Эссе және өлең-жыр байқауы

Үш қыз

Бір кедей әйелдің үш қызы болыпты. Солардың қарнын тойдырып, киіндіріп, қатарынан кем қылмай өсіру үшін әйел күндіз-түні тыным таппай еңбектеніпті. Қарлығаштың балапанындай қауырсындары қатып, қыздар бой жетеді. Бір күні әйел қыздарын қасына шақырып былай дейді.

— Қыздарым менің. Бүгінгі күні міне бойжетіп, тұрмыс құратын жасқа жеттіңдер. Мен сендерді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірдім. Сендер үшін түн демей, күн демей еңбек еттім. Ал енді өз теңдеріңді тапсаңдар, ақ батамды беремін. Менің көзімнің тірісінде тұрмыс құрыңдар.

Ай жүзді аруларға елдің көзі түспей қойсын ба? Бірінен соң біріне құда түсіп, бірінші үлкен қызы, екінші ортаншы қызы, үшінші кенже қызы ұшқан ұясын тастап, әрқайсысы өз алдына тұрмыс құрады. Әйел де қартайып, босағасында жалғыз қалады. Ермегі — елгезек тиін ғана. Көңілін қайғы басса, шер тарқатып, әңгімелесетіні де сол тиін екен. Осылай күн артынан күндер өтеді. Бірде кемпір науқастанып, төсек тартып жатып қалады.

— Досым, тиін, сен қыздарыма хабар жеткіз. Көзімнің тірісінде бақұлдасып қалайын.

Тиін ең алдымен, кемпірдің үлкен қызына келіп, оның тілегін жеткізеді.

Тиін: Армысың үлкен қыз. Мені саған анаң жіберді. Ол қатты науқастанып қалды. Қыздарыма хабар бер, көзімнің тірісінде бақұлдасып қалайын деді. Сізді анаңыз шақырып жатыр..

—  Қап, барар едім. Бірақ мына қазанымды тазалап жатыр едім — дейді үлкен қызы қолы тимей, мұрнынан тіреліп жатқандай кейи сөйлеп.

— Сен қазаныңды тазалап алайын дейсің бе? Онда мәңгі бақи солардан айырылмай өт — дейді тиін

Осыны айтқанда, қыздың қолындағы қазан жерге түсіп қызға тиіп кетеді де, қыз үлкен тасбақаға айналып кетеді. Тиін енді ортаншы қызға жетіп, анасының хабарын айтады.

Тиін: Армысың ортаншы қыз. Мені саған анаң жіберді. Ол қатты науқастанып қалды. Қыздарыма хабар бер, көзімнің тірісінде бақұлдасып қалайын деді. Сізді анаңыз шақырып жатыр

— Ойпырмай, анама қазір-ақ шауып жетер едім-ау. Бірақ, жәрмеңкеге мата тоқып апаруға үлгіре алмай жатқаным — деп күйінген сыңай танытады. Тиін ызаға булығып:

— Мата тоқып жатыр едім дейсің бе? Онда мәңгі бақи соны тоқып өт! — дейді де, жүріп кетеді. Ортаншы қыз өрмекшіге айналады да, жорғалай жөнеледі. Тиін асығып кемпірдің кенже қызына келеді. Ол қамыр илеп жатыр екен.

— Армысың кенже қыз. Мені саған анаң жіберді. Ол қатты науқастанып қалды. Қыздарыма хабар бер, көзімнің тірісінде бақұлдасып қалайын деді. Сізді анаңыз шақырып жатыр.

Қайғылы хабарды естіген қыз ләм-мим демей, қолының қамырын да тазаламастан, жан ұшырып анасына жүгіреді:

— Анашым, сізге не болды? Өзіңізді неге күтпейсіз? Осыншама өзіңізді неге қинайсыз? Бізді ертерек шақырмадыңыз ба? Әпкелерім қайда?

Олар неге келмеген. Тиінжан сен оларға хабар бердің бе?

— Ия, кенже қыз. Бірақ олар енді келгілері келмейтінін айтты.

— Анашым, ештеңе уайымдамаңыз. Мен сізді емдеп, жазамын. Әпкелерім де келіп қалар, қолдары тимей жатқан болар. Бәрі жақсы болады.
— деп кенже қыз анасына дәрі-дәрмек береді. Анасының көзінің тірісінде жеткен кенже қыз науқас кемпірдің ақырғы сәттерін қуанышқа бөлейді.

— Ақылыңнан сенің. Сені көріп бір марқайып қалдым ғой

— Менің қадірлім, алтыным, адамзатқа әрдайым қуаныш әкелуші бол. Сонда адамдар сені, сенің немере, шөбереңді, ұрпағыңды ардақтайды — дейді тиін..

Шындығында, солай болып, кіші қыз көп жасап, оны барлық адам қастерлеп, сүйіп өтіпті.

Күндердің күнінде кіші қыздың да өмірмен қоштасар мезгілі жетіп, ол бал арасына айналыпты.

Аралар бүкіл жаз бойына тыным таппай, адам баласы үшін бал жинаумен әлек. Қай уақытта қарасаң да, оның алдыңғы екі аяғы тәтті қамырға малулы. Ал қыс айында айналадағы барлық жәндік ғайып болғанда, ара омартаға — жылы ұяға кіріп алып, жан рақатын табады, оянса бал мен қант жейді екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүктелуде...