Өлең-жыр байқауы

Нағыз әже қайда?

Айналдырған екі бөлмені астан-кестен етіп мазаны ала бастаған кезде: «Келіңдер, ертегі айтып берейін», — деп жалынып-жалбарынып жүріп, үй ішінен безіп кеткен тыныштықты әрең қайырып алушы едім. Құрғақ ақылды құлақтарына қыстырмай, ойнақ салатын қос тентек «ертегі» деген кезде еріксіз жуасып, айтқанға оңай көнеді. Осылай алдап-сулаймын деп жүріп, бұл екеуін ертегі тыңдауға дәндетіп алған — менің өзім. Енді, міне, қымс етсе болғаны: «Папа, бізге ертегі айтып берші. Біз бұрын естімеген қызық ертегі..» — деп ай-шайға қарамастан, тақымдап келіп отырғаны. Тіпті, кейде мезгілсіз уақытта құмарта қалатындары бар.

Менің оларға айтатыным, көбінесе: «Ер Төстік», «Құйыршық», «Түлкі мен тазы» сияқты киіз туырлықты көшпелі елдің баласының құлағына сіңісті халық ертегілері. Перзентханада өмірге келіп, балабақшада өсіп-өніп жатқан бүгінгі заманның сәбиі үшін қызық та, тосын дүниелер,

— Папа, тағы да. Балабақшада бізге мұндай ертегілер айтпайды, — дейді Ая.

— Біздің тәтей бұл ертегілерді білмейтін шығар, — дейді кішісі Райхан табан астында өзінше жорамал жасап.

— Тәтелерің сендерге қандай ертегі айтады сонда?

— «Айболит», «Қызыл телпек»... сонан кейін әлгі не бар ғой? Кір-қожалақ бала туралы бар ғой.

— «Кірқоймас» деген ертегі ме?

— Иә. Папа, сен мұның бәрін қайдан білесің?

Үні жасына лайық нәзік болғанымен, Аяның сөйлеу мәнерінде орнықтылық байқалады. «Райхан сенен екі жас кіші. Оны жылатпай, қайта өзің көмектесе жүр», — деп шешесі екеуміз құлағына құя бергендіктен де болар, Ая сіңлісінің қасында кейде өзін үлкен кісідей ұстауға тырысатын.

— Жоқ, Аятай... Мен сендер секілді балалар бақшасында өскен жоқпын, мені тәрбиелеп, бағып-қаққан ауылдағы кәрі әжем болатын. Жанағы қызық ертегілерді де мен сол кісіден естігенмін.

— Әже деген кім?

Бұл — ойына келгенді төтесінен қойып қалып, қарап отыратын Райханның сұрағы. Үстірттеу ұққан кісіге сорақылау көрінгенімен, кішкентайдың бұлайша сауал беруінің өз мәнісі бар.

Бұл екеуі — тек әженің ғана емес, жалпы қарт адамның мейірім-шапағатын сезінбей, балабақшаның бағымында, папасы мен мамасының қасында өсіп келе жатқан балалар. Әкем соғыста, шешем бертінірек қайтыс болды. Жалғыз әжем де уақыттың басқа салғанынан аса алған жоқ. Әйелім Балқыздың алыста жатқан әке-шешесі ауру-сырқаулы адамдар. Ұғымына жат нәрсе болғандықтан, «әже» дегеннің кім екенін төрт жасар сәби шынында да қайдан білсін.

... Сол түні өз әжем түсіме кіріпті. Осыдан отыз жыл бұрынғы қалпы, басында аппақ кимешегі бар екен деймін. Ескі мақаммен ыңылдап ән айтып, ұршық иіріп отыр. Мен болсам әжемнің бүйіріне басымды тығып, еш алаңсыз ірімшік жеп жатыр екенмін.

Осы күннен бастап кішкентайлар: «Бізге енді «әже» деген кісіні көрсет», — деп қыңқылдауды шығарды. Қыл бұрауды мойынға салып, алды-артқа қаратпай, алдына салып дедектетіп айдап әкететін күйкі тірліктен сәл азаттық ала қалсам, алдымен көлденеңдей беретін сәбилердің осы бір жазықсыз тілегі болды. Жан-жағымызды байқап көрсек, біз араласып жүрген таныстардың арасында кемпірі бар ешкім жоқ екен. Бір жолдасымыздың шешесі пенсия жасына жетпепті, былайша айтқанда «әже» аталуына әлі ертерек. Тағы бір таныстың үйіндегі қария ауру-сырқаулы болған соң, «әже» осы деп дабырайтып айтуға олқысындым. Мақсатым — қыздарыма өз әжем сияқты нағыз қазақи кейіптегі кейуананы керсету еді. Ондағы ойым — әже деген жарықтықтың анау-мынау қарапайым адам емес, былайғы жұрттан өзгеше, ардақты да қасиетті жан екенін сәбилер шын көңілмен сезінсін, оларды не үшін құрметтеу керегін түсіне білсін деген ниет.

Бір-екі рет басына жаулық салған, мәсілі қариялар көшеде де ұшырасты. «Әже деген, міне, осындай болады», — деп, жол-жөнекей асығыс көрсеткеніме, екі қыздың көңілі көнши қойған жоқ. Олардың ұғымындағы әже бейнесі, менің сипаттауым бойынша, әлдеқайда биігірек болатын. «Әже — сендер сияқты балалардың папалары мен мамаларын өсірген кісі, — дейтінмін өзімнің олақтау тіліммен. — Өзі мейірімді де, ақылды адам. Ешкімге ешқашан ұрыспайды, ұрса қалса, орнымен, теріс қылығыңа өзің ұялатындай етіп ұрсады. Үні де, қолы да, көзқарасы да жұмсақ, жұрттың бәрімен: «Қарағым, айналайын», — деп жылы сөйлесетін иман жүзді қария. Өзі ылғи шаруа істеп, күйбеңдейді де жүреді. Тіпті, ештеме істемеген күннің өзінде ұршық иіріп отырады...

«Ұршық деген немене?», — дейді Ая сөзімді бөліп.

Менің әңгімемде сәбилер түсіне бермейтін жайлар көп. Мен сонда да сөзімді әрі қарай жалғастыра түсіп, әжейдің үстіне қамзол, басына кимешек, шылауыш киетінін айттым. Баланың ойын дағдартқан кезекті сұрақ тағы туады. Қысқасы, не керек, менің суреттеуімдегі «әже» деген — жер-көкте жоқ бір керемет адам. Аузын ашып тыңдаған екі кішкентай, әже туралы бар білгенімді сұрақпен суыртпақтай отырып, сарқа тыңдайды. «Шіркін, бізде де бір әже болса ғой», — деген құрғақ қиялға тізгін бере бастайтын болған. Ең құрығанда, сондай әйбат кісімен бетпе-бет кездесіп, қызықтаудың өзі бұлар үшін тәп-тәуір арман.

Бір күні зайыбым: «Азат, әлгі Жолдастың Ажарасы оқуға түсіпті. Конкурстан алдыңғылардың бірі болып өткен көрінеді. Соның қуанышына осы сенбіге бәрімізді шақырып отыр», — деді желпілдей сөйлеп. Бұндай жиындарға барып, төбе көрсетуге үнемі құлқымның бола бермейтіні рас. Тіршіліктің бәрін жиыстырып қойып, ғылыми еңбегімді бітіру үшін жанталасып жүргенім мынау. Шынын айтқанда, соңғы кезде ертегі айтуды қойып, бала тәрбиесі де жайына қалып барады. Жиын атаулының дәл қазір өзім үшін мүлде тиімсіз екені, одан пайда емес, уақытымды шығындап, тек зиян табатыным бесенеден белгілі. Әйтсе де жақын адамның тұңғышы оқуға түсіп жатса, ондай қуанышқа ортақтаспау адамгершілікке жата ма? Жолдастың өзі де — даукестеу жігіт. Ертең алғаш кездескеннен-ақ өкпесін айтып, өкіреңдеп шыға келуі мүмкін. Әйелінің не дейтіні онсыз да мәлім.

Осының бәрін біліп тұрсам да:

— Мен бармай-ақ қойсам қайтеді? Балаларға ие болып, қағазымды жазып үйде отырмаймын ба онан да, — дедім келіншегіме ақыл салған кісі құсап.

Үй шаруасына тиянақты, артық сөзі жоқ, еріне сыйламды бір әйелдер болады. Қазір ондайлардың кеміп бара жатқаны есіме түскенде, Балқыздың момақандық ұялаған дөңгелек жүзіне қарап, іштей шүкіршілік ететінім бар. Пікіріміз қабыспай қалған күннің өзінде бет жыртысып салғыласқан емеспіз. Екеуара солғындау өрбитін көңілсіз әңгімемен ғана қаламыз.

— Кейін құтты болсын айтып кіріп шықсақ та ештеңе ете қоймас еді, — деді ол жаңағы мен ойлаған қауіптерді қаперіне алмаған кісінің кейпімен. — Бірақ осы жолы бармасақ, болмайын деп тұр.

— Е, неге?

— Елден Жолдастың шешесі келіпті.

— Келсе қайтеді екен? Баласының танымайтын жолдасы келіп, сәлем бермеді деп ренжімейтін шығар ол кісі.

— Азеке, жұмыс-жұмыс деп жүріп, кішкентайларыңды да ұмыта бастағаның ба? «Нағыз әжені» көрсетем, — дегенің қайда?

Сонда ғана барып, есіме сарт ете түскені.

Бұл жолы шақырылған жерге желп етіп жетіп бара салмай, кәдімгідей мән беріп дайындалдық. Тіпті, өз үйіміздегі қуанышты қарсы алатындай-ақ, қарадай қарбалас жасап, әбігерге түсіп кеттік. Жайшылықта өзіме салақтау қарайтын басым енді мұртымды басып, шашымды тарап дегендей, сипанып-ақ жатырмын. Әсіресе қыздарымыз ала бөтен қуанышты. «Әжеге барамыз, әжені көреміз», — деп өздерінше мәз-мейрам.

Жүздері балбұл жайнаған кішкентайлардың қуанышы менің де көңілімдегі түйткілді жазып, жадыратып жіберген. Барын киіп, бақанын іліп дегендей, ерекше бір ажармен тізбектеліп көшеге шықтық.

Таранып-жуынып, баптанамыз деп жүріп уақыт өткізіп алдық па, мезгілінде жеттік десек те, қонақтардын бас-аяғы бүтінделіп қалыпты. Құшақ жайып, құлдық ұра қарсы алған үй иелеріне тиісті тілегімізді босағада тұрып-ақ түгесе айттық та, дастарқанның бір жақ шетіне біз де жайғастық.

Қазір қай үйдің төрін бассаң да, алдыңнан шығатын көл-көсір етіп жасақталған мол дастарқан. Көзіңді бір жүгіртіп өткеннен кейін-ақ, ішпей-жемей көңіліне тоқшылық ұялатасың. Сонан кейін берекелі заманның бергеніне шүкіршілік етіп, бас шұлғыисың баяғы. Сондайға дағдыланғандықтан шығар, өзім тамақсаулау болсам да, алдымен дастарқан төңірегін жағалатып көз қыдырттым.

Қуанышқа жиналғандардың бір-екеуінен басқасы өзіміз күнде көріп жүрген жора-жолдас, таныс-білістер болып шықты.

Жолдастың үй-ішімен араласа бастағанымызға көп уақыт өте қойған жоқ. Ана бір жылдары республикалық ғылыми-зерттеу институтының филиалында қатар қызмет істегелі таныспыз. Былтырдан бері орындығын креслоға ауыстырып, беделді қызметтің тізгінін ұстаған Жолдаспен қарым-қатынасымыз қазір де бәз қалпы. Сөзге де, іске де алғыр, өжет жігіттің бойында кез келген адамда табыла бермейтін ептеген ірілік те бар. Сонда да мансабын көлденең тартып, кергімей, біз сияқты қарапайым кісімен жылы қарым-қатынаста болуы оның адамшылығын, азаматтығын білдіретін еді.

Табанының астындағы паркетті сықырлата қозғалатын жігіттің мінез-құлқы — дене бітіміне онша үйлесе бермейді. Бойы байсал тартып, қабақ шытатын кезі ілеуде біреу. Гүжілге жуық жуан даусымен анекдот, қалжыңды оңды-солды сапырып отырған Жолдастың дәл қазір жағасы жайлау, төсі қыстау. Дарақылау еркін қылығында анау-мынауды елемейтін көңілді жанның кейпі бар. Бүкіл отырыстың билігін өз қолына алған ол, қонақтарын ішімдікке ғана емес, күлкіге де жығып, мейлінше құрмет көрсетуде.

Дүйім жұрттың уақытын алып отырған бүгінгі салтанатты бас қосудың негізгі себепкері үйде жоқ болып шықты. Әлгінде ғана достары келіп, бір жаққа алып кеткен көрінеді. Сондықтан, өзінің адресіне айтылып жатқан небір әдемі сөздерді, ықыласыңды салып құлақ қойсаң, жанарыңа жас үйіретіндей әсерлі тілектерді той иесінің тыңдай алмауы көңілге бір түрлі өкініш әкелгендей.

— Оқуға түскен осы Ажарка болғанымен, қуаныш осы отырған бәріміздікі. Әйдә, тарта беріңдер, — деп қояды Жолдас та.

Есіктен кірісімен, кідірмей іздегенім — елден келген шешей. «Жаңылыспай, дәл танитын шығармын», — деп ойласам да, көзімді тиянақтата алмай, сәл-пәл іркіліп қалғаным. Дастарқан басына келіп жайғасқаннан кейін ғана байқадым ол кісіні. Өзінің сырт нұсқасы мен білетін ауыл кемпірлеріне онша келіп тұрған жоқ. Иығына көгілдір жемпір іліп, басына жаздық гүлді орамал салған егде кісіні ала шұбар топтың ішінен бірден ажырата алмауым онша әбестік бола қоймаса керек. Ауылдан келген шешей зиялы қауымның ортасына сіңісіп еркін отырсын деп, келін-баласы әдейі осылай киіндірген болар. Іздеп келген адамымыз табылғанымен, қалың кісінің арасында тіл табысуға әуелгі кезде қайдан мұршамыз келсін.

Онсыз да көңілді отырған жұрттың пейілін аздан соң ішімдік жарықтық өз ырқына алып, иіте бастады ғой деймін. «Сен же, мен женің» керін келтіріп, «алып қой», «қалдырма» «ішсеңші енді» деп, наз айтқан, әмір еткен дауыстар жиілеуге айналған. Арзымайтын сөзге бола дау өрбітіп, дабыр-дүбірді молайтып жатқан үндер оғаштанды. Бір-бірімен аңдысып, тақасып отырғандардың да бар екені байқалады. Әсіресе төргі жақтан:

— Алсаңызшы. Балаңыздың қуанышына, немене, тіпті.

— Кәне, қоймаңыз енді, — деп, қолқалаған дауыстар еріксіз назар аударды. Шараптың қызуы дендеп, кеукеулескен топтың ортасында — Жолдастың шешесі. Қалың жұрттың ішінен тақ осы кісі ішпей қойса, дүние қараң қалатындай-ақ, бәрі өлердегі сөздерін айтып, кеу-кеулеп әкеткен.

— Әй, жігіттер, қызықсыңдар, сендер. Біздің бабушка ішкісі келсе, сендерден сұрамайды. Үлкен кісіге сонша жабылғандарың не? — деп қалың шуды жебедей қарып өткен қатқыл да жіңішке үн Жолдастың жұбайыныкі екен. Құрбы-құрдастарына сөзін өткізе білетін алғыр келіншекті дәл қазір жұрт тыңдаудан кетіп бара жатқандай.

— Апа, қайтесіз келіннің сөзін. Бір ұрттап көріңізші өзіңіз. Әншейін жүзімнің суы ғой, — дейді қасындағы қонақ.

Жан-жағына жалтақтай қарап, қиналыңқырап отырған шешей бір кезде:

— Апыр-ай, балалар, қоймадыңдар-ау, — деп қабағын кіржите түсті де, жіті қимылмен колындағы рюмканың түбін жалғыз-ақ жалт еткізді. Әлгінде ғана: «Алыңыз, алыңыз», — деп қылқылдап отырған жігіт мұндай батыл әрекетті күтпеген болуы керек, басытқы әперу үшін жан-жағын қарманып, әуреге түсті де қалды.

— Молодец, апа. Міне, енді жарадыңыз.

— Бәсе, біздің бабушка осал болушы ма еді.

— Біздің апа нағыз современный кемпір ғой, — деген кесек-кесек сөздер ерекше қошемет сездіреді.

Осыдан кейін-ақ бабына жаңа келгендей болған шешейдің әжімі аз дөңгелек жүзі қоңырланып, өзі де сергектік байқата бастаған. Нұры тұнық кішіректеу қой көздері жан-жағына ептеп қуақылана қарайды. Келген шаруамыздың бір ұшы осы кісіде жатқандықтан ба, таныс әлпеттерден тиянақ таппаған көздерім шешей жақты еріксіз баға береді. Оның қимыл-қозғалысы, өзін-өзі ұстауы түгелдей назарымда. Былайша айтқанда, қалт жібермей, қадала бағып отырған жайым бар.

Өз ұлының төрі болғандықтан ба, шешей қала адамдарының ортасында, салтанатты дастарқанның басында еш қысылып-қымтырылатын емес. Екі жағына кезек сөз тастап, баласы қатарлы зиялылармен оңай тіл табысуда. Пысық келіні әбден оқытып, үйретіп қойған ба, қайдам, ауыл дастарқанының салтында бола бермейтін пышақ, шанышқы тәрізді құралдарды жатыққан қимылмен оңды-солды тебен инедей жұмсайды. Жалпы, өзін ұстай білуінен-ақ шешейдің көргенді, мәдениетті жан екені аңғарылып тұр. «Міне, қызық... — деймін одан көз алмаған бойы іштей таңырқай түсіп. — Жарықтық, біздің әжелеріміз бұл кісінің қасында дүниеден түк қызық көрмей, бос өткен екен ғой әншейін».

Отырыстың ыңғайына қарай қалалық кісілермен тез араласып, іркілмей жұғысып кеткен шешей әзірше қыр адамына тән қазақи мінез таныта қойған жоқ. Менің іштей аңсап келгендегі шаруам да ауыл исі бұрқырап тұрған өзімнің әжемдей кісіні жолықтыру емес пе еді.

Балалық, жастық шағымды ауылда өткізген маған қарт кісілердің жиын-тойларда қандай әңгіме-дүкен құратыны, нені тілге тиек ететіні жақсы таныс. Жерге жайылған дастарқанды жағалай жайғасқан ауыл үлкендері өмір, тіршілік жайлы салиқалы-салауатты мәслихат құрар еді. Ондайда әркімнің тасасында құлағы қалқиып тыңдап отырған бала-шағаға өнеге боларлық небір тартымды әңгіменің тиегі ағытылатын. Ол кездің дастарқанын қазіргімен салыстыруға келмейтіні өз алдына, арақ-шараптың дәм-тұзбен нық теңестіргенін қойып, сирек араласатыны да есімде. Әрине, ол осыдан отыз жыл бұрынғы ауылды жердің тірлігі емес пе еді?

Алды қызып қалған қонақтардың көбісі, енді байқасам, айтып ауыз ауыртуға жарамайтын бос әңгімеге көшіпті. Өзімді мына отырған қарт кісінің орнына қойып тыңдаған кезде аңғардым: біздің отырыстарымыз көбінекей пәтуасыз сөз, нәрсіз әңгімемен өтеді екен-ау. Егер ауылдың шаруа басты отағасылары мына айтылып жатқандарды естісе, не дер еді?

«Дәмі, татуы жоқ әңгімемізді тыңдап отырған ортамыздағы жалғыз қария зекіп, ұрсып тастайтын шығар», — деп ойлағанмын. Бір таң қалғаным, ол кісі әбес ештеңе естімегендей ондайға назар аударар емес. Қайта, бүгінгі күннің жастарына тән ойнақы, жеңіл әңгімеге еркін араласып, ойына келген пікірді ірікпестен қосып жіберуге бейім. Тіпті қазіргі қала тіршілігіне қатысты сөздерге де именбей араласып кетіп отыр.

Таңырқағанымды сездіргім келмей, жаңағы бір әредікте құлағыма шалынған сөзді қайталап:

— Молодец, апа. Современный кемпір, міне, осындай болу керек, — деп, ду-ду әңгімеге байқаусызда өзім де қиқу қосып жіберіппін. Менің сөзімді құлағы шалып калған Жолдастың жұбайы:

— Әй, мұртты жігіт, кісінің көзін бақырайтып қойып «кемпірің» қалай. Этика қайда? — деп, іле іліп түсті. Тап бір мені мұқатып, есе қайырып жатқан адамдай енесіне естірте сөйледі.

Осылайша отырыстың сәні әбден кіріп, жұрт кемеліне келіп болған кезде, қасында бір-екі құрбысы бар той иесінің өзі де үстімізге енді. Көргені, көрмегені бар, меймандар дастарқан басынан жапырлай түрегелісіп, студент атанған бақытты жасты қаумалай қоршап, құттықтай бастады. Ер-әйелі, үлкен-кішісі аралас құттықтаушы топқа сағақты мойнын созып, бетін ұсынып, қымсынуды білмейтін кейіппен еркін тұрған бойжеткенді әжесі:

— Ал, Ажаржаным, бақытты бол. Поздравляю, — деп келіп, маңдайынан сүйді. Үлкен кісінің табиғатына үйлеспейтін осы бір ерсілеу қылығына шыдай алмай, мырс етіп күліп жібере жаздағаным. Айналадағы жұрттың оған мән бермей, жайбарақат тұрғаны ғана ар жағынан тығылып келіп қалған күлкіні лажсыз тежеді. Ортадағы жалғыз қарияның өзін өзі жастарша ұстауы басқалар үшін үйреншікті болып кеткен дағдылы құбылыстай.

Бір тұрып кеткеннен кейін көпшілік дастарқанға қайта айналып отырған жоқ. Ішкен-жегендерін басып, ауа жұту үшін әркім ретіне қарай бөлме-бөлмені жағалап, ыңғайларын тауып жатыр.

Жұртты бұзып-жарып, аңдыған адамымды көздей мен де ұмтылдым. Қонақтардың бәрі өзім секілді шешеймен сұқбаттасуға асығып жүрген сияқты көрінді де, пысықтық жасап, оның қасына бұрынырақ жетуге тырыстым. Ерекше ізетпен келіп қолын алған кезде, шешей маған тым жақын адамдай сезіліп кетті. Оның бойындағы кейбір ерекшеліктердің көңіліме қонбай тұруы сырттай қабылдаудың әсері ғана сияқты. Жанаса отырып, тіл қатысқан кезде барып, өз өмірімде ерекше орын алатын әже сынды аяулы жанды шынымен-ақ сағынып қалғанымды, әжеге жарасымды мінез-құлықтың барлығын жайшылықта аңғара бермейтін балалық уыз тілекпен үздіге аңсайтынымды сезіндім.

— Ал, апа, ат-көлігіңіз аман, есен-сау жеттіңіз бе? Жаңа топты кісінің ішінде амандық та сұраса алмай жатырмыз. Күйлі-қуатты барсыз ба? — деп, ауылды жердің сөйлеу мәнерімен бастырмалата жөнелдім. Ондағы ойым: мүдіріп тұрмастан, ашық-жарқын аңқылдақ адамша бірден-ақ жұғысып, әңгімелесіп кету. Денесімен бұрыла қараған шешейдің жүзінде: «Бұл кім өзі?» — дегендей таңдану нышанын таныдым.

— Е, шүкіршілік, жеттік қой. Самолетке жер алыстық етуші ме еді. Самолетке әлгі кіші ұлым өзі әкеліп, отырғызып жіберген. Бұл жерде тік тұрып Жолдасжан қарсы алды. Бәрі осы жаман қараның арқасы емес пе, шайқақтап жүргеніміз. Ауылдың қай кемпірі Алматыға келіп, машиналатып қыдырып жүр, — деп, шешей осы қалпына разы кейіппен сөзуарлық сездірді. Жастайымнан қарттармен араласып өскендіктен: «Мына кісімен де оңай тіл табысып кетермін», — деген жаман ойым теріс болмаған секілді. Екеуара әңгімеміз жарасып, ежелден таныс адамдардай тез-ақ шүйіркелесіп кеттік. Көптен бері ауыл қарияларын көрмегендіктен бе, шешеймен ақтарыла отырып, шер тарқата әңгімелесуге ықыласым ауды. Бірақ мұндай қарбаласта оған жағдай қайда? Кезек-кезек келіп, шешеймен сөз алмасып жатқан қонақтардың мұрша берер түрі жоқ.

— Апа, денсаулығыңыз қалай өзі? Тыңсыз ба әзір? — деп жігіттердің бірі жағдай сұраған.

— Рақмет, қарағым. Әзірше бала-шағаға масыл болмай, шапқылап жүргенім ғой. Өз шешең қалай, күйлі-қуатты ма?

— Тың сияқты еді, былтыр қайтып кетті ғой.

— Қайда қайтып кетті?

Шешей дүдәмал халде жігіттің жүзіне аңтарыла қарады.

— Сол, аяқ астынан болды өзі. Бас-аяғы үш-ақ күн ауырды. Әнеугүні жылын бергенбіз.

— Ә-ә, өліп қалды де. Менен жастау сияқты еді ғой ол кісі. Қалайша өліп қалды екен?

Мен енді шешей үлкен кісілердің әдетімен жіңішкелеп көңіл айтар деп күткемін. Мұндайда біздің әжелеріміз марқұм болған замандасы жайлы ұзақ тебіреніп, әңгімелей келіп, көздерін де сығымдап алушы еді. Ернінің ұшын үнсіз қыбырлатқаны болмаса, шешей қадап көңіл айтқан жоқ. Көз көрген замандасының қазасын күнделікті хабардың бірі ретінде жайбарақат қана тыңдады.

— Сіздердің сүйектеріңіз асыл ғой, апа, — дедім шешейдің бұл қалпын рухы мықты жандардың мінезіне жорығым келіп. — Сіздердің заман басқаша еді ғой. Қанша қиындық көрсеңіздер де, ешқайсысына мойыған жоқсыздар. Жастай еңбекпен шынығып өскен адамның, әрине, қартайғанда да денсаулығы мықты болады ғой. Біздің әжеміз сол кезде көрген қиыншылықтарын ылғи айтып отыратын.

— Әркімнің тағдыры әрқалай ғой, қарағым. Мен енді қиындықпен көзімді аштым деп айта алмаймын, — деп бастаған шешей енді сұрақ жетегін керек қылмай-ақ өзі жайлы бірқыдыру мәлімет айтып тастады. Сонау жиырмасыншы жылдары алғашқылардың бірі болып хат таныған ол, мұғалімдіктен бастап әр түрлі кеңес қызметінде істепті. Ауылдық Советте, аудандық халық ағарту бөлімінде отырып, ел де басқарған көрінеді. Кезінде беделді болған, көпке сыйлы адам. Қазір ауылдағы кенже ұлының қолында тұрады екен. «Шүкір, жағдайым жаман емес. Балаларымның қай-қайсысы да ауқатты, күйлі семьяның иелері. Екеуі де өз қатарының алды», — деп қойды. Шешелеріне шөп басын сындыртпай, қолын жылы суға малғызып қойғаны мынау. Ендеше, оны тезек теріп, құрт қайнатып, қарабайыр тірлік кешкен баяғы біздің әжелерімізбен салыстыру жаңсақтық.

Кенет ар жағымнан жылт етіп қызғаныш сезімінің тұтанғанын байқадым. Бос сөзді оңды-солды сапырып, қарқылдай күліп жүрген Жолдасқа да, оның пысық келіншегі мен шолжаңдау балаларына да мына мәдениетті қарияны қиғым келмей қалды. Төрт құбыласы түгел бақытты ұрпақтары осындай ардақты кісінің қадір-қасиетін дер кезінде түсініп, бағалай біле ме десеңші. Жаңағы қызғанышпен қоса: «Шіркін, менің әжем неге осындай болмады екен?» деген аңғалдау балаң өкініштің де төбе көрсетіп үлгергенін аңғардым.

— Қазір енді ауылда немерелеріңізді бағып қана отырған шығарсыз? — дедім арынды ойдың жетегімен әңгімелесе бергім келіп.

— Ә, немере ме? Реті келсе, бағуын бағамыз ғой, әрине. Баланың жылағанынан қашып, тік жүретін кісі мен емеспін. Өзім екі ұл — деп бір тыныс жасады — бір қыз туып өсірген — әжей қолының басып желпуішше бұлғап екі қатынына кезек сілтеді. Жасымыздан ел үстінде жүрген белсенді болып алдық. Бүгінгінің жастары бізден де әрмен емес пе? Әлгі кіші келінім әзірше жалғыз-ақ баламен тоқтап тұр. Оған қарағанда, мына Әсияжаным дұрыс.

— Е, жалғыз болса да жұбаныш қой, әйтеуір. Балалар жұмысқа кеткенде сол кішкентайды ермек етесіз де баяғы, — дедім шешейдің сырлас замандасы секілді бір ырғалып қойдым.

— Менің «Бағып көрейін», — дегеніме көнбей, әлгі келін тілі шығысымен-ақ детсадқа берген. Қазір сонда жүр. «Өкімет өзі бағады, керек өнерін үйретеді. Тамағы тоқ. Сізді әуре қылып қайтеміз», — деп балам да көнбеді. Онысы бір жағы дұрыс та сияқты. Баладан шыққанымыз қашан. Қолымыз да қатып кетті ғой. Бір күні ауыртып алсам, жаласына қалмаймын ба? Біреудің баласы...

Әлгі бір уақыттан бері іштей жақын тартып, өзімше пір тұтып отырған шешей осыны айтуы-ақ мұң екен, бір түрлі жатырқап сала бергендей болды. Әлденеден бойым тітіркенген адамдай ішіме салқындық үйірілді. Не үшін келгендерін ұмытып, ойынға айналып кеткен Ая мен Райханның қолдары босап, қасымызға жеткені осы кез.

— Міне, әже деген осындай болады, — деп, оларға шешейді дереу таныстырып та үлгердім. Онсыз да іштері пысып отырған қыздар маған жымыңдай қарасты. Райхан тіпті жатырқауды білмейтін сәби еркелікпен үлкен кісінің тізесіне жайғасып та алған. Дастарқанды жаңартып жатқан Жолдастың жұбайы:

— Әй, Азаттың қыздары. Өздерің Аликтің бабушкасын мүлде иемденіп алыпсыңдар ғой. Түсіңдер алдынан. Алик бұларыңды көрсе, сендермен төбелеседі, — деді өктемсіген дауыспен.

Алжапқыш тартқан сұңғақ бойлы келіншек бір көргенге көрікті адам. Түріне қарап: «Тұңғышы институтқа емес, мектепке баратын шығар», — деп ойлағандайсың.

Кез келген жерге өзімсініп, еркін кіретін осы өжет әйелдің енесінің алдында өзін-өзі ұстауы өзгешелеу. Кімге, қайда қарап сөйлесе де, көзінің қиығымен енесі жақты елеусіз ғана сүйкей өтетінін байқадым. Бір қызығы — шешей де, реті келсін-келмесін, сөз арасында келінін ауызға алып: «Біздің Әсия алай, біздің Әсия былай», — деп көпшік қоя сөйлейді екен. Бірақ осы тым сыпайы қатынас бір-біріне жақсы көрініп қалмақ ниеттен туындап жатқан жалған көлгірсу болмаса неғылсын. Сырттай қарағанда, мінез-құлқы үйлесіп, жарасып кеткен ене мен келіннің іштей бірін-бірі сынап-мінеп, тіпті жаратпай отырмасына кім кепіл.

Шешеймен бір-екі ауыз сөз алмасып, бойы үйрене бастаған Райханның:

— Әже, осы сіз шын әжесіз бе? — дегені қарап отырмай.

— Өзі не деген сүйкімді бала, бәрін біліп тақылдап отыр. («Тіфа, жерге түкіріңіз», — дей жаздап, ернімді қымқыра қойдым) «Әже» дейді мені. Жас келіп, балалар өсіп жатқан соң, қайтіп әже болмассың. Уақыт өзі соған әкеледі екен ғой.

— Әже, әже болсаңыз, онда бізге ертегі айтып берші, — деді сөздің ретін бағып үндемей отырған Ая сабырлы қалпын сақтаған күйі. Жолдастың жұбайының саңқылдаған өктем үні тағы естілді:

— Әй, мына Азаттың қыздары мүлдем басынайын деді ғой, ей! Біздің бабушка сендерге немене, ойыншық па еді сонша. Жоқ, бұрынғының ертегіші кемпірі ғой деп пе едіңдер, өтірік-шынды қиыстырып соға беретін. Кісінің мазасын алмай, ойнаңдар ана балалармен.

Кең үйдің қуыс-қуысын қуалап, оқшау-оқшау мәслихат құрып кеткен меймандарын күркіреген даусымен дастарқанға қайырған Жолдастың өзі. Ыстық тамақтың алдындағы алғашқы тост көтеру құрметі шешейге тиді. Ол кісінің шағын тілегі:

— Ал, балалар, осыны тауысып ішіп қояйық. Қарап отырмаңдар енді. Бірінші болып өзім алып қояйын, — деген өтінішпен түйінделіп еді. Меймандарға үлгі көрсетуге шамасы келетінін де жасырған жоқ. — Әсияжан, маған енді свежий бульон әкеле қойшы.

Шешесінің мына ширақ қимылы онсыз да дастарқан басына сыймай күпсініп отырған Жолдасты онан әрі желпіндіріп жібергендей болды. Қолындағы рюмкасын жұрттың төбесіне олимпиада алауындай асқақтата ұстаған күйі:

— Біздің бабушка құрлы жоқсыңдар ма? Әйда, тартып жіберіңдер, — деп, бұрынғының жауға шабатын қас батырындай күркіреп әмір етті. Өз баласының тойына өзі басшылық жасап, ешкімге дес беретін емес. Біраз сөздер сөйленіп, арақ-шарап ішілгеннен кейін, ыстық астың да мәнісі кете бастап еді. Тамақ ішіліп болып, ыдыс-аяқ жиналуға айналған кезде:

— Әсия, сәл кідіре тұр, апамыз ас қайырсын алдымен, — дедім үлкен кісі отырған жердегі дастарқан салты есіме түсіп. Аяқ астынан шыққан тосын ұсыныс әркімге әрқалай әсер етті. Құптаушы бір-екеу табылғанымен, негізгі көпшілік: «Мынау не деп отыр өзі», — дегендей маған үдірейе қарап қалыпты.

— Азат, сені де естияр жігіт деп жүрсем, бүйректен сирақ шығарып не айтып кеттің тағы? Арақ тұрған жерде ас қайыратын ба еді? — деді Жолдас та.

— Қазақтың үлкен асы — ет. Арақ бар деп, асты аяқ асты етпейік. Апа, қарамаңыз жұрттың сөзіне. Жолдас балаңыз болса, біз де жат емеспіз, — дедім мұндайда қитыға қалатын мінезіме бағып. Бүкіл отырыстың бойында суырылып жұртты аузыма қаратқаным осы шығар. «Дұрыс, керегі жоқ», — деп өрши берген пікір қақтығысына төрелік айтқан тағы да Жолдас:

— Жағдай мынадай, жолдастар. Біздің бабушка бата қайыру дегенді білмейді. Намаз оқып, дәрет алмайтын современный кемпірден бата сұраған сендер де қызықсыңдар.

Дастарқан басында ұшқын тиген қу шеңгелдей ду ете қалған қалың күлкі шалқып кетті. Іштерін басқан күйі бірінің алдына бірі домалап, құлап, серейіп жығылған жұрт.

— Общым, апа қонақтардың көңілін қайтармаңыз. Құран сөзін білмесеңіз де, батаңызды айтып, ниетіңізді құдайға направить ете салсаңыз болды, — деп Жолдас алақанын жайып, орнынан тұра берді.

Қайтар жолда көлікті ұзақ тостық. Әншейінде сартылдап жүріп тұратын трамвай сенбінің кешіне қарай сирексіп қалыпты. Райхан мен шешесі тым көңілді, қонақтан алған әсерлерін жарыса бөлісіп, сөзден дес берер емес. Қызыл шырайлы өңі қоюлана түсіп, қысықтау көздеріне жылт еткен жанды ұшқын жүгірген Балқыз сөзуарланып, ашылып кетіпті. Ішуге келгенде, рюмкаға жасқана қарайтын тартыншақ әдеті бар еді. Бұл жолы қоярда-қоймай тақымдап отырған үй иелерінің мәселін қайтара алмай, көңілшектік жасап қойған.

— Жақсы кісілер. Тіпті, айтары жоқ, оңды адамдар. Асты-үстімізге түсіп, жандары қалмай жүгіріп жүр. Қонаққа да өңкей тамаша адамдар жиналған екен, — дейді ниетке тойған лепіріңкі көңілін жасыра алмай.

Біреуден ұрыс естіген адамдай болып, тымырайып үнсіз тұрған — Ая екеуміз. Бір-екі рет өзара жасқана қарағанымыз болмаса, бір-бірімізбен жарытып сөйлескеніміз де жоқ. Екеумізді мазалаған ойдың ортақтығын содан-ақ сездім. Жанымды қинаған жайсыз сезімді ашып айта алмай, қуыстанатын секілдімін. «Сәбидің алдында өтірікші болдым-ау», — деген өкініш те бір сәт өзегімді жалап өтеді. Қызымның тұнжырау себебін сезіп тұрсам да, ой түкпірін анық тани алмай, дағдардым. Төмен салған ұзын кірпіктері жанарын жасырып, көлегейлей береді. Сәл шытынаған қабағы мен салбыраңқы ұрты ғана қазіргі көңіл күйінің хабаршысы.

— Папа, Аликтің әйбат кітабы көп екен. Бірақ бізге көрсеткен жоқ. «Жыртып тастайсыңдар, сосын мұғалім ұрсады», — деп бермей қойды.

Мамасы сөзін жүре тыңдап, өзінше сөйлеп кеткен соң, Райхан енді маған бұрылған. Сол-ақ екен, Балқыз да баласының сөзін өз ойымен ұштастырып ала қойды.

— Оқушы баланың кітабын қайтесің? Онан да іздеп келген әжеңді көргеніңді айтсаңшы. Жақсы әже емес пе, ә? Әне, жақсы кісіні бала да біледі. Неғып үндемей тұрсың, Азат? Мода мен эстрада туралы айтқанын естідің бе өзі. Соның кейбірін қалада тұрған мен білмеймін. Өзі сендерге қандай ертегі айтты, ә, Аятай?

Әпкесі үшін жауап берген тағы да Райхан:

— Жоқ, айтпады. Ол кісі ертегі білмейді екен.

— «Білмейді» дейді? Қой, білмегені қалай? — деді Балқыз сұраулы көзін маған қадай берген еді, қарап тұрмай Райхан тағы киіп кетті:

— Папа, айтшы. Ол өзі әже емес қой деймін, ә?

— «Әже емесің» не қызым-ау. Енді кім екен, ә? Қой, олай деп айтпа, ұят болады.

— Жоқ, папа. Ол — әже емес. Ол — жай ғана бабушка. Өйткені бәрі «бабушка» деді ғой. Мен білем, әже деген ондай болмайды. Өзің айтқансың.

Трамвайдан түсіп, үйге келе жатқанда кенеттен Аяның:

— Папа, шынында да ол әже емес шығар? — дегені, әлденеден көңілі қалған адамдай, басыңқы жуас дауыспен. — Айтшы, папа. Ол шын әже емес қой, ә?

Мен «әже» деген жанның жасы келген үлкен кісі екенін айтып, бірдемені әлсіздеу түсіндірген болып едім, онша нанымды шыққан жоқ. Жауабыма Аяның қанағаттанбай қалғаны анық еді.

— Папа, сен бізге бәрібір нағыз әжені көрсетесің ғой. Айтшы, көрсетесің бе? — деді сосын ол жаңағыдан гөрі жадыраңқырап. Аялы жанарларында тұтанған үміт ұшқынын жасырмай, сәбилік сеніммен бетіме тура қарайды.

Мен уәде еттім. Бірақ оны қалай орындайтыным туралы сол сәтте ойланған жоқ едім.

1981



Пікірлер (2)

мадина

Маған қатты ұнады. Рахмет!

Айымгүл

Рахмет!!!

Пікір қалдырыңыз