Эссе және өлең-жыр байқауы

Гүл мен Самырық

Бұрынғы өткен заманда Бұлнай дейтін елдің бір патшасы болыпты. Патшаның үш ұлы бар екен. Кәртейген шағында балаларына жол көрсетіп жер танытпақшы болады екен.

— Қарақтарым, менің өлер шағым болды, көзімнің тірісінде үш ұлым сендерді үш рет сапарға шығарып, жер танытайын деген ойым бар еді, — деп үлкен ұлының жанына қырық жігіт нөкер беріп, сыртқы хандықтардың ел жерін аралатуға қоя береді. Жол жүрер алдында хан үлкен ұлына:

— Осыдан бір айшылық жерде Шөлқұдық дейтін жер бар, бұған жолда қонушы болмаңдар. Одан арғы жолда өздеріңнің қалауларың білсін, — дейді.

Қырық жігіт нөкерін ертіп, қылаң атына, алтынмен аптаған, күміспен көмкерілген ер тоқымын салып үлкен ұлы Жүніс жолға шықты. Бір айшылық жол жүргеннен кейін тал түсте әкесі айтқан Шөлқұдыққа жетеді. Жүніс жолдастарына көнбей, әкесінің сөзін сыйламай, осы қалашыққа қонады. Қала халқы бұларды ыстық лебізмен қарсы алып, қаланың қазіргі жағдайымен таныстырады. Ол қаланың ханы Сана деген жас сұлу қыз екен. Ерге шығу үшін жер бетіндегі адамдардың бәріне жария шашады екен. Кімде-кім сауалына жауап берсе, соған тимекші болады, жауап бере алмаса оны өлтіреді екен. Жүніс бұл жағдайды естіп қызға келеді. Бұдан бұрын талай жігіттер, талай боздақтар сұрағына жауап бере алмай, бұл пәниден қайтыпты.

Орданың қызметшісі келген Жүністі қызға хабарлайды. Қыз Жүністі ордаға енгізуге ұрықсатын береді. Қыздың алдында жеті пәренжесі бар екен, соның төртеуін ашып, үш пәренжесінің аржағынан келген адамдармен кездесіп, сауалын қояды екен. Ордаға кіріп келген Жүніс үш пәренженің аржағында отырған қызды көріп талып түседі. Бір уақытта әрең деп есін жиып, қыздың сауалын тыңдайды:

— Гүл Самырыққа не қылды, Самырық Гүлге не қылды? Осының шешімін айт, айтпасаң басың алынады? — дейді.

Жігіт үш күн, үш түн ойланып, шешімін таба алмай басы алынады. Жігіттің қырық нөкері атын жетелеп, азалы күймен еліне қайтады. Хан екінші ұлы Жүкейді тағы да қырық жігіт нөкер беріп, Шөлқұдыққа қонба деп өсиетін айтып, ұзақ сапарға аттандырады. Жүкей де әкесінің сөзін сыйламай, ағасының жолымен қыз қолынан қаза табады.

Хан үшінші рет үшінші ұлын тағы ұзақ сапарға шығарып, Шөлқұдыққа қонба деп өсиетін айтып аттандырады. Үшінші ұлы Жамағат Шөлқұдыққа келіп қонып, қыздың сауалын сұрап кездеседі. Қыз:

— Гүл Самырыққа не қылды, Самырық Гүлге не қылды? — дейді.

Жамағат қыздан он бес күн уақыт ұлықсат сұрайды. Қыз қарсы болмайды. Жамағат қыздың шаһарынан шығып, оңтүстік шығысындағы жалғыз бәйтеректің түбіне келіп ұйықтап жатқанда, ақ тонды, ақ бурыл шал асамен түртіп оятып:

— Көзіңнің оты, көңіліңнің нұры күшті екен, іздеген жолыңды тауып, жүрегіңнің сыздаған жарасын жазайын. Осы шыққан бетіңмен оң қол жағыңды ала жүре берсең ақ басты, құзар шыңға тап боларсың. Осы шыңда жалғыз жалмауыз кемпір өмір сүреді. Кемпір үңгірдің түбін ала отырады, сол кезде есігінен кіріп барып, «Армысың, аяулы ана», — деп өзінен бұрын сәлем бер. Сол кезде ол кемпір саған бір садақ, бір қоржын береді. Садағын ата берсең, көздеу-көздемеуіне қарамай оқ біткенге тие береді. Ал қоржынына қандай дүние салса да сыя береді. Ол толу деген жоқ. Одан арғы жолыңды кемпір өзі көрсетеді, — дейді.

Жамағат орнынан тұрады да, кемпірге келіп сәлем береді. Кемпір:

— Сен маған сәлем бере келгенің үшін мен сені жемейін, егер сәлем бермесең, бүгінгі асым сен болып едің. Енді менен не тілесең де орындауға дайынмын, — дейді. Жамағат:

— Гүл Самырыққа не қылды, Самырық Гүлге не қылды? Осының шешімін айтып беріңіз? — дейді.

— Қарағым, бұны мен білмеймін, саған бір Самұрық құс көмек етер, мына қоржынмен, садақты ал! Осы таудан асып өрге қарай жүргенде жеті басты айдаһар кез болады. Оны мына қылышпен жарып түс, — деп бала Жамағатты аттандырады. Кемпір берген қылыштың жүзін умен суарған екен. Жамағат кемпір айтқан жолмен жүріп келе жатып тағы бір шыңға тіреледі. Шыңның басында екі балапанның шырылдаған даусы шығады. Қараса шыңды өрлеп жеті басты айдаһар өрмелеп барады екен. Жамағат дереу айдаһардың алдын кес-кестеп тұра қалады. Сол кезде айдаһар Жамағатты жұтып жібермекші болғанда, қылышын тік ұстап айдаһарды жарып түсіреді. Сөйтіп, Самұрықтың балапанын өлім аузынан алып қалады. Самұрықтың екі балапаны Жамағатты қанатының астына жасырып қояды да, «біздің анамыз келгенше ешқайда кетпеңіз, не тілесеңіз де анамыз орындауға дайын», — дейді.

Бір уақытта қатты дауыл соғып, шың солқ еткендей болады. Дәл осы кезде Самұрық та келіп шыңға қонған екен. Анасы келген кезде балапандары:

— Сіз осы шыңға мекендеп жұмыртқа шығарғалы қырық жыл болса да бірде-бір перзентіңіз еріп көрмепті. Себебі оны әнеу жатқан айдаһар бәрін құртқан екен, — дегенде Самұрық таң қалып: «Бұны кім өлтірді, сендерді кім өлімнен құтқарды?» — деп сұрайды.

— Анажан-ай, жақсылық қылғанға жақсылық етесіз бе, жоқ, әлде опа қылғанға жақсылық етесіз бе, ол сіздің еркіңізде. Мына бір адамзат баласы бізді өлімнен құтқарды, — деп баланы балапандары анасына көрсетеді. Самұрық қатты қуанып, өмірде имеген өр кеудесін адам баласының алдында иіпті. Баланы үш күн дем алғызып жатқызып қойып, одан кейін үш күн аң аттырып, қоржынының бір басына салғыза береді. Сол тауда мекендеген аңдардан үш күн атқанда ешбірі қалмаса керек. Сөйтіп, қыз шаһарына шыққаннан бері он күн өтеді. Самұрық қоржынның екінші басына бір көлдің суын бірақ құйғызып, қоржынмен Жамағатты иығына отырғызып алып:

— Біз осыдан ұшып отырып екі күн жүргеннен кейін ең алдымен тұман теңізінен, одан кейін от теңізінен, одан кейін қан мен ірің теңізінен өтеміз. От теңізінен өткен кезде мен оң жағыма қарағанда ет лақтыр. Сол жағыма қарағанда су лақтыр. Біз үстіп үш теңізден өткен соң диюлар шаһарына барып түсеміз.

Диюлар елінің ханы Самырық деген кісіден, Гүлдің Самырыққа не істегені, Самырықтың Гүлге не істегенін сұра. Сұрағанда, хан үлкен мазардың үстінде отырады. Сен ханның жанына бармайсың. Мазарға шығатын алпыс баспалдақ бар, жерден мазарға қарай санағандағы бесінші баспалдақта тұрып сәлем беріп сұра. Одан әрі жүруші болма. Самырық хан болған уақиғаны айтып біткеннен кейін сені жемекші болады. Сол кезде өзің кейін қарай ыршы. Мен сені қанатыма қондырып алып, қашып келетін боламын, — дейді Самұрық құс.

Самұрықтың айтуы бойынша тұман теңізінен өтіп, от теңізіне барғанда, оң жағына қарағанда ет, сол жағына қарағанда су лақтыра отырып, қан мен ірің теңізіне барғанда еті де, суы да таусылады. Ірің теңізінің үстінде ұшып бара жатқан кезде Самұрық оңға қарағанда Жамағат өзінің оң жақ қоң етін кесіп лақтырады. Солға қарағанда өзінің сол жақ көзін ойып лақтырады. Сөйтіп, диюлар шаһарына жетеді. Самұрық Жамағатты жұтып ап құсып қалғанда аяғына қоң ет, маңдайына қайтадан көз бітеді, жарасы жазылып кетеді.

Жамағат мазар алдындағы бесінші баспалдаққа барып сәлем береді де, онан әрмен жүрмей тұрып алады. Самырық хан қанша шақырғанымен алға қарай адымдап аяқ баспайды. Егер бір баспалдақ өрлесе, өлім қазанына түсіп кеткелі тұр. Жамағат үндемеген соң Самырық хан: Маған не үшін келген бұйымтайыңды айт, — дейді.

— О, ұлы пірім! Гүл Самырыққа не қылды, Самырық Гүлге не қылды? Осыны айтып беріңіз? — дейді.

— Жә, бала тыңда! Менің атым Самырық, әкем бұл жер жаһанның ұлы әміршісі еді. Мен ержеткен соң, жер бетіндегі сұлулардан таңдап Гүл деген қызға құдаластырды. Бұл ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, ешбір адам ауызбен айтып сұлулығын айтып жеткізе алмастай қыз еді. Мен бұны алдым. Екеуміз алғаш қосылған күні ант-су ішісіп, бір-бірімізден басқа еш адамның бетіне күле қарамауға ант етістік. Осылайша, он жыл өтті. Ол да, мен де бір адамның бетіне күле қарамадық. Он бірінші жылы Гүл менің сол қол уәзіріммен байланыс жасады. Екінші рет сол уәзірдің өзінен кейінгі бауырымен байланыс жасады. Бұл жолы да кеңшілік етіп, Гүлге кешірім етіп, ағалы-інілі уәзірді өлтірдім. Үшінші ретінде сол уәзірдің кенже інісімен байланыс жасады. Бұл жолы оны да өлтіріп, Гүлді жеті қабат темірдің ішіне салып қойдым. Әнеу, бүкшиіп жатқан, сол. Мен алдымен тамақты адал итіме берем, содан қалған жуынды-шайындыны опасыз Гүлге берем. Осылай болғанына үш жыл өтті. Енді төртінші жылында мен оның тірідей етін жеймін, — деді.

Самырық хан осыны айтып болған соң Жамағатты өлтірмек боп «Жендет!» — деп айғай салады. Бәріне алдын ала дайындалған Жамағат көзді ашып жұмғанша кейін секіреді. Сол кезде Самұрық құс Жамағатты іліп алып тайып тұрады. Жолда жалмауыз кемпірдің қоржынын, садағын, қылышын өзіне қайтарып беріп, қызға келгенде, дәл он бес күн болады. Жамағат қызға келіп, Гүлдің Самырыққа не істегінін, Самырықтың Гүлге не істегенін айтып береді. Шарт қойған Сана қыз: «Мен енді саған тиемін», — дейді.

— Жоқ, менің екі ағамды тірілтпесең, сені алмаймын, — деп Жамағат ұйғармайды. Қыз:

— Саған үш түрлі шарт қоямын: Бірінші, екі ағаңды тірілтемін. Екінші, біз кеткен соң мына шаһар бұзылып топырақ болады, бұны еш жанға айтушы болма. Үшінші, мені қайтіп алғаның туралы еш адамға ешқашан айтпайсың, — дейді де, бір уәзірін шақырып алып:

— Орданың шығыс жағындағы бақшадан бір уыс гүл алып, отқа жағып, күлін маған әкеп бер, — дейді. Қыз оны езіп, ем ғып алып, Жамағаттың екі ағасының кеудесіне басын қойып, қылыш шапқан жеріне айландырып жаққан соң, екі ағасы тіріліп шығады. Қыз жер қайысқан қалың қолын ертіп қаладан ұзап шыға бере әскері көккептер болады да, қаласы топыраққа айналады.

Бұл Сана бағанағы Гүл қыздың сіңілісі екен. Жамағат екі ағасын тірілтіп елге барған соң әкесі қырық күн ойын, қырық күн тойын істеп, қағанағы қарық, сағанағы сарық болады. Келін келген соң, күн өткен сайын Жамағат байып, бағы өрлеп, дәулеті артады.

Күндердің бір күнінде Жамағат өзінің тел қозыдай бірге өскен досына Сананы қалай алғандығын айтып қояды. Сана Жамағатқа бір темір шақай, бір темір таяқ істеп береді де:

— Жә, достым, біз бірігіп өмір сүре алмайтын болдық, өз обалың өзіңе, мына темір таяқ пен темір шақай құм елек болған кезде мені іздеп табасың, одан бері таппайсың! — дейді де көк кептер болып ұшып кетті. Жігіт Сананы артынан тағы да іздеп кетті. Әлі хабар жоқ. Менде осы арада әлі тосып отырмын.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...