Өлең, жыр, ақындар

Ерлік еңбектің үлгісі

Табиғи әсемдігі қаншалық көз тартқанмен, адам қолы тимеген, тіршіліктің белгісі байқалмаған жер — бәрібір бедеу дүние. Адам игілігіне айналған соң ғана Жер-ана нағыз ажарына сонда кірмек. Советтік дәуірде Жетісу өңірі еңбек дүбірімен қайта оянып, бұрынғыдан да гүлдене түсті. Талдықорған облысының еңбек шежіресінде Түрксібтің орны ерекше. Түрксіб тек бір облыс емес, бүкіл Қазақстан, Орта Азия, Сібір өлкесі үшін де маңызды жол торабы болғандығы баршаға тарихтан белгілі.

Түркістан — Сібір темір жолын салу туралы шешім 1926 жылы қабылданды, ал жұмыс келесі жылы басталды. 1927 жылдың апрель айында жолға топырақ үю, қиыршық тас төсеу жұмыстары жедел қолға алынып, оған рельс төсеу жұмысы Семей жақта июльдің он бесінде, Луговой жақта ноябрьдің жиырма бірінде басталады. Екі жақтан жасалып

келген жол Айнабұлақ деген жерде түйісетін болып белгіленді. Сөйтіп, еліміздің бірінші бесжылдық жоспары белгілеген үлкен еңбек дүбірі басталды да кетті.

Түрксіб магистралінің құрылысы халықаралық мәні бар құрылыс еді. Жас совет өкіметінің ол шешіміне империалистер күмәнмен қарады. Сондықтан көп ұлтты біздің елімізге Түрксібті салу жұмысы үлкен сын да еді. Социалистік өндіріс әлі жоғары қарқында дами қоймаған, техникалық күштің жетімсіз кезі ғой. Бірақ жігерлі жұмысшы табы партияның басшылығымен өз құдіретін әлемге тағы да таныта білді.

РСФСР Халық Комиссарлар Советі Түрксіб құрылысына жәрдемдесу Комитетін құрып, оған РСФСР Халық Комиссарлары Советі Председателінің орынбасары Тұрар Рысқұлов басшылық етті. Ал тікелей жол құрылысы басқармасын ежелгі коммунист, революционер Владимир Сергеевич Шатов басқарды.

Түрксіб темір жолын салу барысында оның бойына көптеген жаңа елді мекендер орнады. Мәселен, Талдықорған облысындағы Сарыөзек, Матай, Үштөбе, Айнабулақ станцияларының негізі сол Түрксібті салу кезінде қаланды.

Түрксіб құрылысы мерзімінен 17 ай бұрын бітті. Луговой мен Семей жақтан біріне бірі қарама-қарсы салынған жол 1930 жылдың 25 апрелі күні Айнабұлақта түйісіп, соның құрметіне 28 апрельде салтанатты митинг өтті, оған 20 мың адам қатысты деген дерек бар. Сол жиналыста Тұрар Рысқұлов он адамға Еңбек Қызыл Ту орденін тапсырады.

Түрксіб құрылысына кезінде Қазақ ССР халық суретшісі Әбілхан Қастеев те жұмысшы ретінде қатысқан. 1932 жылы Әбілхан аға өзінің әйгілі «Түрксіб» атты суретін салады. Түрксіб тақырыбы әлі күнге сан саладағы өнер түрлеріне негіз болып келеді: Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Оралхан Бөкеев «Өз отыңды өшірме» атты роман жазды, талантты суретші талдықорғандық Анарбек Нақысбеков «Түрксіб ардагерлері» атты үлкен полотно жасады. Жас журналист Ерғали Сағатов «Даладағы ұлы із» («Жалын» баспасы, 1983 ж.) атты деректі кітап шығарды.

Еңбек даңқы, еңбек зейнеті деген қасиетті сөздерді атағанда, талдықорғандықтардың аузына алдымен Нұрмолда Алдабергенов түседі. Жалпы, Нұрағаңның еңбексүйгіштігі, ұйымдастырғыш таланты көзі тірісінде-ақ жалпақ елге аңыз боп жайылып кеткен. Оның өмірі мен еңбек жолын баяндап академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Алдабергенов туралы аңыз» атты өлеңді әңгіме жазды. Жазушы Сәуірбек Бақбергенов «Күн мен көлеңке» атты роман арнады. Ал Н. Алдабергеновтің өзі «Сталин атындағы колхоз» деген кітап жазды.

Елге, жерге сіңірген еңбегін бағалап, үкіметіміз Н. Алдабергеновке екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын берді. Ол екі рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің, СССР Жоғарғы Советінің депутаты болды. «Социалистік мал шаруашылығының еңбек сіңірген құрметті шебері», «Социалистік егіншіліктің еңбек сіңірген құрметті шебері» деген атақтар алды. 61 жасында 1967 жылы қайтыс болды.

Н. Алдабергенов Талдықорған ауданына қарасты Шұбар аулында туған. Жас кезінен байға жалшы болған. 1927—30 жылдар аралығында жоғарыда айтқан Түрксіб темір жолын салуға қатынасқан. 1930 жылы жаңа құрылған «Жаңа талап» колхозына мүше болып кіреді, 1934 жылы сонда бригадир, ал 1935 жылы колхоз председателі болады. Ұлы Отан соғысына қатынасып, одан қайтып келген соң, тағы сол колхозда председатель (басқарма) болып істейді. 1950 жылы «Жаңа талап», «Қызыл ту», «Жаңалық» колхоздары бірігіп, іріленген шаруашылық XXII партсъезд атындағы колхоз атанады, Нұрағаң сонда председатель болады. Еңбек Қызыл Ту орденді XXII партсъезд атындағы бұл колхоз қазір тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл одақ көлеміндегі ірі шаруашылықтың бірі саналады. Оның экономикасы, мәдени жетістіктері, коллективтік еңбек үлгісі басқа шаруашылықтар үшін озат еңбек мектебі болып табылады.

XXII партсъез атындағы колхоздың іргетасы қаланған кезі «Жаңа талап» колхозының ұйымдастырылу мерзімінен саналады. Алғаш құрылған кезінде бұл колхозда бар-жоғы 14 қана үй бар екен, сол шағын артельдің шаруашылығы 2 түйе, 3 ат, 5 сиыр, 20 қой, 4 ағаш соқа, тырма мен бір арбадан құралыпты. Ал бұрын Шұбар атанған, қазір Нұрмолда Алдабергенов атанған бұл сәулеті село қалаға бергісіз. Үлкен сауда орталығы, зәулім мәдениет үйі, Н. Алдабергенов атындағы мектеп-интернаты, мектебі, ауруханасы, тұрмыстық үйі, паркі, стадионы, музейі, 9 мыңға тарта халқы бар тамаша мекен. Бұл колхоздан 19 Социалистік Еңбек Ері, бір Совет Одағының Батыры шыққан. Жұрт сондықтан «Батырлар аулы» деп мақтанышпен атайды. Аудан да, облыста, республикамыз да Батырлар аулын мақтан етеді. Кезінде бұл колхоздың жетістігін көруге Монғолиядан, Грециядан, Қытайдан, Непалдан қонақтар келген.

«ХХІІ партсъезд» колхозының аты әрдайым Нұрмолда Алдабергеновтің есімімен қатар аталады, Оның өзі «Елдің атын ер шығарады, ердің атын елі шығарады» деген ұлағатты сөздің шындығын дәлелдесе керек. Еңбегімен елін көркейтіп, жерін гүлдендірген жақсы адамды совет халқы сыйлай біледі. Оның ақиқатын Нұрмолда Алдабергеновке байланысты аңғаруға болады. 1983 жылы күзде әкімшілік жағынан XXII партсъезд атындағы колхоз бағынатын Талдықорған ауданына жолымыз түсті. Сонда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиев жолдас Нұрмолда Алдабергенов туралы үлкен ілтипатпен: «Нұрағаң өскен, қызмет жасаған ауыл бізге әрдайым төмендеп кетпеңдер, ұятқа қалдырмаңдар деп тұрғандай әсер етеді»,— деді. Ағаға деген сый көңілмен сүйсіне айтты.

Колхоздың қазіргі председателі Жанатов Көшкінбай колхоз кеңсесіне бастап әкеліп, кезінде Нұрағаң отырған үстел мен орындықты, сол кісі жасатқан, колхоз тарихына арналған альбомды көрсетті.

— Көшеке, қашаннан бері бұл колхоздасыз? — дегенімізде, ол кісі ойлана төмен қарап жымиды. Бір сырдың тетігін тап басып қалғандай көріндік.

— Мен, жалпы, туғаннан осы ауылдың баласымен,— деді Көшекең.— Шұбар — өз ауылым, Нұрағаң—өз ағам десем болады.— Толқып сөйлеген жігіт ағасының сөзі еріксіз бізді де толқытты. Оның үніндегі, өңіндегі інілік ризашылық айтылған сөздің мәнінен бетер әсер етті. Үнсіз емініп тыңдадың.— Мен Ауылшаруашылық институтының агрофагын бітірдім,— деді председатель.— 1960 жылы 6 ай өндірістік практикаға келдім. Нұрағаң қырманға бастың қойды, агроном ғып істетті. Бұл ауылдың кәрісін де, кішісін де Нұрағаң бес саусағындай білетін ғой. Кімнің әке-шешесі кім екенін, қандай адамдар болғанын, бұрын-соңды кімнің қандай жақсылық жасағандарын, қылықтары мен мінездерін — бәрін білетін еді. Соның бәрін білген соң, кіммен қалай сөйлесуі керек екенін де білетін. Кісі тануда қателеспейді. Адамдар Нұрағаңның сенімін ақтау үшін-ақ барын салатын. Кісімен сөйлескені, жолыға қалғандағы амандасқаны — бәрі өзіне жарасып тұратын еді. 1961 жылы оқуымды бітіріп Нұрағаңның алдына тағы келдім. Қызылшаға агроном етіп бекітті. Сол қызметте үш ай істедім. Содан кейін о кісіні қызметтен босатты ғой, өздеріңіз білесіздер. Мен 5 жыл 7 ай осы колхозда бригадир болдым. Одан кейін Сарқант ауданының «Қарабөгет» совхозында он бір жарым жыл директор болып істедім. 1978 жылы 1 декабрь күні осы колхозға председатель болып сайландым. Жиналыс жақсы өті. Жұрт құттықтап, қуанысып жатыр. Жиналыстан соң кеңсеге кірдім. Аудан басшылары: «Орныңа отыр. Құтты болсын!» — деп жатыр. Мен жалтақтап Нұрағаң отырған орындыққа қарай бердім. Отыра алмадым. Адамдарды сөзге айналдырып тұрып, үстелдің бүйіріне кеп басқа орындыққа отыра қойдым. Оған ешкім мән бермеді. Ертесі парткомның секретары бар, екі-үш жігіт Нұрағаңның бейіті басына барып гүл қойдық, еске алып қайттық. Оның ертесі жексенбі еді, жалғыз келдім де, басқа орындыққа отырып жұмысымды істедім. Тек дүйсенбі күні ғана, үш күн өткен соң барып, таңертең келіп осы орындыққа отырдым. Іштей Нұрағаңнан кешірім сұрадым, басқа қолымнан келмесе де, сіздің атыңыз бен ісіңізді сыйлап өтермін деп уәде еттім.

Аға сыйлаған басшы бізге бір түрлі жылы тартып кетті. Бәріміз оған іштей риза болдық. Нұрмолда Алдабергеновті дәл осылай сыйлайтындардың мол екенін күнделікті өмірде аз көріп келе жатқамыз жоқ.

Нұрмолда Алдабергенов 1965-67 жылдар аралығында, яғни өмірінің соңына дейін Карл Маркс атындағы колхоздың председателі болып істейді. Оның бейіті басына, Сарыөзектен бара жатқанда Мұқырыға кірер жолдың оң жағында, ескерткіш орнатылған. Нұрмолда Алдабергенов селосындағы колхоз кеңсесінің алдында Даңқ аллеясында мүсіні бар.

Нұрмолда Алдабергеновтің еңбек дәстүрін дамытушы ардагерлер мен жас ізбасарлар облыста көптеп саналады. Олардың ішінде колхоз өндірісінің әйгілі білгірі, Панфилов ауданындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы колхоздың председателі, Социалистік Еңбек Ері Николай Никитич Головацкийдің орны ерекше. Ол басқарған колхоз жүгері өндіру және құс өсіру жөнінен республика көлеміндегі озық тәжірибелі шаруашылық саналады. 1952-53 жылдарға дейін «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозы да, бүкіл Жаркент өңірі дәнді дақылдан бидайды баса егетін; бұл өлкеге жүгері дақылын жерсіндірген, жүгерілі Жаркент атануға алғаш адым жасаған адам басқарма Головацкий де, оның идеясын іс жүзінде орындаған звеношы марқұм Тұрсын Ушуров еді. Қазір бұл колхозда жүгеріден мол енім алушы еңбек саңлақтары он-ондап саналады, олардың ішінде Социалистік Еңбек Ерлері Мариям Ниязова мен Әлімжан Бақтаевтың тәжірибелері жас жүгерішілер үшін нағыз еңбек мектебі болып табылады.

Панфилов ауданындағы озат тәжірибелі шаруашылықтардың қатарында «Калинин» және «Киров» колхоздары алдымен аталады. Бұл екі колхоздың да басқарма председателі бір кезде Н. Н. Головацкиймен бірге істеген, содан еңбек тәжірибесін үйренген үздік шәкірттер. «Калинин» колхозының председателі Имар Марұпұлы Белалов — СССР Жоғарғы Советінің депутаты, колхоз өндірісінің республикадағы озат шеберлерінің бірі. Ал «Киров» колхозының председателі Ыбырайымжан Қожақметовтың іскерлігін көз алдымызға елестету үшін, басқарып отырған колхоз жайында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің IX пленумында (1983, март) сөйлеген сөзінде КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д. А. Қонаев жолдастың берген бағасын айтып етсек те жеткілікті. «Алматы облысында суармалы жерлердегі егіннің шығымдылығы азайып кетті,— деген болатын ол,— Ал оның бер жағында Талдықорған облысының Панфилов ауданындағы Киров атындағы колхоздың жалғыз өзі ғана өткен жылы жүгері дәнін көршілес Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы барлық шаруашылықтардың тапсырғанынан анағұрлым көп тапсырды». Колхоздың қуатын да, адамдардың еңбек нәтижесін де бұл баға айқын елестетсе керек.

Облыста ет, сүт өндіруде; жүгері, қызылша егуде өзіндік озық еңбек дәстүрі қалыптасқан. Жоғары еңбек үлгісін көрсеткен 132 адамға облыс бойынша Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілген.

Партиямыз бен үкіметіміз белгілеген Азық-түлік программасын жүзеге асыру жолында Талдықорған облысының әрбір ауданы, әр шаруашылығы өз жерінің ерекшелігіне қарай үлес қосуда. Еңбек өнімділігінің жоғарлауына, ұйымдастыру, басшылық жасау жұмыстарының қазіргі заман талабына сай жүргізілуіне байланысты облыстың қала, село және ауыл мәдениеті күн сайын көркейіп келеді. Облыс орталығы Талдықорған қаласында қазір 30-ға жуық өнеркәсіп орындары бар, соның ішінде басты өнеркәсіп салалары машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп пен тамақ өнімдерін шығару болып табылады. Бүкілодақтық маңызы бар аккумулятор заводы, темір-бетон бұйымдары, эксперименттік, қант, жеміс-консерв заводтары; тігін, аяқ киім, мебель фабрикалары, құрылыс материалдарын өндіретін комбинат жұмыс істейді. Бірнеше кәсіптік-техникалық және медицина училищелері; индустриялық. мал дәрігерлік техникумдары, I. Жансүгіров атындағы педагогикалық институт бар. Қалада мәдениет ошақтары да шоғырландырылған. Мәдениет сарайы, кинотеатрлар мен клубтар, кітапханалар, тарихи-өлкетану музейі, драма театры, филармония, тағы басқа да жұртшылықтың мәдени қажетін өтеу орындары жұмыс істейді. Халыққа қызмет көрсететін облыстық, аурухана, арнаулы балалар ауруханасы, 7 диспансер, 5 емхана, 60-қа жуық дәрігерлік, 30-дан астам фельдшерлік пункт, автовокзал, «Талдықорған» қонақүйі бар.

Қаланы көркейте түсу, Жетісудың көрікті табиғатына орай әдемілендіре беру жолында партия, совет орындары барынша баянды қызмет жасап келеді. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Көбес Ақылбеков, қаланың бас архитекторы Талғат Сейдәлімұлы Тәнекеев жолдастар қала болашағы жайында қашан да құлшына әңгімелейді.

«Жетісу, шіркін, жер жаннаты ғой!» — дегенді әркім айтады, өзіміз де жиі айтамыз,— дейді Көбес Ақылбеков қала құрылысының бас жоспарына ойлана қарап.— Жер жаннатына лайық облыс орталығын да әсемдей алсақ деп армандаймыз. Салынып жатқан үйлердің сапасы, сырт көрінісі негізінен жаман емес сияқты. Мәселе тек үйлер салуға ғана тіреліп те тұрған жоқ, бардың өзін базар қыла білу де қажет. Біз соңғы кезде қала ішіндегі аялдамаларды, алаңдарды, шыға беріс және кіре беріс қақпаларды, басты-басты көше бойларын, көшелер аралығындағы демалу орындарын табиғи сұлулыққа үйлестіре әдемілеуге үлкен мән беріп отырмыз.

— Көбес ағай да, біз — қала архитекторлары да — қала келешегін қатты ойлаймыз,— деді Талғат жоспар-макеттегі салынбақ үйлер мен алаңдарды көрсеткішпен нұсқап.— Жақын жылдарда қала бойынша 12 алаң жасамақпыз. Ол алаңдарға киоскілер орналастыру, аялдамаларды байланыстыру сияқты жұмыстарды жан-жақты ойластырудамыз. Ең үлкен алаң «Жетісу» аталмақ. Қысқасы, қаланың қамы күндіз-түні ойымыздан шыққан емес.

Оған сенесің де әрі қуанасың. Елдің, жердің қамын бәріміз де күндіз-түні ойлауға тиіспіз.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз