Эссе және өлең-жыр байқауы

Жарнама психологиясы

Психологияның дамуымен, оның механизмдері мен қағидаттарын түсініп алумен бірге жаңа білім саласы  — жарнама психологиясы пайда болды. Ол бізге әйтеуір бірдеңені қайта-қайта сатып ала беруге түрткі болатын өнімдерді жарнамалаудың мейлінше пәрменді стратегияларын зерттейді. Әлбетте, жарнама психологиясы жөнінен білім маркетологтарға ғана керек емес: өздеріне ықпал етіп жатқанын біліп-түсініп алған қарапайым адамдар бұдан сақтана және ең бері болғанда қаржысын үнемдей алады.  

Тұтынушылардың реакцияларын зерттеп білу

Жарнама психологиясы саласына, сондай-ақ, алуан түрлі маркетинг механизмдерінің адам мыйына ықпалын зерттеу, сонымен қатар белгілі бір параметрлерге реакцияны зерделеу жүйесі кіреді. Мысалы, адамдардың жарнамаға, интернет-дүкендерге және өнімдердің өздеріне олардың түсіне байланысты реакциясы әрқалай болады.  

Түс (рең) психологиясы жөнінде білу маркетологтарға сатып алушылар байқайтын жарнаманы, адамдардың көңіліне сенім сезімін ұялататын интернет-дүкеннің дизайнын және сатып алғың келіп кететін өнімді жасап шығаруға септігін тигізеді.  

Сенім

Жарнаманың функциясы не? Жарнаманың бізді қандай да бір тауардың бар екенінен, оның ерекше қасиеттерінен хабардар еткеннен бөлек, ол бізді осы тауарды сатып алу қажеттігіне нандырады. Осы себепті жарнамашылар нандырып-сендіру психологиясының қызметіне жүгінеді.

Бұл салада қолданылатын құралдардың түрі көп. Мысалы, тұтынушыларды, белгілі бір өнімді таңдауы үшін, «сарапшылар кеңес береді» немесе «көпшіліктің таңдауы» деген сияқты нандыру үлгілері пайдаланылады.

Немесе «әр адам … міндетті», «сіз әлі … онда біз сізге барамыз» деген сөздерді айтып, адамдарды жарнамаланып жатқан тауар  — сізге аса қажет нәрсе деп ойлап қалуға мәжбүрлейді, ал шындығында ол тауардың керек болып тұрғаны шамалы. Басқалар сияқты болу, елден бөлектенгіміздің келмеуі көбінесе бізді мүлдем қажеті жоқ заттарды сатып алуға итермелейді.  

Аксиология және кажеттіліктерімізді танып білу

Аксиология — бұл құндылықтар жайындағы ғылым. Маркетолгтар нені қалайтынымызды және нені қажетсінетінімізді біледі. Әрбір жарнамаланатын тауар осы қажеттіліктерді өтеу, сатып алушының өмірін жақсарту үшін қажет нәрсе ретінде ұсынылады.  

Әмбебап, әр адамның көңіліне жақын құндылықтар бар: сүйіспеншілік, бақыт, қаржыдан тарықпаушылық, деннің саулығы, басқа адамдардың ықылас-ілтипаты және т.б. Сәп салып қарасаңыз, жарнамаланатын өнімдердің барлығына дерлігі сізге аңсаған армандарыңызға жетуге сеп болуға жаралғандай болып көрсетілетінін байқайсыз.

Киім, мысалы, сізді міндетті түрде әдемі әрі сүйкімді етіп жібереді, автокөліктің жарнамасы машинаны сатып алсақ, отбасылық бақытқа бөленетінімізді, сенімді болатынымызды немесе бастық болып шыға келетінімізді айтқысы келетіндей болып тұрады. Біз тауарды емес-ау, құндылықты немесе аса зәру болып отырған затымыздың өтеуін сатып аламыз.  

Вирусты маркетинг

Лек-легімен келіп жататын жарнама бізге байқалмай өтіп кетпейді және оның біздің түпсанамызда тұрақтап қалатын кездері сирек емес. Сіз бұл эффекттің әсерін «Фокус» фильмінің үзіндісінен көре аласыз (бұл жерде жарнама туралы айтылмайды, бірақ дәл сондай ықпал ету қағидаты көрсетілген):   

Бұдан, егер біз өзіміз де байқамай, қандай да бір тауардың жарнамасын көре немесе ести берсек, ол біздің санамызда тұрып қалады да, көп өтпей-ақ біз сол жарнамаланған өнімді сатып алғымыз келіп кететіні шығады (әсіресе ол өнім біздің зәрулігімізді өтейтін-міс болса).  

AIDMA

Адамның тауарға қатысты психологиялық тұрғыдағы қимыл-әрекетінің схемасын көрсететін әйгілі сату формуласы бар:

A — Attention (зейін, адамның назарын аударту)

I — Interest (қызықтыру, еліктіру)

D — Desire (қалату, зауқын тудыру)

M — Motivation (ынтасын ояту, мотивация)

A — Action (әрекетке көшіру)

Бұл формула бойынша маркетологтар әуелі жарнамаға адамның назарын аудартады (мысалы, алқызыл түсті пайдалану арқылы), содан кейін адамды қызықтырады («жарыңызды қалай қуантуды айтайық па?»), содан соң сатып алуды қалайтын жағдай жасайды («алғыңыз келіп тұр»), енді сатып алуға ынталандырады (сіздің жарыңыз керемет ләззатқа бөленеді, ол өте қуанышты және сізге алғысы шексіз болады!»), ақыр аяғында келіп нақты әрекет ететін жағдайға (сатып алу) жеткізеді. Ол үшін, мысалы, белгілі бір уақытқа дейін ғана сатып алуға болатынын айтады (бұған акция бүгін ғана болып жатыр) да, ол заттың керек-керек еместігін ойланып көруге мұрсат бермей, адамды дереу сатып алуға итермелеп бағады. Оның үстіне әртүрлі жеңілдіктер де адамның тауарды сатып алуға деген зауқын арттырып жібереді.

Жорықты білгеннің  —  аты тағалы,

Жораны білгеннің  —  сөзі бағалы.

Сатушының ырқына жығыла бермей, бекерге мал шашудан аулақ болыңыз. 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүктелуде...