Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Қос қарлығаш

Екеуінің де етене ең жақыны, ең құрметтісі Манас туралы ауылға таралған қауесетті ене мен келін бірінен бірі жасырды. "Манас үйленіп алыпты, баласы бар дейді", деген дақпырт ел аузында жүргелі қашан. Аз ғана ауылдың санаулы адамдардың үлкен-кішісі ағайынның басыңа іс түскенде, аяқ астынан ақылшы боп жаны аши қалатыны ежелден белгілі жәйт. Барып бөліп бермегендерімен, көз қырып салып басу айтуға келгенде, бірінен бірі артылып түседі. Ал енді ешкім өлмеген-өшпеген мынадай жағдайда ауыл адамдары ене мен келінге не дерін білмей, тек іштей ғана түйініп, тек көңіл үшін аяй қарайтын. Ақыры немен тынар екен дегендей, бүкіл ауыл сырын ішіне бүгіп, аңдысып андып, сұлқ қалған. Не керек, абысын-ажын, ағайын-туған сыбырласа жүретін бір ермек әлдеқашан табылған бұл ауылға. "Манас үйленіп алыпты, баласы бар дейді әуелі".

Әрбір адамның бір-бір күндесі бар. Түйеңнің жүгі ауған кезде құдайым солардың табасынан сақтасын. Көрсе де, көрмесе де көзіңе шұқып, даттап жүрсе масқара ғой. Ененің де, келіннің де қорқатыны осы. Бірақ амалдары не, жұрт назарынан қаншама аулақ жүргенімен, мерген күндестері сақтанған жақтарынан атып екеуін де жарақаттан үлгерген; алдымен Зияштың өзін, одан соң, міне, бүгін енесі Жамашты жайратты.

Әдетте асын әзірлеп, келіні Зияштың жолын тосып отыратын Жамаш әжейдің бүгін кішкентай немересі Мәлікті алып, пеш түбінде бүк түсіп жатқаны да соңдықтан.

Мәселенің анық-қанығына жете алмай ділгіріп жүрген Жамаш әжей мана әзірде зәушайтан таңдыр басында жүрген абысындарының қасына барған-ды. Сонау келіншек кезінен бірге өсіп, бір жүрген Жүзімай да сонда екен, Жамаш әжейдің "ата жауы" санайтыны осы кісі. Баяғыда "Жамаш ұл тапқан жоқ жып тапты" деп шалуыттаған да осы. Не сайтанының барып, Жамашты көргенде Жүзімай, әйтеуір, бір нәрседен ілә тауып, дереу жанжалға шақыратын. Табиғатында момын жаралған Жамаш әжейдің тілін шығарып, ашындырған да осы Жүзімай еді. Сол Жүзімай Жамай әжей тандыр басына жақындағаннан-ақ салған жерден әжейдің арқасындағы Мәлікке тиісіп:

— Ит не жесе соны құсады демекші, әкесіне айнымай тартуын қарашы, — деп бір қойған.

Жамаш әжей ішінен "тіліңе шоқ" деген де, үндемеген. Қайтсем ебін табам, қайтсем желкесіне мініп, жұрт алдында Жамаштың аузын аштырмай мерт етем деп жүрген Жүзімай осындай оңтайлы кезенді көптен-ақ күтіп баққан. Қызық.. Байы бөтен, бауырында қазаны бөтен Жүзімай Жамашқа осынша нағып өшікті екен?! Екеуінің де ерлері жанында, ел аман, жұрт тыныш сонау келіншек кезінде де Жамашты көрсе Жүзімайдың талағы тарс кететін еді. Енді, міне, екеуі де әже болды, жесір-жетім күн өткерді бастарынан, сонда да болса Жүзекең баяғы бір орақ тілділігін тыймайды әлі. Қызық!..

Жүзімайдың бір пәлеге бастағалы тұрғанын Жамаш әжей білмеді емес, білді. Білді де, "несіне итпен иг болам" деген оймен тандыр төңірегіндегі абысындарымен әңгімелесіп, жайымен отыра берді.

Жүзімай тандырдан шыққан нанның топырағын жонып отыр. Баққаны — Жамаштың аузы, қит етсе, бас салайын деген ойда. Жоқ Жамаш әжей тұрғысынан ешнәрсе шығар емес. Төзім біткен Жүзімай Жамаштың арқасына жабысып, қыңқылдап тұрған кішкене Мәлікке тағы тиісті:

— Ырбима, ей әрі! Тоғыз боп кетсең де... Баланы өстіп те өсіреді екен, арқадан түсірмей, — деп тағы қойды.

—Әкем-ау, Жүзімай-ау, сенің нең кетті? — деп, Жамаш әжей Мәлікті алдына алды. — Күнім менің! Мен мұның бір еркелігін көтермесем, несіне тірі жүрем, бұдан басқа менің кімім бар?

— Жатырыңды жарып шыққан өз ұлың жақсылық көрсетіп, енді осы қалып еді, — деп, Жүзімай бір шаншып алды.

— Осы сенің менде не ақың бар, Жүзімай? Енді қартайған шағымызда екеуміздің шыпылдасып жатқанымыз ұят болады, қой енді, шалуытай берме. Құдайға шүкір. Ұлымнан еш жамандық көргенім жоқ әлі, — деді Жамаш.

— Ондай ұлтуғаннан осылай қубас өткенімнің өзі артық.. Шешесін күң етіп, біреудің қолына қаратып, қашып кеткен немеңді де ұлым деп жүрсің бе?! — деп, етек-жеңін сілкіп Жүзімай орнынан тұрды.

— Тіліңді тартыңқырап сөйле, Жүзімай! Күңі несі? Қашып кеткені несі? — деп Жамаш аңырып қалды.

— Иә, зәндемі! Білмей-ақ қалғаның! Тоқанның қызы болмаса, өлетін бе едің? Келін мен балаңа неге кетпейсің?

— Мынаны бірдеме соққан болар, жұртым! Келінің не, ей?

— Балаңның ақылы өспей, асты өскенін енді біліп жүрсің бе? Бадаң қалада екінші қатын алыпты, тағы да бір немерең күтіп отыр, ал ендеше! Естиін дегенің осы ма еді, — дегенде, Жамаш әжейдің төбесінен жай түскендей болған. Мәлігін арқасына салған да, үйіне келіп пеш түбіне жата кеткен. Содан әлі жатыр.

Жамаш бір жайсыз күбір-сыбырды бұрыннан-ақ естіп жүрген, бірақ келіні Зияш ешқандай сыр бермеген соң, оншама елең қылмай "өсек шығар" деген де қойған. Жүзімайдың әлгі сөзінен кейін не істерін білмей, біржола бүгіліп қалды.

Зияш үйге кіріп-шығып шай әзірлеп жүр. Жамаш әжей оның бәрін де сезіп жатыр, бірақ бас көтермейді. Жүзімайдың манағы айтқанынан кейін өз келініне өзі қараудан ұялады. Бәріне кінәлі өзі сияқты. Зияш дастарқан жайып, шайға шақырып еді, тұрмады.

Кешкі астың үстінде де ене мен келін баяғыдай ақжарқын әңгімелесе алмады. Мәлік ұйықтап қалған. Екеуден-екеу шошайып отырды да қойды. Әр нәрсені бір әңгімелеп көріп еді, ешқандай қисыны келмей, сөз өрісін табар болмады. Болмашы тамақтанып, әжей төсегін салды да, кішкентайын бауырына алып, өз бөлмесіне барып, ерте жатып қалды.

Түн. Күздің қара қошқыл қою түні. Жауынның алғашқы тамшылары терезені бір-екі шертіп баяулап тұрды да, сәлден соң бар екпінімен сіркіреп ала жөнелді. Жел тұрды. Желмен желіккен нөсер терезені сабалап жатыр.

Зияш оқушылардың дәптерін тексеріп отыр. Оны тындырып, ертеңгі сабағының жоспарын жазды да, қағаздарын ықтияттап қойып, орнынан тұрды. Шамды сөндіріп, төсегіне енді.

Ол дөңбекшіп ұйықтай алмады. Адам күндізгі тіршіліктің елесін төсекке бірге ала кіретіні несі екен?! Оның көз алдынан бүгінгінің ғана емес, бұрынғы өз өмірінің әмбесі жылжып өтіп жатыр. Нені ойламасын, қаншама ұсақ-түйекке көңіл аудармасын, бәрібір, барлығы да сол Манастың төңірегіне келіп топтала береді. Манас қылығына сенгісі де келмейді. Сенбеуге де болмайды. Сенейін десе, бірге өткізген жылдарының ішінде, андап тұрса, Манас мінезінде бірде-бір көзге ұрған оғаштық жоқ екен. Біреулердей желігі, қыртың-сыртыңы, сұйық жүрісі жоқ. Тым құрыса бір рет те ренжіспепті екеуі. Сенбейін десе, бірінен соң бірі борап жататын хаттар неге сирексіп кетті? Сирексігені былай тұрсын, тіпті соңғы айлары атымен жоғалды емес пе. Жұрт қайдан біліп алған? Бірі емес, ауылдыңң бәрі неге соншама аянышпен мүсіркей қарайды?! Әне бір күні бірге туған ағасының айтқаны анау. "Бәрімізді жерге қаратып кеткен иттің отбасын неге бағасың?! Бер шешесі мен баласын өз қолына! Үйге кел", — деп еді ол. Ұят-ай, тіпті оқушылар да бірдеме сезетін сияқты. Анау әлгі Мұрат, Құрман сияқты бейбастақ балалардың өздері де класқа барғанымда демдерін ішіне алып, жым бола қалады. Қыздар... Айналайын қыздар! Бәрі қабағыма қарап, айналып-үйіріліп-ақ жүргендері. Жо, жоқ, бұл байырғы ізеттілікке, ұстаз бен оқушының арасындағы сыйластыққа ұқсамайды. Оқушылардың көңілінде басқа бір нәрсе — аяушылық мүсіркеушілік бар сияқты. Оқыушыларды қойшы, олар боса да жабыла қамқор екені ақиқат қой. Әншейінде бұйрығы мен сөгісі даяр тұратын Әміржан деректір де: "Зияш, хал қалай? Кішкентай тұмау-сырқаудан сау ма?", — деп сұрастырып-ақ жүргені.

"Шынымен дәрменсіз, шынымен мүгедек болғаным ба?!"

Ол орнынан тұрып, Манасқа ұзақ-ұзақ хат жазғысы келді, бірақ жүрегі сабыр-сабыр дегендей болды да, аунап түсіп, терезеге қарап жатты.

Жаңбыр әлі тыйылмаған. Дала түнек. Үй бұрышындағы тауық күркеде әтеш қанатын желпіп-желпіп жіберіп, азан шақырды.

Күн жексенбі. Бейуақ Кешегі жауған алғашқы көбік қар күні бойы сабынша көпіріп, жердің миы шығып кеткен де, түс ауа қатайып, тоңазып қалған. Далада су тоңдырар аяз. Үй іші жылы. Жамаш әжей ауызғы бөлмеде Мәлікпен сөйлесіп жүр. Зияш терезе алдында Манастың сурет салған ескі альбомдарын парақтап отыр. Қарындашпен нақышталған эскиз, этюдтерді көріп, оқта-текте күлімсіреп қояды да, кенет сәл шытынса, жаңағы жалт еткен қуаныш қос қабағының арасындағы жалғыз сызыққа сүңгіп ғайып болады.

Апыр-ау, мұншама мол дүниені қайда жүріп, қалай тындырды екен?! Өзінің өскен өлкесінің ойы мен қыры, қысы мен жазы, күзі мен көктемі, тіпті әрбір түп бұтасы мен бұрышы да ал-айқын, қаз-қалпында Манастың сиқырлы қарындашына ілігіпті. Бәрі көзге таныс, көңілге ыстық.

"Ымыртта". Күн әлгінде батқан. Батыстағы "Көмірші" тауының қамқоршыл көлеңкесі ғана көрінеді. Ат тағасының жарты сынығына ұқсаған жаңа туған ай аспанда ілініп тұр. Әлденеден шошыған үш-төрт шүрегей үйрек ауыл іргесіндегі жылғадан енді көтеріліп ұшып барады. Құрығын қарына іліп, күпісін әлі тастамаған жылқышы көлікке мініп, көз көрім жердегі алакөлеңкеге сүңгіп кетіпті. Шамасы, түнгі күзетке аттанған болу керек. Желсіз тымық ауада болар-болмас күреңітіп тұр. Көктемге ұқсайды. Ауыл төңірегіндегі орман да, көше бойындағы ағаштар да әзірге әлі сыйдаң, жапырақсыз, жаңа ғана бүршіктене бастаған. Иә, иә, көктемге ұқсайды...

Ал енді мынау не болды екен?! Бұл қай жер ?! Екі қапталы бірдей құзар-құзар жартастар. Терең сай. Әр-әр жердегі жыралардың теріскей жағына көлеңке түсіп тұр, жыныс өскен шырша көлеңкесі. Сай, келіп қараса, бөрік түсерлік құлама құз кереге тасқа тіреліпті. Тау өзені сол тастың иығына асылып, бар екпінімен төмен қарай ақтарылып жатыр — сарқырама. Тасқа соғылған тау өзенінің тұнық суы айналасына дым бүркіп тұрғандай. Не деген дәлдік, не деген шеберлік! Бояу, нақышсыз қарапайым қағазға қарапайым қарындашпен түсірілген әрбір сызықта бір-бір өмір, бір-бір құдірет. Иә, иә, баяғы сарквдэама. Ал мына терең сай "Шолақ" деп аталады.

Ана бір жылы, жазда, Зияш пен Манас "Шолақтың" басындағы жайлауға кеп демалған. Мына суретті Манас сонда салған.

Бірақ ол бұл ісіне қанағаттанбаған. "Эскиздің аты эскиз ғой, Зияш. Мына табиғаттың мұншама құдіретін тек қана қарындашпен жеткізуге болмайды. Бұған үлкен полотно керек. Сонау бетті көрдің бе? Міне, мына құдірет сондай полотноға ғана сыюы мүмкін. Бар бояудың түсін сонда ғана мейлінше пайдаланасың", — деп, сайдың оң жағындағы балауса жамылған жазық бетті нұсқап еді. Дүние-ай, сол сәттер қандай тәтті, қандай қуанышты еді!..

Екеуі сарқыраманың басына кеп ұзақ отыратын. Күн нұрына шағылысқан көз жасындай мөлдір суда жалт-жұлт шұғыла пайда болатын да, ілезде адастырып, басқа тұстан қайта елес беретін. Hұp мен судан жаралған әр түсті бо5гуларды бағып отырған Манас: "Әне, қара!", — дегенше жаңағы алтын сәулелер лып ғайып болып кеткенде, ол асылын жоғалтқандай мұңайып қалатын. Өзі түйініп, өзі сезінген дүниені Зияштың да аңғарғанын қалайтын еді ол.

Зияш ол кезде Мәлікке жерік. Таудың рауғашына жерік болды. Манас шалғыны белуарадан келген балауса бетке барып, солқылдақ рауғаштың бір құшағын әкеліп Зияштың алдына қояды. Жапырақты жамсатқан түйеге ұсап Зияштың күртілдетіп-ақ отырғаны. Ерні көгергенше жеп-жеп, сілекейі шұбырып, шалғынға ұйықтап кететін. Манас жұмысымен айналысатын...

Зияш ойында сағыныш. Айтса таусылмайтын, атса жығылмайтын сарыуайым. Шегі жоқ шеті жоқ қанағаты жоқ қомағай құмарлық. О, қандай қасиетті құмарлық! Манас — Зияш үшін өмір.

Терезе алдында Зияш ұзақ отырып қалыпты. Көз байланып барады. Ол оныншы шамды жақты да, Манас альбомын қайта парақтады.

Мына бір сурет "Махаббат" деп аталыпты. Әр түсті бояу қарындаштармен салынған. Шамасы, күз-ау. Бір қиырдан бір қиырға кеткен күрең сары дала. Айналаны көмкерген асқар таулардың ұшар басының әр-әр жерінде боп-боз қар бар. Аулақта орман қарауытады. Иесіз дала. Айналасында ағаш емес, бұта да жоқ сол иесіз алқапта егіз екі терек өсіп тұр, жапырақтары сарғыш, бірақ әлі түспеген.

Аптап. Желсіз, тынық күні салған болуы керек, жапырақтар қимылсыз, салбырап тұр. Әлдеқайда алыста, даланың шаңын завод мұржасынан әлеметтене будақтаған түтіндей тік көтеріп құйын келеді. Тау жотасынан түңіліктей қара бұлт көрінді. Сірә, көп кешікпей дауыл тұрып, әлгі тыныштықты бұзады. Сонда орманнан үркіп кеп жалаң өңірге орналасқан мына егіз теректің тағдыры қалай болатыны әлі белгісіз. Онсыз да әзер тұрған мына сарғыш жапырақтарын тонап алып, екеуін де жалаңаштап кетуі мүмкін-ау...

Елсізде өскен теректі Зияш махаббат символы деп түсінді, ал анау құйып, мынау күз, түңіліктей қара бұлттар оншама мән бермейді. Тек біраз ойланыстан кейін ғана: "Неге күз?! Жапырақтар неге сарғыш?!" — деп сәл тосырқап қалды. Суретте берілген Манастың қорқыныш фантазиясын ұғына алмады Зияш. Бұл суретті Манас оқуға кетер жылы салыпты. Суретке Зияш қайта үңілді. Сары бояу басым екен. "Әрбір бояу, Зияш, адам өмірінің сыры мен күйі. Қат-қабат сезімнің көрнекі құралы. Мысалы, мен өзім қызыл бояу — күрес, жасыл—жастық қара бояу—қайғы, сары бояу — сағыныш деп ұғынам. Және осылай қолданам да", — деп еді бірде Манас.

"Махаббат" деп аталған суреттің сиқырына енді-енді түсінген Зияштың ойында бір әлемет басталып кетті. Әлгіндегі түңіліктей қара бұлт тұтасып, аспанды айқара жауып, алыстағы құйын дауылға айналып, жапанда өскен қос теректі түтіп бара жатқандай болды. Әзер тұрған сарғыш жапырақтар тым-тырақай желге ұшып, егіз терек ілезде бұтақтары сидиып, сидаң қалғандай көрінді.

Альбомды әрі қарай парақтауға Зияштың шамасы келмеді. Жұдырықтай боп кеудесіне түйілген бірдеме өзегін бұрап келді де, алқымына тығылып, буып жіберді. Мәлікті қасына қойып кеткен Жамашты аңғармады. Орамалын алып, көзін сүртіп еді, кірпіктеріне кептеліп тұрған жас жұмсақ матаға жармаса кетті. Кішкентай саусақтарымен көйлегін тартқылап, қыңқылдап тұрған Мәлікті көтеріп алғанда, ол уілдеп, Зияштың бет-аузын сипап, қуанып жатыр.

— Бұл жұрт не деп жүр, балам? Осылай бітеу жара боп жүреміз бе?

Жамаш әжей сырттан сөйлей кірді. Зияш үндемеді.

— Дос, дұшпанға таба ғып... — деп, әжей өз мұңын шағып, көзін біраз сулап алды да: — Барып, анық-қанығына жетіп қайтсақ қайтеді, балам? Осылай жүреміз бе? Алда-жалда рас болса, амал не, жөнімізді табайық., — деп, қайта босап кетті.

* * *

Ауыл тау сілеміне орналасып, теңіз деңгейінен әлдеқайда биікте тұрғандығынан болар, осы өлкеге қыс ерте түсетін де, жаз кешігіп келетін. Октябрьдің орта шендерінде-ақ жаңбыр, арты қиыршық қарға айналып, күннің құлқы бұзылып, қыстан хабар беріп қоя тұғын.

Дабырлаған бақташы даусы Зияштың ертеңгі тәтті ұйқысын бұзып жіберді. Төсегінен жеңіл тұрып, жылы халатын жүре киініп, башмағын іле сала терезенің пердесін ашып еді, әйнекке аяз тұрып қалыпты. Аузын әйнекке тақап, ып-ыстық лебімен көздей жерді жібітті де, тысқа қараса, құлақшынын түсіре киіп, алқымынан байлап алған бақташы кәрия ат үстінде тұр екен. Ұзын сырғайға байланған ұзын сап қамшысын тақымына қысып алыпты. Үсті-басы, сақал-мұрты, астындағы аты да ақ қырау; екеуінің танауынан да бу ағып тұр. Көз көрім жердің бәрі аппақ. Сенсең ішекке оранған бақташы кәрия қысты бір түннің ішінде алып келген Аяз Атадай боп көрінді Зияшқа. Жамаш әжей сиырын қорадан жетектеп шықты да, бақташының алдына салып берді; ол "өк, чо!" деді де, ауладан шығып бара жатты.

Күн демалыс. Ертең мейрам, жетінші ноябрь. Ауызғы бөлмеде шаруасымен айналысып жүрген енесінің қимылын баққан келін осынша ұзақ ұйықтап қалғанына кейи отырып киініп жатыр.

Ене мен келін көңілдері тұнық, көкіректері сарай кездерінде үй шаруасында жүріп бір-бірінің артық қимылдағанын аңғартып та қоймайтын. Екеуінің арасында тым адал, тым жақын туыстық бар еді, риясыз туыстық еді ол. Әйел қауымының меншігіне тиген тіршіліктерін өзара бөліспей-ақ кез келгені атқарып жүре беретін. Тіпті біріне-бірі жаны ашып, жақсаттана әсіреленбейтін. Ол бір қандарына біткен табиғи татулықтың өнегесіндей болатын. Ал бұл күнде міне: "Апырай, мына аязда тоңады-ау, ене шелек алып суға кетті, ренжір ме екен... Санасыз ұйқыға неге сонша берілдім, ренжір ме екен..." — деп келіні отырса: "Аллам, ақырын жақсылыққа соқтыра гөр. Көнейін көрсеткеніңнің бәріне... Ұйықтасыншы, демалысы ғой, шаршаған ғой, күнім. Тірідей байынан айрылған бейбақ қой, көнейін. Я, алла, ала көз әлеметіңнен сақтай гөр, ренжітпейін бишараны, оның қабағы шытыла көрмесін", — деп енесі барады.

Бәрібір, ене мен келін бірінің қабағын бірі бағып, біріне бірі жәйіліп жастық, иіліп төсек болғанымен, олардың арасындағы байырғы табиғи туыстық, риясыз жақындық күннен-күнге алшақтап барады, алшақтап барады. Екеуі қазір ұзақ сапарға бірге аттанған екі жолаушыдай, жол айырығы кездескенде екеуі де жәй-жәйімен екі жаққа кететін тәрізді болады да турады.

Екеуінің де ет жүректері сезеді мұны. Сондықтан да бір-біріне сая болғысы келеді, тұңғиықтан төніп келе жатқан қауіпті бірінен бірі жасырады. От басын, ошақ қасын қалайда аман сақтағылары келеді.

Зияш жылылау киініп сыртқа шықса, дала аппақ екен. Дүниенің бәрі кіршіксіз тап-таза, боп-боз. Аспан бүгінгідей көк болмас. Күн құрық бойы көтеріліпті. Желсіз, шыңылтыр аяз. Шатырын қар жапқан аласа үйлердің мұржаларынан ширатыла шыққан түтін сәл жоғары көтеріле бере шалқып кетіп жатыр. Сиырлар ауыл іргесіндегі қырқамен өріске қарай жалқау маңын барады, оқта-текте ауылға қарап созылта мөңірейді. Иін ағашты екі иығына тең көтерген енесі келеді суаттан. Әлдеқайда біреу аязда шеге боп қалған мұз ағашты балтамен соққылап, әуре үстінде. Шабан күреңіне газет-жорналға толы ала қоржынын артқан пошташыны көріп, Зияш есік алдында сәл аялдап еді, ол қайырылмай келесі аулаға бұрылып кетті. Үміті тағы сөніп, көңілі тағы құлазып қалды Зияштың.

Есік алдында екі күнге жетер-жетпес отын қалыпты. Қыс болса мынау, жаңа басталды, қарып өлтіріп барады.

— Суықта неғып тұрсың, Зияшжан?

Жамаш әжей су әкелді. Бүркей басын ораған жаулығының екі жағына боп-боз шық тұрып қалыпты.

— Мына күн қырар, әже, мен-ақ әкелер едім ғой, — деп, Зияш енесінің иығындағы екі шелекті лып ұстап, үйге алып кірді. Енесі екі қолын темір пешке қарсылап жылыта бастады. Зияш жуынып-шәйініп ертеңгі шайды әзірледі де, екеуден-екеу ене мен келін дастарқанға отырды.

Ешбір әңгіменің ушығын жалғай алмай, екеуі де бірінен бірі жасырып, Мәлік жатқан төсекке қарап қояды. Мәлік оянды. Ол басын көтеріп кішкентай жұдырығымен көзін уқалай береді де, терезеге қарамақ болады, бірақ жылы үйде мұзы еріген ашық терезеден ақ қармен шағылысқан күн сәулесі оның ұялшақ жанарын қаратпай жасқандырып жібереді.

Мәліктің оянғанын бірінші аңғарған Зияш лып тұрып, орнынан алмақ болып еді, ол Зияшқа келе қоймай, қарсылық білдіріп, отырған әжесіне қарай талпына берді.

— Келмесең, қойдым, — деп Зияш қайта отырды. Жамаш әжей Мәлікті төсегінен көтеріп алды. Ол арсалаңдап, әжесіне шолжаңдай бастады.

— Балаға суық қарама, Зияшжан, — деп, әжей дастарқанға келді.

Әдетте мың қайтара айтылып жүрген енесінің бұл сөзі де Зияшқа дәл қазір мірдің оғындай қадалды. Осы сөздің арғы жағында "бала кінәлі емес, баладан мейіріміңді үзбе!" деген бір қатал ескерту бардай көрінді оған. Солай деп сезіңді де: "Әже, әже... мен сізге не айтам. Қалай деп түсіндірем сізге... Сіздегі аналық жүрек менде де бар. Әкесіз болар Мәлік, бірақ анасыз болмас", — деп іштей ғана түйініп, сап болды.

— Әже, ертең мейрам ғой. Отын қалмапты, тойдың ырду-дырдуы екі-үш күн басыла қоймас. Мен әлгі шопырға, Әшірге барайын. Тауда, пилорамдағы қарағайларды жеткізіп берер ме екен кешке. Бүгіннен қалса, болмайтын сұры бар, — деп, Зияш киініп шығып кетті.

Әшір шопыр мұздап қалған матормен әуре боп жүр. Біресе кабинаға кіріп, біресе сыртқа шығып, машинаның ор жерін бір шұқылай береді. Бірауық көмейінен көк жалын атқан оттық аспаппен жылытып бағады, машина от алмайды. Арқа-басы май-май. Онсыз да барбиған жұп-жуан саусақтарын суық қарып, одан бетер ісіндіріп жіберіпті; асықпай, аюша қорбаңдап, шабан қимылдайды. Құлақшынының алды артына теріс айналып кеткенін де байқамаған түрі бар. Кеңсірігіне май жұғып қалған. Ауа тұп-тұнық, аяз шақырайып, өртеп барады.

Әшір манадан бері қасында тұрған Зияшты андаса да, көрмегендей болып өз жұмысымен жүр. Зияшқа назар аударып, жәйін да сұраған жоқ. Зияш машинаның от алуын күтуде. Әшір кабинаға қайта кіріп, стартерді басып көріп еді, мотор біраз уілдеп, ызылдап барды да, пар-пар етіп от алып кетті. Әшір машинаны барынша гүжілдетті де, соңынан баяулатып, кабинадан шықты. Машина төңірегінде жатқан мүкәмәліктерін жинап, орын-орнына қайып үлгерді. Сәтті кезенді бағып тұрған Зияш оның қасына келді:

— Хал қалай, Әшір?

Әшір сол жылы шырай көрсетпеген қалпында "жақсы" дегеннен бөлек тіс жарып жауап қатпады.

Үйден үлкен адамның телогрейкасына оранған 5—6-лар шамасындағы қыз бала шығып, есік алдында:

— Папа, шәйіңді іш, мамам шақырады, — деді. Әшір оған қараған да жоқ тек бара бер дегендей қолын сілтеді де қойды.

— Әшір, тауда, пилорамада, даярлатқан біраз қарағай бар еді, бүгін жеткізіп бересің бе? Бүгіндік-ақ отынымыз қалды. Ертең мейрам ғой...

Әшір төмен қараған бойда күңкілдеп, жөнді жауап бермеді. Үйден пальтосын желбегей жамылған Әшірдің әйелі Нұрыш шықты. Зияш онымен сәлемдескен болып еді, ол назарын да аудармай, байына дүрсе қоя берді:

— Неменеге сонша мөлиіп, ұнжұрғаң түсіп кеткен?! Жүр үйге, шай суып қалды... Шаруам бар, елге ұқсап ерігіп жүрген адам жоқ.

— Қолым тимейді, бастықтар қыстауға жем апар деп жатыр, — деп, Әшір тайып тұрды. Зияш жасып қалды, кілт бұрылып, жәйімен кете барды.

* * *

Күн батар шақ. Ауыл кешкі тіршілігіне кіріскен. Зияш ең соңғы шөркені жаңқалап болып, енді үйге тасып жүр. Енесі қорада сиыр сауып жатыр. Шелекке күрп-күрп сорғалаған сүттің дыбысы естіледі. Мәлік плита түбінде ойнап отыр. Қайықтай қайқыбас шанаға жалдас бурыл жеккен үш-төрт жігіт көшені қақ жарып, гуілдесіп, әндетіп барады, тым көңілді. Екі-үш салт атты таудан қарағай сүйретіп келеді.

Кешкі тіршілік. Ауылдың мұржалары түтінін түтініне қосып жатыр. Клуб жақтан радио саңқылдап тұр. Өзенде балалардың шуылы естіледі. Әлдекім баласын шақырып қарғап-сілеп жатыр. Көршілердің бірі қорасының төбесіне шөп жинауда.

Зияш жаңқаланған отынның бір тал шөпшегін де қалдырмай, сыпырып-сиырып тегіс үйге кіргізіп алды.

Түн болды. Енесі мен баласын жатқызды да, Зияш өз бөлмесіне кіріп, қолына бір жорналды алған бойы плитаға арқасын беріп, көрпе үстіне отыра кетті. Оқуға зауқы шаппады. Өзін-өзі қаншама зорлағанмен, ойы мүлде басқа жаққа бура береді.

Ертең мейрам. Жұрт тегіс көшеге шығып, кеңсе алдындағы алаңға жиналады. Ойын-күлкі, сауық-сайран басталады. Кенже қарай ерлі-зайыптылар қос-қостан бір-біріне қонақ болады. Айтса да, ертең кешке қарай ауылдың атқа мінерлері мен белсенділерін, мұғалімдерін атақты қойшы қонаққа шақырып отыр. Зияшты да шақырған. Баласы Зияштың класында оқиды. Қуаныш иесі — сол.

Көңіл-қосы түзік кезінде Зияш шақырған жерден қалмайтын. Екі айтқызбай баратын да, біраз отырып, жұрт желпінісіп, жігіттер от ала бастағанда, лып беріп сусып, тайып отыратын-ды. Манастың суық хабары естілгесін, Зияш онысын мүлде тыйған. Әйтеуір, сылтау тауып, сауықтан бойын аулақ ұстайтынды шығарған.

Ий, ертең мейрам. Оты шалқып, ордасы шайқалмаған отбасылар барынша даярланып-ақ жатыр. Ал бұл үйге ондай қуанышты кім беріпті. Еркексіз отбасы — есігінен де, тесігінен де жел үрлеген, саңлау-саңлау, ескі, иесіз үй деген осы екен-ау.

Оның санасы сан алуан саққа жүгірді, тұрақтай алмады бір орнында. Біресе Манастың бұлыңғыр бейнесі жалт етсе, біресе манаты ертеңгі Әшірдің суық кешті елес береді. Ал анау Нұрышқа не жоқ?! Дәл бір байып тартып алатындай тұлданғаны несі?! Бәрінен де бүгінгі бауыры Әлімнің қылығын айтсаңшы.

Әшірден тауы шағылған Зияш мектеп дерктіріне барған-ды. Жәй-күйін айтып көріп еді, деректір: "Айналайын Зияш, мені қанап отырсың. Мейрам өтісімен өзім бастап мұғалімдерді ертіп, таудағы отынға барамыз. Әзір жоқ келгесін ал", — дегесін амалсыздан әкесінікіне келген. Әке мен шеше туған баласынан несін аясып, есік алдындағы жалғыз қарағайды арамен теңдей екіге бөліп, Зияш енді алып кеткелі жатқанда бауыры келіп: "Бір жақтағы опасыздың үй ішін мен бөдіретіме алғаным жоқ Өзімнің де бала-шағам бар. Тиме отынға! Мен сенің қолыңды байлап, басынды матап бергенім жоқ, өз обалың өзіңе. Шешесі мен баласын аттандыр да, кел үйге", — деп жолатпаған. Салы суға кетіп үйіне келген Зияш.

Осындай шытырман ойдың тұңғиығыңда қалған ол қос жанарынан қалай жас аққанын да білмей қалды. Жүрегі езіліп, ағыл-тегіл, үнсіз егіле берді, егіле берді. Нән кереге сағат "жыла, жыла" дейді дамылсыз. Орнынан тұрып, үстел қасына барып еді, әйнектеулі, әшекейлі жақтаудың арғы жағынан күлімсірей қалған Манастың суретін көрді. Бейкүнә, момақансып қалған жансыз бейне келекелеп тұрғандай көрінді оған. Зияштың қос жанарындағы көз жасы көк жапырақта мөлтілдеген жаңбыр тамшысындай шоршып кетті.

Ол жансыз бейнені қос қолдай ұстап, жұғына, лебін ішіне тартып сыбырлайды. Көз жасын тыя алмайды. "Не істеп едім саған, Манас? Не жазығым бар еді? Шын ба, Манас? Шыныңмен кеттің бе?..".

"Неге? Не үшін?" деген қиянат сұраққа ешкім де, тіпті Зияштың өзі де жауап бере алмады, миға шанышқан қазықтай қатерлі сұрақ тұрды да қойды.

Өзін зорсынып, өзгені қорсынатын немесе керісінше, өзін қорсытып, өзгені зорсынатын пиғыл Зияшта жоқтұғын. Бұл — өзінің де, өзгенің де дүниеһүй, пендешілік қылықтарына көп мән бере қоймайтын, тек адалдықтан, адамдықтан әрі аттамайтын момын, қарапайым қазақ қызы еді. Және де адалдық пен адамдықты істейін деп те ойламайтын, бұның бәрі Зияш бойынан өзінен-өзі, табиғи танылып тұратын. Ол ата мен ананың, бауырдың арқасында өмірдің қысылтаяңын кездестірмей өскен. Өмірден алғашқы алған "сыйы" осы. Жақсылық пен жамандық ізгілік пен жауыздық дегендер енді-еңді елес бере бастады оған. Кімнің қандай екенін енді-енді түйіне бастағанына таңданатын болды.

Бүгін алғаш рет ол өзін қорсынды. Енді іске аспайтын керексіз бұйымдай сезінді өзін. Манас оған енді қол жетпес асқардай, орындалмас армандай боп көрінді. "Неге? Не үшін?" оны айна алдына апарды. "Әлде... әйел емес, әурей шығармын..." Көзін сүртіп, айнаға қарайды. (Айнаға қарауды жек көретін).

Жоқ! Зияш әурей емес еді. Періштедей сұлу да емес еді. Бойы ортадан сәл жоғарылау, шашы қара қоңыр, қалың да қайратты, соңғы кезде ептеп түсе бастаған, онша ұзын емес. Жүзі ақсары, мұрны сәл қоңқақтау, маңдайы жазық. Бір кездегі толықтау ажары бұл. күнде сәл солғын тартқан. Там-тұм дөңестеу келген қабағының астында түпсіз, терең, тұңғиық көл жатқандай. Қара да емес, оншама қоңыр да емес, мөлдіреген қос жанарының екі шеті сәл-пәл қиықтау, отыққан қозының көзіндей тұп-тұнық. Я мұң, я терең бір сыр екені белгісіз, әйтеуір, қос жанар айнадан Зияшқа үреймен қарап қалыпты. Өз жүзін айнадан алғаш рет анықтап көргені осы Зияштың. Сусып самайына түскен шашын саусағымен ысырды да, айнадағы көзге Зияш қадалып тұр. Ұзақ үнсіз тұрды. Кенет, қос жанар кірпігін қағып-қағып жіберіп еді, моншақтай мөлдір тамшылар ытқып-ытқыды да, айнадағы көздер ғайып болды.

Зияш апыл-ғупыл шешініп, жарықты сөндірді де, тереңге сүңгіген аппақ сазандай төсегіне енді. Ол Манастың жастығын құшақтаған қалпында сілесі құрып ұйықтап кетті.

Әлдеқандай ауыр зат бар екпінімен гүрс етіп құлағанда, үй іші діріл қағып, терезе сыңғыр ете қалды. Шырт ұйқыда жатқан Зияш та, енесі де шошып ояңды. Тағы бір нәрсе құлап түсті. Зияш жарықты жағып ауызғы бөлмеге шығып еді, енесі: "Бұл қайсысың, ей?" — деп, далаға шығып барады екен.

Ай тұн белдеуінен ауып, жамбасқа барып қалыпты, түн жарық аппақ. Есік алдында машина тұр. Оның бір жақтауын ашып тастап, біреу отын түсіріп жатыр. Жамаш әжейдің дауысына. "Мен, шеше, амансыз ба? Әшірмін. Таудағы сіздердің отындарыңызды әкелдім", — деп дыбыс берді де, ісін жалғай берді.

Зияш далаға шықты. Әшір ең соңғы қарағайды домалатып түсірді.

— Рахмет, балам! Өркенің өссін, үйге кір, дәм тат, тоңған боларсың, жылын, шырағым, — деп әжей құрмет көрсетіп еді.

— Сізге де рахмет, шеше! Ұйқыдан өліп барам, таң атып кетер, үйге барып бір-ақ дем алайып, — деп, машинкасына отырып оталдыра бастады.

Зияш кабинаға таяу барды да:

— Рахмет, Әшір!.. — деп оған бір нәрсе ұсынды. Әшір 25 сомдық ақшаны алғашында байқамай қолына алып, көре саласымен дереу Зияштың өзіне қарай лақтырып жіберді.

— Менің ұятым әлі өзімде!.. Адамдықты ақшамен бағалауды үйренген екенсің, — деді де, машиннаны орнынан жылжытып, жайлап жүріп кетті. Зияш мелшиіп тұрып қалды, Әшірдің машинасының артындағы қызыл сәуле тілін шығарып, келеке етіп баратқандай боп көрінеді оған. Қызыл сәуле бір жанып, бір сөніп, қарсы көшедегі Әшірдің ауласына кіріп, сап болды. Ашық аспандағы жұлдыздар да бір сөніп, қайта тұтанып тұрғандай. Зияш әлі тұр. Қораның ығында жатқан Ақтөс сілкініп орнынан тұрды да, қыңсылап Зияштың жанында сәл тұрып, үй айналып кетті.

Зияш таң атқанша дөңбекшумен болды. Томырық мінез Әшірі құрғырдың бүгінгі қылығына ойы орала берді.

Әшір мен Зияш бір өскен, тіпті бір үйде тұрып, бір қазаннан ас ішкен, бірге оқыған. Әкесі қаза тапқаннан кейін, Әшірдің ауру шешесі де кешікпей дүние салып еді, Зияштың қарт әкесі байырғы досының жар дегенде жалғыз ұлып өз қолына алып, мәпелеп, ешкімге маңдайынан шерткізбей өсірген-ді. Әшірдің шаруақор қабілетіне қарт сүйсінетін де. Оның елгезек, тілалғыштығы ел ішінде аңыз болған да, жұрт оны Мақұлбек деп атап кеткен. Кім неге жұмсамасын, Әшір "мақұлдан" бөлек ешнәрсе айтпай, істегенін тыңғылықты орындайтын. Сабаққа да сорлы емес-ті. Бірақ оныншыны бітіргесін оқи алмай қалды. Алты айлық шопырлық курсты тамамдады да, өз ауылының шопыры болды.

Ол кезде әкенің не ойлағанын Зияш қайдан білсін, әйтеуір, Зияш отырған жерде көзінше де, көзінен тыс та мақтайтыны Әшір еді қарттың.

Зияш екі жылдық мұғалімдер курсын бітіріп, үйіне оралғанда, әке мен шешенің қуанышында шек болған жоқ Әшір әлі солардың қолында екен. Зіңгіттей азамат болыпты. Колхоздың маңдай алды шопыры. Қарт адамның қауқары белгілі ғой, Зияштың шешесінің азаматтың үсті-басына қадағалап қарауға шамасы келмей қалыпты. Оның үстіне шопырлықтың өзі де бір ластау жұмыс, Әшірдің халі мүшкілдеу екен. Үсті-басы май-май. Жағасы кір. Иіс-қоңысқа үйреніп қалған батырың тіпті өзіне-өзі қарауды да қойған сияқты, шашып да алдыртпапты. Әлімдікі бір басқа, ал шашты шалдардың біреуіне ұстарамен қырғызып тастауға болар еді ғой. (Әшір шашын қайырмайтын).

Міне, сол Әшір Зияш келгеннен бастап күрт өзгерді. Ептеп айылын жия бастады. Бір күні өзіне аудан орталығынан бастан-аяқ киім сатып әкелді. "Сенің оқу бітіргеніңе тартуым", — деп, Зияшқа да бірдемелер ұсынып жатыр. Кемпір-шал мәз-мейрам. Зияш та бойын бұлдамады, Әшірдің кір-қоңын жиренбей жуып, төсек орнын мұнтаздай етіп, ретке келтіріп жүрді.

Күндер жылжи берді. Бір күні түс мезгілінде, дастарқан үстінде, әкесі шешесіне қарап бір нәрсені ымдады да, қарт орнынан тұрып бара жатып кемпіріне тағы да бір иек көтеріп қалды. Кемпір дүрсе қоя берді:

— Отыр, қайда барасың?! Менің балам болса, сенің де балаң, отыр бері, — деп, әкесінің етегінен тартып қалды. Қарт абыржып, ебедейсіз қулана күлді де, далаға шығып кетті, Зияштың шешесі көптен байланып жүрген түйінді шешті.

— Зияшжан, құдай қойса бойжеттің, — деп бір созып, шәйді бір ұрттап қойды. — Жақсыны жатқа жіберме деген. Әкең екеуіміздің Әшірден айрылғымыз жоқ..

Қу қыз кесесін қоя бере сылқылдап, ал кеп күлсін. Күлгенін күлді-ау, бірақ дәл сол кезде Зияш кет әрі емес еді. Тек бауырындай бірге өскен Әшірден ұялып, екі беті ду ете қалды. Әшір үйде жоқтұғын. Әшір тұрғысынан бұрын-соңды бір-бір өмірлік мәселенің ұшығы байқалмаған.

Тоң мінез Әшір томсарып жүретін де қоятын. Анда-санда ұрланып ұзақ қарай беретін де, жәйімен кететін. Міне, сол күннен бастап Әшірге деген Зияш сезімі күрт өзгерген. Әшірдің алдында байқап басып, байқап сөйлеуді шығарған. Қысқасы, сол күннен бастап Әшірдің енді бауыры емес екендігін түсінген. Балалық кезіндегі Әшір мен Зияш жоғалып, олардың орнын ержеткен мен бойжеткен басқан.

Я, рас, бір шаңырақтың астында бірге тұрған Әшірден Зияш бір нәрсені күткен, жүрексіне күткен, делбетап күйде болған Зияш онда. Дәл со бір кездерде Әшір арманын айтып, барын алдына жайып салса, Зияш қайтер еді? Білмейді. Тіпті, қазір де білмейді...

Әшір мәселесі Зияшқа әлі де жұмбақ Мақұл, ата мен ана солай деп ұйғарған екен, онда тұрған не бар?! Қарттар не ойламайды, олардың өз есептері өздерінде. Әлде мені Әшір шынымен сүйді ме екен?! Сүйсе, неге тұйық қалды?.. Ақыл тоқтатып қалған азамат еді, неге өзіме бетпе-бет келмеді?..

Ой сахнасына Манас шықты. О, Манас!.. Жалт етіп сөнген қуанышым, жалп етіп төнген қайғым — Манас. Қалай болып еді?.. Туу, қалай тез болып еді бәрі де?.. Кездесулер, кездесулер... Үйлену тойы... Бала сүю, армандау, қиялдау... Оны оқуға аттандыру... Неге ғана оқуына келісім бердім... Жоқ.. Оным дұрыс, оның таланты бар ғой, талант өлмеуі керек қой... Ал ол маған не істеді? Нем ұнамады оған?! Әшір... Момыным, бауырым Әшір. Ол неге кетіп қалды біздікінен?! Масқара-ай, ол Нұрышқа емес, Нұрыш оған үйленді деп жүр ғой жұрт. Өзінің желаяқтығынан күйеуінен ажырасып, Әшірге баласын ертіп келіпті. Ғажап!.. Әшір екеуінің арасында махаббат бар ма екен?! Мені көрсе, Нұрыштың неге сайтаны қозады?! Әшір неге теріс айналады менен?

* * *

...Әр жүректің өз құпиясы бар. Әшір Зияшты бала шағынан сүйетін. Онысын тірі пендеге айтпаған. Оның қанына ана сүтімен бірге біткен әдептілік тұсаған оны. Ата-анасындай болған Зияштың әке-шешесінің адал дастарқанынан аттағысы келмеген. Тұнық адал махаббат сезімін жалған туыстықпен тұншықтырған да қойған.

Зілдей төзімділікпен сәтті бір уақытты күтіп жүргенде, ортаға Манас килігіп, оның сыбағасын төгіп кеткен-ді. Бітеу жараның аузы солай ашылмай қалған-ды.

Ол Зияш басына төнген қара күнді естігелі ұмыт болған уайымы жанын қайтадан жегідей жеп, іш құсасы ішінде. Мұны сезген, есік көрген, сұңғыла зайыбы Нұрыш қит етсе тарпа бас салып, момын жанды әбден иіне көндірмекші. Зияшқа деген аяушылығы өшпенділікке, өшпенділігі аяушылыққа ауысып жүрген сүлесопа бір жан.

Әшір мана ертеңгісін малшылардың туз, жемін машинасына сықайта тиеп алған да, алыс отарларға тартып отырған. Қиыла өтініп тұрған Зияш бейнесі оның көз алдынан кетпей қойды.

Ол ойлап отырса, осы өмірінде шын мәнінде шаттанып бір қуанбапты. Өткізген өмірі мынау қар жамылып, құлазып жатқан адыр-адыр жондардай иесіз, сұрықсыз, боп көрінді оған. Тағы да қандай суық өздері. Қыстың шыңылтыр аязындай жан-жүрегін қарып, қалтыратып барады. Барды-жоқты елемейтін, өз базары өзінде өткен балалықты қойшы, ол өтіпті ғой, әйтеуір. Ес кіріп, ер жеткен мына жігіттік шақты айтсаңшы. Ақылы мен қайраты бір басына жетерлік еді ғой. Әшір кімнен кем? Ешкімнен де кем емес. Апырау, кем болмаса, мына өмірдің істеп отырғаны не?! Мақұл, әкесіз-шешесіз өскен екен, еркелемепті ешкімге. Ал енді осының несі мін?! Жалғанның жарығында жетімдер аз ба... Адал адамдар аясына алып, алақанына салып-ақ өсірмеді ме... Әрине, сөйтті. Сөйтерін сөйтіп-ау, бірақ Әшір соған қуанды ма, шаттанды ма? Жоқ! Жоқ! Рахмет адамдарға, бақты, қақты. Ал қуаныш, бақыт берді ме олар? Жоқ! Жоқ! Жетімге деген аяушылық қана болды оларда. Әшір қуанған жоқ

Қош, жар сүйген екен, өзінше шаңырақ көтеріп, отбасын құраған екен, бұл қуаныш емес пе? Емес! Алғашқы үміт сөнгенде, ессіз, көзсіз ұрынған ол Нұрышқа. Зияшқа, оның ата-анасына деген ызадан туған, ағат аттаған қадамы еді оның. Әйтпесе, Нұрышта несі бар еді? Екеуі екі мемлекеттің адамы сияқты. Әшірдің зілбатпан момын мінезі мен Нұрыштың қызуқанды, долы мінезі тіпті де бір арнада тоғысуы мүмкін емес. Қырсыққанда, Нұрыш дүниеге бір сәби әкеліп алдандырмады да Әшірді. Нұрышқа еріп келген жат баланы қаншама жақын тартқанымен, әкелік сезімі оянбайды, иісі бөлек. Әшірдің ынжықтығын пайдаланған Нұрыш мөндіп тұр тіптен. Қалайда ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келеді.

Жоқ ойлап отырса, Әшір әлі бір қуанбапты. "Апырау, өті жарылып кетсе де, мен сендерден ұзап қайда барам, Зияш, бірге өстік, бірге өмір сүрейік деп неге ашып айтпадым?! Кім менің тілімді байлаған?! Жо, жоқ.. Зияштың көңілі болса, айтқызбай-ақ түсінер еді, сезер еді...".

Отардан-отарға қалдырып жүргендегі Әшір ойы осы болды бүгін. Әдетте, малшыларды әурелемей-ақ тұз-жемді өзі көтеріп, түсіріп беретін Әшір бүгін кабинадан да шыққан жоқ түнеріп отырған да қойған.

Отардан түнде оралған да, үйіне соқпастан, пилорамаға барып, Зияштың айтқанын қалай орындағанын өзі сезбей қалған. Жасырып махаббаты оның ырқына көнбей, еріксіз мойынсұнған.

Бүгін мейрам. Аяз әдеттегісінен біраз сынған. Күн ашық Алғашқы көбік қар көпси еріп, жердің миы шығып жатыр.

Барын киінген жұрт кеңсе алдындағы алаңға қарай аңдыздап барады. Әлдеқайдан пионер горнының даусы естілді де, артынша сәби дауыстар жамырасып әнге басты. Азғантай ауыл Октябрь тойып көңілді қарсы алуда. Алыстағы астанада өтіп жатқан парадты хабарлап радио тұр.

Мәлікті таза киіндіріп, әжесі екеуін қуанышқа жіберді Зияш. Алаңсыз сәби мәз-мейрам болып, әжесінің жотасында жарбайып барады.

Зияш не істеп, не қоярын білмеді. Радиоқабылдағыштың үнін шығарыңқырап бұрап қойды да, терезе алдында біраз отырды. Қазақ орыс дикторлары алма-кезек астанадағы парадты баяндап тур. Аракідік уралаған дауыстар естіледі, көңілді марштар, әндер...

"Дәл қазір Манас не күйде екен?.. Жаңа жарымен бірге парадта тур ма екен әлде?.. Бұршақтай әппақ тістерін көрсете күліп, нәрестесін биікке көтеріп, мүмкін, парадтан өтіп бара ма? Күлкісі... Күлкісін қалай ұмытам... Сондай да тұнық сондай да сиқырлы күлкі болады екен адамда. Күлкісі... Сол күлкі шынымен жат болғаны ма, мәнгіге жоғалғаны ма енді?!"

Зияштың іші өртеніп кетті. "Өлсем бе екен..." деген бір ой оның туда бойын жай оғындай осып бір өтті де, өз ойынан өзі шошып, қарғып тұрды. Жаман ойдан құтылғысы келді. Бәрін, бәрін де ұмытуға тырысты. Үстелде жатқан шілтерін алып, сүйріктей саусақтарын сыпылдатып, апыл-ғұпыл іле тарта бастады. Сәлден соң назары басқа жаққа сәл ауды да, ісін жалғай берді.

— Мәссаған!.. Отырысып қарай гөр. С праздником!— Сумкасын печенье, конфет, шарапқа толтырған Дариға есіктен жайрандай кірді, қарасұр беті сәл нұрланып, толықша денесі шиыршық атып тұр. Зияштың "кел батырын" күтпей-ақ шешініп жатыр. Қызметтес адамның келгеніне Зияш іштей ырза боп қалды. Дариға Зияштан үлкен-ді, бұрын-соңды онымен сырласып, мұң шертіспеген. Дариғаның қолында жалғыз апасынан бөлек ешкімі жоқ бойдақ келіншек. Бұл маңның адамы емес, сондықтан да оның өткенін білген де адам жоқ

Дариғаны күлкісіз ұшырату қиын еді. Қай жерде, кіммен бірге тұрмасын, қасындағысына бірдеңелерді айтып сылқылдайтын да жүретін. Және де күлкісі қандай десеңізші, нағыз бір кішкентай қоңыраудың тұнық сыңғырындай. Жоғарғы кластарға орыс әдебиетінен сабақ береді. Оқушылар оны "күлегеш тәтей" дейтін.

Зияш бұл адамнан бойын аулақ ұстайтын. Оның себебі де бар-ды. Осы колхоздың аға инженерімен аты шығып, түнеу кезде партком секретари инженер екеуін бетпе-бет қайып:

— Осындай әңгіме... Не айтасыңдар? — деп бір қойды да, — оқыған мәдениетті адамсыңдар. Сенің бала-шағаң бар, — деп, инженерге қарағанда, ол бишара бастауыш кластың оқушысындай бәтеңкесінің тұмсығына қарап, мойны үзіліп кете жаздапты. Ал Дариға сұм сыңғырлап күліпті де:

— Ағай, жанжалы құрсын, бұ жігітіңізге бес тиын залалымды тигізсем бұйырмасын. Міне, көзі отыр, дін аман, бала-шағасымен болсын, маған керегі шамалы, енді маңына да жоламайын, маңыма да жуытпайын, — деп, күле шығып кетіпті.

Бос мойып азаматты ауыл ағасы сөгіп-сөгіп қоя беріші. "Ел құлағы елу" деген, бұл әңгімені естіген ауыл адамдары күліскен де қойған. Уайым-қуаныштың бәрін күлкімен ғана қарсы алатын бұл бір ғажап жан еді. Оның қайраты да, қаруы да — күлкісі.

— Ұлыстың ұлы күні ғой, Зияш, уайымдап қайтеміз. Кел, тойды қарсы алайық — деп сыпылдап жүр.

Зияш алжапқышын шалып, ас әзірлеуге кірісті. Дариға радионы біраз айналдырды да, Зияшқа келді.

— Бүгін бүртүрлі қуанышты, Зияш. Сәл мойын бұршы. Күн әлі ерте, әзірлерсің асты, — деп, Зияшты үстел басына ертіп келді. Сәл-пәл қызыңқырап алыпты өзі. Ол сумкасынан шампан шығарып, бокал алдыртты да, түтінін бұрқ еткізіп, атып жіберді. Қос келіншек бокалдарын толтырды. Ащымен әуестігі жоқ. Зияштың қаны ойнап, бетіне шықты.

Үстел үстіндегі Манастың суретіне тесіле қарап Дариға:

— Сайтанның өзі де тым сүйкімді екен ғой. Білесің бе, Зияш, әйел жаны тек әдемілікке құмар. Әдемілікке дегенде біздерде қанағат жоқ қой, солай емес пе, мойындашы, — деп, Зияшты қу күлкісіне тоғытып, құшақтап алып, айналдырып жіберді. — Сөз жоқ турасып айтайын, Манасың осында болғанда, мен де қалпағын теріс кигізіп, шыр айналдырар едім.

Дариға байырғы құмарпаз ішкіштердей-ақ мүлде қызып алды. Әзіл де, күлкі де жайына қалып, бойын босатып жіберді де, дел-сал көңілсіздікке берілді.

— Сен бақыттысың, Зияш. Балаң, туған-туысың бар, әке-шешең бар. Әлі бәрін де ұмытасың... Алғаш қиын, біраз уақыт өткесін бәрі ескіреді, бәрі ұмытылады. Алғаш қиын...

Дариғаның самай шаштары қобырап, кенет екі алақанымен бетін басты да, солқылдап, еңіреп кетті.

— Мен бақытсызбын... Жалғыз... жалғызбын мен... — Зияш оны жұбатып, жасын сүртті.

Дариға қарсыласпады. Әлгіндегі қызулығы басылып, айна алдына барып, қобыраған шашын ретке келтірді. Айнадан өзінің алабұртқан жүзін, тұманданған көзін көріп, бір жымиды да, әлгіндегі қылығынан өзі ұялды. Ac әзірленіп, екеуі дастарқанға отырды.

— Сен түсінесің бе мені, Зияш? Мен еркекке сенуден қалдым. Енді маған күйеудің керегі шамалы, бірақ бала сүйгім келеді... Бақыттысың сен, Зияш, заңды күйеуіңнен заңды балаң бар. Ол бәрін де ұмыттырады әлі...

Зияш Дариғамен шешіле сырласуды жөн көрмеді, оқта-текте келте жауап қайырып:

— Соншама түңілудің керегі не, Дариға. Өмір әлі алда емес пе, — деп, басу айтумен болды.

Алдында отырған осы бір ақжарқын келіншек әлі оған жұмбақ еді. "Апырау, күндердің күнінде мен де осылай күсер ме екем өмірден, ашынар ма екем осылай?!" деген ойға орала берді де, біртүрлі үреймен қарады Дариғаға.

Дариға қайтадан көңілденді. Аяқ астынан сыңғыр етіп күлді:

— Осы еркектің керегі не бізге? Олардың не артықшылығы бар, түсінсем бұйырмасын. Бар азапты әйел арқалайды, ал қызығын олар көреді...

— Артықшылық көп қой, Дариға... Осы, сен ерге шығып па едің?

Оқыс сұрақтан Дариға біраз сергіп, есін жиды. Көңілді жүзіне мұңның көлеңкесі түсті.

— Я была глупенькая, очень глупенькая, — деп сырын ақтарды ол. — Институттың соңғы курсында жүргенде үйлендік біз. Ол дәрігер еді, жақсы адам болатұғын. Бірақ бір түрлі қолапайсыздау, суық еді. Әйелге тек әйел ретінде қарайтын, бірақ не істесем бәрін де кешіретін. Ұзақ тұра алмадық, Кінәлі мен. Жалғанның жарығында любовник деген болады, Зияш... Және олардың бәрі шетінен әдемі-ақ иттер... Шыныңды айтшы, Зияш, сенікі де бар ғой, болды ғой? Солай емес пе?

— Жоқ Дариға, жоқ! Болмайды да, болған да емес!

— Онда үш есе бақыттысың... Лучше не иметь. Да ну их... Міне, соның қайдан сап ете түскенін, қайдан құрығына ілінгенімді өзім де сезбей қалдым. Қолды байлап отырған бала жоқ әйдай кеп дәурен сүре берейік. Тек ішкен тамағын, істеген қызметін ғана біліп момыным жүре берді. Ол мещандық өмірге қалай дағдыланса, мен жасырып жүріске сондай үйреніп, құнығып алдым. Сонымен, не керек, ақыры сезді ол. Сезіп қана қоймады, просто застал на месте преступления... "Бара ғой, бақытты бол, көкетай", — деп теріс айналып, жүзін де көрсетпеді. Сол үйде, сол жерде тұрудың мағынасы болмады, чемоданымды арқалап, тайып тұрдым. Көңілдесім жәйімен кетті, қол ұшып да берген жоқ оңбаған. Сүйтіп бір-ақ күнде дүние өзгерді, менің көзім ашылды...

Әлгінде ғана әп-әдемі Дариға Зияшқа әруей боп көрінді. Ләм-мим жауап қатпады оған. Қалайда айласын тауып, одан құтылғысы келді. Дариға болса, бар уайым-қайғысын бір-ақ серпіп ысырды да, бір көзе шараппен қоса сіміріп жұтып қойды.

Мәлігін арқалап Жамаш әжей кірді. Ауыл адамдарының аузында жүрген бойдақ келіншектің келінімен мәслихаттас болып отырғанын әжей оншама ұната қоймаған кейіп білдіріп тұр. Жасаулы дастарқан, ішілген шарапты көріп, тіпті жиіркеніп қалды.

Нарттай нұрланып алған Дариға:

— Мерекеңізбен, әже! Мерекеңмен, Мәлік! — деп құттықтап, сәбиге шоколад ұстатып жатыр.

— Әже, сіз де жас болдыңыз ба? — деді Дариға шай үстінде сиқырлана күліп.

— Жоға, қарағым.

— Жастық шағыңызда сұлу ма едіңіз?

— Жоқ қарағым...

Әжей көңілді келіншекті ұнатпай отыр. Онысын Зияш түйді. Дастарқан басы бірден жұтаң тартып, қиюы қашып сала берді. Мұны Дариға да сезді, әйткенмен қартты сөзге тартпақ көңілсіздікті сейілтпек болған Дариға:

— Тамаша қалай өтті, әже, жұрт коп болды ма? — деп көріп еді, оған да әжей салқын, доғал жауап берді:

— Сонысын аңдамаппын, қарағым... Мен болдым, — деп кесесін қойды да, Мәлігімен айналысып кетті.

— Кешкісін шақырған үйге барасың ба, Зияш?

Зияш Дариғадан қалайда құтылғысы келіп, ойланбастан: "Барам", — дей салды.

Дастарқан жиналып, Дариға қайтты, әудем жер Зияш шығарып салды. Ол үйге оралғанда әжей: "Осы адамың маған ұнамайды, Зияшжан..." — деп бір күрсінді.

Ел орынға отырған шақ. Мәлік ұйықтап жатыр. Ене мен келін кешкі асын ішіп отыр. Ауладан тықыр естілді. Үй іргесінде жатқан Ақтөс тұмсығын баурынан алмастан бір-екі үріп жәйтімен қалды. Есікті шалқайта ашқан Әпгір енді тұтқаны таба алмай әуреленіп тұр. Аяз үй ішіне лап қойды. Зияш орнынан жеңіл тұрып есікті жапты да, Әшірді дастарқанға шақырып тұр. Кемпір де: "Кел, қарағым", — деп жік-жапар болып жатыр.

Әшір мас. Аяғын әзер басады, тап-таза киініп алыпты, калошін азар шешті де, төрге барып қонжиып отыра кетті. Қалайы қасықтың басынан ұстап, сабын табаққа салмақ болып еді, әжей: "Өй, балам, сабынан ұста", — деп, түзетіп берді. Әшір астан алды да, үн-түнсіз мелшиіп отырып қалды. Ене мен келін біріне бірі қарап таңданды да, қойды. Әшір сол ешкімге қарамаған бойда, сәл күлімсіреп: "Зияш, ақымды бер, — деді. Әжей Зияшқа бір, Әшірге бір көз тастауда. — Танданатын дәнеңесі жоқ ақымды бер, Зияш", — деп және сұрады Әшір.

Зияш сасқалақтап қалды:

— Ақысы несі?! Түнде өзің берген ақшаны лақтырып кетіп ең ғой.

— Ақшаның керегі шамалы, ақымды бер дегенсін, ақынды бер.

Таң-тамаша әжей шыдамай сөзге араласты.

— Қарағым-ай, қалағаныңды айт, рахмет саған! Бүгін тұтатарға түк қалмап еді, рахмет! — деді.

Әшір мөлиіп біраз отырды да:

— Ақымды бер, Зияш. Арақ бер маған, — деді.

Әжей көңілденіп кетті:

— Бер, қарағым, бер. Қалып па еді ол құрғырларың? Зияш Әшірдің аңысын аңдап бағып еді, оның көнетін сұры жоқ ақыры үгіттей бастады: — Сен удай массың ғой, Әшір. Осы қалпың да жетпей ме?

— Бер дегесін, бер ақымды. Дастарқанды қимасаң, далаға барып ішемін.

— Тәйт, балам! Даласы несі үй тұрғанда. Бер, Зияш, бер, — деп Жамаш әжей де болмады.

Ақыры Зияш аузы ашылмаған бір шөлмекті Әшірдің алдына әкеп қойды. Әшір бөтелкенің аузын ашып, кесесіне құйып алды, Зияш кесе ұсынып еді, қолының сыртымен ысырып қойды. Бір кесеге қалған арақты құйып, Зияшқа берді.

— Іш дегесін, ішесің.

Зияш қарсылық білдіріп еді, көнетін түрі жоқ амалсыз алды.

— Мақұл, ішейін. Ал енді баста өзің, еркексің ғой. Әшір қисық-қисық бір ыржиып, кесені көтере бергенде, Зияш арақ құйылған кесені жасыра қойып, бос кесені ол да "ішіп" салып, "тыжырына" ас алып жатыр. Әшір бір сәт алақанымен аузы-мұрнын басып отырып қалды, кесенің ішінде тамшы да қалдырмапты.

Сәлден соң Әшір бұрынғыдан да бетер масайып алды. Бас-аяғы жоқ бірдеңелерді шата береді, түсініксіз. Бірауық ән салмақ болып көріп еді, таланты құрғыр жетпей, екі-үш рет өкірді де тынды. Кенет ол орнынан тәлтіректеп тұрды да, Зияштың бөлмесіне кіріп кетті.

— Әже, барыңызшы, бір нәрсені бүлдірер. Мұны қайттік енді?! Әйеліне барып, шақырып келсем бе екен?! — деп Зияш абыржып тұр.

Әжей Әшірмен бірге кіріп кетті. Зияш апыл-ғұпыл дастарқанын жинады.

— Өй, балам, қой. Ол сурет, қайтесің оны, — деген әжейдің даусын естіп Зияш бөлмесіне кірді.

Әшір Манастың суретін сол қолына ұстап, оң қолының сұқ саусағымен шұқып көрсетіп тұр.

— Мынау, ә... мынау сіздің балаңыз... иә, сіздікі... балаңыз... иә... сіздің өлген бала ма әлде тірі балаңыз ба?..

— Өлгені несі, көкем-ау?! Тірі... Тірі, шырағым, тірі...

— Бұл. — күшік!... Тірі балаңыз, ә... тірі... Онда өлтіру керек мұны, өлтіру керек! Өлтіру керек!.. Өлтіру керек!.. — деп, Әшір суретті тапап жатыр, тепкілеп жатыр. Ене мен келінде үрей жоқ. Нақ бір тірі адамнан кек алғандай Әшір суретті табанымен жаныштап жатыр. Зияш шыдай алмай оның аяғын құша жығылды да, әйнек рамасы быт-шыт болып ұмар-жұмар иленген Манас суретін қалына алды да:

— Шық үйден! — деп, Әшірді итермелеп еді, орнынан қозғай алмады. Ол жым болды. Бұлыңғыр, нұрсыз көзінде ешқандай ұшқын қалмапты, су тиген әйнек сынығындай сәулесіз жылтырайды құр. Есеңгіреп біраз тұрды да:

— Кешір, Зия... Мен сені... мен... — деп қалай болса солай отыра кетіп, — Мен сені сүйген, сүйем... сүйем. Табам сені қайтсем де... Неге қорлайсың? Неге қорладың? — деп, екі иығы солқылдап, ықылық атып кетті. Әжей аң-таң. Зияш теріс бұрыла берді, бар айтқаны:

— Mac қой, сіз тұра тұрыңыз, мен әйелін ертіп келейін, алып кетсін.

Жамаш әжей оны сүйеп, орындыққа отырғызды. Ол басын столға қойып, түсініксіз бірдеңелерді міңгірлеп жатыр.

Алғашында әжей: "Алда, пұшайман бишара-ай! Момын сорлының өзінше дерті бар екен ғой. Жақсы көреді екен ғой Зияшты..." — деп жаны ашығанымен, жаңа ғана Манастың суретін таптағанын есіне алып: "О несі-ей пақырдың?! Әкесін Манас өлтіргендей жынданғаны несі екен?! Басынғаны-ау, сірә", — деп кейіп алды. Зияштай жанның жүрегін жаулап алған ұлын бір сәт пір тұтып, іштей мақтаныш етер де жәйі бар. "Әй, Манас! Қу жалғыз!.. Аллам ақырып бер, оң жолыңа бұра көр..." — деп күбірлеп қояды.

Нұрыштың сұрына адам қарап болар емес. Бар қуатын бойына алып, бар долылығын бетіне жинап, бар нәжіс-пәлекетінің бәрін ақтаруға дайын тұр. Көкпеңбеқ пальтосының түймесін салуға да үлгермепті. Есіктен кіре байын бас салды, Зияш ауызғы бөлмеде қалып қойды.

Нұрыш Әшірді желкеден бір-екі түйіп жіберді де, жұлқылай бастады, ол басын сәл көтеріп, мөлиген өлі көзімен қарады.

— Иә... Немене, қызыққа белшеңнен баттың ба? Тастап кеткен қалыңдығың есіңе түскен, ә?! Тұр! Қарама маған, қарама! Қарайтын бет жоқ сенде!.. Жүр үйге... Жетеді енді...

Әшір орындықты құлата орнынан көтерілді.

— Зияш... а-а-а... мен... Нұрыш... — деп теңселіп тұр. Әзер тұрған Нұрыш ал кеп ағытты-ай дейсің: — Мүләйімсіген сайқал неме!.. Байыңның безіп кеткені де осы қылығыңнан ғой... Ұйыққан қаншық құсап кеше бұраңдап тұрғаныңнан қорқып едім...

— Ей, келін, тілің қандай ащы еді, қарағым, жас басыңмен. Алда көрер күнің бар ғой, неге сонша тілдейсің жазықсыз адамды, — деді Жамаш әжей.

— Жә! Сіз қойыңызшы әрі! Ақ самайыңызбен арада жеңгетай боп... Ақылыңыз болса, кетпейсіз бе балаңызға... Тоқаштың сайқал қызының қызылына жығылмай...

Әжей жағасын ұстап, Нұрыштан күсіп кетті:

— Астағыпыралла! Не деген беті ашылған адам еді!..

Зияш ауызғы бөлмеден жалбарына кірді:

— Айналайын Нұрыш, адалдығым үшін ант етейін... Аясаңшы? Ұяңды бұзсам, ұям бұзылсын!.. Нан ұрсын, бауырым, нанасың ба?..

— Кет әрмен! Сенің ұяң бұзылғалы қашан, ал мен бұздырмаймын, дәметпей-ақ қой! — деп, Зияштың кеудесінен итеріп жіберді.

Ессіз Әшір құлағалы тұрған шыршадай біраз теңселіп тұрып, кілт Нұрыштың жағасынан шап беріп, бетпе-бет қаратып алды да:

— Тфу, бетсіз! — деп түкіріп жіберді. Әр нәрсеге бір соғылып, апыр-тапыр шығып кетті. Артынан Нұрыш та зытты.

Ене мен келін бірінен бірі ұялады, біріне бірі тіктеп қарай алмай, сүле-сопа, екеуі екі бұрышта тұр.

Бұл — осы бір тату шаңырақ астындағы болған тұңғыш ойран, тұңғыш жанжал. Мұндай сұрықсыз көріністің болғанына екеуі де кінәлі емес екендіктерін іштей ұғысуда. Іштей бірін бірі аяйды; аяйды да әрі қарай не боларын, қандай тоқтамға келерлерін білмей екеуі де дал-дал.

Бұл жердегі айыпкер — Манас, бірақ ол жоқ қой, жазықсыз қорланған екі бірдей ар кімнен өш алады? Кімге барып мұң шағып, арын арашалайды?

* * *

Күн маздатып барады. Үп еткен самал жоқ Көшені бойлаған арықтың жағасы жап-жасыл. Тау етегіндегі адыр-қырқалар көкпеңбек. Дүние тегіс түлеп біткен кез. Аспан мен Жер, Күн, бар табиғаттың баршасы өзара келісімге келіп, біріне бірі бар рахатын жомарттықпен төгіп тұрған балауса, сәби шақ — көктем.

Жамаш әжей өрмек тоқып отыр. Қызылды-жасылды керіліп тасталған жіптер құлды кемпірқосақ жауыннан кейінгі шұғыла. Сөзі жоқ бірдеңені ыңылдап, астына бөстегін төсеп, арқауына мініп отыр әжей. Жап-жалтыр ағаш қылышы жалт-жұлт етеді. Мәлік томпаңдап Ақтөспен әуре. Дарбазаға қонған айдарлы, ұзын тұмсық сасық көкек "көкек, аж-ж-ж-ж" деп изендеп біраз отырды да, қолапайсыз ұшып кетті. Қараторғай мың құбылтып сайрап отыр, аракідік сілкініп, қауырсынын тарайды.

Ақтөс үріп, көшеге тура ұмтылып еді, Мәлік құлап қалды. Ала қоржынын артып пошташы келді, орта жастардағы мүгедек адам.

— Есен-саумысыз? Ісіңіз өнсін, — деді де, қоржынына қолын сап, бір топ хат алды. Ат тізгінін аузымен тістеп, жалғыз қолымен ердің қасына қойған хаттарды араластырды да: —

Балаңыздан хат келді, мәңіз, — деп әжейге конвертті ұстатты; келесі ауылға кетті.

Әжей төртбұрышты көгілдір қағазды қанша аударып қарағанымен, түгіне түсіне алмады. Танығаны тек аузына хат тістеп ұшып бара жатқан көгершін болды. Мәлік етегіне жармасты.

— Хат, құлыным... Папа... хат, — деп конвертті көрсетті оған. — Әй, түлей-ай, екеуміз де түлейміз, ә? Біз не білеміз, — деп, конвертті екі бүктеп қалтасына салды. Алақанымен мандайын көлегейлеп күнге бір қарады да:

— Ойбүй, қой, балам. Шәй қояйық мамаң келетін уақыт бопты, — деп, үйден сап-сары жез самауырды алып шықты.

Зияшқа әже хатты бірден ұсына қоймады. Ол әбден жайғасып, шешініп, шәй әзір боп дастарқанға отырғанда ғана:

— Зияшжан, қуантайын ба сені? — деді абайлап.

— Қуантыңыз, әже. Сүйінші берем, — деп ол да сабырмен үн қатты.

Әжей хатты берді. Таныс жазуды көргенде, Зияш бір сәт конвертті ашуға батпай, бір бозарып, бір қызарып, жүрегі қалыптағыдан бетер ойнақтап сала берді. Конверт сыртындағы әрбір сөз экрандағыдай бір өшіп, бір жанып тұрған тәрізденді оған. Жыртпай, ұқыптап ашып, хатты алды. Бір-ақ парақ екен, бір бетінің біраз жері ғана жазылыпты.

Әжей "дауыстап оқыр ма екен" дегендей, демін ішіне алып күтіп отыр. Бірақ Зияш дауыстамады, көзін жүгіртіп өтті. Оның хат ұстаған қолы сәл дірілдеді де, хат үстелге түсіп кетті. Зияшта үн жоқ белгілі бір нүктеден көзін алмай, мелшиіп отырып қалды. Бір сұмдықтың болғанын Жамай әжей де сезді, бірақ сұрауға батпай, кимешегінің алқымын умаждай берді.

Біраз үнсіздіктен кейін Зияш хатты қайта алды:

— Тыңдаңыз, — деді. Зияштың мұншама суық мұншама маңыздана қалған үнін, немқұрайды салқындығын бұрып естімеген әжей дір ете қалды. Хатта: "Тағдыр осылай болды, Зияш. Бар айып менде, бақытты бол.. Менің арым былғанды, алдыңа баруға бетім шыдамады. Енді ғана түсіндім, екеуміздің жолымыз екі дай екен... Үйленбеске болмады, бала бар. Қалай айыптап, қандай жаза қолдансаң, өз қолыңда. Тек киген киімін бер де, апамды жібер, жолына ақша салдым. Хош, бақытты бол, Зияш. Мен үшін Мәлікті сүй... Манас", — депті.

Екеуі де үнсіз. Үй іші тым-тырыс. Тек бір бармақтай қара шыбын сыртқа шыға алмай терезенің әйнегінде сырғанап, шыр айналып ұшып жүр. Күн бұлтқа кірді ме, бөлмеге көлеңке түсті. Мана бу атып тұрған жез самауыр суып қалды, сап-сары сары уайым сияқты мізбақпай, нұрсыз бедірейеді.

Қыңқылдап келген Мәлікті алып, әжей баурына тықты да:

— Кетпеймін, құлыным! Кетпеймін сенен. Мәңгілік сенің күңің боп өтсем де тастамаймын, ботам!.. Аузымды ашып сүйіп, көзімді ашып көрген көгершінім, айрылмаймын сенен... — деп еңіреп отыр.

Ал Зияш мүлде бөлек кейіпте. Әлгі бір әзірдегі жан толқынының қайда кеткені белгісіз. Ойсыз мүлде. Ауыр дертінен айығып, ауыр науқастан тұрғандай түсініксіз бір халде. Тіпгі бұрын өмір сүрген-сүрмегені белгісіз, айналасының бәрі бөтен, бәрі жат, өзге бір дүние. Бұл өмірдің қызық-қызғылығының бәрін басынан өткеріп, шаутартқан, ток]мейіл көксе адамдай, төңірегіндегі қимыл-харекетінің бәріне салғырт, салқын қарайды. Ағыл-тегіл ақтарылған мынау ақ самайлы Ана, бұта қоралаған торғайдай әжесінің бауырына тығылған анау сәби — бірі де тартпайды оны, тебірентпейді, ал жалғанның жарығында Манас деген біреу болды ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз. Бәрі алыс, бәрі сүреңсіз бірдемелер...

Үйдің есігі ашық. Аспаннан бір-екі тамшы торс ете қалып еді, есік алдындағы топырақтан бұрқ етіп болар-болмас шаң көтерілді. Табиғат кәріне мінді. Қап-қара бұлт тұмшалаған аспанның бетін найзағай қып-қызыл қарындашпен сызып-сызып қалғанда, құлақты жарған әлдене сарт етіп, бар кеңістік дүр сілкінеді. Нөсер ырғатып түзей алмай жүйткіп біраз тұрды, сәлден соң қалпына келіп, сазын тауып, сабасына түсті де, қуаң даланы жүндей түтті.

Жамаш әжей шапанын бүркеніп, сырттағы өрмегін алып кірді.

— Күн батыстан күркіреді, Зияш, алла бұйырса, астық болады биыл, — деді. Ежелгі ырымы бойынша Мәліктің басып жалаңаштап, алғашқы жаңбырға тосты әжесі.

* * *

— Қу жалғыз, құрттың мені. Салып жүрген сайраның не?! Не сұмдыққа бастап жүрсің?! — деп, әжей біраз булығып, отырып қалды. Әжейге хатшылық қызмет атқарған жетінші класс оқушысы Нартай бала аңырып, оның аузына қарады. — Жаза бер, балам, мен не айтсам, соның бәрін жаз. Бірін де қалдырма. Тек келістік қой, тірі адамға айтпағайсың, қарғам!

— Айтпаймын, әже, айтпаймын.

— Көсегең көгерсін, қарғам! Ал енді жаза бер, Зияшжан келіп қалар. Бір сен деп ақ жүзімді қуартып, ақ сүтімді суалтып жүріп осы халетке жетіп едім. Аллам енді мұны да көпсінді ме мен бейбаққа... Арқа етімді арша, борбай етімді борша ете жүріп бақтым сені, хан баласынан кем қылып өсірген жоқпын. Кешегі әкең марқұм: "Қубас, өзіңді де, мені де қубас қып өткізетін болдың жалғанда... Сенен де лақтаған ешкім артық деп жүргенде көріп едім сені. Сондағы істеген жақсылығың осы болса, басыңа шайнап бүрк. Мен бармаймын саған. Сүйегім осы қара шаңырақтан шығады. Мәлігім мен Зияштан тірідей ажыраспаймын, қу жалғыз!.."

Әжей тағы да тоқырап қалды. Кимешегінің алқымымен көзін сүртіп, жылай отырып, түсініксіз бірдеңелерді айтып кетті. Нартай танауын тартып, күтіп отыр.

— Жаза бер, балам, жаза бер. Манасжан!.. Қозым менің, ақылың бар еді ғой... Қалай ғана қиясың Мәлігіңді, Зияштың несі ұнамады саған? Өзің сүйіп қосылған қосағың емес пе еді? Не жаманшылығын көрдің бұл сорлының? Тілімді ал, құлыным, ұяңды бұзба, орал оз ұяңа, ая ақ сүтімді, ботам!..

Әрі қарай жалғауға әжейдің шамасы келмей, кемсендеп, босап кетті.

— Жыламаңызшы, әжетай, — деп Нартай уатқан болды. Лып беріп кіріп келген Зияшты енді аңғарды олар. Екеуі де абыр-сабыр сасқалақтап қалды.

Зияш столдағы парақты алып, оқып шықты да, қызыл қарындашпен қатесін түзеп, жазудың астына "2" деп бадырайтып қойды.

— Жазғаның жарты парақ мұншама қате. Бар, сабағыңды оқы, екінші мұндай іске араласпа, — деді сүмірейіп тұрған Нартайға. Ол шығып кетті.

— Ендігіміз бос әуре, әже... Ақ пейілің мен таза жүрегіңнен айналдым, әжетайым... Манас жоқ.. Маған енді Манас жоқ — деп Зияш әжесін құшақтады.

Көптен бері қамығып жүрген қос көңілдің селі бір арнаға құйып, бір ырғақпен үнсіз, дәрменсіз, тоғысып бара жатты. Біразға дейін баянсыз саруайымға ерік берді де, тоқтар болмағасын, амалсыздан бірін бірі жұбатты. Екеуі екі жерде отырды да, шақ-шәлекей шытырман ойлары тұяқ тірер тұғыры жоқ бір кеңістіктен құлап бара жатты.

Беймаза тіршіліктің тағы бір түні өтіп, тағы бір таңы атты. Кешегі бүгінге, бүгінгі ертеңге ұқсас бірсыдырғы күйбең. Адам неге көнбесін. Ол үшін қуаныш та, қайғы да өткінші бір жаңбыр іспеттес. Тек тіршілік болсын, тіршілік бәрін де ұмыттырады, бәрін де өзінің толқынында шайқалтып, бір бұрылыста жағаға шығарады немесе тереңіне батырып қайраңдатады.

Зияштың қазіргі жағдайы да сол мұхит-өмірдегі желкенін жел жыртқан басқарусыз қайық сияқты. Қайда әкетері, неге апарып соғары әзірге белгісіз; әйтеуір, бағыт-бағдарсыз ағыспен жылысып барады. Не істемек енді? Өмірдің сынығы жамалар, бүтінделер ептеп, ал көңіл ше?! Жазықсыз соққы көрген көңіл ұмытар ма енді, түзелер ме?! Манас, сөз жоқ Анасын тастамайды, оралады оған. Адал Ана келіні мен немересін қаншама кцмағанымен, бауыр ет — баланың жөні бөлек қой. Шынтуайтқа келгенде, туған баласынан күсіп, тастанды келіннің босағасында қалған өмірін өткізуге қарт адамның шыдамы жеге ме? Оралады Манас, сөз жоқ енесінен біржола айырылады сонда. Кетеді әжесі, әзіргісі әншейін алғашқы бас асаулық..

Осындай ұрдым-пердім ойлардың тұсауында мектептен үйіне келе жатқан Зияшты Дариға сып беріп, қолтығынан ұстай алды.

— Зияш, менің де сабағым бітті. Жүр біздікіне бұрыла кет, өзіңше келмейсің.

Зияш қарсыласпады, Дариғанікіне келді. Үй ішінде тұрмысқа ең қажет, ең керекті заттардан бөлек бөтен дүние жоқ. Апасы екеуінің екі төсегі, диван, стол орындықтар деген сияқты. Апасы үйде жоқ екен.

— Мә, Зияш, сен мынаны қарап отыр, мен шәй қояйын, — деп, Дариға қалың альбомды ұстата берді. — Қара, қарай отыр, өткен күндерден ескерткіш.

Зияш альбомды парақтап отыр. Дариға суретке түскіш-ақ екен өзі. Күліп те, күлімсіреп те, тіпті шомылғанда киетін әлгі бір "бәлемен" де фотоға түсе беріпті. Дариғадан басқасын танымады. Тек бір жерде ғана "жүректің" ішінде Дариғаның қасында отырған "ғашықтық" бейнесін кездестіріп, "ері осы болар" деп ойлады.

Шай келді. Дариға буфетінен көзелерді сырғалата беріп еді, Зияш:

— Дариға, мен де, сен де екеуміз де ішпейміз. Егер оны үстелге әкелсең, кетемін, ренжісең, өзің біл, — деді. Көзенің сыңғырына Дариғаның күлкісі ұласты да, амалы жоқ, Зияштың айтқаның орындады, шарапты шығармады.

— Мен сен үшін, Зияш... Теріс ойлап қалма...

Зияш әлгі альбомдағы "жүрек" ішіндегі суретті көрсетіп еді:

— Дәл өзі, сол. Заманның тыныш кезінде солай болғамыз, — деп, Дариға іле жауап берді.

— Шыныңды айтшы, Дариға, ойлайсың ба оны?

— Зияш, шынымды айтайын, онан гөрі ананы, әлгі қарғыс атқыр көңілдесті көбірек ойлаймын.

Дариғаның қу күлкісінің тығыны ашылып кетті.

Бір сәт үнсіздікте қалды. Ашық тұрған терезеден самал есіп, төгіле салбырап тұрған пердені бір-екі толқытып жіберді. Сумкаларын қолтықтаған оқушылар өтті.

— Міне, енді оқу жылы да аяқталады, Зияш. Қызық өзі, осы жазғы демалысқа тарарда мені біртүрлі көңілсіздік басады да турады. Жапан далада жалғыз қалғандай сезінем өзімді... Коллектив, әсіресе оқушылардың арасы мен үшін бақыт сияқты көрінеді. Бес минут жалғыз қалсаң, қайдағы пәлені ойлайсың, ал олардың арасы көңілді, бәрін де ұмыттырады.

Дариға кесесіне қант салып, қасықпен араластырып отыр. Самайына шыққан жалғыз тал ақ шаш ап-айқын мен мұндалап тұр. Қаншама өрескел санағанымен, Зияш шыдамады:

— Сәл тура тұр, — деді де, ақ шашты жұлып алып Дариғаға көрсетті.

— Ым-м-м,.. Да, старость наступает, — деп, Дариға оны саусағына орап отыр.

— Түнеу кездегі инженермен болған романды естіген боларсың Зияш?

Зияш басын изеді.

— Мен биыл бұл ауылдан, бұл ауылдан ғана емес-ау, жалпы ұстаздық жұмыстан кетем. Ес кіріп қалған балалар... Біреуден біреу, біреуден оқушылар естиді... Ұят... Коллективке рахмет... Сол әңгімеден кейін маған кірерге жер тесік болмай жүрді...

Дариға алдындағы кесесіне тесіліп, ұзақ қарап қалды да: — Сенің арың таза ғой, Зияш... Міне, сен ұстаз болуға лайықтысың... Өз өмірімді қалыпқа келтіріп алмай, бұл қызметке оралмаспын, сірә... Оқу жылы бітісімен кетем...

Сырдың суы сирағынан келмейтін Дариға осы сәтте мүлде бір мүгедек пендеге ұқсап, шөгіп кетті. Зияш оның тамағындағы жіп-жіңішке, ұп-уақ әжімдерге қарады...

* * *

Оқу жылы алдақашан аяқталған. Дариға көшіп кеткелі біршама уақыт өтті. Дариғаның айтқаны мұншама рас болар ма, Зияш өзін жұртта қалғандай сезінді. Коллектив, көңілді жеткіншектердің арасы қандай ұжмақ еді. Оның үстіне шөп шабыс науқаны басталды да, еңбекке жарайтын ауыл адамдарының кәрі-жасының әммәсі шаруашылықпен кетті. Апырай, бір сыр ашып, сыбыс түйісетін жан болсашы. Біреуі оқуда, біреуі демалуда, мұғалімдер де көрінбейді.

Зияштың ермегі кітап, газет пен жорнал. Олар да жалықтырады. Манастан ешбір сыбыс жоқ Оқта-текте ата-анасынікіне барады. Олар да пәлендей ағынан жарылып отырған жоқ-ау. "Өз обалың өзіңе" дегендей бөтен, жат көзбен қарайтын секілді. Бауыры қалаға барып келіпті дегенді есітті. Неге, не үшін, ол жаты да бимәлім. Адуындау адам еді, бір нәрсені бүлдірмесе болғаны.

Әжей біртүрлі сабырлы, неге сенеді екен? Әлі өрмегімен әуре. Тамыздың тас қайнатқан мына ыстығында ыңылдап алашасын тоқып-ақ отырғаны. Осы кісі не ойлайды?! Тіпті қаннен-қаперсіз, ошағы бүтін, оты жағулы адамдай...

— Аман ба, құдағи? — деген бауырының даусын естіп, Зияш құлағын түре қойды.

— Аманбысың, қарағым? Үй ішің есен бе? — деп жатыр әжесі. Бауыры келген беттен асыр-тасыр, аттап кете жазып тұр.

— Бұл отырысың қай отырыс, құдағи?

— Жәй, қарағым. Мынасы құрғыр бітпейді, тегі. Қаншама қимылдасам да өндіте алмай отырғаным.

— Мен кеше қаладан келдім... Жолықтым балаңа...

Әжей ісін доғара қойып, Зияштың бауырының аузына қарады.

— Балаң қатын алыпты, онда да бір немерең күтіп отыр.

— Балам-ай, сіз деген сөздің сынығы, сен деген сөздің анығы демекші, неге сонша атарға оғың жоқ боп тұр? Сен емес, әкең де әлі сен деп көрмеп еді, қалайсың өзің? Әзірге менде бір-ақ келін, бір-ақ бала бар. Басқасы қажет емес.

— Құдағи, естеріңді жинап, етектеріңді жаптыңдар, құдайға шүкір, енді жетеді. Іздеусіз, сұраусыз жетімек деп жүрсіңдер ме? Жетеді! Кет балаңа! — деп, тартулы тұрған өрмектің қазығын суыра бастады.

— Өй, балам, сабыр ет, — деп, әжей оның қолынан ұстамақ болып еді, анау итере беріп, қазықтарды суырып алды да, өрмекті жұмарлап лақтырып жіберді.

Үйден Зияш шықты. Бауыры енді Зияшқа шүйілді:

— Жина дүниеңді! Жүр үйге! Ит басты, сиыр сияқты тобырларды қашанғы асырайсың енді?

Бауыры әбден түтеп алған, ақылға келер емес. Зияш құп-қу боп бір тізерлеп отырған әжесін сүйеп үйге кіргізді. Бауыры да ілесе кірмек болып еді:

— Барыңыз, аға, менде шаруаңыз болмасын, әулікпеңіз, кетіңіз, — деп, есікке көлденең тұрып кіргізбеді.

— Намыс жоқ опасыз! Бір ақымақ алаяққа бола ата-анадан, бауырдан безіп,.. — деп қалай шұғыл келсе, солай шұғыл бұрылып, тайып тұрды.

— Саған рахмет, Зияшжан! Рахмет! Батамды берейін, ботам, бара ғой үйіңе. Безбе туыстарыңнан... Мені құдай мәңгілік күтуге жаратқан, күтем осы қара шаңырақты, кетпеймін. Манас шіріген жұмыртқа, қайтейін... Тек Мәлігімді көрсетіп тұрсаң болғаны, содан көз жазып қалмасам болғаны...

Жамаш әжей сол күні бүк түсіп жатып алды. Тек кешкісін ғана басын көтеріп бір шыны-аяқ шәй ішті де:

— Зияшжан, мен біртүрлі ауырлап тұрмын, Мәкенді өзің алып жатшы бүгін, — деді. Зияш тілегін орындады.

Әжей түні бойы ұйықтай алмай шықты, Зияш түнімен бақылаумен болды оны.

* * *

Тағат таппай шиқылдап қос қарлығаш қораға бір кіріп, бір шығады. Есік алдында шуақта отырған әжей мен Мәлікті айналып ұшып, қанатымен сипап өтеді. Әбден мазаланған құстарды көрді де, әжей Зияшты шақырды.

— Зияшжан-ау, Зияшжан! — Зияш келді. — Қораға баршы, балам, мына байғұстардың шырылдауын қарашы, тіпті өлер болды.

Зияш қораға кіргенде, тап-тарғыл ұры мысық қораның қақ төрінде тілімен мұртын жалап отыр екен, Зияшты көріп, далаға атып шықты. Белағаштағы қарлығаштың ұясы жерде құлап жатыр. Сары езу балапандарының бірі де жоқ.

Жыртқыш қора төбесіне қойылған жуан бөрененің қырымен өрмелеп барыпты да, ұяны құлатып, азығын тауыпты. Әжей бірден білді, сонда да болса Зияштан:

— Бәрін жеп қойып па? — деп сұрап еді.

— Ұяны құлатып, түгел жалмапты, — деді Зияш.

— Ой, әттеген-ай, ә!.. Сорлы басым алғаш неге аңғармадым, қап!..

Құстар шырылдап, біраз ұшып жүрді де, бір мезетте шырқау биікке көтеріліп, ғайып болды, содан қайта оралмады.

Анадайда ойнап отырған Мәлікті Зияш көтеріп алып, үйге кіріп кетті...

— Қап, әттеген-ай, ә!.. Обал болды-ау бишараларға, — деп әжей де үйге кірді. — Ой, тоба!.. Мұндай да болады екен?! Зияшжан, менің оң көзім суырып, өлтіріп барады. Мана қарлығаштар шырылдап жүргенде, бірі көз алдымнан ұшып өтіп еді, қанаты осы көзімді сипап өткендей болды ма, қайдам, әйтеуір, миымды солқылдатып тұрғаны.

Зияш келіп әрі-бері қарады да, ештеңе көре алмады. Бәрі орында сияқты. Бірақ енесі:

— Мен жатпасам болар емес, әлсіреп барам, Зияшжан, — деді де, төсегіне жастық қайып қисайды.

— Дәрігерге барайын ба, әже?

— Әй, балам, қоя ғой оны. Мені құдай алады дейсің бе, басылар. Әзірге әкетіп баратқан ештеңе жоқ.

Кешкі тамаққа әжейдің зауқы шаппады, болар-болмас талшық етті де, төсегін салдырып жатып қалды. "Мәлікті қайтер екен" дегендей Зияш қарайлап еді, оған да оншама көңіл бөлуге мұршасы келмеді, тек:

— Мәкенді бүгін де өзің алып жатшы, балам, — деді. Зияш Мәлікті тербелмелі кішкене темір төсегіне жайластырып, өзі де сол енесі жатқан бөлмедегі диванға төсек салды.

Түн ортасы ауған шақ. Ай әлі бата қоймаған. Жаздың балбыраған балауса түні.

— Зи-и-и-яш-жа-ан... Зияш... — деп қырылдаған енесінің даусын есітіп, Зияш ұшып тұрып, шам жақты.

Енесі шалқасынан жатыр екен. Еріндері әзер қимылдайды. Оң қолы төсектен салбырап түсіп кетіпті, сұп-суық зілбатпан. Зияш оны көтеріп көрпе ішіне салды.

— Оң аяқ оң қолым жансыз, Зияшжан, қимылдамай қалды.

Әжей әзер сыбырлайды, су сұрайды. О, сұмдық! Енесінің оң көзі қайда?! Көздің орнында үңірейген тесік қарауытады, жоқ жанары әлдеқайда батып кетіпті, терең құдықтың түбіндегі судай әзер шыңырауда жылтырайды. Зияштың зәресі зәр төбесіне шықты. Апыл-ғұпыл киімін киді де, докторға ұшты. Жол-жөнекей әке-шешесін оятып, өкпесін қолына ұстап, ұшып барады.

Ол докторды ертіп келгенде, әкесі мен шешесі әжейдің төсегін қоршап отыр екен. Доктор әрі-бері қарап көрді де, басып шайқады.

— Паралич... Прогрессивный паралич, — деді.

Әжей сөйлеп жатыр:

— Я, аллам, тірі масыл етіп, қор етпе, тарт аманат жаныңды... Зияшжан, басымды көтерейінші, тұншығып барам...

Зияш жастығын биіктей берді.

— Таң атысымен аудан орталығына ауруханаға жеткізу керек, — деп доктор кетті. Әжей сөйлеп отыр:

— Алланың кәріне ұшырайтындай жазығым жоқ еді... Бопты енді, қайтейін... Айналайын құда-құдағиым, сендер табалай көрмеңдер мен бейбақты... О, қу жалғыз! Не дейін саған, аман бол, қайтейін... Зияшым... Аяулым... сен оған назаланба... Әй, қу жалғыз... — дей беріп талықсып өксіп кетті.

Ертеңгісін әжей біраз тыншып, қалғыды. Зияш Манасқа телеграмма жіберді. Көңіл сұраған ауыл адамдары кіріп-шығып жатыр. Зияш енесін аудаңдық емханаға апарудың қамын жасауда.

Сәске кезі еді. Әжей деміге бастады, тілі байланды. Жалғыз сау көзімен жиналғандарға жаутаңдап қарай береді. Зияшты қасынан екі елі жіберер емес. Сәлден кейін әжей иегін көтеріп, бірдемені ымдады Зияшқа, ол түсінбеді. Түсініксіз күбірдің арасынан "Мәкен" деген сөзді түйіп, Зияш Мәлікті әкелді. Мәлікке бір, Зияшқа бір қарай береді. Қоршап тұрған жұрт арасынан тағы біреуді іздейді қарт: іздейді де, таппайды. "Баласын күтіп жатыр... Алда, шер жүрек ана көкірегі-ай!" — деңді отырғандар.

Сол қолын зорға көтеріп, Зияшының мандайын сипады. Кенет Мәлікке тесіле қарап қалды да, ауыр бір күрсінгендей болды. Иегін бір-екі қақты да, әжей дүние салды. Зияш боздап кеп құша жығылды. Осынау жарық дүниені тәрк етіп, белгісіз, момын жан — абзал Ана — тыншықты.

Манас кеп қалар деген үмітпен, жұрт болып әжейді сүйегін бір күн жерлемей бақты. Күн ыссы, бұзылар болған соң, амалсыздан келер күні түс қайта мәңгілік мекеніне табыс етті. "Жалғызымнан бір уыс топырақ бұйырса болғаны", — деген Ана арманы орындалмады, Манас жерлеуге үлгермеді.

...Көшенің шаңын шаңына қосқан жеңіл машина жұлдыздай аққан бойда Зияштың ауласына келіп кірді. (Бұл келесі күні еді). Сыптай түзу қара сұр жігіт машинадан түскен бойы асыға кіріп келгенде, Зияш ауыл адамдарымен бірге үйде отыр еді. Жігіт босағада тұрған бойда қалды, қарсы алған, көңіл айтқан бір пенде жоқ бәрі де үнсіз. Сырттан біреудің "Мекем" деген зор даусы естілді. Әлгі жігіт сонда барып есін жиып: "Анам, анашым!" — деп, әдемі қоңыр даусымен күңірене жөнелді. Ат қойып, жылай кірген Әшір екен. Манас онымен көріспек болып еді, Әшір оған бұрылмай, Зияшқа барып көрісті. Әзер отырған Зияштың жүйесі босап кетті. Егіле берді, тамшыдай тұнық жасы омырауын жауып, төгіле берді. Жылау-сықтау басылып, үйде тағы да үнсіздік орнады. Манасты жұбатып, сабыр айтқан ешкім жоқ.

Зияш орнынан тұрып, баяғы әжесі оқушы балаға жаздырған хатты Манасқа ұстатты да:

— Ал енді қош, жолың болсын, бар, — деп, есікті шалқасынан ашып тастады. Манас хатқа қарап біраз тұрды да, салбырап шығып бара жатыр еді, Әшір орнынан атыла тұрып, оның жағасынан алып, екі жағынан тартып-тартып жіберді, арашалаған адам жоқ "Кет қазір! Оңбай кетейін, өлтірем!" — деп тістенді ол. Манас кетті.

Ауыл сыртындағы қыраттағы бейіт басында қорабы күнге шағылысқан жасыл "Волга" күн батқанша тұрды, назар аударған жан болмады оған. Манасқа деген Зияш сезімін Ананың өлімі біржола суытты.

* * *

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын Зияштың мазасы кетті. Әсіресе түнеу күні Нұрышпен жолыққалы бері "қоныс аударсам ба екен" деген бір ой миынан шықпай қойды. Тек қана бір ауыз мақұл деген сөз ғана. Әшір Зияш тұрғысынан соны естісе, бар дүниені талақ етуге даяр тұрғанын Зияш Нұрыш айтпаса да біледі. Сондықтан да Әшірдің көзіне көрінуге қорқады. Әлде тәуекелге деп, сәті түсіп тұрғанда, көзін тас жұмып, таба ма Әшірді. Болмайды, болмайды! Әйел жүрегін, әйел мұңын түсінеді ол. Өзі келмеген бақытты өзгеден тартып алуға ешқандай қақысы жоқ Өмір оны осыған үйретті. Өзгенің көз жасын ағызып, өзінің көңілін сергіткені құрысын.

Нұрыш байғұс екіқабат екен. "Кеш мені, Зияш? Сен де әйелсің ғой, түсінесің, білесің бәрін де... Әшір менен суып, алыстап барады. Сенем сенің адалдығына... Қи маған Әшірді. Құлай сүйген пақырды құрығына алмай-ақ қой, ақылыңды айт Әшірге. Қызғанып та, қызықтырып та көрдім, бір жібімейді. Осы бір момынның қанатының астына кіріп, таптым ғой бақытымды деуші ем... Одан айрылып қайда барам, кімге керекпін, кімнің мұзын ерітем, Зияш, ая мені, кеш, сіңлім", — деп қиылып еді ол.

Осы үшін де Зияш туған аулын, әке-шешесін, коллективін тастап, басқа ауданға ауыспақшы енді. Қаншама сарыла ойлағанмен, осы тұжырымға орала берді, ақыры берік байламын жасады. Әшір көзінен аулаққа кетеді, адасқан махаббатты іздеп қайтсін...

Зияштың есіне Дариға түсті. Қайда екен?... Апырай, осындайда сыр ағытар бір жанның жоқтығы-ай...

...Ауыл болып Зияшты алма-кезек құшақтап, көрісіп жатыр. Бәрі де сәт сапар, бақыт тілейді оған. "Қайда жүрсең, аман бол, бет алған бағытыңнан жарылқасын, қарғам" — деп шешесі аңырап тұр. Құшақтай сүйіп, егіліп Нұрыш жүр. Кәрі Ақтөс есік алдында шоқиып, созылта ұлиды.

Жүк тиеліп, Мәлікті алдына алып, машинаға отырды. Туған жерден аттанудың қиыны-ай... Бәрі бұлдырап қалып барады. Зияш кабинадан басын шығарып, ең соңғы рет қыр басындағы қабірге қарады. "Хош, әже! Асыл әжем, хош!" — деп күбірлеп, көзін іркіп алды. Бадана көзін бақырайта қарап, дүниеден бейхабар Мәлік отыр.

Ауылдан әудем жер ұзағанда, алдарынан машина көрінді. Қатарласа кеткенде Әшір екеуі бірін-бірі көрді де, екі машина да тоқтай қалды. Екеуі де кабинадан шықты. Дала да құлазып жатыр, қуаң тарта бастапты.

Әшір машинадағы жүкке бір, Зияшқа бір қарап аң-таң.

— Ал енді хош, Әшір. Мені басқа ауданға ауыстырды.

Әшірдің өңі бұзылып, не дерін білмей тұр, терлеп кетті.

— Хош, Әшір. Ұмыт бәрін де... Жарыңды ренжітпе, балаңды сүй, момын бауырым...

Дардай жігіттің көзінде бір-екі сараң жас іркіліп қалды. Зияш оның тершіген мандайын баурына алып ұзақ тұрды да, шөпілдетіп сүйіп-сүйіп, машинаға отырып, жүріп кетті.

Әшір ұзақ тұрды. Машина бел асып, көзден ғайып болғанда ғана:

— Хош, Зияш, хош! — деп жол шетіне отыра кетті...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...