Өлеңдер бөлімі

Кавказ жырлары

Железноводск дәптері.

  Үмітімді жалғаған!!!

 

Кавказ саған қызық қуып бармағам ,

Қиялда емес жер жаһанды шарлаған.

Шыбын жаным шырқыраған сырқаттан,

Шиыр жолдар бастаған ед  сандаған.

Сұқтанбадым көкке тиген шыңыңа,

Қарлы шыңың мұң қосқандай мұңыма .

 Аман-есен оралам ба Баянтауға, еліме,

Төгілетін байтақ қырға шұғыла.

Деген ойдан арыла алмай мен бейбақ

 Отырғанда төңірегім қыз ойнақ.

 Қызып жатты думанды топ мені де,

 Сөзбен іліп отыр дейді бізді ойлап.

 Әзіл, шіркін, дәрумен бе дегенмен

Жүйрік не бар көңіл атты дөненнен.

Ұзақ тосып  өздеріңді шаршап кеттім дедім де.

 Орнымнан тұрып жылжи жөнелгем,

Ду күлкіге олар дағы, мен дағы.

Ерік бердік сондағы.

Риясыз сол күлкіні сағынам,

Бірте-бірте оңғарылды жолдағы.

Кавказ саған қызық қуып бармағам,

Қиялда емес жер жаһанды шарлаған.

Шыбын жанды шырқыратқан сырқаттан,

Айықтырып өзің едің үмітімді жалғаған.

   

 

   Бір сөз

Кезек деген,

Безектеген

Жандардың

Аз емесін аңғардым.

Көбі соның

Соғыс жолын

Кешіп өткен.

Оқ пен өрттен

Майдангер

Сен соңысың

Мейлің,

Мейлің қайдан кел.

Талайлардың

Қырыстанып қабағы

Ардагерлерді

саусақпен нұқып санады.

Атарға оғы жоқ болса да,

Алая бір қарады...

Міне дәрігер

Жұрт әбігер

Басып баяу

Келіп таяу

Тоқтай қалып,

Назар салып

Мен пақырға қарады.

Зәрем ұшып барады.

Тіл қатпастан

Әрі қарай жылжыды.

Жүрісі де, қарасы да

Біртүрлі

Бұзды әбден

Шырқымды.

Алғалаған, уралаған

Ұран тіптен

Жоқ тегі

Ардагерлер

Еске алды ма өткенді.

Өре тұрып

 Тұра  есікке беттеді.

Үрейлі еді біртүрлі

Бір жағынан күлкілі

Қарсы шыққан

Бұларға

Медбике

Бірден ұққан мән-жайды

Әлдене деп

Тығырықтан ап шықты.

Тосыңыздар деген

Сірә болар ма,

Тына қалды олар да.

Ал медбике:

«Жүріңіз»,- деп

Мені ерте жөнелді.

Кабинетке кіріп келем мен енді,

Діріл билеп денемді.

Біршама уақыт

Біздер есік ашқалы

Олай қарап,

Бұлай қарап

Сөзін баяу бастады.

Кеудеңдегі

Белгішеңе қарасам,

Костюміңе

Жарасқан

Мүшесісің Одақтың

Берілгенін сізге

Сондай атақтың

Анықтайтын

Құжатыңды  көрелік.

Құжатымды

Ұстатқан ем қолына

«Дұрыс» деді жүзі жылып

Сала берді оның да

-Енді алға жылжиық,-

Деді сонсоң жымиып

Қарап мені

Емшаралар талонын

Ұстатты да қолыма

Әр ваннаның әр емін

Сөзін әрман жалғады.

-Гүл бітсін деп жолыңа

Әкем сөзін бастар еді әрдайым

Дер кезінде кеп жетіпсің

Оңғарылар жолыңда

Аң-таң болып тыңдай бердім сөзін мен.

-Осы арада  бас редактор

Емделген ед артық кемсіз дәл бір ай

Сақтағаны анық еді бір Құдай

Кетерінде бір өтініш жасады.

Журналистер сырқатты

Көпшілігі жас әлі

Көп олардың арасында

Алға қадам басары

Біз аспаған асулардан асары

Сырқатынан  еңселері езілген

Мүшелерін Одақтың

Кезексіз-ақ қабылдап

Тезінен

Емдесеңдер

Жазылғаны жалындап.

Қаламының танытар ед қайратын,-

Деген сөзі ұялаған санама

Осы сөзді

Естігенде ет жүрегім дір етті.

Ізгілікті ту еткен.

Сан жандардың

Ел үстінде болған әман тілегі

 Жаны жайсаң ірі еді.

Аузынан шыға қалған бір сөзі

 Қиын сәтте болған еді

Өмірімнің тірегі.

Қатардағы редактордың бірі еді,

Біреу білсе,

Біреу білмес есімін

Аштырғандай  маған тірлік есігін.

 

  

   ...Ақын мұнда

Соңғы түнін

Өткерген ақын мұнда

Біреу айтса дер едім мұның шын ба?

Қабырғада ескерткіш тұрды тақта,

Талайларды батырған қалың мұңға.

Шықтай тамшы

Жанарға іркілгені

Жүрегімде жыр пегас сілкінеді.

Лермонтовты тұр ме екен ол да жоқтап,

Кім біледі, тәңірім-ау, кім біледі?!

Оқ атқан Мартынов па,

Жоқ әлде басқа біреу?..

Жекпе-жекте өлмеуі мүмкін еді...

Кім біледі, тәңірім-ау, кім біледі?!

Ой тізгінін  амал не алдым тартып,

Ала қашса бой бермес кетер шалқып.

Ұлы жанның рухына бас игенде,

Тас төбемде күн тұрды отша шарпып.

 

 

       Түрік  ваннасы

Түрік десе әлденеден түршігетін жанымыз,

Шәйнектейін  қайнар еді қанымыз.

Өзге ұлттың шеңгелінде

 Сәуле төккен санамыз,

Кеткен кез ед мәніміз.

Құдайдайын біз олардың әр сөзіне

Сенгеміз.

Бәрі дұрыс, бәрі жөндеп келгенмін.

Ем-шараның бірі – түрік ваннасы,

Күдікпенен сол ваннаға енгенмін.

Ал ваннада тамшы суы жоқ таңданып,

 Ашынғаннан аузымды аша бермекші ем шамданып.

-Түсіңіз, түсіңіз,- деп бір сөзін сан қайталап

Көк желкемде медбике тұр қамданып.

Түскен сәтте ваннаның мен ішіне

Өңім түгіл кірмейтін жай түсіме.

Суға толып қас-қағымда ванна іші

Таң қалдырды техника күшіне.

 Шапағатты түрік бауыр ежелден -ақ өнерлі,

 Танығандай болғаным-ай сені енді.

Көтерілген жылы судан рахман

Шаттыққа   бөлегенді денемді.

Жалғыз сәтте

Бір сергектік тал бойымнан сезіліп,

 Көрінетін кеткендейін  рух бір сәт көз іліп.

Көтергендей езіліңкі еңсесін

Сырқат жанға емес бұ да аз үміт.

Сыр-сыр еткен толас таппай құм сағат,

Әр секундты, әр минутты тұр санап.

Ағыза ма дарып жатқан

Әл-қуатпен ісі жоқ

Көңіл, шіркін, табатындай бір тағат.

            

                Теберда дәптері

    Журналистер санаторийінде

Минводаның тіліп түнгі аспанын,

Алып лайнер  баяу қона бастады.

Табанымыз жерге тиген сәтінде,

Қоя тұрып басқаны.

Дыбыс күшейткіш үніне,

Мәжбүр  ек дүрліге құлақ түруге,

Рейстен Қарағанды –Минвода.

-Журналистер, тосып тұрмыз сіздерді,-

Деген хабар бізді елең еткізді.

Жөн білетін әлдекімдер

Айтқан тұсқа біздерді әп-сәт жеткізді.

Тосып  тұрған санаторий өкілі,

Бауырларын аңсай күткен секілді.

Әрқайсымызды құшаққа алды сол сәтте

«Кеттік» дейді сілкіп тастап кекілді.

Қалғыған сан тау бұрылыс, қалып артта,

Автобуста жайғасқан онға тарта

Журналистер бетке алдық Теберданы

Ана  жатқан жалтыраған  қар ма, мұз ба?..

Түн ішінде айырып білу қиын,

Бас ауырып барады шағып миым.

 Жол бастаушы ол да әне қалғып отыр,

Соғып өтті бұрқырап тентек құйын.

Ұзақ сапар шаршатты ма кім білсін,

 Дабырласқан адамдардың сөздері мен күлкісін

 Естісем де басым мең-зең жата бердім бірақ та

 Зауқым соқпай тұруға.

-Ұйқышылдың өзі екен-ау бұл кісі,-

 Деген даусы жеткен еді құлаққа.

 Қазақ тілін білетін жан болар деген бұл жақта

 Үш ұйықтасам түсіме де кірмеген,

Тосын сый ед менің үшін бұл деген.

-Ат- көлігің аман-есен жеттіңіз бе, жан аға?

Бір мүлтік жоқ тілінде.

Азербайжан азаматы-ау, зайыры.

Деген оймен сауалға жауап қайырдым.

Төменде күтем деді дағы шығып ала жөнелді.

Тез киініп жуындым да,

Төменге түстім мен енді.

Петрова емен-жарқын күлімдеп,

-Аға, сірә, бүгін менің күнім деп.

Жанындағы таныстырды жігітті

Азербайжан ініңіз деп,

Қазақ тілін бір қазақтай біледі.

Бұл да, мен де КАЗ- му дегі ғұламалар түлегі.

Тумай жатып көрген қилы текпіні,

Тиген қатты мұрты көсем екпіні.

Ата-анасы Қазақстанға жер ауып,

Оңтүстікте өткен екен  көп күні.

-Азербайжан бола тұрып,- дедім мен,-

Әңгімесі қуғын жайлы сәл күдікті көрінген.

-Рас, аға,

Әке- шешем –Теберданың тұрғыны

Жан емес ед Карачайдан жерінген.

Содан дағы қызыл вагонға қамалып,

Бірге кеткен көршілермен амал қып.

Ал шешемді айтпақ болған Азербайжан екенін,

Тоқтатыпты қаһарлы үні әкемнің.

Бәлкім шешем тоқталмас па ед бұған да,

Зар илеген жетіп үні шығанға,

Сырқат бала су сұраған сорлы ана.

Солдат ұрып винтовканың дүмімен

Кескен терек секілді ғып

Жұлып түсіп түбімен

-Сатқынсыңдар  шетіңнен

Ал сатқынды құрту -міндет мұнымен

Партияға адалдық деп білемін

Сатқындардың  итке тастау жүрегін

Әке-шешем аман-есен оралды ма

Жасытпады оның сөзі

Өршіл жандар жігерін.

-Иә, оралды.

Сол үшін де сүйем қазақ елін мен.

Аман алып қалған бізді өлімнен

Үйлерінің бір бұрышын берумен,

Қолындағы аз ырысын бөлумен.

Мектепте де, КАЗ-муде де демеген.

Солар еді қорған болып демеген

Содан міне туған жерге оралдым.

Білім алып ертеңіме сеніммен

Петрова –Алик біздің директор

Адам деді бәрімізге керек бұл.

Ғашық болып қиыс бассақ өзгемен,

Суыттырмайды  орнымызды демек бұл.

 

       Теберда

От ойнаған төбеңде,

Найзағайдың  өр үні.

Жүргендерге төменде

Талып жеткен Теберда

Көрмеген жан сенер ме

Шыңнан құлап төменге.

Тайдай  тулап,

Өгіздейін өкірген

Еліктейін тастан тасқа секірген.

Бурадайын бұрқырап,

Желп-желп етіп шудасы.

Кісінеген шұрқырап,

Жылқыдайын Теберда

Ғасырлардан ғасырға.

Тасып жеткен Теберда

Талай елді мекенді.

Басып өткен Теберда

Арқыраған үніңнің

Сарқыраған күні-түн

Ізі қалды санамда.

Арқау іздеп жырыма.

Тынымсыз кездім жағаңды,

Гүрілдеген өр үнің

Шабыт берген  маған да.

Толқыныңмен тербеліп,

Өршеленіп өрленіп,

Тұратын ем әманда.

Қырандайын қалықтап,

Ойнақ салып  балықтай.

Жыр маржанын терген ем,

Теберда, сенен жалықпай.

 

         Аттанарда

Қарлы шыңдар,

Есен- сау, бармысыңдар!

«Бауырым» деп бауырыңа басқан едің,

Саған айтар өлшеусіз алғысым бар.

Біреулерге сен, бәлкім, қара тасың,

Менің үшін мәңгілік бауырласың.

Мен сендермен сырластым,

Сырымды аштым.

Қасіретіңді ұғындым, ұғынбас кім?

Құрбан болған сен үшін сол ерлердің

Қабіріне мен қайтіп бұрылмаспын.

Қош бол, Кавказ,

Сандаған ұлт  ғасыр қоныс еткен,

Өршіл ерлер терімен қанын төккен.

Қарсы тұрған обырға бұйрығы өктем.

Өңіріңде өксіген сан халықтың

Мұңын мұңдап тілдескен құдіретпен.

Қарлы шыңдар, қош енді көріспеспіз,

Баяғыдай сыр мұңды бөліспеспіз.

Алланың аманатын қайырғанша,

Мен – адаммын, сен – таусың, серіктеспіз.

Аз көрмеген біздің алаш зорлық пенен қорлықты,

Аға, көрші таңын атқан сорғалаған сор қыпты

ХХ ғасыр соңы қанды қырғын, арпалыс

Теңселерсің, құламассың, бол мықты!

 

Сүлеймен Баязитов


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...