Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Бақ құсы

Бiрiнен соң бiрi зымырап, iркес-тiркес өте шыққан сол бiр-екi күн шынында да, өзге күндерден бөлек, есте қалардай ерекше едi. Одан кейiнгi мынау суы тартылған дариядай ақырын жылжып ағып жатқан жылдардың ол үшiн бәлендей жаңалығы бола қойған жоқ...

* * *

Түс ауа үстел үстiнде шашылып жатқан қағаздарын жинап, ендiгi қалғанын үйге апарып қарамақ оймен сөмкесiне салып, орнынан тұра бергенi сол едi, телефон шылдыр ете түстi.

— Иә.

— Сәләматсыз ба, маған Мұхит ағай керек едi, — дедi күмiс қоңыраудай сыңғырлаған бiр әйел дауысы.

— Мен тыңдап тұрмын.

Ол iздеген адамына бiрден түсе қоярмын деп ойламаған болуы керек, сәл мүдiрiп барып:

— Сәламатсыз ба... — деп қайталады тағы да, — I-i... кешiрiңiз, мен сiздiң бiр... жерлес қарындасыңыз едiм.

— А-а?

— Қойтастанмын.

— Өзiнен бе? — дедi ол қапелiмде сөз таба алмай.

— Өзiнен.

— Кiмнiң қызысың?

— Қайролланың.

Танымайтын кiсiсi болуы керек, есiне түсiре алмады.

— Танымайтын шығарсыз... Темiржолдың арғы бетiнде тұрамыз, — дедi қыз оның ойланып қалғанын сезiп.

— Иә, ауылдан қашан келдiң?

Трубкадан сыңғыр еткен күмiс күлкi естiлдi.

— Баяғыда-а келгем.

— А-а...

— Аға!

— Әу!

— Мен сiздi қонаққа шақырайын деп едiм.

— Апыр-ай ә, әуелгi... ағасы қарындасын шақырмаушы ма едi.

— Ой, ағай, қалай шақырасыз?! — дедi қыз назданып. — Сiз менi танымайсыз ғой. Ал мен сiздi бiлемiн.

— I-i...

— Ертең кешкi сағат жетiде, “Бақыт құсы” мейрамханасының алдында күтемiн сiздi.

— Жа-жарайды...

— Ертеңге дейiн, аға!

“Бұл бiр қызық шақыру болды-ау, — дедi ол трубканы орнына қайта қойып жатып. — Мейрамханаға... “Бақыт құсы” деген... Ол әлгi... қаланың тау жақ бетiндегi аса қымбат мейрамхана ғой. Бай қарындас болды-ау, сiрә... Қойтастанмын дейдi... О-о, мен ауылға бармағалы қай заман... Қызық... Не үшiн шақырды екен? Қазiр бiреудi бiреу жайдан-жай қонаққа шақырмайтын кез емес пе“.

Қалай дегенмен де оның көңiлiнде бiр қызығушылық оянып, әлгi бейтаныс бойжеткендi (бәлкiм, келiншек болар, кiм бiлсiн) тезiрек көруге асыққандай болды.

* * *

Ертеңiне ол қызметiнен әдейi кештеу шықты. Әдетте бесiн ауған соң-ақ Жазушылар үйiнде жым-жырт тыныштық орнайтын-ды. Бұрынырақта араның ұясындай гуiлдеп, бiреу кiрiп, бiреу шығып, сапырылысып жататын “Қаламгер” кафесi бiраз жыл болды, жабылып қалған. Акустикасы анау-мынау театрдыкiнен артық болмаса, кем емес мынау зәулiм ғимаратта ақын-жазушылардың ақжарқын күлкiсi мен көңiлдi дауыстары естiлмегелi қаш-шан...

Ол төменгi қабатқа түсiп келе жатқанда мрамор баспалдақтардан шыққан аяқ дыбысы бос кеңiстiкте тақ-тұқ етiп жаңғырығып тұрды. Бiртүрлi қорқынышты. Ұлттық рухымыздың мекенiндей болған мынау қасиеттi қара шаңырақтағы тiршiлiк оты сөнiп бара жатқан сияқты...

Қалада нағыз қарбалас шақ басталған едi. Қаншама адам жұмыстан шығып аялдамада көлiк күтiп тұр, қаншама адам ерсiлi-қарсылы тоқтаусыз ағылған көлiктерге тиелiп алып кетiп барады. Таңертеңгiлiк жадырап күлiп шыққан жаздың жаймашуақ күнi қазiр мынау қидай сапырылысқан қауырт тiрлiктен көңiлi қалғандай енжар тартып, батысқа қарай жантая бастапты. Ол тау жақтағы “Бақыт құсы” мейрамханасын бетке алып, асықпай аяңдай жөнелдi.

Алатаудың бөктерiндегi ару қала соңғы жылдары қатты өзгердi. Тап бiр кәмелетке толғалы берi косметиканы көбiрек қолданатын бойжеткен секiлдi. Көше бойы қаз-қатар тiзiлген үлкендi-кiшiлi дүкендер, кафелер, мейрамханалар, мейманханалар, ойынханалар — бәрi де жекеменшiк иелерiнiкi. Бұрынырақта осы кең көшенiң бойында бiрдi-екiлi мемлекеттiк дүкендер мен жыл он екi ай немен айналысып жататындары белгiсiз жұмбақ мекемелер ғана болушы едi. Ал мыналар — ұзақ жылға созылған шайқастан кейiн жеңiлiске ұшырап, жантәсiлiм еткен социалистiк жүйенiң үйлерiне баса көктеп кiрiп алған жеңiмпаз капитализмнiң сарбаздары сияқты. Әйткенмен осы жеңiске де, жеңiлiске де жазушы Мұхит Мұқановтың зәредей де қатысы жоқ. Ол кешегi болып өткен, бәлкiм, бүгiн де болып жатқан шайқасты таңғажайып бiр сиқырлы экраннан ғана көрiп жүргендей. Өйткенi өзiнiң көз алдында жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптап өсiп шығып жатқан жекеменшiк фирма, дүкен, мейрамхана, дүңгiршiктердiң iшiнде оның мынау менiкi едi дейтiндей иемденетiндей итарқасы да жоқ. Бiр қызығы, қазақ жерiне “мерседеспен” шiренiп келе қалған тәкәппар капитализмге бұл өзi барып қол ұсынып, сәлем бермедi, ал ол да мұны адам екенсiң-ау деп көзiне де iлмедi. Сөйтiп, олардың арасына тiршiлiк соты өз үкiмiн шығарды: саған кiм керек болмаса, сен де оған керек емессiң!..

Оның есiне сонау артта қалған бозбала шақтағы арманшыл күндердiң бiрiнде алғашқы жазған әңгiмесiн қолтығына қысып, қасиеттi Меккедей көрiнген Жазушылар одағының табалдырығын имене аттағаны түстi едi. Сонда оны көп күттiрмей оқып шыққан тарпаң мiнездi, тәкәппар сыншы әлденеге таң қалғандай қасын керiп, өзiмен-өзi сырласқандай болып отырып: “Қарағым, сенiң атың Мұхит болғанымен, жазған дүниең тау бөктерiнен бүлк-бүлк қайнап шығып жататын мөлдiр бұлаққа ұқсайды екен, — деген-дi жылы шырай бiлдiрiп, — қандай таза әуен... таза стиль!..”

Содан кейiн-ақ, оның көз алдына алыстағы асқар биiк таудың етегiнен бүлкiлдеп шығып жататын кәусар бұлақ жиi елестейтiн болған? Өзiн сол таза бұлақ секiлдi сезiнетiн. Өйткенi стиль дегенiмiз — адам, расында да, адам... Ендi мiне, арада көп жыл өтiп, қасиеттi қара шаңырақтағы қаһарлы сыншының орны босап, оған өзi әдеби кеңесшi болып келгенде уақыт та, заман да өзгерiп кеттi. Бүгiнде сол тау бөктерiндегi кәусар бұлақтың ешкiмге керегi болмай қалды. Бәлкiм, мына қоғамның тазалық туралы ұғымы өзгерген болар...

Мiне, осындай көңiлсiз ойлардың жетегiнде келе жатып “Бақыт құсы” мейрамханасына да жетiптi. Әне, анау саябақтың iшiндегi қызыл-сары кiрпiштен өрiлген тiк шатырлы әсем ғимарат — сол. Мейрамхана. Қолындағы сағатына қарап едi, жетiге әлi он минуттай уақыт бар екен. Ол саябақтың алдындағы ақ сұр тастардан қаланған дөңгелек шеңбердiң iшiнде өскен алқызыл гүлдерге қарай, осы маңда бiраз қыдырыстап жүре тұрғанды жөн көрдi.

“Қандай жан болды екен? — деп ойлады саябақтың қақпасына қайта-қайта жалтақтап қарап. — “Бақыт құсы” мейрамханасына әдетте қонаққа шақыратындар — ауқатты кiсiлер. Оларда бәрi есептеулi; достық та, тамыр-таныстық та, көңiл көтерiп демалу да, тiптi махаббат та. Өйткенi ақша қашанда бiрiншi орында. Бәрiн шешетiн сол. Ақша есептi сүйедi. Есепсiз шашатын кiсiнi ерте ме, кеш пе, бәрiбiр тастап кетедi...”

Қақпа алдындағы машина тоқтайтын алаңқайға шие түстi шетелдiк бiр әдемi машина келiп тоқтады. Бала кезiнен техникаға икемi де, әуестiгi де жоқ ол кейiнгi жылдары қалада тым көбейiп кеткен әртүрлi көлiктердiң бiр-екеуiнiң ғана болмаса, көбiсiнiң маркасын ажырата алмайтын-ды.

Қызық. Мына машина оның көзiне бiртүрлi жылыұшырап көрiндi. Одан түскен алқызыл жiбек көйлектi, сұңғақ бойлы сұлу бойжеткен бұған қарап қолын бұлғап, ескi танысын кезiктiргендей жымиып күлдi. Содан соң көзiндегi қара көзiлдiрiгiн алып:

— Кешiгiп қала жаздадым-ау, — дедi басын оң жақ иығына сәл қисайта еркелей үн қатып.

Иә, бұл сол — күмiс қоңыраудай сыңғырлаған таныс дауыс.

— Жо-жоқ, — дедi ол бейтаныс бойжеткендi түсiнде емес, өңiнде көрiп тұрғанына таң қалып. — Сiз... Сiзсiз ғой?

— Иә, мен — Менмiн, — деп күлдi қыз iзетпен басын сәл төмен иiп. — Түу, кешiгіп қаламын ба деп қатты асықтым. Сiз менi күтпей кетiп қалатындай көрiндiңiз.

— О-о, — дедi ендi Мұхит та жымиып. — Сiздей сұлу бойжеткендi күтпеу күнә ғой!

— Сiз... — дедi қыз оған көзiнiң қиығымен сынай қарап, — менiң сұлу екенiмдi қайдан бiлдiңiз?

— Сездiм.

Қыз таңданып қалғандай болды. Олар саябақтың iшiндегi аллеямен иық түйiстiре қатар аяңдап келiп, мейрамхананың жазғы залына кiрдi. Мұхит дастархан мәзiрiн қолына алған жоқ.

— Бүгiн мен сiздiң құзырыңыздамын, — дедi мейрамханаға шақырған өзi емес екенiн сыпайылап қана аңғартып өтiп.

Қыз езу тартып, дастархан мәзiрiне көз жүгiрттi де, тамақтың әр түрiнен тездетiп заказ берiп, iшiмдiк жағына келгенде:

— Не iшемiз? — деп сұраулы жүзбен Мұхитқа қарады.

— Сiзбен бiрге у iшуге де дайынмын.

— О-о, ол сiздерде бар ма едi? — деп қыз садақша иiлiп тұрған жап-жас даяшы жiгiтке қарады. Ол жымыңдап күлiп басын шайқады.

— Онда виски iшейiк!

— Сiз менi жаман үйрететiн болдыңыз, — дедi Мұхит.

Даяшы кеткен соң:

— Қойтастағы мектепте оқып па едiңiз? — деп сұрады қыздан.

— Иә.

— Содан соң?..

— Мәскеуде.

— Мамандығыңыз?

— Ой, мамандықты ұмыттық қой! Ауыл шаруашылығы академиясын бiтiргенмiн. Агрономмын...

— Қызық екен. Мен сiздiң егiстiк алқапты аралап жүрген сәтiңiздi ешқашан да көз алдыма елестете алмас едiм.

— Мен де, — деп күлiп жiбердi қыз.

Даяшы үстелге шәрбаттай мөлдiреген қызыл виски мен көкөнiс салатын әкелдi де, өзен жиегiне қатқан мұздай жылтыраған хрусталь рюмкаларға аздап шарап құйып қойды.

— Алғашқы тосты не үшiн аламыз, аға?

— Бiлмеймiн. Жаңа айттым ғой, бүгiн мен сiздiң құзырыңыздамын.

— Енді осы принципiңiзден айнымайсыз ба?

— Иә.

— Бүгiн мен не айтсам да орындайсыз ба?

Мұхит көзiн жұмып, басын изедi.

— Онда алғашқы тост сiзге берiледi.

— Бiр қызық айтайын ба?

— Айтыңыз.

— Мен сiздiң есiмiңiздi осы күнге дейiн бiлмейдi екенмiн.

Қыз басын орындықтың арқалығына шалқайтып, күмiс қоңыраудай сыңғырлап тағы да күлдi.

— Осы күнге дейiн деңiзшi!

— Иә... мен сiздi осы күнге дейiн танымай келгенiме өкiнiп отырмын.

— Айта берiңiз. Есiмiм — Айгүл, — дедi қыз күлкiсiн әлi де баса алмай.

— Айгүл, — деп қайталады Мұхит, — танысқанымыз үшiн алайықшы.

— Тамаша тост!

Қыз өзiнiң машина жүргiзiп келгенiн ұмытқандай қолындағы шарапты ойланбай-ақ iшiп қойды.

— Сiз... сiз ештеңе ұмытқан жоқсыз ба? — дедi Мұхит оған көзiнiң астымен сынай қарап. — Менiң бiр режиссер досым әуелгi тостан кейiн ылғи да: “ойбуй, мен машина айдап келген екенмiн ғой, ендi қайттiм?!” деп өкiнiп отырушы едi.

Айгүл басын шайқады.

— Ал мен ұмытқаным жоқ.

— ...

— Ендiгi тосты мен айтайыншы, аға?

— О не дегенiңiз!..

— Мен бұл тосты, — дедi Айгүл өте маңызды нәрсе айтпақ болғандай ойланып қалып. — Бiздiң сонау алыста жатқан Қойтас деген кiшкентай ауылымыздан шыққан үлкен жазушы үшiн алайық дегiм келедi!

Мақтау сөзге демде семiре қоймайтын Мұхит Мұқанов қолындағы рюмкасы сынып қалардай тартына соғыстырды. Әйтсе де ”кiшкентай ауылдың үлкен жазушысы” деген жып-жылы теңеудi iштей ұнатып қалды.

— Барлық... кiшкентай ауылдың аты — кiшкентай ауыл, — деп ойлады ол. Оны үлкен ауылдар үнемi менсiнбеумен келедi. Айталық Әуезов “Қаралы сұлуды” ағылшынша жазсыншы!... О-о, онда Еуропаның есi бар бiраз жазушысы өз шығармаларына қайта үңiлген болар едi. Айтматов исключение... Ол — үлкен ауылдың тiлiн ерте үйренген кiшкентай ауылдың дарынды баласы. Бiрақ кейде үлкен ауылға тым бауыр басып кеткендей көрiнедi. Бiз осы... қайтсек үлкен ауыл бола аламыз?..”

— Ойға шомып кеттiңiз ғой?..

— Жай...

— Аға, сiз бүгiнгi қазақ әдебиетi мен өнерi туралы айтыңызшы, — дедi Айгүл иегiн аппақ алақанына артып, өсиетшiл ұстаздың алдына келiп жүгiнген шәкiрт баладай бар зейiнiн сала қарап.

Жазушы әлдебiр жайсыздау нәрсе есiне түсiп қысылғандай одан жанарын алып қашып, терезенiң ар жағындағы жасыл газонға тызылдап су бүркiп тұрған жiңiшке құбырлар жанарын қадады. Көз алдына Жазушылар үйiнiң бүгiнгi жым-жырт қаракөлеңке фойесi елестедi. Қандай қорқынышты... Алакөлеңке ұйып қалған өлi тыныштық...

— Қазiр қазақ әдебиетiнiң өлiара шағы ғой, — дедi ол өзiмен өзi сөйлескендей күбiрлеп. — Сiрә, онда көп ұзамай жаңа ай туатын шығар.

— Сонда... сiз ештеңе жазып жүрген жоқсыз ба?

— Қалай десем екен, ептеп-септеп бiрнәрсе түрткен боламын. Бiрақ өлiараның түнiнде жолға шыққан жолаушыдай түртiнектеп, жүрiсiм тiптi өнбейдi. Басқа бiр қызықты әңгiме айтайықшы, Айгүл...

Мұхитқа ескi досындай мейiрленiп қараған Айгүл қазiргi әдебиетiмiздiң ахуалы туралы әңгiме созыла түссе, оның жүрегiндегi жараның аузын ашып алуы мүмкiн екенiн сезiп, өзi де басқа арнаға қарай бұруға асыққан секiлдi. Ол баяғы балалық шағын есiне алып, сонау бiр жылы ерте көктемде құрбы қыздарымен бiрге ауыл сыртындағы жарқабаққа бәйшешек теруге барғандарын, сонда Шеңгелдi жақтан мотоциклмен шаңдатып келе жатқан бiреудiң соңдарына түсiп, ұстап алмақ болып қуғанын, содан өкпелерi өшкенше қашып, ауыл шетiне әрең iлiккендерiн айтып күлдi.

— Ең қызығы, сол бiр жұмбақ адам кейде түсiме енiп, әлi күнге дейiн ұйқымнан шошып оянатын әдетiм бар, — дедi. — Бала кездегi әсерiң жан дүниеңе өшпестей iз тастап кетедi екен. Содан берi жүрегiмнiң түбiнде бiр қорқыныш ұйып қалған секiлдi болады да тұрады. Бейтаныс кiсiлермен танысуға, жаңа достар табуға тәуекелiм жете бермейдi. Көз алдыма сол баяғы жарқабақтың үстiнде күнге қарап алақанын жайып, күлiмсiреп тұрған сәбилер сияқты үлбiреген нәзiк бәйшешектердi елестетуге қанша тырыссам да, кенеттен әлгi мотоциклге мiнген жұмбақ адам шығып келе жатады бiр жақтан... Қорыққанымнан тiлiм байланып қала жаздайды. Сұлулық пен үрей көңiлiңдi алма кезек жаулап алып, екеуi де ұзақ салтанат құра алмай, мәңгiлiк арпалысқа түсiп жатады...

Мұхит оған қадала қарады: “ұшы-қиырына көз жетпейтiн шөлейт даланың қиян түкпiрiндегi кiшкентай ауылда туып-өскен ару қыз, сен бәлкiм, мынау техника табаны таптаған жер бетiнде ендi бәйшешек өспейтiн болар деп қорқатын шығарсың?..”

— Бала күнiмде мен сiздiң газет-журналдарда жарияланған суреттерiңiздi қиып алып, альбомымның арасына сақтап жүрушi едiм, — дедi Айгүл. — Бiр күнi оларды өзiмнен екi жас үлкен әпкем көрiп қалып: “Бұның не?” деп сұрады таңданып. Байқаусызда ұрлығымның үстiнен тұскендей қатты қысылдым. “Ол... ол бiздiң ауылда туған, жерлес жазушы ғой”, дедiм. Сонда әпкем сiздiң бiр суретiңiздi қолына алып, ойлана қарап тұрды да: “Ақын-жазушылар деген махаббатқа тұрақсыз болады екен” дедi. Оның неге солай дегенiн әлi күнге дейiн түсiнбеймiн. Сол... рас па, аға?

Мұхит бiлмеймiн дегендей иығын қозғады.

— Өзгелердiң де соншалықты тұрақты болып жатқанын көргенiм жоқ, — дедi селқос қана қарсылық бiлдiрiп. — Тек ақын-жазушылардың махаббаты туралы көп жазылатыны болмаса...

— Рас айтасыз, — дедi Айгүл келiсiп. Сонсоң терең иiрiмiне қарай тартып бара жатқан ой тұңғиығынан серпiлiп шыққандай басын шайқап күлiп: — Аға, бiр қызық айтайын ба? — дедi.

— Иә.

— Менiң шарап iшкiм келiп отыр!..

* * *

Түн ортасына таяу олар мейрамханадан керемет көңiлдi, шат-шадыман күйде шықты. Ай сүттей жарық едi. Қалың ағаштардың қалқасынан берi ұзап, машиналар тұрған алаңқайға келгенде айнала-төңiрек аппақ нұрға шомылып жатқандай арайланып кеткен-дi.

— Ой! — дедi Айгүл аспанға шалқая қарап. — Қандай әде-мi... Айға қараңызшы!

Шынында да, ғажап екен! Биiк таудың үстiндегi дөп-дөңгелек алып жұмыртқа... жо-жоқ, өзгеше бiр аппақ әлем айрықша жарқырап, беймезгiл түн қатып жүрген пенделердi өзiне қарай шақырып, қызықтырып тұрған секiлдi.

— Жапонияда, — дедi Мұхит сүттей жарық айға таңдана қарап қалған Айгүлдiң иығынан құшақтап, — жаз мезгiлiнде Обасутэяма тауына барып, айдың сұлу көрiнiсiн тамашалайтын дәстүр бар екен.

— Солай ма! — дедi Айгүл қуанып. — Алатаудың бөктерiнен де өте Ай сұлу көрiнетiн болар! Жаңағы... Жапониядағы таудың аты қалай дедiңiз?!

— Обасутэяма.

— Алатау одан әлдеқайда биiк шығар! Қадiрiне жете алмай жүрмiз-ау, аға... Бiз осы неге Алатаудың бөктерiне барып, айды тамашаламаймыз, а?

— ...

— Кеттiк пе, аға?!

— Қайда?!

— Айды тамашалауға! — дедi Айгүл кенет оны таңғажайып бiр саяхатқа шақырып. — Ұмытқан екенсiз. Сiз бүгiн менiң құзырымда емес пе едiңiз?!

— Иә-иә! — дедi ол басын қайта-қайта шұлғып. — Дәл солай!

Айгүл машинаның есiгiн ашты.

— Қорықпаңыз, мен рульге отырсам болды, сауығып кетемiн.

Қызыл жебедей жүйрiк машина кең көшемен жүйтки жөнелдi. Ол бүгiнгi отырыстан ерекше ләззат алғандай рахаттана көзiн жұмды.

— Сiзге не болды, аға?

— Жай... рульде отырмағаныма ұялып келем. Әйел жүргiзген машинада еркек өзiн бiртүрлi ыңғайсыз сезiнедi екен.

— ХХI ғасыр — матриархат дәуiрiнiң басы! Ендi тiзгiн де, қамшы да бiздiң қолымызға тиедi.

— Иә, — дедi Мұхит көзiн ашпаған күйi езу тартып. — Ел басқару оңай емес, еркек байқұстар бүгiнде әбден сiлесi қатып, шаршады-ау деймiн.

— О-о, сiз оңай жеңiлдiңiз!

— Жо-жоқ, бұл жеңiлiс — мыңдаған жылдар бойы iшiмiзден кемiрген жасырын соғыстың нәтижесi.

Қараңғы түндi жап-жарық етiп тұрған қызылды-жасылды қала оттарын артқа тастап, түпсiз терең құрдым тәрiздi үңiрейген тау шатқалын қуалай жоғары өрлеген машина жүрiсiн шапшаңдатпаса бәсеңдеткен жоқ. Ол қыздың шеберлiгiне iштей таңырқап келедi. Бiр жағынан, қайда бара жатқандарын, қай жерге жетiп тоқтайтындарын бiле алмай, масаң күйде манаурап, бұйығып отыр. Тап қазiр екеуi алқаракөк аспаннан төне қарап тұрған ару айға да көрпесiн ашпай, тас бүркенiп алған тау бөктерiнде емес, қара бояуы қатықтай ұйып қалған беймәлiм бiр тылсым дүниеде ұшып келе жатқандай...

— Ұйықтап қалған жоқсыз ба, аға?!

— Жоқ...

Таудағы жын-шайтандардың мекенiндей қызылды-жасылды шамдарын жыпылықтатып бiр өшiрiп, бiр жандырып, бақыртып-шақыртып, құлаққа жағымсыз даңғаза музыка ойнатып жатқан түнгi кафелердiң алдынан өтiп, ары қарай бiраз жүрген соң, машина қайырылатын алаңқайға жетiп тоқтады. Олар сыртқа шығып, бiр уақ төңiрекке құлақ тiгiп, тың тыңдағандай болып үнсiз тұрды. Сай жақтан сарқырап аққан өзеннiң сарыны естiледi. Қарауытқан құз-шатқалдардың iнi қорқынышты әрi бой тоңазытарлықтай салқын едi. Демiн iшiне тартып, сiлтiдей тына қалған түнгi дүниенiң қойнауында беймәлiм бiр құбыжық жасырынып жатқандай. Ал анау аспандағы ай соны көрiп, түсiн суытып, қыбыр етпей қадала қарап тұрған секiлдi.

— Аға, жаурадым, — дедi Айгүл жұп-жұқа көйлекпен дiрiлдеп.

Ол қыздың иығына пиджагiн жауып, өзiне қарай тарты.

— Өзiңiз тоңатын болдыңыз ғой, — дедi Айгүл оның кеудесiне басын сүйеп.

Жүрегiнiң тұсынан шыққан ып-ыстық леп тұла бойын ысытып жiбергендей болды. Ол иiлiп қыздың самайына бетiн басты.

— Ай қандай екен? — дедi сыбырлап.

— Аянышты... — деп күбiрледi Айгүл. — Ол — жалғыз ғой. Мына дүние қорқынышты. Мен жалғыздықтан қорқам. Өйткенi мен де ай сияқты жалғызбын.

— Неге?

— Бiлмеймiн...

— Сендей сұлу қыздың жалғыз болуы мүмкiн емес.

— Бәрi де уақытша, аға, — дедi ол күрсiнiп. — Қандай керемет досың болса да, ол сенiң жан дүниеңдi дәл өзiңдей түсiне алмайды. Аға, дачаға барайықшы...

— ...

— Бiздiң дачаға...

— Бүгiн мен сенiң...

— Тс-с, — дедi Айгүл саусағымен оның ернiн басып, — ендi айтпаңыз... Ол қыздың саусағының ұшынан сүйдi. Кенет Айгүл оның мойнынан тас қып құшақтай алып:

— Ағатай, сiз қандай жақсысыз... — дедi. Сонан соң екi алақанымен Мұхиттың бетiнен қысып ұстай алып, бетiнен, маңдайынан шөпiлдетiп сүйе бастады.

* * *

Машина жарығы екi қабатты зәулiм саяжайдың фасадын сүзе тоқтағанда барып, ол тәттi ұйқыдан оянғандай есiнеп көзiн ашты. Айгүл “бардачектан” алған пультi басып едi, гараждың қақпасы өздiгiнен жоғары қарай баяу көтерiле бастады. “Қарай гөр, — деп ойлады ол ұйқылы-ояу рахат күй кешiп отырып, — ғарышқа корабль ұшырған кеңес өкiметi жетпiс жылда қол жеткiзе алмаған тұрмыстық техника жетiстiктерiне жекеменшiк иелерi қалайша тез ие бола қойған!..”

Олар шам сәулесiне шағылысып мұздай жалтырап жатқан мрамор баспалдақтармен жоғары көтерiлiп, қонақ қабылдайтын кең бөлмеге кiрдi. Екеуi жұмсақ креслоларға қатар жайғасып отырған кезде ғана Мұхит өзiнiң ептеп шаршағанын сездi.

— Айтатыны жоқ, керемет саяжай екен!— дедi ол аса биiк талғаммен, қымбат жиһаздармен жасауланған бөлменiң iшiн шолып өтiп.

— Иә, маңайымыздың бәрi қалың бау. Ауа таза. Алатаудың бөктерi ғой, — дедi Айгүл. — Қыста да бұл жер ғажап болып тұрады. Сыртта сақылдаған сары аяз. Көз қарықтырып жатқан ақша қар. Жиегiне мұз қатып, буы бұрқырап ағып жатқан тау өзенi. Ал үйдiң iшi жып-жылы. Аға, сiзге осындай тамаша табиғатқа терезеден қарап-ап отырып, шығармашылықпен айналысқан ұнай ма?!

— Әрине.

— О-о, онда мен таң атқан соң сiздiң қолыңызға осы саяжайдың кiлтiн ұстатамын. Қалаған уақытыңызда келiп, демалып, содан соң өзiңiзбен өзiңiз оңаша ой кешiп, жұмыс iстеп отырасыз. Ал егер... Менiң қызметiм қажет бола қалса, онда ұялы телефоныма звондай саласыз. Сол мезетте жетiп келiп тұрауға уәде беремiн.

Мұхит ертегi тыңдағандай қызығып, жымия күлiп отырды да:

— Сонда бұл саяжайды мен уақытша жалдап тұратын боламын ғой. Ал сiз — менiң қожайыным боласыз. Солай ма?

— Сiз қожайын болып, мен сiздiң қызметшiңiз болайын! Өйткенi сiз — өнер иесiсiз. Ал өнерге қызмет еткеннен артық қуаныш бар ма?! Рас айтам, аға! Менiң қолымнан көп нәрсе келедi...

— Қызық екен, — дедi ол не айтарын бiлмей абдырап. — Кенеттен, бiр-ақ күнде базардан қайтқан әжем сияқты артынып-тартынып келе қалған бұл қандай қуаныш, қандай бақыт?!

— Аға... сонда сiз шеше алмай отырған жұмбақ не?

— Айталық, мынау саяжай деп қана аталатын зәулiм үй. Кiлтi менiң қолымда болғанымен, iшi толған құпия. Мұнда мен өзiмдi қалай сезiнуiм керек? Алтын кiлт тауып алған ағаш қуыршақ секiлдi алақайлап қуана берейiн бе?

— Қызықсыз. Бұл дүниедегi жұмбақтың бәрiн шеше беру мiндет пе екен?! Адам баласының өзiне жақсы болса, әйтеуiр бақытты болса, болды емес пе?..

— ...

— Өзi iздеп ұшып келген бақыт құсынан: “Сен қайдан ұшып келдiң, не үшiн келдiң?” деп сұрай ма екен адам?..

— Бiлгiсi келетiн шығар. Бәрi жұмбақ болып қала берсе, пе?де байқұс басына қонған құстың қандай құс екенiн қайдан бiлмек?

Айгүл бiр сәт үнсiз отырып қалды да:

— Бiлгiңiз келсе, айтайын, — дедi көңiлi қаламайтын бiр әңгiменi бастағысы келгендей тәмпiш танауы қусырылып, — бұл үй — бiздiң қоғамымыздағы беделдi бiр саяси тұлғаның маған қалдырған мұрасы. Машинаны сыйлаған да, банктегi жалақысы жоғары жұмысқа орналастырған да сол...

— Ол қазiр қайда?

— Алыста. Ендi мұнда келмейдi.

— Неге?

— Оның қызметi өзгердi. Алыс шетелдегi елшiлiк қызметке ауысты. Сөйтiп, екеумiз қоштасатын күнi ол маған: “Бұдан былай бiз ендi жиi кездесе алмайтын шығармыз, бiр-бiрiмiздi сағынбай-ақ қойғанымыз жөн болар”, дедi...

— Сен оны сүйесiң бе?

— Жоқ!

— ...

— Бiз онымен Мәскеуде бiрге студент болдық, — дедi Айгүл қазiр шет жұртта қызмет атқарып жүрген биiк лауазымды көңiлдесiн есiне алып. — Ол халықаралық қарым-қатынастар институтында оқыды. Алғаш танысқан күннен бастап-ақ ол менiң қыр соңымнан қалмады. Қайда барсам да ыржиып күлiп, қарсы алдымнан шыға келетiн. Жатақханадағы қыздар оны келемеждеп “Маймақ аю” деушi едi. Өйткенi қамыт аяқ, рабайсыздау толық жiгiт болатын. Бiрақ ол намыстану дегендi бiлмейтiн. Есiктi ашсақ, босағаға сүйенiп, терезенi ашсақ, жақтауға сүйенiп, екi езуi екi құлағына жетiп, мәз боп күлiп тұратын. Бiрте-бiрте бiздiң жатақханада Маймаққа күнi түспеген қыз қалмады. Үлкен театрға билет керек пе, қонақ үйден туысыңа орын керек пе, профессордан жақсы баға алып, стипендияға iлiнгiң келе ме, деканның рұқсатымен елге барып қайтқың келе ме — Маймаққа бар. Оның қолынан бәрi келеді. Ол тiлiн таппайтын адам жоқ. Әне, нағыз дарынды дипломат сол!.. Бiрте-бiрте “әне, сенiң Маймақ аюың келе жатыр!”, “Маймағыңа айтшы...”, “Маймақ бiледi ғой...” дегенге де құлағым үйрене бастады. Маған тiптi, басқа жiгiттер сөз айтуды қойды. Сөйтiп, мен өз еркiмнен тыс құдiреттi Маймақтың жекеменшiгiне айналдым. Сiз менi тыңдап отырсыз ба?

— Иә.

— Екеумiз елге қайтатын жылы үйленетiн болдық. Қаланың орталығынан, ақсүйектер тұратын үйден пәтер жалдап алып, ерлi-зайыптылардай бiрге өмiр сүрiп жаттық. Тойды осында келген соң, барлық достарымыз бен туған-туыстарымызды жинап, “Бақыт құсы” мейрамханасында дүрiлдетiп өткiзетiн болдық. Мен Мәскеуде өзiмдi патша ағзамның әйелiнен кем сезiнгенiм жоқ. Керек нәрсенiң бәрiн Маймақ табады. Қашан, қалай, қайтiп танысып үлгеретiнiн бiлмейсiң, ел жақтан үлкен лауазымды бәленшекең келе жатыр екен, бүгiн түгеншекеңдi шығарып салуым керек едi, ана кiсiнiң тапсырмасы, мына кiсiнiң бұйымтайы деп, әйтеуiр, тыным таппай, зыр қағып жүгiредi де жүредi. Бiрақ одан шаршаған Маймақты көрмейсiң, қайта көзi күлiмдеп, алақанын ысқылап, қутың қағып, жаны рахатқа батады. Бiз оқуды бiтiрiп, осы қалаға қайтып оралдық. Ертеңiне елге қарай жүретiн пойызға шығарып салып тұрып, ол маған бiраз күннен соң бәленшекең-түгеншекеңдер бастаған бiр топ адаммен құда түсуге келетiндерiн айтты. Бiрақ... бiрақ бiз қанша күтсек те, ол құдалар келмедi. Маймақтың өзi де бiр ауыз хабар айтуға жарамай, сол күйi ұшты-күйлi жоғалды. Мен... мен осының бәрiн сiзге не үшiн айтып отырмын?..

— Бiлмеймiн.

— Мен де бiлмеймiн. Қызық... Сiздiң алдыңызда айыбымды мойындап, ақталып тұрған қылмыскер сияқтымын.

Айгүл үнсiз қалды. Сәлден соң өзiмен-өзi сөйлескендей:

— Бiрақ әйтеуiр, бiр күнi ақталуым керек едi ғой, солай ма? — дедi сыбырлап.

— Иә.

— Бiз содан кейiн бес жыл өткен соң кездестiк. Мен оның бiр үлкен лауазымды кiсiнiң қызына үйленгенiн, министрлiкте қызмет iстейтiнiн естiгенмiн. Ол да менi ұмытпапты... (Әлде оны, әлде өзiн мұқатқаны белгiсiз, Айгүл мырс етiп күлдi). Тiптi тұрмысқа шықпай отырып қалғанымды да бiледi екен. Содан соң ол менi осы саяжайға қонаққа шақырды. Екеумiз оңаша отырғанда аяғымды құшып кешiрiм сұрап, ендiгi қалған өмiрiнде қолынан келген бар жақсылығын жасап өтетiнiн айтты. Сөйтiп мен тағы да оның жекеменшiгiне айналдым. Мiне, солай...

Мұхит көзiне ұйқы тығылып, шаршап отырған жандай маңдайын уқалап, аз-кем ойланып отырды да:

— Менi неге iздедiң, Айгүл? — дедi.

Күтпеген сауалдан шошығандай Айгүл селк ете қалды. Сiз соны әлi түсiнбегенсiз бе дегендей, Мұхитқа таңдана қарады.

— Неге дейсiз бе?.. Сiздi көргiм келдi. Сiзбен танысып, оңаша отырып сырласқым келдi. Бала күнгi тәттi қиялым қайта оянып, маза бермедi, аға... Мүмкiн, сiз айтқандай, менiң де мынау алтын сарайдың кiлтiн қолына ұстаған ағаш қуыршақ болып қалғым келмеген шығар.

Айгүл орнынан тұрып, Мұхит отырған креслоның жақтауына келiп отырды да, оның мойнынан құшақтап:

— Аға, сiз менiң бала күнгi арманымсыз ғой, — дедi құлағына сыбырлап. Мұхит оны өзiне қарай тартып, ернiнен қадала ұзақ сүйдi.

— Аға, ағатай... — деп ентiге сыбырлады қыз. — Мен сiздi сүйемiн...

Айгүл өзiн-өзi ұмытқандай оның көйлегiнiң түймелерiн ағытып, төсiнен иiскеп, ернiнiң ұшымен жыбырлатып сүйе бастады.

— Әдепсiз болма... — Мұхиттың қытығы келдi.

— Ой, аға, мен бүгiн мас болдым, — дедi Айгүл басын көтерiп. Содан соң шынымен-ақ аяғын теңселе басып, бiр-екi аттап барды да диванға отыра кеттi.

— Шаршадың ба? — дедi Мұхит оның қасына келiп.

— Иә, көптен берi бүгiн қатты шаршадым.

— Жата ғой...

Айгүл диванның жақтауына басын қойып, аяғын созып жатты. Мұхит оның жанына отырып, маңдайынан сипады.

— Ой, аға, алақаныңыз қандай жұмсақ, — дедi Айгүл рахаттана көзiн жұмып.

* * *

Үлбiреген ақ торғын перденiң ар жағынан арайлап атқан ақ таңның жарығы түстi. Ол орнынан тұрып, терезенiң алдына келдi. Қаланың қай шетiнде тұрғанын бiлмек боп сыртқа үңiлiп едi, саяжайдың бұл жақ бетi тауға қарайды екен. Бiрiнен-бiрi биiк, бiрiнен-бiрi әдемi, хан сарайындай зәулiм саяжайлар сонау қойнауға дейiн сап түзеп созыла берiптi. Олардың қызыл-қоңыр кiремiт шатырлары жасыл торғындай құлпырған тау аясында айрықша сұлу көрiнедi екен. Ол диванда жатып алаңсыз ұйықтап қалған Айгүлдi оятып алмайын деп, аяғының ұшымен басып келiп оң жақтағы бөлменiң есiгiн ашты да, қарсы беттегi терезеден сыртқа қарады. Сонау төмендегi көк мұнарға шомылып жатқан қаланың сұлбасын байқады. Түнде алды-артын байқамай келiп тап болған мынау бейтаныс әлемнiң құшағынан сытылып шыққысы келгендей жүрегi бұлқынып, таныс дүниеге, өз ұясына қарай ұмтылғандай болды... Қайта бұрыла бергенде қабырғадағы портретке көзi түсiп, қалт тоқтай қалды.

Оу, мынау әлгi... теледидардан жиi көрiнетiн таныс тұлға ғой. Таяуда ғана батыстағы бiр елге елшi болып кеткен. Болашағы зор, әлi талай биiктен асатын жас саясаткер. Тек өз жасына лайықсыз толысып кеткенi, елуден асып, алпысқа таяп қалғандай қасқа маңдайы жарқырап, тым ересек көрiнетiнi болмаса... Демек, мынау саяжайдың иесi, әлгi Мәскеуде оқыған Маймақ осы жiгiт болды ғой!

Суретшi оны барынша ақылды, барынша мәдениеттi, барынша зиялы жан етiп бейнелеуге барлық күш-жiгерiн салыпты. Бiрақ анау пәлегiнен үзiлiп түскен кемпiр қауындай жап-жалтыр бас пен бұқа болатын бұзаудың мойнындай салбыраған бұғақ ол идеяға бағынбай ерiксiз тоқыратып тастаған. Ал көзi... апыр-ай, қанша сұстанып қарағысы келгенiмен, иесiне сатқындық жасап, ұрлана жымиып қалыпты. “Иә, бiлемiн ғой сiздi де... жазушысыз... Жазушылар одағында iстейсiз... Өзiм жоқта үйге кеп қалған екенсiз ғой! Еһе-еһе, еһе, өмiрде не болмайды?! Бәрi де болады. Белгiлi ғой, белгiлi...” деп елпiлдеп, түлкiдей қуланып тұрған сияқты.

Ол диванда түк сезбей ұйықтап жатқан Айгүлдiң жанына жақындады. Қалыңдау ернi сәл ашылып, тәмпiш танауы қусырыла ақырын ғана тыныстап жатыр екен. Оның да көзiнiң қиығына жыбырлаған ұсақ әжiмдер ұя салыпты... Неге екенi, тағы да артына бұрылып, портрет iлулi тұрған бөлме жаққа қарады... Кенет Айгүлдi анау портреттегi кiсiнiң жымысқы көзқарасынан қалқалағандай иiлiп келiп, ернiнiң ұшымен ғана маңдайынан сүйдi...

Содан кейiн пиджагiн қолына алып, жан-жағына сақтана қарап сыртқа беттедi. Еңсесiн езiп, иiнiн басқан биiк шатырлы, тас қорғанды хан сарайындай бай саяжайларды артқа тастап, қалаға қарай баратын үлкен трассаға түскенде ғана ол өзiн бостандыққа шыққандай еркiн сезiнiп, кеудесiн кере тыныс алды. Соңына бұрылып бiр рет көз тастап едi, түнде беймезгiл келген жат кiсiнiң ерте қайтқанын тәуiр көргендей iшi-сырты сән-салтанатқа оранған бай үйлер түсiн суытып, бұдан сырт айналғандай көрiндi.

Оның көз алдына түндегi тау үстiнде қалқыған дөп-дөңгелек ай елестедi.

Аппақ...

Сұп-суық...

Әрi тым-тым алыста...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...