Өлең, жыр, ақындар

Арманымызды аялайық!..

Өмір бір ақ рет беріледі. Біздер, яғни адамзат баласы – сол өмірді «бастан өткерушілерміз». Адамзатты Жаратушы – бір Алла. «Іңгәләп»  жарық дүние есігін ашпай жатып тоғыз ай, тоғыз күн Ана құрсағындағы даму кезінен бастап біз армандаймыз. Нені? Мынау жалған тіршілікке тезірек енуді. Сол сияқты дүние табалдырығын аттап, есейгеннен кейін де сол өмірді қалай бақытты, лайықты әрі әдемі өткізсем болады дейміз. Жалпы арманға жеткен күнде де арманның шарықтау шыңы көрінбейді. Себебі армандауға ықпал көп-ақ. Міне, демек біз армандау үшін жаратылдық. Алла бізге армандау, қиялдау мүмкіндігін жасап берді. Бұл бір серпімділік әкелетін, күш-қуатыңды тасытатын, өзіңе деген, өзгенің саған деген сенімін арттыратын тамаша сезім. Бірақ тек армандау арқылы өз дегеніңе жететіндігіңе ешкім де кепілдік бере алмайды. Сондықтан арманыңды жүзеге асыру үшін келесі кезеңге өту шарт. Бұл кезең – мақсат. Әрбір жан неғұрлым биік, айқын мақсаттар қоя білсе, шығар тұғыры да соғұрлым биік, айқын болмақ. Осылай мақсатымызды нақтылағаннан кейін сол мақсатты негізге ала отырып жүйелі жоспар құрамыз. Ия, бұл барлығы жоспар бойынша жүреді деген сөз емес. Әрине, бәрі де бір Алланың қалауымен болмақ. Бірақ егер де сенің арман-ниетің, ынтаң сол жоспарыңмен, және келесі кезеңге жатқызылатын еңбегіңмен, нақты іс-әрекеттеріңмен ұштасып жатса неге дегеніңе қол жеткізбеске? Не ойласақ та, не қылсақ та, бастысы, шын жүрекпен болуы хақ. Жүректен шыққан – жүрекке жетеді. Табысқа жетелер ой-қиялымыз, арман-мақсатымыз, ерен еңбектеріміз көп болғай! Ардақтайық, аянбайық, арманымызды аялайық!..

Құдияр  Данияров


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз