Өлең, жыр, ақындар

Наурыз көже

Қатысушылар:

Асан ата
Бидай
Тары
Күріш
Бұршақ
Қазы
Айран
«Тон-Тон» кеспесі
Дәрігер

Асүй.

Ортада үлкен қазан тұр. Асан ата ас қамына кіріспек болып, мұртын ширатып, ойланып қалыпты. Кенет залда отырған көрер-мендерді жаңа көргендей күлімсіреп, қолын кеудесіне қойып, басын иеді.

Асан ата. Амансыңдар ма, балалар? Наурыз құтты болсын! Мына біздің ауылдың сиырлары сүтті болсын. Ақ мол болсын! Ас көп болсын!..

Пауза.

Асан ата. Бүгін мен мынау дәу қазанға наурыз көже пісірмек-пін. Құдай қаласа, осы отырған бәріңе жететін, қарындарың тырсиып тоятын мо-о-ол көже болады. Одан қалса, осы біздің өңірдің тұрғындары мен оларға келетін қонақтар да дәм татып, риза болсын деймін. Е-еһ, әзірге бұл менің арманым ғой, балалар! Ал адам баласы өзінің арманына жету үшін не істеуі керек?.. А-а?.. Әрине, еңбек етуі керек. Демек, мен де бүгін құр босқа қиялдай бермей, наурыз көже пісіруім керек.

Пауза.

Асан ата. Жылда-жылда бұл көжені Ақ кемпірім пісіруші еді. Ол биыл ойда-жоқта сырқаттанып қалды. Енді өзім пісірмекпін. О-о, бұл көже бар ғой, бұл көже барлығымызға жететін мол көже, дәмді көже және өте маңызды көже болуға тиісті! Әне, солай балалар! Қой, мен тіпті мылжыңдап, көп сөйлеп кеттім, білем. Енді, іске кірісейін. Ім-м, иә!..

Ойланып қалады. Содан соң әлдене есіне түскендей жан-жағына қарап дауыстайды.

Асан ата. Бида-а-ай! Ай, Бидай, қайдасың?!

Асан ата Бидайды іздеп, шкафтарды ашып қарай бастайды.

Асан ата. Оу, Бида-а-ай! Қайдасың?

Қолына ожауды алып, әндетіп қоя береді.

Ақ бидай, қара бидай,

Сары бидай, қызыл бидай!

Наурыз көже пісіреміз,

Бұрынғыдай, ау, бұрынғыдай, е-е-ей!

Осы сәтте асүйдегі бір бөшкенің қақпағы ашылып,

Ақбидайдың басы қылтияды.

Ақбидай (ақырын ғана). Мұндамын!..

Асан ата (қуанып). Ой, айналайын, Ақбидай, амансың ба?

Ақбидай. Аманмын, ата, аманмын! Ал өзіңіз қалайсыз? Ақ әжем қайда?

Асан ата. Біз де аманбыз. Бірақ... Ақ әжең сырқаттанып, төсек тартып жатып қалды. Биыл наурыз көже жасайтындай шамасы жоқ, сондықтан, бүгін соны өзім пісірсем бе деймін. Осы ойымды айналайын Ақбидайжан-ау, кеше Ақ әжеңе айтып ем: «Үйбай, шалым-ау, онда кәніки, сен пісірген наурыз көжеден бір ұрттасам, жазылып кетемін ғой!» – деп қуанып қалды.

Ақбидай. О-о, бәрекелді-і, ата! Іске сәт.

Асан ата. Рақмет, айналайын, Ақбидай. Ал енді, осы істің мәнісін өзіңменен ақылдасып алсам ба деймін.

Ақбидай. Жақсы. Ақылдасып алыңыз.

Асан ата. Ау енді, ақылдасқанда бар ғой, бұл көжені... бұл кө-жені Ақ әжең баптап, дайындап, алдымызға әкеліп қойғанда әуп деп, әуелі бір кесесін, содан соң тағы да әуп деп, екінші кесесін сүйсініп ішіп, көзді жұмып, басты шайқап, тамсанғаным болмаса, басқа шаруасын білмейді екенмін, айналайын.

Ақбидай (таңданып). Сонда қалай болғаны? Әуп деп, ішесіз?..

Асан ата. Иә.

Ақбидай. Тағы да әуп деп, ішесіз?..

Асан ата. Иә...

Ақбидай. Одан басқасын білмейсіз.

Асан ата (басын шайқап). Иә, иә...

Ақбидай. Түсінбедім.

Асан ата. Ау, оның түсінбейтін несі бар?! Мен... мен наурыз көженің қалай жасалатынын сенен сұрап тұрғаным жоқ па?!

Ақбидай. А-а!.. Солай демейсіз бе?! Ендеше, тыңдаңыз. Оның түк те қиындығы жоқ.

Асан ата. Апыр-ай, ә?!

Ақбидай. Мына қазанды көріп тұрсыз ба?

Асан ата. Көріп тұрмын.

Ақбидай. Ендеше, оған бір шелек су құясыз. Оған қыс бойы ұнға салып, сүрлеп, сақтаған жылқының етін немесе қазысын «Біссіміллә» деп саласыз. Бабымен қайнатып пісіресіз. Содан кейін сорпаға бидай, тары, күріш, бұршақ салып қайнатасыз. Дәндер пісе бастағанда, оған жұмыртқа қосып илеп, шаштай қылып кескен жіңішке кеспені бір «бұрқ» еткізесіз де, айран қатасыз, ата! Мінеки, жеті түрлі дәмнен құралған, жылы-жұмсақ наурыз көже дайын болады да шығады.

Асан ата. О-оу, айналайын, Ақбидайжан, өркенің өссін. Тұқы-мың көбейсін, айналайын. Тұқымың көбейсін! Мына біздің кең байтақ даламызда жайқалып өсе бер, өркендей бер!

Ақбидай. Әумин, ата. Айтқаныңыз келсін!

Асан ата. Ал онда, мен іске кірісейін.

Ақбидай. Кірісіңіз. Себебі... (Асан атаның көзіне қарап, сөзі-нің соңын жұтып қоя салады.)

Асан ата (оған сұраулы жүзбен қарап). Иә?..

Ақбидай. Не?..

Асан ата. «Себебі...» дедің ғой.

Ақбидай. Себебі дегенім, «құр сөзден көже қайнатқан» ешкімді көрген жоқпын әзірге.

Асан ата. Әй, қу бала, қу бала! Оның рас. Айран... айран... Бұл үйдің айраны қайда екен?

Асүйдегі бір бөшкенің ішінен бүлк-бүлк етіп, ашыған айранның дыбысы естіледі.

Айран. Мен мұндамын, ата!

Асан ата. Өй, садағаң кетейін, «ата» деген даусыңнан айнала-йын! Келе ғой! Біз бүгін наурыз көже пісірейін деп жатырмыз!

Айран (қуанып). Ур-ра!

Ақбидай. Өй, айналайын, Айранжан қуанып кетті ғой.

Айран. Рас, ата! Неге қуанбайын, наурыз көже жасау өте қызық қой! Бірақ...

Ақ бидай. Не, «бірақ»?

Айран. Наурыз көжені ылғи да Ақ әжем жасаушы еді ғой?!

Ақбидай. Иә.

Айран. Онда неге бүгін Асан ата айғайлап, абыр-сабыр болып жүр?

Ақбидай оның құлағына сыбырлап, бірдеңе айтады. Айран оған таңдана қарап, көзі бақырайып, басын шайқап қалады.

Айран. А-а, солай ма?.. Қап, әттеген-ай, ә!

Айбидай (басын шұлғиды). Иә, солай!..

Айран. Жарайды. Ең бастысы, Ақ әжеміз көп ауырмай, тезірек жазылып кетсінші деп тілейік.

Ақбидай. Иә, сөйтейік.

Айран. Меніңше, Асан ата жасайтын наурыз көже де өте дәмді болып шығуға тиісті.

Мен де солай ойлаймын. Содан соң... содан соң бар ғой, бәрі жақсы болады. Өйткені Ақ әже: «Сен жасаған наурыз көжеден бір ұрттасам, жазылып кетемін», – депті Асан атамызға.

Айран. Ойпыр-ай, шынымен-ақ сөйдеп пе?!

Ақбидай. Иә. Жаңа маған Асан атаның өзі айтты.

Айран. Оу, ендеше, не тұрыс?! Көмектесейік!

Ақбидай. Иә, сөйтейік. Мен оған бір уыс ақ маржан дән саламын.

Айран. Мен де бір тостақ айран құямын қазанға. Және... және басқаларды да наурыз көже жасауға шақырамыз!

Ақбидай. Әрине, шақырамыз. Күріш қайда, күріш?

Айран (айғайлайды). Кү-рі-і-іш! Кү-ү-үрі-і-іш!

Асан ата (қуанып). Иә, иә, айналайын. Күрішті шақырыңдар, күрішті!

Ақбидай. Кү-рі-іш, қайдасың?

Айран. Кү-рі-іш!

Асүйдің бұрышындағы бір қаптың ішінен. Күріштің үн қатқан даусы естіледі.

Күріш. Не-е?

Айран. Бері кел!

Күріш. Уақытым жоқ. Базарға барайын деп жатырмын.

Айран. Не-ме-не? Ертең Наурыз мерекесі ғой!

Күріш. Не дейт? Рас па?

Ақбидай. Мәссаған! Сауданың қызығына беріліп кеткенің сондай, жылына бір келетін Наурыз мерекесі де есіңнен шығып кетіпті ғой.

Асан ата. Оқа емес! Ондай-ондай ұмытшақтық мына менде де бар, айналайын.

Күріш. Қазір барам, ата!

Асан ата. Келе ғой! Әй, Күреке, әлгі Бұршақ, Тары көршілеріңе де айта сал! Сөйтіп, үшеуің бірге келіңдер!

Күріш. Мақұл. Бірақ ол көршілерімді өзімнің де көрмегеніме көп уақыт өтіпті.

Ақбидай (күліп). Соңғы кездері бәріңнің есіл-дертің базар, бір-біріңді ұмытып та қалған шығарсыңдар әуелі?

Күріш. Кім білсін... (Ол өзі отырған қаптың жанында тұрған бөшкелердің бүйірін тықылдатып, есік қаққандай қаға бастайды. Бірақ ешкім жауап қатпайды.) Әне, айтам ғой, бұлар таң атпай тағы да бір жаққа жортып кеткен болар.

Асан ата. Жарайды, Күрішжан, онда өзің келе бер. Ертең нау-рыз көжені қалай жасайтынымызды ақылдасып алайық.

Күріш. Міне, келе жатырмын!

Асан ата. Ал енді... (Ақбидай мен Айранға қарайды.) Ақ әже-леріңнің қыстай сақтаған сүр қазысын шақырайық, ә?!

Ақбидай. Әрине!

Айран. Әй, осы қазы десе, қариялардың сілекейі шұбырып қоя беретіні несі екен, а?!

Ақбидай. Тс-с-с! Ұят болады. Олай деме...

Айран. Жай әшейін, әзілдегенім ғой!..

Асан ата (кеңк-кеңк күліп). Әй, әзілің бар болсын, Айранбай. Әзілің бар болсын! Ақиқаты да сол ғой. «Ет дегенде бет бар ма» дейтін қазақ емеспіз бе баяғы.

Айран. Өте дұрыс. Қайран, Қазының дәмі ерекше ғой, шіркін!

Асан ата. Әп, бәрекелде-е! Олай болса, шақырайық.

Ақбидай. Шақырсақ, шақырайық!

Айран. Жо-жоқ, Ақбидай, сенің бұл «Шақырсақ, шақырайық» дегеніңе елпілдеп, жетіп келе салмайды ол. Қазекең өте салмақты, маңызды ас қой. Сондықтан да, оған өзіміз барып, ертіп келгеніміз абзал.

Асан ата. Паһ-паһ, ақылыңнан айналайын, Айранжан! Дұрыс айтасың, барайық.

Олар шығып кетеді. Музыка ойнайды. Біз енді базардан қайтып келе жатқан Бұршақ пен Тарыны көреміз. Екеуі де көңілді. Бәлкім, әндетіп қояды.

Бұршақ. Тү-у, бүгінгі саудамыздың қызып тұрғанын айтсаңшы, Тареке! Базарға келген жұрт бас салып, бұршақ алды, бас салып тары алды! Сен екеуміздің тіпті, табанымыз жерге тимей кетті ғой!

Тары. Иә, мұндай үлкен мереке жақындап келе жатқан кезде сен екеуміздің бағымыз да, беделіміз де артады.

Бұршақ. Бұл дегенің тамаша ғой, досым-ау! Сен екеуміз осыны пайдаланып, өтетін жерге өтіп, көшетін жерге көшіп, өсетін жерде өсіп, тіпті бар ғой, бөсетін жерде бөсіп алғанымыз жөн!

Тары. Ха-ха-ха! Мұның да дұрыс шығар. Бірақ мен бүгін қатты шаршадым. Енді біраз көз шырымын алып, демалсам ба деймін.

Бұршақ. Ал менің базарға тағы да бір рет барып қайтқым келіп тұр.

Тары. Байқасаңшы... Былтырғыдай тағы да бармағыңды шайнап, шашылып қалып жүрме.

Бұршақ. Құдай сақтасын! Ондай-ондай қорқынышты, келеңсіз оқиғаларды ескі жылда қалдырып, енді мына жаңа жылдан тек қана жақсылық күтейікші! Есіме түссе, жүрегім зырқ ете қалады.

Тары. Иә, солай-ақ болсын. Дегенмен, «Сақтықта қорлық жоқ» екенін әрдайым есте ұсталық. Өткеннің бәрін ұмыта беруге болмайды. Қайта одан сабақ алуымыз қажет. Менің де былтыр бір рет аңдамай, қара басып, көшеде шашылып қалғаным бар. Содан кейін есімді әзер жиып, өзімді-өзім жинап алдым ғой әйтеуір.

Бұршақ. Иә, мен де базарда мақтанамын деп, ісіп-кеуіп, жарылып қалған кезде өзімді сондай ыңғайсыз сезіндім. Әсіресе әлгі балалардың мазағына қалғаным тіпті жаман болды. Әй, Тары досым-ай, сен ақылдысың ғой. Сені тыңдайын. Биыл да бір бәлеге ұрынып қалмай тұрғанда, «барға – қанағат, жоққа – мінәжат» дегенім жөн болар, сірә.

Олар қолтықтасып, асүйге кірген кезде бір қызық көрініске тап болады. Асүйдің іші бұрқырап жатыр.

Бет-аузына ұн жағылып, пысқырып-түшкіріп отырған Асан ата, Ақбидай, Күріш, Айран төртеуі бұларға сығырая қарайды.

Қап ішінен жаңа ғана шыққан Қазы ұйқысын аша алмай мең-зең болып тұр ортада.

Тары. Оу, сіздерге не болған?

Асан ата. Айналайын, Тарыжан, сені де көретұғын күн бар екен-ау?!

Айран. Иә-ә, деймін-ау, Сіз, тіпті, дефицит болып кеттіңіз ғой. Қайдан келесіз?

Тары. Бұршақ екеуміз бүгін базарға барып ек. Ал сіздер мұнда не істеп отырсыздар?

Айран. Әй!.. Не істеуші ек?! Бұрқыратып жатырмыз!..

Тары. Неге?.. Нені?

Күріш (мысқылдап). «Нені?..». «Неге?». Аспаннан түстіңдер ме, немене?! Ертең Наурыз мейрамы емес пе?! Соған дайындалып, Наурыз көже пісірейін деп жатырмыз?

Асан ата. Айналайын, Тарыжан. Ақ әжең аяқ астынан сыр-қаттанып қалып, содан... биыл наурыз көжені өзіміз бірдеңе етіп, пісірсек пе деймін. Міне, қыс бойы ұнның ішінде жатып, қалың ұйқыға батқан Қазыжанды үшеулеп жүріп әрең ояттық.

Бұршақ. Ха-ха-ха! Үсті-басы аппақ, бұрқырап тұрған бұ кім болды десем, пай-пай, өзіміздің Қазы ағамыз екен ғой!

Айран (ол да күліп). Ойбо-о-ой, бұ кісінің ұйқысының қатты-сын-ай! Ұн салған қаптың ана бүйірінен түртеміз, бұрқ-бұрқ. Оянбайды. Мына бүйірінен түртеміз, бұрқ-бұрқ! Оянбайды. Бір кезде Күрішекең қаптың ішіне үңіліп: «Қазеке! Тұрсаңызшы енді!» деп айқай салғанда бар ғой, мына бөлменің іші боз-боран, ақ түтек болды да кетті. Бәріміз қақалып-шашалып, ұн жұтып, қиқылдап-шиқылдап өліп қала жаздадық!..

Қазы. Әй, қайран, Ақ әжем-ай!

Күріш. Оу, не болды?

Қазы. Ол кісі менің ұн-көрпемді ақырын ғана ысырып, құла-ғыма сыбырлап: «Айналайын Қазыжан, Наурыз келді!» – деп ерекше бір мейірімді даусымен оятушы еді. Ал сендер... сендер болсаңдар, жан-жағымнан жау сияқты аттандап, қиқулап есімді шығардыңдар ғой!..

Асан ата. Кешір, айналайын. (Кеңк-кеңк күліп, көзінен аққан жасты сүртіп) Әй, бұл білместік дегенді қойсаңшы! Біздің мұ-нымыз шынында да, әбестік болған екен.

Айран. Өзінен де бар, өмір бақи оянбайтындай, қатып ұйық-тағаны несі?!

Бұршақ. Ойбай, бұл Қазекеңмен ойнамаңдар! Ертең қазанға түсуін түскенмен, піспей жатып алуы да мүмкін.

Қазы. Жо-жоқ, мен Ақ әжемді ешқашан ұятқа қалдырған емеспін. Ол кісі наурыз көже дайындаған кезде: «Астың дәмін кіргізетін осы Қазы ғой!» – деп, мені ылғи да мақтап отырады.

Асан ата. Ау, қарақтарым, біз осы, басымыз қосылып, жиналып та қалған сияқтымыз. Олай болса, ертеңгі пісіретін көженің жайын ақылдасайық.

Ақбидай. Ақылдасайық!

Асан ата. Олай болса, наурыз көже жасауға дайынсыңдар ма?

Ақбидай. Дайынбыз.

Асан ата. Ал, онда...

Айран. Сабыр!.. Сабыр, атаеке!

Асан ата. Ау, не боп қалды?

Айран. Біз әуелі кім бар, кім жоқ екенін бір түгендеп алайық та.

Тары. Иә, Айран, дұрыс айтады. Ақ әжем ылғи да сөйтетін.

Асан ата. А-а, солай ма еді?.. Қайдан білейін! Өкінішке қарай, мен әже емес, атамын ғой.

Бұршақ (сылқ-сылқ күледі). Онда сізге Ақ әжемнің көйлегін кигізіп, басыңызға кимешегін орап қояйық. Міне, сонда сіз нағыз әже болып шыға келесіз.

Бәрі күледі. Асан ата да кеңк-кеңк етіп, екі иығы селкілдеп, риза болады.

Асан ата. Ойпыр-ай, Бұршақжан-ай, қатырдың-ау, атаңды! Әй, бірақ... Бүгін менің кемпір болмаған нем қалды осы?!

«Еркек шіркін, қолына ожау ұстаған күні құриды деуші еді», – бір ақсақал.

Тары. Жо-жоқ, сіз өйтіп қамықпаңыз, ата. Баяғы бір қысылтаяң заманда Сырым деген батыр: «Жауға шапсам, батырмын. Үйге келсем, қатынмын. Апаң ауру, бала жас, тары түйіп жатырмын!» деген екен. Міне, биыл сіздің де басыңызға Сырым батырдың басындағы жағдай туып тұр емес пе. Ендеше, қамықпаңыз. «Нар жолында жүк қалмас» деген.

Асан ата. Иә, иә... Солай болды. Ақылыңнан айналайын, Тарыжан. Сен маған қуат беріп тұрсың-ау!

Қазы. Ішінде тарысы бар өлең болған соң, жаттап алған ғой! Әй, қу-ай!

Ақбидай. Достарым-ау, біз осы әңгімеге алданып, алтын уақытымызды босқа өткізіп тұрған жоқпыз ба?! Әні-міне дегенше, анау қырдың астынан кісінеп жылқы жылы шыға келмей ме?!

Бұршақ. Апыр-ай, солай екен-ау!.. Тездетейік, ендеше, тез-детейік!

Айран. Иә, керіліп-созылмай жиналайық! Түгенделейік! Ақбидай – біреу. Тары – екеу. Күріш – үшеу. Бұршақ – төртеу. Қазы – бесеу. (Ойланып қалады.) Тағы да кім қалып қойды?

Бұршақ. Айран – алтау.

Айран (аң-таң болып). Ә-ә, өзімді санамаған екенмін ғой! Апыр-ай, осы мен неге ылғи өзімді өзім ұмыта берем, а?!

Бұршақ. Ақкөңілсің ғой, Айранеке, ақкөңілсің!

Қазы. Ұмытшақсың!

Айран. Жо-жоқ, маған ұмытшақ болуға болмайды! Өйткені бірер күн ұмыт қалсам болды, ашып кетемін. Содан соң менің ешкімге керегім болмай қалады. Жә, жарайды!

Асан ата (қуанып). Бәрекелде-е, бәрекелде-е! Онда мен ертең мынау қара қазанның астына от жағайын!

Осы сәтте асүйдегі сөренің бірі қозғалып, жып-жылтыр қағазға оралған бір шетелдік фирманың Кеспесі атып шығады.

Кеспе. Тоқтаңдар! Мені неге шақырмайсыңдар?

Бұршақ. Бұл кім өзі?

Қазы. Бөтен жақтан келген кеспе ғой! Өзі сондай сүйкімсіз...

Кеспе. Не-е?.. Кеспе болмаса, Қазының дәмі болушы ма еді?!

Бұршақ. Ха-ха-ха?

Қазы. Неге күлесің?

Бұршақ. Жо-жоқ. Қазеке, сенің сөзіңе емес, мы... мына Кеспектің сөзіне күліп тұрмын.

Кеспе. Менің атым Кеспек емес: «Тон-тон!». Мұхиттың ар жа-ғынан келгенмін. Наурыз көже жасалатын жеті дәмнің құрамына кіруге толық құқым бар.

Асан ата (аң-таң болып). А-а...

Тары. Иә, ата. Ақ әжем жылда ұн илеп, жіп-жіңішке етіп кеспе кесуші еді.

Асан ата. Апыр-ай, ә, мен осы тамақ жегеннен басқа түк білмеймін бе деп қалдым!.. Олай болса, көжеге кеспе салайық.

Бұршақ. Қалай? Сіз ұн илей алмайсыз ғой.

Асан ата. Енді... Илей алмасақ, үйренеміз!

Бұршақ. Ха, үйренеміз! Бір күн қалғанда ма?

Асан ата. Е-е, несі бар?..

Кеспе. Сол да сөз болып па?! Дап-дайын кеспе – мына мен бар емеспін бе? Уыстап алыңыз да, сала салыңыз! Қиналмаңыз, ата!

Асан ата. Жөн-ақ! Ой, айналайын! Әп, міне, енді көжеге қосы-латын дәмнің саны да жетеу болды! Ертең наурыз көже пісіруге толық дайынбыз!

Түн. Асан ата өзінің биік кереуетінде қорылдап ұйықтап жатыр. Кенет үстінде жып-жылтыр қызыл көйлегі бар «Тон-Тон» кеспесі бір бұрыштан шыға келеді де, жан-жағына менсінбей қарап, мұрнын шүйіреді.

Тон-Тон. Қарашы бұларды, күндерін көре алмай жүріп, қазан-дарын қызғанады. Өй, өңшең қара қаспақтар! Сендер менің кім екенімді білмей жүр екенсіңдер! Ха-ха, танытайын мен сендерге Тон-Тонның кім екенін?! Бастарыңды иіп, қолдарыңды қусырып, «Тон-Тон ханым, құзырыңызға құлдық!» деп, әлі-ақ алдыма келерсіңдер жорғалап. Себебі, мен – төрт құрлыққа танымал Тон-Тонмын! Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елде туғанмын. Ал сендер кімсіңдер?! Тіп-фу! Майы сорғалаған қара Қазы! Тіп-титтей Тары! Су тисе болды, ісіп-кеуіп шыға келетін мақтаншақ Бұршақ! Ілмиген Бидай! Шіп-шидей Күріш! «Уф!» деп үрлеп жіберсем, аяқтарың көктен келеді! (Ол енді жан-жағына ұрлана қарап, ақырын ғана дауыстайды.) Ау-у, қайдасыңдар, менің продюсерлерім мен менеджерлерім, диллерлерім мен делдалдарым!.. Мына менің кім екенімді танытыңдар мынау ақымақ шалға!

Осы сәтте тауық шақырады. Таң атады.

Асан ата ұйқысынан оянып, керіліп-созылып, радионы қосып, күнделікті таңғы жаттығуын жасай бастайды. Кенет радиодағы: «Бір, екі, үш! Оңға, солға!» деген музыка кілт үзіліп, жарнама басталады.

Жарнама. «Сіздер дүниедегі ең дәмді тамақты білесіздер ме?»

Асан ата. Ет болар.

Жарнама. Жо-жоқ. Таппадыңыздар! Ет емес. Балмұздақ та емес. Ол – «Тон-Тон» кеспесі!

Асан ата. Сөзіңе болайын!

Ол радионы өшіріп тастайды.

Асан ата. Осы күні бұлар «Жарнама, жарнама!» деп, радиодан не болса, соны оттай беретін болып кетті өзі!

Енді ол телевизорды қосады. Онда да әлгі жарнама өтіп жатыр.

Жарнама. «Бұл дүниедегі ең дәмді, тіске жұмсақ, бойға сіңімді, денсаулыққа пайдалы ас – «Тон-Тон» кеспесі!

Асан ата телевизорға қарайды да, аң-таң болады. Өйткені дәл қазір телевизордан жып-жылтыр қызыл қағазға оралған «Тон-Тон» кеспесін көрсетіп жатыр еді.

Жарнама. «Тон-Тон» кеспесін жеген де арманда, жемеген де арманда! Өйткені оның құрамында қойдың майлы еті, жылқының қазы-қартасы мен жал-жаясы, сондай-ақ, бидай, тары, бұршақ, күріш, айран, сүт, қаймақ, құрт, ірімшік – бәрі-бәрі бар! Өйткені бұл таңғажайып «Тон-Тон» кеспесі ғой!

Осы сәтте жып-жылтыр қызыл көйлек киген «Тон-Тон» кеспесі бұрала басып, аң-таң болып отырған. Асан атаның алдынан өте шығады. Тап бір сән үлгісін көрсетіп жүрген сұлу бойжеткен секілді.

Жарнама. Ол дүниедегі ең тез пісетін, ең дәмді тамақ! «Тон-Тонды» пісіру үшін от жағып, қазан асып әуре болмайсыз!

Асан ата. Оу, сонда... Ол қалай піседі?!

Жарнама. «Тон-Тонды» қайнаған суға салсаңыз болды. Он минутта былбырап, хош иіс танауыңызды жарып, бұрқырап пісе қалады!

Асан ата. Оһ-һо! «Піс, «Тон-Тоным», піс. Кел, аузыма түс!» десең болғаны екен де! Қандай, ғажап, ә?!

Ас үйдегі «Тон-Тон» кеспесі Асан атаның көз алдында құлпырып сала береді.

Асан ата (оған таңдана қарап, басын шайқайды). Апыр-ай, сенің мұндай керемет екеніңді кім білген?! Қане, қане... Тон-Тонжан, бері келе қойшы өзің!

«Тон-Тон» былқ-сылқ етіп, бұрала басып, Асан атаның алдынан сылаңдап тағы да бір өте шығады.

Асан ата. Пай-пай! Құрамында ет те, сүт те, бидай да, тары да, бәрі де бар дейді! Әй, мүмкін... мүмкін... (Ойланып қалады.) Мүмкін, наурыз көжені осы «Тон-Тонның» өзінен тез-ақ дайындап жіберсем қайтеді? Сонда...

«Тон-Тон» кеспесі (Асан атаның жанына жүгіріп келеді). Иә, сонда кемпіріңіз де көзді ашып-жұмғанша жазылып кетеді!

Асан ата (оған риза болып). О, тоба! Он минутта наурыз көже дайын болса, Ақ кемпірім, расында да, бір ұрттап, жазылып кетеді-ау, ә?!

Тон-Тон. Әрине.

Асан ата. Олай болса, мен неғып тұрмын состиып?! Тезірек, иә, тезірек іске кірісейін!

Тон-Тон (қуанып). Ур-ра! Тезірек, тезірек!

Асан ата (асып-сасып). Әлгі іліктір шәугімге су қайнатайын!

Тон-Тон. Қайнатыңыз!

Асан ата. Сөйтіп, оны... оны тостаққа құяйын!

«Тон-Тон» кеспесі. Қалауыңыз білсін! Бәлкім, суды қазанға құярсыз.

Асан ата. Онда көже көп болады-ау, ә!

Тон-Тон (қолын шапалақтап). Иә, иә! Бүкіл қалаға жетеді!

Асан ата асып-сасып, қолына электр шәугімді алып, қалбалақтап су қайнатуға кіріседі. «Тон-Тон» кеспесі болса, оның жанынан қалмай, бірге ілесіп, асықтыра бастайды. Көңілді музыка ойнайды. Ақбидай ұйқысынан оянып, бетін жуып, шашын тарап асүйге кірген кезде ыстық су құйылған қазанда буы бұрқырап рақаттанып жатқан Тон-Тонды көреді.

Ақбидай. Өй, сен не істеп жатырсың?

Тон-Тон. Ванна қабылдап жатырмын!

Ақбидай. Асүйде ме? Масқара-ай! Асан ата көрсе, не болады?! Мұның ұят емес пе?!

Тон-Тон. Ха-ха! Асан ата көрсе, не болады?! Ол шал қазір осында су алып келді. Сосын менің арқамды ысып береді. Сенбесең, көр де тұр!

Осы кезде қолында бір шәугім суы бар Асан ата кіріп келеді қаупалақтап. Ол тіпті Ақбидайды байқамай да қалады.

Асан ата (шәугімдегі суды қазанға құйып жатып). Міне, міне!.. Қазір тағы да әкелемін. Осы үйдегі іліктірдің бәрін қосып су қайнатып жатырмын. Айналайын, Тон-Тонжан, сен мені бір үлкен әуре-сарсаңнан құтқардың-ау!

Тон-Тон. Саспаңыз ата, бәрі «шик» болады!

Асан ата (түсінбей қалып). А-а?!.

Тон-Тон. Бәрі жақсы болады! Бүкіл қала риза болсын десеңіз, тағы да су әкеліп құя беріңіз, құя беріңіз!

Асан ата. Мақұл, айналайын, мақұл! (Ол тағы да жүгіре басып, шығып барады.)

Тон-Тон (еркелеп). Асан ата!

Асан ата. Әу, айналайын!

Тон-Тон. Мені былай, аздап қозғап-қозғап жіберіңізші! Сонда мен дәмді болған үстіне дәмді бола түсемін.

Асан ата. Қазір, Тон-Тонжан, қазір! (Қолына үлкен ожауды алып, «ваннада» жатқан Тон-Тонды қозғап-қозғап жібереді.)

Тон-Тон (рақаттанып). О-о, қандай тамаша! Тағы да, тағы да! Ой, рақат-ай!

Міне, осының бәріне таңғалып, көзі бақырайып қарап тұрған

Ақбидай осы кезде ұялғанынан бетін басады.

Тон-Тон (оны мазақтап). Көрдің бе?! Асан атай менің арқамды қалай-қалай ысады, ә?! (Асан атаға қарап) Уһ, аташка, сіз тағы да ыстық су әкеліңіз!

Асан ата. Қазір, айналайын, қазір!

Жүгіре жөнеледі.

Ақбидай (айран-асыр болып) Бү... бүгін А... Асан атаға не болған өзі?! Мына Кеспектің алдында құрақ ұшып, жан-жағына қарауға мұршасы болмай, жас бала сияқты зыр жүгіріп жүргені несі?!

Тон-Тон. Әне, көрдің бе?! Ол енді, менің әміріммен жүреді. Мен не айтсам, соны істейді!

Ақбидай (мұңайып). Иә, көріп тұрмын! Бірақ... бірақ оның не істеп жүргенін түсінсем бұйырмасын. Бүгін Наурыз көже жасаймыз деп келісіп едік қой?!

Тон-Тон. Ха-ха! Наурыз көже!.. Сол да сөз болып па?!

Ол «ваннадан» шығып, халатын киіп, ортадағы орындыққа екі аяғын айқастырып отыра кетеді. Осы кезде асүйдегі Тары, Бұршақ, Күріш, Қазы, Айран оянады. Олар Тон-Тонның мына отырысына аң-таң болып, үрпиісіп қалады.

Айран. Оу, мына Кеспенің асүйде керіліп отырғаны несі?!

Бұршақ. Мәссаған! Шомылған ба өзі, немене?!

Тон-Тон. Аһ! Қандай дөрекілік! (Оларға шекесінен қарап) Мен ванна қабылдап шықтым ғой!

Қазы. Не дейт?!

Тары. Ванна қабылдаған көрінеді!..

Қазы. О несі тағы?!

Күріш. Кір-қоңын жуған ғой!

Қазы. Астапыралла! Асүйді харам қылды десеңші. Әй, мен мұны!..

Ол орындықта шалқайып отырған Тон-Тонға қарай ұмтыла бергенде, Ақбидай алдынан шығып, жолын кес-кестейді.

Ақбидай. Сабыр, Қазы, сабыр! Оған Асан атайдың өзі рұқсат беріпті.

Бұршақ. Мүмкін емес.

Айран. Өтірік айтады!

Ақбидай. Ме... Мен оны жаңа өз көзіммен көрдім!

Күріш. Рас па?

Тон-Тон. Рас болғанда қандай!

Ақбидай. Иә, солай... Асан атаның өзі «ванна» дайындап, су тасып жүр!..

Тары. Апыр-ай, өз құлағыма өзім сенбей тұрмын. Асан атаға бүгін не болған өзі?

Бұршақ. Алжыған шығар.

Айран. Тәйт әрі, өйтіп жаман сөз айтпа!

Бұршақ. Ау, енді, бұрын-соңды Кеспе шомылдырған шалды кім көріпті?!

Ақбидай. Әне, Асан атаның өзі де келе жатыр!

Күріш. Әй, қызық болсын, біз жасырынып қалайық!

Айран. Иә, сөйтіп, мына Кеспекті қалай шомылдыратынын өз көзімізбен көрейік!

Олар жасырынып қалады. Асүйге бір шәугім қайнаған су алып кірген Асан ата орындықта шалқайып отырған

Тон-Тонға қарап, таңданып қалады.

Асан ата. Оу!.. Оу, айналайын, Тон-Тонжан, сен судан шығып кетіпсің ғой. Мұның не?

Тон-Тон. Мен жақсылап шом... (Тілін тістей қалды.) Ә-ә, иә, мен әбден балбырап пістім, ата! Енді тек, үстімді бір шайып жіберсеңіз болғаны!

Асан ата (қауқылдап). Ә-ә, иә, келе ғой, Тон-Тонжан, келе ғой!

Тон-Тон үстіндегі халатын шешіп, бұраңдай басып келіп, қазанға түседі. Асан ата оның үстінен су құйып тұрады.

Тон-Тон. Ой, рақат-ай!

Асан ата (қуанып). Қалай? Енді бабыңа келдің бе, Тон-Тонжан. Он минут та зымырап өте шықты. Бүкіл қалаға жететін наурыз көже дайын боп қалған шығар.

Тон-Тон. Әрине. Құйып алыңыз да, тарата беріңіз!

Асан ата. Ау, олай болса, мен алдымен өзімнің Ақ кемпіріме апарып берейін. О, шіркін, бір ұрттасам болды, жазылып кетемін деп күтіп жатыр ғой!

Асан ата қазандағы судан бір кесе құйып алып, шыға жөнеледі. Осы кезде бұрыш-бұрышта жасырынып тұрған Ақбидай, Тары, Күріш, Бұршақ, Айран, Қазы шығады. Олар қазанның жанында керіліп-созылып, масаттанып тұрған Тон-Тонға сұраулы жүзбен сынай қарайды.

Айран. Ау, мынау Асан атаның Ақ кемпіріме наурыз көже апарып берейін деп қалбалақтап жүргені несі? Менің құлағым жаңылыс естіген жоқ па, осы?!

Бұршақ. Апыр-ай, маған да солай естілген сияқты.

Күріш. Мен де...

Тары. Иә. Асан атаның наурыз көже дегенін бәріміз де естідік. Сонда...

Ол қазан жаққа үрейлене қарайды.

Қазы. Иә, сондағы оның наурыз көже деп жүргені мынау қойыртпақ па?!

Қазы сұқ саусағын қазанға батырып алып, жалайды да, жиіркеніп түкіріп тастайды.

Тон-Тон. Ой, мәдениетсіз! Неге түкіресің?!

Бұршақ (қазанды нұсқап). Бұл немене?

Тон-Тон. Наурыз көже!

Күріш. Мәссаған, ішінде бірді-екілі қалқып жүрген кеспеден басқа түк жоқ, сылдыраған қара су ғой мынау!

Айран (қазанға үңіліп). Түрінің жаманын-ай! Боп-боз, сұп-сұйық бірдеме!

Тон-Тон. Білем, білем! Сендердің іштерің күйіп тұр!

Айран. Не-ме-не?

Тон-Тон. Қызғаншақсыңдар!

Бұршақ. Біз бе?!

Тон-Тон. Иә-ә!

Айран. Оу, сонда біз сенен нені қызғанамыз?

Қазы. Мынау қойыртпақты ма?

Тон-Тон. Ол қойыртпақ емес! Наурыз көже?

Күріш. Астапыралла!

Тары. Сіз... сіз шынымен-ақ солай ойлайсыз ба?!

Тон-Тон. Ол жай ғана наурыз көже емес, суперкөже! Өйткені Тон-Тонның, яғни менің бойымда ең дәмді, қуатты, сіңімді, жылы да жұмсақ дәмге тән қасиеттердің бәрі бар! Сондықтан да, Асан ата мені ғана таңдады!

Қазы. Не дейт!

Бұршақ. Сонда біздің енді оған қажет болмай қалғанбыз ба, немене?..

Күріш. Солай болғаны ғой!..

Ақбидай. Бәсе, бәсе... Әлгінде атайдың наурыз көже он минутта дайын болды деп, зыр жүгіріп бара жатқанынан қорқып едім-ау!.. Қайран, Ақ әжем, мына қойыртпақты ішкен соң, жағдайың қалай болар екен?!

Айран. Уланып өлетін шығар!..

Тары. Тәйт әрі, Ақ әжем ондай ақымақ кісі емес. Дәмін татып көреді ғой әуелі!..

Айран. Ал Асан атамыз ше?.. Мен... мен ол кісіні ақылды, данышпан қария болар деп жүрсем!..

Ақбидай. «Білмеген у ішеді» деген осы да!

Осы сәтте таранып, сыланып, қасын керіп, бұрала басып ортаға шыққан Тон-Тон оларға шекесінен қарап, менсінбей тұрғанын анық байқатады.

Тон-Тон. Иә-ә!.. Енді неғып тұрсыңдар?! Наурыз көже әлдеқа-шан дайын болды. Супертехника! Суперкеспе! Суперкөже! Он-ақ минутта пісті! Иә-ә, менің сендерге жаным ашып тұр. Өйткені ескі заман өтті. Сендер сияқты жалқау, жайбасар, уақыт ағысына ілесе алмай қалған қарабайыр жұрттың енді ешкімге қажеті жоқ. Барыңдар! Жолдарың әне, базарға барып күн көресіңдер ме, көше кезіп, қайыр сұрап кетесіңдер ме, жолдарың ашық!

Ақбидай, Тары, Бұршақ, Айран ақырын-ақырын шегініп, есікке қарай жылжиды. Тек қайсар Қазы ғана біраз уақытқа дейін өз орнынан тапжылмай, Тон-Тонға өшіге қарап тұрады. Осы кезде төргі бөлмеден асығып-үсігіп келе жатқан Асан атаның даусы естіледі. Оның бүгінгі тірлігіне қатты ренжіп тұрған Қазы кенет қолын бір сілтеп, басқалармен бірге шыға жөнеледі.

Асан ата (асүйге ентігіп кіреді). Тон-Тонжан, әй, Тон-Тонжан!

Тон-Тон. Иә, ақсақал, не айтасыз?

Асан ата. Сен екеуміз жасаған суперкөже менің Ақ кемпіріме ұнамай қалды, білем, бір ұрттады да, басын шайқап: «Апыр-ай, менің аузым дәм сезуден қалған білем!..» – деп, сұлқ жата кетті. Енді қайттім?!.

Тон-Тон. Ха-ха, баяғыдан бері кемпірлердің бәрі сондай, кер-тартпа болып келеді. Ол байғұс суперкөженің қадірін қайдан білсін. Сол баяғы сасық көжесін аңсап жатқан да!..

Асан ата. Әй, әй!.. Тон-Тонжан, сенің сөзің қандай ащы еді!..

Тон-Тон. Айып етпеңіз, ақсақал, кейде осылай шындықты шырқыратып бетке айтатыным бар.

Асан ата. Апыр-ай, сонда менің кемпірімнің халі соншалықты мүшкіл болғаны ма?.. «Аузым дәм сезбей қалыпты» дейді...

Тон-Тон. Ауру адамға дәмнің қажеті қанша, дәрі беру керек қой.

Асан ата. Солай болар... (Уайымдап, күрсінеді.) Қайдан білейін, әлгі суперкөже... а-а, не деп барамын өзі, наурыз көжеден бір ұрттасам, жазылып кетемін деп еді... Әй, өзімде де ес жоқ. Менің көңіліме қарап айта салғаны болар. Қой, енді, дәрігер шақырайын!

Тон-Тон. Иә, сөйтіңіз, сөйтіңіз! Көже ішіп, жазыла салатындай жеңіл-желпі ауру емес-ау ол кісінікі.

Асан ата. Солай болар... Тездетіп қоңырау шалайын!

Сөйтіп, Асан ата шыға жөнеледі. Тон-Тон болса, тағы да  керіліп-созылып, орындыққа келіп отыра кетеді.

Тон-Тон. Уһ, шаршадым! Таң атпай тұрып, көже жасау оңай деймісің!..

Асүйге бірінен соң бірі тізіліп Ақбидай, Тары, Бұршақ, Күріш, Айран және Қазы кіреді. Тон-Тон оларды ұнатпай, неге келдіңдер дегендей мұрнын шүйіреді.

Ақбидай. Біз бәрін де естідік.

Бұршақ. Ақ әжемізге сенің қойыртпағың ұнамапты.

Тары. Ол кісінің тәбеті таза ғой. Тамақты талғап ішеді.

Айран. Иә, сен сияқты көшенің тамағы жақпайды оған.

Күріш. Үйбай-ау, құр суға салған кеспе ауру тұрмақ, сау адамға да ас болмайды.

Қазы. Әй, бұның анау ақсақалдың миын әбден ашытып, әуре қылғанын айтамын-ау! Маған салса, желкесінен бір түйіп, келген жағына тырқыратып қуып жіберер ем!

Тон-Тон. Сендер не... сендер мені қорқытпақсыңдар ма? Қане, шығыңдар бұл жерден!

Қазы. Не-е?!

Тары. Сабыр, Қазы, сабыр! (Тон-Тонға қарап) Сен бізді ешқайда да қуа алмайсың!

Ақбидай. Қара шаңырақтың ежелден келе жатқан құты, ырысы мен берекесі біз боламыз.

Тон-Тон. Ха-ха! Сендердің замандарың өткен! Тю-тю! Бүгінгі жұрттың баяғыдай от жағып, қазан асып, қазы қашан піседі, күріш қашан жұмсарады деп сарыла күтіп отыратын уақыты жоқ. Олардың жұмысы көп. Сондықтан да, олар көзді ашып-жұмғанша-ақ пісетін біз сияқты супертамақтарды таңдайды. Бүгінгінің ырысы мен құты, берекесі мен байлығы біз боламыз!

Тары. Олай болса, Ақ әжеміз сені неге ұнатпады?

Күріш. Иә, ол кісінің жұмысы аз ба еді, немене?

Бұршақ. Апыр-ау, десеңші!..

Тон-Тон. Менің білуімше, сендердің ақ әжелерің нағыз ескінің көзі. Көне заманның қалдығы. Әйтпесе менің осы үйге келгеніме бақандай бес айдың жүзі болды. Байғұс кемпір, қолына алып, үңіліп қарайды да, мынау әдемі көйлегімнің сыртындағы ағыл-шынша жазуларды оқи алмай, қайтадан қоя салады. Сөйтіп күні бойы күйбіңдеп қамыр ашытады, нан илейді. Әй, надандық-ай десеңізші! Ыстық суға салса болды, буы бұрқырап, бойым балбырап, әп-сәтте пісе салатын Тон-Тонның ерекше қасиетін білмейді ғой ол, білмейді!

Осы кезде есік қоңырауы шылдырайды.

Асүйде өзара айтысып-тартысып жатқан жеті дәм бір-біріне қарап, үрпиісіп қалады.

Бұршақ жүгіріп барып, терезеден сығалайды.

Содан соң, асүйдегілерге бұрылып қарайды.

Бұршақ. Ойбай, дәрігер келіп тұр! Қолында үлкен қобдишасы бар.

Айран. Апыр-ай, Ақ әжеміздің жағдайы қиын болғаны-ау, ә?!

Күріш (үрейленіп). Бұл... бұл дәрігер жайдан-жай келмейді ғой. Айналайын, Ақ әжем... (Жыламсырап) Айналайын, Ақ әжем қатты ауырып қалған ғой. Биыл тіпті, наурыз көже жасауға да шамасы келмеді. Оны енді, ауруханаға алып кететін шығар!..

Тон-Тон (басын шалқайтып, Күрішке мүсіркей қарап). Подумаешь, үйге дәрігер келді деп, көзінен сорасын ағызып. Дә-рігер келсе, несі бар екен?! Ол адамның жанын алуға келмейді. Керісінше, ауруын емдеп жазуға келеді.

Күріш. Кетші әрі! Осының бәріне сен кінәлісің. Ол... ол жыл-дағыдай дәмді, құнарлы наурыз көже ішсе, жазылып кетер еді.

Тары. Сабыр ет, Күріш. Тон-Тон дұрыс айтады. Дәрігерден қор-қудың қажеті жоқ.

Ақбидай. Жаратушы ием, Ақ әжемді сақтай гөр, сақтай гөр!..

Тон-Тон (Ақбидайға жақтырмай қарап). Мынаны қара!..

Қазы (қабағын түйіп). Сен әуелі өзіңе қара! Ақ әжем бидай, күріш, тары, бұршақ, әрине, қазы салып, айран қатқан наурыз көже ішсе, расында да, жазылып кетер еді. Ал сен... сен оңбаған Асан ақсақалды алдап, өзің шомылған кір суды наурыз көже деп сендірдің. Міне, енді, соның зардабын Ақ әжеміз тартып жатыр!

Тон-Тон. Өтірік айтпа. Ол... ол «Тон-Тон» кеспесінен жасалған суперкөжені ішкен жоқ!

Қазы. Әрине, ішкен жоқ! Есі бар адам кір суды қалай ішеді?! Жиіркеніп, ұшық шығып, одан бетер ауырып қалмай ма? Әліне қарамай, әлгі жуындысын суперкөже дейді ғой тағы да!

Айран. Иә, Ақ әжем айтқандай, айран, құрт қатпаған көженің қара судан несі артық?!

Күріш. Әп, бәрекелді, айран қатқан көженің дәмін келтіретін Күрішті де ұмытпағайсың!

Бұршақ. Паһ, шіркін, берекесі тасыған үй ол көжеге міндетті түрде бұршақ қосады ғой.

Ақбидай. Иә, бәріміз жиылғанда барып, наурыз көженің маңызы артады. Дәмі тіл үйіреді.

Тары. Сабыр етіңдер, достарым, сабыр! Әне, дәрігер шығып келе жатыр. Не айтар екен, тыңдайық.

Есік ашылып, асүйге Дәрігер мен Асан ата кіреді.

Асан ата. Иә, қалай?

Дәрігер. Шынымды айтсам, бәлендей бір қорқынышты ештеңе байқалмайды. Жай әншейін, салқын тигізіп алған ғой. Қарт адамға ол да, әрине, оңай емес. Ең бастысы, сұйық, дәмді ас ішуі қажет. Сөйтіп, әл жинап алса, тез-ақ сауығып кетеді.

Асан ата. Иә, өзім де солай ойлап, бүгін тездетіп «Тон-Тон» кеспесінен супер... ә-ә, иә, наурыз көже жасап бердім емес пе?! Бірақ... соны ішпеді ғой. Қасықты аузына апарды да, басын ақырын ғана шайқап, тәбетім болмай тұр деді.

Дәрігер. Бәлкім, әлгі... қалай еді? Кеспені айтамын.

Асан ата. Тон-Тон.

Дәрігер. Иә, сол Тон-Тоныңыз ұнамаған шығар. Дәмі қалай еді өзінің?

Асан ата. Білмеймін. Өзім тіпті ұрттап та көргенім жоқ. Ақ кемпірім тезірек жазылып кетсінші деп, алды-артыма қарамай ала жүгірдім емес пе! Бірақ оның жарнамасы, ойбай, керемет енді, керемет!

Дәрігер. Ім-м, иә!.. Жарнамасы дейсіз бе?! Әйткенмен, осы күні жарнама жасап, тышқақ лағын тұлпар деп өткізіп жатқандар жеткілікті ғой. Сондықтан да, Асеке, өзімізге жақсы таныс, үйреншікті асқа ештеңе жетпейді. Мысалы, жылқының қазы-қартасы, дарқан даланың ақ бидайы, тарысы, күріші, тіпті бар ғой, бұршағына дейін ем емес пе?! Ал оған айран, құрт, қымыз, шұбат қосылса, тіпті керемет!

Асан ата. Дұрыс айтасыз, дәрігер. Айып менен болды. Қартайған кісінің есі бір кіріп, бір шығып жүреді екен ғой. Кеше осы, ақыл-есім бүтін кезде үйдегі жеті түрлі дәмнен қатырып тұрып наурыз көже жасамақ болғанмын. Содан кейін, таңертең әлгі жарнамасы құрғырды көрдім де, көңілімде бір желік пайда болды. Қас пен көздің арасында жасай қоятын көже дегенге сеніп, алды-артыма қарамай кірістім де кеттім!..

Дәрігер. Әлі де кеш емес, ақсақал! Үлгересіз. Дәмді көже ішсе, кемпіріңіз тез-ақ жазылып кетеді. Оған мен сенімдімін.

Асан ата. Бәрекелді, дәрігер, бәрекелді-і! Онда менікі не тұрыс, тездетіп іске кірісейін!

Дәрігер (күліп). Иә, сөйтіңіз. Бірақ асықпаңыз. Алдын ала ойлап, кесіп, пішіп, содан соң, ерінбей, жалықпай жасаңыз. Ал жақсы, мен жүрейін, енді! Наурыз құтты болсын!

Асан ата. Сиырларыңыз сүтті болсын!

Екеуі күліп, бірін бірі құшақтап, қош айтысады.

Асан ата дәрігерді шығарып салуға кетеді. Олардың арасындағы әңгімені түп-түгел таңдап, қуаныштары қойнына сыймай тұрған Ақбидай, Тары, Күріш, Бұршақ, Айран және Қазы бір-біріне қарап күліп, қолдарын бұлғайды. Асан ата қайта кіреді ішке. Аз-кем демін алып, ес жиғысы келгендей орындыққа сылқ етіп отыра кетеді. Жан-жағына көз салып, ойға шомады.

Кенет үстел үстінде тұрған тостаққа күдіктене қарайды.

Асан ата. Әй, осы Тон-тон кеспесінен жасалған суперкөжеден өзім расында да, бір қасық дәм татып көрмеппін-ау!..

Ол қолына қасықты алып, көжеден бір ұрттап көреді де, түкке түсінбегендей бет-аузын тыржитып, үн-түнсіз отырып қалады.

Асан ата. Әй, мынау немене?! (Өзінен-өзі жиіркеніп) Масқара-ай! Онсыз да сырқаттанып, төсек тартып жатқан Ақ кемпіріме осыны іш деп апарған менде де тышқанның миындай ми жоқ!..

Алақтап жан-жағына қарайды.

Көзі қабырғада ілулі тұрған сағатқа түседі.

Асан ата. Қой, ойбай, сағат он боп қапты ғой. Тездетіп наурыз көже жасауға кірісейін. Ау, ау, айналайын Ақбидай, Тарыжан, Күрішжан, Бұршақжан, Айранбай, Қазыбай, қайдасыңдар?!

Хор. Біз мұндамыз, ата!

Бәрі ортаға шығып, билей жөнеледі.

Соңы


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз