төрт бөлмелі, верандасы бар, үлкен үй еді. Ұлтуған келгенде жасы ондар шамасындағы шашы жалбыраған қыз бала верандада кір жуып отыр екен. Майданның тұңғышы осы болуы керек. Өңі Майданға да, Сәндібалаға да ұқсайды. Жуып отырғаны кішкентай інісінің киімдері.

— Апаң үйде ме?

Қыз Ұлтуғанды көріп сәл тіксініп қалған. Есі кірген бала Ұлтуғанның кім екенін іштей сезетін сияқты.

— Апам ұйықтап жатыр, оятуға болмайды,— деді онан соң.

Ұлтуған веранданың ішіне, онан ашық тұрған есіктен ішкі бөлмелерге көз тастаған; барлық тұста шашылып жатқан балалардың киімдері, жуылмаған ыдыс-аяқтар, нанның қоқымдары. Еденді мына қыз бала жуған болу керек, шамасы жетпей сатал-сатал ғып езіп тастаған. Қарап тұрып адамның көңілі жүдейді, еріксіз аяйды.

Қыз мұның мына тұрысына қайтып көңіл аударған жоқ, езілген кірін жуа берді. Даладан шар етіп баланың жылағаны естілді. Қыз атып шығып кетті.

— Мен саған жылатпай ойнат дедім ғой,— деп өзінен кіші біреуіне ұрыса бастады.

Ұлтуған енді байқады: үйдің көлеңке жағында екі жасар ұл баланы бестер шамасындағы қыз бала қол арбаға отырғызып, сүйретіп жүр екен. Жүрегі шым-шым етіп шаншып кеткен. Ұлтуған мұнан әрі тұра беруге төзе алмай жүгіре шығып үйіне беттеді. Алқына басып келген бойда, сарт-сұрт жұлқып, есіктерін ашты да, түпкі бөлменің босағасына кеп тұра қалды.

— Майдан, тез киін де шық! — деді онан соң, бұйырған үнмен.

— Не боп қалды?

— Киін, киін!

Түкке түсінбеген Майдан көзі бағжаңдап киінуге кірісті. Киініп болған соң:

— Иә, не боп қалды? — деді үрейленіп.

— Үйіңе бар.

— Бар айтпағың сол ма еді?!

— Иә, Майдан. Айналайын, мен десең үйіңе бар. Мен ешқайда кетпеймін ғой, тек бүгін үйіңе баршы. Тыңдашы, тілімді алшы бір рет.

Майдан екі иіні салбырап, көп отырды, ақыры Ұлтуғанның айтқанынан қайтпасына көзі анық жеткеннен кейін барып:

— Мақұл,— деп лажсыз орнынан тұрды.— Тек ертең қайтып келем өзіңе. Ендігі жерде сенсіз өмір сүре алмаймын.

— Жарайды. Бара ғой, жаным. Тоқташы, кәне сүйші мені...

Майданның үйден қалай шыққанын, сұңқиып көше бойлап қалай жүргенін Ұлтуған терезеден көз алмай бақылап тұрды. Ыстық жас бетінен сорғалап, жол сызады.

Сол күннің ертеңіне Майдан Ұлтуғанның үйіне келмес бұрын, жолшыбай кеңсеге соққан. Жұрт гу-гу етіп жүр екен. Ұлтуған таңертең ертемен бұл ауылдан көшіп кетіпті, қайда кеткенін жан білмейді. Майдан сенер, сенбесін білмей, алып ұшып Ұлтуғанның үйіне келген, аңғал-саңғал есіз жұрттың үстінен шықты. Дымы құрып, бүктетілген күйі босағаға отыра кетті. Айырылып қалғанын білді. Тарқатылған сан қилы ойдың түйініне жете алмай дал болды. «Апыр-ау, Ұлтуғанның мұнысы несі!» деп налыды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз