Өлең, жыр, ақындар

ТЖ-лар немесе жағымпаздықтың ұжымдық өрісі

Жер жер боп жаралғалы жағымпаздық та Адам а та — Хауа ана ұрпағының, яғни оның ішкі есебінің жасырын құралы ретінде ғұмыр кешіп келді. Өткен ғасырда Сталинге көзсіз табыну, Хрущев төңірегінде шетсіз-шексіз қолпаштаулар қоғам мінезін елеулі өзгеріске ұшыратты. Ал Брежнев дәуірінде жағымпаздық ұжымдық сипаттың жаңа белесіне көтерілді. Мәселен, Киевте Украина КСР-іне «Халықтар достығы» орденін тапсыру салтанатында Л.И.Брежневтің сөйлеген сөзіне 35 рет қол шапалақталған екен. 1974-жылы 15-наурызда КОКП Орталық комитеті Бас хатшысының Қазақстанға келіп тың және тыңайған жерлерді игерудің 20 жылдығына арналған мәжілісте сөз сөйлейтіні белгілі болды. Сол тұстағы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология хатшысы С.Имашев осы мәселені жолға қоюға икемді қызметкерлерді жинап, қайткен күнде де Бас хатшыға деген ел «құрметін» Украинадан ең кемі екі есе асыра орындау туралы тапсырма береді. Нәтижесінде қазақстандықтар Брежневтің сөзіне 73 рет, яғни, әр сөйлем сайын, кей жерінде тіпті жарты сөйлем сайын ду қол шапалақтау ұйымдастырады. Егер Гиннестің кітабында жасымпаздық жайлы бөлім болғанда, сөз жоқ, осы оқиға әлемдік деңгейдегі жаңа рекорд ретінде тіркелер еді. Бешпентінің иық тұсынан төменгі қалтасына дейінгі аралықты түгел алтын жұлдыздар мен ордендер көмкерген, жағымпаздықтың уытына шексіз мас болған бала көңіл Брежневтің «Казахстан меня любит» деп кемсеңдеп, көзіне жас алғанын сол жиынға қатысқандар әлі ұмыта қойған жоқ.

2005-жылы республикамызда өткен бүкілхалықтық науқан кезінде қызылды-жасылды киінген, қолына жалау ұстаған, қажет кезінде алақаны қызарғанша қол соғатын, даусы қарлыққанша ұрандайтын, арнайы тапсырманы ынта-шынтасымен көзсіз орындауға бейім сан мыңдаған студент жастарды теледидардан көргенімде, көңілімді мұң туманы шар- пыды. Биліктегілер руханиятқа тамыр жібере алмай қалған жас қауым арқылы ұжымдық жағымпазданудың бұрын-соңды кезікпеген мүлде жаңа қырларын іске қосты.

«Іскер көзбен қарағанға мұның өзі дұрыс та,
Цирктерде қарт маймылдар тартылмайды жұмысқа.
Ал жас маймыл бағынымпаз, тәрбиеге тез көнер,
Үйретіп aп басқара бер ыммен яки сөзбенен,
«Ауна!» — десең, аунайды олар, «Тұр!» — деп бұйыр, тұрады!
Бағынғыштың болмау керек өз пікірі, құлағы,
Өз пікірі жоқтың ғана билікке жоқ сұрағы...»

Жастар арасында нарық ғасырының рухсыздығы күннен-күнге кең қанат жайып бара жатқанын қауіпті құбылыс ретінде мойындамасақ келешекте үлкен ұтылысқа түсеріміз хақ.

I
Жағымпаздық — бұл заманда басты өнер,
Шындық оған бола алмай жүр тас кемер.
Қазіргі бақ қайсар рухты ерді емес,
Арын сатқан жағымпазды ескерер.
Дәуірдің де даңқы солар төс керер,
Оны ойласаң жанарыңа жас келер.
Кеудесінде жалғандықтың мұзы бар,
Қажет кезде мұз үстінде қызынар,
Басшы алдында жас келіндей сызылар,
Кілең табан жалағыштар - ТЖ-лар.
Оларды ертең адалдықтың тұзы ұрар.
ТЖ-ларға егер бөгет қоймасақ,
Ұлтымыздың ауа райы бұзылар.
Ей, қарт ТЖ, қамқорсынып тасыма,
Қарасаңшы сақалыңа, шашыңа,
Ел сенімін ақтағаның осы ма?
Атанғанша жалғандықпен ашына,
Беделіңді намысыңмен асыра
Күлкі болдың қасың түгіл досыңа.
Биліктің лас көн етігін тіліңмен
Жалайтындай не күн туды басыңа?
Оң мен солым сансыз ТЖ, күлем бе,
ТЖ-ларын көтерген даңқ-кілемге
Әлде, қарғыс тиді ме екен бұл елге?
Тек күні үшін жалбаң қағып иілген
Пәс кеудеге асқақ рух түнер ме?
Самал қажет індет бұлтын түрерге.
Жағымпазын тау санаған,
Шыншыл ұлын жау санаған ұлттың,
Мүмкіндігі аз мазмұнды өмір сүрерге...
...................................................................
Мінезсіз ұлт айналмайды ұлы елге.

ІІ
— Жан шындығын жоғалтып ап сорлағандар қаншама,
Сөйтіп, өзін-өзі аямай қорлағандар қаншама?
Жағымпаздық біздің ұлттың тағдырын күрт өзгертті,
Өтірікке қанша сенсең, қасіретің де соншама.
Қайда апарып соғар екен бұл індеттің ақыры? —
Деп мұңайды бірде маған қарт түрікмен ақыны.
Иә, шындығын жоғалтқандар айналанда жүр қаптап,
Мансабы үшін, не күні үшін оңға, солға сырғақтап.
Қасқыр мінез заманынан түлкі болып жеңілген,
Тоқсанды асқан жағымпаз қарт қоштасқанда өмірмен
Қаншама адам мақтау айтты:
«Ізгі жан бұл не деген,
Өзгелердей қиқар, асау мінезі жоқ тебеген.
Атқа қонған мықтыларды жылы сөзбен жебеген,
Тірлігінде бір пендеге «өкшең қисық» демеген...»
— Біреулердің нақ осылай шатасарын біліп ем, —
Деді Шындық екінші бір қайсар ақын үнімен. —
Жалғандыққа өр мінезін шекара ғып кімде-кім
Қоя алмаса — ұтылғаны, ұқпауы бас міндетін.
Жұртты қалай тоқтатпақпыз әділетсіз бағадан?
Қазіргі ең қадірлі қарт — өз пікірі жоқ адам.
Ешкімнің де көңілін жықпай, бас изеумен есейген,
Елді аздырып біткен жоқ па осы «жалпақ шешейлер?»
Ақ пен қара шайқасында зорлық жеңсе арлыны,
Әділетсіз — үнсіз бұғып қалғандардың барлығы.
Жағымпаздық — жұқпалы ауру, қан мен ойға таралған,
Бұл бейдауа қасіреттен ұлтты қорғау — зор арман...


Пікірлер (2)

Марғұлан

Қазақстан ТЖ станға айналып бітті ғой, өтірік жағымпаздануды доғарайық халайық

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз