Эссе және өлең-жыр байқауы

Жантұрған би

Бір жолы Мақаш правительдің үйіне Адай елінен Жантұрған би келе қалады. Мақаш Жантұрғанға сәлемдескенде былай депті:

— Әй, Жантұрған, бұл қазақтың атадан баланы ширек кем туады дейтіні бар. Осы не сөзі? Қазағым сонда мені де әкесінен ширек кем туды деп айта ма екен? — деп күліпті.

— Ойбай, Мақаш-ау, жұрт сені әкесінен ширек емес, пұт кем туды деп жүр ғой.

Жантұрғанның мына сөзін естіген Мақаш от басқандай ыршып түседі.

— Мұнысы қай мазағы? Мен оны екі түрлі пән оқыдым. Патшадан шен алып, екі бірдей округты уысымда ұстап отырмын. Мына жұрт аузымнан шыққан сөзімді санап тыңдайды. Ал әкем Шолтыр тым құрыса қағазға бармағын да баса білмейтін надан адам еді. Сонда жұрттың мені әкемнен пұт кем туды деуінің қай келісі бар?

— Сабыр ет, Мақаш, — депті сонда Жантұрған би. — Әкең Шолтыр өз әкесі Бекпенбет би өлгенде Сасықтауда сансыз жылқының жалы мен қойдың жабағасына илеп, тамды өз қолымен салған екен. Сен соны көре тұрып, әкең Шолтыр өлгенде малдың қиына илеп там салдырғанда өзің еңкеймедің де. Әкесінен ширек емес, пұт кем туды дейтіні содан шығар...

* * *

Бірде ертеңгілік Жантұрған мен Бектұрған бой сергітейін деп қонған үйлерінен сыртқа шықса, ешқандай қонақасы қамы байқалмайды. «Мына Мақаш, бізді кешегі сойған бір тоқтысымен жөнелтпек қой, шамасы. Біз болсақ, ол келгенде қарадай шабыламыз. Мұнысы қалай болғаны?» — деп ойлайды екеуі. Ақыры, ақылдаса келіп, қастарындағы атқосшысына:

— Үйге кір де, орамал жайып, пышағыңды шиқылдатып қайрай бер. Мақаш бірдеңе десе, жауабын өзіміз береміз, — дейді.

Атқосшы бұлардың айтқанын істеп, орамал жайып жіберіп, пышағын шиқылдатып тыным таппаған соң үй ішінде әрілі-берілі қыдырып жүрген Мақаш:

— Пышағын қайрап, мына ит кімнің құлағын кесейін деп отыр? — деп сұрапты.

Осыны күтіп тұрған Жантұрған іле-шала:

— Мақаш-ай, сені мен менің қасыма қайбір тойған ит ереді деп ең, бір аш-тағы, — депті.

Мақаш сөзден жығылғанын сонда бір-ақ біліпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...