Өлең, жыр, ақындар

Бірінші белес

(Бастауыш мектепті бітірушілерге арналған сахналық репортаж)

4-сынып бітірген бір топ оқушылар мен аға пионер жетекшісі қатысады. (Қатысушылардың өз аттары алынғаған: Алматы қаласындағы № 2 қазақ орта мектебінің оқушылары)

Пионерлер бөлмесінде бір топ 4-сынып оқушылары хормен «Оқушылар жырын» орындап жатады:

Бақытты біздер баламыз,
Өсірген Отан анамыз.
Көңілде шексіз қуаныш,
Шырқатып әнге саламыз.
Күлімдеп көкте күніміз,
Құлпырып қырда гүліміз,
Жанымыз нұрға бөленіп,
Шалқиды шаттық жырымыз.
Бақыттың қайнар бұлағы,
Өмірдің өшпес шырағы –
Сүйеміз бейбітшілікті,
Сүйікті елдің жыр әні.

Ән аяқтала бергенде сырттан жарқын жүзді аға пионер жетекшісі кіріп келеді. Оқушылардың бәрі бірден соған қарайды.

Жетекші:
Мынау неткен шат күн еді,
Бойды кернеп барады үні.
Тыста түгел бақ гүлдеді,
Тербетіліп дала гүлі.
Мамыр күні шашып нұрын,
Мінгізіп жыр кемесіне,
Бір белестен асып бүгін,
Барасыңдар келесіге.
Жүйрік еді өмір неткен?
Аңғарамын, аңғарамын.
Тез арада өсіп кеткен
Барлығыңа таң қаламын.
Төрт жылда не үйрендіңдер,
Үлгі болар бәрімізге?
Нендей заттан жирендіңдер,
Айтыңдаршы, кәне, бізге?

Алмахан:
Мектепке алғаш келгенімде,
Бір әріп те танымағам.
Сол үшін көп терледім де,
Бірақ, оған налымағам.
Қиындықтан қорықпастан,
Әліппені қолыма алғам.
Күні-түні жалықпастан,
Үйретті апай оны маған.
Өзім енді басқаларға
Оқығанды айтып берем.
Қиялыммен бастап алға,
Күнге барып, қайтып келем.

Рауза:
Мен мектепке келгенімде,
Еш нәрсені білмейтінмін.
Түйме үзілсе көйлегімде,
Оны қадап, ілмейтінмін.
Білдім бүгін, міне, бәрін,
Күйге толы көкірегім.
Киімімнің кірі барын
Өзім жуып, кетіремін.
Үйге барсам, көмектесіп,
Мамама от жағысамын.
Суын тасып кезектесіп,
Кілемді де қағысамын.

Алма:
Қолыма алған әр ісіме
Әрқашан да қызып кірдім.
Балалардың бәрісіне
Тақпақ айтып, қызықтырдым.
Сәбира мен Қалимадай,
Әділ сынды жалқауларды,
Сынаймын тез жаным қалмай,
Сәкен сынды аңқауларды.

Жетекші:
Кәне, сол тақпағыңның бірін айтып жіберші.

Алма:
«Әбігер» (дауысын өзгертіп):
– Ойбай-ай, тамағым!
– Не болды, қарағым?
– Тамағым ісіп тұр,
Денем де ысып тұр.
– Жаным-ау, не дедің?
Не ішіп, не жедің?
– Қар жедім, маматай!
– Қап, тентек Болат-ай!
Іздейін дәрігер, – деп ана әбігер.
 

Жетекші:
Рас па, Болат? Рас па? (жауап күте қарайды)

Болат:
Басқа Болат, мен емеспін,
Еркелікті ұмытқанмын.
Суығыңды елемеспін,
Еңбекпенен шыныққанмын.
Әуре етпеймін үлкендерді,
Әрқашан да құрметтеймін.
Көрсем істе жүргендерді,
Көмектеспей құр кетпеймін.

Мая мен Сара:
Біз де, міне, дөңгеленіп,
Көрсетеміз биімізді.
Қуанышқа он бөленіп,
Шалқытамыз күйімізді.
Жасы әуенге шөлдеген ел,
Көңілдердің хошы дейміз.
Арман, қиял, еңбек, өнер –
Адамзаттың досы дейміз.

Осы кезде би ойналып, екеуі дөңгелене жөнеледі, би аяқталған кезде:

Сәуле:
Ұйытады қоңыр үнім,
Шаттық әнге салғанымда.
Ал, кәнеки, соның бірін
Шырқап берем алдарыңда.

Күнсайын Қуатбаевтың Жақсылық Сәтібековтың өлеңіне жазылған «Көктем» әнін шырқата жөнеледі:

Көктем келді, құс келді,
Ойнаймыз біз саз илеп.
Біздің көлге түстенді,
Былтыр кеткен қаз, үйрек.
Көк көйлегін киді жер,
Шешіп ақ қар ішігін.
Емірене сүйді жел
Жас теректің бүршігін.
Алақай-ау, балалар,
Қандай жақсы көктемгі ай!
Гүлге оранды дала бар,
Келді ауылға көп торғай.

Жетекші:
Қандай тамаша! Тағы бірін шырқап жіберші.

Сәуле:
Жарайды, ән емес, өзіміздің жалқау Әбділ туралы бір тақпақ айтып берейін:
Әбділ барлық баланың
Ішіндегі әлдісі.
Тас тоздырған табанын,
Атышулы ләңгіші.
Маңдайынын күн өтіп,
Жаздай тепті ләңгіні.
Ләңгі әбден жүдетіп,
Содан басы мәңгіді.
Осылай көп өтті күн,
Тебуді жүзге жеткізді.
Бірақ, күзде етігін
Етікшіге өткізді.

Нұрмахан:
Рас, кеше ғана Әбділдің бәтеңкесін Сұлтанғазы жамап жатқан. (Балалар шуылдап күліседі)

Сұлтанғазы:
Бұл істі рас қалап алдым,
Зор күш екен талап деген.
Бәтіңкесі балалардың
Жыртылса, тез жамап берем.
Өнерім бар тағы басқа,
Айлап емес, күндеп өсем.
Балалар тез танымыс па,
Мынаны алып, бұл не десем?

Қағазбен оралған қолындағы екі түйіншектің бірін ашып көрсетеді.

Барлығы: Көл, көл! (Пластилиннен жасалған асқар тау мен ортасында дөңгеленген сұлу көлдің бейнесі балалардың барлығын да қызықтырады)

Сұлтанғазы:
Асқар таулы шыңға шығам,
Түсем мұхит тереңіне.
Табиғаттың сырын ұғам,
Ел сүйсінсін өнеріме.

(Қолындағы екінші түйіншекті ашып көрсетеді)
Мынау не?

Барлығы: Орман, орман! (Кең далада жайқатылған орманның бейнесі көрінеді)

Сұлтанғазы:
Байтақ жатқан кең даламда
Ну орманды жайқалтамын.
Құлазыған шөл даламда
Шалқар көлді шайқалтамын.

Галя:
Жүргенім жоқ мен де бекер,
Алда талай арманым бар.
Ерінбестен еңбек етер,
Желден жүйрік бармағым бар.
Жіппен әсем кесте тігіп,
Гүлмен баққа салам өрнек.
Үй маңына еккен шыбық
Бүгін көкке барады өрлеп.

Ғабит:
Ай мен күннің шегарасын
Бұрынды-соң басыпты кім?
Өлшеп Шолпан жер арасын,
Есептеймін қашықтығын.
Шолпанға ертең барар жолда
Керек бізге аялдама.
Демаламыз жасап сонда
Жер туралы баяндама.

Алмахан:
Адымдаймыз әрі қарай,
Ассақ бүгін бір белестен.
Алдымызда әлі талай
Өтпекшіміз мың белестен.

Рауза:
Адамдықтың әр жүйесін
Көп көрсеткен балаларға.
Рақымет тәрбиеші
Ағаларға, аналарға.

Барлығы:
Өнер берген, білім берген,
Ұмтылдырған әр қияға.
Өмірдің шат жырын берген
Ризамыз ақ ұяға.

Жетекші:
Балалар, жырларыңа да, сырларыңа да әбден қандым. Енді бәріміз қосылып, бір әнді шырқап жіберейік.

Барлығы:
Хормен «Айгөлек» әнін шырқайды.

Көлдей шалқып жас өмір,
Тасып жатқан шағында,
Кемерінен шалықтап
Асып жатқан шағында,
Ойын ойнап, ән салмай,
Өсер бала болар ма?
Күміс күлкі көрмей ол,
Кемеліне толар ма?

Қайырмасы:
Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Айгөлек деп ән шырқап,
Ел бөбегі, кел, бөбек!

Асыл сөздің ұстазы,
Ақын болар ұрпақпыз.
Өнер, білім, еңбекке
Жақын болар ұрпақпыз.
Он саусағы майысқан
Шебер болар ұрпақпыз.
Тұла бойы толған бір
Өнер болар ұрпақпыз.

(Шымылдық)


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз