Эссе және өлең-жыр байқауы

Абылайдың түсі

Бір күні Абылай үйінде жатып, бір түс көріпті. Сол түсін Бұқарекеңе жорытқан екен. Абылайхан түсінде құбылаға қарай бара жатса, бір биік аспан зәулім бәйтерек көреді. Мидай далада сол бәйтерекке барса, түбінде бір жолбарыс жатыр екен. Ол жолбарыс Абылайды көре сала  келіп алысады. Абылай да жолбарыспен алысып жүріп, қолындағы қанжарымен ішін жарып өлтіріпті. Оның ішінен бір қасқыр шыға келіп, ол тағы алысыпты. Абылай оны да жеңіп өлтіріпті. Оның ішінен бір түлкі шыға келіп, о да алысыпты. Оның ішінен бір қоян шыға келіпті. Ішін жарғанда оның ішінен бір күзен шыға келіп, о да алысты. Оның ішін жарып жіберсе, қоңыр шолақ тышқан шығады. Міне көрген түсі осы екен.

Бұқарекең келешек заманға және Абылайдың кейінгі ұрпақтарына келтіріп былай жорыпты:

— Бәйтерек көргенің — өзіңнің осы күндегі хандық бақытың. Өзіңнің жолбарыстай айбатың, хан, салтанатты уақытың. Өзіңнен туған бір балаң  аюдай болып туып, өзіңнің хандық орныңа тұрып, өзіңдей болып қалмаққа, жауға аюдай болып шабады екен. Онан туған балалар қасқырдай болады екен. Онан кейінгі адамдар түлкідей бірін-бірі алдап, арбап, сұм заманға ие болады екен. Онан кейінгі адамдарға бір қорқу, үрку, жебір, жесір тар уақыт болады екен. Одан кейінгілердің көрген уақыты бастарына келетін бір қоңыр шолақ тышқандай болып жүріп күн көретін уақыт болады екен. Заманның ақыры таянғанда адам баласына кездесетін уақыт күзен секілді болар. Аяғы тышқан болып, дүние сөйтіп таусыладыдағы.

Бұқар түсін жорып айтқан соң Абылай бұл сөзіне құлақ қойып, сонан соң Самарқан шаһарына елші жіберіпті: «Ұрысым, соғысым жоқ. Әулиелерге зиярат қылғалы келдім. Осы жерден қайтамын» деп. Самарқан, Бұқар жұрты қорқысып тұр екен. Мұнан бұрын қосыны қазақ  болып он үш патша ол шаһарларды алған екен. «Қосыны қазақ болды дегенше, бұ дүние тар, сарттарға азап болды» дейді екен. Абылай ханнан бұл сөзді естіген соң Самарқан халқы қуанып, тарту, таралғы, сыймен келіп, ханды көріп көңілдері сондай тынды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...