Өлең, жыр, ақындар

Асыранды қаздар

Атам екеуіміз көл жағалап келе жатыр едік, кенет бір топ қаз қаңқылдай көтеріліп, төбемізден аса ұшты.

— Ата, біздің үйдегі қаздар неге мына қаздарға ұқсап самғап ұша алмайды? — деп сұрадым атамнан.

Атам аспай-саспай бетіме бір қарап алды да, басын көтеріп, ұшып бара жатқан қаздарға қарады:

— Балам, әркім өз бетімен еңбек ете білу керек. Бір кездері біздің үйдегі қаздар да аспандап ұшқан, өз беттерімен тіршілік еткен. Бертін келе адам оларды қолға үйретіп, қорадан шығармай ұстады. Дайын тамақ, әзір ас, жегені — алдында, жемегені — артында.

Егер өз бетіңмен еңбек етпей, көп қимылдамай, үнемі біреуге иек арта берсең, сен де асыранды қаздарға ұқсап, бойыңдағы бар қабілетіңнен айырласың. Биікке самғап ұша алмайсың, — деді.

Шынында солай екен-ау деген ойға келдім.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз