Өлең, жыр, ақындар

Дубай Шубаевич

(Үш актылы)

Қатысушылар:

Дубай Шубаевич — институт директоры.
Меруерт — оның әйелі.
Жібек — Меруерттің сіңлісі, институт қызметкері.
Әбіш — Жібектің болашақ күйеуі.
Сапақ — Дубайдың орынбасары.
Жапалақ — институт қызметкері.
Майра — оның әйелі.
Жаргелтай — институт қызметкері.
3әуреш — оның әйелі.
Бозша — уборщица (кемпір).
Есберген — художник.
Капельмейстр.
Шофер.
Студент.
Меймандар, музыканттар, почтальон.

БІРІНШІ АКТ

Облыстық қалалардың бірінде. Мал шаруашылық институты, директордың кісі қабылдайтын бөлмесі. Төрге кететін коридордың екі жағында қарама-қарсы есіктер. Оның бірінде: «Қой бөлімі», екіншісінде «Сиыр бөлімі» деген жазу көрінеді. Сол жақтағы ашық есікте «Директор Дубай Шубаевич» деген алтын жазу бар. Перде ашылғанда кабинеттен шыққан сыпырғылы, шелекті Бозша кемпір есікті кілттеп, коридордың түкпіріне беттейді.

Сырттан Жаргелтай асыға басып кіреді.

Жаргелтай. Бозша шешей, Дуекең келмеуші ме еді?

Бозша. Білмеймін.

Жаргелтай. Есікті неге жаптың, кемпір.

Бозша (бұрылып). Онда жұмысың болмасын. Мен жоқта кілттеп жүр деп директордың өзі тапсырған маған. Ұғамысың?

Жаргелтай басын изейді. Кемпір түкпірге қарай кетеді. Өз бөлмесінен Жапалақ шығады.

Жапалақ. Ай, аманбысың, Жаргелтай! (Қолын ұсынады.)

Жаргелтай. Е, сен де аман екенсің ғой, Жапалақ.

Жапалақ. Аман болмағанда ше?

Жаргелтай. Кеше Дубайдікіндегі ішкен түрің жаман еді, мен сені о дүниеге бір-ақ тартқан шығар деп ем.

Жапалақ. Дөңбектей мен түгіл, бір жапырақ сен де тірі қапсың ғой. Дубай ұсынса у ішетін түрің бар екен, Жаргелтай.

Жаргелтай. Сен ше?.. Сен ішпейтін шығарсың? Егер Дубай Шубаевич анау қайықтай туфлиін шешіп тастап, жалаңаш аяғын тосса, сен соның табанын жалар ең. Ашқарақ кәрі төбетше жалар ең!

Жапалақ. Ал, сен ше? Сен бауырын жаңа көтерген күшікше, барақ жүнді мысықша жалар ең. (Күледі.) Қаптесер, одан да жөн әңгімеге көшелік, қалай тез оралдың, соны айтшы!

Жаргелтай. Базарға бардым, пәле сатып алдым. Өлердей боп састым, саған қарай қаштым десем сенемісің!

Жапалақ. Не деп тұрсың, қаптесер? (Көзін жыпылықтатады).

Жаргелтай. Сенің қатыныңмен қосыла қаштым. Бірде мен озсам, бірде ол озды. Жануарың жүйрік-ақ екен.

Жапалақ. Қашқаны несі, сен құтырған шығарсың?

Жаргелтай. Ажалдан қаштық. Аузы апандай, тістері қашаудай ажал сенің қатыныңмен екеумізді қоса жұтып жібере жаздады.

Жапалақ (үрейленіп). Не дейді, сұмдық! Қойлардың базарға түскенін үкімет біліп қап па?

Жаргелтай. Білгенде қандай!

Жапалақ. Ендеше мені көме беріңдер. (Креслоға сылқ етіп отыра кетеді.) Су... Су әпер... Өліп барам.

Жаргелтай. Өлме, Жапалақ, кідіре тұр. (Су ішкізеді.) Әзір үкімет білген жоқ.

Жапалақ. Садағаң кетейін, сөйдеші... (Желпінеді.) Басым айналып, көзім қарауытып кетті ғой.

Жаргелтай. Семіз қойлар өтіп жатыр, алушы қазақтар бөрідей анталайды, жап-жаңа ақшалар шытыр-шытыр етеді.

Жапалақ (қызығып). Кілең жүз сомдықтар- ау, ә...

Жаргелтай. «Сәлеметсіз бе?» деді бір кезде даусы саңқ ете қап. (Жапалақ селк ете қалды.) Жалт қарасам, Меруерт ханымның сіңлісі екен. 

Жапалақ. Жібек пе?

Жаргелтай. Я, Жібек. «Экспериментке жұмсалған қойлар осы ма? Жануарлар базар базарлап жүр ғой» — деді суық жымиып.

Жапалақ. Сен не дедің, Жаргелтай... Жауап айта алдың ба?

Жаргелтай. Жоқ, қарындас... бұлар өзге қойлар болу керек, біз басқа актыға қол қойғанбыз дедім... Сол кезде сенің бәйбішең жалт бұрылды. Жібектің көзін ала бердім де, мен де зыттым. Мінеки біздің жарыстың тарихы осы.

Жапалақ. Бәленің бәрі сенен шығады, қаптесер, ішіп алсаң сенен озар мылжың жоқ, сенен асар ақымақ жоқ. «Әкел актыңды, қоямын қолыңды» деп жұлқынып едің кеп... Ал енді құтылып көр.

Жаргелтай. Ендеше мен де айтайын, осы қалада сенен асқан ұзын жоқ, сенен асқан жарамсақ жоқ. «Дуекең үшін, оның сұлу жары Меруерт ханым үшін тамұққа түссем де қыңқ демеймін» деген өзің емес пе?

Жапалақ. Дуекеңнің елу жылдығын тойламаймыз ба? дегенде: «Меруерт ханым тауып айтты. Менің ақымақ басыма бұл ой қалай келмеген деп қасқа маңдайыңа неге шерттің, қаптесер?

Жаргелтай. Ал сен тап сол арада-ақ министрге хат жазалық, Дубай Шубаевичтің 50 жылдығын тойлауға рұқсат сұралық демедің бе?

Жапалақ. Дедім. Бірақ сен бірінші боп қол қойдың ғой сол қағазға.

Жаргелтай. Жаның шықсын. Бірінші боп замдиректор Сапақ жолдас қол қойған. Мен екіншімін.

Жапалақ. Ал мен үшіншімін.

Жаргелтай. Бәрін айт та бірін айт. Қойдан келер қатерді айтсайшы. Бізге де бірдеңе содан бұйырады деп дәмелендің-ау. 

Жапалақ. Бізге одан енді түрме бұйырады, Жарекем.

Жаргелтай. Жағыңа жылан жұмыртқаласын, таумұрын.

Жапалақ. Дүкең директорлықтан құлайды. Онымен бірге біз де төңкерілеміз, Жаргелтай.

Жаргелтай. Дубай Шубаевич ішкені мен жегеніне, паңдығы мен салдығына күйсін, ал біз не үшін күйеміз?

Жапалақ. Бір үлкен күйсе, екі кішкене май құйғандай жанады емес пе?

Жаргелтай. Енді қайттік, Жапалақ?

Жапалақ. Мен де соны ойлап тұрмын.

Жаргелтай. Таптым, Жапалақ.

Жапалақ. Я, сәт!

Жаргелтай. Жұрттан бұрын өзіміз қимылдаймыз.

Жапалақ. Қалай-қалай?

Жаргелтай. Дубай Шубаевичтің үстінен етектей арыз жазамыз да екеуміз қол қоямыз.

Жапалақ. Дубай Шубаевичтің ен үлкен күнәсін не деп атаймыз?

Жаргелтай. Ол оңай.

Жапалақ. «Паң» дейсің, «сал» дейсің, «ішті, жеді» дейсің, солай ма?

Жаргелтай. Со да жетеді.

Жапалақ. Мүрдем кетсін десек аяғына қасқыр қақпанын қаптыруымыз керек.

Жаргелтай. Ол қай қақпан?

Жапалақ. Ол ма? Ол сұлу соғылған қос қабат особняк. Мемлекет қаржына соғылды деп ең алдымен соны жазамыз арызға.

Жаргелтай. Жарайсың, таумұрным. Қаптырдың қақпанды, қаптырдың.

Жапалақ. Содан кейін домалақ жерді шыр көбелек айналдырамыз.

Жаргелтай. Тоқта, тоқта. Жерге тимей тұра тұр. Дубай қақпанға түсті дейік, Сапақты қайда қоясың?

Жапалақ. Әлі сонысы бар екен-ау...

Жаргелтай. Таптым, Жапалақ.

Жапалақ. Я, сәт.

Жаргелтай. Сапақ Дубаймен жемдес, туыс болам деп оның балдызы Жібекке үйленгелі жүр. Тура ма?

Жапалақ. Тура!

Жаргелтай. Сол үшін 100 қойды елу мың сом ақшаға айналдырып, Дубайдың өңешіне тыққалы жүр. Тура ма?

Жапалақ. Атқан оқтай! (Екеуі құшақтасып қалады.)

Жаргелтай. Арызды жаздық, жіберіп кеп қалдық. Содан соң қайтеміз.

Жапалақ. Қайтуші ек, нәтижесін күтеміз де.

Жаргелтай. Дубай Шубаевичтің бір мықты досы арызымызды алады да «анығын ашып тексеруге» деп тура Дубай Шубаевичтің өзіне жібереді.

Жапалақ (шошып). Сақта, құдай, күл-пара боламыз-ау онда.

Жаргелтай. Тас-талқан де.

Жапалақ. Түу, арам өліп қала жаздаппыз- ау, өзіміз.

Жаргелтай. Сендей қорқақты көрсем көзім шықсын. (Жақындап.) Одан да отыра қал да арызды баста. Дуекең келгенше жазып та, кешіріп те үлгіреміз. Жібектен бұрын өзіміз бұрқ еткізейік шаңын.

Жапалақ. Қане, басталық. Тек жазып болғанымша алаң етпе. (Отырады.)

Жаргелтай. Тоқ етерін бір-ақ бас. (Телефон сылдырлайды, телефонды, тыңдап.) Алло... алло... Кім керек еді? (Телефонның аузын басып.) Сенің сұлуың. Не дейін, бар дейін бе, жоқ па? Даусы әзірейілдің даусындай зіркілдейді.

Жапалақ. Жоқ де. Мұнда екенімді білсе жетіп келуден тайынбайды.

Жаргелтай (телефонмен). Майрашжан... Жапалағың қазір жоқ көрінеді. Не дейсің, Мәкеш? (Телефонды басып,Жапалаққа.) «Көрсетермін жоқты» дейді. Мынауыңмен өзің сөйлес, Жапалақ.

Жапалақ. Шыдап бақ. Жоқ дегеніңнен танба.

Жаргелтай (телефонмен). Менің өз әйелімнің де айқайы жетеді. Енді басымды қатырмаңыз, Майра. (Телефонды іліп қояды.)

Жапалақ. Жүр, тез жазайық арызды. (Екеуі жарыса басып бөлмелеріне беттей бергенде сырттан машина гүрілі естіледі.)

Жаргелтай (кілт кідіреді). Дуекеңнің өзі болмасын. (Терезеден қарайды.)

Жапалақ. Сапақ боп шықты ғой.

Жаргелтай. Келбетіне қарашы. Тап-тұйнақ, жып-жылтыр... Науетек қана, күнәсіз пендем сияқты. Ал асаса ше? Арыстанша, жолбарысша асайды.

Жапалақ. Қорқу дегеннің не екенін де білмейтін болу керек өзі.

Жаргелтай. Атама. Меруерт ханым сіңлісін берем деп мұны да көк есегіне айналдырып келеді. Бұған кездесуге онша әуес емеспін. Тағы бір жалған қағазға қол қой деуі мүмкін. Тезірек тайып тұрайық.

Жапалақ. Тауып айттың, Жаргелтай.

Екеуі бөлмеге кіріп кетеді. Сәлден кейін Сапақ кеп кіреді.

Сапақ (кабинеттің алдында). Шеше, Бозша шешей!

Бозша (даусы). Қазір, шырағым! (Артынша жаңағы өткен жағынан сыпырғылы Бозша кемпір келеді.)

Сапақ. Кабинетті ашыңызшы, шеше.

Бозша. Өзі келмес пе екен, Дубайдың?

Сапақ. Келмейді, сырқат көрінеді.

Бозша. (кілтін іздеп тұрып, төңірегіне қарайды). Неғып жым-жырт бола қалды десем, жаңағы екеуі бөлмелеріне кеткен екен ғой.

Сапақ. Олар кім еді, шеше?

Бозша. Кім болсын, Жапалақ пен Жаргелтайды айтам да.

Сапақ (күледі.) Тағы да дауласты ма, шеше?

Бозша. «Ғалымбыз» деп көріктей күмпілдейді. Ал істеріне қарасаң жел қаңбақ па, бірдеңе. Қазір екеуі әжептәуір жарасып отырса, енді айналып қарағаныңда әтешше жұлысып жатқанын көресің. Бір күнде, бір топырақтан жаралған сияқты өздері.

Сапақ. Мінез ғой, шеше.

Бозша. Ондай мінезді ит жесін. Демде тату, демде араз. Жын ба, сайтан ба, кісі біліп болмайды. (Енді кілтін таңдап алып есікті аша бастайды. Сырттан машина сигналы естіледі. Екеуі де терезеге қарайды.)

Бозша (қуана). Жібек.

Сапақ. Жібек! Я, сол екен! (Галстугін жөндей бастайды.)

Бозша. Тағы да толып жатқан шыны, шөлмектерін арқалай кепті.

Сапақ. Бұрылмастан лабораторияға тартты.

Бозша (сүйсіне). Шын ғалым осы қызымнан шығады.

Сапақ. Қызым-ақ емес пе? Тұлға қандай, түр қандай! «Қара қасым, қолаң шашым» деп осындай қыздарды айтқан-ау деймін, шеше.

Бозша. Әрине... Қыз қылығын асыра серпімей, өңшең безбеңдеп ұстай білетін жас. Әрі ақкөңіл, әрі ұстамды. Мұндай мінез некен-саяқ кездеседі, шырақ.

Сапақ. Жеткіздіңіз қыз мақтауын жігітке...

Бозша. Жоқ, шырағым, жігітке арнап қыз мақтау менің жасыма келіспейді. Әншейін Жібекті жақсы көретінімді сездіріп жатырмын.

Сапақ. Кешіріңіз, шешетай. (Қасына барады.) Сіз көп жасаған сыншы адамсыз ғой, шеше. Жібектің маған қалай қарайтынын білемісіз?

Бозша. Жоқ.

Сапақ. Мен туралы сөз қозғала қойғанда Жібектің елеп сұрастырғанын да байқамадыңыз ба?

Бозша. Онысын да байқамаппын, шырағым.

Сапақ (Бозшаның қолын қызметтен тоқтатып.) Ендеше маған да жақсылық етіңіз, осы жағынан сыр тартып беріңіз, шеше.

Бозша. Қой, шырағым.

Сапақ. Бір жолға. Мен үшін, шешетай! (Құшақтайды.) Ретін тауып мен туралы да жақсы сөздер айтуға тырысыңыз.

Бозша (күледі). Мен бе тапқан айтқырың?

Сапақ. Сізсіз, шеше. Қараңызшы маған. (Кемпірдің бетін өзіне бұрады.) Ажарсызбын ба? Құдай біледі, ақылсыз да демессіз. Бүгін орынбасар болсам, ертең директордың өзі болмасыма кім кепіл? Жалынамын, шешетай, осының бәрін сыпайылап қыз құлағына құя жүріңіз. Еңбегіңіз мойнымда.

Бозша (қулана). Ақым әзір екен ғой.

Сапақ. Әзір болғанда қандай, Жібек көйлек, нәтте жаулық, әміркен мәсі. (Екеуі бірдей күледі.)

Бозша. Болды, балам сауда бітті. Енді кабинетке бар. Мен мына бөлмені тазартып алайын.

Сапақ. Шешем айтты — сөз тамам. (Папкасын алып ішке кіреді.)

Бозша. О, тоба! (Жай ғана күледі.) Қыз таңдаған жігітті қыз да аңдаушы емес пе еді? Онымен жұрттың жұмысы болсайшы. Мен Сапақты көрікті деймін. Жібек көзіне сенбей менің сөзіме сенеді. Мен Сапақты ақылды деймін, Жібек оған да мақұл дей салады. Сөйтіп ақымаққа ақыл орнайды, ажарсызға көрік қонады. Хи-хи-хи!... (Телефон сылдырлайды. Бозша тыңдайды.)

Иә, дәл өзі. Кімді дейсің? Дубай Шубаевич? Ол жоқ!.. Оның орынбасары шырағым, Алматыдан сұрап тұр. (Сапақ жүгіріп кеп телефонды алады.)

Сапақ. Алло! Алло! Өзіңіз кімсіз! А, Бақбергеновпысың? Сәлем, сәлем! Мен Сапақпын. Жарты жылдың есебі деймісің. Кеше ғана жібердік. Есеп пе? Түзу... документтері де түгел. Ал енді біздің елу жылдық туралы хатымыздың жайын айт... Молодец! Шүйінші ала беруіме де бола ма!.. «Өтсін» деген жалғыз сөз ғана керегі... Я, я... Аржағын өзіміз дөңгелетеміз... Сенгеніміз өзіңсің... Дұрыс, дұрыс... Қарызың мойнымызда. Қош. (Телефонды іледі.)

Бозша. Бір үлкен жақсылық хабар келді-ау, шырағым?

Сапақ. Үлкен болғанда қандай, шеше! Таудай, аспандай!

Бозша. Естіртші, балам, бірге қуаналық.

Сапақ. Біз, Дубай Шубаевичтің елу жылдығын тойлауға рұқсат сұрамап па едік?..

Бозша. Я, сұрағансыңдар.

Сапақ. Біздің сол өтінішіміз қабылданатын бопты. Бірер күнде шешілетін көрінеді, шеше.

Бозша. Оңды бопты, балам.

Сапақ (телефонды қайта алады). Алло! Облыстық газеттің редакциясын беріңізші... Редакция ма? Маған Айдабол жолдас керек... Айдабол! Сәлем, сәлем. Мен ғой... Сапақпын... Айдеке, маған жуан бір подвалдық орын әзірлей бер. Мақаламның атына?.. «Дубай Шубаевич». Мәселе министрдің қол қоюына ғана қарап тұрса керек... Бүгіннен бастап әзірлікті өкірте береміз. (Күледі.) Тойдың да жуан ортасындасың. Қош. (Телефонды іледі.) Шеше, мені сұрағанға директорда деңіз. Барам да қайтамын.

Шапшаң басып шығып кетеді. Бозша өз жұмысын істей береді. Қарсы бөлмелерден құлақтарын сала, тың тыңдай Жаргелтай мен Жапалақ шығып келеді.

Жапалақ. Кемпір, не жаңалық? Маған айтшы әуелі.

Жаргелтай. Оны қоя тұр, маған айт.

Бозша. Шүйінші, жарғақ құлақтар, шүйінші!

Жаргелтай. Не бопты?

Бозша. Дәулер жарылқапты. Ақ қойдың қарны жарылыпты. Жақында Дубайдың елу жылдығы тойлансын деп жоғарғы жақ қаулы алыпты.

Жапалақ (үрке сөйлейді). Жоғарының өзінде ме?

Бозша. Дәл өзінде.

Жаргелтай. Жаңылыс есіткен шығарсың, кемпір?

Бозша. Есіткен мына екі құлағым. Сенбесеңдер басымды қатырмаңдар. (Шелегін көтеріп кете бастайды.)

Жапалақ. Тағы да айтшы, қаулы да шығып па?

Бозша (қатты). Шығыпты.

Жаргелтай (алдын кес-кестеп). Қол да қойылып па, кемпір?

Бозша. Қайта өшпестей, мықтап тұрып қойылыпты! (Қарсы бөлмелердің біріне кіріп кетеді.)

Жапалақ. Байқаймысың, Жаргелтай, саған ерем деп су түбіне кете жаздаппын ғой.

Жаргелтай. Сен ғой бастаған әуелі.

Жапалақ. Пәлеңнен аулақ, антұрған, өзің емес пе бәрін күйретпек болған?

Жаргелтай. Ал жұмыр жерді шыр көбелек айналдыратын кім еді?

Жапалақ. Ой, қой деймін. Одан да бас қамын ойласалық та.

Жаргелтай. Е, бәсе, осылай келмеспісің. (Жақындап.) Аузымыз табыт, құлағымыз мола. Ештеңе айтқан да жоқпыз, ештеңе есіткен де жоқпыз, дұрыс па?

Жапалақ. Дұрыс. Тас кереңбіз!

Жаргелтай. Дубай Шубаевичқа жағу үшін оттап кетіп жүрмеймісің?

Жапалақ. Тілім кесілсін! Ал, өзің ше?

Жаргелтай. Жағым қарыссын. Әкел қолыңды!

Жапалақ. Әкел! (Екеуі қол алысады.) «Тек жүрсең тоқ жүресің» деп бұрынғылар бекерге айтты деймісің?

Жаргелтай. Қандай ақылды сөз!

Жапалақ. Қайран ата-бабам біле берген екен де. Қанеки, жаңағы арыздың көзін құртайық.

Жаргелтай. Құртсақ құртайық. (Арызды жыртып тоқыма корзинкаға тастамақ болады.)

Жапалақ (ұстай алады). Дуекемнің асыл атын қоқырсық салған жерге тастамашы... обалды.

Жаргелтай. Рас, рас. Біздің жаман ойымыз күл боп жатсын да, Дуекемнің жақсы аты оттай лауласын. Әкел сіреңкеңді.

Жапалақ сіріңке тұтандырады. Арызды жағып бола бергенде Майра мен Зәуреш кеп кіреді.

Жапалақ. Сендерді кім шақырды?

Майра. Ешкім де шақырған жоқ. Жан сауғалар сая іздеп өзіміз келдік.

Зәуре (еріне). Құрыппыз ғой, Жарекем. Бүйтiп тірі жүргенше өлсең еді ертерек. (Жоқтау әуенімен.) «Қыршын кетті-ау, боздағым, арманда өтті алғаным. Қанатымнан қайрылдым, жалғызымнан айрылдым» деп қақсап отырмас па ем артыңда.

Жаргелтай. Жағың қарыссын, Зәуреш.

Майра (о да Жапалаққа қарай дауыстай.) «Ағып бір кетті жұлдызым, аңырап қалды-ау ұл-қызың» — деп мен де жоқтамас па ем сен өлсең. Енді жиған-тергенді компескеге беріп, түрмедегі екеуіңе қара нан тасуымыз қалыпты. Айтыңдаршы, байсымақтар, енді қайттік?

Жаргелтай. Ендеше маған құлақ салыңдар. (Жақындап.) Үкімет қаулы алыпты, Дуекеңнің елу жылдығы тойланатын бопты. Енді үнстеттің бар малы сатылып кетсе де ештеңе болмайды.

Майра. Рас па, Жапекем?

Жапалақ. Рас, жаңа ғана хабар келді.

3әуреш. Аузыңнан айналайын. (Ерін сүйеді.)

Майра. Ендеше біз кідірмейік. Меруерт ханымға құтты болсынға барайық. Жүр, Зәурештай.

3әуреш. Жүр, Майражан.

Екеуі шапшаң шығып кетеді.

Жапалақ. Құйын соққандай болдық-ау.

Жаргелтай. Өткінші бұлттай борандатты да өтті.

Пауза. Екеуі кезек күрсініп өз бөлмелеріне кіреді. Іштен сыпырғыш, шелегін көтерген Бозша екінші бөлмеге беттейді. Сыртқы есік қағылады.

Бозша. Я кіре бер. (Кішкене чемоданы бар жас жігіт Әбіш кіреді.)

Әбіш. Сәлеметсіз бе, шеше?

Бозша (сыпырғышымен қарсы барады). Шүкір. Айта бер, шырақ, бұл мекеменің басшысы да, қосшысы да қазір мен боламын.

Әбіш. Маған осы институтта істейтін Жібек Хасенова деген қыз керек еді.

Бозша. Ендеше отыра қал. Іздеген кісің табылады. (Әбіш отырады.) Жол болсын, шырағым? (Өзі отырады.)

Әбіш. Алматыдан келемін.

Бозша. Өзім де солай болжап ем. Бұл қалада бұрын көрінбеген баласың.

Әбіш. Бірінші келуім, шеше.

Бозша. Онда қайда істеуші ең?

Әбіш. Газетте.

Бозша. Еһе, жазады екенсің ғой?

Әбіш. Аздап.

Бозша. Жақсы, балам, жақсы.

Қалпақтарын киген Жаргелтай мен Жапалақ жарыса шығады. Екеуі бір-біріне, содан соң жолаушы жігітке қарап аңтарылып қалады.

Бозша. Кісі көрмегендей неге тесірейе қалдыңдар? (Тұрады.) Танысыңдар, Алматыдан кепті, жазушы көрінеді. (Сыпырғысын көтеріп екінші бөлмеге кетеді.)

Жапалақ. Ендеше танысалық. (Қолын береді.) Қой маманы, ғылым қызметкері Жапалақ Жарқанатович.

Жаргелтай. Мені сиыр ғалымы Жаргелтай Сарымсақович деп біліңіз. (Қол алысады.)

Әбіш. Әбіш Абзалов.

Жапалақ. Келген жұмысыңыз бізге түсінікті.

Жаргелтай. Дубай Шубаевичті жазуға келген болдыңыз ғой.

Әбіш (күледі.) О да мүмкін. Қызықты тақырып табылса неге жазбасқа...

Жаргелтай (Жапалаққа). Дәл үстінен түсіппін.

Жапалақ (Сенен бұрын мен аңғарғанмын. Шапшаң телефонға жармасады.) Маған Дубай Шубаевичтің үйін қосыңыз... Алло! Дубай Шубаевичпысыз? Сізге жалынды сәлем жолдаушы Жапалақ Жарқанатович... Өзіңізге де рақмет, Дубай Шубаевич... Сіздің болашақ мерекеңіздің алдында тамаша өміріңіз бен асқан еңбектеріңізді мадақтап жазу үшін астанадан арнаулы жазушы жіберіліпті...

Әбіш. Тіпті де олай емес, сіз қате айтып тұрсыз, жолдас.

Жапалақ. Қадірлі қонақты сізге ертіп баруыма рұқсат етіңіз (Телефонды іледі.)

Әбіш. Мұныңыз қалай. Жапалақ Жарқанатович?

Жапалақ. Сыпайыгершілік — жақсы қылық. Әйтсе де көп аялдамалық. Біздің директор тез келуіңізді өтінеді.

Әбіш. Түсініңізші, мен Жібекке келген адаммын!

Жаргелтай. Онда тіптен жақсы. Іздеген Жібегіңіз де сол үйден табылады. Кәнеки, жүрелік. (Қолтықтап тұрғызады.)

Жапалақ. Бүл миссия маған тапсырылған. Жүріңіз, жолдас жазушы.

Екі жақтап қолтықтай жөнеледі. Әбіш есіктен бұрын шығады. Таласа ұмтылған Жапалақ пен Жаргелтай кептеліп қалады.

Жапалақ. Саған жол болсын?

Жаргелтай. Бірге ертіп барайық.

Жапалақ. Жоқ, сен осында боласың. (Қағып тастап, шығып кетеді.)

Жаргелтай (тұрып қалады.) Асықпа, таумұрын! Мен де бір жерде сілеңді қатырармын! (Ортаға ойлана беттеп келеді.) Жаңағы жұғымсыз мені жамандап қоймаса не қылсын. Өзіме де обал жоқ, иықтасуға жарамайтын болған соң, ертерек шығып зыта бермеспін бе! (Есік қағылады.) Е, кіре бер?

Қолында сумкасы бар, көзілдірікті Есберген кіреді.

Есберген. Бимазалығыма кешірім сұраймын. (Қалпағын алып басып иеді.)

Жаргелтай. Өзім де жетісіп отырған жоқпын. Айта беріңіз.

Есберген. Мен бүгінгі поездан түскен жолаушы едім. (Насыбай иіскейді.)

Жаргелтай (жалт бұрылады.) Астанадан шығарсыз?

Есберген (түшкіреді.) Атпшу-у, жолың болсын деңіз.

Жаргелтай. Жолың болсын.

Есберген. Әжем марқұм естуші еді. (Жаргелтайға.) Дәл таптыңыз, Алматыданмын. Таныса тұрайық. (Қолын созады.) Художник Есберген Досбергенов.

Жаргелтай. Художник? Қайырлы сапар, Есберген жолдас! (Қолын қайта-қайта қысады.)

Есберген. Айтқаныңыз келсін. Сіздің институт көрмеге арнап заказ береді дегенге...

Жаргелтай. Ар жағын айтып әуре болмаңыз. Негізгі міндетіміз елу жылдыққа байланысты болды ғой, солай емес пе?

Есберген. Маған бәрібір. Тек сүйекті, қымбат заказдар берсеңіздер болғаны.

Жаргелтай. Ақшаға шомылдырамыз. Портрет те саламысыз?

Есберген. Қалағаныңыздай!

Жаргелтай. Статуяға қалайсыз?

Есберген. Ол негізгі өнерім.

Жаргелтай (телефонға беттейді.) О, тамаша, тамаша! Маған да табылды-ау бір олжа. (Телефонды алады.) Маған Дубай Шубаевичтің особнягін қосыңыз... Тезірек беріңіз, бикеш... (Даусын жұқалап.) Дубай Шубаевич, сәлеметсіз бе? Сізге тағы бір қуаныш хабарын айтқалы тұрған Жаргелтай Сарымсақович... Я, қуанышты хабар деймін. Астанадан тағы бір азамат кеп қалды. Министрліктің өзі жіберсе керек.

Есберген. Кешіріңіз, олай емес еді ғой.

Жаргелтай (телефонмен сөйлей береді.) Талантты художник. Әрі портретші, әлі скульптор көрінеді... Сіздің статуяңыздың сәулетті, сұлу жасалуына титтей де күмәнім жоқ. Я, я. Енді үйіңізге ертіп баруыма рұқсат етіңіз. Дұрыс... Қазір шығамыз. (Телефонды іледі.) Жүріңіз, художник жолдас.

Есберген. Сіз шамалы шатастырып алдыңыз білем...

Жаргелтай. Әсіре сыпайыгершіліктің керегі қанша? (Есбергеннің сумкасын көтеріп қозғалуға айналады.)

Есберген. Әйтсе де... сіз маған аздап түсіндірсеңіз еді...

Жаргелтай. Ақшаға шомыласыз, ақшаға? Қалған әңгімені жүре сөйлесеміз.

Есбергенді қолтықтай ұстап шыға береді. Кішкене паузадан кейін жұмысын бітірген Бозша шығады.

Бозша (айнала қаранып.) Жым-жырт. Жел суырып, құйын айдап кеткендей. Жаңағы жолаушы жігіт қайда болды екен! (Алжапқышын шешіп, нәрселерін жинастыра жүріп өлеңдетеді.)

Қартайғанда бойыңнан әл кетеді,

Қызыл шырай бетіңнен әр кетеді.

Шіркін-ай!

Қайран жастық өткен соң қайта оралмай,

Көңіл шіркін қоңырлап әндетеді.

Шіркін-ай.

Өтеді дәурен бір күн-ай.

Осы кезде кірген Жібек Бозша әнін бітіргенше күлімсірей тыңдап тұрады.

Жібек. Шіркін-ай. Өтеді дәурен бір күн-ай.

Бозша (үрке.) Көтек шіркін, мұнысы кім еді?! (Бұрылып қарайды.) Сен екенсің ғой, Жібекжан.

Жібек. Қандай жақсысыз, шеше. Сізді көрген сайын былтыр қайтыс болған өз шешемді көргендей боламын. (Құшақтайды.) О да сіздей мейірімді, ақылды еді...

Бозша. Аңсайды екенсің де. (Сүйеді.)

Жібек. Аңсаймын, шеше. Жаңағы сізше айтатын қоңыр әнін, бетіме тиетін жылы лебін аңсаймын.

Бозша. Оның жақсы екен, қызым. (Пауза.) Айтпақшы, ұмытып кете жаздаппын-ау... Алыстан келген бір жолаушы бала сені сұрады, Жібек.

Жібек (селт етіп.) Алыстан? Алматыдан деді ме?

Бозша. Иә, Алматыдан деді. (Қулана.) Өзің де күткен екенсің қызым, ә?

Жібек. Күткенім рас. Түрі қандай екен, шеше?

Жібек (қулықтана.) Айтыңызшы, шеше, қандай екен?

Бозша. Түрін тірі жанға ұсатпадым...

Бозша. Екі мұрны, төрт құлағы бар, аяқ, қолы сырғауылдай бірдеңе екен. (Күледі.)

Жібек (еркелей.) Қойыңызшы, шеше.

Бозша. Сып-сыпайы, әп-әдемі жас жігіт, ұмытпасам газетте істеймін деді.

Жібек. Тап өзі!

Бозша. Қуанып кеттің ғой, қызым.

Жібек жауап қатамын дегенше сыртқы есік ашылып, жадыраңкы көңілді Сапақ кеп кіреді. Бозша сыпырғы, шелегін алып шыға береді.

Сапақ. Сәлеметсіз бе, Жібек? (Қолдасып амандасады.) Бұ жолы суыт келдіңіз білем?

Жібек. Үлкен бір жұмысқа киліктім де, аялдай алмай, тартып кеттім.

Сапақ (Жібекті қолтықтай ұстап креслоға отырғызады.) Тіптен жақсы болған. Бұдан әрі кешіксеңіз іздеп шығуға да әзір ем.

Жібек. Солай ма?

Сапақ. Солай. Ояуда ойымнан, ұйқыда түсімнен бір кетпей қойдыңыз, Жібек.

Жібек. Қандай шешенсіз? Мен сіздің сөзіңізге қызыға бастасам не қылсын? (Жай күледі.)

Сапақ. Оған да шүкір. (Өтірік көлгірсіп.) Бүгін сезім ұнаса, ертең өзім ұнармын, солай емес пе?

Жібек. Кім білсін?..

Сапақ. Ал мен үлкен үмітпен күтемін.

Жібек. Күтіңіз, күтіңіз... (Күліп орнынан тұрады.) Сіз қызмет үстінде-ақ махаббат күйлерін шерте жөнелуге әзірсіз-ау деймін.

Сапақ. Несі бар шертсе, Жібекжан? Шын ғашық жан арманын шағайын десе орын таңдай ма? Айтпақ сөзім әншейінде сондай көп, сізді көрсем ақтарылардай боп жүрем. Тек беттескен кезде тілім күрмеле береді... Мен бар ғой... (Қолын соза жақындайды.) Мен бар ғой...

Жібек. Тоқтаңыз... тоқтаңыз... (Сықылықтай күледі.)

Сапақ. Неге күлдіңіз, Жібек?

Жібек. Ғажап ұқсастық, ғажап!

Сапақ. Қандай ұқсастық?

Жібек. Кешіріңіз, Сапақ аға, сіз жаңа дәл Дон-Жуанша заулаттыңыз, ха-ха-ха-х-а! Балдан тәтті, қанттан шырын сөздерді қандай төктіңіз. Ха-ха-ха! Сіз бар ғой... сіз қазақтың Дон-Жуаны болуға еркін жарап жатырсыз.

Сапақ. Міней беріңіз, Жібек. Тек тежеп тастамасаңыз болғаны. Ал енді... сізге базына айту қолайсыз көрінсе, оған да көндім. (Кеудесін көтере ұстай барып отырады.) Мінеки, осы секундтан бастап замдиректор болып сөйлесемін.

Жібек. Я, сөйтіңіз. Ал мен сізге бағынышты, жаңа ғана оқу бітіріп келген мал дәрігеріне ауысайын. (Папкасынан бірнеше парақ қағаздар алып ұсынады.) Мен мынадай сұмдықтың үстінен шықтым.

Сапақ (қағазды қарайды..) Мұның несі сұмдық?

Жібек. Осынша қой эксперимент үшін жұмсалды дегенге сенер ме едіңіз?

Сапақ. Әрине. Ал сіз сенбеймісіз?

Жібек. Жоқ. Сондықтан да актыға қол қоймадым. Мына жазылғанның бәрі жалған боп шықты. Жаргелтай, Жапалақтар да бекер қойыпты қолдарын.

Сапақ (атып тұрады.) Оны кім айтады?

Жібек. Мен айтамын.

Сапақ. Ендеше өзіңіз алданыпсыз, Жібек. Көре алмайтын көп өсекшінің сөзі біткен бе. Олар мына сіз сияқты жаңа қызметкер, аңғал жастарды пайдалануға тырысады. (Өтірік көлгірсіп.) Бұдан былай сақ болыңыз, дәрігер жолдас. (Қағазды ұсынады.) Кәнеки, қол қойыңыз.

Жібек. Кешіріңіз, жолдас замдиректор. Бұл қағазға менің қолым қойылмайды.

Сапақ. Онда еркіңіз білсін. Қаламасаңыз басқа бір дәрігерге қойдырармыз.

Жібек (актыны жұлып алады.) Өзім де қоймаймын, өзгеге де қойдырмаймын. Бұл жалған документ.

Сапақ. Сөзіңіз жеткенге көзіңіз жетпей қалса қайтеміз, Жібек?

Жібек. Көзім жеткен соң келдім. Көмілді деген жерлерді өзім аштырып көрдім, ескі тері, жүн-жұрқадан басқа ештеңе де шыққан жоқ.

Сапақ. Солай ма? (Отыра кетеді.)

Жібек. Солай. (Еңкейіп.) Шыныңызды айтыңызшы, жап-жаңа ақшалар судырап қалтаңызға құйылып жатқанда, жұлындай семіз қойлардың осы базарда сатылып жатқанын қалай аңғармағансыз? Қызық екен?! (Күледі.)

Сапақ. Күліңіз, Жібек, күліңіз. Сізге қосыла күлуге мен де қарсы емеспін. (Өтірік күліп.) Ал жаңағы сұрақтарымызды жездеңіз Дубай Шубаевичке, туған әпкеңіз Меруерт ханымға беріңіз, енді түсінікті ме?

Жібек. Не деп тұрсыз? (Қолындағы қағаз түсіп кетеді.)

Сапақ (қағазды қайта әпереді.) Мүмкін, енді қоярсыз қолыңызды. (Селк-селк күледі.)

Жібек. Жоқ! (Сәлден кейін Сапаққа қайта бұрылады.) Байқап сөйлеңіз, күлегеш жігіт. Жездем туралы өз пікірім өзіме жетеді. Көлденең кісілердің кеңесі қажет емес.

Сапақ. Мен бе көлденең кісі?

Жібек (оны тыңдамай). Мен жездемді бала жасымнан білемін. Содан бері бауырымдай керемін. (Даусын көтеріп.) Мен білегін Дубай Шубаевич сіз айтқандай болмайтын!

Сапақ. Мен кеміттім бе о кісіні?

Жібек (тыңдамай.) Мен білетін Дубай Шубаевич ақпейіл, адал жан, ол өзі басқарып отырған үлкен жұмысын құнсыз нәрселерге айырбастамайды да, әжептәуір кісілігін оп-оңай былғамайды. Өзіңізге сенген адамды сіз де былғамаңыз!

Сапақ. Мен жаман дедім бе, не деп тұрсыз, Жібек?

Жібек. Сіз байқап сөйлеңіз, Сапақ жолдас! (Шығып кетеді.)

Сапақ (есіктен көзін алмай тұр. Сәлден кейін салқын жымия бастайды.) Білесіз... Сіз жездеңізді бала жасыңыздан білесіз... Ал қазір ше? (Басын шайқайды.) Жоқ. Қазір оны біз жақсырақ білеміз... Дубай Шубаевичтің босай бастаған репутациясын қайта цементтеу үшін Меруерт ханым айтқандай, той керек... Тойға, сәулем, мың-мыңдаған сом керек. Сіз осыны білемісіз? Жоқ, сәбиім, білмейсіз. (Ойланыңқырап алып, жұмсақ күледі.) Қызым-ақ емес пе өзі?! Менің үйіріле бастағанымды сезгелі неше түрлі жаңа қырларын көрсете бастады... Кей мінезі айнымаған әпкесі. Үйі мен күйеуін де Меруертше ұстайтын болады-ау! (Қуана ойланып). Дуекең тойдан кейін өседі... Үлкен бажа министрлікке ауысқан... Я өзі министрдің... я бірінші орынбасар. Ал мен мынау әсем кабинеттемін... Особняк та бізге қалған... Жібекпенен екеуміз ғана тұрамыз... Шіркін, өмір, қандай қызық, әсемсің! (Сәлден кейін бойын жинап алады.) Шеше, а шеше, бармысыз?

Бозша (кіреді.) Бармын, балам.

Сапақ. Шеше, мені сұрағанға редакцияда деңіз. Барамын да қайтамын.

Шапшаң басып шыға жөнеледі.

Бозша. Кетті бет-бетімен бытырап. Басшы да өзім, қосшы да өзім тағы да. Отыр, Бозша, жақсы орынға сенде отыр. (Жайғасып тұрып қонжия отырған, көрермендерге қарайды.) Үлкейді дейтіндері осы болар.

Шымылдық

ЕКІНШІ АКТ

Дубай Шубаевичтің особнягі. Мейман қабылдайтын кек, жақсы мебельдері мол бөлме. Екі жақта есік. Терде балконға шығатын әйнекті есік ашық тұр. Оған тақауда үйдің екінші қабатына көтерілетін баспалдақ. Балконнан әдемі алма бақшасы, бұлтсыз аспан көгілжімін көреміз. Мезгіл түстен кейін. Перде ашылғанда жібек халатты Меруерт күйсандықта вальс ойнап отыр. Оның қасында терең, жұмсақ креслода көңілді күйде музыка тыңдаған Дубай Шубаевич отыр.

Дубай. Меруертжан, бері келші, өнерлі қолыңнан сүйдірші.

Меруерт (ойнай береді.) Керек болса өзің кел. Дубай. Келе ғой, ақбоздағым келе ғой.

Меруерт (ойнын бітіріп, қолын созады.) Мінеки, Дубай Шубаевич. Сүйіп қал, тезірек, әйтпесе қайта ұсынбай қоямын. (Күледі. Дубай еңкейіп барып Меруерт қолына шап береді.)

Дубай. Ұстадым ба, бәлем! Енді бұйырмай байқашы көрейін. (Өзіне тартып алады.)

Тәтті тоқал, тәтті шарап,

Сүйіп едім болдым харап (сүйеді.)

Тағы бір сүйсем мас боп қалар ма екенмін?

(Қасына отырғызады.) Кеудемдегі қуаныш, маған сабыр тапқызар емес. Бірде іштей сүйсінсем, бірде балаша секіргім келеді.

Меруерт. Қане, секірші. Елудегі кісінің секіргені қандай болар екен, көрелік.

Дубай. Сеніңше, қалай, елу көп сан ба?

Меруерт. Қайдан көп болсын. (Күледі.) Жүздің жартысы ғана емес пе... Ал сеніңше қалай?

Дубай. Меніңше елу — жер ортасы — сынның басы. Нашар еркек елуде кәрілікке бас иеді. Мықты еркек жас қатынмен бір түлейді. Ризамысың жауабыма? (Екеуі бір күледі.)

Меруерт. Ризамын, Дуекесі. (Мойнынан құшақтайды.)

Дубай. Елу жасым еленгелі жатса, үйіңді жазушы мен художник басса риза болмай қайтушы ең...

Меруерт. Соңғы түсім айнымай орындалып келеді.

Дубай. Қалай еді сол түсің?

Меруерт. Ұмытып-ақ қалғаның ба?

Дубай. Сен соңғы кезде кілең жақсы түстер көріп жүрсің ғой. Араластырып ала берем...

Меруерт. Ақ атан ше...

Дубай. Я, я, жаңа түсті ғой есіме... О, жануар ақ атан...

Меруерт. Әлі өңімдегідей... (Еліге.) Қалың ел қаптап қыр басына көтеріліп барады. Сол жұрттың ортасында алтын жабулы, жібек бұйдалы ақ атанның үстінде сен келеді екенсің деймін... Бар жұрттың көзі жалғыз сенде, түп-түгел қызыға, қызықтай қарасады. Жүрегім жарылардай қуаныппын. Бар даусыммен «Дубайым!» деппін айқайлап. Өз үнімнен өзім шошып кеттім.

Дубай. Іздесең таптырмайтын түс, Меруерт.

Меруерт. Солай ма екен? Коммунистер түске сенбейміз дейтіндерің қайда?

Дубай. Оның да рас... Әйтсе де сенің мына түсің қолмен ұстатқандай тура шығып келеді. Мен сені бұдан былай: «Әулием», «көріп келім» деуге де бармын.

Меруерт. Білдей ақ атан... Ұзын шудасын жел шайқап желп-желп етеді.

Дубай. Жануар, қазақ атамның киелі малы емес пе?.. Дубайын бір көтерейін, бел асырып тастайын деген ғой. (Сыртқы есік қоңырауы сылдырлайды.)

Меруерт. Мен барайын. (Тез басып кетеді. Сәлден кейін қайта оралады.) Кіріңіздер! (Еріне.) Мына жігіттер саған кепті.

Дубай. Маған? (Маң-маң басып келгендерге беттейді.) Сіз кімсіз?

1-жігіт. Мен практикаға келген студент едім, ағай, мінеки арызым. (Қағазын ұстатады.) Мүмкін болса мал басына жіберсеңіз екен.

Дубай. Сөзуар қу емеспісің, шырағым?

Студент. Жоқ, ағай.

Дубай. Онда жарадың. (Арызға қол қояды. Сүбеңнен ет кесіп алса қыңқ деме. Не тапсырса соны біл. Бұлтақ-сылтаң болмайды. Түсіндің бе?)

Студент. Түсіндім, аға. (Арызын алады.)

Дубай (екіншісіне.) Сізге не керек?

2-жігіт. Мен шофермін, сіздің директорлық машинаңызға айдаушы керек деп естіп...

Дубай. Жақсы айдаймысың?

Шофер. Первый класс. Менің қолыма тиген машина құрдай жорғалайды, ағасы.

Дубай. Меруерт, бері қара. Мына жігіт шоферлікке ұнай ма?

Шофер. Жеңеше, машина босағаңызда байлаулы болады?

Меруерт Ұнайды, ұнайды!

Дубай. Законшік қу емеспісін, өзің?!

Шофер. Жоқ, ағасы.

Дубай (арызын жазып, қайта ұсынады.) От кеш десе, от кешесің, су кеш десе, су кешесің. Жалғыз ғана машинаңды білесің. Ұқтың ба?

Шофер. Ұқтым, ағасы.

Дубай. Барыңдар.

Екі жігіт кетеді.

Сәлден кейін шофер қайта оралады.

Шофер. Кешіріңіз, ағасы, тағы бір-екі кісі келіп тұр екен, кірсін бе?

Дубай. Жоқ! Бүгінгі қабылдау бітті. Дубай Шубаевич сырқаттау екен де. Білдің бе?

Шофер. Білдім. (Кетеді.)

Дубай (орнына қайтып оралып келеді. Меруерт шар айнаның алдында таранып тұр.) Бұл жұрт енді дамыл берер деймісің. Оқушыға да Дубай, отыншыға да Дубай керек. Ең ар жағы шофер да маған жұғысқанын жақсы көреді. Қалада да Дубай, далада да Дубай. Жалғыз Дубай кімге жете береді...

Меруерт. Дубайшыларды тойдан кейін көрерсің, шалым.

Дубай. Оның рас. Күн демей, түн демей ағылатын бол ар. (Сыртқы есік қоңырауы қайта сылдырайды.) Әнеки, тағы келді. (Есікке беттеген. Меруертке.) Мәкеш, кіргізбе, уақыты жоқ де.

Меруерт. Дұрыс.

Дубай. Қазір ғылыми жұмыспен шұғыл де.

Меруерт (шығар жерде.) Жарайды. (Есіктің сыртында Меруерттің даусы естіледі.) Рұқсат! Рұқсат! Кіріңіздер! (Қолында кішкене чемодан, Әбішті ерткен Жапалақ кіреді.)

Меруерт. Қонақ келді, қарсы ал, шалым.

Дубай. Достарым екен ғой. Жоғарылатыңдар! (Қарсы алады.)

Жапалақ (даусын созып). Ассаламағалүйкүм. Жаман ініңіз Жапалақ сіз үшін аянып жатқан жоқ. Астанадан келген (Әбішті нұсқап), азамат ініңізбен танысыңыз, Дубай Шубаевич. (Әбіш пен Дубай қол алысады.)

Жапалақ (Әбішке). Сүйенеріміз де, сиынарымыз да осы ағаңыз, Дубай Шубаевич.

Әбіш. Өте жақсы.

Жапалақ (Меруертті көрсетіп). Ал мына тұрған асыл жеңгеңіз Меруерт ханым болады. Бұл кісіге біз түгіл Дубай Шубаевич те бағынышты.

Дубай (күле.) Рас айтады, қыңқ демейміз.

Осы кезде асыға басқан Жаргелтай кіреді.

Әбіш. Тас асылы Меруерт деген бар ғой. (Меруертке қолын ұсынады.)

Меруерт. Адам асылы да Меруерт, қайным. (Күлісе амандасады.)

Жаргелтай (Дубайға.) Қайран асыл Меруерт, ретті сөзін жібермей бағады-ау! Қалай іліп түсті. Қаршыға ма, ақ сұңқар ма, қайсысы екен, Дуеке!

Дубай. Ең асылы, ең алғыры.

Жаргелтай. Тауып айттық, Дубай Шубаевич. Ең қырғыны болу керек. (Есікті ашып сыртқа дауыстай.) Жолдас художник... Есберген жолдас, кіріңіз.

Есберген қалпағын қолына ұстаған, сыпайы басып, сызыла кіреді.

Есберген. Сәлеметсіздер ме?

Жаргелтай. Бұл жолдастың өнері көп жерлерде-ақ мәлім екен. Талай жүйріктерді қызметімен тәнті етсе керек. Танысыңыздар.

(Тұрғандар қолдасып амандасады.)

Меруерт. Кеше ғана жақсы бір скульптор болса деп едім.

Жаргелтай. Соны сездім де, бүгін жеткізіп үлгірдім.

Есберген. Сонда менің жетіп үлгіргенім есепке қосылмағаны ма? (Бәрі күліседі).

Әбіш (күліп). Мен де (Жапалақты нұсқап), мына кісінің олжасы боп кеп тұрған адаммын. (Есбергенге қолын береді.)

Есберген. Онда оқа емес екен. (Әбіштің қолын қайта-қайта қысады.) Жалғызбын-ау деп жалтақтап келіп ем, екеулеп қимылдасақ бірдеңе шығаратын болармыз.

Әбіш. Әбден мүмкін.

Есберген. Сіз де художникпісіз?

Әбіш (күле.). Жоқ, жазушымын.

Есберген. Онда тіптен жақсы.

Меруерт. Жанымды сезіп, ойымды тапқандарыңыз үшін екеуіңізге де ризамын. Ал енді салқынға жүріңіздер. (Түгел балконға беттеседі. Ең соңында Жапалақ, Жаргелтайды ұстап қалады.)

Жапалақ. Оңашасын тапсаң мені жамандайсың ғой, солай ма?

Жаргелтай. Сен мақтауға келген шығарсың.

Жапалақ. Уәдені бұзсаң, маған өкпелеме. (Жұдырығын көрсетеді.) Шолақ мұрның бет болады.

Жаргелтай. Өзің мықты бол! Бірдеңеңді сездім бе, аяйды деп ойлама. Қолыма түскенмен соғам да, бөтелкедей мұрныңды түйе тайпағандай етем.

Екеуі жарыса басып шығып кетеді. Сәлден кейін сырттан жедел басқан Жібек кеп кіреді. Ортаға кеп солығын басады.

Жібек (чемоданды көріп). Осында екен. Айтып қоймаса нетсін. (Аяғының ұшынан басып, балконның есігінен барып қарайды. Жай дауыстайды.) Әбіш!( Әбіш кіреді.)

Әбіш. Жібек! (Құшақтайды.)

Жібек. Дауыстама!

Әбіш. Неге?

Жібек. Қазір келісіп алайық. Мен сені танымаймын да, сен мені танымайсың.

Әбіш. Қалай, қалай?

Жібек. Солай. Сен маған жәрдем етуің керек, Әбіш (айнала таңырқап қарап тұр. Одан әйнекті буфетке беттейді.) Көремісің?

Әбіш. О не (Ол да солай беттейді.)

Жібек. Өңшең хрусталь... Не деген қымбат жасаулар...

Әбіш. Саған не болған, Жібек, тоқташы.

Жібек (оң жақтағы есікті ашып қарайды.) Кабинет.

Әбіш (қызығып.) Қандай жақсы кабинет.

Жібек. Түп-түгел емен... Жібек гобелен... (Есікті қайта жабады.) Шынымен-ақ рас болғаны ма?..

Әбіш. Түк түсінсем бұйырмасын.

Жібек (тағы да төңірегіне қарап алып.) Айтшы, Әбіш, осы үй қаншаға соғылды деп ойлайсың?

Әбіш (о да төңірегіне шоли қарайды). Қымбат болуы керек, Жібек. Менің есебім бұған жетпеуі мүмкін.

Жібек. Я, қымбат болуы керек... Шынымен-ақ рас болғаны ма?.. Сан келіп жүріп қалай аңғармағанмын?

Әбіш. Көңіл бөлмегенсің ғой.

Жібек. Келістік қой, Әбіш. Мен сені танымаймын, сен мені танымайсың.

Әбіш (күледі.) Сенің еркің өзіңде. Ал мен үйлене кеп қалыңдығымды танымай тұра алмаспын деймін.

Жібек. Жалынғаным болсын, аз уақыт қана сабыр ет. Жазушы деп әкепті ғой, сол роліңді ойнай тұр.

Әбіш. Тапқан екенсің ақысыз ойнар артисті. (Жақындап.) Сонда бұл спектакль, қаншаға созылмақ?

Жібек. Оқиғасы аяқталғанша.

Әбіш. Мың бір түнге айналып кетіп жүрмей ме?

Жібек. Роліңді жақсы ойнасаң ұзаққа созылмасқа тиіс... Әбіш, жездемді мына бұзылғандар қоршауынан шығарып алғанымша мұрша бер, жарай ма?

Әбіш. Жарайды. Тек әлің келмесе әуре боп жүрме. Асқынған ауру оңай жазылмайды. Қарайған көңіл оңай ағармайды, осы жақтарын жадыңда ұста, Жібек.

Жібек. Аңғарған екенсің ғой, Әбішім.

Әбіш. Мұндайды аңғармау мүмкін емес қой.

Балконнан дабыр жақындайды. Жібек шапшаң басып кабинетке кіреді де, Әбіш басқышпен жоғары көтеріледі. Балконнан Дубай, Меруерт, Есберген, Жапалақ, Жаргелгелтайлар кіреді.

Жапалақ. Меніңше, статуяның мыстан құйылғаны жақсы.

Жаргелтай. Ал меніңше, бронзы артық. Iрі адамдардың ескерткіштері көбінесе бронзыдан жасалады. Солай емес пе, Дубай Шубаевич?

Дубай. Бұл таластың билігін художник өзі айтсын. (Бәрі кідіріп Есбергенге бұрылысады.)

Меруерт. Сіз не дейсіз?

Есберген. Әңгіме материалында ғана емес, достарым. Сәті түссе, қара тасқа жан бітіруге, доңызға да ақылды пішін беруге болады. (Сәл бөгеліп.) Тек сәті түссін деңіздер.

Жаргелтай. Сәті түссін!

Жапалақ. Я, сәті түссін!

Жаргелтай. Қадірлі Дубай Шубаевич. Қызмет үстінде тынышыңызды алғаныма кешірім етіңіз. Қуаныш хабарын естіген соң шыдай алмадым. Енді рұқсат болса қызметке қайтамын.

Жапалақ. Мен де осыны айтамын. Дубай Шубаевич.

Дубай. Рұқсат, достарым, рұқсат. (Екеуіне қоштасу үшін екі қолын ұсынады.)

Жаргелтай (оң қолын ұстап тұрып). Мен талантты художниктің сіздің статуяңызды барынша көрікті, барынша биік етіп шығаруыңа тілектеспін.

Жапалак (сол қолын ұстап тұрып.) Ал мен талантты жазушының сізге арнаған романын барынша қызықты, барынша жуан етіп шығаруын тілеймін.

Дубай. Рақмет, достарым, рақмет.

Жаргелтай мен Жапалақ Меруерттің екі қолын жарыса сүйіп болған соң шығып кетеді.

Меруерт (Есбергенге.) Сөйтіп, сіз тойға дейін үлгіресіз ғой?

Есберген. Сәті түссе...

Меруерт. Түсіру керек сәтін. Тойға бітпеген статуяның қажеті қанша?

Дубай. Бюст де, Меруертжан.

Есберген. Иә, солай болар...

Меруерт. Жоқ, статуя! Барлық мүшесін, барлық тәртібі бойынша түгел жасайсыз.

Есберген. Оны қайда қоймақсыз?

Меруерт. Дәл осы бөлмеге. (Қолымен нұсқап.) Ана бұрышта тұрады. (Бұрышқа барады.) Байқаймысыз, осы үй соғылған кезде-ақ сіз жасайтын статуялар есебімде болған.

Дубай. Меруертжан, асыра сілтемелік. (Қасына барады.) Менімше, бюстің өзі де жеткілікті. (Кеудесін көрсетіп.) Міне, осыдан аспасын.

Меруерт. Сонда менің жоспарым бұзыла ма?

Дубай. Әр нәрсенің де әсте-әстесі жақсы. Бүгін бюст, ертең одан да үлкенірегі... Солай емес пе, Меруертжан! (Қолынан сүйеді.) Бұл жолы менің айтқаным бола қойсыншы...

Меруерт. Болсын... Бірақ (бұрышты нұсқап.) Мынау орын өз дүниесін күтеді. Анда сенің, мында менің статуям тұрады. (Кішкене тұрып қалған. Одан Есбергенге жалт бұрылады.) Кәнеки, художник, керегіңізді сұраңыз.

Есберген. Маған алдымен күн түсетін кең, жарық бөлме беріңіз.

Меруерт. Ендеше маған еріңіз.

Меруерт баспалдақпен жоғары көтеріледі. Оған ілесе Есберген де кетеді. Сәлден соң телефон соғылады.

Дубай. Алло! Сапақпысың? Жақсы, жақсы... Соңғы айдың есебін деймісің? Жібере ғой... Барлық справкаларымен түгел жібер. Не дейсің?.. Жібек? (Күледі.) Өзін қара... Тіптен қорқытып та кетті ме? (Күледі.) Өйтпесе ерке бола ма? Жарайды, соғып кет. (Телефонды іледі. Одан Меруерттер кеткен жаққа дауыстайды.) Меруертжан, Жібектің қайда екенін білмедің бе?

Меруерт (жоғарыдан көрінеді.) Жоқ, білмедім. (Қайта көрінбей кетеді.)

Жібек (кабинеттен шығады.) Мен мұндамын, жезде.

Дубай (жайдары, әндете). «Балдызым жалғызым». (Құшақтайды. Одан бетіне тесіле қарайды.) Күн шалған... жел қаққан... әжептәуір тотыққан. Әжептәуір ересек тартып та қалған. Жұмыс қалай?

Жібек. Жаман емес...

Дубай. Актыға қол қоймайсың ғой, Жібек.

Жібек. Я, қойғаным жоқ. Қап-қара қылмыстың үстінен шықтым, жезде.

Дубай. Не қылған қылмыс. Қорыққанға қос көрініп жүрген де.

Жібек. Тыңдашы, жезде...

Дубай. Түк те тыңдайтыны жоқ? Кеше келіп, бүгін менен көп білем деуге ұялсаң етті.

Жібек. Мен өз көзіммен көріп келдім ғой, жезде.

Дубай. Сенен өзге қанша жұрт істейді институтта. Соның бәрі соқыр боп қалғаны ма?

Жібек. Соның көбісі-ақ білмейді. Ал біле қойғандары бар ғой. Көрмеген болуға тырысады екен.

Дубай. Олай емес, Дубайын сыйлайтын жұрт көздерінен гөрі маған сенуге көбірек тырысады.

Жібек (таңырқай қарайды.) Солай-ма, жезде?

Дубай. Солай сары ауыз балапаным, солай. (Құшақтап апарып отырғызады.) Отыр. Енді түсіндің ғой?

Жібек. Жоқ, жезде... Ақ бар, қара бар... Жақсы бар, жаман бар... Мен соларды өз бояуыммен тануға үйренгенмін. Сондықтан...

Дубай (бөліп кетеді). Сондықтан өз туысыңа келген жақсылықты да тани біл. Осы үйдің шатырына бақыт құсы оралған екен. (Еліге түсіп.) Менен бұрын сен мәпеле сол құсты. Қайта ұшырып алмауға тырыс, сұлу қыз.

Жібек. Қайдағы бақыт құсын айтып тұрсыз, жезде?

Дубай (желпіне түсіп.) Төбемдегі. (Қолын көтеріп.) Қолымдағы, оңымдағы, солымдағы. (Ілгері бір аттап.) Ертең жүрер жолымдағы құстарды айтам да. Ха-ха-ха! (Жібекке қайта оралады.) Сен соларды шынымен көрмей тұрмысың? (Еңкейеді.) Шынымен бе?

Жібек. Сізге не болған, жезде?

Дубай (кенет суық үнмен.) Саған не болған, жалғыз балдызым? Қойлардың көмілгенін көресің, ал маған, жездеңе үйірілген бақыт құсын неге көрмейсің, ә?

Жібек (шошынғандай орнынан атып тұрады.) Енді түсіне бастадым...

Дубай. Түсін, Жібекжан, түсін. Ертең той.

Дубай Шубаевичтің тойы. Сәті түссе көшеміз де Дубай аталғалы тұр.

Жібек (кекесін күлкімен.) Мүмкін, қаланы да өз атыңызға кешіріп аларсыз, жезде?!

Дубай. Тірі болсаң оны да көресің, қалқашым. (Еліге түсіп.) Дубай қаласы... Дубай көшесі... Дубай Шубаевичтің особнягі. Онда мына мен тұрамын. (Жібекті өзіне зорлап қарата.) Онда мына сен де тұратын боласың. Қуанбаспысың осыған?

Жібек. Жоқ!

Дубай. Неге?

Жібек. Сіз аурусыз ғой, жезде!

Дубай. Мен бе ауру? Ха-ха-ха!

Жібек. Күлмеңіз, жезде. Енді мені тыңдаңызшы.

Дубай (күлкісін әрең басып). Сөз сенікі, Жібекжан.

Жібек. Егер мені риза болсын десеңіз... егер маған сенсеңіз... бұдан әрі қойыңыз...

Дубай. Нені!

Жібек. Тойды... Тойды қойыңыз, жезде!

Дубай. Пәлі, шіркін, ақылыңа болайын! (Күледі.)

Жібек. Жалынғаным болсын, ағатай...

Дубай. Сөз-ақ екен!

Жібек. Мен сізді ұяттан, жазадан сақтағым келеді. Әлі де кеш емес, ойланыңыз, жезде!

Дубай. Сен жынданған шығарсың, Жібек! Ха-ха-ха! Жұрт тойға зар. Ал сен мені тойдан қорғамақшысың. (Жібекті өзіне тартып, мазақтай сөйлейді.) Қалқатайым! Қорғанышым! (Күледі.)

Жібек. Тыңдаңызшы, жезде. Айтпадың демеңіз. Мұның аяғы үлкен шатаққа ұрынады.

Дубай (тыңдамай). Жетті, жетті. Сақалды әкеге сақалсыз көке табылыпты.

Жібек. Тым болмаса акт жайын ойланыңызшы!

Дубай. Түк те ойланатыны жоқ. Менің ақым мемлекетке кетпейді де, мемлекет ақысы маған кетпейді. Біздің арамызға бітімші де қажет емес, Жібекжан. Айттым, бітті. Осымен доғарайық. (Жібекті құшақтап билей бастайды.)

Тратта-та, тратта-та!

Тратта-та, тратта-та!

(Балконға қарай дауыстайды.)

Ей, жолдастар! Бізге музыка керек!

Тратта-та, тратта-та!

Әбіш (Дубайдың әуенімен қолын сілтей қайталайды... Жібек айнаға қарап тұр.)

Тратта-та, тратта-та!

Тратта-та, тратта-та!

Жоғарғы балкон қандай әсем, Дәуеке. Көгілжім аспан... Жайқалған теректер, алма бағы... Гүл-шешектер... Ғажап, ғажап!

Дубай (масаттанып). Жазушы осылай сөйлесу керек қой, жарайсың! Жұмақ емес пе, шырағым!

Әбіш (күледі). Одан да жақсырақ, жалғыз-ақ, күнәсіз періштелері жетпей тұрған сияқты.

Дубай. Сөз болғаныңа! Біздің үй толған періште емес пе? Ана жүрген Меруерт жеңгең. (Өзін көрсетіп.) Мына тұрған Дубай ағаң періште емей немене?

Әбіш. Солай екен-ау... Тек жеңгей кәрілеу, сіз жуандау тәріздісіз. (Күліседі.) Бірақ оның да оқасы жоқ. Жер бетінде көнере бастаған періштелер де болуы мүмкін ғой.

Дубай. Ендеше сені бап-балдырған жасымен таныстырайын. (Қолтықтайды.) Бері жүр. (Жібекке ертіп апарады.) Танысыңдар. Менің ғалым балдызым. Аты да Жібек, өзі де жібек. (Жібекке.) Ал мына жігіт Әбіш Әмиров жолдас. Мен туралы жазылатын үлкен романның авторы. (Әбіш пен Жібек қол алысады.)

Жібек. Романыңыз шапшаң біте ме?

Әбіш. Тез бітуіне өзім де құштармын. Әңгіме үлкен оқиғаның тез ширап, тез аяқталуына байланысты.

Дубай. Ендеше тезірек басталық. Жібекжан, сен бара тұр. Біз жазушы жолдаспен біраз кеңесіп алайық. (Жібек кабинетке кіріп кетеді. Дубай Әбішті жетектеп барып, қатар отырады.) Сіздің романыңызға қандай материалдар керек болар екен?

Әбіш. Барлық биографияңыз, Дубай Шубаевич, өміріңіздің толып жатқан қажетті детальдары түгел қамтылуы керек.

Дубай. Түгел? Оның бәрі есімде сақтала берді дейсіз бе?

Әбіш. Ең болмаса басты кезеңдерін айтыңыз, Дубай Шубаевич.

Дубай. Мәселен?

Әбіш. Мәселен.... (Қуланып). Геройдың туған тұсындағы, ес білген, жігіт болған, ғылымға жетілген жылдарындағы ірі оқиғалар қамтылса...

Дубай (бөліп кетеді.) Енді түсінікті! Ар жағын өзіме қалдыр, бауырым.

Әбіш. Оқыған кісіге дауа жоқ-ау. Басын аңғарса-ақ болғаны, аяғын өзі заулата береді.

Дубай. Әрине. (Ойланып отыр.) Мына қызыққа қараңыз! (Әбіштің арқасынан қатты қағып қалады.)

Әбіш. Кәнеки, Дубай Шубаевич. (Қалам, блокнотын алады.)

Дубай (қуанып.) Мен РСДРП-ның екінші съезінің тұсында туыппын! Қандай ғажап, қандай ардақты жылы туғанмын! Жаздыңыз ба?

Әбіш (жазады.) Жаздым.

Дубай (сәл ойланғаннан кейін). Он бір жасымда бірінші жиһан соғысы басталған. Ал (еліге түсіп.) Он төрт жасымда бар ғой... Жаздың ба, бауырым?

Әбіш. Жазып отырмын, Дубай Шубаевич.

Дубай. Тура он төрт жасымда Ұлы Октябрь революциясы жасалған.

Әбіш (қуланып.) Қандай қуанышты оқиға! (Қол соғады.)

Дубай Жасасын Дубай Шубаевич демеспісің! (Желпінеді.) Тек, шырағым, жаза біл, ағаңның өмірі тарихи уақиғаларға лық толы.

Әбіш. Бұл жағы молшылық-ақ екен... Енді ана... сезім, көңіл күй жақтарын айтыңқырасаңыз тіпті жақсы болар еді.

Дубай. Мысалы?

Әбіш. Мысалы ма? (Саусақтарын жыбырлатып.) Мысалы махаббат әңгімесін алалық...

Дубай. Мұның да түсінікті, шырағым. (Әбішті өзіне тартып.) Қай махаббатты айтасың? Ана жеңгеңмен бе? Жоқ, толайым бәрін қосқанда ма? (Жоғарыдан Меруерт түсе бастайды.)

Әбіш (қулана түседі). Неғұрлым көп болса, соғұрлым пайда. Махаббатсыз роман — жаңбырсыз жазбен тең. Кәнеки, айта бастаңыз. (Қаламын ыңғайлайды.)

Дубай. Сабыр, Әбішжан, ол туралы ойласа түскеніміз мақұл шығар.

Әбіш. Кешігу де пайда емес, үлгірмеуіміз мүмкін, Дубай Шубаевич.

Меруерт (басқыштың орта шенінде кідіріп). Әрине, кешігу пайда емес. (Отырғандар солай қарасады.)

Дубай. Мaxaббaт хикаясына шешендігім жетпей ме деп қорқамын.

Меруерт (бір басқыш төмендеп). Сонда сүйіп көрмегенің бе, шалым? (Күле.) Жас жігіттерге мазақ боп жүрмегейсің...

Әбіш (Меруертке). Мүмкін, романның сезімге шабар әңгімелерін өзіңіз айтып жіберерсіз...

Меруерт. Айтқанда қандай! (Басқыштың қанатына асыла тұрады.)

Дубай. Соғып жіберші, Меруертжан.

Меруерт. Сізге әлбетте героиняның белсенді болғаны қызықтылау шығар, солай емес пе?

Әбіш. Әдетте еркек бастайды ғой әңгімені. Мұндай оқиғаларға қалам ұстағанның соқпай өткені жоқ деуге болады.

Дубай. Оның рас.

Әбіш (Меруертке). Сіз тың әңгіме айтарсыз, Меруерт ханым.

Меруерт. Мен сізге аққудың бүркітке түскенін, киіктің жолбарысқа шапқанын айтамын. Ұнай ма? (Күледі.)

Әбіш. Ұнайды. Тек аққу мен киікке жеңдіріп шығарыңыз. (Жақындай түсіп.) Бүркітті торға түсіріңіз, ал жолбарыстың аяғын алмас қақпан шапсын.

Меруерт. Өзі де солай. (Күледі.) Мен сізге әлсіз қыздың алыпты жыққанын да айтамын.

Дубай. Па-па-па! Мақтан, шіркін, мақтан!

Әбіш. Сонда аққуды тырнақты, киікті азулы етіп сипаттайтын болдық қой, солай ма?

Меруерт. Әрине, жас қыздың жүрегіне маздаған от жағыңыз, құшағын темір құрсаудан берік етіңіз...

Әбіш (іле жөнеледі.) Сол құрсауға Дуекең түссін де, сол отқа төстіктен қақталсын ба?

Дубай. Я, сөйтсін, сөйтсін. (Күліседі.)

Меруерт. Ұмытпаңыз: романыңыздың соңы алтын шатырлы особняк, арманына жеткен сұлу.

Жар. (Дубайға сәл ғана қолын созып.) Қайта түлеген қайратты ермен аяқталсын!

Дубай.

Тәтті тоқал — тәтті шарап!

Сүйіп едім болдым харап. (Қолын созады.)

Келе ғой, тырнақты балапаным.

Осы кезде есік ашылады да сырттан Сапақ кеп кіреді.

Сапақ. Кеш жарық!

Дубай. Жоғарылат, Сапақ!

Сапақ (тұрғандарға қызыға қарайды). Осы орта ғой менің іздегенім. (Дубайға қол береді.)

Дубай. Мына жазушы жолдаспен таныс. Әрі орынбасарым, әрі болашақ бажам, осы жігіт.

Әбіш. Солай ма? Сіздің болашақ бажаңызбен танысқаныма қуаныштымын... Қандай келісті жігіт. Мінезі де ерекше шығар...

Дубай. Аумаған өзім.

Әбіш (Сапаққа қолын созып). Жібек сұлуға тезірек қосылуыңызға тілектеспін.

Сапақ. Рақмет, інім. Сәті түссе, тойымыздың да төрінде отырарсыз.

Әбіш. Жетсек екен сол күнге!

Дубай (кабинет есігін ашып). Жібек, бері шық.

Жібек (шығады). Не дейсіз?

Дубай (Жібекті ұстап тұр. Одан Меруертке). Меруертжан, вальстеріңнен болсын... (Меруерт күйсандықты тарта бастайды. Дубай көңілсіз қызды еріксіз үйірілте жөнеледі.)

Жібек. Қойыңыз... босатыңызшы, мені.

Дубай. Күшті болсаң босанып көр... (Музыка, би қыза береді.)

Сапақ. Қызым-ақ емес пе?!

Әбіш. Ғажап екен, ғажап! Аяғына қараңызшы. Билеп жүрген жоқ, кесте тігіп жүрген сияқты ғой.

Сапақ. Тамаша айттың, інім.

Әбіш. Бойы қандай әсем ед! Қараңызшы, жел шайқаған жас теректей солқылдамай ма?

Сапақ (Әбішті құшақтайды.) Әрбір сөзің бір қойлық екен, бауырым. Тағы да айта түсші.

Әбіш (құтырта). Мұндай қызды жар ету— жалғаннан армансыз өтумен бірдей-ақ шығар...

Сапақ. Әрине, бауырым!

Әбіш (үстелей). Мұндай қызды жар ету — адамзаттың ең бақытты болуымен тең шығар!

Сапақ. Қандай келістіріп айттың, қалқашым. (Бетінен сүйіп алады.) Талант қайнап тұрмаса мұндай сөздер ауызға оңай түсер ме!

Әбіш. Ала алмай қалған жігіттің де маңдайының соры төрт елі болар кемінде...

Сапақ. Сегіз елі де... Құдай ондай күйден сақтасын.

Әбіш. Әңгімелеріңіз пісіп болған ба еді?

Сапақ. Піскенде қандай! Асап қалуы мен қылқ еткізіп жұтып қалуы ғана жетпей тұр.

Әбіш (өзіне). Түйіліп өлерсің, сорлы! (Музыка нәзік аяқталып барып тоқтаған. Жібек айнаға барып қайта таранады.)

Дубай. Қолыңнан айналайын, Меруертім. (Барып қолынан сүйеді.)

Меруерт (ортаға беттеп келеді). Жазушы жігіт, ұнады ма, ойыным?

Әбіш. Мен сіз болсам, сахнаға да ұялмай шыға берер ем...

Меруерт. Асыра мақтап жібере көрмеңіз. (Күледі.) Кәнеки, енді жоғары балконға шығып дем алайық.

Дубай. Шампан ішпеуші ме ек, Меруерт?

Меруерт. О да бар жадымда. Шампан Бозша шешей әкелген соң ашылады. (Қонақтарына.) Қымбатты қонақтар, (жоғары қарай қолымен нұсқап.) Биікке көтеріліңіздер!

Сапақ. Биікке! Қандай мәнді сөз. Дубай Шубаевич, өзіңіз бастаңыз биікке.

Меруерт (Дубайын қолтықтайды.) Ілтипат ең қымбат зат. Достар жақсы ырым жасасып тұрғанда, біз шегінбелік. Жүріңіз, Дуекесі. (Маң-маң басып көтеріле береді. Жібек айнадан бұрылып, екі жігітке беттейді.)

Жібек. Қалай, таныстыңыздар ма?

Әбіш. Сіз билеп болғанша, біз танысып та үлгіргенбіз. (Қолын созады.) Қайырлы болсын деуге рұқсат етіңіз.

Жібек. Рұқсат, рұқсат! (Күліп қолын береді.) Оқудан қайтқаныма айдан асқан жоқ, құтты босыншылар шашымнан да асып барады. Қандай тамаша!

Әбіш (шытырлаңқырап). Онда әбден жарияланып болған екен де!

Жібек. Болғанда қандай! Тек әзірше жаңғырықтың даусы зор да, өзі жоқ.

Әбіш. Қалайша? Мына Сапақ жолдасты қайда қоясыз сонда?

Жібек. Бұл кісі қоңыраулы адам, ешкім қақпаса да қаңғырлай береді. Сондықтан оған мән бермесеңіз де болады.

Сапақ (дірілдеп). Сіз мені қорлап тұрсыз ғой, Жібек?

Жібек (қадала қарап). Сіз ше, мені қорлаған жоқпысыз? Қашан сізге қалыңдық болуға ризалық беріп ем? Осынша өтірік айтуға шіміркенсеңіз еді!

Сапақ (саса сөйлейді) Тентек болма, Жібек. Маған Дубай Шубаевичтің өзі ризалық берген. 

Әбіш. Онда Дубай Шубаевичтің өзіне үйленеді екенсіз де (күледі).

Сапақ. Қой, жолдас, саған қалған сөз жоқ. Біздің арамызға қыстырылма!

Әбіш. Онда кешіріңіз. (Жібекке.) Серуендеп қайтуға қалайсыз, бикеш?

Жібек. Әзірмін. Сіз маған қатты ұнап келесіз, жолдас жазушы. Жүріңіз!

Әбіш (Сапаққа). Кешіріңіз. (Жібекті қолтықтап балконнан шыға береді.)

Сапақ (көзін жыпылықтатып). Сенейін бе, сенбейін бе? Жаңағылар жынданған шығар! Тым болмаса «жүріңіз» деп ишарат та етпеді-ау. (Балконға қарап кіжінеді.) Жоқ, қымбаттыларым! Сапақ мұндай тәлкекті кешірмейді!.. Я, кешірмейді. (Баспалдақпен жоғары жүгіріп шыққан, сыбырлай дауыстайды.) Меруерт апай! (Есіктен Меруерт көрінеді).

Меруерт. Жай ма, Сапақ?

Сапақ. Сұмдық! (Меруертті қолынан жетектеп төмен түседі.) Жібек мені қорлап кетті, әпкетай.

Меруерт. Не дейді, қорлағаны несі!

Сапақ. Тілінің барлық тікенін маған қадады да, ана жазушымен тартып отырды.

Меруерт. Қайда?

Сапақ. Мына сіздің бақшаға.

Меруерт. Онда ұзамаған екен. (Күледі.) Келер.

Сапақ. Күлмеңіз, апатай... (Даусы дірілдеп.) Сізге күлкі, маған жәбір.

Меруерт. Е, нең күйреді соншалық?

Сапақ. Паналағаным Дуекең... Арқа тұтынғаным өзіңіз едіңіз. Көп ұзамай туысамыз ба деп те жүр едік...

Меруерт (күледі). Ал енді не бопты?

Сапақ. Бітті... бітті бәрі.

Меруерт. Біткені қалай?

Сапақ. Жібек маған пысқыратын да емес. Осы жерде мені кісімісің, итпісің десе бұйырмасын, бөгде адамның алдында сыбап-сыбап алды да, шоңқайтып тұрып отырғызды да кетті.

Меруерт. Сен үндемей қалдың ба?

Сапақ. Жоқ.

Меруерт. Оның жарамаған екен. (Жайдары.) Қу қыз сынау үшін әдейі соқтыққан ғой.

Сапақ. Әлде солай ма екен?.. Шындап жүрмесе қайтсін...

Меруерт. Қорқып қапсың ғой, шырағым... Мен сені тегеурінді, отты жігіт деп ойлаушы ем.

Сапақ. Төбелес деймісіз енді?

Меруерт. Қыздың да жуасы мен қасқыры болады. Біздің Жібек сол қасқырлардың бірі. Бұдан былай өзіңді бекем ұста. (Балконға қарай дауыстайды.) Жібек! (Жақындап.) Жібекжан! (Балконға шығады, оған ілесе Сапақ та көрінбей кетеді. Сәлден кейін сыртқы есіктен қоржын толы шарап көтерген Бозша кемпір кеп кіреді.)

Бозша (қоржынды ортадағы столға әкеп қояды). Уһ, жасаған-ай! Әрең жеттім ғой. (Желпінеді, бөтелкелерді жөндейді). Күнде тасимын қоржындап. Бүгін әкелгенім ертеңге жетпейді. Ішіп-ішіп сілелері қатқанда көрместей болады да, түн араламай-ақ қайта сораптай бастайды. О, жасаған, осыны ішкендердің алды ауыра да бастапты. Ана бір сарғылт жігіт әжептәуір кісі еді, осы күні әбден ауруға айналыпты. Ішіп алған соң, шөп-шалам, ит-құспен сөйлесетін көрінеді. (Басын шайқайды.) Іше берсе қайсысы жынданбас дейсің мұның. (Балконнан Әбіш пен Жібек сөйлесе кіреді.)

Жібек. Бүгін жазамысың?

Әбіш. Бүгін.

Жібек. Көзім жетті. Енді бөгелетін ештеңе де жоқ. Тез жаз да, тез жібер. (Бозшаны көріп кідіреді.) Амансыз ба, шеше? (Қоржындағы бөтелкелерді көріп). Осының бәрін бір өзіңіз көтеріп келдіңіз бе?

Бозша. Я, бір өзім. Бөліп көтеру науқаны енді басталады.

Жібек. Бөліп көтергені қалай?

Бозша. Ішкенді айтамын, қызым.

Жібек. Ә, солай екен ғой. (Күліседі.)

Әбіш. Шеше, сіз институтта істемеуші ме едіңіз, мұнда неғып жүрсіз?

Бозша. Ондағысы не, мұндағысы не. Бәрібір Дубайдың қызметі емес пе, балам?

Жібек. Жоқ, шеше, тіпті де бір емес.

Бозша. Сөйлеме, қызым, сен Дубайдан ақылды емессің. (Күледі.) Дубайжан дұрыс айтады, үй қызметкері сенімсіз болса одан зор пәле жоқ. От басының әңгіме сырлары көшедегі жұрттың аузында жүреді,— дейді. Дұрыс па? Дұрыс. Сен осыған түсінбейсің, қызым. (Мұрнынан қысады. Әбішке.) Кәне, балам, жәрдемдесіп жібер. Мынаны салқынға шығарайық.

Әбіш. Жарайды, шеше. (Қоржынды. көтереді.) Кәне, бастаңыз.

Бозша. Мұның орны балкон болады, шырағым. Сонда барған соң әр түрлі қарындарға бөлінеді. (Бәрі балконға беттейді.) Сенін қарныңа қаншасы сыюшы еді, балам?

Әбіш. Көп емес, шеше, әлі созылып болған жоқ. (Қарсыдан Меруерт пен Сапақ кіреді.)

Меруерт (қуана қарайды.) Жарайсың, шешесі! Кеспектегі мұзды суға салыңыз.

Бозша. Жарайды. (Олар өтіп кетеді.)

Меруерт. Жібекжан, бұрыла кетші. (Жібек бұрылып келеді. Сапақ баспалдақпен жоғары кетеді.)

Жібек. Ал, бұрылдық.

Меруерт. Бұртиюын қара өзінің. (Күле.) Осындай күнде бойжеткен қыз жабыңқы бола ма екен!

Жібек. Сеніңше қалай болу керек?

Меруерт. Болды. Бұртима дедім ғой. (Қасына тартып алып сүйеді). Мені жұрт жайдары, жарқын мінезді деп мақтайды. Сен де сондай болуын, керек емес пе?..

Жібек. Сосын?...

Меруерт. Жігітіңді ренжітіп алғаның қалай? (Күледі.) Сөйте ме екен?

Жібек. Жігітің кім, Сапақ па?

Меруерт. Басқа кім болушы еді?

Жібек. Ендеше оған ескертіп қой. Бұдан былай маған жуыспасын.

Меруерт (жайдары). Дұрыс-ақ, дұрыс-ақ!

Жібек (оны тыңдамай). Енді маңайласты бар ғой, аямаймын.

Меруерт (күледі). Жеп қоямысың?

Жібек. Бір шелек керосинді үстіне аудара салам да от тұтатып қоя беремін.

Меруерт (күледі). Ой, тентек, не деп тұрсың өзің?!

Жібек. Күлкісі жоқ. Лауылдап тұрып, жанып жатқанын көргілерің келмесе, менен аулақ ұстаңдар!

Меруерт. Шын айтамысың?

Жібек. Шын болғанда қандай!

Меруерт. Мен ойын екен десем...

Жібек. Ойын! Өмір сүретін мен, күйеу табатын басқа біреулер. Көрсемші мұндай ойынды!

Меруерт. Міне, тентек, міне ақылсыз. Бүйте берсең мені өкпелетіп аларыңды білемісің? (Күледі.)

Жібек. Meн үшін бәрібір! (Жоғарыдан Дубай даусы.) Шампанға! Шарапқа!

Жібек балконға кетеді. Меруерт тұрып қалады. Жоғарыдан түсіп келе жатқан Дубай мен Сапақ көрінеді.

Сапақ (баспалдақтан түсіп келе жатып). Жібектің әзіргі беті маған ұнамайды.

Дубай. Асықпа Сапақ, ерке, өжет қыздардың құшағы тастан да берік, ә дегенде ашылуы киын болатын.

Меруерт. Басынан өткізген ғой байғұсың, қалай-қалай соғады. (Үшеуі қосыла күліседі.)

Сапақ. Менде төзімнен көп нәрсе жоқ. Бір жігіттей-ақ шыдап бағармын... Жалғыз-ақ ана актыға қол қоюды ұзатпаса екен... Тексеру жасала қалса, күйреп түсеміз, Дубай Шубаевич.

Дубай (шошып). Мынасы сұмдық екен-ау.

Меруерт. Түк те сұмдығы жоқ. Әншейін еркелеп жүргені де.

Сапақ. Мұндай еркеліктің аса қымбатқа түсуі мүмкін, апай.

Меруерт (балконға жақындайды.). Жібек! Жібекжан!

Жібек (балконнан). Немене!

Меруерт. Бері шық, жездең шақырады. (Ана екеуіне.) Кәнеки, менің көзімше сөйлесіп көріңдерші.

Жібек (шығып келеді.) Жайшылық па, жезде?

Дубай. Жібек, сен актыға шын-ақ қол қоймаймын депсің ғой, оның қалай?

Жібек. Қоймаймын деп өзіңізге айтпадым ба?

Дубай. Мен оны ойын деп білген ем.

Жібек. Ал мен шын айтқанмын.

Меруерт. Жібек, салғыласпа, ұят болады.

Жібек. Тәте, сен өз шаруаңды біл, араласпа!

Меруерт (алара қарайды). Содан соң!

Дубай (әйеліне). Сен қоя тұршы, Меруерт. (Жібекке.) Балалық жасама, Жібек. Ойыннан от шығады. Осы үйдің абыройына, мына Меруерт пен мен сияқты сен де ортақсың. Менің шығыным — сенің шығының, менің олжам — сенің де олжаң.

Жібек. Шығыныңызға ортақ ете беріңіз. Тек олжаңыздан аулақ болайын, жезде! Маған «олжа», «пайда», «атақ» , «даңқ» керек емес. Оған жеткіземін деп ешқайсыңыз да әуре болмаңыздар.

Дубай. Мінеки, декларация керек болса! (Сапақ екеуі сылқ-сылқ күледі.) Олжа мен пайдаға, атақ пен даңққа қарсы бір ғажап жан туды да қалды! (Жібекке жақындай түсіп.) Ал мен жаңағы аталғандардың біріне де қарсы емеспін, сәулешім. Жас елуге келсе, шаш буалдыр тартса, соның бәрі жігер-қайраттың көп жұмсалғанының салдары. Демек, сенің жасыңда асықпау әбден орынды.

Сапақ. Қандай мәнді сөздер. Ағып тұрған философия емес пе, Жібек?

Жібек. Философия. (Жай ғана күледі.) Бөренені бітеу жұтатындардың философиясы. Сапақ жолдас, сіз неңізді міндет қыласыз?

Сапақ. Міндеті несі?

Жібек (жақындап). Шашыңызда ақ, бетіңізде дақ жоқ. Сіз қандай философияға сүйеніп жейсіз деймін? Енді ұғымды ма?

Сапақ. Мұныңыз орынсыз өткірлік. Мені ұрамын деп Дубай Шубаевичті де қоса соғып тұрсыз, Жібек сұлу.

Жібек. О да мүмкін.

Дубай (ызалы). Қоялық сөз жарыстырғанды. Қысқасын айтшы, қоямысың қолыңды, жоқ па?

Жібек. Жоқ!

Дубай (мысқылдай). Неге, сәулешім?

Жібек. Мен ұры емеспін, адал совет азаматымын. (Бірсыпыра сілейісіп қалады.)

Дубай. Есіттің бе, Меруерт?

Меруерт (ызғар төге кеп Жібектің қарсы алдына тоқтайды.. Балконнан Әбіш кіреді). Не дедің? Қайта айтшы, кәне?!

Жібек (қаттырақ) Мен ұры емеспін дедім!

Меруерт. Енді есіттім! (Шапалақпен тартып жібереді.) Біз бе сонда ұры демегің?! (Қолын қайта көтергенде Әбіш ұстап қалады.)

Әбіш. Кешіріңіз, Меруерт ханым. Періштелер қол жұмсамас болар. (Жібек балконға кетеді, оған ілесе Әбіш те шығады.)

Дубай (ашулы). Жетті!... Балапан емес, бөлтірік өсіріппін. Туыс дегеніміз әлде неге айналып барады, Меруерт? (Сапаққа.) Ал сен, Сапақ, кімсің өзің? Жігітпісің, жоқ әлде шляпамысың, ә? Бір қызға құдіретің жетпесе еркек атанып нең бар ед? Біліп қой, актыны тез тәртіптемесең өз басыңды өзіңе мүжітемін!... Естемісің?

Сапақ (қалтырап). Естіп тұрмын, Дубай Шубаевич..

Дубай. Қалтырама, қауылдырық!

Сапақ. Кешіріңіз, Дубай аға.

Дубай (Меруертке). Жібектің аузына ауыр құлып сал, көзіңнен таса жіберме.

Меруерт. Аузына от қарырмын ол қыздың?

Дубай. Сөйт. (Сапаққа.) Басылды ма жүрегің?

Сапақ. Айта беріңіз, Дубай Шубаевич...

Дубай. Тойды барынша дуылдатып өткіземіз. Бөтен сөзбен, бөгде үнді той салмағы тұншықтырып, кеміп кететін болсын. Түсіндің бе, Сапақ?

Сапақ. Түсіндім, Дубай Шубаевич, түсіндім. (Иіледі.)

Шымылдық

ҮШІНШІ АКТ

Балкон. Оған жалғаса алма бағының түкпіріне қарай кететін гүлдермен безенген әдемі алан. Балконнан үйге кіретін есіктің оң жағына ақ шүберекпен бүркеулі бюст тұр. Мезгіл күн батардан ертерек. Ұзын стол үсті алуан түрлі шарап, шербет, жемістермен толы. Бозша соның бәрін өзінше реттеген боп жүр. Іштен пианино күйі естіледі.

Әбіш пен Жібек бақшадан балконға өтіп барады. Қысқа, асығыс сөйлеседі.

Жібек (ызалы). Қалмаймыз, кетеміз, Әбіш. Мұндай сұмдық ұясында бір минут та қала алмаймын.

Әбіш. Шыдаймыз, кідіре тұрамыз.

Жібек. Неге, не үшін аялдаймыз?

Әбіш. Өзіміз қатысқан мына спектакль біткенше аялдаймыз, мен өз ролін өзі қадірлемейтін дәрменсіз артист болғым келмейді, Жібек. (Екеуі балкон арқылы өтіп кетеді.)

Бозша. Күн боса батып барады, менен басқа біреуі асығайын десейші. Жиналып алған соң ғой, әкелерінің ақысы кеткендей обығады. (Ойланады.) Тағы несі жетпейді? Е, шатасқан басым, көк шөптері қойылмапты ғой. (Көк салынған ыдыстарды әкеп қояды. Содан есікке қарап дауыстайды.) Меруерт! Меруерт, бармысың? (Меруерт күлім қаға шығады.)

Меруерт. Бармын, шеше!

Бозша. Бір күйсандық әуре, бір сен әуре. Уақыт боса тығыз, мына шаруаңды басқарсаңшы.

Меруерт (сағатына қарайды.) Асықпа, шеше. Қонақтар сағат сегізге шақырылған.

Бозша. Сенің қонағың сегізге десең, алтыға, келеді емес пе?

Меруерт (күледі) Оныңыз да рас, шеше. Ал маған не бұйырасыз?

Бозша. Мен тұздаған етті турайын, басқа жағына өзің қара. (Бозша шетірек тұрған столға барып ет турауға кіріседі. Меруерт көңілді күйде стол үстін өзінше жөндеп, нәрселердің орнын ауыстырып қойып жүр. Әлдеқандай жеңілтек өлеңді сыңсып айта жүреді.)

Сүйемін шәрбет, шарапты

Сүйемін жарды-жақынды.

Сүйемін әнді — қанатты,

Сүйемін — жастық шағымды.

Есімде менің көп сырлар...

Есімде — жаздың кештері.

Аспанға сыймай жұлдыздар

Селдіреп, кейін өшкені.

Сүйемін шәрбет, шарапты,

Ішелік, достар, келіңдер,

Сүйемін әнді — қанатты,

Бастайын, кәне, еріңдер!

Қалай, шеше, ұнай ма өлеңім?!

Бозша. Бәрі жақсы. Тек ішейік дегенін ұнамайды.

Меруерт (күледі). Неге, шеше?

Бозша. Сол. Мен өз басым арақ-шарапты өлеңге қосқанға қарсымын.

Меруерт. Бұл қуаныш өлеңі, шеше. Бүгін той басы, ертең бүкіл қаланы дүбірлететін күніміз. (Жақындап.) Шеше, сіз қуанамысыз?

Бозша. Қуанбағанда ше, Дубай саған күйеу болса, бізге бастық емес пе?.. Тек арты баянды болсын де...

Меруерт. «Арты» дегенді ойланып айттыңыз ғой, әлде күдігіңіз бар ма, шеше?

Бозша. Күдіксіз кәрі бола ма, қызым. Менің жасыма жеткенде бәрің де сауысқан сақтыққа көшесіңдер.

Меруерт (еркелей). Қойыңызшы, шешетай, сауысқаны несі тағы.

Бозша. Сауысқан сақ құс. Бір шоқыса екі қаранады. Ол аңдығанды да аңдай біледі, жемін де таңдай біледі.

Меруерт. Не деп тұрсыз, шеше?

Бозша. Әншейін бір мысал ғой балам.

Іштен әдемі киінген Дубай мен Сапақ шығады.

Дубай (өзіне-өзі риза. Столға да тойым көзімен қарайды). Па-па-па! Мінеки әзірліктің сияғы. Ұнай ма, Сапақ?

Сапақ. Интимный кеш үшін ағыл-төгіл екен.

Меруерт. Бүгінгі кешке мен жауапты. Ал ертеңгі тойға өзің жауаптысың.

Сапақ. Үлкен жиын үйдегі мәжілістен солғын шығып жүрмесін.

Сапақ. Ол жағын (кеудесін соғып.) Мына жаман ініңізге артыңыз да қойыңыз. (Нәштеп.) Біздің қала көрмеген қызық болады, біздің қала жемеген сый тартылады.

Дубай. Жарайсың, Сапағым! (Арқасынан қағады.)

Сапақ (екілене түседі). Арақ пен шарапты тау суындай ағызамын.

Бозша (бұрылмай). Онда өзің де өгізше өкіретін боларсың, шырақ.

Меруерт. Би де болатын шығар?

Сапақ. Осы қаланың ең жақсы оркестрі шақырылды. Таң атқанша билейміз, апай.

Меруерт (шапшаңырақ қимылдай түседі).

Парапп-раппа!

Параппа-раппа!

Шеше, есіттіңіз бе? Ертеңгі қызық бүгіннен де басым шығатын бопты.

Бозша. Естіп тұрмын, Меруертжан.

Сапақ. Ертеңгі күн өзіне бөлек, апай. Бүгінгі үйде өтетін кешті де ең жоғарғы деңгейде өткізуге міндеттіміз. Оркестр мұнда келмеуші ме ед, Дубай Шубаевич.

Дубай. Келгенде қандай!

Сапақ. Па, шіркін! Бүгінгі газет келіп үлгірер ме еді!

Меруерт. Онда не бар екен, Сапақжан?

Сапақ (жүгіріп барып Меруерттің құлағына жасырын айтқан болады.) Онда Дубай Шубаевич үшін сюрприз бар, апай.

Меруерт (қуанышпен қаттырақ қайталайды). Сюрприз!

Дубай. Мен де есіттім! (Жүгіре басып ана екеуіне келеді.) Шын ба, бауырым Сапақ? Лебізің майдай тиді ғой құлағыма. (Құшақтайды.)

Сапақ. Шын.

Дубай (жай). Жазушы кім, білемісің?

Сапақ. Білгенде қандай, жазған (кеудесін қатты-қатты соғады.) мына жаман ініңіз, Дубай Шубаевич! Мына ақымақ ініңіз, Меруерт апай!

Дубай. Досым-ақ, бауырым-ау екенсің ғой, Сапақжан! (Құшақтап бауырына қысады.) Жігітім-ақ екенсің ғой өзің!

Сапақ. Онда да біздің достар баршылық емес пе? Бүгін сіздің елу жылдығыңызға арналған менің үлкен мақалам шығады.

Дубай (есі шыға). Совет газетінен садаға кетсем болмас па!

Меруерт. Ә, солай ма екен? Газет оқуға қолым тимейді дейтінің қайда?

Дубай. Оқымасам да іштей кәдірлейтінмін. (Бозшаға жақындайды.) Жөнел, шеше, почтаға жеткізе көр газетжанды.

Бозша. Қоя тұр. Дубай, етімді турап алайын.

Дубай. Жо-жоқ, ұшуыңыз керек, шеше.

Бозша. Жарты сағаттан кейін.

Дубай. Бір секунд та кідіруге мүмкін емес.

Бозша. Қазір, қазір. (Алжапқышын шеше бастайды.) Кісіге жұмыс істетпейтіндерің-ай, осы. (Кетеді.)

Дубай. Совет газеттерінен садаға кетсең болмас па! (Сапаққа.) Осындай бір игі жұмыстар үстінде қолтығыңнан демеп жіберетіні бар-ау өзінің.

Меруерт. Жарықтық-ай десейші.

Дубай. Адамның санасын арттыру, бәрімізді патриотизмге тәрбиелеу, капитализмнің қалдығын қырқу, жақсылар еңбегін дәріптеуде совет баспасөзінен айналып кетсең болмас па!

Осы кезде іштен кітап оқи шыққан Есберген көрінеді. Ол бір қолымен насыбайын иіскейді.

Есберген (түшкіреді). Әтпішу! Жолың болсын деңіздер!

Сапақ. Жолың болсын, художник!

Есберген (басын көтеріп алады). Айтқаның келсін, шырақ. (Сағатына қарайды.) Бұл не деген өтпейтін уақыт? Маған бүгін әрбір минут сағаттан ұзақ секілді.

Сапақ. Жаңа шығармаңызды көрсеткенше сабыр таппай жүр екенсіз ғой.

Есберген. Оның да рас. (Іштен есік қоңырауы естіледі.) Қоңырау! Келе бастады деген осы болар. (Үлкен букеттер, буат нәрселер көтерген Жапалақ, Жаргелтайларды әйелдерімен қарсы алған Жібек кіргізеді.)

Жібек (есікті ашып жол береді). Кіріңіздер! Кіріңіздер!

Дубай (құшағын жая). Келіңіздер, қадірлі достарым!

Меруерт (жайраңдап). Төрлете беріңіздер.

Жаргелтай (букетті Дубайға ұстатады). Той, тойға ұлассын.

Жапалақ (букетін Меруертке береді). Қуаныштарыңыз үзілмесін!

Меруерт. Айтқандарыңыз келсін!

Майра. Ұлдың тойы мен қыздың тойы да бар, елуге келген ердің тойы да бар. Шашу бәрінің де сәні! (Қалтасынан уыстап алып күміс теңгелер шашады.) Шашу! Шашу! Құтты шашу болғай!

Жапалақ. Қатыным емес — алтыным екенсің ғой, тауып-ақ кеттің-ау, ақылдым! (Құшақтайды.)

Дубай. Қандай трогательно... рақмет, Майраш. (Арқасынан қағады.)

Жаргелтай (Зәурешке). Апырай, Зәуреш, асырып кетті-ау мыналар! Енді қайттіқ? (Жапалақ пен Майра бұларға енді қайтер екенсіңдер дегендей мазақтай, жымия қарайды.)

3әуреш. Теңге шашу, тиын шашу! Мен Дубай Шубаевичтің тойына ондай нәрсені арзан көрер ем. Шын қуансаң менше қуан! Інжу менен гауһар шаш! (Мойнындағы асыл моншақтарын сыпырып алады да Дубайға шашады.)

Жаргелтай. Құрбандығың болайын. Зәурешжан! Данышпаным, (Құшақтап сүйеді.) Тапқырым...

Меруерт (ол да Зәурешті құшақтайды.) Бұл аңыз болуға жарарлық әңгіме!

Дубай. Рақмет, Зәурешім! (Қолын қысады.)

Жапалақ. Қымбатты Дубай Шубаевич, ардақты Меруерт! Сіздердің интимный мәжілістеріңізге еленіп шақырылғанымыз үшін біз өзімізді бақытты деп санаймыз.

Жаргелтай. Біз де, Дубай Шубаевич! Біз де солаймыз.

Есберген (насыбай иіскеген, түшкіреді.) Әтпішу! Рас екен.

Дубай. Жолың болсын, художник!

Есберген (Жібекке). Әр кісінің елу жылдығы осылай өте берсе.

Жібек. Дәме етпей-ақ қойыңыз. Сіздің тойыңыз бұлай өтпейді.

Есберген. Неге, қарындас?

Жібек (құлағына сыбырлайды). Ол кезде інжу, гауһар шашатын ақымақтар азаятын болу керек. (Майра мен Зәурештер айналаға қызыға қарасып тұр.)

Майра. Бақшасы қандай әсем!

Жаргелтай. Барлық тәуір бұлбұлдар сіздің бақшаға жиналады деседі ғой, Дубай Шубаевич.

Жапалақ. Жаңылыспасам, осында қытай бұлбұлдары да болса керек-ау...

Дубай. Баршылық, бірнеше тұқымдары табылады.

3әуреш. Меруертжанның бауында нелер жоқ дейсің.

Майра. Құс та жақсыларды табады екен де.

3әуреш. Әрине, сені мен маған торғай да жуымас.

Жаргелтай. Бәрінен де бұрын особнякты айтпаймысыңдар.

Майра. Мынадай сұлу балконды өмірде көрген емеспін.

3әуреш. Екінші қабатына шыққанда адамға қанат біткендей болатын шығар.

Жапалақ. Рас айтасың, анада бір осы көшеден кешке жуық өтіп ем. Көше беттегі жоғарғы балконда Меруерт ханым тұр екен... (Меруертке). Сіз мені байқамаған шығарсыз...

Меруерт. Кешіріңіз, есіме түсіре алмай тұрмын...

Жапалақ. Үстіңізде ақ жібек халат...

Майра. Жел қозғаған кең жеңдері қанат сияқты көрінген болар...

Жапалақ. Я, я... мен соны айтайын деп едім.. Екінші қабат кісіні құлпыртып жібереді екен.

Жаргелтай. Исполкомның да отырған үйі мұндай емес.

Майра. Мен білсем, мұндай особняк Алматыда да жоқ.

Жібек (Есбергенге). Қалай-қалай соғады?

Есберген. Біреуі де мүдірер емес. Жарысқа түскендей заулатып барады. (Жай.) Жағымпаздық тәңірісі осылармен көрші болу керек.

Жаргелтай. Біздің әкей аз ғана күн Омбыда тілмаш боп істепті ғой. Бишара қартайып өлді. Сол кісі губернатордың үйін аузының суы құрығанша мақтаушы еді. Осы үйді көрген сайын, сол әкем марқұмның сөздері ойыма сап ете түседі.

Жапалақ. Жарықтық білгір адам екен-ау.

Жаргелтай. Білгір болғанда қандай... (Сырттан қоңырау сылдырлайды. Сапақ барады.)

Сапақ. Меруерт апай, музыканттар да кеп қалды, кірсін бе?

Меруерт. Кірсін, кірсін!

Сапақ (ішке қарап.) Бері жүріңіздер, жолдастар. (Музыканттар кіреді.)

Капельмейстр (Дубайға). Мен музыканттар атынан сіздің қуанышты мерекеңізге құтты болсын айтамын.

Қолын қысады. Құтты болсыншылар қосыла береді. Көбі букет ұсынып, қол алысады. Басқалармен бірге шофер мен студент те келеді.

Студент. Қандай әдемі бақ!

Шофер. Үй қалай соғылған, ә? (Сырттан Әбіш кеп кіреді.)

Әбіш (ойнақы). Кешіккеніме кешірім сұраймын!

Дубай. Кешірім... кешірім.

(Әбіш басқалармен амандаса өтіп, Жібек пен Есбергендерге барып сөйлесіп тұрады.)

Меруерт. Сағат тұп-тура сегіз! Столға-дастарқанға жақындаңыздар, меймандар!

Сапақ (Жібекке). Столға жақындайық, Жібек. (Қолтығынан алады.)

Жібек. Сіздің орныңыз — тамадалық орын болар, бара беріңіз (Қолын босатып алады.)

Дубай. Сапақ, басқаруға кіріспеуші ме ең?

Сапақ. Әлбетте! (Жүгіріп Дубайға барады.) Дубай Шубаевич, ең әуелі өзіңіз отырыңыз. (Қолтықтап столдың басына апарып отырғызады). Меруерт апай! Мінеки сіздің орныңыз. (Оны да отырғызады.) Ең әуелі құйылуын тілеймін.

Шофер. Құяйық!

Студент. Құйылсын! (Құйыла бастайды. Әбіш пен Жібектер столдың екінші басына орналасады.)

Сапақ. Бүгін бәріміздің де жүрегіміз өзімізде жоқ... Яғни бәріміздің де жүрегіміз Дубай Шубаевичтің үлкен жүрегімен бірге соғады. Солай емес пе, жолдастар?

Жаргелтай, Дұрыс-ақ!

Жапалақ (Жарыса). Әбден солай!

Сапақ. Бірінші тосты біздің басшымыз, әрі ағамыз Дубай Шубаевичтің саулығына арнайық! (Жұрт Дубаймен және өзара соғыстырып жатады, музыка туш ойнайды.)

Сапақ. Тағы да құйыңыздар!

Дауыстар. Құйылсын! Құйылсын!

Сапақ. Ағайын! Бүгін біздің талантты художниктеріміздің бірі Есберген Досбергенов жолдастың үлкен бір жұмыс тындырған күні. Ол кісі елу жылдық мерекеге қарсы Дубай Шубаевичтің бюстін жасады. Сол жасалған қымбат дүниені жариялауға рұқсат етіңіздер.

Жапалақ. Капельмейстр, музыка!

Жаргелтай. Музыка!

(Музыка туш ойнайды. Есберген бюстің бүркеуін ашады. Қол соғылады.)

Есберген (даусы дірілдеп). Мінеки, ағайын, қадірлі юбилярдің скульптурадағы бейнесін жасауда қолымыздан келгені осы болды. Менің мына тұрған азды-кем еңбегімді сөкпей қабылдауларыңызды өтінемін. (Қол соғылады.)

Меруерт. Скульптура туралы білігі барлардың пікір айтуларына да болатын шығар?

Есберген. Әлбетте, әлбетте.

Студент. Не деген тамаша!

Шофер. Қандай әдемі шыққан. Бірақ кей жері Дубай Шубаевичқа ұсамайтын сияқты.

Жапалақ. Бірінші сөзді жазушы жолдас сөйлесін.

Жаргелтай (Жапалаққа). Сен неге сөйлемейсің, қорқамысың?

Жапалақ. Мен кейінірек қорытынды пікірлер айтамын.

Жаргелтай. Сөйлей бер. Ақылды сөздерді қорытып айтуды маған қалдыр.

Жапалақ. Былшылдапсың!

Жібек (Әбішке айтқан боп). Меніңше художник үлкен жұмыс істеген. (Өзгелер де тыңдайды.)

Әбіш. Меніңше де солай. Мұндай сәулетті, көңілге қонымды жылы мүсін жасалады деп ойламаған едім. Шебер скульптор көптеген тәуір қасиеттерді өз жанынан қосып, байытып жіберіпті.

Дубай. Жанынан қосқаны қалай?!

Жапалақ. Сонда тәуір қасиеттердің Дубай Шубаевичтан табылмағаны ма?

Жаргелтай. Бұл оригиналды, яғни Дубай Шубаевичті мына суреттен төмен деген сөз ғой!

Шофер. Әрине.

Студент. Бұл бір қызық пікір екен.

Жаргелтай. Ондай қорлыққа біз көнбейтін болармыз!

Жапалақ. Көнбейміз, соққы береміз!

Майра. Көнбейміз!

3әуреш. Соққы береміз!

Жібек. Жолдастар, шуламаңыздар!

Сапақ (рюмкасын сіміріп тастайды). Я, сіз айтыңызшы, Жібек.

Жібек. Шебер өз жұмысын барлық ынта, жігерін салып істесе, оны сәулетті, сүйкімді етуге ерекше көңіл бөлсе, айып па? Оны айтқанға шамданудың қажеті қанша? Бұл дұрыс емес.

Меруерт. Сүйкімді болу үшін Дубайдың өз сәулеті де жетеді.

Сапақ. Меруерт апай дұрыс айтады: Дубай Шубаевич сымбат пен сәулетке зәру емес! Кәнеки, басқа сөйлеушілер бар ма?

Дауыстар. Бар, бар. Айтамыз!

Шофер (студентке). Досым, байқаймысың, бір қызыл шеке таянып келеді.

Студент. Үндеме, әлі талай қызықты көреміз.

Жапалақ. Мына мен айтамын.

Жаргелтай. Мен де әзірмін сөйлеуге!

Жапалақ (Жаргелтайға). Сен қоя тұршы килікпей!

Жаргелтай. Килікпесең килікпе!

Сапақ. Жақсылар, таласпаңыздар. Сөз түгесіліп қалатын магазиннің шағын заты емес, бәріңізге де түгел жетеді. (Жапалаққа). Кәнеки, Жәпеке, сіз бастай қойыңыз.

Жапалақ (әбден маңғазданған, аузын салфеткамен қайта-қайта сүртіп болған соң сөзге кіріседі). Әлі есімде... Бүгінгідей есімде, біздің әкей скульптурада жалаңаш салынған құдайлар суретін сүюші еді. Мен де сол кісінің тәрбиесі бойынша статуялардың жалаңаш жасалғанын ұнататын болдым...

Әбіш. Сіздіңше, Дубай Шубаевичтің де бюсті жалаңаш жасалуы керек болды ғой, солай ма?

Жапалақ. Әлбетте солай.

Жаргелтай. Оның үстіне жалаңаш денеге кішкентай ғана қанаттар қадалғанда де...

Жапалақ. Тоқта, Жаргелтай! Ар жағын өзім айтамын. (Өзінің екі иінін көрсетіп.) Мына екі иыққа аппақ қана, шап-шақ қана періште қанаттары қондырылғанда Дубай Шубаевичтің бсйнесі қатып түсетін еді.

Есберген. Қанаты несі... Мына жануарлар жынданған шығар...

Жапалақ. Сабыр етіңіз, художник, өзара сынға бөгет жасамаңыз! Мен кәдімгі қанатты айтып тұрмын. Бюст қанатсыз болғандықтан, сіз Дубай Шубаевичтің толық бейнесін жасай алмағансыз. Жолдастар! Мына Дубай Шубаевичқа қараңыздар да, оның ажар бейнесін (бұрылып) ана бюстпен салыстырып көріңіздерші. Қандай айырма барын байқадыңыздар ма? (Пауза.) Бюст оригиналдан, яғни (Дубайды құшақтай). мына біздің қадірлі Дубай Шубаевичтан көгі төмен жатқан жоқ па? (Кішкене пауза.) Әрине, солай!

Сапақ. Молодец, Жапеке! (Жапалаққа арақ құяды, екеуі соғыстырып тартып жібереді.)

Жаргелтай. Енді мен сөйлеймін.

Дубай. Сөйле, Жаргелтайым, сөйле.

Жаргелтай (Дубайды нұсқап). Біз оригиналдан не көреміз? Институтымызды түзу бастаушы, біздің бәрімізге жөн сілтеуші талантты басшыны көреміз. (Бұрылып.) Ал мынау тұрған бюсте осы айтылғандар бар ма? Жоқ, жолдастар! (Дубайға бұрылады.) Біз оригиналдан ғалымға лайық басы бар, батырға лайық тұлғасы бар, көзі отты, жүзі мейрімді, асылымыз Дубай Шубаевичті көреміз. (Бұрылып.) Ал мынау тұрған бюсте осы аталғандар бар ма? Жоқ, жолдастар! Оригиналдан (Дубайды құшақтап.) Біздің асыл директорымыз, Меруерт ханымның мыңға балаған жары Дубай Шубаевичтан әлдеқайда төмен жатыр.

Дубай. Өлме, Жарекем. Сізді осынша шешен деп кім ойлаған. Тіпті көңілім бұзылып кетті ғой. (Бокал ұсынады.) Ішіп жіберейік! (Екеуі соғыстырып ішеді.)

Есберген (Жібек пен Әбішке). Осылар сау емес деп өзім де ойлаушы ем. Дәл мынадай екенін кім білген! Жібек, Әбіш, айтыңдаршы, тап осылай күйсеген мақұлықты көргендерің бар ма?

Жібек. Сіз болмашыға ренжімеңіз. Дұрыс сезініп, дұрыс түсінетін адамдар оларша сөйлемесе керек.

Меруерт. Енді қалай сөйлейді?!

Сапақ. Сөз Жібекке беріледі.

Жібек. Менің бұл бюстке тағар мінім жоқ. Художник бізге бүгін өзінің дарынды, өнерлі адам екенін толық көрсетті. (Әбіш, музыканттар қол соғады.)

Сапақ (музыканттарға адырая қарайды). Тоқтатыңдар, сендерге не жоқ!

Жібек (бюстке таяу барады.) Шебер художник суық тасқа керемет жан бітіре білген. Бет ажарына қараңыздаршы, қандай жұмсақ көрінгенмен түп тегінде қажыр, беріктік бар екенін баяндап тұрған жоқ па? Оң қасын сәл ғана көтере қарағаны терең ойын алысқа серпіп тұрғанын аңғартпай ма? Әсіресе, көзі тамаша шыққан! Сәл ғана күлімсіреген, мейірімді көздері маңайлаған адамды достыққа, адалдық пен жақсылыққа шақырып тұрғандай сезіледі. Мен художник жолдасқа құтты болсын, қуанышыңызға ортақпын дер едім. (Қол соғылады.)

3әуреш. Кешіріңіз, Жібекжан, осы айтқандарыңыздың бәрі дерлік оригиналдан түгел табылады емес пе?

Майра. Табылмағанда ше! (Әбішке.) Жазушы жолдас, сіз не дер едіңіз бұған?

Әбіш (Дубайға қарай түсіп). Жалпы тұлғасын алғанда оригиналдан да бірсыпыра ірілік табылады. Әсіресе, кеуде мен екі иық әжептәуір ұсап жатқан сияқты.

Сапақ. Көзі туралы не айтасыз?

Әбіш. Көз өткірлігі де оригиналда баршылық. Тіптен мен қуатсыз да емес дер едім. Солай емес пе?

Жапалақ. Әрине, әрине.

Әбіш. Тек адамнан гөрі қасқырдың көзіне көбірек келеді.

Дубай. Ей, мынау не дейді?

Әбіш. Сабыр етіңіз, жолдас оригинал! Мен сізден құмартқыш көз бен асағыш ауызды, алаған ұзын қолдарды көбірек көретін тәріздімін. Художник осының бәрін өзгерткен де, өзінше жасаған.

Майра. Қандай оскорбление!

3әуреш. Қандай көргенсіздік! Ах-ах, қандай жүгенсіздік!

Шофер (студентке). Айтпадым ба қызыл шеке таяу деп!

Студент. Сабыр, сабыр. Асықпасаң бұдан да зорын көресің!

Меруерт (Дубайға). Не естіп тұрмыз? Бар ма жаның?

Дубай (Әбішке тақалады). Е, сен де осындай ма едің?..

Әбіш. Кешіріңіз, көзім жеткендерді айттым ғой.

Дубай (тістеніп.) Өз үйім... өз қызығым... Әйтпесе басыңды бұрамай жұлып алып қолыңа ұстатар ем, асықпа, көгершінім! (Осы кезде газет ұстаған Бозша кеп қалады.)

Бозша. Газет, газет!

Дубай (қуана кемпірге бұрылады). Газет!

Сапақ (Бозшадан газетін қағып алады). Көріңдер, ағайын! Бұл — үлкен газеттің Дубай Шубаевичке, оның елу жылдық тойына арналған номері.

Жапалақ, Жаргелтай (жарыса). Ура! Жасасын Дубай Шубаевич!

Дубай. Үні жақсы біреуің дауыстап оқыңдар! (Әбішке көзімен ата қарап.) Мына қылжақтар да естісін!

3әуреш. Менің даусым жақсы.

Майра. Жоқ, біздің Жарекең дауысты болар!

Капельмейстр. Дауысты оқысын десеңдер маған беріңдер (Үнін көрсету үшін әндетеді.)

Ля-ля-ля-ля!

Ля-ля-ля-ля!

Меруерт. О, дауыс болғанына, сіз оқыңыз, капельмейстр! (Газетті капельмейстрге әпереді.)

Капельмейстр (көзілдірігін киген, тамағын қырынып, баптанып алады. Сонан соң оқуға кіріседі). «Дубай Шубаевич!»

Дауыстар. Бәрекелде! Оқыңыз!

Капельмейстр (оқиды). «Институттың директоры қасқыр, орынбасары қорқау болған соң, олардың жемдестігі мен жегіштіктері ешкімді де таңдандырмасқа тиіс. Қасқыр көбірек, қорқау азырақ жейді. Бірақ бірінен-бірі қалыспай жейді».

Дубай. Капельмейстр! Сен басқа бірдеңені оқып тұрғаннан саумысың?

Капельмейстр. Қам жемеңіз, Дубай Шубаевич, дәл өзін оқып тұрмын. (Оқи береді). «Бұлар жегіш деген лақаптары тарай бастаған соң, жаман атақтарын жақсылық суымен жумақшы болды...»

Меруерт. Не оқып тұрсың, капельмейстр!

Капельмейстр. Сабыр етіңіз, жеңгей! (Оқи береді.) «Қасқырдың елу жасқа толғанын тойлап, жұртшылықты адастыру әрекетіне кірісті. Бұл әрекетті іске асыру да арын сатқан жағымпаздардың да «еңбектері» аз емес.

Жаргелтай. Сақта, құдай! (Кейін шегінеді.)

Капельмейстр. «Мереке қызықты өту үшін эксперименталдық базаның жүз қойы базарға айдалып, одан түскен ақша...»

Дубай. Тоқтат!

Меруерт. Жетті! (Газетті тартып алады да, Сапаққа лақтырады.) Осы ма қарқ қылғаның?!

Сапақ. Мынау менің жазғаным емес екен, апай!

Меруерт. Енді кім жазған?

Сапақ (газетке үңіледі). Әбіш жазыпты!

Меруерт. Әбіш.

Дубай. Әбіш! (Газетті алып сілкеді.) Дүниеде көрмегенім газет болсын!

Почтальон (кіреді.) Телеграмма! Телеграмма! Дубай Шубаевичқа!

Дубай. Әкел бері! (Қолын созады). Онда, құдай!

Почтальон. Министрден!

Сапақ (телеграмманы қағып алып қарайды). Министрден құттықтау болу керек!

Дубай. Сырдың суы сирағымнан! Газет сөзі тобығымнан! (Газетті қақ айырып Әбішке лақтырады.) Мә, жазғаның! Жоғал көзімнен, шық үйімнен!

Әбіш. Қуып әуре болмаңыз! (Жақындай түсіп.) Айдын шалқар маңында суы сасыған шұқанақ жатса, кең, жарық дүниеде кейбір тымырсық қуыстар да кездеседі. Сол сияқты адам әлемінде де сырт бейнесі өзімізге ұқсас, жансыз елестер жасай береді екен. Дубай Шубаевич, мен сіздермен танысқаныма ренжімеймін, жас адамға көп көру, көп білу зиян емес. Сонымен бірге сіздермен дәмдес бола беруде (мысқылдай күліп) онша қызықты емес. Біз өзіміз де кетеміз. (Бұрылып.) Жүр, Жібек.

Дубай. Сен қайда барасың? (Жібекті ұстайды.)

Жібек. Жүр, Әбіш! (Екеуі қозғала бастайды.)

Сапақ. Жібермеңізші, Дубай Шубаевич!

Жібек. Ұстамаңыз. (Босанады.) Күйеу қайда болса қалыңдық сонда болады емес пе?

Сапақ. Айтпап па едім, осылар сау емес деп. Меруерт апай, естимісіз? (Отыра кетеді.) Босқа алданған ақымақ басым! (Қолынан телеграмма түсіп кетеді.)

Жаргелтай (телеграмманы шапшаң көтеріп алды). О, ағайын! Қыз кетсе, де қызық кетпесін ортамыздан, мына қасиетті қағазды оқымаушы ма ек?

Жапалақ. Я, сөйтелік. Жібек қарындас, сіз де тыңдай кетіңіз. (Жібектер кідіреді.) Оқы, Жаргелтай!

Жаргелтай (телеграмманы ашады). Институт директоры Дубай Дәрменовқа!

Дубай. Министрімізге құрмет! Капельмейстр, музыка! (Музыка туш ойнайды. Дубай Шубаевичтер салтанатты шадыман күйде үнсіз тұр.)

Жаргелтай (музыка тоқтаған соң дауыстап оқиды). «Сіздің институтқа жасаған сансыз қылмыстарыңыз үшін орныңыздан алып, өзіңіз бен орынбасарыңызды сотқа берілді деп жариялаймын.

Министр».

(Дубай мелшиіп қалады.)

Жапалақ (қалтырап кетеді). Сақта, құдай!

Жаргелтай. Құрыдық қой, Жапалақ! (Жапалаққа беттейді.)

Жапалақ. Аулақ, аулақ! (Жергелтайдан қашады.)

Бозша. Соңы осылай бітер деуші ем ішімнен. Сол қараға жетті де тынды аяғы.

Жібек. Жолдас капельмейстр, бастаңыз музыканттарды. Жарқын жастар, адал достар ортасында өтетін біздің тойға жүріңіз!

Әбіш. Шеше, сіз де жүріңіз!

Капельмейстр. Кеттік ендеше! (Музыканттарға.) Марш!

Марш ойналады. Музыканттар мен Әбіш, Жібек, оларға қосылған Бозша кемпір, шофер, студент бәрі-бәрі шыға береді. Бюсті көтеріп Есберген де бірге кетеді.

Шымылдық


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз